Сәрсеке, М. Елі сүйген Ебіней: Сұхбаттасқан: А. Кемелбаева / М. Сәр-секе, А. Кемелбаева // Қазақ әдебиеті. 2005. 8-14 сәуір



Дата17.06.2018
өлшемі76 Kb.
#43091
Сәрсеке, М.

Елі сүйген Ебіней: Сұхбаттасқан: А. Кемелбаева / М. Сәр-секе, А. Кемелбаева // Қазақ әдебиеті. - 2005. - 8-14 сәуір.
Қазақстан Республикасының ғылымы мен мәдениетіне орасан зор үлес қосқан көрнекті ғалым әрі қаламгер Ебіней Бөкетовтің туғанына биыл 80 жыл толады. Осыған орай, біз бүгін оқырмандар назарына жазушылар Медеу Сәрсеке мен Айгүл Кемелбаеваның «Елі сүйген Ебіней» атты сұхбатын ұсынып отырмыз.
ҒАЛЫМҒА ҚҰРМЕТ

Қарағанды мемлекеттік университетінде еліміздегі осы іргелі жоғары оқу орнының негізін қалаушы және тұңғыш ректоры, отандық ғылымдағы көрнекті тұлға, академик, қоғам қайраткері Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің 80 жылдығына орай «Академик Е.А.Бөкетов - ғалым, оқытушы, ойшыл» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚарМУ ректоры, академик Еркін Көбеев ғұлама ғалым мерейтойына орай өткізіліп отырған конференция барысына тоқтала келе, Ебіней Арыстанұлының өнегелі өмір белестеріндегі ғылыми-қоғамдық, ұстаздық жөне әдеби-шығармашылық тұлғасының тағылымдық маңызын атап өтті. Ал ғалым қызы Л.Бөкетова әке туралы толғанысымен ой бөлісті.

Конференция барысында академик-ғалымның отандық металлургия, химия ғылымы саласындағы жаңа ғылыми бағыттарды дамыту, негізін салу және өндіріске енгізудегі іргелі зерттеу еңбектерінің құндылығы, сонымен қатар әдеби шығармалары, көркем аудармаларының маңызы қарастырылды.

Конференцияға арнайы қатысқан ақын Кәкімбек Салықов Е.А.Бөкетов аудармаларының ерекшеліктерін, ақын, аудармашы Бақытжан Тобаяқ ғалымның әдеби-шығармашылық қырларына тоқталса, жазушы Медеу Сәрсеке «Қазақстан» баспасынан шығарылған «Ебіней Бөкетов» атты ғұмырнамалық деректі жаңа кітабында қамтылған тың деректерден хабардар етті.

Сонымен қатар Қарағанды облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында Е.А.Бөкетов аудармасындағы Шекспирдің «Юлий Цезарь» драмасы қойылды.

Университет бастамасымен академиктің көп томдық ғылыми-әдеби мұрасын шығару, ұрпақ игілігіне жарату қолға алынған болса, оның алғашқы 2 томы жарық көрді. Қарағанды мемлекеттік университетінің бас ғимараты алдында академик Е.А.Бөкетовке тұрғызылатын ескерткіштің тұғыртасын салтанатты ашу рәсімі де ғалымға деген ел құрметінің жарқын көрінісі деуге болады.

Конференция барысында түрлі ғылым салалары бойынша секциялық мәжілістер өткізілді. Сол материалдар бойынша 3 томдық ғылыми мақалалар жинағы жарияланды. Сондай-ақ, Е.А.Бөкетовтің әдеби мұрасын, зерттеуші Қойлыбай Асановтың кітабы ҚарМУ баспасынан жарық көрді.
- Тірі болса академик Ебіней Бөкетов биыл 80 жасқа келер еді. Бірақ қатал тағдыр ғұмырын қысқа қылды. 1983 жылдың желтоқсан айында, елу сегіз жасында жүрек дертінен қайтыс болды. Ебіней Арыстанұлы ғылымда да, әдебиетте де, өмірде де қайталанбәс ірі тұлға еді.

Медеу аға, өзіңіздің сүйікті жанрыңызға айналған деректі прозадағы ғұмырнама сапасының жүгі ауыр. Куәсіз, айғақсыз, дәлелсіз жазылмайды. Латынша «фәкт» сөзі - болған іс дегенді білдіреді. Бұл жанрдың ерекшелігі, объективті, реалистік ақиқат дүниесіне автордың «мені» келіп қосылады. Жаңа кітабыңызды оқып отырғанда білдім: кейіпкеріңіз сізге бөтен кісі емес; «ұстазы жақсының ұстазы жақсы» десек те, атақты ғалымды қаншалықты білдіңіз? Бұл тақырыпты жазуға неліктен тәңдап алдыңыз?

- 1953 жылы мен Алматыдағы Кен-металлургия институтының металлургия факультетіне оқуға түстім. Бұл кезде Ебіней Арыстанұлы сол оқу орнының аспиранты. Үшінші курста ол бізге сирек металдар пәні бойынша дәріс оқыды, ғылым кандидаты болған кезі Бір айта кететін жағдай, сол кезде күллі Қазақстандағы жалғыз политехникалық институттың оқытушылар құрамы өте күшті болатын: біздің факультетте Х.К.Аветисян, В.В.Стендер, А.Б.Резняков, В.Д.Пономарев сияқты ірі ғалымдар ұстаздық етті. Бәрі де доктор ғана емес, профессор, академиктер. Олардың ішінде бірлі-жарым қазақтар да барды. Олар да білімпаз оқымыстылар. Алайда сол күнде жас болса да Ебіней Арыстанұлы ерекше дараланды. Әмбе біз, ауылдан келген қазақ жастары, оған тіпті үйір болдық. Неге? Ол кісі де өзіміз сияқты ауылдан келген, сөйте тұра білімі ұшан-теңіз. Пушкинді, Есенинді, Маяковскийді жатқа айтады. Әмбебап болғанда қандай, күш - білімде екенін барша болмысымен қабат, ерен кішіпейілдігі әйгілеп тұрады. Қысқасы, 1958 жылы оқуымды бітірерде, ол кісі диплом жұмысымның жетекшісі болды. Мамандығым бойынша, мен сирек металдар технологиясының инженерімін. Әдебиетке де осы кісінің тікелей ықпалымен құмарттым.

- Білімдіге дүние жарық қана емес, өз жұртын алға сүйремек, ондай жан туған елінің бағына тумақ. Сол кездегі Одақ үшін, Қазақстан ауыр өнеркәсібі үшін Ебіней Бөкетовтің қосқан үлесін, ғылым еңбектерін саралай кетсеңіз?

- Д.И.Менделеев өзінің периодтық кестесінде 19 элементті халькогендер тобына жатқызады. Мыстың лаганша атауы — халько. Демек, бұл топтағылар — мыспен бірге жүретін элементтер. Ебіней Арыстанұлы аспирант кезінен осы элементтердің кейбірін жеке-дара бөліп алу ісімен шұғылданған. Ұстаздық жұмысын тастап, ҰҒА-ның президенті Қ.И.Сәтпаевтың шақыруымен 1960 жылы Қарағанды қаласын да ірге тепкен Химия-металлургия институтына (ХМИ) директор болып ауысты. 12 жыл ұдайы еңбек еткен, одан кейін де ол осы іспен тұрақты шұғылданған. Түйіп айтқанда, 25 жасында институтты тәмамдап, одан кейінгі 33 жылда Ебекең халькогендер тобын түгел дерлік, әрине, жүзге Тарта шәкіртімен тізе қосә зерттеу жүргізіп, оларды 40 пайыздан 90-100 пайыз етіп молдап бөлетін, таза күйінде алатын технология жасап шықты. Бүл енді дүниежүзілік өте ірі жаңалық. Мысалы, Германияның Мансфельд зауыты селен мен теллурдың Бөкетов ұсынған әдісін 1980 жылдардан бері әлі күнге шейін қолданып келе жатыр. Ғалымның шәкірттері Ә.Н.Әбішев, М.З.Угарец, В.П.Малышев, С.Исабаев, Т.Ғабдуллин, Н.Бектұрғанов, ерлі-зайыпты Ажар және Әбдуәлі Бәйешовтер, т.б. ашқан жаңалықтарды АҚШ, Канада, Швеция, Үндістан, Австралия, жиыны 14 ел патент алып, өздеріндегі шикізат өңдеу өндірісіне енгізген.

Ебіней Арыстанұлының өзі 1969 жылы Балқаш мыс алыбының технологиясына осы салада енген ірі жаңалығы үшін КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Әр нәрсе салыстырумен танылады. Байқап қарасаңыз, Бөкетов ғылымдағы ұстазы Сәтпаевтан кейінгі Одақ көлемінде екінші тұлға. Небәрі 30 жылда ол кісінің әлдынан 62 ғылым кандидаты, 12 техника ғылымдарының докторы шығыпты. Осылардың оңнан астамы ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегерлері. Мұндай жоғары көрсеткіш Одақ көлемінде кемде-кем. Нәтижесінде Сарыарқаның кіндік жанында, бұған дейін химия ілімінің жұрнағы болмаған Қарағанды қаласында Бөкетовтің ғылыми дара мектебі туды. Ең ғажабы, бұл мектеп көшбасшысы опат болған соң да өшіп қалған жоқ. Талантты шәкірттерінің қажыр-қайратымен алға өрістеді. Бір ғана мысал: былтыр «Қазақ әдебиеті» академик Ә.А.Жәрменовтің басқаруындағы «Жезқазғансирекмет» кәсіпорны осьмийдің жаңа изотопын бөліп, Чехияға оны 40 миллион долларға сатқанын сүйсіне жазды. Ал мен айтайын: тәжірибе болмағандықтан біздің жігіттер оны арзандау сатқан. Өйткені, АҚШ-та бұл изотопты 70 пайыз тазалықта өндіреді екен.

Ал біздің мамандар оны 99,99 пайызда тазалықпен өндірген. Демек, осьмийді кем дегенде, 3 есе қымбат сатуға болады. Ал, Жәрменов пен оның қарауындағы мамандар - түгелдей Бөкетов мектебінің түлектері, марқүмның ізбасарлары.

- Адамзат ғылымына сәл лирикәлық шегініс жасасақ. Немістың ұлы ақыны И.В.Гете, ең әлдымен, натурәлист ғалым. Гете дәуірінде сіз айтып отырған биоорганикалық химия болған жоқ. Сөйте тұра ақын табиғат құбылыстарын түйсінуге өзі аттас Иоганн Вольфганг Деберейнер тәрізді ірі химиктің көмегін пайдаланғанын, тағы бір замандасы Берцелиуспен араласқанын, ал осы ірі химиктің еңбектерінде органикалық химия өзінің бүтін көрінісін тапқанын академик В.И.Вернадский жазады.

Гетенің минералогияға ерекше құмартуы поэзияға сүйіспеншілігінен еш кем емес, тірі организмдерді, табиғатты зерттеушілігінің бір бөлшегін құрайды.

Ақынның жеке минерал коллекциясында соның 18000 үлгісі болған. Көбін өз қолымен жинағаны былай тұрсын, орыс минералдарының түр-түріне, яғни Орал тауының қойнауынан шыққан асыл қазынаға ерекше құмар болған. Солар оған химиялық сынақ жасау үшін қажет еді. Ол ғылыми жұмыстарының түйінін өлеңмен де жазған. Тағы бір қызық дерек. Гетенің геология ғылымына қосқан мәнді үлесі үшін темір минералының түрі гетит аталған. Гетит – жылтыраған хрустапь сызықтары қаптағаң қара инелі кристалдар өскен минерал. Шыққәнтегі—кәрі Орал тауы, Ғылым мен әдебиетке бірдей сүйіспеншілік бір адамның бойынан табылса, оның қазақтағы бір құбылысы Ебіней ағамыз деседі. Сонда ол кісінің рухани әлемінде ойшылдық пен көркем танымның ғылым мен сөз өнерінің өзегі бір болған сияқты-әу. Сіз қалай бағалайсыз?

- Айгүл, сенің бұл сөзің Ебіней Арыстанұлының химияны поэзия тілімен түсіндірген бір өлеңін есіме салып отыр:

«Элементтер кестесі, алтыншы топ,

Күкірт тұр оттегімен екінші боп», — деп басталатын.

Ебекең аспирант кезінде болгар жазушысы И.Вазовтың «Бұғауда» романын, И.Василенконың «Артемко» хиқаятын тіршілік қамы — күнкөріс үшін аударған. Аштық жылдары әке-шешесі Солтүстік Қазақстанмен іргелес Қорған облысына көшіп, сол жақта да, елге қайтқан соң да, кішкентайынан орыс мектебінде оқыған. Мектептегі мұғалімдері өте күшті жандар болыпты. Кейбірі саяси қуғындалып, жер аударылып, қиыр шетке еріксіз келген адамдар. Талантты балаға химия, физика тәрізді пәндерді терең игеруге тап солардың көп септігі тиген. Ебіней Арыстанұлы Есенинді, Маяковскийді, Семен Надсонды аударған. Пушкинді жатқа біліп, сүйсіне оқушы еді. Жастық шақтың желеуімен С.Мұқановтың «Ботагөз» романының жартысын оқушы кезінде орыс тіліне аударған екен, әттең, қолжазбасы сақталмаған. Маяковскийдің қазақша аударылуын қатты сынап, «Казахстанская правда» газетінде мақала жазған. 1954 жылы Қазақстан Жазушылар одағы «Маяковскийдің қазақ тіліне аударылуы» деген тақырыппен пленум өткізген. Ебіней Арыстанұлы сонда баяндама жасаған. Феномен! Ғабекеңнің «Оянған өлке» романының да аудармасын батыра сынап газетке жариялаған. Тегінде, Ебекең аудармашылық өнерді терең білген. У.Шекспирдің атақты үш драмасын, Маяковскийдің «Қандаласын» өлеңмен аударған.

Ебекеңнің туған ауылы - Есілдің төменгі жағасында табиғаты тұнып тұрған көркем жер. Бұрнағы жылы арнайы барып көзіммен көргенде, оның неге осы дастанды аударғанын ұқтым. Сірә, бәз-баяғы сайын қалпы, саф ауасы тозып, бағы қайтқан туған ауылының тағдырына көңілі құлазып тұрып, содан қайтқан бетінде Сочиге демалысқа барғанда, 1962 жылы С.Есениннің сол тақылеттес мұңды шығармасы «Анна Снегинаны» бір демде аударып шыққан. Тәржімасы керемет. Тура Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып...» үлгісімен төгілте аударған:

«Гулдерге бетті сипатып,

Аралап келем бау-бақты.

Жарқ етті жастық қымбатты,

Көргенде ескі шарбақты:

Мына бір есік тұсында,

Он алты жаста ем, үмітті ем.

Ақ киген албырт қыз сонда,

Елжіреп еді: «Ұмыт» -деп...».

Бұл аударма 16 жылдан соң жарияланды.

Ебекең очерктің де шебері, ал публицистикасы 1967 жылы Кеңестер Одағының 50 жылдығына орай «Знамя» журналының бас редакторы Вадим Кожевников Ғабит Мүсіреповтен Қазақстан туралы жазып беруін сұрайды. Ғабең оған Бөкетовты нұсқайды. Сол очеркі — «Атан қомында туған адам және оның замандастары» деп аталады. Бұл очеркте Қазақстан ғылымы қандай өреге көтерілгеніне, Сәтпаевтан бастап 74 ғалымға сипаттама береді. Атан қомында туған белгілі қоғам қайраткері, ғалым-дәрігер Ишанбай Қарағулов, соның өмірінен алып оқиғаны өрбітеді. Осы очерк кітап болып шыққанда алғысөзін Зейнолла Қабдолов «Селен мен өлең» деген атаумен жазды. Өте тартымды мақала. Академик З.Қабдолов Ебекеңмен етене араласқан достарының бірі. Ебіней Арыстанұлы өмірінің 12-13 жылында Сәтпаев туралы эссе түрінде үлкен кітап жазумен шұғылданады. Оның кіріспе тарауы «Таисия шешейге хат» деген атпен 1975 жылы наурызда «Қазақ әдебиетінде» басылды. Амал қанша, бұл дүниесін аяқтай алмай кетті. Ебекеңнің ең сүбелі дүниесі «Шоқанның қасиетті ісі». Сәтпаевтың жастық шағы және Шоқан туралы кітаптары да көзі тірісінде жарық көрген жоқ. Шоқан туралы С.Муқанов, С.Бегалин, И.Стрелкова, С.Марков деректі кітаптар жазды. Ебекең осы авторларды қайталамай, күшті кітап жазды. Өкініштісі, нарық кезінде елге жетпей қалды. Мен өзім осы төртеуінен де ұстазымның Шоқан туралы шағын эссесін биік қоямын. Ол кісі тума ақын болатын, ақындық өнер дарыған кісі Нағашысы атақты Соқыр Тоғжан Ендібайұлы. Ебекеңнің орыс тілінде шағын бір өлеңдер жинағы бертінде шықты.

- Жаңа сіз Ебекеңнің шығармалары жарық көрмей ғылыми еңбектерін жеріне жеткізе алмады дегенді айтып қалдыңыз. Мұның себебі неде?

- Бұл сөзді мен айтсам нанымсыздау болар. «Қазақ қауымына жазушы Сәкен Сейфуллиннің, академиктер Қаныш Сәтпаев пен Ебіней Бөкетовтің есімдері етене мәлім. Олар біздің ұлттық мақтаныштарымыз Республиканың бұрынғы басшылығы оларды ұзақ жылдар бойы ел жадында ұмыттыруға тырысты. Қазірде біз нақақтан құрбан болған, жазықсыз жала шеккен ардақтылар есімін сүйіспеншілікке толы һәм кешірілмес кінәлі сезіммен халыққа қайтардық... Әсілі, соны ертерек жасағанымыз жөн еді, сөйтсе де ештен кеш жақсы емес пе?!» — деп кезінде Н.Ә.Назарбаев ҚКП ОК-тың бірінші хатшысы кезінде мейлінше тура да әділ айтқан.

Елбасы, әсілі, дұрысын айтқан: жаратылысында өзгеден асып туған дарынды адамдардың өле-өлгенше қыр соңынан қалмайтын қас дұшпандары болады. Оған көзге көрінбей, тасада тұрып қимылдайтын қас жауларын тағы қосыңыз. «Күншілдің күні шықпайды» -деп атам қазақ айтып кеткен емес пе?

1979 жылдың мамырында Ебекеңді күстәналап, қаралаған фельетон жарық көрді. Авторы — Ю.Рощин. «В соавторстве с Хлестаковым» деп аталады. Байқайсыз ба, Гогольдың жағымсыз кейіпкеріне Ебекеңді телігенін Арада екі ай өткен соң жоғары оқу орындарының мәселесі қаралған идеологиялық жиында ОК-тың айбынды хатшысы С.И.Имашев: «Кейбір ректорлар партия тапсырған жұмысты атқарудың орнына өзі мадақ көретін әдебиетпен шұғылданады» деп кінә тағады. Сол 1979 жылдың көктемінен бастап ғалым қайтыс болғанша алты жыл ішінде Ебіней Арыстанұпының бір жол әдеби еңбегі жарық көрген жоқ. «Святое дело Чокана» атты еңбегін «Простор» журналы өздері сұрап алып, артынан қайырып жіберді. Екі баспада жатқан кітаптарының қолжазбасы өзіне қайтарылды. Сонда Е.Бөкетовтің айыбы не? Ғылыммен шұғылдана жүріп, әдебиетпен айналысқаны ма? Түсінік жоқ, тек қана өрескел қиянат?

Алты жыл бойы, алты жол дүниесін жарыққа шығара алмай, құса болған арысымыз үш мәрте инфаркке ұшырап, 58 жасында дүниеден озды. Зор өкініш!..

Ебекеңнің заманы кешегі 90-жылдарда туды. Ең әуелі туған жерінде - Петропавлда, соңынан Қарағандыда көше берілді. Қарағандыдағы Химия-металлургия институтында және Алматыда тұрған үйіне мәрмәр тақта қойылды. Елбасының қолдауымен, әлеуметтің көтеруімен өзі іргесін қалаған ҚарМУ-ге есімі берілді.

Әдеби шығармаларының да қос томы шықты. Қазірде ҚарМУ баспасы көп томдық ғылыми-әдеби еңбектерін даярлап отыр. ҚР Үкіметі былтыр арнайы қарап, 6 тармақтан тұратын қаулы қабылдады. Қарағандыда Ебекеңе гранит тастан ескерткіш қойылмақшы.

- Сіз осы кітапты арнайы тапсырыспен жаздыңыз ғой.

- Бұл кітапты жазу бір себептен маған оңай болды. Ебекең сүйікті ұстазым, дәм-тұзымыз араласып, ерекше сыйласқан адамым. Қанекеңді көп жыл зерттеп қиналсам, бұл кісінің ғумырын толғауға ондай қиналғам жоқ. Тек шәкірттерімен ғылыми еңбектері турасында кеңестім. Бір жағынан бұл кісінің ғұмырын жазу қиын да болды. Ұлы адамдардың өмірбаяның жазуға кәсіптенген француз жазушысы Андре Моруа «Александр Флеминг» атты кітабын жазарда: «Әдебиетте үлкен тұлға туралы бар шындықты жазу үшін –ол өмірден өткен соң 50 жыл уақыт керек. Өйтпейінше, айтқан ащы шындығы кейбіреулерге кермек татиды...» — депті.

Мен Сәтпаевты өмірден қайтқан соң іле-шала бастадым. Ал, Бөкетовтің өмірден озғанына 21 жыл болды, Достары мен қарсыластарының көпшілігі тірі.

«Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселермен» — деген-ді ұлы Абай (38-сөз). Елінің ырысы болған Ебіней Бөкетовтің биік тұлғасы кейінгі ұрпаққа өнеге болсын деген ниеттен туды бұл кітап.



- Әңгімеңізге рахмет.
Каталог: download -> DBases -> E A Buketov -> Files
Files -> Амантаев, Ө. Жарты ғасырда жаһан жаңа / Ө. Амантаев // Орталық Қазақстан. 2013. 21 мамыр (№79-80).
Files -> Каренов Р. Өмірі де, өзі де өнеге еді / Р. Каренов // Орталық Қазақстан. 2005. 3 наурыз
Files -> Куандыкова Д.Қ. Е. А. Букетов прозасындағы бейне жасау шеберлігі/Д.Қ. Қуандықова //Қазақст. Респ. Ұлттық Ғылым акад хабарлары, Тіл, Әдебиет сер.=Известия нан рк сер филолог. – 2006. №5. – 16-19 б
Files -> Көбеев Е. Қазақтың біртуар азаматы / Е. Көбеев // Орталық Қазақстан. 2005. 19 наурыз
Files -> Жойқынбектегі, Қ. Айнымас серік / Қ. Жойқынбектегі // Орталық Қазақстан. 2014. 5 шілде
Files -> Салықов К. Евней Бөкетов дарынды аудармашы / К. Салықов // Орталық Қазақстан. 2005. 19 наурыз
Files -> Оразалықызы, Г. Тұғырлы тұлға / Гүлсім Оразалықызы // Ақиқат. 2006.№11-12. 98-105 б


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет