Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын, оның ішінде балаларға арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы


Жетiм балалар мен ата-анасының (заңды өкілдерінің) қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгiлік қағидалары



бет6/13
Дата25.08.2017
өлшемі2,74 Mb.
#27608
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13
Жетiм балалар мен ата-анасының (заңды өкілдерінің) қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгiлік қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жетiм балалар мен ата-анасының (заңды өкілдерінің) қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгiлік қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) «Бiлiм туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – «Білім туралы» Заң) сәйкес әзiрленді және меншiк нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, жетiм балалар мен ата-анасының (заңды өкілдерінің) қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бiлiм беру ұйымдарының қызметiн реттейдi.


      2. Жетiм балалар мен ата-анасының (заңды өкілдерінің) қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бiлiм беру ұйымдары (бұдан әрi – бiлiм беру ұйымы) – жетiм балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тұратын орын берiп, олардың тәрбиеленуiне, бiлiм алуына қолайлы жағдай жасалатын бiлiм беру жүйесiнiң ұйымдары болып табылады.
      3. Бiлiм беру ұйымдары мемлекеттiк, жеке меншiк болуы мүмкiн.
      Мемлекеттік білім беру ұйымдарында білім алатын және (немесе) тәрбиеленетін жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар толық мемлекеттің қамқорлығында ұсталады.
      4. Бiлiм беру ұйымы заңды тұлға болып табылады, оның оқшауланған мүлкi, өз атауы жазылған мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банкте шоты болады.
      Бiлiм беру ұйымы тәрбие бағдарламасын тәрбиеленушiлердiң психикалық-физиологиялық ерекшелiктерiне, жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың денсаулығын сақтау, құқықтары мен мүдделерiн қорғау талаптарына сәйкес дербес әзiрлейдi.
      5. Бiлiм беру ұйымы өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Бiлiм туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына, осы Қағидаларға және білім беру ұйымының жарғысына және өзге де нормативтiк құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады.
      6. Бiлiм беру ұйымдары нақты мiндеттер мен балаларды ұстау, оқыту және тәрбиелеу, қызмет режимi ерекшелiктерiне қойылатын талаптарға қарай:
      1) мектепке дейiнгi жастағы балалар үшiн;
      2) мектеп жасындағы балалар үшiн;
      3) ерте, мектепке дейiнгi және мектеп жасындағы балалар үшiн;
      4) бiлiм беру ұйымдарын бiтiрушiлер үшiн құрылады.
      7. Бiлiм беру ұйымдарында әр жастағы және бiрыңғай жастағы балалардан тәрбиелеу топтары құрыла алады.
      8. Бiлiм беру ұйымында медициналық қызмет көрсетудi ұйымның әкiмшiлiгiмен және денсаулық сақтау жүйесінің аумақтық ұйымдарымен бiрлесе отырып, балалардың денсаулығын қорғауды, олардың психикалық-дене жағдайын нығайтуды, профилактикалық iс-шаралар жүргiзудi, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарын сақтауды қамтамасыз eтeтiн штаттық медициналық персонал Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
      9. Білім беру ұйымдарының қызметін бақылау «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне, «Білім туралы», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

2. Жетiм балалар мен ата-анасының (заңды өкілдерінің) қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң тәртібі



      10. Бiлiм беру ұйымына бүкiл күнтiзбелiк жыл бойында туылғаннан бастап 18 жасқа дейiнгi (жасөспірімдер үйлерiне – 23 жасқа дейiнгi балалар үйлерi, балалар ауылдарының және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттардың бiтiрушiлерi):
      1) жетiм балалар;
      2) ата-ана құқықтарының шектелуiне немесе олардан айырылуына, ата-анасы хабар-ошарсыз кеттi деп танылуына, олардың қайтыс болды деп жариялануына, әрекетке қабiлетсiз (әрекет қабiлетi шектелуi) деп танылуына, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуiне, ата-анасының баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерiн қорғаудан жалтаруына, оның iшiнде ата-анасының өз баласын тәрбиелеу немесе емдеу мекемелерiнен алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-анасы қамқорлық жасамаған өзге де жағдайларда жалғызбасты ата-анасының немесе екеуiнiң де қамқорлығынсыз қалған балалар қабылданады.
      11. Медициналық көрсеткiштер бойынша немесе басқа бiр себептермен бұл балаларды тәрбиелеу мен оқыту бөлек жүзеге асырылуы тиiс болатын жағдайларды қоспағанда, бiр отбасының мүшелерi немесе туыстық қатынастағы балалар бiр бiлiм беру ұйымына жiберiледi.
      12. Білім беру ұйымына жiберiлетiн әр балаға қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар мынадай құжаттар ұсынады:
      1) бiлiм беру ұйымына жiберу туралы жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмi;
      2) туу туралы куәлiк (жеке куәлік);
      3) денсаулық жағдайы мен екпелерi туралы медициналық құжаттар;
      4) бiлiм туралы құжаттар (мектеп жасындағы балалар үшiн);
      5) баланың өмiр сүру жағдайын тексеру актiсi;
      6) ата-анасы туралы мәлiметтер (ата-анасының қайтыс болғаны туралы куәлiктердiң көшiрмелерi, соттың шешiмi (ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру немесе шектеу, ата-аналарды хабар-ошарсыз кеткен деп тану, қайтыс болған деп жариялау немесе әрекетке қабілетсіз (әрекет қабiлетi шектелуi) деп тану), ата-анасының ауруы туралы анықтама, ата-аналарды iздестiру туралы анықтама және ата-анасының жоқтығын немесе олардың өз балаларын тәрбиелеуге мүмкiндiгi жоқтығын растайтын басқа да құжаттар);
      7) аға-iнiлерiнiң, апа-сiңлiлерiнiң, қарындастарының және басқа да жақын туыстарының бар-жоғы және олардың тұратын жерi туралы анықтама;
      8) ата-анасы қайтыс болғаннан кейiн қалған мүлiктердiң тiзiмдемесi, оның сақталуына жауапты адамдар туралы мәлiметтер;
      9) кәмелетке толмағандарға тұрғын үй алаңын бекiтiп беру туралы құжаттар;
      10) әлеуметтік жәрдемақы алатын баланың атына дербес шоттың ашылуы туралы шарттың көшірмесі, алимент өндiрiп алу туралы сот шешiмiнiң көшiрмесi (оларды балаға ата-анасының бiрi немесе оны алмастыратын адам алатын кезде).
      13. Мектебi бар бiлiм беру ұйымындағы оқу-тәрбие процесі жалпы білім беретін ұйымдардың (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта) үлгi қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      Білім беру ұйымындағы тәрбие жұмыстары тәрбиеленушiлердiң қызығушылығын, бейiмдiлiгi мен психикалық-дене ерекшелiктерiн ескере отырып, балалар мен ересектердiң ынтымақтастығы қағидаттарында жүргiзiледi.
      Жергілікті атқарушы органдар мектебi жоқ бiлiм беру ұйымының мектеп жасындағы тәрбиеленушiлерiнің тиiстi елді мекеннің жалпы бiлiм беретiн мектепте оқуын қамтамасыз етедi.
      14. Бiлiм беру ұйымында тәрбиеленушiлердiң патриоттық, азаматтық, интернационалдық, жоғары мораль және адамгершiлiк сезiмiн қалыптастыруға, сондай-ақ ынталары мен қабiлеттерiн жан-жақты дамытуға бағытталған әртүрлi клубтар, секциялар, үйiрмелер, студиялар құрылуы мүмкiн.
      Бiлiм беру ұйымы тәрбиеленушiлердiң қызығушылығын ескере отырып, олардың жалпы бiлiм беретiн мектептегi, оқушылар сарайлары мен үйлерiндегi, жас техниктер мен жас натуралистер станцияларындағы, спорт және музыка мектептерiндегi, сондай-ақ басқа да мектептен тыс ұйымдардағы үйiрмелер мен секцияларға баруын қамтамасыз етедi.
      15. Бiлiм беру ұйымында мектепке дейiнгi бөлiмдер (топтар) мектепке дейiнгi және мектеп жасындағы балалардың туыстық қатынастарын сақтау мақсатында құрылады.
      16. Мектепке дейiнгi бөлiмдер (топтар) өз қызметiнде Мектепке дейiнгi ұйымдардың үлгi қағидаларын және осы Қағидаларды басшылыққа алады.
      17. Мектепке дейiнгi жастағы балаларды тәрбиелеу, оқыту және олардың күн тәртiбi мектепке дейiнгi тәрбиелеу мен оқытудың жалпыға мiндеттi мемлекеттiк стандартына сәйкес жүзеге асырылады.
      18. Білім беру ұйымында болу кезінде әр тәрбиеленушіге:
      1) өмірі мен денсаулығының сақталуына;
      2) қадір-қасиетінің қорғалуына;
      3) дене, моральдық немесе психикалық зорлықтың барлық нысандарынан қорғалуына;
      4) шығармашылық қабілеттері мен қызығушылықтарының дамуына;
      5) дамудағы кемшіліктерді түзеуде білікті көмек алуына;
      6) бейімділігіне, қабілеттеріне, тілегіне және денсаулық жағдайына сәйкес қосымша білім беру, сауықтыру қызметтерін алуына кепілдік беріледі.
      19. Бiр бiлiм беру ұйымынан екiншiсiне ауысқанда немесе бiтiрген кезде тәрбиеленушiге:
      1) туу туралы куәлiк (жеке куәлiк);
      2) білім беру ұйымында болғаны туралы анықтама;
      3) денсаулық жағдайы мен екпелерi туралы анықтама;
      4) бiлiмi туралы құжат;
      5) ата-аналары немесе туыстары туралы мәлiметтер қамтылған құжат;
      6) егер жеке iсiнде осындай болса, мүлiкке, ақшалай қаражатқа, бұрын ол немесе ата-анасы тұрған тұрғын үй алаңына оның құқығын растайтын құжаттар, дербес шоттың ашылуы туралы шарттың көшірмесі, алимент өндiруге арналған орындау парағы және басқа да құжаттар берiледi.
      20. Бiлiм беру ұйымдарының тәрбиеленушiлерiн бiтiрту ұйымның педагогикалық кеңесiнiң шешiмiмен, ондай болмаған кезде – ұйым әкімшілігінің шешімімен жүргiзiледi.
      21. Бiлiм беру ұйымдарын басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Қағидалар мен ұйым жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.
      22. Бiлiм беру ұйымын алқалық басқару нысандары «Білім туралы» Заңның 44-бабының 9-тармағына сәйкес педагогикалық кеңес, қамқоршылық кеңес болып табылады.
      23. Бiлiм беру ұйымын басқаруды Қазақстан Республикасының еңбек  заңнамасына сәйкес білім беру ұйымының құрылтайшысы тағайындайтын басшы жүзеге асырады.
      24. Бiлiм беру ұйымының басшысы:
      1) заңнамада белгiленген тәртiппен білім беру ұйымының қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      2) өзге ұйымдар мен өзара қатынаста бiлiм беру ұйымының атынан өкілдік етеді;
      3) білім беру ұйымының жарғысында көзделген өзге де функцияларды орындайды.
      Басшының еңбегiне ақы төлеу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделедi.
      25. Білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен:
      1) білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;
      2) өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны;
      3) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарын бұзғаны;
      4) білім беру ұйымы білім алушыларының және тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің оқу-тәрбие процесі кезіндегі өмірі мен денсаулығы;
      5) қаржы-шаруашылық қызметтің жай-күйі, оның ішінде материалдық және ақша қаражаттарын нысаналы пайдаланбағаны;
      6) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген талаптарды өзге де бұзғаны үшін жауапты болады.
      26. Бiлiм беру ұйымдарының басшы кадрларының, педагог және ғылыми қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыру бес жылда кемiнде бiр рет «Білім туралы» Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
      27. Білім беру ұйымдарының басшылары мен педагог қызметкерлері «Білім туралы» Заңға сәйкес аттестаттаудан өтуге тиіс.
      28. Білім беру ұйымының персоналын жинақтау тәртібі «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы № 77 қаулысымен және оның жарғысымен регламенттеледі.
      29. Бiлiм беру ұйымы жергiлiктi жағдайларға қарай қосалқы оқу шаруашылығын, оқу-тәжiрибе учаскесін, оқу-өндiрiстiк шеберханаларды құра алады.
      30. Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мемлекеттiк бiлiм беру ұйымы жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылады.
      31. Бiлiм беру ұйымы белгiленген нысан бойынша iс қағаздарын жүргiзедi және бағыныстылығына қарай бiлiм беру органдарына есеп бередi.
      32. Білім беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және таратуҚазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы


Үкіметінің      
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен   
бекітілген      

Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – «Білім туралы» Заң) сәйкес әзірленді және меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, қосымша білім беру ұйымдары қызметінің тәртібін айқындайды және Қазақстан Республикасы азаматтарының балаларға арналған қосымша білім алу құқықтарын тегін және шарттық негізде қамтамасыз етуге бағытталған.


      2. Балаларға арналған қосымша білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары (бұдан әрі – балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы) өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, 2007 жылғы 15 мамырдағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін, «Білім туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» 2002 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасының заңдарын, «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1400 қаулысын, «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы № 77 қаулысын (бұдан әрі – Үлгі штаттар), осы Қағидаларды, балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының жарғысын, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын, сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.
      3. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымында жеке тұлға, қоғаммен мемлекеттің мүддесі үшін білім алушының білім алу және мәдени қажеттіліктерін жан-жақты қанағаттандыру мақсатында қосымша білім берудің оқу бағдарламалары іске асырылады.
      Балаларға қосымша білім беру ұйымдарының түрлері:
      1) қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы;
      2) оқушылар (үйі, орталығы, кешені, балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығы және басқалар) сарайы;
      3) жас натуралистер станциясы (балалар экологиялық орталығы, биологиялық орталық, экобиоорталық, экология және өлкетану балалар-жасөспірімдер орталығы және басқалар);
      4) жас техниктер станциясы (орталық, балалар және жасөспірімдер техникалық шығармашылық мектебі және басқалар);
      5) жас туристер станциясы (балалар-жасөспірімдер туризм орталығы, балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығы, балалар-жасөспірімдер туризм және өлкетану орталығы және басқалар);
      6) балалар аула клубы (басқа да клубтық демалыс ұйымдары);
      7) балалар өнер мектебі (балалар музыка мектебі, балалар көркемөнер мектебі, балалар өнер мектебі және көркемдік-эстетикалық бағыттағы басқа да мектептер);
      8) балалар сауықтыру (орталығы, кешені, қала сыртындағы сауықтыру лагері және күндізгі уақытта болу лагері, палаталық лагерь, киіз үй лагері және басқалар) лагері;
      9) балалар-жасөспірімдер спорттық мектебі;
      10) олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі;
      11) балалардың қызметі мен қызығушылықтары бағытындағы басқа ұйымдар.
      4. Мемлекет балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары білім беру қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ дамуында мүмкіндігі шектеулі балаларға және олардың қосымша білім алуы үшін арнайы жағдайларды қамтамасыз етеді.
      5. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының негізгі міндеттері:
      1) ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби қалыптасуына бағытталған сапалы қосымша білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау;
      2) жеке тұлғаның шығармашылық, рухани, дене мүмкіндіктерін дамыту, олардың қабілеттерін іске асыру;
      3) адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы зияткерлікті байыту;
      4) азаматтылық пен отансүйгіштікке, өз Отаны – Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік тілді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қадірлеуге, Конституцияға және қоғамға қарсы кез келген көріністерге төзбеушілікке тәрбиелеу;
      5) азаматтық ұстанымы белсенді жеке тұлғаны тәрбиелеу, республиканың саяси-қоғамдық, экономикалық және мәдени өміріне қатысуға қажеттілікті, тұлғаның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы қарым-қатынасты қалыптастыру;
      6) балалар бойында экологиялық мәдениетті тәрбиелеу, оларды табиғатты қорғау ісіне тарту;
      7) қоғамдағы өмірге бейімдеу;
      8) мазмұнды бос уақытты ұйымдастыру.
      6. Балаларға арналған қосымша білім берудің оқу бағдарламалары жалпы білім беретін мектептерде, лицейлерде және гимназияларда да іске асырылады.

2. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің тәртібі

Қызметті ұйымдастыру

      7. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалар (құрылтайшылар) құрады.


      8. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының мәртебесін оның құрылтайшысы айқындайды және оның жарғысында «Білім туралы» Заңның талаптары ескеріле отырып, көрсетіледі.
      9. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының басшыларын және педагог қызметкерлерін аттестаттау «Білім туралы» Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
      Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды білім беруді мемлекеттік басқару органдары өздерінің құзыретіне сәйкес жоспарлы тәртіппен бес жылда бір рет өткізеді.
      10. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының білім беру қызметін педагогтер, әдіскерлер, педагог-ұйымдастырушылар және оларға теңестірілген тұлғалар (бұдан әрі – педагог қызметкерлер), тиісті бейіндегі мамандар жүзеге асырады.
      11. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының басшы кадрларының және педагог қызметкерлерінің, сондай-ақ тиісті бейіндегі мамандардың біліктілігін арттыру, бес жылда кемінде бір рет жүзеге асырылады.
      12. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасын құру және дамыту құрылтайшының қаражаты, ақылы негізде көрсетілетін қызметтерден түскен кірістер, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
      13. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде ақылы негізде білім беру қызметтерін және өзге де қызметтерді ұсынады, осы қызметтен алынған кірістерге дербес иелік етеді. Ақылы қызметтер көрсету тізбесі және тәртібі балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының жарғысымен айқындалады.
      14. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен мүлікке иелік етеді және оны пайдаланады. Қосымша білім беретін мемлекеттік ұйымның мүлкі ұйымның негізгі міндеттеріне қайшы келетін мақсаттарда пайдалануға жатпайды.

Білім беру және тәрбиелеу процесі



      15. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда, кадрларды іріктеу мен қабылдауда, ғылыми, қаржы-шаруашылық және өзге де қызметтерде дербес.
      16. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы балалардың сұрауларын, отбасының, білім беру ұйымдарының, қоғамдық (оның ішінде балалар мен жасөспірім) ұйымдардың қажеттіліктерін, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктерін, ұлттық-мәдени дәстүрлерін ескере отырып, білім берудің оқу бағдарламаларын дербес әзірлейді.
      17. Білім берудің оқу бағдарламасын іске асыру кезіндегі оқу-тәрбие процесі балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының (клуб, студия, ансамбль, топ, үйірме, театр және басқа) қызығушылықтар бойынша бірлестіктерінде (бұдан әрі – бірлестіктер) жүзеге асырылады.
      18. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарында балалардың қызметі қызығушылықтары бойынша бірыңғай жастағы және түрлі жастағы бірлестіктерінде жүзеге асырылады. Қызығушылықтары бойынша бірлестіктерді қалыптастыру балалардың ерікті таңдауына негізделеді.
      19. Әр бала бірнеше бірлестіктерде шұғылдануды таңдауға, оларды ауыстыруға құқылы.
      20. Бірлестіктің қызығушылықтар бойынша қызметінің мазмұнын оқу жоспарларын және білім берудің оқу бағдарламаларын ескере отырып қосымша білім беру педагогы айқындайды.
      21. Қызығушылықтар бойынша бірлестіктердегі сабақтар бір тақырыптық бағыттағы білім берудің оқу бағдарламалары немесе кешенді, кіріктірілген бағдарламалар бойынша өткізіледі. Бағдарламаның талаптарына байланысты сабақтар түгел оқу жылына, сол сияқты одан қысқа мерзімге де ұйымдастырылады.
      22. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы келісім бойынша және (немесе) ұйымдармен, кәсіпорындармен бірлесіп, балалардың бейіндік дайындығын жүргізеді. Біліктілік емтихандарын тапсырған білім алушыларға бағалар қойылады немесе бейіндігі бойынша (көркемдік, музыкалық және өнер мектептері) біліктілік беру туралы куәлік беріледі.
      23. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымындағы тәрбиелік бағдарламалар білім беру бағдарламаларының құрамдасы болып табылады және отансүйгіштікті, азаматтықты, төзімділікті, жоғары өнеге мен адамгершілікті қалыптастыруға, сондай-ақ тәрбиеленушілердің жан-жақты қызығушылықтары мен қабілеттерін дамытуға бағытталған.
      24. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарында білім беру және тәрбиелеу процесі тәрбиеленушілердің денсаулық жағдайын ескере отырып жүзеге асырылады. Онда білім алушылардың, тәрбиеленушілердің ауруын болдырмау, денсаулығын нығайту, физикалық жетілдіру, салауатты өмір салтына ынталандыру жөніндегі шараларды орындау қамтамасыз етіледі.
      25. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымында оқу-тәрбие процесін қамтамасыз етуге және жетілдіруге бағытталған әдістемелік жұмыс, сондай-ақ оқытудың жаңа технологияларын әзірлеу және енгізу, педагог қызметкерлердің, сондай-ақ тиісті бейіндегі мамандардың біліктілігін арттыру жүзеге асырылады.
      26. Білім алушыларды әлеуметтік бейімдеу және білім беру процесін оңтайландыру мақсатында балаларға арналған қосымша білім беру ұйымында әдістемелік, әлеуметтік-педагогикалық және психологиялық қызметтер құрылады.
      27. Балалардың бастамасы бойынша балаларға арналған қосымша білім беру ұйымында өз жарғыларына және осы қағидаларға сәйкес қызмет ететін балалардың қоғамдық бірлестіктері мен ұйымдары құрылады.
      Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының әкімшілігі осы бірлестіктер мен ұйымдар жұмысына жәрдемдеседі.
      28. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы балалармен жұмысты барлық күнтізбелік жыл бойына ұйымдастырады. Демалыс уақытында қажеттілігіне қарай белгіленген тәртіппен клубтар, лагерьлер және туристік базалар ашады, өз базасында немесе балалардың тұрғылықты орны бойынша лагерьлерде (қала сыртында немесе күндізгі болу) балалардың тұрақты және (немесе) ауыспалы құрамымен түрлі топтар құрады, шеберлік сағаттарын өткізеді.
      29. Балалар мен ата-аналардың бірлескен шығармашылығы, демалысы үшін қажетті жағдайлар жасау мақсатында бірлестіктер жұмысына, сондай-ақ бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде педагогтің келісімімен оларды негізгі құрамға қоспай балалардың ата-аналары (заңды өкілдері) қатысуы мүмкін.
      30. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарындағы білім беру және тәрбиелеу процесіне қатысушылар балалар, педагог қызметкерлер, бейіні бойынша мамандар, білім алушылардың ата-аналары (кәмелетке толмағандардың өзге заңды өкілдері) болып табылады.
      31. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы балаларды қабылдау кезінде ата-аналарды немесе өзге де заңды өкілдерді оқу-тәрбие процесінің жүргізілуімен және мазмұнымен, жарғымен және қабылдау қағидалары мен білім беру және тәрбиелеу процесін ұйымдастыруды регламенттейтін басқа да құжаттармен таныстыруды қамтамасыз етеді.
      32. Білім алушылардың, ата-аналардың (кәмелетке толмағандардың өзге заңды өкілдерінің) және қызметкерлердің құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының жарғысында айқындалады.
      33. Қызметкер мен балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.

Ұйымды басқару

      34. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымын басқару «Білім туралы» Заңның 44-бабына, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңға, осы Қағидаларға, балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының жарғысына, сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады.
      35. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымын алқалық басқару нысандары педагогикалық кеңес, қамқоршылық кеңес, әдістемелік кеңес және басқа да нысандар болып табылады.
      36. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымын тікелей басқаруды басшы жүзеге асырады.
      37. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының басшысын құрылтайшы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      38. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарындағы педагогикалық қызметке арнайы педагогикалық немесе тиісті бейіндер бойынша кәсіптік білімі бар адамдарға рұқсат етіледі.
      39. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарындағы жұмысқа сот үкімі немесе медициналық қорытындымен педагогикалық қызметке тыйым салынған, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар адамдарға рұқсат етілмейді.
      40. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының басшысы:
      1) ұйым білім алушыларының, қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;
      2) өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны;
      3) білім алушыларының және ұйым қызметкерлерінің оқу-тәрбие процесі кезіндегі өмірі және денсаулығы, еңбекті қорғау нормалары мен қауіпсіздік техникасын сақтамағаны;
      4) қаржы-шаруашылық қызметтің жай-күйі, оның ішінде материалдық және ақша қаражаттарын нысаналы пайдаланбағаны;
      5) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген талаптарды өзге де бұзғаны үшін жауапты болады.

Халықаралық ынтымақтастық

      41. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңнамасы және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде жүзеге асырылады.
      42. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы білім саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша шетелдік білім беру ұйымдарымен, халықаралық ұйымдармен және қорлармен тікелей байланыстар орнатады, халықаралық бағдарламаларға қатысады, білім беру, мәдениет, спорт және туризм саласындағы халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға (қауымдастықтарға) кіреді, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ынтымақтастық туралы екі жақты және көп жақты шарттар жасасады.
      43. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы шетелге жіберу үшін (тәжірибе алмасу, түрлі іс-шараларға, конференцияларға, жарыстарға, конкурстарға, байқауларға, олимпиадаларға, фестивальдарға және тағы сол сияқтыларға қатысу мақсатында) қызметкерлер мен білім алушыларды іріктеуді және даярлауды жүзеге асырады.

Қайта құру және тарату

      44. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарын қайта құру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы


Үкіметінің      
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен 
бекітілген     

Ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – «Білім туралы» Заң) сәйкес әзірленді және меншік нысандарына қарамастан ересектерге арналған қосымша білім беретін білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің тәртібін айқындайды.


      2. Ересектерге арналған қосымша білім беруді білім беру ұйымдары, сондай-ақ қосымша білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын құрылымдық бөлімшелері бар, қосымша білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалар (бұдан әрі – білім беру ұйымдары) жүзеге асырады.
      3. Білім беру ұйымдары өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, 2007 жылғы 15 мамырдағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне (бұдан әрі – Еңбек кодексі), «Білім туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» 1998 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарына, білім беру қызметін регламенттейтін өзге де Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Үлгілік қағидаларға және оның негізінде әзірленген білім беру ұйымының жарғысына сәйкес жүзеге асырады.
      4. Білім беру ұйымдарының негізгі міндеттері:
      1) жұмысшылар, қызметкерлер, мамандар біліктілігін технологиялар мен өндірісте болып жатқан өзгерістерге байланысты оларға қойылатын талаптарды тұрақты арттыруды ескере отырып арттыру;
      2) бұрын алынған кәсіптік білімдер, біліктілік пен дағдыларды тереңдету және жетілдіру;
      3) еңбек нарығы құрылымының өзгеруіне байланысты қосымша біліктілікті алу арқылы кәсіптік мүмкіндіктерді кеңейту болып табылады.

2. Білім беру ұйымдары қызметінің тәртібi



      5. Білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында, осы Үлгілік қағидаларда және білім беру ұйымы жарғыларында белгіленген шектерде оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру, кадрларды іріктеу және орналастыруда, оқу-әдістемелік, қаржы-шаруашылық қызметте дербес.
      6. Білім беру ұйымының оқу және тәрбие процесінің негізі ұйым жүзеге асыратын оқу, оқу-әдістемелік және тәрбие жұмыстарын жоспарлау және есепке алу болып табылады.
      7. Білім беру ұйымдарының оқу процесі оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады. Оқу процесінің оқу жоспарлары мен бағдарламаларын, күнтізбелік кестелерін ұйымдар бекітеді. Мүмкіндігі шектеулі адамдар оқыту кезінде олардың дара қажеттіліктерін ескере отырып жағдайлар жасалады.
      8. Ересектерге арналған қосымша білім беретін білім беру бағдарламалары бойынша біліктілікті арттырудан өткен білім алушылардың білім деңгейін қорытынды бағалауды құрамын білім беру ұйымдарының басшылары бекітетін емтихан комиссиялары жүргізеді.
      9. Білім алушы оқу жоспарының талаптарын орындамаған және білім беру ұйымының жарғысын бұзған жағдайда ол білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен білім алушылар құрамынан шығарылады.
      10. Кадрлардың біліктілігін арттыру кәсіпорындармен (бірлестіктермен), ұйымдармен, жұмыспен қамту органдарымен, сондай-ақ басқа да заңды және жеке тұлғалармен жасалатын шарттар негізінде жүзеге асырылады.
      11. Ересектерге арналған қосымша білімді алған тұлғаларға белгіленген үлгідегі біліктілікті беру туралы куәлік (сертификат) беріледі.
      12. Мамандардың біліктілікті арттырудан өту кезеңділігін «Білім туралы» Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, тапсырыс беруші белгілейді.
      13. Білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне білім беру ұйымдарында, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын іске асыратын басқа да ұйымдарда білім алушыларды оқыту мен тәрбиелеуге байланысты білім беру қызметімен айналысатын тұлғалар жатады.
      14. Меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері лауазымдарын алмастыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      15. Ересектерге арналған қосымша білім беру жұмыс берушілер немесе Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де қаражаттар есебінен оқу шартына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ересектерге арналған қосымша білім беру нысандарын, мазмұнын, көлемін тиісті мамандық бойынша қолданыстағы қосымша білім беру бағдарламаларының негізінде жұмыс беруші айқындайды.
      Оқуға қабылдау ұйым басшысының бұйрығымен жүргізіледі.
      Білім алушыға оқу кезінде оның аталған ұйымда оқуда болу мерзімін куәландыратын анықтама беріледі.
      16. Шетел мемлекеттері азаматтарының ересектерге арналған қосымша білім алу тәртібі халықаралық келісімдермен және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен айқындалады.
      17. Ересектерге арналған қосымша білім беру бюджет қаражаты есебінен де, ақылы негізде де жүзеге асырылуы мүмкін.
      Ақылы негіздегі оқу құнын білім беру ұйымы айқындайды.
      18. Білім беру ұйымдарының білім алушылары:
      1) білім беру бағдарламаларының мазмұнын айқындауға қатысады;
      2) қосымша білім беру бағдарламаларын меңгеру үшін қажетті нормативтік және нұсқаулық құжаттарды, оқу және оқу-әдістемелік материалдарды, сондай-ақ кітапханалық және ақпараттық қорды, басқа да бөлімшелер қызметтерін пайдаланады;
      3) конференцияларға және ғылыми семинарларға қатысады, білім беру ұйымдарының басылымдарында өз рефераттарын, еңбектерін және басқа да материалдарын жариялайды.
      19. Біліктілікті арттырудан өтіп жатқан қызметкерлер Еңбек кодексінде, ұжымдық, еңбек шарттарында көзделген кепілдіктерді пайдаланады.
      20. Жұмыс беруші Еңбек кодексінде, келісімдерде, ұжымдық, еңбек шарттарында көзделген жұмысты оқумен қоса атқару үшін біліктілікті арттырудан өтіп жатқан қызметкерлерге жағдайлар жасайды.
      21. Білім беру ұйымының қызмет етуі және дамуы үшін біліктілікті арттырудың қажеттілігін және көлемін жұмыс беруші айқындайды.
      22. Еңбек шарты қызметкердің немесе қызметкердің кінәсі салдарынан жұмыс берушінің бастамасы бойынша оқуға арналған шартты белгіленген мерзімге дейін бұзылған жағдайда, қызметкер өзін оқытуға байланысты шығындарды жұмысын өтеудің жұмыс істелмеген мерзіміне барабар мөлшерде жұмыс берушіге өтейді. Жұмыс берушінің келісімінде, ұжымдық және (немесе) еңбек шарттарында оқытуға байланысты жеңілдіктер мен өтемақы төлемдері көзделуі мүмкін.
      23. Білім беру ұйымын тікелей басқаруды басшы жүзеге асырады. Білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалады және одан босатылады.
      24. Білім беру ұйымының басшысы:
      1) білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;
      2) өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны;
      3) білім беру ұйымы білім алушыларының және қызметкерлерінің оқу-тәрбие процесі кезіндегі өмірі мен денсаулығы;
      4) қаржы-шаруашылық қызметтің жай-күйі, оның ішінде материалдық және ақша қаражаттарын нысаналы пайдаланбағаны;
      5) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген талаптарды өзге де бұзғаны үшін жауапты болады.
      25. Білім беру ұйымын құру, қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы


Үкіметінің      
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен   
қосымша        

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі



      1. «Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары туралы үлгі ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 2 желтоқсандағы № 1839 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 53, 523-құжат).
      2. «Мектептен тыс ұйымдар қызметі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 22 маусымдағы № 849 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 23, 29 бет).
      3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2001 жылғы 22 маусымдағы № 849 қаулысына толықтыру мен өзгерiс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 16 қарашадағы № 1208 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 45, 571-құжат).
      4. «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгі ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 21 желтоқсандағы № 1353 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 50, 647-құжат).
      5. «Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2005 жылғы 25 қаңтардағы № 59 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 3, 31-құжат).
      6. «Қосымша кәсiптiк білімнiң білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 3 ақпандағы № 94 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 5, 47-құжат).
      7. «Арнаулы білім беру ұйымдары қызметінің үлгі ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметінің 2005 жылғы 3 ақпандағы № 100 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 6, 50-құжат).
      8. «Жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк білімнiң білім беру бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгі ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 7 ақпандағы № 113 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж. № 6, 61-құжат).
      9. «Кәсіптік бастауыш білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгі ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 28 ақпандағы № 174 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 9, 95-құжат).
      10. «Жоғары кәсiптік білімнiң білім беру бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 2 наурыздағы № 195 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 11, 110-құжат).
      11. «Кәсіптік орта білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгі ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 4 наурыздағы № 208 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 11, 115-құжат).
      12. «Жалпы орта білімнiң білім беру бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымдары қызметінiң үлгi ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 11 наурыздағы № 224 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 12, 124-құжат).
      13. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 28 қыркүйектегі № 934 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 36, 400-құжат).
      14. «Дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы № 69 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 2, 32-құжат);
      15. «Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің республикалық оқу орындарының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 31 тамыздағы № 1109 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 67, 974-құжат).

© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК





Каталог: wp-content -> uploads -> 2017
2017 -> Сабақтың тақырыбы : Аңыз әңгімелер «Асан қайғының жерұйықты іздеуі»
2017 -> Сабақтың тақырыбы: Ы. Алтынсарин әңгімелері
2017 -> Сабақтың тақырыбы Мен не үйрендім? Сабақ негізделген оқу мақсаты
2017 -> Сабақтың тақырыбы : Жылқы. С. Мұқанов
2017 -> Сабақтарында «мнемотехника»әдісін пайдалану. №48 «Ақ көгершін»
2017 -> Оқушыны іздендіру жолы – шығармашылық
2017 -> Сабақтың тақырыбы Менің отбасым. І дыбысы мен әрпі
2017 -> Әңгіме шебері Ы. Алтынсарин
2017 -> Б.Қ. Абдыкаимова №56 «Береке» балабақшасы тәрбиеші Астана қаласы
2017 -> Қысқа мерзімді жоспары: Мұғалімнің аты-жөні


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет