ШӘкен аймановтың Өнер қайраткері ретінде қалыптасуына әсер еткен кейбір мәселелер тұралбаева О. Б., Абай атындағы ҚазҰпу-дың «6М011400-Тарих»



Дата08.09.2017
өлшемі98,9 Kb.
#30869
ШӘКЕН АЙМАНОВТЫҢ ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРІ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫНА ӘСЕР ЕТКЕН КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕР

Тұралбаева О.Б., Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «6М011400-Тарих» мамандығының 2 курс магистранты, Oryngul_1991_15@mail.ru.

Шәкен Аймановтың есімі қазақ мәдениеті мен өнерінің тарихына танымал актер, кинорежиссер, өз ісінің шебері ретінде енді. Шәкен Кенжетайұлы Айманов 1914 жылы 15 ақпанда Павлодар облысы Баянауыл ауданы Айманбұлақ ауылында дүниеге келген.

Мұрағат қорларындағы деректерінде Ш. Аймановтың інісі Кәукен Кенжетаевтың «Шәкен аға» деп арнап жазған жазба естеліктері де бар. Ол кісі ағасы Ш. Айманов екеуі туып-өскен жерінің жер-су аттары ерекше екенін керемет жазады. Оның айтуынша, тіпті тастарының өзі «қыздың жиған жүгіндей» демекші, бірінің үстіне бірі, әдемілеп қолмен қалағандай және әртүрлі бейне, сурет болып көрінеді.

Баянауылда «Ақбет тауының» бауырында, сары жазықтың ортасында Айманбұлақтың түбінде Қызылшіліктің тау жақ бетінде әкесі Кенжетайдың қарағайдан салынған екі бөлмелі аласа ғана үйі болған.

Шәкеннің әкесі Кенжетай жасынан мойнына мылтық асып, ит жүгіртіп, құс салған, аң аулап, қолынан домбырасы түспеген, ән салуды жанындай жақсы көретін адам болғаны байқалады.

Кенжетайдың кішкентай қараша үйінде Қали әнші, Ысқақпай күйші, Дүйсенбай ертегіші, Рахмет қожа қиссашы, өзінің сауық сүйгіш ағасы Мұзапар, інісі Қажымұрат, тағы басқа ел жақсылары жиналғанда ойын-думан қатты қызады. Таң атқанша ән айтылып, күй тартылып, қиссалар оқытылады.

Кенжетай атамыздың үш ұлы Әбдікәрім, Шахкәрім, Әбдірахим осы екі бөлмелі үйде өмірге келген. Кейіннен Әбдікәрім – Абдан, Шахкәрім – Шәкен, Әбдірахим – Кәукен болып аталып кетеді. Бала кездерінде еркелетіп айтылған бұл аттар кейін есейген шағында да олардың атына айналады. Осындай ортада дүниеге келген бала Шәкен кішігірім кештерде аға-інілерімен әке-шешесінің алдына отырып, таң атқанша ән тыңдап, көзінің ұйқыға кеткенін білмей қалатын болған. Аймановтардың отбасы үшін Қалидың әні, Ысқақбайдың күйі өмірде қол жетпейтін қиял сияқты көрінген екен [1, 1 б.].

Шәкен Айманов туралы бірталай естелік кітаптар да баршылық. Шәкенге арнап Шәкеннің інісі Кәукен Кенжетаев пен Рақымбай Сатаев құрастыруымен «Шәкен Айманов туралы естеліктер» атты кітап жарық көрген. Осы кітаптағы деректер мұрағат материалдарында да кездеседі. Себебі, Кәукен Кенжетаевтың өзі сол мәліметтерді жазба естеліктерінде жазып қалдырған. Бұл кітапта Кәукен Кенжетаев, Асанәлі Әшімұлы және т.б. Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың балалық шағы мен өмір жолы туралы сыр шертеді. Кітапта Кәукен ағамыз: Шәкен еркіндеу, өжеттеу болып өсті. Оны ауыл-аймақ жақсы көріп, ән салдырып, тақпақ оқытады, ертегі айтқызады. Жұмысқа бейімі жоқ еді, қайда ойын сауық болса, Шәкен сол жерден табылатын. Марқұм шешеміз «бұзау бағып кел, тезек теріп келе қойындар» десе, Шәкеннің не іші, не басы ауыра қалады. Анамыз қаттырақ айтса, Серектастың басына шығып алып, екі аяқты салбыратып жіберіп жылайды да отырады.

«Сенің жұртты қылжақ қылғанда басын ауырмайды, ал жұмысқа келгенде бас та, іште ауыра қалатыны қалай?» - деп апам ренжитін еді. Шәкеннің қалжыңқой екені рас. Ауылдағы қыз-келіншек, кейбір жігіттердің мінез-құлқын айнытпай салып, жұртты қыран топан күлкіге батыратынын Кәукен ағамыз айтып өткен. Шәкен мен ағасы Кәукен Кенжетаев екеуі қатар өседі.

Шәкен туралы «Өнер қысып жылап отыр» деген сөз тегін шықпаған еді. Шәкен Аймановтың әкесінің Айманұлы Аббас деген дәрігер ағасы болады. Бірде Серектастың басында жылап отырған Шәкенді көріп, неге жылап отырғанын сұрағанда Шәкен Аймановтың анасы қатты ұялып, Шәкенге қолын сермеп, «тоқтат» дейтін. Сол кезде Аббас ағасы:

- Жәмке, Жәмке, оған ұрыспаңыз, ұрыспаңыз. Ол тегін жылап тұрған жоқ. Ол өнер қысып жылап отыр, менің атыма міңгестіріп жіберіңіз, мен үйге алып кетейін, - деп Шәкенді үйіне алып кетеді. Шәкен Айманов кейін әртіс болған соң, ауыл үлкендері, Аббас Шәкенді жасында «өнер қысып жылап отыр» деуші еді, жарықтық біліп айтқан екен ғой» деп таңдайларын қағады.

Шәкенді 1924 жылы үлкен ағасы Қажымұрат Семейге оқуға алып келеді. Ол өзі мұғалім болған соң, Шәкенді де мұғалім болсын деп ойлаған болу керек. Алғаш Шәкенді «Каз.Коммунаға», кейіннен Халық ағарту институтына оқуға түсіреді. Ол институтта оқып жүрген кезінде қолынан домбыра мен мандалин түспей, сондағы көркемөнер үйірмелеріне қатысып, «Халық үйінде» (Народный дом) Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» пьессасы бойынша қойылған спектакльге қатысады.

Шәкен Тоқбайдың «Екі жиренін», Қалидың «Жиырма бесін» өте жақсы көреді. Қолына домбыра алғанда алдымен асыл әндер есіне түседі екен [2, 1 б.].

Шәкен Айманов сияқты талатты өнер иесін зерттеген ғалымдар, жазушылар аз емес. Соның ішінде Шәкенмен Семейде оқып жүрген кезінде танысқан досы – Қабыш Сиранов. Ол 1970 жылы Аймановқа арнап «Шәкен Айманов – кинорежиссер и актер кино» атты кітап жазады. Бұл кітапта Сиранов КСРО Халық әртісі, қазақ киносының актері, режиссері - Ш.Аймановтың шығармашылығымен таныстырады. Сол бір естеліктерінен Қабыш Сиранов: «Семей театрының сахнасында педагогикалық институттың үйірме мүшелері өнерін көрсетті. Олар «Еңлік - Кебек», «Сары-Арқа» пьесаларынан үзінділер көрсетті, күйлерді, халық әндерін орындады.

Концерттен соң осы институттың өнерпаздық мүшесі Шәкенге, Қазақ драма театрының актерлік труппасын толықтыру үшін республиканың қалалары мен ауылдарында дарынды жасөспірімдерді іріктеумен айналысатын арнайы комиссияның мүшелері келді.


  • Сіз бізге өте ұнадыңыз, - деп бастады олардың біреуі, - біздің сізбен сөйлескіміз келіп еді...

  • Біз сізді біздің театрдың актерлік труппасына шақыруды шештік,- деп басқасы сөзін бөлді.

Шәкен ойланып қалды.

  • Сіздің мұғалім болғыңыз келеді, - деп біріншісі жалғастырды. – Оныңыз жақсы. Бірақ сізде дарын бар және сіз актер болуыңыз керек».

Бұл 1933 жылы болатын. Он тоғыз жасар Шәкен Алматыға шақырылды да, Қазақстанның кәсіби театрының алғашқы актерларының бірі болды. Театр сахнасында ол жүзден аса рөл ойнады. Бірдей табыстылықпен қаһарман рөлдерді, трагедиялық рөлдерді және комедиялық рөлдер сомдады. Оның репертуарында қазақ ұлттық пьесалары да, орыс та, кеңес драматургиясы мен әлемдік классика да бар. Шәкен Айманов 1953 жылы театрдан киноға ауысады.

Кинода еңбек ету туралы ой оған ертерек келген еді және бірнеше жыл бойы ол кино өнерінің ерекшеліктерін фильмдерге түсіп, ең керемет деген кеңес үкіметі мен шетел фильмдерін тамашалап, сараптау арқылы кино саласының теориялық мәселелерін зерттейді.



  • Менің театрдан киноға өтуімнің басты себебі, менің туған өлкемде орын алған түбегейлі өзгерістерді барынша ауқымды және терең көрсеткім келген құмарлыққа байланысты, – деп баяндайды Шәкен Кенжетайұлы. – Мен театрды жақсы көремін. Бірақ театр, кино тәрізді көп көрермендерді қамти алмайды. Спектакль бір ғана театрда жүреді. Ең жақсы жағдайда – бірнеше театрда. Ал фильмды ондаған мың адам қарайды. Менің «Біздің сүйікті дәрігер» атты фильмім, мысал үшін, көптеген мемлекеттерде көрсетілді және оны 50 миллион адам таниды. Бұл дегеніміз, 50 миллион адам менің халқымның өнерімен, оның дарынды әншілері және сазгерлерімен танысты.

Киноның артықшылығы жайлы айта отырып, Шәкен Кенжетайұлы театрдың маңызын еш төмендетпейді. Ол театрды жоғары бағалайды және жақсы көреді. Ол үшін театр – киноның дамуына игілікті әсер етуге қабілетті үлкен өнер болып қалуда. Оның шығармашылығында театрдың шығармашылық тәжірибесін кинода пайдалану ұмтылысы анық байқалады. Бұл оның актерлармен жұмысынан ерекше көрінеді [3, 3-6 б.].

Шәкен ағамыздың достары, жолдастары қашан келсе де үйінің есігі ардайым ашық, ардақты мейманы.

Кеңес Одағының әр түпкірінен келген Шәкен Аймановтың достары оның үйіне барып, дәм татпай кетпейді. Әсіресе, совет киноартистерінің Шәкен Аймановтың үйіне бармағаны жоқ десем, артық айтпаған болар едім.

Тіпті, бұлар болмаған күннің өзінде Шәкеннің үйінде ағайын-туғандар, оқушылар, студенттер көп болушы еді. Сондықтан да болар, осы оқушылардың көбі Шәкенді өз әкесіндей көріп кетті.

Шәкен үйінде жалғыз отыруы мүмкін емес. Кейде өзінің жақсы көретін артистерін шақырып алып, үйінде текеметтің үстінде отыра қалып асық ойнайды екен. «Қақпақыл», «құмар», «хан» деген асық ойындарына қатты қызығыпты. Бұдан кейін концерт басталады. Евгений Диордиев тақпақ оқыса, Романов Сахи кейбір атақты адамдардың мінез-құлқын, сөз сөйлеу мәнерін аудырмай салып, отырғандарды қыран күлкіге батырады.

Ришат Абдуллин татарша шақырша, Мүсілім Абдуллин, «Қыздар-ай, айтсаңдаршы достарыңа» әніне басып кетеді. Мағауия Хамзин домбырасын алып «Саржайлауға» сұңқылдатады.

Міне, осы әндердің бәрін Шәкен де домбыраға, не мандолинге қосып отырады. Тіпті өзі де кішкентай – әдемі қоңыр дауысымен домбыраны Қалиша шертіп-шертіп жіберіп, Қалидың «Жиырма бесіне» салғандай маңайындағы жұрт ұйып тыңдайды. «Әнді дауыспен емес, жүрекпен айту керек»- дейді.

Шәкен ән айтып, домбыра тартып қана қоймай, әндердің тарихын жақсы білген, және әндердің тарихын әркез айтып отырады екен. Шәкен өнердегі ағаларын қалай сыйлап жақсы көрсе, ол кісілер де Шәкенді сондай жақсы көріп, құрметті қонағы, өз адамындай сыйлады. Ағалары да, достары да көп еді. Шексіз жақсы көрген ағаларымның бірі, актер, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақ АКСР-інің халық артисі– Елубай Өмірзақов: «Мен өлгенде Шәкеннің жанына қойындар», - деп өсиет айтып кетеді. Кейін оның өсиеті орындалады.

Шәкен Айманов актерлік шеберлігі өте керемет болған. Сахнада өзін еркін ұстап, оған шыққанда жүрексінгені байқалмай, өзі ойнап жүрген кейіпкердің жан дүниесіне еніп,соның қимыл-әркетімен, ой-пікірімен, ішкі сырымен қоян қолтық араласып кетеді. Халықтың Шәкен сомдаған кейіпкерлерді жақсы көретіні сондықтанда шығар. Ол жөнінде Кәукен ағамыз:

-Әкеміз бір күні Шәкенге: «Мына Кәукен соңыңнан еріп келе жатқан жалғыз інің емес пе? Сен қолынан келіп тұрғанда, көз қырынды сала жүр», - дегенде, Шәкен: «-Әке, бойына біткен талабы мен дарыны болса, менің жәрдемімсіз-ақ адам болады. Ал, жоқ болса, менің көмегім түк болмайды», - деді. Әрине, бұл қатты айтылған сөз, бірақ шындық еді.

Шәкен «Найзатас» фильмінен бос кездерде өзі дүниеге келген, баяғыда құлап қалған қараша үйдің жанындағы «Серектастың» басына шығып, «Ақбет», пен «Үш шошаққа» бас игендей көп қарап тұратын.

Есік алдындағы сар жазықтың шалғынына аунап-құнап, ата-анасы жатқан бейітке барып қайтатын. Шәкен ата-анасын қатты құрметтеп, жақсы көрді. Анамыз Жамал 1962 жылы, әкеміз Кенжетай 1963 жылы дүние салған.

Шәкен жұмыс бабымен үйінде көп бола бермейді. Кино түсіруге кетеді, студиядағы қызмет бастан асып жатады, т.б. Кейде қызметтен шаршап шығып, бізге келеді.

Шабалдың (менің қосағым) «күрең төбел» шайын ішіп отырып, әкесінің шерте тартқан қоңыр домбырасының үніне балқып кеткендей болады.

Тағы бір келгенінде жас баладай әкейдің тізесіне басын салып, ән мен күйін тыңдап, кәрі кеудеден рухани нәр алғандай күй кешеді.

Кей күндері әкеміздің жанынан төсек салғызып, қоныпта кетуші еді. Ата-анамыздың Шәкенге деген, оның әке-шешеге деген махаббаты маған өзгеше көрінетін.

Шәкенді ұйқыдын тұрғызу деген өте қиын екен. Оны ояту әрбір кино директорының қолынан келе бермейтін. Тек Лелюх (киногруппа директоры) қана амалын табатын. Ол Шәкенмен замандас адам, сондықтан ойын-шыны аралас. Шәкеннің үйіне барып оны не керуеттен сүйреп тұрғызады, не үстіне су құйып оятады. Оған Шәкен ренжімейді, бетін шала жуып павильонға алып келсе болғаны – Шәкен дайын... Біз «Апыр-ау, бұл қай уақытта дайындалады? Түсінде ме? – таңданушы едік. Сөйтсек, Шәкен ұзақ түнін сол дайындықпен өткізеді екен. Таңертең келе мүлтіксіз істеп кетуі де сол түні еңбегінің жемісі еді.» [4, 3-11 б.].

Мәрт мінезді, ашық-жарқын, ақкөніл Шәкен аға өмірде екі некелі болған екен. Алғашқы жары – атақты биші Шара Шиенқұлованың сіңлісі Хадиша. Одан Мұрат атты ұл сүйген. Ол сондай-ақ Хадишаның алғашқы күйеуінен көрген қызы Майраны да туған перзентіндей қабылдап, бауырына басқан. Күйеу баласы, белгілі актер, режиссер Асанәлі Әшімов бұл жөнінде: Майра Шәкеңе еркін еді, кейде «дядя Шәкен», кейде «папа», енді бірде «Шакен Кенжетаевич» дейтін. Шәкең көп мәселеде Майрамен ақылдасатын. ... Халық қадірлеген Шәкеңнен ұрпақ қалмады. Ұлы Мұраттан бір қыз бала ғана бар. Әрине, қазақ жиенді ұрпаққа санай бермейді. Дегенмен ол кісі Майра екеуміздің ұлдарымыз Мәди мен Сағиды «нағыз ұрпағым» деп санайтын,- дейді.

Өнерде ерекше талантымен танылған Шәкен Кенжетайұлы өмірде де ешкімге ұқсамайтын, ашық-жарқын, ерекше жомарт адам болған. Осы қасиетіне орай достары оны «бүгінгі заманның серісі» деп білген. Дүниенің бетіне қарамайтын ол жұртпен араласқанды, достарымен аңгіме-дүкенді құрғанды ұнатқан. Кез келген жиылыстың аяғын кішігірім тойға, ойын-сауыққа айналдырып жіберетін Шәкеннің жалғыз жүретін, үйінде оңаша қалатын кезі сирек екен. Мәскеуден, одақтас республикалардан, тіпті шетелден келген кино мамандары, түрлі қонақтар, негізінен, Шәкен ағанның үйінде болып, оның сый-құрметін көріп аттануды дәстүрге айналдырған. Сондай-ақ ол кісінің үйінен ағайын-туғандар, оқушылар, студенттер де арылмаған. Жалғыздыққа жаны қас Шәкен аға кейде өзі ұнататын әртістерін шақырып алып, текеметтің үстіне кетіп, «қақпақыл», «құмар», «хан» деген асық ойындарын ойнайды екен [5, 5-7 б.].

Ш.Айманов кинорежиссерлік ғұмырында 20-дан астам рөлде ойнап, он бес көркем лента түсіріпті. Әңгіме, әрине, санда емес, сапада. Алайда, Шәкен бұл он бес кинофильмде түрлі көркемдік ізденістер жасады, суреткерлік батылдық танытты. Кейінгі ізбасар інілеріне тәлім-тәрбие беріп, сабақ болатын ізденістерге жасады. Оны «Атаманның ақыры» атты екі сериялы фильмінен айқын көреміз. Бұл фильм өзінің оқиғалық құрылысы мен психологиялық тереңдігі, бейнелеп отырған жайының шынайылығы жағынан үздік туынды ретінде саналады.

Шәкен Аймановтың қазақ өнеріне сіңірген еңбегі жоғары бағаланды. Ол кезінде Ленин орденімен наградталды, СССР халық артисі деген құрметті атақ алды. СССР және Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлықтарына ие болды. Ал күні кеше ғана «Қазақфильм» киностудиясына Шәкен Аймановтың есімі берілуі халықтың дарынды ұлына деген зор сүйіспеншілігінің тағы бір көрінісі болды [6, 1 б.].

Шәкен Айманов өз заманында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Өкінішке орай, өзінің соңғы фильмі «Атаманның ақырын» мәскеулік киногерлер қауымына апарған кезде 1970 жылы 23 желтоқсан күні көлік қағып қайтыс болды. Оқиға Кинотанушы Бауыржан Нөгербек айтпақшы, кино арқылы ұлттық мүддені қорғау, соны дәріптеу мақсатын қойған Шәкен ағаны ұлт экологиясының шын мәнісіндегі жанашыры десек, еш қателеспейміз.



Әдебиеттер тізімі:


  1. Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағаты. 2337-қор, 1- тізбе, 2-іс, 1-п.

  2. Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағаты. 2337-қор, 1- тізбе, 2-іс, 1-п.

  3. К. Сиранов «Шакен Айманов – кинорежиссер и актер кино». Издательство «Жазушы» Алма-Ата, 1970, 3-6 б.б.

  4. К. Кенжетаев, Р. Сатаев «Шәкен Айманов туралы естеліктер». Алматы «Білім», 2004, 3-11 б.

  5. Роза Рақымқызы «Бала Шахкәрімнен - "Қазақ киносының атасы" Шәкен Аймановқа дейін». // Аңыз адам. Жұлдыздар отбасы. №13 (25) шілде 2011, 5-7 б.

  6. Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағаты. 2337-қор, 1- тізбе, 2-іс, 1-п.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет