А. И. Тевкелев деректеріндегі қазақ хандығының Ресеймен, башқұрттармен қарым-қатынасы


Кіші жүз аумағындағы қарама-қайшылықтардың шиеленісе түсуі



бет2/2
Дата08.02.2022
өлшемі43,04 Kb.
#121626
1   2
Байланысты:
Тевкелев
Қола дәуірі тайпалар шаруашылығы, 7-лекция. Педагогика. Тәрбие (1), Тұлғаны дамыту, қалыптастыру, тәрбиелеу факторларының өзара байланысы. Әртүрлі жастағы оқушыларды оқытудың, тәрбиелеудің ерекшеліктері, Аннотация Махабхарата” және “Рамаяна, «Мәңгілік ел» идеясының ұстанымдары, Ежелгі Арабия мәдениеті, Ежелгі Парсы Мәдениеті мен Діні, Ежелгі дәуірдегі Қазақстан тарихының тарихнамасы, Эмоция мен сезім түрлері, Эмоция мен сезім түрлері, Очерки по истории Алаш Орды, Ми қызметiнiң патологиясы және ерiктiк әрекеттiң бұзылуы, Тарихшы Е Бекмахановтың, 1897 жылғы халық санағы бойынша қазақтардың саны құрамы
Кіші жүз аумағындағы қарама-қайшылықтардың шиеленісе түсуі
Қазақ халқының тарихында XVІІІ ғасырдың басы аса бір ауыр кезең болды. Тәуке хан 1718 ж. қайтыс болған соң қазақ жүздері арасындағы саяси және шаруашылық байланыстар әлсіреп, билеуші топтар арасындағы алауыздықтар барған сайын үдей түсті. Тәуке хан тұсында бір орталыққа бағынған Қазақ хандығы саяси бытыраңқылыққа ұшырады. Белгілі орыс тарихшысы – ғалым А.И.Левшин өзінің “Описание киргиз – казачьих или киргиз – кайсацких орд и степей” деген еңбегінде Қазақ хандығын Тәуке хан билеген кезеңді былай сипаттайды: «Тәукенің атын атасақ, бар қазақтың жүрегін алғыс кернеп, мақтаныш билейді. Қазақ ордасының Ликургы, Драконты – сол адам. Тәуке ала ауыз болып, қырғынға бөккен елді сабаға түсіріп, ру мен рудың арасындағы талай жылғы қантөгісті тоқтатты, ақылы мен әділдігінің арқасында жұрттың бәрін өзіне мойынсұндыра білді, әлсіз рулардың басын қосып, әулетті дұшпанға қарсы қоя алды, күштілерді тізеге салып, тәубәсіне келтірді, баршаға ортақ заң жасап, сол бойынша билік айтты». Тәукеден кейін Қазақ хандығы іс жүзінде жеке-жеке хандықтарға бөлінді. Жүздердің әрқайсысы жеке хан сайлауға көшті, ал ұлыстарды басқарып отырған сұлтандар сол хандарға тікелей бағынды. Жолбарыс Ұлы жүздің (1720-1740 жж.), Қайып (1716-1719 жж.), сосын Сәмеке (1719-1734 жж.) Орта жүздің, Әбілхайыр (1718-1748 жж.) Кіші жүздің хандары болды. Тәукенің тағына отырған оның баласы Болаттың (1718-1726 жж.) Ұлы хан деген атағы ғана болды. Саяси тұтастығынан айырылған мемлекеттің экономикасы да әлсірей бастады. Жүздердің арасындағы шаруашылық байланыстар және сыртқы сауда-саттық үзіліп қалды. Қолөнер мен сауданың орталығы болған Оңтүстік Қазақстандағы қалалар құлдырады. Көшпелі және жартылай көшпелі аймақтармен отырықшы халықтың арасындағы байланыстың әлсіреуі халықтың әлеуметтік, мәдени, психологиялық, демографиялық жағдайын төмендетті. Осы кезеңде Қазақ хандығының сыртқы жағдайы да шиеленісе түсті. Жоңғар шапқыншылығы күшейді. 1690-1697 жж. болған Қытай – Жоңғар соғысы кезінде ойраттар (жоңғарлар) біраз жерінен, адамынан (50 мың), малынан айырылды. Қытайға қарсы күресуге күші жетпеген Жоңғар мемлекеті соғыста айырылған байлықтарын (адам, жер, мал) Қазақ хандығының есебінен қайтаруға тырысты. Ал орыс мемлекеті болса Кіші жүз қазақтарының көш-қоныс жерлеріне жақындады. Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының жеріне Орта Азия хандықтары, Еділ бойындағы қалмақтар, башқұрттар мен Сібір казактары да үздіксіз шабуыл жасап отырды. ХҮІІІ ғасырдың 20-шы жылдарының соңы мен 30-шы жылдардың басындағы жеңістердің нәтижесінде жоңғарлар қазақтың біраз жерін босатуға мәжбүр болады. Әрине, қазақтың барлық жері түгел азат етілмесе де, бұл үлкен жетістік еді. Қазақтар осы шайқастарда біріксе ғана біртұтас күш ретінде елі мен жерін қорғауға шамасы жететінін көрсетті. Алайда, Ұлы хандық билік үшін күрес қазақтарды тағы бөлшектеді. Ұлы хандықтан үміткер Кіші жүзден - Әбілқайыр, Орта жүзден - Сәмеке өздерін елеусіз қалдырды деп, Аңырақайдағы жеңістен соң шайқас алаңын тастап кетіп қалды. Осы ішкі алауыздықтарды, қырқысуларды пайдаланған жоңғарлар қазақ жерлерін басып алу үшін қайтадан батысқа қарай жылжыды. Осындай қиын–қыстау жағдай Әбілқайыр ханды Ресей мемлекеті сияқты одақтас іздеуге мәжбүр етті. 1730 жылы жазда Әбілқайыр Уфа наместнигі арқылы Петербургке Сейітқұл Құндағұлы мен Құтлымбет Қоштайұлын елші етіп жіберіп, Ресей империясының бодандығына қабылдауды өтінеді. Тұтас алғанда Кіші жүздің Ресей бодандығын қабылдауының объективті негіздерін жоққа шығармай, Әбілқайырдың алысты көздейтін жеке басының менмендігін, оның барған сайын айқын көріне түскен қара басын ойлаған мүдделерін естен шығармау керек екенін атап өтеміз. Хатында Әбілхайыр хан Орта және Кіші жүз қазақтарымен түгел Ресей бодандығын қабылдайтынын атап көрсетті. Еділ қалмақтарын, Қабарда княздігін, Грузин билеушілерінің жерлерін Ресей құрамына қабылдау Сыртқы істер алқасы дипломатиялық қызметінің өрісін едәуір кеңейтті. Бұл жолы да Әбілхайыр ханның елшілігіне барынша құрмет көрсетілді. Оның Құтлымбет Қоштайұлы бастаған 7 адамнан тұратын елшілері құрметпен қабылданып, бағалы сыйлықтар тартылды. Әбілхайырдың өтінішін қабыл етудің себебі орыс патшасы І Петрдің XVІІІ ғ. басында Қазақ хандығы туралы айтылған пікірінен белгілі. Ол: «…барлық Азия елдері мен жерлеріне кірудің кілті мен қақпасы дәл сол орданың (Қазақ хандығының) өзі ғана, осы себептен де солар арқылы барлық Азия елдерімен қатынасатын жолымыз болуы үшін қазақ ордасы Ресейдің қол астында болу керек» деген еді. Осы мақсатта ол қазақ жеріне 1713-1720 жж. бірнеше экспедициялар жібереді. Алғашқысын 1713 ж. кінәз Александр Бекович-Черкасский басқарды. 1715 ж. И.Д. Бухгольц экспедициясы жасақталды. І Петрдің И.Д. Бухгольцке арнаулы жарлығында оған Тобылға бару және онда аталған губернатордан 1500 әскери адам алып, солармен Ямышев көліне бару, онда қала жасап, аталған адамдарымен жаңадан салынған бекініс пен оның маңайына орналастыратын жерге жету міндеттелді. Осы әскери экспедиция үшін адамдар Томскіден, Түменнен, Тарадан және төңіректегі қыстақтардан жинап алынды. Деректерге қарағанда, 70-ке жуық әртүрлі зеңбіректер алынған. И.Д.Бухгольцтің қырдағы жүрісінен ойраттар қауіптенбеу үшін қонтайшы Цеван-Рабтанға алдын-ала Сібір губернаторының арнаулы өкілдері жіберілді. 1715 жылы 1 қазанда экспедиция Ямышев көлінің жағасына жетіп, сол жерде бекініс салды. 1716 ж. Омбы бекінісінің іргесі қаланады. 1717 ж. полковник П.Ступин экспедициясы Ямышевск бекінісінің іргесін одан әрі бекітеді, 1718 ж. П.Северскийдің отряды Железинск бекінісін салады, ал В.Чередов басқарған екінші отряд Семей бекінісінің іргесін қалайды, 1720 жылы И. Лихарев экспедициясы Үлбі өзенінің Ертіске құятын жерінде Өскемен бекінісінің негізін салады. Ресей мемлекеті үшін Қазақ хандығы «Азияға кіретін кілт пен қақпа” ғана емес, ол бірнеше мың халықтың бейбіт жолмен империяға қосылуы, Ресейдің оңтүстік-шығыс шекарасында тыныштықтың орнауы еді. Сонымен бірге Ресей қазақтар арқылы жоңғарлар мен башқұрттарға күш көрсетуге немесе әлсіретуге мүмкіндік аламыз және Орта Азия халықтарын бағындыруға жеңілдік туады деп есептеді. 1731 жылы 19 ақпанда Ресейдің патшасы Анна Иоановна қазақтарды Ресей бодандығына қабылдау жөніндегі құжатқа қол қойды. Бұл құжатта былай жазылған: біріншіден, қазақтар патшаға берік болса және де салық төлеп тұруға уәде берсе, екіншіден, Ресей азаматтары қазақтарды ренжітпесе, қорлық көрсетпесе; үшіншіден, қазақтарға біреулер шабуыл жасаса, Ресей империясы оларды өз азаматтарындай қорғаса, төртіншіден, тұтқынға түскен орыс азаматтарын қайтарып, башқұрт және де қалмақтармен тату-тәтті боламыз деп қазақтар уәде беріп отырса, біз оларды Ресей империясының қол астына аламыз да, оның боданы деп есептейміз. Ал қазақтар, империяның боданы болған соң, өз жерлерінде Ресей бодандарына ешқандай қиыншылық жасамай, ренжітпей, тату-тәтті болуы қажет. Осы грамотаны қазақтарға жеткізу үшін 1731 жылдың 31 сәуірінде Ресей Кіші жүзге Сыртқы істер коллегиясының тілмәші А.И.Тевкелев бастаған арнайы елшілік жіберді. Патша үкіметі А.И.Тевкелевті қырғыз-қайсақ ордасын Ресей бодандығына келтірудегі міндеттері белгіленген Мемлекеттік сыртқы істер алқасының 12 тармақтан тұратын нұсқауымен жабдықтады. Бұл құжат дипломатиялық миссия үшін іс-қимыл бағдарламасы болды. Онда Ресей елшісіне тек Кіші жүз қазақтарын ғана емес, бүкіл қазақ хандығын түгел бодандыққа өткізу міндеті қойылған еді. Нұсқауда Ресей бодандығын қабылдау мәселесінде хан төңірегінде алауыздықтар анықталған жағдайда дипломаттың еркін нұсқаулар таңдау мүмкіндігі болды. Империяның ішкі губернияларына неғұрлым жақын орналасқан Кіші жүзге дипломат жібергенде үкіметте ол жөнінде жеткілікті ақпарат болған жоқ, тек Қазақстанның солтүстік-батыс аудандары туралы Сыртқы істер алқасының кеңсесінде бәрі алдын-ала алынған, үзік-созық сипаттағы мәлімет болды. А.И.Тевкелев дипломатиялық тәжірибені қазақ жерінде жүріп жинақтады. Нұсқауда оған қырғыз-қайсақтар туралы мәліметті жазып алу, елдің орфографиясын, халыққа бодандықтың ұнайтын-ұнамайтынын, оның көршілерінің кімдер екенін, өздері зеңбіректер құя білетін-білмейтінін зерттеу міндеті жүктелді. Осы нұсқау негізінде А. И.Тевкелев күнделік–журнал жүргізген. Белгілі тарихшы Н.Маев 150 жыл өткен соң, өзі жинаған деректер негізінде даладағы істің жайы туралы да, халықтың салты туралы да, тіпті оның тілектері туралы да сенімді мәліметтері болмай, жорамалмен әрекет еткен үкіметтің көзқарасын сын көзбен бағалады. 1731 жылы 5 қазанда А.И.Тевкелев Ырғыз өзеніндегі хан ордасы орналасқан Майтөбе сайына келді. Атақты мейманды бастап жүруді Әбілхайыр хан үлкен баласы, тәжірибелі жауынгер, әкесінің қызметін түгелдей қолдаған Нұрмұхамед Әли Баһадүрге (Нұралыға) тапсырды. Алайда Ұлы даланың тілі де, әдет-ғұрпы да жақын, түсінікті болған бұрынғы татар мырзасының күрделі дипломатиялық мансабының алғашқы қадамдарының өзі көрнекті ақсақалдардың, сұлтандардың зор қарсылығына ұшырады. Олар орысқа бодандық туралы естігілері де келмеді, «ханды соқыр тиын сияқты да көрмеді” тіпті оны өлтіруге тырысқаны туралы дерек бар. Осы жағдай Әбілхайырдың Ресей патшасына елшілерді билеуші топтармен және халықпен ақылдаспай жібергендігін дәлелдейді. Ал Тевкелев болса өз басының пайдасын ойлап келген адам, сондықтан ол өз мақсатын орындау үшін қазақтың кейбір ақсақалдары мен билеріне мол сыйлықтар беріп, алдап-сулап әрен көндірген деп жазады тарихшы С.Асфендияров. А.И.Тевкелев күнделігіне 2 жылға жуық уақыт бойы үнемі өлім қаупіне бас тіге жүріп, аштыққа шыдап, бүкіл қабілетін жұмсап, бүкіл орданы көндіргенін жазды. Бірінші болып бодандыққа Әбілхайыр хан ант берді, оған Бөкенбай ақсақал, содан соң Есет батыр қосылды. Сол арада адалдыққа 27 ақсақал ант берді. Сонымен қазіргі кейбір басылымдарда жазылып жүргендей бастапқыда антты 27 емес, ханнан басқа 29 адам бекітті. Бодандықты қабылдаған Әбілхайыр Ресей империясының шығыс шекарасын, орыс көпестерінің сауда керуендерін қорғауға, орыс мемлекетіне әскери көмек көрсетуге, бағалы терілерден салық төлеуге уәде берді. Бірақ бұл уәделердің бәрі толық орындалған жоқ. Сонымен қатар Әбілхайыр патша өкіметінен өз ұрпағында хандық биліктің қалуын, іштен және сырттан қиындықтар туа қалған жағдайда, өзіне тірек және қорған болатын Ор бекінісін салуды талап етті. Әбілқайырдың бұл талаптарына патша өкіметі үлкен мән бермеді, себебі жоғарыдағы талаптар патша үкіметінің шығыс шекарасындағы мүдделеріне қарсы келмеді. Тіптен Хан ордасы мен шекаралық аймақта бекініс салу Ресей үшін хандық бодандықты нығайтуға тиімді еді. 1731 жылы Кіші жүз бен орыс мемлекетінің арасындағы қарым-қатынас осы жылы Ресей империясының протекторатын қабылдау туралы құжатқа қол қойғаннан бастап іс жүзінде бекітілді. Бұл сонда, қандай қарым-қатынас? «Протекторат немесе қамқорлық қатынастар - бастапқыда күшті және әлсіз мемлекеттердің арасында ерекше хұқықтар мен өзара міндеттемелер белгілейтін шартқа негізделген қатынастар. Оның мәнісі – алғашқысы кейінгісін қорғаса, ал кейінгісі алғашқысына егемендігін сақтай отыра белгілі қызмет көрсетеді” дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед өзінің «Орыс энциклопедияларындағы қазақ шежіресі» деген еңбегінде. Протекторат – қорғаушы, қамқоршы, тірегі, демеушісі. Протекторатын қабылдау – күшті мемлекет әлсіз мемлекеттің қорғаушысы, қамқоршысы, демеушісі, арқа сүйегіші, тірегі болады, ал әлсіз мемлекет сол үшін белгіленген (келіскен) міндеттер атқарып отырады. Басқаша айтқанда, Ресей империясы Қазақ мемлекетін (Кіші жүзді) сыртқы жаулардан қорғап, ішкі саясатына араласпай, қазақтардың егемендігін сақтап қалуға мүмкіндік жасауға тиіс. Әбілхайыр ханның Ресей патшасына жазған хатына, Анна Иоановнаның қазақ халқына берген грамотасының мазмұнына қарап, бұл тарихи процесті Қазақстанның өз еркімен Ресей империясына кірді деп айтуға болмас. Кіші жүз басшылары Ресей империясының протекторатын қабылдауы немесе оның «боданы» болуын сұрауы тарихи факт. Алайда «бодан» (подданный) қосылу емес. Ол тату болу, бейбіт қарым–қатынас жасау, одақтасу, адал болу деген ұғымдарды білдіреді. Әілхайыр хан Ресеймен татулыққа жету арқылы таққа талас мәселесін шешуді ойлады, яғни өзінің билікке жетуінің бірден-бір жолы деп үміттенді. Екіншіден, халықтың ұзақ соғыстан шаршағанын, экономиканың қансырағанын, орыс бекіністерінің қаптауын, орыс-казак станицаларының салынуын және жоңғарлар мен Еділ қалмақтарынан, Орта Азия хандықтарынан, Қытайдан келетін қауіп-қатерлерді ескере отырып, ол Ресейден бодандықты сұрауға мәжбүр болды. Дәл осы сәтте хан тағына лайықты адам «соғыс тәжірибесі мол, атағы да, абыройы да зор, өктем мінезді, өркөкірек Әбілхайыр …» болды дейді тарихшы Ж. Қасымбаев. Ал М. Мағауиннің пікірінше: «… үш жүздің әскерлерінің бас қолбасшысы сайланып, өзінің ұйымдастырушылық дарын, қабілеті, жеке басының ерлігімен аты шыққан, оның үстіне тәжірибесі мол…Әбілхайырдың аға хандықтан үміт етуіне негізі бар еді …». Тарихшы-ғалым М.Қ. Қозыбаевтың пікірі де осы мағынамен ұштасады. Ол: «Сол бір сәтте төре әулетінде Әбілхайырдан басқа жан жоқты. Алайда бақ таласы, тақ таласы, жүздік талас нәтижесінде бұл мақсат іске аспады. Әбілхайыр хан халық бірлігін, оның болашақ тірлігінің өзіндік жолын іздеді …» дейді. Сонымен қатар Ресей патшалығы қазақ хандықтарын түгел өзіне қарату мақсатында бұл өлкеге бірнеше экспедиция жасақтады. 1734 жылы мамырда қырғыз-қайсақ экспедициясы құрылды. Көп кешікпей оны Орынбор экспедициясы деп атады. Ол экспедицияны сенаттың обер хатшысы И. К. Кириллов басқарды. Ол өлген соң 1737 жылы Н. Татищев келді. Бұл экспедициялардың мақсаты Кіші жүз және Орта жүздегі ықпалды Шыңғыс ұрпақтарының бодандығын нығайту болды. 1740 жылы Орынбор бекінісіне олар қазақтың беделді сұлтандарын шақырып, Ресейге өздерінің бодандығын мойындауды талап етті. Осы жолы орта жүздің біраз сұлтандары Ресей бодандығын қабылдады. Алайда, айта кету керек, бұл жерде бодандық қабылдау тұралы құжатқа қол қою рәсімі болған жоқ. Осыған байланысты айта кететін жәйт, қазақ билеуші топтарының бодандық туралы мәселеге өте селқос қарауында. Оған патшалық Ресей империясының қазақ билеуші топтарынан ант алу рәсімін жиі қайталауы себеп болды. Мысалы: Әбілқайырдың өзі үш рет ант берген. Әбілқайырдың 1742 жылы тамыздың 20-жұлдызында берген антының 1731, 1738 жылдардағы анттарының мәніндей құны болмаған. 1740 жылы Қытаймен бейбіт бітім жасасқан жоңғарлар 1741 ж. Орта жүз қазақтарының жеріне басып кіреді. Күтпеген соққыны қазақтар қайтара алмай, Кіші жүз жеріне қарай шегінуге мәжбүр болады. Әбілхайыр хан дереу Ресейден әскери көмек сұрайды. Бірақ Ресей империясы көмек көрсетпейді, өз азаматтары (подданныйы) ретінде санап, сыртқы жаудан қорғамайды. Бұл жерде Ресейдің екіжүзді саясаты көрінеді және де Орта жүздің Ресей протекторатын қабылдауы жай ғана сөз жүзінде қалып, ешқандай саяси мағынасы болмаған деп айтуға болады. Ресей империясы қазақ хандығының күшеюін немесе біртұтас болғанын қаламады. Себебі, ондай мемлекетті бағындыру қиын болатынын түсінді. Сондықтан Ресей қазақ билеушілерін бір–біріне айдап салу және түрлі сыйлықтар мен атақтар таратып өз мақсаттарына пайдалану, қазақ жерін Ресей империясының отарына айналдыру саясатын ұстанды. Ресей Әбілхайыр ханды патша үкіметіне түгелдей тәуелді ету үшін оның ұлы Қожахметті аманатта ұстады. Тарихшы С. Асфендияровтың пікірі бойынша патшалық үкімет Қазақстанға достық және бодандық туын желеу етіп, жыртқыштық, тонаушылық саясатты ұстанды. Патша үкіметінің Кіші жүздегі өз ықпалын күшейтуге бағытталған шаралары Әбілхайыр ханды қарсылыққа мәжбүрледі. 1744 жылы ол қарақалпақтарды шауып, Астраханнан Хиуа мен Бұқараға тауар алып бара жатқан көпестерді тонайды, 1746 ж. Ресей қарамағындағы қалмақтарға, сосын орыс шекараларына шабуыл жасайды. Жоңғар хандығы әлсіреген кезеңде қазақ жеріне орыстар билігінің таралуына орай бұл мәселелер Әбілхайырдың Орынбор әкімшілерімен жиі өткізілген қиын келіссөздердің нысанасына айналып, егес, күтпеген түсініспеушіліктер туғызды. Осы жағдай Әбілхайыр ханның Ресей жағына қатысты бұрынғы адал және ізгі ниетті көзқарасының салқындауына себеп болды. Әбілхайыр ханның Ресей билеушілеріне қарсылық көрсеткені төмендегіден көрінеді
1748 жылы Әбілқайыр ханның ұлы Нұралы Кіші жүздің ханы болды. Жаңа билеуші патша әкімшілігі бұл лауазымға ресми түрде бірінші рет бекіткен қазақ ханы еді. Оған жылына 600 сом мөлшерінде жалақы тағайындалды. Ол өзінің ұлдарын аманат ретінде Орынборға тапсыруға міндеттенді.
Нұралы ханның патша үкіметіне тәуелділігі, оның қазақтар арасында абыройын түсірді. Бірақ Нұралыны хан ретінде барлық рубасылары түгелдей дерлік мойындай коймады. Шекті руы ықпалы күшті Батыр сұлтанды өз билеушіміз деп таныды. Нұралының інілері Айшуақ пен Ералы да өз беттерінше тәуелсіз болуға тырысты. Сондықтан да патша үкіметі шекара шептерін нығайта түсуге көп күш-жігерін жұмсауға кірісті.
Оның үстіне, патша үкіметі қазақтардың Жайық өзенінің оң жақ бетінде көшіп-қонып жүруге бұрынғыдан да бетер қатаң тыйым салды. Қазақтарды өзеннің оң жағалауына өткізбеу мақсатымен оның сол жағалауындағы жайылымның шөбін күзге қарай өртеп жіберуді әдетке айналдырып алды.
Мұндай тыйым салулардың бірқатар себептері болды. Патша үкіметінің өз тылында бақылау жасау қиын тиетін көшпелілердің қарулы қалың тобын жақын ұстағысы келмеді. Алғашқыда Ресейдің шекаралық ішкі аумағына орыс халқын — бірінші кезекте казактарды, содан кейін қоныс аударатын шаруаларды орналастыру көзделген болатын. Акырында бір жағынан қазақтардың, екінші жағынан башқұрттар мен қалмақтардың арасында бұрыннан орын алып, созылып келе жаткан қарама-қайшылықтар болды. Қазақтардың Жайық пен Еділ өзендерінің аралығына келуі ол қарама-қайшылықтарды ушықтырып жіберетін еді.
Қазақ-башқұрт қатынастарының даму ерекшеліктері
Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарының солтүстіктегі ұзаққа созылатын ең үлкен шекарасы Башқұртстанмен екі арада болды. Башқұрттар да көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтын ұстанатын. Олар қазақтармен тегі бірге туыстас түркі тілдес халық болатын. Олардың шаруашылықты жүргізу қызметінің түрі ұқсас, тілі де, діні мен мәдениеті де ортақ еді.
XVII ғасырдың екінші жартысында Кіші жүз қазақтардың бір бөлігі ру-руымен Үй-Миасс өзендері аралығындағы және Жайықтың оң жағалауындағы башқұрт жерлерінде көшіп-қонып жүретін. Башқұрт-қазақ байланыстарының ол кездегі кеңінен тараған түрлері екі халық арасындағы қыз беріп, қыз алысу, құда-жекжат болып араласу болатын. Башқұрт және қазақ батырларының арасындағы күрес, бәйге, садақ ату сияқты жарыстар бірлескен мереке кездерінде кеңінен өткізілетін.
Патша әкімшілігінің башқұрттар арасындағы отаршылдық саясаты көптеген көтерілістердің жиі-жиі шығып тұруына алып барып соқтырды. Мәселен, 1740 жылы башқұрттардың Қарасақал бастаған кезекті көтеріліс болды. Оған қазақтар және олармен одақтас карақалпақтар да белсене қатысты.
Башқұрттармен екі арада бейбіт байланыстармен және одақтастастық қарым-қатынастармен қатар әр түрлі қақтығыстар да, қыз алып қашу, барымталау, қазақ және башқұрт билері мен батырларының бақталастығы сияқты әрекеттер де болып тұратын.
Патша үкіметі қазақтар мен башқұрттардың ұлтаралық араздығын тудырудың қолайлы уақытын бос жібермеуге тырысып бақты. Сөйтіп ол екі туысқан халықтың Ресей империясына қарсы күш біріктіруіне жол бермеу үшін қолынан келген барлық амал-әрекеттің бәрін де жасады.
1755 жылғы қазақ-башқүрт шиеленісі және оның салдарлары
1755 жылы башқұрт халқының Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы бағытталған және бір кезекті ірі көтерілісі болып өтті. Ол халықтық қозғалысты Батырша басқарды. Өздеріне жазалау шаралары қолданылғаннан кейін құрамында 50 мыңнан астам адам бap башқұрттар Клші жүздің шекаралас аумағына көшіп барды.
Көтерілісші башқұрттардың жоспары бойынша, олар қазақтармен бұрынғы кездердегі сияқты біріге күш жұмсап, патша әскерлеріне қарсы күреске шығуды армандады. Қазақстанның шегіне көшіп бару башқұрттардың отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деп ойлады.
Көтерілістің зор ауқымдылығынан және екі халықтың күш біріктіре қарсылық жасауынан қауіптенген патша әкімшілігі оларды бір-бірімен араздастырып, өзара қақтығыстыруға әрекет жасап бақты. Қазақ халқының едәуір бөлігі башқұрт әскери жасақтарының басшысы Батыршаның үндеуін түсіністікпен қабыл алды. Орынбор әкімшілігінің тарапынан жасалған қоқан-лоқы қорқытуларға қарамастан, көптеген башқұрттар қазақ даласынан өздеріне баспана тапты.
Қазақтардың бұл көтеріліске жаппай қатысқан кездері де аз болған жоқ. Орынбор өлкесінің губернаторы И.И. Неплюев қазақтардың билеушілеріне көтеріліске қатысқан башқұрттарды ұстап беруді немесе ең болмағанда оларды шекара шебінен асыра қайта қуып шығуды ұсынды. Бұл қызметі үшін олардың дүние-мүлкі мен мал басын тартып алуға рүқсат етті.
Башқұрттардың әйелдері мен балалары қазақтардың қолында қалуы тиіс болды. Ұсынысты қазақтардың Нұралы хан бастаған аз ғана тобы қуана қабыл алды. Қазақтардың тарапынан жасалған жүгенсіз бассыздықтар туралы естіп білген башқұрттар енді кек алуға көше бастады. Атап айтқанда, олар Неплюевтен өздерінің қазақ даласына өтіп, олардан «кек алуына» рұқсат сұрады. Ал Неплюев ресми түрде рұқсат етпегенімен бекініс бастықтарына башқұрттардың Жайық жағына өтіп жатқанын байқамаған болуы жөнінде құпия нұсқау берді.
Ал екі жақ бірін-бірі қырып-жоюға тақалған кезде олардың өзенге жақын келмеуі туралы алдын ала ескерту жасады. Осы мақсатпен ол шекара шебін күзетуді одан сайын «күшейте» түсті.
Көтеріліс езіп-жаншып басылғаннан кейін кейбір қазақ рулары өздерінің араларында башқұрттарды жасырын ұстауды одан әрі жалғастыра берді. Бұл жағдай патша үкіметін генерал-майор А. Тевкелевті қазақ даласына арнайы жіберуге мәжбүр етті. А. Тевкелев қазақтардың қашқын башқұрттарды қызғыштай қорғамай, патша үкіметіне жедел түрде ұстап беруі тиіс екеніне көздерін жеткізуге тырысты.
Тевкелев қазақ старшындарын патша өкіметі билігінің талаптарын орындауға көндіру мақсатымен қорқытып-үркітіп, үрей де тудырды, қымбат бағалы сыйлықтар ұсынып алдауды да шебер пайдалана білді.
Нүралы ханның іс-әрекеттері қазақ-башқұрт қатынастарының одан әрі ушыға түсуіне себеп болып, бірнеше ондаған жыл бойы өзара жорықтар жасалып тұрды. Қазақтар ендігі жерде Жайықтың оң жақ жағалауына және башқұрттардың көшіп-қонып жүретін жерлеріне бұрынғыдай емін-еркін бара алмайтын болды.
Сондықтан да белгілі зерттеуші А.И. Левшиннің тіпті XIX ғасырдың 30-жылдарына қатысты былай деп жазуы тегін емес:
“ …Қан төгіс азайғанымен екі туысқан халықтың арасындагы қастандық осы уақытқа дейін сақталып келеді… ”
. Бұл туралы орынборлық зерттеуші В.Н. Витевский былай деп неғүрлым ашық жазды:
“ … башқұрттар мен қырғыздардың (қазақтардың) арасындагы алауыздықтың Неплюев сепкен ұрығының неғұрлым қунарлы топыраққа тускені сонша, оның башқұрттар мен қырғыздардың (қазақтардың) арасын алшақтату үшін жасалған іс-әрекеті өзі күткендегіден де күшті нәтиже берді… ”
Жаңаесіл шекара шебінің салынуы
XVIII ғасырдың 50-жылдарында жалпы ұзындығы 930 шақырым келетін Ертіс шекаралық шебінің (Омбы, Железинская, Жәмішев, Семей және Өскемен бекіністерінің) құрылысы аяқталған еді. Тап осы кезде Өскемен бекінісінен Кузнецк бекінісіне дейін 723 шақырымға созылатын Колывановская шекара шебінің құрылысы да салына бастаған болатын.
Патша үкіметі қазақ-жоңғар шапқыншылығын пайдалана отырып, қазақ жерлерін ашықтан-ашық одан әрі жаулап алу әрекетіне кірісіп кетті. 1752—1755 жылдары Орта жүз қазақтары жерінің солтүстік аймағында Жаңаесіл шекара шебіндегі әскери бекіністер мен ұсақ-түйек дала бекіністерінің құрылысы жүріп жатты. Ол Үй шекара шебін Ертіс шекара шебімен жалғастырды.
Оның бойында Звериноголовская, Покровская, Николаевская, Лебяжі, Полуденная, Петропавл, Пресновская және Кабанья сияқты бекіністер салынды. Оның жалпы ұзындығы шамамен 540 шақырым болды. Оған едәуір көп әскер күші шоғырландырылды. Бұрынғы доға тәріздес Ескіесіл шекара шебі енді «тігінен түзетіліп», қазақтардың көшіп-қонып жүретін жерінің ішіне қарай 250 шақырым кіріп кетті. Жеке шекаралық шеп «Ащы шеп» деген атауға ие болды. Өйткені оның бойында көптеген суы ащы тұзды көлдер бар еді.
Ескіесіл және Жаңаесіл аталған шекара шептерінің аралығында ежелден бері көшіп-қонып жүрген қазақтар одан күшпен қуып шығарылды. Мұның өзі бұрыннан қалыптасқан көші-қон жүйесін бұзды.
Патша үкіметінің жерді баса-көктеп тартып алуы салдарынан көптеген қазақ рулары дәстүрлі мал жайылымдарынан айырылды. Өйткені ол жерлер жаңадан белгіленген шекаралық шептің «ішкі жағында» қалып қойды. Қазақтардың қарулы қарсылығы басталып кетті.
Бүл оқиғалар XIX ғасырда өмір сүрген зерттеушілердің бірі Н. Петропавловскийдің еңбегінде жеткілікті дәрежеде жан-жақты суреттелген:
“ …Қорған, Есіл және Туқала округтарында шаруалар қырғыздармен
(қазақтармен) курес жургізді. Осы ең соңғы кезге дейін дерлік олар өздерінің қожайын ретіндегі құқығын қорғап қалуға тырысты, біздің ғасырымыздың (XIX ғасыр) 40-жылдарының өзінде де шаруалар мен қырғыздар (қазақтар) арасында қанды қырғын қақтығыстар болып келді…»
Жаңа шекара шебі жаңадан басып алынған жерлерді оның күні кешегі заңды иелерінен, яғни казақтардан қорғау үшін патша үкіметіне қызмет етті. Бір жағынан, жоңғарлармен, екінші жағынан, башқұрттармен жанталаса күрес жүргізген қазақтардың патша үкіметінің жерді тартып алу экспансиясына ұйымдасқан түрде қатты қарсылық көрсетуге мұршасы келмеді.
Орта жүздің шекара шебі аймақтарындағы жер дауының одан әрі шиеленісе түсуі
Жаңаесіл шекара шебінің құрылысы аяқталғаннан кейін қазақтардың шекарадан ішкі жаққа өтуіне бұрынғыдан да бетер қатаң тыйым салынды.
Жоңғарлар талқандалғаннан кейін қазақ сұлтандары мен старшындары Ертіс өзенінің оң жақ жағалауына көшіп бару үшін белсене әрекет етіп бакты. Алайда жергілікті аймақтың өкімет билігі тарапынан ашықтан-ашық қатты қарсылыққа душар болды, 1755 жылы патша үкіметі Орта жүз қазақтарының Ертістін оң жақ жағалауына өтуіне қатаң тыйым салды. Одан соң қазақтардың бекініске 10 шақырымға дейін жақындауына да рұқсат етілмеді.
1765 жылы Сібір шекара шебінің командашысы генерал-поручик И. Шпрингер Ертістің далалық бетінде ені 10 шақырым келетін алқап белгілеп, ол аймаққа қазақтарды жолатпауға бұйрық берді. Сондай-ақ қазақтардың Ресей әскери бекіністеріне 30 шақырымнан жақын баруына тыйым салынды. Қазақтардың Ертістің оң жақ бетіне өз бетінше өтуінің қандай түрі болса да әскери күш қолдана отырып, қайтадан еріксіз қуып жіберуімен аяқталатын.
Тек 1771 жылы ғана қазақ хандары мен сұлтандарының қайта-қайта өтініп сұрауы бойынша Сұлтанбет және Орыс сұлтандар басқаратын Ертіс бойы қазақтарының Ертіс өзенінің оң жақ бетінде көшіп-қонып жүруіне рұқсат етілді. Соның өзінде де тек қысқы мезгілде уақытша мерзім негізінде көшіп баруына рұқсат алды. Қазақтар аманат беріп тұруға міндетті болды. Ертістің оң жақ жағалауына тек «сенімді деген далалықтардың» өтуіне рұқсат етілді.
Пайдаланылған әдебиет
↑ Қазақстан тарихы (XVIII ғасыр — 1914 жыл). Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Қабылдинов З.Е., Қайыпбаева А.Т.Алматы: Атамүра, 2008. — 352 бет, суретті, карталы.ISBN 9965-34-816-2

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет