Ерғалиев Қуаныш Советұлы Асанбаева Елдана Бақытқызы газет тақырыпаттарының прагматикалық Қызметі


Газет тақырыпаттары атқаратын қызметтер



Pdf көрінісі
бет9/83
Дата07.02.2022
өлшемі1,99 Mb.
#96415
түріМонография
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   83
Байланысты:
httpspspu.kzmoduleskafkilimagesppsErgaliev-K-Sknigi7-gazet-gramm.pdf

Газет тақырыпаттары атқаратын қызметтер 
Газет тақырыпаты тұтастай бір публицистикалық мақаланың 
мазмұнын ықшам түрде жинақтап, оқырманға жеткізуде маңызды рольге 
ие құрылым болып табылады. Зерттеушілердің газет тақырыпатына 
берген түсініктерінің осынша алуандығына қарамастан, барлығы да 
тақырыпат мақаладағы ақпаратты жинақтау және оқырманға білдірудің 
шағын формасы екендігінде түйіседі. Алайда публицистикалық 
тақырыпаттар жауап беруі тиіс міндеттерге келгенде, тіл 
мамандарының көзқарастары әрқилы. 


34 
Шетел 
ғалымдарының 
ертеректе 
шыққан 
еңбектерінде 
тақырыпаттар оқырмандар үшін мерзімді басылым беттеріндегі 
«жолбасшы» ғана емес, сондай-ақ газетке ажарлылық сыйлайтын 
құрал болуы керек деген қағиданы байқауға болады. Айталық, 
Р.Е. Вулзли және Л.Р. Кэмпбелл газет тақырыпаттары үшін келесідей 
талаптарды атап өтеді: 
1. Оқырманға мақаладағы жаңалық туралы мәлімет бере 
отырып, оның мұндай ақпаратты алғысы келе ме екенін шешуге 
көмектесу; сондай-ақ мәтіннің толық нұсқасын оқуға еліктіру. 
2. Газет бетін типографиялық тұрғыда тартымды ету: «Few 
persons would read a magazine or a newspaper that was nothing but solid 
reading matter» (Бірыңғай бір текті мәтіннен ғана құралған газет не 
журналды оқитындар кемде-кем) [124, 330]. 
Осы ретте тақырыпаттардың реципиент газет беттерінен өзіне 
қажетті ақпаратты уақыт жоғалтпастан табуы үшін, яғни, ең алдымен, 
оқырмандарға арналғандығын ескерген жөн. Сондықтан мақала атауы 
басылым беттеріне көріктілік пен тартымдылық сыйлауы міндетті 
емес. Р.Е. Гарст және T.M. Бернштейн зерттеулеріне сай, о баста 
америкалық газеттерде тақырыпаттар мүлде болмаған, себебі ол кезде 
реципиенттер, шын мәнінде, ондағы барлық ақпаратты басынан 
аяғына дейін оқитын. Кейін мерзімді басылымдар саны артып, 
сәйкесінше олардың әрқайсысындағы мақалаларды толық оқитын 
адресаттардың саны азайған соң ғана, редакторлар «мақаланың 
қысқаша мазмұнын» оның ең алдына шығарып, оны ірі қаріптермен 
ерекше белгілей бастаған. Бұл қадам журналистикада ғана емес, 
әлемдік тіл білімінде де айтарлықтай өзгерістер мен жаңалықтардың 
енуіне себепші болды. 
Әрине, біз қазіргі тақырыпаттық кешендердің газетті біршама 
жүйелі әрі жинақы ететіндігін жоққа шығара алмаймыз, алайда бұл 
белгі публицистикалық тақырыпат үшін міндетті талап болып 
табылады деп айту қиын. 
Ғалым В.Л. Риверс 1964 жылы басып шығарған «The Mass 
Media: Reporting, Writing, Editing» атты еңбегінде де мерзімді 
басылым беттерінің тартымдылық мәселесі сөз етіледі. Автордың 
ойынша, тақырыпаттар келесі талаптарға жауап беруі тиіс: 
1. оқырман көңілін өзіне аудару; 
2. әңгіменің негізгі мәнін жеткізу; 
3. жаңалықты символдық бағалау; 
4. газетті тартымдырақ ету [125, 288]. 
Бұл топтастырудың негізгі ерекшелігі – мұнда авторлық баға 
сынды маңызды қосалқы қызметтердің бірінің сөз етілуі. Шынында 


35 
да, журналист көбіне болып жатқан оқиғаға деген өз ойын 
публицистикалық шығармасында ашық жеткізе алмайды: ол тек 
ақпаратты бастапқы дереккөзінен қалың қауымға жеткізетін «ақ 
парақ» іспетті. Осындайда автор ашық түрде болсын, жасырын 
мәнмәтінмен болсын, оқырманға өзінің көзқарасын тақырыпат 
көмегімен меңзей алады. Мысал үшін келесі мақалаларға назар 
аударсақ: 
«Жедел-тергеу тобы Жомарт Ертаевты құрықтауға 
тырысты»
(А. – 01.07.2015) және 
«Қашты-қашты, банкир қашты!»
(ЖА. – 02.07.2015). Аталған екі мақала бір тақырыпты, «қайтарымсыз 
несие алды, банкінi шығынға батырды» деп айыпталған «Альянс 
банкісінiң» бұрынғы басқарма төрағасы Жомарт Ертаевтың оны 
құрықтауға тырысқан жедел-тергеу тобынан қашып кеткендігін, сөз 
етеді. Алайда, байқап отырғанымыздай, егер алғашқы мақалада автор 
болған оқиғаны тап-тұйнақтай жеткізіп, соған сай «бейтарап» 
тақырыпат ұсынса, екінші публицистикалық шығарманың авторы 
оған сәбилік кезде балалардың бірін-бірі мысқылдап, келемеждейтін 
сөздерінің «стилінде» атау беру арқылы оның оқырман қызығушылығын 
оятатындай етіп безендіріп қана қоймай, астыртын түрде өзінің де ой-
пікірін білдіргісі келгендей. 
Тақырыпат негізінде автор ойын жеткізудің тағы бір 
артықшылық тұсы бар. Ол оқырманның біз жоғарыда атап өткен 
дискурсқа тереңінен араласуына түрткі болады. Кез келген жеке 
тұлғаның психикасы саналы түрде болсын, санадан тыс болсын, 
салыстыруға құмар келеді. «Пәленшенің жаңадан алған көлігі керемет 
екен», не «өзі үріп ауызға салғандай екен», не болмаса «оның қолынан 
түк келмейді, жасағаны бір тиынға да татымайды» деген сынды 
сөздерді естігенде, барлығымыз да сол адамды я затты өз көзімізбен 
көріп, шынымен де солай ма екеніне дереу көз жеткізігіміз келетіні 
жасырын емес. Публицистикада да дәл солай: қандай да бір 
тақырыпатқа көзі түсіп, оның астарында журналистің аталмыш 
мәселеге деген ой-пікірін байқаған оқырман мақаланы толықтай оқып 
шығып, одан қандай әсерге кенелетіндігіне, автордың көзқарасындай 
тұжырымға келе ме әлде оған қарсы пікірде қала ма – осылардың 
жауабын тез арада тапқысы келеді. Сөйтіп, реципиент тілшімен бір 
«ақпарат алаңына» қадам басып, өзара қатынасқа түседі. 
Б. Уэслидің «News Editing» еңбегіне сүйенсек, газет мақаласының 
атауы келесі қызметтерді атқару керек: 
1. өзіне қажетті ақпаратты іздеуде оқырманның уақытын үнемдеу 
үшін жаңалықтарды индекстеу. 
2. жеке өзі тұрып (тақырыпат қана), оқырманға жаңалықты 
жеткізе білу [126, 114]. 


36 
Мұнда да автор тақырыпаттың жеке өзі тұрып-ақ реципиентке 
мәтіннің негізгі ойы, авторлық идеясы жайлы ықшам түрде жеткізе 
білу қабілеті жайлы айтады. 
Ал Даниель Дор болса, өзінің «On newspaper headlines as 
relevance optimizers» атты мақаласында израильдік «Ma’ariv» ұлттық 
газеті тілшілерінің мақалаларына берген атауларды басылымның бас 
редакторы бақылауынан өту барысын зерттей отыра, тақырыпаттың 
«талаптарға» жауап бермегендігі үшін баспаға бекітілмеген 
жағдайларын мысалға келтіріп, оларды саралайды. Нәтижесінде өз 
бақылауларының қорытындысы бойынша аталмыш талаптарды 
жүйелеп, топтайды. Оның пікірі бойынша, тақырыпат мынадай 
өлшемдерге жауап беруі тиіс: 
1)
Неғұрлым қысқа болуы; 
2)
Анық, бір мағыналы және түсінуге оңай болуы; 
3)
Қызықты болуы; 
4)
Жаңа ақпарат ұсынуы; 
5)
Оқырманға белгісіз ақпаратты ұсынбауы; 
6)
Оқырман үшін жоғары «баспасөздік маңызы» бар есімдер мен 
тұжырымдарды қолдануы; 
7)
Оқырман үшін «баспасөздік маңызы» төмен есімдер мен 
түсініктерді ұсынбауы; 
8)
Бұрыннан белгілі фактілер мен деректері бар оқиғаларды 
«қосуы»; 
9)
Болжамдарға жауап беретін «оқиғаны қосуы»; 
10)
Мақалада баяндалатын оқиға үшін «фотосуретке арналған 
жиектеме» іспетті тиісті роль атқаруы [127]. 
Бұл пікір әлемнің көптеген тілші мамандары тарапынан үлкен 
сынға алынды. Алайда автордың өзі бұл он тармақтың әрбір 
публицистикалық тақырыпат үшін міндетті емес екенін ескерткендігін 
айтып өткен жөн. Мысалы, «газет тақырыпаты мейлінше қысқа болуы 
керек» деген талапты ол былайша түсіндіреді: көлемді және шағын 
тақырыпат арасында таңдау мүмкіндігі болса, публицистикада 
басымдылық екіншісіне беріледі, қалған талаптар бойынша да осылай. 
Автордың пікіріне сай, жоғарыда аталған он талапқа жауап беретін 
газет тақырыпатын публицистикада мінсіз деп санауға болады. 
Дей тұрғанмен, бұл топтамада келісуі қиын бірқатар мәселелер 
бар. Мысалға, төртінші тармақты логикалық тұрғыда бесінші және 
сегізіншіге кереғар санауға болады. Ал алтыншысы жетіншімен 
мағыналас. Сонымен қатар публицистикада «анықтылық пен бір 
мәнділік» және тақырыпаттың қызықтылығын қатар ұстау қиынның 
қиыны: керісінше, қазіргі журналистер тақырыпаттың екі мәнді 


37 
табиғатын пайдалана отыра, оқырман көңілін өз мақаласына 
аударғысы келуі көп кездеседі. 
«Баспасөздік маңызы жоғары есімдер мен түсініктер» дегенде, 
автор реципиент үшін көлемді мәнмәтіндік ақпарат жеткізетін адам 
есімдері, оқиғалар мен құбылыстарды меңзейді. Біз үшін олар 
прецеденттік мәтіндер (құрылымдар) деген атпен көбірек таныс 
(Бұларға алдағы тарауларда тоқталамыз – авт.). Солай бола тұра, 
публицистикалық тақырыпаттың құрамында олардың кездесуі 
міндетті талап болып табылады дегенмен келісу қиын. Бұл мәселе 
тақырыпаттың грамматикалық құрылымына жақынырақ, онда да 
автор оларды қолданғысы келе ме, жоқ па – ол оның өз еркінде. 
Осындай талаптармен қатар Даниель Дор газет тақырыпаты 
әдемі қаптама қызметін атқаруды ұмытпауы керек деп санайды. Бұл – 
жоғарыда атап өткен грамматикалық құрылымның яки бейнеліліктің 
дәл өзі. 
Ал қазақстандық және ресейлік ғалымдардың көпшілігі 
Э.А. Лазарева (1989) ұсынған газет тақырыпаттарына жүктелетін 
міндеттерді ұстанады. Оның «Заголовок в газете» атты еңбегіне сай
публицистикадағы тақырыпат негізгі үш талапқа жауап беруі тиіс: 
1.
Ақпараттылық; 
2.
Мәтін мазмұнымен сәйкестік; 
3.
Грамматикалық құрылым (немесе бейнелілік) [62, 25]. 
Жоғарыда аталған шетелдік ғалымдар ұсынған талаптарға 
қарағанда, бұл еңбекте тақырыпаттың мәтінмен сәйкес болуы сынды 
маңызды аспект назардан тыс қалмайды. Шынтуайтына келгенде, 
авторлар оқырман көңілін жаулап алатын қызықты тақырыпат 
құрамын деп, шектен тыс шығып кететін жағдайлар жиі кездеседі. 
Осылайша «артық қылам деп, тыртық қылғанның» нәтижесінде 
тақырыпаттары тек жарым-жартылай не мүлде мәтінмен сәйкес 
келмейтін «ақаулы» мақала атаулары туындайды. Егер бұрын шамамен 
барлық газет тақырыпаттары белгілі принцип бойынша құралатын 
болса, қазір публицистикада «сөз бостандығымен» қоса, автордың 
толық еркіндігі заңдары әрекет еткендіктен, журналистер оқырман 
көңілін өз туындысына мейлінше көп аударуға тырысады да, 
бейнелілік сарынға көбірек екпін түсіреді. Осындайда авторлардың 
жиі жіберетін қателіктері – «мәтін мазмұнымен сәйкестік» қырын 
назардан тыс қалдыруы. Мұндай әрекеттердің салдары ойлаған 
болжамдарды ақтай бермейді. Егер тілші тақырыпатта бір нәрсені 
айтып, мақалада мүлде басқа жайлы сөз қозғаса, оқырман нақты 
автордан ғана емес, бүкіл баспадан да көңілі қалып, ендігіден әрі оны 
оқудан мүлде бас тартуы мүмкін. 


38 
А.В. Колесниченко өзінің «Практическая журналистика» атты 
оқу құралында да мақала атауының оның мазмұнымен сәйкес 
болуының маңызын атап өтеді. Алайда ғалым одан басқа 
публицистикалық тақырыпатқа мынадай талаптарды белгілейді: 
1.
Тақырыпаттың айқын болуы; 
2.
Мақаланың негізгі идеясын жеткізу; 
3.
Материал мазмұнына кереғар болмау; 
4.
Дұрыс құрылып, қабылдауға әрі түсінуге жеңіл болуы; 
5.
Оқырманның қызығушылығын тудыру [128, 96]. 
Біздің ойымызша, мұндағы барлық талаптарды бір-бірімен 
түйістіре білу қиын, тіпті мүмкін емес десе де болады. Өйткені, 
жоғарыда айтып өткеніміздей, тақырыпаттың мақала мазмұнын айқын 
жеткізетін қасиетін оқырман қызығушылығын оята білу қабілетімен 
ұштастыру журналистикада өте сирек кездесетін құбылыс. 
Жоғарыда аталған барлық газет тақырыпаттарына қойылатын 
талаптардың негізінде біз бұл жұмыста публицистикалық мақала 
атауы жауап беруі тиіс міндеттердің бір жүйеге келтірілген 
классификациясын ұсынғымыз келеді. 
Газет тақырыпаты көптеген қызмет атқаруы мүмкін екендігі 
жоғарыда айтылды. Алайда олардың ішінде баспа орны, оның әрекет 
ету саласы мен газеттің негізгі тақырыптарына қарамастан, барлық 
публицистикалық тақырыпаттарға тән талаптар бар. Сондай-ақ 
біреулерінде кездесіп, екіншілерінде кездеспейтіндері де жоқ емес. 
Осыған байланысты біз газет тақырыпаттары жауап беруі тиіс 
міндеттерді бұл қызметтердің маңыздылығына байланысты бірінші 
реттік (негізгі) және екінші реттік (қосалқы) деп бөлгенді жөн 
санаймыз [129, 38]. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   83




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет