Зейнолла Шүкіров



бет8/11
Дата25.12.2016
өлшемі4,32 Mb.
#5230
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

БҮЛДІРГІ
Көктемде Мәстәтің басындағы Әнетейдің қыстауы өртке кетті. Бәкелеттің қатыны бас-сирақ үйітіп, от содан қашады. Бір-біріне тығылысып отырған үш-төрт үйді ұйпа-тұйпа қылып өте шығады.

Қазақтың арқасы кеңіске түссе кұдайын ұмытатыны рас. Ақиректі сатып алғалы төрт жыл, алтынбай-күлік ат ізін бір салған жоқ-ты. Қыс жайлы болды. Сыр бойын жайлаған түйенің шөптен табатыны бар. Жаз айында мойынын ұзаққа салып, өздері де жоламайды.

Өткен қыс доңыз еді. Қарашада қар басты. Екі күннің бірінде ақ түтек боран, қыстай көз аштырған жоқ. Қысылған кезде Ақиректі еске алды. Алыс көшіп Мұғаджар асқан алтынбайлар, Сыр бойына қарай дүркірей көшті.

Малдың көбісі көш жөнекей қырылды. Біреу-жарымын Көкшекөлдің қопасы жұтты...

Әнетей көшкен жылы күзде, қыстан жұтап шыққан төрт-бес үй құрманай, Кәпірарықтың сағасын қайта бөгейді. Келер жылы астықтың астында қалған. Жер емшегін бір еміп көрсе, тандайынан кетпейді. Құрманайлар Көкшекөлдің жағасына үш жаз қатарынан егін салды. Тасқын орнында қалған су да бірте-бірте тартылып, әр жерде ойдым-ойдым көлшік жатқан. Қалың қопаның арасындағы күртілдек мұз, күн жылт еткеннен босай бастады. Тал қажау іздеп қаңғалақтап жүрген жылқы ақсақ ойылып, ажалын судан тапты.

Біреуде аяқ ылау қылар көлік жоқ, біреуде таңдайға тартар сауын жоқ, алтынбайлар дағдарып отыр.

— Тары салу керек...

Бұл ақылды Бәркелет айтты. Ақиректің астында құрманайлар тары салып жүретінін біледі екен.

Бәркелет екі түйе, бір жылқы жетелеп, Жаңадария бойындағы қарақалпақтарға аттанды. Жылқысын тарыға айырбастап, екі түйе астық алып қайтты.

Қарақалпақтардың жерді қалай жыртып, тарыны қалай себетінін көзімен көріп келді. Бес-алты жігіт жинап, жерағаш шаптырды. Қайырдың талынан мойынтұрық жондырды.

Көкшекөлдің ұлтанында су тартылып, әр жерде ірінді көлшік жатыр. Тары салатын жер белгіленді. Жігіттер Кәпірарықтың көзін ашып, қарбалас қимыл басталды.

Құралайдың салқыны түсіп, астаң-кестең дауыл соқты. Шыжып тұрған күн табан астында суытты. Сатыр-сұтыр жаңбыр жауды. Бидай батыр үйде, қидың шоғына қақталып рахаттанып отыр еді. Итіғұл кірді.

— Батыр-ау, Акиректен айрылдық қой! Құрманайлар жабылып жатыр! — Асып-сасып сөйлегенде, аузынан түкірігі шашырайды.

Бос жатқан жерді ағайыннан қызғану қазақ салтында жоқ. Акиректе құрманайлардың егін салып жүргенін есітіп отырып, сөз қылған жан жоқ. Биыл өздері келіп отыр...

— Бәркелетке айтшы. Барып келсін.

Бәркелет белдеуде байлаулы тұрған қара биені міне шапты. Құндыз түкті қара құлын шұрқырай кісінеп соңында құлдырап келеді. Көп жылқыдан қалған жалғыз тұяқ қара бие еді. Бір апта бұрын аман-есен құлындап, Бәркелетті қатты куантты. Басқа көлік жоқ, жерағашқа осы қара биені салады. Бәркелет арқандап бағып отыр.

Құрманайлар түнде келген сияқты. Жаңбыр кеше басылды. Соны күтіп кідірген ғой. Біраз жер жыртылып қалыпты...

Қазір түскі астың қамында әр жерде лаулатып жаққан от көрінеді. Аттар жайылып жүр.

Бәркелеттің көзі жұрттан оқшау тұрған Қабанбайға түсті. Биыл жүгенін ұстап қалған байдың бірі сол. Бірақ, байдың балпаңы қалмайды. Қамшысын беліне қыстырып, Бәркелет жақындаған сайын, шалқая түседі. Бұрынғы шермиген қарын жоқ, байдың құр шалқайғаны жараспай тұр.

— Ассалаумалайкүм, іске сәт! — Бәркелет даңғырлап сөйлей келді. — Қабеке, ертелетіп кіріскен екенсіңдер, ә?

— Шабан үйрек бұрын ұшады...

— Құрекем балалары, мыналарың асығыстық екен. Жер иесі бар емес пе? Әуелі алдынан өтіп, сосын кіріскенде де кеш қалмас едіңдер ғой. — Бәркелет түсін суытты.

— Жердің иесі Үргеніш ауып кеткен жоқ па? Енді сонда сандалуымыз қалған екен ғой! — Қабанбай көзін ежірейтті. — Сен өзің қайдан шықтың?

— Ау, Қабеке, олай кетіспейік. Бәріміз бір орыстың баласы, тоқалдан туған ешкім жоқ... — Бәркелет әдейі айтып тұр. Әйдербек бәйбішеден жалғыз болғанда, есенәлі-бөлек тоқалдан туатын еді. — Ал Ақиректің иесі әйдербек. Әнетейден сатып алғанымызға құдай куә...

— Жалаңаяқ Әнетей Ақирекке қайдан ие болып жүр? Біз оны Енесейден алып қалғанбыз! — Қабанбай күркіреді.

— Сүйегі қурап қалған Енесейді алға тартып қайтесің. Баласы Бесбасбайдан қамшы жеп, басымен қайғы болып кеткен жоқ па еді? Көп болса, жекжаттығыңды бұлдап тұрған шығарсың. Енесейге біз де бір қыз беріп отырмыз...

Қабанбай Бекбауылдың үйреткен сөзін айтты. Бәркелет Жабыға ұзатылған Топының қызын алдына тартқанда, ақылсыз бай тосылып қалды.

— Әй, бала! — Сөз таппаған Қабанбай шарт кетті. — Көп оттамай, ауылыңды тап! Құрманай соқасының тісі тиген жерден айрылмайды. Бидай батырға сәлем айт!

— Жарайды. Бір сөзіңді қалдырмай жеткізермін!

Бәркелет шоқыта тартты.

Бидай батыр тез бейіл кісі, ақылынан ашуы бұрын келетін. Ауылды жау тигендей қылып, жігіттерді атқа қондырды.

— Қазір түріп айдап шығамыз!

— Өздері қырық-елу адам көрінеді. Итіғұл қалтырап тұр. — Ат-көлігі сай, жазым қылып жүрер...

— Ой, аузыңды ұрайын, қорықсаң келіннің қойнына кір!

— Қорқып тұрған мен жоқ. Сірәдағысын айтамын ғой. Ең болмаса, жақын жердегі күлік пен ардана-татыранға хабар берейік. Кішкене түгел көтерілсе, азғантай алтынбайды түтіп жер. Қуып тастады екен деп кете береді ме? Күш көрсетсең, олар да ағайынға ат шаптырады.

— Осының сөзінің жаны бар. Қамсыз отырып болмас. Жәніке батырға адам жібер, Беке. Бәркелет ақыл айтты.

Былтыр жаз ортасында Таңсыққожа дүние салды. Ағайынға қайыры мол ақсақалды есенәлі-әйдербек түгел сыйлайтын еді. Ет жақын туысы Әліқұлға қараған алты-жеті ауылдың азаматы жаназаға қатысты. Ақсақал өлімі ағайын үшін үлкен сын... Жетісі бар, қырқы бар... Одан соң жүзі келеді... Ас беріледі... Осындай атаулы күндерден Әліқұлға қарағандар қалыс қалып болмайды. Жәніке биыл Қарақұмға қарай жылжып, Көкқабаққа қонған...

Биыл батырдың соңындағы ауылдар көп шығындалды. Ондай кезде құдайдан тілеу салтыңда жоқ, Жәніке-Сарының тентек ұлдары, жұтта кеткен есесін көршілерінен қайтарады. Бақа бастаған жеті жігіт кейіндеп қала берген. Мойынқұмда отырған Ұлы жүз аулының бір бөлек жылқысын көтере айдап кетті...

Осыдан бір аптадай бұрын Таңсыққожаның жүзі берілді. Бидай батыр барып қайтқан. Сырлыбайға қарағандар Сіңіртекті құдығының басында, көшуге дайын, қанаттарын қомдап отыр еді. Жәнікенің Көкқабақта екенін сонда есітті. Бұл жерден жеті көштік Жәнікеге хабар тигенше қашан... Бірақ, Итіғұл төндіре сөйлейді.

— Бидай аға, астыма сандалкөкті бергізші. Көкқабаққа ертең-ақ жетейін! Көріп жүрген жер ғой...

— Сандалкөк өзіме де керек болып тұр-ау...


  • Жәнікеге хабар тигізер болсаң, сандалкөкті мінгізейік, - деді Бәркелет. — Әуелі Шықымандағы Таңсыққожаға барасың. Дайрабай мен Дүйсенбай жігіттерін алып жетсін. Сандалкөкті сол жерден бері қайтар. Таңсыққожаның жылқысы жетеді. Жаманқұлдан бір жүйрік сұрап мін!

Сандалкөктің үстіне шыққанда Итіғұлдың көзі жайнап кетті. Ақиректің басына көтерілген жерде, артына бір қарап еді, қарасы қырық-елудей адам, өз аулының жігіттері құрманайлар жатқан Көкшекөлдің ұлтанына қарай, шоқыта шауып барады екен. Итіғұл сандалкөкке қамшы басты.

Қабанбай Бәркелеттің ашумен кеткенін біле тұрып, алтынбай жақтан қауіп күткен жоқ, Ат төбеліндей әйдербек... Екі мың үй кішкенеге қарсы таяқ көтеретіндей қауқар оларға қайдан бітіп жүр? Байдың кеудесінде астамшылық бар еді. Көп болса, Бидай батыр келер. Қабанбай оған басқаша мінез көрсетеді. Есенәлі-Әйдербек ағайын... Ақирек үшін қырылысып жатқаны ұят... Ақсақалға салғанда да құрманайдың еңбегі бар емес пе? Кәпірарықтың тоғанын қайта тұрғызып, су алып кеткен жерді құрғатып отыр. Әлгіде сол сөздің аузына қалай түспегеніне Қабанбай енді өкінді.

Сәскеден бері мойны бос аттар тыңайып қалған. Жігіттер апыл-ғұпыл асқа отырды.

— Ойбай, алтынбайлар!

Айқайлаған Бәлдір еді. Шабдар атты тепеңдетіп, көпшілікке ере келген. Өзі аттың басын жетелейді, Жалбыр жерағаш ұстайды. Тәңертеңнен бері бұлар да қыбырлап жер тырналаған болып жүр...

Сатырлаған аттыларды көргенде шылбыр қолынан түсті.

— Аттан, аттан!

Қабанбай барқырап жатыр. Аты анадай жерде байлаулы тұр еді. Ырс-ырс сонда жүгірді.

Қаперінде түк жоқ, ас ішіп отырған жұрт қапелімде сасып қалған. Көңілі зеректері атқа жүгірді. Бірсыпырасы қай жақтан жау келіп қалғанын өзі де түсініңкіремей, аңқая қарап тұр... Сатырлаған аттылар үстіне келіп қалған кезде ғана естерін жинады. Бірақ ат ұстап мініп, қарсы айқасуға кеш еді.

Бәлдір қалың қопаның ішіне зып қойды.

Жалбырдың миына түк кірген жоқ. Бәркелет келді. Қабанбаймен керісті. Үлкен адамдар керісе береді. Ондай-ондай Жалбырдың ойына кіріп шықпайтын шаруа еді. Жұрт асып-сасып жатқанда, ол жерағашын ұстаған күйі, анадай жерде аңтарылып калған. Табан астында Бәлдір ағасының қайда жоғалғанын да білмейді. Мына жұрт алтынбайларды бүгін көргендей, сасқандарына жол болсын...

Жалбыр қалың жаудың қарсы алдында тұр еді. Бір жалпақ сары сойылын басынан асыра үйіреді. Аузы ыржия ашылып, сап-сары тістері ақсиып кеткен. Жалбыр оны әдейі қорқытып келе жатыр екен деп түсінді. Момын жігітті кім көрінген тәлкек қылып, өп-өтірік қамшы үйіретін-ді... Жазығы жоқ, жапасы жоқ... сондықтан, сойылды сары төніп келе жатқанда, ол түк сасқан жоқ. Өзі де ыржия салды. Бірақ, сойылдан жасқанып, басын қолымен қалқалауды ұмытқан жоқ.

Жауырын ортадан сарт еткен қақ сойыл Жалбырды жалпағынан түсірді. Даусы бір-ақ шығып, көз жұмған. Өйткені, айнала дүние шырқ көбелек айналып, өзі де бір жаққа қарай далбақтап ұшып бара жатқандай көрініп зәресі ұшты.

Құрманайларда қамшыдан басқа қару жоқ еді. Жігіт саны екі жағында қарайлас болғанмен, жалаң қамшы қара сойылға қайрат көрсете алмады. Оның үстіне, көбісі қара жаяу. Атқа мініп үлгіргендерінің де бастары бірікпей, әр жерде пышырап жүрген жұртты, алтынбайлар бір-бірлеп қағып түсіріп, естерін жиғызбады...

Осылай боларын әккі Қабанбай да болжады. Аттың басын кейін бұрып, Ақпайдың үстімен, Талтаңбайқазғанды бетке алып, төпеп барады. Құмның ішінде Бекбауылдың аулы отыр. Алдыңғы күні Құмбазардағы Қабанбай аулына соғып кетті. Қой қырқылып, қозы аяқтанғанша, сол құдықтан жұрт аудармайтынын ескертіп еді.

— Барыңдар да Көкшекөлге жерағаш салыңдар! Алжыған Әнетей жер сатуға артына бақсын! Ақирек Енесей бидің жері болатын. Алтынбайдың дауын маған бер. Бекбауыл Қабанбайдың қайрауын жеткізді.

Қабанбай дауды ушықтырардай-ақ ушықтырды. Бекбауыл өзі тілеп еді, енді даудың аяғын соған тастауға бара жатыр.

Аман қалған құрманайлар Құмбазардан шықты.

Бәркелет аттан түсті. Сойылға жығылған бір-жар құрманай жігіттерді қолынан ұстап тұрғызып жүр. Қазақ арасындағы айқас осылай аяқталады. Ашу қысқанда, бірін-бірі қырып жіберердей, аянбай сілтеседі. Ақылы артынан кіреді. Өйткені, адам жазым болса, арты құн дауына кетеді. Қазақ үшін жан қымбат емес, мал тәтті. Адам аман болса, мал түгел... "Бас жарылса- бөрік ішінде, қол сынса — жең ішінде", қайта жауға барып жаралы қайтқанды мақтан көрер еді. Қазақ үшін өлімнен басқаның жарасы жеңіл...

Біреулері сойыл тиген иығын ұстап жыламсырап, біреулері мұрнының қанын сүртіп... құлағандар тұрып жатыр. Енді жеңілген ағайынның сөзі үстем... қызып кетсе, шешеден басады...

Әзір аманшылық еді.

Бәркелеттің көзі анадай жерде жатқан Жалбырға түсті. Жерді басымен сүзе жатыр, Былқ етпейді.

— Әй, батыр, тұр!

Біреу барып Жалбырдың иығынан түртті. Қимыл жоқ. Құйрықтан тепті. Қыбырламайды. Жұлқа тартып, шалқасынан салды. Жылбырдың бет-аузында бір тамшы қан жоқ, көзі жұмулы, мойны былқ-сылқ етеді.

— Ойбай, өліп қалыпты!

Бәлдір әлі де қамыстың ішінен шыға қоймай, сығалап қарап жатыр еді. Бауыр қиын екен. "Өліп қалыпты" деген сөзді есіткенде, ет жүрегі езіліп жүре берді.

— Ойбай, бауырым!

— Әй, мынау Бәлдір ғой!

— Бұл қайдан шықты!?

— Ойбай, бауырым, жалғызым, Жалбырым!

Жалбыр тірі еді. Басын көтеріп қарағанда, өз аулының жігіттері бас амандап қашып барады екен. Алтынбайлар құлап жатқандарды сүйрелеп жүр... Баспашылардың шапқыншылығы жайлы есіткендері есіне сап етті. Еркек кіндікті шетінен бауыздайды екен... Қорыққан Жалбыр қулыққа басты. Өп-өтірік өлген болып "көз жұмды"... Тепкілесе тұратын ниеті жоқ. Бәлдір ағасының ойбайынан шошыды. Өзінің тірлігіне шәк келтіргендей. Әрі бүкіл өмірінде бір жаннан тәтті сөз естіп көрмеген байғұс, "жалғызым" деген кезде, жүйкесі босап, өкіріп қоя берген...

Бәлдірді құшақтай алғанда, ағасы шалқасынан түсті.

Жұрт күлкіге қарық болып жатыр.
Х Х Х
Бекбауыл өзіне тете інісі Жақайды атқа қондырды.

— Ақмырзаға бар, Қызылдағы құрманай-құттықты түгел құлақтандырсын. Өздері тездетіп атқа қонуын мұқият тапсыр, Бекарыстан мен Бәйділда жолыңда ғой, оларға соға кетерсің. Жиеней, жолшора, асан-үсен ауылдарына хабарды сол екеуі тигізетін болсын. Көпшіліктің жиналатын жері Құмбазар екенін ұмытпа!

Есенәлі мен әйдербектің арасына Қабанбай өрт тастап келді. Бекбауыл осындай сәтті көптен аңдып жүр еді.

Жақын маңайдағы құрманай-құттық ертеңіне-ақ құлақтанды, құрманайдың жер жыртып жатқан жігіттерін алтынбайлар қырып салыпты... Дала шу етті, Бекбауыл аттандырған хабаршылар — Естекбай, Жақай сияқты жігіттер, қайда барса да жау тигізе сөйлейді. Намысшыл қазақ емес пе, — бірі қалмай атқа қонды...

Үш күнде Құмбазарда жиналған жігіт саны бір жүзге тақады. Өзі тарығып отырған ауыл, осынша жұртқа көже тауып беруі де қиын еді...

- Қарап отырып аштан қатамыз ба?

- Қызылдағы жұртты несіне күтеміз?

- Жаман алтынбайды өзіміз-ақ жайпап салмаймыз ба!

- Естекбай сияқты ер жігіттер алақанына түкіреді.

Қалың шоғыр қара көрсетіп, Мәстәтке қарай жорытты.

Бидай батыр да қамсыз отырған жоқ-ты. Үш күннің ішінде жақын жердегі ардана, татыран, күлік ауылдары түгел құлақтанып, аяғы жеткендер келіп жатыр... Қасына он жігіт ертіп Бөгенбайдың Дайрабайы келді. Қазір бұл ауылда да жүз қаралы адам басы құралып қалған...

Мәстәттің басында қарауыл қойып, Бидай батыр үйге кірді. Сандықтың түбінде жатқан ақ сауытты шығарды. Арғы атасы Андағұлдың көзін көрген мүлік еді, көптен ұсталмай тот басқан екен.



  • Аттан, аттан!

Қарауыл жігіт төпеп келеді.

— Атқа қоныңдар!

Бидай батыр "біссімілда" айтып, ақ сауытты үстіне киді. Жарықтық Андағұл атасы ірі кісі болса керек, сауыт Бидай батырға қолқылдап тұрды. Кей жерінде шиыршықтары сетінепті. Ондай-ондай батырдың ойына кіріп те шықпайды.

Ауылдан шұбатыла тартқан жұрт Мәстәттің басына шыққан соң ат басын ірікті. Құрманайлар екі-үш шақырым жерде, келіп қалған екен. Бұлардың қарасын көрген соң олар да кідірді. Ерден ердің қаупі бар... Екі жағының да қарасы мол, бұрын шабуға қайсысы да батпай тұр. Ошарылған күйі түске шейін тұрды. Түс қызды. Адамдарды шөл қысты. Әлден уақытта құрманайлар ат басын ауылдарына қарай бұрды.

— Қашты, қашты!


  • Тиісуге артына бақсын!

Әйдербек жағы өркештеніп қалды.

Бұл күн тыныш өтті.

— Әйдербек баласы түгел атқа қонғанын байқады. Енді жел жағыңнан жүре алмайды...

— Жанқожа болмаса, басқа кішкененің жайы белгілі...

Мұны айтқан ардана-татыранның жігіттері еді. Бәрі де дарияның аяғында, жер тырналап жатқан жұрт... Қанша шаруа күтіп тұр. Ағайын тарайтын ыңғай танытты.

— Әу, ағайын, тоқтаңдар! — деді Бәркелет. — Олар да біраз елдің басын құрапты ғой. Оп-оңай тарай қоймас. Тағы бірер күн кідіріп, әліптің артын бағайық...

Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, сыртта аттандаған дауыс естілді.

Айнымаған кешегі қалпы, алтынбайлар Мәстәттің басында, құрманайлар еңісте — биенің бір сауымындай аңдысты. Екі жағы да бұрын тиісуден қаймыққандай, алыстан ғана қара көрсетіп, жауар бұлттай түйіледі.

Зауал ауды.

Ақпайдың сыртындағы ақ шағыл құмнан бір топ салтатты шыға келді. Құрманайлардың елеурескені байқалады.

Бекбауылдың кешелі бері күткені солар еді. Нұрымбет аулының жігіттерін айнытпай танып тұр.

Қызылдағы елден Бәйділда ғана төбе көрсетті. Бекарыстанның әкесі Амалдық Жақайға кейіпті.

— Кеше бәрің жабылып қарақалпақты қарақтадыңдар. Олар көшіп еді, артында қалған қыстауға таласып, енді біріңді-бірің пышақтайсыңдар. Бүлдіріп жүрген Қабанбай екен. Асан баласы бұл даудың арасына кіріспейді...

Бәйбішеден тараған төртеудің Бәйділдадан басқасы жалт беретін сыңай танытты. Бекбауыл солай түсініп, кіжініп отыр. Бәйділда асан ішінде аз үйлі қожамберді. Бұрын оның шырт мінезіне бағып, Бек­бауыл жақтырмайтын еді, тарыққанда көзіне Бәйділда көрінді. Кішкененің ішінде құрманай-құттық тоқал. Амалдықтың сөзі Бекбауылдың көкірегіңде дық болып жабысатыны сондықтан...

Күткен Ақмырза, Жанқожасы келе жатыр...

- Майдан, майдан!

- Құрманай, құрманай!

- Асан!


- Құттық!

Бекбауыл бастаған жүз жігіт Мәстәтке ат қойды.

Төбенің басындағылар бір қобырлап қалғанда, Бәркелеттің көзі Дүйсенбайға түсті. Шоқша сақалды қара жігіт, садағын серіте ұстап, адырнасын кере тартып тұр екен.

- Ойбай, Дүйсенбай, қой! Адам жазым болып, үлкен дауға қалармыз!..

- Қап, Бәке, алдымды бекер кестің ғой. Дүйсенбай өкінді. — Қабанбайдың тымағын көздеп тұр едім. Мейманасы тасқан сасық байды бір шошытатын!..

- Алтынбай, алтынбай!

- Күлік, күлік!

- Ардана, қайдасыңдар!

- Татыран!

Қалың шоғыр етекке қарай дүркірей қозғалды.

Бәрекелеттің қаруы түйенің мойын тұрығы еді. Салмағы екі пұт тартатын зілдей немені қамшыдай үйіреді. Ол жүрген маңайда жан жоламай безе жөнеледі. Жолап кетсе мұрттай ұшырады. Қалың құрманайды қақ жарып өте шықты.

Арт жағы сартылдаған айқас екен. Біреу-жарым найза да жарқ-жұрқ етеді. Әйдербекте ондай соғыс қаруы жоқ, жалаң сойылмен шығып еді. Бәркелеттің жүрегі зырқ етті. Найза ұстап шыққандары, аяспас жаулыққа басқандары ғой... Әлгіде Дүйсенбайдың қолын бекер қаққан екен-ау... Мынасын білгенде, Қабанбайдың басындағы тымағы емес, өзін оққа байлайтын еді. Бәркелет ашынып алған. Аңдығаны, Қабанбай, біреу-жарым қарсы кездескенді кағып тастап, шайқастың қалың ортасына қойып кетті.

Шыңғырған, өкірген дауыстар естіліп, оның иманы қасым болды. Қабанбай сатыр-сұтыр соқтығысқандарға жоламай, шеттеңкіреп жүр екен. Бәркелет бір бүйірден сап етті.

— Бәлем, Қабан, қолға түстің бе!?

Анау жалт қарағанда, көк желкені нысанаға алып сілтеген мойынтұрық, бір иығына қаға тиіп жаны қалды. Қабанбай өкіре құлап бара жатты.

Осы кезде әлгі көрінген бір топ атты да араласып қалған екен. Ат басын кейін бұрған Бәркелет, сандал көктің үсті бос, шыға тартқанын көрді. Бидай батырдың жазым болғаны анық еді. Жапырық тымақты біреу жапырып барады. Қолында қамшыдан басқа қаруы жоқ, қарсы кездескенді қалпақтай түсіріп жүр.

Бидайды ұрып жыққан да осы болды ғой... Бәркелет енді жапырық тымақтыны аңдыды. Аржағын да сойылын үйіріп Дүйсенбай да келіп қалған екен. Жапырық тымақты екеудің ортасына түсті. Бәркелет мойынтұрықты бұрынырақ сілтеп еді. Бір кезде жапырық тымақты "жаудың" жүзіне көзі түсіп кетті. Ау, мынау Жанқожа ғой... Бірақ, ауыр мойынтұрық ырық бермеді. Жанқожаның ат жалын құшып бара жатқанын көрген Бәркелет өкініп тұр.

Қалың құрманайдың арасында Дүйсенбай екеуі ғана қалған екен. Қара бие болдырыпты. Шатқаяқтап әзер шоқырақ қағады. Бәркелеттің тоқтап бөгеле бергені Бидай батырды іздеп еді. Тағы да алдынан Жанқожа шықты... Жаяу... Құлап жатқан Бидай батырдың басын сүйеп отыр.

— Бидай ағам екен ғой, қалай білмей қалдым...

Бәркелет аттан түсе қалды, Бір жағынан Дүйсенбай да сап етті. Бәрінде де үн жоқ. Жанқожа мен Бәркелет Бидай батырды аты мықты Дүйсенбайдың алдына көтеріп берді. Батыр тірі. Ту сыртынан сілтеген қамшы, аса тиіп қабағын жарыпты. Ес-түссіз жатыр еді.

Құла айғырдың үстінде Бидай батырды құшақтап Дүйсенбай отыр. Бәркелет оны шылбырынан жетектеп келеді. Шыңның астындағы ауылға қайтты.

Бала-шаға үркіп қалған. Қиқу басталған соң-ақ қатын-қалаш үй жығып, жұрттың алды көшіп барады екен. Көш жолдан қайтарылды. Арыстанбаптың басына тақай Бидай батырдың үйі тігілді. Бір жағында дауыс қылған қатындар... Найза тиген жігіттер әр жерде бебеу қағады. Жер-дүние зарлаған, күңіренген үнге толды.

Ақсақалдар құрмалдық шалып жатыр.

Жұлдыз шыға Бидай батыр көзін ашты. Бірінші сұрағаны Жәніке еді. Айқайды салды.

— Жәніке қайда!?

Отырғандарда үн жоқ, бастары салбырап кеткен.

Бидай батыр атып тұрды. Не болғанын жаңа түсініп еді. Қамшы жегенін біледі. Сол кезде есіне Жәніке түскен...

— Жәніке, қайдасың Жәніке!

Намыстан жарылып кететіндей. Далаға қарай тұра жүгірді. Еңсесі түскен жігіттердің көздерінде жас мөлтілдейді. Бұлқынған Бидай батырды, Бәркелет пен Дүйсенбай қапсыра құшақтап тұр.
Х Х Х
Ертеңіне Жәніке келді.

— Жеті күншілік жерден қалай біліп келді...

— Бұл кісілер тегін емес қой!

Табанда аңыз қылып жұрт таратып әкетіпті. Жәніке Қаратаудың басында отырса, "Жәнікелеген" Бидай батырдың даусы құлағына сап етеді. Сонан қос аттап жеткені осы... Жұрт жағасын ұстайды.

— Алда әулием-ай!

— Жасы тоқсанның үстінде екен. Қаратау қайда, біреу қайда? Атқа жарап келіп отыр. Бұрынғының адамы сол...

Жәніке аулының жігіттері шетінен жау түсіргіш батырлар. Рахметәлі, Мелдебек, Сахар, Бақа — төртеуі де келіп отыр. Енді бірі Сегіз еді.

Хабаршы Итіғұл болған соң, Қараспанды жауға алдырып барған, Кішкенеге қараған ауылдар қалың қол болып аттанып, Ақиректің астына жиналып жатыр... алтынбайларды шауып алмақшы... Қабанбай бастаған құрманайлар Көкшекөлдің ұлтанына соқа салды. Жер иесі өзіміз деп, тайраңдап жүр... Көргенін емес, көкірекке түйгенін жеткізіп еді.

Қаратау маңы Жәнікеге де жайлы қоныс болып тұрған жоқ. Орыстан ығысқан біреу-жарым арғын-қыпшақ ауылдары бері қарай қоныс аударған. Қалбаның Қаратауын арғы ата-бабасы жайлау қылған атарман-шабармандар табылды. Бір жақсы қыстау Жәнікеге де керек еді...

Әйдербек баласы болып ауыз біріктіріп, Ақиректі сатып алғанын сонау жылы есіткенде, батыр мән берген жоқ-ты. Былтырдан бері Қаратаудағы қонысы тарылды да, Ақирек жайы еріксіз ойға оралды. Сыр бойындағы қопалы көлдің көпшілігін аталықты ауылдар меншіктеп жатыр. Рас, күліктің де қолы құр емес, дарияның аяғында Қосарал, Қызылжар, Кішітүбек сияқты жерлерге қыстау басқан. Бірақ, Ақирек тәрізді шұрайлы жердің жөні басқа, қолдан шығаруға болмайтын еді.

Жәніке қасына он-ақ жігіт ертті. Кішкенемен ұстасып абырой таппасын білді. Бір асанның өзі әйдербекті төрт орап алғаңдай екен. Балаларын еріткені, батырдың доң айбаты, әйтпесе, ағайынымен ұстасатын ойы жоқ. құрманай-құттықты жолға жығады...

Жәніке келген соң біреу-жарым тентектер, қайта елеуресті. Ақсақалдар батырдың аузына қарап отыр.

— Құдайдың жері кең еді ғой. Тек тар бейілдан сақ болыңдар, ағайын. Бір Ақирек үшін есенәлі-әйдербектің жігі айрылмасын. Ертеңімізді де ойлайық. — Жәнікенің алыс-жұлыспен өткен өмірден жалыққаны, қартайғаны көрініп тұр, күрсінді. — Бұл істің бейбіт бітімін ойлайық. Құрманай-құттыққа адам салыңдар...

Жолда Балпанды Жылқы батырға жұмсайды екен. Жақайым ара ағайын... Есенәлі-әйдербектің арасын бітіруді соларға тапсыратын болып келісті.

Нұрымбет те қарап жата алмайды екен. Жәнікеге өзі келіп сәлем берді. Өкінішті бір іс болып өткенін айтады... Нұрымбеттің балаларына тапсырғаны. басқа еді. Араздасқан ағайынды елдің арасына дәнекер болуды әдейілеп айтқан... Қызыл қырғынның үстінен шыққан соң, тентек немелер әкенің сөзін естен шығарып, қойып кетіпті...

Сегізге кездескен жерде Жанқожа да соны айтты. Кешегі жұмысқа ренішті еді...

Сегіз Жәніке атасының сөзіне, өмірінде бірінші рет ырза болып отыр еді. Дау бейбіт тыным табуға бет алды.

Құрманайдың сөзін Бекбауыл ұстады. Кәпірарықтың сағасына жұрттан бұрын қыстау салған өзі еді. Бекер салмаған екен сонда... Көшер кезде Мамыттың емеуріні болыпты... Енесей бидің жалғыз жиені, қарақалпақ көшсе, Ақирекке сол иелік ететінін Мамыт айтып кеткен көрінеді...

Бірақ, Бекбауылдың бұра тартқан сөзі, басқа жұрт түгіл, өз туыстарын да қанағаттандырмады...

Әйдербектің сөзін ұстауға Сегіз шыққан. Ақиректі ақ адал малына сатып алғаны анық. Әнетейдің бір ауыз сөзін құлағымен естіп, Әйдербекке айтып барған өзі еді.

Куәлікке Жанқожаның өзін тартып отыр.

Өтегеннің баласын Нұрымбеттің баласы сөзге жығып берді. Қысылған кезде, Бекбауыл құрманайлар Кәпірарықтың сағасын бөгеп, еңбек сіңіргенін еске алды.


Каталог: docs
docs -> Рефераты қызылорда, 2013 ж
docs -> Ұлы пайғамбар ( с. ғ. с.) ұлықталған ғибратты кеш Наурыздың 11-і, қасиетті жұма күні Елордамыздағы Конгресс-Холл сарайында «Нұр Астана»
docs -> "Псюхе" ұғымы келесі мағынаны білдіреді
docs -> C мінез-құлық d санадан тыс
docs -> Бердіқожа назгүЛ бердіқожақызы зейнолла Шүкіров өлеңдерінің жанрлық, көркемдік ерекшеліктері
docs -> Анықтама басылымдар 070(574) Қ 17 Қазақ телевизиясы
docs -> Мадиева жансая қойшыбайқызы абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезовтің шығармаларындағы педагогикалық идеяларының сабақтастығы
docs -> Сабақ Мұхтар Әуезов «Біржан сал Абай ауылында»
docs -> Мұражай-қорық коллекцияларына жаңадан алынған бұйымдар (ақын Төлеу Көбдіковтің 140 жылдығына орай) «Әдебиетті дарынды тұлғалар жасайды. Ал тұлғаны жарататын халық»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет