Табылған жері Африка (Кения жеріндегі Олдувай шатқалы) 1 млн 750 мың жыл



бет2/19
Дата14.04.2020
өлшемі0,92 Mb.
#62510
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19
Байланысты:
тарих
0001b39f-8b33bf15




Қазақстан жеріндегі тайпалар одақтары және мемлекеттік бірлестіктер

Қазақстан жеріндегі алғашқы көшпенділер
Б.з.б. 1 мынжылдықтың басында Қазақстан аумағын мекендеген халықтардың шаруашылық өмірінде бірқатар маңызды өзгерістер болды. Қазақстанды мекендеген тайпалар осы кезде көшпелі мал шаруашылығына бейімделе бастады. Бұл жағдай шаруашылықтың дамуына негіз болды. Мұнымен қатар көшпенділер арасында мәдениет те дамыды. Б.з.б. VІІІ-VII ғасырларда Қазақстан аумағын мекен еткен тайпалар темірді пайдалана бастады. Бұл кезен, тарихта тас, қола дәуірінен кейінгі ерте темір дәуірі деп аталады. Аталған дәуірге жататын ескерткіштер Қазақстанның Зайсан көлі маңынан, Жетісудан, Тасмола қорғандарынан табылды. Бұл дәуірде Қазақстан аумағын сақ, ғұн, қаңлы т.б. тайпалар мекен еткен.

Сақтар

Археологиялық мәліметтер бойынша, сақ тайпалары Қазақстан аумағын б.з.б. УІІ-ІУ ғасырларда мекендеген. Сақ тайпалары әр түрлі аталған. Сақтарды ежелгі грек авторлары "Азиялық скифтер", парсы ескерткіштерінде "Құдіретті еркектер", иран жазбаларында "Жүйрік атты турлар" деп атаған. Сақтарда, негізінен, әскери қоғам болды. Сақтайпалары 3 топқа бөлінген.

1) Шошақ бөрікті сақтар (тиграхауда) Тянь-Шань тауын, Жетісу жерін, Сырдарияның орта ағысын мекендеген.

2) Теңіздің аргы жағындагы сақттар (парадарайя) Қара теңіздің солтүстігін, Арал маңын, яғни Сырдария мен Әмудария өзендерінің төменгі ағысын мекендеген.

3) Хаома сусынын дайындайтын сақтар (хаомаварга) Мұрғаб аңғарын мекендеген.

Сақтардың шаруашылығы

Сақтар, негізінен, мал шаруашылығымен айналысты. Мал шаруашылығының 3 түрі болды:

1) көшпелі мал шаруашылығы Батыс және Орталық Қазақстанда өріс алды;

2) қыстық және жаздық қоныстарды қажет ететін жартылай көшпелі мал шаруашылығы Алтай, Тянь-Шань тауларында, Жетісу, Шығыс Қазақстанда көп тарады;

3) отырықшы мал шаруашылығы (жартылай егіншілікпен айналысқан). Шаруашылықтың мұндай түрі Оңтүстік Қазақстандағы Сырдария, Келес, Шу өзендерінің аңғарларында дамыды. Сақтар жылқы, қой, түйені өте көп өсірді, ал ірі қара (сиыр) саны аз болды.

Сырдария өзенінің аңғарында егін шаруашылығымен айналысты. Бидай, тары, қарабидай өсірді. Егінді канал арқылы суарды.

Сақтардың әлеуметтік құрылымы

Сақтар қоғамында әскери демократия құрылысы орнады. Тайпа көсемі бас қолбасшы болды. Сақ қоғамының адамдары 3 әлеуметтік топқа бөлінді. Олардың әрқайсысына бір түс тән болды:

1) жауынгерлер (қызыл),

2) абыздар (ақ),

3) басқа қауым адамдары (сары, көк).

Сақ жауынгерлері

Патшалар жауынгерлер тобынан шықты.

Сақ жауынгерлерінің ерлігі туралы көптеген дерек әңгімелер бар.

Сақтар б.з.б. 519-518 жылдары парсылармен соғысып, I Дарийдің әскеріне қарсы ерлікпен шайқасады. Сақтар парсылармен бірге Грекия, Египет жеріндегі соғысқа қатысады.

Сақтың әйел патшасы Томирис парсы патшасы Кирдің әскерін жеңген. Томирис адам қаны толтырылған меске Кирдің басын салып тұрып: "Аңсағаның қан болса, ал енді іш!" - деп айтады.

Б.з.б. IV ғасырда Александр Македонскийдің Орта Азия жеріне жорығы басталды. Ол б.з.б. 330-327 жылдары Сырдарияның сол жағындағы өңірлерді түгелге жуық басып алып, Шеткі Александрия қаласын салады.

Александр Македонский шығысты жаулап алады, бірақ Сырдарияның оң жағындағы сақтардан жеңіледі.

Сақтардың өнері мен саудасы

Сақтарда кейіннен қолөнер мен сауда дами бастады. Шеберлер ер-тұрман, әшекей, найза, семсер, қанжар т.б. жасаған.

Қоленер жақсы дамыды. Мыс, алтын, күміс, қорғасын т.б. металдарды көп пайдаланған. Сонымен қатар теріден, ағаштан, қыштан ыдыстар жасаған.

Сақтайпалары Сібір, Еуропа, Алтай және Шығыс елдерімен байланыс жасады. Сауда Жібек жолы және б.з.б. 1 мыңжылдықтағы "Дала жолы" арқылы дамыды.

Сақ өнерінде аңдық стиль болды. Олар аңдар мен әртүрлі аңыздардағы жануар бейнесіндегі құбыжықтарды бейнелейтін еді. Аңдық стиль б.з.б. VII ғасырда Алдыңғы Азияда дүниеге келеді. Арыстан бейнесіндегі "өмір ағашы" сақтарға ең көп тараған.

Сақтар әр түрлі жануарлар бейнесіндегі құдайға, табиғат күштері күнге, желге, әр түрлі құбылыстарға табынды. Мысалы, күн күркіреу құдайы қабан бейнесінде бейнеленген.

Зергерлік өнері жақсы дамыған. Сақ шеберлері әшекейлер, ер-тұрмаңдар, әр түрлі андар бейнеленген бұйымдар жасай білген. Сақтардың түсінігінше, әлем 3 бөліктен құралған:

1) Жер астындағы әлем,

2) Орта жер әлемі,

3) Аспан әлемі.

Сақтардың археологиялық ескерткіштері

Шырықрабат - апасиактардың ("су жағасын мекендеген сақтар") астанасы. Бұл қала қазіргі Қызылқұм шөлінде орналасқан. Қала 42 гектар жерді алып жатқан төбеде орналасқан. Қаланың орнынан көптеген дуал, мұнара құрылыстар табылған.

Сақтардың археологиялық ескерткіштерінің бірі - Бабыш молда қаласы.

Алматы облысындағы Есік қорғаны - б.з.б. VIII—III ғасырлардағы сақ моласы. Бұл молада әрі жауынгер, әрі малшы, әрі абыз адам жерленген. Ол «Алтын адам» деп аталған. Онымен бірге қару-жарақ, басқа да шаруашылық құралдар көмілген.

Ежелгі грек тарихшысы Геродот сақтар жайлы көп тарихи деректер қалдырған.


Үйсіндер

Б.з.б. II ғасырда сақ тайпаларының Жетісудағы жерін үйсін тайпалары мекендеді. Үйсіндердің мекені Іле, Шу, Талас, Сырдария өзендерінің жағасында болған. Үйсіндер мемлекеті 3-ке белінді:

1. Шығыс.

2. Батыс.

3. Орталық.

Үйсіндер астанасы - Қызыл Аңғар қаласы. Үйсін билеушісінің титулы - гуньмо. Үйсіндер қаңлы, ғұндар тайпаларымен соғысқан.



Үйсіндер баспанасы

Шу, Кеген өзендері бойындағы үйсіндер кірпіштен, тастан соғылған үйлерде, көшпелі үйсіндер киіз үйлерде тұрды. Қазба жұмыстары нәтижесінде үйсіндер баспанасынан көптеген тұрмыс заттары табылған.



Үйсіндер шаруашылығы

Үйсіндердің негізгі шаруашылығы көшпелі мал шаруашылығы болды. Сонымен бірге үйсіндер егін шаруашылығымен де айналысты.

Үйсіндер қорғасын, мыс, алтын кендерін білді.

Үйсіндердің өнері және діні

Археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған әйелдің тәжі тәріздес әшекейлі баскиімі Қарғалы диадемасы - үйсіндердің өнері мен діни нанымынан мәлімет берегін кұнды ескерткіш. Ол 2300 м биіктіктегі тау шатқалынан табылған.



Үйсіндер туралы тарихи деректер

Үйсіндер туралы кең мәлімет Қытай деректерінде көп кездеседі. Себебі үйсіндер Қытаймен кең байланыста болған. Үйсіндер туралы көп деректі Қытай тарихшысы Сыма Цян жазды. Оның жинаіыңда үйсіндер туралы былай делінген: «Халықтың саны 630 мың, үй саны 120 мың, жауынгерлерінің саны 180 мың...

...Үйсіндерде жылқы көп. Бай адамдардың 4000-5000-ға дейін жылқысы болады...»

Қаңлылар

Б.з.б. III ғасырда қаңлы тайпалық бірлестігі құрылды. Қаңлылар Оңтүстік Қазақстанда Сырдария өзенінің орта ағысын мекендеген. Қаңлылар астанасы - Битянь қаласы. Байланыс жасаған елдер - Қытай, Рим, Кавказ т.б. Қаңлылар үйсін, ғұн тайпаларымен соғысқан.



Қаңлылар шаруашылығы

Негізгі шаруашылық түрлері - мал шаруашылығы және суармалы егін шаруашылығы. Қаңлыларда аң, балық аулау жақсы дамыған.



Қаңлылардың қоғамдық құрылысы

Қаңлы тайпасында билік мұрагерлік жолмен әкеден балаға беріліп отырған. Бар билік ақсақалдардың, ру басшылары мен әскери көсемдердің қолында болған.



Қаңлылардың діні

Қаңлылар табиғат күштеріне, ата-баба аруағына сиынған. Сонымен қатар қаңлылар жұлдыздар арқылы түрлі болжамдар жасап отырған.



Қаңлылар туралы деректер

Қытай жазба деректерінде қаңлылар туралы мәліметтер бар. Онда қаңлы тайпасында 600 мың адам, 120 мың түтін бар екені айтылады.



Қаңлылардың археологиялық ескерткіштері

Мардан-күйік қорымы - Сырдария өзенінің жағасындағы қаңлылардың жерлеу ескерткіші. Бұл қорым Мардан-күйік қаласының іргесінде орын тепкен. Мұнда 50-ден артық мола бар. Қабірге өлікпен бірге ыдыстар, әшекей бұйымдар, қару-жарақ көмілген.



Қаңлы бірлестігінің ыдырауы

Қанды тайпалық бірлестігі б.з.б. I ғасырдың ортасында ыдырады.


Ғұндар

Б.з. басында Қазақстан аумағын мекен еткен тайпалардың ішіндегі ең жауынгер халық ғундар болды. Ғұндардың жауынгер билеушілерінің бірі Атилланың есімі ерекше. Оның Еуропа халықтарына жасаған басқыншылық жорығы бізге белгілі. Тіпті әлемнің сұлу шаһарларының бірі Венецияның салынуына Атилла бастаған ғұндардың шапқыншылық соғысы себеп болған. Сонымен бірге ғұндар Еуразияда б.з.б. I ғасырда болған «халықтардың ұлы қоныс аударуымен» тығыз байланысты болған. Ғұндар Қазақстан жеріне б.з. I ғасырының басында қоныстанды. Ғұндар бірлестігінің негізін салушы Мөде болды. Ол деректер бойынша б.з.б. 230-174 жылдары өмір сүрген. Б.з.б. III ғасырда ғұндардың билеушісі Мөде шаньюй үйсіндерге және Қытай аумағының біраз бөлігіне билік жүргізеді. Б.з.б. I ғасырда, яғни 55 жылы ғұндар екіге бөлінеді:

1. Оңтүстік ғұн мемлекеті қытайлардың қол астына кіреді.

2. Солтүстік ғұн мемлекеті қазіргі солтүстік-батыс Монғолия жерін мекен еткен. Билеушілері Чжи-чжи шаньюй болады. Чжи-чжи бастаған ғұндар Ыстықкөл маңында қытай әскерлерінен жеңіліп, қолға түседі (1518 адам). Ғұндар б.з. 93 жылынан бастап екінші рет Мажарстан жеріне (Венгрия) қоныс тебеді.



Ғұндардың шаруашылығы

Мал шаруашылығы жақсы дамыды.

Егін шаруашылығы да маңызды рөл атқарды.

Сонымен қатар ғұндар аң аулаумен айналысқан. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан ғұндардың негізгі баспанасы киіз үй болды.



Ғұндардың қоғамдық құрылысы

Мемлекет билеушісінің титулы - шаньюй. Шаньюйге түменбасы, жүзбасы, онбасылар бағынышты болды. Ғұндар 24 рудан құралды. Әр руды ақсақалдар басқарды. Ақсақалдар мемлекет ісін талқылау үшін бір жылда 3 рет құрылтай өткізіп отырды.


Сарматтар

Сарматтар туралы деректер өте аз. Бұл тайпаның аты б.з.б. III ғасырдан бастап тарихқа кірген. Сарматтар ғұндармен бірге Қазақстанның батыс өңірін мекендеген. Сондықтан сарматтар тілі иран тілінен түрік тіліне ауысқан. Сарматтардың құрамында роксоландар, алавдар, аорстар, сирактар т.б. тайпалар болған.



Сарматтардың мәдениеті

Сарматтар мәдениеті 3 кезенді қамтыды:

1. ерте сарматтар мәдениеті (прохор);

2. орта сарматтар мәдениеті (суслов);

3. кейінгі сарматтар мәдениеті.

Сарматтар қыш ыдыстар, сақина, білезік сияқты әшекей заттар жасаған.



Сарматтардың шаруашылығы

Көшпелі мал шаруашылығымен, отырықшы өмір сүріп егіншілікпен де айналысты.



Археологиялық ескерткіштер

Б.з. II—IV ғасырлардағы сарматтардың аса ірі археологиялық ескерткіші - жерлеу орындары (Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында табылған). Олар кейінгі сарматтар мәдениетіне жатады. Қабірге қасында түрлі әшекей заттары бар әйел жерленген.



Зергерлік өнер

III—V ғасырларда зергерлік өнерге түсті металдардың ішінен алтынды көп қолданған. Осы кезде Қазақстан жерін мекендеген тайпалардың арасында зергерлік өнерде «полихромдық стиль» кең тарады. Қазақстанда V ғасырда бұл стильдің екі түрі дамыды: безендіру, зерлеу әдістері. Сондықтан да «полихромдық стиль» б.з. 1 мыңжылдықтың басында туды деген болжам бар.




VV ғасырлардағы тарихи зерттеулер
V ғасырдан бастап Қазақстан аумағын мекендеген тайпалар арасында қоғамдық қатынастың жаңа түрі орнаған еді. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына қоғамдық қатынастың жаңа түрі - феодалдық қатынастардың орнауынан бастап, XV ғасырдағы Қазақ мемлекеті мен қазақ халқының қалыптасуына дейінгі кезең кірген. Бұл кезеңдегі Қазақстан аумағын мекендеген халықтар жайында біршама мәліметтер мен деректер бар. Махмұд Қашғари, Рашид-аддиннің тарихи жазбаларынан көптеген құнды деректерді алуға болады. Византия, Қытай тарихшылары да мол мәлімет береді.

Монғолия жеріндегі ежелгі түрік ескерткіштері (Күлтегін, Білге қаған), Тянь-Шань маңынан табылған жазба ескерткіштері VI—VIII ғасырлардағы түрік тайпалары туралы құнды деректер болып табылады.

Қазақстанда алғашқы қауымдық құрылыстан кейін V ғасырдан феодалдық қатынастар орнай бастайды (немісше феод - «жер», аль - «иесі», яғни жердің иесі деген ұғымды береді). Қазақстандағы ортағасырлық тайпалардың арасында негізгі екі тап: феодалдар табы мен шаруалар табы қалыптасады. Феодалдар мал мен жердің негізгі иесі болды. Феодалдық қатынастардың орнауы Қазақстанның оңтүстігінде басқа өңірлерге қарағанда жедел жүрді. Феодалдық қатынастар соғыс, шапқыншылық, жорықтар негізінде қалыптасты. Феодалдық қатынастар көшпенділер арасында осылай кең тарала бастады. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихының басты ерекшеліктерінің бірі осы феодалдық-патриархаттық қатынастардың орнауы болды.





Қазақстан аумағындағы ортағасырлар басындағы мемлекеттер
Түрік және Батыс түрік қағанаты
V ғасырда Қазақстан мен Орта Азияны түркі тіддес көшпелі тайпалар мекендеген. Түріктер VI ғасырда күшейеді. Осылай 552 жылы Түрік қағанаты құрылады. Алғашқы билеушісі - Түмен (Бумын) қаған. 582 жылы (кейбір деректерде 603 жылы) Түрік қағанаты екіге бөлінеді:

1. Шығыс түрік қағанаты,

2. Батыс түрік қағанаты.
1. Батыс түрік қағанаты

Аумағы Алтайдан Тянь-Шаньға дейін, Шығыс Түркістаннан Каспийге дейін созылады. Астанасы - Суяб қаласы.

Қағанат құрамындағы тайпалар: қаңлы, үйсін, дулат, түркеш, қыпшақ, қарлұқ т.б.

Шаруашылығы

Көшпелі мал шаруашылығымен, суармалы егіншілікпен айналысты. Ұлы Жібекжолының Батыс Түрік қағанаты жерінен өткендігі сауда мен қолөнердің дамуына әсер етті.



Басқару жүйесі

Мемлекетті қаған басқарды. Қағанның әулеті жоғары тұрды. Олар янгу, шад, тегін сияқты жоғары лауазымдарға ие болды. Билік мүрагерлікпен беріліп отырды. Қағанат он тайпаға бөлінеді. Ол «он оқ» деп аталады.



Мәдениеті

Халық түркі тілінде сөйлейді. Бізге белгілі Орхон-Енисей жазуы Батыс түрік қағанатының мәдениетінен дерек береді. Монғолия жерінен табылған Білге қағанның, Күлтегіннің, Тоныкөктің Орхон жазуы бар құлпытастары қағанат мәдениетінің жоғары дәрежеде дамығанын керсетеді. Бұл ескерткішті 716 жылы жазған. Ескерткішті алғаш рет Данияның ғалымы Томсон оқыған. VII ғасырда Батыс түрік қағанатында жазба әдебиеті дамыған.



Қағанаттың ыдырауы

Батыс түрік қағанаты 704 жылы құлады.

Басты себептері: феодалдардың ішкі талас-тартысы және Батыс түрік қағанатының Таң патшалығымен соғысы. Қағанат территориясы жаңадан құрылған Түркеш қағанатының құрамына кірді.

Тарихи деректер

Батыс түрік қағанаты жайында көптеген мәліметтер бар. Солардың ішінде Жуңго кезеңініқ деректері ең қомақты деректер болып табылады. 630 жылы будда ғалымы Шуан Заң қағанат астанасы Суяб және тағы басқа қалалар жайында естеліктер қалдырған. Монғолия жеріндегі Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегін құлпытастары Батыс түрік қағанаты туралы заттай деректер болып табылады.


Түркеш қағанаты

Батыс түрік қағанатындағы тайпалардың бірі болған. Түркеш тайпалары мемлекет құрылғанға дейін Балқаш көлі, Шу өзені, Іле Алатауы маңын қоныстанған.



Қағанаттың құрылуы

Түркеш қағанаты 699 жылы құрылады. Алғашқы билеушісі - Үш-Елік қаған. Қағанат астанасы екі қалада орналасады: Ұлы астанасы - Суяб, Кіші астанасы - Қойлық.



Қағанаттың саяси жағдайы

Түркеш қағанаты бұрынғы Батыс түрік кағанатының аумағын иемденді. 708 жылы Түркеш қағаны Саға, одан кейін Сұлу болады. Түркеш қағанатына арабтар ең үлкен қауіп төндірген.

737 жылы түркештер арабтардан жеңілді.

738 жылы түркештер билеушісі Сұлу ақсүйектердің қолынан қаза табады. VIII ғасырда қағанат 2-ге бөлінеді:

1. Сарытүркеш, орталығы - Суяб қаласы.

2. Қаратүркеш, орталығы - Талас қаласы.

766 жылы Түркеш кағанаты құлады. Қағанат құлауының басты себебі - қарлұқтардың шабуылы. Түркеш территориясы қарлұқтардың қарамағына өтеді.

Шаруашылығы және мәдениеті

Түркештерде егіншілік пен мал шаруашылығы жақсы дамыды. Түркештердің егін шаруашылығы турасында Ду Хуан өзінің "Саяхатнама" кітабында біраз мәліметтер келтіреді. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде түркештер сауда айналымында металл ақшалардың болғаны дәлелденіп отыр. Түркештер орхон және соғды жазуларын қолданған.



Қарлұқ қағанаты

Қарлұқтар Алтай, Тарбағатай тауларын, Қазақстанның шығыс өңірлерін мекен еткен. VII ғасырда осы өңірде болат, жүз, ташлық деген тайпалардан құралған қарлұқ тайпалық бірлестігі өмір сүрген. Бұл тайпалық бірлестік біраз уақыт Шығыс түрік қағанаты мен 744-745 жылдары құрылған Ұйғыр қағанатына тәуелді болады.



Қағанаттың құрылуы

766 жылы Ұйғыр қағанатынан жеңілген қарлұқтар Жетісу жеріне қоныс аударады. Бұл жердегі Түркеш қағанатын талқандап, орнына Қарлұқ қағанатын құрады.

Қарлұқ қағанатының астанасы - Суяб қаласы. Қарлұқ кесемі ябғу (жабғу) аталады. 840 жылы ябғу қаған атағымен ауысады.

Қағанаттың саяси жағдайы

Жоңғар Алатауынан Сырдария өзеніне дейінгі, солтүстіктегі Балқаштан Ыстықкөл жағасына дейінгі ұлан-байтақ жерлер Қарлұқ қағанатының жері болады. Қағанат әсіресе VIII ғасырдың аяғы мен IX ғасырдың басында күшейеді. Қарлұқ қағанатының құрамында Құлан, Мерке, Тараз, Баласағұн, Қойлық, Барысхан, Атлах сияқты 24 қала болған.



Қағанат мәдениеті

775-785 жылдары Қарлұқ қағанатындағы тайпалар ислам дінін қабылдайды. Осыған байланысты араб әрпі қолданысқа кіріп, жаңа түрік жазуы қалыптасты. Мешіт, медреселер де салынады. Қағанаттың дәуірінде шығыстың әйгілі ғұламасы Әбу-Насыр әл-Фараби өмір сүреді.



Қағанат шаруашылығы

Қарлұқ тайпалары көшпелі мал шаруашылығымен, отырықшы егіншілікпен айналысты. Атақты Ұлы Жібек жолы Қарлұқ қағанатының жерін басып өткендіктен, сауданың маңызы да зор болды.



Қағанаттың құлауы

Қарлұқ қағанатының аумағына яғма тайпалары басып кіреді. Баласағұн қаласы яғма тайпаларының қарамағына өтеді. Қарлұқ қағанаты Құрайды. Бірте-бірте барлық қарлұқтардың жерін яғмалар басып алады.

Қарлұқ кдғанаты 766-940 жылдары өмір сүреді.





Арабтардың жаулап алу жорықтары
VII ғасырдың басында Арабия түбегінде Араб мемлекеті құрылады. Бұл мемлекет ислам дінін басты қағида етіп ұстайды. Араб феодалдары «дін үшін соғыс» жиһад ұранымен басқа халықтарға, елдерге қарсы басқыншылық жорықты бастайды.

Арабтар жорығының басталуы

633 жылы арабтардың «дін үшін соғыс» ұранымен жаулап алу жорықтары басталады. Олар Сирия, Иран, Египет жерлерін басып алады.



Арабтардың Орта Азияға, Қазақстанға шабуылы

Арабтар ең алдымен Мәуереннахрға, 706 жылы Бұхараға шабуыл жасайды.

Арабтарды Орта Азияға Қорасан билеушісі Кутейба ибн Муслим бастап келеді.

709 жылы арабтар екінші рет Мәуереннахрға шабуыл жасап, Бұхара қаласын басып алады.

714 жылы арабтар Шашты басып алады.

723 жылы қарлүқтар мен түріктер арабтарды Самарқанға дейін қуады.

724 жылы арабтар Ферғананың орталығы Қасанның маңында түркештер мен ферғаналықтардан жеңіледі.

737-748 жылдары арабтар Қазақстан жерлеріне бірнеше рет шабуыл жасайды.

751 жылы Тараз қаласының маңында арабтар осы өңірді басып алған қытайларды жеңеді.

Арабтарға қарсы күрестер

766 жылы қарлұқтардың, содан кейін Ферғана халықтарының арабтарға қарсы күресі басталды.

806 жылы Орта Азияда аса ірі арабтарға қарсы Мұқанна қозғалысы болды. IX ғасырда Араб халифатының саяси жағдайы күрт нашарлады. Осының салдарынан Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанда арабтардың билігі әлсіреді.

Араб басқыншылығының салдары мен маңызы

Оңтүстік Қазақстан, Жетісу өңірлеріндегі халықтар малынан, жерінен айырылды.

Арабтардың басқыншылығы Қазақстанның саяси-экономикалық, мәдени өміріне үлкен өзгеріс әкелді. Ең алдымен Қазақстан аумағында ислам діні, араб мәдениеті, жазуы тарады. Тараз, Отырар, Бұхара т.б. қалаларда араб мәдениетінің, ислам дінінің ірі орталықтары пайда болды.






Ертедегі орта ғасырлар мемлекеттерінің шаруашылығы

Мал шаруашылығы
Мал шаруашылығының 2 түрі:

1. көшпелі мал шаруашылығы,

2. жартылай көшпелі мал шаруашылығы.

Өсірген негізгі малдары: қой, ешкі, жылқы. Солтүстік Қазақстанда негізгі мал ірі қара (сиыр) болды.



Егін шаруашылығы

VII-VШ ғасырларда Арыс өзенінің жағасында суландыру жүйесі қалыптасты. Ақтөбе су жүйесі мен Весидж суландыру жүйесі осы кезеңге жатады. Егінді суаруға өзен суымен қатар қар суы пайдаланылған. ІХ-ХІІ ғасырлардағы аса ірі суармалы егіншіліктін, орталығы Оңтүстік Қазақстандағы Отырар өңірі болды. Жетісуда Талас өзенінің маңында ұзындығы 100 шақырымға дейін жететін Қалмақ арық деген егіншілікке арналған су арнасы болған.

Жалпы егіншілік Оңтүстік Қазақстанда (Сырдария, Арыс), Жетісуда (Іле, Талас) жақсы дамыған.

Өсірген дәнді дақылдар: тары, бидай, арпа, сұлы және бау-бақша өнімдері.

Егіншілік құралдары: кетпен, орақ, айыр, күрек т.б.

Қолөнер

Орта ғасырларда Қазақстанды мекендеген халықтардың қолөнері жөнінде археологиялық құнды деректер мол. Олар ауыл шаруашылық шикізатын өңдеу арқылы қоленер түрлерін дамытқан. Мысалы, тоқымашылық, кілем тоқу, ою-өрнек жасау т.б.

Орта ғасырларда ыдыстардан құмыра көп жасалған. Х-ХІІ ғасырларда қыш ыдыстар пешке күйдіріліп жасалған. Тараз, Отырар қалаларында шыны бұйымдар өндірілген.

Орта ғасырлардағы шеберлер мыс, алтын, күміс, қорғасын, темір сияқты металдарды өңцей білген. Қолөнер шеберлері түрлі әшекей бұйымдар мен диірмен, келсап сияқты тұрмыс заттарын да жасаған.

Зергерлік өнер ХІ-ХІІ ғасырларда жақсы дамыды.

Сауда және ақша айналымы

Орта ғасырларда Қазақстанның сауда ісінде Ұлы Жібек жолының орны ерекше болды. Бұл жолдың бойында Тараз, Испиджаб, Шаш, Мерке, Құлан, Суяб сияқты қалалар орналасты. Қазақстанның орта ғасырлардағы аса ірі сауда орталықтары - Тараз, Отырар, Сығанақ сияқты қалалар.

Қазақстан халықтары негізгі сауданы Орта Азия, Иран, Сібір, Кавказ, Шығыс Түркістан елдерімен жасады.

Сауда айналымындағы негізгі заттар: кілем, мата, жылқы, әшекей, қару-жарақ т.б. Қытай елінен Жібек жолы арқылы жібек келіп тұрды.

Сауданың дамуы ақша айналымын тудырды. VI—VIII ғасырларда әр тайпаның өз теңгелері болған.

Сауда айналымында VII ғасырда ежелгі түрік теңгелері мен соғды теңгелері, VIII ғасырда Бұхара теңгелері мен Ташкент (Шаш) теңгелері, Тараз қаласында түркеш теңгелері, ІХ-Х ғасырларда Самани әулетінің мыс теңгелері, күміс дирхемдері жүрді.

ХІ-ХІІ ғасырларда Тараз, Испиджаб, Шаш, Қашғар, Бұхара қалаларында теңге сарайлары болды.

ХІІ-ХІП ғасырларда Отырар қаласында мыс дирхемдер шығарылды.

Жазба деректерде Тараз бен Суяб қалалары ірі сауда орталықтары болғаны айтылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет