Диплом жұмысының ғылыми сипаттамасы


– тарау. Жазушы повестерінің проблематикасы және характер



бет2/3
Дата25.11.2019
өлшемі303,5 Kb.
#52412
түріДиплом
1   2   3

2 – тарау.

Жазушы повестерінің проблематикасы және характер

мәселесі
Т.Әбдікұлы творчествосының ең бір өнімді, ең бір құнарлы саласын осы повестері құрайды. Өзінің алғашқы әңгімелерінде-ақ танытқан талант қырларын повестерінде одан әрі айшықтап, стилін қалыптастырған Төленнің қаламынан туған повестердің қазақ әдебиеті үшін маңызы ерекше. Әдетте біз, жазушы өз заманының көзі мен құлағы деп жиі айтамыз. Сонымен бірге ол оның ары мен иманы да ғой. Сондықтан да ол өзінің өмірден көзімен көргендері мен естігендерінің ең мәнді, маңызды дегендерін өз ары мен иманының сүзгісінен өткізеді.

С.Асылбекұлының зерттеулеріне сүйенсек, ғалымның Т.Әбдікұлы тұстастарының жазған шығармаларының тақырыптарын шартты түрде болса да, төрт салаға бөліп қарастырғанын көреміз. 1) ауыл 2) қала, 3) тарих, 4) шет ел тақырыбы. Ендеше осы төрт сала, төрт тақырыпта да қалам тербеген Т.Әбдікұлының қадау-қадау дүниелері әдебиетімізде алыстан көзге ұрып, мен мұндалап тұр. Дегенмен осы тақырыптардың ішінде алғашқы және әсіресе, соңғы салада өндіре жазып, сонысымен де қазақ әдебиетіне соны бір мазмұн, ерекше түр жаңалығын ендірген шығармаларына ерекше тоқталмақпыз. Олай болса, бірінші сөз, ауыл ауыл өмірі.

Ал енді бұлардың аталмыш тақырыпқа ерекше ден қоюының себебі не ? деген сұраққа С.Асылбекұлы “Біріншіден, олардың барлығы дерлік қазақтың байтақ даласының түкпірдегі ауылдарынан шыққан кешегі қыр балалары еді. Сондықтан олар бұл өмірді, осы қоғамдық ортаның тіршілігін басқа тақырыптарға қарағанда әлдеқайда жетік білетін. Ол кездері қазақ халқы әлі де болса урбанизацияның терең иірімдеріне тартыла қоймаған болатын. Қазақтың басым көпшілігі әлі де болса ауылдарда, немесе тіршілігі, өмір сүру салты, әлеуметтік жіктелуі жағынан ауылдардан пәлендей айырмашылығы жоқ шағын қалаларда, кенттерде (поселкелер) тұратын. Ал Алматы, Қарағанды секілді ірі урбанизация орталықтарындағы олардың саны 10%-дан аспайтын және олардың көпшілігі осы қалаларға әлеуметтік, ұлттық тамырын жайып үлгермеген жартылай маргиналданған, жартылай басқа ұлпен негізінен, орыстармен және орыстан өзге де этнос өкілдерімен ассимилияцияға түскен адамдар болатын. Сондықтан да жаратылысы жағынан ұлттық категорияға жататын көркем әдебиет шығармаларының бұлардың өмірінен ұлттық көркемсөзге азық болатын тақырып пен мазмұнды табу қиындау еді. Жоғарыда аты аталған прозашыларымыз бен олардың қазақ көркемсөзіндегі тұстастарының ауыл өмірін суреттеуге құштар болуының бұл екінші себебі болатын.

Үшіншіден, ауыл туған халқымыздың әдет-ғұрпының, өмір сүру салты мен ұлттық психологиясының, ана тілі мен халықтық төл философиясының бастауы, алтын бесігі, осы қадір-қасиеттердің бәрін қаймағын бұзбай ғасырдан ғасырларға сақтап келген алып рухани қоймасы секілді еді” деп негізгі үш себебін атап көрсетеді (3,13-14).

Шынында да ұлттық көркем әдебиеттің осыншама құнды қазынасына қызықпай, ынтықпай тұра алу мүмкін емес еді. Сондықтан да қазақ жазушыларының бұл толқыны ауыл өміріне тән ситуациялар мен әрбір детальды ерекше ыждағаттылықпен зерттеді, әсіресе қатары жылдан жылға сиреп бара жатқан, енді бір он-жиырма жылдан соң мүлде жер бетінде қалмауы мүмкін абзал қазақ қарттарының образдар галереясын бір-бірімен таласа айрықша сүйіспеншілікпен ақ қағазға түсіріп жатты. Себебі егер ауылды қазақ халқының ұлттық қадір-қасиеттерінің баға жетпес қоймасы десек, күннен - күнге, жылдан - жылға қатарлары сиреп бара жатқан қазақ қарттарының алдыңғы қатарлы өкілдері сол қадір-қасиеттердің мәйегі, ұлттық философия мен психологияның алтын діңгектері-тін. Сондықтан егер 1970-1980 жылдары жарық көрген қазақ көркем әдебиет туындыларында “қара шалдар” мен “ақ кемпірлер” (А.Сүлейменов) көптеп кездесетін болса, соның бәрі жоғарыдағы жағдайлардың әсері еді.

Д.Исабековтың “Дерменесіндегі” Тоқсанбай, “Сүйекшідегі” Тұңғыш, “Тіршіліктегі” Қыжымкүл, Ж.Түменбаевтың “Ауыл мен Алматының арасындағы” Балмейрам, “Ауыл шетіндегі үйіндегі” Омарғали т.б. секілді қарттар осындай могиканның соңғы тұяқтары секілді асылдың сынықтары-тын.

Т.Әбдікұлының “Әке” мен “Қыз Бәтіш пен Ерсейіт” атты повестерінің де негізгі көтерген проблемасы осы болатын. Мәселен, “Әкедегі” Сейсен, “Қыз Бәтіш пен Ерсейіттегі” Қожабектер адамгершілік пен имандылықтың ғана емес, күннен-күнге, жылдан-жылға деформацияға ұшырап, қоғамдық белсенді өмірден шеттетіліп, өндіріс орындары мен үлкен қалаларда мүлдем қолданудан қалып бара жатқан ана тіліміздің де әлі көзі бітелмеген мөлдір қайнарлары еді. Олар бұл қасиеттерімен де қазақ прозашыларының осы буыны үшін ерекше құнды рухани материал болып табылды.

Т.Әбдікұлының “Әкесі” кезінде оқырман жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген көркем туындысы. Мұнда да алғашқы әңгімелерінде көтерілген мәселелер тереңдеп ашылады. Мәселен, жоғарыда өзіміз сөз еткен “Қонақтар” әңгімесінің желісі осы әңгімесінде кейіпкердің жан толқыныстары арқылы терең ашылады. Автордың “Қонақтарындағы” Сапабекке қарағанда бұндағы Сайлауы көп ілгерілеген. Кейіпкерді өткен қүндерге, шырғалаңды өмір жолдарына қиял көзімен (көбіне өкініш) қарату жазушының негізгі баяндау амалы болған. Көзге бірден шалынар ерекшелік шығарма диапазонында сияқты. Әдебиеттану ғылымында көп айтылып, талай талқыға түскен түйткілді мәселенің бірі көркемдік кеңістік пен көркем уақыттың арақатынасы, тарихи шындық пен көркемдік шешім де бұл шығармада өз қисынымен шебер өрілген. Көрнекті жазушы, ғалым Т.Жұртбайдың:

“Көркем уақыт, сол замандағы қоғам және сол қоғамда өмір сүрген адам психологиясы суреткердің басты бейнелеу құралы болып табылады.

Көркем кеңістік – кәдімгі уақытқа тәуелсіз. Сондықтан да абсолютті шындыққа жақын. Көркем уақытты бір сөзбен, бір сөйлеммен немесе бір-екі ауызекі пікір алмасумен қадым ғасырды бүгінгі күнге әкелуге, заманалар мен дәуірдің орнын алмастыруға не белгілі бір мезетке тоқтатып қоюға болады. Екі дүниені қатар қойып жарыстыра, салыстыруға да суреткердің еркі бар. Бірақ бұл уақытқа шексіз өктемдік жасау деген бейпіл қағида емес. Оның да өзіндік логикасы мен заңдылығы бар. Уақытты тоқтата ма, соза ма, жоқ , тездетіп жүргізе ме, бәрібір, тек тарихи шындықпен сәйкес келетін шартты уақыт межесін таңдап алуы тиіс”(15,112) деген пікіріне ден қойсақ.

Бас кейіпкер Сайлаудың, әкесі Сейсенді соңғы, ахирет сапарына шығарып салар сәттегі жан тебіренісі, әке өмірінің өткеніне ой көзімен қарап, сол арқылы өзегін өрттеген ащы шындықты мойындауы, сізді де талай ойға жетелейді. Лирикалық шегініс арқылы берілген Сейсен өмірінің бел-белестерінде талай өмірдің ащы шындығы жатыр. Сонау 17- ші жылғы Ұлы Қазан төңкерісі, 1929 - шы жылдардан басталған байларды тап ретінде жою, 1931-1933 жылдардағы “асыра сілтеп, аша тұяқ қалдырмаған” қолдан ұйымдастырылған ашаршылық, 1937- гі репрессия, қала берді кешегі Ұлы Отан соғысындағы фашизм сойқаны, маңдайынан бес елі соры арылмаған қазақ қасіреті тарихи шындықтан бұрыс кетпейді.

“Өмірінде бір шалқып қуанып көрмеген әкемді көкірегіндегі бүкіл шер-шеменімен құлан таза айықтырып жіберетіндей бір қуантсам деген арман менің де көңілімнен кетпейтін. “Алдағы жазда”, “алдағы күзде”, “алдағы жылмен” мінекей, енді өмірдің санаулы сәтінің үстінде отырмыз. Өміріңде не ата-анаға, не дос-жаранға көңілдегі жақсылығыңды жасай алмай, бүкіл уақытыңды өткізіп алу қандай өкініш.

Өмірдің мағынасын ылғи алыстан іздейміз. Әлдебір ұлы оқиғаны, ұлы әрекетті алыстан бастағымыз келеді. Дәл жанымыздағы негізгі мақсатқа уақытымыз жоқ. Оған алдағы жаз, алдағы күз немесе алдағы жыл бар” (12,21) деп тебіренетін кейіпкермен бірге сіздің де көзіңізге жас үйіріледі. Әлдеқайда бір ұмыт қалған сағыныш пен мұң сезіміңізге әсер етіп, өзегіңізді өкініш өртейді. Жанында отырып әкесіне қатысты өткен күндерін есіне алып, ұят пен өкініштен азап шеккен, тіпті мойнындағы парызын өтемек түгілі, әкесіне қиянат жасағандай сезінетін:

“Құдай-ау, айдаладағы біреудің де жақсылығына жақсылықпен жауап қайтарасың, ал өзіңді дүниеге әкелген, сен үшін отқа да, суға да түскен әкеңе ешқандай жақсылық жасай алмау не деген қылмыс!” (12,56) деген Сайлаудың рухани күйзелісі нанымды беріледі.

Негізінен алғанда Төленнің бас қаһарманы жаман адам емес. Өзіндік алға қойған мақсаты, сол мақсатқа жетуге деген табандылығы да жоқ емес. Ата-салты мен әдет-ғұрып нормаларын да жақсы біледі. Ғылым кандидаты деген атағы тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, жан-жақты білім алған интеллигенция өкілі. Ендеше, жазушы жүрегін жаралаған жайттар не, Сайлау сияқтылардың ой көзімен қай қиянды шолып, нені айтқысы келді? Мүмкін Т.Манның “Барлық трагедия атаулының түп-төркіні немқұрайдылықтан басталады” деген қағидасын мегзеді ме екен.

Жалпы, 60-70-ші жылдардағы әдеби процесте қаламгерлердің ізденістері көбіне ой айту, концепция түюдің түрлі формаларын табуға әкелді. Күре тамыр конфликт тереңдеп адамның жан дүниесіндегі арпалыс сырына үңілу белең алғаны белгілі. Осы тұрғыдан келгенде, біздің ойымызша, бұл мәселенің қойылуында бірнеше себептер бар.

Біріншіден, бұл жазушының ұлт тағдырына немқұрайды қарай алмайтынын танытса, соған орай жоғарыда өзіміз сөз еткен “Қонақтардағы” Сапабек сияқты өз қағынан жерініп, өзгенің жасығын өз алтынынан артық көрген рухани азғындауға түскен шала қазақтарға ой айту жатыр. Әке әңгімесін сарабдал ой – санасынан өткізген Сайлаудың өз өмір жолына, тіпті өз ішіне үңіле отырып жасаған топшылауларын кейінгі толқын жастарға үлгі етеді. Өз топырағының қасиетін сезінбейтін, ата-бабасының салт-дәстүрлері мен ұлттың рухани құндылықтарын аяқ-асты еткен ондайлар өзге елдің әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін меңгеріп қай ұшпаққа жетпек.

Екіншіден, әке әңгімесі арқылы берілетін өмір белестерінде қаншама тарихи оқиғалардың ізі жатыр. Әдебиетімізде кешеге дейін жасампаз қаһарманның жарқын бейнесін жасаймыз деп жалаулатқан, қан-сөлі жоқ жартыкеш геройларға, тіпті, бір-бірінен айнымайтын жадағай жасанды оқиғаларды баяндайтын (суреттейтін емес) кітаптарға құдайдай сеніп, имандай ұйымадық па. Ал, қазақтың талайлы тағдырының шын мәніндегі кескін-келбетін таныту тек талантты жазушының ғана маңдайына бұйыратын бақ. Ендеше, сол өмірлік шындықты өнерлік мұрат деңгейіне көтеру Төлен Әбдікұлының басты мақсатына айналған екен. Осы орайда белгілі ғалым С.Қирабаевтың мына бір пікірін де келтіре кетсек артық болмайтын сияқты.

Ғалым: “Т.Әбдіков “Әке” повесінде біздің қоғамымыздың өсу, есею жолының қиыншылықтарын жеке адам тағдырлары арқылы көрсеткен. Жармағанбеттің бес баласының төртеуі Азамат соғысынан бастап, жаңа қоғам үшін күрестің әр дәуірінде белсенді көрініп барып, мерт болып отырады. Бұл – күрес қиыншылығын тағдыр тартысы арқылы бейнелеуге, күрестің философиялық маңызы мен сырын суреттеуге ұмтылудан туған үлгі. Шегініспен берілетін әке әңгімесі арқылы автор сол дәуірлер шындығын, адамдар еңбегін еске түсіреді. Повесте балажан әке-шеше мінезі де тәп-тәуір суреттеледі. Шығарма оқушыларына әке-шеше қарызы туралы ой да салады” дейді (16,78).

Оқиға желісіне қайта оралсақ. Жазушы үлкен ауқымдағы оқиғаларды әсірелеп, әспеттемей-ақ бір сарынмен тігісін жатқызып бере білген. Шындығында бұл шығрмадағы әрбір оқиға бір-бір тақырып, бірнеше повестің сюжетіне жүк болғандай. Алайда жазушы болған оқиғаның бүге-шүгесіне дейін қазбалап жатпайды. Сөзін шығындап ұзақ сонар баяндауларға да бармайды. Ұрымтал да, ұтқыр детальдармен нағыз өмірдің өзіндік өрнегін салады. Кейіпкерлері де соншалық көп емес. Қайсы бір кейіпкердің жан дүниесіне, тіпті анда-санда бір көрінер образдардың характерлеріне дейін өз бітім-болмысымен ерекшеленіп тұр. Жазушының оқиға желісін баяндауда ретроспекция (шегініс) әдісін шебер пайдаланғанын көреміз. Әрине, бұл әдістің көп жәйттардың бетін ашуға, өткен өмір белестерінің жиынтық образын көз алдыңа келтіріп, сол арқылы жаңаша бір ой түюге септігі аз емес.

Осы бір тәсілдің өзі жазушының көркемдік стилі деп аталатын қасиеттерді анықтайтын көп компонентердің біріне айналғандай. Төленнің бұл тәсілге машықтанып алғаны сондай, тіпті оны жиі, әрі сәтімен пайдаланатыны байқалады.

Белгілі ғалым Т.Есенбеков “Оқиға барысында өткенге қайта оралудың қажеті болады. Оны әдебиеттануда ретроспекция (шегініс) деп атайды. Ол авторлық баяндауды үнемді және шымыр ете алады, сол себепті творчестволық ізденісте жиі қолданылады (оқиғаның тарихы, кейіпкерлер естелігі, түсі, ойлары, автордың өткен оқиғаларға оралуы).

Ретордация (бәсеңдету) – көркем уақыттың ағымын баяулату. Табиғатты тамсана суреттеу, кейіпкер ойы мен қиялының шартараптарын кезіп өту уақытты тоқтата тұру үшін пайдаланылады” дейді (17,61).

Ендеше, осы екі тәсілді де Т.Әбдікұлының повестерінде шығарманың сюжеттік желісін ширатар компоненттердің бірі ретінде шебер пайдаланатынын байқау қиын емес. Бұл әдіс-тәсілдің тағы бір мысалы ретінде жазушының “Оралу” атты повесін атауға болады. Шығарманың осылай аталуының өзінде үлкен астар жатыр. Балалық бал дәуренін сағынып, есіне алмайтын адам жоқ та шығар. Ерекше бір мұңлы-сағынышпен, құштарлықпен есіңе алатын осы бір балалықтың базарында біздің ес-біліп, етек жапқан, қыз-жігіт атанып ғашық болған сезімдеріміздің іздері сайрап жатыр. Таза сәбилік дақ түспеген ар-ұждан, өмірге деген іңкәрлік, басқа да адамдық ізгі қасиеттер балалық бал дәуреннің үлесінде. Ал, қулық-сұмдық, өтірік айту, аярлық сияқты жағымсыз қасиеттер жүре-келе, қоғамдық ортаның әсерімен пайда болатын мінездер. Оған отбасылық өмірдің таусылып бітпейтін күйбең тірлігінің қосар үлесі де аз емес екен. Ендеше таза адами пендешіліктерін ой көзінен өткізіп, өмірінің соншалықты мән-мағынасыз өтіп келе жатқанына енді ғана көзі жеткендей болған Әбдікерімнің психологиялық жан толқыныстары сізді де енжар қалдырмайды. Шығарманы оқи отырып, іле-шала сізді де бұл өмірде не бітіріп, не қойдым деген сауалдың мазалайтыны анық.

Ендеше: “Кей түндері әйеліміз екеуміз төсекте жатып, ұзақ сырласатынбыз. Мен оның құлағына бунақ-бунақ мұңды дауыспен жастайымнан жетім өскенімді жыр қылып айтатынмын. Ендігі бүкіл ғұмырымды өзгелердің бақытына, елімнің даңқына арнайтынымды, керек десең, бұл үшін қара басымның бақытын да құрбан ете алатынымды айтатынмын. “Мен сені өзгелердей рахатқа бөлеп, қызық көрсете алмауым да мүмкін,- дейтінмін оған.- Өйткені менің барлық күнім мен түнім тек еңбекпен, запты ауыр еңбекпен өтуге тиісті. Мен семьямның немесе бір басымның қамын ешқашан ойламаймын. Ал сен мені шын сүйсең, осының бәріне шыдайсың”,- дейтінмін. Әйелім маған ол кезде керемет сенуші еді. Қараңғы түнде менің мойнымнан құшақтап, бәріне де ризамын, бәріне де даярмын дегендей үнсіз жылап алатын” (6,95), деп ағынан жарылған Әбдікерімнің ақ-еділ, адал көңіліне амалсыз иланасыз. Әрине, одан Қозы, әйелінен Баян шықпады. Оның себебі кейіпкердің өзі айтқандай тек әйелінің дүние құмарлығында ғана жатыр ма ? Міне, бұл сауалдың жауабын жазушы әдейі оқырман үлесіне қалдырған.

Ендігі бір ескерте кетер жәйт, Т.Әбдікұлының көптеген шығармаларының соңғы нүктесі қойылмаған. Көркемдіктің кілті ретінде соңғы сөзді әдейі оқырманның еншісіне қалдыру Т.Әбдікұлының шеберлік қырларының бірі десе болғандай. Мәселен, біз сөз етіп отырған “Оралу”, алдағы талданатын “Қыз Бәтіш пен Ерсейіт” әңгімелерінің финалдары аяқталмай, ашық қалады.

“Бұл күндері нақ осы көркемдік әдіс осы жанрдың құрылымдық принципіне айналып үлгерді, шешілмей қалған драмалық түйіндер қазіргі замандық қазақ повестері пішінінің негізгі бір басты көркемдік қасиеті болып табылатын болды. Мұндай финалдар оқырмандарына үлкен сенім артады, оларды өздерімен бірге ойланып-толғануға, белсенді шығармашылық өмір сүруге шақырады” (2,16), деген ғалым пікіріне ден қойсақ кейіпкердің:

“Бүкіл ақыл-ойыңды, ерік-қабілетіңді, рақат-қызығыңды өзіңді қоршаған қауым ырқы билеп кеткен шағыңда сенің еншіңе бір ғана зат – жүрегіңде бақилыққа ұйып қалаған жастық сүйіспеншілік қана қалады. Сен оны қанша жыл қатыгездікпен ұмытсаң да, өзіңді одан да гөрі маңыздырақ, мәндірек бір іске лайықтымын деп тапсаң да, басқа жерден байыз таппай, өз ошағына қайта оралған бейбақтай түбі бір оралатының хақ;бірақ ол қай кезде болады, мақсатыңа жете алмай шаршаған кезіңде ме, санаң марқайып, ақиқаттың не екеніне көзің жеткен кезде ме, әлде тіпті өлер шағыңда ма, оны кім білсін... ” (6,106), деген психо-философиялық ой толғамдары шынында да сізді, бір сәт сол кейіпкермен бірге толғануға мәжбүр етеді.

Қазіргі қазақ прозасындағы психлогизм мәселелерін терең зерттеп жүрген көрнекті ғалым, ф.ғ.д. Б.Майтанов:

“Қазіргі қазақ әдебиетінде, әсіресе лирикалық прозада кездесетін бір мәнді белгі – қаһарманның туған жер, ұшқан ұя туралы аса ықыласты көңіл-күйін бейнелеу, сюжеттік жүйеде кейіпкердің елге келу эпизодтары мен ой әлеміндегі бұрынғы көріністердің қабаттас орналасуы, кешегі күн мен бүгінгі таңның салыстырмалы сипат алуы. Бұл сәтті адамның рухани өміріне бастау-бұлақ болған әлеуметтік-ұждандық өлшемдерге қайта үңілуі, қазіргі жағдайына байырғы уақыттардың моральдық-этикалық нормаларымен баға беруі, болашақ адамгершілік ізденістеріне күнәсіз балалық шақтағы жарқын мұраттар сәулесінен нұр алуы десе де болады. Кейіпкер іштей ар, парыз, мақсат талқысына түседі. Содан тазарып, алдағы күндердегі тіршілік күресіне жаңа қуат, соны ынтамен аттанады” дей келіп, “Балалық шақтан санада жатталған таныс ауыл көріністері “Оралуда” кейіпкер жан әлемінің қабылдауы арқылы тіршілік қамы үстіндегі қарбаластарымен, күнделікті дағды-машығымен баяулық пен біршама баяндылық танытатын типтік детальдар ретінде бейнеленеді. Белгісіз сағыныш, мұң мұнарымен оранған жігіт сезіміндегі психологиялық дәлдік, кейіпкердің өзіне-өзі сұрау қойып, жауап алатын сыршыл табиғатына тән биязы үнмен жарасымды бірлік табады” (18,136-137) деп шығарма сюжеті мен кейіпкер характерін психологиялық тұрғыдан талдауға жасаған көркемдік ізденістеріне терең үңіледі.

Жазушының аталған шығармасымен бір ыңғайдағы туындылардың қатарында С.Мұратбековтың “Басында Үшқараның”, Қ.Ысқақовтың “Ананың ақ сүті”, Ә.Сараевтың “Тырналар жоғары ұшқан жыл” т.б. атты әңгіме, повестерін атауға болады.

Осылардың ішінде Төленнің жоғарыда аталған шығармасымен өзектес, көтерген мәселелері жағынан ұқсас шығарманың бірі деп Қ.Ысқақовтың “Ананың ақ сүті” әңгімесін атауға болады. Екі шығармадағы бас кейіпкерлердің жетімдік тағдырлары, таңдаған мамандықтары да (журналист) ортақ. Екеуінде де лирикалық қаһарманның жан тебіреністері сюжеттік желіге арқау болады. Алайда, Асқарға қарағанда Т.Әбдікұлының кейіпкері Әбдікерім ой-толқыныстары арқылы туған жер келбеті, соғыс тақсіреті, адал махаббат күйлері кеңірек көлемде суреттеледі.

Соғыс дегеннен шығады, жазушының осы қасіретті жылдардың көріністерін суреттейтін желілері С.Мұратбековтың “Жабайы алма” Д.Исабековтың “Біз соғысты көрген жоқпыз”, О.Бөкейдің “Бәрі де майдан” атты повестерін еріксіз еске түсіреді. Аталған шығармаларды салыстыра қарағанда көп ұқсас жайттарды байқауға болады. Әрине, бұл Т.Әбдікұлы олардан көшірген, немесе көркемдік деңгейі жоғарыда аталған туындылардан төмен деген сөз емес. Алайда, аталған авторларда суреттелген соғыс жылдарындағы ауыл өмірі дәл сол болып жатқан уақыттағы өзі куә болған кейіпкерлер (Сайын мен Дулат екеуінде де бала көзімен) көзқарастары арқылы беріліп жатса, Т.Әбдікұлының кейіпкері кейін ес біліп, етек жапқаннан кейінгі жылдары, яғни Әбдікерімнің өткен өмір жолына ой көзімен шолу жасауы арқылы беріледі.

Т.Әбдікұлының суреткерлік стилін, іргелі ізденістерін танытар, көркемдік сапасы кемел туындысы “Қыз Бәтіш пен Ерсейіт” повесі. Аталған повестің желісі бойынша “Өтелмеген парыз” атты көркем суретті фильм де түсірілді. Шығарманың мазмұны Ә.Кекілбайұлының сөзімен айтқанда; “Арзымсыз заманға еріп, ақ ниетті әке мен ақ пейіл аруларға опық жегізген опасыз ұл” (10) қақында.

Қазақ ұғымында қара шаңырақтың, сол қара шаңыраққа ие боп қалар қара баланың орны ерекше. Егер ол бір атадан қалған жалғыз болса, онда оған деген ынта-ықылас, сүйіспеншілік тіптен бөлек. Олай болса, сол баланың мезгілсіз қазасы қай шаңыраққа да оңай тиген емес. Осы тұрғыдан келгенде, жалғыз жарығынан айрылған Қожабек қарияның қайғысы тым ауыр. Мұны түсінуге болады. Ал, сол қайғының үстіне бақилыққа аттанған ұлдың фәни жалғандағы жасаған қиянаты қосылса, бұған кімді кінәлауға болады. Жалғыз ұлынан айрылып шер көкірек болған шерменде шалды ма, жоқ әлде бұл жалғанның барша қызығын ойнап-күлу деп білетін, көк етектіні көлденең жібермейтін, сол тірлігіне арланудың орнына оны өзінше серілік көріп, талай арудың көз жасына қалған Болатты ма? Мүмкін, мұндай сорақылықтың түп-төркінін кешегі кемелденген социализм қоғамынан іздеген дұрыс па? Олай десек бұл құбылыс қазір қандай деңгейде, бұл сырқаттан айығып біттік пе өзі ?

Міне сізге проблема.

Шығарманың сюжеті өте шымыр құрылған. Махаббат атты мәңгілік тақырыпты “Қыз Бәтіш пен Ерсейіт” деп атап, екі жастың адал да, ақ махаббатына құрылған аңыздық желіні символ ретінде алуы шығарманың маңызын артыра түскен. Аңыздық желілерді шығарма сюжетінің негізгі қозғаушы күші ретінде орнымен пайдалану қазақ прозасында бұрыннан-ақ бар тәсіл. Бұл орайда сонау М.Әуезов, Ш.Айтматов шығармаларында пайдаланылған аңыздық желілерді жіпке тізбей-ақ, кейінгі толқын Ә.Кекілбайұлының “Аңыздың ақыры”, О.Бөкейдің “Қар қызы” сияқты роман-повестерін атасақ та жетер. Оқиға желісінің салған жерден Болаттың жұмбақтау өлімінен басталуында да үлкен философиялық астар жатыр. Әрине адал да, ақ өлім бұйырмаған опасыз ұлдың мезгілсіз опат болуының сыры кейіндеу, әке монологында ашылғандай да көрінеді. Ендеше Т.Әбдікұлының жүрегін жарып шыққан осы бір өмірлік шындық, Қожабек қарияның аузынан өзегіңді өртер ащы запыран боп төгіледі.

“ - Жарығым-ау, - деді даусы тарғылданып.- Жатырмысың, жарық дүниеге келгенде көрген жалғызым-ау.Таянышым-ау!..

Қожекеңнің көңіліне жиналған әлдебір реніш запырандай жүрегін қыжылдатып, соның бәрін ақтарып, әлдекімге шағынғысы келді. Есіне қайтыс болған белгісіз немересі мен сол немеренің анасы, жарым көңіл Сәуле түскенде ащы уайым өзегін өртеді.

- Мұ не қылғаның, жарығым-ау.Бәрі қолыңнан келгенде қиянат қылмау қолыңнан келмегені ме, жарығым-ау. Құдайдан көрген зәбір тірліктің заңы шығар, адамнан көрген зәбір қымбат, жарығым-ау. Соны неге түсінбедің.

- Қожекең сақалына сорғалаған жасын сезбей, құлпытасты сипай берді. - Қалайша түсінбедің құлыным-ау! Хайуанның да обалы жібермейді деуші еді, адам обалы қайтіп жіберсін...- Қожекең көріскен адамдай құлпытасты құшақтап алды. - Құлыным-ау,- деді кемсеңдеп,- қара тырнағыңнан садаға кетейін, құлыным-ау... ” (12,191-192).

Иә, көрік десең көркі, білім десең білімі бар, ел сыйлаған азамат. Бір сөзбен айтқанда бәрі де бар. Сонда не жетпейді ? Бұл Қожекеңнің миы жететін, анығы миына кіретін дүние емес. Бірақ, бір түйгені бұл дүниеде ешкім де, ештеңені де өзімен бірге ала кетпейді. Жақсылық істесең де, жаманшылық істесең де - бәрі тек осы дүниеде қалады екен. Біреулер соның не азабын тартады, не рақатын көреді. Ендеше Қожекеңнің тартар азабы әлі алда екен.

Олай болса, ойлан ағайын, кейін бәрі кеш боп жүрмесін деген авторлық түйін осыны меңзейді. Онда да жалаң да жадағай уағыз айтып, желбауыз сөзбен желіктірмейді де. Тек болған, ситуацияға орай өрілген оқиғалардың ізін салады. Кейіпкерлері де шығарма сюжетіне орай табиғи қалыптарында ұлттық нақышпен дараланады. Мысалы:

“Тышқанбай келе чемоданға жармасып:

- Мен сізді ана жүк беріп жатқан жерден іздеп жүрсем... - деп құрақ ұшып жүр.

- Әликісәлем, - деді әлден соң Қожекең есін жиып.

Тышқанбай да баяғы бала кезіндегі қаңғалақ мінезінен өзгермеген екен.

- Самолеттен қашан түстіңіз?- дейді апалақтап. - Ә, иә, айтпақшы осы екен ғой ...е, тәйірі...менде не ес бар, - деп кеңкілдеп, өзінен-өзі мәз болады.

- О, хұдауанда, аумаған әкесі, - деді Қожекең күбірлеп.

- Марқұм үнемі үстіп дабырлап жүруші еді”

Немесе;

“ - Айналайын, мен ішпеймін ғой, қайтесің соны, - деді Қожекең.



Тышқанбай оған көңіл аудармай, әлденеге асып-сасып, бөтелкенің тығынын тартып қалғанда қаңылтыр тығын қолын кесіп кетті.

  • Ойбай, Гуля, марля, - деді саусағын ұстай алып.

Қожекең Тышқанбайдың жаңғалақтығына қарап, оның әкесін есіне алып отыр. Жарықтық ұшып-қонып, көрінген жерде көзін шығарып ала жаздап, жайдақ шанадан аударылып, жүз адам сау жүргенде ортасында жалғыз өзі аттан құлап, ыңғай бірдеңеге ұрынып жүретін. Бірақ кісіге арамдығы жоқ, ақкөңіл еді” (12,176-178) деп есіне алатын жаңғалақ әке мен Тышқанбай характерлері қандай табиғи, жарасымды берілген. Тіпті осындағы “жарықтық” деген бір ауыз сөздің өзінде қаншама мағына, тек қазаққа ғана тән ұлттық бояу жатқан жоқ па.

Біз шығарма кейіпкерлерін түгелдеп шыққалы отырғамыз жоқ. Бірақ реті келгенде мына бір мәселенің де басын аша кетуді жөн көрдік.

Мәселен, 1970-1980 жылдардың көркем әдебиет сынында шығарманың басты геройлары кімдер болғаны дұрыс деген мәселелер жан-жақты сөз болды. Әрине ғалымдар мен сыншыларымыздың бұл тұрғыдағы пікір, ұстанымдары бірыңғай бола қойған жоқ. Десек те олардың көпшілігі елдің негізгі авангардтық саяси күші – коммунистер мен комсомол мүшелері болғаны жөн, өйткені біздің қоғамымыздың ең озық моральдық, адамгершілік сипаттары осы топтарына жататын адамдардың бойынан молынан ұшырасады деген партиялық нұсқаулардың ыңғайына қарай жығылды.

Алайда нақ сол қоғамда өмір сүріп, сол қоғамда тәрбиеленген жазушыларымыздың бәрі бірдей дәл осы қағидаларды ұстанған жоқ. Ендеше Т.Әбдікұлын осы азғана топ суреткерлердің қатарында атап өткен ләзім. Олар өз шығармаларының басты кейіпкерлерін негізінен қара халықтың қарапайым өкілдерінің арасынан тапты. Мәселен, М.Мағауинннің Айгүлі (“Қара қыз”), Қазысы мен Омары (“Тазының өлімі”), С.Мұратбековтың Аяны мен Садығы, Есікбайы мен Бапай шалы (“Жусан иісі”), Ә.Кекілбайұлының Еңсебі (“Шыңырау”) мен Қара кемпірі (“Құс қанаты”), Д.Исабековтың Киеваны мен Қыжымкүлі (“Тіршілік”), Т.Әбдікұлының Сейсені мен Сайлауы (“Әке”), жоғарыда сөз болып отырған “Қыз Бәтіш пен Ерсейіттегі” Болаты мен Қожабегі, Жарасбайы мен Валясы, Сәулесі мен Гүлсімі т.б. кейіпкерлері советтік қоғамның элитасына жататын жандар емес-ті.

Ал енді жоғарыда аталған авторлар өздерінің жүрек түкпірлерінде жатқан ең қымбат сырларын неге басқаларға емес, осы типтес кейіпкерлерге сеніп тапсырды? деген сауалға С.Асылбекұлы былайша жауап береді.

“Біріншіден, өздері де күні кеше қоғамның ең төменгі әлеуметтік иерархиясынан, жетім-жесір ортадан шыққан бұл авторлар осы жандардың көзіндегі мұң мен үмітті қаршадайынан оқып өсті. Сондықтан да олардың күнделікті қам-қарекетін, әлеуметтік, психологиялық жай-күйін бес саусақтарындай жете білді, екіншіден, олар көркем әдебиет қара халықтың мұң-мұқтажын жоқтаушы, сондықтан да сол мұң-мұқтажды халықтың қалың ортасында жүрген қарапайым қоғам мүшелерінен артық ешкім білмейді деп түсінді. Коммунистік, комсомолдық элитаның бірте-бірте халықтық мүдделерден алшақтап бара жатқан сол кездің өзінде олардың суреткерлік түйсіктері жақсы аңғара білді” (2,22).

Ғалымның пікіріне сүйене отырып ой қозғасақ, көркем әдебиетті халық өміріне жақындата түсу ниеті олардың тек ауыл өмірін суреттейтін шығармаларында ғана кездеспейді екен. Мысалы, әйгілі хандар мен ханшалар, мәртебелі сұлтандар өмірінен, яғни тарихи тақырыпта жазылған шығармаларынан да айқын аңғарылады. Мысалы, Ә.Кекілбайұлының “Аңыздың ақырындағы” Ақсақ Темірі мен “Ханшадария хиқаясындағы” Шыңғыс ханы, Қ.Мұқанбетқалиевтың “Ежелгі дұшпанындағы” Баймағанбет сұлтанын атауға болады.

Ал Т.Әбдікұлының тарихи тақырыпта жазылған шығармасынан “Өліара” романын атауға болады. Әзірге жазушының роман жанрындағы жалғыз шығармасы болғандықтан, әрі зерттеу жұмысымыздың жоспарына кірмегендіктен романға тоқталып жатпаймыз. Бірақ бұл шығарма сапасының төмендігінен емес. Әзірге біреу дегенімізбен бірегей туынды екенін дәлелдеп жатуды артық көріп отырмыз.

Жоғарыда біз сөз еткен мәселеге қайта оралсақ. Кейіпкер жан-дүниесіне психологиялық тұрғыдан үңілу, образ психикасындағы әлем-тапырақ арпалыстар мен жан толқыныстары әсіресе Т.Әбдікұлының шетел тақырыбында жазылған “Ақиқат”, “Тозақ оттары жымыңдайды” атты шығармаларында тереңдеп, жан-жақты ашылды.

Шығарманы талдамас бұрын, “Суреткер дүниетанымының үлкен бір ерекшелігі - образбен ойлау. Бірақ ойлау үшін белгілі материал қажет” (19,54) деген ғалым пікіріне ден қойсақ. Шынында да суреткер өз туындыларына материалды шет ел тақырыбының дерек көздерін қайдан алды ? деген заңды сұрақ туады.

С.Асылбекұлы “Егер ауыл мен қала, тарих тақырыптарына арналған шығармалар 1970-1980 жылдардағы қазақ повестерінде молынан ұшырасатын болса, бұл жанрдың шетел өміріне арналған үлгілері тек Т.Әбдіковтың шығармашылық өмірбаянынан ғана табылады. Бұның басты себебі осы тақырыпқа қалам тартудың қиындығында жатса керек” (2,18) дей келіп, темір шымылдық саясатын ұстанған советтік тоталитарлық жүйеде өмір сүріп отырған қазақ жазушылары үшін басқа алыс-жақын шет елдердің қақпасы жабық болғанын, Э.Хеменгуэй, Г.Маркес сияқты суреткерлердің әлемді еркін аралауы олардың өңі түгіл түсіне кірмегенін айтады. Ендеше Т.Әбдікұлы өзінің бізге бейтаныс елдердің өмірінен жазған повестеріне шығармашылық шабыт көзі мен материалды қайдан алды деген сауалға: “Біздіңше прозашы Т.Әбдіков бұл соқпаққа сол кездері орыс, ішінәра қазақ тілдерінде жарық көрген шетелдік беллитристикалық әдебиеттер мен тарихи кітаптарды зерделеп оқу мен тоқу және сол шығармалардағы қоғамдық-әлеуметтік шындықтарды бойына шым-шымдап сіңіру арқылы келді” дейді (19,19).

Белгілі ғалым ф.ғ.д. Б.Майтанов “Т.Әбдікұлының “Ақиқат” повесіндегі психологиялық талдау принциптерін Ә.Кекілбайұлының “Аңыздың ақыры” романымен салыстырады.

“Жазушы жаңа шығармасында қазіргі дәуірде моральдық-рухани нормаларды аяққа салған капиталистік системадағы жеке адамның трагедиялық халін нанымды сюжет пен ішкі әлемдегі тартыс сарындарын суреттеу нәтижесінде күрделі тағдыр көріністерін жасау арқылы көрсетеді.

Повесть кейіпкері ерекше дарын – телепаттық қасиетке ие Роберт өз кәсіп-тіршілігінен жеру сезімі адам талантының дұрыс бағыт таппауынан деген ұғымнан бүкіл әлеуметтік өмірдегі қыруар әділетсіздіктерге көз жеткізу дәрежесіне дейін өседі. Қаһарман санасындағы күрт өзгерістің дүниетанымдық жаңалыққа ұласуы, осы құбылыс ақиқатқа, ал ақиқат ащы трагедияға айналғанын автор нанымды бейнелейді. Роберт өлімі ақиқатты тану үстіндегі белгілі бір сенім, көзқарастың жеңілісі ретінде түсіндіріледі. Шығарманың композициялық жинақылығына сай идеялық айқындықпен қаһарман жан-дүниесін ашудағы негізгі тәсілі – Роберт ойлары мен тебіреністерін оқиғалық желімен ұштастыру болған. Жоғарыдағы Алмас хан сияқты Роверт те: “...бүкіл дүниені күштілер басқарады. Оларға не істейміз десе де рұқсат. Ендеше бүкіл әділетсіздік атаулының қайнар бұлағы дәл осы күштілердің зорлығы емес пе?”- деген тұжырымға ден қояды. Бұл тұста айырмашылық мол. Бірі – билік басындағы әмірші, бірі – қабілет-дарынына қарамастан қарапайым көптің қатарындағы пенде. Ұлты да, ортасы да, заманы да бөлек қаһармандар уақытпен шектелмей, мезгіл заңына бағынбайтын, әрқашан толық сырын жария қылудан қашатын абсолютті ақиқат туралы толғанатын сияқты” (18,100).

Ал Г.Пірәлиева “Ақиқат” повесін Т.Әбдікұлының үздік шығармаларының бірі ретінде атап өтеді. Алайда туындының жанрлық анықтамасына, яғни повеске фантастика деп айдар тағылуы көңілге күдік тудыратынын айтады. “Себебі, көріпкелдік қасиеті бар телепат Роберттің кез-келген адамның ішкі сырын, өзге түгілі өзіне де айта алмайтын арамза пиғылдарын және қай жерде қандай қылмыстық әрекеттер жасалып, олар кімнің қанды қолымен жүзеге асырылып жатқандығын үйде отырып-ақ болжап білуі фантастикаға жата ма ? дей (5,77) келіп, оның солай аталуы тек жамылғы ғана екенін, ал шын мәнінде өмірдің нақ өзінен ойып алған шындық еді дейді. Шындығында адамдардың бәрі бірдей тең праволы деген тек сөз жүзіндегі принциптерге негізделген қоғамда коммунистік идеяларға жат пиғылдағы адамдарға (кейіпкерлерге) орын жоғы, тіпті болмайтыны да бесенеден белгілі болатын.

Ендеше Т.Әбдікұлының құрдасы, әрі әріптес досы, жазушы Қуанышбай Құрманғалиевтың мына бір пікірі өте орынды айтылған.

“Жазушының араку тайпасынан шыққан “медицинаға” тұтас бір дәуір әкелген данышпан доктор Эдуард Бейкер мен әйгілі көріпкел, жындыханада жатып, ғылыми тәжірибе жасауға зорлықпен белгіленген Роберт сияқты шетелдік кейіпкерлердің шығарма желісіне арқау болуы бекер ме ? Өз ортамыздан лайықты оқиға, сюжет таппаған соң алынған деуге ауыз бармайды. Бұл екі повесть біздің елде өмір шындығының өңін айналдырып, социалистік реализм қалпына салып қана жазудан қашқақтаудан туған туындылар. Жазушының ақиқатты айту үшін тапқан тәсілі. Бұл повестердегі оқиға өз елімізде – қазақ жерінде болды десе жарық көруі мүмкін болмайтын. “Капиталистік дүниені әшкерелеуге арналған” деген желеумен елеусіз шығып кеткен бұл туындылар тура шындықты - өз ортамыздағы шындықты айтуға арналғандығын енді ашық айтуымызға болар”(20).

Характер мәселесіне келетін болсақ, “Шеберлікпен шыңдалған шындықтың шырайы шығармада Роберттің қанша шырылдаса да ешкімнің көзін жеткізе алмауынан, өзінің тоқтаусыз ағытылған ой тасқынынан, кейіпкер санасындағы, оның жан-дүниесіндегі үздіксіз жүріп жатқан ойлау сезімі арқылы енеді.

Қаламгер мұнда кейіпкер бейнесін саналы ойдың тасқынын санасыздық, ессіздік ағынына айналдыру арқылы аша түседі” (5,77). Ендеше кейіпкер психологиясын ашудағы автордың мына бір көркемдік детальдарына кезек берсек. Мәселен;

“- Тарихта қалуда ешқандай мән жоқ, - деді Роберт бөтелкеге әлдеқалай үрейлене қарап. - Өйткені тарихта ең қажетсіз заттар дәріптеледі... - Кенет: - Құндыз... - деді ол бас-аяғы белгісіз.

Профессор Робертке шошына қарады.

- Құндыздың даңқын шығарған оның түгі болғанмен, - деді Роберт әлі де бөтелкеден көзін алмай, - сол түктер құндыздың өзі үшін қымбат зат емес. Ол тіпті өзіне аса мәнді болып есептелмейтін заттың қалайша даңқын шығарып жүргеніне таң қалған болар еді. Тарих та сол.

- Тіпті қайдағы бір, - деді сөзін жалғап, - мағынасыз, жаңсақ мақсаттармен салынған әуре пирамидалар тарихта қалды, ал ең маңызды зат – осыны салған адамдардың ауыр азабы, қайғы-қасіреті, көз жасы қалмайды... Тарихшылар тарихи оқиғаларға адамдық қасиет, әділет тұрғысынан келудің орнына оқиғаның сыртқы нәтижесі мен хронологиялық есебін шығарудан басқаны білмейді” деген Роверт топшылауларын немесе оның жындыханадағы серіктесі священникпен болған диалогына назар салыңыз.

“Роберт қарсы дау күтіп, үндемей қалды. Бірақ свяшенник жұмған аузын ашпай әлі отыр.

- Адамдарды сүйіп те бақыт таба алмайсыз,- деді Роберт әлден уақытта. Өйткені бір адамды шын сүйсеңіз, өз қайғыңның үстіне әлгі адамның бүкіл азабы келіп қосылады. Өйткені оның басына түскен қиыншылықты бөліспей тұра алмайсыз. Үш адамды сүйсеңіз, үш адамның азабы, ал жүз, одан да көп адамды сүйсеңіз, тіпті бүкіл адамзатты сүйсеңіз, бүкіл жер бетінің қайғысы бір сенің басыңа келіп орнайды. Ендеше жан-тәнімен сүю қауіпті.

Роберт үндемей қалды.

- Сенім керек, сенім,- деді свяшенник осы кезде әндете сөйлеп. - Ізгілік жеңсін десеңіз, соның бар екеніне сену керек, әйтпесе қиянат жеңуі мүмкін.

- Ізгілік ешқашан да жеңе алмайды! - Роберт тағы да айғайлап тұра келді.

- Кісіге қиянат қылудың мың түрі бар, - Роберт саусақтарын бүгіп, қиянаттың қаншалықты екенін санай бастады. - Алдау, арбау, зорлау, сату, ату, тонау, тағы сондай-сондайлар ...Ал қиянат қылмаудың бір-ақ түрі бар.- Роберт бір-ақ саусағын бүкті. – Ол - тек қиянат қылмау. Ендеше ізгілік жолы жіңішке, ізгілік әлсіз....”(6,125-130).

Ендеше жоғарыда өзіміз мысалға келтірген үзінділерден нені байқаймыз. Ф.ғ.д. ғалым Г.Пірәлиева: “Кейіпкердің ішкі ойы осылай арнасынан асып-төгіліп жатады, әлгінде өзі айтқандай өзінің өміріне, мына тіршілікке қанағаттанбай арпалысады, жан азабына түседі. Ал әдеби шығармада қолданылатын “қанағатсыздық” сөзі, ұғымы монолог түрінде беріліп, кейіпкердің ішкі ойлау, толғау процесін тудыратын көркемдік компонент. Адамзатты не тіршілікте, не шығармашылықта тыныштық бермей үнемі арпалыс пен азапқа салып қоятын қанағатсыздық сезімі сөз өнерінде, әдебиеттануда да үздіксіз ойлау процесі, оқиғаға жанды қозғалыс, динамика, өмір беретін ең қажетті шеберлік тәсіл десе болады. Сондай-ақ мұнда ағыл-тегіл ой, сезім ағыны құрамында қарастырылатын “сенсорлық” (сезімді) әсер де сәтті қолданылған” (5,78) деп, кейіпкер характерін ашуда сезімдік күйлер мен монолог, ой ағыны сияқты психологиялық әдіс-тәсілдердің сәтімен қолданылғанын атап өтеді.

Ал өз ортасынан тірлігіне таяныш болар ештеңе таппаған Роберт “Ең үлкен бақытсыздық – бақыт атаулының болмайтынын сезіну” - деп бұл өмірден түңілу, күңірену сарынына түседі. Ең соңғы үміті - әйелінің адалдығына қылау түскенін көрген кейіпкер өлімге саналы түрде бас тігеді. Өз ортасына, қоғам өмірінің қайшылықтарына төзбеген Роберт өмірінің соңы міне осылай трагедиямен бітеді. Бас кейіпкер характері жөнінде ф.ғ.д. көрнекті ғалым Б.Майтанов “Роберт характері повесте қаһарманның өз пікірлері арасындағы кереғар диалогтар немесе оның аурухана бас дәрігерімен, “қырынан қарағанда сұп-сұлу” священникпен айтыс-дауы үстіндегі көзқарас, дүниетаным қайшылықтарын көрсету арқылы ашылған” дейді (18,101-102).

Ендігі бір атап өтер жәйт Т.Әбдікұлының шығарма сюжетіне ертегілік сарындарды шебер пайдалана білуі дер едік. Анасының аузынан айтылатын осы бір шығыстық желіге құрылған ертегі шығарма финалының көркемдік шешіміне де кілт ретінде пайдаланылған.

“Содан әлгі адам жолаушыны жер астындағы алтын күмбезді патша сарайына әкеліп кіргізеді де: “Қалаған шарабың мен тамағыңды іш, сұлу кәнизәктармен ойна, серуен құр, барлық есікке кіріп, алтын сарайды тамашала. Тек мынау тұрған бір есікті ғана ашуға болмайды. Оны ашсаң бақытсыз боласың”, - дейді...” (6,122).

“Тірлікке деген үміті сөніп, қажып-талған Роберт өзін-өзі өлтірер алдында бала кезінде анасы айтатын осынау бір ертегіні есіне алады. Сонда, ашуға болмайтын есік ақиқат болғаны ғой. Роберт ол есікті ашысымен қоғам шеңберінен аттап өтті. Әрине, алдамшы, жалған ортада ол жеңілуге тиіс. Сондықтан да кейіпкердің қайғылы қазасы повесте тек психологиялық себептермен емес, әлеуметтік алғышарттармен де дәлелденген. Ал, жоғарыдағы үзіндінің екі дүркін қайталануы шығармаға композициялық тұтастық берумен бірге, идеялық салмақ, көркемдік құрал ретінде де үлкен роль атқарады. Жазушы капиталистік қоғамдағы рухани азғындықты, адамдардың машинаға айналуын, бәрін ақша мен ептілік билейтінін жүйелі логикалық дәлелдер арқылы сенімді әшкерелей білген” (18,102).

Алайда бұл тек капиталистік қоғамның ғана кескін-кейпі ме еді. Роберт сияқты ой азабын кешіп, қоғамның тар шеңбердегі тайқы маңдайына сыймай кеткен жандар біздің қоғамымызда аз ба еді. Жазушы өзге топырақтағы тартыс-талас, бөтен жұрттың стихиясы, бейтаныс характерлер табиғатына бойлай отырып, алынған обьектіні зерттеу нәтижесінде саяси әлеуметтік, психологиялық мәні бар дүниелерге құлаш ұрғандай.

Біздің бұл ойымызды жазушы Қ.Құрманғалиевтің мына бір пікірі тірілткендей: “Көріпкел Роберт тағдыры да күнделікті өмірде кездесетін, ақылдан азап шеккен өз өмірімізде бар адамдар келбеті. Оны да Төлен әдейі өзге елге көшіріп, зегін өртеген ащы шындықтың тұмшалаған шымылдығын ашып, ақиқатты айтуға ұмтылған. Қырағы саясатшыларды осылайша сырт айналып өтіп кетіп, қалың оқырманға ой салған”(20).

Т.Әбдікұлын үлкен эстет, биік интелектуалды суреткер екенін танытатын психо-философиялық туындысы “Тозақ оттары жымыңдайды” атты повесі. Алайда сыншы-ғалымдардың назарынан көп жағдайда тыс қалатындай. Оған себеп, біздің ойымызша Төлен шығармаларын бір идеяға бағындырып, не болмаса бір бағыт, бір стильдің ауқымында талдаудың қиындығынан. Көбнесе біз жазушы творчествосын тек бір салада, мәселен шығарманың идеясы, немесе тақырыптық аясы, болмаса кейіпкердің адамгершілік проблемасы деген сияқты мәселелер төңірегінде ғана сөз етеміз. Кейде жазушы шығармаларындағы психлогизм, лиризм деп автордың кейіпкер бейнесін сомдаудағы, шығарма сюжетін берудегі ізденістері тұрғысынан саралап жатамыз. Әрине, мұның бәрі дұрыс та шығар. Бірақ та жазушы суреттеп отырған өмір шындығы бір ғана тақырыпты қозғап, бір ғана идеяның жетегінде кепек емес. Ендеше Төлен Әбдікұлының біз сөз еткелі отырған “Тозақ оттары жымыңдайды” повесін қай арнада, қай бағыттың ізімен талдаған дұрыс. Алдымен шығарманың өзін қай салаға жатқызамыз. Психологиялық прозаның ба, не болмаса лирикалық прозаның үлгісіне ме? Осы жерде мына бір жәйтті де айта кетсек дейміз.

Белгілі сыншы С.Әшімбаевтың “Ендігі бір ескеретін нәрсе психологиялық талдау мен шығармадағы лиризмді пара-пар деп, бір-біріне балап бағалауға болмайды. Біз көбінде психологиялық лиризм деген терминге үйірсекпіз, шындығында бұл атауда дәлдік жетісе бермейді. Лиризм деген сөз адам жанындағы бір сәттегі көңіл күйді білдірсе керек. Ал, адам жаны қашанда осылай болып тұрмайтындығы белгілі. Психологиялық талдау арқылы адамға тән барша сезімдер ашылады, онда лиризм де, драма да, трагедия да аралас-құралас қамтылады. Шығармадағы лиризм деп оқиғаны, іс-әрекетті, сезім күйін жазушының баяндауы мен суреттеуіндегі стилистикалық нәзіктік, ырғақтылық, эмоциялылық айтылса керек. Яғни лиризм шығарманың техникалық орындалуы мен жазылу жарастығын білдіреді” (21,41), дейді. Шынында да Т.Әбдікұлының біз сөз еткен туындысынан лирикалық нәзіктікті, ырғақтылықты көре аламыз ба? Тақырыптық тұрғыдан жарайды, шетел өмірі делік. Ал, шығарманың идеясы, автордың концепциялық тұғырнамасы тұрғысынан не айта аламыз. Тіпті мұхиттың арғы жағындағы бейтаныс америкалық үндістермен қазақ халқының арасында қандай байланыс бар? Жазушы үндістерді суреттей отырып олардың өмірінен қазаққа тән қандай қасиеттерді көрді ? Міне осы сұрақтарға жауап беріп көрелік.

Ғалым Б.Майтанов “Қазақ прозасында шетел тақырыбына қалам тартып, әлемдік цивилизация, қоғамдық прогресс сипаттарын, ғылыми-техникалық революцияның адам санасына әсерін интелектуалдық биіктен топшылай білетін жазушылардың бірі – Т.Әбдіков творчествосында дүниетаным, білім тереңдігі мен көркемдік шеберлік өрнектері жарасымды бірлік табатынына автордың “Тозақ оттары жымыңдайды” повесі де дәлел еді” десе (18,100), С.Асылбекұлы “Бір кездері өзі де соғыстан кейінгі қазақ ауылының жоқ-жітік тіршілігі мен метрополияның қарамағындағы бодан жұртқа көрсеткен кейбір жосықсыз әлімжіттіктерін көкірегіне түйіп өскен естияр қыр баласы американдық үндістер өмірінің аянышты тағдырлары мен өз жұртының басындағы халдерден біраз ұқсастықтарды көрді. Сондықтан да үндістер өмірінен жазылған шетелдік авторлардың шығармалары оның осы бағыттағы шығармашылық ізденістерінің шоғын қозғап, оны қазақ әдебиеті үшін көтерілмеген тың болып келген жаңа өрістерге қарай жетеледі. Т.Әбдіков сол ізденіс жолында араку тайпасы мен қазақ жұртының арасына абсолюттік теңдік белгісін қоюға болмайтынын ұқса да, олардың тіршілігі мен тағдырларынан шынайы көркем шығармаға азық болардай көптеген параллельдерді тапты” (2,19) дейді.

Қалай болғанда да, Т.Әбдікұлының біз күнде көріп жүрсек те байқай бермейтін шындықты ашатыны анық. Реті келгенде айта кетер мәселе, бүгінде сол америкалық үндістердің бір кездегі түркі тайпаларының шашырып кеткен бір бұтағы екені ғылыми делелденген шындыққа айналып отыр. Мәселен, жақында ғана жарыққа шыққан жаңа басылым “Тіл және қоғам” атты журналда жазушы – журналист Жарылқап Бейсенбайұлының “Амерйка үндістері – түрк халықтарының түп туысы” (22) деген зерттеу мақаласы бұл пікірімізге дәлел болғандай. Зерттеуші үндістер мен қазіргі қазақ тілінің ұқсастықтарына ғылыми делелдер ұсынады. Ғалым пікірінен байқағанымыздай бұл генетикалық ұқсастық ғылымда бүгін ғана сөз болып жүрген жәйт емес екен. Оны зерттеу сонау ХІХ ғасырдың өзінде қолға алына бастаған. Ендеше алла зерделі етіп жаратқан, саналы да сарабдал суреткер Т.Әбдікұлының араку сынды азшылыққа айналған аз тайпаның аянышты тағдырын жаза отырып, қазақ халқының тілінен, дінінен, ата-баба салт-дәстүрлерінен айрылып бара жатқан қасіретін көрсеткені анық.

Т.Әбдікұлының қай шығармасын алмайық, мейлі ол бүгінгі күннің, не болмаса есте жоқ ескі заманның оқиғасын суреттесін тек адами құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді ту етіп көтергенін көреміз. Оның қаламынан туған Роберті, Доктор Бейкері, журналист Палетеллиі жүрегіңізге жатталып, ой-санаңызға мәңгілік орын тебеді. Себебі олар жазушының жүрегін жарып шыққан, онымен ойы бір, дүнитанымы ортақ, пікірлес, ниеттес кейіпкерлер. Жоғарыда өзіміз сөз еткен жазушының жүрек түкпіріндегі ең қымбат қазыналарын сеніп тапсырған кейіпкерлері. Мәселен әлгі журналист Палетеллидің атақты доктор Бейкермен болған диалогына назар аударайық:

“... Соңғы сапардан жинаған материалдарымды жинақтап отырып, мен жақында мынадай бір пікірге келдім. Жалпы болашақ атаулы бәрімізге бірдей және бірдей қажет десек те, жеке адамдардың тілек-мақсаты, мұң-мұқтажы бір-біріне ұқсамайды ғой. Айталық біреу - аш, екіншісі - жалаңаш, үшіншісі - ауру. Аш адамға тамақ керек, жалаңашқа киім, ал ауруға тек дәрі керек. Олардың қажеттерін шатастырып үлестіруге болмайды. Халықтар да сол сияқты... Біреудің мұқтажы біреуге игілік боп жарымайды. Әлгі өзіміз баспа беттерінде цивилизацияны ту етіп, адамзат мүддесі деп даурығып жүргеніміз – үстемдік құрып отырған төрт - бес ұлы халықтың ғана мұқтажы тәрізді.

- Болмаса мемлекеттер өмірінің негізгі жүгінері – экономика емес, мораль болатын кезі жетті емес пе ? Айтыңызшы (6,148).

Немесе,


“ - Мен сол арада тұратын дәрігер жігіттің көмегімен Мату-Гроссу штатындағы бірнеше тайпаның мекенін араладым. Индеецтер отанын қазір “Жасыл тозақ ” деп атайды. Бірақ Амазонканы тозаққа айналдырған улы жыландар мен ауру тарататын масалар емес түпсіз құрдым батпақтар мен ажал көлдері де емес, адам жегіш балықтар мен каймандар да емес. ..кәдімгі цивилизация мен мәдениет апармақ болған “ақ ниетті” ақ адамдар (6,148-149), дейтін журналист сөздерінде өмірдің қаншама шындығы жатыр. Бұл жерде де Төленнің биік адамгершілік мұраты бой көтереді.

Сөзімізді көрнекті жазушы Ә.Кекілбайұлының сөзімен түйіндесек: “Арғы түбі әлгіндей пендеаралық кикілжіңдерден өрбитін өштестік өртінің тұтас бір ұлттар мен халықтардың көзін тұздай қып құртатын қорқынышты індеттерге ұласатындығы “Ақиқат” пен “Тозақ оттары жымыңдайды” хиқаяттарында үлкен философиялық түйінге ие болды. Нақты адам тағдыры, нақты кісілік мінез-құлық арқылы ашылған бұндай шындық сырт көзге мұхиттың ар жағында болып жатқан сияқты қылып бейнеленгенмен, өзіңнің күнде көріп, күнде сезіп жүргендеріңді еріксіз есіңе түсіретіндей қылып шебер шешімдеген дүниелер еді. Бұл – сонау жетпісінші-сексенінші жылдар үшін тек суреткерлік тереңдік қана емес, үлкен азаматтық ерлік те еді”(10).

Олай болса Т.Әбдікұлының азаматтық ары, адамгершілік мұраты, елжандылық ерліктері мұнымен шектелмейді екен. Оған осы соңғы жылдардың бедерінде жазылған “Парасат майданы” повесі дәлел. Алғаш рет “Таң шолпан” журналында жарияланған бұл шығармаға халықаралық “Ф.Кафка” атындағы алтын жұлдыз берілді. Бұл сыйлықтың Т.Әбдікұлына берілуінде де бір заңдылық бар сияқты. Себебі; өзінің “Ақиқат”, ”Тозақ оттары жымыңдайды” атты аллегориялық повестерінде көтерген әлеуметтік - потологиялық мәселелер ең алғаш осы Ф.Кафка туындыларынан бастау алған.

Ендігі бір назар аударатын нәрсе Т.Әбдікұлының шығармаларының өн бойындағы алтын арқаудың бір үзілмейтіндігі. Қайсы бір шығармасын алмаңыз ондағы көтерілген негізгі бір мәселенің түйіні келесі бір туындысында тереңдей ашылып, автордың позициясымен шебер идеялық бірлік табады. Бұл орайда барлық шығармаларына тән негізгі қасиет деп шығарма шырайын кіргізетін шындықтың, кейіпкер характері мен психологиясының даму эволюциясы автордың жан-дүниесімен сабақтасып, идеялық бірлік табуы дер едік. Оның сыры жазушы Ә.Кекілбайұлы айтқандай “пәлен деген елді, пәлен деген заманды, пәлен деген қоғамды, пәлен деген адамды тебірентетін айрықша ен-таңба салынған еншілі шындықты емес, әмбені тебіренте алатын әлеуметтік мәні зор ортақ шындықты іздепті. Оны да өзгелердің басынан емес, өзінің көкірегінен іздепті. Өзінің жаны мен арын не қинаса содан іздепті”(10).

Сөзіміздің делелі ретінде мәселен, өзінің алғашқы әңгімелерінің бірі “Қонақтардағы” өзін мазалаған ұлт тағдыры кейінгі “Әке”, “Оралу” сияқты туындыларында тереңдеп ашылады. Ал әлемдік өркениет атты тажалдың сиқын, адамзатқа тигізер алапатын суреттейтін “Ақиқат”, ”Тозақ оттары жымыңдайды” повестері мен дәрігер жігіттің бұдан былай адамның өз құрбаны өзі дегенді меңзейтін “Оң қол” әңгімесінің желісі бұл повесіне де ұласқан.

“Оң қолда” суреттелер оқиға дәрігер жігіттің атынан айтылса, мұнда ол ауру кейіпкердің күнделігіне ауысқан.

Шындығында Т.Әбдікұлының адамзаттық гуманизмді ту етіп көтерген идеяларының биік шыңы “Парасат майданы” повесі. Кез келген көркем туындының өмірге келуінің өзіндік алғы шарты бар. Ендеше тәуелсіздік таңы атқан қазіргі егемен елімізде “парасат майданын” ашқан жазушы пікірін тыңдап көрелік:

“Неге бұлай ? Өйткені, адамдардың жамандық пен азғындыққа еттері үйренген. Өлікті көп көрген адамның өліктен сескенбейтіні секілді. Мәселенің бәрі осы ет үйренуден, бой үйренуден басталады. Бүкіл қатыгездік, мейрімсіздік, аямаушылық, бүкіл рухани азғындық, ішкіштік, нашақорлық, зинақорлық бәрі де осы ет үйренуден басталған. Адам бойы үйренгеннен кейін жиіркену сезімінен құтылады. Содан кейін ар жағы жеңілдей береді.

Байқап отырсаң, жаманшылық атаулы өзіңнің іргеңде, бірақ, оны өзің сезінбесең, ол саған тіпті жаманшылық емес секілді көрінуі мүмкін. Иісті немесе дәмді сезуден қалған секілді, адам жамандықтан жиіркенуден қалады. Қатердің ең үлкені осы дер едім” (23).

Ендеше қазіргі ақпаратар ағыны тасқындап, рухани-моральдық құнылықтардан гөрі материалдық алғышарттар алдыңғы орынға шыққан мына заманда тезге сап, ой елегінен өткізер проблемалар жеткілікті екен.

“Бүгінгі күнгі тіршілігіміздің қандай екенін көрсететін барометріміз – баспасөз болса, қараңыздар: беттерін ашып қалсаң оқитының – “небір сұмдық оқиғалар”

Өзінің анасын зорлаған немесе өлтірген...

Өзінің балиғаға толмаған қызын зорлаған, не өлтірген.

Сәбиін өлтіріп, қоқысқа тастаған...келіншек.

Өз ұлына тұрмысқа шыққан миллионер әйел...

Адам етін жеген маньяктар...

Еркекке үйленген еркектер...” т.т.

Сонда бұл немене ?! Адамзат қауымы қайда барады өзі” (24).

Міне, Т.Әбдікұлының жанын жеген жегі құрт біздің де дәл қасымызда екен. Оны елеп-ескермек түгілі, етіміздің өліп кеткені сондай азғындықтың неше атасы бар, бәрі бір, жиіркенбейтін болдық. Азғындық атаулы өміріміздің құрамдас бір бөлігіне айналғандай. Ендеше одан құтылудың жолы - өз арың мен иманыңда. Алла тағала сыйға берген адамгершілік абыройың мен кісілік қасиеттеріңде екен. Ендеше ойланайық.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет