«Ана тілі» газеті



Дата15.09.2017
өлшемі106,46 Kb.
#33598
«Ілеспе аударма қашан қолға алынады?»

тақырыбындағы мақалаға талдау



(«Ана тілі» газеті, «Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры» айдары)

03-наурыз 2016 жыл


Қазақ тілінің аясын кеңейтетін өзекті мәселенің бірі – бұл аударма саласын дамыту. Аударма – кең ұғым. Соның ішіндегі ең күрделісі – ілеспе аударма. Ол орыс тілінде «синхронный перевод» деп айтылады. Ілеспе аударманың қиын болатыны сол мұнда аудармашыға өте жоғары талаптар қойылады. Ол талаптар үдесінен кез келген аудармашы шыға бермейді. Жүз аудармашының ішінен ілуде біреуі ғана бұл талапқа сай келуі мүмкін. Сонда қиындықтың кілті неде дейтін болсақ, ілеспе аударманы өзінің ана тілін және аударма жасайтын шет тілін өте жетік, тіпті аса жетік біліп, шебер аудара білуі керек. Ой ұшқырлығы, тілге шешендік, зеректілік, ұғымталдық, жылдамдық, тапқырлық сынды қасиеттер де аудармашының эрудициясымен, білімінің кеңдігімен, мәмілегерлігімен, жан-жақтылығымен ұштасып жатуы тиіс.Сөйлеу мәдениеті, білімі, біліктілігі, дауыс ырғағының бірқалыптылығы, бояуы және т.б. қасиеттер ілеспе аудармашыға қойылатын ең басты талаптар. Ілеспе аударма бір қарағанда елеусіздеу, өзімен-өзі жүріп жатқан үдеріс ретінде қабылдануы мүмкін. Бірақ ол тілдің мәртебесін өсіру жолында аса маңызды екендігін біреу білсе, біреу білмес. Ілеспе аударма тілдің деңгейін өсіреді. Танымалдығын арттырады. Сондықтан ол мемлекеттік дәрежеде көңіл аударылуы тиіс өзекті мәселе. Демек, оның маңыздылығын, ана тілімізге қаншалықты қажет екенін жете түсінбесек, тіл саясатының бір тұсы олқы соғып тұрады деген сөз. Елімізде ілеспе аударманың кәсіби негіздері тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қалыптаса бастағаны белгілі. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінде ілеспе аудармашылар тобы жасақталды. Орыс тілінен қазақ тіліне, қазақ тілінен орыс тіліне және қажет болған жағдайда басқа да тілдерге ілеспе аудармалар жасалып жатты. Білікті мамандар ілеспе аудармашылықтың кәсіби жолын дамытты. Бұл ауқымды әрі мән-маңызы терең сала туралы бір мақала көлемінде айтып шығу мүмкін де емес. Дегенмен, мемлекеттік тілдің аясын кеңейтіп, тынысын ашамыз десек, қазақ тіліндегі ілеспе аударма мәселесіне мемлекеттік деңгейде назар аударып, оның кешенді әрі өзекті мәселелеріне баса көңіл бөлуіміз қажет. Тіпті ілеспе аударма жөнінде арнайы Заң қабылдаса да артықтық етпес еді. Неге? Өйткені ілеспе аударманы жолға қоймай, бір ізге түсірмей, біз, сөз жоқ, мемлекеттік тілімізді қажетті деңгейде дамыта да, таныта да алмаймыз. Ана тіліміздің абырой-беделі де, мемлекеттік тіл ретіндегі дәрежесі де ілеспе аударма мәселесіне тікелей қатысты. Мысал ретінде алып қарайтын болсақ, қазір түрлі жиындар, халықаралық конференциялар көп өтеді. Қазақстан әлемдік қауымдастықтың лайықты мүшесі ретінде көптеген елдермен әріптестік қарым-қатынас, ықпалдастық байланыс­тар орнатқан. Елбасыдан бастап Үкімет басшысының, министрлердің қатысуымен мемлекеттік деңгейдегі келіссөздер, алқалы жиындар өтіп жатады. Қазақстандық делегация шетелдерде жиі болады. Бұл мәселелерді тілге тиек етпегеннің өзінде ел Парламентіндегі сессиялар, республикалық ауқымдағы шаралар, жиындар, басқосулар, отырыстар қаншама. Ал осылардың бәрінде ілеспе аударма мәселесі шешілген, бір жүйеге түсіп, орныққан деп айта аламыз ба? Олай деп айту бізге әлі ерте. Демек, бұл саладағы шешімін табуы тиіс мәселелер шаш-етектен.

Бұл орайда біз қазақ тілінен орыс тіліне жасалатын ілеспе аудармаға баса мән беруіміз керек. Елімізге келген шетелдік делегациямен шенеуніктер неліктен тек орыс тілінде сөйлеседі? Мемлекеттік тілде неге сөйлемейді? Мұнда да ілеспе аударма мәселесінің ақсап тұрғанын байқау қиын емес. Біздің шенеуніктер шетелге шықса да, орысша сөйлеуге әбден дағдыланып алған. Ал өздерімен бірге ілеспе аудармашыларын алып барса, сөйтіп, жиналыстар мен кездесулерде тек қазақ тілінде сөйлейтін болса, қазақ тілінен әлемнің бірнеше тіліне тәржімаланса, бұл тіліміздің мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер еді. Ілеспе жолға қойылмауынан елімізде мемлекеттік тілдің дамуы ойдағыдай болмай келеді. Бұл түсінікті де. Себебі әлдебір жиында қазақ тілінде баяндама жасап тұрған шенеуніктің сөзі орыстілді аудиторияға жетпейтіндіктен, баяндамашы бәріне түсінікті болуы үшін еріксіз ресми тілде сөйлеуге мәжбүр болады. Ал сол бір сәтте оның қазақ тілінде айтқан сөздерін ілеспе аудармашылар аударып беріп тұрса, қазақ тілінде сөйлейтін шенеуніктер қатары көбейер еді ғой. Шетелге іссапармен барған немесе халықаралық дәрежеде өткен жиын­дар қазақ тілінен әлемнің бірнеше тіліне тәржімаланса, бұл тіліміздің мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер еді.

Ілеспе аударма саласына кешенді түрде көңіл бөлуіміз керек деп отырғанымыздың сыры осында. Мамандарды сапалы даярлаудан бастап, залдарды ілеспе аударма құрылғыларымен қамту жайына дейін бір-бірімен сабақтасып жатқан мәселелер қаншама. Мұның бәрін шешу мәселені бүге-шігесіне дейін ойластыруды, оны іске асырудың нақты тетіктерін қарастыруды талап етеді.

Өкінішке орай, біз Парламент сессияларында болсын, Үкіметтің отырыстарында болсын ілеспе аударма қызметін пайдаланып, құлағына тыңдауышын киіп отырған депутатты немесе бір министрді байқай алмай келеміз. Осындайдың салдары қазақ тіліне кері әсер етіп отыр. Өйткені қазақ тілінде сөйленген сөзді түсінбеген адам сол түсінбеген күйі отыра береді. Ілеспе аударманы қажет етпейтіндей. Сонда қазақ тілі қазақтарға ғана керек пе деген ой келеді. Мәселен, неге Алматыда Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толуына орай өткен кешке тек қазақ мектебінің оқушылары келіп, орыс мектебінің оқушылары келмеуі керек? Жамбыл барша халықтың мақтанышы ғой. Оны өзге ұлттың оқушылары да танып-білуі керек емес пе? Бұл да сондай маңызды кештерде ілеспе аудармашының жоқтығынан орын алып отырған жағдай. Мәселен, сол алқалы жиынға Ресей елінен де зиялы қауым өкілдері келіп қатысты. Олар да Жамбыл туралы қазақ тілінде айтылып жатқан мағынасы терең пікірлерді түсіне алмай отырды. Ал сондай кезде ілеспе аударма қатар жүріп отыратын болса, Жамбылдың ұлылығын, даралығын жеті жастан жетпіс жасқа дейінгі өзге ұлттың адамдары түгел ұғып, түсініп кетер еді. Ілеспе аударма мәселесінің дұрыс жолға қойылмауынан болар, мысалы, орыстілді көрермен қауымын қазақ театрларынан да көре алмайсыз. Бұл мәселе де қазақ мәдениеті аясының кең болуына айтарлықтай теріс ықпал етіп отыр. Бұдан шығатын қорытынды – ілеспе аударма тек қана тілдік мәселе емес, ол сонымен қатар өнер мен мәдениеттің, салт-дәстүрдің, ғылым мен білімнің, техниканың және т.б. салалардың да мәселесі. Өйткені мұның барлығында тіл қолданылады. Тіл қолданылған жерде міндетті түрде ілеспе аударма да болуы керек. Барлық жерде жүз пайыз қолданылмаса да, осы мәселе маңызды-ау дейтін тұстарда ілеспе аударма қызметі талапқа сай, ойдағыдай жұмыс жасап тұруы керек.



Қорытынды:

Тіл тағдыры ілеспе аудармаға да қатысты екенін ұмытпауымыз керек. Баспасөз мәслихаттарында орыстілді журналист әріптестеріміз қазақша сөйлеп тұрған адамның сөзіне құлақ аспай, ұялы телефондарын шұқылап отырады. Мемлекеттік тілді білмегеннен кейін және мемлекеттік тілді өзге тіл­дер­ге аударатын ілеспе аударманың бол­мағандығынан бұл.


Қазақ тілі және мәдениеті

кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Қ.С. Қалыбекова

Жоғарыда келтірілген мысалдар ілеспе аударма қажеттілігінің бір ғана көрінісі. Әйтпесе, мұндай мысалдарды әлі де көбірек келтіре беруге болушы еді. Ең сорақысы сол, ілеспе аударманың елімізде жеткілікті дәрежеде дамымай келе жатқанынан, қазақ тілі орыс тілінің аясынан шыға алмай отыр. Бүгінгі шындық осы. Мына бір мәселені де ерекше ескеріп қоюымыз керек. Ілеспе аударма тілдің қажеттілігін арттырады. Өзге тілдермен бәсекелестігін күшейтеді. Сол себепті де ол әлемнің барлық дамыған елдерінде бар және қанатын кеңге жайған. Өзінің мемлекеттік тілін құрметтейтін ел ілеспе аударманың дамуына мән беріп, бұл салада айтарлықтай дәрежеге жете алды. Ал бізде өкінішке орай, ілеспе аудармамыз кенже қалып қойды және ол бүгін-ертең дамып кетеді деп тағы айта алмаймыз. Ол үшін, әрине, өте үлкен әрі нәтижелі жұмыстарды қолға алуымыз керек.

Ілеспе аударма саласында жиырма жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман әрі белгілі журналист Бақытжан Жұмалиева бұл саланың қыр-сырын жетік білетін санаулылардың бірі десек, қателеспессіз. Осы материалды дайындау барысында біз тәжірибелі маманның ой-пікіріне жүгінбей кете алмадық.

– Сіз қай жылдан бері ілеспе аударма жасап келесіз және бұл саланың қандай маңызды мәселелерін атап өткен болар едіңіз?

– Мен ілеспе аудармамен айналысуды 1988-89 жылдары бастадым. Еліміздің Жоғарғы Кеңесінде ең бірінші Philips құрылғылары орнатылды. Ірі-ірі жиындарда, Парламент сессияларында, ЮНЕСКО тәрізді халықаралық маңызы бар жиындарда ілеспе аударма жасадым. Ол кезде мұндай аудармашылар өте аз болатын. Орыс тілін жетік, қазақ тілін жақсы білгендіктен ілеспе аудармаға ден қойдым. Ең бірінші мәселе, әрине, ілеспе аудармашылардың дайындық мәселесін айтар едім. Мамандарды дұрыстап даярлау керек. Ілеспе аудармаға арналған құрылғылар жеткілікті болуы керек. Бір тілден екінші тілге ілеспе аударма жасау қиынның қиыны. Оған екінің бірінің шамасы келе бермейді. Тілдік дайындық өз алдына, аударма жасайтын салаңды, оның ұғымдарын жақсы білуің керек. Біздің елде бүгінде ілеспе аудармашыларды Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетінде даярлайды деп естідім. Менің ойымша, ілеспе аудармашы боламын дейтін студенттерге практик мамандар дәріс оқуы керек. Өйткені бұл саланың қыр-сыры өте көп. Аударма жасау барысында небір тосын жағдайлар болып жатады. Соның бәрін ілеспе аудармашы қиыннан қиыстырып жол таба білуі керек. Бұл сала өмірлік және қызметтік тәжірибемен байланысты. Ол жай аударма жасау емес, арнайы кабинада адамның дауысын естіп отырып, сөйлеген сөзін ілесіп аударып отыруың керек. Одан қалып қалмай, бір жағынан тыңдап, екінші жағынан сөзіне ілесіп аударып отыру – бұл үлкен өнер деп айтар едім.

– Ілеспе аудармашы болу үшін адамға ең алдымен не керек? Қандай қасиеттерге ие болуы керек? Қандай құзыреттілік талаптар бар?

– Ілеспе аудармашы болу үшін адамға ең бірінші тіл байлығы керек. Мысалы, бір сөздің баламасын лезде таба қою оңай нәрсе емес. Оның үстіне әр адам әртүрлі сөйлейді. Олардың бәрі бірдей шешен емес. Кейбіреулер жып-жинақы, қысқа әрі тұжырымды сөйлейтін болса, кейбіреулері керісінше сөздерін ұзартып айтады. Қазақстанның әр өңіріндегі адамдар бір заттың атауын әртүрлі айтуы мүмкін. Шалбарды – сым, ақ бөкенді – жез киік, жез мұрын деген сияқты. Немесе бір адамның дикциясы нашар болып, сөйлеп отырған сөздерінің жұрнақтары, әріптері ұғынықсыз болуы мүмкін. Ал сондай кезде ілеспе аудармашы бәріне дайын болуы керек. Бұл үшін, өмірлік тәжірибе, үнемі жаттығу мен ізденіс қажет.

Бізде ілеспе аудармашыларға қатысты Заң жоқ. Ілеспе аудармашылардың қызметін лайықты төлеу тетіктері де қарастырылмаған. Бұл саланың адам денсаулығына тигізетін зиянын да көбісі біле бермейді. Миға салмақ түседі. Үздіксіз сөйлеуден аудармашы шаршайды, құлақ тұнады. Дұрысында – ілеспе аудармашылар әр 20 минут сайын үзіліс жасап, демалуы керек екен. Өйткені жүйкеге түсер салмақ та, жауапкершілік те өте үлкен.

– Өзіңіздің тәжірибеңізде қандай тосын жағдайлар кездесті?

– Аударма жасау барысында әртүрлі жағдайлар болып тұратын. Кейбір сөйлеушілердің дикциясы нашар келеді. Мысалы, бір үлкен ақсақалдың сөзін ажырата алмай қиналғаным бар. Ол арақ деп отыр ма, әлде арал деп отыр ма немесе ара деп отыр ма? Осы үш ұғым да айтып отырған әңгімесіне сай келіп тұрды. Сонда жобалап арақ туралы айтып отырған шығар десем, ол Арал мәселесін қозғап отыр екен. Ал тыңдауыштан оны ажырату өте қиын болды. Қазақтар мақал-мәтелдеп сөйлегенді жақсы көреді ғой. Мақал-мәтелді тікелей аударсаң, түсініксіз болуы мүмкін. Оның да қыр-сырын өзге тілдегі мағыналас нұсқаларын жақсы білуің керек. Мәселен, «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дегенді «Две головы барана в одном казане» десең, орыстілділер оны түсінбей қалуы мүмкін. Ал «Два медведя в одной берлоге» деп сол халықтың менталитетіне сай аударсақ, бәрі де түсінікті болып шығады.

– Ілеспе аудармашылардың еңбегін бағалау жағы қалай?

– Бұл мәселе бізде дұрыс шешімін таппаған. Бізде ілеспе аударма өте арзан бағаланады. Әсіресе, қазақ тілі мен орыс тілінің ілеспе аудармасы. Кезінде ЮНЕСКО-ның бір үлкен жиынында Мәскеуден ілеспе аудармашылар келіп жұмыс істеді. Сонда оларға сағатына 350 доллардан төленді. Сол кезде олар бізге төленетін ақша туралы естіп қатты таңғалған. Жағаларын ұстаған. Ілеспе аудармашылардың еңбегіне лайықты баға төлеуді заң арқылы реттеуіміз керек. Еңбегі үлкен, еңбегіне сай бағасы да болуы қажет. Қаншама сөздіктерді ақтарасың, балама сөздер іздейсің. Бізде сөздік мәселесі де қиын. Керек сөзіңді таппай әуре-сарсаңға түсесің. Қазақшадан орысшаға ілеспе аударма кез келген алқалы жиында, ресми басқосуларда, баспасөз мәслихаттарында шетелдік өкілдерді қабылдау кезінде және т.б. маңызды жиындарда үздіксіз беріліп тұрғаны жөн. Әйтпесе, қазақша білмейтіндер ақпарат бәрібір де орыс тілінде айтылады деп жайбарақат отыра береді.

Орысша нашар сөйлейтіндер бар, қазақша да нашар сөйлейтіндер бар. Олардың бәріне ілеспе аударма қызметі көрсетілуі керек. Қазақша баяндама жасалып жатса, орыстілді азаматтар оны түсінбей қарап отырады. Ал қандай мәселе көтеріліп жатқанын білгісі келмейді. Орысша түсінбейтіндер де солай. Ілеспе аударма соның бәрін бір-біріне жалғап, айтылып жатқан ойларын, сөйленіп жатқан сөздерін жеткізіп отырады. Кеңес Одағы кезінде «мемлекеттік аудармашы» деген мәртебе болды. Ондай адамдар билік басындағы адамдардың тікелей аудармашылары болатын. Оларға арнайы куәлік те берілді. Сондықтан біз бұл мәселені мемлекеттік дәрежеде көтеруіміз керек.

Тағы бір айтатын мәселе, ілеспе аудармашылардың жұмысына ыңғайлы болу үшін сөйлеушінің сөздері де барынша қысқа болуы керек. 5-6 сөзден аспауы керек. Ұғынықты, мәнерлі сөйлеуі керек. Мысалы, шетелде спикерлерді дайындауға үлкен көңіл бөледі. Арнайы тренингтерден өтеді. Қалай сөйлеу керек, қай жерде пауза жасау керек, кіріспе сөзді неден бастау керек және тағы басқа мәселелер үйретіледі. Бұл ілеспе аудармашылардың жұмысына да өте көп көмектеседі. Ал бізде мұндай тәжірибе мүлдем жоқ деп айтсақ болады. Әсіресе мемлекеттік қызмет саласында, шенеуніктер қалай болса солай сөйлей береді. Аттарын атамай-ақ қояйын, кейбір шенеуніктердің не айтып отырғандарын түсінбейсің. Қазақ тілінде болсын, орыс тілінде болсын жағдай солай. Тағы бір айтатын мәселе, бізде ілеспе аударма қызметі дамымағандықтан «Бізде жұмыс тілі – орыс тілі» деп жиналыстарды ресми тілде өткізіле береді. Ал сонда мемлекеттік тіліміз қайда? Ілеспе аудармаға ақша шығарып, арнайы құрылғы әкеліп бас қатырғылары келмейді. Сондықтан да ілеспе аударманы керек ететіндер аз. Сұраныс жоқ десек те болады.

Иә, білікті маман осындай уәж айтады. Қозғап отырған мәселелерінің бәрі де орынды. Бізге ілеспе аударма қызметін көрсететін орталықтар керек. Ондай орталықтар әкімдіктер жанынан құрыла ма, әлде жеке фирма ретінде қызмет көрсете ме, әйтеуір, сондай орталықтардың бүгінгі таңда қажет болып тұрғаны сөзсіз. Және де қазақ тілінен әлемнің негізгі тілдері – ағылшын, француз, қытай, араб, орыс, т.б. тілдерге ілеспе аударма жасай алатын мамандарды даярлауымыз керек. Сонда қазақстандық делегация шетелге шықса да, қандай болмасын халықаралық жиындар өтіп жатса да, біздің азаматтар қазақ тілінде сөйлеп, ол сол мезетте ілеспе аударма арқылы әлемнің барлық тіліне аударылып тұрса, қандай ғанибет болар еді. Бұл әзірге арман. Оған қол жеткізу үшін осы мәселеге мемлекеттік деңгейде көңіл бөлуіміз керек.



Біз алдағы уақытта бұл мәселеге оралатын боламыз. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінде, сондай-ақ Парламенттегі және жергілікті мәслихаттардағы ілеспе аударманың жай-күйі қалай деген мәселе де маңызды екені сөзсіз.
Каталог: wp-content -> uploads -> 2016
2016 -> Дәріс №1 Тақырыбы: Саясаттану ғылым және оқу пәні ретінде
2016 -> ОҚУ Әдістемелік кешен пәН «Қазақ Әдебиетін жаңа технология бойынша оқыту әдістемесі» мамандық
2016 -> Қазақстанның ірі мемлекет қайраткері, ұлт жанашыры, ел қамқоры, халқымыздың біртуар перзенті
2016 -> Сабақтың тақырыбы Үш бақытым. Мұқағали Мақатаев Туған тілім. Дихан Әбілов Жалпы мақсаты
2016 -> «Алаштану негіздері» таңдау курсы Түсінік хат «Алаштану негіздері»
2016 -> Сабақтың атауы Н.Әлімқұлов Қоңырау Мақсаты
2016 -> Силлабус Пән: Педагогика тарихы Курс: 4 Мамандық: 5В010200 «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» Кредит саны: 2 Экзамен: 7 семестр Семей-2015 «Педагогика тарихы»
2016 -> Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
2016 -> Сабақтың атауы Бейнелеу өнерінің түрлері Сілтеме Сабақтың жабдығы
2016 -> Сабақтың тақырыбы: Менің Отаным Қазақстан


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет