Дәріс тақырыбы: Жалпы фармакология. Дәрілердің фармакодинамикасы. Жоспары: 1



Дата07.02.2022
өлшемі24,24 Kb.
#82095
Байланысты:
Фармакодинамика
фармакотерапия лекции

Дәріс тақырыбы: Жалпы фармакология. Дәрілердің фармакодинамикасы.


Жоспары:
1. Фармакология туралы жалпы ұғым
2. Фармакодинамика - дәрінің организмге тигізетін әсері
3. Дәрінің рецептормен байланысу кезеңдері
4. Дәрілік агонист, антогонист
5. Дәрілердің әсер ету түрлері

Дәріс тезисі:


Фармакология – pharmakon – дәрі, logos – ғылым деп аударылады.
Фармакология – дәрі–дәрмектердің жануарлар және адам организміне әсерін зерттейтін
ғылым. Дәрі - белгілі бір емдік немесе профилактикалық әсер беру үшін қолданылатын
химиялық зат. Фармакологияның негізгі міндеттері – дәрінің организмге әсерін зерттеу,
жаңа дәрілерді іздестіру.
Фармакологияның даму тарихы. Фармакологияның даму тарихы адамзаттың даму
тарихымен бірдей өте ұзақ. Ежелгі дәрілер әртүрлі өсімдіктерден және жануарлар
ағзаларынан алынды.
Гиппократ- (б.э. ІҮ-ІІІ ғ. бұрын өмір сүрген) - ертедегі медицинада қолданылған
дәрілерді бір жүйеге келтірген.
Клавдий Гален (ІІ ғ.) – алғашқы рет дәрілік өсімдіктерді балласт заттардан тазартқан.
Абу Али-ибн-Сина (Х-ХІ ғ.) - өз заманында қолданылған дәрілерді, олардың қабылдау
тәсілдерін бір жүйеге келтірген.
Парацельс (ХҮ-ХҮІ ғ.) – иатрохимияның негізін салушы, медицинаға ауыр
металдарды дәрі ретінде енгізді.
ХҮІІІ ғасырдың аяғында – ХІХ ғасырдың басында фармакология ғылым ретінде дами
бастады. Маңызды жетістіктері :
1785 ж. – оймақгүл препараты жүрек ауруларын емдеу үшін қолданылды.
1806 – 1831 жж. - өсімдіктерден морфин, атропин, хинин алкалоидтар бөлініп
шығарылды.
1844 – 1847 жж. - азоттың шала тотығы, хлороформ наркозға қолданды.
ХІХ ғ. 30 жылдары – сөндірілген әк дезинфекциялайтын дәрі ретінде қолданылды.
1879 ж. – нитроглицерин ашылды.
1901 ж. - химиотерапияның негізгі принциптері құрастырылды.
1921 ж. – инсулин ашылды
1929 ж. – пенициллин ашылды
1950 ж.– аминазин табылды
1970 ж. – простагландиндер ашылды
1980 ж. – СПИД–ке қарсы азидотимидин ашылды.
Советтік фармакологияның белгілі ғалымдары:
Павлов И.П. – ащы, сілтілі заттардың ас қорыту жолының қызметіне әсерін,
ОЖЖ әсер ететін дәрілердің әсерін зерттеді. Психофармакологияның негізін қалады.
Кравков Н.П. – Совет фармакологиясының негізін қалаушы. Дәрілердің құрама
әсерін зерттеді, патофармакологияның негізін қалады. Венаға наркоз беруді ұсынды.
Клиникаға құрама наркозды енгізді. 1926ж. Ленин сыйлығына ие болды.
Аничков С.В. – орталық жүйке жүйесінде холинорецепторлардың барысын
анықтады.
Машковский М.Д. – «Лекарственные средства» – атты оқулық шығарды. Ол
басылымнан 14 рет шықты.
Ермольева З. В. – пенициллинді ашқан.
Харкевич Д.А. – фармакология оқулығының авторы
Маркова И.В. – педиатрия факультетінің студенттеріне фармакология оқулығын
жазған ғалым.
Дәрілер жүйелік принциппен жіктеледі.
1. ОЖЖ және ШЖЖ әсер ететін дәрілер
2. Орындаушы ағзаларға әсер ететін дәрілер
3. Зат алмасуға әсер ететін дәрілер
4. Микробтарға және де басқа қоздырғыштарға әсер ететін дәрілер.
Жалпы фармакология - дәрілердің организмге тигізетін жалпы заңдылықтарын
зерттейтін фармакологияның бөлімі. Ол фармакокинетика және фармадинамикадан
тұрады.

Фармакокинетика - дәрілердің сіңуін, денеге таралуын, химиялық өзгерістерін,


жинақталуын, сыртқа шығуын зерттейтін фармакологияның бөлімі.
Дәрілерді енгізу жолдары: энтеральды – ас қорыту жолы арқылы, парентеральды –
ас қорыту жолынан тыс.
Энтеральды енгізу жолдары: І) ауыз арқылы қабылдау /пероральды/, 2) тіл астына
салу, 3) үлтабарға енгізу, 4) тік ішекке салу.
Парентеральды енгізу жолдары: 1) тері астына егу, 2) бұлшық етке егу, 3)
көктамырға, 4) артерияға, 5) төс сүйекке енгізу, 6) іш құысына енгізу, 7) ингаляция
арқылы, 8) ми қабының астына енгізу, 9) теріге жағу, 10) ионофорез.
Дәрілердің сіңуі (резорбция) – дәрінің клетка мембранасы арқылы өтіп, жалпы қан
айналымына түсуі. Оның төрт механизмі бар:
1. жәй диффузия
2. сүзілу
3. белсенді тасымалдау
4. пиноцитоз
1/ Жәй диффузия - арқылы дәрі концентрация градиенті бойымен өтеді. Бұндай жолмен
липофильді, иондалмаған дәрілер өтеді.
2/ Сүзілу – дәрі клетка мембранасы арасындағы саңылаулар арқылы өтеді. Бұндай
жолмен гидрофильді дәрілер өтеді.
3/ Белсенді тасымалдау. Дәрінің мембрана арқылы өтуіне энергия және тасымалдаушы
зат қажет. Дәрі концентрация градиентіне қарсы өтеді.
4/ Пиноцитоз (фагоцитоздың бір түрі).
Дәрілер көбіне диффузия жолымен қанға сіңеді. Балаларда дәрілердің сіңу процесі
ересек адамдарға қарағанда тез өтеді. Дәрілердің сіңуі ас қорыту жолындағы қабыну
процесіне, ішкен тағамдар сапасына, адамның жасына да байланысты. Ас қорыту
жолының РН көлемі дәрілердің сіңуіне ерекше ықпал етеді. Асқазан арқылы әлсіз
қышқылдар жақсы сіңеді. Ішек арқылы негіздер жақсы сіңеді. Дәрінің молекулалық
массасы неғұрлым жоғары болса, соғұрлым оның сіңуі төмен болады.
Дәрінің денеге таралуы:
Капиллярлар қабырғасынан гидрофильді дәрілер сүзілу арқылы өтеді
Гематоэнцефалдық тосқауыл арқылы диффузия жолымен липофильді дәрілер ғана өте
алады. Планцетадан дәрілер жәй диффузия арқылы өтеді. Дәрілер кейбір тіндерде
жинақталуы мүмкін. Қанда бос түрде айналып журген дәрі организмге тез әсері береді.
Дәрінің метаболизмі. Дәрілен организмде көбінесе бауырда химиялық өзгерістерге
ұшырайды. Оны дәрінің метаболизмі деп атайды. Егер дәрі организмге липофильді
түрде түссе, ол химиялық өзгерістерге ұшырап, бауырда гидрофильді түрге айналады,
сондай турде несеп арқылы шығады. Иондалмаған дәрі иондалған түрге айналады.
Дәрінің метаболизмі екі түрлі жолмен журеді: 1/ метаболизмдік трансформация; 2/
коньюгация. Дәрі бауырда глюкурон қышқылымен байланысып, белсеңділігі
төмендейді.
Дәрілердің организмнен шығуы. Дәрілер организмнен әртүрлі жолдар арқылы
шығады. Ең жиі - бүйрек арқылы. Егер несептің РН көлемі қышқылды болса, әлсіз
негіздер болып табылатын дәрілер жақсы шығады, ал дәрі әлсіз қышқыл болса, ол
несептің қышқылды ортасынан реабсорбцияланады. Кейбір дәрілер дем арқылы, тер,
сілекей бездері, көз жасы, ана сүті арқылы организмнен шығады.
Кейбір фармакокинетикалық көрсеткіштердің анықтамасы
Дәрінің жартылай ыдырау кезеңі (Т½) – дәрінің қан плазмасындағы 50%-ке азаю
уақыты. Бұл көрсеткіш неғұрлым аз болса, соғұрлым дәріні жиі қолдану керек.
Дәрінің жалпы клиренсі - қан плазмасының белгілі бір көлемінің дәріден тазару
жылдамдығы.
Дәрінің биосіңімділігі – қан плазмасында өзгермеген дәрінің берілген мөлшерімен
салыстырғандағы көлемі (пайызбен көрсетіледі).

Фармакодинамика - дәрінің организмге тигізетін әсері. Ол әсер екі реакциядан тұрады:


1. алғашқы фармакологиялық реакция (АФР); 2. екінші фармакологиялық реакция
(ЕФР). АФР (дәрінің әсер ету механизмі) - дәрінің организмдегі, клеткадағы
рецепторлармен әрекеттесуі.
Дәрінің әсер ету механизмі көзге көрінбейді - молекулалық
деңгейде жүреді. Оны зерттейтін фармакологияның саласы - молекулалық
фармакология деп аталады.
Молекулалық фармакология - дәрінің организмге клеткалық,
субклеткалық, молекулалық деңгейде әсерін зерттейтін ғылым. АФР нәтижесінде ЕФР
пайда болады. Ол адамның көзіне көрінетін немесе медициналық аспаптар,
биохимиялық зерттеулер арқылы анықталатын организмдегі өзгерістер. Оны басқаша
айтқанда фармакологиялық әсер дейді. Рецепторлар (қабылдағыштар) – клеткалар
макромолекуласының белсенді орталықтары (белок, пептид, нуклеин қышқылы).
Рецепторлар клетка мембранасының сыртында, ішінде, ядро ішінде, ядроның
мембранасында, цитоплазмада, органеллаларда, яғни клетканың барлық жерінде
орналасуы мүмкін. Түрлері: 1. арнамалы рецепторлар - дәрі сол рецептормен
әрекеттескенде негізгі әсерді қамтамасыз етеді (холин, серотонин, дофамин,
бензодиазепин, пурин, т.б. рецепторлары) 2.бейарнамалы - олармен дәрі ешқандай әсер
туғызбай байланысады, үнсіз рецепторлар (қан плазма белоктары, дәнекер ткань
мукополисахаридтері жатады).
Дәрінің рецептормен байланысу кезеңдері: 1/комплементарлық кезең, 2/дәрінің
рецептормен соғылысуы, 3/дәрінің рецепторға жабысуы. Аффинитет – дәрінің
рецепторға жақындығы нәтижесінде онымен комплекс түзуі.
Дәрінің рецептормен байланысуға әсер ететін факторлар: 1/клеткада белсенді
орталықтың барысы, 2/комплементарлық, 3/аффинитет, 4/дәрілік заттың биофазадағы
концентрациясы, 5/дәрілік заттың агреганттық жағдайы. Әрекеттесу нәтижесінде
мынандай өзгерістер болады: каналдардың иондық өтімділігі өзгереді, екінші реттік
өткізгіштіктердің қызметі артады, ДНК молекуласының транскрипциясы өзгереді.
Дәрілердің рецепторлармен байланысуына қарай жіктелісі:
Дәрі - агонист – дәрі рецептормен әрекеттесіп, оған тән биологиялық әсерлер туғызады.
Толық агонист - рецептормен әрекеттескенде әсері күшті, жартылай агонист әсері әлсіз.
Дәрі антагонист – дәрі рецептормен әрекеттесіп, сол реценторға тән әсерлерді
болғызбайды.
Дәрі агонист-антагонист – дәрінің өзін қолданғанда агонистік әсер пайда болады, басқа
агонистпен қосып қолданғанда оның әсерін басады.
Дәрінің мөлшері - организмге енгізілетін дәрінің мөлшері. Түрлері:бір реттік,
мерзімдік, тәуліктік. Емдік мөлшердің түрлері: ең аз емдік мөлшер, орташа емдік
мөлшер, ең жоғары емдік мөлшер. Егер дәрінің мөлшері бұданан жоғары болса – оны
уытты деп атаймыз, ал одан да асып түссе леталдық мөлшер болады. Терапиялық
кеңділік - дәрінің ең аз емдік мөлшерден ең аз уытты мөлшерге дейінгі аралық.
Дәрілер әсерлерінің түрлері: жергілікті, рефлекстік, резорбтивтік, тікелей, жанама,
қайтымды, қайтымсыз, таңдамалы.
Хронофармакология - тәуліктік ырғақпен дәрінің байланысын зерттейтін
фармакологияның саласы.
Дәрінің әсері адам жасына да байланысты. Педиатрияда қолданылатын дәрілердің
ерекшелігін педиатриялық фармакология зерттейді. Перинатальды фармакология -
дәрінің ұрықтың 24 аптасынан баланың туғаннан 4 айға дейінгі аралықта әсерін
зерттейді.
Синергизм - бір дәрінің екінші дәрінің әсерін күшейтуі. Антагонизм бір дәрінің екінші
дәрі әсерін басуы. Оны клиникада тек улану кезінде қолданады. Химиялық, физикалық,
функциялық антагонизмді ажыратады. Функциялық антагонизмдің түрлері:1)
конкурентті, 2) конкурентті емес, 3) тәуелсіз.
Полипрагмазия - науқасқа өте көп дәрілерді бірден тағайындау.
Дәрінің кері әсерлері:
Дәрінің уытты әсерлері – ең көп мөлшерден болады, жағымсыз әсерлер – емдік
мөлшерден, аллергиялық жағымсыз әсерлер - дәрінің кез келген, соның ішінде ең аз
мөлшерден де пайда болады.
Кумуляция – дәрінің организмде жинақталуы: материалдық кумуляция – дәрінің
организмде жинақталуы; функциялық кумуляция – дәрі әсерінің жинақталуы.
Дәрілердің жағымсыз әсерлері: 1) арнамалы – дәрі қасиетіне байланысты, 2)
бейарнамалы – организмнің ерекшелігіне байланысты, ол аллергиялық, генетикалық
себептерден болуы мүмкін, идиосинкразия.

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет