ТӨлеубаева күлжазира мейрамқызы қазақ және Орталық Азия халықтарының отбасы, отбасылық әдет-ғұрып, салт-саналары



бет1/2
Дата08.09.2017
өлшемі1,21 Mb.
#31943
түріДиссертация
  1   2
ӘӨЖ 392.3 (574+575) Қолжазба құқығында

ТӨЛЕУБАЕВА КҮЛЖАЗИРА МЕЙРАМҚЫЗЫ

Қазақ және Орталық Азия халықтарының отбасы, отбасылық әдет-ғұрып, салт-саналары (салыстырмалы-этнографиялық зерттеу)

07.00.07 – Этнология, этнография және антропология

Тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін

дайындалған диссертацияның



А В Т О Р Е Ф Е Р А Т Ы


Қазақстан Республикасы



Алматы, 2010

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының этнология және антропология бөлімінде орындалды.




Ғылыми кеңесшісі:

Тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Е. Әжіғали


Ресми оппоненттер:

ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор О.Смағұлов
тарих ғылымдарының докторы, профессор Ч.Ж. Турдалиева
тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.О. Артықбаев


Жетекші ұйым:

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты

Диссертация 2010 жылы «10» желтоқсанда сағат 14.30-да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 53.33.01 Диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28).


Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28) танысуға болады.

Автореферат 2010 жылы «9» қарашада таратылды.




Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, тарих



ғылымдарының докторы А.Т. Қапаева

КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Жұмыста қазақ және Орталық Азия халықтарының ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы отбасы, отбасылық әдет-ғұрып, салт-саналары сипатталып, олардың стадиалдық, этногенетикалық, этномәдени түп-тамырларын анықтау мақсатында салыстырмалы түрде сараланып талданады.

Тақырыптың өзектілігі. Бұрынғы Кеңестік дәуірдің қыспағынан шығып, өз егемендіктерін алған қазақтар мен Орталық Азия халықтары өздерінің ұлттық құндылықтарын қайта жандандыруға ерекше мән беруде. Кеңестік тоталитарлық жүйе жағдайында біз қарастырып отырған аймақ халықтары көптеген ұлттық құндылықтарынан айырылып қалды, ал сақталып қалған ұлттық салт-дәстүрлердің бет-пішіні, мазмұны өзгерістерге ұшырады. Ұлттың этникалық қасиеттерінің ең бір құндыларына оның әдет-ғұрыптары жатады. Әдет-ғұрыпсыз ұлт, ұлт емес. Әдет-ғұрып, салт-санасы өзгерген ұлттың ішкі қасиеттері өзгереді, ұлттық рухы әлсірейді, сөйтіп бара-бара басқа этникалық, қасиеттерді қабылдап, трансформацияға ұшырайды.

Әдет-ғұрыптар өмірдің қай саласында орындалуына қарай бірнеше топқа бөлінеді. Олардың ішіндегі ең ірілері: шаруашылыққа байланысты ғұрыптар, үй-тұрмысына байланысты ғұрыптар, қоғамдық-әлеуметтік ғұрыптар. Шаруашылық әдет-ғұрыптары өз кезегінде – егіншілікке, малшылыққа, әртүрлі кәсіптерге байланысты болып бөлініп кете береді. Үй тұрмысына байланысты ғұрыптар, отбасылық ғұрыптар, үй шаруашылығына байланысты ғұрыптар, т.б. болып бөлінеді.

Әдет-ғұрыптардың ішінде «отбасылық» ғұрыптар деп аталатын бөлігі, әдетте «Отбасын құруға байланысты ғұрыптар», «Бала туып оны өсіруге байланысты ғұрып-ырымдар», «Өлген адамды жерлеуге байланысты ғұрыптар» деп үш топқа бөлінеді. Жалпы отбасы ғұрыптары әдет-ғұрыптардың ішіндегі ең толымдысы, құрамы жағынан ең күрделісі. Саяси идеологиялық өзгерістер бұл саладағы ғұрыптарға көп жағдайда тікелей әсер ете алмайды, жанама әсері болады. Сондықтан бұл саладағы ғұрыптар өзгеріске аз ұшырайды, тұрақты келеді. Отбасылық әдет-ғұрыптардың тағы бір ерекшелігі – той жасау, өлікті жерлеу сияқты қалың көпшілік қатысатын ғұрыптық шаралардан басқалары көбінесе шектеулі адамдар ортасында іске асады. Бұл ғұрыптық шаралардың көпшілігі отбасылық ауқымда іске асқанымен, түптеп келгенде олар қоғамдық – әлеуметтік мәні бар шаралар. Бұл ғұрыптар адамдардың рухани кеңістігін толтырады, өздеріне түсініксіз құбылыстарға осы ырым-жоралғылар арқылы олар жауап береді, алдын-ала «шара» қолданады.

Сонымен, этностың негізгі қасиеттерінің бірі болып табылатын әдет-ғұрыптар, оның ішінде отбасылық ғұрыптарды зерттеу этнография ғылымының қай заманда болса да өте маңызды мәселесі болып есептеледі.

Біз Орталық Азияның тұрғылықты халықтары өзбек, түркімен, тәжік, қырғыз, қарақалпақ және бұлармен ежелден аралас жатқан қазақ халықының отбасылық әдет-ғұрыптарын салыстыра отырып зерттемекшіміз, олардағы осы саладағы ортақтастықтар мен этникалық ерекшеліктерді анықтамақшымыз. Аталған регион халықтарының әдет-ғұрыптарын осындай тұрғыда әлі ешкім арнайы зерттеген жоқ.

Жұмыста Орталық Азия халықтары мен қазақтарды тарихи-мәдени ерекше аймақтың суперэтносы (мегаэтносы) деп аламыз. Солардың ортақ мәдени үрдістерінің қалыптасуын біз олардың отбасылық ғұрыптарын салыстыра саралау арқылы анықтауға тырысамыз. Аймақ халықтарының отбасылық ғұрыптарында өте көне тәңіршілдік, зороастрийлік, үнді-ирандық, дейтүркілік, көнетүркілік, шамандық, ортағасырлық мұсылмандық қалдық-қабаттардың бар екендігі шындық, соны біз өз зерттеуімізде анықтай түсуді мақсат еттік.

Орталық Азия және Қазақстанның тұрғылықты халықтарының әдет-ғұрыптарын осындай тұрғыда зерттеу мәдени-тектік (культурогенез) проблемаларды шешуге мүмкіндік береді. Біздіңше, әдет-ғұрыптар тарихын осы форматта, осы аспектіде зерттеу жақсы нәтиже береді және бұл бұрын соңды аса мән берілмеген бағыт.

Б.Н. Путилов өзінің зерттеулерінде салт-дәстүлердің типологиялық ұқсастықтар мен ерекшеліктер дәрежесіне дейін көтерілуі этнография ғылымының өзекті мәселесінің бірі деп көрсетті [1]. Типологиялық ортақтық пайда болу үшін жалпы шарттар, жалпы тарихи-әлеуметтік және тұрмыстық ахуалдар жеткіліксіз. Дәстүрлердің және олардың дамуының ұқсастығы, айырмашылығы заңдылық байланыстары қажет. Қоғамдық даму шарттарының ұқсастығы дәстүрлердегі тарихи типологияны анықтайды.

Қазақтар мен Орталық Азия халықтарының отбасылық дәстүрлерінің біртұтастығы, кейбір ерекшеліктері мен оның себептері зерттеушілердің назарына аса ілікпеген мәселе. Қазақ халқының салт-дәстүрлері көрші халықтар дәстүрлерімен жалпы нұсқасы жағынан бірегей болғанмен, өзіндік ерекшеліктерімен де, әдет-ғұрыптарындағы кейбір өзгешеліктермен де орындалады. ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басындағы қазақтар мен Орталық Азия халықтары өздерінің ортақ этногенезі территориялық орналасуы, жер жағдайы, қоршаған ортаға негізделген әлеуметтік-экономикалық, шаруашылық типі, тұрмысы, өзара және сырт елдермен қарым-қатынастары, отарлау саясатының әсері, т.б. факторларға байланысты, бір жағынан, ұқсас, ортақ салт-саналар қалыптастырып, екінші жағынан, әрқайсысы өзіндік жергілікті этномәдени дамуға, жоғарыда аталған факторларға байланысты өзіндік әдет-ғұрыптар жүйесін құрды. Біз жұмысымызда регион халықтарының отбасылық әдет-ғұрыптарын салыстырмалы – типологиялық әдіс арқылы зерттеуге тырыстық.

Мәселенің зерттелуі. Этнография ғылым есебінде ХІХ ғ. ортасындағы ізденістердің негізінде пайда болғаны белгілі. Колониалдық империялар құру кезінде әлем халықтарын тану, оларды жаулап алу және басқару белгілі дәрежеде этнография ғылымының жәрдемімен іске асты. Осыған қарамастан алғашқы эволюционистердің ішінде отаршылдық саясаттың мақсаттарынан тыс, шын мәніндегі ғылыми ізденістер жүргізгендер аз болмады. Солардың бірі Джон Мак-Леннан. Оның 1865 жылы жарық көрген «Алғашқы қауымдық неке» атты еңбегі адамзат баласының тарихында, оның қалыптасуында некенің атқарған қызметін терең саралайтын алғашқы этнографиялық зерттеу болып табылады. «Алғашқы қауымдық неке» ғылыми айналымға алғаш рет «матриархат», «матрилокалдық коныс», «ана тегімен туыстықты анықтау», экзогамия, эндогамия, т.б. терминдерді енгізді. Оның ойынша алғашқы қауымдық қоғамда әйел санының аздығы, қыздарды жас кезінде өлтіру, белгілі дәрежеде «полиандрия» дәстүрінің тарауына және туысқандықты ана арқылы жүргізуге себеп болды. Қызды алып қашу дәстүрі де Мак-Леннаның пікірі бойынша сол көне кезеңнен қалған сарқыншақ. Ол өз кезеңінде әйелді сырттан ұрлап әкелу өз руының қызына үйленбеуге себепші болып, экзогамияның орнығуына әсер етті, - деп есептеген.

Отбасылық әдет-ғұрыптардың ғылыми тақырып есебінде зерттеле бастауын біз Льюис Генри Морган атымен байланыстырамыз. Жалпы ол этнография ғылымында «алғашқы қауымдық руды» алғашқы зерттеген адам ретінде танылған. Оның «Көне қоғам» (Ежелгі қоғам) еңбегінде (1877) америкалық ирокез тайпаларының бүкіл қоғамдық өмірі рулық дәстүрлердің негізінде атқарылатынын дәлелдеді. Ол ру билігі, экзогамия, мұрагерлік, өзара көмек институттарын зерттеу арқылы рулық құрылымның ең демократиялық кезең екенін сипаттап берді [2].

Біздің тақырыбымыз үшін оның еңбектерінің ішіндегі ең маңыздысы 1871 жылы жазылған «Туысқандық және жекжаттық жүйе» (Система родства и свойства). Бұл кітапта жер жүзінің халықтарының туыстық жүйесі зерттелген, оның классификациясы берілген.

Туысқандық жүйе және отбасылық әдет-ғұрыптар туралы зерттеулер Л. Морган еңбегінен кейін қоғамдық ғылымдарда кеңінен қанат жайды. Оның бір көрінісі Ф. Энгельстің «Семьяның, жеке меншіктің және мемлекеттің шығуы» атты еңбегі. Оны Энгельс негізінен Г.Л. Морганға сүйеніп жазғаны белгілі.

Орталық Азия халықтары мен Қазақ халықының этнографиялық жағынан зерттеуді біз Қазан төңкерісіне дейінгі және Кеңес заманындағы деп екі үлкен кезеңге бөліп қарастырамыз.

Революцияға дейінгі кезең орыс зерттеушілерінің жазбалары мен есебінен тұрады, олардың назарын Ресейге қосылғаннан бастап, географиялық және этнографиялық жағынан беймәлім қазақтар мен Орталық Азия халықтары қызықтырды. Негізінен бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығының аудандары мен қалалары зерттелді. Экспедиция жұмыстарын география, ботаника, зоология мамандықтарымен шұғылданатын ғалым, энциклопедистер, патша шенеуліктері немесе әскери топографтар жүргізді.

ХVІІІ ғ. мен ХІХ ғ. қарсаңында патша өкіметі қазақ жері мен Орталық Азияда экономикалық және саяси байланысын нығайту мақсатында біршама елшілік пен экспедиция жіберді, соның бірі И.П. Шангин бастаған экспедиция еді. Бұдан кейін қазақ этнографиясы, оның ішінде әдет-ғұрыптары жөнінде Г.И. Спасский, С.М. Броневский, А.И. Левшин, Л. Мейер, М. Красовский,
Ы. Алтынсарин, В. Плотников, Г.С. Загряжеский, Н.И. Гродеков, В.В. Бартольд, И.В. Аничков, Х. Кустанаев, А. Диваев, Н. Изразцов, М.Н. Бекимов, Н. Калмаков, Я. Акпаев, М.Ж. Көпеев, т.б. құнды материалдар қалдырды.

Ә.Х. Марғұланның «Ежелгі жыр аңыздар» (А., 1985), «Шоқан және Манас» (А., 1971) еңбектері мен «Қорқыт туралы жазбалар» мақалаларында қазақ жерін мекендеген ежелгі халықтар дәстүрлері (әдет-ғұрпы, тұрмысы), рухани өмірі жөнінде көптеген мағлұматтар берген. Оларда біздің тақырыбымызға қатысты құнды деректер өте көп.

Кеңес дәуірінде қазақтың некесі мен отбасын алғаш арнайы зерттеген ғалым – Х.А. Арғынбаев. Ол өзінің көпжылдық зерттеулерінің нәтижесінде «Қазақ халқындағы отбасы мен неке» атты еңбегін жариялады. Бұдан басқа Х.Арғынбаевтың қаламынан туындаған осы тақырыпқа арналған мақалалар, өзі қайтыс болғаннан кейін шыққан кітабы [3] біздің зерттеуімізге өзінің фактілік материалдарымен, терең талдауларымен бағыт-бағдар болды. Халел Арғынбаевтың «Қазақ халқындағы семья мен неке» атты монографиясы таза теориялық-методологиялық мәселелерге терең араласпағанымен де қазақ қоғамындағы отбасы мен некенің негізгі сипатын, түрлерін, ерекшеліктерін жан-жақты сұрыптап бергені ақиқат. Х. Арғынбаевтың қазақ жанұясының формасы, патриархалды дәстүрлері, жанұядағы әйелдің жағдайы, үйлену ғұрыптарының көне мәні туралы ғылыми пікірлерін өз еңбегімізде басшылыққа алдық.

Өткен ғасырдың 90-жылдарының орта шенінде «Казахи» деген атпен академиялық жинақтаушы еңбек жарық көрген еді [4]. Соның «Отбасылық-некелік қатынастар» деген бөлімін Х. Арғынбаев жазған. Бұл еңбекте де қазақ отбасының түрлері, отбасы мүшелерінің арасындағы қатынас, неке түрлері, құдалық, қалыңмал, жасау мәселелері дәстүрлі тұрғыда сипатталып жазылды.

Қазақтың белгілі этнографы У.Х. Шәлекеновтің Амударияның төменгі сағасының қазақтары жөніндегі монографиясында қазақтың отбасылық тұрмысы, оның ішінде отбасылық қарым-қатынас, отбасындағы әйелдің орны, көп әйел алушылық салты, отбасылық әдет-ғұрыптар қаратырылды. Ғалым өз еңбегінде қазақтың отбасылық қатынастары шариғат пен әдеттік ғұрыптың негізінде құрылатындығын айта келіп, Амударияның төменгі сағасында тұратын қазақтарда қызылқұм, үстірттегі қазақтарға қарағанда исламның әсері күштірек болды, сондықтан олар шариғатқа көбірек бағынды, - дейді [5]. Бұл өте дәл айтылған ғылыми пікір еді, жалпы ислам әсері күшті болған халықтарда отбасылық қатынастар негізінен шариғат жолымен құрылатындығына, біз басқа халықтар тұрмысын зерттеу барысында көз жеткіздік.

Философ, этнограф С. Ақатаевтың еңбектерінде қазақтағы ата-баба аруағына сиыну, отбасылық әдет-ғұрыпқа байланысты жанұядағы әкенің құзіреті, әмеңгерлік, жоқтау, сыңсу, рулық бейіттер, т.б. көне діни сенімдерге байланысты салт дәстүрлер баяндалып зерделенген [6].

Этноархеолог ғалым С.Е. Әжіғалидің еңбектерінде біздің қаратырып отырған тақырыбымызға тікелей қатысты зерттеулер Жетісу, Батыс Қазақстан, Монголия қазақтарына байланысты жазылған [7]. Бұл зерттеулердің бірінде Арал-Каспий өңіріндегі жерлеу архитектурасы негізінде қазақтың жерлеу әдет-ғұрыптары, олардың шығу тегі, дүниетанымдық негізі қарастырылса, екіншілерінде Жетісу мен Монголия қазақтарының отбасылық әдет-ғұрыптарындағы ерекшеліктер мен жалпықазақтық салттары зерделенеді.

Дәстүрлі отбасының әдет-ғұрыптар мен наным-сенімдер жөнінде этнограф-археолог Ә.Т. Төлеубаевтың мақалалары және монографиясы бар [8]. Зерттеуші қазақтың отбасылық әдет-ғұрыптарында сақталып қалған, өзінің шығу тегі жағынан өте көне – мұсылман дінінен бұрын пайда болған ырым-жоралғыларды, діни дүниетанымдық салттарды саралап қарастырған.

Қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымындағы үлкен патриархалдық отбасының сарқыншағы іспеттес құрылым – патронимия жөнінде белгілі этнолог Ж.О. Артықбаевтың еңбектерінде жан-жақты сипатталып, талданған. Ғалымның ойынша, «Бір ата баласы» деген атаумен анықталатын осы патронимия өзінше бір шаруашылық бірлестігі болды, әртүрлі жеке отбасының ата балаларымен бірігіп шешетін мәселелері (құдалық, қалыңмал, жылу жинау, үлкен шаңыраққа бағыну, әмеңгерлік, балдыз алу) осы патронимиялық ортада шешілді [9].

Қазақтың отбасылық әдет-ғұрыптарының символдары, олардың дүние-танымдық, мән-мағыналық, сыр-сипаттық астарлары жас ғалым


Ж. Ерназаровтың еңбегінде қарастырылған [10].

Маңғыстау қазақтарының әдет - ғұрыптарының, соның ішінде отбасылық ғұрыптарының ерекшелігі т.ғ.д. Ү. Қыдыралиннің еңбектеріде жарық көрді [11].

Қазақ халқының дәстүрлі тұрмысындағы маңызды әдет-ғұрып, жөн-жоралғылар мен наным-сенімдерінің семантикасы Н.Ж. Шаханованың [12] еңбектерінде қарастырылады.

Халықтан шыққан этнографтар А. Жүнісұлы мен С. Кенжеахметұлының қазақтың дәстүрлі мәдениетінің түрлі мәселелері жөніндегі еңбектері арнайы мән берерлік. Мысалы А. Жүнісұлы өзінің «Пәниден бақиға дейін» (А., 2001) деген кітабында қазақтың балаға, үйленуге және өлімді жөнелтуге


байланысты әдет-ғұрыптарын өте ыждағаттылықпен сипаттап жазған.
С. Кенжеахметұлының көпшілікке арналған осы тақырыптағы кітаптарында [13] қазақтың біраз әдет-ғұрыптарының, туыстық атауларының қыр-сыры өте жақсы сипатталады.

Біздің зерттеулерімізде 1948 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясы орыс тілінде шығарған «Материалы по казахскому обычному праву» (А., 1948) жинағы және әр жылдары жарық көрген «Қазақтың музыкалық фольклоры», «Жар-жар», «Беташар» (А., 1991), «Той кітабы» (А., 1993), «Наурыз» (А., 1991), «Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті», «Ақ бата» жинақтары, Б. Уахатовтың «Қазақтың тұрмыс-салт жырларының типологиясы», «Қазақтың халық өлеңдері», «Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы» (VІ ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейінгі кезең), ел аузынан жиналып республикалық газет, журналдарда жарияланған тұрмыс-салт жырлары пайдаланылды.

1998 жылғы еліміздің барлық аймақтарын тұтастай этномәдени зерттеу нәтижесінде жарық көрген мақалалар жинағы «Қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері: өткендегісі және бүгіні» (А., 2001) деп аталады. Бұл жинақта да қазақтың отбасылық ғұрыптарына үлкен мән берілген.

Қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрыптарын зерттеуге соңғы жылдары қосылған үлкен ғылыми үлес, ол Тарих және этнология институтының этнология бөлімінің, ғалым С.Е. Әжіғалидың ұйымдастыруымен, жауапты редакторлығы-мен, «Мәдени мұра» аясында жарық көрген екі томдық «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» атты жинақ (А., 2005). Бұл жинақтың бірінші томы осы заманғы қазақ этнографтарының қазақтың әдет ғұрыптарын зерттеуге арналған мақалаларынан тұрады. Жинақтың екінші томы аты айтып тұрғандай қазақ халқының «Дүниеге келгеннен өмірден озғанға дейін» атқарылатын ғұрыптары бойынша ертеректегі авторлардың қазақша тәржімаланған еңбектерінің жинағы [14]. Біз бұл жинақтағы материалдарға өте жоғары баға береміз және жұмысымызда мүмкіндігінше пайдаландық.

Қазақ отбасының жекелеген мәселелері, ондағы жасалатын ғұрыптар регионалдық, диаспоралық материал негізінде Ү. Қыдыралиннің Б. Камалашұлының, Б.К. Қалшабаеваның, Д.Б. Ескекбаевтің, Н. Байғабатованың, С.П. Кульсариеваның, Е. Смағұловтың, А. Құдайбергенова мен Н. Бекбалақтың, Ж. Сәмитұлының т.б. диссертациялық зерттеулері, мақалалары, көпшілікке арналған кітаптарында да қарастырылады.

Қазақ халқының отбасылық-некелік салт-дәстүрлері философиялық, әлеуметтік-тарихи, социологиялық аспектілерде Ж. Қаракөзованың,


А.К. Қалыштың, С.Х. Шалғынбаеваның, А.К. Галимованың еңбектерінде көрініс тапқан.

Қазан төңкерісі қарсаңына дейінгі өзбектердің отбасылық-некелік қарым-қатынастары мен әдет-ғұрыптары жөнінде дерек беретін еңбектер жоқ емес. Белгілі шығыс тілі мен мәдениетін зерттеуші венгерлік ғалым А. Вамбериден бастап, П. Маев, А.Д. Гребенкин, А.П. Хорошхин, В. Наливкин және


М. Наливкина, М.Ф. Гаврилов сияқты зерттеушілер өзбектердің отбасы, отбасылық-некелік қарым-қатынстары, сарттардың үйлену дәстүрлері, қала мен ауылдық жерлердегі берілетін қалыңмал ерекшеліктері, үйлену кезінде атқарылатын кәде жоралғылары туралы мәліметтерді келтіреді. Мысалы, П.Маев қалыңмалды шариғат бойынша болашақ әйелінің меншігінде болатын дүние деп түсіндіреді де, жасау жайында құдалар арасында ешбір келісімнің болмайтындығын айтады.

Кеңес дәуірінде өзбектердің отбасылық-некелік қарым-қатынастары жөнінде алғаш жазған ғалым этнографтардың тобына Л.П. Потапов жатады. Ол өз еңбегінде Кашкадария мен Сурхандария облыстарындағы өзбектер арасындағы туыстық қатынастарға тоқталып, аналық құрылым қалдықтары мен топтық некеге сипаттама береді. Потапов бұл аймақта эндогамды неке басым деген тұжырым жасайды [15]. М.В. Сазонова Хорезм оазисіндегі үлкен отбасын зерттеген. Оның ойынша үлкен отбасының ыдырауының басты себебі – мұраны бөлу [16]. К.Л. Задыхина Әмудария жазығындағы өзбектердің үлкен отбасы туралы жазады [17].

Г.П. Снесарев өзбек халқының өмірінде елеулі рөл атқаратын наным-сенімдер мен ырымдарға тоқталған. Өзбектердің ежелгі дәуірден мұсылмандық кезеңге дейінгі көзқарастары мен ырым-жоралғыларына, діни түсініктеріне жүйелі талдау жасайды, өмірмен байланысты наным-сенімдердің генезисіне, әрі олардың өзгеруіне тоқталады. Кейбір нақты тарихи мәселелері мен жалпы дінтану мәселесін (проблемасын) зерттеуге арналған [18]. О.А. Сухарева еңбегінде өзбектердің отбасы этнографиясы жазылған. Еңбек Орталық Азия халықтарының қауымдық қатынастары, көне неке түрлері мен әлеуметтік институттар және үйлену салтындағы көне қалдықтар жайлы біршама мәліметтер береді [19]. М.А. Бикжанова Ферғана жазығындағы өзбек отбасында үлкен отбасының ыдырауына байланысты бөлінбеген деп аталатын отбасы формасы пайда болды, - деп жазды. Бикжанованың айтуынша мұндай отбасы ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басына тән. Бөлінбеген отбасының патриархалдық отбасынан айырмасы – ол үш немесе одан да көп ұрпақтан емес, бір жұптан – әкесі мен шешесінен және бірге тұратын үйленген ұлдарынан тұрады [20]. К.Ш. Шаниязов қарлұқтар тұрмысын зерттеп, Қашкадария және Сурхандария облыстарында ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басында отбасының негізгі формасы үлкен патриархалдық отбасы сақталуы нәтижесінде әке-шешесі балаларымен бір қазаннан тамақтанғандығы айтылған. Экономикалық негізі – жер мен малды бөліске салмауға тырысқан. Әкелері өлген жағдайда еншілерін шариғат бойынша бөлетіндіктері туралы жазады [21].

Н.А. Кисляковтың Орталық Азия және Қазақстан халықтарындағы отбасы мен некенің тарихына арналған очеркі біздің тақырыбымызға өте жақын келетін зерттеу жұмысы [22]. Бұл жұмыста Орталық Азия халықтарының отбасы формалары, олардың түрлерінің өзгеруі, неке және оған байланысты ғұрыптары сипатталып жазылып, кей жағдайларда салыстырыла талданған. Зерттеуші әсіресе стадиалдық ортақтастықтар мен ерекшеліктерге баса назар аударған. Біз өз жұмысымызда Н.А. Кисляковтың еңбегіне жиі сілтеме жасап, сүйеніп отырдық.

Н.П. Лобачева Орталық Азия халықтары мен қазақтардың үйлену салтындағы діни магиялық рәсімдердің мән-мағынасын зерттеген. Ол халықтың этногенетикалық тарихының негізгі кезеңдерінің дәстүрлі мәдениетте көрініс беретінін өзінің ғылыми зерттеулерінде дәлелдеген. Сонымен қатар, өзбектердің үйлену дәстүрлеріне салыстырмалы бағытта талдаулар жасап, тарихи-мәдени әсерлерді анықтайды [23].

Түркімендердің отбасылық-некелік салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары жөнінде Қазан төңкерісіне дейін жазылған Э.И. Эйхвальдтың, М. Алиханов-Аварскийдің, Ф. Михайловтың, К.М. Федоровтың мақалалары бар. Олар отбасылық қатынастар, әдет-ғұрыптар мәселесіне аса тереңдеп бара алмаса да, ол туралы орыс тілді баспа бетінде алғаш жазған адамдар еді.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында түркімендердің үлкен отбасы, тұрмысы, әйел жағдайы жөнінде алғаш материалдар жариялағандар
Н.В. Брюллова-Шаскольская мен Д.Г. Иомудская-Бурунова еді.

Ұлы Отан соғысынан кейін кейбір түрікмен тайпаларының өткен дәуірдегі отбасылық-некелік қарым-қатынастары жөнінде этнографтар А. Джикиевтің, Д.М. Обезованың, К. Обезбердыевтің еңбектерінде ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында түркімен халқында да үлкен отбасының болғандығы айтылып, отбасылық дәстүрлері сипатталып, әйелдерінің тұрмысы жөнінде мағлұматтар беріліп, қалың мал және жасау жөнінде жазылған. Біздің зерттеулеріміздің мақсатына ұқсас аспектіде түркімен материалы бойынша жазылған


Г.П. Васильеваның мақаласын ерекше атағымыз келеді [24].

Қырғыздардың отбасылық-некелік қарым-қатынастары мен салт-дәстүрлері жөнінде біршама еңбектер жазылды. Осы мәселелер жөнінде тарихи-этнографиялық бағытта еңбектер жазған авторлар Н. Зеланд, Г.С. Загряжский, Н.Т. Дыренкова, Г.И. Кушнер, С.М. Абрамзон, Ф.А. Фиельструп [25],


А. Жұмағұлов [26], Т.Д. Баялиева [27], А.А. Асанқанов [28] т.б.

Қазан төңкерісіне дейін қарақалпақтардың отбасылық-некелік қарым-қатынастары мен салт-дәстүрлеріне зерттеушілер тарапынан онша көп мән берілмеген, энографиялық тұрғыдан арнайы зерттелмеген. Кеңес заманы тұсында ғана (1940-1960 жж.) қарақалпақтардың отбасылық-некелік қарым-қатынастары мен салт-дәстүрлері жөнінде жазған зерттеушілер мыналар:


Т.А. Жданко, А.С. Морозова, С.К. Камалов, А.Т. Бекмуратова, Х. Есбергенов, У.Х. Шалекенов, т.б.

ХІХ ғ. екінші жартысында таулы, жазық және қала тәжіктерінің отбасы мен отбасылық-некелік салт-дәстүрлеріне арналған этнографиялық зерттеулерді Н.А. Кисляков, Г.А. Арандаренко, М.С. Андреев, М. Рахимов, Л.Ф. Моногарова, А.К. Писарчик, А.А. Бобринский, О.А. Сухарева, Б.Х. Кармышева, Е.М. Пещерева, т.б. жүргізді.



Зерттеу объектісі. Қазақтар және Орталық Азия халықтарының дәстүрлі отбасы және отбасылық әдет-ғұрып, салт-саналары.

Зерттеу пәні. Қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен, қарақалпақ, тәжік халықтарының отбасы түрлері, отбасы мүшелерінің қарым-қатынасы, неке құру, бала туу, адамды жерлеу сияқты отбасылық әдет-ғұрыптардағы ұқсастықтар мен ерекшеліктер, осы этнографиялық ортақтастықтар мен айырмашылықтардың қалыптасуының тарихи-этногенетикалық, шаруашылық-мәдени типтік себептері.

Зерттеудің хронологиялық шеңбері. ХІХ ғ. аяғынан ХХ ғ. басына дейін - дәстүрлі этнографиялық кезең. Мұндай хронологиялық шекті алуымыздың себептері: біріншіден, Орталық Азия халықтары және қазақтардың отбасы жөніндегі біз пайдаланған зерттеулер және дереккөздік әдебиет материалдары негізінен осы кезеңдерді қамтиды; екіншіден, бұл кезең қарастырып отырған аймақ халықтарының тұрмыс-тіршілігінде әлі де дәстүрлі қоғамдық қатынастар өз қалпында сақталып тұрған заманалар еді.

Зерттеу жұмысының мақсаты. Орталық Азия халықтары мен қазақтардың отбасы, отбасылық әдет-ғұрыптарының негізгі дәстүрлі тұстарын сипаттау, от-басылық әдет-ғұрыптардағы ортақтастықтар мен ерекшеліктерді ашып көрсету, олардың шаруашылық, мәдени, тарихи-генетикалық себептерін, сырларын түсіндіруге тырысу. Осыған байланысты мынадай міндеттер қойылды:

  • қазақтар мен Орталық Азия халықтарының отбасы формаларын, олардағы ер-әйел, ұрпақтар арасындағы қарым-қатынастарды сипаттау, сол арқылы аталған халықтар арасындағы осы саладағы ұқсастықтар мен ерекшеліктерді анықтау;

  • зерттеу нысанасы болып отырған халықтардың неке құруға байланысты әдет-ғұрыптарының негізгі циклдарын сипаттай отырып, олардың бәріне тән ортақ ғұрыптар, белгілі бір халықтар тобына тиісті ортақтастықтар, жекелеген халықтарға тән ерекшеліктерді анықтау;

  • қазақтардың, өзбектердің, қырғыз, қарақалпақ, түркімен, тәжіктердің баланың дүниеге келіп, өсіп, тәрбиеленуіне байланысты әдет-ғұрыптарын салыстыра талдау, олардың этногенетикалық, мәдени-генетикалық үдеріс-терімен байланысын анықтау;

  • Орталық Азия мен Қазақстан аумағын мекендеуші байырғы халықтардың адамды жерлеу, өліктің артын күтуге байланысты әдет-ғұрыптарын сипаттау және өзара салыстыру арқылы олардағы исламнан бұрынғы дейтүркілік, түркілік, үнді-ирандық, беріректегі жалпы мұсылмандық ғұрыптардың мәдени қабаттарын анықтау;

  • Орталық Азия және Қазақстанның тұрғылықты халықтарының әдет-ғұрыптарындағы жалпы ортақтастықпен қатар жекелеген халықтардың, мысалы, қазақ-қырғыз, қазақ-өзбек, өзбек-тәжік т.б. варианттардағы ортақтастықтарды анықтау арқылы жекелеген халықтардың өзара ұқсастықтарының тарихи мәдени, шаруашылық, тіршілік қамын ұйымдастыру жақындықтарымен, т.б. факторлармен түсіндіруге тырысу;

Диссертациялық жұмыстың методологиялық негізіне этнология, әлеуметтік антропология ғылымында отбасы мен неке мәселесін зерттеген белгілі теоретик ғалымдар Джон Мак-Леннан, Льюис Генри Морган, К. Ф. Энгельс, Л.Я. Штернберг, М.О. Косвен т.б. ғалымдардың бүгінгі таңда әлі де ғылыми теориялық мәнін жоймаған қағидалары, көзқарастары алынды. Әдет-ғұрып, салт-саналардың пайда болу, қалыптасу, өзгеру үдерісін зерттеген теоретик ғалымдар Э. Тэйлор, Дж. Фрэзер, С.А. Токарев, Ю.В. Бромлей, В.М. Арутюнян, С.А. Арютинов, В.В. Пименов т.б. еңбектерін басшылыққа алдық.

Әлемдік этнография ғылымында бұл тақырыпта жазылған еңбектердің ішіндегі құндысы саналатын 1970 жылдары жарық көрген американ ғалымы Дж. П. Мердоктың «Әлеуметтік құрылым» кітабы. Бұл көлемді монография дүние жүзін мекендеген халықтардың ішінде 200-ден астамын мысалға ала отырып үлкен кросс-мәдениеттік салыстыру жұмысын атқарған.



Зерттеу жұмысының негізгі дерек көздері. Еңбектің деректік негіздерін қазақтар мен Орталық Азия халықтары жөнінде Қазан төңкерісіне дейін, Кеңестер заманында және соңғы жылдары баспа беттерінде жарық көрген материалдар, ғылыми зерттеулер, зерттеп отырған халықтардың арасынан өзіміз жинаған деректер мен архив құжаттары құрады.

Қазақ отбасы мен отбасылық ғұрыптар туралы автор ел арасынан өткен ғасырдың 90-жылдарының аяғынан бастап жинады. 2005,2007,2008 жж. диссертант өз бетімен Өзбекстанның Ташкент қаласында, Қырғыстанның Бішкек қаласында болып өзбектердің, қырғыздардың отбасылық ғұрыптары туралы мәлемет жинады. Сондай ақ қарақалпақтар, қырғыздар, өзбектер, тәжіктер, түркімендер жөніндегі кейбір этнографиялық деректерді Қазақстанға уақытша келген сол этнос өкілдерінен, не сол елдерде ұзақ тұрған қазақтардан алдық.



Сонымен қатар жұмыстың деректік негізіне Қазақстан республикасы Қырғызстан, Өзбекстан Орталық мемлекеттік архивтерінен, Мәскеу қаласындағы Орталық кітапханадан, Қазақстанның Ұлттық кітапханасының сирек қорынан алынған материалдар кірді.

Зерттеу әдістері. Зерттеуде мынадай нақты ғылыми әдістер қолданылды: этнография ғылымының зерттелетін құбылыстарын ақиқат тарихилық қалпында қарастыру, оларды зерттеуге жүйелілік тұрғысынан келу, құбылыстардың өзара байланыста, бір-бірінен тәуелді болатынын ескеру әдісі; тарихи хронологиялық және қатпарлы-сатылы әдіс. Жалпы біз қарастырып отырған әдет-ғұрыптар негізінен ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басына қатысты, яғни Орталық Азия халықтары мен қазақтардың әдет-ғұрыптарын бір хронологиялық шекте салыстыруға тырыстық. Сонымен қатар, кей жағдайда, халықтардың әдет-ғұрыптарындағы қатпарлы мәдени қабаттарды да анықтауға тура келіп отырды. Бұл әдіс мәдени-генетикалық тұжырымдар жасауға мүмкіндік берді. Дәстүрлі этнографиялық әдістер: байқау, жергілікті тұрғындармен әңгімелесу, далалық экспедициялық тәжірибе.

Диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы. Жалпы қазақтардың және Орталық Азия халықтарының отбасылық әдет-ғұрыптары біршама зерттелген, сипатталып жазылған тақырып. Біздің диссертациялық еңбегіміздің жаңалығы төмендегідей деп санаймыз:

  • Орталық Азия халықтары және қазақтардың отбасылық әдет-ғұрыптары алғаш рет өзара салыстыра сипатталды;

  • аталған халықтардың отбасылық ғұрыптарын салыстыра зерттей отырып, олардың ішіндегі архаикалық, үнді-ирандық, дейтүркілік, түркілік компоненттерді анықтауға тырыстық;

  • Орталық Азия халықтары мен қазақтардың отбасылық әдет-ғұрыптарынан олардың негізгі мәдени-шаруашылық типіне қарай малшылық-көшпелілік салттар, отырықшы-егіншілік ғұрыптар топтарын саралап анықтадық;

  • аймақ халықтарының отбасылық ғұрыптарында тәңіршілдік дін, ислам діні, зороастра, т.б. наным –сенімдер мен діндердің, идеологиялардың әсері жалпы ұқсас болғанымен, олардың тұрмысқа ену нәтижесі бірдей болған жоқ. Бұл жағынан, регион халықтарын мөлшермен үш типологиялық топқа бөлдік, оның ішінде: қазақ пен қырғыздар бір топ, қарақалпақтар мен түркімендер екінші топ, ал өзбек пен тәжік – үшінші топты құрайды;

  • диссертацияда регионның түркі тілдес бес халқы (қазақ, қырғыз, өзбек, түркмен, қарақалпақ) және иран тілдес бір халқы (тәжік) екі лингвистикалық этномәдени топ ретінде қарастырылды. Сол арқылы олардың отбасылық ғұрыптарындағы үнді-ирандық және түркілік дәстүрлердің генетикалық түп-тамырын мүмкін болғанша анықтауға тырыстық;

  • Орталық Азияның түркі тілдес және иран тілдес халықтары осы мәдени-тарихи аумақта кемінде 2, ұзағында 3-4 мың жыл көршілес, шаруашылық-мәдени, діни аралас-құраластықта өмір сүргендіктен олардың отбасылық әдет-ғұрыптарында ортақ жүйе құрушы салттар, олардың ортақ дүниетанымдық-идеологиялық мән-негіздері, атрибутикалық-заттық нышандары қалыптасты. Сондықтан біз осы халықтардың отбасылық ғұрыптарында ғана кездесетін, не болмаса осы халықтардың ортасында қалыптасқан әдет-ғұрыптардың ортаазиялық-қазақстандық жүйесін анықтадық. Бұл да бұрын-соңды арнайы қарастырылмаған, айтылмаған мәселе.

  • Зерттеу жұмысында халықтардың отбасылық әдет-ғұрыптары мәдени-генетиқалық тұрғымен қатар, стадиалдық (дәуірлік) жағынан да салыстыра қарастырылды. Бұл да бұрын-соңғы зерттеушілердің көпшілігінің мән бермеген мәселесі.

Зерттеудің қолданбалық маңызы. Диссертация жұмысының тұжырымда-рын, ұсыныстарын этнография пәнінің және арнайы этнографиялық курстар-дың оқу бағдарламаларын, оқулықтарын, курсты оқыту туралы әдістемелік құралдар мен нұсқаулар жасағанда пайдалануға болады.

Орталық Азия аймағында сан ғасырлар бойы көршілес өмір сүріп, ортақ мәдени дәстүрлері қалыптасқан туысқан халықтардың отбасы ғұрыптары негізінен ұқсас, ортақ. Дегенмен әртүрлі тарихи-саяси – идеологиялық ахуал-дарға байланысты бүгінде сол халықтардың кейбірінде ұмытылып кеткен прогрессивті, әдемі ілкі дәстүрлерді туысқан халықтарда сақталып қалған формаларында, мазмұнында қайта енгізуге, қайта жаңғыртуға болады. Бұл жұмыстың қолданбалық жағының бір тұсы. Жаһандану заманында бөгде мәдениеттердің экспансиясынан туыстас, тектес мәдениеттердің бірге тегеурін жасауы арқылы да қорғану кажеттігі туындайды.



Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар.

1. ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басында Орталық Азияның өзбек, түркімен, тәжік, қарақалпақ халықтарында отбасының негізгі түрі - үлкен патриархалдық отбасы болды. Үлкен патриархалдық отбасы қырғыздардың, әсіресе оның отырықшы бөлігінде басым болды. Осы кездегі қазақ отбасының көпшілік бөлігі нуклеарлы семья болуымен қатар үлкен патриархалдық отбасының үлес салмағы айтарлықтай болды және патрирархалдық үлкен отбасы дәстүрлерінің сарқыншағы тұрмыста жиі кездесті.

2. Қарастырып отырған регион халықтарының отбасылық әдет-ғұрыптарындағы құда түсу, қалыңмал, қыз ұзату, келін түсіру тойлары, ондағы рәсімдер өзінің структуралық жағынан өте ұқсас, мәндік-семантикалық тұрғысынан да жакын. Бұл реттегі ғұрыптардың айырмашылығы көбіне-көп халықтардың шаруашылық-мәдени типіне қарай айырылады. Отырықшы-егіншілік басым өзбек, тәжіктерде қалыңмал құрамы, мөлшері, тойдың дастархан мәзірі, малшы-көшпелі, немесе малшы-жартылай көшпелі қырғыз, қарақалпақ, түркімен, қазақ сияқты халықтардан біраз өзгешелеу. Оларла қалыңмал жартылай, кейде толық ақшамен өлшенеді, шаруашылық-мәдени типіне қарай шашудағы, сыйлықтардағы, ритуалдық (ғұрыптық) тағамдардағы, той мәзіріндегі атрибуттарда егіншілік-жер өнімдері басым.

3.Экзогамиялық некелік қатынас қазақтарда жеті атаға дейін таза сақталса, қырғыздардың кейбір топтарында бар болса, ал өзбектер мен тәжіктерде эндогамиялық неке басым болды. Некелесушілердің арасындағы экзогамиялық немесе эндогамиялық салттар, ата-ене, күйеудің туыстары мен келіннің, күйеу мен қайын жұрттың, нағашы-жиен қарым-қатынасы мәселесінде де регион халықтарында ұқсастықтар басым. Дегенмен де бұл салада да көшпелі, жартылай көшпелі халықтар келіннің күйеуінің жасы үлкен еркек кіндікті туыстарынан «ұялып қашу» (бет көрмеу (избегание) әдеті отырықшы халықтарға қарағанда әлсіз болды, кей жағдайда бұл салт тіпті сақталынбады.

4. Баланың дүниеге келіп, тәрбиеленіп өсуіне байланысты әдет-салттар, жоралар негізінен халықтардың баланың аз-көптігіне деген ұстанымы, ұл-қызға деген қатынасы, бойға бала біткеннен босануға дейінгі жоралар, әйелді босандыру ырымдары, шілде ғұрып-ырымдары, қырқынан шығару, баланың әрі қарай өсуіне байланысты ырым-жоралғылар қазақ, өзбек, қырғыз, түркмен, қарақалпақ, тәжіктерде негізгі құрамдас бөлігі жағынан біркелкі. Сонымен қатар, әдет-ғұрыптардың орындалуында, ырым-жоралғыларда пайдаланылатын заттары, тағамдары, мал-жер өнімдері жағынан айырмашылықтар бар. Мұсылман дінінен келген ғұрыптардың әсіресе өзбек, тәжіктерде мәні зор. Атап айтқанда, өзбектер мен тәжіктер, сүндет тойға ерекше мән береді. Олардағы тойдың үлкені сүндет той.

5. Ғұрыптардың ең қомақты бөлігіне қайтыс болған адамды жерлеу және артын күту ғұрыптары жатады. Бұл саладағы ғұрыптар бір жағынан, өзінің консервативтігімен ерекшеленсе, екінші жағынан, олардың көпшілік тұстары, регион халықтарына ортақ ислам дінінің қағидаттарымен анықталады. Сондықтан да, бұл ғұрыптар жүйесінде қарастырып отырған халықтар ғұрпында ортақтастықтар, ұқсастықтар өте көп. Сонымен қатар, өлім ғұрыптарына қатысты архаикалық «тұл» салты, өлікке ат арнау жоралғысы тек қазақта ғана жақсы сақталған, бұлардың жұрнақ түрлерін қырғыздардың бір тобынан, өзбектер арасындағы қыпшақ, қоңыраттардан да табуға болады. Өзбектердің, қарақалпақтардың жерлеу салтында зороастрийстік жұрнақтар көптеп кездеседі.

6. Орталық Азия халықтары және қазақтардың әдет-ғұрыптарында этностадиалдық жүйелер, жекелеген элементтер көп кездеседі. Оларды үнді-ирандық, дейтүркілік, түркілік, исламға енгеннен кейінгі, халықтардың қалыптасқанынан кейінгі деп бөлуге болады. Кезеңдік (стадиалдық) ғұрыптарды анықтау, оларды заман-заманымен жіктеу өте қиын жұмыс.Бұл ретте, әсіресе,тәжіктер мен өзбектерде аналық рудың, зороастризмнің сарқыншақтарының сақталуына да мән беруге тырыстық.

7. ХІХ ғ. Орталық Азия халықтары және қазақтар таза дәстүрлі қоғамда өмір сүрмесе де, өз ғұрыптарын біршама сақтауға жағдай болған еді. Ал ХХ ғ. бірінші жартысында Қазан төңкерісі, Кеңестік саяси-идеология әсерінен олардың отбасылық ғұрпында біршама өзгерістер болды. Бұл өзгерістердің деңгейі Орталық Азия – Қазақстанның барлық халықтарында бірдей болмады. Өзбек, тәжіктердің, түркімендердің, жартылай қарақалпақтардың өмір-тұрмысының, әсіресе отбасылық өмірінің бұйығы, томаға-тұйық болуына байланысты, оларда көптеген діни салт-ғұрыптар, ырым-жоралғылар жақсы сақталды. Кеңес заманында әсіресе қазақтар мен қырғыздардың отбасылық әдет-ғұрыптары көбірек өзгеріске ұшырады.

8. Орталық Азияның қарастырып отырған халықтарының отбасылық әдет-ғұрыптары мен салт-саналарын өзінің мәдениет құраушы, анықтаушы негізгі белгілері жағынан мынадай төрт топқа бөлуге болады деп есептейміз: қыпшақтық, шағатайлық, оғыздық, үнді-ирандық топтар. Кейбір әдет-ғұрыптар аралас топтық сипатта, мысалы, қыпшақ-шағатайлық, қыпшақ-оғыздық, оғыз-шағатайлық, түркі-ирандық.

9. Сонымен қатар аймақ халықтарының әдет-ғұрыптары өзінің шығу негіздері, пайдаланылатын атрибуттары, ғұрыптардың мән-мағынасы, ішкі идеологиясы бойынша, бір жағынан, көшпелі, жартылай көшпелі малшы халықтар ғұрыптары болып, екінші жағынан, отырықшы-егінші халықтар дәстүрі болып бөлінеді. Регион халықтарын мұндай мәдени-шаруашылық жіктерге бөлу бұрыннан бар. Біздің жаңалығымыз, осы пікірді отбасылық әдет-ғұрыптар негізінде бекіте түсуімізде.



Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет