Сәлем сөздің анасы



Дата28.01.2018
өлшемі112,05 Kb.
#34500
Сәлем - сөздің анасы
Ана тіліне деген құрмет мектепте оқитын әр оқушының жүрегінде болуы керек деп ойлаймын. Неге дейсіздер ғой? Менің достарымның көбісі және олардың ата-аналары орыс тілді. Олар жиен, бөле, шөбере деген сияқты туыстық атауларды мүлдем ажырата алмайды. Ал мен ауылда өскендігімнен бе, әжемнің баласы болғандығымнан ба, әйтеуір қазақша таза сөйлеймін. Сол себептен сөз мәдениеті тақырыбын зерттеп, достарыма үйреткім келеді.

Алдыма мынадай міндеттер қойдым:



  • сөз мәдениетіне түсінік беру;

  • қаратпа сөздерді теру, жіктеу;

  • сәлемдесу, қоштасу түрлерін анықтау;

  • оларды күнделікті өмірде дұрыс қолдана алу;

Зерттеу кезінде ақын-жазушылардың шығармаларын, аңыз-ертегілерді іздестірдім. Анамның да үлкен көмегі тиді.

Сынып оқушыларымен зерттеу жүргіздім. Біз туыстық атаулармен жұмыс жасадық. Сәлем – сөздің анасы деген емес пе?! Ұстазым дұрыс амандаса, қоштаса білу, сөз мәдениеті, ойды анық, түсінікті жеткізе білу мәселелерін жиі айтып отырады. Қазіргі кезде «қош келдіңіз» деудің орнына «келуіңізбен» деп амандасады. Бұл сөзді немқұрайлы айта салған секілді естіледі. Тіпті, апайым бұл сөздің қазақ тілінің сөздігінде де тіркелмегенін айтады. Осындай сөздерден ұққаным, тілдің әдеби және қарапайым түрі болады екен.

Сөз әдебі – адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, ақыл-парсатын, рухани байлығын көрсететін айна. Ол – сыпайы сөйлеумен қатар, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа ұйытқы болып, реттеп отырудың құралы ретінде тұрақты түрде қолданылатын сөздер, сөз тіркестері, тұрақты сөз орамдары, өзге де тілдік амал-тәсілдер. Зерттеу барысында сөз әдебінің мынадай негізгі қызметтері айқындалды:


  1. Сөз әдебінің байланыс қызметін амандық сұрау, қоштасу сияқты тақырыптық топқа жататын бірліктер атқарып, адамдардың арасындағы байланыстың орнауын, үзіліп қалмауын, сақталуын, нығаюын қамтамасыз етеді. Қазақ сөз әдебінде, тек амандасуға қатысты айтылатын Сәлеметсіз бе? Ассалаумағалейкум!, Сәлем бердік! Есенсіз бе? Ат- көлік аман ба? Армысыз! Кеш жарық! сияқты сөз қолданыстарының әрқайсысының өзіндік қолданыс ерекшеліктері бар.

  2. Сөз әдебінің арнаулы қызметтерінің бірі – сыпайылық білдіру. Қазақтың сөйлеу этикетінде сыпайылықты білдіру екі ыңғайда көрініс табады:

а) Сөз этикетінде сіз, сен, ол, кісі, біз, өзіңіз тағы басқа есімдердің қолданылу ерекшеліктері мен осылар арқылы білдіретін арнаулы мағыналар;

ә) Кешіріңіз, мүмкін болса, айып етпеңіз, қалауыңыз білсін сияқты этикеттік оралымдардың орнымен қолданылуы.



  1. Тілдесу реңін айқындауда этикеттік қолданыстың сезім-күйді білдіру қызметі басты рөл атқарады. Оның көргеніме қуаныштымын, жақсы келдің, іске сәт секілді арнайы түрлері мен түрлі тілекті білдіретін (Көгенің қозылы болсын!, Диқан дарысын!, Қырман тасысын! т.б.) арнаулы белгілері бар. Әсіресе кешірім сұрау, жұбату, көңіл айту, өтініш тәрізді этикет түрлерінде сезім-күйлерді білдіру қызметі өте айқын көрінеді.

Белгілі бір әлеуметтік ортада, ұжымда, мәдени-көпшілік орындарда және т.б. жерлерле адамдардың бір-бірімен өзара қарым-қатынас жасауы алуан қырлы, сан түрлі болып келеді. Оларды барлығын айтып тауысу мүмкін емес. Әйтсе де мұндай сан алуан қарым-қатынастың типтік түрлері болады. Күнделікті өмірде тұрақты қайталанып отыратын, жиі кездесетін дағдыға айналған іс-әрекеттердің үнемі қайталанып, қалыпты жағдайға түсуін ескере отырып, оларды негізінен мынадай басты-басты топтарға бөлуге болады: сәлемдесу, қоштасу, танысу, кешірім сұрау, жұбату мен көңіл айту, құттықтау, тілек айту мен бата беру, ризалық білдіру, өтініш жасау, ақыл айту, ақыл-кеңес беру т.б. Бұл тізбек, әдетте тұйықталған тізбек емес, сондықтан басқа да тақырыптық топтардың болуы әбден мүмкін. Мысалы, амандасу, қоштасу, көңіл айту сөздері ақыл-кеңес айту, танысу сияқты сөздерден гөрі көп қолданылады.

Сәлемдесудің күнделікті өмірде мәні аса зор. Танысу да, әнгімелесу де сәлемдесуден басталады. Сәлемдесу арқылы таныс адамдармен одан әрі қарым-қатынасымызды нығайта түсеміз. Сондықтаң да халық нақылында "Сөз атасы - сәлем" делінеді. Сол себептен де сәлемдесуге жер бетіндегі халықтардың бәрі ерекше мән береді. Қазақ тіліндегі сәлемдесу сөздерінің саны жеткілікті. Оларды қолданудың, жұмсаудың өзіндік қалыптасқан жүйесі бар. Сәлемдесудің тұрақты сөз орамдарын (сөздері), яки тілдік құралдарын орнымен қолдана білу алдымен қалыпты қарым-қатынастың типін ажырата білуге байланысты болып келеді. Осы жүйені дұрыс аңғармаған адам кейде сәлемдесуде ағаттық жіберіп алады.





Сәлемдесу – амаңдасудың түрлерін талғап, таңдай білу нақты жағдай мен қалыпты қарым-қатынасқа тәуелді болады: ресми - бейресми, бастық - бағынышты, жасы үлкен - кіші, сондай-ақ әлеуметтік ерекшелігіне қарай, мысалы ер адам - әйел адам, немесе уақыт ыңғайына қарай ("Қайырлы таң!" мен 'Кеш жарық!"-ты салыстырыңыз). Ал бейресми жағдайда амандасу сөздерінің қысқа, ықшам түрлері ("Сәлем!", "Салаумалейкум!", "Әлексалам!" т.б.) жиі қолданылады.

Ассалаумағалейкум – жасы кіші ер кісі жасы үлкен ер адамға айтады.

Уағалейкумассалам – жауап береді.

Салаумалейкум- жас шамасы қатар ер адамдар айтады.

Әліксалам –деп жауап қайырады.

Сәлем! Қош келдің! – достар арасында қолданылады,

Сәлеметсіз бе? Сәлемет пе? – бір кісіге айтылса, сәлеметсіздер ме?- деп көп кісі қаратылып айтылады.

Амансың ба? Амансыз ба? Аман ба? Аман-есенсіздер ме?

Армысың? Армысыз? – көтеріңкі салтанатты жағдайда қолданылады.

Бар бол! - деп жауап береді.

Аман барып, сау қайттың ба? – алыс сапардан оралғанда айтылады.

Ат-көлік аман ба? Аман-есен жеттіңіз бе? – ол да алыс сапардан оралғанда сәлемнің түрі ретінде қолданылады. Адамдар поезбен, тіпті ұшақпен ұшып келсе де, онымен "Ат-көлік аман ба?'? деп амандасады.

Ел-жұртың, ауыл-аймағың аман-есен бе? – алыстан келген жегжат -жұрағат арасында айтылады.

Жол болсын! – жолға шығып, алыс сапарға аттанып бара жатқан жолаушыға немесе жол үстінде кездесіп қалғанда айтылады.

Әлей болсын!деп жауап береді. Жалпы, көне қазақ сөйлеу этикетінде ешқашан "Қайда барасың?" деп сұрамаған, "Жол болсын" деген.

"Жол болсын!" сәлемдесу сөзіне әдетте қошеметтеу, көтермелеу мәнді есім қаратпалар қосыла айтылады. Олар, негізінен алғанда, сабазым, батырым, даңғылым, күнім, шырағым тәрізді сөздер. Мысалы:



- Жол болсын, даңғылым.

Жоғарыда берілген сәлемдесудің түрлерін өзіміз де, ата-анамыз да күнделікті қолдансақ, тіліміз жаттығып, құлағымыз үйреніп алар еді. Сондықтан үштік одақ арасында ұстаз, ата-ана, оқушы арасында дұрыс сәлемдессек, ұлттық рухымызды көтеріп, тіл байлығымыз артып, сөйлеу мәдениетіміз қалыптасады.

Ата-аналар балаларына көмек ретінде төмендегі сөз қолданыстарын күнделікті пайдаланса, біздің оқушыларға сөздерді меңгеру жеңіл болады.


  • Жаным, есен жеттің бе?

  • Сәулем, ұзағынан сүйіндірсін!?

  • Көп сағындырдың ғой, қуанышым!

  • Айналайын, күнім!

  • Ата-анаңды ұзағынан сүйіндірсін!

  • Сапарың құтты болсын, шырағым!

Осы күнде алыс жолдан жолаушылап келген адамға дәстүрлі "Ат-көлік аман-есен бе?" немесе "Қош келдіңіз!" деудің орнына "Келуіңізбен" деп амандасу пайда бола бастаған, оның тіліміздің табиғатымен үйлеспейтін, жат элемент екенін Н. Уәлиев [2] дұрыс көрсеткен. Расында да, орысша-қазақша екітілділік жағдайында пайда болған бұл мәселе кейінгі ұрпақ тілінде белең алып барады. Әйтсе де оны нормативті сөздіктеріміз (мәселен, "Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі") тіркеген жоқ. Сондықтан біз сәлемдесудің бұл түрін бейәдеби, қарапайым сөйлеу тіліне жатқызамыз. Оның үстіне, "Келуіңізбен!" түрінде жүрдім-бардым айтыла салатын, немқұрайлылық реңкі басым болып көрінеді.

Қорыта айтқанда, сөз қадірін түсініп, сөйлеу мәдениетін сақтай білсек, біздің қазақ тілі өте бай, сөздері өте сұлу, мейірім, имандылыққа толы ғой. Ал қазақ халқының тіл келешегі мектеп оқушыларында, яғни бізге байланысты. Ана тілінің қадір-қасиетін жастайымыздан түсінсек, жақсылыққа жанымыз құмар, таза, пәк, инабатты, биязы, сыпайы болып өсеміз. Ана тілінде таза, жатық, анық сөйлеу – біздің азаматтық борышымыз.


Менің ұсынысым:

1. Әр сыныпта сынып «тіл сақшылары» жұмыс жүргізіп, дұрыс, таза сөйлесуді қадағаласа;

2. Үш тілде таза сөйлесек;

3. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген қағиданы берік ұстансақ!


Пайдаланылған әдебиет тізімі:

  1. Балақаев М., Серғалиев М. Қазақ тілінің тіл мәдениеті. – Алматы: Зият- пресс, 2004. -140 б

  2. Уәлиев Н. Сөз мәдениеті. – Алматы, 1984.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2017
2017 -> Сабақтың тақырыбы : Аңыз әңгімелер «Асан қайғының жерұйықты іздеуі»
2017 -> Сабақтың тақырыбы: Ы. Алтынсарин әңгімелері
2017 -> Сабақтың тақырыбы Мен не үйрендім? Сабақ негізделген оқу мақсаты
2017 -> Сабақтың тақырыбы : Жылқы. С. Мұқанов
2017 -> Сабақтарында «мнемотехника»әдісін пайдалану. №48 «Ақ көгершін»
2017 -> Оқушыны іздендіру жолы – шығармашылық
2017 -> Сабақтың тақырыбы Менің отбасым. І дыбысы мен әрпі
2017 -> Әңгіме шебері Ы. Алтынсарин
2017 -> Б.Қ. Абдыкаимова №56 «Береке» балабақшасы тәрбиеші Астана қаласы
2017 -> Қысқа мерзімді жоспары: Мұғалімнің аты-жөні


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет