Соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы



Дата26.06.2018
өлшемі41.52 Kb.
Соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 29 маусымдағы N 5 Нормативтік қаулысы

      Мұрагерлік туралы заңнаманы біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

қаулы етеді:

      1. Мұрагерлік туралы істер бойынша дауларды шешкен кезде соттар мұра ашылған күнде қолданыста болған заңнаманы басшылыққа алуы тиіс.


      Мұрагерлік жөніндегі қатынастарды реттеудің бұрынғы тәртібіне қандай да бір өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң, ол қолданысқа енгізілгеннен кейін туындаған құқықтар мен міндеттерге қолданылады.
      2. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 1042-бабына сәйкес мұра қалдырушының қайтыс болған күні, ал оны қайтыс болған деп жариялаған кезде азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі күшіне енген күн не сот шешімінде қайтыс болған деп белгіленген күн мұраның ашылу уақыты болып танылады. Егер бірінен кейін бірі мұрагер болуы мүмкін азаматтар бір мезгілде немесе бір күнтізбелік тәулікте, бірақ түрлі сағатта қайтыс болса, онда олар бірінен кейін бірі мұрагер болмайды және мұрагерлікке олардың әрқайсысының мұрагерлері шақырылады.
      3. Мұра қалдырушының соңғы тұрған жері мұраның ашылу орны болып табылады.
      АК-нің
16-бабына сәйкес азамат тұрақты немесе көбінесе тұратын елді мекен оның тұрғылықты жері деп танылады. "Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 12 шілдедегі N 1063 қаулысына сәйкес, азаматтарды тіркеу тұрақты тұратын орны бойынша жүзеге асырылады. Әдетте, мұра қалдырушының соңғы тұрған жері тұрақты тұрған жеріне сәйкес келеді.
      Егер Қазақстан Республикасының аумағында мүлкі болған мұра қалдырушының соңғы тұрған жері белгісіз болса немесе оның аумағынан тыс жерде болса, Қазақстан Республикасында мұраның ашылу орны деп осындай мұрагерлік мүліктің орналасқан орны (жылжымайтын мүлік орналасқан жер, жылжымалы мүлік тіркелген жер, мұра қалдырушының шоты ашылған банк орналасқан жер және т.б.) танылады. Егер көрсетілген мұра әртүрлі жерлерде орналасқан болса, оның құрамына енетін жылжымайтын мүліктің орналасқан жері, ал жылжымайтын мүлік болмаған кезде - жылжымалы мүліктің немесе оның неғұрлым құнды бөлігінің орналасқан жері мұраның ашылу орны болып табылады. Мүліктің құндылығы оның нарықтық құнының негізінде айқындалады.
      Мұра қалдырушының тұрған жері мұрагерлерге белгілі болып, бірақ олар оны қандай да бір себептер бойынша құжаттармен дәлелдей алмаған жағдайларда, сот мұрагердің арызы бойынша Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - АІЖК)
291 - 295 -баптарының тәртібімен мұраның ашылу орнының заңдық фактісін белгілеуі мүмкін.
      Азамат тұрақты тұрған жерінен тыс жерде (мысалы, міндетті әскери қызметті өткеруіне, оқуына, жұмыс жағдайына және сипатына, іссапарға, емдеу мекемесіне орналасуына, бас бостандығынан айыру орындарында болуына және т.б. байланысты) қайтыс болған жағдайда осындай адамдардың соңғы тұрақты тұрған жері деп олар қайтыс болғанға дейін (әскери қызметке шақырылғанға дейін, оқуға түскенге дейін, іс-сапарға шыққанға дейін, сотталғанға дейін және тағы басқа) тұрақты тұрған жері танылады.
      4. Кишиневте 2002 жылғы 7 қазанда қол қойылған, Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 10 наурыздағы
Заңымен бекітілген Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға қатысушы мемлекеттер үшін заңдық күші бар осы Конвенцияның 51-бабына сәйкес жылжымалы мүлікті мұраға қалдыру туралы істер бойынша істі аумағында қайтыс болу сәтінде мұра қалдырушының тұрғылықты жері болған Уағдаласушы Тараптың уәкілетті мекемелері жүргізуге құзыретті.
      Жылжымайтын мүлікті мұраға қалдыру туралы істер бойынша істі аумағында мүлік орналасқан Уағдаласушы Тараптың уәкілетті мекемелері жүргізуге құзыретті.
      Осындай ереже 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы Минск Конвенциясының 48-бабында және 1997 жылғы 28 наурыздағы осы Конвенцияға хаттамада да бекітілген. Бұл Конвенция Кишинев конвенциясына қатысушы мемлекет пен оның қатысушысы болып табылатын, бірақ ол үшін Кишинев Конвенциясы күшіне енбеген мемлекет арасындағы қатынастарға қолданылады.
      5. АК-нің
1072-бабының 1-тармағына сәйкес мұраны алу үшін заң бойынша немесе өсиет бойынша мұрагер оны қабылдауы тиіс. Мұраны қабылдау тәсілі мұра ашылған кезде қолданыста болған заң бойынша айқындалады.
      Азаматтық
кодекс (Ерекше бөлім) қолданысқа енгізілгенге дейін (1999 жылғы 1 шілдеге дейін) және 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңымен Азаматтық кодекске (Ерекше бөлім) енгізілген өзгерістер қолданысқа енгізілгеннен кейін (2007 жылғы 3 ақпаннан бастап) ашылған мұраны мұрагер мұраның ашылу орны бойынша нотариусқа немесе заңға сәйкес мұра алу құқығы туралы куәлікті беруге уәкілетті лауазымды тұлғаға мұраны қабылдау туралы немесе мұра алу құқығы туралы куәлікті беру туралы арыз беру арқылы не оны іс жүзінде қабылдау арқылы қабылдауы тиіс.
      Мұраны іс жүзінде қабылдау деп мұрагердің мұра қалдырушы қайтыс болғаннан кейін соңғының мүлкін иеленуін және пайдалануын кәуландыратын әрекеттері, оның мүлкін ұстау мен сақтау жөніндегі әрекеттерді жүзеге асыруы, мұрагерлік мүлікке байланысты оның қарыздары мен салықтарын төлеуі не мұрагерлік массаға енгізілуге жататын мүліктік сипаттағы мұра қалдырушыға тиесілі төлемдерді, құндылықтарды алуы түсіндіріледі.
      Мұрагерлер көрсетілген әрекеттерді мұра ашылған кезден бастап алты ай ішінде жасауы тиіс.
      Мұрагердің мұрадан бас тартуы, басқа мұрагердің мұраны қабылдамауы немесе АК-нің
1045-бабында белгіленген негіздер бойынша мұрагерді мұраны қабылдаудан шеттету салдарынан мұрагерлік туындайтын басқа тұлғалар, олардың мұрагерлікке құқықтары туындаған күннен бастап алты ай ішінде мұраны қабылдауға құқылы.
      1999 жылғы 1 шілдеден бастап 2007 жылғы 3 ақпан аралығындағы кезеңде ашылған мұра бойынша мұрагерлікке шақырылғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап алты ай ішінде мұрадан бас тартпаған, АК-нің
1045-бабында көзделген негіздер бойынша мұрагер құқығынан айырылмаған мұрагер өзіне тиесілі мұраға немесе оның бөлігіне (үлесіне) құқықты мұра ашылған уақыттан бастап иеленеді және заңда белгіленген тәртіппен оны мұрагер деп тағайындау туралы өсиеттік өкімді жарамсыз деп тану салдарынан мұрагерлік құқықты жоғалтпайды.
      6. Белгіленген тәртіппен қабылданған мұра, ол ашылған күннен бастап мұрагерге тиесілі деп танылады. Сондықтан мұра алу құқығы туралы куәлікті алу мұрагердің міндеті емес, құқығы болып табылады, көрсетілген куәліктің болмауы мұрагерлік құқықты жоғалтуға негіз бола алмайды.
      7. Егер мұрагер АК-нің
1072-1-бабының 2-тармағында көрсетілген қандай да бір әрекеттерді жасап, мұраны іс жүзінде қабылдаса, бірақ нотариус қандай да бір себептермен мұра алу құқығы туралы куәлікті беруден бас тартса, онда мұрагер сотқа ерекше іс жүргізу тәртібімен нотариустың әрекеттеріне шағым келтіруге құқылы.
      Мұрагер мұраны іс жүзінде қабылдаған, бірақ мұра алу құқығы туралы куәлікті алу үшін нотариусқа қажетті даусыз дәлелдемелерді келтіре алмаған және оларды өзге де жолмен алуға мүмкіндігі болмаған жағдайда мұрагер мұраны қабылдаудың заңдық фактісін белгілеу туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы, арыз ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралады. Егер, бұл ретте құқық туралы дау туындаса, онда мұндай фактіні белгілеу талап қою тәртібімен жүргізіледі.
      8. Мұрадан бас тарту туралы арыз мұрагер мұрагерлікке шақырылғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап алты ай ішінде мұра ашылған орны бойынша нотариусқа мұрагердің жеке өзі келіп беруі немесе пошта арқылы берілуі мүмкін. Арыз пошта арқылы жіберілген кезде арызға қойылған қол куәландырылуы тиіс. Нотариус, елді мекенде нотариус болмаған жағдайда нотариаттық әрекеттерді жасауға өкілетті аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімі аппаратының лауазымды тұлғасы, сондай-ақ мұрагер уақытша немесе тұрақты шетелде тұрып жатқан жағдайда Қазақстан Республикасының атынан консулдық функцияны жүзеге асыратын лауазымды тұлға қолдың түпнұсқалығын куәландыруға құқылы.
      АК-нің
167-бабына сәйкес ресімделген сенімхатта мұрадан бас тартуға өкілеттік көрсетілген жағдайда ғана мұрагердің өкіліне сенімхат бойынша осындай арыз беруіне жол беріледі.
      Жасы он төртке келмеген кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері (олардың ата-аналары, асырап алушылары, қорғаншылары), сондай-ақ белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың қорғаншылары сенімхатсыз әрекет етеді. Алайда, мұрадан бас тарту үшін олар қорғаншылық және қамқоршылық органынан рұқсат алуы қажет.
      Он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар, соттың шешімімен әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдар өздерінің ата-аналарының, асырап алушыларының, қамқоршыларының келісімімен мұрадан бас тартуға құқылы. Соңғылар қорғаншылық және қамқоршылық органының рұқсатымен ғана келісім бере алады.
      АК-нің
1074-бабының 1-тармағына сәйкес, мұрагер мұраны қабылдау үшін берілген мерзім (алты ай) өткеннен кейін, сондай-ақ мұраны іс жүзінде қабылдаған кезде мұрадан бас тарту құқығын жоғалтады. Мұрадан бас тарту үшін мерзім мұрагер өзінің мұрагерлікке шақырылғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған кезден басталады. Сот дәлелді себептер болған жағдайда мұраны қабылдаудан бас тарту мерзімін ұзартуы мүмкін, алайда бұл мерзім екі айдан аспауға тиіс.
      Сот мұрагерлердің мұрагерлік мүлік туралы дауларын қараған жағдайда мұрагер сотта мұрадан бас тарту туралы өтінішін білдіре алмайды және сот оны қабылдамайды.
      9. Мұрадан бас тартқан адам кейіннен өзінің бас тартуының күшін жоя алмайды немесе оны өзгерте алмайды. Мұрадан бас тарту ерікті түрде жасалмаған жағдайда (басқа адамдардың тарапынан мәжбүрлеу, алдау немесе жаңылыстыру және т.с.с. арқылы жасалса), мұрагер мәмілені жарамсыз деп тану үшін АК-де көзделген негіздер бойынша сот тәртібімен даулауға құқылы.
      Егер мұрагер өсиет бойынша және заң бойынша мұрагерлікке шақырылса, онда ол осы негіздемелердің біреуі бойынша немесе екі негіздеме бойынша өзіне тиесілі мұрадан бас тартуға құқылы.
      АК-нің
1074-бабының 8-тармағына сәйкес ескерту жасап немесе шарт қойып мұрадан бас тартуға жол берілмейді. Егер мұрагер мұраның бір бөлігінен бас тартса, онда ол барлық мұрадан бас тартты деп есептеледі. Алайда, бұл ереже АК-нің 1079-бабына сәйкес мұрагерге үстелу құқығы бойынша тиесілі мұрадан бас тартқан жағдайға қолданылмайды.
      10. Мұрагерлікке шақырылған мұрагер өсиет бойынша немесе кез келген кезектегі заң бойынша мұрагерлердің қатарындағы басқа адамдардың пайдасына, оның ішінде ұсыну құқығы бойынша мұрагерлікке шақырылған адамдардың пайдасына немесе нақты адамдарды көрсетпестен мұрадан бас тартуға құқылы. Мұрагерлікке шақырылмаған ұсыну құқығы бойынша мұрагерлердің, АК-нің
1046-бабының 4-тармағына сәйкес өсиет қалдырушы мұрадан айырған мұрагерлердің не лайықсыз мұрагерлер деп танылған адамдардың пайдасына мұрадан бас тартуға жол берілмейді.
      Егер мұрадағы міндетті үлеске құқығы бар мұрагер заңда белгіленген мерзімде өзінің міндетті үлесін алу құқығынан бас тартса, онда мүліктегі оның үлесі өсиет бойынша мұрагерлерге ауысады. Міндетті үлеске құқық мұрагердің жеке басына байланысты болады, сондықтан міндетті үлестегі мұрадан басқа адамдардың пайдасына бас тартуға жол берілмейді.
      Мұра қалдырушы барлық мүлікті өзі тағайындаған мұрагерлерге өсиет етсе, онда мұрадан қандай мұрагерлердің пайдасына бас тартқанын көрсетпеген, мұрадан бас тартқан немесе шығын қалған мұрагерге тиесілі мұра бөлігі өсиет бойынша қалған мұрагерлерге ауысады және өсиетте өзгеше көзделмегендіктен, олардың үлестеріне бара-бар бөлінеді. Шығын қалған мұрагер деп мұрадан бас тартқан не АК-нің
1072-2-бабында белгіленген мерзімде мұраны қабылдамаған, сондай-ақ мұраны іс жүзінде қабылдамаған және мұра қалдырушыдан бұрын қайтыс болған мұрагерді түсіну керек.
      11. Мұрагердің АК-нің
1072-3-бабына сәйкес мұраны қабылдау үшін мерзімді қалпына келтіру туралы арызын қарағанда сот мерзімді қалпына келтіріп, мынадай шарттар жиынтығы болған кезде:
      мұраны іс жүзінде қабылдаған дәлелдері болмаса;
      мерзім дәлелді себептермен (мұрагердің науқастануы, сондай-ақ мұраны қабылдау туралы арызды беруге кедергі жасайтын мән-жайлар) өткізіп алса;
      мұрагер осы мерзімді өткізіп алуының себебі жойылғаннан кейін алты ай ішінде сотқа жүгінсе мұрагерді мұраны қабылдаған деп тани алады.
      Бұл ретте, мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру туралы арызбен сотқа жүгінудің алты ай мерзімі АІЖК-нің
128-бабының тәртібімен қалпына келтірілмейтіні ескерілуі тиіс. Осы мерзімнің өтуінің басталуын анықтау мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алу себептерінің аяқталуына байланысты болғандықтан мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру және мұрагерді мұраны қабылдаған деп тану туралы арыз АК-нің 1072-3-бабында көрсетілген алты айлық мерзімнің өтуіне қарамастан соттың өндірісіне қабылданады.
      Мұраны қабылдау үшін мерзімді өткізіп алу себептерінің дәлелділігін және мұрагерді мұраны қабылдаған деп тануды сот әрбір істің нақты мән-жайларына байланысты анықтайды.
      12. Мұраны қабылдау үшін мерзімді қалпына келтіру және мұрагерді мұраны қабылдаған деп тану туралы арыз мұрагерлік мүліктің немесе оның негізгі бөлігінің орналасқан орны бойынша сотта талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен мұраны қабылдаған басқа мұрагерлердің қатысуымен қаралады. Осындай мұрагерлер болмаған жағдайда мұраның ашылған орны бойынша коммуналдық меншікті басқаруға өкілетті орган іске қатысуға тартылады, себебі иесіз қалған мүлікті алу үшін мұраны қабылдау талап етілмейді.
      Арыз қанағаттандырылған жағдайда сот шешімнің қарар бөлігінде мерзімнің қалпына келтірілгендігі және мұрагердің мұраны қабылдағаны танылғандығы көрсетіледі, сондай-ақ нотариус берген мұра алу құқығы туралы куәлік бар болған кезде барлық мұрагерлердің үлесін белгілейді тіркеу органдарына мұра қалдырушының мүлкіне мұрагердің құқығын тіркеуді міндеттеп, мұра алу құқығы туралы куәлікті жарамсыз деп таниды. Қажет болған жағдайда сот АІЖК-нің
159 және 239-баптарына сәйкес жаңа мұрагердің мұраның оған тиесілі үлесін алу құқығын қорғау жөнінде шаралар қолдануға тиіс.
      Егер мұраны бөлу туралы талап қойылса, сот АІЖК-нің
219-бабының екінші бөлігінің ережелерін негізге алып, қойылған талаптың мәні бойынша шешім шығаруға міндетті.
      Нотариус мұра алу құқығы туралы куәлікті бермеген жағдайда арыз қанағаттандырылған кезде сот шешімнің қарар бөлігінде мерзімнің қалпына келтірілгендігі және мұрагердің мұраны қабылдағаны танылғандығы көрсетіледі. Соттың шешімі нотариустың мұра алу құқығы туралы куәлікті беруі үшін негіз болып табылады.
      13. Мұра алу құқығы туралы куәлікті мұрагерлерге нотариус немесе заңға сәйкес мұра алу құқығы туралы куәлікті беруге өкілетті лауазымды тұлға мұра ашылған күннен бастап алты ай өткеннен кейін мұраның ашылған орны бойынша береді.
      Осы мерзім өткенге дейін заң бойынша және өсиет бойынша мұра алу құқығы туралы куәлік нотариустың немесе лауазымды тұлғаның мұраға қалдырылған мүлікке қатысты басқа мұрагерлердің жоқ екендігі туралы құжаттармен расталған дәйекті мәліметтері болған жағдайда ғана берілуі мүмкін.
      Табыс етілген мәліметтер күмән тудырған кезде нотариус мұра алу құқығы туралы куәлікті мерзімнен бұрын беруден бас тартуға құқылы. Бұл әрекеттер мұра ашылған күннен бастап алты ай өткеннен кейін мұра алу құқығы туралы куәлікті беруге кедергі болып табылмайды.
      14. АК-нің
1044-бабына сәйкес мұра ашылған кезде көзі тірі болған, сондай-ақ мұра қалдырушының көзі тірі кезінде іште қалған және мұра ашылғаннан кейін тірі туған азаматтар өсиет және заң бойынша мұрагер бола алады.
      Мұра ашылғанға дейін құрылған және мұраның ашылу уақытында болған заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекет өсиет бойынша мұрагер болуы мүмкін.
      Заң бойынша мұрагерлер АК-нің
1061 - 1064 -баптарында көзделген кезектілік тәртібімен мұрагерлікке шақырылады. Заң бойынша мұрагерлердің әрбір келесі кезегі мұрагерлердің алдыңғы кезегі болмаған жағдайда мұра алу құқығын иеленеді.
      15. Мұра қалдырушының асырауында болған еңбекке жарамсыз адамдар, егер олар мұра ашылған кезде еңбекке жарамсыз болып, мұра қалдырушы қайтыс болғанға дейін кемінде бір жыл оның асырауында болса, олар ашылған мұрадан үлестерін алуға құқылы.
      АК-нің
1062 - 1064 -баптарында көрсетілген заң бойынша мұрагерлерге жататын еңбекке жарамсыз адамдар мұра қалдырушымен бірге тұрғандығына немесе тұрмағандығына қарамастан, мұрагерлікке шақырылған кезектегі мұрагерлермен бірге және тең мұра алады. АК-нің 1062 - 1064 -баптарында көрсетілген мұрагерлер тобына кірмейтін, заң бойынша мұрагерлерге жататын еңбекке жарамсыз адамдар, егер олар мұра қалдырушымен бірге тұрған болса, мұрагерлікке шақырылған кезектегі мұрагерлермен бірге және тең мұра алады.
      "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының
13-бабына сәйкес, мұра қалдырушының асырауында болған еңбекке жарамсыз адамдарға: он сегіз жасқа толмаған адамдар; елу сегіз жастан асқан әйелдер және алпыс үш жастан асқан ер азаматтар; I, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектер; он сегіз жасқа толған және одан асқан, бірақ оқуы аяқталғанға дейін жиырма үш жастан аспаған күндізгі оку нысаны бойынша оку орнында оқитын адамдар жатады.
      Мұра қалдырушының толық асырауында болған немесе мұра қалдырушынан өмір сүрудің негізгі және тұрақты қаражат көзі болып табылатын көмекті алған еңбекке жарамсыз адамдарды мұра қалдырушының асырауында болған адамдар деп есептеу керек.
      Мұра қалдырушының мұрагерге көрсеткен материалдық көмегінің жекелеген жағдайлары асырауында болған деген фактінің дәлелі болмайды.
      16. АК-нің
1067-бабына сәйкес мұра ашылғанға дейін қайтыс болған заң бойынша мұрагердің үлесі АК-нің 1061-бабының 2-тармағында, 1062-бабының 2-тармағында және 1063-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда ұсыну құқығы бойынша оның ұрпақтарына ауысады.
      Қайтыс болған мұрагердің үлесі заң бойынша ұсынылған мұрагермен бірдей туыстық дәрежеде тұрған ұрпақтар арасында тең бөлінеді.
      Ашылған мұрадағы заң бойынша мұрагердің үлесіне өсиет бойынша немесе заң бойынша тиісті кезектегі мұрагерлер, сондай-ақ ұсыну құқығы бойынша мұрагерлер болмаған кезде мұрагерлікке келесі кезектегі мұрагерлер шақырылады.
      17. Егер 2007 жылғы 3 ақпаннан кейін ашылған мұраны заң бойынша немесе өсиет бойынша мұрагер АК-нің
1072-2-бабында белгіленген мұраны қабылдау үшін мерзімде (мұра ашылған күннен бастап алты ай) мұраны қабылдауға үлгермей қайтыс болса, оның мұраны қабылдау құқығы мұрагерлік трансмиссия тәртібімен оның мұрагерлеріне ауысады.
      Осындай мұрагердің ашылған мұрадағы үлесі заң бойынша және өсиет бойынша оның мұрагерлеріне мұраны қабылдау үшін алты ай мерзімінің қалған бөлігі ішінде жалпы негіздер бойынша ауысуы мүмкін. Егер мерзімнің қалған бөлігі үш айдан аз болса, онда нотариус немесе мұра алу құқығы туралы куәлікті беруге өкілетті тұлға мерзімді үш айға дейін ұзартады.
      Мұра қалдырушының 1999 жылғы 1 шілдеден бастап 2007 жылғы 3 ақпан аралығындағы кезеңде ашылған мұраға қатысты мүлкі оның мұрагерлеріне мұрагерлік трансмиссия тәртібімен ауыспайды.
      
18. Азамат өзінің барлық мүлкін немесе оның бір бөлігін заң бойынша мұрагерлер тобына кіретін және кірмейтін бір не бірнеше адамға, сондай-ақ заңды тұлғалар мен мемлекетке өсиет етіп қалдыра алады.
      АК-нің
1046 , 1050 -баптарының мағынасы бойынша өсиет қалдыру құқығы әрекетке қабілеттілігі бар азаматтарға ғана тиесілі болады. Әрекетке қабілеттілікті тексеруді өсиетті куәландыратын адам жүзеге асырады, сондықтан нотариус немесе өсиетті куәландыруға өкілетті адам осы нотариаттық іс-әрекетті жасау кезінде өсиет жасауға ниет білдірген адаммен әңгімелесіп, өсиет қалдырушының мүлікке билік етуге шынайы еркін, сондай-ақ қалыптасқан жағдайды дұрыс қабылдауын және өзінің іс-әрекетін түсінуін анықтайды.
      19. АК-нің
1050 , 1051 , 1052 -баптарында белгіленген өсиетті жазу, оған қол қою және оны куәландыру тәртібін бұзу салдарынан, сондай-ақ азаматтық заңнамада мәмілені жарамсыз деп тану үшін белгіленген негіздер бойынша (АК-нің 4-тарауы) өсиетті жарамсыз деп тану осы тұлғаға мүліктік салдар тудырса, оның талап қоюы бойынша өсиет толық немесе ішінара жарамсыз деп танылуы мүмкін.
      Өсиет жарамсыз деп танылған кезде мұрагерлік заң бойынша ашылады. Осы өсиеттің күшінің жойылуына байланысты мұра алуға құқығынан айырылған өсиет бойынша мұрагер АК-нің
1060-бабына сәйкес заң бойынша мұрагерлікке шақырылуы мүмкін.
      20. Соттар мұрагерлер арасындағы өсиеттің заңдылығы туралы дауды қарау кезінде өсиеттің нысаны мен мазмұнына ерекше маңыз беретін заңды (АК-нің
153-бабының 2-тармағы, 154-бабының 1-тармағы, 1050 , 1051 , 1052 -баптары) басшылыққа алуы керек.
      Соттар АК-нің
159-бабы 7-тармағының негіздері бойынша өсиеттің жарамсыздығы туралы дауды шеше отырып, сарапшының мұра қалдырушының психикалық және тәнінің жай-күйі туралы қорытындысы сот үшін міндетті болып табылмайтынын ескеруге тиіс. Сарапшының қорытындысын зерттеу кезінде сот қорытындының қарар бөлігін ғана емес, қорытындының сипаттау бөлігін де назарға алады. Сарапшының қорытындылары істің материалдарында болатын дәлелдерге негізделетін сараптаманың сипаттау бөлігіне сәйкес келуге тиіс. Соттың сарапшының қорытындысымен келіспеуі АІЖК-нің 96-бабының жетінші бөлігіне сәйкес дәлелді болуға тиіс.
      Өсиетті жазу кезінде ерлі-зайыптылардың ортақ меншігіндегі жұбайының үлесін, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың немесе еңбекке жарамсыз адамдардың (балалары, жұбайы, ата-анасы) міндетті үлестерін бөліп шығармау негіздері бойынша өсиетті жарамсыз деп тану туралы талап қоюы кезінде сот АІЖК-нің
154-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес талап арызды қайтарып жібереді және мұраның ашылу орны бойынша нотариусқа жүгінуді ұсынады.
      Нотариус өсиет бойынша мұра алу құқығы туралы куәлікті ерлі-зайыптылардың ортақ меншігіндегі көзі тірі жұбайының үлесін бөліп шығармай және АК-нің
1069-бабында көрсетілген адамдардың міндетті үлесін ескермей бергенде, мүдделі тұлғалар өсиет бойынша мұра алу құқығы туралы куәлікті көзі тірі жұбайына тиесілі үлес бөлігінде немесе еңбекке жарамсыз адамдардың міндетті үлесі бөлігінде жарамсыз деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
      Егер сот мұра қалдырушының өз еркін білдіруін түсінуге әсер етпейді деп белгілесе, өсиетті жазу, оған қол қою немесе оны куәландыру кезінде жіберілген емле қателері және техникалық сипаттағы басқа да елеусіз қателер өсиетті жарамсыз деуге негіз бола алмайды.
      21. АК-нің
1069-бабына сәйкес мұра қалдырушының кәмелетке толмаған немесе еңбекке жарамсыз балалары, оның ішінде асырап алынған балалары, қайтыс болған адамның еңбекке жарамсыз жұбайы мен ата-анасы (асырап алушылар) өсиеттің мазмұнына қарамастан, заң бойынша мұрагерлік кезінде олардың әрқайсысына тиесілі болатын үлестің (міндетті үлес) кемінде жартысын мұраға алады. Көрсетілген адамдар мұра ашылған күні кәмелетке толмаған немесе еңбекке жарамсыз болуға тиіс. Бұл ретте заң осы адамдардың мұрадағы міндетті үлеске құқығының туындауын олардың мұра қалдырушының асырауында болғанымен, мұра қалдырушымен бірге тұрғанымен және онымен бірге ортақ шаруашылық жүргізгенімен байланыстырмайды.
      Мұрадағы міндетті үлеске құқығы бар мұрагер үшін өсиетте белгіленген кез келген шектеулер мен ауыртпалықтар оған ауысатын мұраның міндетті үлестен асатын бөлігіне ғана қатысты жарамды болады.
      Егер мұрадағы міндетті үлеске құқығы бар мұрагер, мұра алу құқығы туралы куәлікті алмай қайтыс болса, онда осындай мұрагердің міндетті үлесі өсиет бойынша мұрагерлерге ауысады. Міндетті үлеске құқық мұрагердің жеке басына байланысты, сондықтан осындай мұрагер қайтыс болған жағдайда, міндетті үлесті бөліп шығаруды талап ету құқығы мұрагерлік трансмиссия ретінде оның мұрагерлеріне ауыспайды.
      22. Мұрадағы міндетті үлеске құқығы бар мұрагерді мұрагерлікке шақыру үшін негіздер мұра ашылған уақытта белгіленеді, сондықтан өсиетте осындай мұрагерлерді көрсетпеу өсиетті жарамсыз деп тану үшін негіз бола алмайды.
      Егер міндетті үлеске құқығы бар мұрагерге тиесілі үлес бөлініп шығарылмай, өсиет бойынша мұра алу құқығы туралы куәлік мұрагерге берілсе, онда осындай мұра алу құқығы туралы куәлік мұрадағы міндетті үлеске құқығы бар мұрагердің талап қоюы бойынша мұрагердің міндетті үлесі бөлігінде жарамсыз деп танылуы мүмкін.
      Соттар мұрадағы міндетті үлесті бөліп шығару туралы дауды қарау кезінде, оның мөлшерін белгілеу кезінде әдеттегі үй жабдықтары заттарын (мысалы, жиһаз, тұрмыстық техника және т.б.) қоса алғанда, барлық мұрагерлік мүліктің құнын белгілеуге және мұрагерлік тәртібі өсиет бойынша өзгертілмегенде, заң бойынша мұрагерлікке шақырылатын барлық мұрагерлерді ескеруге тиіс.
      Әдеттегі үй жабдықтары заттарына жеке пайдаланудағы заттар (аяқ киім, киім), кәсіптік қызметпен айналысуға арналған заттар, балаларға арналған заттар жатқызылмайды.
      23. АК-нің
1040-бабына сәйкес мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесілі мүлік, сондай-ақ оның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқталмайтын құқықтары мен міндеттері кіреді.
      Мұрагерлік мүліктің құрамын және орналасқан орнын мұрагерлер ұсынатын мұра қалдырушыға тиесілі құқықты белгілейтін және құқықты куәландыратын құжаттардың, сондай-ақ бағалы қағаздардың, ақшалай құжаттардың және басқаның негізінде нотариус тексереді.
      Мұра ашылған кезде мұра қалдырушының жылжымайтын мүлікке меншік құқығы тіркелмегенде, мұра қалдырушының атына мүлікке құқықты белгілейтін құжаттар немесе сәйкестендіру құжаттары нотариусқа ұсынылса, ол мұрагерге мұра қалдырушының меншік құқығын тіркеуге құқығы туралы куәлік беруге құқылы.
      Мұра қалдырушыға меншік құқығы немесе жерді тұрақты пайдалану құқығы негізінде тиесілі жер учаскесінде орналасқан, бірақ пайдалануға енгізілмеген құрылыстарға нотариус осы мүлікті мұра қалдырушының атынан пайдалануға енгізуге куәлікті мұрагерлерге беруге құқылы.
      Өз бетімен салынған жылжымайтын мүлікке (осындай мақсатта бөлінбеген жер учаскесінде, құрылыс салуға қажет рұқсат алынбай және т.б.) мұрагерлік сот тәртібімен ғана орын алуы мүмкін. Нотариус мұра қалдырушының атына осындай мүлікке меншік құқығын тіркеуге куәлік беруге құқылы емес.
      24. Мұраны бөлісу мұрагерлердің келісімі бойынша заңда белгіленген тәртіппен берілген мұра алу құқығы туралы куәлікте көрсетілген, оларға тиесілі үлестерге сәйкес жүргізіледі. Келісімге қол жеткізілмеген кезде мұраны бөлісу сот тәртібімен жүргізіледі.
      Егер мұра алу құқығы туралы куәлік берілмеген мұраны бөлісу туралы талап арыз қабылдау кезінде сот АК-нің
1073-бабының 2-тармағында көзделген мерзім аяқталмағанын анықтаса, онда ол АІЖК-нің 154-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес арызды қайтарып, мұра алу құқығы туралы куәлікті алу тәртібін түсіндіруге міндетті.
      25. Мұра мүлкін бөлісу туралы мұрагерлердің келісімі болмаған жағдайда, дау сот арқылы шешіледі.
      Сот мұра мүлкін бөлу туралы істерді қараған кезде мұрагердің мұрадағы өзіне тиесілі үлесінен бас тартуын қабылдамай, мұрагерлікке құқығы туралы куәлікте көрсетілген үлестерді ескеруге және АК-нің
218-бабының талаптарын басшылыққа алуға тиіс. Алайда, мұндай мұрагер істегі іс жүргізу жағдайына байланысты АІЖК-нің 49-бабында көрсетілген әрекеттерді жасауға құқылы.
      26. Мұра алу құқығы туралы куәлік берілген мұрагерлік мүлікті бөлісу туралы дауларды шешкенде, сот оның құрамын, істі қарау кезіндегі оның нақты (нарықтық) құнын және мұрагерлер тобын анықтауға тиіс. Бұл ретте АК-нің
1040-бабына сәйкес бөлісуге жататын мүліктің құрамына мұра қалдырушыға тиесілі мүлік, сондай-ақ оның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқталмайтын құқықтары мен міндеттері кіретінін ескеру қажет.
      АК-нің
115-бабының 2-тармағына сәйкес мүліктік игіліктер мен құқықтарға (мүлікке): заттар, ақша, оның ішінде шетел валютасы, қаржы құралдары, жұмыстар, қызметтер, шағармашылық интеллектуалдық қызметтің объектіге айналған нәтижелері, фирмалық атаулар, тауарлық белгілер және бұйымды дараландырудың өзге де құралдары, мүліктік құқықтар және басқа да мүлік жатады. Бұдан басқа, мұрагерлер мұра қалдырушыға тиесілі болған жеке мүліктік емес құқықтар мен басқа да материалдық емес игіліктерді (мұра қалдырушының қадір-қасиеті мен абыройы, игі атақ, автор болу құқығы, шығармаға қол сұқпаушылық құқығы және т.б.) жүзеге асырып қорғай алады.
      Ерлі-зайыптылардың неке кезінде жинаған салымдары, олардың ортақ бірлескен меншігі болып табылады. Олардың ортақ бірлескен меншігінде мұра қалдырушының үлесін бөліп шығару кезінде көзі тірі жұбайының атына салынған салымдарды ескеру қажет.
      Мұрагерлер арасында мұрагерлік мүлікті өсиет бойынша бөлісу барлық мүлік немесе оның бөлігі мұрагерлерге нақты мүлік көрсетілмей мұраға үлестерде қалдырылған жағдайларда болуы мүмкін.
      Мұрадағы міндетті үлеске құқығы бар мұрагерге мұрагерлік мүліктен заттай үлесін бөліп шығару кезінде осындай мұрагердің үлесі алдымен заң бойынша мұраға алынатын мүлік есебінен белгіленеді, ал оның жетіспейтін бөлігі өсиетте көрсетілген мүлік есебінен қанағаттандырылуы мүмкін.
      27. Егер сақтандырылған адамның кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз балалары, сондай-ақ еңбекке жарамсыз жұбайы, ата-анасы және асырауындағылар сақтандыру сомасының қандай да бір бөлігін алуы үшін тағайындалмаса, әдетте, олардың оны алуға құқығы болмайды.
      Мынадай жағдайларда:
      - егер сақтандыру шартында сақтандырылған сақтандырушы болмаса, немесе сақтандырушы болса да, пайда алушы ретінде белгіленбесе, сақтандырылған адамның өлімі осындай шартта көзделген жағдай болып табылса;
      - егер сақтандырылған адам шарт бойынша сақтандыру төлемдерін алуға тиіс адамның (пайда алушының) қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттерінен қайтыс болса;
      - егер сақтандырылған адам қолданылу мерзімі аяқталған жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша өзіне тиесілі төлемдерді алып үлгермей қайтыс болса;
      - егер заң актілеріне сәйкес өмірі мен денсаулығы міндетті сақтандырылуға жататын азаматтар (әуе, теміржол, теңіз, ішкі, су және автомобиль көлігінің жолаушылары) опат болса, сақтандыру төлемдері сақтандырылған адамның мұрагерлік мүлкі құрамына қосылады.
      Егер заң актілерінде немесе шартта өзге көрсетілмесе сақтандырушы болып табылмайтын адам қайтыс болған жағдайда, оған қатысты жасалған мүліктік сақтандыру шарты, сақтандыру объектісі болған мүлік бойынша оның құқықтары мен міндеттері сақтандырушының келісімі бойынша оның мұрагерлеріне ауысады.
      28. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің
22-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына , 40-бабына сәйкес азаматтың меншігіндегі жер учаскесі, ұзақ мерзімді уақытша жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады. Егер уақытша жер пайдалану шартында өзгеше белгіленбесе, қысқа мерзімді уақытша жер пайдалану құқығын мұраға қалдыру кезінде осы құқықтың мұрагерлік тәртібімен ауысуы осындай тәртіппен жүзеге асырылады.
      29. Егер шартта шаруа қожалығы мүшелерінің арасында өзгеше белгіленбесе, шаруа қожалығының мүлкі оларға бірлескен меншік құқығы негізінде тиесілі болады.
      Бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жай серіктестік нысанында ұйымдасқан фермер қожалығының мүлкі оның мүшелеріне ортақ үлестік меншік негізінде тиесілі болады.
      Жеке кәсіпкерлікке негізделген фермер қожалығының мүлкі оған жеке меншік құқығы негізінде тиесілі болады.
      АК-нің
1082-бабына сәйкес шаруа немесе фермер қожалығының мүшесі қайтыс болған жағдайда мұра жалпы ережелер бойынша ашылады. Мұра қалдырушының жеке кәсіпкерлігіне негізделген фермер қожалығының мүлкіне мұраның ашылуын қоспағанда, мұрагерлердің осы мүлікке жалпы меншіктегі оның үлесіне мөлшерлес ақшалай өтемақы алуға құқығы бар.
      Егер шаруа немесе фермер қожалығын құру туралы шартта осындай қожалық мүшелеріне мұрагерлерді қабылдау көзделсе, онда шаруа немесе фермер қожалығы жалпы жиналысы мүшелерінің келісімімен осындай қожалықтың қайтыс болған мүшесінің мұрагері мұрагерлік үлесінің шегінде мүшелікке қабылдануы мүмкін.
      Шаруа немесе фермер қожалығының мүлкі осындай қожалық қызметі тоқтатылған жағдайда ғана мұрагерлер арасында бөлінуі мүмкін.
      30. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке, қосымша жауапкершілігі бар серіктестікке, өндірістік кооперативке, толық серіктестікке қатысушының үлесі мұрагерлерге АК-ге сәйкес ауысады. Егер көрсетілген шаруашылық жүргізуші субъектілердің құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, мұрагерлер осы субъектілердің мүшелеріне қабылдаңуға тиіс. Қатысушылар қатарына қабылдаудан бас тартуы үшін талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен сотқа шағым жасалуы мүмкін.
      Мұрагерлер қатысушылардың санына кіруден бас тартқанда немесе көрсетілген шаруашылық жүргізуші субъектілер оларды осындай қабылдаудан бас тарқанда, мұрагерлерге активтер мен пассивтер ескеріліп қатысушының қайтыс болған күніне белгіленетін мүліктегі мұрагерлік мирасқорлық үлесі негізінде тиесілі құны төленеді.
      Акционерлік қоғамға қатысушы қайтыс болған жағдайда оған тиесілі акциялар мұрагерлік тәртіппен мұрагерлерге мүлік ретінде ғана емес, сонымен қатар осы акциялармен бекітілген мұра қалдырушының куәландырылған құқықтарының жиынтығы ретінде де ауысады.
      31. "Неке және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының
32-бабының мағынасы бойынша ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүлкіне олар алған зейнетақылар, жәрдемақылар, сондай-ақ арнаулы нысаналы мақсаты жоқ өзге де ақшалай төлемдер жатады. Осыған орай, мұра қалдырушы көзі тірісінде алмаған жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы қаражаты ерлі-зайыптылардың бірлесіп жинаған мүлкіне жатпайды.
      "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының
23 , 23-1 , 23-2-баптарына сәйкес жинақтаушы зейнетақы қорында міндетті, ерікті, ерікті кәсіптік жарналары есебінен жинақталған зейнетақы қаражаты бар адам қайтыс болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады.
      32. АК-нің
1078-бабына сәйкес мұра ашылғанға дейін бір жыл ішінде мұра қалдырушымен бірге тұрған мұрагерлер тұрғын үйді, сондай-ақ үй жабдықтары мен үй-іші тұрмысы заттарын мұраға алуға басым құқыққа ие болады. Мұра қалдырушымен бірге мүлікке ортақ бірлескен меншік құқығы болған мұрагерлер ортақ меншікте болған мүлікті мұраға алуға басым құқыққа ие болады. Көрсетілген басым құқықтарды іске асыру кезінде мұра қалдырушының мүлкі көрсетілген мұрагерлерге мұраны бөлісуге қатысатын басқа мұрагерлердің мүліктік мүдделері ақшалай өтемақысын төлеу арқылы сақталып ауысатынын негізге алу керек.
      Антикварлық заттар, сондай-ақ көркемдік, тарихи немесе өзге де құндылығы бар заттар үй мүлкі мен үй-іші тұрмысы заттарына жатпайды. Сот заттардың көркемдік, тарихи немесе өзге де құндылығына қатысты шыққан дау мәселелерін шешу үшін сараптама тағайындай алады.
      33. АК-нің
8-бабының 4-тармағына сәйкес мұрагерлер, өсиетті орындаушылар, нотариус АК-нің 1074-бабында белгіленген мерзімде мұрадан бас тартпаған мұрагердің тұратын жерін анықтау үшін қисынды және қажетті шаралар қолдануға міндетті. Осындай болмаған, бірақ мұра алу құқығы туралы куәлікті алмаған мұрагердің тұратын жерін анықтау кезінде басқа мұрагерлер АК-нің 1077-бабының ережелерін сақтап, мұраны бөлісе алады.
      Болмаған мұрагер келіп немесе табылып, бөлінген мұраға қатысты талап қойса, сот мұраны өзара бөліскен мұрагерлердің АК-нің
1077-бабының талаптарын орындағанын/орындамағанын тексеруге міндетті. Осы баптың ережелері сақталған кезде мұрагерлер мен нотариустың іс-әрекеттері заңды болып танылады. Мұндай жағдайларда болмаған мұрагер мұраны қабылдаған мұрагерлерге, мұра заттай сақталса, өзінің сондағы үлесін бөліп шығару туралы немесе мұраның оған тиесілі үлесін ақшалай түрде төлеу туралы талап қоюға құқылы.
      34. АК-нің
1038-бабының 2-тармағына сәйкес қайтыс болған азаматтың мұрасы басқа адамдарға әмбебап құқық мирасқорлығы талаптарымен бірыңғай тұтас нәрсе ретінде және бір-ақ мезгілде ауысады. Әмбебап құқық мирасқорлығы тәртібімен мұрагерлерге мұрагерлік мүлік қана емес, сондай-ақ мұра қалдырушының мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтары ғана емес, оның міндеттері де ауысады. Сондықтан АК-нің 1081-бабына сәйкес мұраны қабылдап алған мұрагерлер мұра қалдырушының міндеттемелері бойынша әрбір мұрагерге ауысқан мүлік құнының шегінде ортақтас борышкерлер ретінде жауап береді.
      Мұраны мұрагерлік трансмиссия тәртібімен қабылдап алған мұрагер мұра қалдырушының қарыздары бойынша оған тиесілі болған осы мүліктің құны шегінде жауап береді және оған мұраны қабылдау құқығы ауысқан мұрагердің қарыздары бойынша осы мүлікпен жауап бермейді.
      35. Осы қаулының қабылдануына байланысты "Мұрагерлік жөніндегі заңдарды қолдануындағы кейбір мәселелер туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы N 7
нормативтік қаулысының күші жойылды деп танылсын.
      36. Қазақстан Республикасы Конституциясының
4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы                           М. Әлімбеков

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы                                 Ж. Бәйішев

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады
Каталог: sites -> default -> files -> u70
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> Қызылорда облысының жер – су атаулары қызылорда, 2013 жыл сыр елі қызылорда облысы
files -> ОҚу курсының каталогы 050117 қазақ тілі мен әдебиеті
files -> Өмірбаяндық деректеме
files -> Жиырма үш жыл бір ғұмыр
files -> Пәнінің мұғалімі Ищанова Эльмира Абайқызы Қазақ әдебиеті ( 6 «б» сынып ) Сабақтың тақырыбы
u70 -> Азаматтық істер бойынша қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет