Зайкенова, Руда. Жүрегі жылы жан [Мәтін] : [көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, жауынгер-жазушы, ғалым Әди Шәріпов туралы] / Р. Зайкенова // Егемен Қазақстан. 2011. 19 наурыз



Дата04.11.2016
өлшемі85,73 Kb.
#198
Зайкенова, Руда.

Жүрегі жылы жан [Мәтін] : [көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, жауынгер-жазушы, ғалым Әди Шәріпов туралы] / Р. Зайкенова // Егемен Қазақстан. - 2011. - 19 наурыз. - Б. 10.



Жүрегі жылы жан


Кезінде Сырбай Мәуленовтің Әди Шә­ріпов туралы «Жақсылыққа жаралған жү­рек» деген сөзі бүгінгі ұрпақ алдында қайта жаңаланып, жаңғырып отыр. Өйткені «Ор­хон» баспасынан жарық көрген Әдекең жө­ніндегі кітаптың аты міне осылай аталады.

Көрнекті қоғам және мемлекет қайрат­кері, жауынгер-жазушы, белгілі ғалым ретінде Әди Шәріпов есімін білмейтін қазақ кемде-кем. Жалпы ол кісі көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған адам. Ақын Т.Молда­ғалиев «Дара тұлға» деген өлеңінде: «Мы­нау елде, ағатай, өзің жайлы аңыз көп», деп тегін айтпаса керек. Осы кітаптан алған мағлұматымызға сүйенсек, аңызға айналмаса, 1941 жылы соғыс басталған бетте, қоршауды бұзып шығып, Белоруссияның Мухин орманында партизан отрядын құрған «Саша-қазақты (Ә.Шәріповті) ұстап бергенге елу мың неміс маркасын және помещиктің жерімен қоса үй-жайын сыйға береміз» деп фашистер ұшақтан листов­каны жайдан-жай тастай ма? Иә болмаса, 1928 жылы Өскемен қаласы­нан жеті тиынға сатып алған А.Бай­тұр­сыновтың «Әдебиет танытқышы» оқулығын жанын шү­берекке түйе жүріп, сақ­тап, сондай кітаптарды туған жері Мариновка деревнясының Был­қыл­дақ өзенінің жағасын­дағы ағаштың түбіне көміп, соғысқа аттанарда күдік келтірмейтін жақын ағайын­дарының біріне қалдырып, елу жыл сақ­тауы, кейіннен Ахаңдарды ақтаған комис­сияның мүшесі ретінде әлгі оқулықтың толық нұсқасын ең бірінші болып баспаға ұсынуы жатқан бір жыр емес пе? 1928 жылы «Әдебиет танытқышпен» бірге са­тып алып, бірге сақтаған М.Әуезовтің «Қилы заман» повесін романға балаған Әди Шәріпов оны орысшаға аудартып, Мәскеу­ден жарық көруіне ықпал етуі де аңыз емес, шындық. Жазушылардың аңызға айналған атақты ақ үйі мен сары үйін салдыртқан да Әдекең екен. Бірақ тоталитарлық жүйе жекелеген адамдардың ерекше ерлік істерін айтуға да, жазуға да жол бере қоймағаны белгілі. Сондықтан да қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылардың жекелеген естелік мақалаларында, еске алу кештерінде, ел аузындағы әңгімелер болмаса, былайғы жұрт оның халқына сіңірген ерен еңбегінен мүлде бейхабар деуге болады. Міне, Әди Шәріпов туралы ертеректе жазылған ме­муарлық мақалалар, замандастар лебізі, арнау өлеңдер мен эсселерді топтастырған аталмыш жинақ осы олқылықтың орнын толтырғандай.

1941-1945 жылдардағы қан майданда «партизан Саша-қазақ» деген аты аңызға айналған Әди Шәріпов – бұл кезеңнің шындығын «Партизан қызы», «Ормандағы от», «Тон», «Қапастағы жұлдыздар», «Әке қабірі басында», «Арбасу», «Эльбрусь етегінде» сияқты әңгіме-повестері мен «Сахара қызы», «Дос сыры» атты романдарына арқау еткенмен, өзінің жеке басынан өткен қиямет-қайым күндерін қағаз бетіне тұтас­тай түсіре алмай кеткен қаламгер. 1937 жылы 25 жасында «қажы-байдың тұқымы», «жапон шпионы», «Ілияспен (Жансүгіров) байланысы бар» деген айып тағылып, комсомолдан шығарылғаннан кейін, факультет деканы болып отырған орыс жігітінің кө­мегімен дер кезінде бас сауғалап, Түркімен­станның Красноводск қаласына барып жанын сақтап қалмағанда, тірі қалар-қал­масы екіталай еді. Бірге оқитын курстасына айтқан өмір тарихы көп ұзамай өз басына соққы болып тигеннен кейін Әдекеңнің екі елі ауызға, төрт елі қақпақ қойғаны анық. Өмірінің жартысын жауапты қызметтерге арнағандықтан, әкелері Кеңес өкіметінің ата жауы саналатын Қайранбай қажының ұрпағы Әди Шәріповке үнемі аузын бағып сақ жүрмесе болмайтын еді. Сондықтан да болашақ қайраткерге өмірбаяндық роман жазу бұйырмағаны ақиқат. 1938 жылы Алматыға қайта оралған Ә.Шәріпов қазіргі ҚазПИ-де үзіліп қалған оқуын аяқтауға мүмкіндік алады. Оның 1940 жылы әскери комиссариаттың бастығына кіріп, өзіне жала жапқан адамның да сонда жүргенін кө­ріп: «Әскер қатарына қайда жіберсеңіздер де барайын, тек бір өтінішім, мына Т. деген азаматтан аулақ жүретін әскери бөлімге жіберіңіздер» деген өтініші бойынша жау тылынан бір-ақ шығуы да кездейсоқ емес екен. Міне, қолымыздағы кітап жай ғана естеліктер жинағы емес, ғұмырбаяндық естелік-роман деуге тұрарлық дүние.

Кітаптың бірінші бетін ашатын «Орхон» баспасының директоры Д.Әшімхановтың ал­ғысөзінен кейін Сәбит Мұқановтың «Ең­бегіне сай еңбек» атты 1962 жылы жазыл­ған мақаласы беріліпті. Мұнда негізінен Әди Шәріповтің Жұмағали Саин туралы монографиялық еңбегіне талдау жасалады. Десе де, Әдекеңнің Белоруссия жерінде «Сашко қазақ» (беларус ұғымында «ертегілік батыр» – С.М.) атанып, партизан отря­дын басқарса, Ж.Саинның Украина жерінде партизан отрядын басқарғандығын әдемі қиыстырып әкелген жазушы екі қайрат­кердің жұршылыққа белгісіз қиын-қыстау күндерінен де сыр шертеді. Ал бір майданда соғысқан А.Медведов, В.Добровольский сияқты партизан-жауынгерлердің, соғыс ардагері, профессор С.Кенжебековтің, елші, экономика ғылымдарының докторы, профессор Л.Пакуштың, жазу­шы-қаламгерлер Д.Снегин, В.Клязьмин, З.Танхимович, В.Добровольский, К.Ал­­тайский, А.Брагин, Н.Ровенский, Н.Жантурин, С.Бақбергенов, Е.Створин, Г.Бельгер, Е.Гусляров, С.Күзембаева, Р.Қойшыбаева, Мұрат Әуезовтің естеліктерінде ғибратты сөз мол. Жалпы жинаққа енген алпыстан астам автордың бірде-біреуінде басы артық бос сөз жоқ, барлығының сөзі тек қана жақсылықтан, тек қана өнегелі өмірді суреттеуден тұрады. Сондықтан да кітапты оқып отырғанда, әрбір мақала жекелеп талдауға жетектейді. Жинақтың бір ерекшелігі – алдымен қазақша жазылған мақа­ла­лар топтастырылып берілген, ал жоғарыда аты аталған авторлардың орыс тілінде жа­зылған мақалалары қайраткер өмірінің әртүрлі кезеңін бейнелейтін суреттерден кейін бөлек жинақталыпты. Соңында орыс­ша-қазақша жазылған хаттар мен жарық көрген еңбектерінің жалпы тізімі берілген.

1944 жылы жараланып, елге оралғаннан кейін әуелі Қазақ КСР Оқу министрінің орынбасары, одан 1963 жылға дейін Оқу министрі, 1963-1966 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынба­сарынан Сыртқы істер министрі, 1966-1971 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, 1971-1979 жылдары Әдебиет және өнер институтының директоры сияқ­ты жауапты қызметтер атқара жүріп, «Жұ­мағали Саинның өмірі мен творчествосы», «Қазіргі дәуір және қазақ әдебиеті дамуы­ның проблемалары», «Қазақ әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық», «Сырбай Мәу­ленов творчествосы» атты монографиялық зерттеу еңбектер жазып, шетелге шыққан сапарларын бейнелейтін «Алыс жағалау­лар» атты очерктер жинағын шығарады. Қашан көзі жұмылғанша осы Әдебиет және өнер институтынан қол үзбей өтті.

Осы кезең суреттері көрнекті ақын-жазушыларымыз Қ.Қайсеновтің «Қамқор­шымыз болды», С.Мәуленовтің «Батыл адымдар», М.Әлімбайдың «Өр де өтімді еді», Ә.Нұршайықовтың «Жауынгер жазу­шы», Ғ.Қайырбековтің «Әдекең 80 жаста», Т.Молдағалиевтің «Дара тұлға», Р.Тоқ­таровтың «Ұлт тағдырына үн қосқан», Ж.Молдағалиевтің «Өнегелі өмір», Ә.Жұ­мабаевтың «Аман ердің аты шығады», Ғ.Қабышұлының «Ақ жолмен жүрген азамат», М.Рәшевтің «Сексеннің бесеуінде», Ф.Оңғарсынованың «Сағындым, аға, сізді!», Б.Тілегеновтің «Қайраткер хақында бірер сөз», М.Қалдыбайдың «Елден шыққан ер тұлға», Ғ.Садықұлының «Соғыста партизан, өмірде қайраткер», Н.Нұрахметұлының «Тарихта орны бар азамат», Ә.Бөриевтің «Өжет боп өсіңдер» сияқты мақалаларында әртүрлі қырынан сөз болады. Аталған қа­ламгерлердің бәрі де өмірде болған оқиға­ларды, өздеріне ғана емес, туған халқына жасаған адал қызметі мен қарымды қам­қорлығын бүкпесіз шын жүрекпен жазған.

«Дүниеде партизандар ғана мықты болады» деп ойлайтын өз аты да аңызға айналған партизан-жазушы Қасым Қайсе­нов­тің 1945 жылы Әдекеңмен алғаш таны­суы қызық. Әрине Қасым аға алғашында атақты партизан командиріне сынай қара­ған болу керек. Себебі, партизан-жазушы Әдекеңнің кесек тұлғасына, алақандай көзіне, құлақтың бітіміне қарап отырып, «нағыз партизанның өзі екен» деп, сүйсіне сипаттама беруі осы ойымызды айғақ­тайды. Генерал-майор, Ауған соғысының ардагері М.Қалматаевтың «Ағаның хаты ұраным еді» мақаласы да Әдекең туралы тың мағлұматтарға толы.

Ал көрнекті ғалымдар М.Қаратаевтың, Т.Нұртазиннің, С.Қирабаевтың, К.Нәрібаев­тың, Ш.Елеукеновтің, Т.Кәкішевтің, Ә.На­рымбетовтің, Б.Уақатовтың, Х.Әдібаевтың, С.Исаевтың, Б.Әбілқасымовтың, Б.Май­тановтың, С.Негимовтің, А.Ісімақованың, Ш.Тағаеваның мақалалары партизан-жазу­шының өмірі мен шығармашы­лығының сан тарауына шолу жасайды. Қазақша жазыл­ған мақалалар соңында Әди ағаның адал жары әрі артындағы жоқшысы ретінде елеу­лі еңбек сіңіріп жүрген Клара Жағыпар­қызының да «Аяулы Әдекем» атты естелігі шынайы жүрек тебіренісін білдіреді.

«Майданнан оралған күндерде» деп аталатын Тайыр Жароков пен оның әйелі Мүнира туралы партизан-жазушының өз естелігі де сәтімен берілген. Елге сағынып жеткенде, екі баласының қазасын есту, әрине Әди Шәріповке оңай соқпайды. Осындай ауыр қайғыны бірге бөліскен, қашан көзі жұмылғанша ара-қатынастары үзілмеген Т.Жароков екеуінің арасындағы адал достық оқырманын ойландырары хақ.

Жазушының туыстары Б.Абланов, Н.Тұң­ғышбаева, Р.Шүлембаевалар, қызы Әлияның да естеліктері ыстық ықыласпен жазылған. Орыс тіліндегі мақалалар со­ңын­да жазушының майдан өмірінен сыр шертетін «История одного полушубка» (аударған И.Щеголихин) деген повесінен берілген үзінді де жинақтың танымдық сипатын арттыра түскен.

Әди ағаға «Жазығың сол», «Секем-сезік» деген атпен жыр шумақтарын арнаған қарт қаламгер Мұзафар Әлімбаевтың «Өр де өтімді еді» деген мақаласындағы қай­раткер-ғалымның жоғарғы қызметте жүр­ген кезіндегі өзі инициатор болып сал­дырған құрылыстары туралы айтқанына назар аударып көрейікші. Олар: 1. Алматы іргесіндегі Алматы санаториясы. 2. Көкше­таудағы «Оқжетпес» санаториясы. 3. Қыр­ғызстандағы «Қазақстан» демалыс үйі. 4. Үкімет жанындағы медициналық-санато­рийлер бірлестігі үйі (№4). 5. Төртінші басқарманың шипаханасы және медиктерге арналған екі тұрғын үй. 6. Қазақстан жазу­шыларының Алматыдағы шығар­ма­шылық үйі. Жамбыл көшесіндегі екі тұрғын үй. 7. Алматыдағы Красин және Абай көшелері мүйісіндегі бес қабатты тұрғын үй (творчество қызметкерлеріне берілген). 8. Шығар­машылық үйі қасынан жазушыларға бөл­дірген оншақты саяжай үйі. 9. Алматының Калинин көшесі бой­ындағы ең алғашқы республикалық пионерлер сарайы.

Ал академик К.Нәрібаев өз естелігінде тікелей Әдекеңнің араласуымен Семейде медициналық және мал дәрігерлік инс­титуттары, Оралда ауыл шаруашылығы институты, Қарағандыда медицина және кооператив институттары ашылғандығын атап көрсетеді.

Академик С.Қирабаев 50-жылдардың күшті науқаны өткеннен кейін министр Әдекең қазақ мектептерін қайта ашу, қазақ тілінің мәртебесін көтеру ісіне едәуір бастама жасағандығын, Алматыда жабылып қалған № 12 мектеп қайта ашылғандығын, ауыл балаларын оқытатын мектеп-интернат (№ 4) ұйымдастырылғанын, қазақ тілі мен әдебиетін оқытуды жақсарту шара­ла­рына арналған республикалық кеңес өт­кізіп, Әдекеңнің өзі баяндама жасағанын, кеңес шешімімен «Қазақ тілі мен әде­бие­ті» жур­налы шыға бастағанын, со­нымен бірге жоғарыдағы тізімге қатысты мәсе­лелердің қалай орындалғанын ашатын мол деректер келтірген.

Әдебиет және өнер инсти­тутының ди­ректоры болып жүргенде әрі басшы, әрі ғы­лым докторы ретінде қан­шама адамға жол сілтегені туралы Т.Кәкішев «Қам­қоршы» деген мақаласында анық жазады. Бұлар­дың іш­ін­де кейіннен білікті ға­лым­дарға айналған Б.Абыл­қа­сы­мов, Т.Баймолдаев, А. Бұл­­дыбаевтың ең алдымен қа­был­дан­ғанын, бұлардан кейін «Ж.Дәдебаев, Б.Балажанов, Қ.Ергөбеков, Б.Әбдіғазиевті атасам, Әди Шәріпов қабылдаған адамдардың кімдер екені айқындала түсер деп ойлаймын» дейді ғалым.

Қаламгер Әбілмәжін Жұмабаев 2008 жы­лы жазған естелігін: «Әдекең ұзақ өмірінде қандай бір жауапты қызметті атқарып жүрсе де, тіршілікте артынан өз бороздасын тар­тып, оған жайқалтып егін өсіретін диқан тәрізді халық игілігіне бағытталған небір керемет игілікті істерді тындырған қазақ­тың нар тұлғалы азаматы еді» – деп қо­рытындыласа, 1992 жылғы естелігінде Рамазан Тоқтаров: «Әдетте біз батырды алыс­тан, ертегіден, көне тарих қатпарла­рынан іздейміз, ол да керек шы­ғар, бірақ көбіне-көп сол Әди аға сынды алып тұлғалы ба­тырлар қасымызда жүр­генін көп жағ­дай­да аңғара бермейміз. Аң­ға­ра бермеген соң, аялай да білмей жа­тамыз. Әдекең қызыл өрт-майдан өтінде жүрсін, бейбіт тірліктің бүлікшілерімен өліспей-беріс­пейтін жекпе-жек айқасқа да шықсын, соның бәрінде ешқашан өзінің жеке ба­сын қорғап, ұлт тағдыры шешілетін әлеу­меттік мәселелер­ден бір сәтке де тысқары қалып көрген емес. Ол үшін көріп отырсыздар, құрбан­дық­тың қандай түріне болса да ойланбастан бара берген. Әди Шә­ріпов секілді ұлтының тағдыры мен биік идеал үшін күресе ала­тын ұл тудыр­ған қазақ халқы ешқашан дағ­дарысқа ұш­ы­рамақ емес», – деп аяқтайды.

Расында, осы кітапты оқып отырғанда Әди Шәріповтің өнегелі өмір жолымен танысқан сайын қазақтың небір марғасқа ұлдарының да күрескер тұлғасы көз ал­дыңызға елестеп отырады. Осы арқылы өмірден қандай адамдар өткен деген ойға қаласыз.

2012 жылы 19 желтоқсанда қазақ мә­де­ниетінің аса ірі тұлғасы, жазушы, ғалым, қо­ғам қайраткері Әди Шәріповтің туғаны­на 100 жыл толады. «Ұлым дейтін ел болмаса, халқым деген ұл қайдан туады» деген сөз бүгінде жиі айтылып жүр. Қо­лыңыздағы «Жақсылыққа жаралған жү­рек» атты кітапты оқысаңыз, көп қинал­май-ақ осы сұрақтың екеуіне де толық жауап алар едіңіз.

Жайшылықта өнегелі адамдардың өмі­рін бүгінгі ұрпақ бойына сіңіру қажет деген сөз көп айтылады. Оның себебі сондай кең тынысты кесек тұлғаның батыр әрі батыл адамдардың арамыздан сиреп бара жатуы, оның орнында жалпылдаған жа­ғым­паз­дардың көбеюі атақты тұлға туралы кереғар түсінік туғызады. Сон­дықтан да бүгінгі ұрпақ санасына батыл сіңіретін таза үлгі, таза өнеге Әди Шә­ріповтің болмыс бітімінен ғана туатыны айдай ақиқат. Сол себепті осындай тұл­ғаларымыздың өкше ізінен көз жазбай, олардың бірсөзділігінен, құбылмай­тын құл­қынан үйрену, кісілігінен, елін, жерін сүйе­тін, ұлтын сүйетін үлкен ұста­ны­мынан ұр­пақ алатын үлгі ешқашан ескірмейді. Әңгі­ме соны жалпақ елге жайып, үрім-бұта­ғымыздың сүйегіне сіңіруде жатыр.



Руда ЗАЙКЕНОВА, Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.
Каталог: text
text -> Тексты для обучающихся «Древнейшие покорители Арктики»
text -> Парадокс об актёре
text -> К. бессер зигмунд магические слова
text -> Внеклассное мероприятие по математике: "Математика и красота"
text -> По Нижней Тунгуске
text -> Школьной библиотеки на 2012 2013 учебный год. Миссия библиотеки
text -> Моу нижнепоповская оош реферат: Паровые машины
text -> Анархономика
text -> Композитор Сыдық Мұхаметжановтың туғанына – 80 жыл
text -> Кітапханадағы кітап оқуды ынталандырудағы көпшілік шаралар


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет