Қазақ тілін оқыту жүйесінің қайнар көздері мен негізгі бастаулары



бет6/9
Дата17.10.2023
өлшемі50,01 Kb.
#185941
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
Қазақ тіл білімі ХХ ғасырда
1 срс- Сатылганова Амина, 545
МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ

Қазақ халқының ұлы ақыны Мағжан шығармашылығы – халықтың рухани қазынасы, әлемдік мәдениеттің байлығы. Мағжан Жұмабайұлының педагогика, әдістеме саласында да атқарған ғылыми қызметі мол. Ақынның “Педагогика” (1922), “Ана тілі” (1923), “Бастауыш мектепте ана тілін оқыту методикасы” (1925), “Сауатты бол” (1926), “Ересек шала-сауаттылар программасы” (1926) сияқты еңбектері мен оқу-ағарту мәселелеріне арналған мақалалары бар.


Мағжан 1922 жылы “Педагогика” атты ғылыми еңбегін жазады. Өз кезіндегі көрнекті қазақ зиялыларының бірі, белгілі ғалым педагог-публицист М.Жолдыбаев зерттеудің беташарына былай деп жазады: “Заманға дәл кітап шыққанша малданып, одан кейін салыстырып қарап, бұрынғы жазылғандардың адасқан жерлерін тауып отыруға Мағжан “Педагогикасы” іздесе таптырмайтын пайдалы тарихи материал”.
Мағжан өз еңбегінің бағыт-бағдарын былайша аңғартады: “Алдыма бір кітапты қойып алып желе бергенім жоқ. Тәрбие ғалымдарының пікірлерін таңдап алуға ұмтылдым. Шамам келгенше, қазақ қанына қабыстыруға ұмтылдым” (“Педагогика”, Алматы, 1992). Ақын осылайша ағынан жарылады, өз еңбегін толық аяқталған, жетілген дүние деуден де аулақ. Солай болса да, бұл зерттеу-еңбек қазақ ғылымында алғашқылардың бірі болып педагогика саласында түрен салған, елең еткізер туынды екені анық.
Оқу құралының бірінші бөлімі педагогиканың жалпы мәселелеріне арналған. Автор тәрбие саласын былайша жіктейген: “дене тәрбиесі, жан тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық пен әдеп-құлық тәрбиесі”. Расында да, адам баласының кемелденіп, дұрыс тәрбиеленуі үшін, ең алдымен денсаулығының жақсы болуы шарт. Ол үшін дене тәрбиесінің дұрыс жолға қойылуының маңызы зор. “Жан тәрбиесі” деген атаудың өзінің мән-мағынасы терең. Адам жанының терең де таза болуы – болашағының жарқын болуының кепілі. Жан адалдығына аса мән берген ақын оның от басындағы, мектеп қабырғасындағы тәрбиелену жолдарына да ерекше ден қояды. Психологиядағы жан көріністері – ақыл, ішкі сезім дүниесі, қайрат туралы М.Жұмабаев толғана баяндайды. Баланың әсерленуі, ойлануы, эмоциялық толғаныстарының өзіндік ерекшелігін, ересек адамның ойлануымен салыстыра отырып зерделейді. “…Баланың жан істері бір-бірімен берік байланған болады, бір-бірімен берік жүреді. Баланың денесі мен жаны, ақылы мен сезімі. Сезімі мен қайраты бәрі бір іс қылады, бұлар бір-бірімен күресе білмейді, бірін-бірі тізгіндей білмейді”,- деген байлам жасайды автор. Жас сәбидің бір нәрсеге ұмтылуы оның ақылының, сезімінің, жанының, денесінің, қайратының бірдей күш жұмсауы арқылы болатынын айта келіп, бала шақта алынған әсердің өмір бойы естен шықпауының мәнісін ғылыми тұрғыда ашып береді. Осылайша сәби жанының ерекше белгілері мен қасиеттерін анықтай отырып, тәрбиенің негізгі сипаттары мен мазмұнының қалай жүзеге асуы керек екенінің нақты жолдарын белгілейді. “Жас бала – жас бір шыбық, жас күнде қай түрде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қайтып алмақ“ деп түйін жасайды ақын-ғалым.
Мағжан Жұмабаев тәрбие түрлерінің осындай басты-басты маңызды сипаттарына тоқталып, олардың бір-бірімен табиғи тамырластығын, жақындығын түсіндіреді. Егер адам баласына аталған тәрбие түрлерінің барлығы түгел берілсе, оның жалпы білімі мен тәрбиесі жақсы болатынын тәптіштей айтады. “Егер де ол ыстық, суық, аштық, жалаңаштық сияқты тұрмыста жиі ұшырайтын күштерді елемейтін мықты, берік денелі болса, түзу ойлайтын, дұрыс шешетін, дәл табатын ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы әуен, әдемі түрден ләззат алып, жан толқындырарлық болса, жамандықтан жаны жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты болса ғана адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы. Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын” – деп тілек етеді.
Қазақ баласының тәрбиесіне кең мән бере отырып, ақын Абай жолының үрдісімен баланы дәл өзіндей қылып шығару емес, заманына лайық азамат етіп тәрбиелеуді мақсат етуді ұсынады. Оның туған халқының тәлім-тәрбиелік бай мұрасын игеру жолындағы еңбегі ұшан-теңіз. “Ұлт тәрбиесі – деп жазды ол, - баяғыдан бері сыналып келе жатқан соқпақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті”.
Мағжан Жұмабаев қазақ халқының бала тәрбиесі жөніндегі ұлттық менталитетке сай қалыптасқан тәрбие желісін қастерлей отырып, оны да заманның талабына сәйкес електен өткізуге, сөйтіп барып қабылдауға болатынын ескертеді. Қазақ аулында талай зиянды әдеттер барын да жасырмайды. Оқыған зиялы азамат ретінде бүгінгі бала тәрбиесіне ерекше мән бере отырып, оның ғылыми тұрғыда зерделеніп, педагогикалық шеберліктің ұшталу мәселелеріне ден қояды.
Тәрбиеші, тәрбие, тәлім – кең ұғым ретінде қарастырылады. Адам баласы жер бетінде өмір сүретіндіктен тәрбиенің негізгі мақсаты жеке адамды ғана тәрбиелеп қою емес, сол арқылы ұлттың бақыты одан әрі адамзат бақытымен байланыстырылады. Адам баласының тәрбиеге мұқтаждығы көрсетіледі. Ғылыми-педагогика негіздеріне сүйене отырып бала тәрбиелеудің өзінің бір өнер екенін, оның қыры мен сырының мол екенін тұжырымдайды.
М.Жұмабаев педагогика ғылымы негіздеріне талдау жасап, оны адамның өз тәжірибесі, халық педагогикасы және бүкіл адамзат қауымы топтаған ғылыми тексерілген заңдылықтар құрайды дей отырып, педагогика ғылымының салаларын, оның өзге салалармен байланысын анықтайды.
Кітаптың “Жалпы педагогика” деп аталатын бөлімінде: тәрбие, дене тәрбиесі және жан тәрбиесінен құралады дей келіп, баланың туған күнінен бастап тәрбиеленуіндегі маңызды мәселелерге тоқталады. Оның физиологиясы мен гигиенасына байланысты мәселелерге мән береді. Ұстаз бұлардың барлығын қазақ халқының өмірі, тұрмыс-жағдайы кейбір ата-аналардың бала тәрбиесіндегі іс-шараларын жөнінде олардың дұрыс орындалуына маңызды кеңестер береді. Бала тәрбиесінің ұлттық сипатта болуына ерекше назар аударады. Көрсетілген еңбегінде автор мектеп жасына дейінгі баланың өсу жолдарында жасалатын тәрбиелік шараларға мән береді.
М.Жұмабаев аталған бөлімде “психология” деген сөзді “жан тілі” деп аударып, психологияны “жан туралы пән” деп атайды. “Баланың жанын жақсы тәрбиелеу үшін жанды көзбен көріп, қолмен ұстамай-ақ, оның істегі көріністерін жақсы тексеру жетеді” деп есептейді.
Жан көріністерін ақыл және ішкі сезім деп бөледі, жан тұрмысының бірлігін дәріптейді. Адамның бойындағы психологиялық көріністерді сипаттауда іскерлік, суреттеу, тұқымдық ассоциация, ес, зейін, қиял, ойлау, ойдан шығару, тіл т.б. туралы мәселелерге кеңінен тоқталып, өзіндік тұжырымдар береді.
Ұлы ақынның әдістемелік еңбектері психологиялық жағынан ерекше көңіл аудартады. Мәселен, оның қазақ мектептеріне оқу құралдарын қалай жазу керектігі туралы жазған “Жазылмақ оқу құралдары һәм мектебіміз” атты мақаласы 1921 жылы “Бостандық туы” атты газетінде басылып шығады. Жарияланған мақалада оқу құралының зәрулігі, мектептердің қажеттілігі жөнінде сөз қозғалады.
1923 жылы М.Жұмабаевтың “Бастауыш мектепте ана тілі” еңбегі жарияланды. Оның бұл еңбегі жан-жақты ойластырылған, сындарлы жүйемен жазылған. Мұнда сол кездегі тарихи жағдайдан туатын міндеттерді қарастырады.

  1. Бастауыш мектептің міндеті;

  2. Еңбек мектебінің міндеті;

  3. Төрт жылдық бастауыш мектеп міндеттері анықталады. Ақын-зерттеуші ана тілінің мектепте оқытылуына көңіл бөліп, ана тілі сабағының мақсаты мен міндеттерін көрсетіп береді. Сондай-ақ, оқытудың сабақтан басқа түрлеріне де тоқталады.

Мағжан ескі мектеп сипаты мен жаңа мектепті салыстырып, оның ерекшеліктерін сөз етеді. Ескі мектептің жағдайын сынай отырып, жаңа мектептің берерін де терең талдайды. Халық ағарту ісінің өсіп келе жатқанын, ана тілінде оқыту ісінің озық ойдың жемісі екенін әңгімеге өзек етеді.
Өзінің педагогикалық еңбегінде ақын оқушы жүрегіне, ең алдымен, нақты бейне, сурет сала білу керек деп кеңес береді.
Қазақ тіліндегі педагогикалық терминдердің жасалуы ақын Мағжан еңбектерінен бастау алатыны тарихи шындық. Оның “Педагогика” еңбегіне енген “Тіл”, “Тілдің адам өміріндегі һәм ұлт өкілдеріндегі ұсталған орны”, “Баланың тілі” атты тақырыпшаларда көтерілген мәселелердің маңызы бүгінгі күні де өзінің зәрулігінен айрылған жоқ. Мағжан Жұмабаевтың қазақ баласының тәрбиесіне терең мән бергені, оның психологиялық аспектілеріне ғылыми талдау жасауы халықтық ағартушылық жүйедегі қажеттіліктерден туындағаны сөзсіз. ХХ ғасыр басындағы зиялы қауымның жоқтың орнын толтыру үшін әртүрлі салада зерттеулер жазуы осының айғағы. Мағжан ақынның ана тілінде оқытудың маңыздылығына мән беруінің де астары терең. Сондықтан оны оқып-білудің жастар үшін, ұстаздар үшін мәні ерекше.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет