Дәріс 9 Тақырыбы: Жоғары жастағы адамдарды дәрігерлік бақылаудың ерекшеліктері Жоспар



Дата17.12.2022
өлшемі17,59 Kb.
#163072
Байланысты:
Лекция-1662115119781 (3)
Эссені неден бастау керек

Дәріс 9 Тақырыбы: Жоғары жастағы адамдарды дәрігерлік бақылаудың ерекшеліктері
Жоспар:
1. Дене жаттығуларының түрлері.
2. Дене жаттығуларының әсерінен қартаю процестері
3. Адамдарды жастық топтары
Кілт сөздер: жастық топтар, әлеуметтік-биологиялық проблема, биологиялық жас, календарлық жас
Аурулармен күрестегі, олардан сақтандырудағы, денсаулықты нығайтудағы, картаю процестерін баяулатудағы, адамның өмір жасын ұзартудағы дене жаттығуларының маңызы көне заманнан бері белгілі.
Дене жаттығуларының әсерінен қартаю процестерінің баяулайтыны туралы медицина ғылымында көп деректер жиналған. Адамдарды жастық топтарға ұтымды бөлу іске асырылады, денсаулық жағдайлары мен дене дайындығын есепке алу негізінде, жоғары жастағы адамдарды жаттығулармен шұғылдануға лайықты медициналық топтар құрылды және осы топтардағы адамдарға дәрігерлік бақылау ерекшеліктері анықталды.
Жоғары жастағы адамдардың өмір жасын ұзарту мен еңбекке қабілеттілігін сақтау өте маңызды әлеуметтік-биологиялық проблема. Осы проблеманы шешудің жолында оқытушылар мен бапкерлердің лайықты үлес қосқаны дұрыс.
«Потенциалдық өмір ұзақтығы» және «орташа өмір ұзақтығы» деген ұғымдар бар. Потенциалдық өмір ұзақтығы деп адамның биологиялық түр ретінде тіршілік етуге мүмкін уақытын айтады. Ол орта есеппен 120-125 жылға тең. Орташа өмір ұзақтығы адамның нақты тіршілік уақыты. Ол әр елде әртүрлі, себебі әр елдің әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Ежелгі заманда еліміздегі адамдар өмірінің ұзақтығы, орта есеппен, 32 жылға тең болса, қазіргі заманда өмір ұзақтығы, орта есеппен, 70 жылға таяп қалды. Қазіргі уақытта қартаюдың себептері мен даму процестері туралы ғылым геронтология және кәрілік аурулары туралы ғылым гериатрия да дамып келеді.
Қалыпты немесе физиологиялық және дерттік немесе патологиялық кәрілікті айырады. Физиологиялық кәрілік организмнің барлық функцияларының бара-бара төмендеуімен (сөнуімен) сипатталады. Физиологиялық кәрілікте адамның еңбекке қабілеттілігі мен жалпы тіршілік белсенділігі ұзақ сақталады. Патологиялық кәрілік организмнің жеке функцияларын төмендететін түрлі дертті процестердің салдары (мысалы, жүрек-қантамырлар, жүйкелік-эндокриндік жүйелер дерттері). Бұлар кәріліктің келуін жеделдетеді.
Кәрілік процесі организмнің өсуі аяқталған мезгілден басталады, яғни 19-21 жастан. Организм кемелденген шағында қалыптасқан жағдай тұрақтанады немесе стационарлы күйге келеді. Адамның өмір сүру салтына орай осы күй шапшаң немесе баяу қалыптасады.
Дене тәрбиесі оқытушыларының, бапкерлерінің және спорт дәрігерлерінің мақсаты аурулардың алдын алу шаралары мен кәріліктің келуін баяулату. Дене тәрбиесі кәрілік ауруларын емдеуші әдіс ретінде қолданылады (емдік және бейімделткіш дене тәрбиесі).
Қартаю организмнің барлық мүшелері мен жүйелері функциясының, тотықтандырушы процестерінің, реактивтілігінің және жарты шар тәрізді ми қыртысы қозғыштығының төмендеуімен сипатталады.
Жоғары жүйке әрекетінің өзгерістері қозу процестері күшінің және құбылмалылығының азаюымен, қыртыстық тежелудің төмендеуімен білінеді. Шартты рефлекторлық байланыстарының пайда болуы мен тұрақтануы нашарлайды, мүшелердің рефлекторлық реакциясы баяулайды, қимыл-қозғалыстар әлсізденеді.
Тотықтану процестерінің және эндокриндық бездер қызметі қарқынының төмендеуі, жасушалар мен тіндерде биохимиялық және биофизикалық өзгерістерді туғызады. Олардың қоректенуі бұзылады, нәруыздар құрылысы өзгереді, дистрофиялар немесе нәрсізденулер мен атрофиялар немесе семулер пайда болады, мүшелердің паренхиматозды немесе меншікті жасушалары өлі еттенеді, ал олардың орынын дәнекер мен май ұлпалары басады.
Осылардың салдарынан түрлі мүшелердің, солардың ішінде жүрек пен тыныс мүшелерінің функциялық қорлары азаяды. Мысалы, жүрек өзінің минуттық көлемін максималды қамтамасыз ете алатын мүмкіндігінен айырылады. Егде адамдар жүрек соғысының жиілігі орта есеппен 60-70 болады. Тыныс бұлшық еттері әлсізденуі себебінен, өкпенің вентиляциясы және тіршілік сыйымдылығы азаяды. Өкпе ұлпасының серпімділігі нашарлауы себебінен, эмфизематозды немесе желдену өзгерістері туады, нәтижеде тыныс үстірт бола бастайды. Ішек-қарынның моторлық және секреторлық қызметі бұзылады да, іштің қатуы, кебуі пайда болады. Бұлшық еттер болбырайды, олардың көлемі азаяды. Дене бұлшық еттерінің үлесі жалпы дене салмағына қатысты 20-26% дейін төмендейді.
Дене сымбаты мен кейіптерінде түрлі ауытқулар пайда болады. Олар, бір жағынан, бұлшық еттердің семуінен болса, екінші жағынан, сүйектер мен буындарда пайда болған өзгерістерге байланысты. Остеопороз немесе сүйек тінінің борпылдақ болып кеуектенуі байқалады, қаттылығы мен серпімділігі азаяды. Омыртқа бағанасында остеохондроз аталатын дертті процес туады. Буындардың синовиальды қабықтары қалыңдайды, буын шеміршектеріне ізбес жиналады. Шеміршектер серпімділігінен айырылады, қатаяды. Буын қаптары жұқарады және бүріседі. Осылардың барлығы буындардың қозмалылығын шектейді.
Күш, жылдамдық, төзімділік, икемділік, иілгіштік көрсеткіштері төмендейді. Жас өскен сайын организм ішкі ортасының тұрақтылығын ұстап тұратын механизмдер әлсірейді. Сыртқы және ішкі факторларға бейімделгіштік және төтеп бергіштік қасиеттердің төмендеуі осы механизмдермен байланысты. Қартаю процесінде соңғы екі қасиеттердің маңызы жоғары.
Дене белсенділігі барлық физиологиялық функциялардың қузаушысы болып келеді. Ол адамның қай жасында болмасын бейімделгіштік мүмкіндігін көтереді. Дене жаттығулары қартаю процестерін баяулатып және өмір жасын ұзартып қана қоймай, ең маңыздысы, адамның жасампаздық белсенділігін ұзартады. Мынадай жас топтарын ажыратады: кемел жас – әйелдер үшін 34, еркектер үшін 39. Орта жас әйелдер үшін 35-54, еркектер үшін – 40-59 жас, егде жас – әйелдер үшін 55-74 жыл, еркектер үшін – 60-75 жыл, кәрілік жас 75-89 және ұзақ өмір сүрушілер – 90 және онан жоғары жас. Соңғы екі топ әйелдерге де, еркектерге де бірдей.
Дене тәрбиесімен және спортпен жүйелі және ұзақ уақыт шұғылданушы орта және егде жастағы адамдардың денсаулығында, дене жаттығулармен шұғылданбайтын адамдар денсаулығына қарағанда, ауытқулар аз болады. Дене дайындығы топтарында жаттығулармен шұғылданушы орта және егде жастағы адамдардың жүрек тұсы ауыруына, ентігуге, тез шаршағыштыққа және тағы басқа жағымсыз симптомдарға арыз-шағымдары осындай топтарға ұйымдаспаған адамдардың арыз-шағымдарымен салыстырғанда, аз екенін дәрігерлік бақылау материалдары дәлелдейді. Жаттығулармен шұғылданушылардың көбісі дәрігерлік көмектен бас тартады.
Ұтымды ұйымдастырылған дене жаттығулары сабақтары әсерінен гипертониясы бар адамдардың максималды және минималды артериялық қысымы төмендейді.
Дене жаттығуларымен шұғылдану жамбас, тізе буындары мен омыртқа бағанасы қозғалыстарын жақсартады. Дене жаттығуларымен жүйелі және ұтымды шұғылдану, организмнің қызметтік қабілеттілігін көтереді. Денсаулығы мен дене дайындығын есепке ала отырып, орта жастағы және егде адамдарға дене жаттығулары сабақтарының арнайы формалары мен әдістері дайындалған.
Жоғары жастағы адамдар денсаулығы мен дене дайындығына байланысты төрт топқа бөлінеді: дендері сау және дене дайындығы жақсы адамдар, денсаулықтарында шамалы кемшіліктер бар және дене дайындығының деңгейі аса жоғары емес адамдар, денсаулықтарында айқын ауытқулары бар және дене дайындығы нашар адамдар, ауру адамдар. Алдыңғы үш топтағы адамдарға дене жүктемелерін қатаң жекешелендіре отыра, дене дайындығы сабақтартарын алу ұсынылады.
Топтарды құрған кезде паспорттық жастан гөрі, денсаулықты есепке алған маңызды, себебі жоғарыда айтылғандай екеуінің арасында қатаң тәуелділік жоқ. Жоғары жастағы адамдармен өткізілетін сабақатар нығайтушы және сауықтырушы мінездемелі болуы керек. Осымен қатар сабақтардың жүйелі өткізілгені дұрыс.
Жарыстарда жоғары жастағы адамдарға жоғары нәтижелер көрсету мақсат емес. Жарыстарда едәуір денелік және жансезімдік зорланулар болмауы керек. Сондықтан егде адамдарға жылдамдық пен уақытқа жарысуға тиым салынады. Жарыстар саны қатаң шектеледі. Қарт адамдарға жарысуға болмайды.
Қозғалмалы ойындарды немесе спорт ойындары элементтерін пайдалана отырып, сабақтардың көңілді және алуан түрлі болып өткізілгені ұтымды. Денсаулықты нығайтушы жаттығуларды құралдармен де, құралдарсыз да жасатуға болады. Мысалы, гимнастикалық орындықтар, гимнастикалық қабырғалар пайдалы.
Би жаттығулары, тепе-теңдік пен үйлесімділікті шыңдайтын жаттығулар тиімді. Жүрістер, коньки, шаңғы тебу, суға түсу, бадминтон ойнау және т.б. ойындар жақсы сауықтырады. Ойындардың жеңіл болғаны керек.
Жылдамдық пен күшті талап ететін жаттығуларға, жоғары жастағы адамдардың бейімделгіштігі шектеулі, қайта қалыпқа келуі баяу жүретіні белгілі, сондықтан жас адамдарға қарағанда жоғары жастағы адамдардың демалыстары ұзақ болуы керек екенін дене тәрбиесінің оқытушысы назарында ұстауы міндет. Елу жастан асқан көп адамдар бұлшық еттері мен байламдарының серпімділігі нашарлағанын және жүйке жүйесі процестерінің қозғалмалылығы мен үйлесімділік мүмкіндіктерінің төмендегенін ескерген жөн. Оларға күшенуді, тынысты тоқтатуды, басты ұзақ уақыт төмен ұстап тұруды талап ететін жаттығулар зиянды (ми қантамырларының склероздық өзгерістерінен қан кетуі мүмкін). Жаттығу жасап жатқан кезде дұрыс тыныс алуға үлкен назар аударылады. Сабақтың егде адамдарды қатты шаршатпағаны дұрыс. Керісінше, сабақтың рахат сезімді, жақсы көңіл-күйді сыйлағаны және жаттығуларды жасай беруге құлшыныс туғызғаны жақсы. Сабақтар тиімділігін жеке бас сезімімен бағалаған қауіпті. Қауіп тұғызбау үшін шұғылданушыларға ыңғай дәрігерлік бақылау қажет. Дене жүктемелерін жекешелендіру мақсатында дәрігерлік-педагогикалық бақылауға үлкен назар аударылады.
Жоғары жастағы адамдарға дәрігерлік зерттеулер жүргізгенде әдеттегі клиникалық әдістер қолданылады. Электрокардиографиялық, рентгенологиялық және омырқа бағанасының қозғалмалылығын онықтайтын зерттеулер өте маңызды (оңға, солға, алға еңкейу). Функционалдық сынамалар ішінен 20 рет отырып-тұру, түрлі степ-тестер, ортостатикалық, координациялық және тағы басқа сынамалар қолданылады. PWC170 , жанама жолмен оттекті максималды тұтыну сынамаларын да пайдалануға болады.
Ортостатикалық сынаманы өткізген кезде кейбір жоғары жастағы адамдардың жатқан қалпында, отырған немесе тік тұрған қалпындағыға қарағанда, пульсі жиі болатынын ескерген жөн. Осы ерекшелікке байланысты егде адамдармен сабақ өткізген кезде, жатып жасайтын жаттығулар саны мен уақытын азайтқан дұрыс. Дене жүктемесімен сынаған кезде жоғары жастағы адамдар пульсінің реакциясы мен пульстік қысымы жасқа орай баяу бола беретінін ескеру керек.


Әдебиеттер:
1.Мустафина Т.К. Спорттық медицина. –Алматы, 2004.
2.Мустафина Т.К., Амангельдиева Р.Р., Дунаева З.К, Алматы, 2003.

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет