Юсупова Гулжайна Орынбасаровна қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғ. Мүсірепов – көркем сөз шебері



Дата11.01.2017
өлшемі25,2 Kb.
#7186

Юсупова Гулжайна Орынбасаровна қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Ғ. Мүсірепов – көркем сөз шебері


Зерттеудің өзектілігі. Әрбір жазушының, өзіндік ерекшелігі де тілі арқылы көрінеді. Қаламгерлердің тілдік ерекшелігін әдеби тілдің даму заңдылықтары тұрғысынан талдап, халық тілінің сөз байлығын қаншалықты және қалай пайдаланғандығын, қазақ халқының тіл мәдениетін дамытуға қосқан үлесін анықтауға ұмтылу жұмыстың өзектілігін танытады.

Сонымен бірге белгілі бір кезеңге тән, сол кезең тілі туралы мағлұмат беретін әдебиет. Сондықтан әр кезеңдегі жазушылардың көркем туындыларын тану, зерттеу әдеби тілдің кезеңдерін айқындауға мүмкіндік жасайды.



Зерттеудің нысаны: Ғ.Мүсірепов шығармаларының тілі. «Адамның анасы», «Өлімді женген ана», «Ана кесілі айнымайды» аудармалары, «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы» «Ер ана», «Ақлима», «Әмина», «Айгүл қойшының күндері», «Айжан қойшының түндері» атты әңгімелері мен “Кездеспей кеткен бір бейне” т.б. әңгімелері.

Зерттеудің негізгі мақсаты: Ғ.Мүсірепов шығармаларындағы афоризмдердің тілдік ерекшелігін анықтау. Жұмыстың практикалық мәні. Жоғарғы оқу орындарында қазақ тілінің стилистикасы, көркем мәтінді лингвостилистикалық талдау, тіл мәдениеті, әдебиет теориясы және т.б. арнаулы курстарда қосымша құрал ретінде пайдалануда көрінеді. Жұмыстың әдістері мен материалдары: лингвостилистикалық талдау жүргізілді. Сипаттау, жүйелеу, талдау, тұжырымдау әдістері қолданылды. Зерттеу жұмысының құрылымы: Жұмыс кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан тұрады. Соңынан пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілді.

Ақын-жазушылардың әдеби тілге қосқан үлесін, сөз қолданудағы көркемдік, шеберлік қырларын, көркем шығарма тілін зерттеудің мәселелерін қарастырған Р. Сыздықова, Е. Жанпейісов, Х. Кәрімов, Т. Қоңыров, Б. Хасанов, М. Серғалиев, Б. Шалабай, Х. Нұрмұқановтардың және т.б. зерттеулері қазақ көркем әдебиет стилистикасының ғылыми саласы ретінде қалыптасуына өзіндік үлес қосқан еңбектер болып табылады. Ғ. Мүсіреповтің шығармашылығына қатысты кандидаттық диссертациялар қатарына: С.Жұмабековтің «Ғ. Мүсірепов», Ж.Құлбекованың “Ғ. Мүсіреповтің «Оянған өлке, жат қолында» романдары», А.Д. Ибраеваның «Оянған өлке, жат қолында» роман диалогияның шығармашылық тарихы», Ы. Ысмағұловтың «Ғ. Мүсірепов туралы тоғыз толғам» және тілдік тұрғыдан талдау жасаған М. Серғалиевтің «Ғ. Мүсірепов және тіл мәдениеті», Снапова Гүлжанның «Ұлпан» лингвомәдени бірліктер деген еңбектерін атауға болады.


Ғ.Мүсірепов шығармаларындағы кейіпкер тіліндегі лингвопоэтикалық құбылыстар

Көркем образ жасауда қажетті көптеген амал-тәсілдер қатарына үлкен маңызға ие нәрсе – кейіпкер тілі. Кейіпкер тілі арқылы өзінің болмыс-бітімі мен қабілетінен хабардар етіп, өз орнын анықтайды. Сол кейіпкер бейнесі артында тұрған әлеуметтік топтың келбетін танытады. К.Еңсебаева қазіргі көркем әдебиеттегі кейіпкер тілінің стильдік қызметін анықтап, кейіпкер бейнесін жасауға қатысатын тілдік-стильдік элементтерді талдайды. Кейіпкер тіліндегі синтаксистік құрылымдардың образ жасауға қатысы жөнінде тұжырымдар жасайды. «Кейіпкер сөзі – жазушының жеке дара баяндау стилінің ерекшелігін ғана айқындап қоймайды. Ол кейіпкердің мінез-құлықтарының қырларын, көзқарасын, психологиясын ашатын бірден-бір көркемдік амал. Персонаж сөзі – кейіпкердің жан әлемін ашатын шығарманың көркемдік кестесінің ажырамас бөлігі»[2,68]. Ғ.Мүсірепов шығармаларындағы кейіпкерлер жеке тағдырларымен, өзіндік сөз саптауларымен ғана емес, ешкімге ұқсамайтын кескін-келбеттерімен, киім-киістерімен, жүріс-тұрыстарымен де есте қалады. Жазушы кейіпкерлердің сырт бейнесін, бет-әлпетін суреттегенде соған қоса киімін, тұрмысын жан-жақты сипаттап береді.



Ғ.Мүсірепов шығармаларындағы қарапайым сөздердің қолданысы

Ғ.Мүсіреповтің шығармаларындағы сөйлеу тілінің элементтері -қарапайым сөздер. Әр жазушының өзіне тән даралығы сөздерді белгілі бір мақсатта қолданылуынан көрінеді.

Қарапайым сөздер – ауызекі сөйлеу тіліне тән. Ғ.Мүсіреповтің шығармаларындағы кейіпкер тіліндегі қарапайым сөздер, бірінші кезекте кейіпкер мінезін ашуға қызмет етеді. Р.Сыздықова: «Нағыз жазушы кейіпкерін өздері беріп тұрғандай образға сай сөйлетеді. Кейіпкер сөзі оның бейнесін жасауға тікелей қызмет ететін көркемдік тәсілдің бірі болып саналады» [4, 47]. Мысалы:

- Бір пәледен құтылдық па десек, түпке сақтағаның тағы бар екен ғой! Көрінгеннің көтіне кіріп көрген күнің құрысын да сенің! – Ақбала Отарбайға ұрса кірді үйге.

- Сен қатын, жарық қарының не деп кеткеніңді ұмыта қалдың ба? Күліңді көкке ұшырамын демеді ме?

- Ол өз бетімен келген жоқ [25, 208 б.].

Кейіпкер тілінде қолданылған вульгаризмдер қаһарманның ашу ызасын ғана беріп тұрған жоқ, сонымен қатар, оның мінезінің шайпаулығын, дөрекілігін қоса аңғартады.



«Еркебұлан баяу қозғалып, көз қырымен Ақбалаға ғана қош айтып, есікке қарай бет алғанда от басында отырған қоян жырық ұшып тұрды:

- Қайда барасың?

- Далаға шығам демедім бе?

- Шықпайсың! Орныңа бар!

- Жоқ, мен шығатын болармын.

- Өй, Біржан әкеңнің аузын!...

Бұзау тіс қамшы құйрығын шаншып алып қайқайып барады» (25, 201).

Ақын тілінің шеберлігі, образ тудыра сөйлеуі, сол арқылы оқырманды тарта алады.



Бұзау тіс қамшы құйрығын шаншып алып қайқайып барады. Сөйлемдегі тілдік құралдар арқылы қамшы жұмсалғандығы көрінеді. Қамшымен бір ұрды, салып жіберді, қамшы сілтеді деген сияқты сөздермен алмастырар болсақ, айтар ой солғын тартар еді.

«Қоян жырық есіктен кірген бойы үйдегілерді түгендей бір қарап алды да:

- Аман ба, әй қатын - деді» [25, 198 б.].

«Енді ол безбүйректі жанамалауды қойып, қадағалай соққысы келіп, көзін соған аудара бергенде, жиынның орта тұсы шу етіп көтеріліп кетті.

- Өй, арам без!

- Өй, бұралқы!

Жиын ереуілдей көтеріліп, лықсып – толқып, төмпенің төбесіне қарай еңсеріліп келеді» [25, 193 б.].

«Әй, сен» Тайшыбек қарақшы, не оттап отырсың? – деді әйел ірі денесімен оң жағына қарай еңсеріле бұрылып [25, 187 б.].

«Танашты азырақ қыжыртып алды, ақбөкендерге ұрысты, итеріне ұрысты, қалжыңдасты, енді өзіне ұрсары ғана қалғандай:

- Әй, сен көп оттап кеттің ғой, қойсайшы» [25, 147 б.].

«Ойбой, сорлылар-ай – деді Айжан, сорлылар дегені ақбөкен екенін танып» [25, 146 б.].

Аталған мысалдарда кейіпкердің аузынан шыққан дөрекі, эмоционалды сөздер, яғни қарапайым сөздер шоғыры ( Өй, арам без!;



Өй, бұралқы! ; Ойбой, сорлылар-ай; көп оттап; не оттап отырсың?), біріншіден, оның болмысын, адуынды, ұрысқақ, көк езу, долы адам екендігін көрсетуге қызмет етіп тұр, екіншіден, кейіпкердің ішкі сезімін, қатты ашу-ызасын беру мақсатында да жиі қолданылған.

Ғ.Мүсіреповтің шығармаларында сөйлеу тілінің стильдік белгісін көрсетудің тілдік құралдардың қатарына ғып, әкеп, дейім, боп, кеп т.б. сөздер жатады. Бұл лексемалардың әдеби тілдегі көрінісі қылып, келіп, дейімін, болып, әкеліп, әкеліп түрінде болуы керек.

Қорыта айтқанда, көркем шығармаларында жазушы кейіпкерді сөз саптау мәнері арқылы түрлі көзқарастарды білдіреді, кейіпкер тілі арқылы оның образын жасайды, кейіпкер портреті де кейіпкер сөзі арқылы беріледі. Кейіпкер тіліндегі тілдік құралдар стильдік мәні жоғары, эксспресивтілігі, эмоционалдылығы басым тілдік тұлғалар.

Ғ.Мүсірепов шығармаларындағы синоним, антонимдердің стильдік қызметі

Ахмет Байтұрсыновқа дейін қазақ тілінде синонимдер туралы айтылған құнды пікір жоқ деуге болады. А.Байтұрсынов «Тіл қисыны» атты мақаласында “синоним“ деген терминді қолданбағанымен, оның қасиетін дәл тауып, айқындап айтып береді. “Біздің қазақ тіліндегі сөздердің бәрін білгеніміз қазақ тілін қолдана білу болып табылмайды. Тілді қолдана білу деп айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді таңдап ала білу және сөздерді сөйлем ішінде орын-орнына дұрыстап қоя білуді айтамыз. Бүтін пікірін айтып шығатын әңгіме ішінде жалғыз ауыз амандасу жүзінде әркім әр түрлі сөз қолданады. Бәрінің де ой мақсаты бір, бәрінікі амандық, бірақ, әркім әр түрлі сөз қолданып өзінше сұрайды. Әркім өз қалауынша алып, өз оңтайынша тұтынған сөздер сол адамның тілі болады”[8 ,14],-дейді ұлы ғалым.

Сонымен бірге еңбектері белгілі бір сөз табына қатысты синонимдерге арналған ғалымдарды да атап өтуге болады. Мысалы, зат есім синонимдерін Ә.Болғанбаев, етістік синонимдері М.Серғалиев, О.Жұмашев, А.Османова, сын есім синонимдері Ф.Оразбаева сияқты ғалымдар зерттеген.

Ғ.Мүсірепов тілінде жиі байқалатын құбылыс – синонимдерді қайталау. Ондай жағдайда синоним сөздер өзара қосарланып не бірыңғай қатынаста айтылады. Синонимдерді қайталау – автор тілін әрлендірудің тұрақты тәсілі. Сөздердің мағынасы мен экспрессиясын күшейтіп, көркем дәлдік жасау тәсілі болады. Мысалы: «Өзара амандық – саулық сұрасып болған соң, сол қолым сұп-суық, тырбиған қабырғаларды түгендей өтіп жүрек тұсына барды» [25, 120 б.];



«Үнсіз далада жинала берген ойлар, әсіресе өз тірліктеріне байланысты туып өсіп-өрбіп жататын ойлар айтылуды керек ететін сияқты» [25, 129 б.];

«Ашу, азап, қайғы, мұң, қорқу-қобалжу, мою дегендер есіме де келеген емес» [25, 121 б.].

Ашу, азап, қайғы, мұң; қорқу-қобалжу, мою синонимдері кейіпкердің қажырлығын, шыдамдылығымен төзімділігін ерекшелеп, айқынырақ көрсету үшін жұмсалған лексемалар болады.

Жоғарыда келтірілген синонимдер – тілдік синонимдер. Тілде олардың тұрақты мағынасы қалыптасып, бәрімізге де түсінікті болып кеткен. Сонымен қатар, сөйлеу процесінде мағыналық жақындығы жоқ сөздер де синоним болуы мүмкін. Бұлар, әсіресе, жазушы тілінде жиі кездеседі. Олардың синоним екені белгілі бір контексте ғана айқындалады да, автордың жеке стиліне тән синонимдік қатарларын құрайды. Мысалы, «жоғары», «ілгері» сөздері осы тұрысында синоним бола алмаса, «босау», «құлау» сөздері де бір-бірімен синоним емес. Ал автор қолданысында синоним ретінде қолданылады. Көз жеткізу үшін контексте көрейік:



«Бәрі де бөтен, бәрі де біреудікі екеніне Сандыбай оп-оңай көніп те қалыпты. Ойын жоғары қарай сүйрелейін десе де, ілгері қарай бір бастыра алмайды». «Әкір қаласы бүтін тұрған. Алшағырдың үйіне кірген соң, бәрі есіне түсіп, Бұланбайдың өзі де босай қалып еді. Өзгелері де осы реңдес, құлаңқырап кетіпті» [141].

Автор шығармаларында синонимдердің барлық түрлерімен бірге фразеологиялық синонимдер де өзінің стильдік сипатымен ерекшеленеді. Мысалы, «Екеуі де көпке дейін тіс жармады» немесе «Бір-бірінің бетіне тура қарай алмады, үндемеді» [20, 140 б.]. Үндемеді, тіс жармады – тұрақты тіркес, синонимдес. Кейіпкерлердің арасындағы қатынасты дәл беру, сөздердің эмоциональдік-экспресивтік реңдерін күшейту – жазушы тілінің әсерлігін арттыра түсетін құбылыс. Ол үшін сөздерді дәл орнына тауып қолдану шарт. Осы тұрғыдан алған мына контекстегі синоним сөз орынды:



«Жұман бай көш алдын Майқұдық бұлағына жақындай бергенде қуып жетіп еді. Оған дейін шілік көшінің қайда тартқанын болжай алмай әуре болды. Сүзісер жеріміз осы болар ма деп, Шерубай мұрасына аялдап еді, Шілік көші әрі асып кетті деген хабар алды» [20,150 б.].

Өзі де сүзісіп жүрген байлардың (жан-жануарға тән іс-қимыл арқылы беруінің өзі бай қылығын мысқылдау) «кездесер», «тоғысар» жерлерін «сүзісер жеріміз» дегені ақиқатқа қайшы емес.

Синоним сөздерді таңдап-талғап, ең қажеттісін керекті жерлерінде қолдану шын мәнінде қаламгер шеберлігіне тән іс.

Ғ.Мүсіреповтың поэтикалық тілінде көзге түсетін ең үлкен құбылыстың бірі – халықтың көкейіне қонымды афоризмдерді дүниеге әкелуі.

Бәйбішең аю болса аса алмассың

Қарау болса әй деуге бата алмассың

Меймәнға отың басы болса суық,

Еліңе жақсы жігіт атанбассың



Үмбетей жырау
  • Ананың сұлулығы жүзіндегі мейірімінен көрінеді.
  • Әйел ашуланса жеңіледі, еркелесе жеңеді.
  • Жалпы сұлулықты сүйіп өткен жазушының мына бір сөздерін келтіре кетейік: «Дүниеде адам баласының ұлы қасиеті екеу-ау: ой ұлылығы, сұлулық ұлылығы. Көркем айтылған ой ұлы, ойландыра алған сұлулық ұлы... Ұлпан-менің Монна Лизам». Немесе, «Дүниеде әйелдің көзінен артық қызықтыра алатын, әйелдің көзінен артық сиқырлап тартып кете алатын күш жоқ қой деймін. Қандай да байлық, бақ, тіпті қоғамдық дәреже дегендердің бірде-бірінде ондай күш жоқ. Бәрі бірге қосақталып келіп мойныма асыла кетсе, оқтай қадалған әйел көзіне қарай жүре берер едім» [34 б.]. Сұлуға ғашық бола білу де бақыт.

Қорыта келгенде, Ғ.Мүсірепов шығармалары поэтикалық қолданыстарға бай. Жазушы қара сөзбен айтар ойды бейнелі сомдайды. Жазушының қай шығармасын оқысақ та афоризмдерін кездестіреміз. Ол - қаламгердің шешен де, ұтқыр тілдік қолданыстарды жасауы. Халық даналығындағы небір асыл ойлы нақыл сөздерді де ақын-жыраулар жазып, авторы белгісіз, яғни ұмыт болғандығы белгілі. Ал бүгінгі жазба тілімізде, қазақ әдеби тіліне нақыл сөздерін қалдырған, шешен жазушы Ғ.Мүсірепов деп білеміз.

Назар аударғандарыңыз үшін рахмет!


Каталог: uploads -> doc -> 1258
doc -> Сабақтың тақырыбы Бала Мәншүк ( Мәриям Хакімжанова) Сілтеме
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
1258 -> Сабақ: №18 Пәні: информатика Мектеп: №7 Оқытушының аты-жөні: Исаева А. Ж күні
1258 -> Сабақтың мақсаты: Эволюцияның басты бағыттары мен негізгі заңдылықтары туралы
1258 -> Ұйымдастырылған оқу қызметінің технологиялық картасы Күні: Білім беру саласы: Коммуникация


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет