«Сөздің сәйгүлігі, ойдың озарманы». Орындаушы: Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі



Дата05.11.2016
өлшемі121,81 Kb.
#409


Бөкей Орда ауданы, Бисен Жәникешев атындағы ЖББОМ

Тақырыбы:

«Сөздің сәйгүлігі, ойдың озарманы».

Орындаушы: Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі -

Киршибаева Рая Ахтетказиевна

Мазмұны

1.Кіріспе.

«Жалғыз едім өспей қойған атадан,

Жоғалуға қақым жоқ-ты сондықтан...»

Ақиық ақынның аты алғаш «Ана тілі» оқулығында аталуы тиіс.



2.Негізгі бөлім.

«Сөздің сәйгүлігі, ойдың озарманы» (З.Қабдолов) атанған Қ.Мырза Әли шығармашылығындағы ұлттық нақыштар. Ақын шығармашылығын оқытудың тиімді жолдары.



3. Түйін.

«Жоқ! Өлмеймін!

Правом жоқ өлуге,

Сөз сыйлайтын халқым аман тұрғанда!» Қаламгер шығармаларының өміршеңдігі хақында.

«Қадырды білмейтін қазақ әсте жоқ. Қадырды әлі әріп танымаған бүлдіршін бөбектен бастап, әріпті көзілдіріксіз көре алмайтын қарияға дейінгінің бәрі біледі. Өзін білмесе де сөзін біледі», - деп белгілі жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев тегін айтпаса керек. Шынында Қадыр Мырза Әли өмір бойы қолынан жүйрік қаламы түспеген үлкен дарын, үлкен талант иесі. Ақын өзін «Өмірбаян орнына» өлеңінде:



Бәрін тез-тез болады деп кім күткен!

Күндер өткен жұлдыз жауар түндіктен.

Мырзалының

Үміт артқан өлгенше

Үш ұлынан жалғыз еркек кіндік - мен.

Жүз демеймін -

Түсінеді жөнді ұққан

Жалғыз едім мен бір ірі сомдықтан.

Жалғыз едім өспей қойған атадан,

Жоғалуға қақым жоқ-ты сондықтан!

Өлең жаздым тоғыз тарау ,

Жеті өрім.

Сездім соның жүректерге жетерін,- деп жырға қосады.

Осынау "тоғыз тарау, жеті өрім өлеңінің жүректерге жетерін" өзге жұрттан бұрын өзі көзі тірісінде-ақ білген Қадыр Мырза Әли шығармашылығының ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталсақ дейміз. Соның ішінде Қадыр ақынның мұрасын мектеп бағдарламасына бастауыш сыныптан бастап, жоғарғы сыныптарға дейін енгізу және оқытудың тиімді тұстарын атап өту керек. Бұған дейінгі дәстүрше ақын өмірі мен шығармашылығы туралы қысқаша мәлімет беріп, оның бірді-екілі өлеңін жаттатумен шектелу оқулық жазумен шұғылданатын ғалымдар мен мектептегі ұстаздар қауымына айтылар сын әрі артылар жүк.

Қадырдың ақындық қасиеттерін таныту, тіл шеберлігін ұғындыру, ақын өлеңдерінің, қанатты сөздерінің мән-мағынасын ұрпақ санасына сіңіру арқылы оқушылардың ой тұжырымдарын, әдеби тіл байлықтарын, есте сақтау қабілеттерін, көркем сөз оқу шеберлігін дамытуға мол мүмкіндік береді. Бәрімізге белгілі Қадыр ақын - бөбектерге арналған жыр-жаңылтпаштардан бастап жалпы қауымға бағытталған ірі көлемді шығармалардың авторы. Білім беру ісіндегі ұлттық құндылықтарды оқушы санасына сіңіру барысында халқымыздың мақтан тұтар әдебиет майталмандарының педагогикалық, психологиялық көзқарастарын білу, ұрпақ кәдесіне жаратудың маңызы өте зор. Қазіргі кезде осы бай мұраны толық пайдалануға мүмкіндік туып отыр.

Бүгінгі жеткіншек ұрпақтың ертеңгі күні елімізді өркендетудің барлық саласына араласатын болашақ маман екенін ескерсек, мектеп оқушыларды көркем шығармалар ұлттық тәрбиеге оқыту – тәрбиелеу жұмысының өзекті компоненті ретінде назарда ұстауы тиіс. Әрине, бұл жерде балаларға арналған тамаша туындыларды дүниеге келтірген Қадыр ақын шығармашылығының оқушылардың дүниетанымын қалыптастырудағы зерттелуі өте маңызды. Туған халқымыздың әдебиетінде бүгінде еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін есімі ауыздарынан түспейтін Қ.Мырза Әли шығармалары - көл, теңіздері шалқыған, жасыл ормандары жайқалған, мәңгі мұз құрсанған шыңдары көк тіреген асқақ таулары, миуа жемістері тіл үйіретін бақша-баулары мол, бір шетінен екінші шетіне бағыт түзеп ұшқан құстың қанаты талатындай өзінше бір әлем. Халқымызға, әсіресе, жерлестеріне Қ.Мырза Әлидей ақынды таныстырып жату артық шығар. Себебі, бүгінгі ұрпақ Қадыр жырымен сусындап өсті. ”Күміс қоңырау” ерекше сыңғырымен бала біткеннің жүрегін тербесе, өлең сүйетін жұртшылық ”Ой орманын” көріп, ”Дала дидарын” тамашалады. Жыр құстары сайраған ”Бұлбұл бағына” кіріп, ұлы “Көшпен” бірге ”Жерұйыққа” сапар шекті. Иә, айта берсе, қазақ туралы, дала хақында атамекен жайында Қадырдан артық жырлаған ақын кемде-кем. Ә дегенде өз шығармашылығын балаларға арнап өлең жазудан бастаған Қадыр ақын жұртшылық тамсана оқитындай етіп, аз ғана уақыттың ішінде сәби, бүлдіршіндердің жасөспірімдер мен жастардың сүйікті ақынына айналды. Оның қаламынан туған ертегілер мен балладалар, сюжетті өлеңдер мен пейзаждар, мысалдар мен мазақтамалар, жаңылтпаштар мен жұмбақтар, санамақтар мен диалогтар қазақ балалар әдебиетінің классикасына қосылып, балалардың рухани тәбетін ашып, ой-санасын оятар хрестоматиялық үлгілерге айналды. Өз өмірінің, қала берді шығармашылығының саналы бөлігін балалар әдебиетіне арнаған Қадыр ақын ең алдымен тақпақ деген шағын өлеңдер жанрын қалады және оны ойдан оймыштап өрнектеді. Өйткені шығармашылықтың қай-қайсысы болмасын жас бүлдіршіннің тәтті тілін шығарудағы шеберліктен артық шеберлік жоқ екендігіне әбден көзі жеткен. Содан болар бірден үлкендерге өлең жазудан гөрі, алдымен тілге жеңіл, көңілге қонымды, тапқыр тақпақтармен бастап, балғын бүлдіршіндердің жүрегін жаулап алуды алдына мақсат тұткан ақын, оларды ана тілінде сөйлеп, ұлттық сана-сезімді ұғындырмақ болды. Бұл және өте қонымды да жарасымды шықты. Ал осынау жоғарыда атап өткен Қадыр ақынның халқына қалдырған қазынасын қалай бағалап жүрміз?

Ұлт болудың бір емес, бірнеше шарты бар десек, соның ең басты және ең негізгі шарты – ұлттық тіл. Қадыр ақын жырлаған: «Ана тілің арың бұл, Ұятың боп тұр бетте» деген өлең жолдарын білмейтін қазақ жоқ. Ақын тілімен: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп те жаздық. Қазақ тілінің қадірін, қасиетін айтудай-ақ айтқан қазақтың қадірлі ұлы Қадыр ақын «Бала тілі бола алмаса ана тіл, ана тілі бола алмайды ешқашан» деп те жырлады. Тілі енді ғана шыққан баланың тақылдап тұрып айтатын тақпағы. Ұйқасы ұтқыр, жаттауға жеңіл ғана емес, санасы енді ғана қалыптаса бастаған баланың құлағына ана тілінің қадір-қасиетін осы бір шумақ арқылы сіңіруге сұранып тұрған дүние екеніне шүбә жоқ. Ендеше алғаш "Ана тілі" оқулығын қолына алған бала Қадыр ақынның есімімен ерте танысқаны абзал. Сонымен қатар өзінің әзіл,ойнақы жырларымен тентектікті, жалқаулықты әжуалап, өз оқушысын жақсы өнеге, сүйкімді қылыққа мегзейді.

«Атамекен», «Табиғат тазалығы», т.б. өлеңдерін нағыз ұлт ақыны, біртуар дарын иесі туған жер тақырыбына арнап жазған. Өнер дәстүрсіз болмайды. «Әже туралы ән», «Біздің үйдің ырысы», «Қарт», тағы басқа өлеңдерінде ата-баба дәстүрі – үлкенді құрметтеу, үлкеннің ақыл-кеңесін тыңдауды дәріптеуге бағытталған педагогикалық, тәрбиелік, философиялық тағылымдарының көпшілігі ел ішіне таралып қанатты сөздерге айналды. Бұл бір ұрпақты ғана емес, бүтіндей бір ұлтты тәрбиелеуге жететін қазына емес пе?

Мәселен, Қадыр ақынның әр қазаққа белгілі «Домбыра» өлеңіне тоқталайықшы:

Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра,

Қазақ – нағыз қазақ емес,

Нағыз қазақ - домбыра!

Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:

Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана!

Бір ішегінде биіктік бар, бір ішегінде тереңдік,

Ол мылқауды сөйлетеді, жылатады кереңді...

немесе қазақ халқына ғана тән ұлттық қасиеттерді шебер бейнелейтін «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» атты өлеңін алайық. Бүтіндей бір ұлттың бітім-болмысын аша білген нағыз сөз зергері екеніне көзіміз жетеді. Он томдық таңдамалы шығармалар жинағының алғашқы екі кітабын балаларға арнаған Қадыр ақынды қалай балалар ақыны деп атамайсың... Қазіргі қазақ әдебиеті бұлақтары мен өзендері жан-жақтан жамырап құйып жатқан, шалқар айдыны, шалқып алыстан жарқырай көрінген, ұшы-қиыры жоқ ұлы теңіз іспеттес. Ал бүгінгі есімі елге әйгілі Қ.Мырза Әлидің поэзиясы – сол теңізге сарқылмай келіп, сарқырай қосылған мол сулы да, нулы арналардың бірі. Ол арнаның тұңғиығына бойлап, тұнығынан жүзіп ішкендердің қай-қайсысы да одан жанына таусылмас нәр, тәтті кәусар алып, мейірлене бір шөлін қандырары анық.

Қадыр Мырза Әли – ұлттық ақын. Ұлттық ақын болғанда қазақ халқының ақыны. Оның туған халқының арғы-бергі өмірі, тіршілігі, туралы жазған өлеңдері өте көп. Ақын поэзиясы қазақ халқы өмірінің көркемдік шежіресі, әдебиеттегі образды тарихы деуге де болады. Академик Серік Қирабаев: «Қадыр Мырза Әли ұлт тарихын, мінез-құлқын, ойлы көзбен өлшеп суреттейді. Онда терең идеялық мағына бар», – деп ақынның өзіндік бет-бейнесін, шығармашылық келбетін дәл айқындап берді. Қадыр ақын көркемдік дәрежесі биік, тілі нәрлі, ғибраты мол, идеялық мазмұны терең шығармаларымен қазақ сөз өнеріне зор үлес қосқан ірі суреткер, көркем сөздің шебері. Оның әр шығармасынан ұлттық бояуды байқайсыз. «Ағылшынша армандап, орысша ойлап» жүрген ұрпаққа қарсы күресте Қадыр қазынасын молынан пайдаланған абзал. Өйткені Қадыр ақынды тану – қазақты тану. Өз халқыңды сүю өзгені мансұқтау емес, өз ұлтыңды ұлықтау.

Енді қаламгер мұрасын оқытуда қандай тиімді тәсілдерді қолданған абзал? Бұл ретте бірінші кезекте мұғалімнің өзіне жауапкершілік артылады. Қадыр ақын өз дәуіріміздің адамы. Ендеше оның көзі тірісінде берген сұхбаттары, қаламгер шығармашылығына арналған арнайы хабарлар, видеороликтер, өлеңдерінің аудиожазбалары, көзкөрген қаламгерлердің ақын туралы естеліктерін арнайы интерактивті тақта арқылы көрсеткен дұрыс. Әр дәуір өз ақынын тудырады десек, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Ғинаятұлы Мырзалиев шығармалары оның өзі өмір сүрген жылдардағы көркем тілмен жазылған шежіре десе болады. Сондықтан жоғары сыныптың оқушыларын қаламгердің өмір туралы, отбасы, қыз бен жігіт, әйел мен ер хақындағы афоризмдері және қағытпа қалжыңдарымен де таныстырған тиімді. Мәселен:



Жігіттің бағасы білегі мен басында.
Арудың сұлулығы көзі мен қасында

Әйел – мойын, еркек – бас.
Еркекті ер қылатын да, жер қылатын да – әйел.
Бұл байқасақ, жаңа өмірге жаңаша қарайтын жастарға жақсы үлгі болар еді. Екіншіден, біраздан бері мектеп бағдарламасында отбасы құндылықтары, ұлттық менталитетке лайықталған тәрбие беретін дәрістер қарастырылмағаны жиі сынға алынып жүр. Мұндай дәрістер, өкінішке қарай, жоғары оқу орындарының бағдарламаларында да қамтылмаған. Сондықтан отбасы құндылықтары, ер мен әйел арасындағы сыйластық, бала бақыты деген ұғымдарды жете түсінбеген жастардың өзара жараспай жататыны бар. Ал қазіргі заманға лайықталған қағытпа қалжың мен әдепті әзілдері де оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығын оятып қана қоймай, ақын шығармашылығын өз бетінше ізденіп оқуға итермелейді. Сондай-ақ жоғары сынып оқушыларының ой-өрісін, талғам таразысын бағалау мақсатында эпистолярлық стильде хат жазу тәсілін қолданған да өте тиімді. Ол үшін оқушыларға кейіпкердің өз заманымыздың ақыны ғана емес, адамы екенін, яғни Сіз бен біз ғұмыр кешіп жатқан дәуірдің өкілі екенін түсіндіріп қана қоймай, оған оқырманы ретінде хат жазуды тапсырыңыз. Бір бала қаламгердің қазіргі қоғам туралы ойларына қатысты өз пікірін білдіріп сыр бөліссе, бір қыз ақынның махаббат туралы өлеңдері туралы өз толғанысын хатқа сидыруы мүмкін. Бұл хат жазудан алшақтап бара жатқан қоғамда, яғни ұялы телефондар мен компьютерден көз алмайтын ұрпақтың айналасына мейіріммен қарап қана қоймай, өз ойын ашық әрі сауатты жеткізуіне көп ықпал етер еді.

Талай жыл осы салада тер төгіп келе жатқан тәжірибелі ұстаз ретінде тағы бір тәсілді ұсынсам деп едім. Бұл – сұхбат тәсілі. Қаламгерді мектеп бағдарламасы аясында ғана емес, кеңірек танып, тереңірек зерттеп білу үшін оқушыларға кейіпкерден сұхбат алу тәсілін ұсынса болады. Бұл өз сауалдарына ақын шығармаларынан жауап іздеп, тауып, жұп-жұмыр жақсы материал дайындау. «Поэзия мені асырады, ал мен оған не бердім, оны оқырман, келер дәуір айтар. Осындай тағдыр берген Аллаға алғыстан басқа айтарым жоқ. Көп көрдім, көп жүрдім, көп адамдармен істес болдым, көп түйдім, көп еңбектендім. Бір де бір күнім қаламсыз өткен жоқ. Достарым көп, дұшпаным аз болды...»-деген ақынның өзі болашақ ұрпақпен сұхбаттасқысы келетінін меңземеп пе еді?! Осындай жолдардың өзінен ақынның болмыс-бітімін ашатын тәп-тәуір сұхбат жасап шығуға болады. Мәселен, өзін елдегі әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ретінде таныстырып, (дұрысы елестетіп) сұрақтар дайындаса, ұтқыр жауап дайындаса дәріс те қызығырақ өтер еді. Бұл жастардың өздері жиі еліктейтін көгілдір экрандағы журналист қауымы сияқты етек-жеңі жинақы, сауалы сауатты, атақты һәм қарапайым жандармен де тез тіл табыса алатын қасиеттерді де бойына жинауға мүмкіндік болмай ма? Бұл бұрынғыдай ақын суретін тақтаға іліп қойып, әр оқушыға оның өлеңдерін жаттауды тапсыратын жаттанды һәм қарадүрсін үрдістен арылатын кез жеткендігін көрсетеді. Қаламгер шығармашылығына оқушыларды қызықтыру олардың қалауларына сай әрі осы жаңа заманның заңдылықтарына лайықты дәріс бере білумен тығыз байланысты.

Ақын ағамыздың тұнықтықтан жаралған поэзиясы, өлең-жырлары болашақ ұрпақтарымыз үшін жол көрсетер шырағданы, үлгі тұтар бойтұмары болары анық. Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов «Сөздің сәйгүлігі, ойдың озарманы» деп атаған Қадыр Мырза Әлидің қазақ үшін орны ерекше. Таланты мен еңбекқорлығын ұштастыра отырып артына өлмес мұра қалдырған тамаша талант иесі Қадыр ақынның орны бүгінгі ұрпақ үшін ерекше екенін мақтанышпен айтамыз.

Қазақ поэзиясының қадірін арттырған Қадыр ақын келер жылы сексенге толады. Ақын, соңғы жырларының бірінде:



Кейбір жырым дән ұшырып қырманда,

Кейбір жырым бақташы боп жүр маңда.

Жоқ! Өлмеймін!

Правом жоқ өлуге,

Сөз сыйлайтын халқым аман тұрғанда!- деп туған халқы барда өзінің өлмейтініне сеніп еді. Ендеше ұлтым деп өткен ұлы ақынның ұлағатты мұрасын ұрпақ санасына сіңіру – біздің парызымыз.


Қолданылған әдебиеттер:

1.Нұрахметов С. Қадыр Мырзалиевтің ақындык шеберлігі. Филол. ғылымдарының канд. дисс. автореф-ты. Алматы, 1994. -22 б.

2. Мырзалиев Қ. Алақан. Алматы: Жалын, 1977.

3. Мырзалиев Қ. Қорамсақ. Алматы: Жазушы, 1980, 1981;

4. Мырзалиев Қ. Қызыл кітап. Алматы: Қазақстан, 1983.

5. Мырзалиев Қ. Күміс қоңырау. Алматы:Жазушы, 1970 — 1985;

6. Мырзалиев Қ. Мәңгі майдан Алматы: Жазушы, . 1993.

7. Қ.Мырзалиевтың өлеңдер жинағы.

«Қылыш пен қанжар» І том, «Мәңгі майдан әулетім-дәулетім» ІІ том Алматы,1995ж

8. Қ.Мырзалиевтың өлеңдер жинағы.1-11 томдар.Алматы «Қазығұрт»,2001ж

9.Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы .7-том.Алматы, 2003ж.

10. «Батыс Қазақстан облысы» энциклопедиясы.Алматы, 2002 ж.

11. Буклет. Даналық дариясының бір сағасы.БҚО тарихи-өлкетану музейі,2005ж.

12. Қ.Мырзалиевтың өлеңдер жинағы. «Қанжар мен қылыш» І том,«Мәңгі майдан әулетім-дәулетім» ІІ том Алматы,1995ж

13. Қ.Мырзалиевтың өлеңдер жинағы.1-11 томдар.Алматы «Қазығұрт»,2001ж.

14. «Жайық үні» газеті . «Қазақтың Қадыры 75-те» 7 қаңтар, 2010жыл.



15. «Орал өңірі» газеті. «Қазақ деген бозінгенге ботамын», 7 қаңтар,2010ж.
Каталог: ld
ld -> Шпаргалка на казахском языке по истории Казахстана 100 м қашықтыққа ұшатын, орақ тәрәздә құрал-бумеранг
ld -> Қош келдіңіздер!
ld -> Қазақ әдебиет пәніне тест сұрақтары
ld -> Сабақ: ана тілі Тақырыбы: Ахмет Байтұрсынұлы «Әліпенің атасы»
ld -> Қазақстан тарихы бойынша Ұбт шпаргалкалары а а. Иманов көтерiлiс отрядтарын қаруландыру үшiн – қару-жарақ шығаруды ұйымдастырды
ld -> Ақтқбе облысы Байғанин ауданы №3 Қарауылкелді орта мектебі
ld -> Сабақтың тақырыбы: Ы. Алтынсарин "Өзен" Мұғалімі: 3 "
ld -> Әнші- ақындар шығармашылығы
ld -> Есмағамбет Ысмайлов Баласы Қожағұлдың Біржан салмын, Адамға зияным жоқ жүрген жанмын
ld -> Өмірбаяны Хронология Қорытынды пайдаланған әдебиеттер


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет