Амангелдиева Аружан 6В01511 география – тарих ҚазМемҚызпу қазақ санасының шамшырағы Ахмет Байтұрсынұлы



Дата30.04.2022
өлшемі21,48 Kb.
#141512
Байланысты:
байтурсынов
амангелдиева аружан, рецензия

Амангелдиева Аружан
6В01511 география – тарих
ҚазМемҚызПУ

Қазақ санасының шамшырағы Ахмет Байтұрсынұлы
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ мəдениетінің тарихында үлкен бір дəуірді алып жатқан алып тұлға. Ол – Құдай берген талантын туған халқына деген сүйіспеншілікпен суғарып, толассыз еңбекпен шыңдаған қайсар да қаһарман ғалым. Ол – қараңғылық тұңғиығынан жарық жұлдыздай жарқырап шығып, айналасына нұр, шуақ себумен өткен ағартушы. Не оқыту жүйесі, не өзіндік жазуы қалыптаса қоймаған, мал соңына ерген, малмен бірге ұйықтап, малмен бірге жусаған қалың ұйқыдағы халқының қамын жеп, сауатын ашпақ боп сары масадай ызыңдаған үлкен ақын, талантты тілші, шебер аудармашы, түркі тілдес халықтар үлгі тұтқан түрколог, қоғам ісіне араласқан мемлекет қайраткері. Бұл санамалап отырған атақ, дəреже, лауазымдардың өзінен өзі келмегені мəлім. Ол талмай ізденіп, тамаша туындылар берген. Өмірдегі басты мақсатын – туған халқына қызмет ету деп түсінген Ахмет Байтұрсынұлы– небір тар жол, тайғақ кешулерден өте келе тамаша еңбегімен қазақ халқының ары мен ұятына айналған өте күрделі де, көсем тұлға.
Оның балалық шағы бұралан жол мен қиындыққа толы болған. Ол дүниеге келер тұсы патша ағзамның бұратана елдерді билеп-төстеудің айла-шарғыларын емін-еркін іске жаратып жатқан кезі болатын. Қазақтың əлденеше ғасырға ұласқан хандық, билік құрылымының быт-шыты шығып, «күштілерім сөз айтса, бас изеймін шыбындап» деп тұрған сəті еді. Ахметтің дүниеге келуі – қалыптаса бастаған халықтың тұтастығының береке-бірлігінің сəні кетіп, ел-жұрты «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» жүріп жатқан дəуір еді.
Торғай уезі Тосын болысына қарайтын Ақкөл жанындағы Сарытүбек деген жерде Байтұрсын шаңырағында Ахмет есімді сəби келеді дүниеге. Текті тұқым, жақсы тəрбие құнарлы топыраққа түскен дəн тəрізді, жемісін молынан береді емес пе? Ахмет те тумысынан зейінді зерек бала болып өседі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, Ахаң ең алғашқы тағылымды, жөн-жосықты өз шаңырағынан алады. Өз əкесі – Байтұрсын, оның əкесі – Шошақ – Үмбетей еліндегі көзі ашық, көкірегі ояу, пікірін ашық та айқын айта білетін өте батыл жан болғанға ұқсайды. Əуелі Шошақ, кейін Байтұрсын балаларын Араб елдерінің мəдениетінен сусындатқысы келген. Иран, Түркияға жіберіп оқытуды да ойлаған.
Сонымен бірге Шошақ əулеті, əсіресе Байтұрсындар ешқандай əділетсіздікке төзбейтін қайсар тұқым болса керек. Осы аймаққа билігін жүргізіп тұрған ояз Яковлевтің оспадар қылығына, озбырлығына шыдай алмай, Байтұрсынның қарсылық білдіргені көпшілікке аян. Яковлевтің шабармандары Байтұрсынның əділ талабына құлақ асудың орнына таяқтың астына алады. Сол кезде ол Яковлевтің өзіне: «Мына бассыздық пен заңсыздықты тоқтатыңыз!» – дейді. Сөйтсе ояз: «Сен, киргиз ит, жөніңді біл!» – деп, оның бетіне түкіріп жіберсе керек. Бұл қорлыққа көне алмаған Байтұрсын Яковлевті аттан жұлып алып, басын жарады да жандайшаптарына тұра ұмтылады.
Бұл оқиғаны бүкіл ел біліп, дүрлігеді, іс насырға шабады. Дереу жазалау отрядтары ойда жоқта шыққан қару-жарақсыз қарсылықты аяусыз жаншып, Байтұрсын Ақтас жəне Собалақ дейтін екі інісімен бірге ұсталып, кісенделіп, патша үкіметі 25 жылға итжеккенге айдатты. Білімсіздіктің, тіл білмеудің зардабын əбден тартқан сол Байтұрсын айдалып бара жатқан сəтінде үміт етері – Ахметке: «Аш-жалаңаш бол, қорлық көр, бəрібір, оқы, балам. Тым болмаса, артымда маған хат жазып тұратын халге жет!» – дегенін қайсыбір қариялар аңыз қып бертінге дейін айтып жүріпті.
Бүкіл елге əсер еткен бұл сұмдық оқиға көпке дейін ұмытылмайды. Ахмет онда 12-13 жас шамасында екен. Естияр баланың көз алдында болған бұл сурет оның жадында мəңгілікке қалып қояды. Сондықтан да болар, ол 1909 жылы Семей түрмесінде отырғанда жазған «Анама хат» деп аталатын өлеңінде:
...Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.
Алданып тамағыма оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бəрі харам.
Адамнан туып, адам ісін етпей
Ұялмай не бетіммен көрге барам?! (Өлең 1911 жылы Орынборда жарық көрген топтамасынан алынды). Осы бір-екі шумақ өлеңнен балаң Ахметтің өмір бойғы ой-арманын, мақсат-мүддесін аңғаруға болатын сияқты.
Ахмет өзінің еңбек жолының алғашқы қадамдарын бала оқытудан бастайды. Ол өз мақсатын:
Адамдық диқаншысы қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көтеруге құл халықтың, – деп, бейқам жатқан халқын сауаттандырып, өнер-білімге, мəдениетке жетектеу деп біледі.
Ахмет Байтұрсынұлына қазақ ақын, жазушыларының берген бағасы өте жоғары . Оларды атап өтетін болсақ:
Сәкен Сейфуллин баға беріп: ...Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды. Халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті.
Мұхтар Әуезов былай депті: Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны - «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын.
Міржақып Дулатұлы:… А. Байтұрсынұлының өлеңдері өзінің сыртқы қарапайымдылығы, ішкі мазмұны, жеңілдігі және біркелкілігі жағынан қазақ әдебиетінде бірінші орын алады… А. Байтұрсынұлының арқасында санасыз түрде болмаса да шын мәнінде орыстана және татарлана бастаған қазақ зиялыларының бір тобы дереу есін жиып, … өз ағаттықтарын түсіне бастады…
Серік Қирабаев: Ломоносовтың бойында екі түрлі қабілет бар- ақындық пен ғалымдық, оның соңғысы алғашқысына қарағанда күштірек”- деген еді В. Белинский. Осыған ұқсас жайды Ахмет бойынан да көреміз. Оның ақындығын ғалымдығы жеңіп кетті… Қазақ даласына азаттық идеясы тарай бастаған тұста жаңа поэзияның бастаушысы, алғашқы ту ұстаушысы болып Ахмет қашан да тарих биігінде тұрады.
Сырбай Мәуленов :Сан салалы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы туған тілдің, туған мәдениеттің басында тұрды. Туған тілдің әдеби нормасын жасады. Бірде- бір бөгде тілдің сөзін қоспай, бірде- бір цитата келтірмей, таза, мөлдір тілмен өзі тапқан қисынды баламалармен “Әдебиет танытқышты” жазып шықты.
Сәбит Мұқанов :Қазақ тілі мен кітабын жазған, қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектебінің іргетасын қалаған алғашқы адам- Ахмет.
Қайым Мұхамедханов: Ұлы ағартушы Алтынсариннің бастамасын ілгері дамытып, нағыз ғылымдық дәрежеге көтеріп, жетер жеріне жеткізіп берген- Ахмет Байтұрсынұлы.
Ғаббас Тоқжанов:… Бір кезде сары маса боп ызыңдап оятқан Ахметті қазақ еңбекшілері де қадірлей біледі, сөзін оқып, сүйсінеді- деп баға берген.
А.Байтұрсынұлы еңбектерінің бір парасы қазақ сөзінің қасиетін, табиғатын танытумен байланысты. Сондықтан ғалымды қазақ тіл білімінің негізін қалаушы тұлға ретінде танимыз. Оқу ағарту идеясын ұстанған А.Байтұрсынұлы қазақ тілінің дыбыстық жүйесін дəл көрсететін əрі оқытуға жеңіл таңбаларды түзді. Түркі халықтары қолданылып отырған араб таңбаларын икемдеп (реформалап), қазақ əліпбиін ұсынды. Бұл – шын мəнінде ұлттық жазу еді. Оны кезінде түркі тілдерін зерттеуші орыс, татар ғалымдары «Байтұрсынов жазуы» деп атаса, ғалымның өзі «Қазақ жазуы» деп атады, қарапайым халық «төте жазу» деген атау берді. ХХ ғасырдың басындағы ақын-жазушыларымыздың шығармалары Ахмет Байтұрсынұлы түзген əліпбимен жазылды.
Қорытындылай, келе біз Ахмет Байтұрсынұлы тұлғасының басты үш қырын аңық айта аламыз. Олар: қайраткерлік, ғалымдық, қаламгерлік қабілеттері болатын. Ғалымның қабілет-дарыны ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігімен ұштасып, тілдік тұлға деңгейіне көтерілді. Тұтас бір дəуірдің көсемі ретінде Ахмет Байтұрсынұлы халқына қалтқысыз қызмет ете отырып, өз қатарластарына да, кейінгі ұрпаққа ерекше ықпал етті. Ғалымның еңбектері қазақ ғылымының ғана емес, түркі халықтарының білім-ғылымының қалыптасып, дамуында да сүбелі үлес қосты. Ағартушының мұрасы бүгінгі таңда да ел керегіне жарауда, келешекте де маңызын жоймақ емес.
Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Қазақстан жазушылары: Анықтамалық/Құрастырушы: Қамшыгер Саят, Жұмашева Қайырниса - Алматы: «Аң арыс» баспасы, 2009 жыл

  2. «Маңғыстау» энциклопедиясына, Компьютерлік-баспа орталығы, 2007


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет