Силлабус Пән: Педагогика тарихы Курс: 4 Мамандық: 5В010200 «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» Кредит саны: 2 Экзамен: 7 семестр Семей-2015 «Педагогика тарихы»



бет13/15
Дата05.11.2016
өлшемі3,44 Mb.
#437
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

Сұрақтар: Мұсылмандық мектептер. Ш. Уалихановтың педагогикалық көзқарастары. Ы. Алтынсариннің педагогикалық пікірлері. А. Құнанбаевтың педагогикалық көзқарастары
14 Дәріс тақырыбы: Қазақстандағы мектеп пен педагогика (20-30 жылдар) 1 сағат

Дәрістің мақсаты: Қазақстандағы мектеп пен педагогика (20-30 жылдар) туралы студенттерге толық мәлімет беру.

Қарастырылатын негізгі сұрақтар: XX ғасырдың басында Қазақстандағы қоғамдық педагогикалық қозғалыс. Ұлттық мәдениет және ана тілінде оқытатын мектептер ашу руралы ойлар. Білім беру мен тәрбиелеу мәселелерін баспасөз беттерінде талқылау. Этнопедагогика және этнопсихология мәселелерін қарастыру. А. Байтұрсынов қоғамдық, ұйымдастырушылық және ғылыми педагогикалық қызметі. М.Жұмабаевтың педагогикалық көзқарастары. Ж. Аймауытовтың еңбектеріндегі жалпыадамзаттық тәрбие және кәсіби білім беру, бастауыш мектептер үшін оқу пәндерін таңдап алу, оқушыларды артық жүктемеден арылту мәселелері. С. Көбеевтің педагогикалық мұрасы. Н.Құлжанованың мектепке дейінгі бала тәрбие теориясы мәселелері.

Ахмет Байтұрсынов (1873-1937 ж.) өмір сүрген белгілі қоғам қайраткері, ғұлама түрколог, жазушы, публицист, ағартушы-педагог Ахмет Байтұрсыновтың өмір жолы қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Ақкөл жағасындағы Сарытүбек деген жерде басталып, қазақ шаруасының әулетінен дүниеге келеді. Ахмет Байтұрсынов өзінің барлық саналы өмірін қазақ қоғамында білім – ғылымның дамуына, мектеп ағартушылық ісінің жанданып кемелденуіне бағыштады.

А.Байтұрсыновтың алғаш ағартушылық ой-пікірлері сонау 1913-1917 жылдары Орынборда шыққан «Қазақ» газетінде (Байтұрсынов 5 жыл бойы осы газеттің жауапты редакторы болған) жарияланған мақалаларынан айқын көріне бастайды.

А.Байтұрсынов туған халқының ғылым-білімге ұмтылуын, әр қазақтың ең болмаса бастауыш білім алуын аңсады. «Адамға тіл, құлақ қандай керек болса, бастауыш мектепте үйренетін білім де сондай керек», - деп жазды ол. Бірақ осындай білім беретін ауыл мектебінің сол кездегі хал-күйі оның қабірғасына қатты батты.

Бұл жөнінде «Әуелі ауыл мектебінен басталайық. Осы күнгі ауыл мектептерінде оқуға керекті құрал жоқ, оқыта білетін мұғалімдер аз. Сонда да хат білетін қазақтардың проценті мұжықтардан жоғары. Бұл мектептің халыққа жақындығы, балалардың білімді ана тілінен үйренетіндігі...» деп, ауылдық қазақ мектептерінің жайын сөз ете келеді де, «орыс школдарында тәртіп те бар, құрал да сай, мөлшер, жоспар бәрі де бар. Сонысына қарай пайдасы аз. Сол школдар арқылы қазақ тілін жоғалтып, орыс тіліне түсіреміз дейді, қазақ тұтынып отырған араб әрпін тастап, орыс әрпін алдырамыз дейді. Сол үшін әуелі балалар ана тілімен оқымай, орыс тілімен оқысын, ана тілінде оқыған аты болу үшін қазақ тілінде орыс әрпі басылған кітаптардан бастап оқып, әрірек барған соң кілек орысшаға түспек керек дейді. Бұлар еппен қайырмалаушылардың жолы...», деп қазақ даласында патшалы Ресейдің отарлау сасясатының қалай іске асырылып жатқанын әшкерелейді. Ол патша әкімдерінің оқу-ағарту ісіндегі бұл саясатының түпкі мақсатын одан әрі айқындай түсіп, «Хүкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, әр халыққа керегі өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң бастауыш мектеп әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек... Қазақты басқа дінге аударамын деу құр әурешілік. Қазақты дінінен айыруға болмаса, жазуынан да айыру болмайтын жұмыс» деп, пікірін батыл айтты. Шындықты ашық айтқаны үшін патша өкіметінің жергілікті әкімдері газетке бірнеше рет айып салып, оның редакторын түрмеге жапты.

А.Байтұрсынов - қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына да көп күш жұмсады. Әрі қазақ тілін оқыту әдістемесінің іргетасын қалаушы. Ол – қазақ тілін дыбысқа бөліп оқыту арқылы сауаттандыру әдісінің негізін салды.

Қазақ халқының абзал ұлдарының бірі, ХХ ғасырдың бас кезіндегі демократиялық бағыттағы қазақ зиялыларының ең ірі, ең беделді көшбасшысы А.Байтұрсыновтың қазақ ғылымы мен мәдениеті, тәлім-тәрбие оқу ісі тарихына сіңірген орасан зор еңбегінің тарихтан өшпес орын алатынын бүгінгі демократия мен әділеттілік салтанат құрған дәуірде өмір шындығы дәлелдеп отыр. Осы жылдары Ахмет Байтұрсыновпен бірлесіп, Міржақып Дулатов «Қазақ газетін» шығаруға ат салысады. Қазан төңерісіне дейін, сондай-ақ Кеңес өкіметі жылдарында бірнеше рет түрмеге жабылады.

Алаш өкіметі мен партиясының басшыларының бірі болғаны белгілі. Ол 1920 жылдардан бастап жаңа өкіметке де аянбай қызмет істейді. 1922-1926 жылдары Орынбордағы қазақтың ағарту институтында оқытушы болады. 1922 жылы екі бөлімнен тұратын «Есеп құралын», 1924 жылы «Қирағат» кітабын қазақ кітаптарының библиографиялық көрсеткішін бастырады. 1928 жылы зобалаңда бір топ қазақ оқығандарымен бірге тұтқынға алынып, ату жазасына кесіледі, онысын кейіннен, он жыл абақтыда қамаумен алмыстырады. 1935 жылы тұтқында жүріп, Балтық каналаның бойындағы Сосновец деген жерде қайтыс болады.

Әмбебеп ағартушының артына қалдырған рухани мұрасында кешегі көшпелі қазақ елінің әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, жол-жоралғысы, тәлім-тәрбиесімен, үлгі-өнегесі, өзіне тән этикалық, эстетикалық ұнам-талғамдары ұлттық колоритке толы сан алуан нақты деректермен безендіріле баяндалған.

Ұстазы Ыбырай Алтансариннің оқу ағарту мәселесіне байланысты идеяларын әрмен қарай дамыта келіп, ол да А.Байтұрсыноа сияқты оқу-тәрбие мәселесіне ғылыми тұрғыдан қарауға, атап айтқанда оқытудың жаңа тәсілдеріне, шәкірттердің жаңа бағдарламалар арқылы білім алуына, ғылыми дидактикалық қағидаларға сәйкес сабақ жүргізуге ерекше мән береді.

Табиғатынан тәлімгерлік қасиеті мол жазушы қазақ арасында көбінде көзге түспей, түссе де еленбей жүрген ғылым-білімге, өнерге, зерек, дарынды балаларды оқытып-тәрбиелеудің мәні жайында сөз ете келіп, дарындылықтың кейбір психологиялық астарларына үңіледі. Кімде-кім өзінің табиғатынан не нәрсеге шеберлік барлығын сезіп, өз жолына түссе ғана, көзге көрінеді.

Халқымыз егемдікті аңсап жатқан қарбалас шақта жас өркендерді жерге шырылдап түскен кезден есейіп, есі кіріп болғанға дейінгі аралықта ана тілінің уызына жарып қана қоймай, олардың ұлттық рухен салт-дәстүр, әдет-ғұрыптан мейлінше сусындауына ерекше көңіл аударуымыз қажет.

Бұл жөнінде де М.Дулатов былайша жеріне жеткізіп айтқан еді. «Бастауыш мектепте алған тәрбиенің, - деп жазды ол, - әсерлі, күшті, сіңімді болуы қай халықтың мектебінде болса да оқу кітаптары ана тілімен, өз ұлтының тұрмысынан, һәм табиғаттан жазылып, баяндап оқытудың асыл мақсатына муафик үйретуден, осылай біліп, баяндап оқытқанда, балқыған жас баланың ойына, қанына, сүйегіне ұлт рухы сіңісіп, анат тілін анық үйреніп, керекті мағлұматтар алып шығады.

Мұндай балалар бастауыш мектепті бітіргеннен кейін қай жұрттың мектеп медрассесінде оқыса да, қай жұрттың арасында жүрседе де, сүйегіне ұлт рухы жасымайды. Қайда болса да тіршілігінде қандай ауырлық өзгерістер көрсе де ұлт ұлы болып қалады.

Мағжан Жұмабаевтың (1893-1938ж.) ақындық өнерді өзінің қысқа өмірінде асқан шабытпен жырлап нағыз поэзия биігіне самғаған, оның асқан асуларынан өлшеусіз нәр алған бір туар әмбебап зиялы қайраткер болды. Оның қаламынан сондай-ақ көптеген әңгімелер мен мақалалар, оқу құралдары мен оқулықтар мен («Бастауыш мектепте ана тілі» - 1923, «Сауатты бол» - 1926), зерттеу еңбектері туды. Мағжан поэзиясы адамның жан дүниесінің қыры мен сырына терең бойлайтыны, оның адамның жан сезімін дөп басып суреттейтіні көпшілік оқырманды сүйсінідіріп келді. Мағжан 1922 жылы «Педагогика» атты (Ташкент, Орынбор) ғылыми еңбек жазды. Сол кездегі көрнекті қазақ зиялыларының бірі-белгілі ғалым-педагог, публисцист М.Жолдыбаев осы кітаптың баташарына былай деп жазыпты: «Заманға дәл жаңа кітап шыққанша малданып», одан кейін оқып салыстырып қарап, бұрыңғы жазылғандардың адасқан жерін тауып отыруға Мағжан педагогикасы іздесе таптырмайтын пайдалы тарихи материал. Бұл пікірден аумалы-төкпелі заманда «құлықтың құлынындай қызғанышты» дүниені додаға салудан тартынған салмақты сыңай сезіледі.

Оқу құралының бірінші бөлімі педагогиканың жалпы мәселелеріне арналған. Оның пікірінше тәрбие саласы төртке бөлінеді. Олар: дене, жан, ақыл тәрбиесі, сұлулық пен әдеп-құлық тәрбиесі. Әрине, тәрбиенің бұдан басқа да бірнеше түрлері бар, ол мұның басты-бастыларын ғана айтқысы келген болуы керек. Автор олардың бір-бірімен табиғи тамырластығын тәптештей түсіндіре келіп, былай дейді: «Егер де адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны. Егер де ол ыстық, суық, аштық, жалаңаштық сықылды тұрмыста жиі ұшырайтын күштерді елемейтін мықты берік денелі болса, түзу ойлайтын, дұрыс шешетін, дәл табатын ақылды болса, сұлу, сөз, сиқырлы әуен, әдемі түрден ләззат алып, жан толқындырарлық болса, жамандықтан жаны жиреніп, жақсылықты жаны тілеп, тұратын құлықты болса ғана адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы. Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын...», «Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес, келешек заманына лайық қып шығару» - деу арқылы М.Жұмабав тәрбие мақсатын келер күн талабымен ұштастырғысы келеді.

Оның туған халқының тәлім-тәрбиелік бай мұрасын игеру жөніндегі бағыт-бағдары да құптарлық. «Ұлт тәрбиесі – деп жазды ол, - баяғыдан бері сыналып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті».

Жұмабаев халық тәрбиесін қастерлей отырып, оны да жұрт талқысынан өткізіп қабылдаудың қажеттігін ескертеді. «Талай нашар, зиянды әдеттер әрбір ұлт тәрбиесі ішінде толып жатыр» -дей келіп, автор тәрбиешінің педагогикалық шеберлігін ұштау мәселелеріне ден қояды.



Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931ж.) жантанушы. Жүсіпбек ағаның біздің ұрпақтарға қалдырған бай мұраларымен танысқанда бірден көзге түсетін ерекшелік – автордың адам психологиясын жете, әрі терең білуі. Ендеше, оның "Психология" кітабының арқалаған жүгі ауыр. Осы пәннен қазақ тілінде жазылған алғашқы оқулық та сол. Жүсіпбек Аймауытовтың психологияны зерттеп, көтерген мәселелері - одан басқа қазақ топырағында ешкім де көтермеген мәселе. Ол өзінің тәлім-тәрбие саласындағы бағыт-бағдарын 1918 жылы ақпан айында Семей қаласында шыққан әдеби және ғылыми-қоғамдық «Абай» атты журналдың бас мақаласынан аңғартады. Онда Аймауытов: «... қазақ сахарасында мыңнан жалғыз алысып, жапа шеккен ұлы ағартушы Абайдың көздеген мақсатты халқын өнер-білімге, оқуға, отырықшылыққа, мәдениетті ел дәрежесіне жеткізу еді» - деп жазады. Ол Абай ұстаған ағартушылдық жолды тыныс-тіршілігінің негізгі арқауы етіп алады.

Осы журналдың 1918 жылғы 1,2 сандарында Аймауытотың «Тәрбие» атты көлемді мақаласында тәлім-тәрбиенің ой-пікірлер ғылыми тұрғыдан терең баяндалған.

Мақала авторы «адам мен хайуанның өмір сүруінің айырмашылықтарын көрсете келіп адамдық қасиет саналы өмір сүру, қауым болып бірлесіп, тіршілік ету» дейді. Ол сондай-ақ «адамның қоғамдық еңбегінің жемісті, нәтижелі болуы тәрбиеге байланысты», деп қорытынды жасайды.

Ж.Аймауытов «адам мінезінің, ақыл-қайратының әр түрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан... Адам баласының ұрлық істеуі, өтірік айтуы, кісі тонауы, өлтіруі сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен» дейді. Ол тәрбиенің екі түрлі болатынын: дене тәрбиесі және жан (рух) тәрбиесі болып бөлінетіндігін атап көрсетеді.

Аймауытов балаға әсер ететін нәрсе медресе (мектеп) және тәрбиеші (мұғалім) деп санайды. Ж.аймауытов өнегелі үйелменнен бұзық мінезді баланың шығуы немее тәрбиесі нашар отбасынан да тәрбиелі, өнегелі баланың өсуі мүмкін дей келеді де, бұл айтылғандар өскен ортаның, замандас, жолдас-жора, құрбы-құрдастың ықпалынан, соларға еліктеуден болатынын дәлелдейді.

Тәлімгер-ғалым бала тәрбиесіне туған елдің әдет-ғұрпы мен салт-санасының да белгілі мөлшерде әсер ететінін ғылыми тұрғыдан дәлелдей түскен. Ойын-сауық, өлең-жырды естіп өскен елдің баласы өнерге бейім болады, діндар елдің баласы діншіл келеді. Жастайынан кемдік, жоқшылық, қағажу көріп өскен ауылдың баласы жасқаншақ, бұйығы болады – деп қоғамдық салт-сана, әдет-ғұрыптың тәрбиеге тигізетін ықпалына тоқталады.

Ж.Аймауытов «тәрбиенің негізгі мақсаты мінезді түзеу, адамшылыққа қызмет ету, адал еңбек ете білуге тәрбиелеу» деген қағиданы қуаттай келіп, «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі бала айтып ұқтырғаннан гөрі, көргеніне көп еліктегіш келеді солай болған соң балаға не жақсы мінез болсын, іспен көрсету керек» - дейді.

Ж.Аймауытов сол кездегі орыс оқымыстыларының тәрбие жөніндегі еңбектерімен адам тәрбиесіне қоршаған ортаның әсері жөнінде жақсы таныс болуы ықтимал. Өйткені оның жазбаларынан орыс жазушысы Л.Н.Толстойдың «Тәрбие дегеніміз бір адамның екінші адамға жасайтын ықпалы» немесе заңгер педагог А.С.макаренконың «Адамдарды қоршаған орта тәрбиелейді. Адамдар тұтыну заттары, табиғи құбылыс, т.б. бәрі тәрбиеге белгілі әсерін тигізеді. Соның ішінде ең әсерлісі адамдардың қарым-қатынасы, әсіресе ата-аналар мен ұстаздардың ықпалы ерекше... анағұрлым қиын тиетін қайта тәрбиелеу жұмысына оралмау үшн әуелде дұрыс тәрбие беруге тырысу керек» деген секілді таныс пікірлер жиі ұшырасады.

Автор мақаланың соңында адамның тән сырқатын емдейтін дәрігер мамандығымен адам жанын сауықтыратын, ақыл-есін, мінез-құлқын тәрбиелеп жетілдіретін тәрбиеші – ұстаз еңбегін салыстыра отырып, бұл екі мамандықтың да, тәні сау, рухани байлығы мол, жан-жақты жетілген абзал жанды, сергек қоғам мүшелерін тәрбиелеудегі өлшеусіз мол еңбегінің маңыздылығы өте орынды атап өткен.

Ж. Аймауытовтың көзқарастарында адамдарды ұлтына бөлмей, жалпы адамгершілік құндылықгар тұрғысынан қарайтындығын көреміз. Қоғамдағы жүріп жатқан процестерді және оның болашағын жете түсінген ойшылдың көзқарастарын қарап, талдап отырғанша, біз нағыз халқын сүйген, сол халқы үшін жанын аямаған патриот ақын екенін көреміз.



Міржақып Дулатов педагогикалық ой пікірлері

Дулатов Міржақып 1885 жылы 25-қарашада Торғай уезіндегі Майқара болысының 3-інші ауылында туған. 1935 жылы 5-қазанда айдауда, лагерьде жүрген кезінде ауырып, қайтыс болады. Әкесі Дулат қарапайым іскер, қол шебері етікші болған.

Міржақып 8 жасқа толған кезінен бастап екі жылдай ауыл молдасынан сабақ алады. Одан соң ауылдағы орыс мектебінде, ал 1897 жылы Торғайдағы орыс-қазақ мектебінде оқиды. 1904 жылы ол Омбы қаласында жасырын ұйымға қатысады, қазақ интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновпен жақындасады. 1905 жылғы орыс революциясы кезінде Қарқаралыда ереуілшілердің арасында болады.

1907 жылдан бастап оның бірлі-жарым өлең, мақаласы да жариялана бастайды. Міржақып Дулатов бірден-ақ қазақ халқының арман-мүддесін терең түсіне білетіні, қазақ қоғамында жаңадан өpic алып келе жатқан демократияшыл идеялардың жаршысы екенін айқын танытты.

Міржақыптың «Серке» газетінің («Ульфат» газетіне қосымша) 1907 жылы 2 нөмірінде басылған «Біздің мақсатымыз» атты мақаласы кешірім жасауға болмайтын саяси үгіт деп саналып, бұл газет конфискеленсін деген шешім қабылданады. Оның осы мақаладағы пікірлері «Оян, қазақ!» кітабында әсіресе айқын, әсерлі айтылады.

«Оян, қазақ!» 1909 жылы тұңғыш рет жарық көріп, кітап 1911 жылы екінші рет жарияланады. Осы жылы патша үкіметінің бақылау орны «Оян, қазақ!» елді бұзатын, дүрліктіретін, революцияға үндейтін кітап деп тауып, М. Дулатовты қамауға алады, кітапты таратуға,. оқуға үзілді-кесілді тыйым салынсын деген сот шешімін, шығартады. Кітаптың қолдан-қолға тарап жүрген қаншама данасын таптырып, жиғызып, жойып жіберуді қатты қадағалайды.

«Оян, қазақ!» кітабын оқығанда Міржақыптың халықтың мұң-мұқтажын өз мұңындай көретіні әр сөзінен айқын сезіліп тұрады. Ақын өзінің халық алдындағы жауапкершілігін толық сезінеді. Ол өз замандастарына, көзі ашық зиялыларға тарих, қоғам қандай міндет жүктеп отырғанын анық аңғартады, халықты ескіліктен, мешеуліктен, зорлық-зомбылықтан, қанау-езушіліктен құтқаратын күшті құрал оқу-білім, өнер, ғылым, адал еңбек, әділдік, адамгершілік үшін күресу екенін ұға білді.

Міржақып Дулатов патша үкіметінін, қазақ даласы билеу ісін жүргізудегі саясатының кемшіліктерін, кертартпа сипатын айқын аңғарды. 1916 жылғы оқиғаны, 1917 жылғы ақпан көтерілісі мен Қазан төңкерісі, азамат соғысы кезіндегі саяси-әлеуметтік жағдайды көзімен көріп, дұрыс бағалай алды. Осындай үлкен тарихи оқиғалар болып жатқан кезеңдерде алдыңғы қатарлы қазақ зиялыларының, қоғам қайраткерлерінің күресі елдің азаттығын сақтап қалуға бағытталды. Сол дәуірдегі тарихтың, уақыттың өзі қазақ қоғамының алдына тартқан, күн тәртібіне қойған ең маңызды, түбегейлі мәселе кандай еді десек, халық мүддесін көздеген озат ойлы қазақ зиялыларының қоғамдық, саяси күрестегі алдына қойған негізгі мақсаты елдің азаттығын қорғап қалу, сол үшін ұлттық мемлекет құру болатын дер едік. Ел берекелі, беделді болу үшін, халықтың ұлттық мәдениетін өркендету үшін алдымен азаттық, бостандық керек, ерікті ел болу керек екенін олар жақсы түсінді. Қазақ еліне автономия беру мәселесін ашық қойған Әлихан Бөкейханов, 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін бұл үміттің ақталмайтынын байқап, ұлттық партия құру ісіне кіріседі.

«Біз Алаш ұранды жұрт жиылып, ұлт автономиясын тікпек болдық», - дейді Әлихан Бөкейханов, бірақ ол ниет қолдау таппады дей келіп: «Мен сонан соң қазақ Алаш партиясын ашуға кірістім», - дейді («Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген мақаласында. «Қазақ», 1917. № 256). Міне, сөйтіп қазақ интеллигенциясының алдынғы қатарлы өкілдері «Алаш» партиясын кұрып, «Алаш-орда» үкіметін орнатқан кезде Міржақып Дулатов алаш туын көтерген Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтардың қатарында болды.

Ақынның «Алашқа» атты өлеңі «реквием» (қазалы жыр) деп аталғанымен, оны тек өткен заманды аңсау сарынына құрылған демесек керек. Қазақтың бұрынғы өздері ақ киізге көтеріп сайлайтын хандары, әділ билері, ел намысын қорғай алатын батырлары болған кең сахарада малын бағып, еркін көшіп-қонып жүрген дәуірі артта қалды дей отырып, Міржақып ол заман өкінгенмен енді қайтып келмейді, сондықтан уақыттың, қоғамдық жағдайдың өзгергенін түсініп, соған сәйкес әрекет қылып, қазақ көшін оңға бастайтын адамдар кажет деген ойын аңдатады. Бүгінгі өзінің бас пайдасын ғана ойлаған малқұмар парақор басшыларға еріп, алданудан сақтандырады. Ежелгі көшпелі дәуірдегі өмір-тұрмыстың жақсы, жарасымды жақтары, өз артықшылығы аз емес екені ақынның басқа өлеңдерінде де шебер бейнеленіп көрсетілген. Бұған мысал ретінде «Қазақ халқының бұрынғы мәгишаты» өлеңіндегі мына суреттемені еске алалық:

Кетуші ед көшбасшылар ілгері озып,

Жарасып өз формынша саясаты.

Жарысып бозбалалар жүруші еді,

Жаратқан үкі тағып жүйрік аты.

Жайлауға шыға айғыр суытушы еді,

Ыстықтың қалмайды деп зарараты.

Тізіліп көл жағалай қонушы еді,

Жарасып ақ үйлердің кияфаты.

Көкорай шалғындарға бие байлап.

Байлықтың көрінуші еді ғаләмәті.

Жан-жануар рахатпен бір жасаушы еді,

Кіргендей бөлмесіне жер жәннәті.

Ішкен мас, жеген тоқ боп жүруші еді,

Түзеліп, бозбаламен саяхаты.

Алайда ақын бұрынғыны бірыңғай мадақтаудан аулақ. «Қазақтың бұрынғы һәм бүгінгі халі» атты өлеңінде ол ерте замандарда да әділеттілік болмаған деп ашық айтады:

Ел шауып, кісі өлтірсе батыр деген,

Батырлар факирлердің хақын жеген.

Біз мұндай бұл уакытта болар ма едік,

Істесе халық пайдасын ғақылменен.

Ел ішінде алалық, барымта, үрлық бұрыннан бар екенін жоққа шығармай, ал бұл күнде ел билеушілер «шен алып дәрежеге жеткендей боп» өз пайдасы үшін халықты сатудан тайынбайды деп патша әкімдеріне жалынып күн көруге ұмтылатындарды қатты шенейді. «Сайлаушылар хақында» атты өлеңінде:

Шыққалы волост сайлау қырық жыл өтті,

Ол сайлау байқасаңыз, түпке жетті.

Бай болып, мырза атанып мал біткендер,

Таласып болыстыққа ақша төкті.

Болыс болар мал шашып, шығынданып,

Сайлау етер осылай тынымданып.

Әбден болып алған соң расходын,

Бітіреді халықтан жылында алып.

Ақын патша үкіметінің қазақтарды малға жайлы, шұрайлы жерлерден ысыруға бағытталған саясатын әшкерелейді.

Мың жеті жүз отыз бір сәнасында,

Біз кірдік Руссияның фанасына.

Жылында мын жеті жүз алпыс сегіз

Қазыналық деді жердің һәммәсін да.

Айырылсаң қалған жерден осы күнгі,

Топыраққа малды, қазақ, бағасың да, - дейді ол «Қазақ жерлері» өлеңінде. Қазақ даласына енгізілген ел билеу жүйесінің халық мүддесін жақтауға ылайықталмай, жергілікті әкімдерді әлсіретіп, патша үкіметінің басқару орындарындағы ұлықтардың өкім жүргізуіне қолайлы етіп жасалғанын Міржақып толық түсінген.

Мұнымен мал шашылып, ар кетеді,

Күшті әлсіреп, нашардан хал кетеді.

Өтірікті расқа шығарам деп,

Жалған іске ант беріп жан кетеді, - деп, қазақ даласын бөлшектеп, ұсақ-ұсақ болыстарға бөлу, сөйтіп, әлсіз, ұлыққа бағынышты ел басқарушыларды көбейту ел ішінде араздықты қоздыруға себеп болып отырғанын аңғартады.

Бұдан бұрын да, бүгінгі заманда да халықтың аяғына оралғы болып, оны алға бастырмай отырған бірліктің, бірауыздылықтың жоқтығы деген түйінді ойын ақын мейлінше ашынып айтқан:

Бірлік жоқ, алтыауызды халықпыз ғой,

Қатардан сол себепті қалыппыз ғой.

Енді елді теңдікке жеткізетін өнер, ғылым дей отырып, оны халықтың керегіне жұмсау, игілігіне асыру қажет екеніне зор мән береді:

Ғылымың болса-дағы ұшан-теңіз,

Пайда жоқ өз халқыңа қызмет етпей, - дейді.

Халықтың тағдырын ойлап, толғанып, елдің бірлігін, бірауыздылығын арттыру, заманның ыңғайына қарай қам жасау, харекет қылу, талаптану, адал қызмет қылу, жастарға білім беру, ғылым үйрету, мұсылманшылық жолын ұстау, орыс тілін,, өнерін білу секілді аса маңызды қоғамдық мәселелерді қозғайтын өлеңдерінен азамат ақын, жалынды публицист, батыл күрескер, қажырлы қоғам қайраткерінің тұлғасын көз алдымызға анық елестете аламыз.

Сонда оқырманды елітіп қызықтыратын, баурап әкететін не десек, ол алдымен автордың шыншылдығы, адалдығы, әр сөзін ерекше ынта, ықыласпен, қатты құлшыныспен айтатыны дейміз. Ақын біреулерді кемшілігін тауып сынағандай, кейде ұстаған жерінен айырылмай, қадалып, қатты айтқандай болса да, сырт көзбен көргендей, сырттан айтқандай болмай, қатар, бipгe отырып сөйлескендей. Ашынғаны да, ақыл бергені де артық көрінбейді. Бірге ойласып, бірге мұңдасып, сырласқандай сезіледі.

Сондықтан ақынның наз ғып, сипай айтқан сынын да, ашынып ащы мысқыл-кекесінмен түйреп шенеген сөздерін де орынды демеске амал қалмайды. Ол бірде:

Атаңа дәулет бітсе, бұлғақтадың,

Хисапсыз сөздер сөйлеп ыржақтадың.

Мәз болып «мырза» деген қошеметке,

Буынып мықыныңнан ырғақтадың.

Бояумен сырладыңыз сыртыңызды,

Керіліп сыйпадыңыз мұртыңызды.

Қарасам ішіңізді ашып, дәнеме жоқ,

He дейін надан демей, жұрт бәріңді, - десе, тағы бірде:

Жұмыс көп біздің жұртқа ұнамаған,

Нашар жоқ қорлық көріп жыламаған.

Шортандай шабақ жұтқан жалмауыздар,

Тексеріп өз ғайыбын сынамаған.

Аяғын пайдалы іске бір баспаған,

Ұмтылған өлімтікке бір аш таған.

Түйені түгіменен жұтса-дағы,

Харамнан нәфсі тиып, бір қашпаған, - дейді. Яғни, бір орайда әзіл-қалжыңы аралас сын айтқандай болса, енді бір орайда озбыр, опасыз адамдардың мінез-құлқын бадырайтып, көзге шұқығандай батырып айтады.

Қоғамдық өмірдегі қайшылықтарды, жағымсыз істерді сынап, әшкерелеп, әйгілеуге назар аудара отырып, ақын адалдық, әділдік, кішіпейілділік, адамгершілік қасиеттерді уағыздауды ешбір есінен шығармайды.

Шікірейіп, я жігіттер, кетпелік,

Инсаплыққа ерсі жұмыс етпелік.

Қарастырып халық пайдасын жабылып,

Көмек беріп мұқтаждарға көптелік.

Пайдасы жоқ исрафтан бой тартып,

Керексізге бекер малды төкпелік.

Кәдәри хал біреу шықса талапкер,

Рәд қылып хәсәфлікпен сөкпелік.

Әр іске өнер, хайлә керек болса,

Тіл алсаң омыраулап салма күшке.

Бұл сөзім ілтифатсыз босқа қалып,

Түбінде қалып жүрме өкінішке.

Бұл сөздерінен де акынның «жігіттер» деп жастарға, әсіресе назарын аударғандай болған тұстарында олардың іш тартқандай, ашылып, шынайы адал көңілмен ақтарыла сөйлейтінін жақсы аңғарамыз.

1913 жылы Міржақыптың «Азамат», 1915 жылы «Терме» атты өлең жинақтары жарық көрді. «Азамат» жинағындағы:

Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,

Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.

Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі.

Пайдалан шаруаңа жараса, алаш, - деген сөздер азамат ақынның алдына койған қоғамдық мақсатын қалай түсінетінін айқындай түседі, оның алған бетінен, күрескерлік жолынан таймай, қажымай, талмай туған халқы үшін еңбек етуге белін буғанын аңдатады.

Ақын өлеңдерінің басты сарындары надандық пен топастықты, әділетсіздікті сынап әшкерелеу, халықты мәдениетке, өнер - білімге, прогреске шақырып, адамгершілік азаматтық идеяларды уағыздау болып келеді.

Міржақыптың азаматтық, әлеуметтік лирика тақырыбы, идеясы тұрғысынан да, құрылыс-қалпы, айтылу ерекшелігі, жанрлық өзгешелігі жағынан да түрлі-түрлі. Бірде қазақ халқының тағдырын, күн көрісі, келешегі туралы толғаныстар болып келсе, бірде жастарды өнер-білімге, талапты, адал, өнегелі болуға шақыратын насихат өлеңдер, бірде өмірдегі нақтылы, күнделікті жай-жағдайға, көпшілікке тікелей қатысты мәселелерді тілге тиек етіп, адамгершілік мәселелерді сөз қылатын әңгіме-сұхбат түріндегі өлеңдер, кейде патша үкіметінің озбырлығын, жұрт билеушілердің әділетсіздігін әшкерелейтін өткір сықақ өлеңдер, тағы сондай түрленіп келе береді.

Және назар аударарлық бір нәрсе - қоғамдық, саяси-әлеуметтік мәселелерді қозғайтын туындылары ақынның өз сөзімен ішкі жан дүниесін танытатын көңіл күй лирикасы сипатын алатын тұстары да аз емес.

«Сырым», «Мұң», «Қиял», «Көңіліме», «Арманым», «Қажыған көңіл» секілді өлеңдерді осы топқа жатқызуға болады. Соңғысында ақын:

Желігуден жел көңілім басылмай,

Білім артып, жемісі жұртқа шашылмай.

Ерте менен кеш тақылдатып қақсам да,

Әуре қылды бақ есігі ашылмай, - деп тебірене толғанады. Осындай өлеңдер ақынның жан сезімін танытатыны талассыз. Алайда Міржақыптың көңіл-күйі лирикасында ақыл-парасаттылық күштірек екені, сезімшілдіктен де ойшылдықтың басым келетіні байқалады. Оның ақындық бітім-тұлғасын тұжырымды түрде сипаттап беруді мақсат етсек, Міржақыптың өмірі құбылыстарын, адам мінезін, іс-әрекетін бейнелеу шеберлігі ойнақшыған отты сезімге бой алдырудан гөрі салқынқанды ойлағыштық қабілеттің айрықша қуаттылығына негізделеді дер едік.

Сонымен бірге Міржақыптың поэзия тілімен нақтылы өмір көріністерін көз айқын елестетерлік етіп мүсіндеп бейнелейтін суреткерлік шеберлігі де назар аударарлық. Мысалы, «Наурыз» («Жаңа жыл») атты өлеңінде ол көктемде бой жазып жадыраған ауылдың көшпелі тұрмысын анық, айқын, жанды суреттемелер арқылы көкейге қонымды етіп көрсетеді.

Жайнаған терең сайлар,

Ойнаған құлын, тайлар.

Ел қонып көл жағалай

Өріске малын айдар.

Гүл өсіп гүл-гүл жайнар,

Бұтақта бұлбұл сайрар.

Тіріліп, құрт-кұмырсқа,

Жер жүзі быж-быж қайнар.

Сұлу жүр сылаңдаған,

Күлімдеп кылаңдаған.

Ерініп бір басуға

Жас талдай бұраңдаған, - деген өлең жолдарынан-ақ ақынның нақтылы, айқын детальдар, қимыл-әрекеттер арқылы тұтас өмір құбылыстарын нанымды, әсерлі бейнелейтіні аңғарылады.

Осындай суреткерлікті, нақты өмір құбылыстарын бейнелеп көрсетуге шеберлікті «Жұт» деген өлеңнен де анық байқауға болады.

Қырылды қосты жылқы сорға түсіп,

Омбы кар, терең сай мен орға түсіп.

Хал кеткен қайыруға жылқышылар,

Жанымен қош айтысты олар да үсіп.

Үстінде ұзын жолдың қалашылар

Күн бар ма кедей сордың бағы ашылар.

Тоқтаусыз күні-түні соқкан боран,

Біразын қалған басып, қазасы бар.

Балалар боқша арқалап, барын киген,

Сабаққа бармақшы боп шыққан үйден.

Жеткенше аяқ-қолын домбықтырып,

Бетінен тызылдатып аяз сүйген.

Суатқа мал суара барған малай,

Келеді құлақ-мұрнын ол да уқалай.

Кенеттен бір мезгілде боран соғып,

Лағып құба жонға кеткен талай.

Мұндай суреттемелерде ақыннын, әр түрлі жай-жағдайларды баяндай айтуға ұсталығы да анық бой көрсетеді десек те, сипаттап бейнелеу жағы алдымен назар аударады. Өлеңнің алғашқы жарымында жұтты осылай бейнелеген ақын, енді сол мәселе төңірегінде пікір айтуға ойысып, мал бағуды ғана күн-көріс ететін көшпелі тұрмыстың қиыншылығы туралы ой толғайды.

Міржакыптың сұлулықты сұқтана қастерлейтін «Сұлу қызға» атты арнау түріндегі өлеңі, ғашық жанға қимастық сезімге толы «Айырылу» атты өлеңі сыршыл лириканың әдемі үлгісі дерлік болса, «Таза бұлақ» деген өлеңі романс деп аталса да, мысал өлең түріне жақын келеді.

Түгелдей алғанда Міржақып поэзиясында маңызды қоғамдық, саяси мәселелерді қозғайтын аааматтық, әлеуметтік лирикаға жататын өлеңдер басым екенін байқаймыз. Қазақ поэзиясының бұл саласын дамытып өркендетуде ақынңың сіңірген еңбегі орасан зор. Ол әлеуметтік лириканы қазақ қоғамының өмір шындығын, қайшылықтарын терең, жан-жақты ашып көрсететін тың тақырып, сарындарымен молықтырып, идеялық мазмұнын байытты. Сонымен бірге бұл өлендердің көркемдік қасиет-сипаты, ой-сезімді тартымды, әсерлі айтып жеткізу әдіс-тәсілдері де қазақтың жазба поэзиясына көп жаңалық әкелді дей аламыз. Ақын әр сөзін қарапайым оқушылардың, қалың қауымның ұғымына жақындатып, түсінікті етіп айтуға ұмтылған десек те, оның өлеңдерінен өзіндік дара дүниетанымы, әр нәрсені өзінше танып, сезінуі, ойының өткірлігі, өтімділігі, сезімінің нәзік, әсерлілігі айқын танылып отырады. Ал мұндай аса маңызды, күрделі ой-пікірлерді, әр қилы толғаныстарды, ой-сезім иірімдерін мейлінше қарапайым тілмен, айқын жеткізе білу үлкен ақындық шеберліктен туатынын дәлелдеп жату қажет бола қоймас.

Міржақып айтатын ойын анық, тура жеткізуді көздейтіндіктен де болар, қажет деген жерінде нақтылы ұғымды дәл беретін, сол кезде кітаби тілде кездесетін араб, парсы сөздерін де қолданудан бас тартпайды. Тіпті кейде өлеңдерінде де әр түрлі әлеуметтік мәселелерді қозғағанда солай етеді. Және осындайда әдемі, сұлу сөздерге де көп әуестенбейтіні аңғарылады.

Міржақыптың ақындық шеберлігінің бір қыры деп өлең өрнегін түрлендіріп келтіретінін айтуға болады. Бұл орайда оның өлең өлшемдерін, ұйқас түрлерін қолдануына қатысты бір-екі ерекшелікке ғана тоқталамыз. Ақынның қазақ поэзиясында әбден орныққан он бір буынды өлең өлшемін қолданатыны және оның негізгі, соңғы бунағы төрт буынды түрімен қатар, соңғы бунағы үш буынды келетін екінші түрін де жиі қолданатыны назар аударады. Және осы өлшемнің қай түрін алса да, әлең шумақтарын бастан-аяқ үнемі бірыңғай ұйқастыруға зер салады. Мысалы, «Сағыну» атты өлеңін:

Айт шыныңды көңілім, қайда барасың?

Қаңғырудан қандай пайда табасың?

Тоқталатын келген жоқ па мезгілің?

Дамыл таппай күні-түні шабасың, - деп бастап, келесі шумактардың бәрін де соған үндес етіп біркелкі ұйқастырады (мазасын-назасын, жарасын-даласын, тағы тағылар). Ал «Насихат ғұмумия» атты өлеңінде әрбір жеті не сегіз шумақтар тобы осылай бірыңғай ұйқастырылған.

Ал жеті-сегіз буынды өлшеммен жазылған «Қайда едің?» деген өлеңін алсақ, бастапқы шумағы:

Кешегі қара күндерде,

Жұлдызсыз, айсыз түндерде,

Жол таба алмай сенделіп,

Адасып алаш жүргенде,

Бұл күнгі көп көсемдер,

Сұраймын, сонда қайда едің? - деп басталады да, келесі шумақтардың соңында осы «қайда едің?» деген неше дүркін қайталанады. Мұның, өзі айтатын ойдың желісін үзбей, бір арнада дамытып, барған сайын ширықтырып ширата түскендей әсер береді.

1910 жылы «Бақытсыз Жамал» атты романы басылып шығады. Бұл шығарма жазушыңың өз шығармашылығында ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетінде елеулі орын алған көркем туынды болды. Өйткені ол аса зор әлеуметтік маңызы бар мәселе қозғаған, қазақ әйелінің ауыр жағдайын шынайы бейнелеген, қазак, әдебиетіндегі роман деп аталған тұңғыш прозалық шығарма болатын.

Қазақ әйелінің тағдырын толғайтын алғашқы прозалық туындылар саналатын Т. Жомартбаевтың «Қыз көрелік», С. Көбеевтің «Қалың мал», С. Торайғыровтын, «Қамар сұлу» атты романдары бір-біріне ілесе жазылып, 1912-1914 жылдарда жарық көргенін еске алсақ, «Бақытсыз Жамал» осы үлкен арна-ағынға жол ашкан бастау екені айқын болды. «Бақытсыз Жамал» көп ұзамай орыс тілінде де жарық көрді. Мұның өзі сол кездің өзінде-ақ М. Дулатовты орыс әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті қайраткерлерінің танып-білуіне, жоғары бағалауына мүмкіндік берді. Міржақып әйел теңдігі мәселесін поэзиялық шығармаларында да арнайы тақырып етіп, қыздарды малға сатуды, жесір әйелді еркінен айыратын әмеңгерлікті өткір сынның нысанасына алып, махаббат сезімін, адамгершілікті қастерлеуді уағыздаған. Сүйгеніне қосыла алмай, еріксіз мал берген адамға қосақталған бақытсыз Жамалдың трагедиялық өмірі - жүздеген, мыңдаған қазақ қыздарының, әйелдерінің басындағы жағдай болатын. Сондықтан әйелдің бас бостандығы, еркіндігі, өз сүйгеніне қосылып, өмір сүруге мүмкіндік алуы қазақ өміріндегі ең бір түйінін шешуі қажет мәселе болды.

Міржақып әйелдің арын аяққа басатын ескі әдет-ғұрыпқа үзілді-кесілді қарсы шығады. Жамал бейнесін суреттеудегі жаңалығы да осы түпкі идеясына, озат ой-пікіріне негізделген. Қаншама әйел ескіліктің шырмауынан шыға алмай, қайғы жұтып, көнбістікпен өмірін өткізген болса, Жамал ғашық жарына қосыла алмай басқа біреумен тұрмыс құруға бар жанымен қарсы болады. Ғашық жігіті өмірден қыршын кеткенде ауыр қайғы үстінде шарасыздықпен әкесінің ырқына көнсе де, қорлауға шыдамайды. Келін болып түскен жерінен қашып кетпекші болып, қайғылы қазаға ұшырайды. A. Н. Островскийдің әйгілі «Найзағай» пьесасындағы Катерина туралы Н. А. Добролюбов қараңғы түнекте жарқырап көрінген нұр сәуледей болған десе, Жамалдың қорлыққа көнбей қарсылық білдірген табандылығы, өжеттігі де еркіндікке ұмтылып, арманына жетуді аңсаған талай қазак кыздарының жүрегіне сәуле беріп, қысылып-қиналғанда ширықтырып, қайраттандырған болар.

Міржақып ақындық, жазушылық еңбегін журналистік қызметімен ұштастыра білді. 1911 жылы «Айқап» журналында, 1913-1918 жылдарда «Қазақ» газетінде қызмет етті. Ол «Қазақ» газетін шығаруға бас редактор Ахмет Байтұрсыновпен бірге аянбай ат салысып, осы газеттің жарық көрген алғашқы күндерінені бастап оның бетінде әдебиет пен мәдениетке, қоғамдық өмірдің маңызды мәселелеріне арналған мақалалар жариялап отырды. Сөйтіп, ол талантты публицист, әр түрлі әлеуметтік, мәдениеттік мәселелерді толғайтын мақалалардың, очерк, фельетондардың авторы ретінде жұртшылыққа кеңінен танылады. Солардың ішінде әдебиет мәселелерін сөз ететін мақалалар аз емес екенін еске сала отырып, 1914 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған.

«Абай» деген мақаласын бөліп айтуға болады. Мақала «Абай секілді атымен қазақ халқы мақтанарлық ақынымызды арамыздан жоғалтқанымызға 10 жыл толуын еске түсіріп» атап өту үшін жазылғанын автор өзі де айтқан. Міржақып Абайды «қараңғы заманда шыққан басшымыз» деп атап, оның қазақ әдебиетін, ой-санасын дамытуға косқан үлесін аса жоғары бағалап, артына қалдырған мұрасыньң қадірі барған сайын арта береді деген терең пікір айтады:

«Зәредей шүба етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен күнге артылар. «Бірінші ақынымыз» деп қабіріне халқы жиі-жиі зиарат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар».

Бұл сөздердің қандай көрегендікпен айтылғанын бүгін әділ қазы - уақыттың өзі дәлелдеп көрсетіп отыр деуге толық хақымыз бар.

Әдебиет пен мәдениет жайын баяндағанда Міржақып Шоқан Уәлиханов пен Ахмет Байтұрсыновтың және шығыстанушы Григорий Потанин мен атақты татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың еңбегін ауыз толтырып айтады.

Оның Шоқанның өмір жолын жақсы білгенін, ғылыми зерттеу еңбектерінің мәнін терең түсінгенін кейбір оғаш, орынсыз айтылған пікірлердің теріс екенін нанымды көрсеткенінен анық байқаймыз. «... Шоқан хүкімет қолында құр жансыз құрал болмай, таза пікірлі, ақ жүрек ұлтын сүюші жігіт болғандығы - орыс ғаскерінде патшаға ант берген офицер бола тұрып, мұсылмандарға, орыс ғаскері қылған залымдыққа шыдамай қарсы келіп, Черняевтан айырылғандығы зор дәлел болса керек. Шоқанның бар талабы ғылымға ұмтылу, қазақ халқына пайда келтіру, қазақ халқының тұрмысын, рәсімін, тарихын анықтау жолында болған», - дейді Міржақып.

Ахмет Байтұрсынов туралы айтқанда Міржақып оның ақындық өнеріне тұжырымды сипаттама береді, өлеңдерінің басты қасиеті шыншылдық пен сыршылдық екеніне, әдеби еңбектерінде патша үкіметінің саясатын әшкерелегеніне назар аударады. «Қазақ» газетін шығарудағы, қазақ тілін зерттеудегі, оны оқыту ісін жүйеге келтірудегі Байтұрсыновтың шексіз зор еңбіегін де айрықша атап өтеді.

Сонымен қатар Міржақыптың Қожа Ахмет Яссауи есіміне байланысты тарихи деректерді, Абылай хан туралы тарихи мағлұматтармен қатар, халықтың аңыздарын, ақын, жыршылардың айтқанын да жақсы білетіні сүйсінерлік. Міржақыптың Қожа Ахмет Яссауи мешітінің тозып, бұзылмай, сақталуын, «мәңгіге қалуын» қажет деп санағаны, осы мәселеге арнайы тоқталып өткені де біліктіліктің, парасаттылықтың белгісі.

Абылай ханның қазақ тарихындағы алатын орны жайында сөз қозғағанда, Міржақып оның өз басын қастерлей отырып, Кенесары мен Абылай ханды қазақ үшін күш-өнерлерін жұмсаған деп атап өтеді. Абылайдың кейінгі ұрпақтары елдің ойлаған жерінен шыққан жоқ дегенді де аңғартады, «бұларға қазақ жұртының өкпелейтіні де осы күнгі тар заманда білім, дәрежелері бола тұрып, баяғы аталары өрге сүйреген жұртына басшылық қылып пайдаларын тигізбеді дегеннен басқа болмаса керек», - деп жазады.

Міржақыптың қазақ білімпаздарына қоса, түркі тілдес халықтардың, шығыс елдері ғұламаларынын, орыс, европа шығыстанушыларының еңбектерін еркін меңгергені оның қазақ пен қырғыздың шыққан тегі туралы жазған тарихи шолуы секілді жазбаларынан анық байқалады.

1925 жылы Міржакып «Еңбекші қазақ» газетінде Анненковты, Колчакты әшкерелеп мақала жазды. Ол орыс классиктерінің шығармаларынан басқа саяси әдебиетті аударумен де шұғылданды. «Балқия» атты пьеса жазды.

Педагогтік қызмет істей жүріп, оқулық жазуға да күш жұмсады («Есеп құралы», «Қирағат кітабы»), Міржақып Дулатов 1928 жылы сталиндік репрессияға ұшырап, Соловецк лагерінде Ақтеңіз - Балтық каналының құрылысында азапты ауыр жұмыста жүріп ауруға шалдығып, 1935 жылы емханада қайтыс болды.

Міржақып Дулатовтың әдеби шығармалары ерте кезде-ақ сыншы, зерттеушілердің назарына ілікті.

1914 жылы Мәскеуде жарық көрген «Шығыс жинағы» атты кітапта қазақ ақын-жазушыларынан Абаймен қатар Міржақыптың шығармалары (өмірбаянымен бірге) берілген. Бұдан кейінгі жылдарда да ақынның шығармашылығы туралы жағымды пікірлер айтылды. Алайда ол халық жауы деп саналған жылдарда білместікпен немесе әдейі бұрмалап айтылған, әр түрлі кінә таққан жорамал пікірлер де аз болған жоқ.

Арада ұзақ жылдар өткеннен кейін туған халқының аяулы азаматы, аса дарынды ақыны, қайсар күрескері, көрнекті қоғам қайраткері Міржақып Дулатов тарихтан мызғымас берік орын алды.

Міржақып өз әдеби шығармаларында қоғам өмірінің саналуан маңызды мәселелерін Абай дәстүрлерін жалғастыра отырып, жаңа заманның тілек-талабына сәйкес, батыл қоя білді. Ол Абайға, әсіресе, сөз өнерін халықтың санасын оятудың, қоғам көшін алға бастаудың бірден-бір күшті құралы деп санаған ағартушылық өнегесі жағынан үндес. Әрине, бұл жағынан алғанда Міржақып жалғыз емес. Оған ниеттестігімен де, ақындық тұлғасындағы ортақ сипаты молдығы жағынан да айрықша жақын Ахмет Байтұрсыновты атаумен ғана шектелсек, осы екеуінің Абаймен үндестігі бір арнаға келіп құйылатынын байқар едік. Байтұрсынов та, Дулатов та өз шығармаларының ең басты идеялық нысанасы халықты ояту, өнер-ғылымға, адал еңбек етуге, прогресс жолымен алға басуға шақыру деп түсінді.

Осыған орай кейбір қоғамдық мәселелер, тақырыптар төңірегіндегі толғаныстарында Ахмет Байтұрсыновтың да, Міржақып Дулатовтың да Абаймен сарындас, жалғас көрінуі ықтимал.

М.Дулатов оқу-ағарту саласында ұшан теңіз мұра қалдырған ағартушы ұстаз-жазушы.



Нәзипа Құлжанованың педагогикалық көзқарастары (1887-1934). Қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданында көшпелі қазақ отбасында дүниеге келген.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында өзінің тәлім-тәрбиелік ойларымен қазақ әйелдерінің арасынан әлеумет өмірінде алғаш көзге көрінген кісінің бірі – Нәзипа Құлжанова болды. Ол журналист-публицист, педагог-тәлімгер, екі тілде бірдей жазатын аудармашы. Шығыс еңбекші әйелдерінің І съезін ұйымдастырушылардың бірі, орыс жағрафия қоғамының Семей бөлімшесінің мүшесі еді.

Ол 1902 жылы Қостанайдағы қыздар гимназиясын бітірген соң Торғайдағы қыз балалар училищесіне мұғалімдікке тағайындалады. Н.Құлжанова 1904 жылдары Семей мұғалімдер семинариясына орналасып, сонда 1919 жылдарға дейін оқытушы болып істейді, 1920-22 жылдары Ақмолада әуелі мұғалім, кейіннен уездік комитетте жауапты қызмет атқарады, одан соң Орынборға шақырылып, 1923-25 жылдары “Қызыл Қазақстан” журналының хатшысы, ал 1925-29 жылдары республикалық “Еңбекші қазақ” газетінде редколлегия мүшелерінің бірі, “Әйел теңдігі” журналының бөлім меңгерушісі, кейіннен жауапты хатшысы қызметтерін атқарады.

Н.Құлжанованың белсене араласуымен 1924 жылы Орынборда “Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу” атты педагогикалық жинақ, нұсқау кітабы жарық көрді. Кейіннен “Әйел теңдігі” журналында осы ізгілікті іс әрмен қарай жалғастырылды. Журнал беттерінде қазақ бала бақшаларының озат тәжірибелері, онда жүргізіліп жатқан түрлі тәрбие жұмыстарының жай-жапсары, мақсат-міндеттері жайлы көптеген мақалалар жарияланды. Осы журналдың мектепке дейінгі тәрбие бөлімін басқарған Н.Құлжанова осынау көшпелі қазақ елінде бұрын-соңды болып көрмеген бала тәрбиесінің жаңа түрін аяғынан тәй тұрғызуға себепші болды. (Қазақ Совет энциклопедиясы”, 7-том. Алматы, 1975, 586-бет). Нәзипаның тәлім-тәрбиелік пікірлері медицина ғылымымен сабақтасып жатады. Автордың “Бала күтімі”, “Баланың өміріне күннің сәулесі, таза ауа аса қажет”, “Баланың аурулары” т.б. мақалаларында тәрбиені бала жөргегінен бастауды ұсына келіп, өзі түйіндеген тұжырымның түп негізі етіп: “Тәні саудың – жаны сау” дейтін халық даналығын алады.

Н.Құлжанованың ұстаздық тәлімгерлік тұлғасын таныта түсетін екі еңбегі бар. Оның алғашқысы 1923 жылы Орынборда шыққан “Мектептен бұрынғы тәрбие” атты еңбегі еді, оның алғы сөзін халқымыздың көрнекті лингвист-ғалымы, түрколог, ақын, публицист, ірі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов жазған болатын. Аталмыш еңбектерінде автор мектепке дейінгі балалар мекемелерінің тарихын, олардың отандық және шетелдік үлгілерін сөз ете келіп, қоғамдық ортадан тәрбие алатын жас жеткіншектердің ерекшелігіне орай, қоршаған ортасының ықпал-әсерінен туындайтын психологиялық өзгерістерді де кеңінен баяндайды. Мәселен, бұл жөнінде автор былай дейді: “Ойын – оның шын тіршілігі… Төңіректегі нәрседен өзіне қызықтысы ғана көзіне түсіп, ықылас тартады. Және бір мінезі – сөйлеуге жалықпайды. Тынымсыз қимылының бәрі сөзімен жалғасып жүреді. Көрген нәрсесіне ықыласы жеңіл, тұрақсыз… Көрген нәрсесін айтқанда ұмытқан жерлерін ойдан толықтырады”… дей келіп үш пен жеті жастың арасындағы балдырғандар бойында кездесетін физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерді сөз етеді.

Ол ересектер мен сәби, бөбектер арасындағы қарым-қатынас мәселесіне де ерекше көңіл бөледі: “Балаға сусындай керегінің бірі – сөйлеу. Түрлі білімнің түбірі, негізі – баланың сөйлеуі, білуге құмарлығы. Сұрағына жауап бермей “мазамды алма” деп, үнемі баланың бетін қайтару арқылы білуге құмарлығының негізін жоғалтып жіберуге болады”, – дей келе, автор бала ойынының айналаны тани-білу құмарлығымен ұштасып жататындығын ескертеді. Н.Құлжанова баланы жас кезінде көбінде табиғат аясында бағып-қағудың тиімділігін айтады. Ол осы пікірін әрмен қарай жалғастыра келіп: “Әрбір құлықты, жақсы адам мінезінің түпкі негізінде болатын еңбек ету, көңіл және дене тазалығының машықтары бала әдетіне кіріп, сіңіп қалады, төңіректегінің бәріне еліктегіш, талшыбықтай икемді, нәзік келеді”, – деп автор ойын баласының мектеп жасына дейінгі бүкіл тыныс-тіршілігі оның мектепте алар тәлімінің әзірлік сатысы болып табылатындықтан осы кезеңдегі тәлім-тәрбиеге ерекше мұқият қараудың маңыздылығына тоқталады.

Н.Құлжанова мектепке дейінгі тәрбиенің басты бағыттарын “Тән саулығы”, “Баланың сырт сезімдерінің дамуы”, “Нәрсенің түр-түсін тану”, “Дененің қимылын түзету”, “Шеберлігін көтеру”, “Баланың білімін арттыру”, “Бала тілінің шеберленуі”, “Еңбекке машықтандыру”, “Көпшілдік және еңбек”, – деп бұлардың әрқайсысына жеке-жеке сипаттама берді.

Н.Құлжанованың еңбектерінде Қазан төңкерісінің қарсаңындағы көшпелі қазақ елінің тұрмысы, сол уақыттағы ауыл мен қала өмірінің шындығынан алынған нақты көріністер айқын байқалады.


Бауыржан атамыз айтқандай, өзінің бар саналы өмірін жас ұрпақты оқыту-тәрбиелеу ісіне жұмсаған, қазақ халқының прогрессивті, педагогикалық ой-пікірлерін қалыптастырып, ұлт мектебінің іргетасын қалаушылардың бірі - қоғам қайраткері, белгілі жазушы, аудармашы, ағартушы-демократ С.Көбеевтің өмірі мен педагогикалық мұрасын саралап қарастырсақ, оның жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, оларды ұлтжандылыққа баулуда еткен еңбегінің мол екенін байқаймыз.
Жеткіншек ұрпақты тәрбиелеуге қажетті негізгі адамгершілік қасиет, С.Көбеевтің пікірінше, ұлтжандылық болып табылады. " Тұган елін сүю сезімі туа бітпкен сезім болып табылмайды, оны адамға табиғат тарту етпейді. Елжандылықты қоғам мен жекелеген адамдар бойына сіңіріп, дамытып, тиісті деңгейге көтереді. Отбасы мен мектеп жастарды асқақ ұлжандылық сезімге тәрбиелеуге тиіс" - дейді ол.
С.Көбеев жастарды елжандылыққа тәрбиелеуде география, жаратылыстану, тарих пәндерінің маңызын атайкеліп, оқушыларды елжандылық пен ерлікке тәрбиелеуде алуан түрлі қоғамдық істерді пайдалану керектігін, әсіресе, өлкетіну мұражайларына және туған өлкедегі тарихи жерлерге саяхатқа апару, еңбек және соғыс ардагерлерімен кездесу кештерін өткізіп отыру істерімен бірге мәдени-әдеби мұраларды да тиімді пайдалану керек дейді.
С. Көбеев баланың өз Отаны үшін қажетті азамат болып қалыптасуында ата-ананың алатын орны мен атқаратын мәнін зор бағалап, отансүйгіштік тәрбие негізі ана тілі екенін терең түсіндіре білді. Оның пікірінше, жас ұрпаққа білім беру өз ана тілінде жүргізілуі керек. Барлық ақыл-ойын, күш-жігерін аянбай жұмсап, өз өмірінің жарты ғасырдан астамын мектепте өткізген О.Көбеев халықтар достығы жолында жалынды жаршы бола білді, жастарды туған халқын құрметтеуге тәрбиеледі.
Еліміз егемендік алып, мемлекет ретінде қалыптасты. Экономикадағы, саяси-әлеуметтік, ғылым салаларындағы жетістігіміз мақтануға тұрарлық. Осы жетістіктер аясында жас ұрпақта Отанын сүюге, ол үшін аянбай қызмет етуге тәрбиелеу - әр педагогтың басты міндеттерінің бірі.

Каталог: wp-content -> uploads -> 2016
2016 -> Дәріс №1 Тақырыбы: Саясаттану ғылым және оқу пәні ретінде
2016 -> ОҚУ Әдістемелік кешен пәН «Қазақ Әдебиетін жаңа технология бойынша оқыту әдістемесі» мамандық
2016 -> Қазақстанның ірі мемлекет қайраткері, ұлт жанашыры, ел қамқоры, халқымыздың біртуар перзенті
2016 -> Сабақтың тақырыбы Үш бақытым. Мұқағали Мақатаев Туған тілім. Дихан Әбілов Жалпы мақсаты
2016 -> «Алаштану негіздері» таңдау курсы Түсінік хат «Алаштану негіздері»
2016 -> Сабақтың атауы Н.Әлімқұлов Қоңырау Мақсаты
2016 -> Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
2016 -> Сабақтың атауы Бейнелеу өнерінің түрлері Сілтеме Сабақтың жабдығы
2016 -> Сабақтың тақырыбы: Менің Отаным Қазақстан
2016 -> Сабақтың тақырыбы: Абайдың өмірі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет