3-тақырып. Макроэкономикалық тұрақсыздық: экономикалық циклдар, жұмыссыздық, инфляция Дәрістің мақсаты



бет10/12
Дата10.05.2020
өлшемі51,93 Kb.
#67003
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
Байланысты:
макро 3

Фрикциондық жұмыссыздық адамдардың бір аймақтан басқа бір аймаққа көшуімен, мамандығының ауысуымен, оқуымен, бала күтуімен байланысты орын алады. Оны, кейде, өз еркімен болатын жұмыссыздық деп атайды. Фрикциондық жұмыссыздық - жұмыс орнын немесе кәсібін ауыстырғысы келетіндердің жұмысқа орналасудағы қиыншылықтармен және жұмысты күтуімен байланысты жұмыссыздық. Біреу өзін қызықтыратын және жоғары ақы төленетін жұмысты іздеуі, енді біреу жұмыс орнында қойылатын талаптарға сәйкес келмей, қарапайымдау жұмыс іздеуі мүмкін. Фрикциондық жұмыссыздарға, сонымен қоса, біліктілігінің және тәжірибесінің жоқтығына байланысты жастар, жұмыс орындарында нәсілі, жынысы, ұлты бойынша ала-алаушылыққа (дискриминация) ұшырағандар да жатады. Фрикциондық жұмыссыздық экономикада міндетті түрде болады және, кей жағдайда, жұмыс күшін тиімді қолданып, оларды ұтымды бөлуге жағдай жасайды.

Жұмыссыздықтың күрделі нышандарының бірі құрылымдық (технологиялық) жұмыссыздық. Ол жұмыс күшіне деген сұраныс пен еңбек ұсынысының сәйкес келмеуінің нәтижесінде пайда болады. Бұл сәйкессіздік өндірістегі технологиялық өзгерістермен байланысты. Технологиялық өзгерістердің салдарынан кейбір мамандық түрлеріне сұраныс азаяды және жұмыс берушілер жаңа кәсіп иелерін іздейді. Жұмыссыздықтың бұл түрі - жұмыс күшінің кәсіби дайындығының өндіріс құрылымына сәйкессіздігі салдарынан орын алатын жұмыссыздық.

Өндіріс құрылымы ғылыми-техникалық прогресс пен жаңа технологиялардың енгізілуімен үнемі өзгеріп отырады. Бір кәсіп түрлеріне қажеттілік қысқарса, жаңа, бұрын болмаған кәсіп түрлеріне сұраныс болуы мүмкін. Мысалы, дербес компьютерлердің пайда болуына байланысты кеңсе қызметкерлерінің кейбіреулеріне сұраныс болмай қалды. Ал, математиктер мен программистер үшін бос орындар пайда болды. Жұмыссыздықтың бұл түрі де экономикалық циклдің кез-келген сатысында, тіпті, шарықтау шыңында да кездеседі.

Фрикциондық жұмыссыздық пен құрылымдың жұмыссыздықтың бір-бірінен ерекшеленуінің екі негізгі белгілерін бөліп қарауға болады:

а) фрикциондық жұмыссыздар еңбек нарығында жұмыс күштерін сата алатын кәсіби дағдыға және біліктілікке ие, ал құрылымдық жұмыссыздар қайта дайындықсыз және қосымша білім алмайынша, біліктілігін көтермейінше немесе тұрған жерін ауыстырмайынша жұмысқа тұра алмайды.

ә) фрикционды жұмыссыздар қысқа мерзімдік сипатқа ие, ал құрылымдық жұмыссыздық оған қарағанда ұзағырақ болады.

Экономикада тек фрикциондық және құрылымдық жұмыссыздықтың орын алуын, басқаша айтқанда, толық жұмысбастылық жағдайында болатын жұмыссыздықты экономистер табиғи жұмыссыздық деп атады. Табиғи жұмыссыздық ұғымын алғаш рет М.Фридмен 1967 жылы Американың экономикалық ассоциациясының алдында сөйлеген сөзінде ұсынған болатын. Ал, 1968 жылы Американың екінші бір экономисі Э.Фелпс те М.Фридменнен тәуелсіз жұмыссыздықтың табиғи деңгейін ұсынды.

Табиғи жұмыссыздық потенциалды жалпы ішкі өнім көлеміне сәйкес келеді.

Жұмыссыздықтың нақты деңгейі табиғи деңгейден жоғары болуы мүмкін. Бұл кезде циклдік жұмыссыздық орын алады. Ол экономикалық конъюнктураның ауытқуымен байланысты. Құлдырау сатысында тауарлар мен қызметтерге деген сұраныс азаяды, бұл өндіріс пен жұмысбастылықтың қысқаруына әкеледі. Өсу сатысында, керісінше, тұтыну және инвестициялық тауарларға сұраныс артатындықтан жұмыс күшіне де сұраныс өседі.

Циклдік жұмыссыздық нақты жұмыссыздық деңгейі мен жұмыссыздықтың табиғи деңгейі арқылы анықталады: U-U*.

Циклдік жұмыссыздықтың орын алуы өндірістік ресурстардың толық қолданылмай отырғандығын дәлелдейді. Бұл кезде нақты өндіріс көлемі потенциалды деңгейден кіші болады. Циклдік жұмыссыздық пен ЖІӨ арасындағы байланысты америкалық экономист Артур Оукенмен (1928-1980 ж.ж.) ұсынылған заң арқылы түсінуге болады. Бұл заң экономикалық теорияда Оукен заңы деп аталады және келесі формула арқылы сипатталады:



= − β (U-U*),

мұндағы, Y - нақты өндіріс көлемі,

Y* - потенциалды өндіріс көлемі,

U - нақты жұмыссыздық,

U* - табиғи жұмыссыздық,

β - Оукен саны.

Оукен саны эмпирикалық жолмен анықталады.

Циклдік жұмыссыздық қоғамның әл-аухаты мен жеке адамның әл-аухатының төмендеуіне әкеліп соғады. Циклдік жұмыссыздық саларынан ЖІӨ қысқарады, жеке адамның табысы азаяды, жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төленеді және салық түсімдері азаяды.

Экономистер мемлекет кез-келген жұмыссыздықпен емес, тек циклдік жұмыссыздықпен күресу қажет деп есептейді. Алайда, өзімізге белгілі Филлипс қисығына сәйкес, жұмыссыздықпен күресу қысқа мерзімде инфляцияны арттырады. Сондықтан жұмыссыздықты қысқартудың және жұмысбастылықты арттырудың қауіпсіз әдістерін қолдану керек.

Оларға төмендегілерді жатқызуға болады:

а) бос жұмыс орындары туралы ақпарат беру жүйесін

жетілдіру;

ә) еңбек биржаларының қызметін жетілдіру;

б) кадрларды қайта дайындау жүйесін дамыту;

в) орта және шағын бизнесті дамыту үшін жағдай

жасау;

г) жастарды, әйелдерді, қайта құрылған сала



қызметкерлерін жұмысқа орналастырудың мақсаттық

бағдарламаларын жасау.

Экономикада жұмыссыздықтық маусымдық деп аталатын түрі де кездеседі. Мұндай жұмыссыздық жыл мезгіліне байланысты белгілі бір салалардағы өндіріс көлеміндегі ауытқулардың салдарынан орын алады (ауыл шаруашылығы, құрылыс жұмыстарының кейбір түрлері т.с.с.).

4. Жұмыссыздық пен инфляция белгілі бір сандық тәуелділікте болады. Лондон Экономика мектебінің профессоры Олбан Филлипс 50-ші жылдардың аяғында келесі заңдылықты анықтаған болатын: инфляция деңгейі төмен болған сайын жұмыссыздықтың деңгейі соғұрлым жоғары болады. Жұмыссыздық еңбек ақыға әсер етеді. Жұмыссыздық деңгейінің жоғарылауына байланысты табыс азаяды және халықтың сатып алу қабілеттілігі төмендейді. Нәтижесінде, инфляция деңгейі азаяды. Бұл процесті Филлипс қисығы арқылы көруге болатынын 4-тақырыпта қарастырған болатынбыз. Қоғам алдында дилемма туындайды: төмен инфляцияның және жоғары жұмыссыздықтың орын алуы немесе жоғары инфляцияның және төмен жұмыссыздықтың орын алуы. Мәселен, АҚШ Президенті Р.Рейганның тұсында АҚШ-тағы инфляция жұмыссыздық деңгейін рекордтық шамаға дейін көтеру арқылы «ауыздықталды».

Филлипс қисығы инфляция деңгейі мен баға деңгейі арсындағы өзара байланысты тек қысқа мерзімдегі кезеңде қарастырады. Егер ұзақ уақытты (5-10жыл) қарастыратын болсақ, жоғары жұмыссыздық тұсында баға өсуін тоқтатпайды. Филлипс қисығының ұзақ мерзімді кезеңге жарамайтындығы жалақының, жұмыссыздық бойынша жәрдемақының дағдарыс кезінде де төмендемейтіндігімен түсіндіріледі. Бұл жұмыс күшінің біліктілігімен, жұмыс күші құнының өсуімен, кәсіпкерлермен жалақы шамасы туралы ұзақ мерзімді келісім-шартқа отырғанда кәсіпкерлер ролінің күшеюімен байланысты. Мұнымен қоса, кәсіпкерлер еңбек ақыны болашақтағы бағаның өсуін компенсациялайтындай етіп арттырады.

Инфляция экономикаға екі жақты әсер етеді. Бағаның баяу өсуі өндірісті ынталандырады, өйткені жалақы өсімінің баға өсімінен артта қалатыны белгілі. Өндірушілер мен тұтынушылар зиянның алдын-алу үшін тауарларды көтере сатып алуға тырысады. Бірақ инфляцияның теріс салдары басым.



Инфляция пайда бола отырып, өзін «ұдайы өндіреді». Бұған «баға-жалақы» спиралі ықпал етеді. Бағаның өсуі жалақының өсуіне әкеледі. Өз кезегінде жалақының өсуі өндіріс шығындарын арттырады және бағаның әрі қарай өсуіне себеп болады.

Инфляция амортизациялық қорды құнсыздандырады және өндіріс процесіне қауіп төндіреді. Несиелер құнсызданады. Баға жылдам өскен кезде банктер жоғары пайыздық ставка белгілейді, бұл өндірісті дамытуға емес, алып-сатарлықпен айналысуға тиімді. Қалыпты экономикалық қарым-қатынастар бұзылады. Ақша өзінің сатып алу қабілеттілігін жоғалтады. Ұзақ мерзімді инвестициялар тиімсіз болады.

Қазақстанда депозиттер (мерзімдік салымдар) бойынша пайыздық ставка инфляция деңгейінен төмен. Мысалы, 1993 жылы инфляция 2260%-ды құраса, депозиттер бойынша ставкалар жылына 200%-дан көтерілмеген. Нақты пайыздық ставка теріс болды, нәтижесінде, халық салымдарының 90%-ға жуығын банктер иеленген. Бұл нақты жалақының, жинақтардың төмендеуіне әкелді. Бұл процестердің нәтижесі өндірістің одан әрі қарай төмендеуі болып табылады.

Әсіресе, ақшадан құтылуға тырысатын бартерлік қатынастар орын алып, тұтыну тауарына айырбасталмайтын өнім шығаратын кәсіпорындар мен аймақтарды дағдарысқа итермелейтін гиперинфляция қауіпті.

Инфляция - ұлттық табысты қайта бөлу нышандарының бірі. Одан тұрақты табыс алатын адамдар (бюджеттік сала қызметкерлері, зейнеткерлер) көп зардап шегеді.

Инфляция - несие үшін қолайсыз, өйткені қарыз алушылар алынған несиелерді құнсыздалған ақшалармен қайтарады.

Инфляциялық процестердің дамуында инфляциялық күтімдер үлкен роль атқарады. Инфляцияның орын алуына тек экономикалық себептер ғана итермелеп қоймайды, сонымен қоса психологиялық себептер де жағдай туғызады. Бағаның өсуін күту тұтынушыларды құнсызданған ақшалардан құтылу үшін тауарларды көп көлемде сатып алуға мәжбүрлейді. Бұл іс-әрекеттің бір нышаны ажиотажды сұраныс болып табылады. Бұған нақты мысал - 2007 жылы Қазақстан аймақтарында орын алған «өсімдік майы парадоксы». Азық-түлік сауда орындарындағы өсімдік майы бағасының өсуіне қарамастан, тұтынушылар аталған өнімді сатып алуды арттырды. Бұл өнімді сатушыларға қолайлы жағдай туғызды: бара-бара олар сөрелердегі майды қасақана шектеп (өнімнің болғанына қарамастан), ажиотажды сұранысты арттыра түсті. Кейіннен бұл процеске мемлекет араласты. Инфляцияны күтуді басу - мемлекеттің инфляцияға қарсы саясатын жүргізудің маңызды бағыты.

Сонымен, экономикадағы конъюнктуралық ауытқулардың күшеюіне инфляция, экономиканың монополиялануы, шаруашылық пропорциялардың бұзылуы т.с.с. құбылыстар әсер етеді. Сондықтан инфляцияға қарсы саясат, монополияға қарсы күрес т.с.с. іс-шаралардың бәрін экономикалық циклді реттеу әдісі ретінде қарау керек.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет