Ә 55 Әлімжан Е. Көріпкел (повесть, әңгімелер). Алматы



бет3/3
Дата02.07.2018
өлшемі1,54 Mb.
#45279
1   2   3

Өсектің тағы бір тармағы тамырын тереңнен тартады. Облыста үлкен басшы қызметке Мелстің жақын нағашысы келіпті. Бұл соның ісі екен.

Мелстің анасының да, облаткомға орынбасар болып келген кісінің де бір облыстан екені рас еді. Ондай ел назарында жүретін азаматтардың ата тегін ажыратып отыратын қазекеңнің айтуына қараганда анасымен аталас болмаса да, бір тайпадан. Бірақ ол орынбасар Мелстің де, анасының да дүниеде бар-жоғынан бейхабар. Ал, әңгіменің шығуына көктемеде Мелстің үйінде өткен жайсыздау оқиға себепші болды. Саяси оқудың қорытындысына облыстан тексеру келген. Жалпы, парторг біткеннің ең осал жері — осы саяси оқу. Бетпақтың іргесінде, Арқаның желінің өтінде отырған бұл ауылдардың негізгі шаруашылығы мал. Сондықтан да барлық мамандар қыс түсісімен отарларға өкіл болып кетеді. Көктемде төл алудың басы-қасында жүріп, артынша ай бойы Арқаға мал айдайды. Одан қайтып келген соң қыс бойғы «оқыған» саяси оқуынан сынақтан өтулеріне тура келеді. Сондықтан Мелс те біраз әбігерге түсіп, тексерушіні күпті көңілмен күтті.

Аупарткомның бөлім меңгерушісі Жайынбек ертіп келген өкіл жұқа өңді, қағылез жігіт екен. Қалтаң-қалтаң еткен жүрісіне қарап елгезек пе деп еді, қажетті жерінде қалшиып қалатынның өзі болып шықты. Түс қайтқаннан қараңғы түскенше қағаздарын көріп, кабинеттерін аралады, одан насихатшыларды, бас мамандарды жеке-жеке сұрап, біраз терлетті. Өзі институтта ұстаздық етеді екен, бұларды студент



деп ойлап қала ма, теорияға қарай көбірек тақзымдайды, ал жігіттер одан гөрі мәселенің практикалық жағын оң жамбасқа алғанды тәуір көреді. Қалай болғанда да, Есімбектің (тексерушінің есімі солай екен) көбірек шұқшиғаны Мелс үшін көмек. Сондықтан түскі тамаққа да бармай, асықтырмай айтқанына жығылып отырды. Өйтпеуге мұршасы да жоқ еді. Ақыры Жайынбек шыдай алмады.

  • Әй, Мелс,—деді ол бір уақытта, — осы бізді тамақ ішпейтін бітеу деп отырсың ба, жоқ мұсылманшылықтан кеткенсіндер ме?

  • Сіз саяси оқудың үстінде отырсыз, жолдас аупартком өкілі. Саяси оқу мен мұсылманшылық екеуі қалай сыйысар екен?

Мелс жорта сыздана қалды. Аупортком жігіттерінің ішінде артын аңдамай сөйлейтін аккөңілі осы Жайынбек. Парторг та аңдып отыр екен, ұрма жерінен ұстады. Бірақ оған тосыла қойған Жайынбек болмады, түбі түскен шелектей даңғырлақ даусымен бөлмені басына көтеріп қайта сөйлеп кетті.

  • Менің тырнағымның астынан кір іздемей-ақ, өз қоқысыңның мынаған түсіп кететін жағын қарастыр, — деп блокнотын нұқып қойды.

  • Қайдан білейін, түрлерің тамағында тесігі бар адамның түрі емес қой, — деп Мелс әңгімеге одан арман май құйды. Кешке дейін ресми болудан әбден жалыққан ба, әлде өкілдердің алдымен сыр бергеніне мәз бе, әйтеуір осы үзілісті пайдаланып, өздерін біраз жерге апарып тастамақ түрі бар.

Аттанып кетсеңіздер екі-үш сағатта ауданға жетесіздер. Қонақ үйдің ресторанын жаптырмай дайындатып қойған боларсыз?

Қатар жігітінің әзіліне айылын да жимаған Жайынбек:

  • Тапқан екенсің ақымақ райисполкомды, — деп қарқ-қарқ күлді. — Осы жерде қонып, ертелеп әрі қарай кетеміз. Ауданға қайтып барып бір күнді жоғалтатын жағдай жоқ.

  • Е, бәсе, өстіп икемге келсеңізші.

  • Енді сені түсінігі мол тәжірибелі хатшы деп отырмыз ғой.

Бұл да Жайынбектің ақкөңілділігі. Одан басқа біреу болса,

қонаққа киіз үй керек, қызмет керек, ананы бүйтіңдер, мынаны сүйтіңдер деп келгеннен-ақ дікектеп бұлардың апшысын қуырар еді. Манадан бері ауыл жігіттерінің астарлы әзілін қызыға тыңдап отырған өкіл сөзге араласты.

  • Ауылдарыңызда асхана бар ма? — деді ол.

  • Бар, — деді Мелс.

  • Қонақ үй ше?

  • Ол да бар.

  • Олай болса, бастаңыз, — деді өкіл.

Мелс тұп-тура үйіне алып келіп түсірді.

  • Оу, бұныңыз не? — деді өкіл.





  • Біздің ауылдың әзірге қонақ үйі де, асханасы да осы, ал келесі бесжылдықта келсеңіз, мүмкін салынып қалар, — деді Мелс.

Өкіл түсінді, түсінді де қалшиып келіп қазықтай болып отырды. Шәй келгенше бұларға біраз ескертпе айтты. Алғашқы тосты ел жігіттерінің амандығы үшін көтерді. Ал, қиналып отырып, бір-екі кезек жібергеннен кейін бұл ауданда Мелстен сауатты, қағазына ұқыпты парторг көргенім жоқ деді. Тағы да бір-екеуі еткен соң, «мен сен туралы айтатын жерде айтамын, менің қолымда көп нәрсе тұр» дегенді қиялатты. Мелстің ұстамдылықпен «рақмет» деп қана қоя салғанына сенбей отыр деп ойлады ма, облыста өзінің сыйлы екенін, сондықтан да осындай жауапты іссапарға жиі жіберетінін реті келсе де, келмесе де сөз арасына қайта-қайта қыстыра берді. Ал ет жегеннен кейін елпелектеп отырып-тұруы жиіледі. Сөйтіп жүріп, сыртқа шығам деген өкіл есікті шатастырып, апасының бөлмесіне кіріп кеткенін Мелс байқамай да қалды. Жайынбек екеуі сырттан іздеп жүргеңде ыржалақтап іштен шығып тұр. «Мен апамды таптым, сен өзің бізге жиен екенсің ғой» дейді. Сөйтіп, екеуі ел сұрасып. Мелс те анасының ата қонысы, ол жақтағы жұрағаттары туралы біраз әңгіме айтты. Ал, салқын түннің астында сәкінің үстінде отырып, туысқандық үшін тағы бір алып тастағаннан кейін Есімбек тіпті елжіреп, «алыстап кеткен жұрағатым-ай» деп күңіренді. Үй иесі кейін байқады, бағанадан бері ашық-жарқын жүрген Жайынбектің қабағы салбырап, мұрыны тыжырынып қалыпты. Егіліп кеткен Есімбек оны елейтін емес, әңгімесін әлі есіп отыр.

  • Облаткомда орынбасар нағашың бар, сені соған таныстырамын, — дейді.

Содан бұл әңгіменің бәрінен бейхабар әлгі «нағашының» құлағын шулатып, мақтай жөнелді. Жаулары тізгіндеп жібермей жүрген көрінеді, әйтпесе, осы облысты басқаратын адам сол екен.

Бұларды жайсыз әңгімеден қашырып, назарын басқа жаққа аудару үшін Мелс қыдырып қайтайық деген үсыныс айтты. Әрі жатар алдында дене салқындап, бой сергиді. Үшеуі жалпақ көшені көлденең қиып өтіп, көршілердің шарбағының арасындағы жалғызаяқпен ашық кұмға төтелеп шығып кетті. Күндізгі сіңірген қызуын босатып үлгерген бұйраттардың үстінен Шу жақтан соққан самал еседі. Алайда енді екі-үш күнде маусым кіргелі тұрса да, құмның, кеш гүлдейтін сүйекті бұтақтарының бұрқыраған қош иісі сезілмейді. Ол қыстың қары жұқалаң болып, көктемнің жауын-шашыны да кемшін түскендігінен. Бұл жақтың өзен аңғарынан өзге жерінде сазды шұраттар да болмайды. Сүйекті бралардан басқа шөбінің мықтысы боз қылпық пен селеу. Енді жазда жауын болмаса олардың да қайта көтеріле қоюы екіталай. Шаруа баққан жігіт кемелденген социализмнің теориясын



бірауық ұмытып, осыларды ойлап кеткенде арттағы екеудің гүжілі қайта көтерілді. Бұл жолы бағанадан бері басыңқы жүрген Жайынбектің тығыны атылды. Ол бас жоқ, аяқ жоқ өзінен-өзі Нартжанды мақтай бастады. Осы елдің қамқоры, шаруаның білгірі, облысты көгертетін көсемі сол көрінеді. Жаулары қызғаныш қылып, жоғарыға жолатпай жүр екен.

  • Ауданын жетістіріп алсын, облыс басқару қайда оған, — деп Есімбек екіленді.

Жайынбектің де күткені сол болу керек:

  • Немене, облысты басқару сендердің маңдайларыңа жазылып қойып па, басқарады, — деп шаптыға жөнелді.

Мәмілеге шақыррмақ болған Мелсті екеуі де елейтін емес. Жайынбекке сөзім өтер деп батырыңқырап айтып еді, «нағашы тауып, бізді менсінбеуге айналыпсың ғой» деп өзіне бәле салды. Облыстан келгенін ұялтып көрмек еді, «мені жақыныңа жығып бермексің, бастарың біріксе, сендер сондайсыңдар» деп ол шамырқанды. Жайынбектің жетегіне еріп, бұларды сөз тыңдаудан өткізіп жібергеніне өзін іштей сыбаған Мелс те амалы құрыған сон, «ал ендеше қай жеңгенің менікі» дегендей қолын бір сілтеді де, салкын құмға жантая кетті. Ал ішімдіктің қызуымен өздерінің кім екендіктерін ұмытқан, әлде енді ғана шын бетпердесін ашқан екі өкіл қызметтік қатынасты ысырып тастап, қызыл құмның ішінде қызыл өңеш болды. Сөздеріне қарағанда, айдалада сойылын соғып отырған адамдары екеуінің де екі туып бір қалғандары емес, қорғап отырған намыстарының кімге қажет екенін де жете түсінбейді. Сонда бұл не желік?

  • Бізді құртып жүрген, бір қазақты бірнешеге бөлетіндер, — деп өзегі өртенеді біреуінің.

  • Осы аурудан арылмай көгермейміз, — деп екіншісінің көкірегі қарс айырылады.

Соны айтқан екеу айдалада бірін-бірі жеп қойғысы келіп жер тепкілейді. Ал олардың ойқастаған іздерінен ойылып-ойылып кеткен Мойынқұмның ақшағылдары өмір бойы жадысыз жүк тасып, жауыры күстенген көнбіс түйенің жалаңаш бүйіріне ұқсайды. Түнді аударып барып толысып туған ай ақтаңдақ қотырды айқындай түсті...

Бір сәт сезімге беріліп кеткен Мелстің көз алдынан осы бір көрініс көлбеңдегенде одан әрі шыдап жата алмай, орнынан атып тұрды. Бұл кезде өкілдердің ерегісі де шарықтау шегіне шығып, бірі «аман болсам ертең саған көрсетемінге», екіншісі «көтеріп тұрған аспаныңды тастап жіберге» жеткен. Алайда әңгімеге қайта қосылған Мелстің:

  • Өспес елдің баласы болып, өнбес дауды қуғанша, ертеңгі жұмыстарынды ойлаңдар, — деген сөзі екпіндерін біраз басып тастады. Үй иесінің сөзінің салмағы да, даусының қатқыл шығуы





да әсер етіп, үйге үнсіз оралды. Бірақ бірі сырттағы сәкіге, екіншісі қонақ бөлмедегі диванға жатты.

Ертеңіне күндегі әдетімен кеңсеге ертелеп келіп, аналардың алып кететін анықтамасын өзінің ауданға жіберетін хабарламасын дайындап, басқа да жағдайды біліп, үйге қайтып келгенінде екі мейман түк болмағандай тізе қосып шай ішіп отыр екен. Жайынбек Есаға деп құрмет көрсетеді, анау да бұл құрметті үлкен жерден келген адамның кейпіменен қабылдайды. Жайынбек түртпектеп жүріп бірдеңе тауып, таңдайларын жібіткен сияқты, беттері үтіктеліп, шекелері де шып-шып болып, әдемі қалыпқа келіп қалған. Бұл түрлерін көріп, біраз жерге апарып тастағысы келген Мелс Жайынбекке қарап:

- Нәкең сәлем айтып жатыр, — деді. Парторг кіргеннен сергек отырған Есімбек оның ши шығарып келе жатқанын сезіп, Жайынбектің де жауап қатуына мұрша берместен:

  • Баратын совхозымыз қанша жер? — деп тың әңгіме бастап кетті.

Жайынбек те үй иесінен гөрі сыйлы мейманның сөзіне ілтипат көрсеткен болып жауапты соған берді.

  • Аса қашық емес, көп болса бір сағатта жетеміз.

Содан екеуі аяқ астынан асығыстық танытып, орындарынан тұрды. Жұмысты ойлағаны сонша, Есімбек түнде танысқан апасымен қоштасуды да ұмытып кетті. «Әлгі менің бауырым қайтып бара ма» деп қалбандап қалған кемпір үйден сүйретіліп шыққанда келесі совхоз коммунистерінің саяси сауатын тексеруге асығыс аттанып та кеткен қос өкіл құмның бұралаң жолында арлы-берлі теңселген «Уазиктің» ішінде бұлғалаң- бұлғалаң етіп кетіп бара жатты.

Мелс одан кейін нағашысын көрген де жоқ, мамырдың соңғы түндерінің бірінде болған сол оқиғаны ешкімге айтқан да емес. Бірақ танданатыны екі өкілдің ұрысы жайында ешқандай сыбыс шыққан жоқ та, ал Мелстің нағашысын тапқаны туралы әңгіме ел арасын аралап кетті.

Оның өсуі туралы өсектің үшінші түрі үйреншікті сүрлеумен өрбіді. Мұны жобалайтындар оның мінезін жақсы білетін жақындары. Сондықтан да өз көңіліндегі күдікпен арналас. «Құтылам десең өсір», құритын жеріне әдейі жіберіп отыр. Өйткені саудада істейтін адамның ең басты қасиеті кімнің де болса көңілін аулай білу, «алаған қолы береген» болу, ал оңдай қасиеттер Мелсте жоқ» дейді олар.

Бұл жұмысқа келгенде оның қатты шошынғаны дүкеншілердің мойнында қарыз көп екен. Тауарлары кем болып, айналымға түсер ақшаны уақтылы құймаса да аман-есен жүріп жатыр, тіпті жуық арада төлей қояр түрлері де жоқ. Көктемдегі малының төлдеуіне, оның күзге дейін өсіп жетілуіне, реті келсе,



қыста бордақыланып сатылуына қаратып, сүйрете береді екен. Мелс барлығының ісін заңға берді, ал тергеуі қыскартылғандарына қайта қозғау салды. Бұл істегенін аудан басшыларына содан кейін барып хабарлады. Олар жалпы алғанда құптады. Бірақ артынан кабинеттеріне жекелеп шақырып, болмаса өзіне оңашалай кіріп, бірлі-жарым қолқа сала бастады. Бірақ сол бірлі- жарымдарды ғана орындай берсе, бұның ештеңеге араласпай, ескі сүрлеумен жүре бергеннен басқа шарасы жоқ еді. Өйткені, сотталған дүкеншілер тәжірибесі аздығынан, яки таянышы жоқтығынан кеткендер де, жұмыстан қарызданып шығып, екі колын қалтасына салып жүргендер бір-бір мықтыны жоталарына тақып алғандар болып шықгы. Сондыктан бірбет Мелс ешкімге бас шұлғып уәде берместен, бастапқы шешімінде қалды. Одан көрген шырғалаңы да аз болған жоқ. Әйтсе де сол айқаймен жұмыс ілгері жүргізіліп, сол айқаспен осы күнге дейін жетті. Артына шам алып түскендерге ілік болатындай ештеңе жасай қойған жоқ сияқты еді. «Аңдыған жау алмай қоймайдының» кері осы болды ма?

Мынау да біздің қатарымызға қосылыпты ғой, — деген дауыс жетті құлағына. Бірақ бұл сөз ойын бөлсе де, онша мән берген жоқ еді, артынан адам жиіркенерлік аяр күлкі естігенде барып жүрегі дір ете калды. Әңгіме өзі туралы екені санасына енді жетіп, аяр қүлкінің иесін де таныды.

  • «Көп асқанға бір тосқан» деген осы, — деді екінші дауыс. Бізге ор қазып еді, өзі омақаса құлады. Бейшараның бөкен құсап мойны үзіліп кетпесе жарар еді.

  • Үзілмесе де темір тордың аржағынан қүдайына құлшылық етуге икемді болып, жіңішкеріп келетіндігі анық.

Мелс жалт қарады. Көшенің қарсы бетінде есігінің алдында Сұрат тұр. Тосыннан өзі жасатқан тексеруде 60 мың сомның тауары кем шығып, ісі тергеуге берілген. Бірақ сол тергеу бітпей, әбден жүйкесін құртып, ақыры құрдымға кетті. Ол болса «мен есепте жаңылып қара басып қалдым» деп бүкіл ағайын-туғанына, жекжат-жұратына сауын айтып дүние жинап алды. Жағдайы «жаңылысып» кетіп, 60 мың сом төлеген адамдікіндей емес, әңірейтіп үйді салған, астында «Жигули», жаяу жүрсе жерді ойып жібере жаздайды, көлікке мінсе, алдына емес, аспанға қарайды, есікке қарай шырт еткізген түкірігі сырттағы шарбақтан асып кетеді.

Ал қасындағы Әбдінің Мелстерге жекжаттығы бар. Темір жол бойында тұратын әкесімен бір туған әкпесінің жақын қайнысы. Қосып сатқаны үшін БХСС-тің жігіттері актілеген. Соны сезіп түнделетіп Мелстің үйіне келді, әдейі кемпірдің көзінше сөйлесейін деген амалы болу керек. «Бастық бастықтың айтқанын екі етпейтін заман ғой, баса сал, болмаса коллективтің тәрбиесіне





қалдыр» деп салмақ салды. Бұл көнбеді. «Көрейін, сөйлесейін» деп алдаусыратпады да, «араласпаймын» деп ашып айтты, “не жетпеді саған, есігіңнің алдындағы жиырма-отыз тұяғың мен екі- үш жылқы бала-шағаңа азық болмай ма? Арам ақшаны адал балаларыңның игілігіне қалай жұмсайсың?» деп, қайта өзіне ұрсып берді. Шын қиналды ма, әлде айласы ма, сылыңғыр ұзын жігіт төрінде екі бүктеліп отырып алып, еңкілдеп жылады. Ата- бабасының баяғыдан бері жекжат екендігін, не бір қиын-қыстау кезеңдерде бір-біріне қол ұшын бергенін айтып, үй ішіндегілердің сай сүйегін сырқыратты. Өмірі Мелстің сыртқы шаруасына араласпайтын анасы да шыдай алмай:

  • Балам-ай, қолыңнан келсе, мына бейшараны жылатпашы, ата-анасының тұзы ұрар, — деп қалды.

  • Ол менің қолымда емес, апа, — деп құтылды бұл.

Бұдан тауы қайтқан Әбді үйден сүйретіліп шығып бара жатып:

  • Коммунизмді жалғыз өзің орнатсаң көреміз, «Норматив солай», — деп нықыртып кетті.

  • Еркежанның сағы сынатын болды-ау, — деп анасы қалды.

Мелстің де жүрегі тас емес, құм болып егіліп отыр. «Басыма іс түскенде інің қол ұшын бермеді, ата-бабамның тұзын тепті» деп өпкесінің бетіне салық қып басатынын да білді. Әбдінің сөзінің де жаны бар, тәрбиеге көнетінді де, көнбейтінді де коллективте алып қалу бұл ауданда етек алған әдет, өйттің деп Мелсті ешкім сөкпейді. Бірақ ол «жекжатына болысты, председательдің де бүйрегі бар екен» деген өсектен қорыққан жоқ, бірден осылай бастамаса, әбден қиюы қашқан есіктей, икемнен кетіп қалған сауда тәртібін қалыпқа түсіре алмайтын еді.

Әбді бір жыл химияда болып, мерзімін өтеп те келді. Енді бір жерде завхоз. Мелстің үстінен ара-тұра түсіп тұратын домалақ арызды жазатын Сұрат екеуі деседі жұрт. Әрине, кеңседе біреуі бар, бірақ оның кім екенін біле алмай-ақ кетті, білгісі де келмеді. Өйткені, өз жолы оң болған сон, өзге не десе о десін, оны шыбынның ызыңындай ғана көреді де қояды.

Әне-міне дегенше, шапқан аттай зымырап өте шыққан төрт жыл ішінде Мелс саудада алғашқы ойлағанындай тек қана қолы былғаныштар істемейтініне көзін жеткізді. Шынын айту керек, күдігі бірден сейіле қойған жоқ.

Осы жасына дейінгі көрген-түйген, оқыған-тоқыған тәжірибелерін, жоғарының талабын, төменнің тілегін түйіндей келіп, ол үш мәселеге қатты көңіл бөлді. Олар — кадр, құрылыс, кооперативтік өнеркәсіп. Бір қызығы соңғылары жөнінде бірінші хатшы екеуінің ойы үйлесім тауып отырды да, кадр мәселесіне келгенде пікірлері кереғар келе берді. Соның бірі осы Сұрат жайында. Сан қилы шаруаны ақылдасып болып, еңді шыққалы тұрғанында ол жөніндегі әңгімені Нәкеңнің өзі бастады.





  • Сен бізге бірдеңе керек болғанда ғана келесің, сен үшін біз экспедитор да, құрылысшы да боламыз. Ал ішкі шаруаңа араластырмайтын болдың-ау, — деп барлай қарады да артынан:

  • Әрине, қажеті болмаса біздің араласа беруіміз де міндетті емес. Дегенмен, жалпы жағдайды біліп отырғанымыз да зиян емес-ау. «Келісіп пішілген тон келте болмайды» дейтін бе еді, — деп қосып қойды.

Мелс біріншінің жағалатып айтса да, кімді меңзеп отырғанын түсіне қойды. Прокурор бұдан бұрын баяндаған екен. Нәкеңе Сұраттың жағдайын қысқаша айтып шықты.

  • Тағы да тергеуге бердім де?

Бірінші біраз уақытқа дейін үнсіз отырды.

  • Бүйте берсең осы сен кадрсыз қалмайсың ба?

  • Біздің ауданда еңбек ресурсы жетеді, Нәке. Жыл сайын орта мектепті жүздеген бала бітіреді. Соларды үйренуші етіп қабылдап жатырмыз, бір тобына жолдама беріп, кооперативтік училищеге жібермекпіз.

Мелстің жауабы нық та орнықты шықты.

- Қарағым-ау, ол балаларды біз қой бағуға, жүгері есіруге жеткізе алмай отырған жоқпыз ба. Немене, газет оқымайсың ба, өзің?

  • Бізге көп керек емес қой.

  • Ескі кадрларды түрмеге тоғыта берсең, саған да көп керек болады.

  • Менің ешкімге қастығым да, өштігім де жоқ. Бірақ осы қызметті партия сеніп тапсырғаннан кейін мемлекет мүлкін көздің қарашығындай қорғауым керек.

  • Адамды да қорғау керек емес пе?

  • Қорғамайын демейсің-ау. Заңды да, жөнді де біле тұрып қылмысқа әдейі бара ма деймін. Алдыңғыларының аман-есен құтылып кеткендерін көріп-біліп отыр.

Қашанғы әдетімен Мелс тайсақтамай тік айтты. Сөзінің бір ұшы бұрынғы төрағаға тиіп, ал кейбір ұшқынын Нәкең жаққа да шашыратып алғанын кейін ұқты. Бірақ ауыздан шыққан сөзді қайтып жинап ала алмайсың. Үлкен кісінің көзінің асты жыбыр ете қалды. Бұл жақтырмағанының белгісі, мұны алдына көп келіп, мінезін алғандар болмаса, басқа жұрт байқай бермейді. Өйткені аққүба өңі өте сирек өзгереді. Қазір де қалпын бұзбаған күйі:

  • Осы сенің әкең қай жылы дүниеден өтті ?— деп оқыс сұрақ қойды.

  • 1955 жылы.

  • Ал Сұрат әкесін көрген де жоқ, соғыста өлген. Шешесінің етегіне оралып, әркімге бір жалтақтап өсті. Кім маңдайымнан сипар екен, «айналайын, келе ғой, әкеңе тартқан жақсы жігіт болып өс» деп шақырып алып, ет асатар екен, болмаса кәмпит





ұстатар екендеп, көрінгеннін босағасында жәудіреп тұрды. Көзін ашқан күшіктей ел қатарына қосыла бастағаны енді-енді. Шиеттей бала-шағасы бар. Сол бала-шаға тағы да жетімдік көрмей ме?

  • Оны ерте ойлауы керек еді.

Жауабын қысқа берген төраға айтарын айтып салды да, қалың кабағын кере түсіп, қасқайып қарап отыра берді. Кенет Нәкең мырс ете қалды да:

  • Осы сен мені партия қызметкері бола тұрып, қылмысты бүркемелеп, қылмыскерді қорғайды деп айыптап отырсың-ау, — деді.

  • Таңғалып отырғаным рас.

Қыстығып қалғанында көкейіндегі сөзді Нәкеңнің өзі тап басқаннан кейін көмекейінен қалай шығып кеткенін Мелс байқамай қалды. Нәкеңнің жұқалтым жүзіне лезде қызыл жүгірді. Бұл ашулана бастағанының белгісі. «Бүлдірдім-ау» деп ойлады ішінен Мелс. «Партия біледі, сіз білесіз, сіздер елдің қамқорысыздар, бәрін биіктен болжайсыздар» деген сияқты талайлар тоты құстан бетер тоқтамай қайталайтын кезекші сөздерді айта салса, тап қазір аман құтылып кететіні анық. Осындайда оқтау жұтып алғандай иліге алмай қалады. Қарап жүріп қара басына жау шақырады. Не болса да кетті енді, оны қайтып түзетуге бұның тілі құрғыры да бұрыла бермейді.

  • Кешегі ауыр күндер қабырғаңа батқан жоқ қой сенің.

Нәкеңнің қатқылдау айтқан бұл сөзі «әкең ауқатты еді, сен

не қиыншылық көрдім дейсің» болып естілді Мелске, бірақ шымбайын шым еткізсе де, сыр берместен, акырын тосты. Өйткені біріншінің жөткірініп алғанынан тосын әңгіме бастап келе жатқанын пайымдады. Жалпы, жасы алпысқа іліккен бұл адамның Мелс ұнататын қасиеттерінің бірі адам тартқыштығы. Ауылдан келген карт болсын, жоғарыдан келген дәрежелі кісі болсын, байыппен айтатын байсалды әңгімесімен үйіріп әкетеді.

  • Сол қиындықты біз көрдік те, көрсеттік те. Сонау бір жылдары талай бейшараларды бір қадақ бидай үшін шырылдаттық. Несін жасырамыз, түрмеге тоғыту деген бізден қалған.

Нәкең тынысын тереңнен алды. Онысы бұл мойындаудың оңайға соқпағанын сездіріп қана қоймай, өткенге деген өкініштің өзегін өртеп тұрғанын да білдірді, сырласуға шақырғандай болған әңгімесімен Мелстің де жүрегін жібітті. Бұл кезде ауып бара жатқан күн аупарткомның ауласындағы талай заманнан тұрған тарлан тораңғының ұзарған көлеңкесін кеңсе ішіне қуып тыққан. Соның бір пұшпағы келіп біріншінің жүзіне жартылай түскенін Мелс жаңа байкады. Нәкең сөзін қайта жалғағанда сол көлеңке ме, әлде көзінің асты ма, әйтеуір бірдеңе жыбыр ете қалғандай



болды. Қоңыр даусында бұрын байқай бермейтін мұңды сарын сезіледі.

Жыл он екі ай күнді түнге, түнді күнге ұрып еңбек еткенде өздері өсірген өнімнен өзектеріне ештеңе түспей, аштан қырылған кезі де болды бұл елдің. Естерін жиғаны енді емес пе? Сондықтан Сұрат сияқтылардың қателігіне гуманистік тұрғыдан келуіміз керек.

Соңғы сөзді естігенде жаңа ғана жіби бастаған жүйкесіне қатқыл бірнәрсе тигендей тіксінген Мелс жүзін алдындағы кісіден аулада қарауытқан алып тораңғыға кілт аударып, үнсіз қадалды да қалды. Өйткені бастапқы әңгіменің бағыты бұлт ете қалып, іле уәж айту үшін ойын жиып алуға мүмкіндік бермей тұр. Тағы да бұл күтпеген сөз шықты алдынан. «Сұрат сияқтылардың қателігі...» Апыр-ау, осы да қателік пе? Бірінші жақында болған пленумда ауданда социалистік меншікке қол сүғушылықтың белең алып кеткенін, құқық қорғау органдары, тиісті мекеме басшылары (оның ішінде Құштарбеков те аталды) мұндай қылмыспен күресті пәрменді жүргізбей отырғанын ашына айтқан. Иә, онда қателік емес, қылмыс деп атап көрсеткен. Тек ол кезде үлкен кісі үлкен мінбеден сөйлесе, бүгін қызметте қалу-қалмауы өз қолында тұрған адамды еш куәсіз есікті жауып алып, оңаша жәукемдеп отыр.

Солай, жолдас Құштарбеков, біздің басты байлығымыз адам, басшы қарамағындағыларға қамқорлық жасай білуі керек.

Сөз сонымен бітгі дегендей ол орнынан тұрып терезенің пердесін жапты да, жарықты жақты. Сол кезде көкжиектен ұрған күннің кешкі қызғылт сәулесін де, жаңа ғана жүзінде ойнаған көлеңкені де неон шамдарының жасанды жарығы жойып жіберді.

Оның пленумдағы сөзі көкейге қандай конымды болса, қазіргісі де орынды, жөн емес деп қарсы дау айту қиын. Шынында да, «аурудың алдын ал» дегендей, қылмысты ашқаннан гөрі болдырмаған дұрыс. Демек, таяқтың бір ұшы Мелстің өзіне таянып келе жатыр. Төраға болғалы жылға жуықтады, талан-таражға жол беріп, осы уақытқа дейін ай қарап отырған ба, біріншімен бұдан әрі ырғаса берсе, әңгіме осыған тіреледі. Нәкең олай демесе де, «жолдас Құштарбеков» дегенді нығарлаңқырап жібергенімен білдірді, ал орнынан тұруы арқылы, осы тойғаныңмен қайт та, айтқанды орында дегенді сездірді. Бұған да көнбей көкезулендің екен, мәселе басқаша қойылып және ол Сұраттан бұрын шешіліп кетуі әбден мүмкін. Бұл кезде дүкендерді апталап жауып қойып жұргізген ревизиялары, сауда мәдениетін көтерудегі азды-көпті шаралары, қызмет көрсетудің озық үлгісін енгізудегі талпыныстары, салқын сусын цехын салып, тұңғыш кулинария дүкенін ашқаны, сауда орталығы бітсе, кондитер және шұжық цехтарын салу көңілінде жүргендігі, бәрі




де қараң қалады. Өзі өлмес-ау, бірақ бұл жұмыстың қиындығы мен қызығын мойындап, жанына жақын тұтып келе жатқанда өмірге қажеттілік оятқан арман-мақсаттары желге ұшады. Бірақ адал ниеттен туған ойыңды да ашып айта алмай, басқаның бұйрығына басыңды шұлғып өтуден артық корлық бар ма бұл жалғанда. Оны қорлық емес, қайта «заманың түлкі болса, тазы болып шалу» деп жүргендер де аз емес, әрине, тіпті тарақаннан да көбейіп кетті. Алайда Мелс өзін әзірге олардың қатарына қосқан жоқ еді, енді қырықтан асқаннан кейін өзгере коймайтынын да сезеді. Өз бойындағы іліп алар қасиеті болса, сол принцип екенін жақсы біледі. Ел де оны сол үшін сыйлайды, жауы да сол үшін көп. Сондықтан да бұл жерде үндемей қалу өзін табанға салып таптатумен бірдей еді.

Сұраттың істегені қателік пе, қылмыс па, оны заң орындары айырып беретін шығар, Нәке. Олай етпесек, біздің жүргізген алдын алу, тәрбие жұмысынан да түк шықпайтын болады.

Бірінші бара бер дегендей, иегін еріне көтерді. Кабинет иесінің биіктігін де, алынбас қамалдай беріктігін де, оның алдында өзінің шарасыздығын да көрсеткен осынау тәкаппар қимыл Мелске бөрінен батып кетті. Ол жан дүниесі әлем-жәлем болып, сүйретіліп шықты сыртқа.

Сұрат Нәкеңнің әйелінің бірдеңелері болып келеді деген қаңқуды Мелс естімей калған жоқ. Бір мықтысы бар екенін Сұраттың бет аузы-ақ айқайлап айтып тұрады. Ревизия қорытындысынан кейін төраға шақырып алып сөйлескенде де, жиналыста да өкініш білдірмек түгіл, «сендер маған түк істей алмайсыңдар» деген кейпінен айнымады. Оның бұл қылығы ештеңеден беті қайтып көрмеген Мелстің жынына тиіп, орынбасарларының да, басқалардың да, «тез арада төлетіп, жабулы қазанды жабулы күйінде қоя салайық» дегендеріне көнбеп еді. Енді, міне, сол қылығы күткендей-ақ алдынан шығып отыр.

Біріншімен арасына сол жолы түскен сызат бұдан былай қарай бірте-бірте кеңи берді. Соған себепші болған Сұраттың да, міне, қазір жолын тосып тұрған сыңайы бар. «Өз істегеніңді аддыңа келтірдім бе» деген тұрыс бұл.

Көзі кеш ілінсе де, ол ерте оянып, бұрынғы дағдысымен тумбочкада тұрған қол сағатына көз жүгіртті. Оның тілі таңғы 6-ны көрсетіп тұр екен, күнделікті тұратын мезгілі. Сол сәт шалалау ұйқыдан серги қоймаған санасына әлдебір сезім сау етіп құйылды. Соңғы кездердегі көргені мен естігені, миын бізше



шұқылаған сүңгі ойлар қайтадан қаптап, бұны албастыдай басып алды. Ол жастыққа еріксіз жантайды да, қайта ұйықтап кеткісі келгендей, бірауық көзін жұмып тырп етпей жатты. Сонда ғана барлығынан қашып құтылып, тылсым тыныштық табатындай көрінген. Бірақ ұйқыны санасындағы сапалақ ойлар ілезде үркітіп жіберсе керек, жүйкесін қанша жұмылдырғанмен қайырылмады, қайта, жатқан сайын баса түскен «албастының» салмағы ауырлай бастады. Қимылсыздық, әрекетсіздік ой тұтқыны болуға еркімен берілу екенін, оның тіпті одан әрі езіп тастайтынын түсінген ол әлден уақытта еркін жеңіп, «қорғасын» басын әзер көтерді. Өзінің көңіл күйіндегі құбылысты үй ішіне де білдіруге болмайтындығын сезіне жүріп киініп, сыртқа күнделікті тірлігіне шыкты.

Күн бүгін де бұлыңғыр екен. Таң атқанымен, қараңғылық серпіле коймаған. Сәресінің тұсында демін ішіне тартып, айнала бозара бастағанда лебін босатқан аяз жылы үйден шыққан жанның бетін шымшылайды. «Қойларды әзір шығаруға болмас, дегенмен ашық қораға шөп шашып, дайындап қояйын» деп ол қолына айыр алды. Бірақ адамды бірі семіртіп, бірі аздыратын әзәзіл ой аядай ауланың ішінде қайда барып, не істесе де серпілмей қойды. Ой серпілмеген соң, бой да сергімеді...

Осы жылдың басында Нартжан Садықбеков зейнет демалысына шықты. Аудан көлеміндегі осы бір ірі оқиғаны Мелс екі үдай сезімде қабылдады. Бір жағынан, біріншісінің іскерлігіне тәнті. Тамыры тереңге кеткен тынымсыз шалдың облысты былай қойғанда, республиканың қажет деген мекемелеріне еркін кіріп, еміне жай сөйлесе алатын қасиеті бар-ды. Кабинет иелеріне өзін тыңдатып қана қоймай, түйе сұрап, бие алып қайтатынын да талай көрді. Мұнысымен ол ауданның өзге басшыларының алдында бұрынғыдан да тұлғаланып, айбары мен беделі арта түсетін. Екінші жағынан, үлкен істерді атқарып жүрген, бір аймақтың халқы аузына қарап әділдік күтетін адамның пендешілігі де қатты таң калдырады. Сұрат жайындағы баяғы әңгімеден кейін әлде өкпелегенін, әлде кек тұтқанын білмейді, әйтеуір бұған тоң-торыс болды да қалды. «Апыр-ау, сондай үлкен кісі қылмыскерді қорғамадың деп көңіліне осыншама ауыр ала ма? Сонда бір басшының салмағы бір сатушыдай болғаны ма?» деп ойлайды оңашада Мелс. «Рас, сатушы жақыны шығар, алайда осы жұмысты жөндеймін деп мен де талай жақыныммен ат қүйрығын кесіскен жоқпын ба. Іс мүддесін ойлау деген осындайдан басталмай ма?» деп күйінеді,

Бір күні кешкілік үйіне келе қалған Ермұқан бауыры бұның көкірегіндегі сол күйінішке күдік қосып кетті.

Осы сен Нәкеңнің үйінде конақта болдың ба?— деп сұрады ол екеуі дастарқан басында оңаша қалғанда бұрынғы қысыр әңгімесін кілт үзіп.



  • Онда не шаруаң бар?

Сұрағына сұрақпен жауап берген Мелс бауырына мысқылдай, әрі барлай қарады.

  • Әуелі болдың ба, соны айтшы?

  • Ал, болдым.

  • Не апардың?

  • Не апарушы едім? Жеңгең көйлек-кеншек алған болар, қолында сөмкесі бар-тын.

Палуан денелі Ермұқан барылдақ даусымен күлкіні қойып кеп жіберді. Бүкіл денесін гармошкадай бұрандатып, сұқ саусағын құбыжық көргендей шошайтады. Селк-селк еткен еріні әлден уақытта барып икемге келді.

  • Көйлек-көншек! Ха-ха-ха,

Ермұқан кайтадан селкілдеп кетті.

  • Әй, өлтірдің мені. Көкетай-ау, көйлек-көншекпен бір ауданның біріншісі тұрмақ менің колонна бастығым да сөйлеспейді. Сен өзің аспаннан түстің бе, әлде жерден шықтың ба?

- Осы жерде жүрміз ғой әзір.

  • Осы жерде жүрсең, айналандағылардың не істеп жүргенін неге сезбейсің?

  • Е, не істеуші еді, әркімнің өз тірлігі өзінде.

  • Міне, дұрыс айтасың, әркімнің өз тірлігі өзінде, бірақ сенің тірлігің қандай?

  • Қандай болушы еді, кәдімгідей.

- Әй, сен осы нағыз қу болуың керек, — деді бұл кезде күлкіден Әбден арылған Ермұқан. — Жүрісіңнің жымын білдірмейтіннің өзісің-ау деймін.

Ол Мелстің бетіне барлай қарады.

Бауырының ә дегенде айтқысы келген ойы әлі артыңда жатқанын сезген Мелс қарсылық та, наразылық та білдірместен, момақан күйде отыра берді. Не де болса ақырына дейін тыңдамақ. Оның бұл түріне қарап әжептәуір еркінсіп қалған немере ағасы бұған осы жерде үлкендік көрсетіп, көп әңгіме айтты. Бірінші мұны үйіне бекер шақырмаған. Демек, бұл оған ат мінгізуі керек еді. Ал бүгінгінің атының құны жоғары...

  • Мен бәлені білем,— деді ең соңында Ермұқан. — Сұраттың жағдайынан кейін ол сені қырына алып жүр. Бұл шақырғаны соның өтеуі. Мүмкіндікті пайдалана алмапсың. Енді өз обалың өзіңе, Нәкең сені ұзаққа жібермейді, аман-есенінде жылы орныңды іздей берсең де болады. Ал, маған шыныңды айтпай отырған болсаң, өзің білесің. Оның да дұрыс шығар.

  • Болдың ба? — деді ағасы тоқтағанда, әрең шыдап отырған інісі.

  • Ал, болдым.





Ендеше, алдыңдағыны іш те қайқай.

Мелс сөзінің аяғын қатқыл түйсе де, Ермұқан бұған ашуланған жоқ. Аралары бір жасқа да толмайтын болғандықтан, бір-біріне еркін сөйлей беру бала кезден қалған әдет. Оның үстіне, Ермұқан ойын ашық айтқанына, оны Мелстің аяғына дейін тыңдағанына риза болу керек.

  • Е, өзім де түнейін деп отырған жоқпын үйіңе, — деді де, алдындағысын рақаттана алып тастап, анау-мынауды шайнаған күйі орнынан көтерілді.

Десе де ол бүгінгі діттегеніне жетіп, қызметкер інісінің көңіліндегі бір күдікті қозғап кетті.

... Бірінші бұлардан басқа жол бөлімінің бастығын ғана жұбайымен шақырыпты. Тамақ алдындағы үзіліс кезінде:

  • Жеңгей, балалардың бөлмесін көрсетпейсіз бе?— деді жол бөлімінің бастығы, екеуі дәлізде тұрғанда, жандарынан өтіп бара жатқан үй иесі әйелге.

  • Ә, солай ма?— деген кербез кемпір күлімсірей басып барып, бүйірдегі бір бөлменің есігін ашып, әлгіні алдымен жіберді. Оның бұл қылығына мән бермеген Мелс жалғыз қалған соң сыртқа шығып кетті.

Әлден уақытта екі езуі екі құлағына жеткен жол бөлімінің бастығы мұның қасына келіп:

  • Кіріп шықпайсың ба? — деді.

  • Қайда? — деген де қойған қапелімде түсінбей қалған Мелс, — Жаңағы балалардың бөлмесіне.

  • Бағана кіріп шыққанмын.

Мелс солай дей салды.

  • Ә, солай ма? — деді ол да.

Талай-талай тәтті сөздер айтылған сол түнгі біріншінің үйіңдегі қонақасынан кейін де мұның жағдайы жақсара қоймады. Жұмысы ешкімнен кем болмаса да, сауда қызметкерінің тұзы жеңіл келе ме, артынша өткен аудандық жиналыста тағы да сынға ұшырап, керісінше, жол бөлімінің жұмысы көп мақталды. Соның алдында ғана біріншінің үйінде бірге қонақта болған қозы қарын, касқа маңдайлы жігіт бұл күні жайраң қағып жүрді. Сырт көзге сыр бермеймін деп, салмақты қалпын сақтаған болса да, Мелс ауыр ойдан арыла алмады.

Көп ұзамай, сауданың бастығын орнынан алу жөнінде, бірінші өзімен тонның ішкі бауындай болып жүретін кеңесшілерімен ақылдасады. Сонда Мелсті осы Бельгер қорғап қалса керек.

  • Сауда орталығы мен басқа құрылыстары біткенше Кұштарбековке тимеңіз, — дейді ол. — Жарым ортадан басқа адамның алып кетуі қиын. Өзі бастады екен, өзі аяқтасын. Ал дайынға ие болатын адам табылады.





Бірінші осыған тоқтайды. Бірақ дайынға ие болатын адамы сол ма, әйтеуір басқа ауданнан әкеліп Берікті орынбасарлыкқа алдырған. Мұндай лыпып тұратын жігітті Мелс бұрын-сонды көрген емес. Өз бетімен ештеңе тындырмаса да, әйтеуір тапсырма орындауға келгенде тап-тұйнақтай. Мұның өзі бір жағынан Мелске жақсы да болды. Ауданға келетін меймандарды күтудің басы-қасында сол жүреді. Басшылардың өзі төрағадан гөрі сүйкімі бар соны қалайды. Ал Мелс болса, сондай шағын, зиялы топтардың оңаша отырыстарынан шеттеп кеткеніне көп қиналған жоқ. Ақкөңіл Бельгер бұл әңгімені өзі айтып:

Мына сауда орталығының құрылысын Садықбеков зейнет демалысына шыққанша созамын. Содан кейінгісін өзің білесің, — деп күліп алғаны бар.

Сол Садықбеков зейнет демалысына шыққанда сауда бастығының жүгі жеңілдегендей болғаны да рас. Бірақ «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, Нөкеңдікі ызғар болса, ол кеткен соң дауыл тұрды. Жиырма бес жыл бірінші болып, беделі ауданға ғана емес, облысқа да жүрген адамның атақ- даңқы талайдың тынысын тарылтып, ішін қайнатқан ғой. Нәкеңнің қаһары бойында тұрған кезінде қатты тигендері де, қағып тастағандары да аз болған жоқ. Олар бұрын он жылдап ор казғанда ештеңе бітіре алмаған еді. Ал Нәқең кеткеннен кейін топ құрып, белгілі бір күшке айналған ондайлар аудан қамын ойлаған болып, жаңа ұранға өздерінің жеке сүреңін қосып, өш алуға ұмтылуда. Тоқырау заманын шайқап өткен Садықбековті қалай да аман жібермеуге білек сыбанып кіріскендер жоғарыдан да, төменнен де табылды. Төменнен жазады, жоғарыдан тексереді. «Садықбековшілдік» деген термин жиналыстар мен баспасөз беттерінде жиі айтылатын болды. Сол «садықбековшілердің» санатына қосылғандардың алды ә дегендегі дүмпуге шыдамай- ақ, қызметтерін беріп кете бастады. Кетпегендері айтыс-тартысқа араласып, тексеру мен тергеуге түсті. Мелсті де сүріндіріп отырған сол сүрең. Өткен жылы оның облыстағы бастығы жаңарды. Басқа аудандарда әр түрлі басшы қызметтер атқарғанымен, Нарболат Сайгелдиевтің жасы жақындаған шағында өзіне таныс емес салаға келуі жұрттың бәрін таң қалдырды. Ал, сәуегейлер зейнет демалысына шығуына бес жыл бар екен, соның алдында майлы жұмысты әдейі таңдап алған мықты болды бұл деп болжамдайды. Сол Сайгелдиев алғашқы танысқанда-ақ мұнымен сызданып отырып сөйлесті. Мелс оның себебін біле ал май дал болғанымен, жүре келе түсінісерміз деп ойлады. Соның артынша бастығы ауданға келді. Екеуі кешке дейін сауда нүктелерін аралап шыкқанда бастығының қабағынан мұның жұмысына риза, әлде наразы екендігі білінген жоқ. Мелс қешке үйіне тамақ дайындаттырып қойған, оған да бармады. Содан соң, амал жоқ,





конақ үйдің нөміріне алдырып, сол жерден сыйлады. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, даудың басы Мелстің ішпейтіндігінен басталды. Алғашқы тосты құрметті мейманның денсаулығы үшін көтеріп, өзі рюмкасын жартылап қана коя салған.

- Қалдырма, — деді бастығы.

Аға, кешіріңіз, ішпеуші едім.

Сол-ақ екен, Нарболат шарт кетіп, Мелске айтпаған сөзі қалмады. «Бұл қонақ сыйлай білмейді екен, кеудесі өсіп кетіпті. Қошемет, кұрмет көрсететін адамының түрі басқа да, Нарболатты менсінбей отыр екен». Ұрсысының ұзын-ырғасы осы.

Мелс осы арақ тұрған жерде ыңғайсыз жағдайға қалады да жүреді. Ішпейін де демейді, жасынан жақпайды, аузына тисе болды, кұсады. Ал, өйтіп дастарқанның берекесін алуға тағы болмайды. Мұнысын білмейтіндер осылай ренжіп жатқаны.

Алайда Сайгелдиевтің көңілінде одан да бөлек дүниелер жатқанын да сезеді. Бір кезде Садықбеков оны осы ауданға қызметке кабылдамай қойыпты дегенді естіген. Бойынан соның ашуы әлі кетпеген сияқты. «Құрмет, қошемет көрсететін адамыңның түрі басқа» деп жатқаны сол. «Қонақ сыйлай білмейсің» деуінің себебі, келе салысымен Сайгелдиев киік жанын жағалатып сұрап еді, Мелс таза ауаға шығып қайтуға болады, бірақ аулауға рұқсат жоқ қой деп кесіп жауап берген. Бұл ауданның кейбір меймандары әкесінің жекеменшік жайлауына келгендей, жұмысын атқарар-атқармастан зуылдаған бір-бір машинаны мініп алып, киік қуалап кететіні бар. Өзі атпақ түгілі, даланың момын да бейкүнә жануарларының қансырап жатқанын көруге Мелстің дәті шыдамайды.

Ауылына алғаш келіп тұрған тікелей бастығының емеурінін елемей, кесіп жауап беруі, әрине, Сайгелдиевтің көңіліне қатты тиді. Тіпті түсінігіне сыйдыра алмай, ақырында «бұл Садықбековіне сеніп, басқаны менсінуді қойған жігіт екен» деп түйді. «Кеудең өсіп кеткен» деп жатқаны сол.

Облыстағы бастығының алғаш танысқанда-ақ сыздануының сыры да енді ашыла бастағандай. Ол, әрине, келе салысымен өзі қызмет істейтін жігіттері жөнінде жұрттан пікір жинап, тегін, білімін, жұмыс қабілетін, мінезін сұрастырады. Әрине, ақылшылар «Норматив солай» деген лақап аты әлі қалмай жүрген Құштарбековтің сараңдығын, мінезінің тарлығын «әдемілеп» тұрып суреттеп береді. Оның үстіне, тегі де Садықбековке сай келмей түр. Осындай сауын сиырдай момын халқы бар ауданның саудасын ен байлықтың ішінде отырып ішегі майланбайтын, өзгенің де өзегінен өткізбейтін сараңға беріп қойып, Сайгелдиев тыныш отырмақ емес. Мұның бәрін Мелс те түсінгенімен, амал не, бастықтың алдына түсіп алып әке-көкелеп, не болса да





айтқанын істеп жорғалай жөнелу ол үшін жат мінез. Ертеңіне бір саланың тағдырын тізе қоса шешіп, бір мүддені ғана жақтауға тиіс облыс пен аудандык екі басшы өзара салқын коштасып, екі қилы пікірмен ажырасты. Көп ұзамай араларында телефонмен айтылған әңгіме жұмыс жайлы болғанымен, сол екі қилы пікірдің ұшқынын жалындатып жіберді.

  • Жоспар қалай? — деді бастығы ай-шай жоқ.

  • Аман-есенсіз бе? — деді бұл жауаптан бұрын.

- Иә,—деп салқын дауыспен қысқа қайырды бастығы, мұның амандасқанына жауап бергенін, әлде сөйлей бер дегенін белгісіз қылып.

Дегенмен де онысы «менің де есендік сұрасатын адамым бөлек, ал сен сұрағыма жауап бер де ресмиліктен аттама» дегендей көрінді. Мұны сезген Мелс те:

  • Орындаймыз, — деген бір ауыз сөзден әріге баспады.

  • Қанша орындайсың?

  • Жоспардың өзінен әзер шығамыз.

  • Маған асыра орындағаның керек.

  • Оған мүмкіндік жоқ қой.

  • Тап.

  • Ең болмаса аздап импорт берсеңіздерші.

  • Фонд жоқ, берілмейді. Бірақ айтқанды қалай да орындайсың. Жоспарға кемінде жүз мың сом қосып әкелесің.

Мұны естігенде онсыз да қарасұр жігіт одан әрі түтігіп кетті. Қайратты қара шашы тұрмақ, жайшылықта біліне бермейтін бет түгіне дейін едірейіп шыға келді. Телефоннан шанқ-шаңқ еткен дауыс миын шаққан сайын ішіндегі уыт- ызасы бұрқылдап қайнай бастады. Ақыры сол ыза толыса бастаған денесін кернеп, орнынан еріксіз көтерілді. Телефондағы дауыс әлі сақылдап тұр. Реті келген жерде бұл да шап етіп, іш ашуын сездіріп қалды,

  • Көз бояуға бара алмаймын.

  • Қайда барсаң, онда бар. Бұл облыстың шығуы үшін керек, орындамайды екенсің, сенімен басқаша сөйлесеміз. Әбден құмның арасын еркін жайлап, ешкімді мойындамайтын болып кеткенсіңдер, енді күндерің өтті сендердің!

Кұлағынан кіріп, миын сан рет шаншыған сүңгі сөздер кенет сап тыйылып, телефонда «гук-гук» деген қысқа сигналдар ғана қалды.

Бастығының соңғы сөзіне таң қалғаны сонша, «солай, солай» деген сол сигналдарды тыңдап, меңіреу жанша мелшиіп біраз отырғанын Мелс сезбеді. Тіпті әлгінде алқымынан алған ашуы да оттан түсірген сүттің көпіршігіндей сап басылған.

  • Мынаның дені сау ма? — деді әлден уақытта қолындағы құлақшаға қарап. Санасы өзіне қайта оралғанда аузынан шыққан





алғашқы сөз осы болды. Сонда ғана құлақшаның әлі қолында екенін байқап, орнына қойды.

Мелстің ең жек көретіні жұмысының өзгергені емес, бастықтарының ауысқаны. Өзінің де оларға бірден жұғыса кететін қылығы жоқ болғаңдықтан, қашан түсініскенше ырың-жырың болып жүргені. Бірақ бұған дейін талай бастықты өткерсе де, олардың ішінде тап осындай ұрдажығы сирек. Шаруашылықта жүргенінде биені байталға, қойды тоқтыға айналдырып, өлгенін лажсыздан сойылды деп айтатындарды көріп еді. Малшы айналайындар бәрін өз мойнына алып, жемесе де жедім деп, айырмасын төлеп жатқан соң экономист те, бухгалтер де аса үндей қоймайды. Өйткені бұлар үшін есеп түгел. Соның өзінде ол жоспардың жалған орындалуына жібермей, тізгіндеп отыратын.

Ал, сауданың жөні тіпті бөлек. Мұнда қолдан дефицит жасап, бұлдап сататындар, ұрлық дүние әкеліп, дүкен арқылы өткізіп жіберетіндер, бүлінбеген тауарларды шіріді, құрыды деп акт жасап, ал іс жүзінде елге сатып, ақшаны бөлісіп алатындар табылады. Бірақ ондайлар алдымен айналымға түсетін ақшаны түгендейді. Айналасы үш-төрт жылда мұның бәрін кездестірген Мелстің саудада көз бояп жоспар орында дегенді естіп тұрғаны осы.

Сонда бұл жаңа бастықтың кешелігі ме, болмаса Құштарбековке жасап отырған қысастығы ма? Екеуі де бар-ау . «Енді күндерің өтті сендердің» деп қоқан-лоққы жасағаны «сиынған Садықбековің кетті, сен де маған керек емессің» дегені. Ал «тап, орында» деп үстел тоқпақтап, буынсыз жерге пышақ ұруы — кесірлікпен бірге, келе салып көрініп қалудың қамы, өзі айналысқан шаруаны терең талдап, зерттеуге бас қатырмай-ақ жұмыс істеудің ең оңай жолы. Алайда Сайгелдиев соншалықты жайдақ бастық болуы мүмкін емес, айланы араластырмай-ақ, Мелсті айбармен алғысы келуінде үлкен айлакерлік жатыр ма деп қорқады. Жоғарының қысымы қызметінен айрылып қалудан қорқатын төмендегілерді қашаңда өтірік мәлімет беріп, көз бояуға мәжбүр етіп келеді. Ол ауылдан ауданға, одан облыс пен республикаға, тіпті одаққа жетіп, Сайгелдиев сияқтылардың қолдан қостырған жүз мың сомы миллиардқа айналып кетеді. Өйткені әр жердің өз Сайгелдиеві бар. Әрине, жалған цифр ешкімге киім де, тамақ та, рухани қажетіне өтеу де болмайды. Бұлар үшін ең бастысы сол цифрлардың өздері отырғанда қампиып тұруы. Соның арқасында олар тағы өседі, қартайғанда тағып жүретін наградаға ие болады. Алайда тап осы жерде Сайгелдиев көздеп отырған тағы бір мақсат бар. Егер Құштарбеков оның қаһарынан қорқып, айқайынан үркіп, айтқанын істей қойса, өмір бойы сол қылмысым ашылып кала ма деп бастығының да, басқаның да алдыңда қояндай жымып жүреді.



Содан кейін Сайгелдиевке оны қолында ойнату түк емес. Керек болса, кажет кезінде қылмысты өзі ашқан болып, қолдан қиып жібереді. Ал Құштарбеков оған «бұл қылмысты сен істеткенсің» деп айта алмайды, айтқан күнде де дәлелденбей, қайта жұртшылық алдында жалақор атанып, өзі масқара болып қалады. Міне, бұл айбардың астары қайда жатыр. Алайда өмірінде ондайдан опық жегендердің талайын көрген Құштарбеков те торға оп-оңай түсе салатындардан емес. Тіпті тап қазір ешкімнен ыға қоятын, жүзін төмен салып, қорғаншақтайтын ыңғайы да жоқ. Өткен жылдан бері жоспар тұрақты орындалып келеді. Сауда тәртібі мен мәдениеті нығайып, дебиторлық қарыз түгелдей өтелуге таяу. Нөкең мен Бельгерге тыныштық бермей жүріп, бүкіл ауданның сауда нүктелері түгелге жуық жаңа жайларға көшірілді. Ауданда бұрын болмаған салқын сусын, балмұздақ цехтарын, кулинария дүкенін ашты. Енді кондитер цехының қамында жүр. Шалғайдағы аудан үшін айналдырған үш-төрт жылға аз шаруа емес бұл. Сейлессін сөйлесетін жерінде. Ойын осылай түйіндеген Мелс облыстық басқарма мәжілісінде ауданның сауда жайын тыңдауға материал дайындауға келген тексерушілерге де аса мән бере қойған жоқ. Олармен айналысуды орынбасарына жүктеп, өзінің негізгі шаруасымен болды. Бұнысын, әрине, тексерушілер Мелстің астамшылығы деп қабылдады. Тапсырма да солай болды ма, қатқылдау тиді. Ал бастық басқарма мәжілісінде бұнымен шынында да сөйлесті. Телефоннан естігені ештеңе емес екен, мұндағы сойыл сөздердің соққысын өмір-бақи ұмытпайтын шығар. Жүрегі әлсіз болса, инфаркт алып, о дүниеге аттанып кетуі де ықтимал еді. Тұнғыш рет қаны басына шауып, көзінің алды тұманданғаны да сонда. Ал, басқарма мүшелерінің шаруа жайын ойлаған оралымды басшыдан айқайласаң үніңді естімейтін мылқауға қалай, қашан айналып үлгергенін өзі де түсінбей қалды. Осындай шарасыз күйге түскені өмірінде бірінші рет шығар. Айтқан дәлелінің бәрі қайта айналып өзіне оқ болып қадалып жатты. Бір фактіні оп-оңай оң айналдыруға да, теріс айналдыруға да болатындығын тұңғыш рет сонда түсінді. Ол бесжылдық жоспарды қамтамасыз ете алмапты (соңғы екі жылда орындалғанын ешкім есепке алмады). Жүз мың сом дебиторлық қарызды әлі өндірмеген (төрт жүз мың сомды қандай күшпен өндіргені елеусіз қалды). Кадрларды тәрбиелей алмайды екен, олардың арасында тұрақтылық жоқ. (Сонда қылмыскерлерді стат-мәлімет үшін орнында қалдыру керек пе?) Мұның бәрі түк емес-ау, ең ауыр соққы бұл мүлде күтпеген жерден тиді. Мелске көктемеде Украинадан дайындалған шекерді айып қылып тақты.

Өзіміздің қант зауыттары тұрғанда жердің түбінен килограмы бір сомнан қымбат шекер сатып алуға кім право



берді! — деп үстелді тоқпақтады бастық.—Білеміз, колдарың таза емес сендердің!

Төрағаны сауда жөніндегі орынбасары Шара Манарқызы куаттады. «Құштарбеков кезінде ешкіммен келіспепті, акылдаспапты. Енді қымбатқа келген сол шекер айналымға түспей, босқа қатып жатыр. Нарболат Сайгелдиевич дұрыс айтады, бұл нағыз қылмыс». Ескінің көзіндей кадр жөніндегі орынбасар Сәкең қорғаған болып еді, жаңа төраға қаға берген соң, сөзінің аяғы міңгірге айналып барып жұтылып, орнына қайта қонжиды. Енді кайтсін, зейнет демалысына бір-екі жылы ғана қалып тұр, ендігі жерде өз басын аман алып жүрсе де жаман емес. Ал істің жайын жақсы білетін дайындау жөніндегі орынбасар жақ ашпаған күйі кетті мәжілістен. Бәрінің аңдығаны Құштарбеков болып тұрғаңда амбразураның аузына кеудесін тосып не жыны бар.

Басқарма мәжілісі Мелсті орнынан алып, шекер мәселесін тергеу орындарына беру жөнінде бірауыздан қаулы қабылдады. Мелстің өте-мөте күйінгені орнынан түскені емес, шешімнің «бірауыздылығы» болды.

Мәжілістен шығысымен елдің бәрі бұны байқамаған болып, жөн-жөнімен кетті. Сәкең ғана бірдеңе дегісі келгендей дәлізде бөгеліңкірегенімен, бастықтың кабинетіне қайта-қайта жалтақтайды. «Бастық шығып қалса, менімен сөйлескенін көріп қоя ма деп қорқып тұр-ау» деп ойлаған Мелс ертелі бері тұңғыш рет мырс етті де, оның жанына тоқтамастан өтіп кетіп, ауылына тура тартты. Алыс жолдьың үстінде ғана өз қабырғасымен кеңесіп, өз ойына ерік беріп, әлгілердің әрекетін санасымен саралады. «Кеше ғана жора-жолдас, әріптес болып, арқасынан қағып жүргендігін былай қойғанда, істің жағдайын жақсы білетін мамандар неге үнсіз қалды? Көктерек тұтынушылар қоғамының соңғы уақыттарда жоспарын тұрақты орындап келе жатқан облыстағы санаулылардың бірі екенін, Мелс келгелі атқарылған басқа да көп жұмыстарды дәлел-түйінмен неге айтып бермеді олар? Сөйтіп, сыңаржақ соқкыдан неге арашалап алмады?

Жоқ, олар үйте алмайды. «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрмеу» Мелс ат жалын тартып мінгелі келе жатқан жазылмаған қағиданың тағы бірі. Өйткені сол жерде бұған болысып, позициясын ашық білдіруге жаңа бастық әлдеқалай ойлайды деп қорқады. Ондайды біріншілер маған қарсы ұйымдастырылып отырған сабботаж деп ұғуы әбден мүмкін. Солай ойлады дегенше, өздерінің де артына түрткі түсіп, жаңа бастықпен қоса келетін кадрларды іріктеу науқанына аузы батырлардың аддымен ілігіп кете беретіндігі сөзсіз. Бәрінің де пенде болған соң пендешілігі, жұмыс істеген соң кемшілігі бар, ақжүрек көрінсе, ертең арты қоқырсып шыға келеді. Тіпті сол ақжүректің бірі Мелс емес пе еді, ақыры не болды?





Ал жаңа келген бастық қашан да періште, Сайгелдиев те не істесе де, ә дегенде істеп қалуы керек екенін жақсы біліп отыр. Қазір оның қолын ешкім қақпайды, бірер жылға дейін қайта қолдайды. Аудандық партия комитетінің де бұл шешімге қарсы болмайтындығы анық. Өйткені, садықбековшілермен күрестің штабы жоғарырақта да, алғы шебі сол. Бағана төраға «білеміз, колдарың таза емес сендердің» дегенді бекар айтқан жоқ. Неге сенің емес, сеңдердің дейді? Сонда Құштарбековке кімді қосақтап отыр? Дәлірек айтқанда, Құштарбековті апарып кімге қосақтағысы келеді? Аудандық партия комитетінің алдымен өздері қарамай, облыста қаратып алуында да үлкен саясат бар. Қалай дегенде де, Құштарбеков ауданға беделді басшы, бет көрсе жүз ұялатындары көп. Оның атқарған жұмысы да халықтың көз алдында. Ал бұл жерде тексерген де, орнынан алған да облыс, онда істің жайын жақсы білетін білгір мамандар көп, олардың шешімін бекітпесе болмайды. Шынында да, солай болды.

  • Сонау Украинадан бір сомнан шекер алып, оны мұнда қаншаға сатпақсыз? — деді жаңа хатшы. — Қымбат шекер кімге керек?

  • Біріншіден, біздің облыста қызылша өндіру екі есе кеміп кеткенін өзіңіз жақсы білесіз. Екіншіден, мен оның өзін сатпаймын, одан конфет, науат жасаймын. Сонда үстінен бір-бір жарым сом таза пайда түсіремін.

  • Цехыңыз қайда?

Оның ең ұсталатын жері осы еді. Биыл жазда іске қосамын деген цехының әлі ізі де жоқ. Оған бөлінген үйді Нәкең кетерінің алдында табан астынан бұзылып, жол бөліміне бергізіп жіберді. Үйің дайын емес деп, облыс жабдықтарды басқа ауданға бөлді. Оның бәрін айта-айта ешкімді мойындата алған жоқ. Мұныкі кінәсін өзгеге арту болып шықты...

Мелс қойларды шығарып, шөпке жапты. Содан соң бастырманың астында тұрған қаракер биені құдыққа алып барып суарды. Қаракер қартая бастағаны ма, өткен қыста құлынын қасқырға жегізіп қойды, ал көктемеде қысыр қалды. Қар қалындау түскеннен кейін құмнан алдырып, байлап отыр. Бұл өңірдің шамасы келгендері соғымды жылына екі рет — біреуін қараша мен желтоқсанның басында, екіншісін ақпанның аяғында сояды. Қаракер Мелстің екінші соғымы. Бала-шағаның басы бар, келімді-кетімді кісі де көп, бір жылқының еті бұйым да болмайды. Оның үстіне, ұзақ тұрса қатып кететіндіктен, сойған жылқыларының бір аяғын, болмаса жарты етін сатып жіберіп, жетпей бара жатса, қой етін араластырады. «Бал ұстаған бармағын жалайды» деген, қалай болғанда да Мелс тұтынушылар қоғамының біраз пайдасын көрді. Өз жылқысын байлап сатса, дүкеннен одан гөрі арзандау ет алады, әрине, төрағаның үйіне





қоңсыз ет жібермейтіндігі түсінікті. Сөйтіп, шілденің кезінде де үйінен қазы үзілмейді. Жалпы, ол әкесінің арқасында дүние таршылығын көрген жоқ. Бірақ оның бәрі адал еңбекпен — Құштекеңнің қолының өнерімен, анасының тырбанған тірлігімен жиналды. Атасы дүниеден қайтқаннан кейін анасы да бұрын қордаланған малдың қорын үзген жоқ. Жесір кемпір көзінің сұғын қадаған ұры-қарыға алдырмаймын деп биесін жетектеп, койып алдына салып, айдап жүріп бақты. Өкімет адамдары келіп, ауық-ауық мал санап, артығын алып кететін, болмаса шырылдатып салық салатын. Мелс оқуда жүргенде санақшылар малға қатты тиіпті. Биесіне мініп, қойын қорғыштаған кемпір санақшылар қайтқанша ауыл көрмей, Шудың қалың жынысының ішінде далаға қонып жүрсе керек. Әркім бір көрсетіп тауып алатын болған соң одан әрі асып, темір жол бойындағы қайын сіңлісінің ауылына шығып кеткен. Каникулға қелген Мелс мұны естігенде қатты намыстанып, апасына:

  • Өкіметтің шешіміне қарсы шығу сұмдық емес пе! — деп дүңк ете қалғаны бар-ды.

Шүйкедей қара кемпір баласының сөзін ауыр алмаса да, бір күрсініп қойып:

  • Малдың бәрін беріп те көргенбіз бір кезде. Сөйтіп, алпыс үйлі «Алғадан» алты шаңырақ қана құдіреттің күшімен құламай қалған, — деді.

Мелс шешесінің сөзін жақтырмай, шырт ете қалды.

  • Түу, апа-ай, қай-қайдағыны айтады екенсіз. Ол кезде іште жау көп еді, қазір заман басқа ғой енді.

Апасы иіріп отырған ұршығын былай қойып:

  • Менің пенсиям қанша, білесің бе?— деп сұрады баласынан.

Мелс шынында да білмейді екен.

  • Саған ай сайын көк тиынын қалдырмай жіберіп тұрмын, енді білдің бе?

  • Білдім.

  • Ал артында екі інің, бір қарындасың бар. Олар не киеді, не ішеді? Тіпті сенің өзіңе киімді қайдан тауып беремін?

  • Енді өкімет те бәрін аламын деп жатқан жоқ қой. Басы артығын ғана.

  • Менің малым артық деп кім айтты саған? Әкеңнен қалған жиырма қой бар, соның оиы жыл сайын сендерге тамақ, қалған оны киім. Ал жылдағы төлі орнын жауып отырады. Өкімет бес- ақ қой қалдырғанда қай жақтарыңа жетеді. Тамағың тұрмақ, пойыз пұлыңа да жарамайды.

Анасының жүйелі сөзіне лайық жауап таба алмаса да, баласы бұрынғыдан бәсеңдеу дауыспен өз көкейіндегі ойын тағы білдірді.

  • Заңның аты заң гой енді, апа. Оны бұзуға ешкімнің хақысы жоқ.





Дұрыс айтасың, сол заңды бұзбау үшін өзіңнің тірлігің болу керек.

Мелс тағы да түсінбей қалды. Кешке дейін күйбең тірлікпен жүріп, әңгімеге араласа бермейтін анасының ойы алысты шалатындығын, әрі оны әдемі жеткізетіндігін біліп, таңғалып отыр.

Бет-жүзінде сан жолақ сайрап жатқан қара кемпірдің алдында оның оқумен түйдім деген ойы түк болмай тұр. Сонда да білімсіздігін көрсетпеу үшін:

  • Қандай тірлікті айтасыз? — деп катқылдау сұрады.

  • Ата-бабаңның айналысып келе жатқан тірлігін айтамын. Құмның ішінде тұрғандар кетпен шабуды кәсіп қылмаған. Өйтпейін демеген шығар-ау, бұл жақта су болмаған. Сондықтан да біздің ауылдың әр түтінінде 25 сотық жері бар дегендері құр далбаса, пайдаға аспайтын жер кімге керек. Оның орнына артық он қой ұстасам болмай ма? Заңды бұзғаным кәні сонда?

  • Ол уставта қаралмаған ғой.

  • Қаралмаса, қарасын. Ақыры елдің қамы үшін шығар ол уставың. Ал бес коймен қалған елдің не істеп жүргенін білесің бе?

  • Не істейді?

  • Ұрлық істейді. Анау Әлікейдің ғой он бір баласы бар. Өзі болса жарымжан, бір айыр шөп көтере алмайды, әйелі де болбырап қалған біреу. Жұмысқа енді-енді жараған үлкен ұлы елдің қойын ұрлап түрмеге түсті. Өзінде жоқ болған соң өзгенікін ұрламағанда қайтсін ол сорлы.

  • Жұмыс істеп ақша тапсын.

Мелс бұлтартпастай көрінген бұл дәлеліне апасы не дер екен деген сыңаймен қарады. Ақылы мен білімі асып төгіліп тұрған студент оқымаған кемпірді дәл осы жерде жеңдім деп ойлаған. Анасы да жауаптан жалтарған адам құсап:

  • Жарайды, сенімен әжікелесіп отырғанда наным күйіп кетер, — деп орнынан тұрды да, есікке жете қайта қайырылып:

  • Он үш жанға екі адамның тапқаны жете ме?— деді де шығып кетті.

Бұл экономика факультеті екінші курс студентінің әлі оқымаған да, ойланбаған да мәселесі еді.

Мелс қызметке араласқан алғашқы жылы тағы да жеке меншік малға қарсы науқан басталды. Жас маман сөзге келместен, артық малының барлығын өткізіп жіберді.

Анасының: — Шырағым-ау, ертең үйленбейсің бе? Тойды немен өткіземіз? — дегеніне:

  • Айлығымнан жинаймын, — деп сенімді айтты.

  • Қалыңсыз кыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды, оны қайтесің? — деді анасы.





Қалың-палың, кәде-мәдеңді білмеймін, білгім де келмейді, — деді баласы.

Содан бес-алты жылға дейін бұлардың тұрмысы оңалмай қойды. Өйткені, бәрі де болды. Ол аз десең, қарындасы ерге шығып, інісі де аяқ астынан үйлене қалды. Олардың да тойын өткізіп, кәдесін жасау Мелстің парызы екен, соны өтеймін деп жүргенде қарызға батып болды. Тұңғыш қызы дүниеге келген жылы әкеден қалған жалғыз қара қасқа сиыр батпаққа батып өліп, бұлар сәбиге беретін сүт тұрмақ, шай қатықсыз қалды. Мелс қанша күтсе де, газеттерде жазылып, жиналыстарда айтылып жүргендей, ауылдың дүкендеріне ет те, сүт те, нан да түспей қойды. Тіпті шаруашылықтың сиырларының өзі жазда ғана сауылатын. «Қыңыр» экономисті совхоздың директоры да жарытқан жоқ. Қоғамдық тамақ есебінен өзгеге семізін берсе, бұған анда-санда бір ауру, лажсыз сойылған қойды совхоз малына жаны ашыған түр көрсете отырып, қинала босатты. Бірдеңе жаздырып алуға алдына келген сайын мұны қажап, қағытып, миын шұқылап, жүрегіне ине сұғып барып берді. Жұмыс бабындағы жолсыздыққа шақ ете қалатын жас маман қу тамақ үшін бұған көнді. Ақшасын төлеп алып отырса да, тап сондай сәтте директордың алдында айыпты адамдай болып, талай рет көзімен жер шұқылады. Бірақ сонда да совхоз жұмысына келгенде «норматив солай» деген принципінен тайған жоқ. Тек анасының бір кезде айтқан «өзінде жоқ адам өзгенікін ұрлайды» деген сөзі ойына қайта-қайта оралатын болды. Ауылда тұрған соң малсыз қүн коре алмайтынын түсініп, үй шаруасымен мықтап айналыса бастады. Анасы да өмірден қайтқанша тірліктен қалған жоқ. Кейіннен балалары да қолғанат болды. Олар он шақты жыл өткенде қайтадан қордалы отбасының қатарына қосылды...

Сырттағы шаруаны бітіргеннен кейін жуынып-шайынып шайға отырғанда ғана Мелс еңсесін басқан ауыр ойдан бір сәт ажырағандай болды. Тамақ кезінде дастарқан басында түгел отыру бұл үйде ежелден қалыптасқан әдет. Үй-іші болып шүйіркелесетін сәті де осы. Әрине, таңғы шай ерте ішілетіндіктен, балаларға қиындау. Бірақ ондай жеңілдік мектеп жасына іліккеннен кейін ешқайсысына берілмейді. Марқұм апасы келінін де ә дегеннен-ақ солай үйретіп еді. «Ұйықтасын да» деп Балым қанша ара түссе де, ересектермен бірге оларды да оятып, тірлікке ерте араластыратын. Енді сол тәртіпті бұл үйде Балымның өзі қадағалайды. «Келін қайын ененің топырағынан жаралған» деген сөз де содан қалған шығар. Кейде тіпті Мелс оны өзінің анасына



ұқсатып қалады. Ал алғашқы түскен жылдары басқа өңірде өскен Балымның көп қиналған, тіпті енесімен ұрысып қалған кездері де болды. Бірде Мелс жұмыстан ертелеу келсе, апасы келініне өрмек тоқытып отыр екен. Балым, оның жіптерін дұрыс іліп ала алмай, болмаса байқамай тарқатып алып әуреге түсуде.

  • Білгеннің зияны жоқ, шырағым, үйреніп ал, — дейді ене.

Бізге алашаның керегі не, қазір еденге жеңіл кілем төсейді, — дейді келіні.

  • Еденіңе төсейсің бе, жоқ па, оны өзің білесің. Бірақ саған үйретіп кету парызым, бұл ене мұрасы, — дейді анасы.

Бүгін де күндегі қалыппен барлығы ас үйге жиналды. Самат, Арнат, Саят, Бақыт таңертеңгілік оқитындықтан, бірін-бірі түрткілеп отырып, шайды асығыс ішті де, сабаққа апыл-ғұпыл жөнеп берді. Олардан кейін еріне бүгін не істейтінін, қашан келетінін айтып болып, Балым да орнынан қозғалды. Үйде екінші сыныптағы Жандос пен әкесіне шай құйып беру міндеті тиген төртінші сыныптағы Ләззат қалды. Бұрын әдетте бұл кезде Мелс жұмысқа жинала бастайтын. Сол есіне түскенде жан дүниесі тағы да құлазып, қозғалақтап кетті. Әкесінің көңіліндегі әлдебір құбылысты сезген және бүгін неліктен үйде қалғанының себебін де білетін сезімтал Ләззат та үнсіз. Тек кенжесі Жандос қана ұйкысы әбден ашылған соң, ештеңе болмағандай, кеше басынан кешкен оқиғаларын боратып отыр. Айтып отырса, бұлар шеттерінен каратистер көрінеді. Үшіншінің балаларымен шайқасамыз деп Саян дейтін жолдасы мойнын ауыртып алыпты. Өйткені, ол тоңқалаң асып жығылуды білмейді. Ал Жандос оны жақсы жасайды. Содан кейін дене тәрбиесінің мұғалімі бүларға сендер бағдарламада жоқты жасамаңдар деп ұрсыпты. Сынып жетекшісі де келіп, үлкен айқай болған. Кенет Жандос та үнсіз қалды. Содан соң әкесіне жәутең етіп бір қарады да:

  • Енді Эдик ағай біздің үйге келмейді ғой, ә, — деді.

Жалт қараған Ләззат:

Тұштаңдамай тыныш отыршы-ей,— деп інісінің сөзін қағып тастады да, әкесіне ұрлана көз жүгіртіп қойды.

Эдик Мелстің тізгіншісі болатын. Демек Жандос та бәрін естіген болып шықты.

  • Келмейді,—деді Мелс, — өйткені мен демалысқа шықтым, ал одан кейін басқа жұмысқа ауысамын.

  • Тағы да машинаңыз бола ма?

  • Оны білмеймін.

Байқайды, Жандосының көңілі бәсеңдеп қалған сияқты. Балаларының ішінде ес білгелі есігінің алдынан машина көріп өскені осы. Бұлар дайынға келгендер ғой, бәрі солай болуға тиіс деп есептейді. Бірақ, құдайға шүкір, балаларының оқуы да, тәртібі де жаман емес. Аудан орталығына көшіп келген жылы ол





мынандай бір көріністі байқады. Республикадан келген меймандарды тамақтандыру үшін ертелеп қонақ үйге келген. Буфеттің қуысында ұсқындары қашқан екі бозбала тұр. Жап-жас болса да, беттері мыжылып, көздері кілегейленіп кеткен. Ол онша мән берместен, қыздарға шаруасын айтты да, жоғарыдағы меймандарына көтеріліп кетті. Әлден уақытта төмен түскенде, әлгілердің көздері жайнап, жүздері жылтырап қалыпты. Бұл екеуін ол гастроном мен тамақтандыру орындарының маңайынан бұдан кейін де жиі көретін болды. Содан соң кім екен деп сұрастырса, ауданның екі білдей басшысының балалары екен. Екеуі де еш жерде жұмыс істемейді, «денсаулықтарына» байланысты академиялық демалысқа шыққан студенттер. Ал үйлерінде істейтін тірлік те жок. Өйткені, үйлерінде сиыр ұстамайды, сүтті фермадан алдырады. Ет, жеміс-жидек те өзі келеді. Ауылда тұрып қызмет көрсету дәрежесі қаладан артық болған соң, бұл жігіттер ермекті көшеден іздемегенде қайтсін. Ал әке-шешелері болса, ертеңнен қара кешке дейін ел қамындамыз деп жүр. Балаларын бакылауға мұршасы жоқ.

Осыны ойлағанда Мелстің денесімен зу етіп бір толқын жүгіріп өтті. Ертеректе ауылда әр баланың қайда, не істеп жүргені әркімге аян болушы еді. Ал үлкен селолар мен қалаларда үйді айналса, ешкімді ешкім біліп жатқан жоқ. Оған шаруасы жоқтық пен тамағы тоқтық тағы қосылады. Мыналардың жүрісі соның тікелей салдары. Есіне тетелес өсіп келе жатқан Гүлжаны мен Нұрланы, Саматы мен Бақыты қатар түсті. Ләззаты мен Жандосы әзір жас болғанымен, одан үлкендерін тірлік деп жүріп уыстан шығарып алу қиын емес. Сол күні түскі шайдың үстінде ол бала-шағасына өзінің шұғыл шешімін айтты.

  • Биыл жазда үй саламыз, — деді ол.

Бұл тақырып бұрын қозғалмағандықтан, ешкім де жауапты бірден бере қойған жоқ. Тек әлден уақыттан кейін ғана Балым жайлап:

  • Елдің бәрі өкіметтің үйіне ұмтылып жатқан жоқ па? — деді.

  • Ол өкіметтің үйі, ал біздің өз үйіміз болуы керек.

Ерінің мінезін білетін әйелі оның бір іске бекінсе қайта

қоймайтынын түсінді де, одан әрі қарсыласқан жоқ. Анасының келісімін сезген балалары да үнсіз қалды. Ал кішкентай Жандос тіпті қуанып кетті. Әйтеуір бір жаңалық болатынына қуанды.

Көктемде жер алған Мелс үйдің жобасын икемі бар Нұрланға сыздырып, өзі үстінен қарады. Содан бала-шағасымен жабылып, жаздай кірпіш құйды. Қабырғасын қалауды да, өңдеу, әрлеу жұмыстарын да балалары атқарды. Балым аспаз, өзінікі жалпы басшылық. Шілденің күнінде қатты қалжырап кеткендерінде Шуға алып барып, бір-екі сағаттай шомылдырып қайтады. Осылай үш жыл дегенде бітіріп, өткен жылы қоныс тойларын жасады.



Өз қолдарымен салғандыкі ме, балалары үйдің тазалығын, күнделікті әрлеуін айтқызбай атқарады. Оның үстіне Мелс, ілгеріде Құштекең айтатын сөзді балаларына жиі қайталаушы еді. Қоғамдікі деген өзіндікі деген сөз. Жол да, машина да, мектеп пен кинотеатр да барлығы әке-шелелеріңнің қаражатына салынып жатыр. Сондықтан ештеңені бүлдіруге болмайды. Өйтсең өз байлығыңды шашқаның деп үйрететін. Аудан орталығына алғаш көшіп келген жылы Арнат бір қызық оқиғаға тап болыпты. Мектептен кайтып келе жатып орталық алаңдағы скверде екі-үш баланың орындықтың ағашын жұлып алып жатқанын көреді. Арнат оларға;

Сендер бүтін дүниені неге бүлдіресіңдер, бұл әке- шешеміздің еңбек ақысына жасалған,— десе керек. Әлгі балалар алдымен жатып күліп, артынан мұны «коммунист» деп мазақтап, ақырында сабап кетіпті. Арнат та қалыспаған, бірақ көптің аты көп, сөйтіп, сөзін де өткізе алмай, күші де жетпей, әкесіне күйініп келіп мұңын шаққан. Ол баласының таяқ жегенін көре тұра, мұндай мінезі үшін бұл өмірде әлі де талай айқасқа түсуі мүмкін екенін біле тұра, төбелескенің дұрыс болмаған деп айта алмады. Өйткені, жас өскіннің енді қалыптасып келе жатқан бетінен қайтарғысы келмеді.

«Алдыңғы дөңгелек қайда жүрсе, артқысы сонда барады» дегендей, тұңғышы Гүлжан сабаққа зерек болды. Оған өзі математикадан сабақ беретін Балымның да еңбегі зор еді. Ал жазғы каникулға шығысымен балалар киіз үймен жайлауға көшетін апасының қолында болады. Ол кісі «ана көрген алдымен осыны істеуі керек, барған жерінде қолыңнан ештеңе келмесе, мені тілдейді» деп, Гүлжанға күбі пістіреді, тары түйгізеді, жүн түткізіп, ұршық иіртеді. Әр немересі дүниеге келгенде бір текемет бастырып, бір кілем тоқушы еді, жарықтық. Мынаны Гүлжан, мынаны Нұрлан, мынаны Самат төсегінің тұсына ұстайды деп атап-атап қоятын. Кейінірек қабатына Гүлжанды алды.

Қызы оқуға түскенде де әке-шешесіне аса көп ауыртпалық салмады. Алматыға екеуінің де ілесе барғаны рас, Балым болса да консультант рөлінде, ал Мелс - барлаушы. Таңдау — біреу, математика, бірақ қай жерде абитуриент аз, соны сұрастырады. Жұрттың айтуы жаман, мәселе білімде емес, тамыр-таныстық пен қалтада көрінеді. Қабырғасынан өзі кеткен он тоғыз жылда оқу орындарының жағдайы мүлдем өзгеріп кеткен, түсетіндердің тізімі қазірден жасалып жатыр. Қара аспанды төндіретіндерді тыңдайды, тыңдайды да, беттеріне қарайды. Ауылда бір тоқтыға қиянат жасап жүргендердің бары рас, бірақ ұрпаққа, болашаққа қиянат жасады деген не сұмдық деп шошынады. Ақырында ол қашанғы әдетімен мәселені шалт шешті. Ешкімге жалпаңдағысы да, ештеңеге жалтақтағысы да келмей, баяғы ұстазы Будневичті





іздеді. Кезінде мұны жақсы көруші еді. Ілгеріректе зәуімен Алматыға соққанда сәлем беріп тұратын. Соңғы бес-алты жылда хабарласқан емес. Жетпіске жақындап қалса да ұстазы әлі тың екен. Амандық сұрасқаннан кейін Мелс:

  • Баламның дайындығы жоғары оқу орнына түсуге жете ме, соны тексеріп берсеңіз екен, — деді. Алматыда қиын болса, Орталық жаққа әкетпек ойы барын да жасырмады.

  • Бәрің де «балам мықты еді» деп келесіңдер, бірақ ауыл мектептерінің дәрежесін білеміз ғой, — деді ұстазы.

Содан соң:

  • Мен математик емеспін, өзің білесің, дегенмен маман шақыртып көрейін,—деп сәл ойланып отырды да, телефонға қол созды. Әлдекіммен сөйлесіп, келісімін алғаннан кейін, бұған қарап:

  • Есіңде болсын, күшті бала қай кезде де, қай жерде де окуға өзі түседі, — деп қойды.

Көп ұзамай, ұстазының үйіне палуан денелі, еңгезердей жігіт кірді. Ол қысқа сәлемдесті де үнсіз қалды. Альберт Николаевич жағдайды түсіндірген соң Мелсті ас үйге бастады. Гүлжаннан бір сағаттай сынақ алған әлгі математик «талабы мол, дайындығы кез келген оқу орнына жететін бала, тіпті КазГУ-дің мехматына талпынып көрсе де болады» деген байлауын айтты.

  • Иә, ол азды-көпті әділеттілігі бар жер, — деп құптады Альберт Николаевич. Ал, жас ұстаз Гүлжанға баратын факультетінің ерекшелігіне орай консультация беріп тұруға келісті. Сөйтіп, жақсы адамдардың жасандылығы жоқ адал әңгімесін арқа тұтқан Мелс ауылға қайтып кетті.

Бірақ оқуға осылай түскен Гүлжанның кейінгі өмірі ауыр болды. Соны ойлағанда Мелс тіпті өз басындағы қайғысын да ұмытып кетеді. Ақылды, ана көрді деген қызының ойланбастан от басқанына қайран қалып, өкініштен өзегі өртенеді. Сыртта жүрген баланың бар өмірін біле бермейсің. Әйтеуір Гүлжан екінші курстың қысқы сессиясын бітіріп, ауылға бүгін-ертең келеді деп бүкіл үй-ішімен күтіп жүргендерінде үйіне бір топ адам сау ете қалды. Бәрі де өзі танитын көрші ауылдың азаматтары. Қазақ бұйымтайды мейманы аттанарда ғана сұрайды, оған дейін барымен сыйлап, қолын қусырып қызмет етуге тиісті. Мелс те сол салтпенен дастарқан жайғызды. Халқының сол ғұрпын жақсы білетін әлгі меймандары да шаруасын шай үстінде барып айтты. Гүлжан сол совхоздың директорының үйіне келін болыптүсіпті. Бұлар енді ата-анасының алдынан етуге келген беті екен. Мелстің үстінен жай түскендей болды. Қызы ата-анасының ризашылығын алмай кетуге тиіс емес еді. Үш ұйықтаса түсіне кірмеген тірлік. Қызарды, бозарды, күйінді, қызынды, бірақ болған іске шара бар ма? Қолынан келгені — өзімен бірге туған екі інісі әлдеқашан





қалалық болып кеткендіктен, ауылдағы ең жақыны Ермұқанды қосып, Балымды қыздың бөтен босағаны қандай жағдайда аттағанын білуге жіберді. Өйткені, бұл өңірде қызды күшпен әкеліп те отыра беретін ескі әдет әлі ұшырасып тұрады. Бірер сағатта қайтып оралған қуғыншылар:

  • Қыз өз келісімімен барыпты, — деген хабар әкелді. Алайда Балымның жүзі сынық, көңілінде кірбің бар. Ал Ермұқан болса, алдымен айқай шығарып, біраз шаңдарын қаққанымен, артынан сый-сияпат көріп, гүл-гүл жайнап шыға келіпті. Кейін ғана оның кұлағына қызының кенеттен ерге шығуының себебі еміс-еміс естіліп жатты. Қайран Гүлжаны, балаларының тұңғышы да естияры, жерлес болып жүрген жігіттің қармағына алданып түсіпті. Күйеу баласының берекесіз біреу екеніне бұның да көп ұзамай көзі жетті. Тойын өткізгеннен кейін әке баласына «Жигули» сыйлайды. Мұны естіген Мелс тіпті күйініп, құдасына телефон шалды.

  • Баланды қолдан құртатын болдың ғой, — деді бұл.

  • Қайтейін, жалғыз еді, көңілі көтеріңкі жүрсін дедім.

  • Ақшаң тасып бара жатса, үй сатып әпермедің бе?

  • Ол да ойда жоқ емес.

Мелстің айтқаны айнымай келді. Астына азынаған автомашина мінген, ақшаның қадірін білмеген бір үйдің еркесі бұдан кейін кітаптың бетін ашар ма? Онсыз да зорға ілініп жүрген бала лекцияға баруды, тіпті үйіне қонуды мүлдем сиретіп, қызық пен қажеттілікті оқу мен жаңа тұтатқан от басынан емес, күмәнді орталардан іздеген. Сөйтіп жүріп институттан шықты. Енді түрақты жұмысы да жоқ. Ал он екіде бір гүлі ашылмаған Гүлжан болса, мезгілсіз жұлынған гүлдей болып, күннен-күнге солып барады. Оны әке жүрегі сезбейді емес, бірақ не істей қоймақ?

Нұрлан оқуға түсе алмаса да, Мелс оның болашағына сенімді. Ұлының алдына қойған мақсатына әйтеуір бір жететінін біледі. Өйткені, онда Құштарбековтердің нағыз мінезі бар. Тіпті оқуға қиналып түскендердің кейін оның қадіріне жете алатынын да өмірден көріп жүр. Оның үстіне, Нұрлан ақын болуды армандайды. Ал болашақ ақынның алдымен өмірді, өндірісті көргені өте пайдалы. Егер ол баласының бойындағы жай ғана желік болса, өмір бәрін өз орнына қояды. Дегенмен де Мелс оның алған бетінен қайтпағанын қалайды. Өйткені, сондай бір желік кезінде өзінде де болған. Орындалмай қалған сол арманына енді ұрпағы жетсе екен деп тілейді. Алматыға бұл да әдебиетші болсам деп аттанған. Жол жүрер алдында ауруы әжептәуір мендеген Құштекең алдына шақырып алып:

  • Балам, қайда барасың? — деп сұрағаны бар.

  • КазГУ-дің филфагына барамын.

  • Ол не оқу?





  • Қазақ тілі мен әдебиетінің маманы боламын.

  • Оның сөз бе?

- Иә.

  • Іздегенің сөз болса, оны Алматыға бармай-ақ мына ауылдағы Әлекеңнен үйренбейсің бе? Таңертең бастаған әңгімесін кешке дейін бір тоқтамай айтады.

Мелс мырс етіп күліп жіберді. Әлмес ауылдағы әйгілі әңгімешіл адам еді. Бірақ тым көп сөйлейтін болғандықтан, біреулер мылжың шал деп те атайтын.

Құштекең сөзінің қалай әсер еткенін білгісі келгендей, баласының жүзіне назар салып біраз жатты. Шаршап та қалған болуы керек. Сонда ғана Мелс әкесінің қатты қартайып, арып кеткенін байқады. Сәл күшін жиып алған соң жарықтық:

  • Бір-екі ауыз өлеңіңнің желігі ғой сені алып бара жатқан. Есіңде болсын, ақындық деген бойға қонатын әруақ. Біздің тұқымда саусағымен күн көргендер болған, бірақ дуалы ауызды ешкім шыға қойған жоқ, — деді.

Алматыға келгеннен кейін кілт өзгеріп, пойызда бірге келген жолдасына ілесіп экономфакқа бұрылуына әкесінің сол сөзі қамшы болды-ау. Ал Нұрлан болса, екі жыл қатарынан түсе алмаса да әлі күдерін үзбей келеді. Құрылыста жұмыс істесе де, есіл-дерті әлі елең. Күзде барғанда көрді, жалдап алған бөлмесі кітапқа толы.

  • Оқасы жоқ, аға, филфак қабылдамаса да, екі жыл стажбен журфакқа міндетті түрде түсемін.

Қарашы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып, күн болам.

Қараңғылықтың көгіне,

Күн болмағанда кім болам, —

деп бөсіп отыр.

Мелс шайын ішіп бола бергенде Ермұқан кірді. Ентігіп, еліріп кетіпті.

Таңертең жұмысқа барғанда естіп шыдай алмай келдім, ағайын осындайда керек кой, — дейді. Сөзінің төркіні түсінікті болып тұр. Әрі жақынның жанашырлығын білдірген болып, әрі «бастық кезіңде сен бізді бүйтіп іздеген емессің» дегенді емеурінмен танытқаны.

КамАЗ-бен кіре тартып, айына 400—500 сомды күреп жүрген осы Ермұқан бір күні:





  • Жас келе бастаған соң үлкен машина ауыр болады екен, өзіңе экспедитор болсам қайтеді, — деп келіпті.

  • Олардың айлығы төмен ғой, шиеттей бала-шағаңды қайтіп асырайсың? — деген Мелс.

  • Айлығы болмаса, басқасы бар дейді ғой?

Бауырының мұны шын айтып тұрғанын байқаған Мелс:

- Басқасына барып, басыңды бәлеге өзің байлайын деп жүрсің бе? Одан да бала кезіңнен істеген шаруаңмен бола бер, — деп кейіп тастаған-ды. Содан Ермұқан көп уақытқа дейін өкпелеп, үйіне келмей жүрді. Алайда екеуі де бауыр болған соң безе алмайды, араға уакыт салып бәрібір араласып кетеді. Кешегі оқиғаны қайталап айту қанша ауыр болса да, Мелс өзін-өзі зорлап отырып, бауырына қысқаша баяндап шықты. Амал қанша, ағайындық парыз соны талап етеді.

Жай-жапсарға қалыққан Ермұқан қайта елерді. «Біздің атамыздан туымызды көтеріп, жоғарыда біреудің отырмағанынан бәрі, әйтпесе отарымен қойды, табынымен жылқыны ту талақай қылып, аман-есен алшаң басып жүргендер көп қой», — деп күйінеді. «Ендігі жатыстың реті жоқ, куын, арыз жаз» деп ақыл айтады. Бірақ Мелс одан әрі ашылып, ішкі түйінін шығармады. Намыс буып отырған бауырының бұл ұсынысын қоштағанын да, құптамағанын да білдірмеген томырық жігіт түйілген күйі отыра берді. Соны сезген Ермұқан да «жұмыстан іздеп қалар» деп сылтауратып шығып кетті. Мелс тағы да өз ойымен жекпе-жек қалды.

Ол орнынан түскелі де айға жуық уакыт өтті. Оның алғашқы үш-төрт күнінде-ақ үйге сыймай ығыры шыққан соң жігіттермен ілесіп құмға кетті. Осында мал бағатын Балымның бауырының үйінде жатып бой сергітті. Құм ішінің өз ауасындай таза да қарапайьм өмірі мұны кешегі алашапқын жүрістен, өсек-аяң мен бақас-егестен, қыл үстінде жүргендей болып күн кешуден алыстатып, кеудесіндегі көп күйінішті мүлдем ұмыттырып жібермесе де, көмескілендіріп кетті. Бір мезгіл аң қаққан болып, ат үстінде жүреді. Алайда, қолындағы қосауыздың дауысы бір рет те естілген емес. Шынын айтқанда, түз баласы болғанымен, аңшылыққа аса құмарлығы жоқ. Рас, бала кезінде тазы жүгірткендерге бірер рет ілесіп көргені бар. Ал Мөнтекей ақсақалдың қасқыр қақпандарын қайда, қалай салатынын ешкім білмейтін. Тек уыстай ғана шалдың есегінің артында арланның терісі жерге дейін сүйретіліп келе жатқанын қызықтап, ауыл балалары соңынан шұбырып жүретін еді. Ең бастысы дүрегейі



мен тазысы бар, айнала қақпан құрылған ауылдың малына итқұс жолай қоймайды деп есептелетін. Қазір олар жоғалуға жақындады, бүкіл атыраптан ала шапқын болып іздегенде бірлі- жарым адамнан әрең табылады. Өйткені, мылтық келді де, бәрін алмастырды. Мелс болса, суық қарудың даусымен ақ бұйра жалдардың тыныштығын бұзғысы келмейді. Қайта қалың түлейдің қойнына бойлап кірген сайын оның әлі қаймағы бұзылмаған қаз қалпын көріп шүкіршілік етеді. Ұлы мойын атанған осынау иір жалдардың өркештенген жоталарына қарап, шынында да алып түйені көз алдына елестетеді. Ал оның негізгі өсімдігі — шел құмның болымсыз нәрін қорек қылған темірдей берік, тас көмірдей ыстық сексеуіл мен құм тұрғындарының тағдыр-тіршілігі, бойындағы қасиеті егіз сияқты. Бәлкім, құм тұрғындары табиғатына ұксап жаратылған болар...

Мелсті табиғаттың тұнықтығы ғана емес, құмдықтарда сақталып қалған халықтың саналы салт-дәстүрлері де қызықтырады. Бәрінен де малшылардың кешкілік бір-біріне беретін соғым басын айт. Мұндай мағыналы, шежірелі отырыстарды ұмытқалы қай заман. Ол бар екен. Бірін-бірі өтірік мақтап, құр қолпаштау, дәрежесі үлкеннің аңысын аңдып, әңгіменің өзін есеппен айту емес, нағыз көңілмен айту. Әзілі жарасса атасымен де қалжыңдасып жатады. Аңыз да, тарих та, ел мен жер шежіресі де солардың арасында. Селеу мен сексеуілдің, құмырысқа мен қарсақтың, күллі құм мен даланың, төбе мен сайдың қасиеті мен тыныс-тіршілігін тап басып біліп, қастерлеп отырғандар да, даланың осы төл тұрғындары екен. Өйткені, олардың өз өмірлері де табиғаттың өсімдіктерімен, жануар- жәндіктерімен тығыз байланысты. Ел ішінде жүрмін дегенімен, сол табиғатты да, оның ортасында өскен осынау жандарды да өгейсіп қалыпты. Бұлардың әңгімелері мен тірліктері оның санасындағы сонау алыс жылдарда қалған жастық шағының елестерін еміс-еміс есіне салады. Иә, ол кезде де осындай отырыстар көп болушы еді. Онда жастар бөлек, балалар бөлек, қарттар бөлек отырсын деген болмайтын. Сондықтан да үлкеннің әңгімесі мен өнегесін бұлар өз ауыздарынан естіп өсті. Алайда әр нәрсенің өз орны мен өлшемі бар. Бір аптадан артық мұнда да жата алмады. Тағы бірер күннен кейін Алматыға, балаларға жол тартты.

Нұрланы сол баяғы жұмысында, кешкілік өлеңін жазып, әнін салып жүріп жатыр екен. Әдеби кештерге барып, ақындармен араласып, көрініп те қалыпты, Бірер өлеңі жарияланған да. Бірақ Гүлжанының жағдайы бұның жазылып қалған жан жарасын одан сайын жалаңаштап кетті. Кешкілік келгенінде әңіредей үйде қызы жалғыз отыр. Нұрлан бұлармен бірге тұруга ә дегеннен-ақ қарсы болған. Гүлжан «Күйеу балаңыз жұмыста еді, келіп қалар» деген



болды. Бірақ қызы қанша сипақтатқанымен, ері ол күні үйге қонған жоқ. Ертеңіне кешкілік тағы оралған Мелс сол көріністің үстінен шықты. Қабағы ашылмаған қайран қызы көзінің жасын бырт-бырт үзіп отыр. Ол үнсіз ғана шығып кетті. Бір такси жалдап алды да, Алматының ресторан-кафелерін кезді. Бұлардың өзі де бұрынғыдай емес, кебейіп кетіпті, таксист болмаса таппайтын екен. Күйеу баласын ол екінші кеште барып елеусіз бір қуыстағы екі залды шағын кафеден ұшыратты. Шулы топтың ортасында шалқып жүрген жігіт қара көзілдірік киіп, газетпен көзін көлегейлеңкіреп алған атасын таныған да жоқ. Орталарындағы жалғыз қызды Балым бағып отыр, ынтығып, үздігіп алған әйелі екі көзі төрт болып үйде, не оқуда, не жұмыста жоқ мұның жүрісі мынау. Мелс осы бір әлем-жәлем киінген ұсқынсыз жандардың не істеп, не қойғанын ұзақ бақылауға дәті де шыдамады, ал қазір оны айтпақ түгіл еске түсіруге де арланады,.,

Күйеу баламен ертеңіне ұзақ әңгімелесті. Оның ойынша ештеңе де болмаған сияқты. Алматыда жүмыс істемесе де болады екен, өйткені папасы ауылда жұмыс істеді деп еңбек кітапшасын толтырып береді. Ал келесі жылы юрфакқа түседі. Дайындалып, басын қатырып қайтеді, папасы қалайда түсіремін, аман болсам жоғары білім әперемін деп отыр. Сондықтан түскен сон да оқып үлгереді. Екі-үш күн үйде болмаған себебі, армиядан демалысқа достары келіпті. Солардың ауылына барған. Ал Гүлжан қайта бұл жоқта сабаққа жақсы даярланады... Бет-аузы шылп етпестен, барлығын жайбағыстап отыр. Қызымен оңаша сөйлесіп керіп еді, күйеуіне көңілі суығандай, бірақ бір-біріне байланған жіпті бірінші үзгісі келмейтін сияқты. «Не істеймін, не ақыл айтасыз» деп әкесіне жәудірейді.

Он ойланып, жүз толғанған Мелс кызына өз байламын айтты:

  • Мен сені Алматыға не үшін жібердім? — деді ол.

  • Оқу үшін, — деп жауап қатты қызы.

  • Ендеше оқуыңмен бол. Одан кейінгісін тағы көре жатарсың.

Сол күні Гүлжан жатақханаға шығып кетті.

Мелс ауылда жоқта гуілдеген өсек мұны талай жерге апарып тастапты. Ревизия келіп, бүкіл ауданның саудасын тексеріп жатса керек. Беттері жаман. Соны алдын ала білген бұрынғы төраға құмда жасырып қойған көп малын саттырып, Алматыға қуынып кетіпті. Әрі ұстап әкете ме деп қорқып, бой тасалап жүрген көрінеді.

Мұның бәрін Мелс оралған соң амандаса келген Ермұқан айтты. Өткен жолғыдай екіленбейді, елдің алып қашты сөзіне-ақ жүні жығылып қалыпты. «Не бітіріп қайттың» деген сұраулы жүзбен жаутаңдайды.

Немере ағасының тілеулес сезіміне Мелс те толқып кетіп:



  • Қорықпаңыз, Ереке, — деп қыстығыңқырап қалды.

Алайда оның жан дүниесіндегі тебіреністі тап баса алмаған

Ермұқан:

  • Алматыға барғанда бұл бәлені басынан байлап келіп пе едің? — деп күдірейіп шыға келді.

Мелс ағасының табан астында құбылғанына шыдай алмай, күліп жіберді. Оны да өзінше жорыған ағасы тіпті қанаттанып:

  • Көре алмаған көп дұшпан сағымызды сындырып бітіп еді, мұның дұрыс болды-ау, — деп мәз болды.

Осы бауыры қызық, Мелстің бөліп беріп жатқан ештеңесі болмаса да, сыртынан айбат тұтып, арқаланып жүреді. Бұл саудаға бастық болған жылы Ерекең туған ауылына барады да, ешқайда соқпастан, тура дүкенге кіреді. Әшейінде оны адам құрлы көрмейтін дүкен меңгерушісі Нұржамал алыстан ат арытып құдасы келгендей құрақ ұшып қарсы алып, тіпті түсте үйіне қонаққа шақырыпты. Басқа сатушылар да келеді. Қараса, отырғанның барлығы сол Нұржамалдың өрен-жараңдары. Мұның бәрін сезіп-біліп жүрген Ермұқан жұтқыншақтан біраз өткізіп алғаннан кейін ойнайды.

Баяғыда ұн бермей, үнді шәйін бермей қойғандарын айтады. Енді күндерің бітті сендердің деп қоқан-лоққы жасайды. Ақырыңда артығырақ тастап жіберген бе, КамАЗ-ды бұрамын деп жүріп Нұржамалдың сарайының бір бүйірін соғып құлатып кетіпті. Әншейінде шапшып тұрған сатушы шағын бақ тұрмақ, сыр бермей шығарып салады. Мелс бұл әңгімені кейін ыстық-суығы басылған соң естігенде, Ермұқанға оңдырмай ұрысқан. Ал, бұл жолы бауырының бетіне қарап күрсінді де қойды. Тексеру қанша жүрсе де тікелей өз басына қатысты ештеңе таппасын біледі. Алайда, іштей қаупі де жоқ емес, аумағы жүздеген километрді алып жатқан ондаған дүкендерінде неше түрлі адам істейді. Олардың ішінде жақсысы мен жаманы да, адалы мен арамы да көпті көргені мен сауданың әліппесін жаңа үйренгендері де бар. Ақыры орнынан түсіргеннен кейін «тырнақ астынан кір іздеп» бүкіл саладағы кемшілікті қиялап әкеліп өз басына үйіп-төгеді- ау деп қорқады. Қоғам басқармасының алғашқы мәжілісіне атүсті дайындалған материалдың өзі солай болған еді. Бірақ жаратылыстынан бір бет жігіт не болса да сыр бермей, үйінде жата берді. Демалысы біткенімен, әлі де бір ай бос жүрсе де жұмыс стажы үзілмейді. Оған дейін бұларда бір жағына шығатын шығар.

Соңғы күндері оның негізгі ермегі кітап болып тұр. Оқуға көп уақыты бола бермесе де, құмарлығы бар, әрі қолында тұрған соң ол кітапты көп жинады. Олардың бетін ашудың кезегі келіп, сұғынып кіріскен сыңайы бар. Бұлардың тұстастарына өзгенің тарихын оқытса да өз халқының тарихымен таныстырған емес. Әйтеуір көшпелі ел болғанынан, бір кезде ақтабан шұбырындыға



ұшырағанынан ғана хабардар. Малшылар арасында болған бір апта оған үлкен ой салды. Өткенде Алматының кейін ашылған мұражайларына ертіп барған Нұрланы да көзін ашқандай болды. Бұрын жиналыс, коллегияға бара қалса, жанындағы бастықтарынан шыға алмайтын. Оның арты бай дастарқан басындағы үлкен кісілерге арналған мадақтау сөздерге ұласады. Ары кеткенде Мәдениет сарайындағы концертпен бітеді. Сөйтіп, бұлардың ұлт мәдениетінің өркендеуі туралы түсінігі телевизордың экранын бермейтін он шақты әншінің шеңберінде шектеліп қалған ба, қалай? Ал нағыз інжу-маржан тереңде, тым тереңде жатады екен. Ол тереңге бойлау үшін азды-көпті дайындық пен шын құмарлық қажет көрінеді. Ойпырмай десеші, өз халқы туралы қалай үстірт ойланған? Осындай талантты халықта домбыра мен қобыздан өзге ұлт аспабы болмағандай көріп келіпті-ау осы уақытқа дейін. Тіпті қол бастаған батырлары мен сөз ұстаған шешендері туралы, билік құрған хандары жайында не біледі? Жоспар, жоспар деп жүріп бәрін ұмытқаны ма? Енді соның орнын толтыра алмай асығуда. Өкінішке орай, бай деп жүрген кітапханасында оның ашығып, ашынып кіріскен рухани қажеттілігін өтейтін кітаптар тіпті аз болып шықты.

Мелс осылай бір күй кешіп, аудан өмірінен оқшаулау жүріп жатқан. Бірде таңертеңгі үй шаруасы мен шайынан кейінгі дағдысымен жұмыс бөлмесіне кірді. Бірақ бүгін байырқалап отыра алмады. Кеше бастаған орта ғасыр саяхатшысының жазбалары одан әрі санасына сіңбей қойды. Оны қоя салып, 20— 30-жылдар туралы бірдеңелерді қарамақ болып еді, оны да көзі оқығанымен, көңілі тоқымады. Ой-қиялын өткен әлемге алып қашып, сезімін селдей тасытатын «Бес ғасыр жырлайдыға» да қолы құрғырды біреу тартып тұрғандай-ақ, созылмай қойды. Анда-санда солардың сарынымен келіп қалған шумақтарды түсіріп қоятын қалам мен қағазға да тіпті қарағысы келмеді. Тұла денесі қолды-аяққа тұрмай, тыпыршып болмаған соң, орнынан тұрып, аулаға шықты. Сол-ақ екен, қолдары қозғалақтап, саусақтары жыбырлап сала берді. Өзі де бар шаруаны шайға дейін бітіріп қойған екен, енді «ұрынарға қара таппай», ақыры болмаған соң шешініп тастап, сексеуіл жаруға кірісті. Ол жас жігерлерді құлшына соққылап, он шақты күнге жететіндей етіп үйіп тастады. Қолының құрышы қанып, қары тала бастады-ау дегенде барып кірді үйге. Енді қара домбырасын қолына алып, көңілін біраз алдарқатып байқап еді, бәрібір саусақтары селқос сырғыды. Таң атқалы тыншымаған жан дүниесіне жұбаныш іздеген жігіт ағасы кабинетіне қайта кіріп, этнографиялық жинақтың беттерін парақтауға кірісті. Жұмыстың арасында ежелгі қазақтардың тұрмыстық бүйымдарын қызықтайтын әдеті бар-ды. Неге екенін өзі де сезбестен, әсіресе, ат әбзелдеріне ұзақ қадалды. Кенет зу



етіп тұла бойынан белгісіз бір сезім жүгіріп өтті. Қолы қайта қозғалақтап, тағы да орнында отыра алмады. Мұрнына бір жағымды иіс келді, бірақ ненікі екенін және қайдан шыққанын ажырата алмады, әйтеуір бүкіл кабинетті жайлап алған. Бұл бөлмеде кітап, қағаз, қаламнан өзге ештеңе жоқ болса да, балалар қолына ұстап жеп келіп, жемістің қалдығын тастап кеткен бе деп, әрі-бері іздеп еді, көзіне ештеңе шалынбады. Әлгі иіс болса, танауын жарып барады. Шудың жабайы жидесінікіне ұқсай ма, қалай? Енді әйелі ас үйде бірдеңе кайнатып, ұмытып кеткен жоқ па екен деп сонда барды, мұнда да күндегіден түрі бөтен тағам байқалмайды, иіс болса, мұнымен әлі ілесіп жүр. Тынышын алған сол иістің шығып жатқан жерін қалай да білуге бекінген ол залға кірді. Біреу-міреу байқамай аузын ашып, яки сындырып қойған ба деп, сервантта тұрған жеміс шараптарының бір тұтам сувенир бөтелкелерін тексерді. Бәрі бүтін. Әйелі ішімдік орнына түрлі шокалад қоятын барды ашты. Бос. Одан балаларының бөлмесіне кіріп:

Не жеп отырсыңдар? — деп Ләззат пен Жандостан сұрады. Олар жемек түгіл, жаңа жыл кешінен кейін жеміс көрмепті. Жабайы жидек тұрмақ, бұл үйде конфеттің де иісі жоқ деп әкесін сендірмек болды. Ал Мелс болса, «сендер түк иіс сезбейді екенсіңдер» деп оларды кінәлады. Ақыры амалы таусылып, кабинетіне оралған жігіт бір нүктеге тесіле қарап отырып қалғанын байқаған жоқ. Кенет ол аһ ұрып орнынан атып тұрды. Жаңа тапты. Күні бойы тұла бойын дендеп, дегбірін кетірген сезім мен танауын жарған иіс алдындағы кітаптан пайда болып, мұның түйсігіне шапқан. Бағанадан бері оның көзі суреттегі қазақтың құранды еріне қадалыпты. Бала кезінде Шудың жағасына барып, атасы екеуі жиде кесер еді, арбамен ауылға әкелгеннен кейін Мелс оны аршитын. Мынау иіс содан шығатын. Ол Мелстің өкпесіне сол кезде сіңіп қалған да, суретті көрген соң танауына қайта теуіп тұр. Шілденің ыстығына әбден қаңсығаннан кейін атасы шоты мен қашауын қолына алып, көк жидеден ер шабатын еді...

Тұла бойын буған сезім бұдан кейін де басылмай, қайта одан әрі қозғалақтап, ол тағы да әлденені іздеп кетті. Бұл жолы бірден сарайға кірді де, оның бұрымында тау болып үйіліп жатқан ескі- құсқыларды арши бастады. Атасының құрал салатын қобдиын осы тамға кірген жылы анасы қойған жерінен әлі ешкім қозғамапты. Иесі өмірден өтіп, жетімсіреп қалған құралдарды қолы дірілдеп, көңілі толқи жүріп жарыққа алып шықты. Атасының шоты, қашауы, балғасы, басқа да бұйымдары қаз- қалпында тұр. Әйтсе де қолға ұсталмаған көп уақытта үлкенді- кішілі шоттардың жалаңдаған жүзі доғалданып, тот баса бастапты. Уақыт қара темірді де дегеніне көндіретін болғаны ғой. Ал кезінде осы бұйымдарын атасы аса қастерлеп, үйдің төріндегі түскиіз



қағылған шегелерге бір-бірлеп іліп қоюшы еді-ау. Бұл үйдің әрін ашатын жиһазының бірі де, күн көрісіне жарап тұрған байлығы да осылар болатын. Бірақ, бейсауат бөтен адам мен бала-шағаның қолына көп ұстатпай, «құралдың да киесі бар» деп отырушы еді жарықтық.

Мелс кірленге бензин құйып алды да, барлығын ысқылап жуды. Содан соң тоқ қайрақты қосып, жүздерін жанып еді, жаңа ғана тот басып тұрған балта-шоттар қылпылдап шыға келді. Күтімі болса, қара темір де қартаймайды екен-ау деп ойлады қайтадан. Содан соң сол сарайға кіріп, ұзақ жыл бойы керексіз болып жатқан бұл үйдегі ең соңғы құранды ерді алып шықты. Атасының жасаған ерін жеңіл де берік, әрі атқа жайлы деп, бұл өңірдің елі түгел мақтайтын. Сол ердің үлгісін қаламымен кардон қағазға түсіріп, қайшымен ойып алды. Ана жылы үй соққаннан қалған ағаштарды ақтарып жүріп, бұдан да керегін кездестірді. Ендігі қалғанын қолының ебі мен шотының жүзі біледі. Ә дегенде қолындағы құралы одыраңдап, әр жерден бір тигенімен, жаңа ермегі Мелсті жалықтырмақ түгіл, қайта құмарлығын арттыра түсті. Бірте-бірте жүйкесі жайланып, жаны да бір рақат сезімге бөленіп, шот та жөнін тапты.

  • Тура атама ұқсап калыпсың.

Жалт қараса, қасына Балым келіп тұр, жұмыстан оралған беті болса керек. Ал Мелс кештің батқанын білмей де қалған.

  • Тек шапанын киіп алуың керек еді.

Келіншегі осылай деп ойнақылана әзілдеді де, артынша:

  • Үйді бүлдіріп бітіпсің, енді өзің жинайсың, маған тигізген пайдаң сол болар, — деп төргі үйге өтіп кетті. Бұл бағана үлкен дәлізге отырған еді, айналасы шынында да ағаш жаңқасына толып кетіпті. Бірақ оған мән берген жоқ, келіңшегінің жаңағы сөздері оны қатты ойландырып тастады. Ал мал қамауға шығарда барлық саймандарды жинап, қайтадан қара қобдиға салып, кабинетіне, жұмыс үстелінің жанына әкеліп қойды.

Таңертеңгі шайдан кейін ол көшеге шықты. Кешегі күні бойғы жұмысынан қолының қары ептеп салдырағанымен, аязы жоқ ашық күн көңілін бірден сергітіп жіберді. Көптен қар жаумай, көп із қарайтып кеткен жол жаяу жүріске жайлы еді, діттеген жері — тұрмыс комбинатына тез жетті.

  • Жұмыс сұрай келдім, — деді Мелс оның директорына, ананы-мынаны әңгіме етіп отырғаннан кейін. Ол бұрыннан қызметтес, сыйлас болып жүрген жігіттің енді алдына келгеніне өзі қысылып, қапелімде жауап айта алмай, біраз отырып қалды. Бірақ Мелс те сырын бірден ашпады.

  • Аппаратта орын жоқ қой, — деді әлден уақытта дирек­тор. — Есеп жұмысындағының бәрі әйел бұл күнде. Декретке кеткендерінің орнына адам алып қойып едік, олар болса бір-екі





жылдан кейін қайта шығып, енді қайда сыйыстырарымызды білмей жатырмыз.

  • Мен сенен кызмет сұрап тұрған жоқпын, ер шабатын шебер етіп қабылдасаң жетеді, — деді Мелс бүйымтайын енді ғана нақтылап.

Директордың көзі бақырайып кетті.

  • Қалжыңыңыз ба, шыныңыз ба?

  • Шыным сол.

  • Дипломыңызбен, осындай жұмыс тәжірибеңізбен...

  • Несі бар екен? Ісі тергеуде жүрген адамға қызметті кім береді?

  • Бірақ солай екен-ау, ә? Дегенмен...

  • Саған ондай шебер керек пе, жоқ па?

  • Керек болғанда қандай?

  • Ендеше қабылда. Мен сияқты ұстаны енді біраз жылдан кейін іздесең таппайсың...

Сөйтіп, кешегі тұтынушылар қоғамының төрағасы ер шабатын ұста болып шыға келді. Оның бұл қадамын әркім әрқалай жорыды. Біреулер «жұмысшы болсам, жазам жеңілдей ме, партияда қаламын ба» деп істеп жүрген кулығы десе, «дүние таппаса отыра алмайтын кәдімгі Құштарбектің күшігі емес пе бұл» деп қалғандары да болды.

Мұны естіген Ермұқан «намыстан» өртеніп, буынып келді. «Көтеріп-көтеріп тастап жіберді» деген осы болады деп, жұрттың бұларға жырқ-жырқ күліп жүргенін айтып күңіренді. Қызуы көтеріңкілеу кезде Ермұқанның бауырмалдығы да көтеріліп кететіні бар, бірде тіпті «сүйегімізге таңба болды-ау» деп солқ- солқ жылады. Бұған дейін әзер шыдаған Мелс те «тазы ашуын тырнадан аладының» керін келтіріп, алқымына тығылған тығырықты атқытып жіберді:

  • Бастықтық қай ата-бабаңнан қалған мұра еді? Ұсталықты қадірсіз кәсіп, ұстаны елдің сорлысы деп кім айтты саған? Тіпті оттаған ауыз оттай берсін, онда шаруаң не? Өз жөніңді неге жөндемейсің? Ата сақалың аузыңа шаққанда атауыңды тыйсаң болмай ма?

Мелс боратты-кетті, боратты-кетті. Ішін біраз босатып алғаннан кейін байқады. Ермұқан басылып қалыпты. Жасы үлкен болса да, аға баласының алдында айыпты болғандай жер шұқып отыр. Мелстің де ұнататыны осы мінезі. Басқа жерде шатағы да, соған лайық атағы да жетіп жататын Ермұқан тек Мелске ғана тоқтайды. Кезінде әкесі Ұстарбек те өзіне енші берген туған ағасы Құштарбекті құдайдай сыйлайды екен. Ермұқан да Мелсті бір жас кіші болғанымен, үлкендей сыйлап, әкелер дәстүрінен айнымай келеді. Іштей қанша қырыстанғанымен, аға баласының ашуын үнсіз қабылдап, сырты бүрісіп, басы салбыраған күйі шығып кетті.



Ол кеткенімен, Мелстін, көңілі арнына келе қоймады. Ағайыны айтқан әңгіме қанша елемейін десе де, онсыз да жаншылып жүрген жан дүниесінің ең ұрма тұсынан ұран салып тұрып алды. Содан ба, үй ішінің ауасын тарсынып, күнделікті әдетімен кешкі серуенге шықты. Күндізгідей емес, сәл ғана шамырқанған аяз бар. Біраздан бергі бұлыңғыр бүгін ашылып, әлем шаңырағы асқақтай түсіпті. Аспан күмбезін айшықтаған сансыз жұлдыздар шаңы сүртілген шамдардай шаңқия жарқылдайды. Ал оның ішкі әлемі тап қазір осынау кеңістік- шексіздікпен байланысын үзіп алып, өз бетімен өмір сүріп жатқан бөлек дүниедей. Сол кеңістік пен шексіздіктерге ұмтылғанымен, жердің тартылыс күшінен де мықты бір тылсым күш сығымдап қысып, көкірегін тұншықтырып келеді. Сондықтан да мұның әлемі бұлқынады, буырқанады, көп болса Ермұқанға, бала- шағасына шабынады, бірақ өзін құрсаған күштің шамасын сезініп, көкірегінде бітеу жара болып жата береді. Ермұқанның сөзі соған барып сүңгідей қадалды.

Ағасы ашып айтса да, оның не естіп, неге бүлініп келгенін бұл емеурінінен-ақ білді. Өйткені, «атының сыры өзіне мәлім», көріп, кұлағымен естімесе де, сол оқиға көз алдында көлбендеп тұр. Тұтынушылар қоғамының тапсырмасымен Ермұқан бүгін облыстық базадан картоп әкелген. Әдеттегідей ол «тез түсіріңдер, асығыспын» деп дүкеншілердің апшысын қуырды. Сол кезде сүйрік ауыз Нұржамал «әкіреңдеме, сенің күнің өткен» деп сүйрендей жөнелген. Баяғыда сарайының бір жағын қиратып тастағанында да түк байқамағандай болған дүкеншінің мына сөзі жүрегіне тық ете қалған Ермұқан да «қайның бастық болып, тілің шығайын деген екен» деп ерегісе кеткен. Оған «болса несі бар, құда қаласа болады» деп Нұржамалдың көкірегі көрікше ісіп кетті. «Бастықтық оның не теңі, орынбасарлыққа әзер жарап жүргенде» деп енді Ермұқан мұрнын шүйірді. Сол кезде сатушы «сауда сенің не теңін, барып шотыңды шап» деп ернін шығарды. Ерегіске құмар болғанымен, артын ойламай аңғал сөйлейтін Ермұқан одан әрі орынды жауап таппай, бұрқан-талқан болып бұған келген.

Сонда шот шауып жүрген біреу, ал олардың шаруасы қанша десеңші? Сатушы мен тізгіншіге дейін көкірегін қарс айырьш, аһ ұрғызған мансап дегенің қандай күшті еді? Тағы да өзінікі емес, өзгенің мансабы үшін күйіп-пісетіндерін қайтесің. Бұл, сірә, адамның жаратылысынан ба екен? Әлде қоғамның кемшіліктерінен туып отырған уақытша құбылыс па? Тіпті екеуінен де ме? Әйтеуір сол мансаптан көп жұрт жанды рақатқа бөлейтін ләззат табады. Оның дәмін татқан сайын өзінің жымысқы ойын бүркемелеп, «халқым, қоғамым үшін қызмет етемін» деп, биіктерге ұмтылады. Ал осы биіктерге шығып алғаннан кейін, бар есіл-дерті одан құлап кетпеу болады да,



уақытының көбін халқын емес, өз тіреуін нығайтуға,жан-жағын

қымтап жүруге жұмсайды. Өйткені, «биікте» билікпен бірге байлық, адами қарапайым тірлікке қажетті жағдай бар.

Тіпті он саусағымның біреуі ғана былғанғаны ештеңе емес, қалған тоғызымен сол байлықты көбейтіп, тазалықты бақылап отырмын деп ойлайтындар көп. Олар «Молданың істегенін істеме, айтқанын істе» дегендей, айқайлап, адалдыққа шақырып тұрғанында, өзінің дыбыссыз ғана мүңкітіп қойғанын ешкім сезбейді деп есептейді. Бірак, иіс шыға қалса, сезбейтін мұрын кемде-кем, тіпті қайдан шыққанын да шамалайды. Алайда ол ауада жүргендіктен, ешкіміге қол шошайтып көрсете алмайсың. Оның үстіне, иістенген адам үстіне ауық-ауық әтір шашып алады да, одан шыққаи иісті тек жұпар деп жариялайтындар табылады. Бірақ бағы тайса болды, жұпары жым-жылас жоғалып, тек жағымсызы ғана қалады. Мұндайда молда тұрмақ, кім болса да, қолын шошайтпақ түгіл, оған сойылын ала жүгіретіндер көп. Кешегі қолтығына кіргендер, аузынан шыққан сөзге асық, жасығына қарамай шаршағанша шапалақ ұрғандар, сарықтығына таласып, «жұпарына» елтігендер енді оны көрге кіргізе табалайды. Осыны білетіндіктен шамалы болса да, мансабы барлар одан айрылғанда қаны көтеріліп, жүрегі қағып қоя береді. Тіпті о дүниелік болып кететіндері де табылады. Аман қалған күнде де қай қатарға қосыларын білмей, дүбәра күй кешеді. Өйткені, мұның биігіне басқа бір «ақылды» орналасады да, жұрт соған қарай жапырылады. Олар мансап тауының маңайындағы өз орындарын орнықтырақ ұстау қамымен кетеді.

Ешкімге керек болмай қалған биіктің бұрынғы иесі төменге түсуге де арланады. Өйткені, мансап тауын өмір-бақи жайлайтындай көріп, кешегі өзі шыққан қарапайым ортаның есігін өзі шегелеп кеткен. Өмір өзенінің өзге жағасына шығып алып, ортадағы дәнекер көпірді қолдан қиратқан. Бірақ Мелстің көпірі қирамай, екі жағасын да жалғастырып қалыпты. Тіпті ол мансап тауына шықтым деп ойлаған да емес, шықты деп жүрген басқалар, құладым деп те есептеген емес, орға жығылды деп жүрген өзгелер.

Дегенмен де, көңілінде екі ұдай сезім барын да мойындайды. Біраздан бері жоғалғаны табылғандай күй кешіп жүргені рас. Әке мұрасын Мелс жасырақ кезінде де шындап есіне алған. Бәрін кітаптағыдай көріп жүрген жас маман қайда барса қарсылыққа ұшырап, тұйыққа тірелгенінде «әй, атасына нәлет, бүйтіп жүргенше қамшы өріп-ақ күн көрмеймін бе» дегені бар. Бірақ ол кезде де жақсы адамдар табылып, жас жігіттің күйзелген жанын жұбата білді. Солардың бірі мектеп директоры әрі совхоз партбюросының хатшысы болған Әлдекең жас экономистердің позициясын қолдап, басшылардың алдында талай рет мерейін



үстем етті. Сол ағасының сөзіне қанағаттанған Мелс жұмысына қайтадан кұлшына кірісті. Тағы бір жақсы адаммен болған сұхбатын ол кейінгі кезде есіне жиі алады. Обком хатшысы экономистің бөлмесіне өзі кіреді деп тіпті де ойламаған ол алдында сасыңқырап қалды. Алайда жанындағы Әлдекеңнің жүзінен абыржу белгісін көрмегендіктен, бұның да сабыры тез оралды. Оның үстіне хатшы тіпті жарқылдап тұрған жас та болса, жайдары кісі екен, бұны әңгімеге тез баурап алды.

  • Норматив қалай? — деді қоңыр дауыспен іштарта, ақырын ғана жылы жамиып.

  • Норматив сақталады, -- деді Мелс те жымиып. Келмей жатып бұл туралы қайдан біліп қойған? Хатшы совхоз экономикасы туралы көп сұрақтар берді. Содан соң:

  • Сенің үйіңе барып шай ішеміз, — деді төтесінен. Мелсті ең қатты састырған сұрақ осы болды. Жалтақтап Әлдекеңе қарады, үйде ешқандай дайындық жоқ, Балым болса да жұмыста.

  • Сен абыржыма, — деді хатшы мұның ойын оқып қойғандай. — Үйде апам бар емес пе, сол кісінің шайы жетеді.

Мелс хатшының ойын үйге келген соң барып ұқты. Оны шай емес, бұл кезде дүниеден қайтқан Қүштекеңнің қолынан шыққан бұйымдар екен қызықтырып келген. Төрде қамшының сегіз өрімі, он екі өрімі, күміспен күптелгені, жез сапты, қайыс қаптысы, мүйіз сапты, шашактысы бар бірнеше түрі ілулі тұратын. Мейманның көзі алдымен соларға түсті. Мелстен оларға мінездеме беруін сұрады. Бірақ өзі де кем білмейтіні байқалады. Құштекеңнің қолынан шыққан ер тұрманды да түгел көріп шықты.

Содан кейін өтінішін айтты. Облыс орталығынан этнографиялық мұражай ашу ойында жүр екен. Мына бұйымдар соған таптырмайтын экспонаттар. Үйде тұрғанда оның игілігін кім көреді? Ал мұражайдың насихаттық та, тәрбиелік те, тарихи рөлі де үлкен болмақ. Сондықтан Мелс бұларды мұражайға қисын. Қанша қиналса да, игілікті іс үшін үй иесі бірнеше қамшыны беруге келісті. Ал ер-тұрманға үзілді-кесілді қарсы болды. Өйткені, әкесінің осы үйдегі бірден-бір көзі осы бұйым.

Хатшы апасының қолынан дәм тата отырып, халық өнері туралы көп әңгіме айтты. Ата мүрасын дамыту, егін салып, мал бақканнан артық болмаса, кем міндет емес екен. Ал оны жүзеге асыратындар көргені бар Мелс сияқты азаматтар, соңдықтан бұл мәселені шаруашылықтан бөліп алып қарамау қажет.

  • Күнделікті тәртіпті, жоспарды қадағалаған жақсы, — деді ол кетерінде. — Бірақ өнер мен шаруашылық перспективасын да қатар ойлап жүру керек.

Хатшымен болған қысқа ғана кездесу Мелстің жасып жүрген жігерін қайта жанып, жанарын болашаққа бағдарлап берді. Ең бастысы өзінің осы қоғамға қажет екенін, тіпті оның иесі де,



тұтқасы да өздері екенін ұғынды. Ұғынып қана қоймай, сол касиетті қастер тұтуғатырысгы. Иә, көп ұзамай, өзінің партком хатшылығына жоғарылауына сол хатшының әсері болғанын Мелс сезген де жоқ. Бірақ онымеп қайтіп кездесудің де реті келмеді. Қырғызәлі Қазыбеков басқа облысқа ауысып кетті. Сол бір жарқылдаған жайсаң ағаның қызмет жолы да қилы-қилы болып келе жатқанын Мелс сырттай естиді. Бірақ қандай бір кезеңде болмасын халық арасында ол туралы тек жақсы әңгіме жүреді.

Ал, Мелс ше? Әрине, ұсталық, зергерлік мұның жеке басы үшін таптырмайтын жұмыс. Өз ісін ғана біледі, болды. Сондыктан жүйкесі де тыныш, дені де сау, еңбекақысы да мол. Жұмысты үйде отырып істейтіндіктен, телевизор мен радионы күнұзаққа қосып қояды. Бір мезгіл шайын ішіп, үй шаруасын да күйттейді. Соңғы кезде мұның жанына Жандосы көбірек үйір болып жүр. Бала неме әкесіне ұқсап шот шауып, қашаумен ағаш қашағысы келеді. Бұнысымен ұлы Мелстің кайта қолын ұзартты. Сырттан ағаш әкеліп береді, ыбырсыған жаңқаларды сыпырады. Тіпті тоқ қайрақпен шот қайрауды, әкесі белгілеп берген жерге дейін жонуды да үйреніп алды. Мелс те баласының мәселін қайтармай, өз тірлігінің кыры мен сырын ыждаһатпен түсіндіреді. «Міне, мынау ердің алдыңғы қасы» дейді ол. Қошқардың басындай болғанымен, ол тек сәндік үшін жасалмаган. Үстіндегі адамның аттың мойнына ауып кетуіне жол бермейді. Мұнда шылбыр, тізгін, тіпті көкпарды іліп қоюға болады. Олар сырғып кетпес үшін құралды ердің алдыңғы қасының басы жуан да, мойны жіңішке келеді. Әсіресе, ердің екі қапталын шығаруға шын шеберлік, геометриялық дәлдік керек. Өйткені қаптал тар болса да, кең болса да, көлбеуі сәл қисайса аттың арқасын жауыр қылады. Ерді ұстайтын көн. Әсіресе, түйенің мойын терісімен қапталған ер аса берік болады. Ол ғасырға кетеді. Алайда бұл күнде түйенің көнін табудан қолдырауынның терісін табу оңай. Өйткені, табиғат өзі сақтап берген шөл қазақтарының сенімді көлігі техника келгеннен кейін шетқақпай көріп қалған. Ер үшін ең жеңіл материал арша бұл күнде таптырмайды. Оларды іздестіру комбинатқа қиын болып жүр. Сондықтан да енді Мелстің көңілі далаға, үлкен өмір аренасына қарай алаңдай береді. «Шаруашылықты үнемді ғана жүргізіп қоймай, оның болашағын да ойлау керек» деген ұрымтал кезде естіген сөзі мұны бұл күнде жиі мазалайды. «Бәрінен айырылып қала жаздаппыз-ау. Енді осылай бола берсе, өзге тұрмақ, жұтатын ауа да қалмай жаздапты ғой. Таудың аршасын да, құмның сексеуілін де, шөлдің түйесін де қалпына келтіру керек». Оны қол шеберлігінен тапқан қанағатымен бірге, өзі аңсаған жаңа лек, ірі өзгерістер енді басталғанда қоғамның қоқысының арасында солақай сыпырғының ұшында сыпырылып кете беруі де қынжылтады...





Рас, қазір орнынан түскен жалғыз бұл емес. Ауданның үш совхозы басшыларының үстінен қылмысты іс қозғалуда. Солардың бірі — өзінің құдасы. Жетіп жатқан дүмпу тіпті жаман. Әрине, қаншасы өтірік, қаншасы рас екендігі әзірге мәлімсіз. Мұндайда алып-кашты сөздің көп болатынын Мелс өз басынан көріп жүр. Бірақ құдасының таным-түсінігі өзінен гөрі бөлектеу екенінен секем алады. Соңғы бір он шақты жылда ел басқарған осы бір жігіт барлығын байлықпен өлшей ме деп қалды. Өйткені, баласының жағдайын арнайы келіп әңгімелесіп, «енді ұстамасаң айырыласың» деп батыра да айтқан. Құдасының бұдан кейінгі баласына барып берген ақылы тіпті түңілдіріп жіберді. Ол «мен дүние табудан қалдым, ендігі кезек сенікі» дейді де, ұлына «Газ- 24» мінгізіп, жеміс тасып, сауда жасауға жұмсайды. Онсыз да байлықты көтере алмай жүрген бала Сібір мен екі аралықты жол қылып жүріп, ақыры адам қағып өлтірген. Колониадан ол кім болып оралады? Есі кіріп, ел қатарына қосылатын күш-жігер табыла қоя ма? Ол да бір уақытының құрбаны. «Семіздікті қой ғана көтереді», «қой көрмеген қу кедей қуалап жүріп өлтіреді» деген мақалдар осындайдан қалған-ау. Аштық пен жоқшылықтан енді арылғанда басына байлық пен билік біткен, енді болған-толғанның жөні осы екен деп жосықсыз жұмсаған, дәлірек айтқанда, есі ауып қалған, өйткені олар байлықты ұстауға мүлде дайын емес еді. Енді әкесі сотталса не болмақ? Әрине, қолыңмен істегенді мойныңмен көтер. Бұл Мелстің ежелден қалыптасқан қағидасы. Алайда, соңғы уақыттарда ол қаулап кеткен қылмыс пен оған қолданылып жатқан шаралардың түп-төркініне жиі үңіледі. Оны шаруашылықты жүргізудің тәсілдерінен, шалағай саясаттардан іздейді. Құдасы сияқтыларды алдымен қолдан құтыртады, еркелетеді, еркіндетеді, артынан қара шоқпармен қақ басынан қайқайта соғады. Халық сөзімен айтқанда, «көтеріп, көтеріп, тастап жібереді». Енді біраз уақыт өткеннен кейін осы жағдай тағы қайталанады. Сонда бұл не, зандылық па, әлде шалағай саясаттың жемісі ме? Құдасы жарайды, ал өзі қай зандылықтың құрбаны болып отыр? Қызметінен босағаннан кейін бұның үстінен де біраз арыз түсіпті. Жазып жүргендер — бұрынғы қылмыскерлер. Олардың айтуына қарағанда, қылмысты Мелстің қолдауымен істеген. Барлық мәселе бұрынғы төрағаның іске жаны ашымауынан, қөмектеспеуінен, тіпті қолы таза еместігінен болған. Бұрынғы тоқырау қезінде колдаушысының қүштілігінен оған ешқандай қыл жуымады, енді қайта құру қезінде мұндайлар әділ жазасын алуға тиісті деп келеді. Мұнымен бірге, әр түрлі жерлерге бұрынғы төрағаның орнынан жазықсыз алынғанын айтып, оның азғантай уақытта атқарған жұмыстарын атап көрсеткен хаттар да түсқен. Алайда тергеу біткенше ол хаттарды ешкім назарға алатын емес. Өйткені, тергеу нақты





фактінің құлы, соның төңірегінде ғана жұмыс істейді. Әзірге қанша шұқшия қадалса да, кейбір жұмысшы кооперацияларының салақтығынан кеткен кемшіліктерден өзге ештеңе таппай келеді. Шекер мәселесінен түк шығара алмайтыны онсыз да аян еді. Тек көтерме бағаның көлеңкесінде бірдеңе жатыр ма деп қайта-қайта қазбалайды, тіпті Украинаға барып ештеңе бітірмей қайтты. Бұдан болмаған соң шекердің елі тауар болып жатып қалғандықтан, қазір бүліне бастағанын айып қылып жапсырады. Бірақ «іштің- жедің» деуге негіз жоқ болғандықтан, кемшіліктің бәрін тізіп:

  • Қызмет бабындағы жауапсыздық үшін де статья бар, — деп бопсалайды.

  • Болса, ертерек айыптау корытындысын жаз да, сотқа бер, — дейді Мелс.

Бағана Ермұқан жүні жығылып келгенде інісінің кезекті жауаптан жүйкесі жұқарып шығып, үйге жеткен беті еді.

Ертеңіне ол бітірген ерін өткізбек болып комбинатқа кетті. Аупартком тұрған алаңды жанамалап, байланыс үйінің алдымен арғы көшеге өтпек болғанда қарсы алдынан Нәкең жолықты. Кездеспегеніне көп болса да, түк өзгермепті. Бельгиялық пальтосына бір кылпық ілінбеген, мойнына ораған бөкебайы да әппақ, бидай өңі бозармаған да тотықпаған. Майда қоңыр даусымен жылы ұшырай сөйлеп, асықпай амандасты. Қолында бір шоқ гүлі бар. «Қақаған қыста қайдан алып, қайда апарады» деп ойлады Мелс. Бірақ жауабын Нәкең сұратпай айтты:

  • Бүгін ерекше күн ғой, - деді ол. — Ленин атамыздың қаза болған күні. Ескерткішіне гүл қойғалы келе жатыр едім, жақсы кездестің, сен де жүр.

Мелс, әрине, ол туралы естіген, кешелі бері телевизор да, радио да арнайы хабарлар беріп жатыр, бірақ тап осылай істеу ойына келмепті. Ал өзің партияның қарт солдатымын деп есептейтін Садықбеков бұл қайғылы күнді қалт жібермей ескерген. Бұлар ескерткішке жақындағанда құрметті қарауылдағы пионерлер салют берді. Нартжан үлкен корзинкадағы гүлдің жанына өз гүлін қойды. Содан соң екеуі бас киімдерін алып, үнсіздік рәсімін жасады. «Ыдыстағы гүлді аупартком қойған-ау, жаманды- жақсылы жиырма бес жыл осы ауданның партия ұйымын басқарған адамды шақырмағаны несі» деп ойлады Мелс сол сәттерде. Бірақ бұл жөнінде екеуі де тіс жарған жоқ. Тек былай шыға бере Нартжан;

  • Мен партия қатарына майданда жүргенде Лениннің туған күні өтіп едім, — деп сәл үнсіз тұрды да:







  • Содан бері партия не айтса, соны солдатша орындауға тырыстық қой, әйтеуір, — деп қосып қойды.

Алайда ол сәл ғана босаған көңілін қайта қатайтып, өзі туралы әңгімесін одан әрі өрбітпестен, Мелстің жағдайын сұрады.

  • Сен балаға обал болды-ау, — деді тыңдап болған соң.

«Кондитер цехына берілген үйді алып қойып, обалды жасаған

өзіңіз емес пе» дегісі келді Мелстің. Бірақ Нәкеңнің одан да тереңірек ойлап тұрғанын түсініп, үнсіз қалды.

  • Жақында облыста болып, жаңа хатшыға кіріп қайттым, — деді қария.—Қырық жыл қатарыңда болып, бір аудандық ұйымын жиырма бес жыл басқартқан партияға сол кісі арқылы алғысымды білдірдім. Ауданның жайын да баяндадым, көп жігіттерге обал болғанын да айттым, оның ішінде сен де барсың. Сөзіме сенді ме, сенбеді ме білмеймін, дегенмен ой салып кетуге тырыстым.

Нәкеңнің тал бұған жаны ашып бармағанын біліп тұр Мелс. Ең алдымен өз қамын ойлап жүр. Өйткені, «садықбековшілдікпен» күрес әлі бәсеңдер емес. Тоқыраудан қайта құруға көшу мен Садықбековтің жеке басына өштіктің ара жігін әлі ажырата алмай жүрген аудан басшысы жиырма бес жыл жасақталған кадрларды бірер айдың ішінде сыпырып түсірді. Олардың орнын басқандардың ішінде Мелстің не бір ниеттестері де бар, сол науқанның ұранымен Нарболат Сайгелдиев сияқтылардың да қолына басқа сойыл ұстай қойғанын көріп отыр. Ал, мұңдай кезде аудан болашағымен кім айналыса қойсын. Әрине, Нәкең облысқа осының бәрін жеткізіп келді.

Шынын айтқанда, Нартжанның кетуін Мелс заңдылық деп түсінді. Өйткені, аудан басшысы ретінде берерін беріп біткен, өз кезеңінің қасиеттері мен қайшылықтарын бойына әбден сіңірген басшы одан еңді арыла алмайды деп есептейді. Ал өмір — ағысы қатты өзен. Қанша тал қармағаныңмен, ылғи төрінде көріне бермейсің. Кеудең болғанымен, қуатың жетпей жатады. Қуатын беріп, қауқиған кеудесі қалғанның бірі осы Нартжан

  • Ол қамқорлығыңызға рақмет, — деді Мелс. — Мыналар тергеуін бітсе деп жүрмін, содан кейін біз де баратын жерімізге баратын шығармыз.

  • Мұның да дұрыс, —деді қарт. Сол кезде көзінің асты сәл кірбің ете қалғандай болды да, ойда-жоқта мүлдем басқа әңгімеге көшті.

  • Өзің білесің ғой, менің бар байлығым партбилетім мен бала- шағам.

  • Білемін, - деді Мелс, Нәкеңнің мұны неге айтқанына таңданып. Өзі қоштатып тұрған соң қоштай салды, әйтпесе оның байлығын қайдан білсін.

Қарттың көңіліндегі кілт өзгерісті Мелс екі айырылысып кеткеннен кейін барып үқты. «Баратын жерге барамын» деген



сөзімен бұл Нәкеңе сес көрсеткендей болған екен-ау. Тіпті өз басы туралы айтса да, қарттың секемшіл көңілі сезіктеніп қалған. Өйткені, тергеліп жатқан совхоз басшыларынан әрбір іске бұрынғы біріншінің қаншалықты қатысы барлығы шұқшия сұралуда дегенді Мелс те естіп жүр.

Нәкеңмен арада болған бұл әңгіме, дегенмен, Мелске үлкен ой салып кетті. Шынында да, әйтеуір адал екенмін деп әрекетсіз отыруға бола ма? Заңның тармағының бәрін біліп жатқан басшы жоқ. Білген күнде де сызып қойған сызықтан істің мүддесі үшін шығып кететінің болады. Ол ана жылы ауылға келген бір заңгердің «кез келген адамды екі жыл мерзімге, ал бастықты үш жыл мерзімге кесіп жіберуге болады» деп күпінгенін есіне алды да, ойлап-ойлап, ең үлкен «айып» болып, айналымға түспей жатқан шекер тағылатын шығар деп түйді. Дүкенге саттырса, шығыны өтелмейді. Ал кондитер цехын қолға алып жатқан ешкім жоқ. Демек, басқа жерге өткізу керек. Ол ақырында көрші ауданда тұтынушылар қоғамының төрағасы болып істейтін Мехлиске телефон соқты. Бұл ауданның саудасы республикаға мәлім. Мелс талай рет келіп, жұмыстарынан көп тағылым алған. Мұнда тәтті тағам цехы тұрмақ, шұжық цехы, ірімшік, сыра зауыттары, қосалқы щаруашылығына дейін бар. Бұл жердің фирмалық кәмпитін облыс орталығындағылардың өзі таласып алады, қайта сұранысты өздері қанағаттандыра алмай жатады.

Шекер керек, — деді ол. — Облыста шекер шығару көлемі азайып кетті. Ал мен болсам, жақында типті цех салып бітіргенмін. Сенің орнындағы жігітке айтқанмын, уақытша отырған, оның үстіне үстелден үміткер адам жалтақ болады ғой, облыстағы «досыңнан» рұқсат сұраса, «даулы тауарға тимеңдер әзір» депті. Бірақ қорықпа, жақында Жамбылға жүргелі отырмын, ол мәселені бітіріп келемін.

Мехлис «досың» деп Сайгелдиевті айтып тұрғанын Мелс ұқты. Демек, бұл да жақтырмайтын болды. Шекердің өтуі таза пайда екенін біле тұра, рұқсат етпеуі сауда зиян шексе шексін, бірақ өзімнің о баста қабылдаған шешімім жоққа шықпасын деген жандалбас, әрине. Өйткені ол шекерден, науат, кәмпит жасалып, пайда түсіп жатса, Сайгелдиевтің Мелске үйіп-төккен айыбы далада қалып, орнынан босатуы дұрыс болмай шығады. Қара басының қамы үшін қызмет бабың пайдаланып қылмыс жасау деген нағыз осы. Мұны ойлағанда Мелстің зығырданы қайнап кетті. Шауып отырған ерін былай қойып, өмірінде бірінші рет арыз жазды...





Көп ұзамай Мехлис даулы шекерді түп-түгел алып кетті. Облыс саудасының үштен бірін ұстап отырған тұтынушылар қоғамының төрағасына Сайгелдиев те ештеңе дей алмаған. Оның артынша Мелсті үш ай жүйкелеткен тергеу де аяқталып, ештеңе бітірмей, істі біржолата қысқартты. Бұдан кейін де ол табаны күректей екі ай ер шапты. Тек алты ай өткенде барып, комбинат коммунистері оның партиялық сөгісін алды. Артынша жалпы жиналыс ашылып, жаңа тәртіп бойынша, ұжым, басқа жұмысқа ауысқан директордың орнына Құштарбековті сайлады. Директорға кандидат сол жерде тұңғыш рет халыққа қызмет көрсету мен қол өнерін дамыту және оларды өнеркәсптік-сауда негізіне көшіру жөніндегі өзінің бағдарламасын қорғады. Бұл жиналысқа қатысқандар Қүштарбековтің шешендігімен бірге, бағдарламасының әлеуметтік-экономикалық негізделуін көп уақытқа дейін мақтап жүрді. Дәл ол сайланып жатқан сағатта Ермұқан Сарыарқадан шөп әкеле жатқан. Кенет КамАЗ-ының жылдамдық рычагы шығып кетіп, ар-ар ете қалды. Ол дереу қайта салды да, неге екені белгісіз, ауылға қарай асығып, бұрынғыдан да құйғыта жөнелді. Ал Нартжан Садықбеков болса, Көктеректе тағы да бір жылдай тұрып, барлық абыр-сабыр басылғаннан кейін облыс орталығынан оңаша үй алып, көшіп кетті. Сөйтіп, төбесінен найзағай ойнап, астынан қанша ор қазылғанымен, оның қиясына аяғы таймай, аман-есен арғы бетіне аттап өтіп кетті. Отты өзгенің қолымен көсеп, айтқаңдары ақыл болып отырған Нартжандардан не табылсын. Бұл күнде енді өткен өмірі туралы естелік жазып жатқан көрінеді. Рас, тергеуге түскен үш совхоздың басшыларының көбісі сотталып кетті.

Сайгелдиев те, өзі ойлағандай, облыстық тұтынушылар қоғамы төрағалығынан зейнет демалысына шыға алмады. Сауданы бұрынғыдан бетер құлдыратып, үстінен арыз да көбейіп кеткен соң, жаңа талапқа сай, мамандығы бойынша мал тұқымын асылдандыру станциясына директорлыққа жіберілді. Қызмeттi комсомолдан бастаған Нарболат егде тартқан шағында болса да ғалым-зоотехниктік дипломын кәдеге бір асырып, о баста оқығанын есіне түсіруіне мүмкіндік алды. «Жоспарды орындамауға қандай праволарың бар» депті ол жаңа жұмысына келе салысымен тағы да. Отырған ғалымдар ду күліпті. Бірақ әзір істеп жатыр.

Ауданның жаңа хатшысының да позициясы әзірге мықты болмай тұр. Кезекті бір пленумда «Іскер басшылардың барлығының партбилетін былғап біттіңіз, сөзіңіз көп те, шаруа істеуіңіз жоқ» деген сындар айтылған. Тіпті кейбіреулер «ұйымдық мәселе қарап, орнына басқа адамды сайлау керек» дегенді айтып, болашақ біріншілікке ықтимал кандидаттардың ішінде Мелс Құштарбековтің де есімі аталыпты.



МАЗМҰНЫ

Әңгімелер

Әкімнің добы 3

Берікбай — Бекентай — Бекең 15

Коммунизм маршы 24

Рекеңнің “жолы” 35

Айт күні 47

Көріпкел 58

Ақ самаурын 66

Төрткүлде 75

Қара көздер 85

Повесть

Тек ...................................................................93



Литературно-художественное издание

Елен Абдуатулы Алимжан

ПРОВИДЕЦ

(Рассказы, повесть)



(на казахском языке)

Редакторы Ғ.Жандыбаев

Көркемдеуші редакторы А.Ващенко

Техникалық редакторы Г.Сұлтанова

ИБ№393

Басуға 28.01.2000 қол қойылды. Пішімі 84x1081/32. Офсеттік қағаз. Офсеттік басылыс. Қаріп түрі «Таймс». Шартты баспа табағы 9,8. Шартты бояулы беттаңбасы 9,181. Есептік баспа табағы 10,5.Таралымы 1000 дана. Тапсырыс №1.

Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің “Білім” баспасы, 480009, Алматы қаласы, Абай даңғылы, 143.


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет