Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!


предлагает не торопиться с политикой перераспределения скота у кочевников в пользу бедноты»



бет3/15
Дата08.12.2016
өлшемі2,94 Mb.
#3441
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15
предлагает не торопиться с политикой перераспределения скота у кочевников в пользу бедноты» (Владимир Илич Ленин. Биографическая хроника. Т. 8, с. 108.).
Хаттамада көрсетілгеніндей, сонау 1919 жылғы желтоқсанның 9 күні түнде В.И.Лениинің өзі қолдап, «көшпелілердің малын кедейлердің мүддесі үшін қайта бөлу саясатына асықпай, байыппен келу» туралы ұсынысты – Ұлы Октярьдің көсемі Ленин айтқан сын-ескертпені «кіші октябрьдің көсемі» атанудан дәмеленген Голощекин назарына ілгісі келмеді.

Осы ойларын жүзеге асыру үшін 1928 жылы күзде байлардың мал-мүлкін ортаға алып, ет пен астықтың бір қадағын да қалдырмай сыпыра жинауға нұсқау берді. Жеделдете қазақтың 500 байын тәркіленіп, „мәңгiлкке жер аударылды”, олардың қатарына „белдеудегі бұзауына дейін” тәркіленген орташа ауқаттылар қосылып, зардап шеккендердің саны төрт-бес еседен асып түстi. Исi қазақ қауымы «Кiшi Октябрдiң» «қара дауылына» түршiге қарап, шекараға жақын өлкедегiлер Шығыс Түркiстанға, Ауғанстанға, Иранға iшiнара Монголияға қарай босты. Атырау өңірі – Үстіртке, Торғай, Ырғыз тұсы – Торғай ойпатына, Сарысу, Созақ өңірі – Бетпақдалаға ойысты. Наразылық та күшейді. Қара халық Голощекин мен Ерназаровтың «аша тұяқ қалдырмай» конфискелеуiн – аштан өлумен пара-пар деп түсiндi.

Кейiн дәл солай болды да. Аз жылдан соң даланы аштық жайлап, жолдың екі жақ шетінде адамдардың сүйегі ақ сөңке боп қурап жатты.

“Кіші октябрьдің” осындай қасіретпен аяқталатынын болжап-білген азаматтардан құтылу үшін, «конфискацияға қарсы қастандықтар мен қарулы көтеріліс ұйымдастырып, науқанның өрістеуіне кесірін тигізіп, бүлдірушілік әрекеттер жасауы мүмкін» - деген қазақ зиялыларын түрмеге қамау туралы жарлық шығарды.

Халел Ғаббасов «кіші октябрьдің» халыққа әкелетін қасіретін, жеделдетілген коллективизацияның экономикалық тоқырауға, ашаршылыққа ұшырататынын алдын ала болжап отырған адам. Семей облысы Шыңғыстау ауданындағы Шаған ауылындағы туыстарына демалысқа қыдырып барған кезінде:«қарулы көтеріліс ұйымдастыру үшін қасақана сонда барды» - деген айьшпен ұсталған. Халел Ғаббасовтың өз қолымен толтырған қызметтік анкетаны толық келтіреміз. Өйткені бұл адам туралы мағлұматты ел-жұрт толық біле бермейді:

«Анкета:


Советтердің қазақ атқару комитетінің секретариаты

1. Мекеменің аты және атқаратын қызметі — Мемлекеттік Жоспарлау мекемесінің финанс-экономика секциясының меңгерушісі.

2. Әкесінің, өзінің аты-жөні — Халел Ғаббасов Ахмеджанұлы.

3. Жасы — 38-де (1888 жылы туған).

4. Ұлты— қазақ.

5. Қандай елге, қай руға жатады — руым тобықты.

6. Бұрынғы шыққан тегі мен дәрежесі —

7. Мекен-жайы (өмірінің көбін өткізген жері) – Семей губерниясы.

8. Тұрағы (қазіргі)— Қызылорда.

9. Семьялық жағдайы, өзінің қарамағына қарайтын семья мүшелері, еңбекке жарамдысы қанша, жарамсызы қанша — әйелім, балаларым бар. (Екеу — біреуі 12 жаста, екіншісі 2-де), 12 жасар інім бар.

10. Білім дәрежесі — 1915 жылы Москва университетін бітірдім.

11. Мамандығы _—

12. Қай тілде сөйлеп, жаза, оқи аласыз — орыс және қазақ тілдерінде.

13. Февраль Революциясына дейін немен шұғылдадыңыз (Егер қызмет істесеңіз — қайда және қандай қызметте болдыңыз)— Революцияға дейін Семейдегі ұсақ кредит мекемелерінде істедім.

14. Революцияға дейін меншігіңіздегі қозғалмайтын қандай байлығыңыз болды (оның қайда болғанын көрсетіңіз) – Қызметкер болдым. Қозғалмайтын байлығым (Бұл – арада — үй, завод т. Б. айтылып отыр — авт.) болған жоқ.

15. Қазіргі дүние-мүліктеріңіз — ақсақ тоқтым да жоқ.

16. Партияға қатысыңыз және қай жылдан мүшесіз – мүше емеспін.

17. Басқа партияда мүше болдыңыз ба, қанша уақыт болдыңыз және одан шығу себебініз — Жоқ.

18. Қандай да бір кәсіптік одаққа мүше болдыңыз ба және қашаннан— …... (Анық танылмады — авт.) да мүше болдым, қазір де мүшемін.

19. Империалистік соғысқа қатыстыңыз ба — Жоқ.

20. Азамат соғысына қатыстыңыз ба — Жоқ.

21. Сотталдыңыз ба — Жоқ.

22. Адресіңіз — Қызылорда, Советтер үйі, I.

23. Акт толтырылған күн— 1926 жылдың 15 марты. Қолы (ҚР Мемлекеттік архиві, 15-қор, 18-тізім, 240-іс, І парақ).


Тергеу ісінде Халел Ғаббасовқа жоғарыда көрсетілгеніндей:«қарулы көтеріліс ұйымдастыру үшін қасақана ауылына барды» дегеннен басқа айып тағылмаған. Осының өзі-ақ ОГПУ қызметкерлерінің қаншама заңсыздыққа барып, шындықты белінен басқанын көрсетеді. Оны бұдан әрі біз де қазбалап жатпаймыз.

«ҚССР Республикасының Прокурорына

Мемлекеттік Жоспарлау мекемесінің Президиум мүшесі, ғылыми қызметкер, ПП ОГПУ- дің түрмесінің №.... камерасындағы тұтқыны...

...Тергеу ісінің барысы мен оның алған бағытына қарағанда істің анық қанығына жетіп, нақты мәнісі ашылуына, менің пайымдауымша, әлі алыс, сондай-ақ, мен қазіргі емес, өткен кездегі қайраткерлерлігім үшін айыпталатын сияқтымын.

Менің өмірімнің өткен кезеңіндегі, “Алаш ордаға” байланысты қайраткерлігім мен іс-әрекетім ЦИК-тің (1919 жылғы және 20 жылғы) қаулысы арқылы кешірімге жатқан болатын. Сондықтан ол жөніндегі (менің бұрынғы кездегі) әрекеттерім менің бүгінгі күнгі қызметімді қаралау үшін алдыма көлденең тартылып отыр деп сеніммен айтуыма болады.

Мен бұған былай деп ашық мәлімдей аламын: кеңестің жауапты қызметтерінде болған соңғы 9 жылғы еңбегімнің барысында мен мемлекетке қарсы әрекет істемек түгілі, ондай пиғылы бар-ау деп күдік келтірерліктей де мінез көрсеткемін жоқ. Бұл менің өзімнің анық сенімім. Соның ішінде, маған тағылған тағылған айыпты (малды тәргілеуге кедергі жасау туралы) арам адамдардың ойлап тапқан жәдігөйлік жаласы екенін және арандатуға үзілді-кесілді қарсы екендігімді мәлімдеймін. Сондай-ақ, кейбір қазақтардың Қытайға босып кетуіне менің қатысым барлығы және айырықша бір жер саясатын жүргізуге менің атсалысқаным туралы (тергеудегі сұрақтардың астарында осындай мән бар) жайларға да берер жауабым осы.

Жаптым-жала деп маған тағылып не қасақана маған жапсырылып отырған айыптауларға байланысты мен мынаны мәлімдеймін:

1.Мен малды мәргілеу-телімдеу туралы Заң жобасын негіздеген кейбір баптарын талқылаған комиссиялардың төрағасы және хатшысы болдым. Егерде мен бұл шараның жүзеге асуына шынымен қарсы болсам, онда мен бұл жұмысқа қатысудан бас тартқан болар едім, оның үстіне, бұл мәселе Мемлекеттік жоспарлау мекемесіне ешқандай да қатысы жоқ болатын.

2.Өз ауылымда демалыста жүрген кезімде менің іштей қарсылығымды (психологиялық жағынан алғанда) туғызатындай туыстарымның ішінен тәргіге түскен ешкім болған жоқ. Байларды кедейлерден қорғап не оларға – байларға әсер етіп, басшылық жасайтындай және кедейлерді байларды әшкерелеуге кедергі жасайтындай мүмкіндік менде болған жоқ, себебі, тәргілеу менің ауылымнан 80-120 шақырымдай шалғай жерде өтіп жатты.

3.Мен ешқашанда (тіпті мен кеңеске қарсы адам болсам да) ешкімге де Қытайға кету туралы ақыл бермес едім, өйткені, мұндай босудың соңы неге әкеліп соққанын бұрынғы кездің бүліншілігі арқылы бәріміздің есімізде (1916,17,18 жылдардағы оқиғаларды еске алсақ та жеткілікті) – босқандардың барлығы да жаппай қырғынға ұшырап, талан-таражға түсті. Оның үстіне мен тұрған ауылда ондай жағдай болған емес. Жер туралы мәселемен айналысқан емеспін, ол аудан жер мәселесімен (егін салу мағнасында авт.) айналыспайды. 1922 жылдан бастап Семей губерниялық жер басқармасынан кеткеннен кейін және Мемлекеттік Жоспарлау мекемесінде істеп жүргенде де жер мәселесімен айналысудың реті келмеді, себебі мен онда сауда мен коперация жүйесі саласында жұмыс істедім.

Жоғарыдағы баяндалған жайдың мәнісіне орай және ешқандай кінәсізден кінәсіз 55 күн түрмеде отыруыма байланысты Сізден – менің тергеуімді тездетіп, менің ісімді жан-жақты және әділетті тексеруді немесе мені түрмеден босатцды өтінемін.

9/ХІІ-28 жыл».
Прокурорға жолдануға тиіс бұл арыз көк сия қарындашпен жазылған. Әрине, Халел Ғаббасовтың бұл шағымы жоғарға жолданбаған. Немесе прокурор көрсе де назарға ілмеген. Өйткені арыз істе тігулі күйінде қалған. Тергеу ісінің қорытындысының кешіктірілуіне және айыпкерге көрсетілмеуіне басты бір кілтипан, тура сол күндері, тергеушілердің жазғанына жүгінсек: а).ағылшын барлауына мәлімет беріп, олармен астыртын байланыс жасаған. ә). СССР-дің Англиямен дипломатиялық қарым-қатынасы үзілген соң, олар қырға барып, халықты қарулы көтеріліске шақырмақ болған. ә) яғни, Орта Азиядағы контрреволюциялық ұйымдармен байланыс жасауға тырысқан – деген айыппен «Алашорда» қайраткерлері туралы үшінші және ең негізгі тергеу ісі басталған болатын. Халел Ғаббасовтың ендігі жауаптары сол іске тіркелді. Әрине, бұлардың ешқайсысының мемлекетаралық саясатқа ықпалы жүрмегені өзінен-өзі түсінікті. Тек қиыннан қисындырылған қиянатты қаралау бар. «Қарулы көтерілісті «желеу етіп отырғаны — Халел Ғаббасов «Алашорданың» милиция туралы жобасын жасаған. «Мүмкін, сол кезде тығып тастаған қаруы бар шығар» деген күдікті көсеудің амалы. Демек, Англиядан жасырын жолмен қару сатьш алуға ұмтылды деуге толық “негіз” қалайтын желеу.

Бұдан кейін жоғарыдағы баяндалған жайларға барынша кеңінен тоқталып, тағылған әрбәр айыптың заңсыздығын тиянақтап тұрып ОГПдің ерекше өкілетті өкілінің өзіне түсініктеме жазған. Дәлелдерінің нақты әрі заңдық тұрғыдан сауатты жазылғандығы сондай, оған қосымша түсініктеме беріп жатудың өзі артық.



«ПП ОГПУ – дің ҚССР бойынша өкілі Воленбергке /Жеке өзіне/ №3 камерадағы тұтқын Ғаббасовтан.

Өтініш

Мен, 1928 жылдың 15 қазанынан бастап түрмеде отырмын. 1928 жылы 10 қараша күні маған – байлардың малын тәргілеу науқанына кедергі жасады – деген Қылмыстық Ереженің 58/ бабының 13 тармағы бойынша айып тағылды.

1928 жылдың 10/ХІ күні басталып, 1928 жылдың 28/ХІ күні аяқталған тергеу барысында қойылған сұрақтар негізімен менің бір кездегі, бұрынғы “Алаш орда” тұсындағы іс-әрекетіме қатысты болды, ал тергеушінің сұрақтарының арасында екі не үш тармақ қана маған тағылып отырған айыптың айналысын жалпылама қамтып: І. Малды тәргілеуге деген менің көзқарасым қандай және 2. Кооперация туралы байлармен кеңес өткіздім бе деген т.б.с. сауалдар қойылды. Осы тектес сұрақтардан басқа ешқандай нақты айғақтары жоқ. Қашан, қайда және қандай қылмас жасадым, менің қылмыстарымның нәтижесінде қандай зиян келтірілді – бұл туралы менің табанды түрде талап еткеніме қарамастан тергеушілер маған ешқандай да жауап бермеді.

Дәл осы жағдай сұрақ-жауап аяқталғаннан кейінгі бір айдан соң тағы да қайталанды, яғни, 1928 жылдың ХІІ.29 күні тергеуші маған істің аяқталғанын және оның ГПУ-дің коллегиясына тапсырылғанын хабарлады, алайда тергеу материалдары маған таныстырылған жоқ. Тегеушінің маған берген сұрақтарының барлығы да жалпылама жағдай болғандықтан, менің іс-әрекетім туралы толық мағлұмат алу үшін мен тергеушіге бірнеше адамға жолығып, пікір алуын өтіндім, оның ішінде Мемлекеттік Жоспарлау мекемесінің бұрынғы төрағасы Құлымбетов жолдастың, Халық Комиссарлар төрағасы Нұрмақов жолдастың атын атадым, өйткені менің Мемлекеттік Жоспарлау мекемесіндегі жұмыстарым олармен байлансты болды, сондықтанда олар менің жалпы саяси бағдарым мен менің жеке басым туралы толық мінездеме бере алар еді. Алайда тергеушілер бұдан да бас тартты.

Тергеушілердің ауызша айтып беруіне қарағанда (жазба түріндегі қорытындының нұсқасын көрсетумен ғана шектелді) менің негізгі айыбым – ауылды жерлерді кеңестендіруге үнемі кедергі жасап келді дегенге саяды, олар негізінен мынадай:

І. Маған Дәрігер Павлов дегеннің күнделігінен үзінді алап берді де, сондағы айтылған сөздерді – менің қазақ қызметкерлерін коммунистік партияға қарсы үгіттегенімнің, сол арқылы “тұрақты түрде арандатушылықпен шұғылданғанымның” айғағы ретінде айып қып тағыпты. 1921 жылы жазылған бұл құжатта (барлық тергеу құжаттарының ішіндегі маған көрсетілген жалғыз айғақ) мен: “біз коммунизмның қыр еліне тарауына қарсы күрескеміз-мыс” – деп айтқан көрінемін. Павловтың кепілдемесіне қарамастан мен қолымды жүрегіме қойып тұрып айтарым – мұндай жайдың ешқашанда болмағанын мәлімдеймін. Екінің бірі: не дәрігер Павлов әлдекімдермен шатастырды, не менің жадымнан мүлдем шығып кеткен болып шығады ғой. Бұл мәселені жасырудың, оның үстіне күнделікке жазылған жайды (әрине мен Павлов қастандық оймен жала жапты дей алмаймын) бүгіп қалудың ешқандайда қажеттілігі туып отырған жоқ. Мен дәл қазіргі уақытқа дейін ол адаммен таныс емес екеніме сенімдімін және сол пікірде қаламын. Маған түсініксіздігі сол, егер де ол адаммен (Павловпен) өзінің күнделігінде жазылғанындай “екі сағат бойы шай ішіп, әңгімелескен” болсам, онда оны неге жасырамын. Оның үстіне Павлов қонаққа барған Үкібаевтар 1919 жылдың жазынан бастап Семей қаласында тұрған емес, сондай-ақ, бір рет кезігіп қалған көлденең көк аттыға (Павловқа) қандай мақсатпен және қандай жағдайда оған сырымды ашуым мүмкін. Егер де бұл айғақ рас болса, онда ол кездесу 1919 жылы (Колчак үкіметінің тұсында) өткен шығар? Бұл сөздің анық дәлелі ретінде мынаны айта аламын: мен 1919 жылы Үкібаевтардың үйінің бір бөлмесінде пәтерде тұрдым, сол жылы қыс бойы мен Губерниялық Земствоның бастығының орынбасары міндетін атқардым, оны қысқартып, “Губзем” дейтін. Сондықтан да Павлов “Губзем” дегенді “Завгубземотделмен” – Губерниялық жер бөлімінің меңгерушісі дегенмен шатастырып отырмаса. Бұл жағдайдың түсініксіздігі менің ойымша дәрігер Павлов мені әдебіреулермен шатастырды немесе менің әр кездегі істеген қызмет орынымды (1919 жылғы мен 1921 жылғы) жаңылыстырып жазып отыр деген күдікке итермелейді. Қалай дегенмен де, мен бұл құжатқа ешқандай саяси мән бермеймін, себебі, саясаттан сәл-сәл хабары бар адам өзі танымайтын, кездейсоқ ұшырасқан көлденең көк аттыға мына тергеушінің “белгілі бір саяси топтың ұйымдастырылған әрекеті” деп айыптап отырған мәселесі жөнінде айта қоюы екіталай.

2.Маған тағы да мынадай (тергеушінің ауызекі әңгімесі бойынша, әйтпесе, жазба құжаттарды мен көргемін жоқ) айыптар тағыпты:

а/ маған: 1924 жылы өткен Алаш (Қазіргі Жаңа Семей – авт.) аудандық-ауылдық одақтардың (мойынсеріктерінің – авт.) өкілдерінің құрылтайының сайлауын басқарғансың-дейді. (Мен ол мойынсеріктіктердің құрылтайына қатысқамын жоқ және сайлау өткен жерден 200 шақырымдай қашық жерде демалып жатқамын). Ал 1925 жылғы құрылтайдағы менің жасаған баяндамама келетін болсақ, онда мен қыр еліндегі қосшылар одағының мойынсеріктіктерінің (кооператив) құрылысына ғана тоқталғамын. Менің мойынсерік туралы пікірімді және ондағы баяндамамның мазмұнымен Қосшылар одағының қаулысының хаттамасынан танысуға болады.

б/. Мені осында – Қызылорда қаласында отырып-ақ, 1925-26 жылдары Семей уезіндегі Медет /Медеу-?/ болысындағы ру таласына басшылық етті, яғни, “ру басыларын тағайындады” – дейді. Мұны кәдімгі тіршілікпен қалай байланыстыруға болады өзі...Біздің өлкедегі уездік, болыстық мекемелерді былай қойып, орталықтарымыздың өзі губерниялық орталықтармен әзер байланысып, өзінің міндетін әзер атқарып отыр. (Оның барлығы жердің тым қашықтығынан ғой). Жылпы алғанда, кейбір жеке адамды белгілі бір әлеуметтік топтың іс-әрекеттері үшін кінәләудің өзі әділеттілікке жата ма?

Мені сонау Медет болысындағы рулық тартысқа байланыстыру үшін де бір түйсікке түсінікті, ақылға сыйымды сылтау керек емес пе: ол үшін айғағы толық айып тағылып, уақыт пен ара қашықтықтың арасын есептеп барып кінә айтпай ма.

Ондай жағдай болған да емес және болмайды да. Медет болысында өткен оқиғалардың бәріне мені кінәлай беретін несі? Аталған рулардың өзара талас-тартысына менің ешқандайда қатысым жоқ екенін ашық мәлімдеймін және одан үзілді-кесілді бас тартамын.

Мен бұл ру таласына байланыстырып тұрған оқиға 1917 және 18 жылдары болған. Облысытық қазақ комитетінің (оның құрамында мен де бар едім) сол болыста 40 жыл бойы үзбей болыснайлыққа сайланып келген Молдабаевтарды билік тізгініне енгізбей қоюы болса керек. Біз ол кезде тек қана елдік, төңкерістік мақсатты көздедік, ешқандай да рулық мүддені көзге ілгеміз жоқ. Содан бастап заманның ығына қарай жығылып, әр қилы жолын тапқан Молдабаевтар өзінің қас жауы ретінде тек қана мені қарауылға алып (мен де сол болыстың адамымын, ал қазақ комитеті болса сол кезде-ақ тарап кеткен) аңдумен келеді. Ең бастысы – бұл арандату оған емес, сол Молдабаевтармен етене араласқан және араласып жүрген менің кейбір “достарыма” қажет болып отыр. Міне, бүкіл істің мәнісін түсіндіріп беретін жай осы. Басқаша болуы мүмкін емес.

3.Бұған қосымша мені тағыда: әлдебір жер туралы ерекше саясатты жүргізушілердің көсемі деп айыптаптды. Оған “көсемдік кесте” ретінде қалалық бақшада кешкі ас ішіп отырғанда Омаров жолдаспен әңгімелескенім алыныпты /Менің Омаров жолдасқа жазған хатымды қараңыз/.

«Менің жер мәселесі туралы пікірім тергеудің хаттамасына баяндалған. Мен 1921-22 жылдан кейін жер мәселесімен айналысқан емеспін».

Осыдан кейін тағы да сұрақта жер мәселесіне баса назар аударылған. Кейбір жауаптардың ішінара қайталанатындай көрінгеніне қарамастан, тың деректер мен дәлелді қисындар келтірілгендіктен де қысқартпай ұсынамыз.



«Сізден өтінерім: менің Омаровпен, Сұлтанбековпен бетпе-бет кездестіру туралы тілегіме қарсы болмасаңыз екен, себебі, тергеушінің айтуы бойынша, мені Омаровтың (және) болыстың көрсетуі бойынша жауапқа тартқан екен, сондай-ақ жергілікті газетке менің Омаровқа жазған ашық хатымды жариялатуға мүмкіндік берсеңіз екен.

Маған тағылған негізгі айып бойынша (малды тәргілеуге арналған науқанға кедергі жасау) ешқандай да нақты айғақтар (қашан, қайда мен нендей кедергі істедім және қандай зиян келді) келтірілімеді, жоғарыда айтылған (тергеу жауабының хаттамасын қараңыз) жалпылама қойылған 2-3 сұрақтан басқа тергеуші маған ештеңе көрсетпеді. Ол туралы мен көп ештеңе айта алмаймын (өйткені ешқандай нақты айғақ келтіріген жоқ). Менің ойымша, жер-көктегі жаланы үйіп-төккен пәлеқорлардың жаласынан көрі, менің өзім қатысқан Тәргі туралы Заң жобасының бірнеше тармақтарын экономикалық негізге түсіру барысында істеген жұмыстарымды қарап шыққан абзал болар. (Ол құжатты тергеу ісіне тіркеуіңізді өтінемін), ал менің жалпы саяси көзқарасым туралы мәлімет керек болса, онда оны 1925 жылы Семей Губерниялық комитеніне жазған менің мәлімдемем мен тергеушіге беген жауабымнан біле аласыздар.

Менің бұл жауабыма қанағаттанбаған тергеуші (менің жауабымды медальдің жарқырауық жағы ғана деп ойлайды-ау деймін) маған (26,27және 28 қараша күні) барлық негізгі мәселелер бойынша баспасөзге пікір білдіру жөнінде ұсыныс жасады, мен оған үзілді-кесілді қарсы болдым, себебі, мен ең алдымен өзімнің азаматтық ар-намысымды таза сақтауды мақсат еткенмін, сондықтан да менің іс-әрекетімнен екіжүзділік байқалмауы тиіс, оның үстіне, мен “темір тордың ар жағында отырып” баспасөзге пікірім арқылы өзімнің “кінәмді” жууға ұмтылған сияқты екібетті боп көрінгім келмеді. Шындығына көшкенде, менің бұл қасарысуым түбегейлі қасарысу емес, мен темір тордан тыс, басқа жағдайда баспасөз арқылы пікірімді ашық білдіруге әрқашанда дайынмын.

Бұл тергеуге тән бір сәйкессіздік сол, жоғарыдағы келтірілген тармақтардың барлығы да бір-бірімен жалған желеу арқылы жалғанған, еш нақты айғақсыз жалаң сөзге құрылған. Бұдан келіп мынадай заңды сұрақ туады: егерде 1919-1929 жылдардың арасындағы іс-әрекетім үздіксіз зиянкестікпен астасып жатса, онда мені неге дер кезінде ұстамады, неге осы уақытқа дейін мені қызметімде тыныш жүргізді? Қандай адам (бақылау органдары жағынан) менің сондай аса қауыпты қастандығымның өршуіне жол беріп, ішмерездік жасаған?!

Жоғарыда баяндалған жайларды талдасақ, онда бүкіл тергеу барысының бір жақты үстірт жүргізілгенін, менің ешқандайда айыбымның жоқтығын, “үздіксіз жасаған зиянкестігім” туралы айтпағанның өзінде, өзімнің арымды өзімнің қорғауыма ешқандайда мүмкіндік берілмей отыр. Айыбымды айғақтайтындай ешқандай нақты деректер мен құжаттар маған көрсетілген жоқ, шындықты қалпына келтіру үшін тергеушілерге көмек көрсететіндей болмашы мүмкіндік жасауға да мұрсат бермей істі ГПУ-дің коллегиясына жіберіп қойды.

Менің сенімім бойынша, мұндай сыңаржақ тергеудің жүргізілуіне, біріншіден: тағылған айыптың барлығы арам, жалақор адамдардың өсегіне құрылған (Біздің Қазақстанда мұндай жайлар өте жиі кездеседі) көрсетінділер болғандықтанда, ГПУ-дің өзін жаңсақ жолға салып жіберуі; менің өткен кезеңдегі бұрынғы “Алашорда” тұсындағы қайраткерлігім туралы, реті келгенде айта кетейін бұл іс-әрекетіміз ВЦИК Президиумының қаулысы /1919 жылға және 1920 жылғы/ арқылы кешірім жасалған, бір жақты пікір түюі болса керек. Тіпті мен бүгінгі қызметім үшін емес сол өткен уақыттағы қайраткерлігім үшін айыпқа тартып отырған жоқ па екен деп те күдіктенемін, себебі, мен соңғы 9 жылда кеңес өкіметіне адал қызмет еттім.

Жоғарыдағы мәліметтеріме орай және 86 күннен бері ешқандай кінәсіз тұтқында отыруыма байланысты: сіздің жеке өзіңіз тергеу ісімен танысып, тиянақты әрі әділ тексеріп, менің әділетті талаптарымнан тиісті қорытынды шығаруыңызды сұраймын.

Менің бұл мәліметтерімді менің тергеу ісіме тіркеп қоюыңызды өтінемін.

Қосымша ретінде Омаровқа жазылған ашық хатты салып отырмын.

9.І. 1929 жыл.

Қызылорда».
Сұрақ-жауап барысында Халел Ғаббасов тергеушілердің істі сауатсыз жүргізіп жатқанына ашық наразылық білдірумен болып, оларды өзіне қарсы қойып алғандығы аңғарылады. Арызда көрсетілген Елдес Омаровқа арналған ашық хат пен жергілікті газетке жариялауға ұсынылған Мәлімдеме іске тіркелмеген. Бұдан кейін де осы мазмұндас өтініштер жазылған. Бірақ бәрі де аяқсыз және жауапсыз қалған. Оның орнына тергеушілер Халел Ғаббасовқа өзінің қателерін мойындап республикалық баспасөзде ашық хат жариялауды қайталап ұсынған және соған қысым көрсетудің нәтижесінде «мәжбүр де болған» сияқты. Төмендегі жауаптан сондай салқындық байқалады.

«ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің бастығы Петров жолдасқа

25/І.29 жыл.

Сіздің ескертпелеріңізге ...(жауап).

Әрине, сіздің “жалпы ұлттық ерекешелік” дегеніңізді – оның ішінде (халықтың) әлеуметтік теңсіздік пен қоғамға тән ерекшеліктердің бар екендігін мен мойындауға мәжбүр болдым және оны анық түсіндім.

Сонымен қатар айтылып отырған жағдай мен Қазан Төңкерісінің жасампаздық күшіне деген сенімсіздік те сол мәселеге тікелей байланысты, оның ішінде біздің қазақ халқының жеке мемлекеттігін құру мүмкіндігінің туғандығы. Сол арқылы оны езгіден құтқарудың қажеттігі және алдағы уақытта оны мәдени экономикалық дамуына негіз қаланатындығы туралы “ізденістеріміз де” содан туындап отыр.

Қазан төңкерісі – менің идеяларымның негізгі нысанасы бойынша ұлттарды қанаудың темір шынжырын үзді, олардың жеке мемлекет болуына мүмкіндік ашты, идеологиядан (отарлаушы авт./ туындайтын ескі қоғамдық экономиканың негізін жойды, сондай-ақ тіршілік етудің жаңа негізін қалады және қалап та жатыр. Ол өзінің бұдан кейінгі мақсатты қозғалысына, қатыгез таптық шайқасына қадам басты, мұны қоғамның мазмұны ретінде өзіне сіңіріп алды, барлық “құндылықтарды” да сондай бағытпен қайтадан бағалай бастады, сөйтіп, өзінің алған бетінен қайтпайтын творчестволық ерік-күшіне түпкілікті көз жеткізді.

Осынау ауқымды қозғалыс жаңа қоғамдық қарым-қатынасты талап етеді және ол сол қозғалыстың тұсында өмір сүріп отырғандар үшін тағдырдың тауқыметінсіз өтпейді. Тіпті, өлгендердің өзі үш күннен кейін көрге де үйренеді дейді ғой, ал адамзат емес, сондай-ақ идеология дегеніміз де – күрестің қатып қалған түрі емес. Жұрттың бәріне ортақ қасиеттен менің тыс қалмауым табиғи нәрсе.

Менің ой-санамдағы шешуші өзгеріс ертерек, 1918 жылдың күзі мен 1919 жылдың жазында: біз бірнеше саяси жүйені, біз іш тартқан қоғамды басымыздан кешкен соң, еліміздің басына түскен қоғамдық қиыншылықтарды шеше алмайтынымызға, біздің мақсатымыздың орындалуына табиғаттың өзі сәтті үйлесімділік танытпағанына іс жүзінде көзіміз жеткен соң – басталып еді. Бірақта, менің санамдағы бұл өзгеріс пен сенім – кеңес қызметінде істеген соңғы 9 жылда, әсіресе, кейінгі 4-5 жылда, өткен өмірімнің мән-мағынасын қорытындылап, көргендерімді санамда салмақтап, талдау жасап, жаңа қоғамдық өзгерістер мен нақты жетістіктерді сезінген соң барып нықтап орныға бастады. Ең соңында, менің ұлтымнің негізі мәйегі, ең өнімді және көпшілік бөлігі (орташалар мен кедейлер) жұмысшы, шаруалар тобының құрамдас жігі ретінде кеңес өкіметінің оң көзіне ілінгенін және өзінің тағдырын соңғысымен (кеңес өкіметімен) байланыстыратынын көрген соң барып нықтап орныға бастады.

Менің шын жүректен шыққан пайымдауым бойынша, кімде-кім өзінің халқын сүйсе, кімде-кім оған адал қызмет етуді өзінің өмірлік мақсатым деп түсінсе – бұл адамның таңдайтын жалғыз- ақ жолы қалды, ол Кеңес үкіметінің шешімін орындау және соған адал қызмет ету. Менің сіздерге талмастан- айнымастан; тоғыз жыл бойы кеңес өкіметіне адал қызмет еткенімді, бұл өкіметке қарсы бағыттаған ешқандай топқа қосылмағанымды және қосылмайтынымды қайта-қайта тәптіштеп айтып – айта беруімнің себебі осы.

Менің бұл “кредомның” /латын қарпімен жазылған – авт./ негізгі мазмұнын 1925 жылы Семей губерниялық комитетінің атына жазылған мәлімдемемнен, тергеу барысында қойылған кеңестік құрылым туралы сұрақтарға берген жауабымнан анық байқалады, қысқасын айтқанда, менің осы “толғау – мінәжатымның” өзі де соны көрсетеді.

Менің бұл мәлімдемемді Волленберг жолдасқа – оның атына 29 жылы 9/І күні жазылған мәліметіммен бірге тіркеп, соған табыс етуді, ал арыздың көшірмесін РСФСР-дің бас Прокуроры Крыленко жолдасқа оның атына жазылып, 29-жылдың 14/І күні №3 камераға келген Республика Прокурорының көмекшісі Мусин арқылы беріп жіберген мәлімдеме қосымша ретінде салып жіберуіңізді өтінемін.

25/І-29 жыл Халел Ғаббасов (қолы қойылған.
Халел Ғаббасовтың бұл мәлімдемені қысастықпен жазғаны анық танылады. Астарлы кекетеу де бар. “Алашордашылардың ” халық үшін кеңес өкіметіне қызмет істейік» деген «идеясының» ұшқыны бар. Тергеу барысында Бас Прокурордың көмекшісі келіп кеткен. Сондай-ақ әділдік дәметіп СССР-дің Бас Прокуроры Крыленкоға хат жазған. Ал оның мұны оқуға уақыт да құлқы да жоқ еді. Бәрі де соның өзінің “бастамасы” әрі «тапсырмасы» болатын. Осыдан кейін іле-шала; яғни, екі күннен кейін, 1929 жылы 27 қаңтар күні, Қызылорда қаласында үштіктің қаулысы шығып, оны айыпты деп үкім шығарған. Оның соңына: “Мен өзімді айыптымын деп санамаймын. Х. Ғаббасов” – деп қол қойған. Халел Ғаббасовтың сұрақ-жауаптары «кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтеріліс дайындаған» өзге де 71 адамның ісіне қоса тіркелді,

Тек сот арқылы үкім шығару ғана қалды. Үкім шықты да. Сот Халел Ғаббасовты 1930 жылы сәуірде ату жазасына кесті. Ол осы істегі ешқандай кешірімге жатпаған, ең жоғары үкім орындалған төрт адамның бірі болды, яғни, атылды.

Ү.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет