Тақырыбы: «Репрессияға ұшыраған ақын-жазушылар»



Дата07.12.2016
өлшемі180,83 Kb.
#3418
Тақырыбы: «Репрессияға ұшыраған ақын-жазушылар»

Мақсаты:


XXғасырда қырылып, жаппай қуғындалып, атылған, 1937-1938 жылдардағы сталиндік репрессиясынның құрбандары халықтың қамын ойлаған зиялы азаматтарды еске алу. Оның ащы ақиқат екендігіне көз жеткізу.

Ұлағатты адамдардың өмірімен шығармашылық жолын оқушыларға таныстыру арқылы, оқушылардың Отанға, елге,туған жерге деген мақтаныш сезімдерін туғызу. 


Көрнекі - құралдар: Интерактивті тақта, қуғын – сүргін жылдарындағы ұлы тұлғалардың фото суреттері, майшам
Жоспар:

  1. Саяси қуғын-сүргін құрбандары, қазақ зиялыларының фото шеруі.

  2. «Репрессия құрбандары» презентация 1 минут. (Еске алу, үнсіздік жарияланады)

  3. «Қазақстанның  “лагерлік  өлкеге ” айналуы» тарихи шолу

  4. «Үш бәйтерек» І. Жансүгіров, С.Сейфуллин, Б. Майлинге арналған тарихи сағат.

Барысы:

І. Саяси қуғын-сүргін құрбандары, қазақ зиялыларының фото шеруі. Көрме ұйымдастырылады. Рамазан Стамғазиевтің орындауындағы «Дариға-дүние» әні жүріп тұрады. Оқушылардың бір тобы саяси қуғын-сүргін құрбандарының фото суреттері алып арнайы ұйымдастырылған көрмеге әкеліп қояды. Екінші тобы гильза шамдарын жағып фотолардың алдына әкеліп қояды. Үшінші тобы гүл шоқтарын қояды.


ІІ. Еске алу, үнсіздік жарияланады. Оқушылар орындарынан тұрады. «Репрессия құрбандары» 1 минут презинтация көрсетіледі
ІІІ. Қазақстанда саяси қуғын –сүргін құрбандарын еске алу күні 1997 жылдан бері 31 мамырда атап өтіледі. 1993 жылы республикада саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң қабылдады. 

Мақсаты: 

- отаршылдық салдарын жою

- саяси зұлматтан зардап шеккен жандардың құқығын қалпына келтіру

- тоталитарлық режімнің акциялары мен актілерге саяси құқықтық баға беру 

- Статистикалық мәлімет 

- Ресми деректер бойынша КСРО –да 3,77 млн адам  сталиндік  репрессия құрбаны болған. Олардың 500 мыңы  атылса , қалғандары- 25 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылған. Бүгінгі таңда 1921-1954 ж аралығында 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңнан астамы атылған. Елімізде бүгінгі таңда 345 мың заңсыз  қуғындалған адам ақталды. Олардың ішінде қазақстанға жер аударылғандар бар. 

Саяси қуғын-сүргін сипаттары:

- 1921 – 23 жылдарда  малды тартып алу 

- малдан айырылудың кесірінен болған аштық

- шаруалар  көтерілісі мен “бандыларды жою” деп аталған қырғын науқан

- бай –кулактарды  жою, олардың мүліктерін тәркілеу және жер аудару 

- 1923-33 жж  арлығындағы дін өкілдерін жазалау 

- халық жауларымен , шетел тыңшыларымен жүргізілген күрес

1937-1938жж репрессияға ұшырағандарға тағылған айып түрлері

Айып түрлері :

- халық жауы

- Отанына опасыздық жасағандар

- шпиондар

- сатқын


- буржуазияшыл -ұлтшыл 

Жаза түрлері  

1. Жаппай өлім жазасына кесу

2. Түрмеге қамау

3. Тұтас жер аудару

4.  Қылмыстық істерді  қолдану

5. Адамдардың қадір- қасиеттері мен жанын жаралау

Сонымен, Қарағанды еңбекпен түзеу лагері 1931 жылы 19 желтоқсанда құрылды, лагерьдің орталығы Қарағанды қаласынан 45 шақырым жердегі Долинка ауылы болды, оған 120 000 гектар егістікке жарамды жер, 41 мың гектар шабындық жер бөлініп берілді. Карлаг аумағы солтүстіктен оңтүстікке дейінгі 300 шақырым, шығыстан батысқа дейінгі 200 шақырым жерді алып жатты. Оған қоса осы аумақтан сыртқары лагерьден 350 шақырым жерде Ақмола және 650 шақырым жерде Балқаш бөлімшелері құрылды. Карлагты құрудағы басты мақсаттардың бірі – сол кезде қарқыныды дами бастаған Орталық Қазақстандағы Қарағанды көмір бассейініне, Жезқазған және Балқаш мыс қорыту комбинаттарына аса ірі азық-түлік базасын жасау болды. Оған осы өнеркәсіп салаларын құрып, дамытуға жұмыс күші де қажет болатын. Қарлаг 32 мың тұтқынға арналған, ал шын мәнінде, мұнда 75 мыңға жуық адам отырды .

СТЕПЛАГ - «халықжауларына» арналған ерекше лагерь. 1940 жылы Кеңгір өзенінің жағасында бұрынғы пионер лагерінің орнынан КСРО ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) ірі лагерь «Жезқазғанлагері және КСРО НКВД ГУЛАГ-ның комбинаты» құрылды. 1943 жылы Үлкен Жезқазғанның іске қосылған және салынып жатқан бөлімдерінің бәрі НКВД-ның қарауына беріліп, ол «НКВД Жезқазған еңбекпен түзеу лагерь-комбинаты» деп аталды. 1947 жылы №4 Ерекше лагерь немесе СТЕПЛАГ деп аталды. СТЕПЛАГ-тың басты міндеті — Жезқазған мыс комбинатын тез арада салып бітіру. Лагер 1940 жылдың 1 сәуірінен бастап жұмыс істеді.1942 жылдың 1 қаңтарында лагерьде 120–140 тұтқын ұсталды. Бұлардың ішінде 1830-ы төңкеріске қарсы қылмыстылар, 548-і бандитизм және кісі өлтіргені, 108-і шекараны рұқсатсыз өткені, армиядан қашқан және әскери қылмыстары, 9050-і өзге де қылмыстары үшін сотталғандар. Сотталғандар негізінен кінәсіз жұмысшылар, колхозшылар, инженерлер, дәрігерлер және НКВД тізімі мен құрылысқа, шахталарға еңбек күші керек болғандықтан қамалған адамдар болды. Соғыстан кейін лагерьге 12 мың Кеңес тұтқындарына 8 мыңға жуық соғыста қолға түскен немістер мен жапондықтар келіп қосылды. Лагерь үш негізгі бөлімшеден тұрды: Кеңгір, Жезқазған және Қарсақбай бөлімшесі.

Жұмысының ауырлығы, лагерь ішіндегі қатаң тәртіп жағынан Степлаг басқа лагерьлерден де асып кетті. Бірақ адам төзгісіз ауыр каторгалық еңбек, аштық, жалаңаштық, ауру, мыңдаған адамдардың өлімі тұтқындардың еңсесін басып, рухын жасыта алмады. КСРО-ның барлық лагерьлеріндегідей, мұнда да зорлық-зомбылыққа, қатал тәртіпке қарсы наразылық үздіксіз бой көрсетіп отырды. Лагерьлер жүйесінде ең көлемді, әрі ұзаққа созылған тұтқындар көтерілісі осы СТЕПЛАГ-та болды.

Алжир . Лагерьде 22 бөлімше болған онда. 22 мыннаң астан жазықсыз жазаланған «Отаның сатқандардың әйелдері  азап  шекті. Сотталған аналар орналасқан лагерьді көпшілік «Алжир -cонау 1937-ші жылы ІІХК-ның арнайы бұйрығымен салынған Ақмола халық жаулары әйелдерінің лагері, кейін баршаның аузында АЛЖИР аталып кеткен азап орталығында 20 мыңға дейін нәзік жандар қамауда болған. Қарағанды лагерінің 17-ші бөлімшесінің артынан 26-шы нүкте болып құрылған осынау тозақ орталығында небір ел жайсаңдарының зайыптары, қыздары мен қарындастары жазықсыздан-жазықсыз жапа шекті.

Ең сұмдығы – мұнда бойына нәресте біткен аналарға да мейірімділік жасалмады. Нәтижесінде темір тордың ар жағында 1 мың 507 нәресте дүниеге келіп, олардың басым көпшілігі аштық пен суықтың құрбаны болды Солардың бірі «Отанына опасыздық жасағандардың жарларының Акмола лагерінде» (АЛЖИР) С. Сейфуллин, Б. Майлин, Ж. Шанин, С. Асфендияров, М. Тәтімов, Т. Жүргенов, Н. Нұрмақов, С. Сармолдаев, С. Есқараев және басқа белгілі қайраткерлердің жарлары қамауда ұсталды. 1938 жылы 6 қаңтарда, мәселен, мұнда 1-3 жас аралығында балалары бар 50 әйелден тұратын алғашқы этап келіп түседі. Олар ерлері саяси айыпкер ретінде сотталған, өздері жас сәбилерімен тұтқынға алынған аналар болатын.

- Бүгінгі біздің тарихи сабағымыздың осы репрессияның құрбандар «Үш бәйтерек» І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Б. Майлинге арналады.

ІV. «Үш бәйтерек»



1 – жүргізуші. 

         Қазақ халқы «Үш бәйтерек» деп атап кеткен Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет  Майлин қазақ әдебиетіне айтулы ақын, қарымды қаламгер, дарынды драматург ретінде үлкен үлес қосты. Олардың қаламынан Қазақстанның дарқан даласы, өндіріс орындары мен еңбек адамдарының іс - әрекеттері, өмірге деген құштарлықтары, болашаққа үміт – сенімдері кеңінен көрінеді.

         «Үш бәйтерек» ұлттық сөз өнерін азаматтық бейне, беделімен де, қайраткер, қаламгерлігімен де биік белеске көтерді. Ұлт руханиятын даңқты туындыларымен, тақырып байлығымен, жанрлық қырларымен, көркемдік әлемімен байытты.

         Әдебиеттің «Үш бәйтерегі» өмірдегі өрнекті өнегелерімен халық жүрегінде жол тапты.

- Сәкен Сейфуллин 1894 жылы бұрынғы Ақмола облысы Ақмола уезі, Нілді болысының Бірінші ауылында (қазіргі Қарағанды облысы, Ақадыр ауданы) туған . Әкесі Сейфолла домбырашы, шешен әрі саятшы болған. Анасы Жамал ертелі – кеш Сәкенге аңыз-әңгіме, ертегілер айтып берген.

         Табиғаттан дарынды жаратылған мөлдір қара көз, толқынды шашты, қырмұрын, қайратты ұлдарын Сейфолла мен Жамал азан айтып қойған Садуақас деген есімнің орнына, еркелетіп Сәкен атап кеткен. Әке – шешесінің ықпалымен жас Сәкен нәрсені біліп, болашаққа үмітін арттыра түсті.

         Ауыл молдасынан тілін сындырып, арабша хат танып, қисса – хиқаяны өзі оқи алатын деңгейге жеткен Сәкенді «орысша тіл үйрен, орысша оқу үйрен», - деп, тоғыз жасында Нілді заводына жіберді.

 

2 – жүргізуші:

         Сәкеннің жан – жақты білім алуы, азаматтық - әлеуметтік көзқарастырының қалыптасуы, шығарамашылық қадамының басталуы оның 1908 – 1913 жылдары Ақмоладағы Приходская школада, қалалық училищеде, 1913 – 1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыған жылдарымен тығыз байланысты.

 ІІІ. «Ананың хаты» көрінісі. Сакен Сейфуллиннің «Ананың хаты». Ана ролінде кітапханашы Айнур Зәкәрияқызы Салихова, ол «Ананың хаты» оқиды. Сәкеннің ролінде Бердімұрат, «Анаға жауап» оқиды. Сәкеннің қолында домбырасы болады. Оқып болғаннан кейін Сакен «Апатайы, анашым»-деп анасын құшақтайды. «Құлыным-ау» деп анасы маңдайынан сүйеді. «Анашым, отыршы ән салып берейін» дейді. Өзі басын анасының тізесін салып, домьырасын қолына алады. Осы кезде Рамазан Стамғазиевтің орындауындағы С.Сейфуллиннің әні «Көкшетау» орындалады.



«Ананың хаты» 

«Балам, сағындым,

Ұмыттың ғой, бізді, тіпті,

Бір келмедің не қылдым?

Оқу іздеп кеткеніңнен

Ауылға бір қайтпадың.

Біз не көрдік жеткеніңнен,

Елге уәж айтпадың.

Жас күнінде көп ойлаушы ем,

Сені әлдилеп, тербетіп.

Арманым жоқ, деп ойлаушы ем,

Қалқам өссе ер жетіп.

Болмай шықты ойлағаным,

Сен жігіт боп жеткен соң,

Қалжырадым, ойла, жаным,

Сен алысқа кеткен соң.

Пәлен жерде сені сырттан

Ұлық болды деседі.

Ағайының естіп жұрттан,

Гулеп желдей еседі.

Арманым зор неғылайын,

Елге келіп тұрмадың.

Маған салып сары уайым,

Артқа мойын бұрмадың.

Ойла енді, кім мені күтті,

Қартайдым, кем саулығым.

Үй іші де тозып бітті,

Тозды баста жаулығым.

Қалжырадым, сағындым мен,

Бір кеп көрін көзіме.

Ұмытқандай не қылдым мен,

Жауап қайтар сөзіме!»



«Анаға жауап»

Амансың ба, байғұс апа?

Денің сау ма, әп – еке?

Қайтардың ба, болып қапа?

Әжемдей боп тәп екең?

Қалжырадым, сағындым деп,

Елге қайт деп жылайсың!

Ұмытқандай неғылдым деп,

Тез хат сал деп сұрайсын.

Тапқан жолым қазіргі осы,

Жат – ау саған тілдерім.

Біздің үкім әзірге осы,

Жалпы теңтік ілгері.

Қайт деп, апа, жылай берме,

Жүремін ғой, жазып хат.

Жазғытұрым барам елге,

Партком берсе рұқсат!

1 - жүргізуші

Сарыарқаның сайын даласы, Есіл, Нұра өзендері мен Оба, Ор тауларының әсем көріністері Сәкен шығармашылығының дамуына әсер етті. Өсе келе қоғам қайраткері, ақын – қаламгер ретінде жұртшылық жүрегіне жол тапты. Қазақ әдебиетінің барлық жанрында қалам тартты. Халық өмірін, еңбегін, адамның өміріндегі орнын кеңінен суреттей білді.

 

2 – оқушы «Жұмыскерлерге»

( Нілді, Спасск, Қарағанды заводтарының жұмыскерлеріне арналады)

 

Түсің суық, тәнің шойын, жалаңаш.



Өлшеген нан, қара суды қылып ас.

Тұрмыс лажын жер астынан іздеген,

Күндіз – түні алысқаның көмір тас.

Ауыр балға, ауыр қайла, күрегің.

Күшті қолда: болат жұмыр білегің.

Балшық басқан, күйе басқан жалаңаш,

Бауырларым, теңелуің – тілегім.

Жүректің де әлі – ақ бітер жарасы,

Орнар бақыт бітіп дүние аласы.

Қажымандар, михнатта – рахат бар,

Бауырларым, қалың нашар баласы.

 

1 – жүргізуші

С. Сефуллиннің «Өткен күндер» атты алғашқы өлеңдер жинағы халық өмірі мен тұрмысын кең көлемде жырлады. 1916 жыл оқиғасы, революция шындықтары, өмір - тұрмыс сырлары «Тар жол, тайғақ кешу» романында суреттелген.

         Оның «Асау тұлпар», «Домбыра», «Экспресс» атты өлеңдер жинағы және т.б. шығармалары халық жүрегінен үлкен орын алды.

         Сазгер ретінде  Сәкен  Сейфуллин қазақтың жаңа музыкасының дамуына өзінің тамаша әндерімен үлес қосты.

3 – оқушы

Сендерге, қарындастар,

Сендерге, інілер,

Сендерге арналды бұл әндер!

Дүниенің құлдық шынжырын қиратып,

Әділідік, тендік іздеген.

Тұрмыстың таршылық зынданын бұзып,

Еркіндік, кеңдік іздеген,

Көкіректері жанып бақыт іздеген, жастар,

Сендерге арналды бұл әндер.

 

2 – жүргізуші

1936 жылы қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі С.Сейфуллиннің әдеби қызметінің 20 жылдығы тойланып, әлеуметтік ерекше қызметі ескеріліп, оған Еңбек Қызыл Ту ордені берілді. Сталиннің жеке басына табыну кеселінен жазықсыз жалаға – репрессияға ұшыраған Сәкен Сейфуллин 1938 жылы 25 ақпанда мерт болды. Әкесі Сейфолла да репрессияға ұшырады.

 

 

1 – жүргізуші



Екінші бәйтерегіміз – Ілияс Жансүгіров Алматы облысы, Ақсу ауданында туған. Ілияс анасынан ерте айырылып, әкесі Жансүгірдің үлгі - өнегесін көп көрген. Ескіше хат таныған. Аңыз - әңгіме, шежіре сырларын естіп өскен.

         Жетісудың бай табиғаты, ақындық, батырлық дәстүрлері Ілиястың өмірге, ізгелікке, сұлулыққа құштар болып өсуіне көп ықпал етті.

 

4 оқушы

Жер таппан жерде жетер Жетісуым:

Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым

Асқардың аспан сүйген сілекейін,

Жан барма таппайтұғын, айтпайтұғын.

Тарбиған Тарбағатай жердің құты,

Барлық – ол «қыдыр түннен көшкен жұрты».

Оранған ақ кебенек аруақты Алтай

Төгіліп бізге таман жатыр мұрты.

 

5 оқушы

Қып – қызыл жамағандай тауды мыспен,

Қорғасын қорығындай су – күміспен.

Құймақы, қоңыр қара жақпарлары

Арналып отырғандай алып күшпен.

Таутеке, марал, бұғы тағылары,

Тау – тасын мекендеген қысы – жазы.

 

 

6 оқушы



Ыстықкөл жер айнасы мөлтілейді,

Балқашты қамыс қамап желкілейді.

Атанған алты өзені Жетісудың

Балқашқа бауырым деп еңкілдейді.

Неше елді аттандырған құтты қоныс

Әлі тұр әсемдігі тауысылмай.

Суретін сөз баяндап жеткізе алмас,

Жерінің Жетісуы бәрі осындай!

 

2 – жүргізуші

Ілияс Жансүгіров Алматы, Ташкент қалаларындағы ағарту ісіне қатысты курстарда оқыды. Фольклорлық экспедицияға шығып, баспасөзге араласты. «Сағанақ» атты алғашқы кітабы 1928 жылы жарық көрді. Ілиястың ақындығы «Тілші», «Кедей еркі», «Арман», «Әншіге» деген шағын өлеңдерінен басталып, «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер» атты көлемді поэмаларымен жалғасын тапты. Ақын «Дала» поэмасында – Алтай мен Атырау, Алатау мен Еділ, Сібір мен Самарқанд, Шу мен Сыр секілді кең – байтақ өлкені мекен еткен қазақ халқының өмір – тұрмысын, дәстүр - өнегелерін шабытпен суреттейді. Ал, «Күй» және «Күйші» поэмаларында тарих пен тағдыр ісі, қазақ халқының бастан кешкен оқиғалары тартымды жырланады.

 

7 – оқушы    «Туған жер»

Мен өзім тауда туып, тасында өстім,

Жасымнан мұз төсеніп, қарды кештім;

Асқарда Аршалыға қозы жайып,

Бұлттың аспандағы қасында өстім.

Жөңкенің жоғары ала басында өстім,

Ақ гауһар Ақтастының тасында өстім.

Аспанда ақиығы шаңқылдаған

Құздардың құламалы астында өстім.

Сондықтан бір қазақпын тауды сүйген,

Тасы жоқ, таусыз жерді жерсінбеген.

Алматым Алатаудың бауырында

Аңқылдап жел соққандай ән мен күйден.

 

1 – жүргізуші

1928 жылы журналистика институтын бітіріп, елге оралған Ілияс Жансүгіров «Еңбекші қазақ» газеті редакциясында қызмет істеп, қазақ баспасөзінін қалыптасуына көп үлес қосты. 1934 – 1935 жылдарда Қазақстан көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімін басқарады.

         Жазушының Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезовпен достығы оның қаламгерлік жолында терең із қалдырған.

         Көзі тірісінде қазақ поэзиясының өрен жүйрігі, ақындықтын Құлагері атанған Ілияс Жансүгіров кесепат – кесел репрессияға ұшырап, 1938 жылы опат болды.

 

2 – жүргізуші

         Бимағамбет Жармағамбетұлы Майлин 1894 жылы Қостанай уезі, Дамбар болысы, Әйет өзені бойындағы Ақтөбе деген жерде туған. Жасынан әкесінен айрылып, анасының тәрбиесінде болған.Бай есігінде жүріп, бейнет пен жоқшылықты көп көрген.Ауыл молдасынан хат танып, Троицкідегі «Уәзифа», Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқыған. Татар, башқұрт ақын – жазушыларымен достық байланыста болып, алғашқы өлең, әңгіме, очерктерін жазды.

         Бейімбеттің шығармалары – қазақ өмірін, кедей тұрмысы мен тіршілігін, ауыл адамдарының еңбек әрекеттерін бейнелейді.

 

8 оқушы

Келді теңдік, туды теңдік басыңа,

Қатын, еркек, кәрі менен жасыңа.

Туысқандық, құрдастыққа асыға –

Алалықты арандағы жой, қазақ!

Бұрынғыдай байың, жарлың шашылма!

Бірлікпенен жұмыс атқар басыл да!

Азынаулақ миың болса басыңда,

Партия – штат, дау – шарыңды қой, қазақ!

 

1 – жүргізуші

         Ақынның «Байдың қызы», «Рәзия қыз», «Қашқан келіншек», «Маржан» атты өлеңдері әйел теңдігін, жер бөлісін, адам әлемін суреттейді. Бейімбет Майлиннің әдеби мұрасын бай мазмұнымен, көркем де шеберлік сипаттарымен ерекше орын алады.

         Бейімбет еңбектері жаңа өміріміздің шежіресі еді, биік белесіне енді шыға бергенде үзіліп кетті.        



Б. Майлин «Арман».

 

Арман! Арман!



Дүние жалған-

Мың құлпырдың күніне,

Күйдін,жандын,

Малды алдың,

Жеттің ақыр түбіне.

Өткен арман!

Алуан,алуан-

Өмір сүрген дәуренім.

Бәрі бітіп,

Сәнім кетіп,

Осы күні әуремін.

Бояудан тон-

Көрінген соң,

Қайнағаны сорымның.

Зарлап – зарлан!

Арман, арман!

Бөгелгені жолымның.

2- жүргізуші:

Қазақ әдебиетінің тарихына үш бәйтерек болып енген – Сәкен Сейфуллин,Ілияс Жансүгіров,Бейімбет Майлин бір жылда өмірге келіп, шығармашылықтарын қатар бастап, дүниеден де бір мезгілде өтті.



1 - жүргізуші:

Қазақ зиялылары,ұлттық әдебиеттің үш бәйтерегі аталған ақын-жазушылары кеңес үкіметі тұсында «Алашордашыл - ұлтшылдар» атанды.20 ғасырдың отызыншы жылдар ойранында жазықсыз, жолсыз жазаға кез келді.Қуғын- сүргінге ұшырап, атылды.

 

 2 - жүргізуші:



Қазақ әдебиетіндегі үш бәйтерек- Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин өмірлері қысқа, тағдырлары ауыр болғанымен шығармашылық ғұмырбаяндары ғибратты да мәнді болып табылады.

 

10 оқушы

Заман қалай, адам қалай өзгерді

Өзгергенді шүкір қазір көз көрді.

Арың менен ақиқаттың алдында

Шындықты айтып шыңғыратын кез келді.

Айтса нанар сенгіш халық едік қой.

Халқымыздың қамын жеген ұлдарын



О, ғаламат, халық жауы дедік қой!


Сәкен, Бейімбет, Ілияс! Үшеуінің де жөргегі – ұланғайыр бір даланың топырағы. Біреуі – соның кіндік ортасында, біреуі теріскей, біреуі – күнгей шалғайында бір жыл туыпты. Үшеуі де бір жаздың майсасынан алғаш нәр татып, бір қыстың ызғарынан алғаш қар басыпты.

Үш бәйтерек.... Үшеуінің туысы қандай бірдей болса, тұрысы қандай әр бөлек. Біреуі – дәйім биікке талпынып, алға ұмтылған өр халықтың асыл арманындай асқақ, біреуі – талайды бастан кешіп, тауқыметке төзіп өскен қауымның сарқылмас сабырынан жаратылғандай сом, мығым. Біреуі – көпті көріп, көпті сүйген халықтың парасат – парқын, арман – аңсарын, мұқалмас жігерін кең қамтып, кемел сіңіргендей қуатты да нәрлі. Үшеуі де – халқы мен заманның ауыздарынан түсе қалғандай адал ұл.

С. Сейфуллин атамекен болашағының нұрлы, жарқын болуын тіледі, барлық саналы ғұмырын, күш жігерін осы ізгілікті іске арнады. Сәкен айналасы жиырма жылдың ішінде қазақ дәулеті шалқыған, өнер - білімі гүлденген халықтардың қатарына қосуды армандады.

Қараңғылық, дәрменсіздік, қос үрей қорқақтық құрсауында талмаусыраған қалың бұқараны азаттандыру, еркін де жарық әлемге шығару, озық жұрттар санатына қосу, өнер - біліммен қаруландырып, бақытты өмір жасардай дәрежеге жеткеру Б. Майлиннің ес біле көкірегіне ұялаған аңсаулы арманы, ынтыға іздеген нысанасы еді.

Жаңа заманда бостандыққа қолы жетіп, бақытты өмір сүрген, халқымен жиырма жылдай бірге жасасып және жақсы білген өмірін айқын бейнелеп, туған халқының жалынды жыршысы болған І. Жансүгіров поэзияның кең арналы эпикалық, терең сырлы лирикалық салаларында жарқырап көзге түсті де, шын халықтық, нағыз ұлттық поэзияның өрнекті үлгілерін салды. Кеңес заманында білімі де, тәжірибесі де, таланты да жетілген кешегі ауыл ақыны аз уақыттың ішінде әдебиет шеберлерінің алдыңғы сапына шығып, қазақтың жас совет әдебиетінің қалыптасу кезеңінде де қатарға жетіп кемелденген кезінде де өзіне лайық ардақты орнын алды. Сөйтіп оның есімі туған ел әдебиетінің тарихында «аспанның төсін арда емген» Алатаудай зәулім шоқының бірі болып қалды.
Құлпытас
Жарасқан Әбдіраш
Талай ұрпақ бізден кейін келсе де,
Тағзым етер дұға оқып зейіндеп.
Мына дала болса егер мына бел,
Сол арада жатыр Майлин Бейімбет.

Ежелден - ақ екі көздің бірі қас,
Озық туған, ойы жүйрік, жыры жас.
Ақаңның да Құлагері бар десек,
Сол Құлагер – Жансүгіров Ілияс.

Теңеуін халық төксе де,
Байламын айтқан бекемдеп.
Сұлуы жердің Көкшетау,
Сұлуы ердің Сәкен
«Мен - қазақ, қазақпын деп мақтанамын, 
Ұранға «алаш» деген атты аламын» - деп азаттықты аңсаған, сол жолда аянбай қызмет еткен алаш арыстарының барлығы да қуғын – сүргінге ұшырап, Сталиндік қызыл террордың құрбандары болды. Сол алаш қайраткерлерінің азаттық идеясын жалғастырған, қыршын кеткен арыстардың аманатын арқалаған кейінгі толқын іні – қарындастары 1986 жылдың желтоқсанында тәуелсіздік үшін күресе білді.Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген желтоқсанның арман тілегі орындалып, елімізде «Тәуелсіздік таңы» атты. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын.

Егемен-Қазақстан

Көз жетпес далам, ел жетпес елім

Арнайды әнін жауынгер ұлың

Жау шапса саған, жас жаным құрбан

Отаным менің, О, елім менің

Қайырмасы: 2 рет

Қазақтың елі, қазақтың жері,

Береке қонған ұлы Отан.

Асқар тауларың, өзен көлдерің

Жаныма қымбат Ұлы Отан.

Сұңқары биік самғаған елім,

Қанатын көкке қомдаған елім

Кел достар, кәне, шырқайық бірге

Бостандық әнін, азаттық әнін

Қайырмасы:

Еркіндік сүйген, егемен елім

Бұғауды бұзған, ержүрек елім,

Бостандық үшін, жанымыз құрбан

Сен үшін елім, сен үшін жерім
Каталог: uploads -> doc -> 0606
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
0606 -> Сабақ тақырыбы М.Әуезов «Ақын қонақтар»
0606 -> Сабақ №21 Пән аты: Информатика Сыныптар: 7 «А», 7 «Ә», 7 «Б» Өткізілетін күні: 10. 02. 16 ж
0606 -> Сабақ: Информатика Мектеп : «Ы. Алтынсарин атындағы орта мектебі»
0606 -> Сабақтың тақырыбы : Эстрада өнері


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет