Театр әлеміндегі өшпес тұлға – Қасым Жәкібаев



бет2/2
Дата28.01.2018
өлшемі0,63 Mb.
#34759
1   2


Театрда алғашқы ойыны Алексей Толстойдың «Алтын кілт» ертегісіндегі Базилио мысықтан басталған сахна жампызының шеберлігі өнер сүйер қауымның көз алдында өсті. Ол сомдаған бейнелер: «Алтын сақада» – Сарман, «Есірткен еркеде» – Марат, «Ыбырай Алтынсаринде» – Жақай, У.Шекспирдің «Гамлетінде» – Полоний, Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында» – Вурле, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» – Қайрақбай, Ғ.Мүсірепов пен Қ.Ысқақтың «Ұлпан Есенейінде» – Тоқай, Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Миғұла терісі үстіндегі сотында» – Шыңғысхан, Б.Жәкиевтің «Әке тағдырында» – Жеңісбек, Ә.Тәжібаевтың «Жомарттың кілемінде» – Сайтан, Островскийдің «Жылы орнында» – Юсиф, Қ.Мұхамеджановтың «Қуырдақ ертең дайын» туындысында Ережеп болып жалғасып кете береді. Өнердегі өзіндік мәнерімен, бітім-болмысымен көрермен көңілінен биік орын алған Қасым Жәкібаев театрда бас-аяғы 300-дей, ал кинода 70-тен астам рөл ойнаған үлкен актер. Қасым аға жайлы бір мақала, бір хабар, тіпті бір кітап та аздық етеді. Бірақ кинодағы алғашқы рөлдерінің бірі – бұл әйгілі “Дерсу Узала” болды. Бұл орыс ғалымы, оқымыстысы, географы, Владимир Арсеньевтің “Қиыр Шығысқа сапар” атты кітабы бойынша түсірілген фильм. Ол Мәскеудегі “Центрнауч фильмде” өмірге келді. Режиссер Агаси Бабаянның бұл фильмі 1962 жылы Бухарестегі халықаралық кинофестивальде бас жүлде “Алтын қасқырға” ие болған. Қасым Дерсу Узаланы ойнағанда бар болғаны 30-дағы жігіт болатын.

Қасымның арманы “жеке” концерт еді. Тақиясынан шығып тұрған кекіл, екі бет қып-қызыл. Ақымақ бай баласы тек қарынның құлы. “Апа-ау, менің қарным ашты” деген сөзді айтқанда, айтып қана қоймай, “туһ” деп алақанға бір түкіріп, онымен кекілін тарағанда залдағы бала біткен мәз болатын.

Қасекең балалар спектаклінде көп ойнады. Солардың ішіндегі Қасекеңнің талантын халыққа бар қырынан ашқан Б.Жәкиевтің “Әке тағдырындағы” Жеңісбек рөлі. Ата рөлінде Қазақстанның халық әртісі Байділдә Қалтаев ойнаған болатын. Бұл спектакль шын мәнінде театрдың алтын қорындағы дүниелердің бірі де, бірегейі. Мұнда екі үлкен актердің, екі тұлғаның тоғысқан шақтары.

Қасым Жәкібаев – комик. Иә, бұл шамданатын сөз емес. Ұлы комиктер әлемде баршылық. Мысалға, бір Чарли Чаплиннің өзі не тұрады?! Ол түсірген фильмдер, жасаған образдар қашанда өз құнын жаймайды. Қасекеңнің комедиялық рөлдерін көргенде ұлы комиктер Макс Сеннетт, Мэйбл Норман, Форд Стерлинг, Фрэд Кинчендер амалсыз еске түседі.

Қасымға арнайы жазылған пьесалар да баршылық. Солардың бірі – Сәкен Жүнісовтің “Жаралы гүлдер” пьесасы. Бұл пьесада соғыс кезіндегі балалардың өмірі баяндалады. Қасым – Қасымды ойнайды. Балалардың ішіндегі ақылдысы да, тентегі де Қасым… Тіпті, оның мұғалімнен үйренген әні де өзінше. Баяғы “Шёл в борьбе – и в тревоге” деп басталатын әнді соғыстан оралған екі-үш ауыз ғана орысша білетін мұғалімнен (Чапай Зұлқашев) үйренген әнді, әне, Қасым өзінше айтады. Образдың тек күлкілі жағын ғана емес, сол балалық шақтың соғысқа тап болғандығын, жандарының да жаралы гүлдей “солғанын” Қасым осылай береді. Қырықтың үстіне шыққан, самайын қырау шала бастаған актердің бала Қасымды ойнауында мін жоқ. Қасыммен бірге көрермен күледі, күліп отырып та жылайды. Өйткені, Жәкібаев өмірі де күлетін, күліп отырып жылайтын тағдыр…

Қасым үлкен ұлынан көз жазып қалды. Оған себепкер КГБ (комитет государственной безопасности) еді. Алғыр бала, ақылды бала сонау кеңес кезінде-ақ өз болмысымен, өз санасымен коммунистік партияға қарсы шықты. Ол кезде коммунистік жүйеге қарсы шығу тіпті, мүмкін емес болатын. Ойлаудың өзі де қорқынышты болатын. Әйтсе де Қасекеңнің ұлы осы қатерлі жолға басын тікті. “Өзгеше ойлайтындарға” қашан да КГБ-ның жындыханасы мен түрмесі дайын ғой… Сол ұлы осылай опат болды. Ел секілді, көп секілді ойламады. Басқаша армандады. Кім білсін, сол кезде біздің халқымыздың түбі бір тәуелсіздік алатынын білді ме екен сол ұлан?..



Ал, Жәкібаев осындай қилы күндерде де сахнадан кеткен жоқ. С.Мұқановтың “Мөлдір махаббатындағы” Қайрақбайдың әнімен “Омскей, Томскей… Қыз-келіншек жиылатын, Семипалатинский”, – деп сахнада ән айтып тұрды. Дұрысы “тұрған” болды. Оның жүрегі қансырап, жылап тұрды. Бірақ жанының күйзелгенін көрермен байқамаған. Жәкібаев оны байқатпаған. Өйткені, ол ертегіші. Жылап тұрса да немерелеріне ертегі айтып тұрған Ерден ата секілді ешкімге білдірмеді.

Иә, Қасым ертегіші шал. Қаншама жас бала күнде кешке Қазақ радиосының ертегісімен ұйықтап жүрсе, оған Жәкібаевтың да үлесі бар. “Ерте, ерте, ертеде, Ешкі жүні келтеде. Бір кемпір мен шал болыпты”, – деп басталатын ертегі осы Қасымның дауысы болатын. Ешкімге ұқсамайтын ерекше мақаммен бүлдіршіндерді ертегі әлеміне Қасым шал күнде осылай алып кететін.

Қасекеңді театрдан екі мәрте шығарды. Алғаш бір режиссермен келіспеді. Екінші мәрте “ішкені” үшін. Баласының жылын беріп, көңілі босаған оны гастрольге жіберген. Өнер тек қол шапалақтаудан, қуаныштан, премьерадан, актерлердің бірін-бірі құшақтауынан, құттықтауынан тұрмайды. Өнерде күншілдік бар. Бұл күншілдік Адам баласымен сонау ықылым заманнан бірге келеді. Баяғы Абыл мен Қабыл­дан басталады. Әсіресе, өнер мен әдебиетте. Әйтпесе, Моцартты Сальери өлтірер ме еді? Болмаса Махамбеттің басын шауып, 37-де талай боздақтарымыз опат болар ма еді? Бұл күншілдік бар халықта да бар. Бізде де бар.

Сол жолы екі ауыз сөзі бар эпизодқа “қызып” шыққан… Сөйтіп, баласының топырағы кеппей оны гастрольге алып барғандар театрдан шығарды. Осы кезде Қасекең “Қазақфильмге” келді. “Қазақфильм” киностудиясы талай талантқа пана болған қасиетті қара шаңырақ. Қасекең осы жерде 10 жыл жұмыс істеді. Талай-талай киноға түсті. Аяған Шәжімбаевтың “Жансебіл” фильміндегі арбамен жүретін шалды ойнағаны үшін Ашхабадтағы кинофестивальден “Ең үздік ер адам бейнесі” үшін лауреат болса, Александр Баранов пен Бақыт Қилыбаевтың “Үшеу” фильмінде Қасағаң тағы да көрермені таңдай қағатындай образ жасады. Экранда үш пенде, үш тағдыр, үш “маскүнем”. Әрқайсысының өз трагедиясы бар. Қасекең сомдаған сол “үшінші” басқаларға қарағанда жасы да үлкен жан. Экранда әлгі “үшеуге” қарап отырып күлесің, күліп отырып ойға қаласың. Бұл сол кездегі “кейіпкерлер”. Не өлі емес, не тірі емес қоғамның “қалдықтары”. Жо-жоқ, бұл қоғамның қалдықтары емес, бұл сол кездегі, коммунистік диктатураның құрбандары. М.Горькийдің “Тереңде” сияқты кейіпкерлер. Бұл фильм сол кезде өз бағасын алды. Жәкібаевтың мерейі тағы да үстем болды.



Содан кейінгі жылдардағы “Тоғысқан тағдырларда” Қасекең Аплатон шалды ойнады. Партнері Бикен Римова болды. Бүгінде сериал жетпей жатқан кезде Қасекең тағы да амалсыз ауызға түседі.

1994 жылы театрға басшы боп Қазақстанның халық әртісі, Қасекеңнің іні-шәкіртінің бірі Досхан Жолжақсынов келді. Келді де Жәкібаевты театрға қайта алды. Көп ұзамай сол еңбектің бағасы – Қазақстанның халық әртісі атағына ие болды. Қазір Қасым ата театрда… Рас, соңғы кезде денсаулығы сыр беріп жүр. Бірақ шал берілмейді. Күнде таңертең дене шынықтырады, дауысын, дикциясын жаттықтырады. Өйткені, Қасым Жәкібаев театрды сағынып жүр. Театр да, көрермен де Жәкібаевты сағынған. Өйткені, ол Назым Хикметтің: “Елеусіз қалған есіл ердегі” сол дәрігер секілді, сол профессор секілді. Өйткені, кішкентай қара шал қазақ деген халықтың “дәрігері”, рухани профессоры…

Бүкіл өмірін өнерге арнаған майталман актердің әрбір рөлі өзінше сыр, өзінше мектеп болатын. Қасым Жәкібаевтың бір ойыны екіншісіне ұқсамайтын даралығымен, сонылығымен ерекшеленетін. Жаны баладай таза жайсаң қария ешкімді жатырқамайтын, бөле жармайтын. Театрдағы бүкіл әріптестерін қарапайым қалпымен, ашық-жарқын мінезімен тәнті ететін. Өзі үшін емес, өзгелер үшін бәйек болып, көптің қамын жеп, театр ұжымының ортақ мүддесі үшін жаны күйетін. Жастар театрының Мұхтар Бақтыгереев, Мәкіл Құланбаев, Алтынбек Кенжеков, Шапай Зұлқашев, Сейітхан Есенқұлов тәрізді аға буын әріптестерімен жақын дос болған, тізе қосып еңбек еткен қас талант енді өзі де сол саңлақтар аттанған бақиға сапар шекті. Бірақ ол жаққан өнер сәулесі сөнбейді.



Қазақ театры мен киносының қайыспас қара нарындай қайрат танытып, жарты ғасырдан астам уақыт бойы табанды еңбек еткен қазыналы қарияның жарқын бейнесі, үлгі-өнегесі ұрпақ санасынан өшпейді.
Каталог: uploads -> doc -> 1104
doc -> Ғарыш әлеміне саяхат
doc -> Сабақ тақырыбы: Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романы Сабақ мақсаты: ҚР «Білім туралы»
doc -> Сабақтың тақырыбы Бала Мәншүк ( Мәриям Хакімжанова) Сілтеме
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
1104 -> Сабақтың тақырыбы: Абайдың қарасөздері Сабақтың мақсаты


Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет