Т. Г. Шевченко – Қазақ Өлкесін зерттеуші



Дата04.07.2018
өлшемі25,86 Kb.
#46323
ӘОК: 398.87:894.342
Т.Г.ШЕВЧЕНКО – ҚАЗАҚ ӨЛКЕСІН ЗЕРТТЕУШІ
К.Т.Құдайбергенова,

гуманитарлық ғылымдар магистрі,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті,
Қазақстанның Халық жазушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек ері Әбіш Кекілбайұлы: «Мәдениетті адам барлық мәдениетке бірдей қарайды, бірегей бағалайды», - деп атап айтқан.

Мәдениеттің өзекті бөлігі - өнер деп алсақ, сол өнердің ішінде сурет өнерінің алдыңғы шепте тұратыны сөзсіз. Шынында да адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі – оның әсемдікке, сұлулыққа ұмтылуы. Мәдениет – адам әлемі. Мәдениет көріністерінде адамдық парасат, ақыл-ой, ізгілік пен әдемілік заттандырылып, игілікті дүниесі құралған. Сонымен бірге мәдениет адамды тұлға деңгейіне көтеретін негізгі құрал. Сондай тұлғалардың бірі әрі бірегейі – Т.Г.Шевченко.



Украинаның ұлы ақыны әрі суретшісі Тарас Григорьевич Шевченко 1847 жылдан 1857 жылға дейін Қазақстанның Кіші жүзі аумағында 10 жыл өмірі айдауда өткен. Ақын Орынбор аймағында, Арал теңізінде болып, Маңғыстау түбегін жеті жыл мекен еткен. Қазақ халқының өміріне талай жыр жолдарын арнаған, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп көптеген суреттер салған. Қазақстанда болған кезінде Т.Шевченко географиялық зерттеу жұмыстарына белсене қатысқан. Ұлы ақын қазақ өлкесін алғашқы зерттеушілер – атақты ғалым Карл Максимович Бэрмен, саяхатшы Карелинмен Арал «Колумбы» атанған Бутаковпен, саяхатшы-географ Макшеевпен, геолог Антиповпен достық қарым-қатынаста болған.

Т.Г.Шевченконың Украина жерінен алыс шалғайдағы қазақ даласына айдалып келіп, тұңғыш қазақ өлкесін зерттеушілер қатарына қосылуының өзіндік себептері де бар еді. Оның жер аударылуына ақынның бостандықты аңсаған өлеңдері себеп болды. Ол өзінің өлеңдеріне украин халқының бостандық пен тәуелсіздік алуға деген асқақ арманын арқау етті. Бұл кезде Т.Г.Шевченко Ресей қауымына кеңінен танылып үлгерген-ді. Ақынның өлең-жырларын Украин халқы ғана емес, Петербург пен Мәскеу халқы жақсы білетін, сүйіп оқитын. Сондай ақ, сол кезде Т.Шевченко дарынды суретші ретінде халыққа жақсы танылып қалған болатын. Жалпы сурет өнерін ең нәзік, таза дүние деп есептесек, ақындық та кез келген адамға беріле бермейтін дүние. Ал Т.Г.Шевченко осы екі өнерді де қатар ұстаған дарын.

ХІХ ғасырдың орта тұсы қазақ даласына географиялық ғылыми зерттеулердің қарыштап даму бастаған кезеңі еді. 1848 жылы Орта Азия мен Қазақстанның аса ірі су алабы – Арал теңізін жан-жақты зерттеу және картаға түсіру үшін капитан-лейтенант А.И.Бутаковтың басқаруымен арнаулы ғылыми экспедиция ұйымдастырылды. Ол кезде қазақ даласына жіберілетін экспедициялардың бәрі Орынборда жабдықталатын. Орынборға келген Бутаков Шевченконы жергілікті әскери-үкімет орындарынан сұрап алып, экспедиция қызметіне тағайындайды. Сөйтіп, украин халқының ардагер ұлы қазақ жерін алғаш зерттеушілердің қатарына қосылады.

1848 жылы 11 мамырда жүк артқан 300 арбасы және 1000 түйесі бар үлкен керуен Орскіден шығып, Аралға қарай бет алады. Экспедиция құрамында 27 адам болады. Экспедицияны Райым бекінісіне (қазіргі Арал қаласы) дейін жеткізіп салуға, керуен күзетіне екі рота солдат пен 200 қазақ беріледі. Экспедиция жүгінің басым көпшілігі теңізде жүзуге арналған «Константин» кемесінің бөліктері болатын.

Экспедиция басшыларының бірі, кейіннен Қазақстанды зерттеумен атағы шыққан саяхатшы капитан А.И.Макшеев «Қазақ даласы мен Түркістандағы саяхат» деген кітабында бұл жорық туралы былай деп жазады: «Мен, бақытсыз суретші, әрі ақынға жорық кезінде күркемді паналауды ұсындым. Ол менің ұсынысымды қабыл алды. Бұл жорық кезінде Т.Шевченко ротада көне пальто киіп, жаяу жүрді, өйткені одан әскери форма киюі талап етілген жоқ». Шевченкодан қатаң әскери тәртіптің талап етілмеуі экспедиция басшыларының ақынға деген зор ілтипатын көрсетеді. Әрине тар қапастан кейінгі бұл кеңшілікті суретші бос жіберген жоқ. Оның жол бойы салған суреттері экспедицияның жүріп өткен жерлерін көз алдымызға елестетеді. Қарабұтақ, Ырғыз, Райым бекіністерінің, қазақтар әулие санайтын жалғыз ағаштың, даладағы өрттің және басқа да дала тіршілігінің көріністері суретшінің табиғат пен халық өмірін кез-келген адам байқай бермейтін небір нәзік жақтарын дөп басып көре білетіндігін аңғатады.

Орскіден шыққанына 40 күн дегенде, экспедиция Арал теңізінің жағасына келіп жетеді. Райым бекінісіне таяудағы Қосаралда кеме бөлшектері құрастырылып, шілденің аяғында экспедиция теңізге шығады.

Бутаковтың шағын отряды «Көгілдір теңізде» екі маусым бойы жүзеді. Т.Г.Шевченко Арал айдынында экспедицияның басқа мүшелерімен бірге талай қиындықтар мен қауіп-қатерлерді бастан кешеді. Бәрінен де азық-түлік пен су жетіспейді. Саяхатшылар жағалаудан аң, құс атып, теңізден балық аулап күнелтеді. Талай рет алай-түлей дауыл тұрып, кемені елсіз аралдағы жартасқа соғып қирату қаупі төнеді. Әр жолы тек капитанның тапқырлығы мен экспедиция мүшелерінің жан қиярлығы кемені сөзсіз апаттан аман алып қалып отырады.

Осыншама қиындықтарға қарамастан экспедиция Арал теңізін түгелдей картаға түсіреді, оның көпшілік бөлігінің тереңдігін өлшейді, теңіз ағыстарының бағыты мен жылдамдығын анықтайды. Теңізде бұрын жергілікті халықтың өзіне де белгісіз әлденеше аралдар табылып, картаға белгіленеді. Қазіргі «Қайта өрлеу» (бұрынғы Возрождение) және Комсомол (кейін аталған) аталатын аралдарды да Бутаковтың экспедициясы ашып, картаға түсіреді. Кейінірек, 1850 жылы Бутаков пен оның серіктерінің түсіруі бойынша Арал теңізінің тұңғыш картасы басып шығарылды. Картаны атақты географ Александр Гумбольдт «бұл – географиядағы жаңалық» деп бағалады.

Экспедицияның ғылыми құнды материалдарын Т.Г.Шевченконың асқан шеберлікпен салған табиғат көріністері толықтыра түсті. Оның қыл қаламынан Арал өңірінің табиғат ерекшеліктерін бейнелейтін 100-ден аса суреттер шықты. Олардың әрқайсысы тек ғылыми мазмұны жағынан ғана емес, сонымен бірге көркемдігі жөнінен де жоғары талғамға сай келеді.

Сырдарияның сағасындағы Қосаралда қыстаған кезінде саяхатшылар жергілікті халықпен тығыз байланыс жасап, олардың өмірімен танысады. Бұл жерде же халықтың ауыр тұрмысын көреді, қолдарынан келген жәрдемін аямайды. Тіпті, сол жерде қатты ауырып, жән тәсілім еткелі жатқан адамдарды емдеп, жазып алады. Сонымен қатар өздеріне керек заттарын қауын-қарбызға айырбастап алады. Енді бірде отряд қазақтардың малы мен жанына шауып, тыныштық бермеген жолбарысты аулауға шығады. Әрі сол жерде тұратын қазақтардың өтініші бойынша аң аулауға шыққан солдаттар жолбарысты атып өлтіреді. Жасақ Қосаралда тұрған кезде Т.Г.Шевченко қазақ ауылдарына жиі барады, талай суреттер салады. Олардың ішінде «Қосаралдағы қазақтардың тұрағы», «Салт атты қазақ», «Киіз үйдегі қазақ», «От басындағы қазақтар», «От жағып жатқан қазақ баласы», «Ақын» деген және басқа да суреттер бар. Бұл суреттер ХІХ ғасырдың орта тұсындағы қазақтардың тұрмыс-салтын зерттеушілер үшін таптырмайтын баға жетпес материал.

Ұлы ақын Аралда болған кезінде экспедицияның ғылыми нәтижелеріне келелі үлес қосумен бірге талай отты жырларын шығарады.

Жалпы алғанда Арал экспедициясы ақын шығармашылығының мықтап өркендеген кезі болған. Олай дейтініміз Т.Г.Шевченко Қазақстанда айдауда болған кездерінде жүзден астам өлең-жыр жазса, оның төрттен үшін Аралда өткізген бір жарым жылдың ішінде шығарған.

Арал экспедициясы аяқталғаннан кейін Шевченко Бутаковтың өтініші бойынша табиғат көріністері альбомын аяқтау үшін Орынборда қалдырылады. Ақын мұнда да экспедициядағыдай емін-еркін жүріп тұруға мүмкіндік алады. Жеке пәтерде тұрып, дос-жарындарымен кездесіп отырады. А.И.Бутаков айдаудағы ақынның мұнан кейінгі де халін жақсарту мақсатымен Орынбор өлкесінің генерал-губернаторы В.А.Обручевтан Т.Г.Шевченконы кіші офицер дәрежесіне көтеруді сұрап рапорт береді. Бірақ, мәселе күтпеген орайда шешіледі. Өйткені бұл кезде Петербургке жергілікті офицерлердің бірінен «айдаудағы Шевченкоға патша ағзамның тыйым салуына қарамастан, сурет салуға рұқсат берілді» деген шағым жетіп те үлгірген еді. Соның нәтижесінде Т.Г.Шевченко дереу тұтқынға алынып, Маңғыстау түбегіндегі Новопетровскіге (қазіргі Ақтау) айдауға жіберіледі. Ал А.И.Бутаковқа ғылыми жаңалықтары үшін марапат берудің орнына сөгіс жарияланады. Ұлы ақынның өмірінің келесі бөлігі Маңғыстау өңірінде өтеді.

Бұл кезде де патша үкіметі оның қазақтар туралы жазуына тыйым салды. Солай бола тұрса да Т. Шевченко «Түрмеден қашқан» («Варнак») атты повесть жазды. Онда қазақтардың аянышты ауыр халі суреттелді. Кейінірек Т.Шевченко «Егіздер» повесінде бұл тақырыпты тереңдете түсті.
Қазақ кедейлерінің азапты ауыр өмірі Т.Шевченконың салған суреттерінде шыншылдықпен бейнеленді. «Бақташы бала», «Салт атты қырғыз», «Келі түйген келіншек», «Боранда», «Қайыршылар» деген туындылары дала кедейлерінің өміріне арналды.

Т.Г.Шевченко Каспий теңізінің шығыс жағасындағы Новопетровск бекінісінде жеті жыл айдауда жүреді. Ақынның бұл жердегі солдаттық өмірі Аралдағыдан да қиын жағдайда өткенімен, шығармашылықпен айналысуын тоқтатпайды. Мұнда жазуға және сурет салуға қойылған тыйым өте қатаң сақталады. Арнаулы тыңшы оның қолына қағаз пен қарындаш түспеуін үнемі қадағалап отырады. Сондықтан Т.Г.Шевченко бұл кезеңде өлеңді аз жазған, ал сурет салу үшін қазақ ауылдарындағы достарына барып тұрған. Бізге оның адай руы қазақтарының тұрмыс салтын бейнелейтін бірқатар суреттері жеткен. Суретші мұнда да қарапайым халықтың жоқшылықпен күн кешуіне ерекше көңіл бөледі. Әсіресе, оның «Байғұстар» деген суретіндегі қолын жайып қайыр сұрап тұрған екі баланың бейнесі кімді болса да тебірентпей қоймайды.

Жалпы алғанда, экспедиция кезіндегі 105 күнде Т.Г.Шевченко табиғат көріністері мен халық тұрмысынан 86 сурет салған. Бұл суреттер экспедицияның ғылыми нәтижелеріне қосылған зор үлес болып табылады. Т.Г.Шевченко қатысқан Қаратау экспедициясы қазақ даласының географиялық зерттелу тарихында елеулі орын алады. Экспедиция көмір кенін тауып зерттеумен бірге Маңғыстауда мұнайдың белгісі бар екенін де тұңғыш рет анықтады.

Арал экспедициясы сияқты Қаратау экспедициясы да ақынның қыспақтағы азапты өміріне қысқа мерзімге болса да өзгеріс енгізіп, оның шығармашылық күш-жігерін тасыта түскен. Ол туысқандарына жолдаған бір хатында «Қаратау жорығы есімнен көпке дейін кетпес, тіпті, мәңгі сақталар» деп жазған.

Ұлы ақын, суретші Т.Г.Шевченко өзінің қысқа ғана өмірінде Қазақстан жерінде, Арал мен Қаратауда экспедицияларында болғандағы кезеңдерін өміріндегі айтулы оқиғаға балап кетті. Бұл кейінгі ұрпақ үшін қызықты, әрі жаңа бір қырынан көрінетін белестері болып табылады. Т.Г.Шевченконың есімі қазақ өмірін талай жылдар бойы жырына тиек, суретіне арқау еткен ақын, суретші ғана емес, қазақ жерін алғаш зерттеушілердің қатарында да құрметпен аталады. Қазақстанның картасына көз жіберсек белгісіз соқпақтармен жүріп географиялық жаңалықтар тапқан талай саяхатшылардың аттарымен байланысты жер-су атауларын кездестіреміз. Солардың бірі – Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі Шевченко шығанағы – ақынның Арал экспедициясына сіңірген еңбегін әрдайым еске түсіріп тұрады. Сондай-ақ Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы ақын айдауда жеті жыл өмірін өткізген портты қала, Алматының үлкен көшелерінің бірі, республикалық сурет галереясы Шевченконың есімімен аталады.

Т.Г.Шевченконың қазақ елі мен жеріне жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Қазақстан мен Украина арасындағы рухани байланыс осындай ұлы тұлғаларымыздың асыл мұраларының арқасында мәңгі ұлықтала бермек.




Әдебиеттер тізімі:

  1. Бірмағанбетов Ә. Туған өлкені зерттеушілер. – Алматы: Мектеп, 1986.- 60 б.

  2. Т.Г.Шевченко. Его жизнь и литературная деятельность. Санкт-Петербург. 1894г.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет