Қазақ тілін оқыту әдістемесі: ДӘСТҮр және перспектива



бет1/4
Дата09.11.2023
өлшемі33,61 Kb.
#190548
  1   2   3   4
Байланысты:
Мақала 1 Тілді оқыту әдістемесі


ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ: ДӘСТҮР
ЖӘНЕ ПЕРСПЕКТИВА...


Нұртай Зерде
zerde.nurtaykizi.99@gmail.com
Әлеуметтік-гуманитарлық және тілдік пәндер кафедрасының магистранты, «Тұран-Астана» университеті,
Ғылыми жетекшісі: PhD, доцент Алашбаева Жанна Нұрлановна
Астана, Қазақстан


Аннотация. Мақалада ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлы ұстаздары Ы. Алтынсарин мен А. Байтұрсынұлының алғашқы әдістемелік оқу құралдарының қазақ әдістемелік тарихындағы ролі жайлы тұжырымды өзіндік пікірлер келтірілді. Ағартушы-ұстаздардың еңбектері қазақ әдістемелік ғылымның негізін қалап, оқу білім жүйесіне қазақ тілін оқытуда алғашқы әдістер ұсынуымен құнды және қазіргі таңға дейін өзектілігін жоймаған. Мақалада Ы. Алтынсарин мен А. Байтұрсынұлының қазіргі кезде қазақ тілін оқытуда тиімді тұстары, нақты деректер арқылы көрсетілді. Сондай-ақ, тілді оқытуда заманауи оқу әдістемелік құралының мазмұны қандай болу керек деген сұраққа жауап беруге талпысын жасалған. Және қазіргі таңдағы тілді оқытудағы әдістер түрлері жинақталып, тілді оқыту барысында әдістерді сабақ тақырыбына сай бір-бірімен ұштастыра қолданудың ұтымды тұстары жайлы тұжырымды ойлар айтылған.


Кіріспе. Қазақ тарихында қазақ тілін оқыту үдерісі Ы. Алтынсариннің ағартушылық және шығармашылық қызметінен бастау алды. Ағартушы-ұстаз еліне алғаш мектеп ашып, қазақша тәжірибиелік оқулықтар жазды. Ы.Алтынсарин шығармашылығының ерекшелігі - қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің негізін қалауында. Жазба әдеби тілін жазушылық және ағартушылық бағытта дамытты. Ы.Алтынсариннің еңбек жолында қазақ тілін дамытудағы ролі ерекше. Тілші Р.Сыздықова: «Ыбырай шығармалары тілінің лексика-фразеологиялық құрамы қазақ әдеби тілінің байлығынан алынған. Грамматикалық құрылысында да Ыбырай кітаби тілге тән тұлға-тәсілдерді қолданбайды. Тіпті ол сол кезде қазақтың жазба әдеби тілі ішінара пайдаланған кітаби орфографиялық дәстүрді де қабылдамай, қазақ тілінің фонетикалық заңдылықтарын ескеріп, қазақша жазу принципін ұстады. Оған Ыбырайдың қазақ жазуы үшін орыс графикасын ұсынуы себепкер болды» [1, 46 б.] - деген пікірінде, Ы.Алтынсариннің ағартушылық қызметіндегі қазақ тілін оқытудағы негізгі ұстанған бағыты айқындалған.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында пайда болған білім беру саласында қазақша әдістемелік оқу құралдарының нышаны көріне бастаған болатын. Осы кезеңде Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы», «Қырғыз тілін орыс тіліне оқыту бойынша алғашқы нұсқаулық», «Қырғыз антологиясы» және “Қазақтарға орыс тілін оқытудың бастауыш құралы» атты еңбектері жарық көрген. Ағартушы-ұстаз Ы.Алтынсарин алғашқы оқу бағдарламасында шетелдік педагогтердің оқу құралдары негізінде, өзіндік әдістемелік бағыт қалыптастырды. Әріптің дұрыс дыбысталуы мен сөздің нақты айтылуына басты назар аударған. Жалпы оқу бағдарламасының мазмұны: -қазақ тілі:оқу және жазу;-орыс кітаптарын аударып мазмұнын түсіну, оқу; -татар тілі оқып, жазу;-заттарындың атауларын жаттау; -мәтінді әңгімелеп беру; -жеке тіркестер мен грамматикалық формаларды құрастыру;-көркем жазу; -арифметиканы жаттау сияқты бағытта құралған болатын. Оқу құралдары білім беру саласына қосқан күрделі жұмыс еді. Тіл үйрену үстінде бала екі бірдей дағдыны қатар игерді. Бірінші, балаларға сөздер мен мәтінді оқыту арқылы тілін сол тілге икемдеп алып, тілді үйретуге көшу әдісін қолданған.
Ы.Алтынсарин ана тілін және басқа тілді меңгеру методикасын қалыптастырған алғашқы ұстаз. Екіншіден, жазушы қазақ әдебиетіне проза жанрының негізін қалады, әңгіме жанрының дамуына үлес қосты. Оқушыларға арналған шағын әңгімелерінің тілі түсінікті, қазақтың көне сөздерінен қолданып, жалпы халыққа белгілі байырғы әдеби тілді жандандырды.
Алғашқы ұстаз Ы.Алтынсарин қалаған дара жолын жалғастырушы –
Ұлтымыздың ұлы ұстазы, ағартушы-ғалым А. Байтұрсынұлы.
«Тіл - адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниедегі адамдар тілінен айрылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді, осы күнгі адамдар жазудан айрылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айрылғаннан жеңіл болмас еді» [3, 13 б.] - деп, ана тіліміздің тағдырын алыстан болжап, бұзылмай сақталуын қалыптастырған тұлға. А. Байтұрсынұлының «Баяншы», «Әліппе астары», «Тіл жұмсар», «Нұсқаушы» атты тіл мен әдебиеттің ғылыми педагогикалық-әдістемесінің негізін қалаған еңбектері жарық көрген. Ғылыми тұрғыда әдістемелік оқу құралдарын жазып, қазақ әдістемелік ғылымының негізін салды. Қазақ тілін дыбысқа бөліп оқыту әдісі негізінде, қазақ тілін оқыту әдістемесінің іргетасын қалады. Әдістемелік тақырып бойынша мақалалар жазып, зерделеген тақырыптары «Баяншы» деген атпен жарық көрген методикалық кітапшаға ұласты. А.Байтұрсынұлы мұғалімдерге «Әліппені» оқытудағы, сауат ашу әдістерінің бағыт-бағдарын ұсынып отырған. 1920 жылы жарық көрген «Баяншы» атты қазақ мұғалімдеріне арналған әдістемелік нұсқаулығында «...алибба кітабы оңай болып, оқытқанда балаларды неғұрлым аз қинаса, соғұрлым жақсы болмақшы. Әліппені балалар қиналмай оқып шықса, онан әрі оқуға ықыластанып, талаптары қанат байлағандай көтеріліп, зораймақшы. Осыны ойлап, әліппе оңай болмағын көздеп, бірінші әліппенің басынынан аяғына шейін оңай һәм қысқа сөздерді алдым; қазақ сөзіндегі харіптерді оқып шыққанша, балалардың жолында малтыққандай һеш қиындық ұшырамас. Екінші, бұл әліппеде әр дыбысқа, өзіне деп анықтап, харіп арналды; олай болғанда бұрынғыдай бір ғаріп һәр түрлі орында һәр түрлі оқылмай, қай орында да болса, бір харіп бір-ақ түрлі оқылады; бұл һәм оқуды жеңілдетеді» [3, 477 б.] - деп ұстаздарға бала оқытудың жолын айғақтап береді. Бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу керек дегенді ұстанған, яғни балалар қиналмай оңай оқу жолынан бастауды ұсынады, бірден ауырдан бастайтын болсақ, тез шаршап, көңілі қайтып, оқуға деген ықыласы сөніп қалатының ескертеді. Мұғалімнің қызметі балаға керек білімін уақытында беріп, жұмысты әліне шағындап беру және бағытап отыру. Сабақ беру барысында мұғалімнің білімі мен шеберлігі өте қажет. А.Байтұрсынұлының «Тіл құрал» еңбегінде қазақ тілі жайлы мәліметтер жинақталса, «Тіл жұмсар» мұғалімдерге ана тілін меңгерту жолындағы әдістемелік нұсқаулар көрсетілген.
«Оқу үйренгендегі басты мақсат – керек сөзді жаза білу, жазылған сөзді оқи білу. Сөз дыбыстың мағыналы болып тізілгені. Сөз айту дыбысты ауызбен тізу. Оқуға келген балалар сөйлей білсе, дыбыстарды тізіп сөз шығара білмейді. Себебі олар сөздің дыбыстан тізілетінін білмейді» - деген пікірі ағартушы-ғалымның еңбектеріндегі қазақ тілін сауатты түрде оқытуға дең қойған басты мақсатын айғақтайды. Оқулықтарындағы әдістемелік ерекшелік әріптерді тез және оңай үйрету жолдарын көрсетеді. Ғалымның әдісі бойынша бала алдымен дыбыстарды танып, содан кейін жазып үйрену қажет. Яғни, дыбысты меңгеріп барып, таңбасын таңбалау. «Жазу дегеніміз – дыбыстың таңбасы. Әр дыбыстың әр елдің таңбасындай таңбасы болады. Таңбасына қарап қай дыбыс екенін танимыз». А. Байтұрсынұлының әдістемесінің негізі – дыбыспен жаттықтырудан құралған. Сөздің дұрыс дыбысталуы, жазу мен оқудың басты негізі екенін баса көрсеткен.
Әрине, одан бері бір ғасыр ішінде қазақ тілін оқытуда жаңаша технология бойынша әрқилы әдіснамалық еңбектер жарық көрді, дегенмен ғасыр басында жазылған әдіснамалық-нұсқаулық тәсілдері өзектілігін осы күнге дейін жоғалтпаған. Ұлы ұстаздардың әдіснамалық нұсқаулықтары қазақ тілін оқытуға арналған еңбектерге бағыттаушы құрал болып табылады. Қазіргі таңда, қазақ тіліндегі материалдарды тыңдап түсіну, оқып түсіну, қазақ тілінде жаза білу мен сөйлей білу қабілеттерін арттыратын кітаптар жазылуда. Әр болашақ маман иесінің кәсіби коммуникативтік құзіретін қалыптастыруды оңтайландыруға мүмкіндік беретін бағыттағы оқу құралдары да баршылық. Сонымен қатар, қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде үйренушілерге арналған оқыту методикасы жетіліп, даму үстінде. Білім алушының қарапайым деңгейінен бастап жоғары деңгей ерекшелігіне байланысты сабақтар жиынтығынан құралған оқу құралдарын барша білім беру орталықтары мен білім берушілердің пайдалануына зор мүмкіндіктер жасалған. Кітаптар жеке сатылымда, кітапханалар мен жеке сайттарда орналастырылған.
Кітаптар - геймификация элементтері бар сабақтар, бейнероликтер, суреттер, аудиофайлдар, чаттарда тілдесу сияқты интерактивті оқыту әдісімен ерекшеленеді. Ойын элементтері, бейне мен фото және медиа сияқты қызықты сабақтармен жетілдірілген.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет