«Шығармашылық шеберлер мектебі» «Шығарма, эссе жазу» бағыты бойынша 1-кезеңнің тапсырмалар жүйесі



Дата03.12.2016
өлшемі113,28 Kb.
«Шығармашылық шеберлер мектебі»

«Шығарма, эссе жазу» бағыты бойынша

1-кезеңнің тапсырмалар жүйесі

( 2015 жылғы 5 желтоқсанға дейін «Ертіс дарыны» ӨҚББОӘО-на, Ленин к., 127 тапсырылады)

Құрметті оқушым!
Ең алдымен, «Шығармашылық шеберлер мектебінің» шығарма жазуға төселдіретін «Шығарма, эссе жазу» мектебіне қош келіпсіз! Интеллектінің жоғары сатысы - өз ойларыңның болуы, өзіндік пікір, көзқарас білдіре білуің. Сондықтан да шығарма жазу барлық өмірлік болмысыңның, дүниетанымыңның баспалдағы болып қалыптаспақ. Біздің мектебімізде шығарма жазудың қыр-сырын, өзіндік құпиясын үйренетін боласың. Ол үшін көп ізденіс, табандылық керек. Оқу жылының соңында балалардың үздік шығармалар жинағын басып шығаратын боламыз. Сол жинақтың ішінде сенің де шығармаң болсын десең, көштен қалма.

Екіншіден айтарым, Сіз бен бізді байланыстыратын шығарма болады. Шығарма арқылы мен сенің ішкі жан-дүниеңді, өзіндік болмысыңды танитын боламын. Сол себепті шығарманы көшірмей, өзіңше жазуға тырысып көр. Үшіншіден, берілген тапсырмаларды мұқият оқып шығып, шынайылықпен орындауға тырыс.

Ал енді алдымен мына материалдармен танысып ал. Соңында шығарманың әр түрлері берілген. Шығарманың бір түрін (шығарма-этюд, шығарма-портрет, шығарма –эссе, шығарма –сипаттама, шығарма –мақала, шығарма-очерк, шығарма-хат, шығарма-автор сыры) таңдап ал да, берілген талаптарды ескере отырып, «Жаныңда жүр жақсы адам» деген тақырыпты шығарма жазып жібер. Шығарманың уақыты шектеулі, қалыс қалма, жас талапкер!
Шығарманы жазуда басшылыққа алынатын негізгі мәселелер.


  1. Шығармадағы орфографиялық, пунктуациялық, грамматикалық қателердің болмауы. Жазу сауаттылығын жетілдіру.

  2. Шығарма тілі. Сөздік қордың молдығы, сөзді дәлдікпен қолдану, шығармадағы морфологиялық категориялар мен синтаксистік құрылымдардың сан алуандығы.

  3. Шығарманың стилі. Стильдік бірізділік пен шығарма мәнерлілігі.

  4. Шығарманың логикалық бірізділігі. Ойды логикалық бірізділікпен өзара байланыста беру.

  5. Мәтінді және ондағы фактілерді жетік білу. Көркем шығармадағы кейіпкерлер мен қаһармандарды шатастырмау. Оқыған көркем шығарма туралы қысқаша конспектілер жасау.

  6. Әдебиет теориясын білу, көркем шығарманы талдау дағдысының болуы. Жақсы шығарма жазуға талпынған оқушы «идея», «жанр», «пішін», «образдар жүйесі», «тартыс», «кульминация», «композиция», «көркемдік деталь» ұғымдарын жетік білуі керек.

  7. Оқушының өзіндік дербестігі мен дүниетанымының дамуы. Бір көркем шығарма туралы жазылған әр түрлі ойлар мен көзқарастарды оқып білу, автор позициясын түсінуге тырысу, дәлелдемелер мен дәйектемелері.

  8. Дүниетаным кеңдігі.

  9. Ең маңыздысы, ең керектісі – тақырып.

  10. Тақырып пен мазмұн сәйкестігі.


Шығарманы рәсімдеуге қоятын талаптар


  1. Егер шығарма тақырыбы цитата болмаса, тырнақшаға алынбай жазылады.

  2. Эпиграф тырнақшаға алынбай парақтың оң жақ бұрышына жазылады. Эпиграфтың астына автордың аты-жөні жазылады. Егер авторды ғана емес, эпиграф алынған шығарманы көрсету керек болса, автордан кейін үтір қойылады, шығарма атауы тырнақшаға алынады. Эпиграф шығарманың тұтас идеясын ашатын болуы керек.

  3. Эпиграфтан кейін Жоспар сөзі жазылады да соңынан нүкте қойылады.

  4. Шығарма бөлімдер рим сандарымен белгіленеді.

І Кіріспе.

ІІ Негізгі бөлім.

ІІІ Қорытынды.

Кіріспе мен қорытынды шығарманың 4/1 бөлігін құрайды. Негізгі бөлім тақырып кең ашылатындықтан, ол бірнеше бөліктерден тұрады. Бөліктер араб санымен белгіленеді. Араб санымен белгіленген бөліктер, бөлікшелерге тағы да бөлінетін болса, онда ол әріптермен белгіленіп, жақша қойылады.



  1. Шығарма жазуға 4 сағат уақыт беріледі. Уақытты былайша тиімді пайдалануға болады:

  1. Тақырыпты ой елегінен өткізуге 20-25 минут

  2. Тақырып бойынша жоспар құруға 20-30 минут

  3. Шығарма жазуға 2 сағат

  4. Шығарманы таза параққа көшіруге 1 сағат

  5. Қалған уақытта шығарманы тексеріп оқып шығу.


Шығарма- оқушының туған халқының әдебиетінен алған білімін өз ойымен, дүниетанымдық көзқарасымен еркінұштастыра отырып баяндайтын шығармашылық төл еңбегі. Оқушыдан көркем шығарманы өзіндік ой-пікірі, көзқарасы тұрғысында терең талдап пайымдауы, әсерлі, көркем тілмен жүйелі баяндауы талап етіледі. Оқушы шығармасының құрылысы: тақырып, жоспар, эпиграф (мүмкіндігіне қарай, міндетті емес) кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды, сонымен бірге материалды баяндау әдісі мен оның ретті жүйесі сияқты мәселелерден тұрады.

Ескерту: Бітіру емтиханында еркін тақырыпқа жазылатын шығармаларды ғана өлеңмен жазуға болады. Өйткені еркін тақырып оқушыдан ерекше қабілет-дарынды, терең білімді, көркем әдебиетті көп оқуды талап етеді. Ерікті тақырыпқа жазылған шығарманы бағалау-оқушымен қатар мұғалімге де үлкен сын. Өлеңмен жазылған шығармаға өте жоғары талап қойылады. «Өлең-сөздің патшасы» болғандықтан, оның бағасын төмендетпей, өлең құрылысына қойылатын талаптарды (буын, бунақ саны, тармақ, шумақ өлшемі, ұйқас түрі, тегі т.б.) ескеру керек. Өлеңмен жазылғанның бәрін бірдей жоғары бағалау оқушыларды әдеби талғамсыздыққа, өресіздікке тәрбиелейді, өлеңнің қадірін қашырады. Емтихан жыр мүшәйрасы емес екендігін мұғалім дұрыс түсінуі керек. Бағдарламалық материал бойынша алған шығарманы өлеңмен жазуға болмайды. Кіріспе мен қорытынды бөлімде оқушы орнын тауып бір-екі шумақ өз өлеңін кіргізуіне болады. Жалпы емтихандық шығарма оқушының орта мектеп курсы бойынша әдебиеттен алған теориялық білімін, дағдыбіліктілігін тексеру болғандықтан, тақырып жан-жақты, шығарма талаптарына сай терең талдануы қажет. Сондықтан ол қара сөбен жазылады. 


Шығарма жазуға қойылатын негізгі талаптар:

  1. Тақырыпты оқушының өз ойы және өз сөзі арқылы (оқулықтан көшірмей) толық аша білуі.

  2. Жазып отырған тақырыптан алшақтамай, оның мазмұнын нақты ашуға талпыну.

  3. Арттық баяндау, қажетсіз дәлелдемелер мен көпсөздікке жол бермеу.

  4. Шығармада сөз болған жайды оқушының өзі ғана емес, басқаларға да түсінікті болатындай орамды тілмен, аз сөзге көп мағына сыйғыза баяндауы.

  5. Шығарманың барлық бөлімдерінің бір-бірімен тақырып, негізгі ой арқылы шебер байланысуы.

  6. Шығарманың кіріспе мен қорытынды бөлімдері қоса алғанда тұтас жұмыстың ¼ бөлігіндей болуы қажет.

  7. Міндетті түрде жоспар болуы және шығарма мазмұнын жоспарға сай рет-ретімен жүйелі баяндауы қажет. Жоспар болмауы себепті шығарманың бағасы кемітілуі мүмкін.

  8. Барлық айтылған ойды жинақтап, тұжырымдап, тиісті қорытынды жасау.

  9. Оқушының өз шығармасында әр түрлі көркем шығарма кейіпкерлерін салыстыра отырып, орынды жерде дәйексөз екелтіруі, ауыз әдебиеті үлгілерінен, сын мақалалардан, әдебиеттану еңбектерінен өте шағын үзінділерді қисынымен қолдануы жоғары бағаланады, оның терең білімін танытады. 

  10. Шығармада қолданылған дәйексөздің қайдан алынғандығы айқын көрсетілуі және ол оқушының ойын қайталамай, оны дәлелдеуі, жалғастыруы қажет.

  11. Шығарма жазушының өмірбаянына, әдеби шығарманың жазылу тарихына, тарихи оқиғаларға, кейіпкерлерге қатысты қателіктер жіберілмеуі керек.

  12. Оқушының жұмысы стильдік біртектілігі мен тіл шеберлігіне қарай (сөздік қоры, сөйлем құрылысы, материалды берудегі көрікті ой, көркем тілі, тілінің образдылығы, ой сергектігі, сезімталдылығы) бағаланады.


Шығарма көлемі:

5-сынып -0,5-1бет; 6-сынып-1-1,5 бет; 7-сынып-1,5-2 бет; 8-сынып-2-3 бет; 9-сынып -3-4 бет; 10-сынып-4-6 бет; 11-сынып-6-8 бет (оқушы дәптерінің беті).


Оқушы шығармасын тексеру, бағалау мәселесін негізінен төрт салаға бөліп қарайды:



  1. Мазмұндылығы мен идеялылығы.

  2. Ой-пікірдің жүйелілігі.

  3. Стилі.

  4. Грамматикалық сауаттылығы.


Әдебиет бойынша

«5» деген баға:

  • әдеби материалды терең ұғынып, өте жақсы түсінсе, оны тақырыпты ашу үшін дұрыс қолдана білсе;

  • тақырыпқа толық әрі нақты жауап берсе;

  • мәселені өзіндік ой-пікір тұрғысында дұрыс талдай білсе;

  • ойын жүйелі желімен жаза білсе;

  • тілі бай әрі әдеби тіл нормаларына сай болса;

  • шығарма құрылысы ой жүйесіне сай шебер қиысып стиль бірлігі сақталса;

  • фактілік қателер болмай, сөзді орынды қолдана білсе;

  • қорытынды пікірі орынды, тиянақты болса.


Мазмұнында 1, тілінде 1 елеусіз қате болуы мүмкін.

«4» деген баға:


  • жұмыс мазмұны негізінен тақырыпқа сай болса;

  • әдеби тілмен жазса, бірақ ойын баяндауда бірен-саран дәлелсіздіктер жіберсе;

  • қажетті қорытындылар мен түйіндемелерін дұрыс жасай алса;

  • ой жүйесінің шамалы бұзылуы байқалса;

  • стиль бірлігі сақталған, сөйлем құрылысы алуан түрлі, бай болса.


Мазмұнында 2, тілінде 2-3 кемшілік болуы мүмкін.

«3»деген баға:

  • тақырыптан айтарлықтай ауытқыған болса;

  • материалды баяндау негізінен дұрыс, бірақ жекелеген фактілік дәлелсіздіктер кездессе;

  • баяндау желісі аздап бұзылса;

  • сөздік қоры жұтаң, сөйлем құрылысы бір үлгіде, біркелкі болса, сөзді орнымен қолдана алмаса;

  • стиль бірлігі сақталмаса, тілі солғын болса.


Мазмұнында 4 тілінде 5 кемшілік кездесуі мүмкін.

«2» деген баға:

- жұмыс тақырыпқа сай келмесе;
- көптеген фактілер бұрмаланса;
- шығарманының барлық бөлімдерінде баяндау жүйесі бұзылса, жоспарға сәйкес келмесе;
- сөздік қоры өте жұтаң, сөйлемдері қысқа, біркелкі, өзара байланыспаса, сөзді орнымен қолданбау жиі кездессе;
- стильдік біркелкілік сақталмаса.

Мазмұнында 6, тілінде 7 кемшілік болуы мүмкін.

Қазақ тілі бойынша

«5»деген баға: ешбір қатесі болмаса немесе емле, тыныс белгілерінен бір-бірден қате жіберсе;

«4» деген баға: емле және тыныс белгілерінен екі-екіден қателері болса;

«3»деген баға: емле және тыныс белгілерінен 4-5 тен қателері болса немесе 3 емле, 5 тыныс белгі қатесі болса;

«2»деген баға: емле және тыныс белгілерінің әрқайсысынан 6-дан 10-ға дейін қате жіберсе.

2-сабақ

Шығарма және оның түрлері

Шығарма-сипаттама

Шығарманың ең көп тараған бұл түрі образдар жүйесі бойынша ғана емес, жекелеген қаһармандар бойынша да оқушының терең пайымдауын талап етеді. Шығармадағы сюжеттің дамуындағы мінездердің даму эволюциясын жіті қадағалай отыра, лирикалық қаһарманның тұлғасын сипаттайтын жеке, өзіне ғана тән, қайталанбас қасиетін анықтап алу керек.

Автордың лирикалық шегініс жасауы оқушының ойын қаһарманның өмір сүрген кезеңге, өмір сүру дағдысына, сезіміне, бастан өткерген толқынысты жағдайларға көңіл аударуға мүмкіндік береді.

Шығарма – әдеби портрет

Портрет жасау өнері – адамның ішкі жан дүниесін ашып көрсету. Әдеби портрет – шығармашылық жанрлардың бірі, адамның «портретін» еркін ашуды қарастырады. Бұл жанрда материалды беруде эмоция арта түседі. Автор өз тұжырымдарын, түсінігін, ол адамның өзіне деген, өз өміріндегі маңызына тоқталады. Әдеби портретке шығарма-этюд пен шығарма-эссе ұқсас болып келеді.



Шығарма-этюд

Сөздікте «этюд» сөзіне былайша анықтама берілген: «Этюд – белгілі бір сұрақ төңірегіндегі сыни немесе басқа сипаттағы шағын шығарма». Шығарма-этюд негізгі суретті көрсететін оқиғалар мен ойлар туралы жазушының лирикалық монологы болуы да мүмкін.



Шығарма-эссе

Шығарма-эссе- сын, публицистикалық жанр. Мұнда оқушының автор шығармасы туралы алғашқы қабылдауы, жазушы өмірі, оның шығармасы туралы жалпы түсінігін қамтиды. Бұл шығарма түрі шығарманы терең ашуды көздемейді, бірақ сипаттамасы негізгі сұрақты ашатындай жүйелі болуы керек.



Шығарма-рецензия

Шығарма-рецензия – өнер туралы (әдебиет, спектакль, кино) терең пайым айтылған сын мақаланың түрі. Жұмыста акйтылып отырған туынды туралы талдау, пайымдау, пікір білдіру керек. Мәтін тартымды эпизодтардан, суреттерден, қаһармандардың ой-пікірлерін қатыстыра отырып, дәлелді, логикалық жағынан байланыста болуы тиіс. Рецензияның кіріспесі мәтіннің тартымды бір эпизодынан басталуы мүмкін. Оқушы авторға, шығарманың жазылу тарихына азғана тоқтала отырып, суретшіні толғандырып отырған негізгі тақырып пен мәселелерге тоқталады. Жоғарыда айтылған мәселелердің барлығы да шығарманың өзіндік көркемдігін тануға мүмкіндік береді.



Шығарма – әдеби шолу жасау

Мұнда бір немесе бірнеше жазушының, ақынның шығармаларына қысқаша тоқталады. Егер оқушы бір немесе бірнеше шығармаға терең талдау жасай отырып, автор көтерген бір немесе бірнеше мәселеге тоқталса, бұнда жаңа жанр – әдеби-сын мақала туындайды. Оның басты мақсаты – жазушының шығармаларын адами құндылық тұрғысынан талдап, баға береді, оның негізі шығарманың адамгершілік-көркемдік құндылығы болып табылатын болады.



Шығарма-мақала

Мәтінге терең талдау нәтижесінде қорытынды мен жалпылама шолу керек, сондықтан да әдеби суреттеме, портреттік сипаттама, сөйлеу сипаты, диалог, пейзаж сияқты тәсілдер қолданылады.



Шығарма-очерк

Очерк шығарманың өзіндік ерекше белгісі – шығарманы оқығаннан кейін көрінетін оқырманның ішкі жан дүниесі, сезімі, толқынысы беріледі. Очерк материал бойынша терең білімді қажет етеді, тақырыпты ашуда аса үлкен шеберлікті талап етеді. Оқырманды көтеріп отырған мәселеге назар аударта отырып, оның маңыздылығына көз жеткіздіру керек.



Шығарма-күнделік

Шығарманың бұл түрі мұғалімге оқушының ішкі жан-дүниесін көруге мүмкіндік береді. Оқушыға шығарманың бұл түрін таңдамас бұрын ұлы адамдардың жазған күнделіктерін оқып шығуға ұсыныс жасау керек.

Күнделікте оқушы көргендерінен көңілге тоқығандарын, оқығандарын ойға түйгендерін, жазушы шығармашылығы туралы пайымдауы негізге алынады. Оқушы күнделікті бірінші жақта жазады. Шығарма- күнделікте шығармашылық фантазия мен қиялға басым көңіл бөлінеді. Сондай-ақ күнделік шығармада уақыты – күні, айы, жылы көрсетілген қысқаша жазбалар, белгілі бір адамдармен кездесулер, болған оқиғалар жайындағы өзінің қысқаша ой-пікірлері де беріліп отырады. Бұл шығарма түрін таңдаған оқушыдан күнделіктің құрылымдық ерекшеліктерін сақтау мен материалды жазуда шынайылық талап етіледі.
Шығарма-хат

Шығарманың бұл түрі бір немесе бірнеше адамдар тобына арналады. Мұнда оқыған шығарма туралы ойлары, белгілі бір мәселе төңірегіндегі ақыл-кеңес сұрауы, оқыған кітабындағы бас қаһарман туралы өзінің көзқарасы қамтылады. Шығарманың бұл түрі оқушының адамгершілік-эстетикалық көзқарасы мен көркемдік талғамын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл шығармада хат жіберілген адам мен жазған адамның мекен-жайларын көрсету, хат соңында қоштасу мәніндегі қолтаңбасы болуы міндетті болып саналады.



Шығарма- автор сыры

Шығарма –автор сыры – шығарманың бұл түрі өте сирек кездеседі. Мұнда оқушының мәтінді жетік білуі талап етіледі. Оқушы автор ойынан кейін өз көзқарасын бірінші жақта жеткізіп отырады. Бұл автор көзқарасына жақын қаһарманның өмірін көркемдік мәнде логикалық бірізділігін сақтай отырып құруына мүмкіндік береді. Шығарманың бұл түрі оқушының ішкі, шынайы, терең жан айқайы болып табылады.
Каталог: files -> blogs
blogs -> Тақырыбы: Ленинград қорғанысы Мақсаты: Білімдік
blogs -> Программа по предмету «Русский язык»
blogs -> Сабақ түрі : Аралас сабақ Әдіс-тәсілдері : баяндау, түсіндіру, сұрақ-жауап, ой туғызу, қызығушылығын ояту,топпен жұмыс
blogs -> «Мұрагер»» бағдарламасы жайлы
blogs -> Негізгі орта білім беру деңгейінің «Өнер» білім саласы пәндерінің
blogs -> Оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында ғылым негіздерін оқытудың ерекшеліктері туралы
blogs -> Национальная академия образования им. Ы. Алтынсарина
blogs -> Бастауыш білім беру деңгейінің «Өнер» білім саласы бойынша
blogs -> Сабақ тақырыбы: Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа»
blogs -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы


Достарыңызбен бөлісу:


©www.engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет