Шешендік өнер хрестоматия



бет2/2
Дата08.12.2016
өлшемі0,78 Mb.
#3446
1   2

Асанқайғы мен Әз Жәнібек

  • Асанқайғы қойға қошқар қоймай, жылқыға айғыр салмай, бура шөгермей, сиырды бұқасыз сақтап, малды үш жылға дейін ту қылып ауған екен. Сол ауып бара жатқан бетінде ноғайлының ханы Әз Жәнібекке кез болыпты. Бұрын үш тойына шақырғанда Асанқайғы бармаған екен. Ауып бара жатып кез болған соң, Әз Жәнібек айтыпты: Бұрын бір хан болыпты. Ханның қасында бір қараша кедей үй қоңсысы болған екен. Ханның малының сүмесінен қозы қарын май мен бір қап құрт алған екен. Күзді күні ел тауға қонар мезгілде, қараша : «Ханымды шақырып, осы құрт пен майдың алдын таттырып кетейік. Сонда бізге қалғаны жұғымды болар. Ханымға таттырмай кеткен соң берекесі болмас »-дейді. Ханымды үйіне шақырса, қарашаның үйіне кіріп шығуға намыс қылып керіліп, «әне барамын», «міне барамын» деп, ақыры бармапты. «Құрт, майдың алдын ханымға таттырмай кетпейміз» деп, әлгі байғұстар ханымды сарғайып күтіп уақыт көшпей отырып қалыпты. Күндердің күнінде ханым шығып, қазыханаға барып қайтып келе жатса, ханның кісі алатын бурасы қуыпты. Ханым сасқанынан, қараша үйге қойып кетіпті. Сонда шал байғұс айтқан екен:

- Шақырса келмес ханымды

Бура қуып келтірді.

Қалжы-бұлжы дегізбей

Тура қуып келтірді.

Бастай көр қатын құртынды,

Сала көр қатын майынды,- депті.

11

Сол айтқандай, үш тойыма шақырдым,келмедің. Ақыры қадірсіз, аяқсыз келдің-ау Асаным!



  • Рас айтасың, Әз Жәнібегім. Ойың ұрғашыға ауған екен,- дейді Асанқайғы. – Өз бойындағы ақыл, ісіңе ие бола алмаған жан едің. Соңдықтан айтып отырсың, сен өзің неге той қылдың, білесің бе? Бірінші той қылдың, қарақалпақтың қызы Қарашаш сұлуды алдым деп. Екінші той қылдың, Жайық судың бойынан дауыл өтпесе, жан өтпейтін үй салдырдым деп. Үшінші той қылдың, Құландыға қу ілдірдім деп.

Оған несіне келейін деп Асан жырлап кетті:

- Ай, Жәнібек хан!

Айтпасам білмейсің,

Жайылып жатқан халқың бар,

Аймағын көздеп көрмейсің.

Қымыз ішіп қызарып,

Мастанып қызып терлейсің.

Өзіңнен басқа хан жоқтай

Өзеуреп неге сөйлейсің?

Қорған салдың бейнет қып,

Қызметшің жатыр ішіп-жеп.

Он сан ноғай бүлінді,

Мұны неге білмейсің?

Қатын алдын қарадан,

Айрылдың хандық жорадан.

Ел ұстайтын ұл таппас,

Айрылар ата мұрадан.

Мұны неге білмейсің?

Құладын құстың құлы еді,

Тышқан жеп жүні түледі.

Аққу құстың төресі,

Ен жайлап көлде жүр еді.

Аңдысып жүрген көп дұшпан,

Еліңе жау боп келеді.

Құлың кей сені өлтірер,

Осыны Асан біледі,

Мұны неге білмейсің?

Осыны көрдім түсімде,

Біл десе де білмейсің.

Әй, Жәнібек! Ойласаң.

Қилы-қилы заман болмай ма,

Суда жүрген ақ шортан,

Қарағай басын шалмай ма?

Мұны неге білмейсің?

Айтқан тілді алмасаң,

Енді мені көрмейсің!



Асанқайғының айтқанына басын шұлғығаннан басқа хан дәнеме демепті. Сол жолы екеуі дос болып, жалғыз жетім Жанәліні сұрап алып қалыпты.

12

Жиренше шешен

Қазақ аңыз - әңгімелерінің белгілі бір кейіпкерлері – Жиренше шешен атынан айтылатын шешендік, тапқырлық сөздер мен аңыздар ерекше өткірлігімен, тілінің шеберлігімен өзге аңыз әңгімелерден оқшау тұрады. Жиренше-қазақ шешендерінің үлгісі. Оның атымен байланысты сөздер мен әңгімелер, әдетте, әз Жәнібектің айналасында өрбиді. Аңыздарда Жиренше жарлыдан шыққан, әкесінен жастай айырылған жетім бала кейпінде көрінеді. Аң аулап, серіктерімен сейілде жүрген Жәнібек хан Жиренше баланы түйе қарап жүрген кезінде кездестіреді.



  • Түйеңді тұсап қоймайсың ба,бала?-дейді хан.

  • Тұсауы өліп қалған еді,-деп жауап қайырады бала. Ол мал көздейтін әкем өліп қалған еді дегені екен.

  • Ауылың қонаққа қой соя ма?-дейді Жәнібек хан.

  • Тапса, бір қой,таппаса, екі қой сояды, - дейді бала.

Баланың сөзін сынағалы хан нөкерлерімен үйіне келіп түссе, бала буаз саулық әкеп союға бата сұрайды. Сөйтсе, баланың манағы «таппаса екі қой сояды» дегені жарлы таңдап соймайды, буаз да болса, барын сояды деген сөзі екен. Ақылына, жомарттығына разы болған хан баланы қарауына, қамқорлығына алады. Жиренше басқа хандықта тұратын нағашысына барып, қала аралап жүріп, хан сарайының қақпасында жігітше киініп тұрған және жігіт таңдап тұрған хан қызына кездесіп қалады, ақырында сол қызға үйленеді. Атасының хандығына да, байлығына да қызықпай, ханның мұрагері – жалғыз қызы Қаракөз айымды алып еліне қайтады. Хан қызы мен күйеу баласын еліне аман-есен апарып салуға қастарына әскерінен қырық жігіт қосады. Жиренше қайың жұртын хандыққа кіргізбей, әз Жәнібектің көмегімен құрмет көрсетіп, сыйлық беріп ел шегінен қайырады. Бұлай ету себебін ол Жәнібекке «досыңды тоқтатпа, жолынан қалады, дұшпаныңды тоқтатпа, жолынан қалады, дұшпаныңды тоқтатпа, сырыңды алады» деп түсіңдіреді. Аяз би сияқты ханның қызын Жиренше ақылымен қалыңсыз алса, жарлының қызын байдың, кейде ханның малынан қалың мал төлеп алады. Осының өзі Жиреншенің әділдігін, биік адамгершілігін көрсетеді. Оның үстіне ол хан қайным деп жат жұртта қалмай, өзінің еліне келіп азаматтығын, ар-намыстылығын танытады. Жиреншеден қалған немесе Жиренше атынан айтылатын даналық, тапқырлық әңгіме-сөздер көп. Қазақ ауыз әдебиетінде Жиренше аты-жинақы образға айналған тұлға. Жиренше жайындағы аңыздың бәрінен де оның асқан тапқырлығы, шешендігі көрінеді. Жиренше шешен аңыз-әңгімелерге, кейбір жазба деректерге қарағанда Жәнібек ханның замандасы, ақылшысы, бас уәзірі болған, алғашқы қазақ хандығын құрған. Демек, XV-XVI ғасырларда өмір сүрген тарихи адам, мемлекет әрі өнер қайраткері.

13

Төле бидің даналығы



1663 – 1756 ж

Қазіргі Жамбыл облысындағы Шу өзенінің жағасында, Жайсаң жайлауында дүниеге келген, 1756 жылы Шымкент облысы, Ленгір ауданының Ақбұрхан деген жерде қайтыс болған. Қазақтың қоғам қайраткері, атағы жер жарған шешені, Ұлы жүздің бас биі, "Жеті жарғыны" жасаушылардың бірі. Құдайберді әулетінің өкілі болып табылатын Әлібекұлы Төле биге дейін ешкім би де, бай да болмаған. Төле бидің ата-бабалары қарапайым шаруалар екен.
Төле би мен Түлкі бала

Үйсін Төле би Кіші Жүз Алшын Әйтеке бидің үйіне қонаққа келіпті. Әйтеке қарсы алмапты. Тіпті, жатқан орнынан да тұрмапты. Төле би бұған өкпелеп, қайтып кетіпті . Артынан Әйтеке би сұрастырса, іздеп келген атақты үйсін Төле би екен.

- Шақырыңдар Түлкіні! Бір қайырса Төлені сол қайырар, бар ынтасымен сөз тыңдап отырушы еді,- депті Әйтеке би.

- Рұқсат етсеңіз, барайын,-депті Түлкі деген бала. Бала салт атқа мініп, Төле бидің алдынан орағытып шығып,сәлем беріпті де, әңгіме тыңдап бірге жүріпті.

Бір кезде Төле би:

- Әй, балам жол болсын!-депті.

- Әлей болсын! – депті бала. – Рұқсат етсеңіз бір сұрағым бар еді.

- Үш жүз деген кімдер?

- Қазақтың үш баласы. Үшеу ағайынды.

- Ағайынды кісі өкпелессе өкпесі немен тарқайды?

- Ағайынның өкпесі аса зілді болмайды. Бірін-бірі сағынысып, көрісумен тарқайды.

- Ал, ағасы інісіне өкпелесе ше?

- «Ініні зордан, ағаны бордан»,-деген ғой, іні-тас,аға-бос болады, -депті Төлеби.

- Төрелігіңізге құлдық, ата! Ініңізге өкпелеп, елге қайтып бара жатыр екенсіз. Райдан қайтып, қонақ болып қайтуыңызды сұрай келдім,-депті сонда Түлкі.

- бетің қайтпаған бала екенсің, бір ашуымды байладым,-деп Төле би кейін бұрылған екен.

Ананың тікенектей арқасы балаға мамықтай

Жорықтан оралған жігіт Төле үйіне келіп, жол үстінде көрген-білгенін әңгімелеп отырады.



  • Ауыл іргесіне жақындай бергенде екі-үш жасар баласын мойнына мінгізіп, бір арқа шеңгелді арқалап келе жатқан әйелді кездестірдім. Тікенек үстінде отырған баланы ерге отырғызып, алдыма алайын десем, шешесінің мойнынан айырылмай қойды, - дейді. Сонда Төле би:

  • Кірпішешен баласын арқалап жүріп өсіреді емес пе?

  • Бұл не дегеніңіз, биеке?

  • Ананың тікенектей арқасы балаға мамықтай жұмсақ тиеді, - депті Төле.

14

Қаздауысты Қазыбек би мен Әйтеке би-шешен

1667 – 1763 ж



Қазақтың аса айтулы, айбынды, аруақты биінің бірі- Қаз дауысты Қазыбек би. Қазақ жүздерін басқаруды реттеу ниетімен Тәуке хан Ұлы жүздің биі етіп Төле биді, Кіші жүзге Әйтеке биді, Орта жүзге Қазыбек биді тағайындайды. Халық ауыз әдебиетінде сақталып қалған аңыздар мен кейбір архивтік мәліметтер бойынша, Қазыбек би Келдібекұлы "Тәуке хан заңдарының жинағын" өңдеуге қатысқан. Оның өмірі қазақ-қалмақ шапқыншылықтары өршіп тұрған жаугершілік заманда өтті. Қазыбек есімі ел аузындағы әңгімелерде, тарихи деректерде, көбінесе Абылай ханмен, Бұқар жыраумен қатар аталады. Халық оны «Қазып айтқан Қазыбек» деп қастерлеген. Қазыбек 14 жасында Тайкелтір би бастаған қазақ елшілерінің құрамында қалмақ ханы Қонтәжіге барып, батылдығымен әрі сөзге шешендігімен көзге түскен. Қазыбектің табандылығы мен тапқырлығының арқасында осы сапарда қазақ елшілері теңдікке жетіп, қалмақ шапқыншылары байлап әкеткен адамдарын, айдап әкеткен малдарын қайырып алып қайтады, Қазыбек «Қаз дауысты Қазыбек» деген атаққа ие болады. Қазыбектің бұл елшілік еңбегін Шоқан Уәлиханов та естіген. Ол «XVIII ғасырлардың батырлары туралы тарихи аңыздар» дейтін мақаласында былай дейді: «Үш жүздің батырларынан сіз кімді артық көресіз» деп Абылайдан сұрағанда, ол былай деп жауап беріпті: «Бізге дейінгі екі кісіге таң қалуға болады. Олар тоқсан туысын тұтқыннан құтқарып қалған Қаракесек Қазыбек және тағы да сондай өзінің тұтқында кеткен адамдарын босатып алған Уақ Дербісәлі. Біріншісі Қалданның өз алдына барып босатып алған,ал соңғысы өз ауылында жатып дұшпанын қорқытып алдырған.» деген екен.
* * * * * * *

Төле би тоқсан жасқа келгенінде Қаз дауысты Қазыбек сәлем бере барыпты. Елдің жақсылары, шешендер, ойшылдары жиналып, әңгіме-дүкен құрып отырғанында:



  • Қаз дауысты Қазыбегім келді. Бәрің түгел жиналыңдар. Сендерге айтар он түрлі жұмбағым бар, соны шешіңдер,- дейді Төле би.

  • Айтыңыз, айтыңыз?

  • Айтсам, он түрлі жұмбағым мынау: бір,екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он.

Отырғандар таң-тамаша болады.

  • Бұл не жұмбақ? Осындай да жұмбақ бола ма?

  • Төке, бұл жұмбақты мен шешейін, рұқсат етіңіз?-дейді Қаз дауысты Қазыбек.

15

  • Рұқсат, рұқсат.

  • Бір дегеніміз- бірлігі кеткен ел жаман.

  • Екі дегеніміз-егесіп өткен ер жаман.

  • Үш дегеніміз- үш бұтақты шідерден шошынған ат жаман.

  • Төрт дегеніміз-төсектен безген жас жаман.

  • Бес дегеніміз-белсеніп шапқан жау жаман.

  • Алты дегеніміз- асқынып кеткен дерт жаман.

  • Жеті дегеніміз- жас келіншек жесір қалса, сол жаман.

  • Сегіз дегеніміз- серпілмеген қайғы жаман.

  • Тоғыз дегеніміз- торқалы той, топырақты өлімде бас көрсетпесе, сол жаман.

  • Он дегеніміз- оңалмас кәрілікке дауа болмас деген,-дейді Қазыбек.



Бала – бауыр етің
Қазыбек беріде елге танымал болған кезде бір балаға дауласып екі әйел алдына келіп жүгінеді. Әйелдердің бірі:

  • Мынау баламды мен есін білмейтін жас күнінде жоғалттым, соны мынау әйел тауып алды ма әлде ұрлап алды ма, оны білмеймін, әйтеуір асырап алыпты. Бүгін танып, сұрасам «өз балам» деп бермейді,-дейді.

Екінші әйел тұрып:

  • Бала өзімдікі, өзім таптым. Мынау босқа жармасып тұр,-дейді. Қазыбек екі әйелдің сөздерін тыңдап болып, біраз ойланып отырып қалады. Содан кейін:

  • Бірің балаңды жоғалтқаныңды, енді бірің тапқаныңды растап шығарлық мұнда басқа куә жоқ. Сондықтан мынандай билік еткім келеді,-дейді де,баланың екі қолынан екі әйелге ұстатып қойып, қара балтаны ұстап көтеріп тұрып: «екеуіңе де қара қылдай қақ бөліп беремін, осыған ризасыңдар ма?» -дейді. Сонда балаға ие болып жүрген әйел:

  • Біреуге тірі кеткенше, жартысы болса да өзімде қалсын, бөлсең бөл! - деп безеріп тұрып алады.

Ал баланы таныған әйел:

  • Ойбай, биеке-ай! Қайда жүрсе де тірі болсын, шаба көрмеңіз! - деп безек қағады. Содан барып Қазыбек :

  • Бала мына жоғалтқан әйелдікі, өйткені ол баланың тірілігін тілеп тұр, баласын өзіне бер, - деп билік айтады.




16

1689 – 1766 ж

Әйтеке Байбекұлы - қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері. Әлім тайпасының Төртқара руынан шыққан. Әмір-Темірдің бас кеңесшісі Ораз қажының бесінші ұрпағы. Бүкіл парсы, өзбек, қырғыз, қазақ жұрты "Синесоф буа" (жаны пәк жан) атаған Сейітқұл әулиенің үшінші ұрпағы. Әбілқайыр ханға дейін Кіші жүздің сөзін ұстаған қазақтың биі. Есім хан тұсында Самарқанды билеген Жалаңтөс батырдың немересі. Бұл би де Тәуке ханның ұлы заңы «Жеті жарғыны» жасауға қатысқан.



Тегімді сұрап нетесіз?

Әйтекенің есімі елге ең алдымен ділмар шешендігімен, тапқыр билігімен мәлім. Бір аңызда Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек ертеректе өлген бір кісінің құнын даулап, Кіші жүзге келеді. Дау бірнеше күнге созылып, екі жақ келісе алмайды. Бір күні есік жақта отырған бір жігіт:

Асқар тау, сенде бір мін бар – асу бермейсің,

Тасқын су, сенде бір мін бар – өткел бермейсің.

Билер, сендерде бір мін бар – басқаға сөз бермейсің! – деп тұрып кетеді.


  • Шақыршы, анау жгітті, -дейді Қазыбек. Жігітті шақырып келген соң:

  • шырағым, қай баласың, аты-жөнің кім?- дейді билер.

Әкемді сұрасаңыз -жетесіз,

Шешемді срасаңыз - некесіз.

Туа салған бір баламын,

Тегімді сұрап нетесіз?-

дейді жігіт.


  • Балам, сөзің жетті, енді төрелігін айтып, осы дауға өзің ие бола ғой! – дейді Төле би. Сонда қара жігіт түрегеліп тұрып:

  • Алты атасын арқалап жүргенді сіздерден көрдім, жеті атасын жетектеп жүргенді сіздерден көрдім. Ескіріп кеткен дау екен! Бірақ құр қайтсаңыздар,ағалық назарларыңа қалармын. Ердің құны жүз қара қой. Кіші жүз санын жүзге толтырып тайынша-торпақ берсін, соған разы болыңдар, - дейді. Екі жағы да осы төрелікке тоқтап, разыласып тарайды. Бұл Әйтекенің жас шағында айтқан бір төрелігі екен.

Қара қылды қақ жарған

Төле би мен Қаз дауысты Қазыбектің бір әділ билігіне риза болған Әйтеке би көп адам отырған жиында:

Бүркіт бол, заманыңыз түлкі болса,

Бай болар кедей жігіт мүлкі болса.

Жақсылардың белгісі сол емес пе-

Қара қылды қақ жарған әділ болса,- депті.



17

Сырым батыр – әрі шешен, әрі би

(1712-1802)

Сырым батырдың өмірі мен қызметі XVIII ғасырдың соңғы ширегіндегі Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысымен тығыз байланысты. Сырым Датұлы – қазақ тарихындағы елеулі қайраткердің бірі, 1783-1797 жылдардағы отарлауға қарсы және ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы. Әділет үшін арпалысқан, халқының қамын қара бастың мұңынан жоғары қойған ер жастайынан-ақ шешен-шежірелігімен көзге түскен, билікке араласқан. Ел аузында Сырым есіміне байланысты айтылатын аңыз әңгіме, шешендік сөз, билік тоқтам, өлең –жыр көп сақталған. Шешендік өнерді үйренген Сырымның ұстазы- халық, халық ішінде бұқарашыл шешендер мен батырлар. Сырым батыр үлгі алып, сөз үйренген кісілер Тама Есет, Адай Атақозы, Тама Қадір т.б

Байбақты руында Шолан деген кісі болған. Шоланнан Дат, Даттан Сырым туған.


  • Балам кімнің баласысың ?-дейді.

  • Даттың баласымын, - деп Сырым жолаушыларды үйіне ертіп келеді. Бұл Қараман Малайсары екен. Даттың үйіне түсіп қонақ болып, Малайсары аттанарда Сырымның шешесіне:

  • Осы баланы жақсылап өсіріңіз,- деп тапсырады. Міне, халық аңызы Сырымды жастайынан-ақ осындай зерек болған дейді. Сырымның үлкен әкесі Шолан бай болған. Оның үстіне Сырымның ханмен құда болуы, атақты батыр, билерге сыйға ат мінгізіп, шапан кигізіп бата алуы-осының бәрі Сырымның ауқатты жерден шыққандығын көрсетеді. Тек Сырымның өз әкесі Дат шаруа баққан, момын, жуас адам болса керек. Сырым 15 жасында бір құшақ отын құшақтап Нұралы ханның аулының сыртынан өтіп бара жатса, иығына шапан жамылып далада тұрған хан баланы шақырып алып:

  • Үй ішінің кемдігі отын-сумен жетіледі, ауыл сыртынан отын ұрлап, бала, есің неден кетеді? – дейді.Тақсыр, даланың отыны олжа,суы нұрлық, біреудің малы мен ақысын жеу ұрлық! –деп жауап қайтарады Сырым. «Жүйрік тай-құнаннан, өнер жас ұланнан» дегендей халық Сырымды еңбекке арланбайтын, ешкімнен жасқанбайтын, осындай өжет бала бейнесінде әңгімелейді. Халық Сырымның әкесі Дат жеті ағайынды болған дейді. Ал Сырымның өзі он бір ағайынды болса керек. Халық Сырымды көп балалы үйде өскен әдепті, көпшіл адам етіп суреттейді, үлкенді сыйлау, кішіні есіркеу, жатты жатырқамау Сырымға тән жақсы қасиеттердің бірі болған. Сырымның анасы да адал, ақылды адам болған. Демек, Сырымның әкесі би болмағанмен, үйі би түсетін үй болған. Мектеп-медресесі жоқ елде кісі көп келетін ауылдың баласы сыншыл да көпшіл болатыны белгілі. Сырымдай ақылды, аңғарлы балаға уақытысында ел бастаған шешен, қол бастаған батырлар игі әсер еткен. Сырым батыр қуғын-сүргінді көріп, әр қилы жағдайда елден ұзақ уақыт жырақ жүрген. 1802 жылы 79 жасында қайтыс болған.

18

Шешендік сөз – ауыз әдебиетінің қайнар бұлағы

«Түгел сөздің – түбі бір»

Қазақ – сөз қадірін өз қадірім деп білген халық. Кендігін де, елдігін де, кемеңгерлігі мен көсемдігін де сөзге сыйғызған жұрт. Оның тарихы да, тағдыры да, тәлімі мен тәрбиесі де, даналығы мен дала көңілі де сол сөзде жатыр. Қазақ тарихында сөздің орны ерекше. Бітпес даудың, бәтуәсіз шудың кесімі де, шешімі де сөз болған. Тұла бойдың тылсым сырын сыртқа жаяр, лып еткен сезім, терең ақыл, кемел ой, арман-мұрат, мұң мен сыр – бәрі сыйған сиқыр сөздің бағасын біреу білсе, қазақтай-ақ білсін. Оның рухы, жан құпиясы, төзім-сезімі сөз құдіретімен тұтас, туыс. Сондықтан да ол үшін сөзден өткен күш, құдірет жоқ. Тоқтам жоқ. Қазақ – «ат сүрінгенше» ақыл тапқан, ұшқыр ойды қастерлеген, ғасылар бойы сөз мұрасын қорғаштап, сөз асылын жоғалтпай келген, ардақтысы да, аяулысы да сөз болған халық. Ата-бабамыз ауыз әдебиеті дейтін ғажайып мұра қалдырды. Онда қазақ дейтін қалың елдің қанында, жанында болған қасиеттің бәрі бар. Онда халықтың рухани өресі, мәртебесі, тұрмыс-салты, мінез-құлқы бар. Қазақтың тілі сұлу, қонымды да толымды тіл. Сол тіл кестелеп өріп, өрнектеп, өлмейтін, өшпейтін ғажайыптар тудырды; асыл мұра, қазынасы сарқылмас алтын сандық-ауыз әдебиетін жасады. Ауыз әдебиетінің інжу-маржаны деуге боларлық бір түрі-шешендік сөздер. Бұл сөздердің де қаны мен жаны – төзім, мәрттік, кеңдік, адалдық, ақ жүрек қайырымдылық сияқты халықтық қасиеттер. Аумалы-төкпелі, алмағайып замандарды бастан кешкен халықтың өзіндік басқару жүйесі болды: ел қамын жеген ерлері, сөзін сөйлеп, жағдайын жайлаған шешендері, білімпаз билері болды. Биді байлық та, барлық та жасай алмаған. Би тұғырына топты жарып, таразы басын тең ұстап, әділін, қара қылды қақ жарып айтқан кісі көтерілген. Билер жақсы мен жаманды, жақын мен алысты, қымбат пен арзанды, қиын мен жеңілді алға тартады. Мал дауы мен жан дауы, ар дауы мен намыс дауына кесім айтады. Би – табиғи дарын, асыл текті ақыл, арғыны көре білген көсем, ақпа-төкпе шешен. Халық қамын ойлаған хандар болған. Елдікті сақтаған, ерлікті тудырған замандар болған. Әз Жәнібек, Әз Тәукеден, Абылайдан жеткен билік жүйесі болған. «Тілмен түйгенді, тіспен шеше алмас» деген тұжырым жасайды. Билерге байланысты айтылатын әңгіме мол, дерек көп бола тұрып, атынан шошып, үрейленген кезеңдер кесіріне көміліп, көңілден таса, көмескіленіп қалғаны да даусыз. Оларды тауып, тасқа басып, хаттап жинап қояр мезгіл жетпек түгіл әлдеқашан өтіп кетті. Билер сөзі әр жылдары жарық көрген «Ел аузынан», «Сөз тапқанға қолқа жоқ», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарынан, «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті», «Жас алаш», «Ана тілі», «Өркен» газеттерінен және басқа басылымдардан іріктеліп алынған. Осы қастерлі мұра, даналық пен қара қылды қақ жарған әділдіктің айғағы шешендікпен айтылған билер сөзі әлі де ұмытылған жоқ, халықтың жадында.

19

Темірғали шешеннің жұбатуы

Патша заманында Көкше өңірінің Қозыбай деген бір жақсы адамы Семей жаққа жер ауып келіпті. Сонда Темірғали деген шешеннің айтқан жұбату сөзі:



  • Жақсыға жаман-кесір, жақсысы кетсе-жесір. Табыңда жақсы болса, пайдасы тиер, еліңде тентек болса, найзасы тиер, кең қолтық қоғамшыл болсаң, халқың сүйер. Шошынбас жүрек болмас, тосылмас жүйрік болмас, дәміңді алыстан жазса, бармасқа басыңда ерік болмас. Қисық ағаш тезден мұқайды, дау сөзден мұқайды, ел ішінен шыққан дұшпан жаман, өзінен-өзі мұқайды. Ер жігітке тағылған шынжыр, арқан ар емес, қайратпен оны сүйретпеген жігіт нар емес. Біздің елдің жаманы басыңыздан пәле кетпестей көріп жүрген шығар. Дәміңізді алыстан жазса, топырағыңызды туған жерден жазар, еш нәрсе ойламаңыз.

Жұбату

Ел ішіндегі белгілі де беделді Жаппас деген қарияның жалғыз баласы ер жеткен шағында кенеттен қайтыс болып, қатты күйзеледі. Сенім артқан сүйеніші,көрер қызығы бар алданышынан айырылған Жаппасқа бұл қаза қасіреттей батады. Оның жағдайы күннен-күнге төмендеп, төсек тартып қалады. Осы жайды естіген, жастайынан Жаппасты сыйлап өткен Тоқсан би көңіл сұрауға арнайы келеді де, Жаппастың үйінің босағасын аттай бере ағылтып қоя береді:



  • Ей, Жаппас, көтер беліңді, жылатпа еліңді,

Қас нардың қабырғасынан қол сөгілседе елемес

Тағдырдың ісіне көнбейтін пасық адам сен емес.

Өткен қайтып келмейді, өшкен қайтып жанбайды.
Бидің аңқылдаған көңіліне,жарқылдаған асыл сөзіне елең еткен Жаппас жайлап басын көтереді. Сөз арасында ол Тоқсан биді сынамақ ниетімен:


  • Бұл қайғым қайтсем қалады? – деп сауал тастайды.

Сонда Тоқсан би:

  • Ей, Жаппас, бұл қайғың,

Келелі бидің кеңесінде қалады.

Биік таудың төбесінде қалады,

Өзен-судың көбесінде қалады.

Қыран құстың қияғында қалады,

Жүйрік аттың тұяғында қалады.

Ұлы дүбір той-ойындаа қалады.

Осы айтқанды орындамасаң,

Өле-өлгенше өзіңнің мойнында қалады,

-деп жауап беріпті.

20

Қара Дос пен Маман би



Ертеде Тау елін жайлаған Шөмекей рулары жұтқа ұшырап, қатты күйзеліпті. Елдің жағдайын көріп қиналған Қара Дос шешен көршілес қарақалпақ елінің биі Маманға барып, бидай сұрамақ болып жолға шығады. Бұлар келгенде Маман би ауыл ақсақалдарымен төбе басында әңгімелесіп отыр екен. Қара Дос Маман бимен қол алысып амандасып, шетке отырады. Маман бидің қонақтармен жұмысы болмай, әңгімесін айта отырып, арасында жігіттеріне дауыстап қояды. Сусын көтеріп екі жігіт келеді. Жігіттің бірі сусынды Досқа ұсына бергенде:

  • Тарт сусыныңды, біз шөлдеп келгеніміз жоқ, қона жатып сөйлесетін бел деп, келдік. Қонақ күте білетін ел деп келдік. Ағаның үйі – ақ жайлау,жеңгенің үйі- жаз жайлау. Өз үйіміз деп,басып ішеміз бе десек, төбенің басына тасып ішетін болдық па? – деп Дос биге қарайды. Сөзден тосылған Маман би қонақтарды үйіне шақырады.Үйге келген соң:

  • Ақсақал, өзіңіз қарттықпен қалайсыз?-дейді Дос үйге кіріп-шығып жүрген жас әйелді аңғарып қалып.

  • Әй, бала, бұл не дегенің. Жақсының жақсы жасын сұраушы ма еді, тұлпардың аузын ашып тісін көруші ме еді,-деп Маман би сөзін жалғастырады.

  • Қырықта осы елдің қыруары едім,елуде ел перісі болдым, алпыста бөрісі болдым, жетпісте жел перісімін, сексенде сарқарда боламын, тоқсанда топтан торай шалдырмаймын, жүзде де алғанымның көңілін қалдырмаймын,-дейді. Сонда Дос күліп:

  • Бұл халықтан шыққан мақал емес қой. Жас жеңгейдің көңілін жықпай айттыңыз-ау. Болмаса қырық-қылау, елу-ер жігітке бел емес пе, алпыс-қайта қонған ел емес пе? Жетпісте отыз омыртқа бүгілмей ме? Сексен - сергелдең, тоқсан жоқ сан емес пе? Жүзде ешкім келмейді қасыңа, қарға қонбай ма басыңа?!-дейді.

  • Өзіңдей ініге олжаға алып едім. Жұдырықтай қара бала, өкшелеп ізімнен қалмадың ғой. Тарпиын ба, қарпиын ба? – дейді Маман би ашуланып.

  • Ақсақал, бұл айтып отырғаныңыз түйенің әдісі ғой. Мен адамның әдісінен жығылып көрген жан емеспін. Тарпысаң тақырға өскен темір тікенмін, табаныңа кіріп, аяғыңды ақсатармын, қарпысаң улы шөппін, тамағыңды қақсатармын , -деп жауап береді Дос.

  • Үш жүзді туғанда анасы үш түрлі нәрсеге жерік болған екен. Ұлы жүзді көтергенде, малға жерік болыпты. Кіші жүзді көтергенде, бөрінің бауырына жерік болыпты. Сен бала бастан-аяқ сөздің найзасын түйреп атасың ғой,-деп Маман би ашуланыпты. Сонда әзір отырған Дос:

  • Әкем ақылды кісі еді. «Елді есі кеткен жамандайды», «Жүзден жүзді кеміткеннің жүзі қара» дейтін. Жүзің қара би екенсің. Аузы кіші, қарны үлкен қой семірсе-көтерер, қарны кіші, аузы үлкен ит семірсе-құтырар. Саған сөздің майдасын беріп, маған найзасын берсе, амалы қанша. Түйрейін бе отырған жеріңде?! – дейді. Сөзден тосылған Маман би айыбын жуып-шаймақ болып:

  • Жақсы көрген кісіңнің жұмысын келгеннен сұра, кеткенше бітер. Жек көрген кісіңнің жұмысын көтерде сұра, бітсе бітер, бітпесе кете берер деген. Мен сені тәуір көріп қалдым. Жұмысың болса айта отыр,-дейді.

  • Бөтен жұмыс жоқ, кеусен сұрай жүр едік,-дейді Қара Дос.

21

Сол жолы Маман би Қара Достың жетегіндегі нарларға астық артып жөнелткен екен. Келер жылы Маман би бидайдың бодауына киіз алмақ болып, Қара Достың ауылына барады. Үйге кіріп, амандық-саулық сұрасқан соң:



  • Ал,шырағым Қара Дос! Отыңның басын көріп, бала шағанның жағдайын білейін деп келіп едім, сонымен бірге көрген түсім бар еді. Түсіңді жақсы көрген адамыңа жорыт немесе ғалымға жорыт деген. Мен түсімді өзіңе жорытқалы келдім. Сексен бас үйім бар екен, сексен басына сексен қарлығаштан бір қарлығаш та қалмапты, -дейді Маман. Сонда Қара Дос:

  • Бұл түсіңіз бардың жоритын түсі екен. Мен өзім қонақасы беруге жарығанмен, бұндай түсті жоруға шамам келмейді. Бұл түсіңізді Сансызбайға жорытармыз, -депті. Қошқаралы руынан шыққан Сансызбай әрі бай, әрі сақы болған екен. Дос Маман биді ертіп Сансызбайдың ауылына келеді. Сансызбайға Маман бидің түсін айтып береді. Сонда Сансызбай езу тартып күліп:

  • Бұл келініңіз Айымның жоритын түсі екен,-деп шай құйып отырған әйелі Айымға қарайды. – Қайнағаңның түсін кеткенінше жорып қой. Маман би қона жатып қонақасын жеп,енді аттанарда Айым:

  • Қайнағаның сексен бас үйі тозып,сексен қарлығаш ұяласа бір қарлығаш тұрмайтын болған екен. Бір сары атанға он сегіз өре киіз артып қойдым. Ала кетіңіз,-депті. Маман би серіктеріне ертіп қыр асқан соң қосшысына:

  • Түсті келіннің өзі жорыды ма? Болмаса Сансызбай айтып жорытты ма? Сынай кеттейік. Сен барып келінге сәлем айт. Орамалы ақ екен, дастарқаны қоңыр екен де. Осыған қайтарған жауабынан өзі жорыған-жорымағаның білеміз, - депті. Сонда Айым Маман бидің қосшысына:

  • Қайнағаға сіз де сәлем айтыңыз. Орамалым ақ болса,тазалығым шығар, дастарқаным қоңыр болса, мырзалығым шығар, -депті. Маман би қосшысын қайта жіберіп:

  • Келінге сәлем айт. Келер көктемде адам жіберсін. Келген қонағына сусын болатын жиырма қашар айдатамын,-депті. Маман би қосшысын қайта жіберіп:

  • Келінге сәлем айт. Келер көктемде адам жіберсін. Келген қонағына сусын болатын жиырма қашар айдатамын,-депті. Содан бері Тау еліндегі қазақтардың сиырының тұқымы сол Маман бидің Сансызбайға берген сиырларынан тұрады деген сөз бар.



22

Бұқар жыраудың толғауы

Қара құлан жүйрік деп,

Құланды жақтай бермеңіз,

Жебе тисе мерт болар,

Мерт болған соң ет болар.

Жалғызға зорлық қылмаңыз,

Жағасынан алмаңыз.


Өзіңіздей жақсы сындарға,

Анау деген ат болар.

Қара құла арыса,

Майы қалың бесті артық,

Баласы жоқ қатыннан

Лақтаған ешкі артық.

Жалғыз туған жігіттен,

Сырым тікен тал артық,

Жарлы болған жігіттен

Бесіктегі бала артық.


Ай не болар күннен соң

Күн не болар айдан соң,

Құлпырып тұрған бәйшешек

Қурай болар солған соң.

Хандар киген қамқа тон

Шүберек болар тозған соң,

Еңсесі биік кең сарай

Мортық болар бүлген соң.

Төрде отырған қарт бабаң

Төресін жаңылар малдан соң,

Доңғалақ арба жүре алмас,

Қос арысы сынған соң,

Жігіт жақсы бола алмас,

Алғаны жаман болған соң.


Ежелгі дос жау болмас,

Шірнеуіште хаты бар.

Ежелгі дұшпан ел болмас,

Көңілінде кірдің таты бар.

Ежелгі жау дос болмас,

Айтысқан оның серті бар.

Айтысқан оның серті бар.

Ежелгі дұшпан ел болмас,

Көңілінде тұтқыр кірі бар

23

Көкірек таза болмаса...



Арзан – өтірік, қымбат-шындық

Бірде Жанқұтты шешен Құнанбайдың үйінде отырғанда Абай келіп сәлем береді. Ол кезде Абайдың жас, үйленген шағы екен. Абайдың тапқырлығын, өлең шығаратындығын естіп жүргенде шешен баланы қасына отырғызып:



  • Шырағым, дүние неге сүйенеді? – деп сұрайды. Абай:

Дүние үмітке сүйенеді.

  • Көздің көрмесі бола ма?

  • Көз қабағын көрмейді.

  • Шам жарығының түспесі бола ма?

  • Шам жарығы табағына түспейді.

  • Болат пышақтың кеспесі бола ма?

  • Болат пышақ өз сабын өзі кеспейді.

  • Тамағына тартпайтын мақлұқат бола ма?

  • Өз тамағына тартпайтын мақлұқат болмайды, - дейді бала Абай.

Жауабына риза болған шешен оған осыны өлең түрінде жазып беруін сұрайды.

Сонда Абай:

Сіз сұңқар самғай ұщқан қиядағы,

Талпынған мен балапан ұядағы,

Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем,

Дүниенің жалғыз үміт тиянағы.

Көз көруі жетпейді қабағына,

Шам жарығы түспейді табағына.

Өз сабын болат пышақ өзі кеспес.

Мақлұқат тартпай қоймас тамағына, - депті.


Ет желініп, қымыз ішілгеннен кейін Абай:

  • Ата, сізден сұрақ сұрауға бола ма? – дейді.

  • Е, шырағым, сұрайғой, - депті Жанқұтты.

  • Ата, арзан не, қымбат не, дауасыз не?-депті Абай.

Жанқұтты:

  • Шырағым, арзан-өтірік, қымбат-шындық, дауасыз-кәрілік емес пе, жанарыңның оты бар екен-ақындығың шығар, маңдайың жазық екен – ойлылығың шығар, халықтың қалаулы азаматы бол, - деп батасын беріпті.

24

Шоқан мен Саққұлақ шешен


Жазда ауылына демалысқа келіп жатқан Шоқан саққұлақ шешенді қонаққа шақырып, бірнеше күн оның тағылымды әңгімелерін тыңдайды. Дидарласу кезінде жас Шоқан қонаққа тосын сұрақ қойып:

  • Ақсақал, біреу жолдан адасса, кімнен ақыл сұрайды?- дейді.

  • Шырағым, көнеден сұрайды,-дейді шешен.

  • Көне адасса, кімнен сұрайды?

  • Көне адасса, көргендіден сұрайды.

  • Көргенді адасса, кімнен сұрайды?

  • Көргенді адасса, көптен сұрайды.

  • Көп адасса, кімнен сұрайды?

  • Көп адасса,көп оқығаннан сұрайды.

  • Көп оқыған адасса,кімнен сұрайды?

  • Көп оқыған неге адассын ! әлгінде ғана Сатыбалдының Жаманқұлына күдіктеніп, оның Үмбеталы жырау туралы дастанынын өзің де менен сұрап анықтап алған жоқпысың?-дейді шешен. Содан соң:

Асылы, ақыл-адамды аздырмайтын ем.

Білім-таусылмайтын кең.

Адамның басшысы-ақыл,

Жетекшісі-талап,

Шолғыншысы-ой,

Жолдасы -кәсіп,

Қорғаны – сабыр,

Қорғаушысы – мінез.

Біліп туған бала екенсің,

Тумысыңнан дана екенсің,-

дейді Шоқанға риза болған шешен.

Шоқанға берген батасы
Саққұлақ би шешен Шоқанның білімі мен мінезіне қатты риза болып, аттанарда былай деп бата береді.

Біліп тұрған бала екенсің,

Туысыңдағы дана екенсің.

Айла-ақылы дарыған,

Атаң Абылайдың тап өзіндей хан екенсің.

Өсе берсін бақытың,

Үстінде ағар тақыттың!

Сонда Шоқан: «Ақсақал, тақыт дегеніңіз артық болар» деп жымиып, езу тартқан екен. Саққұлақ би шешен оған іркілмей: «Мынаны қазақ тақ дейдіғой, білімпазым» -деп қасында тұрған орындықты көрсетіпті. Бұл – тұғырыңнан таймай өт деген сөзі екен.

25

Аттары аңызға айналған уәзірлер

Қазақ аңыздарының көбісі тарихи адамдардың – белгілі қоғам, өнер қайраткерлерінің айналасына топталған. Оларды кейіпкерлерінің өмір сүрген уақыттарына қарай екі дәуірге: XI-XIV және XIV- XVI ғасырларға бөлуге болады. Біздің дәуірімізге ауызекі және ішінара жазбаша жеткен әдеби мұралардың ең арғысы-Қорқыт,Қожанасыр,Майқы және Аяз би жайындағы аңыз-әңгімелер.



Қорқыт

Ежелден ел аузында келе жатқан қазақ аңыздарының бірі – «Қорқыт». Қорқыт туралы аңыздың қысқаша мазмұны мынандай: ертеде Сыр елінде Қорқыт есімді бір белгілі адам болыпты. Ол Қазығұрт тауының бауырында, анасынан «мес» болып туады. «Месті» көрген жұрт үрейленіп қалады, тек шошынбайды. «Менің туғаным жанды бала еді ғой» деп «месті» жарып жібергенде ішінен нәресте шығады. Қорқып тарай бастаған жұрт қайта жиналып «бұл өзі дүниеге жұртты қорқыта келдіғой »- деп , атын Қорқыт қояды. Қорқыттың ата тегі – оғыз. Қорқыт жасында түс көреді. Түсінде оған Қыдыр «сен қырық жас жасайсың» деп аян береді. Қорқыт ер жетіп, есейген соң астына желмая мініп, елінен қашады, адамы өлмейтін ел, жер іздейді. Бірақ өлім оның күндіз ойынан, түнде түсінен кетпейді. Қорқыт далада қурап жатқан аң сүйектерін, қирап жатқан ағаштарды, құлап жатқан жартастарды көреді. Қайда барса да алдынан қазулы көр шығады. «Бұл кімнің көрі» деген сұраққа «Қорқыттың көрі» деген жауап естиді. Қорқыттың ажалдан қашып құтылмасына көзі жетеді. Оған бір күні «өлімді аузыңа алмасаң, өлмейсің» деген аян беріледі. Содан кейін Қорқыт өзінің туған еліне, Сырдарияның бойына қайтып келеді. Ағаштан қобыз жасап, оны түйенің көнімен қаптайды, оған жылқының қылынан қос ішек тағады. Сөйтіп өзіне жұбаныш, өнерден қуаныш табады, енді өлімді аузына алмайтын болады, қобызын тартып, ел аралап, ауырғанды емдеп, бейқам жүреді. Қазақтың аңыз-әңгімелері бойынша Қорқыт күй атасы болып есептеледі.

26

Аяз би

Қазақ ауыз-әдебиетінде «Аяз би» аңызының алатын орны ерекше. Ол- мазмұны мен көркемдігі жағынан жазба шығармалардан кем түспейтін, біреу де болса бірегей әңгіме. Аяз би туралы қазақ энциклопедиясында былай делінген: «Аяз би, Жаман – қазақтың аңыз-әңгімесінің аты әрі кейіпкері, ел басшысы, қоғам қайраткерлерінің халық қиялынан туған үлгі бейнесі...» Аяз би бейнесі елді қарапайым, ақылды, адал, қайырымды адам басқарса деген ежелгі халық арманын көрсетеді. Бұл аңыздан Аяз бидің Шыңғыс хан шапқыншылығына наразы, шабармандарына қарсы болғаны және халық қамын ойлағаны байқалады. Аяз би сол сапарында Жем өзені бойында отырған Мөңке биге барып сәлемдеседі. Әңгіме арасында Мөңке би:



  • Хиуа хандығы құрама ел еді, нағыз елің бар ма?-дейді Аяз биге. Аяз би бірден түсініп жауап қайтара қоймаса керек. Сонда Мөңкенің шай құйып отырған қызы:

  • Өз жұртың күншіл болады, қайың жұртың міншіл болады, нағашы жұртың – нағыз жұртың сыншыл болады. Нағашыңыз қай ел еді деп отыр әкем –дейді ...

  • Арсыздық неден, аңсыздық неден? – деп сұрайды Мөңке Аяз биден.

  • Арсыздық жоқтықтан, аңсыздық тоқтықтан шығады,-деп жауап қайырыпты Аяз би. Аңыздан Аяз бидің Хиуа хандығын басқарғандығы, ақылды адам болғандығы, сондай-ақ Мөңке бимен замандас, пікірлестігі аңғарылады. Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды – Аяз би бұрынғы Хорезм өлкесінде туып өскен. X-XII ғасырларда өмір сүрген, өзінің даналығымен, парасаттылығымен халық құрметіне, ел басқару дәрежесіне жеткен тарихи қайраткер.

27

Әзірет Әлі шешен



Ғылым артық па, мал артық па?

Әзірет Әлі шешен, әрі білгір адам болған екен. Бірде он жөйіт оны сынамақ болыпты. Біз оған бәріміз бір сұрақ берейік,егер ол шын шешен болса оған он түрлі жауап табар деген екен.



Сөйтіп олар: Ғылым артық па, мал артық па? – деп сұрапты. Сонда Әзірет Әлі былайша он түрлі жауап беріпті:

  • Біріншіден-ғылым артық. Өйткені,ғылым-әулие-әнбиелердің мирасы, ал мал-перғауын мен Қарынбайдың мирасы.

  • Екіншіден-ғылым артық. Өйткені, ғылым сені сақтайды, ал малды сен сақтайсың.

  • Үшіншіден –ғылым артық. Өйткені, ғылымның досы көп,ал малдың дұшпаны көп.

  • Төртіншіден-ғылым артық. Өйткені, ғылымды жұмсасаң арта береді, ал малды жұмсасаң азая береді.

  • Бесіншіден – ғылым артық. Өйткені, ғылым саған құрметті атақ береді, ал мал қатты, сараң деген атақ қалдырады.

  • Алтыншыдан-ғылым артық. Өйткені, ғылым өзін –өзі сақтайды, асырайды, ал малды бағу,күту керек.

  • Жетіншіден-ғылым артық. Өйткені, ғылым қиямет күн иесіне шапағат қылғызады, ал мал иесіне қисапсыз жауап бергізеді.

  • Сегізіншіден-ғылым артық. Өйткені, ғылым тозбайды, жоғалмайды. Ал мал-қолдың кірі, өледі, жоғалады.

  • Тоғызыншыдан-ғылым артық. Өйткені, ғылым көңілді нұрландырады, адамға ақыл-ой қосады; ал мал масаттандырады, болған үстіне бола түссе екен деп, дүниеқоңыз етеді.

  • Оныншыдан- ғылым артық. Өйткені,ғылым құдайға зәһат, таупиық, ғибадат қылады; ал мал иесінің көңіліне тәкаппарлық салады.

Бір ауыз сұраққа он түрлі жауап берген Әзірет Әліге жөйіттер содан соң мойын ұсынған екен дейді.

28

Сөз тапқанға қолқа жоқ.....

Сыр өңірінде ертеректе Дәуітбай деген ауқатты адам өмір сүріпті. Ол қанша дәулетті кісі болса да үйіне келген қонаққа жөнді ас бермейтін сараң екен. Содықтан ел оны «Соқпаның дым бермес Дәуітбайы» деп атап кеткен көрінеді. Бір жолы сол елдің адамдары әйгілі Досбол датқаға келіп:


  • Шық бермес Шығайбайымыз Дәуітбайды сөзден жығып беріңіз, - деп қолқа салады. «Ел құлағы - елу» дегендей, датқа бастаған бір топ жанның өзіне келе жатқаның естіген Дәуітбай зайыбына:

  • Әй, кемпір, талайларды сөзбен жыққан Досбол датқа осында келе жатқан көрінеді. Қонақтар келгенде мен қандай дәм дайында десем, соны орында, - деп ескерту жасайды. Досбол серіктерімен Дәуітбайдың үйіне келіп түседі. Амандық-саулық сұрасқан соң Дәуітбай далада жүрген зайыбын шақырып алып:

  • Әй, қатын, ел сыйлайтын мына Досбол қайның келіп қалдығой. Шәй бермейсін бе, - дейді. Осыдан кейін әйеліне:

  • Бұл Досбол ел аралап жүріп талай басты құртқан «қу» ғой. Жақсылап сыйлайық, өмірі оның жеп көрмеген дәмі – «ақтүймешті» әзірле, -деп әмір қылады. сыр елінде "ақтүймеш" деп қауынның қағы мен тарының талқанын араластырып, келіге салып түю арқылы дайындалған асты айтады. Былай шыққан соң қазы-қартадан үміткер болған жолдастары Досбол Датқаға:

  • Жаңағы Дәуітбай бізді қатырдығой. Неге сөзбен қағытып тастамадың? – дегенде:

  • Ешкімнен сөзден тосылып көрмеген едім. Дәуітбай бай сөзбен жеңіп кеттіғой, оған қалайша қарсы уәж айтпақпын. Қазақта «сөз тапқанға қолқа жоқ....» деген мақал бар емес пе? – деп жауап беріпті.


Тіл байлық-ізгілік мұрат
Бір үлкен жиында Шойынбеттің тапқырлығын сынамақ болған Сыздық төре:

Дәулет артық па?

Бақ артық па?

Өнер артық па?

Тіл байлық артық па? – деп сұрапты.

Сонда Шойынбет:

Дәулет – қолдың кірі жусаң кететін,

Бақ – сел-көшкін уақытпен өлшенген.

Өнер – ризық, несібе таусылмайтын,

Тіл байлық – ізгілік мұрат,

Ұрпаққа сөз қалдыратын, -

деп жауап берген екен.


29

Балаби мен Сырым

Сырым бір жылы орта жүзге барғанда сол елдің Балаби деген биіне кез келеді. Сырым мен балаби екеуі көп әңгімелеседі. Балаби Сырымға бірнеше сұраулар қояды, Сырым жауап береді.



  • Сіз ағайынды нешеу едіңіз?-дейді Балаби.

  • Мен ағайынды екеумін,-дейді Сырым.

  • Сізді Даттан ағайынды он бір деп естуші едік.

  • Сіз түсінбедіңіз, мен Даттан он бір екенім рас, бірақ та олардың маған қанша керегі бар? Менің ағайынды екеумін дегенім-біреу өзім, екіншісі –халқым.

  • Сөз анасы не,

  • Су анасы не,

Жол анасы не? – дейді Балаби.

  • Сөз анасы – құлақ,

Су анасы –бұлақ.

Жол анасы – тұяқ, -деп жауап береді Сырым.



  • Өтірік пен шынның арасы қанша жер, неше шақырым болар?- дейді Балаби.

  • Өтірік пен шынның арасы төрт елі. Көз бен көргеннің арасы, құлақ пен естігеннің арасы неше шақырым деп мені алдамаңыз, дейді Сырым.

  • Ақылды қандай адамға айту керек?

  • Ақылды ұққанға айту керек.

  • Ат не үшін шабады?

Ер не үшін шабады?

  • Ат шабысына қарай шабады,

Ер намысына қарай шабады.

  • Бұл дүниеде не тәтті? – дейді Балаби.

  • Аста тұз тәтті,

Адамда дос тәтті,-дейді Сырым.

30

Сырымның сыннан өтуі

Айшуақ, Есім хандардың тұсында Сырым жаңа атағы шығып келе жатқан жігіт екен. Хандар мен билер Сырымды сынамақ болып бір жиында Сырымды табақ тартып,ет жасау жұмысына қосады. Ол күнде өлген адамға бірнеше мал сойып байлар ас береді екен. Сырым етті жасағанда хандар мен билерге, төрелер мен байларға, балалар мен әйелдерге ішек-қарынды бірдей етіп табаққа салады. Хандар билер,байлар:


  • Бұл табаққа ішек-қарын салған кім? –деп Сырымды шақыртып алып, - табаққа ішек-қарын салып, бізді әйел дедің бе, немесе мазақ еткің келді ме? Бұл үшін сені айыпқа бұйырамыз, -дейді. Сонда Сырым :

  • Еркек әйелден шығады, ет ішек-қарыннан шығады. Егерде менің айтқаным дұрыс болса кімдер айыпты болар екен? – дейді. Әкімдер сөзге еш нәрсе дей алмайды. Сырымды іштерінен жаратпай қалады


Мөңкенің сұрағына Сырымның жауабы
Мөңке би Сырымға үш сұрақ қойыпты:

  • Таудан биік не бар?

Судан терең не бар?

Оттан өткір не бар?

Оған Сырым былай деп жауап қайтарады:


  • Таудан биік көңіл бар,

Теңізден терең ғылым бар.

Оттан өткір қайғы-зар.



Бір аяқ сусын бір кісінің құны екенғой!
Сырым шөлдеп келе жатып, бір үйден түсіп сусын ішіпті.

  • Япырай , бір аяқ сусын бір кісінің құны екенғой! – депті Сырым мандайының терін сүртіп.

  • Жоқ батыр, бір аяқ сусын бір емес, екі кісінің құны. Бұл сусын табылмаса шөлдеп сіз де өлер едіңіз, ұялып менде өлер едім, - депті үй иесі.

Табалдырықтан биік тау жоқ

Нұралыны шаппақ болып жүргенде, Сырым батырға ағайындары бөгет жасай беріпті. Сонда Сырым: «Табалдырықтан биік тау жоқ, жаман ағайыннан мықты жау жоқ », - деген екен.

31

Қорытынды

Қазақ шешендік өнерінің дамуы қоғам дамуымен тығыз байланысты. Оған дәлел халық шешендігінің бастауы қазақтың алғашқы Алаша хандығымен . яғни XII-XIII ғасырлармен тұстас. Бұл кезде өмір сүрген Майқы би мен Аяз билер, біріншіден , алғашқы қазақ хандығын құрысқан қоғам қайраткерлері, екіншіден аттары белгілі алғашқы сөз шеберлері. Қазақ шешендік өнерінің екінші қалыптасу кезеңі әз Жәнібек хандығымен тұстас XIV-XVI ғасырлар. Бұл кезде өмір сүрген Асанқайғы мен Жиренше алдымен хандықты нығайтқан, содан соң өздерінің сыншыл өткір сөздерімен аталған жанрды қалыптастырған, бір саты жоғары көтерген қоғам және өнер қайраткерлері. Өнердің үшінші даму кезеңі үш жүздің басын қосып бірегей хандық құрған Қасым,Тәуке хандармен тұстас. Бұл бір жағынан хандықтың недәуір нығайған, алайда Жоңғар Ойрат хандарының қарақшылық шабуылдары жиілеп тұрған XIII-XVIII ғасырлар болатын. Бұл кезде атағы шыққан үш би: Төле, Қазыбек, Әйтеке шешендер өздерінің даналық, тапқырлық сөздерімен жауға қарсы халық-азаттық күресін ұйымдастырады, әрі қазақ шешендік өнерін өркендетті. Зерттеуде алғашқы өнер қайраткерлерінің қатарында Қорқыт та аталды. Себебі, ол тек күй атасы ғана емес, түрік тілдес халықтарының, соның бірі қазақтың ертедегі ақындық- шешендік өнерінің негізін салушылардың бірі екені анықталады. Зерттеулі қазақ шешендерінің әлеуметтік рөлі мен әдебиеттік қызметтерін анықтау, солар арқылы қазақ шешендік өнерінің қалыптасу, даму тарихын айқындаумен бірге шешендік сөздердің мәнін, әдеби- көркемдік ерекшеліктерін көрсету көзделген-ді. Сол ниетке орай еңбекте нақтылы ңұскалар да көбірек қамтылады. Халкымыздың көп жылдык тәжірибесі мен білімінің жиынтығы болып табылатын рухани байлығы- ауыз әдбиетінде адамды ең алдымен, жастарды адал еңбекке, ерлікке, адамгершілікке баулитын, жақсы мінез- құлыққа тәрбиелейтін үлгілі сөздер мен мысалдар аз емес. Шешендік сөздерді оқығанда жол үстінде кездесетін, жолаушылар еңкеймей өтпейтін тұнық сулы тұшы бұлақтар еске түседі. Ондай бұлақтардың басын уақытылы тазалап, көзін құм- топырақтан аршып тұрса , одан халыққа пайда көп . Егер қазақ шешендігі жайында жазып, жариялаған зерттеулер халық даналығының сондай бір құнарлы бұлағының көзін аршығандай көпке пайдасы тисе екен.



32
Каталог: uploads -> doc -> 0b2a
doc -> Сабақтың тақырыбы Бала Мәншүк ( Мәриям Хакімжанова) Сілтеме
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
0b2a -> Тлесова Балзия Нуржаубаевна
0b2a -> Атты күзгі думан кеші 2014 – 2015 оқу жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданы
0b2a -> Күні: 24. 04. 2015ж Пән мұғалімі: Р. Еленова 2014-2015 оқу жылы Мақсаты: Білімділігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет