1 тара у. Саясаттану ғылымы § Саяси ғылымның пайда болуы және қалыптасуы


§ 3. Егеменді Қазақстан халықаралық қатынастар жүйесінде



бет60/60
Дата14.12.2021
өлшемі253,23 Kb.
#126183
1   ...   52   53   54   55   56   57   58   59   60
Байланысты:
Лекции 21-22
ДӘРІСТЕР 2021, ДӘРІСТЕР 2021, ДӘРІСТЕР 2021, ДӘРІСТЕР 2021, ДӘРІСТЕР 2021, ДӘРІСТЕР 2021, ДӘРІСТЕР 2021, ссп Джанабаев Болат

§ 3. Егеменді Қазақстан халықаралық қатынастар жүйесінде
Бұрынғы Одақ кезінде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі негізінен хаттамалық қызметпен шектеліп, сыртқы саясат мәселелерін ол үшін орталық шешетін. Қазақстан Республикасы егеменді ел болып, өзінің тәуелсіздігін алғаннан кейін өзінің сыртқы саясатын ұлттық-мемлекеттік мүддесіне сай жүргізе бастады. Ол дүниежүзілік қауымдастыққа дербес субъект ретінде белсене кірісуде. Мұның жарқын дәлелі - Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымының толық құқылы мүшесі болуы. Еліміздің Хельсинки келісіміне қосылуы, СШҚ-1 Шартына, Лиссабон хаттамасына қол қоюы және Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа енуі оның халықаралық беделін нығайтып, егемендігін, қауіпсіздігін және шекараларының мызғымастығын баянды етті. Бұған АҚШ-пен "Демократиялық серіктестік туралы хартияға" қол қоюы, НАТО-ның "Бейбітшілік мүддесіндегі серіктестік" бағдарламасына қосылу, АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Қытай сияқты ядролы державалардың Қазақстанға берген қауіпсіздік кепілдіктері жәрдемдесті.
Республиканың негізгі әлемдік валюта қаржы ұйымдарына - Халықаралық валюта қорына, Бүкіл дүниежүзілік банкіге, Еуропалық қайта құру және даму банкісіне енуінің маңызы зор. Сондай-ақ Еуропалық одақпен серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Еліміз Азияның он елін біріктіретін Экономикалық ынтымақтастық ұйымында белсенді түрде жұмыс істеуде.
Республика тиісті халықаралық институттармен, бірінші кезекте ЮНЕСКО-мен қайырымдылық және мәдени салаларда тығыз байланыс жасап отыр. Оның айғағы - ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы көптеген елдерде ЮНЕСКО-ның демеуімен аталып өтуі.
Елімізді қазір дүние жүзінің 120 мемлекеті таныды, олардың 105-імен дипломатиялық қатынастар орнатылды. Шетелдерде 29 елшілік ашылып, Алматыда 40 елшілік пен миссия, халықаралық және ұлттық ұйымдардың 16 өкілдігі жұмыс істейді.
Қазақстанның сыртқы саясатының негізінде өзінің қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ететін, мемлекетіміздің дүниежүзілік қауымдастыққа енуіне, республика ішіндегі реформаларды жүзеге асыруға, оның тиімді және өсіңкі экономика, тұрақты демократиялық институттар жасауға, барлық республика халқының құқығы мен бостандықтарын қорғауға қолайлы жағдайлар жасау мүдделері жатыр. Ол өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери құралдарды емес, парасатты, салмақты дипломатияға сүйене отырып, саяси құралдарды пайдалануды мақсат етіп отыр. Ол халықаралық байланыстарының негізінде таяу және алыс шетелдердің бәрімен өзара тиімді саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени қатынастарды орнатуға ұмтылуда.
Біздің елімізбен дәйекті байланыстарды дамытуға бірталай мемлекеттер ықылас білдіруде. Оған себеп болатын ең алдымен, өткен тақырыпта айтылғандай, қыруар қазба байлықтарымыз. Тұтас алғанда жыл сайын Қазақстанда 1,5 млрд. тоннадан астам пайдалы қазбалар игеріледі. Республикамыз астық өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз етіп қана қоймай, біраз бөлегін әлемдік нарыққа экспортқа шығаруға мүмкіншілігі бар. ТМД елдерінің қой шаруашылығының 25%-ы қазақ даласында өсіріледі. Мұның бәрі шетелдерді қызықтырмай қоймайды. Оған қоса республикамыздың демократияландыруға, экономиканы нарықтық жолмен реформалауға алған бағыты да себеп болуда. Сонымен қатар бұрынғы Кеңес империясының ыдырауының нәтижесінде мүлдем жаңа географиялық саяси жағдай пайда болды. Қазіргі Қазақстан жері Еуропаны Азия-Тынық мұхит аймағымен байланыстыратын сыртқы саяси және стратегиялық тиімді кеңістікті алып жатыр. Бұл байланыстырушы буын мүмкіндігі де Республикамызға септігін тигізуге тиіс.
Біздің географиялық жағдайымыздың тиімсіз де жері бар. Ол ашық теңізге тікелей шығу мүмкіндігінің жоқтығы, қатынас жолдарынан қашықта орналасуымыз. Мұның бәрі халықаралық экономикалық байланыстарға қатынасуымызды қиындата түседі және сыртқы саясатты құруға да әсерін тигізуде. Сондықтан көршілес мемлекеттермен, оның ішінде ең алдымен Ресеймен өзара қатынастардың болуының мәні зор. Бұл ел, біріншіден, Батыспен қатынас жолынын қақпасы болып тұр. Екіншіден, республикамызда тұратын орыстардың саны көп. Үшіншіден. Ресейде де бірталай қазақтар тұрады. Төртіншіден, Петр Біріншіден бастап Ресей Қазақстанға Азия елдерінің кілті мен қақпасы ретінде қараған. Екі елдің арақатынасы дұрыс болса, ел де тыныш болады. Сондықтан 1992 жылғы 25 мамырда Н. Ә. Назарбаев пен Б. Н. Ельцин Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы» шартқа қол қойды. Онда мемлекеттік егемендік пен аумақтық тұтастықты өзара құрметтеу, даулы мәселелерді бейбіт жолмен реттеу және күш қолданбау, ішкі істерге араласпау және т.б. қарастырылды. "Байқоңыр" ғарыш айлағын пайдаланудың реті туралы" келісімге қол қойды. Ресей Федерациясы "Байкоңыр" кешенін пайдаланғаны үшін Қазақстан Республикасына жылына 115 мың АҚШ доллары көлемінде жалға алу ақысын төлеп отырады. Ол 20 жылға жалға берілді, екі жақ өзара келіскенде жалға алу мерзімі содан кейінгі 10 жылға ұзартылады. Екі ел арасында әскери-саяси, мәдени-гуманитарлық салаларда шарттарға қол қойылды. 1998 жылдың 12 қазанында Ресей Федерациясымен Қазақстан және Ресей арасындағы шекараны делимитациялау туралы хаттамаға қол қойылды. Мұның бәрі екі ел арасындағы қарым-қатынастың өрбіп келе жатқанын көрсетеді.
Қазақстанның Қытай Халық Республикасымен сауда-экономикалық ғылыми-техникалық және мөдени ынтымақтастықта, шекара бойындағы аудандарда еркін сауда аймақтарын ашу мәселелері жөнінде айтарлықтай жылжу бар. Қытай Қазақстанға қарсы ядролық қаруды қолданбауға, күш жұмсамауға немесе күшпен қорқытпауға, егемендік пен аумақтық тұтастықты құрметтеуге міндеттенді. Өз кезегінде, Қазақстан ҚХР-дың аумақтық тұтастығына қатысты осындай міндеттемелерді мойнына алды. 1994 жылғы сәуір айында Алматыда «Қазақстан мен ҚХР арасындағы мемлекеттік шекараның өтуі туралы» Шартқа қол қойылды. Бұл құжаттың маңызы өте зор екендігі айтпаса да түсінікті. 1997 жылы батыс Қазақстаннан батыс Қытайғы және Иранға мұнай құбырын тарту туралы келісімге қол қойылды. 2010 жылға қарай Қытай бізден жыл сайын 200-210 млн. тонна мұнай сатып алмақ.
Өмір бойы көршілес болып, шаруашылығымыз, мәдениетіміз тығыз байланысып, араласқан Орта Азия елдерімен біздің ортак мүдделеріміз көп. Әлбетте, олармен ізгі қатынастарға алдыңғы катарлы орын берілді. Тегі бір, тарихы тамырлас, рухани бауыр-лас Түркиямен екі арада өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, мәдени байлықтармен алмасуға деген екі ұмтылыс бар. Сол сияқты Иран елімен де достық, ынтымақтастық қатынастар дамып, бекіп келеді. Екі ел Каспий теңізін Қазақстанды Солтүстік Иранмен және Парсы шығанағымен байланыстыратын көлік артериясына айналдыру туралы уағдаласты.
Біз Азия құрлығында өмір сүріп отырмыз. Мұндағы елдердің экономикалық қоғамдық құрылымы сан алуан. Сондықтан бұл аймақ үшін өзара тиімді іс-қимыл және сенім мен қауіпсіздікті сақтаудың маңызы зор. Аймақ мемлекеттерінің экономикалық, экологиялық және т.б. бірлесе отыра шешетін ортақ мәселелері бар. Соның бәрін ескере отырып, республикамыздың Президенті Н. Ә. Назарбаев Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі кеңес сияқты Азия аймағында да қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың құрылымдарын құру идеясын БҰҰ Ассамблеясының 47-сессиясында, Брюссельде НАТО елшілерімен кездесу кезінде және т.б. жоғары мәжілістерде ұсынды.
Таяу Шығыс аймағындағы негізгі мемлекеттер Египет, Сирия, Сауд Арабиясы, Оман және Израильмен саяси және іскер байланыстар орнатылуда. Сондай-ақ, Батыс Еуропа мен Солтүстік Американың белді, жетекші елдерімен де жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту көзделіп отыр.
Қазіргі жағдайда қай ел болмасын нарықтық жүйенін орталығы болып отырған, дүниежүзілік саяси істерде рөлдері орасан зор Америка Құрама Штаттары, Батыс Еуропа және Жапониямен байланыстарды бекітіп, іс-қимылдарды үйлестірудің орны ерекше екендігі айтпаса да түсінікті. Дегенмен, бұл қарым-қатынастар біздің түпкілікті мүдделерімізге нұқсан келтірмегені жөн.
Бұрынғы Кеңестер Одағының ыдырауына, Ресейдің ортақ ақша, экономика аумағынан ығыстыруына байланысты Орта Азия елдері өздерімен тамырлас Орта және Таяу Шығыс мұсылман елдерімен қарым-қатынастарын кеңейтуде. Ал мұны кейбіреулер пантюркизм, панисламизм қайтадан бас көтеріп келе жатыр деп байбалам салмақ. Бұл дұрыстыққа жатпайды. Себебі, бұрынғы коммунистік идеяның үстемдік етіп тұрған кезінде Шығыс мәдениеті шеттетіліп, олармен жөнді байланыс болмады. Енді ол құрсаудан құтылған соң ислам мәдениетінің рухани негіздеріне деген халықтардың табиғи ұмтылыстарын түсінуге болады. Оның үстіне, ислам дүниесі зор ресурстардың иесі екендігін, оның халықаралық саясатта өзіндік орны бар екендігін де ескеру керек. Қазақстан болса бұл бауырлас елдермен қатынасын халықаралық құқықтық жалпыға бірдей ережелердің негізінде өзара тиімді, еліміздің экономикасы мен бүкіл халқының әл-ауқатын көтеру тұрғысында құрады.
Республиканың сыртқы саясатына экономикалық байланыстарды нығайтып, дамыту да кіреді. Бүгінде республикада 200-ге жуық шетел фирмаларының, банкілерінің, өзге ұйымдарының өкілдері бар. Қазақстан қазір әлемнің 80-нен астам еліне өнімдер шығарады. Тауар айналымының Қытайға 22%-ы Германияға - 13,6, Ұлыбританияға - 11,6, Швейцарияға - 11, Нидерландыға - 4,7, Австрияға - 2,5%-ы келеді. Елімізде 2000-нан астам бірлескен кәсіпорындар тіркелген. Біздің серіктестеріміздің ішінде дүние жүзіне белгілі "Шеврон", "Эльф Акитан", "Бритши Гэз", "Мобил", "Токсако", "Амоко"," Аджип" мұнай, газ өндіретін компаниялары және басқалары бар. Мұндай байланыстар алдағы уақытта да арта түспек.
Сыртқы саясат экология мен айналадағы ортаны қорғау мәселелерімен де астасып жатыр. Бұл орайда, алдыңғы қатарда Қазақстанның екі қасіреті тұр. Біріншісі - тартылып бара жатқан Арал теңізі. Оның бассейнінің шөлге айналуы аймақтағы экологияның күрт нашарлауына әкеліп соғып отыр. 150 млн. тонна тұзды шаң-тозаң аспанға көтерілуде. Ол айналасында тұратын 3 миллионнан астам адамның денсаулығы мен экономикасына теріс зардаптарын тигізуде. Бұл қасірет қазір сол адамдарға ғана зардаптарын тигізсе, ертең ол талай-талай миллиондаған адамдарға қайғы болып шығуы мүмкін. Сондықтан бұл өңірді дүниежүзілік көлемдегі экологиялық апат аймағы деп түсініп, оған шұғыл әрі көлемді халықаралық көмек көрсетпесе болмайды.
Екінші экологиялық қасіретіміз - Семейдегі ядролық полигон. Мұнда 1949-1963 жылдары атом және сутегі бомбаларының жарылыстары жер беті мен атмосферада өткізілген. 1963-1983 жылдары жер астында жүргізілген. Онда өткізілген 752 жарылыстың 26-сы атмосферада, 78-і жер бетінде, қалғаны жер астында жүргізілді. Ал олардың қуаты Хиросима мен Нагасакидегі қасіретгің көзі болған қондырғылардың қуатынан жүздеген есе көп. Жарылыс зардаптарынан жарты миллионнан астам адам жапа шекті.
Республикадағы "Невада-Семей" козғалысының мұрындық болып, үкіметтің шешімімен аталған ажал көзі жабылды. Бірақ артында талай жылдарға жетерлік уланған орта қалды, генетикалық заң бойынша ұрпақтан-ұрпаққа кетерлік жүздеген мың аурулар қалды. Осы аймақты сауықтыру, жапа шеккендерді емдеу, дүниеге келген сәбилерді қауіпсіздендіру үшін орасан зор қаржы керек. Оны аяғынан жана тұра бастаған жас мемлекетіміз жалғыз өзі шеше алмайды. Сыртқы саясатымыз оны да ескереді.
Сыртқы саясатпен тікелей байланысты әскери саясат. Бұл саладағы негізгі мақсат - Қазақстан жерінің тұтастығы мен тәуелсіздігін қорғай алатын, соған сай жарақталған, шағын да икемді армияны ұстау. Республика стратегиялық шабуыл қаруын қысқартуды жақтайды, жаппай қырып-жоятын қарудың басқа түрлеріне тыйым салуға бағытталған бастамаларды дұрыс деп табалы.
Қазақстанның қазіргі сыртқы саясатының негізгі мақсаттары мен принциптеріне мыналар жатады:
- мемлекеттік мүддені қорғау;
- елімізде экономикалық реформаларды жалғастыру, демократиялық институттарды күшейту үшін сыртқы жағдайды барынша қамтамасыз ету;
- әлемдегі барлық елдермен тең құқықты және серіктестік қатынастарды дамыту;
- ғаламдық және аймақтық интеграциялық процестерге белсене қатысу;
- халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты тереңдету.
Сайып келгенде, Қазақстан егеменді және тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасты және әлемдік қоғамдастықтың толық құқылы мүшесі, оның ажырағысыз бөлігі болып еніп отыр. Ол өзінің сыртқы саясатында барлық ұлттармен, көршілермен тең дәрежелі достық қатынас орнатпақ. Сонымен қатар республикамыздың халықаралық деңгейде мүдделі болып отырған көкейтесті мәселелері - қарусыздану және халықаралық қауіпсіздікті нығайту, аймақтық жанжалдарды реттеу және бейбітшілікті қолдау жөніндегі операциялардың тиімділігін арттыру, адам құқықтары, айналадан ортаны қорғау, дамыту және т.б. Республикамыз дәйекті сыртқы саясат жүргізіп, ішкі әл-ахуалымызды жақсартып, болашақта өркениетті, құқықтық қоғам орнатуына сеніміміз мол.
Бақылауға және өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар
1. Әлемдік саясат деген не?
2. Сыртқы саясат, халықаралық саясат, халықаралық қатынастар ұғымдарының айырмасы қандай?
3. Сыртқы саясаттың мақсаты неде деп ойлайсыз?
4. Ұлттық мүддеге не жатады?
5. Қандай ғаламдық шешілмеген мәселслсрді білесіз?
6. Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттары қандай?
7. XXI ғасырдағы халықаралық қатынастар дамуы қандай болады деп
ойлайсыз?

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   52   53   54   55   56   57   58   59   60




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет