Ағылшын тілі сабағында диалогтық оқытудың сабақты қызықты әрі сапалы өткізуге тигізер пайдасы



Дата28.06.2017
өлшемі108,58 Kb.
#20246
Ағылшын тілі сабағында диалогтық оқытудың сабақты қызықты әрі сапалы өткізуге тигізер пайдасы.

Жауапкершілігі мол, еңбегі ерен ұстаздың қашанда үлкен құрметке ие бола білуі – ол өзі таңдаған мамандыққа қаншалықты күш-қуат жұмсайтынына байланысты. Бұл жолда жетістікке жету үшін біз алдымен жақсы жоспар құруымыз тиіс, өйткені жоспарсыз жұмыс жасау – картасыз ел кезген жолаушымен тең. Ал қолында картасы бар жолаушы кез-келген жерде ең қысқа әрі ең оңай жолды таба біледі. Дәл осы сияқты, мен де әрбір сабағыма үлкен талпыныспен әрі тиянақты жоспармен дайындалдым. Өтілген сабақтарымның және істелінген әрбір ісімнің жоғары деңгейдегі жоспары болғанын қаладым. Осы мақсатпен, өткізілген сабақтарымның барлығына дерлік сыныптағы оқушылардың сөйлеу әрі сыни ойлау қабілеттерін жоғары дәрежеде дамытатын диалогтік оқытуды енгізуге тырыстым.

Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диалог сабақта оқушылардың қызығушылықтарын арттырумен қатар олардың білім деңгейінің өсуіне де үлес қосатындығын атап көрсетеді (Нұсқаулық, «Сыныптағы диалогтің маңызы», 39-бет). Ғалымдардың айтуынша, дұрыс бағытта орындалған диалогтік жұмыстың кез-келген түрі оқушының сабақ барысындағы әрекетіне және оның сыныптағы оңды өзгерісіне едәуір ықпал етеді.

Курсқа дейінгі сабақтарымда мен диалогтік оқытуға аса мән бермегенімді байқадым. Күнделікті тұрмысымызда әр сәт сайын кездестіріп жүрген диалогтің білім саласында белгілі бір рөл атқаратынын білсем де, оның мұншалықты маңызды боларын аңғармаған екенмін. Қарап тұрсам, диалогтік оқыту – бұл жаңа әрі сапалы білім қайнарын ашудың таптырмас әдісі болып табылады екен. Ал бұл әдісті қолдана отырып, оқушы үшін қызықты әрі табысты сабақты ұйымдастыруға болады.

Диалогтік оқытудың сабақ үдерісіндегі, оқушыларды дамытудағы мәні аса жоғары. Выготскийдің оқыту моделі оқушы диалог құру нәтижесінде білім алады деп жорамалдайды.Сондықтан, оқушының білім деңгейін дамытуға әлеуметтік қолдау көрсетуде мұғалімнің рөлі ерекше. Оқушылардың көбірек білетін басқа адамдармен, әрине, бұл рөлдерде сыныптастары мен мұғалімдері болуы мүмкін, диалог жүргізу мүмкіндігі болған жағдайда, оқыту жеңіл болмақ (Нұсқаулық, «Сыныптағы диалогтің маңызы», 39-бет). Ол – мұғалім үшін үлкен жетістік пен шығармашылықтың кілті іспеттес. Әсіресе, шет тілі болып саналатын ағылшын тілінің сабағында диалогтің түрлерін жақсы деңгейде қолдана білу мұғалімнің кәсіби құзыреті мен шеберлігін көрсетеді. Оқу үдерісінде, диалогтік оқытуды дұрыс қолдану – кез келген мұғалім үшін оқушылар арасында оқу бәсекесін тудыратын, оларды өз тәжірибесінің негізінде дамытатын құрал. Ал, білім сапасы үшін диалогтік оқыту – тиімді оқытуға бағытталған жұмыстардың алғашқы қадамы.

Курстың алғашқы айын тәмамдап, сынып оқушыларымен алғашқы сабағымды өтерімде біраз қобалжығаным рас. Әсіресе, алғашқы сабағымда бесінші сыныптың оқушыларымен ағылшын тілінде диалог құру мен үшін аса күрделі құбылыс болып көрінді. Ал курсқа бармастан бұрын мен диалогтің кез келген сабақтың тапжылмас бөлігі бола алатынына үлкен күмәнмен қарайтынмын. Өз ана тілінде диалогті дұрыс құрай алмайтын кейбір балалар оны ағылшын тілінде қалай құрсын деп ойлайтынмын іштей. Сөйтсем, ол менің ең басты қателігім екен. Мен балаларға сенімсіздік танытыппын. Ал сенім болмаған жерде істің де оңға баспайтындығы айдан анық.

Сабақ барысында диалогті қарапайым сұрақтардан бастадым. Өтілген сабақтар «пәтер» тақырыбына қарасты болғандықтан, оқушыларға қойылған сұрақтар да пәтер, бөлме төңірегінде болды. «Do you live in a flat?» (Сен пәтерде тұрасың ба?), «How many rooms do you have?» (Үйіңде қанша бөлме бар?), «Who lives with you in your house?» (Сен үйіңде кіммен тұрасың?), «What is your address?» (Сенің мекен жайың қандай?), «Can you name the names of the rooms?» (Бөлмелердің атын атай аласың ба?), «Which is your favorite room?» (Сенің сүйікті бөлмең қандай?) сынды қарапайым сұрақтарға оқушылар қанағаттанарлықтай жауаптар қайтара алды. Бұл мені қуантып тастады. Бірақ мен жұмысымның мұнымен шектелмеуі керек екендігін жақсы түсіндім. Сұрақтар қарапайымнан бастау алып, күрделене түсуі қажет. Келесі сабақтарымда сұрақтарымды біраз түрлендірдім. Алдыңғы сабақтағыдай оқушылар тек сөздік қордың көмегіне жүгінбестен, сыни тұрғыдан ойланатын сұрақтар тізбегін құрастырдым. Мұндай сұрақтар балалардың танымдық ойлау қабілеттерінің дамуына жақсы әсер етеді.

Мерсердің зерттеуіне сәйкес, әңгімелесу оқушылардың оқуының ажырамас бөлшегі болып табылады және әңгімелесудің үш түрі бар (Нұсқаулық, «Сыныптағы диалогтік әңгімені дамыту», 40-бет). Әңгіме-дебат, Топтық әңгіме, Зерттеушілік әңгіме. Соған сәйкес, мен өз сабақтарымда топтық әңгімені ұйымдастырдым. Топта оқушылардың диалог құрау барысында қарапайым сұрақтардан бастап, күрделенген түрдегі сұрақтарға берген жауаптарынан олардың ойлау және сөйлеу дағдыларының жақсарғанын байқадым.

Егер осы курсқа келмей тұрғандағы сабақтарымда мен жақсы дәрежедегі сабақты тек өз мамандығын жетік меңгерген мұғаліммен ғана байланыстырсам, бұдан кейінірек, яғни курстағы алған теориялық білімімді мектепте тәжірибеге ұштастыратын кезеңімде оқушылармен жұмыс істей келе жоғары деңгейдегі бір сабақтың өтілу барысы үш бөлімнен тұруы қажет екенін түсіндім. Олар: біріншіден, мұғалімнің оқушыларға оқытып отырған материалының маңыздылығын ұғындыра білуі; екіншіден, сабақ барысындағы жаттығулардың сабаққа қойылған мақсат пен міндеттерге сай болуы; ал үшіншіден, түсіндірілген сабақты оқушылардың түсінуі және оны өздерінің тілімен бір-біріне жеткізе білуі. Міне, осы үшінші міндеттің іске асуына едәуір дәрежеде ықпал етуші диалогтік оқыту болып табылады. Осы кезекте диалогтік оқытудың формалары жайлы айта кеткім келеді. Сыныпта көрініс табатын диалогтің үш формасы бар. Олар, мұғалім – сынып, мұғалім – оқушы, және оқушы – оқушы. Қарап тұрсақ, әрбір сабақ мұғалім мен сыныптың арасындағы диалогпен басталады. Диалогтің бұл түрін ең қарапайым сабақтың өзінен кездестіруге болады. Бұл кезеңнен соң диалогтің екінші формасы көрініс табады. Яғни, мұғалім әр оқушының өтілген сабақты қалай қабылдағанын тексеру барысында әрбір оқушымен жекелей әңгіме құра бастайды. Ал диалогтің ең жетілген алайда көптеген білім ордаларында өте сирек кездесетін түрі сыныптағы оқушы мен оқушының арасындағы диалог. Диалогтің бұл формасының сирек қолданылуын көбіне мұғалімдер сабаққа берілген уақыттың тығыздығымен, уақыттың жетіспеуімен байланыстырып жатады. Алайда өз сабақтарында диалогтік оқытуды жиі қолданатын мұғалімдердің сатылай отырып бір күні «оқушы – оқушы» формасына жететіні анық. Сыныптағы кез-келген оқушы үшін, баланың тілімен қарапайым тілде түсіндірілген сабақтың маңызы зор, өйткені бала күрделі терминдермен сөйлейтін мұғалімге қарағанда өзімен қатарлас құрбысының немесе досының түсіндірген әңгімесін көбірек қызығушылықпен тыңдайды. Мысалы, «Саған қандай бөлме ұнайды?» деген сабақты өту барысында диалогті қолданған сәтте, сыныптағы енжар оқушылардың қатарындағы Ілияс та құлшына қол көтерді. Бұл сәтте мен әрбір баланы жекелей мадақтап отырдым, өйткені шет тілде диалог құру жақсы оқитын баланың өзіне де кейде ауырлау соғып жатады.

Александер (2004) білім берудегі әңгімелесуді – қарым-қатынас жасаудың бірсарынды үдерісі емес, керісінше, идеялар екіжақты бағытта жүреді және осының негізінде оқушының білім алу үдерісі алға жылжиды деп тұжырымдайды (Нұсқаулық, «Сыныптағы диалогтік әңгімені дамыту», 40-бет). Сабақ барысында құрылатын диалогтік жұмыстар, өкінішке орай көбіне мұғалімдер тарапынан алдын – ала жеткілікті дәрежеде зерттелмейді. Егер мұғалім бала үшін аса күрделі немесе баланың қызығушылығын оятпайтын тақырыпта диалог алар болса, онда оның еңбегінің ешқандай нәтижесі болмайды. Сондықтан диалогтік оқытудың сыныпта кемелденген дәрежеге жетуі көбіне ұстазға байланысты болады. Мысалға алар болсақ, тіптен бір қарағанда өте қарапайым болып көрінетін «Жанұя», «Саяхат», «Өмірбаян» деген тақырыптардың өзі көбіне оқушының, сыныптың қызығушылығына сай келетін тақырыптар емес. Оларға осы тақырыптарда диалог құру тапсырылса, олар жанұя немесе саяхат туралы бұрыннан келе жатқан жаттанды сөздерін айтып шығуы мүмкін, бірақ біздің міндетіміз оларды жаттанды білімге талпындыру емес, керісінше диалогтік оқыту арқылы оларға ақиқатты өздері айқындауларына бағыт – бағдар беру. Сабақта ұйымдастырылатын диалогтің тақырыбының өзі балаларды жеке тұлға ретінде қалыптастыруда өте маңызды рөл ойнауы тиіс. Осы мақсатта, мен өткізген сабақтарымда диалогті құрмас бұрын балаларға әр түрлі қысқа әрі жеңіл өлең шумақтарын, мақал – мәтелдерді, ұлы ақын – жазушылардың қанатты сөздерін тараттым. Бұл әдіс, бір жағынан балалардың сөздік қорын байытып, сөйлеу мәдениетін қалыптастырса, екінші жағынан оқушылардың құрметтеу, сыйлау сынды адамгершілік қабілеттерін де дамыта түседі. Балалар бұл қанатты сөздерді немесе мақалдарды қима қағаздардан оқи отырып, сол мақалдағы немесе афоризмдегі ситуацияны қарапайым тілмен болса да жеткізуге тырысады. Мысалы, «Менің пәтерім» деп аталынған сабағымда балаларға үй туралы мақалдар мен мәтелдер тараттым. Және олардан осы мақал-мәтелдерді өз диалогтеріне қосуды талап еттім. Сонда өз диалогтерімен тақтаға шыққан Гауһар мен Бинура диалогті өте қызықты етіп құрды. Гауһар бұрыннан Америкада тұратын американдық қыздың рөлін сомдады. Ал Бинура Құрама Штаттарға қыдырып барған қазақстандық қыздың кейпінде болды. Өздерінің деңгейіне лайықты өте қарапайым тілмен жасалынған олардың диалогіне назар салып көрейік:

Гауһар: Hello! Сәлем!

Бинура: Hi! Сәлем!

Гауһар: Do you like my flat? Саған менің пәтерім ұнады ма?

Бинура: Yes, it is very big and clean. Иә, ол өте үлкен және таза.

Гауһар: Will you live with me? Сен менімен тұрасың ба?

Бинура: No! Жоқ!

Гауһар: Why? Неге?

Бинура: East or West, home is best! Өз үйің – өлең төсегің!

Байқағаным, Бинура екі – үш күн бойына осы мақалдың ағылшын тіліндегі баламасын қайта – қайта айтып жүрді. Бұл қуанарлық жағдай. Бинура ғана емес, сыныптағы Ынтық, Эльдар сынды оқушылар да тілдеріне жеңіл келетін өлең шумақтарын күнде айтумен болды. Яғни, осы жолмен олардың диалогке, бір-бірімен сөйлесуге деген қызығушылықтары артты. Ал бұл әрине пәнге деген қызығушылықтың да артқанын білдіреді.

Диалог үшін алынған тақырыптар оқушыларға өте ұғынықты болуы тиіс. Яғни, алынып отырған тақырып, оқушылардың өз беттерінше ситуациялық жағдайларды ойлап табуына, рөлге кіруіне, бір нәрсені дәлелдеуіне немесе керісінше жоққа шығаруына жол ашып, мүмкіндік беруі тиіс. Осылайша оқушылар алдын ала түсіндірілген белгілі бір грамматикалық құрылымның, сөйлемдегі сөздер тәртібінің ережесін сақтай отырып, сондай-ақ мұғалім тарапынан берілген қанатты сөздерді қолданудың көмегімен диалогтік жұмысты жақсы деңгейде орындайтын дәрежеге жетеді. Ал егер берілген сөз оқушыға түсініксіз болса немесе бала айтпақ болған сөзінің ағылшынша баламасын ұмытқан жағдайда мұғалім көмекке келуі қажет. Яғни мұғалім сыныптағы кез-келген әрекетке бірінші кезекте бағыт пен бағдар беріп отыратын тұлға болып саналады.

Өтілген сабақтар барысында диалогтік оқытуды қолдану маған оқушыларымның көптеген психологиялық сырларын ашуға көмектесті. Бала диалогті құрарда өзімен білім деңгейі теңдей болмаса да ұқсас адамды іздейді екен. Мысалы сыныпта үздік оқитын оқушылардың қатарындағы Бинура Гауһармен диалог құрғанды қалайтынын айтса, орта деңгейдегі Жандос өзімен деңгейлес Айнұрмен диалог құруға ниет білдіріп жатты. Бұл жағдайға басқа тұстан қарар болсақ, диалог сыныптағы достық қарым – қатынасты ғана дамытып қоймайды, сонымен қатар диалог арқылы сыныптағы оқушылар бір-біріне бұрынғыдан да ұқыптырақ қарай бастайтындығы аңғарылды. Диалог баланы ынталандыру арқылы, оны кез-келген тақырыпта шындықты ашуға, ақиқатты айқындауға жетелеуі тиіс.

Баланың сыныптағы іс-әрекеті олардың ойлау қабілеті мен сөйлеу мәнерінде көрініс табуы қажет. Әсіресе, шет тілі сабақтарында өкінішке орай тілдік барьердің әлсіз болуынан баланың диалог құруға деген бастамасы мен белсенділігі аз болып келеді; бұл пәнде көбіне мұғалімнің белсенділігі басым болады. Бұл жағдай оқушы мен мұғалімнің арасында құрылатын диалогтің ұйымдасуына кедергі келтіреді. Меніңше, мұндай күрделі мәселенің себебі сабақ барысында мұғалім мен оқушы арасында құрылатын диалогке уақыттың жетіспеушілігінен ғана емес, диалогтің мүшелері болып табылатын екі серіктестің арасындағы теңсіздіктің пайда болуынан туындайды деп ойлаймын. Яғни мұғалім оқушымен диалог құруы үшін мұғалім баланың деңгейіне түсуі тиіс. Сонда ғана мұғалім баланың ойын жақсы ұғына біледі. Егер мұғалім диалог барысында бастаманы тек өз қолына алса, онда бала мұғалімді серіктес ретінде қабылдай алмайды. Бізде, көбіне мұғалім мен оқушының арасындағы диалог бірсарынды қалыпта өтеді: мұғалім бас салып оқушыға сұрақтарды жаудырады, ал оқушы бар болғаны сол сұрақтарға жауап береді. Бұл сәтте бала мұғалімді диалогтегі серіктес емес, оқушыдан білімді талап етудегі ұстаз ретінде ғана қабылдайды. Өйткені бұл сұрақтар сабақ басталғаннан бастап-ақ қойылып, «Бүгін қандай күн?», «Бүгін ауа райы қандай?» деп сұрақтарды жаудыратын мұғалім ары қарай тақырыпқа байланысты, грамматикаға байланысты немесе тағы басқа сұрақтарды қоюын әдетте жалғастыра береді. Ал диалог құру барысында да осы тәртіп сақталынса, яғни мұғалім сұрақ қоюшы, ал оқушы жауап беруші ретінде танылса, онда оқушы диалогтің мәнін толық түсінбейді де, ол мұны мұғалімнің монотонды қадағалауы немесе бақылауы деп қана ұғынады. Ал диалогтік оқытуды оқушының осы түрде қабылдауы сыныптағы диалогтің дамымауына, оқушылардың диалогке енжар түрде қатысуына себепші болары анық. Сондықтан мұғалім ретінде біз осы факторлерге аса назар аударуымыз қажет.

Курсқа бармас бұрын, әсіресе ағылшын тілі пәнінде диалогтік оқытуды әрбір сабақтың құрамдас бөлігіне айналдыру мен үшін шыншыл емес жағдай болып көрінсе, ал курс нәтижесінде алған теориялық білімімді мектеп оқушыларымен тәжірибеге жалғай түскен сәтімде, диалогтік оқытуды дұрыс әрі тиімді қолданудың нәтижесінде сыни тұрғыдан ойлауда болсын, сөйлеу мәдениетінде болсын үлкен жетістіктерді бағындыруға болатынымызға менің толықтай көзім жетті. Сыныптың және жеке оқушының психологиясын зерделей келе, диалогтік оқытуды ағылшын тілінің әрбір сабағында қолдана білуіміз үшін әрбір мұғалім төмендегі ережелерге сүйенгені дұрыс деп санаймын:


  1. Оқушыларға сөз жаттату жұмыстарын емес, сөйлем құрау құрылымдарын үйретуіміз қажет.

  2. Оқушыларды алдымен ана тілінде ойлап, содан соң оны ағылшын тіліне аударуға емес, керісінше бірден ағылшын тілінде ойлауға үйретуіміз қажет.

  3. Оқытудың ерте кезеңдерінде оқыту көбіне сөйлеуге негізделуі тиіс.

  4. Оқушыларды екіжақты қырға үйрету керек, біріншісі лингвистикалық болса, екіншісі драматургиялық. Олар сөйлеп қана қоймай, сөздерін әрекетпен немесе іс-қимылмен де көрсете білуі қажет.

  5. Теориялық білім мен оның тәжірибесі тығыз байланыста болуы тиіс. Диалогтік оқыту теориялық білімді тәжірибеде шыңдай түсетін ең маңызды әдіс.

  6. Сабақ барысында әрқашан жұптық жұмыстың болуы.

  7. Баланың өзі-ақ түзей алатын қатені баладан бұрын түзетпеу. (Балаға мұғалімнің таңқалған келбетпен қарағанының өзі оның өз сөзінен қатесін іздеуіне жетіп жатыр. Бұл әсіресе диалог барысында қатаң қадағалануы тиіс. Көбіне шет тілі мұғалімдері баланың әр сөйлем сайын грамматикалық қатесін тауып, баланың сөйлеуге, өз ойын жеткізуге деген ынтасын қашырып алады).

  8. Тек мұғалімнің балаға сұрақ қоюына емес, баланың мұғалімге сұрақ қоюына немесе ұсыныстарын білдіруіне мүмкіндік беру қажет.

Әрине мұғалім өз мамандығын жетік меңгерген тұлға болуы тиіс. Бірақ сабақ барысында мұғалім балалардың өз бетінше ойлануына, өтілген тақырыпты басқа баламен талдауына, саралауына бағыт беруі қажет. Мұғалімнің бастамасымен, жетегімен ғана тәрбиеленген шәкірттің алдағы уақытта да басқа тұлғаның ақыл-кеңесіне сүйенері анық. Олай болса, диалогтік оқытудың арқасында өз бетінше сыни тұрғыдан ойлана білетін әрі тілдік сөйлеу мәдениеті өте жақсы деңгейде қалыптасқан балаларды тәрбиелеген ұстаз озбай ма? Олай болса, шындық пен ақиқаттың ашылуына себепкер болатын диалог сабақ үстінде дұрыс әрі тиімді жолмен қолданылса, бұл мұғалімнің нағыз еңбегі, жетістігі. Балаға қашанда бағыт бағдар беріп отыратын біздер, яғни ұстаздар оқушы үшін өз уақытымызды аямай, керісінше шәкірт бақытын аялар болсақ, қиыншылығы мен жауапкершілігі мол осы ұстаздық жолында үлкен белестерді бағындырар едік. Ең алдымен, біз қашанда қоғамдағы әрбір шәкірттің айнасы болып табылатынымызды әрдайым жадымызда ұстауымыз тиіс.

Жоғарыда атап кеткендей, мектептегі тәжірибе кезінде оқуда қолданылатын әңгімелесу түрлерінің ішіндегі топтық әңгімені оқыту үдерісінде пайдалансам, алдағы уақыттағы іс-тәжірибемде зерттеушілік әңгімені дамытамын деп ойлаймын.



Пайдаланылған әдебиет :

1.Мұғалімге арналған нұсқаулық. Үшінші (негізгі) деңгей
Каталог: uploads -> doc -> 01f1
doc -> Сабақтың тақырыбы Бала Мәншүк ( Мәриям Хакімжанова) Сілтеме
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
01f1 -> Сабақтың тақырыбы : Практикум. Аралас құжаттар құру Сабақтың мақсаты: құжатқа сурет қою тәсілдерін үйрету
01f1 -> Оқулық, баспасөз, интернет материалдары. Модульдердің кіріктірілуі
01f1 -> Шығыс Қазақстан облысы Катон-Қарағай ауданы Үлкен Нарын ауылы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет