Дәріс №1 Пәнге кіріспе



бет1/3
Дата15.02.2022
өлшемі70,77 Kb.
#131893
  1   2   3
Байланысты:
Дәріс 1-2 ҚҚТ 2022
117984, 245065

Дәріс №1 Пәнге кіріспе
(1 сағат)

  1. Пән курсының мазмұны, мақсаттары және міндеттері.

  2. Қазіргі Қазақстан тарихының кезеңделуі.

  3. Қазіргі Қазақстан тарихы бойынша деректер.

1.Тарих - бұл адам қоғамының өткені мен осы уақыты туралы, нақты формадағы, кеңістік-уақыттық өлшемдегі қоғамдық өмірдің дамуының заңдылықтары туралы ғылым. Тарихтың мазмұны - бұл адам өмірінің құбылыстарындағы көрінетін тарихи процесс, тарихи ескерткіштер мен деректерде сақталған мәліметтер болып табылады. Бұл құбылыстар әртүрлі, яғни шаруашылықтың дамуына, елдің ішкі және сыртқы қоғамдық өміріне, халықаралық қатынстарына, тарихи тұлғалардың қызметіне қатысты болып келеді.


Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы Қазақстан Республикасы аумағында өмір сүрген, қазірде өмір сүріп жатқан қазақ және басқа да халықтардың тарихы және бүкіл адамзат тарихының құрамдас бір бөлімі. Өйткені ол Еуразия және Орталық Азия елдері тарихымен тығыз байланыста ұштасып жатыр. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы – Ұлы Далада ХХ ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейін орын алған тарихи оқиғаларды, құбылыстарды, фактілерді, үдерістерді, тарихи заңдар мен заңдылықтарды аша отырып, оларды тығыз байланыста тұтас қарастыратын пән. ХХ ғасыр қазақ халқының тарихи тағдырында өте маңызды кезеңдердің бірі. Өйткені, қазақ қоғамдық саяси ойдың дамуы, Қазақ мемлекеттілігін жаңғырту идеясы сол кезде пайда болды. ХХ ғасыр қайшылықтарға толы көптеген саяси-әлеуметтік бетбұрыстар мен мәдени төңкерістердің, дүниежүзілік соғыстардың, экономикалық өзгерістердің орын алған кезеңі болғандықтан және бүгінгі күнмен етене байланысып жатқандықтан, осы үдерістерді оқытуға аса көңіл бөлу қажет.
«Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәнінің негізгі мақсаты – отандық тарихтағы негізгі оқиғалардың мазмұны туралы ғылыми дәлелденген фактілер негізінде міндетті толық білім беру, тарихи-мәдени дамудың үздіксіздігі мен сабақтастығын дәлелді көрсету, рухани мұрагерліктің терең тамырларын, бұрынғы ұрпақтың қажырлы еңбегін, халықтың жеке тұлғаларын, тарихи тәжірибені және ұлттық дәстүрлерді құрметтейтін жастардың ұстанымын қалыптастыру.Осыған байланысты төмендегідей міндеттерқойылады:
  • студенттерді қазіргі тарих ғылымының жетістіктерін пайдалана отырып, хронологиялық тәртіпке сай ауқымды және нақты материалдармен таныстыру;


  • проблемалық дәрістер әдісін қолдану жолымен студенттерді шығармашылық ойлауға жаттықтыру;


  • Қазақстанның қазіргі заманғы тарихының гуманитарлық пәндер жүйесіндегі орнын, оның объектісі мен пәнінің ерекшеліктерін, ең өзекті проблемаларын анықтау;



  • бүгінгі тарих және тарих ғылымының рөлі, оның салалары мен бағыттары, тарихтың белгілі кезеңдеріндегі әлеуметтік және саяси проблемалар туралы түсінік қалыптастыру.

Тәуелсіз Қазақстан тарихын жоғары оқу орындарында пән ретінде студенттерге оқыту барысында Қазақстан Республикасының тәуелсіздік кезеңі тарихын оқытудың тұжырымдамалық ұстанымдары сараланады. Тарихты оқытудың қалыптасқан жүйесі және негізгі қағидалары Тәуелсіз Қазақстан тарихы пәнін оқыту барысында да қолданылады. Қоғамдық-гуманитарлық салалардағы зерттеулер мен оқулықтарда пайдаланылатын бірнеше ұстанымдар бұл пәнде де өзекті болып табылады.


Олар:
- объективтілік (шынайылық) – бүгінгі күрделі әлемде адам қабілетіне, ұлт жігеріне бағынбайтын заңдылықтар бар. Қазіргі заман ақпараттар заманы, адамзат баласы бір ақпараттық кеңістікте, бір-бірімен тығыз байланыста өмір сүруде. Бұл мәселе - Тәуелсіз Қазақстан тарихын оқып түсінудің басты шарттарының бірі;


- субъективтілік (жеке көзқарас) – тарихи үдерістердегі тұлғаның орнын көрсету осы ұстанымның негізгі мақсаты. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының басынан кешкен күрделі кезеңге қатысты жеке тұлғалардың, қайраткерлердің еңбектерін пайдалану бұл тақырыпты ашып көрсетудің қайнар көздерінің бірі;
- тарихилық – Қазақстан тарихы дүниежүзілік тарихтың заңдылықтарына бағынышты, дегенмен ұлы далада бірнеше мыңдаған жылдар бойы өмір сүрген және өмір сүре беретін қағидалар бар. Тарихилық ұстанымы Тәуелсіз Қазақстан тарихының әлемдік тарихтың заңдылықтарымен және ұлы дала тарихының қағидаларымен байланысты екенін көрсетеді;
- сабақтастық – бұл ұстанымның негізі Қазақстан халқының этникалық және мәдени-рухани тамырының көне және бұрынғы заман үлгілерге барып ұштасатынын дәлелдеу. Сонымен бірге, Тәуелсіз Қазақстан тарихы өзіне дейінгі ірі тарихи кезеңдермен, мемлекеттермен және өркениеттермен сабақтас құбылыс;
- өркениеттік – қазіргі заман адамзат баласының дамуын постмодернистік, техногендік өркениетке бастайды. XIX-XX ғасырлардан басталған бұл құбылыс бізге де өз әсерін тигізуде. Әлемдік өркениет факторын есепке алмай Тәуелсіз Қазақстанның толыққанды тарихын жазу мүмкін емес;
- жүйелілік – адамзат қоғамы тұтас жүйе. Тәуелсіз Қазақстан осы жүйенің құрамдас бөлігі. Сондықтан ұлттық-мемлекеттік тарихты оқытуда жүйелі-құрылымдық ұстанымды пайдалану қажет.
Тәуелсіз Қазақстан тарихын оқыту қалыптасқан әдістемелік негіздерге сүйенеді. Оның әдіснамалық, теориялық, әдістемелік проблемалары оқулықта толық ашып көрсетілген. Оқулықтың басты мақсаты – студенттерге терең білім, талғамды түсінік беру, түрлі ұстанымдар мен күрделі тарихи мәселелерді талдауға және өз бетінше пайымдай білуге дағдыландыру. Қазіргі уақытта оқытушылар мен студентттердің түрлі деректер мен зерттеулерді қолдануына және оларды салыстыра зерделеуіне көптеген мүмкіндіктер бар.
Қазіргі қоғамда өркениет проблемасы терең пайымдаулардың пәніне айналып отыр. Адамзат өркениетінің болашағын зерделеумен айналысатын ғалымдар арасында түрлі көзқарастар да бар. «Тарихтың ақыры» немесе парасатты тарихтың басталуы туралы пікірлердің, «өркениеттер қақтығысы» жайындағы болжамдардың да бар екендігі белгілі. Әлемдік қоғамдастыққа ықпалдасу үрдісінде ұлттық – этникалық және мәдени құндылықтарды сақтау аса маңызды.
2. ХХІ ғасырдың басында әлем көптеген өзгерістерге ұшырады. Қазіргі Қазақстан тарихын оқыту үрдісінде салыстырмалы әдіс арқылы өткен, қазіргі және болашақ арасындағы өзара байланысты көрсету, сонымен қатар тарихтың ұлттық, өңірлік және ғаламдық қырлары арасындағы шынайы байланысты көрсету де аса маңызды.
Қазақстан мемлекетінің тəуелсіздік алуы ғылымды жаңа өзгерістерге алып келді. Сондықтан да, Қазақстан тарихы ғылымына қоғамдық жаңа ұлттық тарихымызды жазуға əлемдік тарих ғылымында өткен дəуірлеу мен қазіргі кезеңдегі тарихи құбылыстардың кезеңдік межелерін айқындау тəжірибесін ескеру қажет бола бастады. Дəуірлеу тарих ғылымы методологиясындағы күрделі мəселелердің бірі. ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда Қазақ хандығы құлағаннан кейін қазақтардың арыңды рухы бұрқ етіп сыртқа шығудың әртүрлі жолдарын қарастырды. Ресей патшалығы әлсіреді. Сол кезде қазақтарда өз мемлекетін қүру үміті тағы да ояна бастайды. Алашорданың көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және басқалар болды. Қалай болғанда да, Алашорданың игілікті ісі өте қайғылы аяқталды. Қазақтың оқыған жас өкілдерінің осынау ыстық жігері, ұлттық рухы сол кезде қалыптасқан жағдайлардың себебінен өмірде іс жүзіне аса алмады. Сөйтіп, 1917 жылдан 1920 жылға қазақтың ұлттық рухы ауыр езгінің астына түсті. Қазақстан - КСРО-ның құрамына кірді. 
Əлемдік тарихта қазіргі заман тарихының басталу кезеңін бірінші дүниежүзілік соғыстың басталу уақытымен алса, Кеңестік жүйе де 1917 жылғы қазан төңкерісінің уақытымен алған болатын. Пайымдауша Қазақстан тарихындағы қазіргі заманды қазақ жеріне капитализмнің енуінен бастау керек деген орынды.
Қазақстанның қазіргі заман тарихының кезеңделуін төмендегіше жазуға болады:
1. ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағыұлттық мемлекет құру идеяларының кезеңдері.
2. Қазан төңкерісі және Қазақстанның саяси өмірі.
3.Кеңестік мемлекеттік құрылыс үлгісінің жүзеге асырылуы.
4.ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы кеңестік реформалар.
5.ТәуелсізҚазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымының қалыптасуы.
6.Қазақстан - замануи әлем мойындаған ел.

3. Тарихтың фактісіз жазылмайтындығы белгілі. Тарих ғылымының дәстүрлі деректемелік негізі әр қырлы археологиялық, этнологиялық, фольклорлық және өзге де материалдардан тұрады. Тарихшылар кітапхана қорлары мен мұрағаттарда сақталған көптеген деректерді қолданады. Тәуелсіздікке дейінгі Қазақстан тарихының деректемелік негізін археологиялық қазба жұмыстарының материалдары, антикалық, ортағасырлық – батыс, парсы, араб, орыс, қытай, моңғол және өзге де тарихшы-жылнамашылардың еңбектері, мұрағат құжаттары құрайды. Қазақстан тарихына кеңестік кезеңдегі түрлі құжаттық деректер де өзіндік үлесін қосады. Алайда, сол он жылдықтардың идеологиялық ізін де ескерген орынды.


Қазіргі тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеуде қоғамдағы саяси, әлеуметтік – экономикалық және рухани өзгерістерді бейнелейтін негізі деректер, құжаттар мен материалдар:


  • Республиканың басым бағыттары мен даму нәтижесін, мақсат-міндеттерін айқындайтын мемлекет басшысының жарғылары, жолдаулары, баяндамалары, сөйлеген сөздері;
  • Парламент тарапынан қабылданған заңнамалық құжаттар;


  • Еліміздің ішкі және сыртқы дамуын, Қазақстан дамуының саяси-өңірлік, әлеуметтік экономикалық қырларын нақтылайтын үкіметтік қаулылар мен құжаттар;


  • Атқарушы биліктің орталық және өңірлік органдарының құжаттары, түрлі деңгейдегі мәжілістер материалдары;


  • Азаматтық қоғам институттарын, саяси партиялардың, шетел сарапшыларының ұстанымдарын бейнелейтін материалдар;


  • Тәуелсіз Қазақстанды құруға ат салысқан тұлғалардың естеліктері;


  • Әлеуметтанулық сауалнамалар материалдары мен статистика мәліметтері;


  • Қазақстанның қазіргі заман тарихы бойынша қазақстандық және шетел ғалымдарының тұжырымдамалық және іргелі еңбектері;


  • Мерзімді басылым материалдары;


  • Өзекті мәселе бойынша интернет-қорлары.


Тәуелсіз Қазақстан тарихын жазуға негіз болатын құжаттық негізін заңнамалық актілер мен стратегиялық құжаттар құрайды. Бірінші кезекте «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заңы» (1991 жыл), 1995 жылғы «Қазақстан Республикасының Конституциясы», ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан - 2030: барлық қазақстандықтардың гүлденуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» (Алматы, 1997) және Елбасының басқа да Жолдауларын атаймыз. Заңнамалық актілер мен стратегиялық құжаттар Тәуелсіз Қазақстанның негізін салып, оның болашақ даму қырларын анықтап,елдегі іргелі өзгерістерге жол ашты.


Мемлекеттік стратегияны талдауда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбектері маңызды болып табылады. Өйткені, Елбасы еңбектерінде мемлекет пен азаматтық қоғамның дамуы, ішкі және сыртқы саяси жағдайлар туралы, тәуелсіздіктің қалыптасу үрдісіндегі мәселелер, табыстар мен қиыншылықтар туралы толық ақпарат беріледі. Президент еңбектерінің өзектілігі, оның тарихи үрдістің қарапайым ғана қатысушы емес, КСРО – ның ыдырауы және тәуелсіздіктің қалыптасуы кезінде, қазіргі уақытта да маңызды шешім қабылдаған саясаткер екендігімен түйінделеді. Елбасы еңбектері тарихи фактілерге толы ғана емес, сонымен бірге талдау негізінде әрі жан-жақты сипатта жазылған. Оларда 1980 жылдардағы кеңестік қоғамның дағдарысы, Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алу үрдісі, экономикалық реформалардың жүргізілуі мен мемлекеттік-саяси жүйенің дамуы зерделенеді.
Қазақстан экономикасын жаңғырту (модернизация) бойынша берілген деректер ішінен заң күші бар және экономикалық дамуды жандандырған Елбасының жарғылары, Қазақстан халқына Жолдауы және мемлекет басшысының ірі халықаралық форумдар мен кеңестерде сөйлеген сөздерін атауымыз қажет. Сонымен бірге Республикада мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру сияқты аса күрделі, қарама – қайшылығы мол мәселеге қатысты кейбір оқиғалар мен үрдістер құжаттық деректерде жеткіліксіз берілген, сонымен қатар аналитикалық материалдар мен публицистикалық мақалалар саны да мардымсыз. Осыдан келіп реформалар барысын, елдің әлеуметтік – экономикалық даму көрсеткіші ретіндегі статистикалық мәліметтерді талдаудың маңыздылығын айта кетуіміз де керек.
Тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеуде Қазақстан тарихын зерттеудің бай дәстүрі бар. М.Х. Дулати, Қ.Жалайыр, Қ. Халиди, Ш. Уәлиханов, Г. Потанин, Ә. Бөкейханов және т.б. ғалымдар мен ойшылдар Отан тарихының күрделі мәселелерін шешуге сүбелі үлес қосты. Кеңестік жылдарда ұлттық тарихнама С.Асфендиаровтың, М. Тынышбаевтың, Х. Досмұхамедовтың, Е.Бекмахановтың, Ә. Марғұланның, Г. Дахшлейгердің, Р. Сүлейменовтың қаламынан шыққан толымды еңбектермен байыды. Ел тарихының жарқын беттері тәуелсіздік тұсында жазылғаны күмәнсіз. М.Қозыбаев, М.Асылбеков, К.Нұрпейісов, К.Байпақов, Т.Омарбеков, М.Қойгелдиев, Қ.Атабаев, В.Зайберт т.б. танымал ғалымдардың еңбектері ұлттық тарихтың ақтаңдақтарын жоя бастады.
Тарихнаманың маңызды арқауы Қазақстан республикасының Тұңғыш Президентінің мемлекеттік қызметі, әсіресе жаңа Қазақстанның жаңа астанасы Астананы салдыруы болып табылады. Қазақстанның жаңа астанасы туралы Елбасының «Еуразия жүрегінде» (Алматы, 2005) еңбегінде астананы ауыстырудың негіздері, мемлекеттің дамуындағы ел астанасының мәні терең ашылып көрсетіледі. Осы орайда ғылыми, публицистикалық және құжаттық шығармалар қатарындағы төмендегідей кітаптарды айтуға болады: Н. Ә.Назарбаевтың «Халыққа арнау» (2007), «Ел басы мәртебесі – ел мәртебесі»(2007), «Қазақстан. Жаңа асулар жылы 2002» (2003), М. Касымбеков «Становление института президентства в Республике Казахстан» (2000), «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» (2005), Ж. Сааданбеков «Нурсултан Назарбаев. Законы лидерства» (2005), «Қазақстан. Тәуелсіздіктің 15 жылы»(2006), «Қазақстан әлемнің тоғызыншы мекені»(2007), О.Видова «Нурсултан Назарбаев: портрет человека и политика» (1998), «Бәйтерек» (2003), А. Джаксыбеков «Так начиналась Астана» (2008) т.б.
Халықаралық қатынастар тарихнамасында Қ. Тоқаевтың«Беласу. Дипломатиялық очерктер» (2003), «Под стягом независимости. Очерки о внешней политике» (1997); «Дипломатия Республики Казахстан» (2002), «Нұр мен көлеңке» (2008), Т.Мансұровтың «Казахстанско-российские отношения в эпоху перемен» (2001) зерттеулері ерекше орынды иеленеді. Саяси тарих бойынша әдебиеттер қатарынан - К. Бұрхановтың, Б. Сұлтановтың, Б. Аяғанның «Современная политическая история Казахстана 1985-2006 гг.» (2006) еңбектерін атауға болады.Қазіргі уақытта аталған тақырып төңірегінде салмақты және іргелі зерттеулер қолға алынуда.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет