Тараз қаласы, 2008 жыл. Б. Ахмет, «Дел-сал дүние». Тараз, «Сенім» баспа орталығы



Дата04.07.2018
өлшемі3,42 Mb.
#46401


Тараз қаласы, 2008 жыл.
Б. Ахмет, «Дел-сал дүние». Тараз, «Сенім» баспа орталығы.
Бұл жинақта автордың әр жылдары жазған жырлары «Туған ел, сенен нәр алдым», «Бауырым» деп сүйдім адамды», «Мен бір жұмбақ аралмын», «Менің махаббатымнан жаралдың» бөлімдері аясына топтастырылып беріліп отыр. Ақын өз өлеңдеріне негізінен ел мен жер, ана, тәуелсіздік, махаббат тақырыптарын арқау еткен. Ойлары салмақты, сырлары сезім терберліктей шынайы.

ТУҒАН ЕЛ, СЕНЕН НӘР АЛДЫМ!

ЖАСА, ЖАЙНА, АСТАНА!


Қазақтың кезсе-дағы алқабын қай,

Жалғаннан мұнан артық жер табылмай,

Шөгерген желмаясын Ұлытауға

Кешегі Асан Қайғы , қарт Абылдай.

Болғанда Алматы-ару, Арқам-ұлдай,

Қасқайған теріскейде қалқанымдай,

Шалқиды сексен көлі саясында

Жаһанда бар ма меруерт алқа мұндай.

Бойынан ерке Есілдің нұр- бастау ап,

Ойынан Елбасының туды Астана!

Талпынып теріскейде келеді өсіп,

Саусағын көкке жайып бір жас қала!

Тік тұрды ол, теңеліп төрт құбыласы,

Көркіне шын таңырқап қызығасың.

Қайралып намысына қазақ рухы,

Асқақтай түскенін де ұғынасың!

Алатау, Атырау, Алтай арасына

Тарайды терістіктің шұғыласы!

Сөйлейді ол сақ тілінде, ғұн тілінде

Жалғайды қуанышпен күнді күнге.

Ақ туы Абылайдың атойлап тұр,

Еуразия құрлығының кіндігінде.

Астана, гүлге бөлеп құм, шөлімді,

Келеді бастап нұрлы күнге елімді.

Көтерді “Бәйтеректі” бұлтқа дейін,

әкелді ортамызға Күлтегінді.

...Астана –елдің биік төр-тағындай,

Қасқайған теріскейде қалқанымдай!


ӨЛКЕМ МЕНІҢ
Күнгей бетін аспан таулар қалқалап,

Желпіп жұпар иісімен қамқа бақ,

Қасиетті,киелі аймақ,кең өлке,

Жанарына түгел сиып шартарап,

Жұлдыздарға қарап жатыр шалқалап!
Күнгей бетін аспан таулар алқалап,

Бетпақдала, Мойынқұмды арқаға ап,

Қоңыраулатқан ілесіп күн көшіне

Кең төсінде керуен тартты Салтанат!


Тәуелсіздік туын көкке көтеріп,

Алуан ұлттың ұйыған бақ мекені.

Алатаудың, Қаратаудың биігі ол,

Басы-ақ қар,көкорай,гүл-етегі!


Күн шуақты,нулы,айдынды,жоталы,

Ақтарылар қазынасы көп әлі!

Жамбыл,Кенен,Баукеңдердің мекені,

Көгілдір газ-алаудың да Отаны!


Адамдары ізгі әрі кең пейілді,

Мекенісің гүлдеп жатқан мейірдің,

Алтын топшы мұзбалаққа тұғырсың,

Жақсылықтан –Артаевқа дейінгі!


...Нұрлы өлкем,кең төсіңде той тағы!

Сол той менің сезімімді шайқады!

Байлығыңды, айбыныңды айтамын,

Үш Белъгия сиятұғын байтағым!


ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЛҒАУЛАРЫ
Тәуелсіздігін теліп ұранға,

Ұлы Тұранда

Түмен жұрт тас боп түйіліп еді,

Я,Алла!..

Жерінен уыс топырақ ап тағып тұмарлап,

Ант суын ішіп кебенек ішінде өлуге-

Ата жауымен айқаста қанын қиярға!

Әлмисақтан-ақ әлімжеттікке бір көнбей,

Қызыл да қаны судай боп ақты рухы өлмей,

Серт еткен де еді семсерін қынға салмасқа,

Тәуелсіздіктің елесін болсын бір көрмей!

Әлдилеп әнін,үкілеп өткен үмітін,

Қайран ел мына оянған көкте Үркердей.

Құдірет-ай деші,сияр ма тіпті қиялға

Қандағы кие,қанат па біткен қыранға

Әлі де сол рух атойлар ата-ұямда!

Қазағым-ай тек жауына арнап жонды оғын...

Қисайған көші түзеліп істің келді оңы!

Торсық шеке ұл-Тәуелсіздігі туды ақыры,

Толғағы ащы болды оның!

Арманды ата-бабамның әруағы желеп-жебеді,

Құмары еді бір кезде,

Тұмары етті оны елім!

Көк туымды оның кіндігі тұсынан көтеріп,

Омырауына тағып Ел-таңба,

Әнұраныма бөледім.

Тас түлек еді ол,

Тиіс қой еркін самғауға,

Ертеңге менің үмітімді үкілеп жалғауға,

Ертегідей елес,жаралған ата-арманнан

Тәуелсіздігім-тәубамда!

* * *
Тәуелсіздік, он жетіге толған ұл,

Құтты болсын тұғырыңа қонғаның.

Міне, сен де жеттің әлілбұлыққа,

Көзді ашып жұмғандай да уақыт болмады!
Елміз әлем танитұғын біз бүгін,

Өз қолына алған ерік-тізгінін.

Мұраты еді өткен ата-бабамның,

Жаса,жаса,жаса, Тәуелсіздігім!


Қазағымның намыс күшін көп қайрап,

Жетті бұл күн...бұдан артық жоқ қой бақ!

Тартуындай тарих ізі-күрестің,

Желбірейді көгімдегі көк байрақ!


Ырысты ,ізгі күндерге ертең туатын,

Иманындай сеніп сөйлер бұл ақын.

Айбынымдай әнұраным,елтаңбам,

Тәуелсіздік, бойдағы күш-қуатым!


Самғар шыңға Қазақстан құс алып,

Қанат қылған халықтардың құшағын.

“Елім,жерім” деп соғар сан жүректің

Татулық пен тұтастықта күші анық!


Тәуелсіздік туы, көкте желбіре.н көкке көтеріп,

Алуан ұлттың ұйыған бақ мекені.

Алатаудың, Қаратаудың биігі ол,

Басы-ақ қар,көкорай,гүл-етегі!


Қиындығын, қызығын да бөлер тең,

Орнататын онда бақ,құт,береке ел.

Аман болсын Отан-ортақ үйіміз,

Құтты болсын, республикам,мерекең!

* * *

Республикам,көкке ту тіккен,



Ата-бабама аңыз да ең...

Астасты ол Ұлы Шындықпен,

Рауан рәуіш рәмізбен!
Бұл күнде тұран текті жұрт

Көк бөрі болған айбары,

Есілге орда тіктіріп,

Көкке ілді көк байрағын!


Елтаңбамды да біл дер ем,

Арғымақ ат,рухтың өрлігі,

Шаңырағын тосқан күнге де

Елімнің сонда кеңдігі,

Сонда тұр егемендігім!
Әнұранымда- асқақ ән-жырым,

Дәуірдің дабыр-дабысы.

Тар жол, тайғақ тағдырым,

Шарболат тектес намысым


Иншалла ,жақын сияқты

Құт орнар күн де бұл елге...

Оятып руханиятты,

Тарихын-дағы түгендеп!


Алуан ұлт тапқан жарасым,

Танылып алты құрлыққа,

Республикам,аттап барасың

Үшінші мыңжылдыққа!


Республикам, біттің бағыма,

Таусылмас арман, ой менде.

Өрсем деп жырды тағы да,

Көрсем деп барыс бейнеңде!


* * *
Намысы бейне жай тасы,

қанында еді ал... ерік.

Еуразияның бұла тайпасы-

түбім-ғұн, сақтан шықты өріп.

Тасқа ойып жазған рухындай

Тоныкөк, Білге қағанның,

Балаға мұра бабадан

Тәуелсіздігім- тәберік!

Секілді бейне бір жартым.

Қуса деп кегін атаның,

Туса деп елге күн жарқын,

Мыңжылдықтардың мұңы боп

Бойында жүрген бір жарқыл!

Шырақ ең жанған сен түзде,

Бірлікті, бейқұт елді іздеп!

Көкбөріден тараған,

Түркінің бір бұтағы-

Қазақтың... кие, рухы,

Қанымен жеттің сен бізге!

Тәуелсіздігім- жыр-әнім,

Төріме қояр әспеттеп,

Киелі кітап- Құраным!

Күн сайын “тәуба, тәуба” деп,

Мінәжат етіп тұрамын!


* * *
Отан! Байтақ жерім, көлім, орманым!

Келешекке жолданған хат, арманым.

Менің қайсар ар-намысым, қорғаным,

Қабырғалы Алатаудай заңғарым,

Шаршағанда тірейтұғын арқамды!

Мен өзіңде тудым, өстім, есейдім,

Қуанышпен қарсы аламын әр таңды.

Бүгін еркін, салтанаттты шат елсің,

Қиналғанда маңдайымнан сипайтын

Менің Ұлы әкемсің!

Ұландарым арман тұлға, ай тұлға

Тең құқылы мұны айқайлап айтуға!

Шырақшысы тілім, ділім, слтымның

Уа, алтын шаңырағы халқымның!

Халқың үшін отқа да сан шарпылдың,

Бәрібір сол сақтап қалдың қалпыңды.

Туа берсін алдан талай жарқын күн,

Бола білдің сан тағдырлы халыққа ық,

Құшағыңа құлағанда талықсып!

Еміреніп, иіп бүгін тұрсың-ау,

Омырауыңнан ағыл-тегіл тамып сүт!

* * *


Ата Заңым, сенде – кие, жеңіс, бақ.

Сен барда адам пейілі ақ, жер үсті ақ.

Ақиқаттың майданына шығам мен

Құраным мен сені ұстап!


Алдиярым, ар-ұятым, ұжданым,

Нұрлы аяңда Тіршіліктің қызды әні.

Бесігімді тербеп бейқұт әніңмен

Тұрсың бағып ұйқымды ешкім бұзбауын.


Елімдегі бар заңға абыз – Атасың,

Әрбір жанның бойтұмары ең заты – асыл.

Жатталасың жыр-әнім

Қанымда ойнап жатасың!


Бастауысың игіліктің ғұмырлық.

Сендік кие – қасиетті де ұғындық.

Қанат ұштап қияларға самғадық

Сені, сені алтын мәрмәр тұғыр ғып!

Арқа сүйер таянышсың, тірексің.

Барша үшін де баталы ақ тілексің.

Жылуыңа бөлеп ел мен жұртыңды

Соғып тұрған сен бір Ұлы Жүрексің.


* * *
Ата Заңым –

Менің Ұлы кітабым.

Даналықтай мәуелі бір бұтағым,

Сені, сені мәңгі құрмет тұтамын.

Сендей Ұлы шырағы бар қолында

Сенем, сенем тасиды елдің құты әлі.


Күннен-күнге жылы ұшырап барасың,

Мәртебең де асқақтай!

Әділдік пен қиянаттың арасын

Күзетесің қас қақпай.


Күзетесің мына бейқұт тірлікті,

Күзетесің ынтымақты, бірлікті.

Қасиетіңді, қадіріңді жұрт ұқты,

Сені “Ата Заң” атады да пір тұтты!


Сені қолға алсам болды, шыным... ал,

Теңелгендей сезінем төрт құбылам!

Кемел уақыт киесі тұр өзінде –

Елге керек екеніңді ұғынам.

Көк Тәңірден Тұран текті жұртыма

Тіктеп түскен шұғылам!


Көп елдермен теңестірсем иықты,

Сенің арқаң. Ата Заңым сүйіктім.

Сан ұлысты уыздайын ұйыттың,

Саған байтақ Қазақстан сиып тұр!


Алпыс екі тамырымды иіткен,

Ата Заңым, не деген пәк, сүйікті ең!

Тәй-тәй басқан менің сәби елімді,

Тұрсың бүгін көтеріп зәу биікке!


АНАМНЫҢ ТІЛІ
Анамның тілі-ақ жайнақ әлем ол байсын,

Сол тілде сөйлеп ,сол тілде сәлем жолдайсың.

Сол тілде “әу” деп,заманның рухын толғайсың!

Наз айтып,нала азайтып, намысыңды да қорғайсың!

Ананың тілін ұмыттың ба,онда оңбайсың,

Онда сен...тіпті адам да, ел де болмайсың!


Намысым менің жыртылар ма екенсің,

Анамның тілі, ұмытылар ма екенсің!

Домбыра сынды күмбірлеп тұрсың,шешенсің!

Балқаймақ тілім,таңдайда еріп кетерсің.


Ағадан –ақыл, ізетсің-кіші ініден,

Анамның тілі,сарқылмайтұғын ұлы кен!

Інжумен өрген өрмегім-

Қызылды-жасыл дүнием!

Қобыздың үні,Қорқыт бабамның мұңын мен

Түсіндім Абай,Махамбеттердің тілінде!


Жанымның нәрі,нәсібі едің адалдың,

Рухы ма ең,әлде...Күлтегін,Білге қағанның,

Құдыретіңді төрткүл дүниеге

Таныта алмасам-маған мін!

Бабамның тілі,анамның тілі...

Бол енді тілі баламның!


БЕЙБІТ КҮННІҢ ШУАҒЫ
Қанша боздақ қиылды қыршынынан,

Бұл күн үшін.Білеміз-бәрі де есте!


Соғыс,соғыс...сонымен тыншыды ма ән,

Бейбіт күннің шуағын тағы үлесті ел!


Алыс қалды күндер мен түн дүрбелең,

Көрген жоқпыз соғысты...бізге айқыны-

Аузы бітіп әлі де үлгірмеген

Соғыс салған жараның сыздайтыны.


Осынау сөз естілсе,Жер-ананың

Жонарқасы шымырлап кететіні,

Махаббаттың айтылар көп еді әні,

Сонау жылы ажырап қалған жарлар

Бірін-бірі әлі де іздейтіні...

Еске түссе шошынып ойдан қыруар

Ұйықтай алмай шығамыз біз кей түні.
Ол күндердің өзі де,өңі де елес...

Өзгерді өңір бейбіт күн сөз алды да.

Отқа оранды ерлерім...өлім емес,

Біз тұрған соң елестеп көз алдына!


ТАЛАС ТОЛҚЫНДАРЫ
Түксиген мына жартастың төсін шымшылай,

Толқисың, өзен,..

толқисың, Талас, тыншымай!

Сәулесі айдың шағылып ақша жүзіңе

Лып етіп өріп шыға келеді нұр шырай.
Бұлықсып жатыр бойыңда күшің байқалмай,

Көремін сені адуын Амур, Байкалдай.

Ашулы толқын атады көкке маржанын,

Әуезің шығар ол сенің жүрген айта алмай.


Төсіңнен күнде жатады жауһар ыршып ән,

Қазір де саған жыр жолдап жатыр жыршы маң.

Толқын да толқын сәлемін қырғыз елінің

Межелі жерге жеткізіп барып тыншыған.


Өзіңе деген өлкемнің ашық құшағы,

Арнаңды бойлай сағыныш әндер ұшады.

Өзенім менің- қуаныш, үміт жалғасы,

Қырғыз- қазақ достығының нышаны...


АУЫЛҒА ХАТТАРДАН


Жүр.Кеттік.Туған жер-асқақ әлем,

Айырбастай алмайсың басқаменен.

Серік Ақсұңқарұлы.
Кешір мені,кетігіңе

Қаланбадым кірпішің боп.

Өтті күнім өкінумен,

Өртей-өртей тынды ішімді от .


Ауыл,сені жырыммен де

Тебіренте алмадым деп,

Жарғаныммен бүрімді елде

Тұрмын аулақ маңда гүлдеп!


Сенен келді от тамырмен

Жүректерге жанам деген.

Тілдесесің Көк-Тәңірмен,

Жалғап мені ғаламменен!


Бүгінгі мен кешегі елдің

Аяулы ата қонысы едің.

Көгертемін көсегеңді,

Сен не берсең-соны ішемін!

Жанартау боп атылғалы

Тербеп келем қанша күйді.

Көкке жазып атыңды,ауыл,

Асқақтата алсам игі!


* * *
Керегің болмай ешкімге,

Ауыл,адыра қалдың ба,

Алмасып күрең кеш түнмен,

Әніңе мұңлы салдың ба?


Қалдырып сені бір шетте,

Алқам да салқам күйіңде,

Тағдырын ұйқы-тұйқы еткен

Ілесе көшті құйынға ел.


Аңсармен асанқайғылау

Жатпай-ақ еркін көп тіздеп,

Сенен де гөрі жайлылау

Жер бар деп,соны кетті іздеп!


Бауырыңнан өрген ұл-қызың

Кетті де күйттеп тірлігін,

Көгіңде жылап жұлдызың

Көбейтті көңіл кірбіңін.


Ауыл-ай,ауыл...төсі-құт,

Өзіңе аңсай жетеді ұл.

Енді есін жиды...кеш ұғып,

Жерұйығы өзің екенін!


* * *
Ехе-хей-й,ауылІ...

Сен жақтан естілетін үн-дыбыстың

Тұрамын қалт жібермей ешбірін де!

Қанаты сусыл қаққан түнгі құстың

Үнінен сәлеміңді естідім мен.
Жеткізді самалыңды сәріде ескен,

Таластың тал-тоғайы түгел шулап!

Көктемнің (қанатына қар ілескен)

Сырнайлы әнін мұнда жүр ем тыңдап!


Бөлістің уайым мен қайғымды ішіп,

Жаныма осылайша еніп менің.

Қанаты су сабалап, айдын құшып,

Алқынған, арсы-күрсі деміккен үн...


* * *

О,құтханам,өшкен жоқ отың әлі,

Шыңнан биік көрінер шоқыларың.

Алыс кетсем,айналып аңсарыма

Бір түп жусан, бір уыс топырағың.
Бақытымсың даламның құты сіңген,

Жақұтымсың-жұпыны күпі ішінде.

Ауыл,сенің алдыңда қарыздармын,

Ана тілім,анамның сүті үшін де!


Жадымда ылғи жаңғырдың боп ұраным,

Құранымсың, дұға етіп отырамын.

Жырсың көктен мөлт етіп тамып түскен,

Келер ұрпақ тамсана оқыр әлі!


* * *
Ақтылы қой,көкалалы жылқы айдап,

Аспандағы жатар сенде жұрт айды ап,

Жауынды да шөліркеген кезіңде

Әкеледі саған ақша бұлт айдап!


Жатқан жоқ ел несібеден құр қалып,

Баяғыдай май шайқайды,құрт алып.

Зер көгіңде самғаумен жүр сұңқары,

Белдеуіңде байлаулы тұр тұлпары!


Тәліміңді үйренсем-ақ ел барып,

Айналатын секілдімін ерге алып.

Қазағымның қан тамыры бүлкілі

Сезіледі сенде анық!


Жалғайтұғын бір селді әкеп бір селге,

Естен шықпай жүрер қайда жүрсең де,

Тәрбиелер нағыз ер,мәрт қазақты

Ұлт мәйегі ұюмен тұр бір сенде!


Қарсы ап сенде ататұғын нұр таңын,

Ғұмырының шуағы мен бұрқағын,

Төсінде жүр қызғалдақты қырқаның

Ауыл,сенің намысыңды жыртар ұл!


* * *

Қауыштырып қалың ел,қауымменен,

Жататұғын көгеріп жауынменен.

Ен далада еңсесін тұрған тіктеп,

Теңдесі жоқ Ұлылық ауыл деген!
Енді естірте бастады азат үнін,

Күндіз-түні көрмей бір маза,тыным.

Тамырын ап ауылдан ерте,кеш пе...

Қалаға да көшеді қазақы діл!


Қала ауылдың қасында жіп есе алмай,

Жатыр тірлік көшіне ілесе алмай,

Биіктетіп тұғырын,қанат қомдап,

Жөнелердей қияға іле самғай!


Ертеңі оның бүгіннен көркемірек,

Елестейді ғажайып ертегі боп.

Үрдіске де батыстық илікпейді ол,

Ауыл өзі-далалық өркениет!


* * *

Ауылыңды, түтін исін, қи исін

Кейде еске алып, елжірейсің, ийсің.

Қалтырайсың түссе қысы есіңе,

Ал ойласаң жазын сәл-пәл жылисың.
Несібеме тиген бір дән-түйірсің,

Күпіме де сіңіп, кетпей жүр исің.

Ауыл... сенен шыққан соқыр сүрлеу-мен,

Жырың едім, ұлың едім түбі-үйсін!


Қиналсам да, бой бермеді талабым,

Міне, енді...сені тастап барамын.

Қалмады амал...жүрегімді жаралы

Шың-құзға емес,

Жұлдызға ұрып жарамын!
ДАЛА ӘУЕНДЕРІ
Далам-ай...

Көз жеткісіз бұ шетің, о шетің де

Көктемеде көгерген көшетің- мен.

Өсіп келем-

бір ұлың келеді өсіп,

Өзіңе ұқсап өтетін, өсетін де!


Өле ғашық өрімтал гүл-өңіңе,

Талас- бұрым,

тал-қайың-білегіңе...

Көз ілмек те емес бұл бұла ұланың

Өзің деп тек соғатын жүрегі де!
Жырым- сенсің,

қиял да кештіріп ең,

Дастанымның өзіңсің- эскизі де!

Өзіңе ұқсап

мені бұл

өзге жайдың

Тебіренте алмайды ешбірі де!

* * *
Қызыл бидай,

толқиды қарақұмық...

Мол терінен диқанның жаратылып.

Ой мен қырға қалған ба қапияда

Ақық дәннің теңізі дара тұнып!


Дала.

Егінжай.


Алтын дән-тамаша ұғым!

Ен астыққа арбалды қарашығым.

Өзің көрмей сенбейсің...

сену үшін

Қасиетті алқапқа қарашы, ұлым!
* * *
Әуені өзге, сазы ықшам, әні басқа

Сары жазық..Бояуы қанық аспан.

Сарыжазықтың көгілдір қойнауында

Гүл ашыпты ақшылтым адыраспан.


Раң ұшқан.

Жазықтың өңі сұрғылт.

Ойға түсті қыраттың көгі сырғып.

“Елеместен” есті леп...

адыраспан

исі –


дүрия даланың демі сынды!
ТАБИҒАТ АЯСЫНДА
Тіл қатады табиғат...

қырда таңы

Сүт сәулесін тастайды бір қотарып!

Тап осылай үкімін тыңдатады

Жылжи жетіп он екі ай- жыл жасағы.
Ғажап, ғажап...

бұлақтар сырға тағып,

Су көтеріп барады құмға тағы!

Асып- тасқан көктемнің көңіліндей

Қырдағы сай-сала мен жүлге атаулы!

Бал арасы

гүлдердің бал- шырынын

Сорады да кетеді...

ал шығынын...

Көтереді табиғат, -әу бастан-ақ

Жоқ ондайға титтей де қарсылығы!

Шақырады...

бүлдірген, мойылына,

Сонда, сонда... симайтын жай ұғымға

Басталар-ау саяхат,

басталар-ау...

Ал табиғат жимайды айылын да!
АСТЫҚ ЖОРЫҒЫ
Қарсы алды иісі бұрқырап нан алқабы,

Сабантойдың солқұрлы мәні артады!

Егістікте, нан үшін илектеген

Ашытқыдай атжалдар қарауытады!


Ақық дәнді комбайн асап, құсып,

Жүр.


Сарыадырда масақ пісіп,

Сыпырылып жатқандай күндіз-түні

Иінінен сарыала шашақты ішік.
Түні үйқысыз, кірпігін күні ерте ашып,

Диқандықты етті есте жүрер кәсіп.

Қырмандарға құйылып жатыр астық,

Жол –қалақты транспортер лентасы!


АБАЙ. АЛАҢ. АДАМДАР.
Қилы заман,дәуір кешіп нешеме

Сен бүгінге жеткен жырсың кешеден.

Оқыс ойдың жарқылындай осы өлең

Туды сенің атыңдағы көшеде!


Туды осында қуанышты сан ойлар,

Саңқ-саңқ етіп жыр оқып жас Абайлар!

Жүрегіңді жиі лүпіл қақтырар,

Абай,сенің көшеңде бір арай бар!


Көшең көктей өтер алаң үстімен,

Рухыңмен үндеседі ішкі дем.

Келер мұнда Әйгерімдер,Тоғжандар-

Түнді тербер сайрайтұғын құс кілең!


Беттеседі мұнда ел Ұлы Жырменен,

Тазартады көңілдерін кірлеген.

Мұнда талай жас армандар бүрлеген,

Ойың түгіл түсіңе де кірмеген!


Шашылады түнде мұнда көкке оттар,

Үлп-үлп еткен сезім бейне аппақ қар.

Абай, сенің даңғылыңа тұс-тұстан

Қосылғалы келеді сан соқпақтар!


ЖАУЫНЫҢДЫ ӘКЕЛ
Жаңбырдан кейін ғаламның

Реңі кіріп, жадырап,

Хош алып жұпар самалды,

Жасанды дала бағы да!


Ауылдың- жасыл ояңның

Түтіні түзу өрілді.

Табиғат ашық бояулы

Полотнодай-ақ көрінді.


Шаңқан боз түсті шартарап

Алаулап жаздың кешінде,

Аспанның төсін алқалап,

Айсберг-бұлттар көшуде.


Жасарсын және бір жасқа,

Табиғат-ана жадырап.

Жауыныңды әкел, нұрлы аспан,

Тағы да, тағы, тағы да!


* * *
Ақ жауын жауды, жауды... көз ашпады,

Танбады ниетінен о бастағы.

Қанбады құмары да толас тауып,

Болған соң өз еркі, өз аспаны.


Несіне бұлданайын, құрсын өкпе!

Бұлттардың бауырынан су шүмектеп,

Ағады... аға-аға сарқылды ма,

Ақ жауын кешке қарай тыншыды ептеп!


Тұр маған тоғайдың у-шуы да ұнап,

Жел тұрып, сонша болмай шуыды қақ.

Қайыңдар ақ балтырын түрініп ап,

Сілкиді жаңбыр суын бұрымынан!

* * *
Жел құрғақ, дала құрғақ-құрғақ бәрі...

Таластың тобарсумен бір қапталы,

Маңдайын күнге беріп кейуана жазық,

Ып-ыссы қоламтаға тұр қақталып!


Тартады жанарды арбап бақ бәдені,

Ериді таңдайында тәтті әуені.

Аңқасы кепкен адыр, бұйраттар-ай,

Қоярдай бұлттың үрпін қақтап еміп.


Көктемді алғанындай таңдар қарсы,

Тағы бір тебіреніп таулар қалшы...

От-жасын үзігі боп жететіндей,

Қырларда қыдырмалап қалған дауысы...


ЖАЗ
Жаз айы,

жаздың демі неткен ыстық,

Төскейін түздің желпіп тұр аптабы.

Өн бойын шымырлатып өтті еңістің

Сыңғырлап салқын қанды суаттары.
Жаз айы, жалаң кеуде,

жалаң аяқ,

Асыр сап жүргендей ол кең өлкеде.

Табанын шөңге тілген баланы аяп,

Отырмын көлеңкеде, көлеңкеде...
Жаумады жаңбыр, жаңбыр...

қыр құрғады,

Бұрқырап есті шөптің исі небір.

... Аяулы сезімдердей дір-дір қағып,

Жаз айы жанарында тұрсың, Өмір!
* * *

Шағылды шыңға үр табы күннің

Сағызды төбе, бұйырғын –маңым....

Шұғамен қырды қымтады іңір,

Сарғалдақ құстың сұйылды ырғағы...
Кеберсіп таңдай, көбеңсіп тәні

Аптаптан кейін дала үгітіле

Қараша қаздар жөнелді ұшқалы

Қанат суылы ауаны тіле...


МОЙЫНҚҰМ МОНОЛОГТАРЫ
Мойынқұмда- сыңсыған мұнаралар,

Мойынын созып тек іштен тынады олар.

Жердің астын кеулеген кен-ағысты

Көп өтпей-ақ бері қарай бұрады олар.


Жатыр қазақ осылай жырақты ашып,

Бұйраттардың бауырынан бұлақ қашып...

Іргеқұмда гүлсары ғасырым жүр,

Мұнаралар басына шырақ тасып!


Мұнда көкке мәуесін соза баулар,

Мұнаралар басында газ алаулар.

Барыс рухты болашақ күнге қарай

Бархан құмдар бауырын жаза заулар.


Ырыздықтың әуелеп райыс әні,

Қазынадан құм белі қайысады.

Осы жерде баийды байыса кім,

Сол бақытты- құм тілін таныса кім!

Мойынқұмда- сыңсыған мұнаралар...
ТУҒАН ЖЕРГЕ
Қиялдың құсын ұшырып жүрем бауырыңда,

Дәруіш сынды сөйлермін қарап жауырынға.

Бәрі де бәрі... өзіңде жүрсем- жарасты,

Деміңнен сабат айығып кетер ауру да!


Топырағыңды жырлап қанша ақын қосты өлеңге,

Жырларын жаттап солардың өскен ем мен.

Туған жер, сенсіз келмейді менің еш күйім,

Ал менсіз... сенің кетпейді ештеңең де!


* * *

Бозталда баяғыдай жидек гүлдеп,

Мамырда татыр жатты қаңсып аппақ.

Айдады солай қарай түйдек-түйдек

Жай оты бұлт сауырын қамшылап қап!
Бұлттардың жармасты жел бұйдасына,

Кертартпа қылығын-ай сотанақтың.

Аспан да етек-жеңін жиды асыға

Дегені болмай көзі боталап тұр.


* * *

Мен туған жерде биыл да

Гүлдеп тұр адыраспандар.

Бұлғайды қолын қиырдан

Еңсесі биік ақ шаңдар.
Ажырық-арық ернеуі,

Сол маңда жатыр қой жусап.

Тұщысы менен кермегін

Тел жұмсап, шіркін той қылсақ!


Сілтісі жұқты ерніме,

Көңілдің мұңлық боп емі,

Бұрын соң туған жерді де

Мен бұлай сағынбап едім.


Киесін тұрмын кеш біліп,

Сақтасын соны білмеуден.

Кенелі құмнан кешкілік

Күмбірлеп қайтты бұл кеудем!


БІР АҚЫН БАР

Олай деуге жетпей ме батылдары,

Білмейді екен жат түгіл, жақындары.

Бұйырғынды өлкеде бұйығылау

Баймағанбет есімді ақын барын!
Сырын ару желекті қайыңға ашқан,

Бір ақын бар бұл тұста, бауырластар!

өзі туған киелі топырақтың

Бір шөкімін бермейтін айырбасқа!


Жүйрігіңе қолтығын жаздырмайтын,

Шабыс тілеп жүретін баз бір жойқын.

Көкірегінде көктемдер оянатын,

Жанарымен жәрмеңке-жазды ұрлайтын.


Бұйырғынды өлкеде бір ақын бар,

Жүрегі иіп жақсы әнге тұратындар.

Жалғыздықтан жериді ол,

Жырын тыңдап,

Жырын тыңдап тым құрыса жұбатыңдар!

Бағы ашылмай, тағдыры бір сорға айдап!

Жүрген шығар,

Жақсы ақын болсам дейді-ақ!

Жүрегі бір жарыла қуанар еді,

Жыры, жыры тыңдауға тұрса ол бейбақ.


Оған ыстық құмның да туа демі,

Көз ашпаған ол да бір бұлақ еді.

Баймағанбет ақын боп бұйығады,

Бұйырғынды өлкенің бұла әуені!


ҰЛЫС ЖЫРЫ
Қар еріп кетті,тұрмай күнесте

Тырна көз бұлақ тулайды төсте.

Құс ұшып –қонған көкиірім көлдің

Көлбақалары шулайды кешке.


Жыл келер шақта дүрбелең туып,

Гүлдейді сезім,қырға өлең тұнып.

“Көш,көш,қайрақан,көш” деп аластап,

Ібіліс біткенді іргеден қуып,


Кетік аяқ,кетік шөміш сындырып,

Қарсы алар таңды ел жұп шырақ жағып!

Қойнын жазға ашып,құтсырап жазық,

Әуеде үлбіреп үт тұрар нәзік...


Түнде ауыл кірпігін ұйқы күрмеген,

Астасып сезім күйті түнменен,

Бойжеткендердің бұзылар көңілі

“Дір еткізерлік” сый күтуменен!

Тоғысар Үркер,күн,түн теңеліп,

Толысар дүние шым-шым көк өніп.

Қауышар қыр мен ойдағы ел түгел.

Төлге де толар мүмкін көгені!


Ел көрер қызық,ғаламат-алда,

Бірдей боп бұл күн қара да,хан да,

Көп тілегіне көк Тәңірі де иіп,

Не тілесе,соны салады алақанға!


Қалғандай қарлы қыс та қапыда,

Шыққан күн шығыс тұстан асыға-

Армысың, Наурыз!Бата алып көптен,

Ілесіп жеткен құс қанатына!


* * *

Балапан-болмыстың қауызы аршылды үр,

Аузынан ақ уыз-төгіліп өлеңі,

Күн мен түн теңеліп,тәбәрік-тәмсіл нұр

Көкорай көктемді көтеріп келеді!
Көктемді қондырып жұпарлы төсіне,

Көкірегі күмбірлер наурыз-ниеттен,

Ертегі дүниенің салтанат көші де,

Созыла-созыла жетті көк жиекке!


Мың-мың бүр оянды үмітпен үкілі,

Дірдектеп нөсердің селіне малшынған.

Мың-мың құс әуені,мың жүрек лүпілі-

Ұлуға толғатқан,Ұлысым,даусыңда!


Бүлк-бүлк сезімі қарттың да, жастың да,

Алағай-бұлағай бұзылған бүтін сең.

Таңда көз аштың ба,”Құс жолы” астында,

Қырықтан бір қыдырым,

Мыңнан бір құтым-сен!
* * *

Үй-дастархан,даламыз-сахнамыз,

Ұлы мейрам Наурызға шақырамыз.

Онда ұлт та,ұлыс та ұлықталып,

Тауарихтан таратар ақын аңыз.
Жазға жетіп желпініп қуанысқан,

Ел нөпірі ұласып ұлы ағысқа,

Жаңа жылды –жыланды қарсы алуға

Ат сабылтып жетеді тү-у алыстан.


Көтеріліп биікке қыран самғай,

Көгімде күн жарқырап тұрар шамдай.

Онда ортаға тасталар ұран сондай-

Қонағың да қайтпайды бір ән салмай!


Бал-бұл жанар бұл тайда қыз ажары,

Алабұртқан арманның қызады әні.

Теңеліп күн,наурызда қарға адым,

Сәуірде сынық сүйем ұзарады.


Мерекенің ажарын жайнатамыз,

Берекенің қазанын қайнатамыз,

Ағымыздан жарылып айтатұғын

Тілегіміз толассыз,бай батамыз.


Жалғасып таңға дейін сауық-ойын,

Желпінтер бір жеңілдік елдің бойын.

Дүрілдет,дала болып,қала болып,

Ұлыс тойын-тәуелсіз елдің тойын!


ҚЫРЫҚТЫҢ БАЛЫ
Қырықтың тойы-бұл бір сын,

Қырықтағылар,кіл дүрсің!

Бұл тойда бойың балқиды

Бақыттан ба,әлде,кім білсін!


Қазекең қырықты кие етті,

Қырыққа қырық үй сый етті,

Қызға қырық үйден тыйым ғып,

Таза ұстау үшін сүйекті.


“Сөйле!” деп,қырық бір құмалақ,

Дұғаға етті мінәжат.

Қырықта қамал бұздырып,

Қылық та берді бір ғажап!

Қырықтың балы қыздырып,

Барады бойды қуалап!


Бір сәби күлсе,күбірлеп

Қырық періште қуанар.

Қырықтың бірі –Қыдыр деп,

Дәме етіп қырықтан қуанар!


Қырыққа келдің,мойында,

Отбасы жүрсін ойыңда!

Бізден бір тілек-бас қосу

Екеуіңнің алтын тойыңда!


ДАЛА ҚАРТЫНЫҢ ТОЛҒАНЫСЫ
“Балаларымыз қазақ тілі, әдебиеті, мәдениетінен

мүлде бейхабар, халқының не әнін, не тұрмыс-

салтын білмей өсіп келеді. Менің үй-ішім осындай

ауыр халге душар болды”.

(Қалалық бейтаныс әйелдің редакцияға

жазған хатынан)
Қалалық әйелдің бір мұңы ғана

Болса жақсы-ау... бұл деген бұрынғы өткен

Баба рухын ұмыту,

қырын кеткен

қарсы қояр неміз бар бұл “індетке

Тарих, тарих қайта өрер тініңді еппен,

Күн туғанда

кеттім-ау дірілдеп мен!

Бір суық сезім қарып көкейімді,

Бұрқ сарқ ақкөз ашу көтерілді.

Бір ауыз ана тілін білмейтұғын

Көргенде күлдібадам, көпей ұлды!

Сендерге білмей тұрмын не дерімді,

Ұрпақтар,

у-шуға әуес, о, кейінгі!

Қанына ана сүті арқылы еніп,

О да бір орнайтұғын жарқыл еді!

Бара ма ана тілдің нарқы кеміп...

Кісікиік боп кеткен кенжесіне

Налыды даланың бір қарты кейіп:

-Не болар осыныңның арты,- деді...
* * *
Бір ауыз ана тілде тіл қата алмай,

Қазақы көкірегін жырлата алмай,

Қара шал алдынан да бір бата алмай,

Адасып жүргендерді аяймын мен...


ШУАҚТЫ КҮНДЕР
Сетінеді күн сынып, қар арқауы,

О, керімсал көктемі-ай Сарыарқаның.

Бірге оянып өзіңмен атойлайды,

Әр жүректе жастықтың жанартауы.


Талпынады шуаққа қайың бүрі,

Бейкүнә өмір билей ме бойын діріл.

Қардың суын әкетті жылға ағызып,

Осылайша қыс кетті, қайырлы күн!


Жылдағыдай жөңкіді тасып арна,

Жаңбырлармен тарады шашын орман.

Қыр бетінде бұлақтар былдырлайды,

Ақ моншағын аңсыз шашып алған...


Тағдырынан ол сауға сұрайтындай,

Өкініште қалып ән, жыры айтылмай.

Қыс екеш қыс бізбенен қоштасрда,

Көңілі босап бір жеті жылайтындай,

Өмірдегі осы еді бар айқын жай.
* * *

Біздің жақта аз әлде, көп бола ма,

(бұ тіршілік сірәде тоқтала ма

Көктем деген бізден де көктей өтіп,

Желе-жортар, болғанша соқпағы ада.
Көктем солай жетеді бәрін мәз ғып,

Адамдардың көңілін, жанын жаз ғып.

Арсы-күрсі күндердің керуенінде,

Қағатұғын қоңырау сарын-сазды ұқ.


* * *

Естіледі дауыстар,

Көктем дауысы!

Жаңғырыға жетеді көктен тамшы.

Жонарқасын күн қақтап, ағыл-тегіл,

Терлеп жатыр тебіреніп кеткен тау-шың.


Бұл көктемде, жер-қара, күн жылыда,

Кепкен екен қайран құм ындыны да.

Сай-саланы, жылғаны толтыра бір,

Тартып жатыр қар суын құрдымына!


* * *

Ауыл сырты

Қыр беті айғыздалып,

Қар суынан еріген сайда із қалып.

Арып-талып алыстан құстар жетті,

Саумал исі сәуірдің андыздады.


Түздің мұнар келбеті неткен керім,

Құсқа дауыс, біткендей шөптерге де үн.

Қар жамылып қабарған көптен бері.

Көктемдерім, теріскей беттен көрін.


Сіміруге құмарттым шербетіңді,

Дүниенің кілті сенде тұрды.

Жарқыраттың аспанның жұлдыздарын,

Құс жолы-алтыбақанда тербетілдің.


Сүйіншілеп жеткендей самал желің,

Ойға оралтып түлеген дала әр нені,

Көңіл-күйі осынау дүниенің,

Ғашықтығым секілді саған менің!


* * *

Ақ тымық көл.

Даң-дұң үн. Таңғы уақыт.

Малшы “Матай” суатқа мал құлатып,

Келеді,

Өнбойымды бір жылы леп



Барады бірден-бірге балбыратып!
Бірен-саран көлеңке жер бетінде

Жүгірді,


Ұйқысыздық-келбетінде...

Жарықтық таңның нұры, балғын жыры

Түнді ұйықтатып тастапты тербетумен.

Таң атты,

Жаратылыс, шаттық үлес!

Балбырап, балқып, ұйып жатты күнес...

Аста-төк күйінен еш жаңылмайтын

Баса алмас бұлақ қана аптығын еш...

Жүзеді нұрға қанық таңғы бұлт,

Көлге түскен суреті сан құбылып.

Тоғайда-құстар шуы, дабыраға

Қол соққан жапырақтар жаңғырығы!

Неткен көрік, неткен үн, неткен кейіп,

Тағы айқара ашылды көктем-сейф,

Таң нұры ақша бетіне шағылды да,

Таулардың көлеңкесі кетті еңкейіп!


* * *
Мына шуақ, мына бір жайсаң жылымық,

Көкорай- бұрым, қаракөз қыздың қылығы, ұқ.:

Көктем-

Көшіп, ілгері басқан дүниенің



Жымиып қана қараған сәті бұрылып,
Қимастықпенен қараған сәті қайырылып,

Қайықшы шалдай қайраңда қалған қайығы ұмыт.

Салдыр да күлдір тойлаған бәдәуи-күндер

Шымылдығы сәтке кеткендей дар-дар айырылып!


Айқай-жай, көктің көбесін сөгіп тастады,

Тебіреніске бай сәттер-ай, сәттер қас-қағым.

Көк мауыты дүние ,

Шабыттың шаңқан шағында

Жырларын жойқын енді-енді жаза бастады.
* * *

Қош, қыс!

Қош, ардай таза қарларым!

Сең болып сендер көшерде,

Сайларға сарқты көз жасын,

Басы бұлт тау,шың-заңғарым!


Қасардың қыңбай,қарманып,

Наурызда жаудың , жау тағы...

Тоң болып жаттың біраз күн,

Тұйықтап алып жан-жағың...

Күн нұры қанша төгілді,

Сендермен кетті бар жалын!


Мысқалдай екен салмағың,

Иінінен сілкіп жер сені,

Есеңгіреп нұрдан, теңселіп,

Бозқырау самайларынан

Ағызды тердің сел-селін!
Ардай ақ, таза қарларым!

Көз жасы болып заңғардың,

Таусылдың ой мен сайға ағып.

Күншуақ көңілі әлемнің

Баурап та баурап барады білем бәр-бәрін!

Арма, күн!


КҮЗГІ ЫРҒАҚТАР


Күн-бесінде

Құстар күнмен асығып тілдесуге,

Үрдіс көшкен. Сарала күздің күні.

Бөлеп қырды үлде мен бүлдесіне...


Сартап дала –

Көлденең түскен бейне жалпақ доға.

Паң қалыппен жаз көшін ұзатуда,

Қимастықпен соңына жалтақтаған.


Берік сырлы

Қайыңды да самал жел желіктірді.

Жапырағын шашу ғып шашты бір кез.

Жапырақтар... сыңсу ән болып тұрды.


Ақырғы әнін

Сарқып барып саумал көл дамылдады.

Керуенін құстардың-

Жаздың көшін

Салтанатпен ұзатып жатыр бәрі.
МАМЫР АЙЫ
Мамырым,

Соқтырған тіршілік тамырын.

Өзіңе ұласып наурыз бен сәуірім,

Қағады дабылын дәуірім!


Құстарға ілесіп келдің бе,

Орманның бұрымын өрдің бе?

Арманның елінде жүрдің бе,

Аңсатып жеттің-ау бұл күнге.


Көктемнің көкірегі күмбірлеп,

Көкорай әлемге сіңдің кеп!

Сапырды толқынын көк айдын,

Шақырды дала да “жүр-жүрлеп”!


Нәп-нәзік нәресте үнімен,

Гүлімен,әнімен,күйімен,

Қытықтар сезімнің қылын өң

Қызылды-жасылды дүнием!


* * *

Мың сайран күйлі әлемім-

Мамырым,келдің!

Жатырсың тулап тіршілік-

тамырында елдің!

Алуан ұлттың дәстүрі,

ғұрпы-қанындасың,

Бірлігі менен достығы,

ынтымағындасың,

Ананың әні,сәбидің күлкісіндесің,

Тойшыл қауымның сауыққой үрдісіндесің,

Бейбітшіл елдің ақ ниет,тілегіндесің,

Бауырластардың бәрінің жүрегіндесің!

Ұшырып көкке ақ қанат кептерлеріңді,

Алуан гүлмен,ән-жырмен,отпен де өрілдің...

Құс қанатына ілесіп,мамырым,келдің,

Солған гүлдердің сен,бәлкім, тамырында өндің...

Көкорай желек,көк ала көйлек киінген,

Мамырым,келдің көктемнің сөйлеп тілінде!
* * *
Армысың, ару мамыр, маңғаз айым,

Болуда құсы оралып көл көзайым.

Құлпырған қызғалдағы қырларың-ай,

О, сенде ататұғын таң ғажайып!


Тазарып дүниенің жан сарайы,

Төселген қалы кілем- көкорайы.

Тән балқып, жан жадырап қуанды жұрт

Төрге шық, мизам шуақ мамыр айы!


Бұл күнде қырым да шат, ойым да шат,

Өруде қозым-егіз, қойым- қосақ.

Жатқандай Жер- Ана да түлеп, түрлеп,

Отыз күн –ойын, қырық күн- тойын жасап!


Қауышты халық өлең- өмірменен,

Болса екен енді соның тамыры терең.

Жылына бір жалт етіп, жоқ болатын

Осы ғой өмір деген, мамыр деген...


ЭТЮД
Екпінінен тас үгіліп, жар құлап,

Жосылады жазықпен сел-арғымақ!

Бел-белесті бесігінде тербетті

Гүл-тіршілік көктем-қауызын жарды да!
Бұрқырайды жауқазын мен көк исі,

Сол иіске балқып, елтіп,ерисің...

Тәнтілігің қозады бір далаға,

Түтін, ыстан соншалықты жерисің.


Қайшыласқан қанаттардың сусылы,

Тыншымас түн баласына бұл күні...

Еркебұлан өзен жатар баурайда,

Бір бейкүнә сезім сынды бұлқынып!


Күмбірлейді кең дүние...

Неліктен,

Тоғай тынып, қоға-қасын керіп көл,

Кербездене қалыпты қыр...

Тау қазір

Қыздың ұшпа омырауындай деміккен!


* * *
Қыбыр етпеген қыс бойы тылсым бақ едің,

Көктемнің әні тәніңе шым-шымдап еніп,

Омырауыңды ашып жұпарға, бүр жамылып ап,

Түндерде төртке ұйқыңды тұрсың ба бөліп!


Сендегі, бәлки, сол күйі сыр да сақталды...

Тобылғысы бүрлеп тұр қазір қырқа, шатқалдың.

Ана бір жылы ұзатқан жасауыменен

“Қыздарың” келіп, о, бүгін бір жасап қалдың.


Құстарың келді, шығартар сақтағаныңды,

Ақтарып таста осынау шақта барыңды...

Селіне тостың кеудеңді сағыныштардың-

Теріскей тұстан құйылып жатқан ағынның!


АҚ БӨКЕН
Әлде жүз,әлде он қаралы...

Ертеңмен төске өреді.

Бөкені Бетпақдаланың

Түзде өскен,түзде өледі!


Еркіндік сырын ұқтырды,

Ақ бөкен деген-қыр көркі.

Бойынан өжеттіктің бір

Лып-лып өріп тұрды өрті!


Болса да елсіз,айдала,

Елеңдеп оқыс дүбірге.

Қарамай қырға,ойға да

Қапталда жарыса жүгірер!


Зырлайды ішке ап мойынын,

Танбайды осы қалпынан.

Кесе өту құмның қойынын

Бұлжымас әлде,анты ма?


Ертеді таңға қарай жол,

Даланың ерке бөкенін.

...Жарыса-жарыса қалайда ол

Алдыңды кесіп өтеді


КӨПІР
Оман арық, ауылдан жырақтағы...

Иірілді су, осында тұрақтады...

Арғы бетке өту- мұң, бергі бетке

өретін-ді ауылдың уақ малы...


“Арғы беттің-деп қарттар,-оты қалың...”

Пұшайман боп амалсыз отыратын.

Шиеніне жете алмай шаруа ауыл

Малдың ойлап суы мен оты қамын...


Шілде түсті, су бірақ, құрғамады,

Үлкендер де мұның көп құрды амалын.

Ақыры, олар асар ғып, көпір соқты

Емін –еркін өтерлік судан әрі...


Сол көпірдің көп тиді игілігі...

Тыңдамады қыстың да ел қиғылығын,

Қара-құра қыста да соныға өріп,

Шығып жүрді қаңтардан күйлі-дилы.


Одан бері қаншама сулар ақты,

Із шайылды, ескірді , құмға батты.

Сол бір жылғы қарттардың бірі де жоқ,

Бұтақтары секілді бір дарақтың!


Қарттар кетті, шаруа кетті кері,

(қарттар-өмір діңгегі деп білемін)

Көпір –дағы суға ақты, кейінгінің

Қоспады ақыл азамат боп біреуі!


Аулақ салды іргесін бір-бірінен.

Оқшауланды жолым үй, түндігі де.

Көпір жайы бірін де толқытпады,

Уәж айтсаң, сілтеді бір-біріне!


Тағдырдың да тыңдалды не түрлі әні,

Бірін бірі жау көріп отырғаны...

Туыстықтың тініндей көрінетін

Қарттар жоқта...

түсіндік көпір мәнін!
АҚ ҚЫС ӘУЕНДЕРІ
Аппақ ұлпа -әдібін қыс төгуде,

Жазғы әуен жоқ, қалмапты құс белімде...

Қалмапты құс.. құрғыр қыс қам жасауда

Жер-көкті “ақтап”, кемі үш ай түстенуге.


Түстенеді... келмепті қыс қонаға.

Жүзін тосып, сіреу мұз-ұстараға.

Көктем- бұлақ баурайда бұлқынады...

Келбеті оның бейкүнә, сұстан ада.


Көктем- бұлақ баурайда бұлқынады...

Жанарында мөлт те мөлт жыр тұнады.

өтінемін, босат , қар, тұтқыныңнан!

Айтатыны бар шығар мүмкін оның.


Қар жауып тұр... айнала-аппақ әлем.

Бұлдырайды көрініп шатқал әрең.

Жұтыларын білсем де тылсымдарға,

Күрсінемін, сырымды ақтара мен.


Бұлттанды күн ,түнерді, жарық қашты...

Шым-шым аяз ауада қалыптасты.

Баурайдағы бұлақ ше... мына менде

Сол бейкүнә бұлақпен бар ұқсастық.


Ақ қысқа ұқсас шалмасын сезімді кір,

Күстаналап жазғырам өзімді кіл.

Теіңіздерге құймайтын тұйық судай,

Қайта айналып табады өзімді жыр.


Ақ қысқа ұқсас сезімдер жетеледі,

Мазалады мені ойлар көп өлеңі...

Жырларыма алдана тұр, дүние,

Қар секілді күні ертең кетер еріп!

* * *

Себелеп тұр ақ қардың



Мап майда қиыршығы

Ақ бұрқақ қыраттардың

Секілді бір ұршығы
Құйғытып қарды орап ап

Қайыра тарқатады.

Соқтыға жар, қораға

Құяр көк сарқа қарын.


Шаршады, тынды дауыл

Қардан түк жіп есе алмай.

Әжемдей мүлгіді ауыр

Шүйкесін түгесе алмай.

Қар жауып тұр...
* * *

Қарсы аламын,

Қош келіпсің, қыс-қаңтар!

Жердің аппақ омырауын құшқан қар

Жіберді ме сәлемдеме шашу қып

Жерден кеше көтеріліп ұшқандар

Сусып жерге түстің бе, аяз-құшақтан,

Құшақ жая қарсы аламын, қыс-ақпан!

Тұрағы жоқ жолаушыдай сар желіп,

Тағы да өте шығасың-ау,

түс аттан!

Аппақ әлем!

Бұл дағдыдан тыс айшық

Бірақ баудың бастамады құсы айтыс,

Үнсіздікте үздік создық жауды қар...

Сұлулығың тіл байлады, үш ай-қыс!


ЖЫЛ ШАШУЫ


Жамиғаттың жиғызбай күлкі езуін,

Толқын-толқын тоғысты мың сезімің.

Бөлмеге әкеп орнатқан шыршамыздан

Жыл келгендей жаңалық тұр сезіліп.


Жаңа жыл,ол-хош иіс,шырша демі,

Жаңа жыл,ол-орманның жыр-сәлемі.

Жарқырата ашады уағында

Адамдардың бір қырын-тұмса әлемін!

Ботадайын бұйдасын үзген жаңа,

Жыл болғай деп келетін жүзден дара,

Жылнамалы мұра етіп жеткізіпті

Бізге барыс бейнесін іздеуді одан!


Танытатын барға-ынсап,жоққа –шыдам,

Дарытар құт қайырлы отбасына,

Жаңа жыл,ол-әзірше артылар тас

Таразының салмағы жоқ басына!


Иншалла! Біз тарихты танып нағыз,

Шиншалламыз шындыққа салып тағы із.

Қоян жылы күтеміз шығарар деп,

Қоян жымы секілді нарықтан із!


Қоян келмек,ғасырда алдағы шың-

Үшінші мыңжылдыққа жалғау үшін!

“Қош-қош” айтып ,тарихтың қойнауына

Кете бармақ бүлкектеп қар барысы!


Шартарапқа шалқиды бұл шақта ұғым,

Ішімізден жараспас тынсақ бүгін.

Көрінбейтін көзге де құдірет боп,

Төңіректеп бізді,әне,жүр шаттығың!


Күтесің-ау,жылды мәрт төзіміңмен,

Болмыс қой деп ғажайып өзі мүлде.

Біле-білген адамға бір ғанибет

Жылдың келіп қалғанын ...сезіну де!


* * *
Ғұмырың сенің-ғұмырындай ақ қардың,

Куәсісің нұрлы,сәруар шақтардың!

Қуаныш,шаттық қоңырауын қақты әр күн,

Газ алауын жақтың түзде,қой жылы,

Тұмса құмның қазынасын ақтардың!
Көп қуаныш келді бірге өзіңмен,

Өмір оты тұрды алаулап көзіңде.

Зілзаланың салмағын да зілмауыр

Көтердің-ау қойға біткен төзіммен.


Құтқа бөлеп байтақ елдің ой-қырын,

Ауылға арнап бастадың да тойды ірі,

Өрелі іспен соңыңа айшық-із тастап,

Ду-дабырмен сен де өттің-ау ,қой-ғұмыр!


Таңдай аппақ,әздек көңіл-қошыңмен,

Момақан жыл,бердің орын Мешінге.

Ізің қалды уақыттың көшінде,

Сақталарсың елдің де ұзақ есінде.


Есік қағып келіп қалған жыл-мешін,

Сен-бақытсың,үлде менен бүлдесің.

Парасаттың мінбесінен үн қатып,

Жалға ертеңге нұрлы-арайлы күн көшін!


Омырауыңнан алауласын ертең де от,

Толсын орта,болсын жыр-ән көркем,көп!

Дән көбейіп,тоқсабамыз толса-құт,

Қош келіпсің,Мешін жылы!

Кел,төрлет!
ҚОЛШАНА-УАҚЫТ
Қоймайтын шым-шым аяз тоңбасыңа,

Сырғанақ тебуші едік сонда асыға.

Ол кезде біздер үшін бір ғанибет

Құйылу ойға қарай дөң басынан!


Бір құлау бар екенін жүрсек те ұғып,

Оны да ұмыттырар бір беттілік.

Қаншамыз, құрығыр-ай, қарға аунадық...

Шанамыз бұлт етіп бір шетке ығып!


...Тоғай тұр(өзгермеген!) мұңға батып,

мұз-қармен көмкеріліп бір қабаты.

Дариға-ай, бұдыры жоқ қолшана-уақыт,

Келеді бізді әлі күн сырғанатып!


ҒАСЫРЛАРДАН СЫР ТАРТЫП

(Тарихи өлкетану мұражайы алдындағы ой)


Дегендей кеудемдегі дүрсілді ұғын,

Толғантып тоқыраудың кіл шындығы.

Тарихи өлкетану орыны боп,

Тарихым, тіл қатқалы тұрсың бүгін.


Тұрсың сен тіл қатқалы, тіл қатқалы,

Ойлантып ойды небір құндақтағы.

Қанша жыл қабырғама батып келді

Осынау сенің маған жұмбақ қалің.


Тыншымды ап өзіңдегі “ақтаңдақтар”

Шам баттым қойнауыңа қатпар-қатпар,

Мұражай, ол- өткеннің шежіресі,

Жолданып болашаққа жатқан хаттар.


Арада тегеурінді сан толқын жатты,

Ғасырлар қойнауынан ол тіл қатты,

Баяғы отыз жетінің қиянаты,

Миымды, жүрегімді солқылдатты


Қанша өмір тағдырларды мертіктірді,

Келеді-ау оның жайын енді ұқтырғың.

Тарихым, тағдырымсың тұран текті

Әйтеуір көк байрақтай сен тік тұрдың.

ҚЫРАНДАР МЕН ҚҰЗҒЫНДАР
Құзғын,құзғын! Тазқара құс,күшіген...

Қырандардың арқасында күн көріп,

Бейшаралық хал кешеді-түсінем!

Ала алмасын жемтігін өз күшімен

Біледі олар!Қайратына қыранның

Қызығады, қызғанады ішінен!

Қыран сорлы қашан жемтік іледі,

Деп те мысықтылеу болып үнемі.

Өлексе аңдып,жанды өлсе деп баяғы...

Қан-жынына тоюды ойлап жүреді.

Қыранға еріп ,қалбалақтап қалмайды.

Қарқылдасып,көрінеу көзге алдайды,

Сөйтіп жүріп қырандардың ерлігін

Иеленіп кетуден де танбайды!

Әлмисақтан құзғын орны-қожыр құз,

Ал қырандар...алыс-алыс самғайды.

Шыға да алмай биіктерге өзі бір,

Қожыр құзда отырса да,,,құзғынның

Қырандарда,қырандарда көзі жүр!
ЕСКЕ АЛМАС ТА ЕМ...
/анаммен сырласу/
Қуарған далаға жағып,

Көкпеңбек ерітіндісін...

Мынау келген сенбісің,алабажағым!

Кел,төрлет!Еркің білсін!

Тек мені мазаламағын-

Шау тартты еркім-күшім.

Қарындас қуанышым,

Арылмас дертімбісің!

Қабарып жүзі

Қойған-ды биыл қысың да өтпей тегі,

Жаным шуаққа құмар,

Ұшар ем саған

Қанатым жоқ қой менің..

Мейлі,қыс бір аптаға ұзар...

Айтар дат,арзуым көп қой менің!

Елестеттім көзіме

Сені емес,бұл өмірде жоқ бейнені.

Гүлін де қырдың .өзіңе

Бере алмай кінәлі боп сөйледім.

Көктем,келдің бе,

Гүліңді көрдім беткейдегі.

Аруды көрдім ән салған құм шағылдағы

Көлбеңдеп көк көйлегі...

Қалай жеттің қанатыңа тиеп

Дүниенің мұншама ырғағын...

...Әттең-ай,қардың құрсауында қалып,

Үзілді анамның өзіңе жетпей демі!
* * *
Ауылда өтті менің көп-көп жылдарым,

Қазір соның бәрі-бәрі-тек елес.

Тағдырдың да тауқіметін,ызғарын

Ағамменен бірге көрдім,жеке емес!


Жолға шықтық атар алдан таңды іздей....

Өмір бізге оғын ерте кезепті.

Қайран анам,қорадағы малды үзбей,

Талдырмады,әйтеуір аш өзекті.

Үйелмелі-сүйелмелі үш мұңлық,

Жетімдіктің басқандай боп өксігін,

Тырбанумен алға ұмтылып,ышқындық

Жоқ пен бардың арасына қос тігіп!


Жетілген де жоқ едік қой онда аса,

/Аға,аға,бұл да тағдыр үкімі-ұқ/,

Кетер ме едік егер анам болмаса,

Жоқ пен бардың арасына жұтылып!


Көңілімізде болған соң ба нар талап,

Таңымыз да бейқұт қана ататын.

Анам түзден отын тасып,арқалап,

Күбі пісіп,диірмен тартып жататын.


Иінімді бір мұң өң мен түсімде

Жаныштайды зілмауыр бір салмақпен.

Ол жылдарды еске алмас та ем,

Ішінде


Анам менен балалығым қалды,әттең!
* * *
Көш соңы қалды көрініп,

Алысқа жөңки-жөңки күн.

Түтіні азамен өріліп,

Шырағы оқыс сөнді үйдің.

Аялы еді-ау құшағы...

Шүйкедей қара кемпірдің.

Оның да , құрғыр құса-мұң,

Өзегін өртеп...өлтірдің!

Көзінен жас боп таматын

Сағынышының оты,алла-ай,

Ұшуға жоқ боп қанаты,

Құшуға бізді жете алмай,

(кеткені-ай жаным шырқырап),

Шалқалап таһыт-тақтада,

Буырыл шашы бұрқырап,

Көрге еніп бара жатты анам!

Сағынышқа өзі айналып!
* * *
Менен , ана, күттің үміт...

Шығарар деп ұшпаққа.

Менен гөрі боп шықты өмір тісқаққан.

Аққу, шортан, шаян сынды ... тартамыз

Өзім, бала, жар, сен болып үш жаққа!
Не де болса тастағың жоқ ауылды,

Ал жар, бала қаламайды ауылды.

Туған үйде бес-он тұяқ құтты үзбей,

Шүберекке жүрсің түйіп жаныңды.


Қайтсем, сені күйбеңнен сол құтқарам?

Нарық дейтін жатты алдымда мықты аран.

Жүдеп, жадап жылуына жете алмай

Жүрген мені кешірер ме құтханам.


Ақыл қосар табылмай тұр туыс та.

Қапа болып, қамалам тар қуысқа.

Қайтсем, мал мен жанды шашау шығармай,

Төрт тағдырды жинаймын бір уысқа!


Жүрегіме түсті қазір күш батпан,

(Нарық бізді жеткізер ме ұшпаққа)

Бөліп-жарып бір ошақтың түтінін

Біз қашанғы ... түтетеміз үш жақта.


Мен де , әрине, табалдырығыма табынам,

Ұлым менен жарымды да сағынам...

Ата жұрттан қол үзем бе, қайтемін...

Ақылың қос шығарлық бір жағына!


* * *
Бақуатпысың,ана,күйлімісің...

Сағындырды, не керек, үйдің іші.

Дауыл тербеп, теңіздей алас-күлес

Сапырылысқан мендегі күйді түсін.


Жаулығыңның ұшымен көзің сүртіп,

Жол бойына қараумен төзім құртып.

Жадау тартып жүрмісің, саған деген

Қалай, қалай, қалайын сезімді іркіп.


Сыбағама артылып сүрі қыстан,

Қойдың ба екен жыңғылдың буына ыстап.

Сағыныш сазына орап жүрмін, ана,

өзіңді бөліп бар-бар құбылыстан!


* * *
Сендік махаббаттарды

Жоя алмайтын еш пенде

Қауызынан гүлдердің, ақ түндерден жиып ем.

Қанат сермеп қиянға, тым алыстап кетсем де

Сұқбат құрғым келеді ауылдың ақ түнімен.
Атқан таңдай көңілің шапағы мол арайлы,

Көкірегіме жаз орнап, қалмайтындай қыс менде.

Өмір тұнық көзімен жылыұшырай қарайды

Асыл жанды анашым , сен есіме түскенде!


* * *
Бір кез біз де... шарпылып өтіне оттың,

Ұшында өмір-бұтақтың дірілдеп ек...

Жетілдірдің , әйтеуір жетімектің

Бірін салып арқаға, бірін демеп!


Әлгі әзірде... сырласып, күбірлесіп,

Күн нұрына шомыла күлімдеп ек.

Қайда кеттің... Көшейдің құмында өсіп,

Қалдың сонда, құлаққа үнің келед!


...Бұл ғұмырдың белшеден мұңын кешіп,

(Бақ адамның бірінде аз, бірінде көп)

Мен тұп-тура бір ғасыр ғұмыр кешіп,

Жеткендеймін кешеден бүгінге кеп!


Келдім...

кетпейінші деп ардан аттап,

Иініме жүктеп бүтін бір ғасыр жүгін.

Ана-ғұмыр үзігін жалғамаққа

Жырлауға оның ақтығын, асылдығын.
Көшеден бір кемпірді көрсем де мен

Удай ашып, уылжып қалады ішім.

Берсем де өнер еліме, өрсем де өлең

Сүрсем де өмір-

бәрі де Анам үшін!

«БАУЫРЫМ» ДЕП, СҮЙДІМ АДАМДЫ

ӨЛЕҢ, САҒАН БОРЫШТЫМЫН...


Сәуесі оның тиді ауыр тұрмысыма,

Кеудемдегі айналды бір құсыма.

Еткен еңбек, төгілген термен келді ол,

Түгесіле, таусыла жүрді шыдам.


Қаламұшты қолыма сол ұстатты,

Тілегім соның үстінде тоғысты ақтық.

Кедейлік зардабынан жерін, өкін...

Пайда жоқ... ойым жырға бөлінетін.

Қайран жыр шам түбінде өрілетін.
Нені болсын ақылмен, оймен екшеп,

Бейім тартып, бөстекі сөйлемеске.

Тағдырым мені-дағы есейтті ерте...

Балалық қалып қойды қай белесте.


Ауыр тұрмыс арбасын тарттық ұдай,

Мен және ағам... анамның мәрттігін-ай...

Бәрін соның құйдым жыр қалыбына,

Жүрегімнің суардым жалынына.


Басымды тасқа да ұрдым, тауға да ұрдым,,

Сан соқтым, сыбағамнан сан қағылдым.

Мехнаттан сілем қатып, шаршап ұйықтап,

Ояндым уілінен таңда жырдың...


Жақсылық, міндетім жоқ пендеге өткен,

Артайын жырға мына мен неге өкпе.

Бар азап, мехнатымды иініне жүктеп,

Айналды жебеушіме ол кенеттен.


Өксікке, құсаға да тола кеудем,

Танбадым тірлігіме тоба деуден.

Арқамды сонда жарға сүйедім мен...

Сипады ол маңдайымнан боп әкем де.

Мойынымда қарызым бар оған қанша,

Демеді қолтығымнан адамдарша.

Мейірімге мен дегенде о да мырза...

Әйтеуір, оныменен табыстырған

Кейде ауыр тағдырыма болам ырза.
Әйтеуір, өлең маған отын берді...

“Қой,-деді-өткеніңе өкінгенді”.

Қаншама жыл онымен болдым серік,

Ғұмырым жырлап тұрған секілді енді.


Құстай қонып, үйіріліп қолға тумам ,

Шүкір , міне келді орта жолға атым да.

Мұңсыз, қамсыз не кием , не ішем демей,

Еркетотай жетілсем, өсер ме еді ой...

Түк те жоқтай көрінер онда тұрған ,

Мен... мен болмас едім-ау онда ақын да.

Болам ырза кейде ауыр тұрмысыма.
АБАЙ РУХЫМЕН СЫРЛАСУ
Өгейсіп өзді-өзіміз саяқ ұнап,

Жат болсақ... басымыздан таяды бақ.

Абайды танып, түгел ұққамыз жоқ,

Бізді Абай танып білген баяғыда-ақ.


* * *

Ғұламам, ғасыр бұрын заманды ұққан,

Налытты ел басындағы надандық хал...

Жақсысын, жаманын да бірдей көрдің,

Қимадың халқыңды ешбір жамандыққа.
Өзіңдей кім бар аяп сүйген жұртын,

Мұндағы ел баяғыдай шайқы-бұрқы.

Сол қалпы, өзгеріс жоқ, жүз жыл емес,

Өткендей арада тек бір күн, бір түн.

Қоймай жүр қазір де ру, жүзді де елің...

Ортадан озған болса, “сүзгілеуін”.

Бірімен бірі бақас, сол дертінің

Тапқан жоқ іздесе де жүз жыл емін.


.Ескермей ел ішінің көп ылаңын,

Баса алмай тоғышар жүр тоғын әлі.

Жалғыздың мұңы мыңға болды өтпестей,

Алысып мыңмен жалғыз не қылады!?


Қамын жеп ел-жұртының, намысты ақтап,

Болса әзір қабырғасы қайыспаққа...

Өзекке өзін-өзі тепкен қазақ,

Күні ертең шыға алады қай ұшпаққа!


Сиырдың бүйрегіндей бөлек-бөлек,

Қайтейін қалың елге мен өкпелеп.

Жүдеу күй, жүдеу тұрмыс, жетім жұртың...

Жүргейсің аруағыңмен желеп-жебеп!


Елі үшін әзір әуре-сарсаңға да әр,

Жұрт жайын жан-ділі бір жанша аңғарар

Кімің бар... күнә-кірден ада жұртты

Өзіңдей аяп, сүйе алсақ, жарар!


* * *
Мұң болып тұр біреуге- үй, біреуге- ұл,

Байға-мансап, кедейлерге-мол байлық.

Ғасыр көші қайда келіп тірелді,

Дағдарумен тұр дүйім жұрт жолда айырық!


Төрт құбыласы түгелденбей мәңгіге...

Қабырғасын сөгер қазақ қашанғы!

Арты-соқпақ, баққаны-қу әңгіме,

Қайдан нұрлы бола қойсын, бәсе, алды...


Бәз қалпы сол, бүгінің мен кешегің...

Басқаны зор, неге өзіңді қор тұттың.

Қапы соғып, қайта берді-ау меселің,

Қайда барсаң, кез боп көрі Қорқыттың!


Елдің іші алатайдай бүлінді...

Қайран қазақ тартасың-ау әр жаққа.

Өзге көріп ,өзің көрмес мініңді.

Шамға тиді, аяғыңнан шалмаққа.


Жүзге тартып, кетті-ау басың қосылмай,

Керуен іркіп көш тоқтатар кезде бұл.

Қызығы сол-жатты сыйлап досыңдай,

Күнде-жанжал, қырқысасың өзді-өзің.


Көнгенің бе замананың ырқына ,

Тергенің не өсек достың сыртынан.

Мүмкін мін де көрер ме едің мұныңды...

Тартып тусаң, ру, жүзге емес, Ұлтыңа!


Өзіңді өзің қор тұтуды қоймайсың,

Қайда барып оңалуды ойлайсың.

Құр талпынып, текке қанат қомдайсың!

Мінің көп қой: мұндайсың сен, сондайсың...


Өзіңді ойлап өксуменен өлді Ойшың...

Санасында кеткен оның соңғы ойсың,

Жүрегінің түбіне бір бойлайық,

Бәрінен де биік біткен сол ғой шың!


Бабыңды, елім, қалай, қайтіп табайын,

Көкірегіңнің отын қалай жағайын.

Әруағымен желеп-женбеп жүр әлі

Өзіңді ойлап өткен өксіп Абайың!


ҰЛЫЛЫҚ СЫРЫ
Қажет емес оған күміс, алтының,

Жырмен жақсы-ақ өткізетін әр күнін.

Есегімен ел кезген шал елгезек

Қызметшісі еді туған халқының.

Жырмен демеп, жақсысына сүйініп,

Жай отындай естілетін жиі үні...

Жұртпен болу жасартатын Жамбылды,

Ондай кезде жүдеу тұрмыс, үй ұмыт.

Бұл өмірін санамады “жүдеу” деп,

Ешкімге де шағынбады, жыры өрлеп.

Жиырма бесте еді ақын жүрегі,

Тоқсан жасы салса да ізін іреңге.

Жамбыл тоқсан жасқа дейін не іздеді?

Үйде отыра алмас жырау, кезбе еді.

Жыртысын да жыртты өзі емес, өзгенің.

Жауына арнап жай түсірер сөздерін,

Мәймөңкелеп , малтасын да езбеді.

Ұлылыққа бойындағы Жәкеңнің

Бағасын да берді уақыт безбені.

Жүздегі ақын көкірегіндегі отты үрлеп,

Ұлы ақынға үкіметтің бергені-

Дарын да емес,даңқ та емес...тек Құрмет!


МӘҢГІЛІК МҰЗАРТ
(М.Әуезовке)
Сор қоғам сол бір...

Жігерін үгіп құм қылған

Талайдың...аман қалғаны сирек қырғыннан.

Дойырын білеп, ойпыр-ай,ұрдажықтардың

Еткісі келді-ау Ұлылықтың да мұрнын қан.
Жонарқа мұздап,жұртына қайтты ой қанша

...ұлып!


Құрсаулап қысып, қадалса-дағы қансүлік

Тұтас бір дәуір орнаған ойлы көкірек

Болашақпенен үндесті аман-сау шығып!
Ал оған қару кезенбек болған(қан құсқыр)

Қаралы жылға көкейді кесіп қарғыс тұр!

Мыңдарға мойын бұрғызған Мұхтар әлемі-

Қасиетіміз өлмей қалды, шүкір!


Ақшоқы да аман Татъяна әнін тыңдаған,

Тоғжан аруға Абай шерткен сол сыр да аман.

Беттескелі өзінің Мәңгілігімен

Тебіреніп, толқып тұр заман!


Жарасты бәрі жүз жылдық мерей тойыңда,

Алаштың ары,кескекті ердің сойы-ұлға!

Мұхиты ойдың,мақтанышымыз...

қазақтың -

Жиырмасыншы ғасырдың қаны бойында!
Он тоғызыншы ғасыр бітерге үш жыл қалғанда...

Аласа туып ,айналар соңыра заңғарға

Ай маңдай ұлға айырар сөзден асылды

Толғатқан қайран дүние-ай, сенде не арман бар!


ДҮЛДҮЛ
(К.Әзірбаевқа)
Боз бояу,бозғыл дала,бозала таң...

Рауанға қосқан құс ең соза мақам.

Зарығы замананың тіліңде еріп,

Айналды құдыретке со замат ән!


Соңынан дауылды күй ілестірді,

Көгімнен алай-дүлей жыр естірді.

Зар емес құлақкесті...одан асқақ

Оянған рухымның үні естілді!


Бозаңға бозша құстың ырғағы ұйып,

Боздайды ойда аруана,қырда киік,

Желіні сар даланың...сағынышы

Секілді саз-әуеннен сыздап иіп!


Бозторғай әні тербеп бақтарымды,

Ұлы түз көкірегінен аптап ұрды.

Ғасырды қарақазан жырласын деп,

Сен бізге берген сыйы ең Хақ-Тәңірдің!


Әлемі ән мен жырдың тамаша, абат

Музаны қалды мұңнан арашалап.

Ұйқыдан түртіп оны оятқан да

Қазақтың қара шалы, қара шанақ.


Жете алмай дүниенің шетіне де,

Шерлі өлең шешек тиіп шетінеген...

Ексең де, Алатауға(қалай білдің)

Рас қой тумайтыны екі Кенен!


Қабысып қасіреті шаттығымен,

Сен өмір сүрген күнгей жақты білем.

Күңірентіп күллі Алатау атырабын,

Санама сіңген жастан тәтті мұң ең...


Тәтті мұң ұлы түздің тіліндегі,

Таңның құс таңдайында дірілдедің.

Өзіңнің сыңғыр сазды әлеміңе

Шым батып кеткенің де білінбеді!


* * *
Қойнына құт,жыр біткен жатырына

Мұзбалақтар мекені Мәтібұлақ!

Салған бір кез өзіңе Жамбыл да ізін,

Сенде туған бір дүлдүл ақын ұнап!


Балапан мен ұқсайтын қыран құсқа,

Бірі жиырма жаста еді, бірі алпыста.

Керімсазда кездесіп,дос-жар болды,

Бірге барды ас-тойға,жыр-айтысқа!


Ұстаз сөзі нұр құйды жас кеудеге,

(Ұстазынан шәкірті пәстеу деме)

Көлеңкесі секілді қалмай еріп,

Бірге барды Кавказға, Мәскеуге де!


Тулап ағып тұтас бір дәуір қанда,

Достық пейіл ем болды ауырғанда!

Тұра алмайтын бір-бірін ай көрмесе,

Артық еді бір туған бауырдан да!


Тұрса-дағы араны қырық жас бөліп,

Аға-іні ғана емес,”құрдас” та еді.

Үмбетәлі,Саяділ,Өтеп басқа,

Кенен жөні Жамбылға бір басқа еді.


Көңіл емін Кенендей достан тапты,

(Достық сезім қанындай қасқалдақтың)

Жырмен демеп,мерейін аспандатты

Бәйгелерге шәкірті қосқанда атты.


Баласы өліп мұң уын татқанда да,

Дертіне емді достықтан тапқан дара.

Кенен сөзі демеу боп тұрды орнынан,

Жер бауырлап,бүк түсіп жатқанда да!


...Қойнына құт,жыр біткен жатырына,

Мұзбалақтар мекені Мәтібұлақ!

Саған талай Жамбыл да салған ізін

Сенде туған бір дүлдүл ақын ұнап!


* * *

Үніне ұшқан құстың дауысын қосқан,

Жырына найзағайдан жарқыл қашқан,

Емізіп,омырауын тау-шыңға ашқан,

Баяғы қыран-қия барсың ба,аспан?!

Көз жасын бұлттың құйып көк көлдерге,

Тұрмысың ән ұзатып көктемдерге,

Арда аспан,аруана аспан арзу айтып,

Уыстап жұлдыздарды төккен жерге!..

Жалғап тұр аққу ән мен әфсана үн бұл

Арасын мәңгілік пен қас-қағымның.

Жап-жасыл жусан рухты жұлдыз күліп,

Төсінде менің Кенен-аспанымның!

...Көргелі сені тағы келдім, Қордай!


КӘРІ ЖИДЕ ТҮБІНДЕГІ ОЙ
Тартып ап табиғаттың тапшы нәрін

Жүретін ... одан өзге жоқ сұрары

Дихан-ды менің әкем бары –жоғы

Күнелткен кетпенімен бақ суарып!


Жұпарын шашса жиде, өрік көктеп,

Мен жайлы өміршең жыр өріпті ептеп.

“Мұрагерім” деп маған ұсыныпты

Бесікте жатқанымда-ақ сеніп кетпен.


Қуаныпты осынау мұраты үшін

Қолынана түскен күні шырағы ұшып,

Кетпені – бір кәсібі... осы ғана

Әкеден жеткен маған мұра ауысып!


Соңғы рет әкем жерді жаншып тұрып,

Тастапты керзі етігін шалшыққа ұрып.

Сол тұсқа қалдырыпты шаншып шыбық...

Су біткен кеткен сол жаз қаңсып, құрып


Ал шыбық... жер-күн нәрін жалғап өріп,

Беріпті табиғатқа таңда көрік

Көктем өте жетілген тал боп өніп,

Әке қолы жылуын қанға беріп!


Құстар сайрауынан бір жаңылар ма,

Мен дайын сол әуенге табынарға...

Үңілем кәрі жиде қабығына:

Әке қолының сіңген табы бар ма?


Жиде гүлдеп, төгіліп бұтақтан зер

Жұпар есе беруін ұнатқанда ем:

Жиденің жақұткөз гүл- шешегі боп,

Бұл жер - әке мейірі гүл атқан жер!


ЕР МАХАМБЕТ
Азаттықтан іздедің елің үшін керегін,

Жайықтың бойы-ен тоғай,

Жағалай тігіп ақ орда,

ел қондырсам деп едің.

Тәубаға тілін келтіріп,

төрде отырған төренің,

Қара қазан, сары баланың қамын жеп,

Оқшантайда-өлеңі,

оқтаулы ақ берен ұл!

Исатайдың барында

түзде жортып түн қатқан

екі тарлан бөрі едің!

Ендескенде ел үшін

ерлердің басы қайда қалмаған!

Жау жағадан алғанда,

жебесін талай қандаған,

Халқы үшін салып ханға лаң!

Таудан мұнартып ұшқан тарлан-ән!

Қуат алған жасыннан,

айбынын көктен асырған,

Жауы алдында иілмес

жүрегі түкті хан-бабам!

Қайтармақ болып қараның

хандарда кеткен көп хақын,

Қаруын кезеп, тіл безеп,

түсумен су мен отқа кіл!

Байұлының батыр текті елін

әспеттеп , жазып көкке атын

(Киесі кеткен орданың

жеткізер халін хаққа кім)

Қайраңда- Нарын құмында

арманда болып өтті ақын!


СЕН ҚҰРМЕТТЕ ОНЫ!
(цикл)
Бір қария бар еді... мен білетін,

“Ынсап сайын-береке” деп жүретін,

Айтқанына ел-жұртты сендіретін,

Үш ай қыста ететін көңді де отын.


Емінбейтін еңбексіз пайдаға аса,

Саналатын құрметті қайда да шал.

Ауылдағы ардагер ретінде

Алатын ұн, алатын шай -қаласа.


Бірақ, соның бірін де қос көрмейтін,

Жеңілдікті осынау ескермейтін.

Қынжылатын майданға қатыстым деп,

Кейбіреуге кезексіз төске өрлейтін.


Құлағында тұр соғыс жарылысы,

Әр уақытта құртатын ары мысын...

-Мен аяқты соғыста қалдырғам жоқ

Не затты да кезексіз алу үшін!


Деп қария тоң-торыс қалыпқа еніп,

Өз күшіне әлі де анық сеніп,

Жеңіс күні жарқырап омырауы,

Шығатын-ды шеруге халыққа еріп!


Қызықты өтіп бір күні бір күнінен,

Сол шал құпия ұстаған сырды білем:

От ұшқындап үнемі жататындай

Сол бір ердің елеусіз тірлігінен!


Сол, сол ерплер маздатқан ерлік отын,

Жеңіс туын көтерген желбіретіп!

Сынығындай асылдың көрінеді

Ауылдағы қария... мен білетін


* * *
Солдаттарын Жеңістің күтті мың ән,

Санасына сөздерді тұтты мына:

Туған Отан желегін от шалмасын,

Айналсақ та жендеттер тұтқынына!


Бұза –жара өтпекке алғы шепті,

Ұмтылған жау қасірет, зарды шекті.

Енді ызадан

қорлауға кірісті олар

Тұтқындағы генерал Карбышевты.
Сом денеге аралас суы, қары

Қатып жатты,

жендеттер тұр...ызалы.

... Білмеді олар Отанын

генералдың

Мұз боп қатқан жүрегі жылытарын!


* * *

Тетіктер, тетіктер...

Жұмылып кететін көзіндей әлемнің.

Дірілі жиілеп кетті-ау бұл денемнің,

Хрусталъ толы әсем сервиздей

Тетіктер алдында бөгелдім.

Жаутаңдап қарайды

глобус-жерүлгі,

ол көмек күткендей көрінді,

шаңырағы шаттықтың,

ұясы сенімнің,

келеді-ау тыныштық жыры боп өрілгің...


* * *

Соғыс.


Сосын қойылар нүкте ғана.

Қайыры жоқ қасиет біткен оған.

Орманды отап тауыспақ болып еді ол,

Ағаштардың тамыры, түптері аман!


Табиғаты тағдырлас тосындықпен,

Соғыс, соғыс... қойылсын сосын нүкте.

Әлдеқашан нүктесі қойылғанмен,

Жандар қанша әкесін, досын күткен!


Аналар ше...

жары мен ұлын күткен

Сөнбес үміт, көңілмен бүкпесі жоқ.

.. Қанды қырғын, майданның, қараулықтың

Күлімде, Күн, жалғыз-ақ нүктесі боп!

АҒАҒА АРНАУ ЖЫРЛАР


Бірінші жыр
Таза өзіндей табиғаттың тіл, кеудең...

Тез табысып кішімен де, үлкенмен,

Қанша адамды емдедің сен күлкі-еммен,

Өмір бойы жандың тек өз білтеңде...

Шона аға.
Мойынсұнбай мықтылардың мысына,

Шымшып шалар тіліңдегі қышыма.

Шыншыл сөзді іліп қойса шеккі емес,

Қай-қай басшы креслосының тұсына.


Шымшымалар шым-шым тарап бойына,

Қанша адамның қозғау салды ойына.

Тиек болды тамаша өткен тойына...

Сен лайықсың кескекті ердің сойына,

Шона аға.
Тілге араша түскен де сен ең алғаш,

Қайран ана тілден өткір жоқ алмас.

Оны айтудай айтып және өттің-ау...

Иә, өмірде имеу –иттік оған бас.


Шымшып, шынын айтқызарлық шын қуат,

Өмір бойы сарқылмайтын бір бұлақ-

Сөз.

Семсерін сілтер оңы-солына



Қимайды елің сені , аға, “көз жұмдыға”.
Аты арып, болса да өзі көк тақым,

Кейіместен кетті-ау деп те көпке ақым,

Қоғамды да дәл өзіндей болса деп,

Адал күйде арманда бір өтті ақын.


Орындалмай қойғаннан соң ойдағың,

Буып-түйіп бар қуатты бойдағы.

Ана жаққа кеттің бе тез аттанып,

Өзіңді өзің мәңгі құлыпқа қойғалы...


Әрбір жара ауызында сыздаған

Жаның тұрды...жаратылысы қызба жан.

Кеттің ерте...жеріндің бе жерден лас,

Тоңмойындар түңілтті ме сізді, аға!


Неге асықтың мәңгі оралмас жаққа әлгі...

Ортамыздан асығып тез аттандың.

Үлкен-кіші ауызында атың жатталды.

Сан жүректе сағыныш боп қатталдың.


Таза өзіндей табиғаттың тіл, кеудең...

Тез табысар кішімен де, үлкенмен,

Қанша адамды емдедің сен күлкі-еммен,

Өмір бойы жандың тек өз білтеңде...

Шона аға!

Екінші жыр

Бәлі, аға, аз күн сенімен боппын сұқбаттас,

Кәрі шөңге ақын-сен, ал мен балғын жас,

Алдыңда тұрдым жыр оқып... өзің секілді

Үміті ем, ұлы ем шешемнің мен де жалғызбас.
Сол жолы тіпті тағдырымыз да сәл ұқсап,

Бардық-ау қарсы бұрқанған өлең-ағысқа...

Түнгі әңгімеге Аманкүл жеңгем болды ортақ,

Қасымда тұр ең...

Кеткенің бе мәңгі алыстап?
Сол жолы мені қыбырсыз ұйып тыңдап ең...

Қиямын қалай ол күнді зымыран-жылға мен.

Ғайып елесің...

Саңқылдап қыран дауысың

Жап-жаңа ғана ... қасымда,аға, тұрған ең.....
Кәріліктен алыс, тартпаған еңсең еңкіш те,

Шақыратын-ды шілдеханаларға ел күштеп.

“ Шона ақын мұнда үй салдырғалы жүр” десті ел...

Сол жылы ... кеттің ауылға жиі келгіштеп.


Біріне жетіп, жетпейді миым біріне,

Бірде ауыр тастар түсірдің туыс үйіңе.

Бала күнгі сол білмекке құштарлықпенен

Бұл тірлігіңнің сырына ептеп үңілем...


Құштар көңілдің желігі-дағы сәтте өтті,

Аңырып қалдым, ақылымды әлде ат тепті.

Құлпытас екенін құдық басында жатқанның

Білгенде... кенет, бойым мұп-мұздай боп кетті.


Ондағы жазу...

“Смаханұлы Шона” екен!

Қайраты қайың безіндей , рухты, о, көкем,

Ауылға келсе-ақ ақ еден көңіл ағаның

Сүрткіштеп, оны төңіректейтіні сол екен.
Жобалап іштей қалғанын қанша жасының,

Айбын-сесімен ажалдың құтын қашырып,

Дұға оқып тұрған секілді еді-ау сонда аға

Ең алғаш өзі... басында құлпытасының!


Тұрды ақын солай өзімен-өзі сөйлесіп,

Өлімнің, әлде, жүзбе-жүз өзімен кездесіп.

Сол тастың соңыра (шімірікпеді-ау титтей де)

Астында қалып басыларына кеудесі.


Жұбатып өзін, нұрлы етіп сәл-пәл өмірін

Туған жерінен топырақ бұйырарына сенімі.

Тұрды ақын тағы, тұрды ақын тағы нені ойлап!

Тік тұрып қарсы алғандай еді ол өлімін!


ЖЕЛТОҚСАН ЖЫРЫ
(Қайрат Рысқұлбековке)

І

Жетті ғой, жетті... сорлы елді сырттан билеуі,



Қайдасың елдің намысын жыртқан билері!

Ресей суын бұруға сауға сұрап ек,

Не керек, бізге одан да ұрттам тимеді.
Кетпек пе қайран елімнің соры ашылмай-ақ,

Бірі бітсе, тағы бір құқай қоясың таяп,

Осынау байтақ жатқан кең даламыз біздің

болғаны ма Авгийдің ат қорасындай-ақ.


Ел қылсаң, жөндеп, қанеки, ел қыл біздерді!

Батырлар жортқан кешегі теңбіл түздерді

Олардың ұрпақтарына билету керек.

өзінде-өзі (біліп қой) елміз біз де еркі.


Есіктен кіріп, салғаннан төрақы пұлдай

Келген келімсек... өзіңе сор ақылыңды-ай.

Халқымның көші сан ауып түзелсе –дағы

Болмаған көзге шұқырлық сорақы мұндай.


ІІ
...Деп сенген еді... ер салған ұлдар пыраққа

жоғарыға жалтақсыз көп талап қояр.

Жоқ болып шықты бірақ бір тыңдар құлақ та,

НКВД-нің мылтығын оқтап атты олар.


“Ұлтшыл” деп танып, сөз салды суыт тарапқа,

Иіріп мұзға, тықпалап суық баракқа.

37-нің баяғы жандайшаптары

Болып жүр боздақтарымды қуып таратпақ.


ІІІ

Халық нөпірін момақан қойға дөп теңеп,

Парықсыз партократ-ай, ойнады отпенен.

Суырыла берді қылышың қынабынан тез,

Сан жылғы кекке кеткендей қойма боп денең...
“Жоқ деді ме екен бұл жұрттың шымшық құрлы әлі,

Тіземен тапап, аз ба еді тұмсыққа ұрғаны...”

Намысқа бағып... жетібас айдаһарыңды,

Алаңға бардың... інінде тұншықтырғалы!


Сондағы тарғыл төбеттің айтаққа үргені,

Жазықсыздарды ұмтылып жайпап бүргелі...

Пердесін жұлқып ,құйтырқы қоғамның-дағы

Жарамсақтардың жанын да жай таптырды ерім!


Құтқарды елін қорқаудың қаншеңгелінен,

Бірбеткей, ожар бас имей тағдырға Қайрат.

Демократияның дүдәмал тар шеңберінен

Ашылды саңылау осылай даңғылға сайрап.


...Тағзым ет , қауым, желтоқсан құрбандарына,

Алақанға салып аяла тірі жүргенін!

Қасқая барған аярдың құрған торына

Желтоқсан желі кетер деп түріп іргені...

Тағзым ет!

ЕЛАҒА,ЕЛГЕ ТҰЛҒАСЫҢ


Семсерімісің серттің кіл,

Өрттей бір өмір,өр жасын!

Төрінде туып Төрткүлдің,

Таразға тіккен ордасын!


Алпысқа келдің ...бұл да сын!

Елаға,елге тұлғасың!

Ағыны қатты бұлақтар

Өзіңнен алды,біл,басын!


Көрсең-ақ елден сал-сері

Жыртысын жырттың жақын боп.

Алақаныңнан дән теріп,

Жетілген жыршы-ақын көп.

Қанатың таңға шарпылып,

Қиялың кезіп ғаламды.

Іздеумен жүрген шарқ ұрып,

Таптың ба “Толық адамды”!


Ой қазып қалам ұшымен,

Қауымға серке сөз арнап,

Қазақы қоғам ішінен

Шыққан бір шер-сыр озандап!


Қазақтың саны өссе деп,

Қанға да малып қаламды.

Көшірдің тұнық эссеге

Сол күйі мына заманды.


Соғады жүрек шерменде

Босамай елдің қамынан.

“Тақталас” біте бергенде,

Сыңсыта салып “Жан ұран”!


Қанда бар кие-“ Текті” іздеп,

“Оралу” ата жұртқа бір

Жүректі бір бүлк еткізбек...

Ойсоқты Сана сыртта жүр!


Отырар күтіп алдан құт,

“Көріпкел” сынды болжамдап.

“Ақ періштені...” де арман ғып,

Аға едің жазған арман-хат!


Абайдың мұңы-басыңда,

Талайдың жүгін иыққа ап,

Ояттың гүлсар ғасырда

Ойларды жатқан ұйықтап!


...Құттықтап Талас жатты ұлын

Бірі-аға болса,бірі-іні...

Аққұмның сілкіп ақ түнін

Айқұшақ сезім дірілі!


АҒАМА
Желқайық сынды жағаға жете

Соғылды үміт жартасқа...

Селбестім сосын...

ағаға тете-

Наркескен нарттай алмасқа!
Наласы үшін иіннің бұла

Араны аулақ салмасқа.

Онысыз отау-үйімнің мына

Оты ше..

биік жанбас та!
Біздерге тағдыр түсін суытып,

Толқытты талай тосап –мұң,

Мен және анам...

үшінші бұты

секілді ед ағам ошақтың!
БІРГЕМІН СЕНДЕРМЕН
Құдыретімен қолдарыңның ескерткіштер қашалған,

Алапат сел тасқынына тосқауылдар жасалған.

Күн шуақты,

көлеңке де қалған емес тасаңда

Адамдар, біргемін сендермен қашан да!
Ақтардың сан жер қойнының інжу тектес кенін де,

Сарқылмайтын қуат көзі көкірегің сенің де.

Мәңгілікпен ғана өлшенер сендік ғұмыр тегінде.

Ғашықпын зәу тұлға, от жүректеріңе!


Бас иеді алдыңа кеп таулар-дағы еңселі,

Сендерде- үміт, сендерде-ой, асқақ мият, өр сенім.

О, адамдар, неткен көпсің,..

мен бірліктей өлшемің,

Құп-құйттай болсам да, бөлінбес бөлшегің.
Сендердегі махаббаттың табармын ба мен шегін,

Сендерге тек қызуын бар аямастан берсе күн.

Балқыр еді-ау жылылықтан, ұлылықтан дүние

Адамдар, артарым- сол міндет, сол сенім!

МҮШЕЛ ТОЙ ЖЫРЫ
/Р.Ниязбековтың 50 жылдығында оқылған өлең/
Корректор боп бастап ең күре жолды,

Өткен-кеткен,ескірген жыр еді ол бір,

Тырна көзді тұманың толды арнасы,

Айдын болды шүпілдеп,міне, мөлдір.


Жолың болды,жұлдызың жарқырады,

Әуелете шырқадың халқың әнін,

Корректор да боп көріп...жүр бұл інің,

Ақын болсам деп енді талпынады.


Оқта-текте жыр ауылы аңсатқаны-ай,

Қолың тимей,тек дәмін таусап,қанбай,

Қаламыңды қайрадың қара сөзге,

Шежіреге бойладың шаршап-талмай.

“Отағасы” боп ойға бекігенде,

Көздеп “Қызыл үйді” ауыл шетіне кеп,

“Алатау мен Қаратау” арасында

Әнің салдың қосылып “Жетігенге”.


Елуге әкеп тіреген бір қанатын,

Жүрегі жұбайындай жырға жақын.

Тұғырың таудан болсын,тасқара құс,

Таластың топырағында туған ақын.


Қасқайып қия-шыңға тартқан қыран,

Жанына жайсыз тиер жаттанды ұран.

Тартылсын жүз жаста да алдыңызға

Елуге кеп еліңнен татқан бұ дәм.


Рафаэлі Таластың,Рәпіл аға,

Көп еңбектің көріңіз рәтін,аға.

Туа берсін жұлдызды жырларыңыз,

Бұл қазақты шақырып бәтуаға!


САБЫННЫҢ АЛҚЫНДЫСЫ
Бұл атай талайларға дәріс берді,

Менің де құлағымда Сейдім үні.

Оты мол көкірегінде табысты елдің

Үміті, қуанышы, бейілі, мұңы.


Түбінде білтелі шам түнді өткерді,

Бетіне тор көз дәптер сия қатып.

Ілгерілі-кейінді дүрмектердің

Сақи сыр санасына ұялатып!


Түбінде ондық шамның жиған нәрін,

Салатын көгенкөздер талапайға.

Жанында ұғатынбыз қилы ән барын,

Тарихтай көрінетін әрі атай да!


Солай да солай, дәурен өтті-кетті,

Ағумен жанар жетпес алысқа әр күн.

Атайдың бойындағы отты, лепті

Тартады иірімі ағыстардың!


Өттіңдер , жылдар, желпіп жұпарыңмен,

Астасып алуан нұр, жалындармен.

Атайда ғұмыр-нала жұқарумен,

Жасампаз ғұмырнама қалыңдаумен.


Берердей сол бір май шам шырағы атой,

Кетілсем, көкірегімде отым кеміп.

...Үнемі көз алдымда тұрады атай,

Сабынның алқындысы секілденіп!


ҰЛЫМА СЫР
Сен туған күн-ерекше,

ол басқа күн,

Толып кетті маңыма жолдастарым!

Солай сенің арқаңда “қол” бастадым,

Әрі биік, әрі кең болды аспаным,

Олжасжаным!


Келді мені құттықтап бір көрген де,

Келді, келмей өкпелеп жүргендер де.

Уақыты жоқ, ісі көп үлкендер де

Риза болдым құттықтап үлгергенде.


Осындайда шаттықтың жыры өретін,

Қуандым мен дыз етіп жүрек етім.

Шіркін, неткен жақсы еді бұл адамдар

Шаттығыңды еселеп жіберетін!

АҚ СҰҢҚАР ҚҰС

( Ералы Дадабаевқа)


Ақын бойынан іздеумен жүрер ылғи мін,

Өнерге қаспен тікпейтін едің бірге үйді.

Жиналыстарда жырымды әуелі ауызға ап,

Олардың,аға,аузына талай құм құйдың.


“Көгершін жырым шығатын болды енді өрге”,

Деген мақтаныш атойлап сол сәт кеудемде...

Әлдекім оны аяқасты еткісі келгенде

Көтеріп алдың сен жерден!


Әкімқараның ақынға мойнын бұрғызып,

Осылай,аға,іс бастап едің бір қызық!

Қуанышыма ортақ болғансың менің ғана емес,

Өлеңімнің де күретамырына қан жүргізіп!


* * *
Қуатты жарқыл бар көзіңде,

Батпандай мән жатты әр сөзіңде.

Кезінде найзағай отындай жарқ етіп,

Шүйгіп кеп олжасын тез ілген,

“Ақ сұңқар “ атады өзіңді ел.

Ереке,ел берген баға бұл

Қымбат қой алтын,мыс,жезіңнен!

Халық айтса,қалып айтпас-ақ сұңқар едіңіз,

Құсқа сол теңеді дәл атап еліңіз.

Халықтың ау-жайын тереңдеп сезетін,

Бұл атты әперген іскерлік,ебіңіз.

Жетпей қос қанат тек,

Ізденіс,талап көп

Тоқырай бастаған тұста сол

Күйзелдің кей әкімқараны

“Уралап” алмақ боп ұмтылған

Тұралап жатқан сол саланы

“Сөзі көп,ісі жоқ популист-фанат” деп!

Тасыттың төлдің де қырманын,

Таласты көтеріп қырға бір.

Жылма-жыл малшыға слет қып,

Бүтіндеп бердің ер-тұрманын!

Мойны жар бермеген

Мін іздеп ісіңнен

Қадіріңді,Ереке,кешікпей түсінді ел!

Ой-қырға симаған түлікті біреулер

Не рауа сап қылса бірер жыл ішінде!

Сойынан едіңіз ақ сұңқар құстың сіз,

Талас пен Тантыны талайға танытқан

Жалын боп лаулайтын

Кішкентай ұшқынсыз!

Кеше ауыл,ауданды

Биікке көтердің

Бүгінде бүтін бір әулетке ұстынсыз.

Ойықтың бір кезде өшірмей отын шын,

Үзілмес үміт боп жалғанған көпірсің,

Ұмытпай өзіңді үлкені,кішісі

Абыздай қарты боп төрінде отырсың!

Жетпісің құт болып,нұрлы өмірбаяның

Саңқылдап көгінен өлеңдей оқылсын!


СЕРТ
Сағыныш жасы!

Барасың тіпті азайып,

өңіріме тама-тама сен!

Беруші ең қуат ғажайып,

Жалғыздығыма араша ең!

Арманым әлі албырт, ұқ,

Келеді күнге жалғанғым.

Ең солғын әнсің барды іркіп,

Ең соңғы тамшың тамған күн!

БІР МҮШАЙРАДАН СОҢ...


Мұңымды үстеп мұқалтқаның не, Мүшайра,

Жүйкемді сонша жұқартқаның не, Мүшайра,

Жігерімді менің жасытқаның не, Мүшайра,

Бойымдағы қанды тасытқаның не, Мүшайра,

Жүрегімді менің жаралағаның не, Мүшайра,

Көңіліме патша қарамағаның не, Мүшайра,

Киелі жырды айналдырғаның не ермекке,

Айналайын-ау, ақындығыма баға бер деп пе ем...

Ақ пен қараны айыра алмадың, алжастың.

Қыран құсыңды қайыра алмадың- қар басты.

Шалықтап күлді шаужайымнан келмес шау қарға,

Бәрінен бездім, басымды соқтым тау жарға,

Өзімшілдігің өзегімді өртеді-өкіндім,

Өсіру орнына өшіре жаздадың отымды.

Тасқын-ойларым... алмайсың алдын тұсай да,

Бастыра алмаймын кеудемді саған, Мүшайра!


ҚАЙСАР ЖЫР
Басталды ол тым-тым әріден...

Басталды Аврорадан!

Шаруа кегі сәріде

Айналды оққа бораған!

Сәріде қайсар жыр туды,

Кіндігін кесті кекті жұрт.

Мінезіменен мың түрлі

Бұрқ та сарқ көшіп өтті бұлт.

Жаңара жайнап жасаң жер

Көктеді, жаңа ашты арна.

Қынында жатсын қашанғы ер,

Қабарды қаны қастарға-

Революция басталған!

Түледі сәтте қыр мына,

Жасампаз рухты күнге еріп!

Орнынан қаз-қаз тұрды да,

Адымдап кетті ілгері.

...Бүгін де таңым нұрлы атты,

Қаншама жүкті сілкіді.

Қаншама жылды жырлатты,

Революция дүмпуі.

Сәріде туған сол сарын

Жаңғырып әлі естілер.

Көзінде дәуір болса мұң,

Жасыныменен кескілер!

Бұлқынып жатыр әлі де,

Бүлк-бүлк жердің құрсағы.

Жалғаса берер әріге

Аяулы революция!
ҚҰРЫЛЫСШЫ ТУРАЛЫ ЖЫРЛАР
Оның құрыш қолдарынан туды ұлы іс,

Маңдай тері тамған тұсқа тұнды ырыс.

Цунамидей жиі тербеп тұрады

Тұла бойын кіл қозғалыс, бұлқыныс.


Бейне қыран қанатындай серпіні,

Ол- елінің еңбекқұмар ерке ұлы.

Жүрегі -әсте тыншымайтын еңбектің,

Сілкіністің бейне эпицентрі.


Монументтей біріксе, ерек соғылған,

Сапын жарып өте алмайды оғың да.

Күрек, қайла, қалақшаның ғана емес,

Дүниенің тұтқасы –оның қолында.


Дәуірдің де ол- қашанғы сыйласы,

Ауыр күннен айылын да жимас ұл.

Өз тұлғасы етіп өрді әу баста ол

Египеттің әрбір пирамидасын.


Саусақтары сан алуан шашса зер,

Мозайка етіп тас екеш ол тасты өрер.

Қожа Ахмет Яссауи күмбезін

Алуан зермен әдіптеген хас шебер!


Жүр ол бүгін құт орнында дән күреп,

Еңбек десе, елжірейді тән, жүрек.

Соққан жайы күннен күнге сәндірек.

Бүгінгісі өткенінен мәндірек.


Келешектің күн- бейнесін мүсіндеп,

“Бәрі адамның игілігі үшін тек”

Деген сөздің мағынасы мен мәнін

Сол арқылы түсіндірмек, түсінбек.


Айып па екен алыпқа бір теңгерсем,

Халыққа оның сомдап кейпін мен берсем.

Маңдай термен келген әрбір ісінің

Ләззатына балқығанын сен көрсең!


Соның күші: жау аттатпас өремнен,

Жақсы өнердің жаңғыруы көнерген.

Біреу маған “мәңгі жасар –десе,-не”,

Ол –жұмысшы, оның ісі дер ем мен!


* * *
Құшағын ашқан таңдарға,

Жібермес есе жылға да,

Қызықпас, сірә, жан бар ма

Шарболат мына тұлғаңа!


Көгілдір көзді кештерге,

Орнай да қалдың нақыш боп.

Қойынын ашқан ГЭС-терге

Асықтың ерке ағыс боп!


Шарпыдың шаруа ғұрпы боп,

Күнгей мен теріскейді де.

Сәуірдің шаңқан бұлты боп,

Қандырдың жаңбыр-пейіліңе!


Төсінде тұнды бақтардың,

Жұмбаз да жұмбаз терің де!

Зәу тұлға ғимараттардың

өрілген кірпіштерінде!


Қандай бір күштен жаралдың,

Шарпыған мені өртпісің!

Жіберердейсің ғаламның

Құбыла етіп төрт тұсын!


ЖИЫРМА БЕС- ЖАС ДӘУРЕН
(цикл)
Бағзы әуені балалық- алыс күннің,

Миды жеп ,мазалайды валъс құрлы.

Сусынын сарққан ыдыс екен ол күн,

Бүйірі солыңқы бүгін каництрдің...


Алыста қалып қойды,

келбетінде-от,

Көрсетпей де барады перде –түн боп,

Балалық- Балъзактың романы емес,

Қызыға оқып шықтым,..

енді оқу жоқ!


* * *

Нұрлы шағым,

(барады күн-түн үдеп,

Құлағымның етін жеп мұңды сарын)

Қарсы алып ең, кең ашып гүл-құшағың,

Енді алыстап барасың:

Сынды сағым.
Сенен,

Сенен біржола безінгендей,

Жүрек лоблып, лайтып, көзім көрмей,

Күн-түн алыстап барам,

кеңістіктен

Салмақсыздық жағдайын сезінгендей!


Көтеріліп барам ба, сен жерде қап,

Тәніңді қар, жаңбырға- селдерге орап,

Е тене боп өзіңмен кеткен көңіл,

Танып келер күндерден енжар қабақ!


Құс та қайтпай қалыпты күнгейіңнен,

Көктем,


мені құшпайсың гүл-мейірмен.

Қалғандаймын шабандап,

тым кейіндеп-

Орбитамнан ауытқып жүрмейін мен!


* * *
бұл неғылған қорқыныш,

үрей нендей?

Ұлы ем ұлы ғасырдың үйелмендей,

Кеше емес пе?...

Мен мәңгүрт күй кешіп ем...

Маңдайым тасқа-

саған тірелгендей...
ғасырдың ғажап ұлы түңілсе ме,

оған да табылады бүгін

себеп:

Кеше келіп қонаға жеткен едім,



Ат ерттеп шығып барам бүгін сенен!
Бастады мені-дағы үрей меңдей,

Ұлы ем ұлы ғасырдың үйелмендей.

Жеріңнен күнелтуге енші түгіл,

Шығарып салдың,

сынық сүйем бермей!
* * *
Ей,жастық!

Сенде-өң, сенде-жарасым,

Сендегі жиһаз атаулының бәрі-

бәрі асыл!

Мен айтсам:

махаббатымның

сенде өтті премъерасы!
Талантқа байсың...

Жүйрікке-дағы сөресің!

Ей, жастық, жастық, -бал есім!

Жиырма бес-

өзіңді тауып,

жоғалтып алар жер осы!


Бұлықсып бұла

бұлшық еттеріңе бітті еңбек,

Сен соққан үйлер тіптен көп!

Бұрқ та сарқ ,

жанартауларың

атылып әлі біткен жоқ!


Кеткендей жыл, ай, күн тұрмақ...

Саттар, Ғани жүрегінің бұлқынған.

Қып- қысқа ғұмырнамасы

Ұзартып сені мың жылға!


* * *
жиырма бес,

білем сені жастығым деп,

Құдыретіңе кәріні, жасты да үндеп!

Бүгінде рухың маған жол сілтейді

Айнымас темірқазық-

дәстүрің боп!


Иінімнен басып

барады, қарадай түн

Түндер қанша жаныңды жаралайтын.

Сен – реактивті самолет

аспанға емес,

Өміріме түсірген жолағы айқын!


Сен –жүрексің,

Жүрексің, жоқ та дауым,

Матросов боп өткердің оқ боранын.

Құламай тұрды Брест боп қамалың...

Тоқтамадың,

басса да шоқ табаның...


Тоқтамадың, Әбдіров боп- жанарың,

Түу-у биіктен топ танкке көп қарадың...

Сол күйі кете бардың отқа оранып!

Бізге енді соғыстың керегі жоқ,

Керегі – сенің мәңгі тоқтамауың.
* * *
Айырылдым сенен- барлық мағынадан,

Амал не,

басқа жанның бағына бол.

Құшағыңа ал, жып-жылы тәніңе ора,

Мені есіңе алмайсың!

Мені ғана...


Менен басқамен достас, достаса біл,

Мезеті өтсе , мейіріммен қоштаса біл.

Тұнып жүрер ме көзім жасқа тағы,

Сынып жүрер ме өзің жоқта сағым.


Босамаймын,

жарты көңіл жанардаймын,

Қатып-семіп,

қарайып,


қабармаймын...

Өткен емес,

енді өтетіндей көріп,

Еске алумен жүремін сені әр дәйім!


ТАЛАС ҚЫЗЫНА
Қайсар қыз, түнде түске енген,

Үлбіреп торғын шәлісі.

Боранмен, қатал қыспен де

Есте ғой арпалысы.


Жайылды жұртқа аты тез,

Эфирге тарап толқынды.

Боранды-ай, неткен қатыгез,

Солдырмақ болды-ау сол гүлді.


Азығы- малта құрт қана,

Үш тәулік жүрді қыз түзде.

Адасты... кірпік шықтана

Болды әрең ие тізгінге.


Мал басы аман, дін-аман,

Жүрдек жел аяқ тұсаған,

Тораңғылы ойға құлаған...

Отардың алды түс ауа.


Қыстаудың тұсын аңдамай,

Қалыпты-ау жосып жүргенде.

Нұр жүзін өпті таңғы арай,

Шопан қыз көңілін бір демдеп.


Көрсеткен қыры қыстың бұл,

Тарқады бірден сыз бұлты.

Зілмауыр мұңды үш күнгі

Иінінен сілкіп қыз тұрды...


АРЗУ-ӘН

(С. Томановқа)


Шақ туды шайырдың да хақын сұрар,

Шарт сындың ойда жоқта Ақын-шынар!

Бұл өзі...Секе-ау, сенің аз уақытқа

Қалжырап, қалғып кеткен сәтің шығар!

Елуде тойланбаған тойың қалып,

Еліңде кесек-кесек ойың қалып...

Дүниеден бір дүлдүлдің өткендігін

Қинала-қинала,ақыры мойындадық!


Сен өлдің- аспанда бір жасын өлді,

Жазуы жаратқанның осы болды.

Сені-жер, ал жасынды-көк арулап,

Өксіп жыр, қабіріңді жасы көмді.


Сен өлдің- аспаннан бір жұлдыз ақты,

Күннен ап көлеңкеңді , түнге ұзатты...

Сол жұлдыз жолыменен түнге қарай

Тәңірге жүрегіңді сүйгізе ақтың!


Жұлдызың атбесікті отпен құшты,

Жердегі бағып көктен көп көнбісті.

Төңіректеп Тектұрмасты жүрер енді,

Арзу-ән таң таңдайлы, көктем түсті.


Жатырсың жұмақ жырын еркіңше иіп,

Аядай ақымына көрдің сиып”

Ел жаққа жолдап үшбу сәлеміңді

Табанын Таласыңның ернің сүйіп!


СОЛ БІР АПТА
(Д.Қадірхановқа)
Мұңсыз-қамсыз сол күндер Меркідегі...

Бірден-бірге жүректің дерті кеміп,

Ұмытылып уайым, жүйке тыншып,

Жып-жылы ағыс бойымды ерітіп еді.


Санам санға бөлінген, ойым мыңға

Түгелденді табиғат қойынында.

Өзімді-өзім ұмыттым... ол аз десең,

Ойдан шығып үлгерді Ойығым да!


Тау соңымнан орамал бұлғап, еріп,

Төрт құбылам теңелді мұнда келіп!

Пендешілік, фәнидің жалғандығы

Ұмытылды, дариға-ай, мұң да кеміп!


Жасыл нулы, суы да мөлдір аққан

Меркі, Меркі... қалды енді ол жырақта.

Аясында Аспантау аунап, қунап,

Ой шалқытып, бой жазған сол бір апта!


СЫР
Жек көрдім соны- кімде-кім шектен сәл асса,

Өктемси келіп, өнбесті даулап таласса,

Шая-бая боп неғылам... балам, бұл өмір

Сенің түсінігіңмен санасса!


Есептеулі еді менің де әрбір қадамым,

Қай жақтан дауылын ұйытқытар деумен заманым.

Отырмап па едік... жинақталып-ақ біз елде,

Құрыды енді амалым.


Шотқа сап, таппай өмір сүрудің есебін,

Күн өткен сайын барады үдеп кеселім.

Әкеңнің жайы осы енді, ақылсызым-ау,

Шылауында кеткен шешенің.


Сүйейтін жан жоқ менің де қазір басымды,

Өкіндім өрге домаламағанына тасымның.

Жанымда жоқсың бірің де, басы қосылмас

Сынаптай сусып , шашылдың...


Қасымда жоқ қой, анам да аңырап шетте жүр,

Мені, ұлым, ұғын... қатыгез деп те сөкпе құр...

Басы құралмай, қиюы қашқан дүниенің

Біріне-бірін жеткізем деумен өтті өмір.


“Шыр” етіп алғаш есігін ашып кіргелі

Тұтқыны әкең тар, қапас өмір-түрменің.

Құтылу жоқ қой ал одан өле-өлгеніңше

Есебі оның күрделі...


ОТАШЫ
(Тілеухан Әбілдаевқа)
Оташым, қандауырың қолыңда ойнап,

Тастадың тәннен қанша сылып дертті.

Елге еткен сол еңбегің көрінбей қап,

Сыналдың ортасында тұрып та өрттің!


Таныттың кәсібіңе, антқа адалдық,

Өлеусі, өлі тәнге өмір беріп.

Қиындық, қилы асулар артта қалды-

Кемеңнің бұрдың бетін сен ілгері.


Алғыспен өрдің өмір ,тағдырыңды,

Жанды іске жұмсап бақтың жан-діліңді.

Қалпыңды сақтап қалдың сол бұрынғы,

Халқыңның қамын күйттеп, сан бүліндің!


Білмедің күн батқанын, таң атқанын,

Тыңайтты кәріні де, жасты да емің.

Тамдыда туып, темірқанаттанып,

Тауларға беттеп ұшқан тас түлегім!


Жатқанда ажал шіркін “оғын ұштап”,

Балаға, анаға да қолы қысқа.

Ұсындың жанашыр боп жәрдеміңді,

Өйткені, бас емші өзің- облыста!


Еңбектің жанғаны ғой көпке ұнасақ,

Келесің барды ұқсатып, жоқты жасап.

Ісі жоқ дау-шарменен, дәл өзіңдей

Қойдық-ау жарымай-ақ тектіге осы-ақ!


БІР АДАМҒА
Ит өліп жатыр ішімде

Шамасы келмей үруге...

Жалбырап терің тісінде

Таланбай өтсең тіріңде...

Қайтесің, саған сол да-олжа!

Тірлігің-қуған елес құр,

Ит тірлік мына (болжалда),

Жалықтырмай ма сені ешбір.


Сәлемі аз, көптеу сұсыңмен

Дүние жиып тірнектеп.

Өлшеулі өмірің үшін де

Өзгені сүріндірмекке

Ілік іздеп жүрер, сөз кеулеп,

Саяқсып, жеріп елден де...

Күшеншек, кесір, боз кеуде

Аяймын сені мен кейде!


ЖУРНАЛИСТЕР
Сөйлейді халықтың атынан,

Сөйлейді бала боп, дана боп.

Өлмейді хаты да,

Еңбегі-Ертеңге аманат!


Тіршілік тамыры бүлкілін

Тап басып таниды.

Сөзуар журналист шіркінің

Сөйлейді төрінен әр үйдің!


Қаламмен қазады ой кенін,

Қажуды білмейді тіптен де,

Олардың жазған әр сөйлемі

Алтынмен апталып,

күміспен күптелген!
Қоғамдық сананың көшін де

Сүйрейді өрге кіл.

Күнде бір газеттің кіндігін кесумен

Құрғатпас жөргегін!


Халқының қамын жеп қиналып,

Гү егіп өртеңге,

Әр сөзін бұйда ғып

Бүгінді жетелер Ертеңге!

Дүниеге сөз келіп әдемі,

Құрметтеп сол бір сөз –киені,

Жеткізер жүректің сәлемін...

Олардың алдында басымды иемін!



МЕН БІР ЖҰМБАҚ АРАЛМЫН

АҚЫННЫҢ ЖҮРЕГІ


Бір қайғы,бір қызық аралас,

Бытысқан миымның іші кіл.

Тырнайды санамды шала мас,

Мияулап мауыққан мысық-үн!


Кірленде күні өткен кірді үгіп,

Мен де бір жұқарған алқынды,

Сонда да халменен тірмізік,

Өмірге өзімше талпындым!


Бар қызық үптеліп кеткендей,

Уақыт-ұрының уысында.

Азапты елемей шеккен кей,

Білінбей жұтылам тылсымға.


Аңысыз отырар жыр құрап,

Баяғы бал күндер жоқ-ұқтым,

Орнында қаңырап жұрты қап,

Келмеске көшіп те кетіпті.


Жоқшымын,түсінбей затымды,

Өксігім басылмай өлеңде,

Азабын арқалап ақынның,

Жүрегін көтеріп келем мен!


* * *
Тіл қаттың көктем жақтан сен,

Мен бүрсең қақтым күзімде.

Ғұмырым-гүрлеп аққан сел,

Қалмапты-ау түк те ізінде.


Аға боп алға түстім мен,

Шашым да тартты буырыл.

Шарпысқан отты ұшқын-мен.

Бойымда жастық буы жүр.


Көк пенен жердің көбесін

Бұзып та жарып өтетін,

Арманның қуып елесін

Жер түбіне де жететін.


Арудай ашық маңдайлы,

Омырауы дір-дір еткен,

Жастыққа ілесе алмаймын

Жамау да жасқау жүрекпен!


* * *

Күйреді кешегі өмір-“қымбат хандық”,

Санада сәби болмыс құндақталды...

Соны енді сам-соз күйде жырлап, қалғып...

Жүктеді жүрегіне мың батпан ғып.

Құландай жеріп, тастап жүр қағын да,

Көне ме бірақ, құрғыр жыр дамылға!

“Тентегін” бесігіне бөлеймін деп,

Жүгірер бірде онда, бірде мұнда!

Дөңбекшіп ұйықтамайды ақын...

Ол да

Ең басты жырын әлі айта алмай жүр,



Жанартау жарылмаған жатыр онда-

Жанартау арамызда байқалмай жүр!


БАЗЫНА
Қалып қойған қиянда бір аралдай,

Көкжиектен көзімді тұрам алмай.

Өзіме-өзім жұмбақпын...әлі күнге

Жібі түзу бір жинақ шығара алмай!


Әкім болса бір ағам,бір ағам-бай,

Қарасу да татырмас бірақ,алла-ай,

Қадір-қасиет қалсын ба ақыныңда

Өзі мұндай болғанда,жыры анандай!


Бірдеңелер бердім-ау елге мен де,

Есіл-дертім,әйтеуір болды өлеңде!

Топырағы аралдың құрылыққа

Қосылады –теңіздер шөлдегенде!


Жапан түзде жалғыздық мұңы меңдеп,

Көкжиекке үмітпен үңілем көп.

Көк жүзіне кеудемнен сүрлеу түсер,

Қауышармын таумен де түбі мен деп!


БАЛАЛЫҚПЕН БЕТПЕ-БЕТ
Көкірегімде балалық-құлын кісінеп,

Баймаханбеттің “Байтан” ғой бұрынғысы деп,

Тұрады бордай үгіліп Баймаханбеттің

Балалық шаққа бүйрегі бұрылғысы кеп!


Өмір өзгертті,ол атты олқысынған кім,

Қарсы алып тұрып өзімді жол тұсында әлгі

“Қарасақал боп қалған ба...” деп ауылдастарым,

Іздейді сарыбаланы болмысымнан кіл.


Жел қағып жүзін, көзіне шағылып үр күн,

Сағызын теріп шарлайтын шағылын құмның.

/Неге осы жиі есіме сала бердіңдер/

Өзім де оны өлердей сағынып жүрмін!


Кісінеп,шауып кеудемнен өткен құлын –үн,

Бала кез-көркем,көкорай көктем күні кіл.

Отырам жинап,қайтадан бүтіндей алмай,

Быт-шыт боп сынып,шашылып кеткен сынығын!


Анаммен бірге қалды ол мұң кешіп төбеде,

Жылдарым болып жатқызған бесіккен бөлеп.

...Шіркін-ай,мына дүние тал бесік тұстан

Бұлықсып шығар үнімді есітсе ...кенет!


АҢҚЫМА
Қалай,қайтіп түскен өзі,тоба,дақ...

Көңілім-кір,сезімдерім-қожалақ.

Күбірлескен екі иініме мініп ап,

Менің Муза –періштемнен обал-ақ!


Ауырсындым,

қ ауырсынды қалам ап,

Қарым сынды/қаным,саған- аманат/

Екі дүние айрығында ғұмырым

Жантәсілім күйде қанат сабалап!
Дүниенің дидарында-үр таңбам,

Илхамымнан иманыма нұр тамған...

Айға қарай арабы айқай ұзатып,

Жүгінетін,жүрегім,сен-бір қағбам!


Періште емен,менде-дағы бар күнә,

Иман жолдас жан дейтұғын жартыма!

Бәрін Тәңір көріп,біліп тұр,міне,

Қанымда жүр қазақы бір Аңқыма!


ЖАЛҚЫ КҮЙ
Артында тіккен қара қосы қалып,.

Қырда анау...

(қабір көрсек, шошымалық)

О, қанша жақындарым жатыр ұйықтап

Жер-мәңгі мекеніне көшіп алып!
Мәнді іске мойыныңды бір бұра алмай,

Біріңді екі етіп те үлгіре алмай,

Кетесің жарқ еткен нұр ішіне еніп,

Ғұмырың- сәуле ғой бір күндік , алла-ай!


Хақ үшін хан да, қара халық та бір,

Не жайсаң жатыр қырда алып дамыл.

Сүйегін аруақтардың теңдеп алып,

Жер- жүзген күн астында алып қабір!


Маңынан аруақтардың күлкі қашып,

Сая боп тұр демесең бір бұтасы,

Дос та жоқ, туыс та жоқ...

басында тек

Жүгінер құран оқып құлпытасы!
ОЙЫҚ
Ақ түр салған секілді жасылға ойып,

Ақ сәуле тау-сәждаға басын қойып,

Құлағыма сыбырлап ерке Талас...

Әлгі әзірде тұр еді қасымда Ойық.


Енді ғайып...тек көңіл алағызған!

Жатты жүз қырық шақырым арамызда.

Сағыныш боп сол ауыл құшағында

Қалып қойды-ау қол бұлғап қара қыз да!


Аңсау-шерден түсіп жүр жетеме езгі...

Аздырып та алды-ау деп көп ез елді.

Кейде саған құсша ұшып жетсем деймін,

Кешіп өтіп жеті асу,жеті өзенді.


Қалдырғандай өзіңде бірдеңемді,

Алаңдаумен мен де елу бірге келдім!

...Құлдыраңдай жүгіріп сенен шығып,

Көкжиекке бет алды сүрлеу енді!


ЗӘҺАР
Бейғамдық бар жүзімде.Ал...

Ұлыйды ішім,

Анамды іздеп төрт бөлген түн ұйқысын.

Өлгенім жоқ-анасыз кештім ғұмыр,

Көргенім жоқ тағдырдан шыли қысым!
Зулайды ағып Уақыт,тоқтасын ба,

Салады әлі ол біздерді отқа,сынға!

Үн қата алмай ,датыңды тыңдата алмай,

Бізге де аяй қарайсың көк тасыңда!


Өткізе алмай сөзіңді ұл,келінге,

Өпкізе алмай жүзіңді күнге ,гүлге.

“Ауылым”деп барғанда не опа таптың

Түбі осылай боларын білмедің бе?


Басқа түссе ,неге де “құлдық” едің,

Дәрігер де дерттің кеш білді ме емін.

Сені,анашым,күте алмай... өлімге де

Қолдан беріп алдық па,кім біледі?


Сен жайлы жыр өшті ме,басталмай шын,

Дәурен ауып кетті ме бастан байсын.

Екі дүние шегінде арпалысып,

Әлім-берім халде әлі жатқандайсың!


* * *

Тағдыр-сұм ғұмыр-ғазалын түгесті Ананың...

Көзімнен жұлдыз ұшқындап күнеске ағады!

Тұмарлап сақтап хатыңды, артыңды тұлдап,

Сені, анам, мен болмасам кім еске алады!
Тәрк етер түзге әнін ұл, сәлемін келін,

Мауқын бір басып,семеді пәлегінде мұң.

Кете бардың-ау бақиға

аядай ғана

Табытқа сиып, ең қымбат әлемім менің!
Баяғыдай бөртіп піседі тандырында нан,

Ауыл да аман, төпеп тұр-жаңбырың да аман.

Бәрібір өбек-сезім мен бәйек-үніңді

Қайтарып бере алмай жүр тағдырым маған!


ПЕРІШТЕЛЕР ӘЛЕМІ-АҚ ӘЛЕМІМ
Тұнжыр көз,бекзат болмыс,әбе мүсін,

Аспан!Қиял,ертегі әлемісің.

Ғафу ет! Сені түгел кеудеме әкеп,

Орнатпақ болған есек дәмем үшін!


Сенің от жанарыңа кезігіп ем...

Жер-мәңгі ғашығыңның өзі білем.

Уызы ақтарылған езуінен

Бәлкім,сол жердің ғашық сезімі-мен!


Өзіңмен рухым бірге,біл,аяла!

Сіңемін түптің түбі нұр-аяңа!

Құс жолын барады,әне, емізгелі

Сүт саулап омырауынан Ұмай-Ана!


Періштелер әлемі-ақ әлемім,

Ұлы ана,асқар таудай әкем едің...

Арылу үшін мұңнан,құлазысам,

Сені ылғи көз алдыма әкелемін.


Тұрасың мөлдіреумен күні-түні...

Аспан, сен адалдықтың ұлы тіні.

Ұйыған Ұмай- тәңір үлгісіне

Ұштасқан жердің көкпен үмітімін.


Біргемін,бір өзіңмен демім де алар,

Ақын ем,сен деп жыры өрілген әр,

“Аспан” деп тыншып,бір сәт көз ілумен,

Өзіңе қарап жатып өлуге бар!


* * *
Бозталдың иінінде-сарқырама,

Шағылып айға жүзі жарқыраған.

Қанатын жайып мұқым атырапқа,

Төнеді,төнеді түн барқын ала.


Жол беріп артқысына алдыңғысы...

Аунақшып жатыр толқын...тарғыл-түсі.

Біртүрлі тілі тәтті былдырлаған,

Қозғайды сезіміңді бал күлкісі.


Сол сарын тербетеді түн-бесікті,

Қалғиды құшағында гүл де шықтың.

Балбырап ұйқыға да шомады ауыл

Ағын су әуенімен үндесіп кіл!


Маржанкөз,үлдесі мен бүлдесі-зер,

Толқынмен тұрам түнде тілдесіп өр.

...Жаралып бір кез таңның таңдайынан,

Менің де өмірім толқын түнге сіңер!


* * *
Біртүрлі...көңілім шөл боп құлазып,

Отырам кейде бар мен жоқты жазып,

Барады қалам суып-санам суып,

Сен қайда жүрсің,сезім,отты,нәзік?


Жалының бір жалт етіп өшті ме құр,

Аулаққа ...мені тастап көшті ме жыр.

Мөлт етіп тамған сия-көз жасымдай,

Ұшында қаламымның өксіді өмір!


* * *
Қызықтырға ғажайып куә бал шақ,

Енді оралмас-мейлі,еске ал жылап,аңсап!

Қаперсіз боп тудық па ,құдайым-ай,

Қиялға еріп,қудық па туа мансап.

Балалықты жоғалттық көңіліміздегі,

Құмыр құсша таң сайын тұрар ән сап!

Қайтерсің,жад нәпсімен дуаланса,

Мансап қудық сүрініп,құлағанша!

Мойнымызға жүктеген күнә қанша!

Арылар ма екенбіз мұңнан бір сәт,

Көзімізді жасқа бір бұлап алсақ!
* * *
Шиырладым із түспеген өрісті,

Жеке өзімнің сүрлеуімді тапсам деп.

Нәмарттармен несібемді бөлістім,

Жыр шырағын жүректерде жақсам деп!


Кейбір ағам ақылгөйсіп түсті алға,

Таңғы ісімді жүргенімде кешке артып.

“Түбім шикі” екендігін тұспалдап,

Күлімсі исі көкейінен есті аңқып!


Өз қолымды өзім батпай кесуге,

Тындым іштей-несібеміз бірге еді...

Ал бірі,рас,өлеусіреп өшуге

Айналғанда...үмітімді үрледі.


Бір ағама өткізе алмай қолқамды,

Таңырқадым,танымай қап ортамды.

Ешкімнің де айтқанымен жүрмедім,

Жортып келем жалғыз-жарым жолда әлгі...

Қайдан шығар екен деп тың сүрлеуім!
* * *
Досым қанша-білмеймін,

Жауым қанша-білмеймін.

Қызыл-жасыл ғұмырым,

Арасында жаралып

Теріскей мен күнгейдің

Байып батар күндей мұң!


Ешкімнен сыр жасырман,

Бөліп берем басқаға от.

Жауыма деп жасырған

Қойынымда тас та жоқ!


Көрінер дос-көңілдің

Бәрі-мөлдір,бәрі-асыл.

Келем бе әлде,өмірдің

Ұқпай ақ пен қарасын!


Өр мінезбін өзімше,

Сүрем өмір үмітпен.

Адалдығы сезілсе,

Жауыма да жібіп мен!

ҚҰМЫР ҚҰСТЫҢ ТАҢДАЙЫНА ҰЯ САП...
Жыр жазу қиындап барады,

Оқырман талабы өскендіктен бе

Шаршатты әбден шиырлап сананы,

Көне елес,көшкен түстер де...


Не керек,түкке тұрмайды,

Кешегім қасында бүгіннің.

Саздары біткен сырнайдың,

Жасыдым-жасынға жүгіндім.


Тебірент,тербет көңілді,

Кеткен жыр Һаям ұғынбай...

Кешегі ән-ержеткен ұлдың

Ескірген жаялығындай!


Таң сайын тылсымға ұрынам,

Тылсымның жұмбағы да мен!

Пәк күйде кірсін жырыма,

Орансын құндағыма әлем.


Жыр жазу қиындап барады...

Жұмбақ боп қалмауым үшін де

Сендерге сырымды ақтарамын,

Мейлің түсін,мейлің түсінбе!


* * *
Сағынышымның түсі сап-сары екенін білем мен,

Қайғы мен мұңның қап-қара түсі түнерген!

Арманның түсі-ақ, адамның жанын алуан түс

Нұрлы бастауға айналдырып-ақ жіберген!


Адамның жанын нұрландыратын түстерге

Жалынын тосар,қуатын қосар күш кемде,

Ашумен келем құшағымды мен де ,дариға-ай,

Бәрінің нұры бір маған тіктеп түскей деп!


Арманның елі шақырса,құс боп сонда ұштым,

Теңізге көбік сапырған талай жол түсті.

Ақындық сезім,ей,менің жарық әлемім,

Жоғалта көрме өзіңдегі бояу-болмысты.


Жоғалта көрме көңілімнің әсем бояуын,

Көркем ойлардың орманын кезген ояу үн!

...Көңілімде менің бояуын сақтап әлі тұр

Балалық,шіркін баяғы!


МЕНДЕГІ ЖЫР
Көктем сынды бұла шақ өтпелі бұл,

Көкорайлы көктемдер өтпеді құр.

Қолқалама, құрбым-ау, мендегі жыр

Онысыз да төгіле кеткелі тұр!


Ақтарылып кетуге сәл-ақ қалып,

Не түрлі саз осынау шанақтағы,

Не түрлі сыр осынау кеудемдегі...

Арпалыспен өткердім сан аптаны.


Бала шақтың бедерін, көне мөрін,

Сақтап қалған бойында өлең едім.

Құлақ күйі бабында домбырадай

Тиіп кетсең, күмбірлеп жөнелемін.


Алуан күй, дариға-ай, мендегі ерке,

Тулайды кеп, тулайды пернелерде...

Аңдаусызда жөнелсе ақтарылып,

Ие бола алмаспыз сен де, мен де.


Көптен бері жүр едім тіл қата алмай,

Тіл қата алмай, жырымды тыңдата алмай.

Бұлақтай бір теңізге құятұғын

Қалай жатам барымды бір қотармай.


Симай барам көк пен жер арасына,

Бір көрейін жырымды таң асыра.

Мен бұлақ ем, бұлақ ем, сен- теңізсің

Түсер барып соңыра сабасына!


ҚҰСНИХАТ
Қала жатыр ұйқысырап,есінеп,

Музыкасы ми сапырып кабактың .

Алқаштардың ию-қию кешіне

Азан үні араласқан абат түн.


Қызыл,сары,жасыл көзі жыпықтап,

Көмекейі бүлкілдейді көшенің

“Ібілісті жеңісімен құттықтап,

Қазақы діл құбылаға көшеді”.


Деп күбірлер дұғалы аят ішімде.

Қайдан келдім,қайда жүрмін,ой,мұнда!

Айыра алмай өңім,әлде,түсім бе,

Сәмсірейді санам қала қойнында.


Ұйқылы-ояу масаң қала,мас көше...

Тұр ұяттан жүзі алаурай өртеніп.

Жүйіткіген әлденеге бәстесе,

“Джиптердің” жарысынан жеркеніп!


Сайқал түнің аза бойды қаза ғып,

Қаланың құс төсегінен күнә өрер...

Ал біреулер сол күнәдан тазарып,

Ниеті құтфан оқуға кеп тірелер.


Түнде осылай ұйықтамайды ылғи да ел,

Бір-бірінің жууменен күнәсін.

...Қайран қала жатыр мең-зең бір күйде

Жәдігерін жоғалтқандай бір асыл!


ӨЛЕҢ ДЕГЕН ЖАЛҒЫЗ ШЫРАҚ...
Өлең деген жалғыз шырақ...

түбінде


Жантәсілім еткелі әлсіз күбірлеп,

Періштелер тілінде

Сезім жатты қанаты әлсіз дірілдеп!
Жалғыз шырақ көрген емес бір қалғып,

Өлең деген ...өз алдына бір хандық!

Оты әсте өшпеуі үшін мен оған

Жүрмін қанша сезімімді құрбан ғып!


Айналшықтап от көрсе алып-ұшатын,

Пәруана көбелегім-сырым боп,

(Өлетінін білетұғын жаста емес,

Пәктігі бар нәрестенің түрінде )

Жанып жатыр пышырлап от ұшында

Менің сорлы сезімдерім біріндеп.


Арзу бітіп,ақыреттік күнің кеп,

Түбі өмірдің жалғандығы білінбек,

Түйсіктердің күйіп кеткен

күлінде


Жазылмаған жырлар жатар күбірлеп!
* * *
Әркім бір келіп суатын былғап,

Тозды гүл атып тұратын жыр-бақ!

Өлеңді жатыр көкпар ғып тартып,

Құба ақын бір жақ,ұлы ақын бір жақ!


Райынан қайтар кім ақыл тыңдап,

Тең-тең қазынам талауға түсіп,

Тот басып тозды бір асыл құндақ.

Пендеден-ұят,өлеңнен кие

Кеткені-ау дедім-расым бұл нақ!
“Ұлылығымды мойында” деумен,

Дарынын даулы бір ақын пұлдап,

Өзіне серік өлеңші жиып,

Өлерменденіп бір ақын қу жақ,

Мона Лизадай жұмбақ жымиып,

Шәйі шәлісін тұратын бұлғап...

Байқұс өлеңді өлтіргелі жүр!
Арзан ой қуып ,туатын құрғақ,

Жеркеніп кеттім өлеңнен мен де.

Көкөрім талант көгеннен өрген

Кезігер ме деп келем мен елге...


Тоқтаусыз төгер көмейден жырды

“өлеңші” елде көбейген құрлы,

Қашты-ау деп налып өлеңнен кие

Сақтағым келді “өгейден” жырды.


Алда әлі бұзар бір шебім бардай,

Жұтар ма ем,шіркін,жыр селін балдай,

...Келемін пырдай өлең ішінде

Өлеңге деген бір шөлім қанбай!


* * *
Қуантады жыр мені, мұңға батырады,

Жазылып біткен соң, бірақ, құрғақ оқылады.

Жалыны қайтып жастықтың, жетті ме күзім,

Үзілмей соңғы қалтырап тұр ма жапырағы.


Сол күндер қайда, қайда арман арнасын ұрған?!

Күндерім менің сел еді алға сырғыған!

Елесін енді олардың келемін талмап,

Ғашықтық болып жанымда қалды осы нұрлы ән.


Ойламан әсте болар деп бұл арманымды ада,

Көз жасы болып тамады қуанғанымда да.

Табылар менің қасымнан жабырқау тартсам,

Сезімді шабыт отына суарғанымда да.


Ол шала болса мен самал болып үрледім,

Өзегі ол мұң мен шаттыққа толы күндердің.

Арамыз қашан суыйды- соны білмедім,

Жасай бер, жаса діңгегі болып іргемнің!


ЖАЛҚЫ КҮЙ
Артында тіккен қара қосы қалып,.

Қырда анау...

(қабір көрсек, шошымалық)

О, қанша жақындарым жатыр ұйықтап

Жер-мәңгі мекеніне көшіп алып!
Мәнді іске мойыныңды бір бұра алмай,

Біріңді екі етіп те үлгіре алмай,

Кетесің жарқ еткен нұр ішіне еніп,

Ғұмырың- сәуле ғой бір күндік , алла-ай!


Хақ үшін хан да, қара халық та бір,

Не жайсаң жатыр қырда алып дамыл.

Сүйегін аруақтардың теңдеп алып,

Жер- жүзген күн астында алып қабір!


Маңынан аруақтардың күлкі қашып,

Сая боп тұр демесең бір бұтасы,

Дос та жоқ, туыс та жоқ...

басында тек

Жүгінер құран оқып құлпытасы!
ҚАЙРАН ЖЕР
Өз-өзін айналып жүр бұл Жер,

Маған да,саған да салмағы сезілмей!

Көк орман,торғын көк,тұнжыр көл...

Түндерде шығады көз ілмей!


Қайран Жер көтеріп тұр бәрін:

Адамның қолымен жасалған қылмысты,

Біреудің мұңды әнін,азаттық жырларын...

Қан селі жуды үстін!


Адамдар көрмеген өң түгілі,түсінде

Сұмдықтар ойлауда зұлымдар не түрлі...

Солардан тазарып,арылу үшін де

Ауық-ауық жұмыр Жер сілкініп алатын секілді!


Отпенен ойнауы ежелгі ісі ермек,

Тынышын ап бітеді тәмам ел көз ілсе.

Ұлы Жер салмағы соларға түсер ме ед...

Салмағын сезінсе,салмағын сезінсе...


МОНОЛОГ
Әуестігі жоқ-ты ән менен жырға әкемнің,

Бұйырды маған жұлдызды, жалқы сәт енді.

Қораш та болса көкірегімнен өріп қоңыр үн,

Қозғайтындаймын қойторы түнін мекеннің.


Тұтанбай жатқан от ем бір.

Ойларға небір меңдеттім жүйке-жетемді.

Қайтпаған әлі жерігі...қайран анадай

Толғатып жүр ме екенмін.


Түнде де, күндіз жүреді мені ой меңдеп,

Өзімдей ұлы көршінің ол кез қоймен боп.

Тіреліп тұрар алқымыма өндір өмірдей,

Ойлары әлі аяқталмаған сөйлем кеп.


Күстана қылма, қыстаған жырдан не ұттың деп,

Иініме жүктеп иілмес мұңға көп міндет.

Ұмар да жұмар келеді күннің көзіне

Сәуледей сіңіп кеткім кеп!


О, менің әлі жармаған гүлін-бүртігін,

Ойларым менен арманым, көрмей бір тыным.

Ағыл да тегіл малшындым терге... түндерде

Айқаспай қойды кірпігім!


Толғағы жеткен ананың кебін мен кидім,

О, менен қазір болашақ лебі аңқиды...

Туатын жырдың тұлымын тарап самалдай,

Қайың желегімен желпимін.

Өлеусіреп барып өшердей болған майшамға

ойымның нәрін мен құйдым!


ҚАЗАҚ
Қаріп-қасірге қайырын қимай,

Құс ұшырмай көгінен,

От көсеуден де айылын жимай,

Әлдекімдердің қолымен!

Тасада тұрып атады тасын,

Кешпек боп өзі бір дәурен.

Ақылын емес,атаның жасын

Алдыңа тартып,бұлдаумен,

Қарағанымен бетіңе күліп,

Сыртыңнан ор қазады...

Адалдың қанша кепиеті ұрып,

Үстеді сорын Қазағым!


БӘСІМ БАР

Кінәмшіл көкірегім, о, шер басқан.

Келемін бір “мініңді” кеше алмастан.

Тұсымда астаң-кестең күркірейді

Сындырып найзағайын нөсерлі аспан!
Сақталмас сары майдай кек те сенде,

Кезелген кездіктейсің көп кеселге!

Күйреуге қалғаныңмен құлқың жоқ,

Өзгенің қолыменен от көсеуге!


Мен едім боркемік ұл, иіс алмас

Таяқтың тиді маған бір ұшы алғаш.

Әгәрки, ала-құла мінез көрсем,

Қиыспас жандармен де қиысам, бәс!


СЫР
Қалмады жанымда ешкім жайымды ұғар,..

Аулақта үкі уілдеп, қасқыр ұлып,

Қыстады жалғыз қалған қайыңды зар,

Мұңымды үстеді одан сайын бұлар.


Тоғайға түнеген құс... ұйқысырар,

Жалғыз қап жабырқаулы күйге ұшырар.

Мұң дәмін бір татысар серік іздеп,

Олардың да жаны ұйқы-тұйқы шығар.


Сұсты әлем: жер де ,көк те, іш-тыс та мұз!

Төркіні, түбі бірге туыстардай

Тағдыр-ай, тарап кетіп тұс-тұсқа біз

Сарқа алмай іште зарды ішқұстамыз!


Көремін адамдардың көбін дүмше,

Бұзылмай бойымда жүр менің бір сең.

Сен-дағы мұны бастан өткерерсің

Ешкімге керегіңнің жоғын білсең!..


ҰСТАЗ
Мектептің жүрегі-мұғалім,

Тілекті жалғайды тілекке.

Білімнің жақты шам шырағын

Ой нәрін құйды да әр жүрекке!


Ең алғаш ұстатты қолыма

Кітапты –білімнің бұлағын.

Мен оның қарайлап жолына

Тағзым еткім кеп тұрады.

Жоқшысы шығар-ау ол елдің

Білімнің теретін жаһұтын

Бақыты үшін жас өреннің

Құрбан ғып өзінің уақытын.


Үлгілі ұстаздан-ұлағат,

Жақсы ғой санаға қонса дөп!

Іске де бармайды бір ағат,

Болашақ білімді болса деп.


Мұғалім тартады тегіне,

Ол-ана,ол-батыр,ол –ақын!

Қараңғы қазақтың көгіне

Күн болып өрлеген болатын!


Ең алғаш оқулық жазғандар,

Оянсын,оқысын ұлтым деп,

Ыбырай,Ахмет, Мағжандар...

Ұстазға қарыздар кім-кім де!


Оны үлкен, кіші де таниды

Ұстаздың туды айы оңынан!

...Мұғалім болашақ –сәбиді

Жетелеп келеді қолынан!


ДҮБІРЛІ, ДУЛЫ ДҮНИЕ...
Домалап түскен қауызыңа мен бір түйір дән,

Бесікке барып құйылғам,енді...қош, кеңдік!

Тірлікті тойлап бес күндік қана бұйырған,

Көшеді күндер-көшпенді!


Пәк өмір сүрер мекеніме ендім “іңгәммен”,

Табиғат-анам бесігіне бөлесін.

Тұрмайды баста бұл дәурен,

Көк орамалын бұлғаумен

Күбірлейді арман...көрем мен тек елесін!
Таңның арайы, таң құсы-бұлбұл үнінен,

Оянып үміт, армандар қанат қағады.

Табанымның астынан дулы дүнием

Дүбірлей көшіп барады!


* * *
Таулардың көлеңке ұйып аңғарына,

Бұлтқа шарпылған жоқ таң нұры әлі.

Көшенің қызыл-жасыл шамдарына

Сыбырлап айтумен тұр жаңбыр әнін.


Маңайды басумен тұр сылбыр түнің,

Жаңбырдың тынбай былдыр-былдыр тілі.

Көз жасын көктің күн-түн сорғалаған

Майысар көтере алмай түн кірпігі.


СҰЛУЛЫҚПЕН БЕТПЕ-БЕТ
Бейне алтын зерендей төңкерілген,

Көлдің ерке әуенін шертемін мен.

Аққулардың ғажайып қозғалысы

Өріліп жатты-ау сонда ерке өріммен


Түйіскен тұсы олардың жүрек сынды,

Кеудемнен алай-дүлей жыр естірді.

Қасиетті құстардың жарастығын

Бұзып алардай болып мен жүрексіндім!


Тұрдым бағып сал, кербез жүзісі ұнап,

Сәл қозғалсам болардай бұл ысырап,

Еш қауіпсіз жәудіреп қарайды олар,

Шошынудың орнына

жылыұшырап!
Сұлулықты сезімге дарып кетер,

Бағалады деймісің халық бекер.

Қасиеті де сонда ғой- олар әсте

Күтпейді екен бізден еш қауіп- қатер!


Табиғаттың талайғы төл еркесі,

Қақпақыл ғып толқындар көлеңкесін,

Жүргендей бір көлде әсем өлең көшіп

Шалдуар леппен шымшылап кемер төсін!


Інжу ағыс,

шашылған моншақ көрем.

Ақ құстардың ән-лебін аңсап денем,

Қоғалы көл тұсқа бір қарай-қарай,

Қайран болып қайтқанмын сол сәтке мен!
КҮЗ СУРЕТТЕРІ
“Жәдік” көлі ұшырды құсын тағы,

Құба бел көк жейдесін ысырды әрі...

Жазына туған жердің қайылғандай

Көк ноқат сонау-у көздің ұшындағы.


Сүмбіле...Әлдеқашан су суыған...

Сыр қозғап “Жамаубай тал” тылсымынан,

Ерекше күй кешуде қазір танап,

Құстардың қайтқан әне-у у-шуынан.


Кете ме олар енді бақиға шын...

Кімге аян ұзақ сапар оқиғасы.

Көлдегі толқын шайды иірімді-

Құстардың қалып қойған сақинасын!


МУЗАМ ЕДІ...
Музам еді Мағжан-мұң,

Үзігі еді бағзы әннің.

Қызуы еді күні-түн

Азап шеккен ағзамның.

Музамды сол көрем ес,

Айта алғаным көп емес,

Алқымыма кептеліп,

Не әрі, не бері емес.

Ай тұтылды, дертіп күн,

Шер-шеменін шертіп кіл!

Шыға бере-ақ мәреден

Музам менің мертікті

Мағжан жыры-балдай жыр,

Дүниемен жалғайды үр..

Мәңгүрттерден Муза үркіп,

Маңайлай да алмай жүр!


* * *
Дауа таппай дертіме, дүниеде ешбір еміңнен,

Жан әлемім жұтады, жанмын үнсіз егілген.

Қайырымы кеткен қоғамда қолын созар бір жан жоқ,

Жалқақ тума-жалғыздық жарым болды менің де.

Қосылады күнде өршіп, бір мұңыма бір мұңым.

Жалғыздықтың барады... тартып мені құрдымы.

Мен ғана емес, қаншама ол көзінде жүр құрбының?

Бізді түгел жаулап та алатындай бір күні...

Омырылды жолда орта, армандарым сөнді аппақ,

Тым ұзаққа созылған төзем қалай толғаққа!

Қайырымы шамалы, қара жүрек, қатыбас...

Қоғамның бет-жүзіне қойғандай-ау көн қаптап!

Сенерлік бір сүйеу жоқ, қармайтын тал қалмады...

Ілдебайлап іргесін ағайын да салды әрі,

Айқын емес алда әлі, татар қандай дәм бары,..

Қабағыңмен қошуақ қарсы ал мені, таңдарым!

Адамдар-ай, қайтейін... жылу қалмай ортаңда,

Көрдім қанша түртпекті, көзім тігем қорқа алға,

Құдай-жалғыз, мен-жалғыз жүгі батпан жолда әлгі...

(таң айырылар, тәуекел) жалғыз-жарым жортам да!

Жалғыздықты жар еттім... ауылдас, дос, таныс та

Айылын жимай, мені ақыры... лақтырды ағысқа!

Маңайымда ешкім жоқ... маңып-маңы-еп барам да,

Белгісіз бір жұлдыздай... сіңем сосын ғарышқа!


АРҚЫРАЙ ЖЕТКЕН АҚ БОЗЫМ...
Тәнімді тоңған періште болмыс жылытты...

Арбадың мені,

суырды, сәулең жанарды...

Күпілі күздің соңынан жеткен тұлыптым,

Арудың аппақ тәніндей,ардай адалдық!
Жатырсың аяқ асты боп...

қайран қар мына..

Басуға және көз қимас.

Біреу кеп інжу-меруерт шашып алдыма,

Кеткен бе өзі...

іздеу де қиын өзге ұйқас.


Жасындай оқыс жарқ етіп,

пайда болдың-ау,

Пәсейіп көңіл ,жабырқау тартқан шақта өзің,

Кешегі көктем, жаз бенен күздің орнына

Қоңыраулы шана жетекке ап,

оралып соққан Ақ бозым!


Аяғым асты сықыр да сықыр саз қалың...

Сезімнің мың сан шырағын-дағы маздаттың.

Менің де аппақ көңілімнің қары-саздары

Орай да борай жауып бір кете жаздап тұр!


ЕЙ, МЕНІҢ...
Ей, менің саусақтарым!

Жыр деген-сағынған көз моншақтары,

Қағазға, жұртқа жеткіз болса ақпары.

Жатса да ойлар, ойлар қоршап қалың...

Шаршама, саусақтарым, шаршат бәрін!
Алдым ба көкірегімдегі бұлақты іркіп,-

Қаламды кейде саған лақтыртып,

Қайыра көтертемін,уа, дариға-ай,

Кетердей көгершін-жыр жыраққа үркіп.


Сен менен, сенен жоқты аламын мен,

Шаршатып сені, өзімді аламын дем.

Жырды ойлай бастасам-ақ,

Қыбын тауып...

Жолыққың кеп тұрады қаламыңмен.

Ей, менің саусақтарым!


АБАЙША...
Нені жазам, не айтамын,

Бәрі айтылған секілді...

Өтті-ау күңкіл, “айтағың”

Көрмен дедім бетіңді.


Жау да емессің “тілі” өткен,

Дос боп сүйер бірің жоқ.

Қайда лепес жүректен

Шығар, тұнар діріл боп.


Жүрсің “бөртіп”, зор таңдап,

Қойшы, өзді-өзің бір-бір шың...

Сынап тектес ортаңда

Сөзің бағып кім жүрсін!


БІР АҚЫНҒА
Қорқам уыт-жебірден

Жете ме деп түбіне,

Жусан иіс жырымен

Түсінбестен біріне

Көше ме деп өмірден!

Кетеді оны ой түбі, бұл

Қия алыс жаққа алып.

Орнында оның ұлып үн,..

Бақыт қалып, бақ қалып.

Жоқтар жұрты Ақынын

Айтпағанмен көзіне

Өлеңі де апырым,

айнымаған өзі деп!

Жақсы-ау жүзі нұрланып,

Сөзі. Ақынның іште өлмей,

Өзіне ұқсап туғаны

Ауызынан түскендей!

Жалғандағы жалғанның

Жанын үгіп ,талықсыр...

Ғұмырындай арманды

Талпынтты алға ағыс бір!

Мұңнан іздер мұратын

Сөзі сезім тулатып!

Өлеңі бал ірі ақын

Ал өмірі у татып!

Өмірін жыр қауызына

Сидырғандай болады,

Өлсе дағы ауызына

Су тамызбай қоғамы!

Түсірмеді сөз құнын

Тағдыра сап тезге оны,

Тоңдырып өзін өз мұңы,

Жылытар жыры ал..өзгені!

Болды ақының күнәлі-

Түсті ішкілік соңына.

Келеді ұлдың сұрауын

Сұрайтын кез соңыра!
КӨҢІЛДІҢ КЕЙБІР КЕЗДЕРІ
Адамдардың еректігі- саналы,

Әркім өзі несібесін табады.

Көз қырыңды сал тек, өлмес мал анық,

Шөбі- суы барда мына даланың!

Малға адамнан қайыр жоқ,,, қыс- қор жасап,

Жемі-шөбін қамдайтыны болмаса!

Кейде асаусыр, көнбей тезге момын мал,

Еркі оның да екі аяқты қолында!

Ошарылды ел... ұлы өткелден өте алмай,

Аты-тулақ, ері-аруақ... ет алмай.

Жетім қозы секілді әлсіз, тасбауыр...

Өздігінен отығып та кете алмай.

Күйзелумен күн өткерді ел... қаңғырды.

Көрмей ешбір күй-күтім де мал құрлы.

Бір-бірінен жеріді адам, әттеген...

Кей итіңде бізден биік бақ деген!

Харамдарға қияр қайыр, қамқорлық

Өзімізге келгенде, осы... қат неге?


* * *
Елегізем жүрегіме, дүрсілге

Көбейіп-ақ тұр кеудеде күрсін, дем.

Жан дүнием жұтап, жадап бір күнде

Қалды менің сөлбірейіп құр сүлдем.


Күндер қайда жапырақ-көңілім сілкінген,

Жырлар қайда тіл ұшына іркілген.

Бәрі-бәрі еске түсер біртіндеп,

Ойсырап-ақ қалды оман жұрт бір түнде.


Мұндар мұңның кесесінен іштім жай,

Өзімді өзім езу тарттым мысқылдай.

Құлазыған кең бөлмеде – құр сүлдем,

Тікесінен қоя салған ұстындай,


Туған үйге табын, мейлі табынба...

Жатады оның бейнесі ыстық

қаныңда!

Қу жаныңды қоярға жер таппайсың

Әсіресе оны аңсаған шағыңда!
Сондай, сондай оранып от-жалынға,

Кетті ауылға бүгін ұлым, жарым да...

Менде бардың бәрін-бәрін жиып-теріп,

Алып кеткен секілді олар ауылға!


Анам жайы жаздырмап ед тақымды,

Өсегі өрттей қаулады алыс, жақынның.

“Тастап кетті анасын” деп... бұл істе

Жарым менен болып шықты ақылды.


Жолымызға қарап қанша күз, көктем...

Жүрдің, ана, енді орынсыз бізге өкпең...

Тәуба, олардан емеспін мен

үй-жайын


Қиып кеткен қолдың кірі- қызметке...
* * *
Тұғырымды қу тағдыр жиі ырғады...

Туған үйді-ай қап қойған қиырдағы...

Ұлы ағысқа уақыт деген ығып,

Ту-у алыстан тұз-дәмнің бұйырғаны!..


Қора –қопсы, бау-шарбақ... бәрі қалып,

Қолын “ жылы суға” енді малыды анық.

Бүгінде төрт бұрыштың тұтқыны-анам...

Ауылды, ондағы үйді еске ап зарығады...


Туған үй, ту сыртыңды берме , маған....

Сенің жылу, демің жоқ жерде балаң.

Жатта басы қаңғырып, жабы тірлік...

Жүзін төмен етті енді... жерге қарар.


Жүр ғой жиі бөлініп мұңдарға ойы,

Жазылатын сен жайлы жырларда ойы.

Қазақы пеш секілді... жүрегінде

Жылуыңды сақтайды ол жылдар бойы!


ҚҰМ АСТЫНДАҒЫ ҚАЛА
(цикл)
Батырлықта-тараздықтай,

жомарттықта-арабтықтай,

нәзіктікте-ирандықтай,

шешендікте-хизжаздықтай...”

(Кәтран Тәбризи диуани)
Тараз, сенің іргеңді ғұн қалаған...

Айналдың тұл даладан гүл қалаға!

Керуен кіре тартқан күнге беттеп,

Бір соқпай өтпейтұғын бұл бекетке.

Парсы да, қытай, соғды, славян да,

Өзіңде апталап, күн-түн аялдап,

Ағылып бұхарлық пен хиуалық,

Тәңірім құбылаңды шұғыла ғып...

Жататын қан базарың қызып ерен,

Ататын таңың азан үніменен,

Шеберің асфаһани қылыш сомдап,

Өнерін жайды төрткүл дүниеге!

Қымызың, хұсни-хор сұлуың да

Шайырдың жыр боп түсіп буынына,

Көріктей күре тамырың бүлкілі де,

Жататын тынбай соғып күн-түнімен.

Сыртынан сарайшықтың жәймен шола,

Сұқтана қарап өтті Ай қаншама,

Көп қырсық кіндігіңе байланса да,

Көк бүршік гүл күліңе айналса да,

Феникс құстай қайта құлпырғансың-

Әлқисса, бір сүрініп, бір тұрғансың.

Далалық өркениет үлгісін де,

Аман-сау тұрсың сақтап кірпішіңде.

Ғажап-ақ дәуірнама басқан таңба әр,

Қағанат дәуірінен қалды тас бал-балдар.

Алапат қырғындардан басталған зар,

Азалап шерін көміп тас қорғанға...

Аманат- адамзатқа тағылымың!
* * *
Талас-қала...ғұн қаққан бір қадасын,

Дабыра болды даңқы да Т ұрфан асып,

Мыңжылдықтың ол да елең-алаңында

Қанмен жазып бастады жылнамасын!


Оның қаһармандығы-бір ертегі...

Іргесіне қайтты он-сан түмен келіп!

Түйіле кеп қаншама кәр төккенмен,

Бұза да алмай қыш-қорған кіреукені.


Өтпеді оның жазы да, қысы да тек,

Ат ойнатты талай жау тұсына кеп.

Көп түртпектің осындай бірі, ақыры,

Ұласты ұлы қырғынға ушыға кеп!


Қанға бөкті сауыры қу даланың,

Сайда-саны,ал ізі-құмда қалып,

Қытай қауқар таныта алмай састы,

Өздерінен он есе аз ғұнға-дағы.


Сан ұмтылып ала алмай хан-қаланы,

Жау шегінбей, жылжымай алға-дағы,

Ғазауатта ғұн қанша кешті шаһит,

Аманат қып Таласқа арман-әнін.


Жау қаланы дәт қылды күл етпекке,

Еркегін-құл, әйелін-күң етпекке...

Жерін жатқа бастырмай...

мәңгілікке

Бірге ап кетті өзімен жүрек көп-көп.
Ханын қорғап , өліспей беріспеді,

Ақтара алмай мұң-шерін көбі іштегі.

Ғұндар өлді өзінің биігінде,

Жеңіліс ед бергісіз жеңіске бұл!


Аз болмады қара жер тартқан күнә,

Күл боп қала оранды нарт жалынға!

Қара қытай Шажа хан басын кесіп,

Боғды ханның апарып тартты алдына!


Аңғартады қанды ұрыс ізі нені,

Білмеді ешкім қанша алда ән үзілерін.

Ал бұл Талас қасіретнамасының

Құдайым-ай, құйттай бір үзігі еді!


Мәрттігіне сан семсер сындырылып,

Жауы алдында бас имес құлдық ұрып.

Тарихында Тараздың арғы-бергі

Атойлаумен болды осы ғұндық рух!


* * *

Қаңлы-қара шаңыраққа ірі, ұлы

Қарлық, шігіл, түркеш қадап уығын...

Қараханид қағанаты дәуіріне

Сұқтанумен қарайды енді Бүгінім!
Қайда, қайда сахилығы сияқты ән,

Сол көтерген шаңырағым Суябта?

Алауыздық оны дағы құлатқан,

Тарих жүзі өртенеді ұяттан!


Сол дәуірде бәрібір нұр, арай бар...

Гендукуштен жібек тиеп көш келіп,

Испиджабта, Шашта керуен сарайлар

Қыз-қыз қайнап,..ошақ оты өшпеді!


Күнге беттеп түйелі көш. кіреші...

Атшабардың қайнарына құлаған.

Жібек Жолы құбыла еткен күнесін

Тарихқа-тақ, махаббатқа-мұнара!


Керуеншілер әкететін көшіріп,

Көркемдігін көңіліне, көзіне...

Алды ,ақыры ошақ отын өшіріп.

Сұлулығы сор боп бітіп өзіне!


Цитаделі, шаһристан,рабаты,

Тағыз торқа сауытпен тең қамалы,

...Мекені енді “кайнезойдың” қабаты

Күн астында Күнікейдей қаланың!


* * *

Құм жұтты ма,

Қытай келіп қылғытты ма,

Қадалдың ба тамағына қылқан боп!

Оққа, обалың-мылтықтыға

Иман тұрғай, илхам жоқ!


1219 –дың жазында

Тұрды моңғол өз көрінің қасында

өзіне арнап қазылған...

Көрді өзінің қанын...судай шашылған!


Аласарып алдында әмір-тақсырдың

Емендей боп ,имен деп өр басымды,

Көне Тараз ...

қолында жан тапсырды

Өзін қорғап шаһит кешкен хас ұлдың.
Атахкеттің, Атлахтың, Жікілдің...

Өртенді де, орнында күл, сор қалды.

Жібек Жолы жүндей болып түтілді.

Кез кеп қайқы қылышына моңғолдың.


Аспан жерге түсердей-ақ қақырап,

Жарқыл қақты жасындай сұр жебелер,

Таудай Тараз, асқақ қала Атлах

Болады деп неге жер.


Күн қайда дәл өзіңе ұқсас ер туар!

Кез келсе де қандай да бір қанқұйлы

Жауға өліспей беріспекке серті бар

О, намысты ұл иангилік!


Тараз ,күйреп сол қырғында бір күнгі,

Жеті қат көк мекеніне қосылған

Жау бәрібір жеңе алмады рухыңды,

Қалдырдаң да күлге айналған жұртыңды,

Жеті қабат жер астына ап кеттің

Өзіңменен бірге бар салт-ғұрпыңды!

Жиырма бірдің ғасыры жүр бүгінде

Сенің тінте қарап іші-сыртыңды...

Тағдырыңда “мың өліп, мың тірілген”

Қазақпенен ұқсастық бар бір түрлі!


...Он алтыншы ғасырда кеп Қасым хан

Таппай сені, сипап қапты жұртыңды...

Адамзатқа аманат ең, ұрпағың

Жатыр тіктеп бүгін ғажап тұрқыңды!


* * *

Тараз, сенің кіндігіңді ғұн кескен,

Содан ба екен аласартпай рухыңды

Жау алдында иілуді білместен,

Бүгінге де бұзбай сақтап ғұрпыңды,

Тарихыңды теңдеп жеттің мың көшке!


Жер қозғалса қозғалмайтын тас бал-бал

Адырая біткен көзі шекеге...

Андағайлап алқапқа аяқ басқаннан,

Әфсаналар жетті содан жетеме!


Құм астында...

Күнікейдей қаланың

Кеудесі өксіп күрсінгенін естідім!

Көз жұмып ем, көр-жер артқан баяғы...

Көз алдымнан керуендер көшті кіл.
Бүр тепсінген кеудесінен бақтардың

Айша арудың қайта оянып күлкісі...

Тарихыңды қазып терең қатпарлы

Бір түсімді саумалайды бір түсім.


Тараз, сенде ...

қағандықтар,хандықтар

Сарайларын тіккен талай самсатып,

Ұлы Жібек Жолыменен бар тұстан

Қойыныңа кеп құйылатын науша құт!
Қазынаңа қызықпаған аз ба адам!

Жанарыңда имани нұр маздаған...

Мұсылмандар бас қойғанда сәждаға,

Ұқсайтынсың кішігірім Қағбаға!


...Азанымен қоса өрілген азабы,

Жиырма ғасыр әспеттелген ғазалым!


* * *
Аруларың таңда шаш тарайтын,ех...

Санай, Сағди, Фирдауси, Генжеуидің

Жүрегіне жыр болып талай түнеп.

Мұсылмандар қағбаға беттегенде,

Олар бетін Таразға қарай түзеп,

Өмірлерін орапты отты өлеңге!


МЕНІҢ МАХАББАТЫМНАН ЖАРАЛДЫҢ...
СЕН ТУРАЛЫ ЖЫРЛАРДАН
Батпан мұңнан сәтімде бір айыққан,

Атты алдымнан бар жасауын жайып таң...

Ойда жоқта көңілімді ұйқы-тұйқы етіп,

Өміріме ендің менің ғайыптан!


Құдірет-ай, қандай ғажап мына шақ!

Сенің мендік болғаның ба рас-ақ.

Жан дүнием ...жылдар бойы мүлгіген

Жырлап кеткен секілденді тұра сап!


Қиял құсым көкке қағып қанатын,

Таңдайымнан бал боп өлең таматын.

Мөлдір, жұмбақ әлеміңе жетелеп,

Сезім-өзен алабұрта ағатын!


Бақыт сәтін бастан аз күн кешірдім,

Сосын қиял әлеміме көшірдім.

Сылаң қағып соңыңа аз күн ерттің де,

Өзің жаққан алауды өзің өшірдің.


Көктен қарап пенделерге жердегі,

Хордың қызы жетеледі- ермедім,

Жырлар, жырлар мені күн-түн тербеді...

Жүзі ортадан ауған шақта өрмегім,

Сезіміммен неге ойнадың сен менің!
...Мен туралы ел не десе о десін,

Көз алдымда тұрар әр кез елесің.

Бәз қалпыңда мейлің көнбе, мейлің көн

Қиялымда өмір сүре бересің!


* * *
Ойда жоқ жерде жолықтың- қолым ұсындым,

Өзіңе қарай махаббат құсын ұшырдым.

Сөйлер сөзім де саусағымның тұрды ұшында,

Перизат-сезім нені ұғып, нені түсіндің?


Қолың ұшынан ұстатқаныңа да мың шүкір,

Ең алғаш саған осылай сәл-пәл жұғыстым.

Ұшқандай болды санама содан бір ұшқын.

Сезімнің, әлде, ол дірілі ме екен-кім ұқсын!


Жан діріліндей жып-жылы-ақ екен саусағың...

Ауды да тұрды өзіңе жан, діл, аңсарым.

Құдай-ау, қайттім,...қас қағымындай сол сәтті,

Күттім мен қанша ай, қанша жыл...


Елес пе. түс пе, қиял ма әлде,бәрі құр...

Сезімге селкеу қояйын енді аз үтір,...

...Сона бір күнгі бақыттан басым айналып,

Саусағың табы алақанымда кетпей әлі тұр!


* * *

Саған бәрібір-күлдім не, күрсіндім не...

Бар-жоғымды елемей жүрсің мүлде.

Өлсе, өзіммен бірге өлер құпиям мол,

Ұға алмассың –тұңғиық тылсыммын мен.
Иіте алмай жырыммен толғандырып,

Бірден-бірге кеткендей қолдан да ырық.

Көңілің сезіп, көзіңе көрінгені-

Болмысымның бар-жоғы оннан бірі, ұқ!


Күнде алдыңнан өтемін ұялған боп,

Біле-білсең жырыммен құям қанға от.

Ешкімді де дәл сендей жақсы көріп,

Ешкімді де дәл сендей сүйе алғам жоқ!


* * *

Тұр ашық мінез сені сүйкімді етіп,

Сүлдемді... соңыңа ердім құр сүйретіп.

Жүрмесе, жүрмесе екен түбіме осы

Сендегі сұлулық пен сиқыр жетіп!
Топшысы сезімімнің бір күн бекіп,

Ындыным құрыр саған , ырқым кетіп.

Көңілдің мөлдір, тұнық болғаны жөн,

Алған соң амалың жоқ бір кірлетіп.

Үміттен қол үздірмей өмір әлі,

Үйіріп шүйке жіптей созылады.

Келемін қылығыңа көніп әлі,

Басқа емес, сені іздейді оғыланың,

Сезімі таңда қағып қоңырауын!
* * *

Сен... ғажап сұлусың ғой, сұлусың ғой!

Аңыз да, ертең де емес, бүгінсің ғой.

Тағдыр-ай, татымадың таңдайыма...

Әйтпесе, тіл үйірер бал-шырынсың ғой!

Күндіз-түн құлағымның құрышын жеп,

Ызыңдап маза бермес бір үнсің ғой,

Сезімге сойқан салған дірілсің ғой!

Тынып ем, тулайын деп тыныппын ғой,

Сен мені көрмеген соң ұмыттың ғой!

Басымда ой бар еді мың бәлелі,

Мен соған түсе-түсе құнықтым ғой!


* * *

Тұңғыш ару –болмыстың сездім дәмін,

Жан балқыды- жұмақтың кездім бағын.

Құдіреттің ісі ғой, құдіреттің...

Маған оны ойда жоқ кез қылғаны...
Шайқап төкті сол ару сезімімді,

Төзімімді тауысты, төзімімді.

Іздеп тапқан менің бір жартым еді ол...

Құшағымда бірауық көзін ілді.


Ерке арудың өзінде өз жұмбағы,

Буына алғаш алтынның жез былғадым.

Шын дүниеге шым батып бара жаттым,

Күйкі өмір күйбеңінен бездім-дағы.

Өзіме ыстық боп кетті өз құрбаным!
Бұл, әлде, қырық жастың аққу әні,

Ауылы бір арманмен аққұба мұң.

Сусап кеп бас қойған ем... шөлім қанбай,

Лайлап жатқандаймын ақ тұманы...


* * *

Жарамай жүрмін саған арашаға,

Өзіңе өзің кейде ерік беріп,

Түңіліп тіршіліктен оңашада...

Аласың көзжасыңды төгіп-төгіп.
Жасырып, жан жарасын серпе күліп,

Бақытты секілді боп көрінесің.

Сендегі мөлдір мінез, ерке қылық

Тәнті етті біле білсең, мені де шын.


* * *

Жанарыңнан мұң көрдім ғой біртүрлі,

Күнде естимін бірақ, әсем күлкіңді.

Мәжнүн талдай мұңың неткен аяулы

Бейкүнә, пәк, мөлдір, ұяң, сүйкімді.
Сол мұңыңмен болдың маған аяулы,

Серпіп тастар көңілдегі қаяуды.

Күн күлкіңді- шын күлкіңді естір ме ем,

Сен тұтаттың өшіп қалған алауды!


* * *

Сылтау тауып саған күнде бір барам,

Сен жылыттың жанымды бұл мұздаған.

Сүйсінумен қарап тұрам соңыңнан,

Сені кейде өзімнен де қызғанам!
Ештеңе де айта алмадым көзіңше,

Сеніменен әсем мынау дүние.

Сағына аңсап қарсы аламын өзімше,

Қимай-қимай ұзатамын үйіңе!


* * *

Сен өмірдің қоңыр ғана ағысы ең...

Сезіміңнің бал шарабын қана ішем.

Маған десең, отызға кел, қырыққа кел,

Мен үшін он сегіздесің әлі сен!
Уыз дәмі ернінде бар қыздайсың,

Бағзы құлын мүшеңді де бұзбайсың!

Білемісің, сен әлі күн кеудемде

Пісіп-толған сағыныштай сыздайсың!


Сен туған күн-есеюге қадамың,

Көкірегімде менің ойнақ салады!

Жылы жүзің, жұмбақ сырлы әлемің,

Мені өзіне баурап, тартып барады.


Жабырқасам, сені еске аламын,

Бұдан басқа қалмады ешбір амалым!


* * *

“Келді өзіңе арналып текке өлеңім”-

деп алдыңнан соңғы рет өтпек едім.

Бірақ, бірақ...сен де “әрі кет” демедің,

(Мұндай жанды қияды өкпеге кім)

Ал сен... менің орнымда не істер едің?


* * *

Қасыңда тұрып, өзіңді сағынамын мен,

Қоңырауы болып жүректің қағыламын мен.

Маздатып аз-кем ұшқынын махаббатыңның ,

Өміріңе шырақ боп жағыламын мен!
Өмірдің мәнін, маңызын тапқанмын сенен,

Отыңа дағы күюге шақ қалды денем.

Аяулы, асыл махаббат деген әлемге

Ақ желкенімді жайып ап аттандым деп ем!


Әнім сен едің, әлі де үмітім сол ән,

Қайтейін, бірақ жүрмеді үгітім оған.

Қаласаң, қайсар мінезді жігітің болам,

Қаламасаң да, бағың боп түбі бір қонам!


* * *

Аттанасың ертең сонау алысқа,

Қала берем ұқсап мен бір танысқа.

Көк аспанға көз тігумен тұрармын,

Сені жылдар құшағына табыстап!
Қайырылмадың, қайда бұрдың кемеңді,

Сендей жанға кезігем бе мен енді.

Менен алыс әкететін сияқты

Сені ертең-ақ ататын таң, келер күн.


Көкірегімде туды бұлқып ақырғы ән,

Табыстадым сені көкке, жасынға.

Күні-түні айналып бір шықпайтын

Елесімді қуа көрме қасыңнан!


* * *

Аяулым, сен ыстықсың алақандай,

Өршиді сені еске алсам, жан оты, алла-ай!

Өзіңе қарай шыр-пыр боп ұмтылып,

Талпынам сары үрпек бір балапандай.
Өзіңнен, сөзіңнен де демеу тілеп,

Бүр жарған сезіміммен келем түлеп!

Ал сенің жанарыңнан шуақ кеміп,

Барады қабағыңда көлеңке үдеп.


Қарайсың сезіміме жүрдім-бардым,

Иә, жыр мен секілді жазар әркім.

Тереңге ой жіберіп қарағанға

Махаббат ісі емес пе адал ардың.


Адастым махаббаттың аралында,

Елестеп бейнең жүр ғой жанарымда.

Жоғалтып сендей жанды алар болсам,

Білмеймін: таппаймын ба, табамын ба?


* * *
Қағынан жеріген құландай үріктің...

Сен-дағы орталап қалыпсың қырықты.

Көжектей дірдектеп, қанша жыл, құдай-ай,

Қорғансыз махаббат қасымда жүріпті!


Сезімім иімей жүргенде... тал түсте ал...

Өзіңе ие боп кетті, ақыры... Маңғыстау.

...Есіме бейуақта ұйысқан көденің

Ішінен “пыр-пырлап” ұшқан сол ән түсті-ау!


* * *

Бір сыр бар мен білмес,

Көзіңде, өзіңде!

Сен кез боп ердім кеш

Алапат сезімге.
Қоңыраулы көшіне

Махаббат атты әннің,

Ілестім несіне

Көңіліме мұң қатталды!


Жанымды ерітеді

Бір желпіп өтсе әнің,

Сен жаққан өрт едім,

Ал сөндір жетсе әлің!


* * *

Созсам, қолым жетер ме саған,

Өзің боп желпіп өтер ме самал.

Сағынышқа күйіп кететін болды,

Сарғаюменен бекерге санам!
Арман еліне -әлеміңе серік

Болсам деуменен тағы өзіме сеніп.

Алдарқатумен патша көңілді

Қалғандай үміт пәлегінде семіп!


* * *

Қиял еді бір кезде, шынға айналды,

Жан сұлулығынан оның тіл байланды.

Құдайым-ай, жер жүзін шарласам да,

Іздеп таба алмаспын мұндай жанды!
Мақтап айтам жақсы ісін достарыма,

Мені өмірдің көтерді ол асқарына.

Шын ризамын Құдайға, оны маған

Адал, асыл жар етіп қосқанына!


Бірге кешер тағдырдың толқындарын,

Тек сол болар өмірде ,бәлкім, барым.

Оған деген құрметтің тек басы бұл,

Жазылар жыр әлі де ол туралы!


* * *

Сәл нәрседен секемденіп, күдік ап,

Түзетесің бір нәрсені бұзып ап.

Пәктігіңді кірлетпеуге ниет қып,

Жүрегіңнің жығыласың ығына.
Құйттай құсым, жаратылған намыстан,

Қайсарлықпен қарсы тұрып ағысқа,

Ақ желкенін арманыңның кең жайып,

Келе жатсың болмысыңды таза ұстап!


* * *

Секілді бұл-соңыра тұтанар дау,

Секілді суға кетіп, бұта қармау!

Айналды мақсатыма көптен бергі

Өзіңдей махаббатқа кітап арнау!
Сәуледей түнек түрер жарық берген,

Өзіңді осыншама дәріптер ме ем!...

Ендің сен өміріме махаббат боп,

Жазылар үлкен алтын әріптермен!


* * *

Кеудемде махаббатым кеш тым гүлдеп,

Ләззатын қызықтап кештім күнде,

Білсін жұрт ағыл-тегіл сезіміме,

Кедергі бола алмасын ешкімнің де!
* * *

Қарайлаумен күнде келер жолыңа,

(Көңіл бөліп жатсаң екен оныма)

Жер түбіне кетесің бе, бәрібір,

Тұрады еріп кеткім келіп соңыңа!
Күн бар ма екен ыстық демге дем қосып,

Көңілдің де табатұғын ем-хошын,

Қызғанумен жүрмін қорып қызғыштай,

Мың бір түнгі мұңымды да енді осы!


* * *

Неліктен болдың пірім бас иетін,

Бақытқа бара-бар мұң-қасіретім.

Өзіңе магниттей тартар күш, ол-

Сезімді құрметтейтін қасиетің!

Қабысып тағдырың тек адалдықпен,

Өңіңе сұлу теуіп кіл шындығың,

О баста-ақ түскен сәуле маған тіктеп

Секілді көрініп те жүрсің бүгін!

* * *


Тиылмай шолп-шолп толқын сүйісі бір,

Қойнынан суырылып күміс іңір,

Әредік сусыл қағар құс қанаты ...

Әуеде... көктемнің хош иісі жүр!

Әйтеуір, бұл көктемде “гүлдеп” кеуде,

Не екенін жаңғырудың білмек пенде.

Өзіңмен кездесем бе бұл көктемде!

“...Айтсам-ау, айтсам” деген сыр көп менде.


* * *
Обалы кімге-суынған сезімдерімнің,

Өзегім өрт боп өзімнен өзім жеріндім.

Мхаббат ,-шөлі ындыннның, сезімге-құрдым...

Онысыз жүре алмаспын өзім де бір күн.


Бәрін де бәрін қайтадан бастағым келді,

(Осылай біздің махаббат қас-қағымда өлді)

Бұзылды көңіл-басқаның аспанын көрдім,

Аспан көз қызға кез болдым, шашбауын да өрдім.


Қимас қылығы қарадай таңырқатты да,

Кештеу жолықты-қолымды Тәңір қақты ма?

Қимапты оған сендегі момақандықты.

Көңіл қатты ма, білмедім, өмір қатты ма?


Сыбағаларымнан кеш ұқтым құр қалғанымды,

Қайтейін, өмір бойына тырбанғанымды.

Өткенде шарпып әлдебір нұрлар жанымды,

Қатырған миды қатыбас мұңнан да арылдым.


Тұнған қақты да телегей теңіз деп кеппін,

Осылай мендік сезімнің селі үзбек пе екпін.

Жалғыз жүректі жырымдап жеткізем кімге,

Бір сезім оны, бір сезім сені іздеп кетті...!

* * *

Ол күннің өшті лезде елесі де,



Алғым да келмеп еді тегі есіме.

Алғашқы махаббатым, хаттар жазған

Қатталып қалдың қайың денесінде!
Бар ма еді балдаәуренде нала, күнә

Сусып түскен уақыт парағынан

Есімің өзіне кіл шақырады,

Ұқсайды махаббаттың жалауына.


Мені де, өзіңді де салма уайымға,

Ауылға кел, аяулым, зауза айында.

Мені қойшы, бұйығы көкіректің,

Сырларын бар да оқып ал қайыңнан!


* * *

Ғашықпын мен бір әйелге

Қосамын атын өлеңге.

Дәл одан өтер сұлуың,

Бар екен айтшы қай елде!

Ондай жан ешбір елде жоқ,

Жұлдыз ол қонған жерге кеп.

Сол ару,


Мұны аз десеңіз

Мендегі жалын, мендегі от

Қосамын оны өлеңге

Жар салып айтып әлемге.

Тұнжыр көз, тәні талдырмаш,

Ғашықпын мен бір әйелге.


* * *

Болдың сен қызы қырықтың,

Қыздәуреніңді ұмыттың.

Қыз емшек, құлын мүшелі

Еліктей ерке қылықтым.
Қырқың жетсін Қыдыр боп,

Ғасырдан да ұзақ ғұмыр боп.

Арманға таңға алдағы ,

Самғауларыңа тұғыр боп.


Құсымсың, сүйем сыртыңнан,

Ұсынсын саған қырқың бал.

Шырғалап қалған мен бір құс,

Шыға алмай сенің ырқыңнан.


* * *

Бейнең сенің тұрады

Күндіз-түні “дүрбімде”.

Жаның таза кірбіңнен

Ойдан шықпай өзің де

Түсіме сан кірдің бе?

Есіңде ме Билікөл,

Есіңде ме Сеңгірбай?

Әппақ тәнің жарқырап,

Айдын көлде жүздің бе?

Иран бақта тыныстап,

Миуасын үздің бе?

Құлақ түрші, Қорлан қыз,

Сырымызға біздің де.

Ауру болып бір күнде,

Айыға алмай жүрмін мен

Сізден алар бір күнгі ем

Азық болар мың күнге.


* * *

Көптен бері бір сырлы ән алды есімді,

Саржазықтағы ару боп Сәуле есімді.

Сансырамай жисам ба таңда есімді,

Сол Сәуледен алсам ба әлде өшімді.
Жан кешуді ойлаймын, қан кешуді,

Сәуле, сәуле, бұл не өзі? Әлде сүмбі...

Мойныңнан төнген мұз, әлде, сүңгі

Сәуле мәңгі жап-жарық сәуле сынды

Сонымен өткізсем ғой әр кешімді.

* * *


Бір бұлақ көз ашты көңілде,

Жаралған жан отынан.

Көктемдер оянды көгімде,

Ілесті қанатына ән.


Қиялды қанат қып ұшамын,

Күндерге сағындырған.

Аяулы аруды құшамын

Бөленіп жаным нұрға!


Ақторғын әлемнің ішінде

Тұрасың қол бұлғаумен.

Білмеймін: өңім бе, түсім бе...

Текке ,әлде болдым ба әуре!


БАЛА МАХАББАТ

Ақбастау басты-ау әрең сонда аптығын,

Сыңсыды бақ та өзінше толғап мұңын.

Біз тұрдық қоңыр кеште Жәдіккөлдің

Ұзатып көз ұшына соңғы аққуын.
Осылай көп отырдық сыр ақтарып,

Жанғанша сам жамырап, қыр оттары...

Кім білген, бұл сәттің де көп өтпей-ақ

Бір жола ұмытыларын жырақ қалып.


Сырларды біз тауысқан түнде ақтарып,

Ең тәтті минуттарды күрмеп қалып,

Жүргендей бір пәк сезім әлі күнге

Тоғайдың ту сыртында дірдек қағып.


Қайтейін, сол сезімді мен аяймын,

Сөзбен де әсіре ешбір боямаймын.

Тұсынан Тіректалдың көрмедің бе,

Кезіксең, көңілін тап, ей, ағайын!


Жанары жәудіреген жаз кешегі,

Жыл өтер, ұмтылмас, тозбас өңі.

Менің бал сезімім ол, өңіріме

Аңысыз тамып кеткен көз жасы еді.


Кеудеме сол сезімді ойша орнатып,

Балқиын құшағында кәусар бақыт.

Жүре бер Тіректалда аман-есен

Өзіңе сұлу жырлар болса арнатып!


СЕНІҢ КҮЛКІҢ

Сағыныштың сар теңізін сапырса ән,

Көңілім менің ортаяр да тыншығар.

Шартараптан нұрлы шаттық шақырған

Сенде сырбаз күлкі бар...
Мүмкін, менің шапағатыма қарылдың,

Жанарымнан жәудіреген сырды ұғып.

Қаяу- мұңы тарқасыншы жанымның

Сергіт мені ақтарыла бір күліп!


Ақ сағымын көкжиектің жыр еттім,

Бәйшешекті дүр сілкінтіп өтсе әнім.

Сен ояттың жанартауын жүректің

Өзің сөндір жетсе әлің...


БІР ҚЫЗҒА

Сол қыз маған ақ желең бір армандай,

Көз алдымда қайың боп бұралғандай.

Әлдеқашан елеске айналғанмен,

Бейбақ сезім басқаға жүр алданбай.
Мазалайды мұң кейде күлбеттеніп,

Мұқатқысы келе ме “бір бет” мені.

Арман болып арбауы бір басқа еді,

Арман болып алдады... бұл неткені?!


СОЛ БІР КҮНДЕР...

Сол бір күндер... Шарпысқан сезім де көп,

Тек бағалай білмеппін кезінде елеп.

Жасынның үзігі екен бір жалт еткен,

Ақ ерке арулардың көзіндегі от!
Сынап емес сырғыған, алтын екен,

Сол бір күндер, рәсімі, салты бөтен.

Әні болып айтылып үлгірмеген,

Қай дәуреннің көкірегінде қалдың екен?


Рас-ау, үлгірмеппін жыр арнап та,

Сезімі құрғыр тартып жүр әр жаққа.

Сол бір күндер... Жүрмісің келіп-қайтып,

Кеш сайын біз серуен құрар баққа.


Көз алдымда сол асқақ тұрар бейнең,

Айтылмаған әлі де бір ән менде.

Жастықтың әнін шырқап жүргендерге

Қосылып кеткім келіп тұрам кейде.


ШИЕ ЕРІН
Өзек күйдірер өкініштерімен қалды есте,

Жастығым менің-жап-жарық жұлдыз таңда өшкен.

Оята алмап ем он сегізімде де, ойпырм-ай,

Селт етті бүгін соры қайнап сезім сал бөксе...


Жүрісімді аңдып, жыл-жегі жеді ақымды,

Тұтқындап ойлар, тереңіне түпсіз батырды.

Қармағы қаппай, қалт-құлт еткен қалтқыдай

Әлі күн лағып ағыспен... келе жатырмын.


Аузында кеткен көкжалдың, бейне тай терісі

Тоналған бақыт, тоңдырған сол сыз қайта өршіп...

Қызығы, балы, қуанышынан гөрі жастықтың

Өкініші көптеу қалыпты есте, қайтерсің...


Күрмеуге келмес келте еді,

келте уақыт,

Қызығымды ұрлап қабырғам сөкті уатып,

Жылымы жұтты ,жылдарға кетті тегі есем...

Өзімді өзім тежеймін әрең жұбатып.
Ол рас, мен де саусағым көкке жайғанмын,

Сан рет сауық-сайранды іздеп сай бардым.

Айдарынан жел ескен сол арман-айлардың,

Қырмызы шақтың қысқалығына қайранмын.


Белгісіз- сезім отына кімнің күйері,

Белгісіз- кімнің еншісіне енді тиерің,

Кімнің басына тау-төбе сорды үйерің,

Солқылдақ сымбат, сүюсіз қалған шие ерін..

КОМАКИ КУРИХАРАҒА
Омырауы тепсініп, қыз-қыз қайнап денесі!

Сағыныштан құса боп, жастығына жас тамып,

Жатыр ару...

Кино ғой, елітемін неге осы,

Тура қарай алмаймын көзіне оның жасқанып!
Кино болса қайтейін,

Болмаса екен соңғы осы ән,

Ернін қызыл шие ғып, айна алдында боянды-ай,

Оның жатқа қор болып кететінін ойласам,

Төсегімде дөңбекшіп, келмейді ұйқым, ой алла-ай!
Көздің жауын алды өңі,

Шықты ол енді көшеге,

Жаны жадау тартқан соң, іздеді ме бір ермек.

Өзі білер бұл жұрттың мен жайлы не десе де,

Мен соңынан “ілестім” көлеңкедей сүмеңдеп.
Ол... бәрібір көрмеді...

Қан жылаған жүректі,

Қызғаныштың талады қызыл иті дал-дұл ғып,

Фильм бітті, аяулы махаббатты жыр еткен.

Айтар ойым көп еді,

Айта да алмай қалдым түк!


Өмірден бұл баз кешіп,

Ойдан, мұңнан жерініп,

Теледидар алдында елегізіп отырам...

Мәңгілікке жоғалған бір жалт етіп көрініп,

Мен сүйген қыз бейнесін көрсетпейді экран.
СЕРЕНАДА

Пешенеме бұйырмаған бақытым,

Шалғайда қап шәйі орамал бұлғадың.

Сенің сабау кірпігіңнен сақы түн,

Сатырлатып сапырады кіл лағыл!
Күн күркіреп, дауыл бұрқап бір демде,

Найзағайлар жарылады іргеңде-

Өзімді-өзім жуасытам деп жүргенде

Жетпей күшің сезіміңді тіздеуге.


Астаң-кестең іриді жан-дүниең,

Түндей қара бұрымыңа тұншығып.

Алқынасың аласұрып түнімен,

Алаулаған арсы-күрсі тіршілік!


Арсы-күрсі дүниеме шым батам,

Жүрегімнің үнін-дағы тыңдатам.

Жәдіккөлдің жағасында жоғалтқан,

Маған шәйі орамалыңды бұлға, таң!


АҚЫН ЖАРЫ
Ақ борық тән есін ап бұлт-бұлт еткен,

Ақкөз сезім санасында бұрқ еткен.

Қашты ақыннан қайран елік үркектеп,

Қарап қала бере ме енді құр текке.


Ілік іздеп ,ілесті ақыры соңынан,

“Айым, бәлкім, туар ,-деді-оңынан”.

Іздеді ақын күн-түн сол бір құса емін

Ал қыз одан үш мүшелдей кіші еді.


Көрмек болды сезіммен бір беттесіп,

Қыздай алған қосағы тәрк еткесін.

Махаббатты лайлады сол ақын

Әке мен қыз арасында болатын.


Ақын тасып, көбінесе әлгі жырды ойлап,

Сағынады ал қыз кезін сүрбойдақ.

Бейне ол мына тар бөлмеге тұтқындай,

Ақын өзін сезінеді мықты ұлдай!


Жанарына сұлулықты жинайды,

Туа берсе деп тілейді мұндай күн,

Оның аңғал көңіліне сыршыл, ақ

Ақын жары әупіріммен жүр шыдап!

Алдарында тұрды олардың кіл сұрақ!
Есіл ақын...ештеңемен жоқ ісі,

Аққайраң ғай көңілі де...

ол үшін

Жақ таянып, түнде ұйқыдан тұра сап,



Шам түбінде жыр жазу да рахат!
Жыр жазады өз-өзінен өртеніп!

Тірлігінен ерінің қыз жеркеніп,

Сол бір жырдың бір жолын да оқымай,

“Ақын жары” атанып жүр,о, Құдай!


ЖОЛДАНБАҒАН ХАТТАРДАН


Қоғам азарда- достық,

Адам азарда- махаббат жоғалады.

Мұхамед ғ.с.
Құмарттым саған, саған... жылдап, айлап,

Көңілімді құса, мұң, ой жатыр жайлап.

Мазамды алған күн-түн жан дертіме

Дауысыңнан дауа іздеген мен бір бейбақ!


Жан дүниең көздей мөлдір, аспандай-көк,

Тұнып тұр жыр да сонда басталмай көп.

Өзіңмен тілдессем-ақ қалам сергіп,

Солығын сағыныштың басқандай боп.


Талықсып, талмап көрген түс ең талай,..

Толқымай сен құйған шәй... ішем қалай!

Қиялдай торғын, толқын шашты аруға

Бір табан жақындай да түсем солай.


Амал жоқ, мендегі астаң-кестең сезім

Қалады сыртқа шықпай, сақтап төзім.

Сен кетіп жадау күйге түсем тағы...

Жапанда қалғандай боп жалғыз өзім.


Сезімім саған жетпей, санамда өрттей

Лаулайды, түбі мені құртар дерттей.

Тіпті оны өзімнен де құпия сақтап,

Көремін әлдекімге берген серттей.


Өткердім солай үш жаз, екі қысты,

Мен қазір тастай тұйық бекініспін!

Қайтейін, ол құрғырдың оты күшті...

Тек сенің білмейтінің өкінішті!


* * *
Сен жайлы жырды әрі қарай жалғастырам,

Жырым менің- қанаты талмас қыран.

Махаббаттың мұңдасы саған деген,

Көмейімде кептеліп қалмас бұл ән.


Жырым-жалын, ол жүрек отым болар,

Одан өзге дүнием жоқ үйде алар.

Бұл өмірімнің ішінде өтті-кетті,

Оны өшіре алмай сан оқиғалар.


Сен жайлы қаламұшқа сыр көп тізер,

Жыл өтер, уақыт-керуен дүрмек түзер.

Сол күйі қалар сезім... саған, саған

Жеткізе алмағанымды жыр жеткізер!


* * *
Сағаттар бойы аңдимын ессіз әйнегің...

Сарсаңға салған сезімім, бұрын қайда едің?

Сыртыңнан ғана сұқтанып, соған жұбанам,

Көңілімді ұйқы-тұйқы еткен , аппақ ләйлегім!


Бейнеңді әздек бағамын үнсіз “дүрбімде”,

Елеусіз ғана отымды сол бір күнде үрлеп,

Тұрғандай сонда боласың менен көз алмай,

Аралап кетер бойымды сол сәт дір-дір леп!


Сағыныш саған санамда солай күнде өршіп,

Барады: мейлі, мұнымды сөгіп, тілдерсің...

Білемін, білем... көрінер көзге бұл да ерсі,

Ұмытты соны, боп алды бейбақ бұл көршің!


Мен үшін ұшып жететін бір күн ләйлек ең...

Телефон шалып, тілдескен болам кейде мен.

Трубка қысып қаламын тұрып түк таппай,

Дауысыңа елтіп, өзіңе-өзің сөйлеген...


Тәулік бойына тастамай терезе түбін,

Көншімей көңілі, толмай-ақ кемі-кетігі,

Құлазып, соқпай зауқы да ешбір нәрсеге

Отырар солай сезімнің “тірі жетімі”!


* * *
Тағы да көрдім сені...

Бұрымың қандай ,шіркін, мойыл қара,

Тарқатып жібердің де, өрдің соны,

Емініп, болды бар діл, ойым да ада.


Көз алмай, жұтынам кеп тамақ құрғап,

Көлбеңдеп айна алдынан қойдың кетпей,

Арбалып тұрам қанша абақтыңда,

Осы әсер орға жығар болды індеттей.


Өресің бұрымыңды таңда кілең,

Жас жүрек жайғандай боп айға саусақ.

Қап, әттең, қайда қалды ардакүрең

Арқырап ауыздығын шайнаған шақ.


Сәмсіреп, сені көріп терезеңнен,

Күл парша боп сынардай тұрды әл-шамам.

Өте алмай өрекпідім өр өзеннен,

Жете алмай ар жағында тұрған саған.


* * *

Апырым-ау ... сені жоқтап жүрем күнде,

Қайтейін, келмейсің-ау бірер тілге.

Жүрсем де атың жаттап дұға сынды,

Сен үшін елеусіздеу біреумін мен.
Жүйкем де сияқты екен сірі-садақ,

Іркуге сезімімді тырысам-ақ.

Дым сезбей, дымым құртып... жүрсің мені

Көзге ілмей, көп таныстың бірі санап.


Сұлу сөз, әсем, әйдік тұрқың да елес,

Бүлкілін жүрегіңнің бір күнге кеш.

Махаббат-жүрек жаулау... ал жай сөзбен

Айтып оны жеткізу мүмкін де емес.


Баян жоқ,бояма өмір, күмәнді бақ,

Көгімнен ақ қанатты бір ән құлап,

Суықсып, сыртың беріп тұрсаң-дағы

Жете алмай жүрегіңе жырыммен де

Іш жидіп, іштей сүйіп тұрам жылап!
Сенбессің жетпеген соң көзің оған,

Махаббат құрбанының өзі болам.

Саған... нәзік жанымды жырлап түгел

Жеткізе алмай жүрген өзіме обал!


* * *
Не деген жансың жұмбақ...

мөлдір кейпің

Әйтеуір сырға толы мен білмейтін.

Өртейді өзегімді бір өрт менің,

Не оны ниетің жоқ “сөндір” дейтін.
Келеді күнде көргім,

Саған сағынышымды жырмен өрдім.

Жап-жақын тұрып , саған жету де мұң,

Жатады жолымызда бір кедергі.


Шығарға жаның бөлек мен дегенде,

Сол ықылас тамызық болды өлеңге.

Себездеп сақтиян нұр... сенің жаның

Суаттай сусын басар шөлдегенде!


Дейсің-ау шөліркесін, шөліркесін...

Жаныңа жуытпайсың, әлі үркесің.

Ұзатып, ұмсындырып...

Сезіміңді,

Сөзіңді көмейіңде неге іркесің.
Билігін бір басыңның берсе маған,

Тербеймін қиялымда мен сені әман.

Не деген жансың жұмбақ...

сырың түйіп,

Түсермін қалай, қайтіп мен сабама!
* * *
Қауіп боп төнген құс-тұйғын

Әрекетінен іш жидым.

Сықырлап уық, шаңырағы

Ортаға күйреп түсті үйдің!


Не дерсің... көзім алдында

Жұмарлап тұйғын лашынды,

Лыпасыз, аппақ бар тұлғаң...

Жарқ етті... жүзім жасырдым.


Өзің деп өліп-өшкенім,

Қайтейін, қалды жайына.

Махаббат бастан көшкені

Осы ғой, осылай ұғам.


Бал ғой деп кеппін мен уды,

Опа бермеді отты ернің...

Жамау да жасқау көңілдің

Жыртығын қалай көктермін.


Мен сенен күтпеген де едім,

Пәк махаббаттан басқасын.

Сен барда да оған шөлдедім,

Жоқ екен сенде ол...

Бос басың!

БОЛАШАҚ, БОЛМА БОРКЕМІК!


(патетикалық толғау)
Балалар- біздің болашағымыз”

ясли маңдайшасындағы жазу

ЖІГЕРЛЕНДІРУ

Аспанға шығып кетердей мына жол келіп,

Жетілсе елдің, болашақ күннің өркені.

Толғатып ертең-өзіңдей болашақтарға

Жер құрсақ боп дертеді.
Сүрін де түзел,етпеттей құла, қайта тұр,

Қашауың кем бе-біржола бастан қайта ту!

Аңыз боп қалшы, бүлдіршін сана, ақылмен,

Ғасырлар бойы айтатын!


Қайта ту

Ана махаббаттарына өртеніп!

Бақилық ғұмыр бүгіні болып елтелік,

Иінге түсер жүгің мол,

Мейлі, бүгін бол,

БОЛАШАҚ, БОЛМА БОРКЕМІК!




  1. Әткеншектен құлаған бала

жайында жазылған жыр
Жүгіріп жүрді құм үйіп,

құмнан “қала” сап.

Бүлдіршін бала,

бүлдіршін бала-бала шақ!

Бүгінгі бала...

өтеді уақыт, ертең ол-

Шыңмен де, мыңмен...

бой теңеп өсер БОЛАШАҚ!


Оның да, алла-ау, ержеткісі бар ертерек...

Құласа-тұрса, тынбаса борша-борша боп,

Кедергіге небір кездессе-дағы

сол -себеп!

Құмарлық жеңді,

жеңіне жұққан шаңды үрлеп,

Мұрынын тартып,

әткеншек барды ол ентелеп!


Ұмытылды арқау жібінің сәл-пәл селкеуі,

Тепті де кетті...

Құлайды-ау , әй, әй... қайтеді!

Сәлден соң...

жерді етпеттей құшып, көршінің

“Бай-байға “ басты “топырақ қапқан” тентегі.


Құлаққа жеткен шақта

Оның “апа, кел, келі”

Кете де жаздап өзегі Ананың өртеніп,

Алау да далау жүгірді...енді қайтеді...

Мертігіп қалды-ау Ертеңі!
-Құладың қалай

оңбай да қалған шығарсың...

бірінен құлап, біріне енді шыдарсың,

бұдан да биік, бұдан да биік ,жаным-ай,

ертеңгі күні басына өзің шығар шың!
-Жіберші, апа,өзім-ақ тұрып кетем ғой!

Ұл ойнап кетті.Анада қауіп, секемді ой.

Етпеттеп қалар ертеңді ерте жетілтер

Бүгінгі мейірім екен ғой!


Ұл ойнап кетті...шаңын да қақпай,тұра сап, ,

Бұлыңдап кетті балауса бейне –бұла шақ.

Күліп те қойып

Елемей бірін өткеннің,

Көзімнің алдын көмкеріп, көркем көктем жүр!
Ей-й...

Сенің ғой қазір күмбезің сәнді, жаз-іргең...

Жолыққан жоқсың әлі де мың-мың қазыңмен.

Бүлдіршін бала-ау,бойыңнан ертеңнің ісін

Тани да алсам қазірден!
Сүрін де түзел, етпеттей құла- өзіңнен,

Көрмейін жастың жентегін ғана көзіңнен.

Жұпарын жайып жететін жұмбақ- ертеңнің

Есетін лебі бұйығып жатыр өзіңде!


2. Әлгі бала биыл күз мектепке барды
Биыл сен, міне, таралдың, өстің, толыстың...

Есігін аштың мектептің- жаңа қоныстың.

Көзіңнен көрдім жасынды-

жалт-жұлт жарқылды.

Білімге деген құштарлық болар ол ұшқын!
Біреуден бұрын, біреуден, бәлкім соң ұштың...

Орман ойлардың орбитасында бәр кез тоғыстың...

Парта- саған президиум үстелі,

Не екенін мына біле де білсең борыштың!


Білімге құмарт, күй-үнге құмарт, ән құмарт,

Уақыт- көшке бойыңда барды сарқып арт.

Құмарту деген ... береді биік нәтиже

Алай да дүлей ақпанның-дағы арты- март!

Бір ғана тілек-

Болашақ, болшы білімдар,

Мақтаныш етіп жүрейін нұрлы күніңді әр!

Именбей ертең табалдырықтарынан атта,

тәрк етіп,

тұс-тұстан тегі қадалған көздің сұғын бар.


Болашақ,

Сенің көңліңде титтей дақ бар ма,

Кері адресін жазасың жолдар хаттарға.

Кішкентай сөмке көтертіп қойып, сені де

Көтеріп мектеп барады баспалдақтарға!
* * *

Көрінші, көрін...

Балаң ой, биік еңсемен,

Мен сендік білік-танымды болсын

өлшемен.

Бұрымды қызбен ұрсысып қалдың,

бұл емес,

бәтір-ау, күткен қасиет-қадір мен сенен.


Бұл мінің, білсең,бірінші,яки соңғы емес,

Қаталдыққа қабақ та шытпау- оң кеңес.

Күншуақ жүзден ығады бәрі- бәрі де...

Ұрсып ап, қайта табысу-дағы оңды емес.


Сырың жетерлік,

Ұстай да білсең құлыпта,

Болмайын мен бір мөңіреген сиыр тұлыпқа.

Шабыстың делік,

Көнбейтін “асау” ырыққа,

Соңынан барып табысатыныңды бірақ, ұмытпа!


* * *
Жұмбақ боп тартып,

жұмбақ боп тартып

Барады күн-түн КӨК пен ЖЕР,

“Ныспылы” болып шыға да келді-ау шөптер де.

Географиялық атаулар талай сүрінтті...

Ұлыларға да балалық аңғырт боп келген!


Айта алмай сөзің көңіліңе күн-түн кептелген,

Таба алмай алау дертіңе-дағы жөпшенді ем,

Санаңды таңның сәһары шайып өткенде,

Айтатыныңа,

Табатыныңа ұл ең бек сенген!
Ұйықта тұнып,

Ұйқасты өлең, бар сырың

Жатқанда...

Жалған сөз келтіретіндерге қарсымын.

Ертеңгі күні сомдайтын ғимаратыңның

Илектеп жүр ең балшығын...


* * *
Қарайды саған

айналаң шыңжау мүскін деп,

Тай-талас өмір-додаға бүгін түстің де...

Қартамыс тартып, қажыған ата-анаңның

Үміті сенің үстіңде!
Өзіңнен бүгін үмітті, білсең, сан жанар

Жаңғырық сынды

Рухын атар таңға апар,

Қартайған ата-анаңның нұрлы ертеңге

Арманы сенсің жалғанар!
Мектепке бардың-

Сен әлі сәби, шақасың...

Бөктеріп алып бүгіннің бар-бар батасын,

Үркектеп бірде,

Үміттер толы күймеде

Ырғалып бара жатасың!


3.Бірде оның ақыл тісі түсті. Ақыл тісін

тауға қарай сілтеп жіберді:

таудай болсын дегені. Бала ғой, бала...
Жұлып ап тауға лақтырдың ақыл тісіңді,

Буырқанған ойды сабаңа солай түсірдің.

Тісіңнің таудай болмасын бірақ не керек,

Бертінде ғана түсіндің...


Толайым оймен таңырқаттың да сен мені,

Бұрнағы әбес қылықты қазір көрмедім.

Тау жаққа ақыл тісіңді шиіріп кеткелі

Ақылың ретке келгені.


Мейірім жұрты болыпты ата жұртыңдай,

Келесің өсіп, келісті мына тұрқыңды-ай,

Лүпілің тартып барады мені,барады,

Болашақ –Жүрек құйтымтай!


Болашақ-бөбек,

өсе де көрме боп кекшіл,

бала ғой деп ем, бәлиғат толып, көктепсің.

Ырымға сайып, ақжолтай ақыл тісіңді

Тау жаққа бекер лақтырып тастап кетпепсің!
4.Кешікпей Ол “әліппені” де ақ тас, көк

тас тамамдап тынды. Бір баланың көкжиегі

кеңейіп, ақыл –танымы айқара ашылып

келе жатты. Менің сонда оған айтпаққа

оқталған тілек-батам төмендегідей еді.
Боркемік болма, болашақ,

Бабадай жолы, жорасы-ақ.

Данадай көріп... қаласаң,

Құп-құйттай ғана қолыңмен бізге бал асат!


Анкетаң-жарты парақтық,

Көк жүзін көлбеу жолақ қып,

Кораблін ұшырып біткен жоқ,

Космодром-кеудең әлі ақтық!


Болашақ, бізбен біргесің,

Иіліп қалу-күнге сын,

Қайыс бау таққан портфелъден

Иінің талып жүр ме осы!..


Айыра біл: досың, қасың кім?

Алдыңда, “атом ғасырлы ұл”,

Ай емес, күн де, жыл да емес,

Жүгі тұр бүтін ғасырдың!


Басқамен, мейлі, бол бізбен,

Салайын соны енді ізге,

әкең де, шешең... шаруа..

басталдың, міне, сен бізден!


* * *
Болашақ,,

(бүгінгі “оқымыс” ұл),

не айтсаң да қайталар тоты құсым!

Зерделім-ау, зергерім...еліңе сен

Жүрегіңнің жылуын, отын ұсын!
Бойлығы берен болмыс-

білімді ұсын.

Таныт таңдай әуезін, тілің күшін.

Сен менің сырымбысың,

Сен менің мұңымбысың,

Құмыр құсым!

“Бейбітшілік” жырының, ей, болашақ,

оқы Жерге және бір үзіндісін!


Болсын десең, күмбезің әсем, мықты...

Ара –есігін айқара аш ендіктің,

Меридиандар бойымен жүгірсін нұр,

Жақтаумен бол жай-күйін бәсеңдіктің.


Сен, мүмкін, Виктор Хара қыршын жыры,

Жер кеудесінен шыққан дүрсілді ұғын.

Ұқтыра да білгейсің...

қазір боссың...

мектебіңе барып кеп жүрсің бүгін!
Болашақ,

Шапағатты шақсың жырақ,

Мезгілінде мейірің атсын гүл ақ!

Ертеңдердің есігін ашар кілтің

Портфеліңнің түбінде жатсын, бірақ!

Ойтолғақ

Наркескен жүзді ,

Ақ берен болса деп жырым,

Қалар да емес дегбірім!

Уақыт атты тежеусіз арна бойымен

өлең боп ақсын кемді күн.

Аруана көктің жыр еміп өстім төсінен,

Алдыма келсе, атаның құнын кешіп ем,

Қазақтың ұлы, өлеңсіз қашан өсіп ең,

өлеңде-демім, өлеңде –менің несібем!


Сені де, сені...

өлеңнен іздеп сенделдім.

әткеншегіңде сосын әрі де бері тербелдім.

Есімде, есте,

Еңсегей емен жапырағы-

өміріме өлең тармағы болып енген күн.

Жыр туды-

Туды ай немесе нәркес таң атты.

Ұзатып салып дүмеген жұлдыз-қонақты.

Ол енді таңның сәулесі болып жүгірді.

Тамырын бойлап дарақтың!
Жыр туды,

Туды,туды күн!

Қулық-сұмдығың,

Көрініп көзге қалардай енді ұрлығың,

Адамның ұлы дос көрер енді бір-бірін.

Жөргекте жатып шырылдап сәби –шындығың!


Асып та таспай,.. көлдері –дағы төгілмей,

Орманы тынып,.. ұйқаспен, ырғақ, өріммен,

Айналады екен өз осъін

Жыр болып Жұмыр Жерің де!


Шыдар-ау бәрі-бәріне... аз-кем...

Ал жырсыз...

Адамның күні мазмұнсыз!

Жыр туды-тудық біз содан,

Адам, Жыр-егіз!

БІЗ -ЖЕРДІҢ МӘҢГІ ӨЗІНЕ БІТКЕН МАЗМҰНБЫЗ!

МАЗМҰНЫ
ТУҒАН ЕЛ, СЕНЕН НӘР АЛДЫМ!

Жаса, жайна, Астана! 3

Өлкем менің 3

Тәуелсіздік толғаулары 4

Анамның тілі 8

Бейбіт күннің шуағы 9

Талас толқындары 9

Ауылға хаттардан 10

Дала әуендері 13

Табиғат аясында 15

Астық жорығы 16

Абай. Алаң. Адамдар. 16

Жауыныңды әкел 17

Жаз 18


Мойынқұм монологтары 19

Туған жерге 19

Бір ақын бар... 20

Ұлыс жыры 21

Қырықтың балы 22

Дала қартының толғанысы 23

Шуақты күндер 24

Күзгі ырғақтар 25

Мамыр айы 27

Этюд 28


Ақ бөкен 29

Көпір 29


Ақ қыс әуендері 30

Жыл шашуы 31

Қолшана –уақыт 33

Ғасырлардан сыр... 33

Қырандар мен құзғындар 34

Еске алмас та ем... 35


«БАУЫРЫМ» ДЕП СҮЙДІМ АДАМДЫ

Өлең, саған борыштымын 39

Абай рухымен сырласу 40

Ұлылық сыры 42

Мәңгілік мұзарт 42

Дүлдүл 43

Кәрі жиде түбіндегі ой 45

Ер Махамбет 46

Сен құрметте оны! 46

Ағаға арнау жырлар 48

Желтоқсан жыры 50

Елаға, елге тұтқасың 51

Ағама 52

Біргемін сендермен 53

Мүшелтой жыры 53

Сабынның алқындысы 54

Ұлыма сыр 55

Ақ сұңқар құс 55

Серт 56

Бір мүшайрадан соң... 57



Қайсар жыр 58

Құрылысшы туралы жыр 58

Жиырма бес – жас дәурен 60

Талас қызына 62

Арзу-ән 63

Сол бір апта 64

Сыр 64

Оташы 65


Бір адамға 65

Журналистер 66


МЕН БІР ЖҰМБАҚ АРАЛМЫН

Ақынның жүрегі 67

Базына 68

Балалықпен бетпе-бет 68

Аңқыма 69

Ойық 69


Зәһар 70

Періштелер әлемі – ақ әлемім 70

Құмыр құстың таңдайына ұя сап... 73

Мендегі жыр 74

Құснихат 74

Өлең деген жалғыз шырақ... 75

Жалқы күй 77

Қайран жер... 77

Монолог 78

Бәсім бар 79

Сыр 79

Ұстаз 79


Дүбірлі, дулы дүние 80

Сұлулықпен бепе-бет 81

Күз суреттері 82

Музам еді... 83

Арқырай жеткен ақ бозым... 84

Ей, менің... 85

Абайша 85

Бір ақынға 86

Көңілдің кейбір кездері 87

Құм астындағы қала 89


МЕНІҢ МАХАББАТЫМНАН ЖАРАЛДЫҢ...

Сен туралы жырлардан 90

Бала махаббат 110

Бір қызға 111

Шие ерін 111

Комаки Курихараға 112

Серенеда 113

Жолданбаған хаттардан 114



Болашақ, болма боркемік! 118

Баймаханбет Ахмет
ДЕЛ-САЛ ДҮНИЕ...
(өлеңдер жинағы)

Редакторы Мәдина Көбеева

Компьютерде терушi Жанна Бейсенқұлова

Компьютерде беттеушi ...............................

Корректоры Малика Налекова

Техникалық редактор …………………..
Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет