Шешендік дегеніміз не? Ойшылдарға сүйене айтсақ, шешендік кісі көркі, ақылмен билеу өнері



Дата10.12.2019
өлшемі30,93 Kb.
#53287
Байланысты:
Сөзбен көркемдеу СРС2

Шешендік дегеніміз не? Ойшылдарға сүйене айтсақ, шешендік – кісі көркі, ақылмен билеу өнері. Дидарласушымыздың жүрегі мен ақыл-ойын баурап алуға, оны не нәрсеге болса да сендіруге, иландыруға септесетін бізге берілген сый. Кез келген нақтылы зат туралы шебер сөйлеу өнері және сонысымен өзгелерді өз ойына ойыстыра білу. Біліктілік пен білімнен, қуатты түйсік пен терең сезімнен, санадағы саңлақтық пен ұшқыр қиялдан, тер төгу мен ой тербелісінен туындай келе, білгірліктен кейін тұрады. Сөз бен ойға негізделеді. Биік дүниетаныммен, ғылым-білімді терең меңгерумен, халықтың тұрмыс-тіршілігін, жөн-жосықтарын жүйрік танумен, жалпы айтқанда, адамзаттың рухани мәдениетінен мол хабардар болуымен, ой өрісінің кеңдігімен тамырлас. Демек, жас тұлғаға қажетті шешендік дегеніміз – тыңдаушылардың жан-сезім әлемін сөзінің әдемілігімен, образдардың жарқындылығымен, нақыл, ғибрат сөздердің ұшқырлығымен толқытатын, баурайтын өнер, өзгеше қабілет-қарым, тума қасиет, сондай-ақ өскен ортаның, үлгілі жандардың, ұлағатты туындылардың тағылым-тәрбиесі, өз дүниетанымының нәтижесі.

Ел алдында шебер, шешен сөйлеу көп еңбектену, оқып, үйренуді талап етеді. Шешен адамдарда негізінен, сөз көркемдігі ой тасқынынан табиғи түрде туындап жатады. Көркемдік талғам мен шешендік тәсілдерді дұрыс пайдалана білген адам ғана эстетикалық әсер ету күшіне ие бола алады. Сонда шешендік өнерге көп сөйлеп, оны сынатып үйренуге болады ма, әлде оған жазып дайындалған дұрыс па? бұл орайда әйгілі шешен, данагөй Цицерон былай дейді: «Қалам – көркем сөздің ең жақсы жаттықтырушысы. Басқалардан үйренуде ең өнеге тұтарлығына теңесуге ұмтылу керек. Өзің үлгі еткен шешеннің жақсысының бәрін алуға тырыс. Оңайын, көзге түсіп тұрғанын ғана емес, ең маңыздысы – шынайы шеберлігіне жету. Ол еліктеу болып кетпеуі керек. Мықтыға қанша ұқсап тұрсаң да, көшірме түпнұсқадан ылғи да көш төмен болады. Халық алдында сөйлеу үшін сөзіңнің өзіндік «бейнесі», өз мәнері болғаны абзал.

Шешендік өнер, сөйлеу мәдениеті, ауызша, жазбаша сөйлеу – әдептіліктің биік шыңы. Өмір, тіршілік адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауын қажет етеді. Олардың түсінісудегі негізгі құралы – тіл. Әр адам дұрыс сөйлей білуі, сөйлесу мәдениетін меңгеріп, оны өз бойында қалыптастыра білуі тиіс. Қарым-қатынас адамдардың отбасымен, өскен, араласқан ортасымен, елімен, жерімен, дәстүрі, мәдениет қазынасымен етене әрі жанды байланысы. Қарым-қатынаста адамдардың жан дүниесі, өмір тіршілігіндегі бейнесі көрінеді. Әдеп – сөйлесудегі, пікірлесудегі мәдениет тірегі. Мәдениет – адамдардың рухани және материалдық, білімдарлық пен сезімталдық қасиеттер аңғарылатын белгілерінің жиынтығы. Мәдениеттің туы – тіл, ол адамзаттың мұратымен астасып, сол ұлтпен бірге пайда болып, дамып отырады. Өз тарихын, ұлттық дәстүрін, туған жерін, тілін қадірлей білген адам ғана мәдениетті болады. Сөз мәдениеті – сөзді орынды қолданып, қиюластырып, үндестіріп айта білу, емле мен тыныс белгілері ережелерін дұрыс сақтау, тілдің ғасырлар бойы сақталып келген көркемдігі мен тарихын, әсемдігін сақтай білу.

Тіл туралы халық даналығы :

·        Жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер.

·        Бір жылы сөз бітірер, мың көңілдің жарасын.

·        Сөз қадірін білмеген, өз қадірін білмейді.

·        Сәлемі жараспағанның, сөзі де жараспайды.

·        Сөйлей білмеген кісіден үре білген ит артық.

·        Сөйлей білмес жаманның – cөзі өтпес бір пышақ.

     Сөз білетін адамның –  әр сөзіне бір тұсақ.

Жоғарыдағы ұлылардан қалған, кейінгі ұрпағына қалдырған ізгі мұраттарымен, данышпандық, шешендік ойларынан, тілдік ұстанымдарынан, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылардың айтқан тіл даналығы туралы, парасат пайымдарынан ақылды ой, алғыр сөз – адамның ең жоғарғы қасиеті екенін, қастерлі тіл мәдениеті-сөз мәдениеті екенін ұғынамыз.                       

Сөз –  көркем әдебиет тілінің көріктеу құралы, көркем суреттің бояуы. Сөздің ондағы нәрі, көріктеу қызметі қаламгерлердің соларды жұмсай білу шеберлігі деңгейінде танылады. Сондықтан көркем әдебиет тілінің де бас арқауы –  сөз. Көркем әдебиетте сөз шеберліктің, көркем суреттің бейнелеуші материалы болатындықтан, оны ақын, жазушы ұқыптылықпен қадағалап, талғап қолданады. Сол үшін олар бір жазғандарын қайта-қайта түзеп, көшіpiп “азаптанады”. Осы жай Сырбай Мәуленовтің мына өлеңінде жақсы айтылған:

Өшіремін, көшіремін,

Қайта қарап тесілемін.

Жыртып-жыртып лақтырамын,

Көрген күнім осы менің.

Әлсіздерге қанды жинап,

Құйған қуат емшілердей,

Сөз теремін жанды қинап,

Ойды қазып кеншілердей.

Тек, осылай “жанды қинап” терген сөздерде ғана керемет күш-қуат болады.

Сөз –  ой өрнегінің мағыналы бөлшектері. Сондықтан қарапайым ой қаңқасы да, айқын ойдың көріктеу бояуы да сөз дәлдігімен өлшенеді. Бұлдыр ойдың сөзі күңгірт, алыстағы сағым сияқты бұлыңғыр болады.

Сөз дәлдігі –  ой дәлдігі.

“Қалауын тапса, қар жанар” дегендей, қыбын тапса, өмірлік, кім болса сол айта беретін сөздерден де әсерлі сөз нақыштарын жасауға болады, жай сөзден көрікті көркем сурет салуға болады: Оған бір мысал:

Сыр сандықты ашып қара,

Ашып қара, сырласым.

Сым пернені басып кара,

Басып қара, жырласын!

Сұлу сымда перне әуені,

Перне әуені жыр айтар

Көңіл ашар тербеу әні,

Тербеу әні сыр айтар.

Шыққанбыз, дос, шыңға талай,

Талай сырды ойланып,

Ақтаралық алтын сарай,

Алтын сарай қойманы.

(С. Сейфуллин)

Жүректі қозғайтын осы әсем жолдарда халық тілінен ерекше жаратылған сөз жоқ, ондағы сөздің бәрі де халық тіліне тән сыр сандық, аш, қара, сым, перне, сұлу, жыр, айтар дегендей жалпы халық тіліне тән сөздер.

Сөз көркемдігінің бір белгісі –  айқындылық.

Шеберліктің бір амалы –  аз сөзбен көп мағына білдіру. Мұндағы принцип –  “сөзге орын тар болсын да, ойың кең болсын”,

Көркемдік түр (форма) - әдеби шығармадағы мазмұн, мағыналық ондағы ой-сезім байлығының сөзбен мүсіндеп жеткізілген қалпы, алуан түрлі суреттеу тәсілдерінің біріккен жүйелілік тұтастығынан туатын шығарманың көркемділік қуаттылығы. 

Тіл – адам ойы мен санасының, ұлт болмысы мен сапасының көрсеткіші.

Тіл – адам жаратылысының күрделі де көркем құбылысы…

Айналамыздағы тылсым дүние, табиғат, ел мен жер, қоршаған орта, жалпы планетарлық құбылыстар адамның пайымына, ой-санасына түрліше ықпал етіп, әр түрлі әсер туғызады. Бұл әсерлер адам санасында қабылдау, жинақтау, байыптау, саралау, сараптаудан өтіп, сөзбен бейнеленеді, тілмен өрнектеледі.

Кез келген оқиға, сыртқы-ішкі көрініс, жағдаят, зат адамның ойлау жүйесі мен талдау-талғамына сәйкес белгілі бір ұғым тудырып, сол ұғым сөзбен кестеленіп, мағыналы ойға ұласады. Әр адамның дүниені, тылсым әлемді қабылдау түйсігі мен ой түйіні әр түрлі. Тұжырымдалған ойдан, түйінделген пікір мен көзқарастан адамның танымы мен өзіне ғана тән даралық қасиеті, дарыны мен қарымы аңғарылады.


Жалпы танымдық парадигманы анықтайтын терең парасат пен мағыналы мазмұнға негізделген, өмірлік ақиқатқа сүйенген, адам табиғатының күрделі де нәзік жаратылысын, сыр-сыйпатын ашуға, айғақтауға бағытталған философиялық тұжырымдардың қай-қайсысы да адамзат үшін баға жетпес ортақ қазына. Ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан осынау білім мен білік, ой мен таным сөз арқылы өріліп, сөйлем болып тиянақталып, тіл арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетеді.
Шешен сөз – көсем ойдың көрінісі. Қазақ халқы – шешендік пен көсемдіктің он-сан үлгісін жаратқан кемеңгер халық. Қазақта өмір мен тіршілікке, ел мен жерге, заман мен қоғамға, ұлт пен ұрпаққа, бақ пен таққа, сезім мен сенімге, т.б. дүниелік құбылыстарға қатысты ­шебер түйінделген ой, бейнелі сөзбен бекітілген ақиқаттар қаншама?!
Сөздік қорымызда әр қилы табиғи, адами құбылыстар мен философиялық пайымы терең топшылаулар аса мол. Сөзге тоқтап, сөзді кие тұтқан ежелгі жұртта тіл арқылы тұжырымдалып (концепцияланып), бабадан – атаға, атадан – балаға мұра болып келген, мирас болып жеткен қазынамыз – ұлтымыздың ұлы байлығы.
Суырып салып өлең-жыр айтуға жаратылысынан бейім шешен де көсем мінезді қазақ халқы сөздің қадірі мен қасиетін ерекше бағалағаны арғы-бергі тарихымыздан белгілі. Ұлы Дала билерінің тоқтамды сөзі мен кесімді пікірлері аса жоғары қоғамдық-әлеуметтік сипатқа ие болып, қара орман жұртты әділетті шешімге жүгіндіріп отырған. Терең ой, тебінгілі сөз ел ішіндегі наразылықты тоқтатып, әркез ынтымақ пен татулықтың көшін түзеуге игі ықпалын тигізген.
Біздің халық сөздің қатысымдық қызметін, тілдің қоғамдық функциясын елдік пен Отансүйгіштік тәрбие биігіне көтеріп, ұлттың өсіп-өркендеуіне бағыттаған. Сөздің ойлы да мазмұнды болуына ерекше мән берген.
«Сөздің шырайлы, ажарлы ­болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылдық керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек» дейді ұлт көсемі, алаштың алыбы Ахмет Байтұрсынұлы. Кемеңгер Ахмет Байтұрсынұлы атап көрсеткен «ойдың шеберлігі», «орынды сыншылдығы», «мағыналы білімділігі» көбінесе ақын-жазушылардың көркем шығармаларының идеясы мен мазмұнынан, тілі мен ділінен көрінеді. Суреткер шығармасы арқылы тұлғаның танымдық әлемін, азаматтың болмысын, елдік көзқарастарын зерделейміз, білеміз. Әр қаламгердің өз ойы, өз талғамы, өз тіл ұстарту шеберлігі, сөз қолданысы болады. Ой мен сөздің ерекшелігі туралы «Сөз қасиеті – көркемдігінде, ой қасиеті – шындығында» дейді заманымыздың заңғар жазушысы, ұлы суреткер Ғабит Мүсірепов.
Жазушыны толғандырған сын-сапа, іс-әрекет, мезгіл-мекен сипаттары мен көңіл-сезім өлшемдері шындықты бейнелеуге, ойды көркемдеуге, сөздің мағыналық реңктерінің құбылып, түрленуіне көмектеседі. Ой жүйесі мен сөздің ішкі мәнінің, эмоциялық реңкінің жымдасып отырып, терең толғаныстарға, әр алуан толғамдарға ұласуы қаламгердің стилі мен тұлғалық сипатын даралайды. Жазушы жетістігі мен тілдің шеберлігі дегеніміз осы. ­Сайып келгенде, жүйрік ой мен бейнелі сөзді бір арнаға бағындыра отырып, өзгеше көркем әлем жасауға сөздік қорды икемдей білу – шынайы таланттардың ғана қолынан келер іс.
Терең де бейнелі ой – көркемсөздің басты міндеті.

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет