Зәуреш Асылбекова мағжан — АҚынның АҚыны



Дата31.12.2019
өлшемі55 Kb.
#55176
Зәуреш Асылбекова

МАҒЖАН — АҚЫННЫҢ АҚЫНЫ

Алаш қайраткері, қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған шаралар легі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде жалғасын тапты. “Мағжан Жұмабаев мұрасы және әлемдік руханият” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ақын шығармашылығын зерттеуші отандық және шетелдік ғалымдардың басын қосты. Конференция жұмысына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.

Қазақ халқы үшін ғана емес, барша түркі әлемінде орны бөлек ақынның мерейтойы жыл басынан бері тойланып келеді. Алдымен Анкара қаласында “ТҮРКСОЙ” халықаралық ұйымының штаб-пәтерінде Мағжан Жұмабаев жылының ашылу салтанаты, кейін Париж қаласында “Рухани жаңғыру және мәдени мұра: өткеннен келешекке түркі тілі” атты халықаралық форум ұйымдастырылды. Ұлы жерлесіміздің 125 жылдық мерейтойының “ЮНЕСКО” деңгейінде аталып өтілуі, 2018 жылдың Мағжан жылы деп белгіленуі – баршамыз үшін мақтаныш, абырой. Атаулы мерейтойға орай республикамызда және шетелдерде Мағжанның өмірі мен шығармашылығы жайында ондаған кітап жарық көрді. Еңбектері он шақты тілге аударылды. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі “Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл” тақырыбында “Естелік және мерейтойлық даталар” сериясымен пошта маркасын әзірледі. Конференция барысында он мың данамен басылған марканы өңір басшысы Құмар Ақсақалов пен “Қазпошта” АҚ-ы облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Жанна Омарова салтанатты түрде айналымға енгізді.

Облыс әкімдігі мен өңіріміздегі іргелі оқу орны ұйымдастырған шараға “ТҮРКСОЙ” халықаралық ұйымының өкілдері, Түркияның Кастамону, Гази және АҚШ-тың Мичиган университеттері мен отандық жоғары оқу орындарының мағжантанушылары, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия елдерінен келген ғалымдар мен қаламгерлер, ақынның туыстары қатысты. Конференцияға 90-нан астам баяндама келіп түскен.

– Қазақтың ұлы ақыны, шебер аудармашы, көсемсөзші Мағжан Жұмабаевтың мерейтойына орай облысымызда 450-ден астам шара өткізілуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Тарих толқынында” атты кітабында қазақтың асыл перзенті, алты Алаштың ардақтысы, халқы үшін, елі үшін жарқырап жанған, күнге ғана табынған, өзіне ғана бағынған, жүрегі мен жаны – от, иманы мен ары – от Мағжан Жұмабаевтың поэзия әлеміндегі сәулесі мәңгі өшпес жұлдыз, қайталанбас құбылыс”, – деп жазды. Сәбит Мұқанов: “Мағжан – ақынның ақыны”, Мұхтар Әуезов “кейінге қалатын сөз Мағжандікі” деді. Заманынан оза туған ақынның мұрасы кейінге – азық, болашаққа – мұра. Ол халқының болашағы үшін күресетін негізгі күш – жастар деп атап өтті. Бүгінде Мағжанның жолын жалғайтын, сенімін ақтайтын көзі ашық, көкірегі ояу, саналы жастар өсіп келеді, – деген облыс әкімі Құмар Ақсақалов конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Өңір басшысы “Рухани жаңғыру” бағдарламасының іске асуына үлес қосып, ақын шығармашылығын насихаттау ісінде елеулі еңбек сіңіріп жүрген бір топ мейманға “Мағжан Жұмабаев” төсбелгісін табыс етті. Олардың арасында “ТҮРКСОЙ” халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Гази университеті Түркітану орталығының директоры, профессор Хулия Ченгел, Мичиган университетінің профессоры Тимур Қожаоғлы және Мағжан шығармаларын қырғыз, әзірбайжан, балқар, өзбек тілдеріне аударған Нұрлан Қалыбеков, Ақбар Рұсқұлов, Рамиз Аскеров, Аскер Додуев, Мұзаффар Ахмад сынды ақын-жазушы, аудармашылар бар. Сондай-ақ, бұл күні М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ректоры Серік Өмірбаев, Қазақ ұлттық аграрлық университеті “Рухани жаңғыру” гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі, академик Ханкелді Әбжанов, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік Негимов, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, “Мағжан” журналының бас редакторы, “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры Жарасбай Сүлейменов, “Алаштану” ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Тұрдығұл Шаңбай, СҚМУ профессоры Зарқын Тайшыбай мен Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатының директоры Сәуле Мәлікова да ерекше құрметке ие болып, марапатталды.

Ақиық ақын мерейтойы қарсаңында өңірімізде үш жаңа кітап жарық көрді. Мәтіні қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде жазылып, көркем безендірілген кітаптардың бірі – “Біздің Мағжан” еңбегін М.Қозыбаев атындағы “СҚМУ” ұжымы әзірлеп шығарды. Жаңа кітаптың тұсауын кескен “Алаштану” орталығының директоры Тұрдығұл Шаңбай өз сөзінде Мағжан есімі бұдан әрі де ұлықталып, асқақтай түсуі тиіс деген ойын айтты. “Мәселен, Мағжан жүрген Омбы – Қызылжар жолы “Мағжан жолы” деп аталса, игі болмас па еді? Мағжан жырлаған Түркістан бүгінде облыс орталығына айналып отыр. Сол сияқты Мағжанның рухы оның есімімен байланысты әрбір жерде сақталатынына сенімдімін”, – деді ол.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің профессоры Зарқын Тайшыбай “Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы” атты екі томдық кітапқа ақынның өмірлік жылнамасын жинақтап енгізсе, “Мағжан Жұмабаев” энциклопедиясының жарық көруіне жазушы, журналист Жарасбай Сүлейменов көп тер төкті. “Жастарымыз Мағжан сияқты туған жерін шексіз сүйсе, Мағжан сияқты халқына адал қызмет етсе, еліміздің болашағы жарқын болмақ. Сондықтан ұлы ақын өнегесін жастар бойына құя жүру – біздің абзал борышымыз”, – деді Жарасбай Қабдоллаұлы.

Бұл күні Мағжанның өлеңдері қазақ, ағылшын, түрік тілдерінде оқылды. Жыр пайғамбарының қаламгерлігі мен қайраткерлігі туралы Мичиган университетінің профессоры Тимур Қожаоғлы баяндама жасады. Сөз арасында Мағжан өлеңдерінің ағылшынша нұсқасынан үзінділер келтірді. Ақынның түркі бірлігі мен ынтымақтастығына қосқан зор үлесі туралы Гази университеті Түркітану орталығының директоры Хулия Ченгел айтып берді. Осынау алқалы жиынды ұйымдастырып, Мағжан әлемінің тұңғиығына бойлауға мүмкіндік тудырған азаматтарға зор алғысын білдірді. “Екі бауырлас ел арасына алтын көпір орнатқан тұлғалардың бірегейі Мағжан деп білемін” деген түркітанушы ақынның “Мен жастарға сенемін”, “Алыстағы бауырыма” сынды өлеңдерінің түркітілдес халықтардың ортақ мұрасына айналғанын тілге тиек етті.



Конференцияға қатысушылар ақынның өмір жолынан сыр шертетін деректі материалдар, сондай-ақ, еңбектері жинақталып, топтастырылған кітаптар қойылған “Мағжан – Алаштың ұлы перзенті” атты көрмені тамашалады. Ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысы бірнеше тақырыптар бойынша секциялық отырыстармен жалғасты.
// Солтүстік Қазақстан.- 2018.- 26 маусым
Каталог: files -> user
user -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар көрсететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы
user -> Әлия-саптан ұмтылып, Жүгіріп шықты аптығып, Құшақтап алған мылтығын, Кіршігін қақпай қалт тұрып. Сағи Жиенбаев
user -> 85. Өнер. Өнер тану Құлахмет Қожықов – қазақ театры мен киносының тұңғыш суретшісі
user -> Пайдаланған әдебиеттер
user -> Ақын, жазушы Абай Құнанбайұлының шығармашылығына библиографиялық шолу
user -> Қазақстан тарихы
user -> Дулат Қожахметов Жырдың жез қанатты ақынын еске алуға арналды Облыс орталыгында Кэкімбек
user -> Ақиқаттың адамы /Бердібек Соқпақбаевтың 90-жылдығына библиографиялық шолу
user -> «елінің ерке серісі» (Ақан сері Қорамсаұлы)
user -> Қазақстан тарихы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет