Дістемелік кешені


-дәріс. Шәкәрім және Сұлтанмахмұт.1-сағат



бет9/28
Дата22.12.2021
өлшемі0,62 Mb.
#606
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   28
8 -дәріс. Шәкәрім және Сұлтанмахмұт.1-сағат
Адамзат тарихының соңғы екі мың жыл аясында адам өмірінің мәні мен мазмұны мәселесіне философияда, әдебиетте ерекше зейін қойыла бастады. Ол адамның табиғатының түпнегізін іздеу мақсатында жүзеге асты. Адамның ішкі рухани әлемінің күнделікті өмір құлшынысы нәтижесінде қандай халге түсетіндігі немесе сол жағдайдағы адамның күйі қандай болатындығы туралы сұрақтар төңірегінде хәкімдерге көп ойлануға тура келді. Осы ізденістер өмірдің мәнсізденуі сынды, адамдардың танымға немқұрайдылығы сынды сұрқия шындық бейнелерін ашты.

ХХ ғасырдың бетке ұстар азамат ойшылдарының қатарындағы Шәкәрімді де адам мәселесі аса қатты мазалаған болатын. Шәкәрім – Абайдың ізбасар інісі, Абайдан соң ХХ ғасыр басында қазақ даласында өмір сүрген ең көрнекті тұлғалардың бірі. Шәкәрім өмір сүрген замана шындығы мемлекеттік дағдарыстар кезеңіне тура келген болатын. Сол уақыттың мың құбылған саяси тұрақсыздығы мен жылдам өзгеріп отырған мемлекеттік билік жүйесі оның адамзаттың бірыңғай кемелденуіне деген сеніміне секем түсірді.

Шериздан Елеукенов «Жаңа жолдан» деген кітабында «Армысыз, Шәкәрім аға!» деген мақаласында Шәкәрімнің өмірін көркем бейнелеген: «Ш.Құдайбердиев 1917 жылғы революция таңын жарқын үмітпен қуана қарсы алды. Оған куә — «Бостандық туы жарқырап», «Бостандық таңы атты» деген революцияға арнаған жырлары. Кейде адасып, досы қайсы, дұшпаны қайсы екенін айыра алмай қалған кездері де болады. 1918 жылдың басында ол алашордашылардың шақыруымен Семейге келеді. Жолшыбай «Семейді қызыл алғанын» естіп барады. Бұл 1918 жылдың февралі. Алашордашылар Шәкәрімді сыртынан сот етіп сайлаған екен, ойында еш нәрсе жоқ ақын көне салады. Бірақ көп ұзамай, сол 1918 жылғы июньде, Семейді ақтар қайта басып алады. «Оған тағы құл болдық, сатылған малмен пұл болдық» деп ақтардан көңілі қалған ақын еліне оралады. Сол жылғы күзде ол тағы да Семейдің құм көшесін таптайды. Осында Орынбордан қашқан Алашорда «үкіметі» көшіп келіп, өз беделін өсірудің бір амалы есебінде ақынды қалаға шақыртқан екен. Бұл жолы Шәкәрімнің «Алашорда бір бөлек, қауымның ойы өзгерек” екеніне әбден көзі жетеді де, ескілікті қайта жаңғыртқысы келгендерге наразылық білдіріп, еліне тартып отырады. Ол ауылда жүріп те ақтардың салған ойранының куәсі болады. «Қалаға қызыл орнығып, әділет атты жол шығып, айтылған боран өтті тез» деп қуана қорытады» [18, 40 б.].

Иә, осындай қысқа ғана мерізім ішінде қалыптасқан саяси тұрақсыздық жағдайлары кез келген адамның қай жаққа шығу, кімді қолдау керектігі туралы бағдарын қиындатады. Құбылжып тұрған көңіл, тұрлаусыз құндылықтар, әр саяси жүйе өзінің бағыт-бағдарын ұсынып, әр жүйе өз амалын жақтап отырған бір кез. Осындай кезде адамның тағдыры иесіз қалған театр қуыршағына ұқсайды. Спектакль жүріп жатыр, персонаждың роль кезегі келді, кімнің қолы бос сол қуыршақты ала кетіп, өз ырғағымен қимылдата-сөйлете жөнеледі. Қуыршақ екі жүзді кейіпкерге ұқсайды, бірде қатаң дауысты қатыгез, бірде езілген жігерсіз дауысты бос адам. Осындай аласапыран кезіндегі адамдарды, асыл сөзге бай қазақ: «Бірде–бие, бірде – түйе деген емес пе?!

Дәл осындай алмағайып күйді еуропалық елдер де басынан кешірген-ді, халінің мүшкіл болғаны соншалықты оларың “Құдай өлі!” деуге дейін барды емес пе?! Ф. Ницше Еуропадағы рухани өмірдегі аласапыранды былай деп сезіне суреттейді: «Аңызсыз кез келген мәдениет өз мәнінінен айырылады, өзінің шығармашылық қабілетінен жұрдай болып, тұтастығы тарқайды. Ойдың құтқарушы тежеуіші жоғалып, қиялы сөнеді. Өз тамырын жоғалтқан мәдениет, мәдениетті сақтаушы негізі дәстүрі сөніп, қанағаттанарлық азықты іздемейтін жері қалмайды» [20, 124 б.].

Шәкәрім шығармашылығы, әрине, батыс экзистенциализмінен бөлек, ол жан күйзелісін және әлемнің зобалаңдарын өзіндік нақышта сипаттайды. Сол себептен оны біз толыққанды экзистенциализм ағымының өкілі деп қарастырудан аулақпыз, дегенмен, ХІХ-ХХ ғасырдың философиялық айдарына айналған бағытқа тән ой-таным үлгісінің өзіндік үрдістері қазақ жерінде сонау бұрыннан келе жатқан дәстүрден тарайтындығын бедерлеп көрсете білген Шәкәрімнің де шығармашылығында кезігетіндігін көрсетіп беру еш артықтық етпейді. Шәкәрімнің философиялық лирикаға толы шығармалары терең мазмұнды экзистенциалдық сарындағы шығармалар. Жалпы экзистенциализм жайында философия тарихында әртүрлі пікірлер бар: «Экзистенциализм деген атау классикалық «мәндер философиясының» (essentia) орнына «адам тіршілігі» (existentia) философиясын қоюды білдірсе керек. Экзистенциализм – XX ғасыр философиясының классикасы. Хронологиялык турғыдан ең ерте, яғни XX ғасырдың бірінші ширегінде, таныла бастаған экзистенциализм формалары орыс философтары Н.Бердяев пен Л. Шестов ілімдері. Экзистенциализмнің кең құлаш алып жайылуына бірінші дүниежүзілік соғыстың топалаңы, кайғы-қасіреті көп ықпал етті. К.Ясперс, М Хайдегер, А.Камю, Ж-П. Сартр, Г. Марсель, Х. Ортега-и-Гассет, М.Бубер және т б экзистенциализмнің көрнекті өкілдері. Олардың көпшілігіне ортақ экзистенциалдар ретінде «қамқорлық» (забота), «ұмыт қалу» (покинутость), «жаттану» (отчужденность), «абсурд», «үрей-қорқыныш», «жауапкершілік», «таңдау», «өлім» сынды паратерминологиялар көрінеді».

Шәкәрімнің бұл әрекетін ауылдастары түсінбейді, ал біздің бұдан байқайтынымыз – Шәкәрімнің ішкі жан дүниесінің адами тәкәппарлық пен мансапқорлықтан таза болғандығы. Шәкәрім сол кездегі философ-ойшылдардың идеяларына философиялық сын көзқарас қалыптастыра отырып, Абайдан алған өнегесін жетілдіре білді. Заман ағымына қайғыра қарап, бұл дүниеден поэзияның қуатымен трансценденталды кеңістікке шығу мүмкіншілігін алды. Ақынның болашақ ұрпағының ертеңгі күнінен үлкен үміт күткенін біз келесі өлеңінің мазмұнынан байқай аламыз:

Мен өтермін, кетермін,

Жоқтарсың мені бір кезде.

Жәрдемім тимес, не етермін,

Бекінем осы бір сөзге.

Мақсатың қайсы, досың кім,

Осының түбін шын көзде…

Адам өмірі жалған және қысқа екенін айта отырып, өзінің адамдық міндеті – өнеге етуге, жол көрсетуге, «дос жылатып айтады» дегендей, шындықты айтуға бет бұрады:

…Күйдіре тұрып шыдатпай,

Көре тұрып жайыңды,

Кім айтады, мен айтпай,

Сендерге енді уайымды.

Шәкәрім, қазақтың ақындықтан өрбіп жатқан философиялық дәстүрінің лайықты жалғастырушысы ретінде, философиялық поэтика мен поэтикалық философияны қатар алып жүрген жан. Поэзияны мәңгілік дейді. Неге? Өлең сөзі немесе шын поэзия ой толғау ретінде болмыстың құдыретті кеңістігінен – Құдай әлемінен жаралатын сияқты көрінеді. Поэзия – жанның бейнесі, Құдайдың берген демінің көрінуі. Ақынның поэтикалық шығармасын талдай отырып оның жан дүниесінің түбіне жеткендей боласың немесе ақын болмысты поэзия тілімен бейнелеген сәтте өзінің жасырын жатқан сырын жариялай бастайды. Сонымен қатар, ақын жер бетіндегі жалған дүниені поэзия арқылы мәңгілікке айналдырады.

Сұлтанмахмұттың да өз қасындағы пейішті, өз басындағы нәсіп пен дәрежені қызықтап кетпей, елінің басындағы тозақ пен елінің тағдырындағы кесір-кесапатты ойлап жер-көкке сия алмауында да осындай бір алабөтен тектіліқ осындай бір айырықша рухани ақсүйектік жатырған сияқты. Тағы да сол он алты жасында жазылған бір елең: «бір адам көп жасады жер бетінде, мекендеп жақсы жайды ел шетінде; зорлықшыл арам ойлы, ұры болды, құралған арамдықтан дәулеті де; нашарды зар жылатқан жалғызын жеп, тірлікте ойламаған «өлемін» деп, жалғанды жалпағынан басып өтті, «жазғанын көрге барып көремін» деп, сол сорлы ауырып жатыр елейін деп, қимайтын аманатын берейін деп таусып ап желдей ескен аз өмірді, қойнына суық көрдің енейін деп; өлді ол мөзгілінде ажал жетті, өлшеулі дүниеден демі бітті, оранып үш қары без басқа түк жоқ, сақтанбай тірлігінде көрге кетті; Жатты ол қараңғыда зәресі ұшып, тірлікте молда айтқаны еске түсіп, дейтұғын: «имансыздарға періштелер көрсетер көр азабын тәнді қысып», қозғалып, шамасы жоқ тұратындай, созылды қараңғылық таң атырмай; «Қайда жүр періштесі сұрайтұғын, кешікті-ау, бұлар қайда,– деп,– апырмай». Сонымен әлденеше жылдар етті, тән шіріп, топырақ боп, тозып бітті. Шыбын жан айналсоқтап сасық көрде «періште келеді» деп босқа күтті. Ал енді молда қайда, сөзі қайда, беретін ұжмақ, дозақ анау жайда, білмеймін анығын да, танығын да, бас қатты шешемін деп, жоқты ойда». Ақылыңды айран, ойыңды ойран етер тәпсіл. Бір көзде Асанқайғыға жел мая мінгізіп жер көздіріп, Қорқытқа ажалдан қашып құтылар айла таба алмай, көр қаздырып жүрген де осындай рухани максимализм ғой. Бақ пен дәулеттің әлеуметтік нарқы. Іс пен әрекеттің адамгершілік парқы. Дала фәлсәфасының үйреншікті тақырыбы, өзекті арнасы. Егер бұл дүниедей абзалдығың ол дүниеде бағаланып, жұмақ бұйырып жатса, нұр үстіне нұр. Егер бұл дүниедегі кәззаптық ескеріліп, ол дүниеде тозақ бұйырып жатса, ол да мың асқанға бір тосқан, залалға зауал, шырқ айналып келгенде, әділеттің барлығы. Ал егер жасаған жақсылығыңның шуағы, жамандығыңның жазасы болмаса ше?! Онда өмір деп аталатын күйкі күйбеңде қандай мән қалады? Әділет пен қиянат ескерілмес жерде азап та жоқ, тозақ та жоқ. Пері де жоқ, періште де жоқ.

Бұйырғанын жеп, тигенін киіп, тап болғанға көніп жүре беретін пенде ғана бар. Бұндай анық, танықтың айырмасы шамалы дүниенің арзымы қанша? Ондай дүниеде шеккен азаптың қасіреті, көрген бақыттың қасиеті бола ма? Бұл – Сұлтанмахмұтты бала жастан қинаған батпан сауал. Ол осы сауалдың жауабын ғана ақиқат деп танымақшы болды. Сондықтан рахат емес, ақиқат іздеп шар тарапты түгел шарлайды. Троицк барады, Томск ауады. Қызылтал мен Керекуді былай қойып, Семей мен Өскеменнің қоғамдық өміріне араласады. Алтай асады. Қытай басады... Ел шетіндегі Шыңғыстай мен ел ортасындағы Шыңғыстаудың да дәмін татады. Молла, медресе, курс, мектеп... білім іздеп шарқ ұрады, жур-налистіқ мұғалімдіқ саяси қызмет... Өзін емес, елін қарқ қылам деп, басын тауға да ұрады, тасқа да ұрады, Ғайса, Мұхамбет, Платон, Руссо, Фурье, Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой, Надсон, Блок, Абай, Тоқай, Маркс, Энгельс, Ленин, Бакунин, Плеханов – адасқақ ақын көңілдің шарлап қайтқан рухани шартарабы. Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатов, Шәкәрім, Ермеков, ерлі-зайыпты Құлжановтар, ағайынды Сәтпаевтар, туысқандары Аймауытов, Көпеев, Аймановтар, алыстағы Қажымұқан, Сералиндер – күнде-күнде бір тұрып, бірге жүрмесе де, күн бе күн өз ой, өз пікірін салыстырып, салғастырып отыратын рухани нысаналары.

Тек осының өзінен-ақ оның жанындағы рухани ізденістер өрісінің қаншалықты кең, қарқынының қаншалықты мігірсіз, мазмұнының қаншалықты күрделі болғанын аңғару қиын емес.

Шындықтың ауылын іздеп жолға шыққан албырт шәкірт бірте-бірте әлеуметтік болмыс деп аталатын ию-қию джунглидің ну жынысына сұғына енген сұңғыла зерттеушіге айналады, сұғынған сайын іздеген сүрлеуінің бұралаңы жиілеп, бұлтара түседі... Тапқан жауабынан гөрі жанын қинаған сауалы көбейе түседі. Жан қайда әділетті іздейтұғын?.. Оқудағы мақсат не?.. Көңілім, неге жасисың?.. Бұлар кім?.. Нешелер көз жас төгілді?.. Қызық қандай адамды қыздыратын?.. Неге жасаймын?.. Осы да әділдік пе?.. Көзек қашан келеді?.. Ғайса кім?.. Өң бе, түс пе?.. Кім жазықты?.. Ойыңды опырып, санаңды сапырып кетер қорғасын сауалдар... Сұрқай тіршілікке ақыл аспанынан сорғалай жауған бомбалар... Дүниенің астын үстіне шығаратын тегеурінді дүмпулер... Ол аласапыранға алдымен осындай сауалдарға бола бас қатыратын абзал жүректер мен асыл көкіректер ұшырайды. Сұлтанмахмұтты да көктей солдырған жұлын құрттар да міне, осындай күн-түн миды үңгіп, мігірсіз қойылып жататын мың-мың сұрақтар еді. Соның біріне де селт етпей, тапқанды ішіп, табылғанды киіп, бұйырған жарықты тауысып шығуға да болады. Бірақ, ол ақынға айтқызсаңыз, бүйіріңнің бұлтиғанынан басқа уайымың жоқ мал өмір. Әлгіндей сұрақты төбеден түскендей қып, өзің қоймай, өзге қойса, қиыннан жалтарып, оңайына жалпайып, тірлік кешуге де болады. Бірақ, ол ақынға айтқызсаңыз, жанын қинамай жаратылып, жанын қинамай жоғала салатын маймыл өмір. Ал адам болу деген, ең алдымен, төңірегіндегі кереметті көріп, таңғалу емес, келеңсіздіктерді көріп қиналу, одан арылар амал іздеп аңтарылу. Ар деген нәрсенің өзі де сондай қиын сауалдарды өзгеге қоймай, өзіне қою үшін берілген. Ақындық өнер де солардың сөзін сөйлеп, ардың жоқшысы болар қолғанат. Содан жалтарып, төтен сауалдан айламен сытылып кетуге тырысатын рухани алаяқтық – перілік, төтен сауалға тура жауап беруге тырысатын рухани адалдық – періштелік, тырысып қана қоймай, жауап таппай тынбайтын рухани жанқиярлық – пайғамбарлық.

Сұлтанмахмұт осы ең соңғы биікке кетерілген бірегей тұлға... Жанын жегідей жеген жебір сауалдарға жауап іздеп жүріп, басқа қызықтың бәрін ұмытқан нағыз періштелер. «Дүниедегі қызықтың, бәрі де арам мен үшін, дауасы жоқ Бұзықпын, талпынбаймын ем үшін; тосқаным – қабір құшағы, қашан ол келіп құшады; ойланып һәм шарланбай, құтылған жоқ менен ой, ешбіреуін малданбай, семді, қатты тұла бой; болсам деген үміттің, бәрінен бездім, ұмыттым»,– деп сөйлеуге қазақ топырағында тек Сұлтанмахмұттың ғана қақысы бар. Бірақ, бұл ләззат, бақыт атаулыдан баз кешкен диуаналық емес, көптің бабы табылар ортақ бақыттың сырын таппай тұрып, өзінің ғана бабы табылар оңаша бақытты қызықтауды арсыздық көріп, ақиқат іздеп шарқ ұрған нағыз пайғамбарларға тән адалдық, нағыз пайғамбарларға тән жанқиярлық еді.



Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   28




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет