Шырмалған шындық немесе бiр тергеудiң тарихы



бет4/4
Дата19.05.2017
өлшемі0,76 Mb.
#16468
1   2   3   4

ІҮ

Жалпы осы жылдардағы тарихи оқиғаларды, саясат саласындағы бағыттарды мемлекеттік тұрғыдан, сараласақ, онда басқару жүйесіндегі қырғи қабақ соғыстың жүріп жатқаны анық аңғарылады. Үгіт-насихат құралдарының беттерінде, ұрандарда «көзін жоямыз», “тамырына балта шабамыз”, «контр», “диверсия”, *коллективизацияның жауы», “құйыршық”, “қаскүнем”, “саботаж” сияқты жалпылама кіжінген сөздер үлкен әріппен жазылып, мәжіліс-тердің құлақ күйіне айналды. Біреу оның астарын түсініп айтты, одан гөрі жаттап алып, ойсыз соға беретіндердің саны көбейді. Троцкийдің компаниясының асқан қаталдықпен талқаңдалуы жау іздеп, даурығысқан даңғазаны күшейтті. Қаншалықты қажеттіліктен туғанын білмеймін, өмірі көріп-білмеген Алматы қаласына Троцкийдің келіп орналасуының мән-мағынасы түсініксіз. Өле-өлгенше өзін марксиспін деп санаған Троцкийдің 1931—1932 жылғы аштықты көзімен көріп тұрып, Сталиннің экономикалық саясатын тас-талқан ғып сынаған кітаптарының өзінде ең бір дәлелді деректі аузына алмауы қалай? Зады, коллективизация, оның ішінде Голощекнннің “Кіші 0ктябрі” турасындағы, аз ұлттардың интеллигенциясы қақындағы Сталин мен Троцкийдің көзқарастарында онша алшақтық боллаған сияқты. Не Голощекинді кінәлауды қаламаған. Мүмкін, бұл қате пайымдау шығар, бірақ оны жоққа шығаратындай нақты деректер де тапшы.

Жоғарыдағы қырғи қабақтың кесірін халық көрді.

“Кіші октябрьдің” шұғыл түрде күшіне енуі - ұлттық кадрларды тез арада өкімет басынан қудалап, ықпалды адамдарды республикадан аластатудан басталды. Өлкелік партия комитетінің екінші секретары Сұлтанбек Ходжановты орнынан түсіріп қана қоймай, “он төрттің ісіне” қылмыскер ретінде кіргізуге тырысты. Оның орнына Елтай Ерназаров сияқты қолын әзер қоятын, қой аузьнан шөп алмайтын момын, жігерсіз жандарды қасына тартты. Смағул Садуақасовты Ресейге жібірді. Енді ескі «алашордашыларды” құртса — тура мағынасында айтқанның өзінде - жерінің кеңитінін білді. Оларды терісін өзгертіп совет кеңесіне, кіріп алған контрреволюционер деп жариялады. Тек сот арқылы үкім шығару ғана қалды.

Жаппай конфискациялау — көшпелі елдің арасында орынды наразылық туғызды. Ішінара толқулар да болды. Іс басындағы оқығандар жұмыстан шеттетіліпу кейі күнкөріс қамымен туған ауылдарына кетті. Мұны ОГПУ-дің тергеушілері көтеріліс ұйымдастырып, совет өкіметіне қарсы үгіт жүргізу үшін, ел арасына сіңіп кетті деп байбалам салып, жұртты сақтандырып жатты. Сол кезде Англиямен арадағы дипломатиялық қарым-қатынас үзілді. Оның салқыны өзге республикаларға тимесе де, Орта Азия мен Қазақстанға үскірік боп соғатынын зиялылар қауымы білді. Себебі Англияның осы территорияға көз тігіп, Индия сияқты отарына айналдыруға тырысқаны белгілі. Енді Англияның шпиондарын іздейтіні сөзсіз. Ахмет Байтұрсыновтың аузынан шыққан бұл күдік те көп күттірмеді, өздеріне пәле боп жабысты.

Жоғарғы соттың анықтамасынан: “сондай-ақ сотталғандарға 1927 жылы далада (?) қарулы көгеріліс ұйымдастырды деп тағылған айып та ешқандай дәлелсіз. Бұл да Әділовтың жалаң сөзіне құрылған даурықпасына ғана негізделген. Бұл мәселе жөнінде жауапқа тартылған Дулатов та, Байтұрсынов та, Есполов та, Ғаббасов та және басқалары да мойындамаған, олар қарулы көтеріліс ұйымдастыруды мақсат етпеген. Олар елдеріне өз өмірлерін сақтау үшін ғана кеткен, себебі СССР мен Англияның арасындағы жағдайдың нашарлауына байланысты екі арада соғыс басталады, сондықтан да бұларды бұрынғы алашордашылар ретінде қуғындап, қысымға алады деп ойлаған».

Тергеудіц желісіне жүгінсек А. Байтұрсынов, М. Дулатов, X. Ғаббасов, М. Есполов ағылшын барлауына мәлімет беріп, астыртын байланыс жасайды. Англиямен дипломатиялық қарым-қатынас үзілген соң, олар қырға барып, халықты қарулы көтеріліске шақырмақ. Яғни, екі елдің арасының қырғиқабақ болуына Орта Азиядағы контррево-люциялық ұйымдар және олармен байланыс жасауға тырысқан Байтұрсыновтар кінәлы. Әрине, бұлардың ешқайсысының мемлекетаралық саясатқа ықпалы жүрмейтіні өэінен-өзі түсінікті. Тек қиыннан қисындырылған қиянатты қаралау бар. «Қарулы көтерілісті «желеу етіп отырғаны — Халел Ғаббасов «Алашорданың» милиция туралы жобасын жасаған. «Мүмкін, сол кезде тығып тастаған қаруы бар шығар» деейн өсекті өршітудің кезекті амалы. М. Есполовтың да алаш жасағына қатысы бар, елеулі тұлға және қазақ сауда басқармасында істеген. Демек, Англиядан жасырын жолмен қару сатьш алды деуге толық “негіз” қалатын қызмет иесі.

Халел Ғаббасов — жоғары білімді, Мемлекеттік жоспарлау комиссариатының жауапты қызметкері, Ол — «Кіші октябрьдің» халыққа әкелетін қасіретін, жеделдетілген коллективизацияның экономикалық тоқырауға, ашаршылыққа әкелетінін алдын ала есептеп шығарып отырған адам. Жазда Семей облысындағы Шыңғыстау ауданындағы Шаған селосындағы туыстарына демалыста қыдырып барған кезінде ұсталды. Халел Ғаббасовтың өз қолымен толтырған анкетаны архив қызметкері Бейсенбай Байғалиев тауып, бізге ұсынып еді. Соны толық келтіреміз. Өйткені бұл адам туралы мағлұматты ел-жұрт толық біле бермейді, әлі де қара тізімде.


Анкета:
Советтердің қазақ атқару комитетінің секретариаты

1. Мекеменің аты және атқаратын қызметі — Мемлекеттік Жоспарлау мекемесінің финанс-экономика секциясының меңгерушісі.

2. Әкесінің, өзінің аты-жөні — Халел Ғаббасов Ахмеджан ұлы.

3. Жасы — 38-де (1888 жылы туған).

4. Ұлтықазақ.

5. Қандай елге, қай руға жатады — руым тобықты.

6. Бұрынғы шыққан тегі мен дәрежесі —

7. Мекен-жайы (Өмірінің көбін өткізген жері)-Семей губерниясы.

8. Тұрағы (қазіргі)— Қызылорда.

9. Семьялық жағдайы, өзінің қарамағына қарайтын семья мүшелері, еңбекке жарамдысы қанша, жарамсызы қанша — әйелім, балаларым бар. (Екеу — біреуі 12 жаста, екіншісі 2-де), 12 жасар інім бар.

10. Білім дәрежесі — 1915 жылы Москва университетін бітірдім.

11. Мамандығы _—

12. Қай тілде сөйлеп, жаза, оқи аласыз — орыс және қазақ тілдерінде.

13. Февраль Революциясына дейін немен шұғылдадыңыз (Егер қызмет істесеңіз — қайда және қандай қызметте болдыңыз)—Революцияға дейін Семейдегі ұсақ кредит мекемелерінде істедім.

14. Революцияға дейін меншігіңіздегі қозғалмайтын қандай байлығыңыз болды (оның қайда болғанын көрсетіңіз) - Қызметкер болдым. Қозғалмайтын байлығым (Бұл - арада — үй, завод т. б. айтылып отыр — Т. Ж.) болған жоқ.

15. Қазіргі дүние-мүліктеріңіз — ақсақ тоқтым да жоқ.

16. Партияға қатысыңыз және қай жылдан мүшесіз -мүше емеспін.

17. Басқа партияда мүше болдыңыз ба, қанша уақыт болдыңыз және одан шығу себебініз — Жоқ.

18. Қандай да бір кәсіптік одаққа мүше болдыңыз ба және қашаннан— ...... (Анық танылмады — Т. Ж.) да мүше болдым, қазір де мүшемін.

19. Империалистік соғысқа қатыстыңыз ба — Жоқ.

20. Азамат соғысына қатыстыңыз ба — Жоқ.

21. Сотталдыңыз ба — Жоқ.

22. Адресіңіз — Қызылорда, Советтер үйі, I.

23. Акт толтырылған күн— 1926 жылдың 15 марты. Қолы (Қолы қойылған, суреті бар — Т. Ж.)»

(Қазақ ССР Мемлекеттік архиві, 15-қор, 18-тізім, 240-іс, І парақ).

Бұл анкета жұмысқа алынған күні толтырылған. Бұйрық та сол күні бекітілген. Тергеу ісінде Халел Ғаббасовтың туған ауылына «қарулы көтеріліс ұйымдастыру үшін қасақана сонда барды» дегеннен басқа айьш та тағылмаған. Осының өзі-ақ ОГПУ қызметкерлерінің қаншама заңсыздыққа барып, шындықты белінен басқанын көрсетеді. Оны бұдан әрі біз де қазбалап жатпаймыз. Қазақ ССР Жоғары сотының:

«Жүргізілген тергеу жұмыстарының ішінде қарулы көтерілісті дайындағандықтарын дәлелдейтін бірде-бір нақты дерек табылмады» деген анықтамасына алып-қосар-пікіріміз жоқ.

Себебі — жоққа жүйрік жетпейді. Бұл жала да — жала күйінше қалды. Айғақ табылмады, бірақ қылмысты айып ретінідегі күшін сақтады. Керісінше тағы бір кінә — ең басты кінә қосылды. Ол — Жүсіпбектің атылып кетуіне тікелей себепкер болған жай, Голощекинге «жасалған қастандық әрекеті». Және Д. Әділовтің берген көрсетіндісін мойындауы. Ол оқиғаның ұзын-ырғасы мынадай:

«Аймауытов, 1928 жылы көктемде Шымкент қаласында Әділовпен кездескенін мойындады. Ол (Д. Әділов) бұған Ж. Аймауытовқа) өзінің шет елге кетіп қалуды ойластырып жүргенін айтады және Ходжанов арқылы ретін тауып шетелдік паспорт олып беруін өтінді. Содай кейін өзінің (Әділов) Голощекинді өлтіруді ойлап жүргені жөнінде айта бастайды, бірақ Аймауытов оған бұлай істемеу туралы кеңес береді.

Жүсійбекке тағылған айыптың бар-жоғы осы. Оның тіпті «контрреволюциялық астыртын ұйымға» да, «қарулы көтеріліске» де қатысы жоқ. Ал, жүзеге аспаған қылмыс үшін де жауапты ма! Қайта, Әділовты бетінен қайырғаны үшін, алғыс айту керек қой» Ол кезде Жүсіпбек Шымкенттегі Педагогика техникумының директоры болатын. Ал, түрмеге жабыларда, ЦКАКА-да әдеби қызметкер екен. Ж. Аймауытов бұдан бұрын да бір рет сотқа тартылып, тергеуге түскен. 1922 жьлы Торғайдағы ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға Семей Губерниясынан мал жиып, оны сонда айдап барады. Жол-жөнекей аштан қырылып жатқан ел-жұрттың үстінен түсіп, ішінара мал үлестіреді. Қолхат алады, бірақ ауылдық советтің мөрі жоқ деген айып тағылып, «мемлекеттің, мүлкін талан-таражға салғаны үшін» сотқа тартылды. Сотта ол “айыпкерден! айыптаушыға айналып, өзін-өзі ақтап шығады. Сондағы сөздің тексін тапқан адам — жоғарыдағы зерделі, сергек ойлы ағамыз Бейсенбай Байғалиев. Б. Байғалиев жолдастың Жүсіпбек творчествосындағы ірі-ірі “ақтаңдақтарды” қалпына келтіріп, қолжазбаларын іріктеп, қазіргі әріп жүйесіне көшіру-дегі еңбегі ұшан-теңіз. Тек қана 480-беттік “Ақбілек” романын қайта жаңғыртуының өзі үлкен парасаттылық. Біз, сол кісінің қолындағы Жүсіпбектің сотта сөйлеген сөзін зерттеушінің рұқсаты бойынша келтіріп отырмыз. Ол 1927 жылы Қызылорда қаласында қаралған.

Жүсіпбек Аймауытовтың соттағы сөзі:

— Бұрынғы берген жауабыма менің артық қосарым жоқ. Мені айыптайтын жері: 1) Мал үлестірген комиссияда болуым. 2) Кейбір оқыған азаматтарға деп мал беруім екен. Бұған менің айтарым мынау:

1) Маған малды тез тапсырып қайту керек болды. Себебі: мал айдауға жалданған бақташылардың бірсыпырасы Ақмолаға шейін, бірталайы Торғай жерінің шегіне шейін келісіп жалданып еді. Олар Торғай жеріне аяқ "басқан соң-ақ, қайтар деп арпалысты. Күз түсіп, салқын болып, бақташылар киімі жоқтықтан тоңа бастады. Жолдағы елдерде оба ауруы болып, талай жерде бақташылар қашпақшы да болып, оның үстіне Торғай аштары кісі етін жеп жатыр деп, үрейлену болды.

2). Менің мал үлестіргенше бас-көз болуымды Торғай қаласында жиналған аш қазақтар шулап тіленіп еді, өйткені бұған шейін Торғай азаматтары аштарға жәрдем-бере алмаған, берген жерлерінде қиянатпен үлестірген; аштар қызмет адамдарына өшіккен. Кіндік өкіметтің берген демін қызмет адамдары оларға бермей тұрған сықылды. Жұрттың, жалпы аштардың рухы сондай екен. Оның үсіне Торғайдағы қызмет адамдарының ішінде ру, ел таласы сықылды негізге тірелген алалық, бірін-бірі көрсету, қуғын-сүргін бар екен. Арғын, қыпшақ жігі бар екен. Сондықтан Торғай аштары өз елінің адамдарына сенімсіз қарайды екен. Бет-ауыздары көнектей іскен, көздері үңірейген, өлім аузында сенделген топты аш қазақтар зарлап, қақсап тұрған соң, дәтім шыдамады. “Мал үлестірген жерде ішінде бол» деген тілегін орындадым. Міндетім ол емес еді, бірақ адамшылығым, арым аштарды аятқызды. Әуелде де аштарға жаным ашығандықтан, сезімім күштіліктен осындай ауыр міндетті, зор бейнетті мойынға алып, жан ұшырып едім.

3) Мен комиссиясына кірмей, малды Торғай адамдарының қолына беріп қоя берсем, малды қол қойып жіберіп, талап алатұғын еді, үйткені малға шапқан елдің беті қойға шапқан аш қасқырдан бетер еді. Ол талау екінші топ мал үлестіргенде болғаны көрініп отыр.

4) Торғай еліндегі бір ғана шет кісі, алыс жерден мал әкеліп, аштарға жақсылық көрсеткен кісі мен тәрізді көріндім. Мен басы-қасында болсам, бәрі де кенелетіндей, әділдікпен үлестіретіндей көрінді.

Ал енді әрбір оқыған азаматтарға мал берілді деген тақырыпта менің айтарым мынау:

1) Мен Торғайдың кейбірі — оқъіғандарыін ғана біле-мін, көбіи бымеймін. Сондықтан оқығайдардың бәріне мен мал бере алмасам керек.

2) Ол азаматтардың кейбірі Орынборда, кейбірі басқа жерлерде қызметте болса, олар малды алуға мүмкін де емес.

3) Малды сол адамдардың аш ағайындары алды, мәселен, Жангелді ұлының ағайындары он бес шақты үй ашпыз деп арыз қылды, тағы сондайлар болған. Ол аштардың ауылнайларына мал берілмейтіні де болғаны бар, себебі елді аш дегенде, болыс, ауылнай аймағынан қарап, жалғыз-жарым аштар елеусіз қалған, сондай елеусіз-санаусыз, аштар Жалдама, Қараторғай болыстарынан да шұбырып келіп жатты. Соңғы екі болыс (Жалдама, Қараторғай) Торғай азаматтарының тоқ ел деп тапқан елдері. Сондықтан оқыған азаматтарының аты атальш, аш ағайындарына мал берілген, оны маған айтып түсіндірген тағы Торғай жігіттері, беруге ұйғарғаны — комиссия. Әйтпесе, Міржақып, Ахмет, Жангелді баласы сықылдылар мал алды деп есептеуге болмайды. Алған ба екен, олардан сұрауға болар.

Мен өз бетіммен ешкімге мал үлестіргемін жоқ. Өйткені Торғай елінің бай, кедейін білмеймін. Комиссиясына кірсем де жан ашығандықтан, аяғандықтан жақсы ниетпен істедім. Пайда, мақтан есімде болған жоқ. Садық деген молданың үйінде болып, бізге бір тоқты сойған-ды, 30-40 аштар келіп, өтіштерін айтын, жығылып кетіп, талып кетіп есеңгіреп отырғанда, алдымдағы ет тамағымнан өтпеді. Аштарды шақырып алып, бәріне үлестірттім, тағы сондай ауыр әсер берген аштар болды. Сондай аш елді көргенде, бұрынғы істегендерім анық болған соң, тоқ елдің жегені арам екен деген ойлар келді.

Заң тарапынан қарағанда, мүмкін, менің қаталарым бар шығар. Азаматтық, адамшылық жүзінен қаралса, бір кісі аштарға жан салып, қызмет көрсетсе - мендей-ақ көрсетер деп шүкірлік етемін. Мүмкін, менің еткен еңбегім себепті ондаған, жүздеген аштар ажалдан қалған болар, қалмады деп Торғай елі айта алмас.

Еңбегім салауат, ниетім арам, жүрегім қара, қазаққа зиянды адам болып табылсам, бұ да бір уақыт шығар, жазаға мойнымды ұсынамын, аштар үшін мен-ақ құрбан болайын. Елімнің заңына көнемін.

Жүсіпбек Аймауытұлы. Тергеуші Сейдалыұлы.

(251-қор, 4-тізім, 16-іс, 58—59 парақ)

Есіл ағаның аузына «мен-ақ құрбандығың болайын” деген сөз қайдан ғана түсіп еді. Араға жыл салып, сол «тілегінің қабыл боларын» білмеді-ау. Ал, бірінші тергеуде Жүсіпбек айыпкерден айыптаушыға айналып, өзімен қоса өзгелерді де ақтап алды.

Адалдық пен әділдікті «ар ісіне бағалаған» (Абай) атақты жазушы бұл жолы да ақиқаттың жолын кеспеген. Зады, Д. Әділовтың Голощекинге қастандық жасау ниеті болғанға ұқсайды. Ол өзін театрдың директорлығынан босатқаннан кейінгі ашудан туған, жай ғана айта салған сөз бе, әлде нақты іс-әрекет пе, оны анықтау енді мүмкін емес. Жиырма жеті жасар жас жігіттің аптығын басу үшін айтылған ақылы үшін, өзінің ату жазасына бұйырылатынын Жүсіпбек білген жоқ. Білсе, Әділовке басу айтқан ақылынан бас тартып, мойындамас па еді, кім білсін.

Сот ааықтамасынан: «ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің секретары Голощекинге қарсы террорлық қастандықты ұйымдастырғаны жөніндегі айыптау да қызыл сөзге құрылған. Тергеудің осы саладағы қорытындыларында Әділовтің өзінің ойын жүзеге асыруға тырысқан іс-әрекетін және оған Аймауытовтың қатысқандығын дәлелдейтін айғақтар жоқ.

Иә, «бір жанға екі өлмек әділет» (Абай) емес еді. Қайтеміз, орны толмайтын азамат опат- боп кетті.

Енді үшінші айып тығылды — контрреволюциялық үгіт-насихатты таратып, идеологиялық саботаж жасайтын жаңа үйірме... «Алқаның» әрекеті “әшкереленді».

Бәрі де қисынды. «Астыртын ұйым», “қарулы көтеріс”, “Голощекинге қастандық”— қалайда идеологиялық арандатумен аяқталуы тиіс. Сонда ғана тергеудің төрт құбыласы түгелденеді. Сондай-ақ, Мағжан Жұмабаев сияқты өте қауіпті, творчество иесін, азулы ақынды еркіндікте қалдырудың өзі — оны «сыйламау, көзге ілмеу» ғой. Ал оған себеп дайын, тек қара күйені жағып, тонын теріс айналдыратын протокол ғана керек. Ілік — Ташкент қаласындағы «Алқа» атты әдеби үйірме. Оны ұйымдастырған — Мағжан Жұмабаев, ар жағы түсінікті ғой.

Түсініктісі сол, бұл үйірме — Совет Одағындағы жүздеген әдеби-творчестволық үйірменің бірі. М. Горькийдің өзі «ОПОЯЗ»-ға жетекшілік етті. Пролетар жазушыларының қазақ ассосациясының құрамына тек қана кедей табынан шыққандар қабылданды. Олар Мағжан, Мұхтар, Жүсіпбек сияқты «оқып туған байшыл-буржуазиялық идеологияның құйыршықтарының тамырына балта шабу үшін» шабуылға шықты. Тіпті Сәбит Мұқановтың балтасының жүзі Абай-дың өлеңдерін отап тастады, ұлы ақын есімі «қара тақтаға жазылды». КазАПП-тың жанкешті қарсылығына ұшыраған «байшыл, өткенді көксеген ұлтшылдар»- өздерін де, өнерді де қорғау үшін «Алқа» атты үйірме ашты. Өз шығармаларын талқылады. Мағжанның “Батыр Баяны”, Мұхтардың «Кексерегі», Жүсіпбектің “Күнікейдің жазығы» іспетті туындылары сол жылдары жазылды. Әрине, «Алқада» оқылды. Үйірме — өз алдына саяси мақсат қойған жоқ. Таза өнерді қолдап, таптық, мүддеден гөрі көркемдік шеберлікті жоғары қойды. «Жалаң ұраннан арылып, саф өнермен сусындауды” (М. Әуезов) мақсат тұтып, *Шолпан» журналы арқылы сол идеяларын жариялады. 1927 жылы шыққан КазАПП мүшелерінің «Құс жолы» атты жинағында «Алқа» мүшелерінің «Жон терісін сыпырғані» бес-алты мақала басылды.

Саяси айып тағуға соның өзі жетіп жатыр еді.

Солай болды да. Өнер туралы пікір таластары ушығып келіп, өлім жазасына ұласты. Тергеу ісіндеігі неше түрлі жала мен арыздардың, ғайбаттаган қолхаттврдың, жасанды «доностгардың» дәлелсіа қыздырмамен айтыла салған айыптаулардың барлығы да қызыл сөзге, даурықпаға құрылған. Ондағы беттесулердің ішінде аты-жөні кездесіп қалатын ақын-жазушылардың куәландырған көрсетінділері—олардың абырой-атағына көлеңке түсірмесе, көңілді көтермейді. Өкінішті.

Бірақ шындық солай. Жаланың жалынына қанатын күйдірген жалғыз Мағжан емес еді.

Сот анықтамасынан: «...Жұмабаевты, Омаровты, Байтасовты және Жәленовты “Алқа” атты жасырын, ұлтшыл бағыттағы әдеби үйірмені ұйымдастырды және оның жұмыстарына қатысты деген айып та негізсіз. Бұл әдеби үйірме болғандықтан да, өзінің алдына совет өкіметін құлатуды, немесе оған қастандық жасап, күшін әлсіретуді мақсат етіп қоймағаны, сондай-ақ контрреволюциялық қылмыстарды жасауға шақырмағаны тергеу материалдарынан-ақ көрініп тұр. Аталған үйірме мүшелерінің әдеби шығармаларында да мұндай іс-әрекетке шақырған үндеулер кездеспейді. М. Жұмабаев осы үйірменің жетекшісі болғанымен де, өзінің алдына контрреволюциялық мақсат қойған жоқ.

“Алқа” - алқадан тұзаққа айналды.

«Он төрттің ісіндегі» барлық айыптаулар, міне, осылар. Олардың ешқайсысы да шындыққа жанаспайды. Енді ішінара аталмай қалған екі-үш адам жөнінде мәлімет бере кетейік.


Байтасов Абдолла — 1900 жылы Қостанай округінің Бақбаққара ауданында туған. Білімді. «Жас алаш», “Жаз қайрат” газеттерінің белсенді авторы. Ағарту, сауат ашу, әр ғылымның саласындағы кітаптар жөнінде мақалалар жазған. Саяси экономия қақында пікір қозғаған.

Бірімжанов Ғазымбек— 1896 жылы Қостанай округнің Торғай ауданында туған. Жоғары білімді мал дәрігері. Мемлекеттік сауда басқармасында, істеген. Юрист Ахмет Бірімжановтың інісі. Юсупов Ахметсафа — 1894 жыл Қостанай округінің Бақбаққара ауданында туған. «Еңбекші қазақ» газетінің әдеби қызметкері. Осы адамның тарихы жұмбақ. А. Ювупов — М. Дулатовтың бажасы. Жақсы араласқан. Ж. Аймауытовпен бірге Торғайдағы аштарға мал айдап барып, сонымен қоса жауапқа тартылған. Үш-төрт жыл жазаға да кесілген. Бір түсініксіз тұсы, А. Юсуповке «НКВД-ның жасырын тыңшысы: Дер кезінде хабар бермегені үшін ату жазасына кесілді» деген айып тағылған. Біз, анық деректі білмегендіктен де, А. Юсуповты ақтаудан да, қаралаудан да аулақпыз. Себебі НКВД-ның үкімі орындалып кетті. Екіншіден: ол ешқандай куәгерлер сөзін мақұлдамаған. Яғни, мұның өзі де жоғарыдағы айыптардың өтірік екенін дәлелдейді. Әйпесе осынша қылмысты біле тұрып, тыңшы ретіндегі міндетін орындамау мүмкін емес.

Eндi тергеу барысында бұрын басқа қандай заңсыздықтар жiберiлгенiне көз жiберейiк.

Қазақ ССР Жоғары сотының анықтамасынан: «Жоғарыдағыларға қоса осы iс бойынша қылмысты тергеу кодексiнiң ережесi өрескел бұзылған: қылмысты iс қозғау туралы тиiстi қаулы қабылданбастан-ақ, тергеу жүргiзiлген және ол тек қана айыптау әрекетiн көздеген. Барлық айып тағылғандарды прокурордың санкциясынсыз және соған лайық дәлелдi негiздерi жоқ бола тұра түгелдей тұтқынға алған.

Барлық адамдарға тағылған айып қылмысты iстер жөнiндегi заңға сүйенбестен-ақ жүргiзiлген. Тергеу бiр жылдан аса уақытқа созылса да, алдынала тергеу мен айыпкерлердi арнайы күзетпен түрмеде ұстау туралы кесiмдi мерзiм ұзартылмады. Тергеу барысында контреволюциялық ұйымның болғаны туралы: оның программасы, уставы, iс-әрекет мақсматы және оны жүзеге асыруға нықты шаралары жөнiнде ешқандай да обьективтi деректер анықталмады.

Тергеу аяқталғаннан кейiн оның материалдары айыпкерлерге таныстырылмады және олар өздерiн қорғау құқысынан айырылды. Iс осы қалпымен және айыптау қорытындысы шығарылмастан, сотқа қатысы жоқ мекемелердiң қарамағына жiберiлдi, ал олар сол бойынша «сырттай үкiм шығарды».

Осындай жағдайда Байтұрсынов және басқа да адамдар заңсыз түрде қылмысты iске тартылып, жазықсыз жазаланды.

Жоғарыдағы баяндаған жайдың негiзiнде Қазақ ССР қылмысты iстер кодексiнiң 375 статьясын жетекшiлiкке алып, Қазақ ССР Жоғары сотының қылмысты iстер жөнiндегi коллегиясы мынаны анықтады... »

Соттың ол анықтамасынаң мазмұны бәрiмiзге белгiлi. Сол шешiмнiң арқасында «он төрттiң iсi» ақталып, әлеуметтiк әдiлеттiлiк орнады. Қоғамдық өмiрiмiздегi үлкен салтанатқа, рухани оқиғаға айналды. Ал, СССР Халық Комиссарлары Советiнiң жанындағы ОГПУ-дың коллегиясының 1930 жылы 4 апрельдегi қаулысы бойынша:

  • Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Мер – Якуб, Есполов Мырза - Ғазы, Әдiлов Дiнмұхамед (Дiнше), Аймауытов Жүсiпбек, Болғанбаев Хайретдин, Бiрiмжанов Ғазыбек, Ғаббасов Халел, Юсупов Ахмед-Сафа.

  • 1921 жылы Орынбор қаласында контреволюциялық ұйым құрып, Орта Азиядағы пантюркистiк ұйымның бастығы Валидовпен байланыс жасағаны үшiн;

  • Далаға барып қарулы көтерiлiс ұйымдастыру туралы жиналыс өткiзгенi және далаға сiңiп кетуге дайындалғаны үшiн;

  • 1927 жылы ВКП(б) Қазақ өлкелiк комитетiнiң сектетары Голощекинге қастандық әрекет жасауға тырысқаны үшiн;

  • Юсупов А. С. – ОГПУ-дiң құпия тыңшысы бола тұра, Бiрiмжановтың Валидовке кеткенiн хабарламағаны үшiн;


РСФСР қылмысты iстер кодексiнiң
  • 58 статьясының 2, 4, 8, 11, 13 тармағы бойынша:

Ату жазасына кесiлдi.

- Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдос, Битiлеуов Дамолла - «Алқа» атты жасырын, ұлтшыл үйiрме құрғаны үшiн;

– РСФСР қылмысты iстер кодексiнiң 58 статьясының 4, 11, тармағына сәйкес –

  • Жазаның ең ауыр түрiне кесiлiп, ол жаза 10 жыл концентрациялық лагерьде өтеу туралы үкiммен алмастырылды.

Атуға бұйырылған төрт адамның – Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Мырзағазы Есполовтың, Қазымбек Бiрiмжановтың iсi 1931 жылы 13 январьда қайта қаралып, ең ауыр жаза түрмемен алмастырылды. Олар он жылға бас еркiнен айырылды. Ал, Халел Ғаббасов, Жүсiпбек Аймауытов, Дiнмұхамед Әдiлов, Хайретдин Болғанбаев, Юсупов Ахмед – Сафа атылып кеттi. 1920 жылы 3 июндегi ВЦИК президиумының указы бойынша оларға жасалған кешiрiм де сол күйi ескерiлмей қалды.

Отызыншы жылдардағы саяси сахнадағы ойынның шиеленiстi, тартысты болғаны сондай, заң ережесi, адамгершiлiк нормасы, партиямен өкiмет қаулылары аяқ астында тапталып, жаппай жазалауға ұласты. Кiмдi кім жеңдi – мәселе осыған келiп тiрелдi.

Өкiнiшке орай, бұл «қара дауылдың» алғашқы аласапыраны едi.

Ү
“Он төрттің ісіне” қатысты адамдардың бұдан кейінгі тағдыры әрқалай “қалыптасты”. Бірақ олардың барлығы да өз өмірлерін түриеде аяқтады. Мағжан Жұмабаев пен Ахмет Байтұрсынов Беломор-Каналда айдауда болып, Қызыл Крест қоғамының көмегімен 1934 – 1935 жылдары Алматыға қайтып оралды. Арада екі жыл өтісімен, 1937 жылы қарашада Ахмет Байтұрсынов НКВД-ның Алматы облыстық басқармасы коллегиясының шешімімен қамаққа алынады. “Қайда апарасыңдар” деген әйелі Бадрисаның сұрағына жылдам қимылдайтын, аласа бойлы қара жігіт: “О дүниеге” деп жауап беріпті. Қандай сұрқиялық десеңізші. “Жылтыр қараның” бұл сөзіне қарағанда, А. Байтұрсыновқа алдын ала үкім шығарылып қойылған. 25 ноябрь күні “үштіктің” қаулысы қабылданды да, екінші рет ату жазасына кесілді.

Он үш күннен кейін, яғни, 1937 жылы 8 декабрь күні үкім орындалды.

Тағылған айып мынадай: «Байтұрсынов 1921 жылы Орынбор қаласында Валидовпен байланыс жасап, жасырын контрреволюциялық ұйым ашты, қылмысты жазасын өтеп келгеннен кейін, 1937 жылы Алматы қаласында әшкереленген тағы бір контрревболюциялық түрік халық партиясының белсенді мүшесі Ғ. Қабдалиевамен байланыс жа-сағаны үшін айыпталды».

Саып келгенде, мұның барлығы жалған жала боп шықты.

Жоғары соттың анықтамасынан: «Байтұрсынов өзін қылмыстымын деп есептемеді. Қазақ ағарту институтының председателі ретінде Совет өкіметінің кейбір шараларының жүзеге асырылуына, қарсы пікір айтқанымен, қандай да бір контрреволюциялық партиямен байланыс жасамағанын мәлімдеді. Оның ішінде, қазақ әрпін латын қарпіне көшіру мәселесі жөнінде көзқарас алшақтығы болды.

Бұдан әрі ол мынаны баяндады: 1937 жылы мұның пәтеріне бейтаныс әйел келіп, Жапонияға байланысты қайдағы бір саяси ісі үшін күйеуінің түрмеге қамалғанын хабарлайды. Бұл әйелге: өзінің саяси іспен айналыспайтынын, егер де Жапонияның Совет өкіметімен соғысқысы келсе, оны қзақтардан сұрамайтынын айтады.

Ал Ғ. Қабдалиева өз сөзінде: күйеуі Әбікеевпен бірге қылмысты жауапкершілікке тартылған Қисаевтың ұсынысы бойынша, ақыл-кеңес сұрау үшін Байтұрсыновқа келген. Соңғы адам (Байтұрсынов) оған: ондай істен шеттеп кеткенін, бұл жөнінде ешқандай да жөн-жоба көрсете алматынын білдіреді.

Бұдан өзге, Байтұрсынов контрреволюциялық ұйыммен байланыс жасады-мыс дейтіндей дәлелді айғақ жоқ».

Тергеуші адам оны кінәлайтындай иненің жасуындай себеп те іздеместен және ол жөнінде сұрақ-жауап та алмаған. Ғ. Қабдалиева деген азаматша қайдан пайда болды? Шынымен, тағдырдың тезіне ұшырап, жары үшін жанталаса әділдік - іздеген әйел ме? Әлде Ахмет Байтұрсыновты арандату үшін қасақана онымен кездесугі барған адам ба? Мұндай күдікті сұрақтардың қойылуы заңды да еді. Алайда, осы мақала “Өркен” газетінде жарияланысымен, актриса Римма Қабдалиева маған хабарласып, өзінің осы басылымда айтылған Ғайнижамал Қабдалиеваның қызы екендігін, анасымен жолығуымды өтінді. Жетпістен асқан кейуананың әңгімесін тыңдап отырып, төбе құйқам шымырлады.

Шындығында да, Ғайнижамал Қабдалиева Ахмет Байтұрсыновқа 1935 жылы күйеуі Дайыр Әбікеевтің өтініші бойынша жолығып, тура жоғарыдағы сөзді айтқан боп шықты. Әбікеев Дайыр - партия қызметкері. 1932 жылы Алматы Облыстық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі боп тұрған кезде: “Біз қазақтың бас көтерер азаматымыз. Мына аштармен бірге өлуіміз керек, не оларды аштықтан арашалап алайық»,— дегені үшін сотталған. Алматы түрмесінде жатқанда, Ахмет Байтұрсыновтың түрмеден оралғанын естіп, ақыл-кеңес сұратыпты. Ал Қисаев дегенді Ғ. Қабдалиева мүлдем білмейтін болып шықты, яғни, ол тергеушілердің қолдан жасаған өтірік куәсы екені анық. Жұмыстан, оқудан қуылған Ғ. Қабдалиеваны 1937 жылы Жаркентте жүргенде тұтқындап, августа Алматыға алып келеді. Ұрып-соғып,әбден жәбірлеген соң (ондағы Ғ. Қибдалиеваның көргенін айтып жеткізу мүмкін емес), он жылға соттап, Сібірге жібереді. 1947 жылы шығарады, бірақ 1949 жылы қайтадан қамалып, жер аударылады.

Содан І*54 жылы ғана бостандыққа шығады. 1960 жылы ғана ақталады. Күйеуі — Әбікеев Дайыр Қиыр Шығыстағы лагерьде қайтыс болады.

Міне, Ахмет Байтұрсыновтың астыртын байланысшысы «пантюркист” ұлтшыл әйелдің тағдыры осындай.

Қазақ ССР Жоғары сотының анықтамасы: “Алматы облыстық НКВД -үштігінің 1937 жклғы 25 ноябрьдегі қаулысы бұзылсын және іс-қимылында қылмыстық әрекеттердің жоқтығына байланысты Ахмет, Байтұрсыновқа қатысты тергеу ісі тоқтатылсын.

Қазақ ССР Прокурорының наразылығықанағаттандырылсын.

Председателі — Т. К. Айтмұхамбетов.

Коллегия мүшелері — В. Л. Грабарник. К. Т. Кенжебаев.

4 ноябрь, 1988 жыл”.

Араға елу жыл салып барып, ақиқат ашылды.

Праволық социалистік мемлекеттің Соты да ең бірінші сол қоғамның ең басты байлығы — Адамның азаматтық мүддесін қорғауы — тосын да төтенше оқиға емес, күнделікті парызы болуға керек. Себебі: тарихымыздағы «ақ таңдақтар» мен «қара дақтар» әлі де толық жойылып біткен жоқ. Бұл тілектің осы «он төрттің ісіндегі» кейбір азаматтардың тағдырына тікелей қатысы бар.



Ақиқаттың есігінің енді кең ашылатынына сенгіміз келеді.

Саяси Бас басқарма – арандатудың, қысым мен қудалаудың, жазалаудың тұрақты мемлекеттiк құралына айналды. Зорлық–зомбылық көрсету арқылы адамды азаптап, қорлау үшiн құрылған бұл мекеме сол өкiметтiң шешiмдерiн саяси және азаматтық қылмыс деп тауып, арандатуға пайдаланды. Мұндай тәсiлдi «Мұхаметжан Тынышбаев бастатқан «астыртын ұлтшыл – контрреволюциялық ұйымның» iсiн тергеу барысында аса әккiлiкпен қолданып, оларға:

«Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына жетекшiлiк жасап, сондай қозғалысты Қазақстанда да ұйымдастыруға әрекеттенгенi сөйтiп кеңес өкiметiн құлатуды алдына мақсат етiп қойғаны толық әшкерелендi» - деген айып тағылуы сондай заңсыздық әрекеттiң бiрi едi.
Қазақ ұлтының мемлекет қайраткерлерiне мұндай айып тағу арқылы Мемлекеттiң Саяси Басқарма Бүкiлресейлiк Орталық Комитеттiң 1919 жылғы көкек айының 4 күнi қабылдаған және оны Бүкiл Ресейлiк Орталық Атқару комитетiнiң Президиумы бекiткен:

«Алашорда» ‡кiметiнiң бұрынғы мүшелерi кеңес қызметiне тартылсын және оларды өткендегi iс–әрекетi үшiн қудалауға үзiлдi-кесiлдi тиым салынады» деген қарарын бұзды.



Мұның астары да түсiнiктi едi. Дiнмұхамед Әдiловтiң жеке басына қатысты қозғалған қылмысты «Алашорда» үкiметiнiң мүшелерiне әкеп байланыстыруында асқан зымияндық жатты. Сырт көзге кеңес өкiметiнiң жоғарыдағы қаулысын сақтағансып, шын мәнiнде, түрме iшiндегi тергеуде жауапқа тартылушыларға бұрынғы қайраткерлерлiк қызметiн айып ретiнде тақты және оны қалайда дәлелдеуге тырысты.

Өкiнiшке орай бұл уәжге олар құлақ аспады, оған пәрменi де жетпейтiн, пәйнегi де шыдамай тергеушiлердiң ықпалында кеткен, ақыры өзi де арандап тынған жалақорлар мен жалтақтар да әдiлетсiздiктiң үстемдiк құруына септiгiн тигiздi. Түрме iшiне жiберiлген тыңшылар жауапқа тартылғандардың әрбiр сөзiн қағыс қалдырмай қожайындарына жеткiзiп отырды. Солардың сыпсыма өсектерiнiң негiзiнде айып қорытындысы әзiрленiп, сұрақ қойылды. Тiкелей «Алашорда» үкiметiне қатысы жоқ, жай ғана желеумен жауапқа тартылғандардың арасында «салпаңқұлақтардың» кiрiп кетуi әбден мүмкiн. Тергеуге жетпiстен астам адамның алынуы да күдiк келтiредi. Олар бiр – бiрiн жақсы да тани бермейтiн. Сондай-ақ, «үштiктiң» қарамағына көшкендерге қинаудың қандай да болсын түрлерiн қолдануға еркiндiк берiлген арнайы жарлық та бар болатын. Сол үшiн әрбiр түрменiң iшiнен ыстық, суық камералар жасақталды. Мұны «ұлы құрбандықтарға» да қолданғаны күдiк тудырмайды. Оған ОГПУ-дiң Мәскеудегi Шығыс бөлiмiнiң бастығы Дьяковқа Орта Азия бөлiмiнiң бастығы Каруцкий мен Шығыс бөлiмшесiнiң бастығы Круковскийдiң:

«Сiздiң жарлығыңызға байланысты Байғасқиннiң сұрақ - жауабының көшiрмесiн жолдап отырмыз.

Сұрақ кезiнде Байғасқин бұрынғы берген жауаптарына жаңадан ештеңе қосқан жоқ, тек Әнуар Паша мен Заки Уәлиди Түркiстанға сәтi түсiп жорық жасай қалған жағдайда алашордашылардың жергiлiктi тұрғындарды көтерiлiске дайындауға талпынғанын дәлелдейтiн дерек қана назар аударады.

Байғасқин бiзге: алашордашылардың кеңес өкiметiне қарсы әрекеттерiне өзiнiң қатыспағандығын, өйткенi олардың бұған сенбегенiн, ал өзiнiң алдыңғы екi куәлiгiндегi деректердi бұған Байтасовтың айтқандығын мәлiмдедi.

Бiздiң парықтауымызша, Байғасқиннiң өзiне сенiмсiздiкпен қарады дегенi, өтiрiк. Ол өзiмдi әшкерелеп аламын ба деп жалтарып отыр, шындығына келсек, ол алашордашылардың арасында ерекше сенiмге ие болып келдi және қазiр де сенiмдi адам саналады. Сондықтан да бiз: оның алашордашылардың арасындағы беделдi орынын түрмедегi басқа тұтқындардың жауабы арқылы, соның iшiнде Байтасов арқылы анықтауға болады, алынған мәлiметтерге сүйене отырып Байғасқинға қысым жасауға мүмкiндiк туады – деп есептеймiз.

Қазақ интеллигенттерiн қинауды күшейту туралы сiздiң жарлығыңыз басшылыққа алынды және интеллигенттердiң сөздерiн жеткiзiп отыру үшiн әзiрше үш тыңшы - «Қалам»( «Перо»), «Нияз», «Дальше» - олардың арасына кiргiзiлдi. Өзге тыңшыларды тартуға дайындықтар жүргiзiлiп жатыр.

Ескерте кетерiмiз, «Шағыр» Шымкенттегi тұрақты қызмет орынына жүрiп кеттi, тазарту кезiнде партия қатарынан шығарылды. Байғасқиннiң сұрақ-жауабын жiберiп отырмыз» деген мәлiметi толық дәлел.


Бұған «ұлы құрбандарға» қарсы ұрып – соғу, қинау, арандату әрекеттерiнiң барынша кеңiнен әрi қаталдықпен қолданылғаны анық байқалады. Мұның егжей-тегжейiн баяндау дербес тақырыптың арқауы. Қармаққа кiм iлiндi, қандай қиянатқа жол берiлдi, «Қалам» мен «Нияз», «Дальше» дегендер кiмдер едi, «үндеместердiң» мағлұматы тергеу барысына қалай әсер еттi? Бұл – жауапсыз қалатын сұрақтар емес. Жауап берiледi де. Тек адамгершiлiктен аттамас үшiн, кiнәсiз ұрпақтардың бетiне шiркеу түсiрмеу мақсатында әзiрше бұл мәселенi қалтарыста қалдыра тұруды санадық. Сенiммен, кепiлдiк бере айтылатын бiр сөз – алаштың ардагерлерi:

Қинамайды түрмесiне жапқаны,

Қинамайды атқаны,

Қинайды тек өз итiмнiң,



Балағымнан қапқаны, -
деп Ақаң – Ахмет Байтұрсынов айтқандай, түрменi де, қинауды да, ату жазасын да салқындылықпен қабылдап, қасқайып қарсы тұрып, рухын тiк ұстады.






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет