Тіл төҢірегіндегі толғамдар ойлар, толғаныстар, пікірлер, ұсыныстар, іс-тәжірибелер, деректер мен дәйектер Астана қаласы, 2007 жыл тіл төҢірегіндегі толғамдар баспасөз және басқа да басылым беттерінен іріктеп, жинақтаған



бет10/10
Дата25.12.2016
өлшемі1,74 Mb.
#4643
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Сұлтан Оразалинов,

қоғам қайраткері.

Дәл сөз
Мемлекеттік тілдің мәселесін партизандық тәсілмен

шешуге болмайды
Тіл үшін күрестің алғашқы қадамы – оның дертін тап басып анықтау ғой. Бізде осы қолға алынған жоқ...

Кешегі күнге дейін былай болып келді: тіл мәселесін көтерген адамның тілін кесіп алатын. Ғылыми дәреже қорғамақ тұрмақ, сол адам қызметтен қуылатын. Керісінше, «қазақ тілі дамып келе жатыр» деп өтірік айта салу дағдыға айналды. Соның кесірінен біздің бойымызда ұлттың нағыз құндылықтарына ғылыми баға беруде жасқаншақтық пайда болды. Бұл – кешегі коммунистік тәжірибеден қалған балласт...

Тағдырдың тілге тірелуі – артта шегінерге жер қалмады деген сөз. Халықты бұл күйге жеткізуге болмайды. Егер мемлекет сол елдің болашағы, тұрақтылығы қымбат дейтін болса, онда қазақ тілінің өрбіп, өркендеуіне жол ашуға тиіс…

Өз тілінде сөйлемейтін адамды ағылшындар есалаң дейді, өз тілінде сөйлей алмайтындарды нақұрыс, есінен алжасқан деп есептейді…
Смағұл Елубай,

жазушы.
* * *
Эстонияда Нарва деген қала бар. Ресей шекарасының дәл түбінде. Ол қаладағы тұрғындардың бес-ақ пайызы – эстондар. Қалғандарының бәрі, негізінен, орыстар. Жақында сол қаладағы орысша оқытатын университет те, мектептер де жабылды. Тек эстон тілінде ғана оқытылатын болды. Ал Эстониядағы жергілікті тұрғындарының саны біздің Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының жартысынан сәл-ақ асады! Жартысынан! Алақандай ғана болса да, не деген қайсар, не деген шымыр, не деген рухты ел десеңші!

Біз болсақ, Павлодар қаласындағы Дзержинский атындағы көшені қайталанбас ұлы ғалымымыз Сәтбаевтың атына жалынғандай боп зорға ауыстырдық.

… Ең болмаса, мемлекеттік тілді білмейтін қазақ баласы … мемлекеттік мекемелерге жұмысқа қабылданбайды деген қаулы шығаруға болады ғой…

… Сонан үш-төрт жыл өткізіп, «мемлекеттік мекемелерге жұмысқа қос тілді – қазақ тілі мен орыс тілін қатар меңгерген азаматтар ғана қабылданады» деп заң шығарайықшы…

… Әйтеуір бұл – миллиметрлеп, сантиметрлеп, ұлулық «жылдамдықпен» болсын алға жылжу әрекеті.

Темірхан Медетбек,

ақын.
* * *

... Егер қазақ тілін шынайы мемлекеттік тіл дәрежесіне көтергіміз келетіні рас болса, ең алдымен, жалтақтықты қою керек. Екіншіден, мемлекеттік қызметке тұруға ниет еткен кез келген адам мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі керек. Үшіншіден, қазақ тіліне деген мұқтаждықты тудыру керек. Мұқтаждық қай уақытта болады? Заңның талабы болып, оны орындамаған адам жауапқа тартылатын болса ғана.


Жармахан Тұяқбай,

саясаткер.
* * *
Жаһандану процесі кезінде ұлт мәдениетін, тілін басқа іргелі елдермен тең дәрежеде көтере алса ғана ұлт болып сақталып қалады.

... Қандай жаһандану келсе де жұтылып кетпейтін ұлттар бар. Олардың бірі – қытайлар. Жазуы да, тілі де бөлек, ешқандай ұлтқа ұқсамайды. Тіпті, жейтін тамақтарының құрамы да өзгеше. Қытайлар басқа елдерде жүрсе де ұлттық құндылықтарынан айырылмайды, ал Қытайға кім келсе де, біраз уақыттан кейін қытайға айналып кетеді.



Зардыхан Қинаятұлы,

тарих ғылымының докторы.
* * *
... Жапондықтар шетелге балаларын оқуға жібергенде: «Ең бірінші, барған еліңнің тілін біл, екінші, әдет-ғұрпын, салт-санасын үйрен, үшінші, ең алдыңғы қатарлы жастардың тізімін ал, ол күні ертең ірі қайраткер болып шықса, бірге жұмыс істейсің» деп үш міндет жүктейді, осындай дәстүрді біз де қалыптастыруымыз керек.
Қанапия Ғабдуллина,

профессор

(«Егемен Қазақстан», 03.11.06).
* * *
«Біз, алдымен, мемлекеттік тілді Мемлекеттік тіл есебінде пайдалануымыз керек» деп айтамын. Біз қазір бұл мәселеде басқа ұлттардан қиыншылық көріп отырған жоқпыз. Орыс тілінде тәрбие алған, орыс тілінде оқыған, орыс тілінің салт-дәстүрін ғана білетін, еуропаша ғана тәрбие алған өз қандастарымыздан жапа шегудеміз. Олар қазақ тілін білгісі, үйренгісі келмеуі орыс тілімен-ақ күнелтіп, өмір сүре береміз деп ойлайтынында. Онысын уақытының тапшы, жетіспейтінін айтып, ақталғысы келетіндер де баршылық. Мұның біріншісі қате болса, екіншісі орынсыз ақталу деп есептеймін.

... Қазақтардың дені қазақша сөйлемейді деген сылтаулардың еш негізі жоқ. Қазақ тіліне батыл көшу керек. Сонда сылтаулар айтылмайды. Қазақша қызмет ете алмаушылыққа қазақ тілі кінәлі емес.


Әбдіжәлел Бәкір,

Мәжіліс депутаты

(«Қазақ әдебиеті», 12.07.02).
* * *
Қазір кітап жазып жатырмын. Алғысөзімде орыстарға бір тамаша кеңес айттым: «Егер кавказ ұлтының адамы сіздердің тілдеріңізде әңгімелесіп жатса, акценті және кейбір грамматикалық қатесі үшін оны жындысүрей деп ойламаңыз. Мына нәрсе есіңізден шықпасын, ол адам сіздермен сіздердің тілдеріңізде сөйлесіп тұр және ол мына сіздер үйренгілеріңіз келмейтін ана тілінде тіпті тамаша сөйлей алады» деп.
Вахтанг Кикабидзе,

Грузияның халық әртісі.
* * *
Оппозициялық саяси партиялардың жарғыларында қазақтың ұлттық мүддесі жазылмаған... Олар қазақ халқының мүддесіне орай саяси ұстанымдарын өзгертсе, үлкен ықпалды партияларға айналуы әбден мүмкін. Ол үшін басшылары да, қосшылары да қазақ тілін таза үйреніп, қазақ жанын сезінуге тиіс.
Ислам Жеменей,

шығыстанушы.
* * *
... Мен жоғары жақта көп қазақша сөйлей бермеймін. Өйткені сөйлеген соң, таза сөйлеу керек. Ана тілді былғамау қажет. Сол үшін намысқа тырысып, журналистика факультетіне арнайы бас сұғып, алты айда ана тілімді меңгерсем деймін.
Зағипа Бәлиева,

Әділет министрі

(«Айқын апта», 20.07.06).
* * *
... Ата Түрік Мексикаға, Америкаға дейін ғалымдарды жіберіп, ел тарихы туралы деректерді жинатады... Біз қайдан пайда болған, қайдан шыққан халықпыз деген мәселені түбегейлі зерттеу үшін елде түрік тарихы қоғамы құрылды.

Содан кейін тарихы тереңде жатқан бай тілімізді зерттеу мақсатында түрік тілі қоғамын (Ата Түрік – Д.Д.) құрды. Оны қаржыландыруды сол кездегі мемлекеттік банк, Қазақстандағы Ұлттық банк сияқты «Іс» банкі деп аталатын іскер адамдарға несие беретін банкінің жылдық табысының белгілі бір пайызы түрік тарихы мен Тіл қоғамына бөліп тұруға шешім шығарады. Елдің тарихы мен тілі барлық байлықтан жоғары тұрғандықтан қаржы жағынан тапшылық көрмеуін басты назарда ұстаған. Соның арқасында түрік тарихы мен тілі үздіксіз дамып келеді. Көптеген шаралар өткізіп, кітаптар шығарылып жатыр. Арнайы бөлінген қаржыны ешкім ешқайда бұрып кете алмайды...

Алла жазса, кішкентай нәрестемізді қазақ тіліндегі балабақшаға бермек ойымыз бар... Қазір жасы бір жарымнан асты, тілі қазақша шығып келеді. Өйткені оның күтушісі қазақ әйелі. Жас нәрестеден «Көзің, мұрның, құлағың қайда?» деп қазақша сұрасаң – көрсетеді, түрікше сұрасаң – көрсетпейді. Менің қызым сондай деңгейге жеткен...
Ахмет Аляз,

«Қазақстан-Заман» газетінің бас директоры.
* * *
Атқару органдарының мемлекеттік тілге көшуі деген сөз орыс тілін алып тастау деген сөз емес. Ең алдымен, қазақ тілінің заңдылық мәртебесін сақтай отырып, оны орыс тілінің деңгейіне жеткізу деген сөз.
Кенжехан Матыжанов,

Алматы қаласы Тілдерді дамыту

басқармасының бастығы.
* * *
Қала әкімі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовтың арнайы Өкімімен қазақ тілді мектептерде де, аралас мектептерде де бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін мемлекеттік тілді екі топқа бөліп оқыту жүзеге асырылуда. Оған қажетті қаражат көзі жергілікті бюджеттен қарастырылған. Әрі бұл республика бойынша тек Алматы қаласында ғана іске асырылып жатқан жетістік...

Өткен оқу жылынан бері қалалық Білім департаментінің бұйрығымен оқу жоспарының вариативтік сағаттары есебінен 1-2-сыныптарда аптасына бір сағаттан, 3-11-сыныптарда екі сағат қазақ тілі қосымша оқытылады. Сөйтіп қазір қала мектептерінің барлығында қазақ тілін әр апта сайын бес сағаттан оқытуға қол жеткіздік.


Гүлмира Есембаева,

Алматы қалалық Білім департаментінің директоры.
* * *
... Мына бағыттарда ерекше жұмыстар жүргізілсе:

Тәртіпті, орындаушылық тәртіпті, жинақылықты, батымды іс-қимылды, қатал талап қоюды, әр адамның өз ісіне жауапкершілігін нығайту;

адамдардың, ұлттардың осы шаралардың баяндылығына деген кәміл сенімін орнықтыру;

мемлекеттік тілдің қоғамымыздың барлық жіктерінде кеңінен таралу шараларын алу;

бүкіл бұқаралық жұмыстарды отаншылдық негізде жүргізу;

тіл байлығымызға дұрыс ие болып, жаңа сөздерді, аудармаларды сұрыптап, сараптап жүйелеу, жаңа кешенді сөздіктер шығарып, ортақ тіл жүйесін қалыптастыру, нығайту;

сөйлеу мәдениетін жетілдіру;

ең әуелі әрбір қазақтың ана тілін толық меңгеріп, тұрмыста, қызмет бабында бұл талапты мүлтіксіз орындауына жетісу;

әрбір қазақтың, әрбір отандасымыздың көкейінде еліміздің болашағына деген перзенттік жауапкершілікті нығайта беру.
Мырзағали Іңірбаев,

ақын.
Ұрымтал сөз:
Біз өзімізге өзіміз қиындық туғызуға келгенде алдымызға жан салмаймыз. Қазір екі ауыз қазақша білмейтін адамдарды (олардың көбі жастар) қызметке қабылдаймыз, содан соң, оларды қазақ тілін білмейді екен, оқытайық дейміз. Оған қаншама қаражат жұмсаймыз. Өркениетті деп жүрген елдерде мемлекеттік қызмет тұрмақ, мемлекеттік тілді білмейтін адамдарға азаматтық бермейді.
Кенжехан Матыжанов,

Алматы қаласы Тілдерді дамыту

басқармасының бастығы.
* * *
... Бір кездері қызылдардың жыршысы деп қырын қараған Сәкен Сейфуллин Қазақ үкіметін басқарған тұста сол қызылдарға жақпай қаламын-ау, басыма қатер төнеді-ау демей, «қырғыз» атауын қазақ деп түзеп, «Қазақты қазақ дейік» деген мақала жазған. Партияның қарсылығына қарамай төтенше сессия шақырып, тіл туралы Декрет қабылдауға ұйытқы болып, «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын, іс қағаз қазақ тілінде жүргізілсін, ол қазақ аудандары мен болыстарында 1924 жылдың 1 қаңтарынан шілдеге дейін жүзеге ассын. Ал 1 шілдеден ары қарай қазақ пен орыс аралас отырған жердің барлығында да іс қағазы қазақ тілінде жүргізілсін» деген шешім шығарған.

... Сәкен Сейфуллиннің орнына келген Н.Нұрмақов та тауым шағылып, басыма қатер төнер демей, 1923 жылы әділет комиссариатының алқа мәжілісін өткізіп, «Қазақ тілін сот және тергеу органдарына енгізу туралы» нұсқау беріп, онда жеті басымдықты қадап айтады. Солардың бірі «Аралас аймақтағы сот қазылары мен тергеушілері орысша да сауатты болсын. Мұндай аймақтардағы қазақ тілін білмейтін, қызметке жарамсыз барлық іс жүргізушілер жұмыстан босатылып, қазақша жетік білетіндермен алмастырылсын» деп талап қойған. Ол кезде заңға жетік қазақ саусақпен санарлық емес пе еді? Сонда да болса, ұлт тілі үшін ол осындай қатаң қадамдарға барған. Және бір ғажабы, қазіргі тілмен айтсақ, сол кездегі үкіметте үш-ақ қазақ болыпты. Сөйте тұрып, халық – сол халықтан тараған ұрпақтың болашағы, ана тілі дегенде өзгелерден бұқпай, бұлтақтамай, сырғақтамай тіл білмегендерді (30-дан аса адамды) қызметтен аластаған ғой. Тәуелсіз ел болған тұста, кейде осындай батылдыққа бару да керек-ау деген ой санаңды мазалайтыны бар...

Халқын құлдықтан, құлдық психологиядан құтқарып, рухын қайтсем көтерем деген Махатма Ганди: «Егер сендер қолдарыңа қару алсаңдар, қару тұрмақ, біреуге тас не таяқ лақтырсаңдар, мен сендерді екі дүниеде де, о дүниеде де, бұ дүниеде де қарғап өтем! Бәрін санамен, саналы түрде шешуге тиіспіз!» деп бүкіл елін аралаған ол: халқын бұрынғыдай ағылшынның матасын сатып алмауға, олардың көлігіне отырмауға, тапқан ақшаларын шетелдің игілігіне жұмсамауға, тек өздерінің тәуелсіздігін нығайтуға ғана жаратуға шақырған. Ұлты ұлы тұлғаның осы тұжырымын мүлтіксіз орындаған. Сонда М.Ганди: «Ешқандай қарусыз, қару қолданусыз мақсатқа жетуге болады» дегенім осы емес пе» депті.

... Бізге де дәл бүгін осындай ұлт рухын көтеретін қасиет пен тәсіл керек.



Сүлеймен Мәмет,

журналист

(«Егемен Қазақстан», 14.03.06).
Шын сөздің төркіні
Өзгені ғайбаттауды доғарып, істі ширатайық
Жуырда бір басылымнан «Қазақстанда азаматтар ағылшын тілін шапшаң үйренуде» дегенді оқыдым. Көптілділіктің, әсіресе, ағылшын тілін білудің әлемдік ауқымын айтып, күн сайын жарнамалай берсек, әрине, оған қызығушылық артады да үйренеді. Ал қазақ тіліне лайықты құрмет те, оны үйренуге ықылас, құлық та мардымсыз.

Жапон халқы ғылым мен техникада қарыштап өскендіктен, қазір әлемнің түкпір-түкпірінде жапон тіліне қызығушылық артып отырғаны айтылып жүр. Бір кездері өз тілін менсінбей, тіпті қытай тілін өздерінің әдеби тілі етіп алған жапондықтар қалайша айды аспанға бір-ақ шығарды?! Сөйтсек, олар ғылым ғажайыптарына арналған еңбектерін тек жапон тілінде жаза бастапты! Өз тіліңді дәріптеудің, насихаттаудың бір үзік үлгісі осы!

... Баспасөз депутаттарды да қазақ тіліне қарсы адамдар етіп көрсетуге біраз тер төкті. «Ұлты қазақ депутат мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті» деген ұсыныстың депуттаттар (негізінен қазақ депутаттар) арасынан қолдау таппай, өтпей қалғаны рас. Алайда олардың ішінен ашықтан ашық қазақ тіліне қарсы болғандарын көрмедік. Шынтуайтына келгенде, меніңше, жоғарыдағы ұсыныстарды өткізбегендердің өздері қазақстандықтардың мемлекеттік тілді білуі қажет екенін іштей мойындағанымен, бұл мәселені шұғыл шешуге әлі ерте деп ойлайтын немесе басқалардың пікірлеріне (ұстанымдары мен көзқарастарына) жалтақтайтын сыңайлы...

... Қазақстанда қай оқулықты пайдаланғаны дұрыс деген мәселе маңайында мый қатырмай, жер-жерде өз шама-шарқынша оқулықтар шығарып жатқандар да бар.

Меніңше, бағыт-бағдарсыз бытырап, оқулық жазуға көшкеніміз орынды бола қоймас. Осындайда Президентіміз Н.Назарбаевтың: «Республиканың тілші ғалымдары «ана тілім – арым бұл» деп жалаң ұранды жалаулата бергенше, неге бір зерделі оқулық жазбасқа?» дегеніне ден қойып, ұйыйсың десем, жақында ғалым Өмірзақ Айтбаев ағамыз баспасөз бетінде «Тіл төңірегінде тартысты тоқтатайық!» деді. Дұрыс айтады.

«Тірі жанға тыным жоқ, қызыл тілде буын жоқ,

Айта берсең, аяғы – таусылмайтын сөз болар».

(Базар жырау).

Ендеше, тұрлаусыз тартысты доғарып, одан да туған тіліміздің туын бірлесіп көтеруге күш-қайрат жұмсалық.
Раукен Жәмекова,

Парламенттегі қазақ тілін үйренушілер

курсына сабақ беруші ұстаз

(«Егемен Қазақстан», 15.09.06).
Жағдайың қалай, ана тіл?
Сенат селт етті...
Президентіміз айтқан «нақты да қатал сұраныс туатын» кезге «осы бастан дайын болу» мақсатын көздейтін Сенат бағдарламасы ... үш кезеңнен тұрады. Ол 2006 жылғы қыркүйектен басталып, 2008 жылғы желтоқсанда аяқталады. Мысалы, бірінші кезең – 2006 жылы қыркүйектен басталып, 2008 жылғы желтоқсанда аяқталады. Екінші кезең – 2007 жылғы маусымнан желтоқсанға дейінгі аралық. Ал үшінші кезең – 2008 жылғы қаңтардан желтоқсанға дейінгі уақытты қамтиды. Сөйтіп Парламент мемлекеттік тілге көшетін 2009 жылғы осылайша алдын ала нақты дайындық жасалады.

Бірінші кезеңде өкімдік-ұйымдастырушылық сипаттағы құжаттарды тікелей мемлекеттік тілде әзірлеу жүзеге асырылады (Бұлардың қандай құжаттар екендігі бағдарламада түстеп көрсетілген). Екінші, үшінші кезеңдерде әзірленетін құжаттар да осылайша нақты тізбеленіп көрсетілген, олар кезең-кезеңіне қарай бірте-бірте күрделілене түседі.

... Бағдарламаға сәйкес аппаратта арнаулы комиссия құрылды. Барлық жұмыс осы комиссия арқылы жүргізіледі.
Серікқали Байменше,

Сенат аппараты Жалпы бөлімі меңгерушісінің

орынбасары, филология ғылымының докторы.

(«Ана тілі», 03.08.06).
Ал мемлекеттік органдар ше?..
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты...
... Республика бойынша сот жүйесінде мемлекеттік тілді оқып-үйрену жұмысы қажетті деңгейде жолға қойылды. Мысалы, 2005 жылы 70-ке жуық Жоғарғы Соттың қызметкерлеріне мемлекеттік тілді меңгергендігі туралы куәлік берілді. Сот жүйесінде ісқағаздарын мемлекеттік тілге көшіру жөніндегі жұмысты одан әрі жүзеге асыру мақсатында арнайы бағдарлама бекітілген.

Жоғарғы Сотта ісқағаздарын аударма жасау әдісінен бірте-бірте арылып, қызметкерлердің құжаттарды мемлекеттік тілде тікелей дайындауына жан-жақты көңіл бөліп отырмыз.

Осы мақсатта әрбір қызметкер өзінің атқарып отырған қызметімен байланысты мемлекеттік тілдегі заң терминдерін қолданып, өз беттерінше іс құжаттарын мемлекеттік тілде дайындай білу бағытында оқытыла бастады.
Қайрат Мәми,

Төраға

(«Ана тілі», 03.08.06).
Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік

жоспарлау министрлігі...
... Министрліктің «Іс жүргізуді кезең-кезеңімен мемлекеттік тілге көшіру кестесін бекіту» туралы бұйрығы шықты. Оның мақсаты: мемлекеттік тілді мемлекеттік органдар жүйесіндегі мемлекеттік басқару тілі мен негізгі қатынас құралы ретінде қолдану...

Қазірдің өзінде министрліктегі бірқатар құжаттар (өтініш, бұйрық, қаулы жобалары, көшіру) мемлекеттік тілде дайындалады.

2004-2005 жылдары министрліктің 147 қызметкері қазақ тілін оқыту курсын тамамдап, сертификат алса, ол курс биыл да ұйымдастырылды. Одан басқа, Қазақстан Үкіметінің 2001 жылдың 29 тамызындағы «Смета бойынша тиісті органдарды ұстауға бөлінген қаржы есебінен Қазақстан Республикасы мемлекеттік орган қызметкерлеріне сыйлық беру, материалдық көмек көрсету және олардың лауазымдық жалақыларына үстемеақы тағайындау ережесін бекіту» туралы қаулысына сәйкес министрлікте қазақ тілінде құжаттар дайындайтын қызметкерлерге үстемеақы тағайындайтын комиссия құрылды.

... Аталған комиссия министрлік қызметкерлеріне орындалған құжаттардың сапасы мен көлеміне қарай тоқсан сайын үстемеақы төлеп тұрады.


Кәрім Мәсімов,

министр

(«Ана тілі», 03.08.06).
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі...
Әскери бөлімдер мен мекемелерде мемлекеттік тілді оқыту сыныптары ашылып, олар талапқа сай оқу-әдістемелік тақталарымен жабдықталып, қажетті көрнекіліктермен рәсімделді. Жергілікті жерлердегі басшылар мәселенің маңыздылығын түсініп, мемлекеттік тіл бөлімдері мен сыныптары компьютер, теледидар, аудио-видео техникаларымен қамтамасыз етуде.

Министрліктің орталық аппаратында тұрақты түрде сабақ жүргізіліп келеді... 2005-2006 оқу жылы барлығы 251555 (17891 әскери қызметшілер, 7264 қызметкерлер) адам мемлекеттік тілді оқыды. Ал 2005-2006 оқу жылы бойынша тек қана министрлік орталық аппаратында – 274 әскери қызметшілер мен қызметкерлер мемлекеттік тілді оқып-үйренуде.

Әскери қызметшілер мен қызметкерлердің сабаққа қатысуы толық бақылауға алынған. Оның нәтижесі Мемлекеттік тілді дамыту басқармасында талқыланып, әр жұма сайын қорғаныс министрлігінің басшылығына жазбаша түрде баяндалады.

... Басқа ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуіне ықпал етіп, оқу озаттарын марапаттау шаралары 2003 жылғы №221бұйрықпен «Мемлекеттік тілді оқу бағдарламасы көлемінде меңгерген және оны іс жүргізуде қолдана білетін Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін, жұмысшылары мен қызметкерлерін моральдық және материалдық ынталандыру ережесі» ретінде бекітіліп, қолданысқа енгізілді.

Қорғаныс министрлігінің Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусына және Қалық қаһарманы армия генералы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебіне қабылданғаннан бастап, шәкірттерді мемлекетік тілде оқытамыз.
Мұхтар Алтынбаев,

армия генералы, министр

(«Ана тілі», 24-30.08.06).
Қазақстан Республикасы Индустрия және

сауда министрлігі
... Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің 2005 жылғы 10 наурыздағы бұйрығы бойынша ... мемлекеттік тілді дамытудың 2005-2006 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Ол министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңы талаптарының орындалуын қамтамасыз ету, қызметкерлердің жұмыс барысында мемлекеттік тілді қолдануына көмек көрсету, құрылымдық бөлімшелер қызметкерлерінің мемлекеттік және шетел тілдерін үйренуі жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді игеру деңгейі бойынша емтихан, сынақтар қабылдау комиссиясына қатысу, салалық терминдер әзірлеу және оларды Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комиссияға ұсыну, мемлекеттік тіл бойынша салалық сөздіктер, анықтамалықтар шығаруды ұйымдастыру, басшылыққа мемлекеттік тілді жақсы меңгерген және нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тілде әзірлеген қызметкерлерді материалдық көтермелеу туралы ұсыныс енгізу сияқты көптеген шараларды қамтиды.

Министрліктің тиісті бұйрығына сәйкес көптеген қызметкерлер нормативтік құқықтық актілердің жобаларын мемлекеттік тілде өз бетінше өзірлейтінін айта кеткен жөн.

Мемлекеттік тілді білу және оны іс жүргізуде қолдану деңгейін айқындайтын арнайы комиссия жұмыс істейді. Оның қорытындысы бойынша министрлік қызметкерлерінің негізгі жалақыларына іс жүргізу деңгейлеріне қарай үстемеақылар (5-тен 25%-ға дейін) тағайындалады.

Іс жүргізуді мемлекеттік тілге кезең-кезеңімен көшірудің кестесі және іс жүргізуді мемлекеттік тілге кезең-кезеңімен көшірудің іс-шаралар жоспары бекітілді. Қазір іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру жөніндегі шараларды министрліктің екі комитеті, үш департаменті және бір басқармасы жүзеге асыруда. Ал министрлік Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 30 мамырдағы №127 Жарлығына сәйкес 2007 жылы іс жүргізуді толықтай мемлекеттік тілге көшіруі тиіс.

Министрлікте мемлекеттік тілдегі терминдерді өзірлеу жөніндегі жұмыс тобы бар. Ол өз отырыстарында стандарттау саласындағы 400-ге жуық бекітілмеген терминдерді қарап, ... Мемлекеттік терминологиялық комиссияның қарауына жіберді. Аталмыш топ алдағы уақытта құрылыс, сауда, т.б. салаларда қолданатын терминдерді қарастыру үстінде.

Өткен жылы ... мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің қызметкерлері Тіл комитетінің жанындағы «Мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығымен» бірлесіп, министрліктің қызметкерлеріне арналған «Салалық қазақ тілі» оқулығын басып шығарды... Осы жылы «Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінде екі тілде іс» көмекші құралын дайындау жоспарлануда.

Мемлекеттік тілді оқыту курстарында білім алушылардың өткен жылғы бірінші жарты жылдықта – 44-і және екінші жарты жылдықта 54-і білім деңгейлеріне қарай тиісті куәлік алды.

«Тіл туралы» Заң талаптарын орындау жөніндегі қарқынды шаралардың бірі министрліктің Техникалық реттеу және метрология комитеті жүзеге асырған көрнекі ақпаратқа қатысты тексеру болып табылады. Жер-жерлердегі тексеру қорытындылары бойынша 170 объектілерде 80 заң талаптарын бұзушылық анықталды және тиісті шаралар қабылданды.


Владимир Школьник,

министр

(«Ана тілі», 11.05.06).
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі
... ҚР Сыртқы істер министрлігі өз қызметі аясында мемлекеттік тілді барынша кең қолдану жолында мақсатты және жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, бұл бағытта айтарлықтай ілгері қадам басты. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде құжат айналымының басым бөлігін мемлекеттік тілде даярлауға қол жеткізілді. Тұрақты жұмыс істеп келе жатқан қазақ тілін оқыту курстары үшін қажетті құралдармен жабдықталған екі «Мемлекеттік тіл кабинеті» ашылды. Сабақтарды ұлттық тарих, әдебиет, өнер және мәдениет саласына арналған дәрістермен толықтыру, елімізге белгелі қоғам қайраткерлерімен кездесулер өткізу ниетіміз бар.

Министрлікте «Қазақ және орыс тілдерінде дипломатиялық іс жүргізу» сөздік-анықтамалығы жарық көрді. Жақын арада дипломаттардың күнделікті пайдалануы үшін «Қазақ тілінде дипломатиялық хат алмасу үлгілері» құралын шығару көзделіп отыр.

Арнайы құрылған Мемлекеттік тіл жөніндегі аттестациялық комиссия соңғы төрт жыл бойында қызметкерлердің қазақ тілін меңгеру деңгейін жылына екі мәрте тексереді. Аттестация нәтижелері қызметкердің лауазымдық өсуі барысында ескеріледі. Шетелдердегі елшіліктерге жіберілетін дипломаттардан мемлекеттік тілді жеткілікті деңгейде білу талабы күшейді.

Жақында Мемлекет басшысы бекіткен «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» заңына қабылданған өзгерістерге сәйкес дипломатиялық қызметке алынатын адамның мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі бекітілді. Бұл талап 2009 жылдан бастап нақты күшіне енетін болады.


Қ.Тоқаев,

министр

(«Ана тілі», 15.06.06).

Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық

ресурстар министрлігі
... Іс жүргізуді кезең-кезеңімен мемлекеттік тілге көшіру кестесіне сәйкес Мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің қызметкерлері министрліктің департаменттері мен басқа да құрылымдық бөлімшелеріне бекітіліп, мамандарды күнделікті іс қағаздары мен құжаттарды мемлекеттік тілде дайындауға үйретуде. Соның нәтижесінде олар көлемі 2-3 беттік материалдарды өздері дайындап, бөлім қызметкерлеріне сараптамаға ұсынатын болды.

Министрліктің 2007 жылы іс жүргізуді толық мемлекеттік тілге көшіруіне байланысты біз екінші жарты жылдықтан бастап мемлекеттік тілде іс жүргізу мен құжаттар дайындауға қойылар талапты күшейтуді көздеп отырмыз. Бұл жерде «... 2010 жылға дейін бұл мәселе тұтастай шешімін таппақ. Барлық қатынас қағаздары ана тілімізде жүргізіледі. Сол кезде тек аудармашылардың қызметіне иек сүйеп отырған кейбір жауапты қызметкерлер «қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп өкініп қап жүрмесін. Бұлғақ заман бітеді де, нақты да қатаң сұраныс туады. Осы бастан дайын болайық» деген сөздері жадымыздан шықпауы тиіс.

Елбасы алға қойып отырған мақсатқа жетуді ойласақ, саяси, мемлекеттік мәні зор көлемді құжаттарды (заң жобаларын, бағдарламалар мен тұжырымдамаларды, шарттар мен келісім-шарттарды, т.б.) мемлекеттік тілде әзірлеу мәселесін қолға алуымыз керек. Бірақ бұл мәселе – бір ғана министрліктің деңгейінде жүзеге асырылатын мәселе емес, тетігін көп болып ойластыратын жайт. Мемлекеттік тілде іс жүргізіп, құжат әзірлеуге осындай құлшыныс танытып отырған қызметкерлерді материалдық және моральдық жағынан көтермелеудің құқықтық нормативтері жасалса, нұр үстіне нұр болар еді.

... «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес белгіленген іс-шаралардың көпшілігі орындалды. Барлық көрнекі ақпарат мемлекеттік тілге аударылды, мемлекеттік тілді білуді қажет ететін лауазымдар тізімі жасалып, бұйрықпен бекітілді. Мемлекеттік тілде келіп түсетін өтініш, арыз-шағымдарға, мекемеаралық хаттарға сол тілде жауап беруге жете көңіл бөлінуде. Министрлікке қарасты ведомстволық ұйымдарда да іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру мақсатында арнайы мамандар тарту мәселесі шешілуде.

Министрліктің алқа мәжілісінде «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» орындалу барысы және Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы» мәселе тоқсан сайын қаралып тұрады. Алқаның соңғы мәжілістерінің бірінде Ядролық энергетика және сыртқы байланыстар, Мұнай өнеркәсібі департаменттерінің және «Қазатаомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы мен «Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мемлекеттік іс жүргізуді енгізу жөніндегі жұмыстарының жай-күйі туралы ақпараттары тыңдалып, тиісті нұсқаулар берілді.

Мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің кітап сөрелері жыл сайын қажетті әдістемелік әдебиетпен, терминологиялық және түсіндірме сөздіктермен толықтырылып отырады. Қазақ тіліндегі мерзімді баспасөзге жазылу да назардан тыс қалмайды. Соңғы бір-екі жылдың жүзінде бөлімге 70 мың сөзді қамтыған «Орысша-қазақша сөздік», 50 мың сөздің басын құраған «Қазақша-орысша сөздік», «Заң терминдерінің сөздігі» сияқты әдебиеттер сатып алынды.


Б.Ізмұхамбетов,


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет