Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі



бет1/5
Дата26.08.2017
өлшемі2,6 Mb.
#29047
  1   2   3   4   5
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы



Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі
Әдістемелік құрал

Астана

2013

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Ғылыми кеңесімен басуға ұсынылған (2013 жылғы 27 ақпандағы № 1 хаттама).

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі. Әдістемелік құрал. – Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2013. –
65 бет.


Әдістемелік құралда «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытудың» дидактикалық, тәрбиелік және әдістемелік мәселелері қарастырылды. Болашақта кең арнада сөз етілетін дидактикалық мәселелер мен қазақ әдебиетінің жаңа кезеңдегі туындыларының тәрбиелік қуаты әдістемелік негіздермен бір арнада жүйеленіп берілді.

Әдістемелік құрал қазақ әдебиетін оқыту мәселелерін зерттеуші ғалым-әдіскерлерге, мұғалімдерге, магистранттарға, докторанттарға, студенттерге арналады.

© Ы.Алтынсарин атындағы

Ұлттық білім академиясы

Дүниеге тәуелсіздік көзімен қарайтын әдебиет керек.

Нұрсұлтан Назарбаев


Кіріспе
Әдістемелік құрал тақырыбының өзектілігі. Қазақ әдебиетін мектепте оқыту әдістемесінде «Тәуесліздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» мәселелерінің терең талдаулар негізінде жүйеленуі маңызды болып табылады.

Тәуелсіздік – ғасырлар бойы аңсап келген ата-бабамыздың мұң-шері болып қазақ әдебиетінде таңбаланып қалса, ендігі кезекте сол арман болған уақытты ақын-жазушылар мақтанышпен жырлап жатса, ол мазмұн жас ұрпақтың рухани дүниесінде дер кезінде өз орнын алуы керек.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Сонымен біз тәуелсіз мемлекет құрдық. Өз тарихымызда тұңғыш рет осындай қалыпта, осындай аумақта құрдық. Біздің уақытымыздың бұлжымас фактісі, міне, осы!» [1], – деген сөздері ғалам кеңістігінде уақыт бейнесінде таңбаланып қалған тарихи сөздер. Осылай паш етілген Тәуелсіздіктің бейнесі қазақ әдебиетінде суреттеліп, ол құндылық дүние өз кезегінде әрбір қазақтың, оның ішінде жас ұрпақтың рухани қазынасына айналуы – тек ақын-жазушылар мен драматургтердің ғана міндеті емес, көп ретте, әдебиетті жастарға оқытатын мұғалімдер мен оқытуды ұйымдастыратындарға байланысты.

Қазақ әдебиетінің қазіргі дамыған болмысында тарихи тақырыптар да, қазіргі уақытта өзекті болып отырған тақырыптар да, дүние жүзіне тереземізді тең еткен Елбасымыз Н.Назарбаевтың тұлғасы да, Ата Заңымыз, қазақ деген ұлттың «мәдени формуласына» айналған Мемлекеттік рәміздеріміз, Астана, Бәйтерек бейнелері де жақсы дәрежеде өз орнын алып келеді.

Отаншылдық сезім, атамекенді қастерлеу – қазақтың тарихты сүю (историясофизм) ерекшелігінен туындайтын қасиет. Тарихты сүю (историясофизм) – белгілі бір дүниетанымдық негіздегі тарихтың тұтастық тұжырымдамасы [2].

Өз Отанын, туған жерін, елін, барлық қуанышы мен қасіретін таңбалайтын тарихшылар мен әдебиеттегі ақын-жазушы, драматургтердің ерен еңбектері назар аударуға лайық.

Қазақ әдебиетіндегі еркін, тәуелсіз елде өмір сүріп отырған азаматтың, адамның бейнесі суреттелуін қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінде сол еркіндікті танытатын әдістермен оқыту жүйесін анықтау керек.

Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келіп жатқан көркем әдеби туындылар қазіргі заман келбетін бейнелеп, замандастарымыздың жасампаздық ерлігін паш етуде деп бағалаймыз. Әдебиеттанушы ғалымдардың қазақ әдебиетінің жаңа кезеңін «сан салалы, көп мағыналы, күрделі өмір кешкен қазақ әдебиетінің жаңа кезеңі, енді таптық әдебиет пішімін өзгертіп, ұлттық әдебиет жалауын көтеріп, соны өріске бет түзеген» жаңа кезеңді «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті» деп атаудың да болашақта «Қазақстанның жаңа дәуір әдебиеті» деп аталуы мүмкін деп сенеміз[5].

Мектеп оқушыларына қазақ әдебиетінің қазіргі кезеңдегі қазынасын меңгерту үшін қолда бар әдістемелік құралдарды және жаңашыл бағыттағы инновациялық технологияларды танып-талдап, мектептегі білім мазмұнына енгізу жолдарын айқындау керек.

«Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» атты әдістемелік құралы – болашақта үлкен монографиялық зерттеулерге ұласатын күрделі тақырып. Бұл тақырыптың сан қырлы мәселелері әдебиетті оқыту әдістемесі саласындағы әдіскер-ғалымдардың, мұғалімдердің, болашақ жас ғалымдардың етене араласуымен шешілетіні белгілі. Сондықтан тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің болашағы да үлкен деп санаймыз.

Әдістемелік құралды әзірлеудің мақсаты – Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің өзекті мәселелерін анықтау.

Әдістемелік құралды әзірлеудің міндеттері:

  • Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытудың дидактикалық негіздерін сипаттау;

  • тәрбиелік аспектісін сипаттау;

  • әдістемелік жүйесін сипаттау.

Әдістемелік құрал кіріспеден, үш бөлімнен, қорытынды мен әдебиеттер тізімінен тұрады.

Әдістемелік құрал мектеп мұғалімдеріне, қазақ әдебиетін оқыту мәселелерін зерттеуші ғалым-әдіскерлерге, магистранттарға, докторанттарға, студенттерге арналады.

1 Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің дидактикалық негіздері
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 1991 жылдан бергі тарихын, қазақ әдебиетінің дамуы мен кемелденуінің ширек ғасырға жуық кезеңін мектеп оқушыларына меңгертудің жаңа әдістемесінің қалыптастырылуы – уақыт талабы. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесін зерделеуде, ең алдымен, бұл үдерістің жалпыпедагогикалық және жеке әдістемелік негіздерін жаңа инновациялық оқыту талаптары негізінде жүйелеп қалыптастыру керек.

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытудың сапалы негіздемесін анықтау жалпыдидактикалық және әдістемелік заңдылықтарына сүйене отырып жүйеленеді. Дидактикалық және әдістемелік заңдылықтар тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің қалыптасу және даму бағыттарын, қазақ прозасы, поэзиясы, дрматургиясы, әдеби сын салаларындағы жетістіктерді мектеп оқушыларына меңгертудің тиімді жолдарын жүйелейді.

1991 жылдан бергі кезеңде қазақ әдебиетін оқытудың жаңа технологиялары қалыптасып келеді. Дегенмен, осы практикалық қордың теориялық тұрғыдан жүйеленіп қарастырылуы кешеуілдеп, мектеп мұғалімдерінің қазақ әдебиетін оқытуда Тәуелсіз Қазақстанның жаңа келбетін танытатын әдеби туындыларды оқушыларға сабақтастықпен, бірізділікпен жинақталған әдістемесін қолдана алмай келе жатқаны белгілі.

Бұл олқылықтың орнын толтыру және Қазақстанның жаңа дәуірі әдебиетін мектепте оқытудың толыққанды болмысын қалыптастыру – кезек күттірмейтін және уақыты озыңқырап бара жатқан маңызды мәселе болып табылады.

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің дидактикалық негіздерін анықтауда жалпыдидактикалық мына ұстанымдар басшылыққа алынады:

  • Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытудың ғылымилылық ұстанымы;

  • Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытудың жүйелілігі және жоспарлылығы ұстанымы;

  • Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытудың оқушылардың саналылығы мен белсенділігі ұстанымы;

  • Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытудың қолжетімділік ұстанымы;

  • Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытудың пәнаралық байланысы ұстанымы;

  • Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытудың көрнекілілігі ұстанымы;

  • Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытудың инновациялылығы ұстанымы;

  • Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытудың тәрбиелік ұстанымы.

Бұл жалпыдидактикалық ұстанымдар – тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін мектепте, жоғары оқу орындарында т.б. оқу орындарында оқыту үдерісінің басты қағидалары ретінде танылады.

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытудың жалпыдидактикалық ұстанымдарына қоса, әдебиетті орта мектепте оқытудың жеке ұстанымдары да басшылыққа алынады:

  • Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті туындыларын Қазақстанның жаңғыруы, ата-бабалар аңсаған еркіндік пен бостандық, патриоттық идея бағытында оқыту ұстанымы;

  • Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін қазақ ұлттық сөз өнері мен оның дамуының, қарыштап қанат қағуының жаңа дәуірі бағытында оқыту ұстанымы;

  • Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін Тәуелсіздік орнағаннан бергі кезең тарихы және тұтас «Тәуелсіздік идеясымен» тығыз байланыстылығы бағытында оқыту ұстанымы;

  • Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі тарихы мен елдің мәдени даму барысы туралы ақпараттарды бірлікте ұстана отырып оқыту ұстанымы;

  • Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін қазақ ұлттық және жалпыадамзаттық адамгершілік-эстетикалық құндылықтар бағытында оқыту ұстанымы;

  • Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін нақты бір жазушының шығармашылығындағы дәстүрлілік пен жаңашылдықты меңгерту бағытында оқыту ұстанымы;

  • Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін пән ішіндегі проза, поэзия, драматургия, сын салаларының өзара тығыз байланыстылығын сақтау бағытында оқыту ұстанымы;

  • Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін пән тарихы мен теориясына байланысты негізгі ұғымдарды меңгерту бағытында оқыту ұстанымы;

  • Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін жаңа оқыту технологияларын кең арнада қолдана отырып оқыту ұстанымы.


Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту мазмұны қазақ әдебиетін мектепте оқыту бағдарламасымен анықталады. Ол бағдарлама мұғалімдердің Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінен білім берудің жетекші құралы болып табылады.

Осы ретте әдіскерлер шешуі тиіс маңызды мәселе бой көтереді. Ол – қазақ әдебиетінен берілетін білім мазмұнын түбегейлі жаңа Тұжырымдамалық негізде қайта жүйелеу. Осы кезге дейін мұндай маңызды мәселе шешімін таппай келе жатыр.

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін, оның ішкі қалыптасу үрдістері мен даму үдерістері тәуелсіздік идеясына қалай негізделгендігі де жеткілікті деңгейде зерттелмей келеді. Бұл мәселенің алдағы уақытта қарастырылуы тиіс.
Дидактиканың үлкен саласы – білім мазмұнын іріктеу мен сұрыптау.
Сондықтан, қазақ әдебиетінің тәуелсіздік жылдарындағы жинақталып келе жатқан қазынасын меңгерту, сұрыптау, мектеп бағдарламасына енгізу, талдау – әдіскерлік шеберлікті, мол тәжірибені қажет етеді.

Бұл мәселені әдебиеттануші ғалымдардың өздері де баса атап көрсеткені белгілі. «Әрине, жаңа кезең көркем кітабының бәрі бірдей қалам ұшына іліккен жоқ. Кейбір татымды туынды әртүрлі себеппен назарға түспей қалды да. Түспей қалуының бір себебі, әдебиет тарихы баспа жүзін көрген шығарманың құнын айырмай, шетінен тықпалай беруді көтермейді. Қазір не көп – қағаз топаны көп.

Проза әлеміне де, өлең өлкесіне де кіруге лайықсыз, әдебиетпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шалажансар шимайлардың бүгіндері қаптап кеткені жасырын емес. Қара нөпірім басылым арасынан ауыз тұшырлық кісі қызығарлық дүниені айырып алудың өзі бірталай жұмыс.

Дәмі жоқ, татуы жоқ сүреңсіздіктің насихатталуы бос әурешілдік. Сондықтан кітапта бүгінгі тәуелсіздік әдебиетінің әжетке жарайтыны, жілігі татиды дегендері ғана іріктеліп талданды» [5].

Мемлекет білім беру орындарына өзіне керекті азамат тұлғасын қалыптастыруға тапсырыс береді. Пәннің оқу бағдарламасы мемлекеттің сол тапсырысына сүйене отырып қажетті білім мазмұнын сұрыптайды. Осы бағдарлама негізінде іріктелген әдеби туындыларды оқыту арқылы оқушылардың саналы азаматтық тұлғасы мен эстетикалық талғамын қалыптастырып дамыту – қазақ әдебиетін оқыту әдіскерлері мен мұғалімдерінің басты міндеті.

Әдебиеттанушы ғалымдардың «қазақ халқының тарихындағы ең бақытты дәуірден, маңдайы жарқырап, тәуелсіздік туын желбіретіп, мерейі үстем болған және елімізді демократиялық жолға түсірген 1991 жылдың 16 желтоқсанынан басталған»[5] деп анықтаған тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін мектепте оқыту осындай биік пафосты, қазақ халқының терең де нәзік әрі шиыршық атқан иірімдері мол көркем қазынасын меңгерту деген жоғары рухтағы әдістемелік тіректен тұруы тиіс.

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің проза, поэзия, драматургия, сын салаларынан берілетін білім мазмұнын анықтау және оны оқыту әдістемесі бойынша алда тұрған екі міндет бар:

  • біріншіден, қазақ әдебиетінің 1991 жылдан бергі кезеңде дүниеге келген озық идеялық және эстетикалық құндылығы мен тілдік-танымдық қуаты зор көркем туындыларды сұрыптау; сол арқылы оқушыларға Тәуелсіз Қазақстанның айқын бейнесі мен болмысын таныту, тәуелсіздік мазмұндағы әдебиетте таңбаланған қазақтық әлеуметтік мәдени кодтарды меңгерту;

  • екіншіден, тәуелсіздік мазмұнындағы қазақ әдебиетін меңгерту арқылы оқушыларға көркем әдеби талдаудың жаңа тұжырымдамасын, әдеби шығармаларды талдаудың жаңа ұғымдық аппараттарын қалыптастыру.

Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиеті туындылары сол кездегі негізгі әдіс – социалистиік реализм әдісі арқылы талданып келгені белгілі. «Жағымды» және «жағымсыз» кейіпкерлердің оппозициялық талдануы арқылы кеңес заманының геройы туындап шығатын әдіс сол кездегі ең тиімді әдіс болып саналды. Ал қазіргі барынша шынайы, мүмкіндігінше өмірдің өзі алға қойып отырған тұрмыс күрмеулерінен шыға алатындай амал-тәсілдердің мектептегі қазақ әдебиетін оқыту әдістемесіне кешеуілдеп келуі – әдіскерлер тарапынан уақыт оздырып алып жатқаны айқын да ашынарлық жағдай.

Қазіргі қазақ әдеби туындылары мен оқырман арасында кеңес дәуіріндегідей авторитарлық пікір орын алмауы керек.

Сондықтан оқушының оқырман ретіндегі өзіндік көзқарасы, білім алушы субъект ретіндегі өзіндік ізденіс арқылы білім алу әдістері, жеке тұлға ретіндегі дүниетанымдық ұстанымдары қалыптасуына және олардың адамгершілік, патриоттық, эстетикалық тұрғыдан Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін ардақ тұтатын болмысына лайық болуын қамтамасыз ету – қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі әдіскерлері мен ғалымдардың парызы болып табылады.

Бұл ретте әдебиет теориясы бойынша меңгертілетін ғылыми аппараттар – терминдердің де жүйесі айқындалуы керек. Өйткені «социалистік реализм» әдісі арқылы талданып келген М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын ендігі ретте қалай талдау керек? Бұл жерде М.Қаратаевтан бастап барлық ғалымдардың талдауына сүйенетін болсақ, Тәуелсіз Қазақстан тарихында жаңа қырынан танылып жатқан Құнанбай, Шәкәрім т.б. бейнелері оқушыларға қалай меңгертілгені дұрыс?

Осы мәселелердің іргесінен орын алып, «Қазақ әдебиетінің» жалпы жүйесінен орын алып, бірақ толықтай жаңа болмыста қалыптасып келе жатқан тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытудағы әдебиеттану терминологиясын мектепте меңгертуде де жаңашыл әдістемелік ізденістер орын алуы керек.

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін шолу түрінде өту көзделгендіктен, мұғалімнің өз бетімен оқушыларға кең арналы білім беруіне қазіргі ақпараттық мүмкіндіктер мол екенін атап көрсеткіміз келеді.

Сондықтан оқу бағдарламасында аталып көрсетілген авторлармен шектелмей, кеңірек білім мазмұнын беруге ұмтылыс жасау ләзім.

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің ПРОЗАСЫ бойынша лайықты әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, көркем шығармаларды оқушыларға таныстыру және өз бетімен оқып-білуге ұсыну керек.

Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз», З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім», Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша», М.Мағауиннің «Мен», «Жармақ», «Сары қазақ», Д.Досжанның «Ақ Орда», «Құм кітап», Қ.Ысқақовтың «Ақсу – жер жаннаты», Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы», Ә.Таразидің «Жаза», «Қара жұлдызға сапар», Т.Әбдіковтің «Парасат майданы», С.Сматайдың «Жарлығап батыр», Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз», Қ.Исабаевтың «Шоң би», Б.Мұқайдың «Өмірзая», О.Сәрсенбайдың «Шеңбер», К.Сегізбайдың «Беласқан», Б.Нұржекеұлының «Әйелдің жолы жіңішке», С.Жүнісовтің “Аманай мен Заманай”, Ә.Нұршайықовтың “Жазушы мен оның достары”, М. Шаханов, Ш. Айтматовтың «Құз басындағы аңшының зары»,Қ.Ысқақтың “Ақсу туралы аңыз”, С.Мұратбековтің “Ай туар алдында”, Д.Исабековтің “Ай-Петри ақиқаты”,Ә.Сарайдың “Еділ-Жайық”, О.Сәрсенбайдың “Шеңбер”,Т.Сәу­кетайдың «Ай қараңғысы», Т.Зәкенұлының «Көк бөрілердің көз жасы», Ж.Ахмедидің «Шырғалаң», Ұ.Доспамбетидің «Қызыл жолбарыс», А.Алтайдың «Алтай новелласы», Ә.Асқардың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді», С.Елубайдың «Мінажат», «Жалған дүние», Т.Нұрмағамбетовтің «Айқай», С. Досановтың төрт том­дық «Жиырмасыншы ға­сыр», Ж.Шаштайұлының «Жаңғырық», Т.Мамасейіттің «Таңжарық», Қ.Жиенбайдың «Ән салуға әлі ерте», Мир Шайырдың «О, данышпан дүние», Ж.Әлмашұлының «Күлкі мен көз жасы», Д.Батырдың «Жарсыз өткен ғұмыр», Ә.Ыбырайымұлының «Ұяластар», Д.Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар», «Мен сізді сағынып жүрмін» атты романдары, Ө. Кәріпұлының «Серілер мен перілер», Ө.Ахметтің «Адасқан ғасыр», Н.Қапалбекұлының «Таудан түскен тұман», Д.Әшімханұлының «Самырсын сазы», Қ.Түменбайдың «Қобыздың мұңы», С.Оспановтың «Сопының ғұмыры», Н.Ораздың «Биіктегі сұлулық», Н.Қамидың «Көк қақпа», А.Кемелбайдың «Қоңыр қаз», Т.Шапайдың «Айна сарай»атты әңгіме-повестері т.б. туындылар – қазақ әдебиетінің проза саласында 1991 жылдан осыған дейінгі жылдар ішінде үлкен биіктерге қол жеткізіп келе жатқанын, «қазақ әдеиетінде даму жоқ» деген жалған сөздердің әдейі осындай теріс пікір қалыптастыру мақсатында айтылып жүргенін көрнекі дәлелдейтін дерек болып табылады.

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің ПОЭЗИЯ саласы бойынша оқушыларға бағдарлама бойынша және өз бетімен оқуға мына ақындардың шығармалары ұсынылады.

А.Бөкеновтің «Салбуырын», Н.Оразалиннің «Құрайлайдың салқыны», «Ғасырмен қоштасу», Е.Шаймерденұлының «Жүректегі жазулар», Е.Раушановтың «Ғайша-Бибі»,«Қара бауыр қасқалдақ», М.Айтхожинаның «Жапырақ сілкінген кеш», Т.Тұяқбаевтың «Жан дауысы», Б.Үсеновтің «Табиғат терезесі», С.Нұржановтың «Аруана», Г.Шамшиеваның «Қаракөз дәурен», Т.Әбдікәкімовтың «Ақшам хаттары», Г.Өмірзақованың «Жапырақ-ғұмыр», С.Сейітовтің «Серпер», Ә.Қайранның «Мазасыз әлем», Х.Ерғалидың «Сонеттер», Ә.Сәрсенбайұлының «Ғасыр мен ғасыр беттессе», Қ.Шаңғытбаевтың «Махаббат пен ғадауат», Қ.Бұғыбаеваның «Қоштасқым келмейді», Қ.Мырза-Әлидің «Заман-ай», «Алаштың арманы», К.Салықовтың «Сәбит аға», «Түркістанға тағзым», М.Шахановтың «Жазагер жады космоформуласы», «Жаңа қазақтар», «Компьютер басты жарты адам», Н.Айтұлының «Рухымның падишасы», «Бәйтерек», Ұ.Есдәлетұлының «Киіз кітап», О.Асқардың «Орбұлақ», Д.Әбіловтің «Жолаушы өмір», А.Бақтыгерееваның «Ақ шағала», Р.Ниязбек Н.Мәукенұлының «Бойтұмар», А.Шәріповтің «Құбыла», Қ.Исаның «Керімсал», Г.Салықбаеваның «Жан», А.Әлімғазыұлының «Жаралы Желтоқсан», Ө.Нұрғалиевтің «Афина мектебі», А.Егеубайдың «Аламан», К.Ахметованың «Күн шыққанда күліп оян», Иран-Ғайыптың «Жыр әлемі», «Қорқыттың көрі», Ж.Бөдешұлының «Жұлдызға орнын ай бермес», М.Ақдәулетұлының «Дәруішнама», А.Әлімнің «Ай нұры алақанымда», М.Райымбекұлының «Ай-Нұр», Қ. Сариннің «Арманымның бейнесі»жыр жинақтары, «Ер намысы – ел намысы» т.б. ақындардың шығармалары мен жинақтары жарық көріп, С.Адай, Ж.Сәрсек, Т.Толқынқызы, М.Шоқан, Б.Сарыбай, А.Елгезек, Н.Бердалы, Е.Жеңісұлы, Е.Жүніс, Т.Таңжарық, Ы.Дәбей, Б.Әлқожа, Н. Сарша, А.Сейтақ, С.Есжан, Т.Мықи т.б. сияқты жас ақындар легі көбейді.

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің ДРАМАТУРГИЯ саласы бойынша оқушыларға өз бетімен мына шығармалар ұсынылады.

Ә.Кекілбаевтың «Абылай хан», Ә.Таразидің «Ақын, Періште. Махаббат», С.Жүнісовтің «Кемеңгерлер мен көлеңкелер», М.Байсеркеновтің «Абылай ханның ақырғы күндері», Р. Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан», Шахмардан Құсайыновтың «Томирис», И.Оразбаевтың «Шыңғыс хан», Т.Нұрмағамбетовтің «Бес бойдаққа бір той», Қ.Ысқақовтың «Қыл көпір», «Жан қимақ», Қ.Ысқақ пен Ә.Таразидің «Алатау сынды алыбым», И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», С.Балғабаевтың «Тойдан қайтқан қазақтар», «Ғашықсыз ғасыр», «Ең әдемі келіншек», Ә.Ақпанбетұлының «Дүние-думан», Д.Амантайдың «Сәлеметсіз бе, қоңыр мұң», С.Сматаев пен Т.Теменовтің «Көгілдір такси», А.Жағанованың «Жан алқым», Н.Әбутәлиевтің «Өттің, дүние», А.Бекбосыновтың «Соңғы сезім», Д.Исабековтың «Актриса», «Тор», «Ескерткіш», Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланы», Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер», «Өмірзая» т.б. драмалық шығармалары – тәуелсіздік жылдарында қазақ әдебиетінің қорына қосылған рухани қазына деп танылады.
Дидактиканың тағы маңызды саласы – білім беру формасы, оқыту әдістері мен амал-тәсілдері болып табылады.
Таптық әдебиет болмысынан енді ұлттық әдебиет болмысына ауысқан қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі енді өзінің жаңа инновациялық жүйесін қалыптастыруы – күн тәртібіндегі аса өзекті тақырып болып саналады.

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті дегенде, жаңа дәуірдің желісін 1991 жылдың 16 желтоқсанынан ғана емес, 1986 жылдан бастауға да болады деп есептейміз. Өйткені қазақ жастарының 1986 жылдың желтоқсанындағы дүниені дүр сілкіндірген қозғалысы – әрбір қазақтың ұлттық санасынан, болашақ ұрпаққа тәуелсіздік аманаты болып кететін тарихи дерек болып қалғаны белгілі.

Сондықтан ғасырлар бойғы жинақталған, жырланған тәуелсіздік идеясының нақты құбылыс ретіндегі көрінісі – 1986 жылдың желтоқсанындағы көтеріліс десек, ол – Қазақстанның бір тарихи керуенінің соңы болғанымен, жаңа тарихи дәуірінің нұрлы қуатты бастауы еді.

Осымен де байланысты, Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті дегенде хронологиялық желінің бастапқы кезеңін 1985 немесе 1986 жыл деп қосуға да болатын сияқты.

Оқу бағдарламасында «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті» шолу түрінде берілген.

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі үшін жаңа дәуірдің басталғанын ескеру – ақпараттық технологияның, ғаламтордың /интернеттің қарыштап дамуын ескеру міндеттілігінен басталады.

Жаңа оқыту технологияларының, негізінен, ақпараттық технологиямен байланысты екені белгілі.

Шолу түрінде оқылатын «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін» меңгерту үшін жаңа «жеке бағдарлы кеңейту» деген дидактикалық форманы қолданған дұрыс болады. Бұл форманың ерекшелігі – оқушыларға өз бетімен іздену, оқу, талдау жолдары әдістемелік тұрғыдан түсіндіріліп беріледі-дағы, «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің өзіндік болмысы» деген тақырып бойынша оқушының өзінің танымдық-ізденіс желісі қалыптастырылады.

Бұл әдісті қолданғанда мұғалім оқушыларға бірнеше бағдардағы жоба тапсырады:

  • 11 сынып оқушыларына «Төменгі сыныптарда тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінен қандай шығармаларды оқытуға болады?» деген әдістемелік-ізденіс формасындағы жобаны ұсыну.

  • «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің библиографиясы» деген тақырыптағы жобаны ұсыну.

  • «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің проза саласын талдау әдістері» атты аналитикалық жобаны ұсыну.

  • «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің поэзия саласын талдау әдістері» атты аналитикалық жобаны ұсыну.

  • «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің драматургия саласын талдау әдістері» атты аналитикалық жобаны ұсыну.

  • «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің әдеби сын саласын талдау әдістері» атты аналитикалық жобаны ұсыну.

  • «Ерекше жоба»формасында белгілі бір жазушының өмірін, шығармашылығын, интернеттегі қазақ әдбеи туындыларының орналастырылуы, жастар шығармашылығы т.б. тақырыптағы жобаны ұсыну.

Ұсынылып отырған форманың кері байланыс ретіндегі формасы – оқушының өзіндік ізденісінен туындайтын «Мен ұсынатын тамаша әдеби шығарма»атты тақырыппен жүргізілетін жұмыс.

Мұндай жұмыс түрінің ерекшелігі оқу бағдарламасының да, мектеп мұғалімінің де, оқыту үдерісінің де қатып қалған догмалық сипаттан аулақ, «субъект – субъектілік» жүйедегі гуманистік дидактикалық қатынасқа негізделген жаңа оқыту технологиясының қағидаларын басшылыққа алатындығымен танылады.

Сабақ – әдебиетті оқытудың негізгі формасы болып табылады. Десек те, әдебиет сабағын қазақ тілі немесе математика, алгебра, физика пәні сабақтарынан өзге етіп құру керек. Өйткені әдебиет сабағы – оқушының жан-дүниесін қазыналы ететін ерекше дидактикалық үдеріс.

Бұл ретте «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті» бөлімін меңгертуде диалог-сабақ формасын тиімді оқыту формасы ретінде ұсынамыз. Сабақтың бұл формасында, көп ретте, эвристикалық әдіс орын алады. Мұғалім өз оқушыларымен біріге отырып, сабақтың негізгі лейтмотиві болып алынған өзекті сұрақ-проблеманың шешімін көркем әдеби шығарманың өн бойынан іздеп табады. Сол үдеріс барысында түрлі іс-әрекеттер арқылы кейіпкердің бейнесі танылады. Сомдалып тұрған әдеби бейненің болмысындағы ерекше тілдік суреттеу құралдары анықталып, тілтаным арқылы көркем-эстетикалық талғамы қалыптастырылады.

«Әдіс» – әдебиет сабақтарындағы мұғалім мен оқушының бірігіп атқаратын оқу-танымдық іс-әрекеті. Сабақ тақырыбына лайық дұрыс таңдалған әдіс арқылы оқушы жаңа блім мазмұнын игереді, жаңа білік-дағдыларға ие болады, қабілеті жетілдіріліп, белгілі бір дүниетанымдық көзқарасы қалптасады.

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістерінің жіктемесін тануда сюжеттік-композициялық талдау, бейне, стильдік талдау, шығарманың тарихи талдануы, шығарманы жазушының шығармашылық қызметі аясында және басқа жазушылар шығармашылығымен салыстыра қарастыру сияқты тағы басқа әдіс-тәсілдер алдынғы орында тұратыны белгілі.

Қазақ әдебиетін оқытуда қолданылатын сапалы әдістер осы әдістің кішкене құраушы элементтері болып табылатын амал-тәсілдердің алгоритмдік қолданысы арқылы жүзеге асырылып қолданылады. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытуда қолданылатын әдістерді былайша жіктеуге болады:

  • эвристикалық әдіс;

  • ізденіс әдісі;

  • репродуктивтік әдіс;

  • продуктивтік әдіс;

  • шығармашылық әдіс.


Эвристикалық әдіс орта мектеп оқушыларына «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті» саласын меңгерту барысындағы негізгі әдістің бірі болуы дұрыс болады. Өйткені бұл тақырыптағы қазақ әдебиеті – оқушылардың осыған дейінгі меңгерген әдеби білімінің кеңейтілген, жоғарылаған, ғасырлар бойғы ата-бабаның мұрат етіп аңсаған арманының жүзеге асырылған кезеңінің бейнесін сомдаған әдебиет.

Эвристикалық әдіс арқылы көркем әдеби шығармаларды танып-талдау барысында оқушылардың сезімдік көркемдік қабылдауы санада терең иірімдерге бойлай түседі-дағы, олардың интеллектуалдық дамуы қарқындай түседі.

Осы ретте Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романын таныстыруда эвристикалық әдісті қолданудың беретін пайдасы мол екенін көрсетейік.

«Соңғы парыз» романын ғалымдар идеялық-көркемдік өрісі кең шығарма деп бағалайды. Бұл дилогияда «Адам-Қоғам-Табиғат» өрістерінің өзара алмасып отыратын керемет байланысы мен қатынасы гармониялық тізбек пен желіде суреттелген. Ә.Нұрпейісовтің роман-дилогияда оқырманына жеткіземін деген мақсатын анықтау үшін мұғалім мынадай проблемалық-эвристикалық сұрақтарды алдын ала оқушыларға таратып береді:

  1. Романдағы проблеманың деңгейі қандай деп ойлайсыз?

А) жеке проблема,

Ә) аймақтық проблема,

Б)ұлттық проблема,

В) жалпыадамзаттық проблема.

  1. Биосфера проблемасын туғызатындар:

А) табиғат,

Ә) ауа райы,

Б) адам,

В) жел.

  1. «Жәдігер» сөзінің мағынасын сөздіктерден анықтап келіңіздер.


Осындай және оған қоса жүргізілетін даярлықтардан соң, эвристикалық әдіс арқылы мұғалім оқушылармен роман-дилогияның түпкі проблемасын талқылау-талдау жүргізе алады. Мұндай әдістің тиімділігі туралы, әрине, көп айтуға болады.

Эвристикалық әдісті қолданған мұғалім алдына қойылған бірнеше міндет тұтастырылып бір мақсаттың көп қыры ретінде шешіліп жатады. Бұл әдіс жекелеген проблемалардың бір арнаға тоғыстырылып, үлкен мәселе ретінде қарастырылып, оқушылардың түрлі сұрақтардың шешімін тауып, оларды тұтастырып, жинақтап отыратын қабілетін қалыптастырады.

Ізденіс әдісі – білім беру үдерісінде ерекше мақсатты көздейтін әдіс түрі. Ізденіс әдісін қолданушы мұғалім тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің болмысындағы өзіндік белгілер мен жаңа қырларын ашатын және осы кезеңге дейінгі қазақ әдебиетінде болмаған жаңаша құбылыстар мен өзгешеліктерді танытатын амал-тәсілдерді қолдану екендігін жақсы түсінуі керек.

Қазақ әдебиеті тарихының осы кезеңге дейінгі даму барысындағы көркем туындылардағы еркіндік пен тәуелсіздік деген идеяның қолға бақыт құсындай қонғандығы оқушыларға ашық та еркін әңгіме барысында түсіндіріледі.

Ендігі кезекте осы тәу етіп отырған Тәуелсіздігіміздің болашағы мәңгі болуы үшін осы «Тәуелсіздіктің» ішкі-сыртқы болмысын танып-білу, қазақты, елді дамытатын, алға жетелейтін күш-қуатын анықтау – көркем әдебиеттің «өмірлік сабақ» беру мүмкіндігі қолынан әбден келетін зор құрал екендігі тұрғысынан меңгертіледі.

Оқушының көркем туындыны жаңаша тұрғыдан терең талдауы арқылы «тәуелсіздік» идеясының көркем шығарма бойында тұнып тұрған қуатын «көре білуі» – ізденіс әдісі арқылы ғана мүмкін болады.

Өзінің ізденіс жолы арқылы тауып алған қазынасы оқушыға санасының әрбір қалтарысы мен ойының әрбір иіріміне орнығып қалады. Сондықтан ізденіс әдісі – мектеп оқушысының жас болса да ғылыми талдаулар жасауға ұмтылысын және оның жемісін татуға қолын жеткізуі арқылы оның білімге деген құлшынысын ғана емес, шабытын да оятатын ерекше күші бар әдіс деп бағаланады.

Ізденіс әдісін мұғалім оқушылардың көркем шығарманы өз бетімен талдауға үйрету мақсатында қолданып, эвристикалық әдісті қолданғанда оқушыны өзімен бірге жетелеп алып жүретін болса, бұл әдісті қолдануда оқушының өзінің ізденіс жасауына жол береді. Әрине, мұғалім кеңес беру, бағытын айқындау, түзетіп отыру арқылы жетекшілік ролін еш кемітпейді.

Ізденіс әдісін бірқалыпты қолдана отырып, мұғалім оқушылардың өзара пікірталас, семинарлар өткізуге, конференцияларда ғылыми баяндамалар оқып, ғылыми бәйгелерге қатысуға даярлай бастайды.

Ізденіс әдісін қолданар алдында мұғалім оқушылардың әдебиет теориясынан жеткілікті дәрежедегі білімі болуын, терминологиялық аппаратты керекті деңгейде меңгеруін байыппен назарда ұстағаны жөн.

Сөз жоқ, эвристикалық әдіс пен ізденіс әдісі – оқушының интеллектуалдық дамуын, ойлау және сөйлеу, жазу шеберлігін қалыптастыруда үлкен орын алатын әдістер.

Бірақ әдебиетті оқыту әдістемесінде бұл екі әдісті көп қолдану – оқушылардың оқырмандық, мұғалімнің әңгімелеу, баяндау әдістерін шетке шығарып тастауы мүмкін екенін де естен шығармау дұрыс болады. Осымен де байланысты ол әдістердің де тиімді тұстарына тоқталып өту керек.

Ізденіс әдісін қолданудың бір үлгісі ретінде Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» роман-дилогиясын таныту үдерісін алуға болады.

Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» роман-дилогиясында Абылай хан «Дарабоз» деп атаған Қаракерей Қабанбайбейнесі суреттеледі. Осы ретте мұғалім сабақты ізденіс үдерісі сипатында ұйымдастыру үшін, оқушыларға романның басты кейіпкерлері Абылай хан мен Қаракерей Қабанбай туралы нақты тарихи деректерді іздестіру туралы тапсырма бергені дұрыс.

Романда бас кейіпкер – Қаракерей Қабанбайдың елі үшін атқарған ерлік істері көркем суреттеліп көз алдыңнан өтеді. Мұғалім ізденіс әдісін қолдана отырып, оқушыларға Қаракерей Қабанбай туралы тарихи деректер мен жазушы шығармасындағы көркем кейіпкердің іс-әрекетін, сөзін салыстырады, сол арқылы оқушылардың санасында Абылай хан мен Қаракерей Қабанбай батырдың ерен ерліктері жайында өшпес із қалдырады.

Қазақ жерін басып алған жоңғар жауды ел территориясынан қайтып келместей етіп біржолата аластау және түбіне жетіп, көзін жою деген асқақ идея романның өзегіне айналған.

«Тәуелсіздік, еркіндік, бостандық, патриоттық» деген сезімдердің оқушылар үшін бүгінгі күні мұғалімдерден ғана естіп, тек қазір ғана керек болып тұрғандай әсерін болдырмау үшін, романдағы әрбір сюжеттегі, кейіпкерлердің іс-әрекеті мен сөздерін талдауға түсіріп отыру – оқушының «тәуелсіздік үшін күресу» деген киелі ұғымды саналы ұғынуына үлкен тірек болады. Романда талай қанды шайқастарда үздік қолбасы болған қазақтың шынайы дарабозы – Қаракерей Қабанбай батыр бейнесі тамаша суреттелген.

Қабанбай – роман-дилогияның бас кейіпкері, жоңғарға қарсы соғыстарда қырық жыл аттан түспеген атақты батыр. Сонымен бірге жазушы Дарабоздың бойына қосымша бір елеулі қасиеттер қосады. Оның ішінде ерекшесі – Дарабоздың қазақтардың бірігуіне үлес қосқандығы мен ұлттық идея ұйтқысына айналғандығы. Осы ерекше болмыстың қасиетті оты Қаракерей Қабанбайдың тар рулық ауқымға қамалып қалмай, өзін «Алаш ұлымын», «Қазақ перзентімін» деп сезінетіндігімен сүйсіндіре түседі.

Батырдың тар рулық ауқымда қалып қоймай, елім деп еңірей алатын ұлттық рухтан туындайтын қасиеті оны әйгілі «Қаракерей Қабанбайға», «Дарабозға», ірі қолбасы, батыр, үлкен саясаткерге айналдыра алды.

Осының барлығы оқушыларға ізденіс әдісі арқылы меңгертілген кезде көркем роман мазмұнының нақты тарихпен байланысы нығайып, оқушының ішкі құндылықтар жүйесі өзіндік ізденіс арқылы «қалыптастырылуына» жол ашылады.

Репродуктивтік әдістер – тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқушыларға сапалы оқытудың тиімді әдістерінің бірі болмақ. Репродуктивтік немесе көшірмелік әдіс арқылы мұғалім оқушыларға даяр білім мазмұнын жеткізеді. Негізінде, әдебиет сабақтарында репродуктивтік әдіс үлкен орын алады. Өйткені дайын көркем шығарма мәтінін оқу, түрлі талдаулар жасап, тапсырмалар орындау жұмыстары репродуктивтік әдіс арқылы жүзеге асырылады.

Десек те, репродуктивтік әдісті догматикалық қатып қалған әдіс деп түсінбеу керек. Әдебиеттен меңгертілуі тиіс көркем туындылардың мәтіні, өлең, кейіпкердің сөздері, драмалық туынды кейіпкерлерінің сөздері, ремаркалар – барлығы механикалық түрде жаттандылықты талап ететін сипаттағы оқу материалы болып саналады.

Сонымен бірге көркем шығарманы талдау барысы да даяр мәтін бойынша жүргізілетіні белгілі. Оқушылардың ойлауын дамытуда көркем шығарманың даяр мәтінін пайдалана отырып, мұғалім түрлі проблемалық жағдаяттарды тауып, оқушылардың шығарманы саналы меңгеруіне керекті жұмыстар жүргізеді.

Прозалық шығарманың, поэзиялық туындының, драмалық шығарманың эпизодтарын немесе белгілі бір кейіпкердің сөзін талдата отырып, мұғалім көркем талдау жүйесін меңгертеді. Сол арқылы оқушыларды өз бетімен талдауға машықтандыра алады. Сөйтіп, репродуктивтік әдісті қолдана отырып, мұғалім тек даяр білім мазмұнын баяндай алады және оқушының алған білімін жинақтауға даяр мәтінді қолдана отырып кең мүмкіндіктерге ие бола алады.

Репродуктивтік әдістің тиімді болып табылатын құраушы элементтері яғни мынадай амал-тәсілдерін атап кету орынды: мұғалім сөзі, баяндау, әңгімелеу, мазмұндау, шолу дәрістері, хрестоматиядағы көркем шығарма мәтіні, әдеби шығарманың түпнұсқасы, сұрақтар тізбесі, викториналар т.б. Сонымен қатар, интерактивтік тақтадан көрсетілетін көрнекіліктер молынан қолданылған дұрыс.

Осы ретте оқушыларға «тәуелсіздік» идеясын жырлаған ақындардың шығармасын талдата отырып, қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманының жүзеге асқан кезі – осы кез екенін, біздің парызымыз – осы еркіндікті сақтау, қорғау, оны болашақ ұрпаққа аманат ету ғана емес, қолына сенімді тапсыру екенін саналылықпен ұғындыру керек.

Ақын Ш.Сариевтің қазақ халқының сан ғасырлар аңсаған тәуелсіздігін жырлауғаалғашқылардың бірі болып үн қосқан ақын екендігін мұғалім терең толғаныспен түсіндіре отырып, ақынның өлеңдерін оқыту, талдату, оқушыларға түрлі жетекшілік сұрақтар қоя отырып, өлеңдеріндегі басты лейтмотивті меңгерту міндетін шешуі керек.

Ш.Сариев өлеңдерінде «тәуелсіздік» деген киелі ұғымның мән-мағынасын үлкен ақындық жүрекпен терең ұғынуы, сол сезімді жан-жүрегімен сезіне отырып жырлауы байқалады. Осыны мұғалім оқушыларға өлеңнің әрбір жолына тоқтай отырып түсіндіреді.

«Тәуелсіз ел – қазағым» өлеңінде «Тәуелсіздік» бейнесі ақын жырында тау суындай, дария өзендей, арнасынан тасыған бұлақтай бейнеде суреттелген.

Тәуелсіз боп артты халқым сенімі,

Мұз боп қатқан қайғы-мұңым еріді.

Ақ шыңдары – тауларымның биіктеп,

Кең тыныстап ұлы далам кеңіді.

Жер бетіне қайта шықты алтыны,

Көлдерімде жүзді аққу, қалқыды.

Толқын атып, дарияларым тасыды,

Тау өзені, ақ бұлақтар шалқыды, –

деген жолдардағы ақынның халқының көкейіндегі «мұз боп қатқан арманының орындалуын» емірене жырлауы айқын танылады. Мұндай патриоттық пен сүйіспеншіліктің ақын көкейін жарып шыққан күміс бұлақпен ғана теңестірілетінін де мұғалім оқушыларға атап көретеді.

Ш.Сариевтің «қазақ» деген қасиетті халықтың қайсар ұлдарының ерлігі туралы жырлаған өлеңдерін де мұғалім оқушыларға талдатып-танытады.

«Ең жақсы күн» өлеңінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевты ата-бабамыз сан ғасырлар аңсаған тәуелсіздік туын тігуші ретінде жырлайды. Қазақтың арманы – «тәуелсіз мемлекет құру» екендігін Ш.Сариевтің «Елбасы», «Астана», «Жер бетінде тұңғыш жаралған ең бірінші қазаққа ода», «Кенесары хан бүгін ат үстінде» деген өлеңдерінде жырлап, Елбасымызға арнап ескерткіш қою керектігін жырлаған. Мұғалім ақын жырының осы жолдарын іс жүзіндегі Астана қаласындағы «Қазақ елі» атты монументі соның айғағы екендігімен байланыстыра отырып ұғындырады.

Продуктивтік әдістер – оқушының әдеби шығармаларды оқып-меңгеруі барысындағы жаңашылдыққа ұмтылысын ынталандыратын, өзгеріске толы заманның ағымында тез бағдар таба алатын, проблеманы көре алатын және оны шешуге қорықпай, шешім жолын іздеп таба алатын, ереше/оригиналды және шығармашылыққа толы идеяларды табуына ықпалын тигізетін әдіс.

Продуктивтік әдістерді қолдану арқылы оқушылардың ойлау ұтқырлығын жетілдіруге болады. Ол үшін мұғалім көркем шығарманың мазмұнындағы негізгі және тарамдала таралған проблемалық жағдаяттарды іріктеп, оқушыларға ұсына алады немесе бір-екеуін көрсетіп, шығарманың мазмұнынан сондай проблемалық жағдаяттарды оқушылардың өздері табуын тапсырады.

Көркем шығарма мазмұнынан алынған проблемалық жағдаяттарды талдай отырып, шешімін іздеу үдерісін бес кезеңге бөлу дұрыс деп санаймыз:

  • көркем шығармадан проблемалық жағдаятты анықтау;

  • проблемалық жағдаяттың өзіндік сипатын анықтау;

  • проблемалық жағдаяттың күрмеуін шешу жолын болжам ретінде ұсыну;

  • шешім жолының сабақтасқан алгоритмдерін анықтау;

  • ұсынған шешім жолын тексеру.

Проблемалық жағдаят дегеніміз не? Психологиялық тұрғыдан анықтайтын болсақ – адамның интеллектуалдық қиналысының психикалық жағдайы. Ол қиналыстың туындайтын себептері болады:

  • аталмыш жағдаятқа қатысты алғанда, адам өзінің алған білімінің жеткіліксіз екенін сезінеді;

  • екінші жағынан, қалыптасқан іс-әрекетінің де осы жағдаятты шешуге дәрменсіз екенін түсінеді;

  • тұйықтан шығу үшін жаңа білім қорын іздейді;

  • күрмеуді шешуге қажетті күш пен іс-әрекет түрлерін үйрену керектігін түсінеді.

Бір мәселе бар, ол – проблемалық жағдаятты шешу үшін жаңа білім мен іс-әрекет қана керек деп түсінбеу керек, ең бастысы – проблемалық жағдаятты ДӘЛ, АЙҚЫН анықтай білу екендігін түсіну керек.

Көмескі анықталған проблемалық жағдаяттың шешімі де дұрыс болмайды. Дұрыс айқындалған мәселе – дұрыс шешімнің тең жартысы.

Жинақтай айтатын болсақ, продуктивтік әдістердің проблемалық жағдаятты шешуге ұмтылдыратын, құлшындыратын, қалыптастыратын қуатты қырлары бар, олар:

  • проблемалық жағдаяттарды шешу арқылы оқушылардың логикалық ойлауы бірізділікпен қалыптасады;

  • оқушыны өз бетімен білім іздеуге ынталандырады;

  • оқу материалын меңгертуде оқушының жеке тұлғасын қалыптастырудың ең тиімді тұстары болып саналады.

Продуктивтік әдісті қолданудың бір жолын С.Досановтың «Жиырмасыншы ғасыр» атты романын талдау арқылы көрсетуге болады деп ойлаймыз.

С.Досановтың «Жиырмасыншы ғасыр» атты төрт томдық романында бір ғасырдың көркем шежіресі төрт ұрпақтың тағдыры арқылы көркем берілген.

Бірінші кітапта отаршыл патшалық орыстық саясаттың қазаққа әкелген қайғы-қасіреті су­реттелген.

Екінші кітапта Столыпин реформасынан кейін Қазақстан мен Ресей ара­сындағы күрделі қарым-қатынас, Қазан төңкерісі, аштық, сұрапыл отыз жетінші жыл оқиғалары суреттеледі.

Үшінші кітапта жиырмасыншы ғасырдың соңғы онжылдықтарында қазақ елі бастан кешкен оқиғалар суреттеледі.

Төртінші кітапта тәуелсіздік жылдары суреттеліп, қиындықтарды еңсерген қазақ халқының жарқын болашқақа қол созған болмысы суреттеледі.

ХХ ғасырдың жүз жылында адамзаттың дамуы мыңжылдықтарды аттап өткендей деңгейге көтерілді. Осының барлығы оқушыларға «Қазақ халқы үшін ХХ ғасыр қандай ғасыр?» деген проблемалы сұрақты қойғызу одан әрі өз бетімен ізденуге түрткі болады.

Осы романдағы бір үзіндіні алып, сондағы проблемалық жағдаяттың шиеленіскен тұсын қарастырайық.

«Құдайға шүкір, Нұрдәулеттің жағдайы жаман емес. Әкесі Бабаханға он мың жылқы бітіп еді, Нұрдәулет оны жиырма мыңға жеткізді. Әкесі орта жүз Арғын ішіндегі өз руы Қараманға ғана қожалық етіп еді, бұл өздеріне ең жақын ру Төлекті де қоса билеп отыр.

Әкесі екі әйел алып еді, бұл төртеуін алды. Әкесі берісі Ұлытау, әрісі Қарқаралыда болғанын мақтан етеді. Бұл кең байтақ қазақ даласының төрт бұрышын кезгенін місе тұтпай, тым алыс Қырым асып, Кавказ басып, ту сонау Меккеге де барды, Түркия, Сирия деген елді бұл өңірде өзге түгіл он мың жылқы айдаған, жал мен жая шайнаған өз әкесі Бабахан да көрген жоқ.

Енді міне Бағдатқа барып келе жатыр. Дүниені шайқап жүр. Ұлы даланың сауырлы бір өңірін билеген атақты бай. Бай ғана емес, би. Орынбор мен Омбының, Мәскеу мен Петербордың шенеуніктерімен, қазақтың зиялыларымен ой жарыстырып, пікір таластырған білімпаз!»
Проблемалық сұрақ: Қазақтың байлары – қазақты дамытушылар болды ма, елді кері кетірушілер болды ма?
Мұғалім оқушылармен бірге мәтінді оқи отырып, осы сұраққа жауапты біртіндеп тауып алады. Нұрдәулет – бай, іскер қазақтың бейнесін де таныта алады. Нұрдәулет – көзі ашық, ағартушылық бағытты қолдайтын азамат ретінде де таныла алады. Нұрдәулет – Ахмет Байтұрсынұлына конституциялық-демократиялық партия құруға қаржылай көмек көрсеткен меценат ретінде де танылады т.с.с.

Осындай талдаулардағы проблемалық жағдаятты шешу жолы арқылы мұғалім қазақ байларының жағымсыз кейіпкер ретіндегі суреттелуін біржақтылық яғни, «советтік тапсырыс» болғандығын романнан үзінділер келтіре отырып, айқын дәлелдер арқылы түсіндіре алады.

Шығармашылық әдістер – әдебиетті оқыту барысында шығармашылық тапсырмаларды орындата отырып, оқушылардың креативтік қабілеттерін дамытуға арналған әдіс түрлері. Шығармашылық тапсырмаларды жүйелілікпен, жеке тұлғаны қалыптастыру бағытында бірізділікпен қолдану арқылы мұғалім оқушылардың танымдық, саналылық, жасампаздық, қайта жаңғыртушылық қабілеттерін дамытуды кешенді түрде жүзеге асыруға мүмкіндік алады.

Әдеби шығармаларды оқыту барысында мұғалім шығармашылық әдістердің мынадай түрлерін қолдануына болады.

Бейнелі суреттеме әдісі. Бұл әдісті қолдану арқылы мұғалім оқушыға сөздің суреттеу құдыретін таныту мүмкіндігі үлкен.

Мысалы, Н.Айтұлының өлеңінен үзінді келтірейік.

Қазақты тағдыр қанша тентіретті,

Батырлар ат үстінде жортып өтті.

«Бөкенбай жазығы» деп атайды жұрт,

Кіші жүз қолы жатқан кең түбекті.

Тауы тұр одан бері «Жағалбайлы»,

Тарихын іздемеген таба алмайды.

Жаманның бар мен жоғы кімге керек,

Жақсының басқан ізі жоғалмайды

Осы өлеңдегі белгіленген сөздер мен сөйлемдердің мағынасын түсініп, оқушыларға сурет түрінде салу тапсырылады. Бұл – оқушылардың тұйықтан сәтті шығу жолын іздеп табуына дағдыландыратын шығармашылық амал. Оқушылар белгіленген сөздердің ауыспалы мағынада қолданылғанын түсініп, бірақ сурет етіп салғанда тура мағынасында сала берсе, онда, олардың тұйықтан шығу амал-тәсілдерін тапқаны болып саналады.

Гиперболизациялау әдісі. Мұғалім көркем шығармадан бір нысанды немесе кейіпкерді оқушылармен біріге отырып таңдап алады-дағы, оның қасиеттерін, сын-сыпатын алдымен тым үлкейтуді, сосын өте кішірейтуді тапсырады. Жас ақын Қ.Сариннің «Тәуелсіздік» өлеңін талдау үлгісін келтірейік.
Еркіндігім. Қасиеттім. Қастерлім.

Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!

Кеше сенің келбетіңдіарман ғып,

Боданына бұғауландық басқа елдің

Бабалардың басын тігіп бәйгеге,

Аналардың жанарына жас бердің!

Уа, Еркіндік,қош келдің!

Тапсырма. Асты сызылған сөздерді біресе мағынасын аса кішірейтіп, біресе аса зорайтып көрсететін сөздерді қолданып, өлең мәтініне эксперимент жасаңыз. Өлең мазмұнының өзгерісі туралы айтып беріңіз.

Тапсырманың орындалу барысын төмендегідей көрсетеміз.

  1. Мағынаны солғындататын сөздермен алмастыру.


Еркін болу. Бағалым. Ардақтым .

Өзің барда өзегімде жоқ қайғым!

Кеше сенің бейнеңді арман ғып,

Боданына байланып қалдың басқа елдің.

Бабалардың өмірін қиып,

Аналарды жылаттың!

Уа, Еркіндік, келгенің жақсы болды!
2) Мағынаны күшейтетін сөздермен алмастыру.
Тәуелсіздік. Киелім. Тәу етерім .

Өзің барда өзегімде жоқ қайғым!

Кеше сенің әз бейнеңді арман ғып,

Боданына тұтылдың басқа елдің.

Бабалардың ақ тілегін көкпар ғып,

Аналарға жас төккіздің көл қылып!

Уа, Еркіндік,қадамыңа нұр жаусын!



Тапсырманың орындалуын кесте түрінде өрнектеген оқушы сздердің мағыналық градациясын (өсіңкілік – А.Байтұрсынұлы термині) айқын көру қиын емес (1-кесте).
1-кесте – Салыстыру


Қ.Сарин қолданысы

Солғындау мағыналы сөздермен алмастыру

Мағынасы аса қанық реңкті сөздермен алмастыру

-Еркіндігім. Қасиеттім. Қастерлім

Еркін болу. Бағалым. Ардақтым

Тәуелсіздік. Киелім. Тәу етерім .

- шер мұң

қайғым!

шер мұң!

- келбетіңді

бейнеңді

әз бейнеңді

- бұғауландық

байланып қалдың

тұтылдың

-басын тігіп бәйгеге

өмірін қиып,

ақ тілегін көкпар ғып

- жанарына жас берің!

жылаттың!

жас төккіздің көл қылып

  • қош келдің!

келгенің жақсы болды!

қадамыңа нұр жаусын!


Гиперболизациялау әдісі – оқушыларға «лингивстикалық эксперимент» әдісін қолдануға мүмкіндік береді. Осы әдіс арқылы мұғалім оқушылардың «тілдік сезімін» ұштап, тіл бірліктерін салыстыра отырып, ой мен мағынаның өзгере бастайтынына лабораториялық жағдайда көздерін жеткізеді. Гиперболизациялау әдісін прозалық, драмалық шығармаларды талдау барысында да қолдануға болады.

Тәуелсіздік жылдарындағы еркіндік сіңген ой маржандарын оқыту барысында креативтілік әдісті жүйелі қолдану оқушыларға да, мұғалімдерге мол-мол көмек бере алады.

Сонымен қатар көрнекілік әдісті орынды қолдану арқылы Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің құндылығы мол тұстарын меңгерту сапалы білімге қол жеткізеді. Бұл ретте көрнекіліктер жүйесінде тек кітап, сурет-иллюстрациялар ғана емес, ғаламтор, компьютер, түрлі дыбыс-бейне ақпараттық құралдары болуы тиіс екенідігі белгілі.

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін меңгертуде қазақ тілінің, тарихтың, музыканың барлық басқа пәндердің қосатын үлесі аз болмайды.

Сондықтан тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытуда пәнаралық байланысты ерекше мол қолдану керек.

Қазақ тілі пәнімен байланыс.Оқушының байланысқан сөйлеу тілін дамытуда қазақ әдебиетінің орны үлкен, себебі оқушы көркем әдеби тіл байлығын тілдік заңдылық тұрғысынан танып-біліп, оның сәйкес модельдерін грамматикалық ережеге сүйене отырып, жаңадан жасауға қалыптасады.Қазақ әдебиеті – қазақ тілінің көркемдікті жасау функциясының жарқын көрінісі болғандықтан, қазақ тілінің эстетикалық болмысы осы екі пәннің өзара байланысы негізінде кең аяда танытылады.

Қазақ тілі де, қазақ әдебиеті де шәкірттерге адам болмысының түпнегізінде жатқан коммуникативтік қарым-қатынасты үйретеді, тіл – заңдылықтарын үйретеді, әдебиет – коммуникативтік қатынастың тіл арқылы жасалған эстетикалық жоғары дәрежедегі дайын модельдерін танытады, соған баулиды.Қазақ тілі пәні мектепте оқылатын барлық пәндермен пәнаралық байланысты болады.

Өйткені қазақ тілі – барлық пәндер бойынша сөйлеу және жазу құралы және білім мазмұны қазақ тілінде айтылады, бағаланады, тексеріледі. Оқушының ойлауы жүйелі де ұшқыр, дүниетанымы біртұтас, тілі айқын да дұрыс болуы үшін әдебиетті қазақ тілі пәнімен байланысты меңгертілуі аса маңызды болып табылады.

Қазақ тілімен пәнаралық байланыс жүйелі және бірізділікпен жүргізу арқылы оқушыларда қазақ әдебиеті пәні мазмұнындағы тәрбиелік қуаттың маңызды орны мен қызметі танылады. Әдебиеттен меңгертілетін ғылыми ұғымның ақпараттық сыйымдылығы негізінде көлемі ұлғайып, бір мәселенің жан-жақты қырынан танылуы мүмкін болады. Оқушылардың тұжырымдық ойлауы қалыптасады, жүйелі ойлаудың сабақтастығы мен бірізділігін қолдану әдісі қалыптасады.

Бұл ретте Әбіш Кекілбаевтың «Тіл және тәуелсіздік» деген кітабын оқушыларға өз бетімен оқуға кеңес берсе де болады.

Қазақстан тарихы пәнімен байланысы. Қазақ әдебиеті – қазақ ұлтының тарихы жолында қалыптасқан мәдениетінің формасы, түрі, көрінісі. Қазақ әдебиеті – көне түркі ескерткіштерінен бастау алып, сан ғасырлық тарихи жолды қазақ ұлты деген мазмұнда таңбалап, сақтап, ұлттық сананы қалыптастырып тұрған киелі қуаты бар күш.

Ана тіліміз қазақтардың бір ұлт болып тұтасып, Қазақстан деген мемлекет құрып, тілдегі диалектілік ерекшеліктері жоқтың қасында болып, сөйлеу тілінде де, жазу тілінде де біртұтастық жүйені сақтап қалып отыр.

Тәуелсіздік жылдарында жарық көрген З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім», Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы», С.Сматайдың «Жарлығап батыр», Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз», Қ.Исабаевтың «Шоң би», С. Досановтың төрт том­дық «Жиырмасыншы ға­сыр, Т.Мамасейіттің «Таңжарық», Ө.Ахметтің «Адасқан ғасыр», Н.Оразалиннің «Ғасырмен қоштасу», Ә.Сәрсенбайұлының «Ғасыр мен ғасыр беттессе», Қ.Мырза-Әлидің «Заман-ай», «Алаштың арманы», Н.Айтұлының «Бәйтерек», А.Әлімғазыұлының «Жаралы Желтоқсан», «Ер намысы – ел намысы» атты жинақтар, Ә.Кекілбаевтың «Абылай хан», М.Байсеркеновтің «Абылай ханның ақырғы күндері», Р. Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан», Шахмардан Құсайыновтың «Томирис», И.Оразбаевтың «Шыңғыс хан», Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланы» т.б. шығармалары тарихи желімен тікелей байланыста оқылатын көркем туындылар болып табылады.

Музыкамен байланысы.Әдебиет сабағының музыкамен байланысы да аса маңызды болып табылады. Музыка адами сезімнің айқын көрінісі ретінде әдеби танымның кеңеюіне, санаға, жүреке бойлай сіңуіне тірек болады. Осындай мәліметтер негізінде қазақ әдебиеті мен музыканың өзара пәнаралық байланыс ерекшелігі танытылады.

Мысалы, композиторлардың тәуелсіздік, Астана туралы музыкалық шығармаларын, Н.Назарбаевтың сөзіне жазылған «Елім менің», «Үшқоңыр» әндерін, пианист А.Райымқұлованың «Дала сыры» симфониялық поэмасын т.б. тыңдата отырып музыка мен әдебиеттің интеграцияланған сабағын өткзуідің тәрбиелік қуаты зор болатынына дау жоқ.

Бейнелеу өнерімен байланысы. Әдебиет пен бейнелеу өнерінің өзара пәнаралық байланысын жүзеге асыруда оқушылар ана тілінің эстетикалық қуат-күші мен бейнелеу өнерінің эстетикалық әсерін байланыстыра танып-білу дағдыларын қалыптастыру басты міндет болып табылады.

Бейнелеу өнері – оқушыға дүниені эстетикалық және көркемдік тұрғыдан танып-игеру білік-дағдыларын қалыптастырады.

Әдеби туындының көркем құны мен бағасын тану әдістерін меңгертеді. Бейнелеу өнеріне байланысты қазақ ұлттық танымында қалыптасқан бояулар атаулары мен терминдер, ұғымдар мен түсініктерді жинақтау, жүйелеуге үйрету арқылы осы екі пәннің өзара байланысы жүзеге асырылады.

Мысалы, Алматыда Тәуелсіздік Монументінің ашылуынан бастап Қазақстан Республикасының бас қаласы – Астана болмысының дүние жүзі мойындап отырған ерекше бейнеде қалыптасуы – қазақ бейнелеу өнері дамуының жаңа дәуірі екендігі әдебиетпен тығыз байланыстырыла танытылуы керек.

Жаратылыстану-математикалық пәндер циклімен байланысы.Әдебиет пәні бойынша берілген оқу материалдарының мазмұны жаратылыстану пәндерінің мазмұнымен тікелей байланыста болады.

Бұл пәндермен, әсіресе, биологиямен, химиямен, экологиямен байланыстыру арқылы адамның осы үдерістің (биогеохимия) құраушы ажырамас бөлшегі екендігін танытады. Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз», С.Елубаевтың «Жиырмасыншы ғасыр» т.б. көптеген шығармалардың жаратылыстану пәндерінің мазмұнымен тікелей байланыста оқытылуы оқушылардың дүниетанымын кең арналы етіп қалыптастырады.

2 Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің тәрбиелік негіздері
Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Елімізге бойынаата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елімізге аянбай қызмет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да салауатты азаматтар қажет», – деп атап көрсеткені белгілі.

Ол азаматтар – бүгінгі мектепте білім алып жатқан оқушылар десек, олардың жан-дүниесінің еліне деген сүйіспеншілікке толы, ой-өрісі кең болуы әдебиет сабағына, оның ішінде тәуелсіздікті жыр еткен әдебиетті оқытумен тікелей байланысты.

Қазіргі мектептерде қазақ әдебиетін оқытудың мақсатына айналған ерекше парыз – тәуелсіз елде дүниеге келіп, тәуелсіздіктің саф ауасымен еркін тыныстап өсіп келе жатқан, болашағын осы тәуелсіз елдің болашағымен тығыз байланыстарған өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік қазынасын тәрбиелеп қалыптастыру.

Бүгінгі күні мейірімділік, мейірбандылық, патриоттық, қайтарымын күтпейтін жақсылықтар жасау деген асыл қасиеттер адам бойынан көп табыла бермей, оларды өзінің өзінің өмірлік мақсатына айналдырған адамдардың қоғамда «қызық адам екен» дейтін категорияға түсіріліп жатқаны айқын проблема.

Бірақ дәл осы айтылған мәселенің шешілуі немесе күрмеле түсуін шешім ету – барлық елдің болашағының қандай болатынынан да айқын хабар береді.Оқушыларға әдебиетті оқыту барысында рухани-адамгершілік тәрие беру туралы айтардың алдында «мұғалімнің тұлғасы» туралы мәселе жайы да маңызды болып табылады. Мұғалім өзінің болмысымен оқушыларға өзі үйрететін тәрбиелік құндылықтардың иегері болуы керек.

Әдебиет мұғалімінің интеллектуалдық деңгейі тек әдеби туындылармен қазақ тілін білуден ғана емес, қазақ халқының тарихын, мәдениетін, «тәуелсіздік» деп ғасырлар бойы аңсап, соның жолында күрескен тұлғалар туралы білімдік ақпараты мол болуы керек.

Осындай мұғалім ғана «Тәуелсіз Қазақстан әдебиеті» жөнінде білім беріп, оқушыларды адамгершілік отансүйгіштік, патриоттық, сүйіспеншілік деген киелі тәрбие тұмаларынан нәрлендіре алады. Бірақ тек сабақтың барысында тәрбиелік мақсаттарға қол жеткізе алу қиын екендігі де белгілі. Сондықтан әдебиетші мұғалім «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті» тақырыбында факультативтік сабақтар жүргізіп, үйірме құруы керек болады.

Осындай жан-жақты жұмыстардың бір арнада жүйелі жоспармен жүргізілуі арқылы оқушылардың өзінің туған тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне, тарихына дүниетанымдық көзқарасы қалыптастырылып, жан-дүниесінің қай иірімінен болса да, адамгершіліктің сәулесі табылатындай етіп тәрбиелеуге болады.

«Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті» саласының өте жақсы деңгейде оқытылуы арқылы оқушылардың жаңа, ерекше, болашаққа жол тауып беретін мәдени аяны қалыптастыратынын әдебиетші мұғалім әрдайым есінде тұтқаны дұрыс.

«Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің» өкілдері кімдер? Олардың көркем шығармаларының өзегі нені ту етеді?

Олардың мазмұнында неден арылып, нені қасиет етіп бойымызға сіңіруіміз керек? Тәуелсіздікті жырлаға көркем шығармалардың кейіпкерінің асыл қасиеттері қандай?

Жас құрақ өкілдер оларды оқыған кезде нені үйрене, неден жирене алады?

Тәуелсіздік орнағанша құндылық болған әдеби қазынамыздан қайсысы қазіргі заманның емес, өткен тарихтың еншісінде қалып қойды?

Әдебиетші мұғалімнің санасындағы өзіндік болмысын танытатын дүниетанымдық көзқарастары оның тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті туындыларын оқытуға кедергі келтірмей ме деген сауал туындайды.

Өйткені кеңес дәуіріндегі коммунистік ұранның қазіргі «Алла, Адам, Иман, Ұлтым, Халқым, Қазағым, Атамекенім, Ата-бабам» деп жырланатын ұғымдармен бітіспес алшақтығы айқын емес пе?

Неліктен қаламгерлер тарихи тұлғаларды көптеп жазып, қазіргі қазақстандық азаматтың бейнесі әдеби жанрларда неліктен аз суреттеледі? Жас ақындар мен жас жазушылардың «жастық шағы» әлі неше жасқа дейін ұзаруы мүмкін? Әдебиетіміздің көрнекті өкілдерінің шоғырлы жұлдыздары қашан танымал болады?

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытудың тәрбиелік негіздері осындай сандаған сұрақтардың шешімін анықтауы керек. Ең алдымен, әдебиетті оқыту барысында «субъект–субъектілік» қарым-қатынастың басты дидактикалық талап болуын назарда ұстау керек.

Қазақ әдебиетінің «Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет» деген маңызды тарауы 1991 жылдан бері әлі де бір арнаға тоғыстырмай, сала-саласымен даму барысы туралы жүйелі зерттеген еңбектер көбеймей, оны оқыту әдістемесінің мүлде дерлік қолға алынбай келе жатқандығы – ойландыратын мәселе.

Әдебиет – өнер болғандықтан, диалогтік әдіс негізгі орында болатыны белгілі. Бір көркем шығармаға түрлі көзқарастың болуын мүмкін ететін және өзіндік таным тұғырын қалыптастыруды міндет ететін диалог әдісі қазіргі әдебиет сабақтарының басты әдістерінің бірі болуы тиіс.

Оқушының рухани-адамгершілік тәрбиесін жалпыадамзаттық, тәуелсіз қазақстандық, ерікті жеке тұлғалық бағытта қалыптастырып дамыту үшін осы мақсатқа лайық іріктелініп сұрыпталған білім мазмұнын меңгерту барысы әдебиет сабағының тәрбиелік барлық әлеуетін потенциалын танытады.

Қазақ халқының тарихында кеңестік және одан бұрынғы ресейлік патшалық отаршылдық саясаттың қазақтың ұлттық, тарихи, патриоттық санасын, адамгершілік туралы құндылықтарын тұмандатып, бүркемелеп, мемлекеттік деңгейдегі болмысының дұрыс қалыптаспауына барын салып баққаны белгілі.Ұлттық құндылықтарымыздың белі бүгілсе де, тізе бүкпегенін 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ жастарының намысы мен ерліктері айқын көрсеткені белгілі. Оны қазақ әдебиетінің ұлттық сананы қалыптастырып, тәрбиелеудегі қуаттылығы деп түсіну керек.

Қазақ әдебиетінің тәрбиелік әлеуетінде болашақ Қазақстанның іргетасын сенімді қалыптастыратын тілдік-идеялық қуат болуы міндетті болып табылады. Сондай сенімді іргетас ретінде партиоттық тәрбие, Отанды сүю, жеке бастың қамын емес, ең алдымен елдің амандығын, тұтастығын ойлауға тәрбиелеу алынады.

Қазақстан Республикасының көпұлтты болмысын біртұтас елдік болмысқа айналдыруға қазақ әдебиеті мүдделі, ол құндылықтарды тек қазақ мектебінде ғана емес, қазақ әдебиетін оқытатын қазақстандық барлық мектептерде меңгертуге мұғалімдер мен әдіскерлер өздерінің ғылыми және әдістемелік, тәрбиеші ретіндегі күш-қуатын жұмсауы тиіс.

Әдебиетті оқыту барысында оқушыларды экологиялық тәрбиелеу. Біздің қоғамымызда да дүние жүзінде болып жатқан қоғамдық-әлеуметтік үдерістер бел алып отыр. Оның ішінде, атап айтқанда, адамдардың өзін қоршаған ортаға, өзінің ана тіліне, өзінің рухани-адамгершілік дүниесіне салғырттықпен қарау, оларды сақтау мен қорғау туралы білімі мен біліктерінің жеткіліксіздігі күннен-күнге өсіп келеді.

Осымен байланысты, экологиялық тәрбиенің қоршаған ортаның экологиясы, ана тілінің экологиясы, адамның рухани-адамгершілік жан-дүниесінің экологиясы деген мәселелері әдебиетті оқытумен, әсіресе, байланысты болуы керек.

Эстетикалық тәрбиелеу мәселелері.Оқушыларды эстетикалық тәрбиелеу – оларды шындық болмысқа деген эстетикалық қарым-қатынасты, көзқарасты мақсатты түрде қалыптастыру жүйесі екендігі белгілі.

Әдебиетті оқыту барысында оқушыларды эстетикалық тәрбиелеудің өзегі – оқушының жеке тұлғасы және оның табиғи туа бітті болмысындағы қабілеттер мен шығармашылық әлеуеттердің жүзеге асырылуына арналған тәрбие жұмыстар жүйесі.

Әдебиет – өнердің бір түрі ретінде оқушының жеке тұлғасын эстетикалық тәрбиелудің қуатты құралы болып табылады. Әдеби шығармалар оқушыға тек білім мазмұнын меңгертіп қана қоймайды, сонымен бірге оқушының сол эстетикалық әлемде өзінің ой-пікірін, танымын, талғамын жүзеге асыратын қабілеттер мен білік-дағдыларды қалыптастырып, дамытуға арналады.

Әдеби шығармалар оқушының сұлулыққа, мейірімділік пен адамгершілікке, әділдікке деген ұмтылысы, құштарлығын нақты әдеби шығармадағы өмірлікке жақын келетін суреттемелерді меңгерту арқылы оятады.

Тәуелсіз еліміздегі ұлттық құндылықтар мен салт-сананың қайта жаңғыруы барысында әдебиеттің аса қуатты рухани байытқыш мүмкіндігін қолдан шығарып алмай, мұғалім барынша мол-мол етіп пайдалана алуы керек.

Ақын-жазушыларымыздың еркін елде шығармашылықпен жазылған әдеби шығармаларының өз оқырманына, оның ішінде жасөсіпірімдерге беретін тәрбиелік күші көркем туындының әр сөйлемінен, әрбір сөзі мен сөз тіркесінен көрініп тұратыны анық.

Мұғалім өз оқушыларын сол биік пафосты сезімді тани білуге, қазақ тіл мәдениетінің тамаша маржандарын тани және қолдануға баулуы керек.

Прозалық шығарманың тәрбиелік әлеуетін танытуда көркем туындының тақырыбын, идеясы мен ондағы негізгі проблеманы айқындап алудың маңызы зор.

Оқушыларды тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген прозалық шығармаларды саналылықпен талдап оқуға дағдыландыру үшін, оқушылардың «тәуелсіздік» идеясын қастерлі де аса қасиетті ұғым екендігін түсініп, осы түсінікпен өмір сүруге қалыптастыру үшін және оларға көркем мәтінді талдау білік-дағдыларын меңгеруі үшін мұғалім көп жұмыс жасауы тиіс. Олардың ішінде мынадай маңызды амал-тәсілдерді атап көрсету керек.

Біріншіден, оқушыларға көркем мәтінді талдау үшін аса керекті құрал және тірек білім болып табылатын әдебиеттану теориясынан, терминдерден толыққанды мағлұмат беру керек.

Екіншіден, осы тірек білімдерін көркем мәтінді талдау барысында қолдану тәсілдерін үйрету керек.

Үшіншіден,оқушыларға көркем прозалық мәтінді өз бетімен талдау жолдарын байыппен меңгерту керек.

Төртіншіден, сабақ үстінде сыныптағы оқушылардың жеке басының дамуы мен психологиялық ерекшеліктерін аса мән бере отырып көркем мәтінді талдау тапсырмаларын орындату керек.

Р. Отарбаевтың «Біздің ауылдың амазонкалары» атты жинағына енген (2012 ж.) «Мона Лиза» әңгімесі бойынша мұғалім ерекше интеграциялық сабақ та өткізе алады, болмаса арнайы тәрбие сағатын да өткізе алады.

«Аяғымды аттап баса алмай қалдым. Бойымды бір беймәлім сезім билеп: «Кездестік-ау, ақыры»,- дедім. Өтіп кеткен өкпе де, өшіп қоламтасы қалған өкініш те осы екі ауыз сөзге сыйып жатты.

Сонда да оның көзіне қарағым келген. Тіпті де мүмкін емес. Бұл фәниден түңілген сынды. Мен де торыққам.

Күз лебі келді. Теңіз самалы боп жеткен. Жапырақ жауа қоймаған шақ.

  • Келіңіз, фотоға түсейік.

  • Өмірлік естелік!

  • Полковник, сізді де кезінде суретпен әуестенген деп естідік.

Жүрегім шанышты. Алаңға ағылған қалың тобырға қарағым келмеді. Теріс айналдым. Леонардо да Винчидің мүсіні алыстап бара жатты. Санта Мария көшесіне жеткенде алқындым. Жанымның бір жіңішке жібі дірілдеп барып үзіліп кетті білем. Тәлтіректеп, қалт-құлт басып келіп отырдым.

  • Сеньор, көмек керек пе? – деген сөздер ауаға сіңіп жатты. Алыстан бұлдырап Мона Лиза бейнесі елес берді. Әдемі келбеті, төгілген қолаң шашы,қоңырқай көзі ... Баяғыдай құпия жымияды» (169 бет).

Бұл әңгімені интеграциялық әдісті қолдана отырып өткізетін болса, Леонардо да Винчидің «Джоконда немесе Мона Лиза» деген атақты картинасының көшірмесін алып келіп, оқушыларға суреттің тарихы туралы айтып беретін болса, Р.Отарбаевтың осы әңгімесінің танымдық, тәрбиелік,эстетикалық әлеуеті танылады.

Поэзиялық шығармалардың қайсысының да болса тәрбиелік әлеуеті мол екені белгілі. Қазақтың «Өнер алды – қызыл тіл» деген қағидасына сүйенетін болсақ, Абайдың «Өлеңге әркімнің де бар таласы» дегені рас болса, онда оқушылардың барлығы дерлік Тәуелсіз Қазақстанның поэзиясын оқып-білуге деген үлкен құштарлықпен ұмтылатыны анық.

Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген қазақ ақындарының жырлары – оқушылардың патриоттық, адамгершілік, отаншылдық сезімдерін дамытып, эстетикалық талғамын ұштай түсуге әлеуеті зор деп айта аламыз. Атап айтканда,К.Ахметованың «Тәуелсіздік сөзі», Ә.Дастанұлының «Мың сөз», О.Асқардың «Тәуелсіздік тартулары», Б.Айболатұлының «Көзмоншақ», Р.Есдәулеттің «Бөрінама», Н.Бердалының «Жаңбырлы түн» т.б. туындылардың тәрбиелік әлеуеті зор.

Ыбыраев Маралтай ақынның «Ай» атты өлеңінің талдау үлгісін көрсетейік.
Каталог: images -> normativi -> okyshilardin
images -> Мазмұны Қазақстандағы жоғары білім, Ғылым және МӘдениет
images -> Үлгілік оқу жоспары
images -> Сембі Жансая Хасанқызы Қазақ тілі мен әдебиеті
okyshilardin -> Мектептегі оқыту процесінің тәрбиелік бағыттылығын дамыту
okyshilardin -> 12 жылдық жалпы орта мектептің базалық білім мазмұнын анықтау әдістері
okyshilardin -> Қоғамдық-гуманитарлық бағытта бейіндік оқытудың әдістемелік ерекшеліктері
okyshilardin -> 12 жылдық негізгі орта мектептің базалық білім мазмұнын анықтау әдістері
okyshilardin -> Орта мектепте оқыту процесінде көптілділікті дамыту мәселелері
okyshilardin -> Мектептегі оқыту процесінің тәрбиелік бағыттылығын дамыту


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет