Әл-Фарабиді Қазақ еліне қайтарған Ақжан Машани


Әл-Фарабиді тұңғыш танытушы



бет2/4
Дата29.01.2022
өлшемі31,91 Kb.
#115911
1   2   3   4
Байланысты:
машани

Әл-Фарабиді тұңғыш танытушы

Ақаң әл-Фараби туралы мағлұматты алғаш рет соғыс зардабымен Алматыға қоныс аударған А.Эйнштейннің шәкірті, Чехословакия Ғылым академиясының академигі, математик-философ Эрнест Кольманнан 1943 жылы естиді. Ести сала санасында «Ол қазақты құраған тектен болмасын!» деген ой жаңғырады. Отырарда дүниеге келгенін анықтағаннан кейін ғалым өзінің алдына Фарабидің тек-тамырын зерттеуді мақсат етіп қоя­ды. «Заман – Қазақстан» газетінде шық­қан сұхбатында Ақаң: «Бұл адамды мен зерттеймін, осы жолға түсемін» деген берік байламға келдім де, Қ.Сәтбаев мар­құмның алдына кірдім. Мені Қанекең білетін, әрі жақсы көретін. Біз тауда, экспедицияда талай бірге жүргенбіз. Кірген сәттен: – Қаныш аға, әл-Фараби сияқты дүниежүзі білетін ғалымды біздің білмей отырғанымыз масқара ғой, намыс емес пе?! Мен осы кісіні іздеймін дедім», дейді.

Журналист Марфуға Шапиян А.Маша­ни туралы мынадай деректер келтіреді: «Геология саласында бастап қойған моно­графиясы мен мамандығы бойынша атқаруы тиіс жұмыстарды былай ысыра тұрып, ол әл-Фарабиға толықтай кіріседі. Өйткені өзі айтпақшы «бабаның мұрасын іздеуді 2-3 жылға доғара тұрсам, бәлкім әл-Фараби өзбек ағайындарға өтіп кетуі әбден мүмкін еді». Ақжан Машани жұмысын Берлин, Лиссабон, Париж, Каир, Мадрид қа­ла­ларының кітапханаларына баба ең­бектерін іздестіріп, сұрау салудан бастайды. Солай Ыстанбұлдан біраз дүние табады. Шетелге кетіп ба­ра жатқанның бәріне «қарай кел» деп, әл-Фараби мұрасын тапсырады. Нәтижесінде, академик дәрігер Сайын Балмұханов Ыстанбұлдан әл-Фараби кітаптарының тізімін әкеп берсе, академик Шаһмардан Есенов Канадаға барған сапарында екінші ұс­таздың Бейрутта араб тілінде шыққан ең­бегін әкеліп, сыйға тартады. Ал өзі әл-Фарабидің үш кітабын бірдей «Ғалия» медресесінің кітапханасынан табады. Солай 1971 жылы Мәскеуде өткен ғылым тарихына арналған ЮНЕСКО-ның 13-конгресінде әл-Фарабиге арналған симпозиумде А.Машани бастаған қазақ ғалымдарының зерттеулері әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференцияны КСРО-да, Қазақстанда өткізуіне шешім алуына негіз болды. Бұл шешімнің өзіне Машани оңайлықпен қол жеткізген жоқ».

Өзбекстан ғалымдарының әл-Фара­биге қалай таласқаны туралы ғалымның шәкірті Шәмшиден Әбдіраман былай деп еске алады: «Фарабиді іздеу сапарын Ташкенттен бастаған Ақаң он­дағы Бируни атындағы Шығыстану инс­титутында әл-Фарабиге қатысты еш­қандай деректің жоқ екендігіне көзі жетті әрі өзбек ағайындар әл-Фараби есімін мүлде естімеген болып шықты. Институт директорының орынбасары Мұзафар Хайруллаевтың Ақаң жинаған әл-Фараби тұрғысындағы азды-көпті мәліметтеріне таңырқауында шек болмады. Оның болашақ докторлық диссертация тақырыбының тағдырын сол жолы анықтауға Ақаң себепкер болды, баба хақындағы қолда бар материалымен бөлісті. Ақжан ағаның бұлтартпас дәлелді құжаттарын көре тұрса да өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында: «Мына сәлде киген молдаң кім өзі? Қазақ болса, руы кім екен? Еңбегін неге арабша жазған?» деп, қазақ ғалымдары ит-тартыспен өткерген 3-4 жыл­дың ішінде әл-Фарабидің өзбек тілінде бірнеше мұрасы жарық көріп, бұл кезде Хайруллаев Ақаң ұсынған тақы­рыпты игеріп, әл-Фараби философиясынан докторлық диссертация қорғап алып, енді қазақтың ұлы перзентін өздеріне ен­шілей бастаған-ды. Осындай әңгімені Ақжан әл-Бирунидің 1000 жылдық мерейтойына барған жолы естиді: «Ақжан-әка, әл-Фараби заманында қазақ-өзбек еншісі бөлінбеген ел еді ғой, енді оны қазақ тумасы деп бөле тартпай, өзбек халқына да ортақтастыра бермейміз бе?» дегендерге Машани: «Түрік тумаларын бөліп-жару қазақтан басталған жоқ-тын. Науаи, әл-Бируни, әл-Хорезми туған кездерде де қазақ пен өзбек еншісі ортақ емес пе еді? Қазақ жері – Отырарда туған әл-Фарабиді ортақ еткілеріңіз келсе, сонда өздеріңіз жеріне қарай еншілеп алған өзге даналарды да ортақтастырайық», – деген-ді. Сол кезде Қазақстандағы фарабитанудан ауыз толтырарлық Машани бастамасынан хабардар Мұзафар: «Құп, Фараби қазақ болсын, Ақжан-ака! Бірақ сіз Ташкентке келіңіз, бабаңызды тануға сізге барлық мүмкіншілік тудырамыз» деп, қазақ ғалымдары арасындағы ғұлама мұрасына атүсті көзқарастан хабардар ол Фарабиді өзбек етудің басқа бір айласын ұсынады. Әл-Фарабиді ташкенттік еткісі келген бұл пиғыл 1971 жылы Мәскеуде өткен халықаралық конгрестің 13-мәжілісінде яки бабаның ЮНЕСКО тарапынан 1100 жылдық мерейтойын өткізу мәселесі сөз болғанда тағы бір бой көрсетті. Осының кесірінен ұлы ба­баның мерейтойын өткізу мәселесі қыл үстінде қалып еді. М.Хайруллаев сөз алып: «Әл-Фарабидің мерейтойы­на арналған халықаралық ғылыми конференция тек Ташкентте өткізілуге тиіс­ті. Бізде баба мұрасы материалистік тұр­ғыда әділ бағаланады» демесі бар ма? Мә­жілісті басқарушы Египет ғалымы столды қойып-қойып қалып, орнынан атып тұрып: «Ислам ғылымының алыбы әл-Фарабиді марксизмге жүндетуге бере алмаймыз. Ғұламаның мерейтойы өзі ғұмыр кешкен араб елінде өтеді», дейді. Осындай қысылтаяңда Алланың құдіретін мойындатар бірер сөзді араб тілінде айтып, А.Машани төрағадан рұқсат сұ­райды. Өз тілінде тілек еткендігінен бе,­ төраға сабасына түскендей болады, Ақаңа сөз береді. «Әл-Фарабидің ту­ған қаласы Фараб-Отырар жері де, елі де – Қазақстан», – дей келіп, қазақ ғалым­дарының баба мұрасын игерудегі игі істерін тізіп шығады да, Ақаң – төрағаны және басқа ғалымдарды – бүтін Араб, Шығыс елдерінің Орта ғасырдағы ислами ғылымы жұлдызының кіндік қаны тамған Отаны – Қазақстанға шақырды. «Әл-Фараби ұлы ғалымдар қатарында халықаралық тізімге кіргізілсін, оның 1100 жылдық мерейтойы КСРО-да, Қазақстанда тойлансын» дейтін қаулы қабылданып, Ақаң жеңіп шығады».

Ақжан Машани әл-Фарабидің туған жері де, мұрасы да қазақ тарихымен байланысты екенін дәлелдегеннен соң, 1975 жылы «Әл-Фараби және бүгінгі ғылым» атты монография жазып шығады. Бірақ мұнда ислам құндылықтарын ғылыммен байланыстырғаны үшін кітап дер кезінде жарияланбайды. Алайда әл-Машани әл-Фараби мұрасын жинау мен іздеуді доғармайды. Енді ол зор имани мұрат жолына түседі. Ол жол – ғалымның қабірін іздеу парызы еді.

 



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет