Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет2/15
Дата08.12.2016
өлшемі2,94 Mb.
#3441
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

II

Қазақ халқының тарихи даму жолында оның осал да әрі нәзік және талмалы бірнеше қилы кезеңдері бар. Олар туралы әлі күнге дейін толық және түбегейлі, ең бастысы — ақиқатқа сай әділетті тұжырымдар айтылған жоқ. Бір халықтың жан дауысы тамаққа тығылып, қоғамдық даму сатысында тығырыққа тіреліп, қай жолды таңдарын білмей, арпалысқа түскен шағында булығып барып жасаған іс-әрекетін, тағдырлы жанталасын әлеуметтік пікірді қалыптастыратын және оны бағыттап отыратын саясат идеологтары да, оларға қалыптасқан жағдайды жан-жақты талдап, тарихи тұрғыдан түсіндіріп баға беретін жәдігерлер де бұл құбылыстың байыбын толық аша алмай келді. Барғысы да келмеді. Біреулер қара бояу жағып, қарғыс жаудырды. Екінші топтағылар оны ақтап, шаң жуытпады. Үшінші біреулер ықылассыздық танытты. Соның салдарынан «ақ таңдақтар» мен «қара дақтар» пайда болды. Кеңес өкіметі тұсындағы сондай қатерлі де қауіпті, тарихшылардың маңына жуымай айнала қашатын тақырыптарының бірі —«Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің саяси әлеуметтік бағыты, мемлекеттік құрылымы, оның дүниеге келуінің объективтік және субъективтік себептері туралы зерттеулердің жоқтығы болды.

Сонымен, 1917 жылы ақпанда орыс халқын және өзінің боданынағы барша аз ұлтты қанды шеңгелінде ұстаған монархия құлады. Орнына Уақытша үкімет келді. Шет аймақтарды былай қойғанда, Россияның өз ішінде хаос пайда болды. Революциялық қозғалыс күшейді. Керенскийдің әмірі бір жерде жүріп, бір жерде жүрмеді. Сондай бейуақ күйге қазақ даласы да түсті. Ел ішінде әрі-сәрі жағдай орнады. Анархиялық, стихиялық қақтығыстар күшейді. Биліксіз елге не істеу керек? Қазақтың революцияға дейінгі қалыптасқан ұлттық-буржуазиялық интеллигенциясы бүкіл қазақтық саяси партия құру мәселесін көтерді. Бұл сол кездегі тарихи жағдайда бірден-бір қажетті шара еді. Тіпті самодержавие тұсындағы Түркістан өлкелік генерал губернаторы Куропаткин барлық уездік, қалалық мекемелерге мынадай бұйрық берді:

«Бірінші -— елді мекендердегі тұрғындарды жиып, 12-15 адамның мөлшерінде кеңес сайлансын. Екінші — қоғамдық кәсіптік советтер құрылсын. Үшінші - жаңа сайлайған өкімет полицияны, әкімшілік мекемелерді алмастырсын. Төртінші — тыңшылар мен жандармерияның ісі тоқтатылсын. Бесінші — жаңа өкіметтің жарлығы шыққанша бұрынғы әкімдер орнында қалсын».

Ал, тек қазақтардан тұратын аудандар не істеуі керек? Олар да земствоға өз өкілдерін ұсынды. Жеке кеңес шақыру қажеттігі туды. Оны ұйымдастыруды 1905 жылдан кадет партиясының мүшесі Әлихан Бөкейханов Уақытша үкіметтің өкілі ретінде тізгінді қолына алды. 1917 жылы сәуірде Оралда қазақ кеңесі етіп, Ахмет Байтұрсынов сөз сөйлеп, халықтың қазіргі ұстанатын бағыты, ақпан революциясының саясаты туралы түсініктеме айтты. Съездің төрағалығына Мемлекеттік Думаның мүшесі Алпысбай Құлманов сайланды. Саяси партия құру мәселесі қозғалды. Ал 1917 жылы тамыз айында бүкілқазақ Құрылтайы ашылып, партияның аты «Алаш» деп аталды. (Бұл құрылтайға қазақ өкілдері түгел жиналмай, асығыс өткізілгендіктен, нақты шешімдер қабылдай алмады. Сондықтан біз оған тоқталмаймыз.—авт.). Қазан революциясынан кейін 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында ұйымдық-саяси мәселе қараған II съезі Орынбор қаласында өтті. Оған Түркістан уәлаятындағы қазақ облыстарынан басқаларының барлығы да өкіл сайлады. Сондай-ақ съезге башқұрттан Ахмет Заки Валиди, ШУРО-ның өкілі прапорщик Баширов, “Янги Вакыть” газетінің редакторы Фатих Каримов, Орынбор муфтиі Барудит қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, телеграммалар оқылды. Құрылтай атына келіп түскен хаттар мен телеграммадағы көрсетілген төтенше оқиғаларды, шағымдарды талқылай келіп, мынадай шешім қабылдады.



1. Өзара партиялық (сайлау) бақталастықтарды жойып, бірігу туралы Үндеу жазу. Оны Міржақып пен Ахметке жүктеді.

2. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі жазалау отрядының зардаптарынан аштыққа ұшырап, қатын-балаларын ұнға айырбастап (бір пұт ұн 125 сом) жүрген босқындарға және Хиуадағы тоналған қазақтарға көмек көрсету үшін әрбір адамнан 1 сомнан садақа жиып, оны мұқтаждарға жолдауды жүктеді.

3. Ашыққандарға Ақмоладан астық жеткізу үшін Қарқаралы, Ақмола, Атбасар, Көкшетау және Петропавл уездерінің қазақтары Әулиеата, Пішпек уездерінің қазақтарына жалақысына келісе отырып түйелерін беру сұралды.

4. Түркістан автономиялы уәлаятынан Жизақ уезіндегі анархиялық бассыздықтарды тоқтатуды талап етті.

5. Құрылтай жиналысына қатысу үшін Сырдария облысынан бір адамды сайласын деп телеграмма соқты.

6. Түркістан автономиялы өкіметімен келісе отырып, біртұтас қазақ-автономиясына кіру туралы өтініштерінің қанағаттандырылуын қостады.

7. Түркістан автономиясына құттықтау телеграммасын жолдауға және Орынбор мүфтиінің тілегіне рақмет білдіруге келісті.

Осындай уағдаластықтан кейін Құрылтайдың күн тәртібі бойынша: «1. Сібір, Түркістан автономиясы мен Оңтүстік — Шығыс Одағымен арадағы қарым-қатынасты анықтау. 2. Қазақ облыстарының автономиясын құру. 3. Милиция. 4. Ұлттық кеңес. 5. Оқу. 6.Ұлттық қор. 7. Мүфтият. 8. Халық соты. 9. Ауылды басқару. 10. Азық-түлік қоры» - жөніндегі мәселелерді талқылады. Ә. Бөкейханов баяндама жасаған алғашқы төрт мәселе - Қазақ автономиясы, милиция мен Ұлттық кеңесті құру туралы пікірлерді тұжырымдап, ұсыныс енгізу үшін 7 адамнан тұратын комиссия құрылды. Ең бір көкейкесті мұқтаждық — оқу жөніндегі Дулатовтың баяндамасы тыңдалып, бір ауыздан мынадай қаулы алынды: (Біз орысша толық протоколынан аударып беріп отырмыз).



«Бастауыш және орта білім беретін қазақ мектептеріне арналып қазақша оқулықтар құрастыру үшін 5 адамнан алқа құрылсын, комиссияға өзіне қажетті адамдады шақыруға право берілсін. Алқа Орталық ұлттық кеңес орналасқан жерде жұмыс істесін. Алқа мүшелері оқулықтардан басқа: а) Ұлттық мектептерге арналған программа жасау, б) Мұғалімдерге жетекшілік ету, в) Балалар тәрбиесі туралы кітап шығару, г) Барлық қазақ мектептеріндегі халыққа білім беру жүйесінің тәртібін белгілеу, д) Қазақ тілінің жазу үлгісін реттеу, е) Пайдалы кітаптар мен кітапшаларды қазақ тіліне аудару — мәселесімен де шұғылданады.

Комиссия іске 1918 жылдың басында кірісуі керек және ең алдымен өздерінің іс-жоспарын газетке жариялауы керек. Комиссия өз ісіне кіріскеннен кейін, алты айда көпшілік алдында баспасөз арқылы есеп беріп отыруға міндетті. Жариялануға ұсынылған кітаптардың данасын (тиражын), сонымен қатар, қажетті кітапты басып шығаруға кететін қаржының мөлшерін комиссияның өзі анықтайды. Комиссия белгілеген ақшаның мөлшері шұғыл түрде облыстық земствоның комиссиясына жіберіледі немесе бұл сома ұлттық қордан бөлінеді. Комиссияның құрамында жоқ, бөгде адам құрастырған оқулықтар - комиссия құптап, рұқсат еткен соң ғана мектепте пайдаланылуға жіберіледі. Сонымен қатар, комиссияда мақұлдаған оқулықтарды сол комиссия автормен келісе отырып халықтың меншігі деп жариялайды. Егер де, басқа адамның оқулығын жаратпаған жағдайда, комиссия мәжілісінде талқыланған кезде, ол адам сол жиналысқа шешуші дауыс-пен қатысады. Комиссияның алғашқы жылдары құрастырған оқулықтары халықтық меншік, ал 3 жыл өткен соң автордың меншігі болып саналады. Программада көрсетілген жұмыстарды атқарып біткен соң, комиссия есеп береді, ал қарауындағы кітаптар мен ақшаны казақтарды басқару жөніндегі басқарманын нұсқауымен тиісті мекемеге өткізеді. Комиссияның 1918 жылға арналған кіріс-шығысы төмендегідей мөлшерде бекітілсін: комиссияның бес мүшесінің әрқайсысының айлық жалақысы - 800 сом, кеңсе жалдау үшін жылына - 4.800 сом; комиссияның қажетті жүмыспен шұғылдануына - жылына 1.800 сом, әр түрлі материалдарды сатып алуға жылына 6000 сом, кеңсе шығынына жылына - 2.400 сом. Бұл қаржыны әр облыстағы жан басының санына қарай төмендегі тәртіптен бөлінсін:
Сырдария облысы — 13.050 сом.

Жетісу облысы — 8.700 сом.

Семей облысы — 8.700 сом.

Орал облысы (Маңғыш-

лақпен қосылып) — 7.250 сом.

Ақмола облысы — 5.800 сом.

Торғай облысы — 5.800 сом.

Ферғана облысы — 4.350 сом.

Бөкей ордасы — 3.100 сом.

Самарқан облысы — 1.450 сом.
Жоғарыда көрсетілген 58.200 сомның жартысын облыстық земстволар қаңтар айында «Алашордаға» табыс етуі тиіс».

«Алашорданың» оқу ісін ұйымдастыру шаралары М. Дулатовтың қатысуымем жүзеге асты. Ал оқу құралдары жөніндегі комиссияның төрағасы Ахмет Байтұрсынов болды. Оқу жөніндегі программасындағы қаралған жайлар — қазақ халқының әбден ығырын шығарып, көкейінде қоздап, енді шешпесе — елдіктен айырылып, рухани мұқтаждыққа ұрынатындай халге душар еткен іс болатын. Бұл арада ұлтшылдық, пантюркистік, панисламистік, контрреволюциялық пиғыл болды, немесе жұртты алдау үшін арзан саясатқа барды, басқа халықтың мүддесіне қайшы келді деп айта алмайсыз. Қандай да бір мемлекеттік құрылыстың қазақ еліне жаны ашыса, оның ең бірінші қолға алатын міндеті осы болатын. Совет өкіметі тұсында сол мұқтаждықты — оқу-ағарту халық комиссары Байтұрсынов атқарып, қазақ тілінің грамматикасы мен фонетикасы, синтаксисі мен этимологиясы туралы тұңғыш оқу құралын жазды. Түп сөз, түбір сөзден — құрмалас сөйлемге, зат есімнен — одағайға, бастауыштан — пысықтауышқа, шылаудан — тасымалға дейінгі терминдердің авторы даАхмет Байтұрсынов болды. Соның барлығы 1913 —1928 жылға дейінгі аралықта жүзеге асты.

Ал, енді осы да контрреволюциялық, ұлтшыл әрекет пе еді? Жоқ. Ұлттық мақтаныш болатын.

(Оқу комиссиясына мүше боп Мағжан Жұмабаев, Елдес Омаров, Биахмет Сәрсенов, Телжан Шонанов бекітілді. Бұл төртеуі де тіл, әдебиет саласына тиісінше үлес қосты, Байтұрсыновпен бірігіп «Тіл құралын» жазды. 1929 жылы, Шонановтан басқасы, Ахметпен бірге түрмеге қамалды. Ал, Телжанның бұл тізімге кірмей қалуының (Ол 1937 жылы ұсталды) себебі: ол 1924 - 1928 жылдардағы араб-латын алфавиті туралы пікірталаста Байтұрсыновқа қарсы шықты. Мұны, әрине, ОГПУ-дің тергеушілері де, Голощекин де «өздерінше» бағалады. Бірақ Т.Шонанов көзқарас қайшылықтарына қарамастан, Ахметті ұстаз тұтып, ол туралы көлемді кітапша жазды).

Құрылтайдың қатты қадағалап, қарама-қайшы пікірлер айтылып, ұзақ талқылаған мәселесі — автономия, милиция, кеңес қақында өтті. Орынбордағы қазақ әскерінің өкілі Меньшин автономияны қолдай отырып, анархиядан құтылу үшін Оңтүстік Шығыс Одағына қосылуды; М.Шоқаев қазақ пен қырғыздар бір автономия құрап, Түркістан автономиясының құрамына кіруді ұсынды. Халел Ғаббасов баяндама жасады. Онда:Қазан айына дейін халықтың сеніміне ие боп, билеп келген Уақытша өкімет құлады. Россия мемлекеті үкіметтен айырылды. Белгілі үкіметке бағынбай әркім өзінше билік етсе, азамат соғысының тұтанып кетуі мүмкін. Анархия толқыны бүкіл мемлекетті, үлкен қалаларды да, кіші ауылды да жайлап барады. Ол қазақтар тұратын облыстарға да тарап, халықтьың өмірі мен дүние мүлкіне қауіп-қатер төндірді. Олар қорғансыз қалды. Тығырықтан шығудың жолы -— қазақ болыстары түел мойындайтындай мықты үкімет құру керек, деген пікір қозғалды. Съезд (құрылтай) бір ауыздан мынадай қаулы қабылды:

1. Шығу тегі ортақ, мәдениеті ортақ; тарихы мен тілі ортақ, тұрғындарының басым көпшілігі қазақтар болып саналатын аймақтардың – Бөкей ордасының, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстарының, Ферғана, Самарқанд, Амудария, Закаспий облыстарындағы қазақ уездерінің, Алтай губерниясындағы аралас қоныстанған қазақ болыстарының негізінде ұлттық-территориялық автономия құрылсын.



II. Қазақ облыстары «Алаш» автономиясы деп аталсын.

III. «Алаш» автономиялық облысының территориясының бар байлығы — жер, суы; және жер астындағы қазба кеніштері —«Алаштың» меншігі боп табылады.

IV. «Алаш» автономиясының Конституциясы Бүкіл россиялық құрылтай кеңесінде бекітіледі.

V. Қазақтардың арасында тұратын барлық ұлттардың азшылық мүддесін қорғауға кепілдік беріледі. «Алаш» автономиясының барлық мекемелеріндегі қызметке әр ұлттың өкілдері салыстырмалы түрде тең дәрежеде орналастырылады. «Алаш» территориясының көлемінде жер-сусыз қалған ұлттарға территориялық және мәдени дербестік беріледі.

VI. «Алашқа» қарасты облыстарда анархиялық жаппай бүлдіру етек алмас үшін, құрамы жиырма бес адамнан тұратын Халықтық кеңесі құрылсын» ондағы 10 орын орыстарға және қазақ арасында тұратын өзге ұлттарға берілсін. «Алашорданың» уақытша мекені - Семей қаласы болсын. «Алашорда» қазақ елінің бүкіл әкімшілік өкіметін шұғыл түрде өз қолына алсын.

VII. «Алашорда» тез арада халық милициясын құруға міндеттенеді.

VIII. «Алашорда» таяу арада Бүкілроссиялық құрылтай жиналысының сайлау құрылымына сүйене отырып, “Алаш” автономиясының құрылтай мәжілісін шақыруға міндетті.

ІХ. Съезд «Алашордаға»:

1. Заимға келісім-шарт жасауға,

2. Көрші автономиялармен жалпы бағыт туралы келісім жүргізуге өкілеттілік береді. Ал келісім-шарттың қорытындысын “Алаштың” құрылтай мәжілісіне ұсынады.

X. Халық кеңесі өздері жасаған «Алаш» автономиясының конституциясының жобасын «Алаштың» құрылтай мәжілісіне ұсынуы міндетті».

Міне, «Алаштың» саяси-әлеуметтік құрылымы осындай. Жобаны жасаған - Ә.Бөкейханов. Құрылтай делегаттары «Алаш» автономиясын жариялайтын уақытты анықтауға келгенде қақ жарылды. Орал, Сырдария, Бөкей ордасының өкілдері — осы құрылтайда автономия жариялауды талап етті. Екінші топ — Түркістан өлкесіндегі қазақтардың, қазақ даласында мекендейтін өзге ұлттардың пікірлерін біліп, келісімге келген соң барып халық кеңесінің алқасы Автономия жариялауды ұсынды. Делегаттардың жікке бөліну қаупі туғаннан кейін сьезд: «Бүкілқазақтық «Алашорда» Халық кеңесі бір айдың ішінде Түркістандағы барлық қазақтардың «Алаш» автономиясына қосылу, қосылмау мүмкіндігін анықтасын. Егер Түркістан қазақтары қосылса да, не бас тартса да бір айдан соң “Алаш” автономиясын ресми түрде жарияласын» - деген шешімді бір ауыздан мақұлдады.

Бұл деректерге түсініктеме беріп, таратып талдауды саяси ғылымдарды, заңды зерттейтін ғалымдардың, тарихшылардың еншісіне қалдырамыз. Тек, «Алаш»—партияның, «Алашорда»— құрылтай жиналысының Халықтық кеңесінің - Президиумының аты болғандығын ескерте кетеміз. Екеуі-екі басқа ұғым. Алаш автономиясы - қазақ автономиясының баламасы. Зады, ол кездегі ресми іс-қағаздарында қазақ-киргиз деп жазылып жүргендіктен де, Қырғыз автономиясы — деген атаудан бойларын аулақ салып, халқымыздың сонау VIII-XIV ғасырдан бергі «еліміз — алаш, керегеміз — ағаш» деп қолданып келе жатқан символдық атын пайдаланған.

Құрылтайда қаралған үшінші үлкен мәселе — халық милициясын құру туралы. Баяндамашы — Халел Ғаббасов. Онда: мемлекет қазір басынан үлкен күйзелістерді кешіріп отыр: жаппай құлдырау мен анархия өріс алып, кісі өлімі көбейді. Бұл анархияның зардабы қазақ облыстарына тарау қаупі төнді. Қалыптасқан төтенше жағдайға - арпалысқан аиархияға қазақ халқы енжар қарай алмайды. Бұл анархия қазақ облыстарында бұрқ ете қалса, ешқандай қорғанышы жоқ қазақ халқының мүлдем құрып кетуі мүмкін. Сондықтан да аласұрып, төніп келе жатқан амархиядан ел-жұртты аман сақтау үшін, халық жасағын кұру керектігі жайлы ұсыныс білдірілді. Съезд шешім қабылдады.



«Қаулы: Төмендегі ережелерге сәйкес шұғыл түрде халық жасағы (милиция) құрылсын:

I. Милиция қатарына жасы 20 мен 35-тің арасындағы, қызметке жарамды ер адамдар қабылданады.

II. Милиция қатарына өзі ерік білдіргендер алынады, ал белгілі мөлшердегі санға ерік білдірушілердің саны жетпегсн жағдайда, онда кімнің қызмет етуі жеребе арқылы шешіледі.

ІІІ. Өз еркімен немесе жеребе арқылы қызметке алынған милиционерлерге ұлттық фондының есебінен жалақы беріледі, ал жалақының көлемін жергілікті жағдайдың ерекшелігін ескере отырып жергілікті ұйымдардың өзі, не милиция мекемесінің меңгерушісі төлейді.

IV. Әр облысқа белгіленген милиционерлердің санын облыстар уездерге, уездер болыстар мен ауылдарға бөледі.

V. Облыстық мекемелердің уездерге белгіленген мөлшердегі милициялардың толықтай жиналуына уезд мекемелері жауапты.

VI. Жеребе бойынша милиция қатарына алынған адам өзінің орнына 20—35 жастағы басқа біреуді жіберуге қақысы бар.

VII. Егер де жеребе бір үйдегі бірнеше адамға қатар түскен жағдайда олардың біреуі ғана алынады. Жасақтардың семья және басқа да жағдайына байланысты жеңілдік жасауға жергілікті мекемелер міндетті.

VIII. Алғашқы кезде әрбір ауылдағы қауымдар өздерінен алынған милиционерлерді атпен, ер-тұрманмен және киіммен қамтамасыз етуі тиіс.

IX. Жасақтарға қажетті мылтық, оқ-дәрі мен қылыштар “Алашорданың” ұлттық қорының есебінен сатып алынып, жер-жерге бөлініп беріледі.

X. Милиционерлерді жаттықтыру үшін офицерлер мен инструкторлар — 100 милиционерге 1 офицерден, 50 милиционерге 1 инструктордан келетіндей мөлшерде қабылданады.

XI. Офицер кадрларын даярлау үшін өзі тілек білдірген адамдар Орынбордағы казак-юнкер училищесіне орналастырылады.

XII. Бөкей, Орал, Торғай, Ақмола, Семей және Жетісу облыстары бойынша жалпы милиционердің саны 13.500 болуы керек, ал облыстар бойынша былай бөлінді: Бөкей—1000, Орал —2000, Торғай — 3.000, Ақмола -— 4.000, Семей -— 1.500 және Жетісу — 2.000...»

«Алашорданың» конституциялық программасында армия ұстау және оған қаражат бөлу жағы қарастырылмаған. Милициялар әр болыс, уезд, облыстағы тәртіп пен тыныштық сақтау, анархиялық кимылдардан қорғану мақсатында құрылған. Бірақ та милицияны ұстауға бөлінген қаржы түгел жиналмаған, жасақтың сандары да көздеген мөлшерге жетпеген.

Бұдан кейінгі қаралған азық-түлік қақындағы қабылданған қарарда:

«1. Жергілікті жердегі азық-түлік ісін земстволар шұғыл түрде өз қолына алсын. 2. Әр облыстағы астықтың мөлшерін анықтау қазақ облыстарындағы, сол сияқты сырттан сатып алынатын астықты тең бөлу — «Алашорданың» Халық кеңесінің міндеті. 3. “Алашорда” аштыққа ұшыраған қазақтарға арналып сатып алынған астықты азық-түлік комитеттері конфискелемеуі үшін тиісті шаралар қолдануға міндетті» - деп шешім қабылданды.

Мүфтият туралы мәселе қашан Орынбордағы ислам діні басқармасымен біріккен жоба жасалғанша күн тәртібінен алынып тасталды. Оның орнына: «Халық билері қол қусы-рып бос отыр және ешқандай беделдері жоқ, ал оның «есесіне қазақ даласындағы барымта күн сайын асқынып барады. Сондықтан да бүкілказақстандық Халық кеңесі барымтамен күресу үшін таяу арада оларды жауапқа тарту жөніндегі Уақытша ережені жедел түрде дайындауды міндетіне алды.

Съездің мәжілісі 1917 жылдың 13 декабрі күні аяқталды.

«Алашорданың» құрылтайында қабылданған программалық шараларының басты-бастылары, міне, осылар. Егер таза ұйымдастыру мәселесіне тоқталсақ: «Алашорда» Халық кеңесінің мүшелесі — 15, мүшелікке кандидат — 15 адам болды. Кеңестің төрағалығына — көпшілік дауыспен Әлихан Бөкейханов (ол — 40, Бақыткерей Құлманов, — 19, Айдархан Тұрлыбаев 20 дауыс алды) сайланды.

“Алашорданың» қазақ халқының қоғамдық өміріндегі орны, оның революция жылдарындағы саяси бағыты, іс-әрекеттері — арнайы зерттеуді, байыпты тұжырымды қажет етеді. Қалай дегенмен де қаралауды емес, ғылыми саралауды күтеді.

Аласапыраны мол азамат соғысы жылдарында тарих сақнасына шыққан «Алашорда» үкіметі:


ретінде 1919 жылдың 24 шілдесінде Ахмет Байтұрсыновқа Лениннің қолымен:

«Халық Комиссарлар Советінің 1919 жылғы 24 шілде күнгі мәжілісі қаулы етеді: Ахмет Байтұрсынов жолдас қазақ өлкесін басқаратын Әскери-Революциялық комитеттің мүшесі боп бекітілсім.

Халық Комиссарлар Советінің председателі

Совет секретары» деген мандат береді. (ЦГАОР СССР. 130 — қор, 3 тізім, сақталу — 378. 53-парвқ).

Ал, 1920 жылы 15 сәуірде қазақ өлкелік Әскери-Революциялық комитетінің органы «Известия Киргизского края” газетінде Ахмет Байтұрсыновтың «Ашық хаты» басылды. Хаттың алдына әскери-революциялық комитеттің атынан «В.М.Т»-ның (Түсіндірменің авторының нақ есімін таба алмадық - авт.) түсінігі берілді. Біз сол кездегі әскери-саяси жағдайдан, большевиктердің “Алашорда” қайраткерлеріне ұстанған бағытынан хабардар ету үшін түсінікті де, ашық хатты да толық келтіреміз.


«Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!»

«Известия Киргизского края».

16. Бейсембі. 15 сәуір. 1920 ж.



Қазақ Өлкелік Әскери-Революциялық комитеттің органы.

Күн сайын шығады. Ред. адр. Конт. Оренб. Совет № 10.

Ерікті халықтардың еркін одағы жасасын!

Ж. Ахмет Байтұрсыновтың мәлімдемесі
Біз төменде Қазақ өлкелік Ревкомының және Бүкілроссиялық Орталық Атқару комитетінің мүшесі Ахмет Байтұрсыновтың Россия Коммунистік партиясына мүше боп кіруі туралы өтінішін жариялап отырмыз.

Ж(олдас) Ахмет Байтұрсыновты мұқым дала біледі. Өз халқының көсемі, қазақ халқының аса ірі қоғам қайраткері және әдебиетшісі болған бұл есім әрбір қазаққа жақсы таныс.

Соңғы ондаған жылдардың ішіндегі қазақ халқының қоғамдық ойының дамуындағы барлық саяси қозғалыс Байтұрсыновтың есімімен тікелей байланысты. Ол бейбіт ұлтшыл либерализмнен бастап Октябрь революциясы мен Совет өкіметін тануға дейінгі саяси-дамудың сатысының бәрінен де өтті. Ол ұзақ толқудан және өзімен өзі күресуден кейін қазақ ұлтшылдығын тастап, халықаралық коммунизм жағына шықты.

Бұл біздің партиямыздың аса ірі жеңісі және қазақ арасындағы біздің ықпалымыздың үздік үлгісі. Совет өкіметі қазақтардың арасына күштеп енгізілуде, бұл арада коммунизм мен социализмге мүлде орын жоқ- деп сендіретін адамдар да болды, әлі де бар. Біз үнемі қазақтардың оны мойындауға дайындығы әлсіз деп ойлап келдік, бірақ та, оларды құрып кетуден құтқаратын бірден бір жол Совет өкіметі екені туралы біздің көзқарасымыздың дұрыстығына біздің партиямыздың ықпалының өсіп келе жатқанына және қазақтар арасындағы коммунизмнің күн сайын қанат жайып келе жатқанына — оның аса ірі идеялық қарсыластарының бірінің өз жолынан тайып, біздің қатарымызға кіруі ең үлкен дәлел бола алады.

Бір кездегі қазақ ұлтшылдарына құбыжық боп көрінетін большевиктер партиясына Байтұрсыновтың ашықтан ашық кіруі — қазақтардың мұқым ұлтшылдық қозғалысындағы ірі бетбұрысты байқататын, қазақ халқының ғасырлар бойғы тоналу мен езгіден құтылатын жолы — ұлтшылдықта, өз ошағының, күйбеңін күйттеуде емес, керісінше коммуниітік партияның туы астында күресіп жүрген пролетариатпен толықтай сіңісіп кетуде екендігін түсінгендігінің озық үлгісі.

Әрбір қазақ Байтұрсыновтың хатындағы әр сөзді ынта қойып оқысын, Байтұрсыновтың коммунистер туралы пікірін әрбір қазақ, тіпті жауларымыздың бізді халықтың көзіне тонаушы, зорлықшы және бұзақы ретінде суреттеуіне сеніп, әлі де үрейлене қарайтын көптеген басқа қазақтар да білсін.

Коммунист-большевиктерге Байтұрсыновтың да дәл осылай қарап, олардан қорқып, Совет өкіметіне ашық қарсы шыққан кезі болған. Бірақ та көп ұзамай өз халқы үшін іздеген шындықты, бостандық пен әділеттілікті Колчак пен орыс буржуазиясынан таба алмайтынына оның көзі жетті, шындық Совет өкіметінде екенін көріп, өзі де сол жаққа шықты. Бұл арада ол коммунистермен жақын танысып, біліс болды және өзінің жазғанындай езілген халыққа толық бостандықты тек коммуниетер ғана бере алатынына іс жүзінде иланды. Міне, енді ол қазақтың еңбекші халқын осы партияның программасының туы астында біріктіру үшін коммунистік партияның қатарына өтті.

Қазақ коммунистерінің қатары тағы да бір аса ірі күрескермен толықты. Бұл - толқып жүргендерге, бәрінен де бұрын, қазақ халқының арасындағы коммунистік ықпалдың күшеюін халыққа қатер төнді деп есептейтіндерге үлгі болуы тиіс. Біз өз жауларымыздың көзін тек күшпен ғана жоймаймыз, керісінше, идеямыз арқылы көбірек жаулап аламыз. Байтұрсынов ж. Коммунистік партияның қатарына кіруі, оның қазақ арасындағы үлкен идеялық жеңісі болып табылады.

В. М. Т»

Шындыққа жүгінсек, Революцияға бұдан артық көмектің керегі де жоқ еді.

«Бүкіл қазақ даласының көсемі» - революцияның ең бір жанкешті кезеңіңде, әр түрлі саяси және қарулы күштер Совет өкіметін анталай қоршап тұрғанда және қазақ даласы Колчактың, Анненковтың, Дутовтың, Семеновтың қанды шеңгелінде жатқан тұста қабылданған шешім еді. Бұл —ұзақ жылдар бойы қалыптасқан саяси-әлеуметтік платформасын да, өзіне сенген ел-жұрттың да тағдырын тезге салу болатын.

Міне, сондай тығырыққа тірелген тұста Ахмет өзінің таңдауын ашық жариялады.



Арпалысқан дүниедегі барлық саяси ағымды, әлеуметтік тартысты, әскери жағдайды қыр елі толық түсінбеді және олардың түпкі мақсаттары да беймәлім-тін. Сондықтан да қазақ халқының анархиялық күштердің арасында арандап қалу қаупі туды. Он алтыншы жылғы самодержавиелік жазалау саясатынан қатты зардап шеккен ел үшін дәл сол кезеңде дұрыс жолды табудың өмірлік мәні бар-тын. Бірі — Колчактың, бірі — Анненковтың, бірі — Дутовтьң қолындағы көкпарға айналып бара жатқанын аңғарып, Ахмет Байтұрсынов олардың бетін Революцияға бұрды. Рулық тартыстың да қасіретін қыршын күнінен тартып өскен ол, «нағыз еңбек демократиясын» әлеуметтік теңдікке жетудің жолы деп ұқты және оны ашық мойындады.

«Орынбор Р.К.П (большевиктер) комитетіне. Ғасырлар бойғы қанауда болған қазақ халқын азат етудің жолдарын ұзақ уақыт іздестіре келіп, мен төмендегідей шешім қабылдадым:

1. Адамзаттың барлық езгіге ұшыраған бөлігімен, яғни әлемдік революциямен, әлемдік федерациямен бірге азаттық алғанда ғана, қазақ халқы бақытқа бөленеді.

2. Оны — өзінің алдына таптар мен ұлттарды толықтай азат етуді мақсат етіп қойған, ішінара ісімен де жүзеге асырып жатқан большевиктердің интернационалдық коммунистік партиясынан басқа ешкім де істей алмайды.

3. Нағыз еңбек демократиясына жетудің қажетті сатысы — адамзаттың еңбекші табының яғни пролетариаттар мен орташа пролетариаттардың саяси және экономикалық толық билігі мағынасындағы диктатурасы болып табылады.

4. Бір ғана жағдайда, егер де адамзаттың еңбекші табының ұйымдасқан аса үлкен тобы саналы түрде қолдаса ғана, бұл диктатура орнығады және барлық адамзаттың мүддесі үшін қызмет істей алады, сондықтан да осы программаның туы астына қазақ халқының да бірігуі қажет.

5. Р.К.П.-ның ұлттық қарым-қатынастар саласындағы программасын, сондай-ақ Ұлттардың бөлінуі туралы дискуссияның қорытындысындағы жолдас Лениинің ұлттардың бөлінуіне көзқарасын және Шығыс халықтарының арасындағы жұмыс туралы айтылған Р.К.П. Орталық Комитеттің тактикалық тұжырымдарын дұрыс қолданып, оны жүзеге асырса, езілген ұлт ретіндегі қазақ халқының мүддесін толық қанағаттандырады.

Жоғарыдағы айтқан пікіріме сәйкес, мен Россия коммунистік большевиктер партиясы қатарына кіруге, оның жалпы программасын жүзеге асыруға, ішінара шығыс мәселелеріне іспен көмектесуге бекіндім, сондықтан да комитеттен мені Р.К.П. мүшелігіне қабылдауды өтінемін.

Ахмет Байтұрсынов

4 сәуір. 1920 жыл”
Саяси қайраткер үшін бұдан артық революцияны қорғаудың және оны мойындай отырып, революция мүддесін жүзеге асырудың сара жолы жоқ. Жай ғана қызыл сөз емсс, саяси көзқарасының өзгеруін революцияның программасының мақсатына толық қосылғандығымен түсіндіреді және ол шешімнің оңайшылықпен орындалмайтынын, сол үшін күресетінін де ашық айтады. «…Лениннің ұлттардың бөлінуіне көзқарасын және Шығыс халықтарының арасындағы жұмыс туралы айтылған Р.К.П. Орталық комитетінің тактикалық тұжырымдарын дұрыс қолданып, оны жүзеге асырса ғана, езілген ұлт ретіндегі қазақ халқының мүддесін қанағаттандыратынын» ерекше ескертеді.

Осы сөздің астарында үлкен саяси астар жатыр. “Езілген ұлт ретіндегі мүддесі” — деуі арқылы самодержавиенің отаршылдық саясатының кесірінен қасақана жасалған және экономикадағы, мәдениет, оқу саласындағы, тұрмыс-тіршіліктегі артта қалған кемшіліктер мен кемсітушілікті, тіпті қоғамдық формациядағы өзгешелікті, психологиялық айырмашылықты ескертіп отыр. Соның барлығы ескеріліп «дұрыс қолданса» ғана, қазақ халқының бақыты ашылатынына сенеді. Сол сеніммен Коммунистік партияның мүшелігіне өтеді.

Өкінішке орай, Ахмет Байтұрсыновтың бұл айтқан қаупі Леиин кайтыс болған соң, шындыққа айнала бастады. Сталин мемлекеттік басқару кемесінің бағытын бірте-бірте өзгертіп, өз ырқына көшірді. Тек қана ұлт жөніндегі саясат өзгеріп қоймады, ашық сын пікірлері үшін адамдар қудалауға ұшырады. Партияның ішінде жік басталды. Оның соңы үлкен қасірітке ұласты. Қазақстандағы алғашқы тұзақ — Ахмет Байтұрсынов бастатқан қайраткерлерге түсті. Оларға ашықтан ашық жала жабылды. Әйтпесе, 1920 жылы сәуірде жоғарыдағыдай ашық хат жазған А. Байтұрсыновтың араға бір жыл салмай жатып, 1921 жылы астыртын контрреволюциялық ұйым құруы мүмкін емес-тін.

Себебі: Ахмет Байтұрсынов саясаттағы жолбике емес. Ол — байыпты ойдың, терең тұжырымның, көзқарасы тұрақты саяси тұлға болатын.

Сол үшін жанталасқан азаматтың саналы ізденісі жолындағы саяси күресі Революцияға әкеп тіреді. Лениннің қабылдауыңда әлденеше рет болып, автономиялы қазақ республикасының түңғыш халық ағарту қомиссары міндетін атқарды. Оның ақыл-парасатын, ғылыми даналығын, азаматтық қасиеттерін толық ашып, арман-мақсатын жүзеге асырған «Әліппені», “Оқу құралын”, “Тіл құралын”, “Әдебиет танытқышын”, “Қазақ мәдениетінің тарихын” жазып, жарыққа шығарған тұсы да осы 1920-1927 жылдардың арасы еді.

Амал қанша, ондай бақытты ғұмыр ұзаққа созылмады.

Отаршыл самодержавиенің бұғауынан, «Алаштағы» арпалысты күндердің құрсауынан, Колчак пен Анненковтың аранынан аман шыққан Ахмет Байтұрсынов өзі еркімен қабылдаған Совет өкіметінің «жауы» боп шыға келді. Революция көсемінің өсиеттерін бұрмалаған Голощекин сияқты Сталиннің қолжаулықтарына қарсы тұрды.

Міне, Ахмет Байтұрсыновтың және оған қоса 74 адамның 1927-1930 жылдары арасында түрмеге қамалуыньң түпкі тарихы — осындай. Енді «Алашорда» ісіне» қайта оралайық

ІІІ.
«Ұлы құрбандықты» дайындау рәсiмi баспасөздегі Голощекиннің қоқан-лоққысымен шектелiп қалған жоқ. Тiмiскi тыңшылар да iске қосылды. Қалайда жазаға тартудың айла-шарғысы қарастырылып, түрлi арандатуларды ұйымдастырды. Бұл ретте қисынды-қисынсыз әрекеттердiң бәрi де мақұлданды. Идеологиялық тұрғыдан «Ұлы құрбандықтың» барлық алғы шарттары жасалып бiттi. Ендi соны қылмыспен ұштастыру харакетi ғана қалды. «Кiшi Октябрь» идеясының жер, тәркi, мәдениет, әдебиет, оқу ағарту, саласындағы бағдары «Алаш» қайраткерлерiнiң көзi тiрi тұрғанда жүзеге оңайшылықпен аспайтынын бiлген әрi 500 байды тәркiлеу тұсындағы ел iшiндегi наразылықтың назатын басқа жаққа аудару үшiн Голощекин ОГПУ-дiң ерекше саяси басқармасының тыңшылары мен „сексоттарын” (жасырын тыңшы, яғни, салпаңқұлақ) іске қосты.

1927 – 1929 жылдардың арасында өзiндiк пiкiрi бар қазақ қызметкерлерiнiң барлығына «ұлтшыл» деген айып тағылып, сыпыра жұмыстан қуылды. Олардың әрбiр қадамы бақылауға алынып, соңдарына ерген «салпанқұлақтардың” есебi Iшкi iстер халық комиссариятының Мемлекеттік саяси басқармасының ерекше бөлiмiнiң тартпасына жинақтала бердi. Мұның өзi, жандармерияның тыңшылық айла-амалы мен арандатушылық қитұрқысын әккiлiкпен меңгерген Голощекиннiң қазымыр басшылығының нәтижесiнде өте тыңғылықты түрде жүзеге асты. Патша жандармериясының қулық-сұмдығына жетiк, қашып-пысып жүрiп әбден тасыстанып алған Голощекин ұлтжанды қайраткердiң соңына «жансыздарды» салып қойды.

„Алашорда” үкіметі мен „Алаш” партиясы қайраткерлерінің үстінен қылмысты іс қозғау үшін тергеу орындары ұзақ әрі тыңғылықты дайындалды. Әсіресе, 1927 жылы Голощекиннің Қазақстандағы жер реформасын жүргізу науқанына Әлихан Бөкейханов қатты соққы беріп, Мәскеудің өзінде қабылдатпай тастағаннан кейін аңду күшейді. Өйткені жер жөнiнде алаш көсемi Әлихан Бөкейхановтан асқан бiлiмдi маман сол кездегi кеңес өкiметiнiң мемлекет басында да жоқ болатын.

Патшалық Ресейдiң ең беделдi ғалымдары мен әскери барлаушыларынан, отарлау жүйесiнiң идеологтары мен теоретиктерiнен құралған академик Щербинаның экспедициясының құрамында он жыл бойы зерттеу жүргiзген Әлихан Бөкейханов ел мен жер жөнiндегi мәселенiң астарын бүге–шiгесiне дейiн бiлетiн. Жер мен қоныстану туралы қарарлар 1922 және 1925 жылдары аса құпия түрде дайындалды әрі дәл сол кезде Әлихан Бөкейхановты Мәскеуде мырзақамақта ұстаған болатын. Соған қарамастан патша мен большевиктердiң жазалау және тыңшылық мекемелерiнiң әдiс-тәсiлдерiн барынша жетiк меңгерген Әлихан Бөкейхановтың араласуының және ақыл-кеңесінің нәтижесінде: патшалық Ресей тұсында 1914 жылы, ал кеңес өкіметі тұсында 1927 жылы атқарылуға тиісті „тың көтеру науқаны”, яғни, Ресейден алғашында 360 мың қарашекпенді Қазақстанға әкеп, „коллективтендіру” деген желеумен жер бөліп беру туралы жасырын жоспар жүзеге аспай қалды.

Мұның өзі ұлт көсеміне одақтық бедел әкелді.

Сонымен қатар Қазақстандағы жер нормасын белгілеу мен мен артық жерді анықтау мақсатында Әлихан Бөкейхановтың 1926 жылы С.Ф. Барановпен, С.И.Руденкомен бiрiгiп Атырау өңiрiнде жүргізген ғылыми экспедицияның қорытындысы «Қазақтар. Антропологиялық зерттеулер» деген атпен Ленинград қаласында 1927 жылы жеке кітап болып басылып шығып, өзінің пікірін ғылыми тұрғыдан көпшілікке жария етті. Енді одақтас республикалардың барлық өкілдері ашықтан-ашық қолдап отырған Ә.Бөкейхановты қалайда ауыздықтау қажеттігі туды. Өйткені кеңес өкіметінің „коммунистік-колонизаторлық” ұлт саясаты мен „артық жерге қоныстандыру” науқанын жүргізу Ә.Бөкейханов тұрғанда үлкен кедергіге ұшырайтыны сөзсіз еді. Сондықтан да Мәскеудің де, Қазақстанның да тергеушілері оның соңынан қатаң бақылау қойды. Ә.Бөкейхановқа Қазақстанға келуге тиым салынды. Оны қамаққа алу үшін алдын-ала сұрақ-жауап жүргізген түрме тергеушiлерiне:



«Е, тағы да жер мәселесi туралы заң шығарғалы жатыр екенсiңдер ғой. Бұдан бұрын да екi рет Халық комиссариаты жер мен жерге қоныстандыру туралы шешiм шығарардың алдында менi абақтыға қамап едi. Бiрақта аз ұлттардың өкiлдерiнiң, оның iшiнде Украина мен Грузия өкiлдерiнiң талап етуiмен Бутыркадан бiрден Кремльдiң төрiне шығарып едi. Жер мен қоныстандыру туралы Халық комиссарлар кеңесiнiң қаулысы орыстандыру туралы қаулы екенiн дәлелдеп бергенiммен де, шешiм қабылданбай қалып едi. Өйткенi бұл қаулыны дайындағандар менiң патша заманында-ақ айтысып үйренген Николай патшаның орысшыл «қаражүздi» ғалымдары едi. Швецов сияқты әдiл ғұламалардың тұжырымы бұл iске тартылмапты. Ол жолы Бутыркадан шығарса да Мәскеуден кетуге рұхсат етпеп едi. Әй, бұл жолы қайта шығара қоймассыңдар, қабақтарың қабарып кетiптi», - деген мазмұнда жауап берді.
Қанша түнерсе де тергеушiлер түрмеге бұл жолы да Әлихан Бөкейхановты жаба алмады.

1927 жылы шілде айының 15 күні алаш қайраткері Елдес Омаров ол кісіні Ресей мен Қостанай облысының шекарасындағы РСФСР-ға қарасты Бозан хуторына демалып қайтуды ұсынады. Саяси қыспақтың құрсауы бүрiп бара жатқанын сезген Әлихан Бөкейханұлы туған өлкесiн соңғы рет көрiп қайтуға келiсiм бередi. Бұл кезде тыңшылар да оның артына мықтап түскен едi. Демалыстан қайтқан соң Елдес Омаров тұтқынға алынады. Сөйтіп, „Алашорда қайраткерлерінің қарулы көтеріліс ұйымдастыру арқылы кеңес өкіметін құлату үшін құрған контрреволюциялық астыртын құпия ұйымды әшкерелеу ісінің” тергеуі осылай басталды. Ескерте кетеріміз, әуелде Ә.Бөкейхановты тұтқындауға ұмтылған тергеушілер, ол ойларын жүзеге асыра алмаған соң, тергеуді уақытша тоқтата тұруға мәжбүр болған. Сол жылы желтоқсан айында Д.Әділовтің ұсталуымен тергеу қайта жалғасқанда, уақыты жағынан ілгері болса да, “Елдес Омаровты және т.б. айыптау ісі» ІІ том ретінде қоса тіркелген.

Елдес Омаров - 1892 жылы туған, туған жерi – Қостанай округінің Тобол болысында туған, тұрған жерi – Ташкент, қазақ, Торғайдағы ІІ кластық орыс-қазақ мектебiн (училище) үздiк бiтiрген. Ақпан төңкерiсiне дейiн мұғалiмдiк еткен және окрукгтiк сотта тәржiмашы болған, «Алашордада» қызмет iстеген, Ташкенттегi Қазақ педагогикалық оқу орынының ұстазы, бiлiмi – орташа, бойдақ.Саяси көзқарасы – ұлтшыл, «Алаш» партиясының мүшесi, «Алашорданың» оқу комиссиясының мүшесi, «Алашорданың» Қостанайдағы қазақ полкiнiң саяси жетекшiсi болған. Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың сенімді әрi ең жақын серiгi. Педагог, публицист, аудармашы, лингвист. Мақалаларын орыс тiлiнде жазған. «О сочетании казахской звуки», «Ахмет Байтурсунов – ученый - лингвист», «Қазақ тiлiнiң жаттығулар жиағының», орта мектепке арналған геометрия, физика оқулықтарының авторы. Заман ағымы, зәру мәселе, халық басындағы мұң, мектеб, оқу жайы жөнiнде және әр түрлi ғылыми кiтаптарға рецензиялар жазған.

« Қазан айының 13 күнi, 1927 жыл, жауап алған Логачев.



...1927 жылы шiлде айының 15 күнi, мен – Омаров, қазақ оқу ағарту комиссариатының тапсыруымен өлкелiк музейдiң шаруасымен Орынборға бардым. Орынборда мен заң комиссариатының мүшесi Сейдазым Қадырбаевпен жолықтым. Ол: Орынбор уезiндегi Бөртi ауданында демалып қайту туралы ұсынысымды Әлихан Бөкейханов қостамады, маған хат арқылы бас тартып, жауап жазды, - дедi. Бөкейхановтың Қадырбаевқа жазған хатын өз көзiммен оқыдым. Маған – Омаровқа, Мәскеудегi ГПУ – дiң тергеу жүргiзуiне байланысты Әлихан Бөкейхановқа Қазақстанның шекарасына кiруге рұхсат етiлмейтiнi туралы хабар таныс болатын, оны Қызылордада да естiгенмiн. Мен Орынборда жүрiп, Әлихан Бөкейхановты бұрынғы Челябi уезiне қарасты Златоусть округiнiң Бозан хуторына демалып қайтуға шақырдым. Бозан хуторында отыздан астам қазақ үйi тұратын, оның барлығын бала кезiмнен бiлетiнмiн. Егерде Бозан хуторына демалуға келiсiм берген жағдайда маған Қызылордаға жеделхатпен хабар берiңiз деп Бөкейхановқа өтiнiш еттiм. Орынбордан Қызылордаға қайтып келгеннен кейiн оқу ағарту комиссариаты арқылы Бөкейхановтан мен айтқан жерге демалуға келiсiм бергенi туралы жеделхат алдым. Екi күннен кейiн Златоусть округiнiң Бозан хуторына жүрiп кеттiм, 1 тамыз күнi сонда келдiм. Бөкейханов әлi келмептi. Келесi күнi Қостанай округiнде демалып жүрген Нұрымов Ғаббас маған келдi. Оған осында келу туралы жеделхат жолдаған екен. 11 немесе 12 тамыз күнi Әлихан Бөкейханов келдi. Алғашында ол 2 тамыз күнi келемiн деген болатын, кейiннен 8 тамызға дейiн кешiгетiнi туралы жеделхат жолдады, соңынан 9 тамыз күнi Мәскеуден шыққанын хабарлады. Бөкейханов, Омаров, Нұрымов үшеумiз бiрге болған кезде, бiрiншi аталған адам бiзге жерге орналастырудың барысы туралы мағлұмат бердi. Ол бiзге өзiнiң ертерек келе алмағандығының себебiн айтты.

Сөйтсек: жер жөнiндегi халық комиссариатының жұмыс комиссиясы – бұдан Қазақстандағы жер бөлiсiнiң мөлшерiн анықтайтын комиссияның жобасын талқылауға қатысу үшiн мұның Мәскеуде қала тұруын өтiнiптi. «Мәскеуде аялдай тұрыңыз», - деп Бөкейхановқа кiм өтiнiш бiлдiрдi, онда қандай өкiлдiкпен қатысты, ол жағын Бөкейханов маған айтқан жоқ. Ең әуелi РСФСР–дiң Жер жөнiндегi комиссариатының жер бөлiсi туралы шешiмi оқылыпты, оны сол Жер жөнiндегi халық комиссариатының бiр қызметкерi баяндап берiптi. Олар бекiткен жер бөлу мөлшерi негiзсiз деп табылып, қабылданбай тасталыпты. Бұл жер бөлу мөлшерiн қорғап сөйлегендер, аты есiмде қалмапты, профессор Верещагин дегеннiң беделiне сүйенiптi. Жер бөлудiң бұл мөлшерiне Бөкейханов қарсы сөйлептi, ол: бұлардың сүйенiп, қорғап отырған беделдi профессоры патшаның тұсында келiмсектер басқармасында iстегенiн, онда орыс дворяндарының мүддесiн қорғағандығын әшкерелептi. Бұл профессорыңыз 1913 не 1914 жылы Мемлекеттiк думаның төрағасы Варун (? – анық танылмады – авт.) мырза арқылы Торғай мен Қостанай уезiнiң аралығындағы жердi қаратып алу туралы жарлық шығартты», - дептi.

Өзiнiң сөзiнде профессор Верещагин жер туралы мәселенiң тонын терiс айналдырып: «Тула губерниясының мұжықтары жерiнiң аздығынан және жерiнiң жоқтығынан қасiрет шегiп отыр. Ал оның есесiне Қазақстандағы бос жатқан жерде есеп жоқ», - деген көрiнедi. Бөкейханов оның уәжiне қарсы сөйлеп: «Бұл профессор бұрын ғой орыс помещиктерiнiң мүддесiн көздеп қазақтардың жерiн тартып алып, оны орыс помещиктерiне берiп едi. Егерде Тула мұжықтарына жер керек болса, онда бiз қазақтар, мына сияқты профессордың көмегiнсiз-ақ, олардың өзiмен тiкелей сөйлесемiз» - дептi.

Бөкейхановтың пiкiрi бойынша, РСФСР–дiң Жер комиссариатының кесiмi бойынша жер кесiмi әдейi аз мөлшерде белгiленiптi, сөйтiп Қазақстанда басы артық жер бар дегендi дәлелдемек болыпты. Бұл кесiм – болашақта Қазақстанды отарлау үшiн пайдалануға жол ашады, - деп есептейдi Бөкейханов». Бұл - қазақ халқының мүддесiне қарсы бағытталған әрект. Бұл мәселенi қозғап отырғандар РСФСР –дiң Жер комиссариатының маңына топтасқан орыс мамандары. Егерде орыс мамандарының ықпалымен жасалған жер келiсiмi жөнiндегi жоспарды РСФСР-дiң Жер комиссариаты өмiрге енгiзетiн болса, онда бұл Қазақстанға қаратыла отарлау саясатын жүргiзу болып табылады. Осылай деп күйiнген Бөкейханов: «РСФСР-дiң Жер комиссариатының дәл қазiргi орыс мамандарының жетегiнде кеткендiгi өте қауiптi саясат, олар бұрынғы отарлаушылар болатын, бұл бағыт Қазақстанның сөзсiз отарлануына алып келедi», - дедi. Отаршылдықпен күресудiң қандай бiр әдiс-тәсiлiн Бөкейханов маған да, Нұрымовқа да айтқан жоқ. Ол: профессор Швецов белгiлеген Қазақстанның жер жөнiндегi комиссариатының жер кесiмi мөлшерi бекiтiлуi керек, РСФСР-дiң комиссариатындағы орыс мамандарының әрекетiне қарсы қолданылатын бірден-бiр саясат сол дедi. Бөкейхановтың пiкiрi бойынша, Қазақстанда басы артық жер жоқ. Бұл пiкiрдi, мен – Омаров та, қостаймын.

Мен – Омаров, Қостанайға қайтып келгеннен кейiн, Қостанай округтiк жер басқармасының бастығы Көшербаевтан Швецов белгiлеген қазақ жер комиссаритының жер кесiмi туралы ұсынысын белгiсiз себептермен Мәскеудiң бекiтпегенiн естiдiм.

Мен – Омаров, қазақ халқының өмiр сүру тәсiлiне байланысты жердi пайдалануға таптық принцип тұрғысынан қарауды мүлдем қисынсыз деп есептеймiн (ІІ том, 63-бет). Өзiнiң шыққан әлеуметтiк-таптық тегiне қарамастан, қазақ халқының барлық түтін иесі өз жерiн емiн-еркiн пайдалануы тиiс. Әрине, жер ең алдымен кедейлерге бөлiнiп берiлуi керек дегендi қостаймын. Кедейлерге жер бөлiнiп берiлген соң солармен тең дәрежеде және бiрдей мөлшерде бай қазақтарды да жермен қамтамсыз ету қажет. Жердi түтiн санына қарап емес, жан басына қарай бөлiп берсе, әдiл болар едi деп ойлаймын.

Хаттама маған таныстырылды және менiң айтқан сөздерiм дұрыс жазылды, сол үшiн қолымды қойдым – Омаров. (қолы).

Тергеу жүргiзген – Л. Логачев».
«Алашорда» көсемдерiнiң арасындағы «сүйкiмдi серi» атанған Елдес Омаровтың ерiксiз жазылған жоғарыдағы „естелігі” Әлихан Нұрмұхамедұлының көзқарасы мен жандүниесiн тереңiрек түсiнуге мүмкiндiк бередi. Сондай-ақ дүлейлi дауылдың алдындағы қатерлi кезеңде де өз араларындағы құрмет пен силасымдылықтың жойылмағанын, қайта қадiрi арта түскенiн аңдатады. «Өзiнiң шыққан әлеуметтiк-таптық тегiне қарамастан, қазақ халқының барлық түтiн иесi өз жерiн емiн-еркiн пайдалануы тиiс» - деген талаптың түпкi астарында: қазақ жерi - қазақтардың ұлттық меншiгi деген үлкен мағына бар едi. Бұл ретте қазақ азаматтары бiр пiкiрде болды. Жалау Мыңбаев, Нығымет Нұрмақов, Кәрiм Тоқтабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов iспеттi үкiмет басында отырған қайраткерлер толықтай Әлихан Бөкейхановтың пiкiрiн қостады. Iштей қостап қана қоймай, мемлекеттiк ресми дәрежеде ат салысты, қайрат көрсеттi. Олардың түпкiлiктi пiкiрi Елдес Омаровтың мына куәлігінен анық байқалады. Онда:

«Қазақстанда ешқандай басы артық жер жоқ, сондықтан да елiмiздiң еуропалық бөлiгіндегi губернияларынан қоныстанушыларды көшiрiп әкелу туралы әңгiме болуы мүмкiн емес. Төңкерiске дейiн де, төңкерiстен кейiн де Қазақстанға қоныстанған орыс тұрғындары жергiлiктi халыққа жер бөлiнiп берiлгеннен кейiн, оның ыңғайына қарап, ең соңынан барып жерге орналастырылуы керек. Егерде жергiлiктi қазақ халқының талабын қанағаттандыру үшiн қажет болса, онда орыс тұрғындарын Қазақстаннан көшiрiп жiберу қажет.

Өзбек пен Түрiкмен республикасы СССР–дiң құрамына кiрген жағдай да ғана Қазақстан СССР–дiң құрамына өз еркiмен ғана қосылуы тиiс және қазақ республикасының маңызын сақтап қалу керек. Менiң ойымша, қазақтың мүддесi тұрғысынан алғанда барлық қазақ коммунистерi тура бiздер – ұлтшылдар сияқты ойлайды деп сенемiн. Мәселен: Қазақстандағы Жерге қоныстандыру саясаты туралы мәселе жөнiндегi бiздiң – ұлтшылдардың пiкiрiн қазақ коммунистерi толықтай қостайды. Олардың нақты атын айтып, тiзiмдеп бере алмаймын, тек жалпылама топшылауым солай. Айтпақшы, мен – Омаров, жер бөлiсi жөнiнде халық комиссары Тоқтыбаев Кәрiммен сөйлестiм, сонда ол: Швецов жасаған жер бөлу жоспарын Мәскеу бекiтпедi, сондықтан да Қазақстанның коммунистерi, оның iшiнде мен де бұл ұсынысты бекiтуге күш салуымыз керек - дедi», - деп жазылған.
Елдес Омаровтың 1927 жылғы 20 қазан күнгi, яғни Әлихан Бөкейхановпен бiрге демалып, Қызылордаға қайтып оралғаннан кейiнгi жүргiзiлген тергеу iсiндегi жауабында сол тұстағы қазақ зиялыларының арасындағы саяси қарым-қатынас қысқа әрi түсiнiктi баяндалған. Бұл кез – Смағұл Сәдуақасовтың Голощекинмен ашық майданға шығып, тура шабуылға көшкен кезi-тiн. Ұлттық бағыттағы қайраткерлердiң жiк арасын Елдес Омаров өз көзқарасы арқылы былай сипаттайды:

«Қазақ коммунистерiнiң арасында екi топтың барлығы маған белгiлi. Олардың бiреуiне – Сәдуақасов Смағұл, бұрынғы Жер жөнiндегi комиссар Сұлтанбеков, Мыңбаев және Жандосов тағы басқалар басшылық етедi. Екiншi топтың жетекшiлерi: Халық комиссарлар кеңесiнiң төрағасы Нұрмақов, Тоқтыбаев Кәрiм, Тоғжанов тағы басқалары. Бiрiншi топ – ұлтшылдардың қатарына жатады, екiншiсi де бiрiншiден пәлендей айырмасы жоқ. Аталған екi топтың арасындағы алауыздық тек мәнсап бөлiсуден және жеке бастарының араздығынан туындаса керек. Өйткенi қазақ халықының мүддесiн қорғау кезiнде, мысалы жерге орналастыру мәселесi жөнiндегi тартыс кезiнде екi топ та бiрiгiп кеттi. Қазақтың партияда жоқ зиялылары ана топқа да, мына топқа да iш тартады. Мәселен, мен – Омаров, Сәдуақасовтың тобын жақтаймын. Ал Ғаббасов Халел мен Ермеков Әлiмқан Нұрмақовты қостайды. Менiң ойымша, қазақ қызметкерлерiнiң арасындағы жiкшiлдiк тек партиялық тәртіп тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар қазақ халықының мүддесi тұрғысынан алғанда да үлкен зиян келтiредi. Топтасу өшпендiлiктi туғызады, күштi ыдыратады. Ал ауылдағы таптық жiктеуге келсек, оны мен – Омаров, дәл қазiргi уақытта мойындаймын және оған оң көзбен қараймын. Таптық тартыс, әсіресе шабындық пен егiндiк жердi бөлiскенде айқын байқалады. «Алашордашылар», оның iшiнде мен – Омаров, қазақ халқының таптық жiктеуiне қарсы болдық. Себебi бiз: қазақ халқының көпшiлiк бөлiгi байларға байлаулы болғандықтан онымен ашық күресе алмады, байдың ықпалындағы кедей өзiнiң үкiмiн ауқаттыларға қарсы жүргiзе алмады деп ойладық», - деп түсiнiктеме бердi.
Елдес Омаровтың жауабындағы айтылған жайлар тiмiскi тергеушiлерге берiлген қарабайыр түсiнiктеменiң қатарына жатпайды. Ал бұл – саяси көзқарастың тұжырымы. Голощекиннiң арандатушы әрекетiне саналы түрде қарсы шыққан қайраткерлердiң iс-қимылының бағдарламасы. Елдес Омаров олардың аты-жөнiн айту арқылы тергеушiлерге «жем» тауып берiп отырған жоқ. Бұлардың саяси бағыт-бағдары анық, өз пiкiрлерiн түрлi мемлекеттiк және партиялық жиналыстарда ашық айтып, еркiн талқылауға ұсынған күрес жоспары болатын.

Тергеу ісіне жеке басқа қатысты хаттарда тіркелген және ол хат пен оны тапсырушы адам туралы тәптіштеп тұрып түсінік алған..



«15 қазан. 1927 жыл. Қызылорда.

Қосымша тергеу кезінде азамат Елдес Осаров мынаны айтты:

12 қазан күні менің үйімді тінту кезінде алынған және қазір маған көрсетіліп отырған, соңына “Эльза” деп қол қойылған бұл Қызылордадағы Қаражат халық комиссариатының қызметкері Александр Александрович Вертанің әйелі Эльза Адамовна Верта маған – Омаровқа арнап жазған. Эльза Адамовна Вертаның хаты менің тікелей өзіме 1927 жылдың шілде айының орта кезінде, Жер жөніндегі қазақ халық комиссары Жағыпар Сұлтанбеков Қызылордадан Мәскеуге бара жатқан сапарында маған табыс етті. Мен Сұлтанбековті Орынбор қаласының вокзалында күтіп алдым. Өзінің жолға шыққаны туралы маған жедел хат арқылы хабарлаған еді. Мен, Омаров, мынаны мәлімдеймін, мен Қызылорда да жүрген кезімде Мәскеуге бірге барамыз деп Сұлтанбековпен келіскеміз. Мен, Омаров, Мәскеуге көңіл көтеру үшін және керекті зат сатып алу үшін бармақшы едім. Эльза Адамовна Верта Сұлтанбековті сол жылдың наурыз не көкек айында менің пәтерімде, мен – Омаров, таныстырған едім. Ол кезде Эльза Адамовна Ташкент қаласындағы менің пәтерімде екеуіміз бірге тұратынбыз. Ал Эльза Адамовнамен 1921 жылдан бері таныс” – екендігін айтады.
Бұдан кейін өзінің Жағыпар Сұлтанбековпен бұрын Қостанайда Өлкелік Жер басқармасында бірге істегенін, екеуінің сол кезде танысқанын баяндайды. Сұрақ-жауаптың бәрі Жер мәселесі жөнінде өрбіген. Одан әрі қарай қайтадан әлгі хаттың жайына ауысады. Себебі, хаттың ішіндегі арифметикалық формуланың өзі тергеушілерге шпиондық шифр ретінде көрінген:

Мен онымен 1927 жылы Қызылордада қалалық бақшада кездесіп, қалдым, содан кейін мен – Омаров Сұлтанбековпен бірге шәйханада тамақтандық. Біздің жанымызда, Жер жөніндегі халық комиссариатының бұрынғы комиссары, Жетісу губерниясының төрағасы Әлімбеков, Ішкі істер халық комиссарыиатының бұрынғы (комиссары-?) Есқараев, Сауда жөніндегі халық комиссариатының комиссия мүшесі Төлепов Мирасбек, тағы да басқа адамдар болды, оларды ұмытып қалыппын. Сұлтанбековпен екінші рет тағы да бақшада кешке жақын тамақтанып отырған кезде кездестім. Біз бастапқыда – Омаров, Міржақып Дулатов және Халел Ғаббасов үшеуіміз тамақтанып отырғамыз, оған кейіннен Сұлтанбеков пен Ақаев Серікбай қосылды. Сол отырыста Сұлтанбековпен келісіп, Мәскеуге бірге барайық, сен шығарыңда маған Орынборға жедалхат сал деп уағдаластық. Эльза Адамовна Верта тек мен – Омаров арқылы танысқан менің мынадай жақсы достарымды: Дулатов Міржақыпты, Нұрымов Ғаббасты, Шонанов Телжанды, Қадырбаев Сеидазымды, Байтұрсынов Ахметті, Ермеков Әлімханды, Жүргенов Темірбекті, Жолдыбаев Молдағалиды, Қадырбаев Әбдірахманды, Ташкенттегі Қазақ мұғалімдер институтының үлгілі оқу мектебінің оқу бөлімінің меңгерушісі Юсупов Ахамет – Сафаны, Орта Азия Мемлекеттік универсиетінің Шығыс факультетінің доценті Файзолла Ғалымжановты және Ташкенттегі Қазақ Мұғалімдер институтының оқу бөлімінің меңгерушісі Михайл Сменинді біледі.



1927 жылы маусым /июнь/ айының соңында, мен – Омаров, ташкенттен Қызылордаға кетіп бара жатқан Эльза Адамовна арқылы Міржақып Дулатовқа хат беріп жібергем, онда мен математикалық формулалардың белгіленуі жөніндегі мәселе туралы Ахмет Байтұрсыновпен сөйлесіп бер деп өтініш еттім. Ол хатты Эльза Адамовна өз қолымен табыс етті ме, жоқ па, оны анық білмеймін. /Әлгі тергеушілердің шифр деп жүргені осы - авт./ Әйтеуір Дулатов хатты алғаны рас. Байтұрсыновты мен кейін вокзалда кездестірдім. Мен келген поезбен Кавказға, демалуға кетіп бара жатыр екен. Байтұрсыновпен мен тек қана математикалық формуланың атауы жөнінде ғана сөйлесіп үлгердім. Бөкейханов Әлихан Мәскеуге Шығыс Халықтарының Орталық баспасында істейді, қандай қызметте екенін анық айта алмаймын. 1927 жылдың тамыз не қыркүйек айына дейін онымен бірге Мәскеу қаласында өзінің қызы, бұрынғы Оқу – ағарту комиссары Сұмағұл Сәдуақасовтың әйелі – Елизовета /қазақша аты – Ләйлә/ Әлиханқызы бірге тұрды. Қызы қазір дәрігерлік факульетті бітіргенен кейін күйеуі Сәдуақасовтың тұрақты жұмыс орыны орналасқан Ташкент қаласында тұрады, ол кеткеннен соң Бөкейханов Әлиханның жағдайы болыңқырамай, әсіресе ас әзірлеу жағынан күйзеліңкіреп кетті. Мен – Омаров, өзімнің Қызылордадағы таныстарым арқылы оның ішінде Жер жөніндегі комиссар Сұлтанбеков, Халел Ғаббасов, Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Нұрмақов пен Оқу – ағарту комиссары Тоқтыбаев арқылы Бөкейхановты Қызылорда қаласына ауыстырып алып, Жер жөніндегі комиссариатқа, не Мемлекеттік жоспарлау мекемесіне, немесе Қызықстанның Есептеу Орталығы басқармасына тұрақты қызметке орналастыруды ойластырдым. Менің тұтқынға алынуыма байланысты Оқу – ағарту комиссары Тоқтыбаевтан басқа жоғарыдағы аты аталғандардың ешқайсысымен сөйлесудің реті келмеді. Соңғы адаммен осы жылдың қазан айында /Тоқтыбаевпен – авт./ мен Қостанайдан Ташкентке қайтып бара жатқан жолымда жолықтым. Тоқтыбаев Бөкейхановтың Қызылордаға ауысуына көмектесуге уәде берді. Менің айтарым, бұл жөнінде мен – Омаров, Бөкейхановпен арнайы сөйлескемін жоқ, сондықтан оның қандай пікірде екенін білмеймін.

Менің жауабым өзіме оқып берілді және сөздерім дұрыс жазылған.

Елмас Омаров /Қалы/

Тергеуші – Логачев».
Мұнда ерекше назарға алынғаны: а).Бөкейхановты Қазақстанға шақыртуға ниет білдіруі – алаш қайраткерлерінің басын бір жерге қосып, астыртын ұйым құруға ұмтылыс ретінде бкағаланған. ә). Арифметика мен физика пәндерінің терминдерінің авторы Е.Омаровтың А.Байтұрсыновқа кеңес беру үшін ұсынған математикалық формулалары – «шифрлы жазу» деп қарастырылған. Зады Міржақыпқа жолданған хатты тапсырған Эльза Адамовна Верта оны біреуге көрсеткен сияқты. Тергеушілер мұнымен де шектеліп қалмай күдіктілердің қатарын молайта берген. Сол кездегі жас геолог Қанышқа да күдік көзі түскені байқалады.

«18 қазан. 1927 жыл. Қызылорда.

Тергеуге алынған Елдес Омаров қосымша сұраққа былай деді:

Сәтбаев Қанышты мен білемін. Ол Семейдің бір губерниясынан келген, инженер. Мен онымен 1923 жылы, ол Қазақ Оқу-ағарту комиссариатының Академиялық орталығына қазақ тілінде жазылған алгебра оқулығының қолжазбасын табыс еткен кезінде таныстым. Мен академиялық орталықтың жанындағы ғылыми комиссианың хатшысы ретінде алгебра терминдерін жасау жөніндегі жұмысқа қатыстым және Сәтбаевтің қолжазбасы жөніндегі хабарламашы болдым. 1927 жылы мен Сатбаевпен еш жерде және қандайда бір жағдайда жүздескен емеспін. Мен оны соңғы рт 1926 жылы Қызылорда қаласында Дулатов Міржақыптың пәтерінде көрдім. Ташкенттегі Қазақ Мұғалімдер даярлайтын жоғары оқу орынында сабақ берді: Мен – Омаров – қазақ тілінен сабақ бердім, Досмұхамедов Халел – ректордың орынбасары, барлық шаруашылық мәселелерді сол жүргізді. Ермеков Әлімхан – математикадан дәріс оқыды әрі нақты ғылымдар мен математика факултетінің деканы міндетін атқарды”.


Бұдан әрі академияның қызметі айтылады. Бірақ та бұл жолы жоғарыда айтылғандардың ішінен Халел Ғаббасовтан басқалары тергеудің құрығына ілікпеді.

«Алаш iсi» атты бұл тергеудегi жер мен қоныстану мәселесi жөнiндегi «қылмысты қосымша дерекпен әшкерелеп бергеннің» бiрi - сауда қызметкері Мирасбек Төлепов. Бұл кiсiге Жер жөнiндегi халық комиссариятындағы басшылардың басқан iзiн бақылау тапсырылды ма, жоқ, өзі белсенділік танытты ма, әлде шайханада бірге дәм татқанын білген тергеушілер оны да бопсаға сап дегеніне иліктірде ме, белгісіз, әйтеуір сол күндері М.Төлепов жолдас «коммунистік мiндетін» уақытында әрi «абыроймен» атқарыпты. Әсiресе, жер саясаты жөнiндегi «ұлтшылдардың дұшпандық әрекетiне қабырғасы қатты қайысады” екен. Ол осы жаз айындағы жер мәселелері туралы оқиғаларға орай Әлихан Бөкейхановтың және өзге де мемлекет қайраткерлерiнiң үстiнен төмендегi мазмұнда тiкелей Голощекиннiң өзiне арыз жолдады.



«ВКП (б) – ның өлкелiк комитетiне

«ВКП (б) мүшесi М. Төлеповтен

Партиялық билет №...

ҚССР-дегi бiздiң партиямыздың алдында шешiмiн күтiп тұрған аса күрделi бiр қатар мәселелер бар. Соның iшiндегi саяси және шаруашылық маңызы ерекше зор, шиеленiскен және ең қиын мәселенiң бiрi - жер мәселесi. Бұл туралы әр түрлi көңiл-күй қалыптасып, қилы-қилы «теориялар» мен «позициялар», «көзқарастар» орын алып отыр. Әсiресе, дәл кедейлер мен еңбекшi орташалар ғана емес, тегi бiздiң партиямызға жаулықпен қарайтын бай-кулактар мен эсершiл-алашордашылардың өкiлдерi де белсендiлiк танытуда. Соған қарамастан, бiздiң кейбiр жауапты қызметтегi жолдастарымыз тек қана партияның ішкі жұмысы болып табылатын мұндай күрделi мәселенi Әлихан Бөкейханов сияқты контрреволюциялық элементтермен бiрiгiп талқылауға дейiн барып отыр, сөйтiп партия қатарындағыларға бұл адамның ықпалының күшеюiне, бiздiң елiмiздегi шешушi мәселенiң бiрi – ҚССР-дегi ұлтаралық қарым-қатынасты шиеленiстiрiп, қиындатып жiберуiне қолайлы жағдай жасалып отыр.

Өз еркiмнен тыс төмендегi партияға қарсы әрекетке куә болғандықтан да, бұл туралы Крайкомға хабарлауды партиялық борышым деп есептеймiн.

Осы жылдың шiлде айында Жер жөнiндегi халық комиссары Сұлтанбеков Қырымға кетiп бара жатып жолай Мәскеуде аялдады. Сол күнi, қонақ үйге киiм-кешегiн тастай салысымен Сұлтанбеков Әлихан Бөкейхановтың пәтерiне тұра жүгiрдi, өзiнiң ол үйге баратындығы туралы Жер жөнiндегi комиссариаттың қазақ өкiлдiгiнде тiркелген қызметкерi арқылы Алдан-ала хабарлатып қойыпты, ол Әлихан Бөкейхановтың үйiнде түн ортасына шейiн болды. Әлихан Бөкейхановпен арадағы әңгiмеден кейiн ол Төреғожин мен Төлепов жолдастарға: «Әлихан Швецовпен сөйлесемiн деп уәде бердi де өзiмiз ойлағандай етiп шешетiн болды», - деп хабарлады. Әңгiме федеральдық мекемелермен арадағы талас тудырып отырған Қазақстандағы жер кесiмi мен бөлiсi туралы едi. Менiң ойымша, партияның iшкi iсi болып табылатын мұндай күрделi мәселенi «Алашорданың» көсемiмен бiрiгiп талдау – төзуге болмайтын жай. Мұндай жағдайда, большевиктер партиясына мүлдем жат идеологияның партия мүшелерiне ықпал етуi мүмкiн, сон дай-ақ, Жер жөнiндегi комиссариат сияқты аса жауапты мекеменiң қызметкерлерi тұтастай, не жарым -жартылай аса реакцияшыл, жат пиғылдағы «Алашорда» идеологиясының шырмауында кетпесiне кiм кепiлдiк бередi, бұл бiздiң жұмысымызға тек кедергi жасайды.

Менiң ойымша, бұл мәселенi Бөкейхановпен және оның компаниясымен емес, тек қана жетекшi партия ұйымдарымен, тек қана партияның өз iшiнде талқылау арқылы ғана шешуге болады және солай ету керек.

23/Х – 27 ж. М. Төлепов».
Бөкейхановтың жеке басы үшiн бұл «партиялық хаттың» пәлендей пайда-зияны шамалы-тын. Тек халық қамын ойлаған халық комиссары Ж.Сұлтанбеков орынынан алынды және оның әрiптестерiнiң жолын қиды. М. Төлеповтiң бұл арызы «Алаш iсiнiң» індетіле тергелуіне себепкерлiк еттi. Мұндай ұтымды «айғақты» әккi Голощекин өте ұрымтал пайдаланды. Ол өзiнiң кезектi бiр мәжiлiндегi кезектi-кезексiз, керектi-керексiз сөздерiнiң бiрiнде «ақ жүрек» М. Төлеповтiң арызына сүйенiп:

«Қазақстанды қалай басқару керек екенiн, мысалы, Сұлтанбеков жолдас қасындағы бiрiншi басшы Голощекиннен емес, Мәскеудегi Әлихан Бөкейхановтан ақыл сұрады», - деп мән-жайдың тонын өзгерте баяндады.


«Қужақтың» өршелене, өрекпи, елiре сөйлеуiнiң астары түсiнiктi. Ол қалайда жер туралы заңды жүзеге асыртып, 360 мың еуропалық қоныстанушыларды жылдам көшiрiп әкелiп, қазақ ұлтының тектiк тамырын келiмсектер тұқымымен будандастырғысы келдi. Ол үшiн ең алдымен қазақ зиялыларын түрмеде тұқыртпай «iс оңға баспайтынына» көзi жеттi. Бұл жазалау саясатының ресми түрде басталу «рәсiмi» болатын. Тергеуге алынған Ә. Бөкейханов бұл оқиға жөнiнде мынадай мәләмдеме жасады:

«... Менiң жер туралы саясатқа көзқарасым мынаған келiп саяды: орыстар (қоныстанушылар) мен қазақтарға жердi тең мөлшерде бөлiп беруге болмайды, өйткенi, орыстар жердi өңдеу мәдениетiн жақсы меңгерген, сондықтан да олар үнемi қазақтардан үстем түсiп отырады, ақыр-аяғында, қазақтарды ысырып шығарады. Мiне, менiң жер мәселесi жөнiндегi «ұлтшылдық» көзқарасым осы.

Ал ендi, менi Жер жөнiндегi халық комиссариятының жер туралы iсiне араласады – мыс деген қауесетке келетiн болсақ, онда мен мынаны мәлiмдеймiн: менiң бұған ешқандай қатысым жоқ, менiң ақылымды қажетсiнiп отырған да ешкiм жоқ. Мысалы мен Голощекин жолдастың «Мәскеуге келгенде Голощекинге емес, маған жолықты» - деп Сұлтанбековтi айыптаған жаласын мойындамаймын, болған оқиғаның жайы мынадай.

Сұлтанбеков Мәскеуге республиканның Жер жөнiндегi комиссары ретiнде РСФСР-дiң Мемлекеттiк жоспарлау мекемесiне жер кесiмiнiң мөлшерiн бекiттiру үшiн келдi (1927 ж.). Ол кесiмдi мөлшердi бұдан бұрын қазақ үкiметiнiң мекемелерi бекiтiп қойған, кесiмдi жер мөлшерiн ұсынған және оны қорғап шыққан Швецов едi. Мiне, сондықтан да РСФСР –дiң мемлекеттiк жоспарлау мекемесiнде әлгi жер кесiмiнiң мөлшерiн тағы да қорғау үшiн Швецовқа өтiнiш етпек екен, сол үшiн менi iздеп келiптi, олар менiң Швецовпен ескiден келе жатқан (34 жыл!) дос екенiмдi бiлетiн, егерде мен өтiнiш етсем оның бас тартпайтынын, ал Сұлтанбековтiң өзi айтса, онда Швецовтың бас тартуы мүмкiн екендiгiн баяндады. Менiң өтiнiшiмнен кейiн, шынында да, Швецов жер кесiмiн қорғауға келiсiмiн бердi. Ал, Голощекин ғой, Сұлтанбековке айып тағып, менiмен «кеңестi» деп байбалам салды», - деп Қуажақтың өзiн мінедi.
Ә.Бөкейханов тергеушiлердiң қитұрқы арандатуларын олардың емеурiнiнен – ақ түсiнiп, мысқылмиен жауап берiп, мысын құртты. «Бұл мәселенi анау (мысалы, Сталин) жақсы бiледi» деп кеңестің өз көсемдеріне сiлтеме жасап, келесi сұрақты қойдырмай, алдын орап отырған. Тергеушiлердiң өздерi де тiксiнiп, арандап қалудан сезiктенiп, арнайы дайындықпен келген. Бiрақ та қанша жаныққанымен де «Алашордада» үкiметiнiң Төрағасы Әлихан Бөкейхановты тұтқындауға дәрменi жетпедi. Сондықтан да тергеушi Балдаев (қолы анық танылмады, сондықтан өзгеше болуы да мүмкiн – авт.) Бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың бастығыының орынбасары Альшанскийге берген есебiнде:

«Қолдағы деректердiң жеткiлiксiздiгiнен Бөкейхановты табан астында шұғыл түрде тұтқындауға мүмкiндiк болмады, сондықтанда бiз тергеу жұмысын мынандай тәсілiмен, егерде тағылған айыптауларды мойындамай, терiске шығарса оны тұтқындамай босатып жiберуге мүмкiндiк алатындай есеппен жүргiздiк», - деп жазды.


«Алашорда» үкiметiнiң Төрағасы әр сөзiн шегелеп, дәлелдеп, бұрынғы және бүгiнгi Ресей өкiметiнiң әрбiр әрекетiн қысқа ғана талдап, « Мен – „Алашорда” үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов қызылдарға қарсы болған себебiм мынау, оған кеңес өкiметiне былай қарады», - деп түйiп-түйiп айтып, тұқырта түйiндеп отырды. Әлекеңнiң мысы басқаны сондай: «Кеңес өкiметi жер мен аз ұлттар туралы қаулы шығарардың қарсаңында менi тұтқындап, ақыр соңында Бутыркадан – Кремльдiң төрiне бір-ақ шығарушы едi. Бұл жолы қайтесiңдер» - деп кекетуден де жасқанбады. Өзiн-өзi ұстай бiлген ұлт көсемiн ОГПУ – тергеушiлерi ақыры тұтқындауға бата алмады.

Айғақтары жеткіліксіз әрі дәлелсіз деген жалған желеумен Елдес Омаровты 28-31 қазан аралығында үйіне босатқан. Алд мұның басты себебі, бостандықта жүргенде кіммен кездеседі, онда қандай пікірлер қозғалады, соны білу үшін әдейі жіберілген сияқты. Тыңшылардың мәліметіне қарағанда сол күндердің ішінде оны Қадырбаев Сейдазым қонаққа шақырыпты. Қонақта болғандар: “Нұрымов Ғаббас, оның ағасы Ахмет Бузинов, Юсупов Ахмет – Сафа, қайтыс болған Бірімжанов Ахметтің әйелі – Жәкен, Байменов Ілияс, Ақбаев Жанат т.б.”(Бұл көрсетінділердің соңына қол қойылмағандықтан да пайдалана алмадық).

Алайда бұл уақытша ғана алдарқату болатын. Өйткені үш күннен кейін Е.Омаров қайта абақтыға қамалады. Елдос Омаров ұсталған 15 қазан күні «Алашорданың» көрнекті қайраткері Халел Ғаббасов та жауапқа тартылды. Бірінші тергеуде Елдес Омаровқа: а)коллективтендіру саясатына қарсы астыртын әрекет ұйымдастырды деген, екінші жолы: ә) «1921 жылы Орынбор, Ташкент қаласында контрреволюциялық ұйым құруға қатысты-мыс» деген айып тағылды. Ал Халел Ғаббасовтың тұтқындалуы Голщекиннің сол жылы күзде басталған конфискациялау науқанымен тікелей байланысты болатын.
ІҮ.
«Алашорда» үкіметінің қайраткерлеріне толықтай кешірім жасау туралы 1919 жылғы 4 сәуірдегі қаулыдан кейін Ахмет Байтұрсынов сол жылы желтоқсан айында тағы да Лениннің қабылдауында болып, қазақ ұлтының болашақ өмір сүру құқы қақында пікір алысады. Ерлердің басын қызылдардың қырғынынан арашалап алған ұлт көсемі енді елінің де талмауытты тағдырына алаңдап, оның басына төнуі мүмкін зауалдан құтқаруға ұмтылады.

«Декабрь, позднее 9, 1919 г. Ленин принимает в Кремле председателя Военно-рево-люционного комитета по управлению киргизским краем С. С. Пестковского и члена ВРК А. Байтурсунова по их просьбе: слушает доклад Пестковского о хозяйственном и политическом положении края, о трудностях в политико-просветительной работе; советует подготовить несколько хороших докладов, перевести их на казахский язык и записать на граммофонные пластинки, приобрести возможно большее количество граммофонов и разослать их вместе с пластинками по кочевьям в степи;




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет