Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж



бет16/26
Дата23.10.2016
өлшемі4,75 Mb.
#5
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   26

І.Омаров – Б.Момышұлына

6 наурыз, 1955ж.
«Қадірлі Бауыржан»!

Мына хатты қолыңа берем ғой деп жүретін едім, ауруханаға түсіп қалғасын, тез келе алмас деп жіберіп отырмын. Сонымен қосып жақында түскен бір суретімді жібердім. Кейін екеуіміз сөйлескеннен бері болған айтарлықтай жаңалық жоқ. Қазақтың «ел аман» деген сөзіне көп ұғым кіріп жатады ғой, солай, қандай елден де амандықтан басқа еш нәрсе ести алғаным жоқ. Биылғы жылы қазақтың тарихи елерлік бір қарт өнерпаз тәтеміз, бір ақын ініміз сөнген жұлдыздай келмеске жол шекті. Дина шешемнің қарттығы қазаны қанша жеңілдеткенмен, оның тарихи қымбаттылығын есептегенде, мәдениет сарайының бір зор керекті көрікті тасы омырылып түсіп, орны үңірейіп қалғандай болып көрінеді. Динаның өлгенін естіген күні блокноттарыма бір ауыз бірдеме түрте салған екем, соны осы жерге келтіре салайын.


Апам ең бір ғасырды арқалаған,

Адам ең бойдан өнер тарқамаған.

Тарихтың өлмес, өшпес меруерт тасын

Шашу қып шашқан жұртқа анталаған.


Қасымның өлімі. Әрине, ауыр қаза. Барлық ақындық күші бойында кетті. Бір жақсы жері, көзі тірісінде көп ескерілмесе де, өлгеннен кейін жоқтау көп болыпты. Кейде өз иттігімізді кейін де болса сезінгенімізге «Құдая, тоба» деуге болады. Өзің айтқандай, қойдың абыройын ешкі жеп жүретін халықпыз ғой.

Қасымның Мәди болып шығарған «Қаракесек» әнімен айтылатын бір ауыз өлеңі есіме түсті. Ол мынадай еді:


Атыңнан айналайын Қарқаралы,

Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.

Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай,

Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы.


Тамаша емес пе?
Ал басқа бәлендей жаңалық жоқ. Мұны да зор өмірден басқа тақырып табылмай, я болмаса қазақтығым ұстап кетіп жазып отырғаным жоқ, жалпы әңгімелер бәрімізге таныс болғандықтан, ел әңгімесі таңсық болады ғой деп жазып жатқаным.

Ауырып жатқан кісіге қазаны жазу бір есептен дұрыс та емес шығар, бірақ сен «суеверный» емессің ғой. әйтеуір өзім қай сәтте де өмір әңгімесінің ащы-тұщысын ынтамен қабылдаймын.

Әзірге сау бол. Тез жазылып шық! Жақында мен де жатып шығатын шығармын, себебі науқасым Городничийдің әйелі мен қызы құсап жыбырлай бастады.

Сәлеммен, І.Омаров.


P.S Міне, ұлтымыздың маңдайына біткен қос арысының бір-біріне жазысқан сандаған хаттарының үш-төртеуінің өзі олардың азаматтық тұлғасын, дүниеге көзқарасын, кемеңгерлік көкжиегін анық айқындаса керек. Олардың өмірі де, қалдырған сөздері де, бір-біріне деген сыйластық көңілі де – өнеге.


ӘКЕ ӨНЕГЕСІ

Ұлы Отан соғысының отты жылдары майданға әскери ұшақтар звеносын сыйлаған тыл ардагері Қабаш Қозыбаев және оның

өркен жайған ұрпағы туралы ақжарма сыр
Кешегі қанқұйлы Ұлы Отан соғысы жылдары Меңдіқара ауданындағы «Жаңа тұрмыс» ұжымшарын ауыл шаруашылығы өндірісінің білгір ұйымдастырушысы Қабаш Қозыбаев басқарған еді. «Бәрі – майдан үшін, бәрі – Жеңіс үшін» ұранымен еңбек еткен ауылдастар күн сайын Совинформбюроның хабарына құлақ түретін. 1942 жылдың күзі біздің әскерлер үшін ең бір ауыр кезең-ді. Бүтіндей еліміз бойынша экономикалық жағдай да мәз емес. Осындай сәтте кең байтақ Кеңес Одағының әр түкпірінен майдан үшін өзінің адал еңбегі, маңдай терімен тапқан қаражатын ортақ қазынаға қосқан жандар да көбейе түсті. Олардың өздерінің де айдарынан жел есіп тұрмаса да Отан алдындағы жауапкершілік, патриоттық рух осылай істетті. «Қорғаныс қорына» алғашқылардың бірі болып Вологда облысы Череповец ауданы Шубац селолық кеңесінен зейнеткер А.Горячев 1000 рубль қаржы қосты. Қиыр Шығыстан комсомол мүшесі В.Александров 127 рубль, жазушы Михаил Шолохов Мемлекттік сыйлығын, үй шаруасындағы әйел Н.Сергеева 75 рубль...қаражатты ортақ қорға салды. Кейін Ферапонт Головатыйдың, Иван Болотиннің, Әмір Сүлеймановтың, Қабаш Қозыбаевтың есімдері бүкіл елімізге мәшһүр болды.

Қабаш ағамыз барлығы 190 мың рубль ақшаны Отан қорғау қорына аударды. Осы кезде көрші колхоздың төрағасы Иван Яковлевич Верещенко да осындай мөлшерде ақша жинаған екен. Екі дос ақылдаса келіп, мол қаржыға майдан үшін ұшақтар звеносын сатып алып, сыйлауға шешім қабылдайды.

Қабаш Чкалов қаласына (қазіргі Орынбор) жол тартады. Ондағы авиа завод басшылары қыр қазағының ұсынысына қолдау көрсетіп, завод алаңына бомбалаушы ұшақтар звеносын тізіп қояды. Бір машинаның қанатына Қабаш Қозыбаевтың, екінші машинаның қанатына Иван Верещенконың есімдері жазылады. Ал үшінші ұшаққа екі достың аты-жөні бірге жазылады.

Осы ұшақтардың бірі қолына тиген ұшқыш Қабаш ағасының қолын қысып тұрып, «өз ұшағыңызбен мен Сізді үйіңізге жеткізіп тастайын» деп ыңғайлана бастайды.

Бірақ Қабекең үзілді-кесілді одан бас тартады:

– Ниетіңе рахмет. Бірақ майданда қазір әр минут қымбат, жауды тезірек жеңу үшін алға самғаңдар, қырандарым, – дейді.

Бұл Еділ бойындағы кескілескен ұрыс жүріп жатқан шақ еді. Сол Сталинград маңында Қабекеңнің үлкен ұлы Оразалы жан беріп, жан алысқан шайқастардың бел ортасында жүрген.

Елге келсе, Жоғары Қолбасшының өзі оған алғыс айтып, жеделхат жолдапты. Сол құжат кейін «Правда» газетінде жарияланып, бүкіл ұлан-байтақ елге тарады. Онда былай делінген:

«ТЕЛЕГРАММА

Москва 3710140643 Высшая правительственная

Колхоз Жана-Турмыс Мендыкаринского района Костанайской области Каз.ССР товарищу Козыбаеву Капаш.

Благодарю Вас товарищ Козыбаев и Вашу жену Батену за заботу о бронетанковых силах Красной Армии. Примите мой привет и благодарность Красной Армии



И.СТАЛИН»

(Бір айта кетерлік жағдай, жеделхатта Капаш деп қате жазылған және әйелінің атында да қате кеткен. С.М).


Қабаш аға күндіз-түні тынымсыз еңбек етті. Соғыс қашан Жеңіспен аяқталғанша бел шешкен жоқ, эвакуацияға ұшыраған аудандардан жәудіркөз жеткіншектерді Қазақстанға әкелгенде, Қабекең ойланбастан екі баланы өз қолына алды, алдына асын қойды, мейірім шуағын төкті, маңдайынан сипап, арқасынан қағып, еркелетті. Оларды өз балаларынан кем көрген жоқ.

Соғыстан кейін де тыл тауқыметін тартқан абзал жан адал еңбек етті. Меңдіқара, Ұзынкөл аудандарындағы ұжымшарларды, селолық Кеңестерді басқарды, ел ішінде жақсы аты, көшелі сөзі, көрсеткен өшпес өнегесі қалды. Ол Меңдіқара ауданы Краснопрестен ауылы жанындағы ата биітте мәңгілік тыныстаған. Осы ауылда оның қызы Сәулеш пен күйеу баласы Өтеген тұрады. Екеуі де ұлағатты ұстаздар. Ал Қабекеңнің немере інісі Оразалы Әбілұлы Қозыбаев – Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері еді, Манашы – Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақ елінің тәуелсіз ел болуына бір кісідей қызмет еткен қайталанбас тұлға-тын, әттең қазақтың маңдайына біткен қос алыбы ерте дүние салды.

Манаш аға 70 жасқа толғанда бір топ академиктер Қостанайға келіп, Қазақстан ғылымының облыстағы күндерін өткізді. Салық Зиманов, Өмірзақ Сұлтанғазин, Кенжеғали Сағадиев, Серік Қирабаев және басқа ғұламалармен кездесіп, әңгімелерін тыңдаған сәттер естен кетпес. Меңдіқара ауданы Краснопреснен ауылында ағамыздың қарындасы Сәулеш апа үйінде болған, ата бейітте болып, Қабаш аға аруағына құран бағыштаған сәт, кейін орман ішінде тігілген ақ шаңқан үйлерде өткен әдемі той да күні кешегідей көкірегімде сайрап жүр.

Босағада отырып, академиктер сөзін аузымды ашып, көзімді жұмып отырып тыңдаған маған көз тоқтатқан қайран Манаш аға:

– Мына Сәлімнің әкесі Тоқмырза ақсақал кешегі Спандияр Көбеев, Бекет Өтетілеуов, Ахметқазы Шотаев сынды ұлы ұстаз еді, талай қазақ сол алғашқы мұғалімдерден дәріс алды, біздің Қабаш әкемізбен досжар жан болатын. Мына Сәлімі де әкесіне тартқан маңдайы жарқырап тұр екен... – деп мерейімді өсіріп еді.

Сол сапардан туған «Академиктер ортасында» атты очеркімді оқыған Манаш аға академик Өмірзақ Сұлтанғазинге телефон соғып:

– Өмеке, мына бажаңның «хваткасы» керемет екен, – депті.

Оны бір кездескенде Өмірзақ аға мен Райхан апа ерекше тілектестік көңілмен жеткізіп еді.

Сол жолы біз облыстық «Қостанай таңы» газетінің бұрынғы редакторы Есенгелді Сүйінов екеуіміз ағаға шапан жауып, тілектестік көңіл- пейілімізді білдіріп едік.

Әттең, сол кездесу ең соңғы жүздесуіміз екен.

Кейін Алматыда бір болғанда Кеңсайдағы аға зиратының басына інісі Сағымбай, туыстары Аманжол Күзембайұлы, Дүйсенбай Мағазұлы төртеуіміз барып, тәу еттік, Сара жеңгейдің қолынан дәм таттық, ол маған «Жұлдызы жанған ғұлама» атты естелік кітапты сыйға тартты.

Ұлдың кішісі менің досым Сағымбай Қозыбаев болса, елімізде Журналистика академиясын құрып, соған басшылық жасап жүрген үлкен ғалым, қайраткер азамат, жалынды публицист.

Ол тарих ғылымының доктары, бүгіндер Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекттік университетінің профессоры, Қазақстанның құрметті журналисі, 30-дан астам кітаптың авторы, Елбасы сыйлығының және Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Ол биыл әкесі туралы «Звезды в небе» атты деректі-публицистикалық кітап шығарып, Қозыбаев әулетінің өнегелі істерін оқырман алдына жайып салды.

Әлия қарындасымыз да текті жерден шыққан жан, білім беру, мәдениет саласындағы еселі еңбегімен көпке жаққан ерекше ару.

Сөйтіп, Қабаш Қозыбаевтың ұрпағы ата-ана атына кір келтірмей, олардың даңқын еселей, халқына қалтқысыз қызметімен жаққан өз елінің тамаша патриоттары, қайталанбас тұлғалар. Олардан өсіп, өнген үлкенді-кішілі ұрпақ та Қозыбаевтар дәстүріне сай өмір сүріп, өздерінің шыққан тегін ерекше мақтан етуде. Әрдайым солай бола берген.

АРМАНДАСТАР ҚАЙДА, АБЗАЛ ДОСТАР ҚАЙДА?

немесе бұрынғы сыныптастар туралы сөз


1. Бұдан 50 жыл бұрын
Иә, бұдан дәл 50 жыл бұрын Қостанай қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №1 мектеп-интернаттың 11 сынып оқушылары едік. Бүгін-ертең қолға кәмелеттік аттестат алып, үлкен өмірге аттанғалы тұрған арманы асқақ, 36 ұл-қыз біз едік. Көпшілігіміз облыс орталығындағы бірден-бір қазақ мектебіне шалғайдағы ауылдардан 8 сыныпқа келіп, осы алтын ұяда төрт жыл бірге оқыған достарға бауыр басып-ақ кеткенміз.

Біз сол кездері тұңғыш рет ұйымдастырылған он бір жыл оқудың алғашқы қарлығаштары болдық. Аптасына бір күн бойы ұлдар токарьлыққа, қыздар тігіншілікке машықтанды. Әр жұма сайын жұмыс киімін киіп алып, таң атпай Қостанай жөндеу-механикалық заводында асығатынбыз, мұнда оқушылар үшін жабдықталған арнайы цех бар, тәжірибелі шеберлер бізді токарь станогын басқаруға, сызбалар бойынша әртүрлі бөлшектер жасауға баулыды. Қыздар болса «Большевичка» тігін фабрикасында мамандыққа үйреніп жүрді.

Айта кетейін, өз басым мектеп бітіргенде кәмелеттік аттестатпен бірге 3 разрядты токарь мамандығын алып шыққаныма осы күнге дейін тәубе айтамын. Өйткені сол жылдары мен арман еткен журналистік мамандыққа тек Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университеті ғана оқытатын. Оның өзі бұл факультетке мектептен кейін өндірісте екі жыл еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған жандарды қабылдайтын. Еңбек өтілі үшін мен сол алған токарьлық мамандығым бойынша Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатының жөндеу-механика заводына жұмысқа тұрдым. Мектептес досым Ахат Қоқанов та осы заводтқа келді, айта кетейін, сол Ахат кейін кеншілер қаласының ең үздік токарьларының бірі болды, талай рет кәсіби шеберлік байқауында жеңімпаз атанды, кейін темір жол көлігі институтын бітіріп, жоғары білім алды, күні бүгінге дейін сол заводтың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген ардагер.

Біз оқу бітірген 1963 жылы мектеп-интернатқа Қорған ауыл шаруашылық институтының профессор-оқытушылары келіп, тілек білдірген ұл-қыздары өздерінің оқу орындарына шақырды. Біздің жолдастарымыз қабылдау емтиханынан да босатылды, мектеп бітіргенде тапсырған емтихандар бойынша институтқа қабылданды. Сөйтіп он төрт түлек Ресейдің Қорған қаласындағы ауыл шаруашылық институтына жол тартты. Солардың көпшілігі қазақ мектебін бітіргенмен жоғары білімді орысша алып, білікті агрономдар, зоотехниктер болды. Қуанышбай Әбеуов, Болат Медеубаев, Қарабай Шибұтов сынды жігіттер Қорғанның қазақ қыздарына үйленіп, оқуларын бітірген соң сол өңірде қалды. Ал Қойшыбек Кәрімханов, Төлеген Ержанов, Есенжол Меңдібаев, Қойбағар Әшіменов және басқалары туған елге оралып, тың төсінің берекесін тасытты.

Қыздарымыздың көпшілігі педагогика, медицина институттарын аяқтады. Қалимаш Әбдірахманова, Сәуле Шәріпова бүгіндер Алматы қаласында дәрігерлік қызметте, ал Жұпар Тәшенова, Қайыржан Әбілғазина, Күлпара Аппазова, Сәуле Есімова, Сапаргүл Нұғытаева, Мінаш Қазбекова, Қауын Сәрсенова, Еркін Есімғалиева, Сәбила Омарова, Құндызай Тәңкібаева және басқалары жас жеткіншектерге білім мен тәрбие берген ұлағатты ұстаздар бола білді. Бақыт Қасқатаева ғылым жолын таңдады, педагогика ғылымының докторы, Қуаныш Әбдіхалымов болса Алматы эстрада-цирк училищесін бітіріп, өмір бойы «Қазақконцертте» еңбек етіп келеді, ол ұзақ жылдар бойы КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланова апасының концерттік бағдарламасының директор-продюссері болды. Әйгілі әнші дүниеден өтсе де оның бай мұрасын насихаттап жүрген де біздің осы досымыз. Дүйсенбай Мағазов спорт саласының айтулы маманы атанды.

Дияс Жаманқұлов болса, Қостанай кондитер фабрикасы ардагерлерінің бірі, ол осы кәсіпорын дүниеге келгеннен өзі қашан құрметті еңбек демалысына шыққанша цех бастығы болып еңбек етті, Аманғали Қасаев болса, Қостанай мауыты-шұға комбинатын өз қолымен құрған жалынды жігіт болатын, Айдарбек Ерғалиев, Боранбай Стыбаев ауыл шаруашылығы өндірісінің білгірлері, Мағзия Қанапина, Мәдина Өмірзақова сынды қыздарымыз да жоғары білім алып, адал еңбек үлгісін көрсетті. Әнияш Байсалбекова құрбымызға деген құрмет те ерекше. Басқа да сыныптас достарымыз ата-аналары мен ұстаздарының үмітін ақтай білді.


2. Біз нағыз ұстаздардан оқыдық
Расында да, біздің ұстаздар ғажап жандар болатын. Алғаш осы қара шаңырақ есігін ашқанда мектеп-интернат директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген мектеп мұғалімі Дәулеш Ыбыраев ағамыз еді. Алыстағы ауылдан келген ұл-қыздарды ол ерекше мейіріммен қарсы алып, туған әкеміздей қамқорлық көрсете білді. Ал Мырзахмет Шайхин ағамыз болса, Ыбырай атамыздың нағыз ізбасары, көшелі жан, талапшыл да қамқор педагог болатын. Ағамыз Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Күнде таңертең қызметке біз төсектен тұрмай келіп, үйіне бізді кешке төсекке жатқызып, «Қайырлы түн, балалар!» деп ерекше жұмсақ дауыспен тілегін айтпай кетпейтін. Өзі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін, армандауды, болашаққа жоспар жасауды, жауапкершілік пен талапшылдықты біз сол ағамыздан бойымызға дарытуға тырыстық.

Сол ұстазымыз Ыбырай атамыздың өз қолымен салғызған мектептің ескі ғимаратын бұзуға болмайды, бұл аса құнды тарихи жәдігер деп талай есікті қақса да, оған құлақ асқан пенде болмады. Енді бүгіндер сол орында халық сейіл құратын ашық алаңды тарылтып, жанындағы мектеп-интернат жатақханасын көлеңкелеп, білім ғимаратына сес көрсетіп тұрған облыстық прокуратураның жаңа үйін көргенде көкейге талай ой келеді.

Шіркін-ай, Шожан Ғұсманұлы, Бекет Қалмақұлы, Қожантай Оспанұлы, Иван Порфирьевич Андрейчук сияқты ер мұғалімдер ұл балалардың нағыз достары еді. Біз сырымызды соларға айтып, мұңымызды соларға шағатынбыз.

Ал математикадан сабақ берген Әукен Молжігітов ағамыз бәріміздің де піріміз еді. Жан-жақты жан болатын. Керемет шахматшы, шебер фотограф, әзілге жақын кісі-тін. Өзі Ұлы Отан соғысының от-жалынында шыңдалған сарбаз болса да, мінезі жұмсақ, ешкімге қатты сөз айтпайтын, бірақ кейде мақтамен бауыздағандай етіп, сыбағаңды қалай бергенін де сезбей қалатынсың. Біз сол ағамыздан шахмат ойнауды, суретке түсіруді үйрендік. Жалпы жақсы ағаның жанынан табылуға құштар едік.

Біз есейіп, қызметке ілініп, үйлі-баранды болған кезде де сол Әукен ағамыз тілекші болды. Майдангер-ұстаз қайтыс болғанда бұрынғы шәкірттері бір кісідей тағзым етіп, мәңгілік сапарға егіліп тұрып аттандырдық. Осыдан екі-үш жыл бұрын сол ұстазымыздың өмірлік қосағы Рәш апамыз бақилық болғанда да өз анамыздай болған кейуананы алақанға салып, арулап жөнелткен едік.

Қожантай Оспанов, Бекет Қалмақов ағаларымыз дүниеден өткенде де олардың жарқын бейнелерін еске алып, тағзым еттік. Шожан Ғұсыманұлы ауыр науқастан Алматыда қайтыс болғанда да облыстық газетке қазанама жариялап, отбасына, мыңдаған шәкірттеріне көңіл айттық...

Ал орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Панна Александровна Рыбалованың орны біздер, көбіне бір орысы жоқ қазақ ауылдарынан келген балалар үшін, тым ерекше еді. Ол біздің тілімізді сындырды, орысша дұрыс сөйлеп, қатесіз жазуға үйретті. Шәкірттерім білсін, үйренсін деп уақытпен санаспай еңбек етті. Әрқайсымызды өз баласындай көрді. Соның арқасында оның алдын көрген шәкірттері орыс тілін бір кісідей білетін дәрежеге жетті, орыс әдебиетінің небір інжу-маржандарына бойлады.

Сол ұстазымыз дүниеден өткенде оның талай оқушылары асыл жанды мәңгілік сапарға шығарып салуға жиналды. Кейін қабірінің басын қоршап, бейіт басына белгі қойды.

Сол бір кезде ұстаз өмірбаянының кейбір тұстарына назар аударған едім. Қаладағы орыс мектептерінің бірінде қызмет істеп жүрген оны біздің қазақ мектеп-интернатына шақырған Мырзахмет Шайхин ағамыз екен. Жас жеткіншектердің тағдырын ойлаған кісінің ісі екенін біз бүгін ғана аңғарып жүрміз. Сол үшін Мырзакең мен оның шақыруын құп алып, бізге ұстаздық еткен, қамқор болған апайымызды үнемі еске алып, шәкірттік алғысымызды айта жүреміз.

Шараф Галеевна Исмаилова апамыз химияны оқытты. Ленин орденді ұстаз еді, талапшыл болды, басқа да ұстаз-тәрбиешілеріміздің өмірде қалдырған іздері мәңгілік. Солардың ішінде біз үшін мектебімізге директор болып келген Сағымбай Ешімханов ұстазымыздың орны да бөлек еді. Ол кісі кейін Алматыда ғылыми жұмыспен айналысты, кандитаттық диссертация қорғады. Қашан дүниеден өткенше мыңдаған шәкірттерінің бірі ретінде ол кісімен байланысымыз үзілген жоқ. Ұстаз бен шәкірттің жарасымды сыйластығы еді ол...



АТАДАН ҰЛ ТУСА ИГІ...

немесе он сегіз баладан қалған жалғыздың

тағдыры туралы сөз
1. Өмірдің нәзік қылы
Біз әңгіме еткелі отырған Қайролла Сұлтанғалиұлы Меңтаев бір отбасында туған он сегіз перзенттен қалған жалғыз еді. Қайран Сұлтанғали атамыз бен Ырмалды әжеміз осы кенжесінің алдында туған он жеті бірдей ұл-қызының бірінен соң бірінен айырылып, аңырап жүрген сәті еді. Діндар Сұлтекең "Құдай өзі берді, өзі алды" деп өзін-өзі қаншама жұбатса да көкіректегі қайғы-шер есеңгіретіп тастаған кез еді сол бір тұс.

Мұсылмандық жолдан таймаған, жас күнінен намазға жығылып, ораза ұстап, қолынан құраны тұспеген ақсақал жаратқан иенің мұншама қаталдығына нала болса да келер күннен үміт күтіп, ұнжырғасын түсірмеді. Ақыры ақ түйенің қарны жарылып, қартайған шағында осы Қайролласы туды. Қуанышты ата-ана ұлдарын өбектеп, алақанға салды. Тіл-көзден сақтасын деп сырт көзден тұмшалады. Тіпті ырым етіп туған баланы тек қырқынан шыққан соң ғана тіркетіп, тууы туралы куәлік алды.

Қайролласы да ата-анасын қуанышқа бөледі. Тең құрбыларының алды болды. Елдегі сүйкімді сәбилердің бірі еді. Бірақ он жеті баладан кейін көрген құлыншақтың еркелігі де жетіп артылып жататын.

Бала мектепке барды. Сол кездері осы Ақсуатта орта мектеп болатын. Бастауыш сыныптарға сабақ беретін ұстазы Тоқмырза әкеміз жазған мінездемені Қайролла арада елу бес жыл уақыт өтсе де әлі күнге дейін сақтап жүр. Үйіне келген-кеткен кісілерге көрсетіп, мәз болатыны да бар. Расында да, сол үш-төрт сөзден ғана тұратын мінездеме бір үйдің жалғызының бет-бейнесін айнаға салғандай дөп басыпты. Ұстазы былай деп жазыпты.

"Меңтаев Қайролла, бой-басы таза. Сабаққа алғыр, Бірақ ерке".

Бар болғаны осы. Бірақ осынау дәл де нық сөздер бала Қайролланың бар кейіпін көз алдыңа бірден келтіреді.

– Жарықтық, біздің ұстаздарымыз қандай еді, – деп еске алады бүгіндер зейнет жасына келіп қалған ағамыз, – Спандияр Көбеев, Камалбек Зәкіров, Ыбырай Серғазин, Әйтіш Сейілов, Біләл Тебеев, Тоқмырза Меңдібаев, Елтай Шожанов, Ғаббас Айсин, Кәкішай Мұханжарова...

Йә, ұстазы жақсының ұстамы да жақсы. Сондықтан да болар осы Қайролла жас күнінен ел аузына ілікті. Кәмелетке жетер-жетпесте қарт ата-анаға көмектеспек болып жұмысқа жегілді. Егін де салды, мал да бақты. Оқуын да жалғастырды. Комсомол совхоз-техникумын аяқтап, механик болды. Үйленді. Ата-анасы жалғызынан немере сүйіп, құдайға шүкіршілік айтты. Сөйтіп өмір қылы жалғасты.



2. Москва. Кремль. Съездер сарайы
1970 жыл. Бүкілодақтық Ленин комсомолының XVI съезі. Қайролла осы мәртебелі форумға делегат болып сайланған еді.

Съездің төрінде Кеңес Одағының басшылары. Бас хатшы Леонид Брежнев, басқа да Саяси Бюро мүшелері. Съезді комсомолдың бірінші хатшысы Евгений Тяжельников ашты.

Залда отырған делегат Меңтаев ойға берілген. Ол Қазақстанның бір түкпіріндегі Ақсуат атты алақандай елде туып, өсіп, бүгін осындай құрметке бөленіп отырғанына қуанышты еді.

Съезге аттанар алдында әке-шеше зиратына соққан. Аруақтарымен сырласқандай еді. Осы қорымда ұстазы Спандияр ата да мәңгілік тыныстап жатыр. Ақсуаттан Кремльде болған алғашқы адам да сол Спандияр атасы еді. Бүкілодақтық староста Михаил Калинин ұстаз Спандияр Көбеевке алғашқы Ленин орденін осында тапсырған. Енді Кремльдің ғажайып сарайында делегат болып шәкірт отыр. Бұдан ол өмірдегі сабақтастықты көргендей.

Спандияр атасы:

– Қайролла, сенің болашағың жарқын, сабағыңа мұқият бол, – деуші еді үнемі.

Сол өсиетті де орындады. Институт бітіріп, инженер-механик мамандығын алды. Осыған дейін бөлімшеде тракторшы, механик болды, бөлімше басқарушысы қызметіне жоғарылады. Орден де алды. Облыстық комсомол комитетінің бюро мүшесі болып сайланды.

Ол кезде Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков еді. ВЛКСМ съезінің бір мәжілісін сол Өзекең жүргізді. Жұртты аузына қаратты. Орысшаға да жүйрік екен. Кейбір кезде сезіліп қалатын қазақы акценті де өзіне жарасып тұр.

Кейін Қайролла Торғай облысында лауазымды қызмет атқара жүріп, сол кездері обкомның хатшысы болған Өз-ағаңның талай пәтуәлі сөзін тыңдады, ақыл-кеңесіне құлақ салды. Біртуар жанның білім-білігіне, іскерлігі мен ұйымдастыру қабілетіне тәнті болғандардың бірі де өзі еді.
3. Чехословакия. Кеңес жастарының II фестивалі
1968 жыл. Чехословакия оқиғасы. Кеңес әскерлерінің Чехословакияға басып кіруі. Әрине, ол кездегі саясат бойынша біздің әскерлер Чехословакияға көмек көрсетуге аттанды делінген. Бірақ чехтар шақырылмаған қонақты жылы қарсы алған жоқ. Саясаттағы осындай қателіктің жігін жатқызу үшін Чехословакия-Кеңес жастарының фестивалі өткізілді. Оған Кеңес Одағынан сегіз жүздей жас қатысты. Ішінде еңбек озаттары, әртістер, спортшылар болды. Меңдіқара ауданы "Каменск-Уральск" совхозы Шиелі бөлімшесінің басқарушысы Қайролла Меңтаев та сол делегация құрамында еді. Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы Қалаубек Тұрсынқұлов, ұшқыш-космонавт Андриян Николаев жөне басқа белгілі адамдармен Қайролла сонда танысып, достасты.

Нистра, Братислава, Прага қалаларында өткен талай кездесулерге, жастар шараларына қатысты.

– Бірақ Чехословакия халқы бұл шараларға елп ете қалмады. Өздерін бейтарап ұстауға тырысты. Тіпті кейде Кеңес Одағының басқыншыл саясатына лағнет айтқандар да болды. Сол кездің өзінде мен біздің елдің бөтен елдің ішкі ісіне араласуының мүлдем әбестік екенін ұққандай болып едім, – деп еске алады бүгіндер Қайролла.
4. Жезқазған. Жәйрам кен-байыту комбинаты
Кеңес Одағы Коммунистік партиясының XXV съезінде, елімізді дамытудың негізгі бағыттарында Орталық Қазақстандағы Жәйрам кен-байыту комбинатының өндірістік қуатын арттыруға айырықша көңіл бөлінді. Сол тарихи съезге осы Ақсуаттан әйгілі Кәмшат Дөненбаеваның делегат болып қатысып, сол мәртебелі жиында сөз сөйлегені белгілі. Кәмшат жеңгеміздің сол тарихи сөзі бүкіл қазақ халқын жалғанның жалпағына танытқандай әсер қалдырып еді.

Енді сол съезд шешімдерінде айырықша орын алған кен алыбын алға бастыру міндеті Ақсуат атты алақандай ауылдан түлеп ұшқан екі инженерге жүктелді. Комбинаттың бас директоры болып тау-кен инженері, бұған дейін осы өндіріс алыбында бас инженер болған Фазылжан Сәдуақасов, ал оның орынбасары болып инженер-механик Қайролла Меңтаев тағайындалды. Жәйрамның аты дүрілдеп тұрған кез. Екпінді құрылыс. Жан-жақтан ағылған жастар. Қайролла солардың әлеуметтік жағдайына жауапты.

Жәйрам кен-байыту комбинатының тұңғыш директоры, КОКП XXV съезінің делегаты Садық Асатов деген кісі болатын. Осы комбинаттың алғашқы қазығын қағып, оның аяғынан қаз тұруына ерекше еңбек сіңірген, өнер десе ішкен асын жерге қоятын, нағыз ұлтжанды азамат екен. Кәкімбек Салықов сияқты кенші әрі ақын, қайраткер жанның досы. Жәйрамға өнер адамдарын күн құрғатпай шақырып, кеншілердің мәдени демалуына қамқорлық жасаған тұлға.

Сол Сәкең қайтыс болған соң ол бастаған істі одан әрі жалғастырып, дамыту енді Фазылжан мен Қайролланың ісі еді. Фазекең болса болмасын өндірістік байланыстарды нығайту, марганец өндіруді арттыру мәселелерімен шұғылданады. Ал әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу Қайроллаға міндет. Міне, жігіттің нағыз сыналар тұсы осы. Айта кетейік, азаматымыздың ұйымдастырушыпық қабілеті мен іскерлігі осы Бүкілодақтық екпінді құрылыста жарқырап көрінді. Осында жүріп шыңдалды, шынықты. Талай дос тапты. Жергілікті өнерпаздардың бағы жанған кезі еді осы жылдар. Екі көзі бірдей көрмей қалған, тамаша композитор Есенгелді Сейіловтың аты бүкіл республикаға жайылды. "Жезкиік" әні түкпір-түкпірге жетті. Ғалым Жайлыбаев пен Бекболат Тілеухан осы кезде шарықтата шырқады. Ескендір Хасанғалиев, Шәміл Әбілтаев, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова және басқа көптеген өнер жұлдыздары Жәйрам жастарының көңілін көтерді. Солардың бәрі Қайрекеңнің қимас достары, сыйлас жандарына айналды.

Ал енді инженер Меңтаев та өнерден құр алақан емес. Қоңыр дауысымен асқақтата ән шырқағанда талай жанның аузын ашып, көзін жұмғанын көрген жандар аз емес.

"Бозжорға, жорғаңа бас, алдыңда ел жоқ,

Ішетін шөлдегенде айдын көл жоқ.

Алыстан ат терлетіп келгенімде,

Ат ұстап, қарсы алатын бүраң бел жоқ" – деп қайырғанда, "қайран, Қайролла-ай" деп риза болған үлкен-кішіні өзіміз де талай көрдік.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2014
2014 -> Қазақ тілі мен латын тілі кафедрасы Қазақ Әдебиеті пәні бойынша әдістемелік өҢдеу мамандығы: Фельдшер Мейірбике ісі Стамотология Курс: І семестрі: ІІ
2014 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев
2014 -> М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы
2014 -> «Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев
2014 -> 3-деңгейлерге: а/берілген сөздерді аударыңдар
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   26




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет