Ерте заманда Баба Омар деген әулие бар екен. Он бесте әулиелік қылып кеткен екен. Сол уақытта бір қызға көзі тиген екен. Көзі тиген сол қыз буаз болған екен. Буаз болған соң, ұғыл тапты



бет2/4
Дата26.01.2022
өлшемі91,37 Kb.
#114870
1   2   3   4
Байланысты:
Едіге батыр
2 –ТО сан бойынша жиынты ба алау а арнал ан тапсырма (2)
МЫРЗА ЕДІГЕ БАТЫР1

Бұрынғы өткен заманда бір бай болыпты. Өзі дәулетті, кемеңгер, керемет әулие адам екен1. Өзінің һешбір перзенті болмапты. Тек біреудің ұлын, біреудің қызын көрсе іші күйіп: “Менде де осындай перзент болса, арманым болмас еді-ау!” деп жүреді екен.

Күндердің күнінде жер жүзіндегі әулие, әнбиелерден түк қалдырмай әуел Құдайдан, екінші Пайғамбарлардан жәрдем, медет сұрап ұйықтап қалса, бір түс көреді. Түсінде: “Әй, балам, тұр, жатпа, Қыбыла жаққа қарап жүре бер”, – деген әуез естіледі.

Түс көргеннен кейін-ақ, тоқтаусыз мал-жанды тастап: – Бір Құдай, өзің оңда – дейді де, кете береді. Неше күн, неше түн, бірнеше ай, бірнеше жылдар жол жүріп, һешбір адам көрмеген, көзінен қайнап, су атып жатқан, үлкен бір бұлаққа келеді. Бұлақтан су ішіп, тынығып жатайын деп жатса, аспанмен ұшып үш аққу келеді. Қонайын деп қалықтап ұшып жүреді де, –Адамзаттың исі, лебізі білінеді, – деп, қонбастан қайта ұшып кетеді.

Бай ойланды: “Бұл ұшып жүргендер әлде перінің қыздары шығар, не де болса мұның мәнісін білейін”, – деп, қолымен жер қазып, ішіне кіреді де, сыртынан шөп жауып, жасырынып жатады. Біраздан кейін, әлгі үш аққу қайта ұшып келеді де қонады. Үстеріндегі аққу кебіндерін сол жерге тастап, үшеуі суға шомыла береді. Олар шомылып жатқанда, бұл тұрып, үшеуінің де құс кебіндерін ұрлап алады. Онан кейін қыздар бейшара болып, һеш жаққа қаша алмай, әлгінің қасына келеді де: – Әй, мырза, біздің құс кебіндерімізді беріп, қоя беріңіз, – дейді. Ол көнбейді. Ақырында не қыларын білмей: – Егер жібермесеңіз, үшеуіміздің бірімізді таңдап алып қал да, екеуімізді қоя беріңіз, – дейді.

Бай үшеуінің ең кенжесі Кенжекей сұлуды таңдап алып, екеуін құс кебінімен қоя береді. Сонда екеуі тұрып: – Кенжекей сұлуды алдыңыз, бірақ оның жайынан сізге мәлім қылып, білдіріп өтетін біраз сөз бар: – Бұл Кенжекей сұлу енді сіздің қатыныңыз болды, сіз бұл қатыныңыздың басына, аяғына һәм өкпесіне көз салып қарамаңыз, – дейді де екеуі ұшып кетеді.

Кенжекей сұлумен әлгі бай екеуі кәдімгідей ерлі-зайыпты болып, ауқат шегіп, бірнеше күндер жүреді. Сол уақытқа шейін бай Кенжекей сұлудың басына, аяғына һәм өкпесіне қарамайды.

Күндердің күнінде баяғы екі қыздың айтқандары есіне түсіп барып: Осы маған не себепті “қарама”, – деді олар, – дейді де Кенжекей сұлудың басына қарайды. Қараса, миы көрініп тұр екен. Аяғына қарайды, аяғының ізі құстың ізіндей болып көрініп тұр. Өкпесіне қараса, өкпесі ашылып тұрады. Бай бұларды көргеннен кейін көңілі бұзылып шошынады. “Бұл өзі пері ме, жын ба? Қандай адам?” деп қорқады. Сонан кейін барып, қатынға жауап береді. Және айтады: – Мен сіздей адамның жолдасы емеспін, бар кете бер, өзің шайтансың ба? Албастысың ба? Қандай жансың? – деп, Кенжекей сұлуға рұқсат береді.

Қыз құс кебінін киіп, ұшып бара жатып байға: – Әй, байбатша, менің ішімде тоғыз айлық бір еркек балаңыз бар, ол бізге аманат, сол аманат балаңызды тоғыз жолдың тоғысқан жерінен тауып аларсыз. Мен пері қызы перизат едім. Сіздің маңдайыңызға сыймаған екенмін, – деп бір айтып, ұшат та кетеді.

Мұны естігеннен кейін бай өкініп, бармағын тістей-тістей әбден пұшайман болды. Көңілі қамығып, қайғыға толып, артынан о да бірге жүреді, бірақ Кенжекей сұлу қайрылмайды.

Бай шыдамсыздықпен тоғыз ай қуып жүріп, бір күндерде тоғыз жолдың тоғысқан жеріне кездеседі, сол жерге баяғы перизат Кенжекей сұлу да келіп қалған екен: “Ал, аманат балаңды!” деп, аспаннан тастап кеп жібереді. Бай бейшара баланы алып, құшақтап қойнына салады да: “Құдай, енді өзің оңдай көр!” – деп, өз елін іздеп жөнеледі.

Бай баланы сақтады, күтті, еліне әкелді. Келген соң бір кемпірге тапсырды да өзі жиһанкез болып кете берді. Кемпір байғұс баланы күтіп, бірнеше жыл асырады. Бала жасы өсіп, ер жете бастағаннан кейін малға сақ болып, қой жайып жүретін болды. Баланың зат нәсілі – пері. Ат есімі – Едіге еді.2

Едіге бір күні қой жайып жүрсе, анадайдан екі адам көрінеді. Ол екі адам бір түйеге таласып, жүгініске бара жатқан адам екен. Екеуі баланы көріп ақылдасады: “Кел, осы қойшы балаға айталық: “қойшының билігі бұзылмас” деген бұрынғыдан қалған мақал болушы еді”, – деп барып, екеуі таласып қойшыға келеді. Біреуі: – Бота күнінде жоғалып кеткен мына түйе менікі еді, – дейді. Екіншісі де айтады: – Бота күнінде жоғалған түйе менікі, – деп, және екеуі де айтады: – Осы түйенің қолымызда енесі бар, – деп. Сонда қойшы айтады: – Олай болса екеуің де барып, ботаның енесін алып кел, мен сонан кейін билік айтамын, – деген соң екеуі де енесіне кетіп, екі түйені алып келеді. Қойшы әлгі таласып тұрған түйенің санына қылбұрау салып бұрағаннан кейін, әлгі түйенің ботасы күніндегі даусы шығып, боздап кеп бақырады. Сол уақытта даулап келген біреуінің түйесі боздап келіп, үстіне түсе қалыпты. Онан соң Едіге: – Түйе сіздікі екен, – деп, әлгі енесі боздап, жетіп келген кісіге береді.

Бұл билікті барша халық естиді.

Сол аймақта ноғайлы деген ел бар екен. Ноғайлының ішінде Тоқтамыс деген хан бар екен. Манағы түйені танып алған адам осы сөзді ханға барып айтыпты.

Ханның һеш баласы жоқ екен.

– Тақсыр, сондай бір бала көрдік, өзі бір жаман шал мен кемпірдің қолында тұр. Ол кемпір-шалдың өз баласы емес, олар да біреуден асырап алған, әке-шешесіз, өзі зерек, ақыл-ойына қарағанда, осы бала тап сіздің бала қылуыңызға лайық екен, – деп, бастан-аяқ көрген білгендерінің бәрін айтады. Мұны естігеннен кейін хан бала қылып, оң тізесіне отырғызады.

Бірнеше жылдар ханға бала болып жүреді. Өзі әйбат, сұлу, ақылды, жақсы.

Күндердің күнінде ханға бір қыз келіп, бір жігіттің үстінен арыз айтады: – Қолымнан алтын жүзігімді тартып әкетті һәм өзімді қорлап кетті, – деп. Сол уақыт жігіт те келіп: – Ей, тақсыр, бұл өтірік, маған нақақтан жала қылып отыр. Мен бұған һеш нәрсе де қылған емеспін, һәм алтын жүзігін де алғаным жоқ, – деді.

Хан қайран болады, үш күнге шейін билік айта алмайды. Сонда әлгі асырап алған баласы Едіге тұрып:

– Ей, ата, бұл бейшараларды не қылып сандалтып қойдыңыз? – дейді.

– Ай, шырағым-ай, бұған не қылайын? – деп, бастан-аяқ естіген, білгендерін баян қылады хан.

– Ата, бұларға бұлайша бір хайла қылыңыз, бір тақияны алыңыз, жігіт пен қызды шақырып, тақияны қыздың қолына беріңіз де екеуіне айтыңыз, –Егер қолыңнан шығарып, тақияны жігіт тартып алса, сенің айтқаның өтірік; егер тартып алмаса, сенің айтқаның рас болғаны, – деп. Рұқсат берсеңіз, сонан кейін билік айтып көрерміз, – дейді бала.

Хан баланың айтқанынша қылады да қыздың қолына тақияны беріп, мықтап ұстатып, жігітке тартқызады. Жігіт қаншама тырысып, тақияны аламын дегенмен, қыздың қолынан тартып ала алмайды. Ақырында хан екеуін де ертіп, екі жерге отырғызып қойып, баладан билік сұрайды. Бала тұрып: – Ей, ата, бұл қыздікі бекер, жала. Жігіт оның қолындағы жүзігін тартып алған болса, бұл тақияны да тартып алар еді, оны тартып ала алмады. Сондықтан қыздың сөзінің бәрі жалған, бәрі өтірік, – деп, бітім қылады да жігітті босатып қоя береді.

Бұл жерден бала атақ алып, дәреже табады.

Күндердің күнінде ханға екі қатын келіп, арыз қылады. Сондағы арызы – екеуі бір балаға таласады. Қатын тұрып “Бала менікі” десе, екінші қатын тұрып о да айтады: “Бала менікі” деп, сөйтіп екі қатын бұл туралы ханнан билік сұрайды.

Хан не деп билік айтарын білмей, қайран қалып, үш күнге шейін тоқтады. Әлгі екі қатын күн сайын келіп, ханның мазасын ала береді. Сонда баяғы бала Едіге тұрып:

– Ей, ата! Бұларды не қылып әурелеп қойдыңыз? – дейді.

– Ей,шырағым-ай, мұны қандай қылайын? – депті хан.

– Тақсыр, бұларды бүйтіп қойғанша, баланың екі қолын екі қатынға мықтатып тұрып ұстатыңыз да, ортасынан шауып тастап, екеуіне қақ бөліп беріңіз, – дейді бала.

Ханның көңіліне баланың бұл айтқаны мақұл болып, баланың екі қолынан екі қатынға мықтап ұстатып тұрып, қылышын қыннан суырып жұлып кеп алғанда, қатынның біреуі шырқырап жылап кеп жіберіп, баланы қоя береді: – Қайда жүрсе де тірі болсын, – деп.

Екінші қатын тұрып: – Шапсаңыз, шабыңыз, тақсыр, – деп баланы қолынан жібермейді. Сонда бала би тұрып: – Ей, ата, енді білдіңіз бе, бала бұл қатындікі екен,– деп, баланы жылаған қатынға бұйырады. Енді баланың әлгі қылған биліктері барша халайыққа мәлім болады. Барлық жұрт болып, бұл билікті тамаша қылысады, һәм мұны тапқан баланың ақылына да қайран болады.

Бірақ сол кездерде балаға бір түрлі уақиға пайда болады. Ол уақиға атасы Тоқтамыс ханның қатыныжұрттан асқан әдемі, сұлу кісі екен. Ол қатын бала биге ғашық болып, баяғы Едіге мырзаға көңілі ауып, бірнеше күндей қызығып жүреді екен, һәм баланың керемет ақылын да білген.

Бір күн патша аң аулауға кетсе, қатын түнде келеді де баланың қойнына кіреді. Бала бұрын мұндай істерден хабарсыз болғандықтан, шошып барып, қарғып далаға шығып кетеді. Сонда қатын тұрып айтады: – Ей, шырағым, мен саған ғашық едім, сен мені алсаңшы, – деп.

– Ей, ана, мен сізді қалайша аламын? һәм нешік қатын қыламын? Тумасам да туғандай болған едім, – дейді бала.

Сол уақыт қатынның баладан көңілі қайтып, бір жамандық ниет ойлайды.

Хан аңнан қайтып келген соң, қатыны тұрып ханға айтады:

– Ей, ханым, мына баланың аруағы сізден артық екен. Егер бұл баланы өлтірмесеңіз, күндердің күнінде өзіңізге бір бәле қылады. Яки сізге бір түрлі сұмдық көрсетеді, – деп. Қатынның бұл сөздеріне хан нанбайды.

– Тақсыр, нанбасаңыз мен сізге білдірейін, нанасыз ба? – дейді қатын.

– Құп, білдіріңіз, нанайын, – дейді хан.

– Егер білмесеңіз, балаңыз ертең ертемен сізге сәлемге келгенде үш рет жоғары шығып, үш рет төмен түседі, мұны білесіз бе? – дейді.

– Әй, батшағар, сен аярлықпен айтасың! – дейді хан.

Сол арада қатын ебін тауып, ханның отыратын кілеміне барады да бір ине шаншады, көзін төмен, ұшын жоғары қылып.

Ертеңіне хан атасына сәлем бергелі ертемен бала кіреді. Хан әлік алады. Бірақ хан баланың не істеп тұрғанын аңдамай қалады. Тек кілемінде отыра береді. Кілемге шанышқан баяғы ине барып, ханның киіміне шаншылған. Оны хан білмейді. Қатын көріп отырады. Едіге шыққаннан кейін, қатын келіп ханнан сұрайды:

– Тақсыр, өз жайыңызды өзіңіз білдіңіз бе? – деп.

– Мен һеш нәрсе де білгенім жоқ, батшағар залым, сен өтірік айтасың! – деп ашуланады хан.

Сол уақыт қатын тұрып: – Бағанағы баланың келгеннен кейін, не қылып кеткенін білдіңіз бе? – дейді. – һеш нәрсе де білмедім,– дейді хан.

– Ендеше біраз тоқтап, киіміңізге қараңызшы, – деп барып, киіміндегі шаншулы инені көрсетеді қатын. Хан инені көргеннен кейін, қатынның сөзіне сонда барып нанады, һәм сонан кейін қатынға айтады:

– Қатын, енді бұған не қыламыз? – деп. Қатыны тұрып: –Тақсыр, оның жәйін мен сізге бір іс көрсетейін, бұған өңкей өлген қозының ішінде есірткі дейтін мәйегі болады. Осы мәйекті пісіріп, жақсы тамақ деп берейік. Егер оны ішсе, бұл бала бір өлсе содан өледі. Неге десеңіз, патшазада асылдың тұқымы еді. Онда жаман, дәмсіз астар мұның ішіне жақпас, шошынар, өлер деп ойлаймын, – дейді.

Қатынның бұл айтқаны ханға ұнайды, һәм айтқанындай етіп мәйекті пісіріп береді. Едіге бейшара әлгі іріткіні қолына алады да, аяқтың ішіне құйып берген екен, пышақпен аяқтың ішіндегі іріткіні олай бір, бұлай бір тіліп кескілеп тұрады да, сөйтіп ішіп кеп жібереді. Бірақ мұнан һеш нәрсе де болмады, ауырмайды да, өлмейді де. Содан кейін: – Енді қайттік?! – дейді хан. – Саспаңыз, тағы бір айласын табам, оған болмаса болмағаны, – дейді қатын Данабике.

– Нендей айла? – деп хан сұраса, Данабике тұрып айтады: – Ертең ерте тұрып, мен бір шыныға сара қылайын да, құйып берейін. Едіге келген уақытта өтініңіз де, жақсы бір шарап деп, ішкізіңіз де қойыңыз, егер іше қалса, бір өлсе содан өлер, – деп. Ханның көңіліне бұл сөздер де мақұл көрінеді. Данабикеге айтқанындай істетеді.

Бір уақыт Едіге келеді. Хан оған әлігі “шарапты” ұсынады. Шарапты қолына алып тұрып, Едіге батыр һешдеңе деместен бір қасықтайын алып, бір жағына шашады да, қалғанын ішіп жібереді. Бұл да һеш нәрсе қылмайды. Сыр берместен шығып кетеді. Едігенің “Сарыазбан” дейтін бір жақсы аты бар болады екен, соған мінеді де жүріп кетеді.

Мұнан кейін хан өзінен-өзі сескенеді: – Бұл қалай болды? Ол не үшін олай етті? – деп, Данабикеге айтады. Данабике тұрып: – Әй, тақсыр, мұның көрсеткен мінезі мен қылған сұмдығын білмедіңіз бе? – дейді. – Жоқ. – Олай болса, мен айтайын: – Мәйекті пышықпен тілгені – Еліңді осындай қып қылышпен тілермін” дегені, және шарапты екі жағына шашып барып ішкені – “қаныңды осылай қылып шашармын” дегені. Енді не қылсаңыз да, әйтеуір, алдын алып, тезірек қылыңыз, яки айламен өзіңізге қаратыңыз, әлде басқа бір жерлерде құшақтасқан дос, құрамаласқан құрдасы бар ма, осындай бір ылажын қылып, тоқтатпасаңыз болмас, – деп Данабике айтады.

Хан дереу жан-жаққа, жоғары-төменді ат шаптырып, ел жияды. Елдегі жұрттан асқан, айтқаны бір-бір дастан ақылмен көп адамның көңілін басқан, бір Сыпыра жырау деген, мың жасаған қарт баба деген, бір қариясы бар еді, қай жұрт болсын, қысылғанда осы қариядан ақыл сұрап, сол қария не десе, соны қылады екен.

Жұрт келеді. Хан тұрып, ол қарияға бастан-аяқ Едігенің қылығын айтып береді, һәм ақырында: – Осылай ашуланып кетіп қалды, оған не қыламыз? – деп сұрайды.

Сонда қария тұрып: – Осы айтқандай мінез көрсетсе, ол шаһзада тұқымы екен. Оның көңіліне бір түрлі қатты қайғы түскен шығар да, сонан кейін көңілі бұзылған-ды. Өзінің сүйегі де асыл, сөзі де асыл, өзі де асыл екен. Осындай асыл адам бір мұздағаннан кейін қайта алмас, басқа жерде көңіл қимас, дос-жары болса, соны жіберіңіздер,– дейді.

Сонда жұрт тұрып, алшыннан шыққан Аңғысын досы бар екен, соған “Бар” деп өтінеді. Ол бармайды, өйткені ауру екен. “Өзім қатты науқаспын”, – деп бас тартыпты. Онан кейін барып жұрт, екінші досты Кеңесұлы Кенжімбай деген бар екен, соған жалынады. Ол қабыл етеді. Едіге батырдың соңына түсіп отырып барып, бір күннен кейін қуып та жетеді.

Досты Кенжімбай батыр сәлем беріп, амандасқаннан кейін, бір-біріне жол болсын айтысады.

– Әй, достым, Едіге, қайда барасың? Не себептен өкпелеп кеттің? – дейді Кенжімбай. Сонда Едіге батыр тұрып, бұлайша жауап береді:

– Шырағым, менің қайғым көп. Маған Тоқтамыс ханның әбден ызасы өтті. Сіз не қыласыз, қапаланбай еліңізге қайта беріңіз. Мен не болса да, бір бет алған бетімнен қайта алмаймын:

– Осы барған жолыммен

Сәті ханға қонармын,

Соған бала болармын.

Қанша жолдас болса да,

Керегінше алармын.

Қайтып келіп еліңе,

Күнікейдей көріктіңді,

Тінікедей тектіңді

Ат көтіне салармын.

10. Болдырып шауып еліңді,

Қылышымды суырып,

Жосадай қанға малармын,

– дейді де, қайрылмастан жүре сөйлеседі. Сонда Кенжімбай досты тұрып:

– Әй, достым, Едіге,

Асылдың қияғындай,

Тұлпардың тұяғындай

Артық туған ер едің.

Сұңқардай шүйілген,

Лашын құстай түйілген,

Жеңсіз берен киінген

20. Шаһизаттың тұқымы едің.

Мен сияқты достың келіп, арыз өтінгенде де қайтпасаңыз, өзіңіз біліңіз,– дейді.

Онда да қайтпайды. Сонан кейін Кенжімбай тұрып: – Достым, енді маған қайтпадыңыз, Алшыннан шыққан Аңғысын достың жаман аурып жатыр, тым болмаса, соған барып, көңілін сұрап қайтпайсың ба? – дейді.

Мұны естігеннен кейін Едіге батырдың көңілі бұзылып: – Ендеше барсам барып қайтайын, оған бармай болмас, – дейді де, Кенжімбаймен жүріп отырып, Аңғысынның үйіне келеді. Аңғысынмен екеуі жылап тұрып, құшақтасып көріседі. Бір-бірінің хал-жайларын сұрасады. Сонда Аңғысын тұрып, Едіге батырға айтады:

– Ей, достым, мұнда неге келдің? Барлық жұрт жиылып, Тоқтамыс ханның үйінде бата қылысты сені өлтіруге. Егер бір ылажын қылып құтылмасаң, жазым болып кетерсің,– деп, бірнеше насихат айтып, ақыл береді.

Сол уақыт бір адам келіп: – Екеуіңізді шақырып жатыр, – дейді. “Кім?” дегенде. – Тоқтамыс хан бас болып, барлық үлкен-кіші, ақсақал, ұлықтардан құралған жамағат, – дейді.

– Олар шақырып не қылады? – дегенде: “Едіге батырдың аяғына жығылып, қайысамыз һәм күнәміз болса кешірер ме екен?” – деп шақырады дейді.

Содан соң бұл екеуі ақылдасып: “Барсақ, барып көрейік” – дейді де, үйден шығады.

Келсе адамсынған ығай мен сығайлардың барлығы да бір үйге жиылып отыр екен. Қаншама арақ-шарап алып, әзірлеп қойып, келісімен-ақ екеуін құрмет етеді. Сыйлайды, күтеді. Едіге батырға “Алдияр тақсырлап” шарапты бере береді.

Едіге мырза һеш нәрседен хабарсыз, бергенін қайырмайды, іше береді. Бұлардың бұл қылған сұмдығын Аңғысын досты сезіп, сытылып барып далаға шығады. Сарыазбан тұлпардың ер тоқымын жөндеп даярлайды. Басқа аттардың мінер жақ үзеңгілерінің бәрін де алып тастайды. Сөйтіп дереу үйге келеді. Келсе Едіге һеш нәрсе білместік мас екен, сонда Аңғысын досты орамалын суға салып алып, Едігенің бетіне сабай береді.

Сол мезгілде Едігенің көзі ашылып, жан-жағына қараса, ханның бәрі қолдарына мылтық, қылыш алып, даярланып тұр екен. Өзінің мас болғандығын сонда біліп, Аңғысын достының әлгіндей қылған қайратына разы болып, ұшып кеп тұрып, “Иншалла” деп жүгіре шығады. Сарыазбан тұлпарына мініп, қаша береді. Барлық жұрт ілесе шығып, аттарына келсе, мінер жақ үзеңгілері жоқ. Жұрт арманда, сасып қалады. Сөйткенмен айлалап мініп, Едіге батырдың артынан түсіп, қуып жетеді.

Едігенің де есі кіріп, адам боп қалған екен, артындағы көп әскерді көріп, аруаққа сиынып, жауға кіріп, ұрыса береді.

Қаласын қан қылып,

Қақпасын шаң қылып,

Көргендерді таң қылып,

Осындай бүлік заң салды.

Мылтықтарын атысып,

Қызыл қанға батысып,

Қылыштарын шабысып,

Найзаларын қағысты.

Өлгені жерді қабысып,

30. Бір-бірімен шабысып,

Шығарып топтан қуысты.

Ерегескен батырмен

Тоқтамыс ханның жұрттары

Жүректері суысты.

Айдарлысын құл қылып,

Тұлымдысын тұл қылып,

Күнікейдей көріктісін,

Тінікейдей тектісін

Атқа салып, жүн қылды.

40. Бұрынғы айтқан сөздерін

Өтірік қылмай, шын қылды.

Тоқтамыс ханға бір жаман,

Қиындық түсер іс қылды.

Құлақ, мұрын кесіп ап,

Өлгендермен тең қылды.

Сонша қатты қырысып,

Бір-бірімен ұрысып,

Ақыры көңілі тынысты.

Едіге батыр бұл елден құтылғаннан кейін, Сәті ханның жұртына қарап жол шегеді.

Неше ай, неше күндер жол жүріп келе жатса, әкесі дию, шешесі пері қызы халқынан болған “Бесетін алып” деген бір дию бар екен, сол диюдың хабарын білген соң, Сарыазбан мен үстіндегі ер-тоқым, сайманын бір Құдайға аманат тастайды да, өзі жаман киініп, мүсәпір болады. Сөйтеді де, өзі Бесетін алыптың үйіне келеді.

Киімі жоқ, бейшара мүсәпірді алып көріп: – Уа, шырағым, не қылған жан едің? – деп жол сұрайды. Сонда Едіге батыр тұрып: – Мен мүсәпір адам едім, ел-жұрттан адастым, енді қай жерден қызмет, іс табылса, сол жер – тұрағым, – дейді.

– Ерім, мына баланы маған қызметкер қылып алып беріңіз, сіз ауға кеткенде, һәр уақыт мен жалғыз қалып, әбден зерігемін. Сондайда жалғыз отыру тіпті қиын, – депті қатын. Алыпқа қатынның бұл сөзі мақұл көрініп, Едіге батырды қызметіне алып береді. Едіге батыр сөйтіп бірнеше күн қызмет қылып жүреді. Күндердің бірінде: – Ей, пері қыз, перизат, мен саған ғашық едім. Қайткенде сені аламын, – деп қатынға сөз айтады Едіге. Сол уақыт: – Мен де сізге ғашық едім, бірақ мені алатын ылажың бар ма? Диюға әлің жетпейді ғой, – деп, пері қызы перизат та айтады.

– Иншалла, әлім келмегенмен айлам келер, – дейді Едіге.

– Қандай айла қыласың?

– Мына айла қыламын, – деп, Едіге дереу алыптың тап есігінің алдынан кісі бойы қылып жер қазады. Қолына өткір бір семсер алып, сол қазған жерінің ішіне кіріп, жасырынып жатады, үстін шөппен жауып.

Сол күні кешке әлгі дию құс салып, ит жүгіртіп үйіне келеді. Тыста, ат үстінде тұрып айғай салады: – Қатын, шық бері, мына атты байла, – деп. Қатын шықпайды, сонан кейін дию ашуланып, аттан түседі де: “Батшағар, залымның көңілі біреумен бұзылған екен”, – деп үйге жүгіріп кіре бергенде, Едіге оны ордың түбінде жатып, берденкемен қақ жүректен басып кеп қалады, һәм қылышпен қақ жүректің басынан соғып шаншады. Содан кейін алып бейшара қаза тауып өледі. Қатынды Едіге батыр алады да, енді Сәтемір ханды іздеп сонда барады. Олар бұлардың келгендерін қош көріп, қарсы алысады. Бірнеше күндердей бір-бірлерін сыйласып жүреді.

Ханның бір залым уәзірі бар екен. Сол уәзір күндердің күнінде Едіге батырдың үйіне келеді. Сонда әлгі өзін күтіп, құрмет көрсеткен батырдың қатынын көреді. Қонақтан шыққан соң, ханға барып айтады:

Ей, тақсыр, Едігенің қатыны тіпті сұлу екен. Соны мен сізге лайық көрем, – деп, күн сайын ызыңдап, құлағының мазасын ала беріпті.

Бір күн Сәтемір ханның көңілі кетіп: – Мұны енді қайткенде аламыз, – деп уәзіріне айтады. Уәзірі: – Көлкүн дейтін дария бар. Ол дарияның ар жағында “Сынап” дария дейтін дария тағы бар. Едігені сонда жұмсаңыз, – дейді.

– Қандай қылып жұмсайын?

– Сіз ертемен ауру болып жатыңыз, әр бір тәуіптерді жидырып, “Қызыл гүлді” білетіндерің бар ма? – деп сұрастырыңыз. Сонда мен сізге айтайын: – Ей, тақсыр, Көлкүн дарияның ар жағында, Сынап дарияның бер жағында, “Қызыл гүл” деген болады деп естуші едік, иншалла, атарман, шабарман жігіттеріңіз көп қой, “бар” деп біреуіне айтсаңыз, барып алып келмей ме дейін, – дейді уәзір. Сәтемір хан “ауырады”, тәуіптерді жияды, уәзір де айтқанындай қылады. Сонда хан тұрып Едігені жұмсамақ болады, һәм айтады.

Едіге үйіне келіп, қатынына ақылдасады. – Қорықпаңыз, барыңыз, бірақ маған жеті қабат темірден үй салдырып беріңіз. Сіз келгенше һеш адамға көрінбестігіме дәлел болсын, – дейді қатын.

Қатынның бұл ақылы Едіге батырға мақұл көрінеді. Бір ай жатып, жеті қабат үй салдырады. Ішінен кілт қылдырады да, кілтін қатынға беріп жүрмек болады.

Қатынның қолында бір жүзігі бар екен, сол жүзігін қолына алып беріп тұрып, Едіге мырзаға бір ақыл үйретеді:

50. – Бұл барғаннан барыңыз,

Жеті айшылық жолы бар.

Сынап деген көлі бар,

Жағасында сол көлдің

Шағаладай шаңқиған

Ақ күмбездей бір үй бар.

Үйге кіріп барған соң,

Жүзікті алып беріңіз,

58 Сізге серік кісі бар.

– Мақұл, – деп Едіге батыр жүріп кетеді.

Неше күн ұдай тынбастан, аттан жерге қонбастан жүріп отырып, көл жағасындағы тігулі тұрған үйге келеді. Келсе, ай десе аузы, күн десе көзі бар, жап-жақсы бір сұлу қыз отыр. Әлігі қыз Едігенің қолындағы жүзікті көріп, дереу жүгіріп келіп, Едігені құшақтап жылай берді.

– Неге жылайсыз? – десе айтпайды.

Байқаса, себебі мынау екен: Едіге батырдың қолындағы жүзік сол қыздың жүзігі екен. Ол жүзікті Едіге мырзаның алған қатынына берген екен. Бергенде: “Сіз кімге тисеңіз, мен де соған тиемін”, – деп шарт қылған екен. Баяғы серік қызы есіне түсіп һәм тиген байын көріп, мен де осыған тиеді екенмін деп, қуанып жылаған екен. Едіге батыр әлігі перизат сұлуды алып, Көлкүн дариядан қызыл гүлін тауып, бірнеше күнде баяғы шаһарына келеді. Келсе, ел-жұрты аман. Едіге батырдың аман-сау қайтқанын көріп, барлығы да қуанып, көңілдері тынысқан болады. Қызыл гүл дәріні ханға әкеп береді.

Хан қуанады. Баяғы уәзір алып келген бұл қатынын тағы көріп: “Ей, бұл тегін адам емес екен, мұны һешкім өлтіре алмас”, – деп ханға келіп айтады: – –Енді не қыламыз? Ол жақтан тағы бір сұлу қатын алып келіпті. Бұл әкелгені “бұрынғысынан да сұлу, – дейді. Сонда хан біраз ойлап тұрып: – Енді оған бұлай қылмасам болмас, – деп, бір жерге әкеп көп отын үйдіріп, сүйтіп Едіге мырзаны шақыртады.

– Ей, мырза, менің қияметтік балам едің, сені мен бір қиын жұмысқа жұмсайын деп тұрмын, барасың ба, жоқ па? Бұрынғы уақытта менің ақылды, данышпан әкем өлген еді. Ол әкемнің өлген жері – мынау. Енді сол әкемнен маған бір хабарын әкеп берсеңіз, тіпті жақсы болар еді. Бұл күнде нендей күйде жатқанын білмеймін, азаматтық қылып сіз бармасаңыз, – дейді хан. Едіге біраз ойланып, қапаланып тұрады да, үйіндегі қатынына келді. Қатыны: – Қорықпаңыз, Құдай қаласа, аман-сау барып қайтарсыз, мен бір айла қылып қарайын, – деп хат жазыпты да, ханға көрместей етіп беліне байлап, ханға жібереді.

– Ханым, жұмсай беріңіз, бармақшы болып келдім, – дейді Едіге. Хан “құп” дейді де, Едігені отынның ішіне тастайды. Сөйтіп отынның бір жағынан от қойдырып жібертеді. Сол уақыт қатыны Мысқал пері аспанмен ұшып келеді де, түтінмен араласып барып, Едіге батырды көкпен ұшырып алып жөнеледі. Бұл істерді ешкім білмей қалысады. Сонан кейін ертең ертемен, таң атпастан тұрады да, жанған күлдің ішіне кіріп, жасырынып кеп, Едіге барып қайта жатады. Ханның адамдары келіп, жұрт жиылып өлгенін көреміз деп, күлдің ішін ақтарса, Едіге өлместен, көзі бадырайып тірі жатыр. Мұнан өлмегендігін білген соң, «мұнда үлкен бір керемет бар екен» деп таңданысады, һәм ханға да хабар салады. Хан шақыртып алып: – Ей, балам, Едіге батыр, аман-сау барып қайттың ба? Менің әкемді көріп, хал-жайын білдің бе? Қалай екен? Жайы-күйі жақсы ма? – дейді. Сонда Едіге батыр тұрып беліндегі жазулы хатты алады да, ханның қолына береді. Хатты қолына алып оқыса: “Шүкірлік, әлхамдүлла, аман-есен, сау-саламат жүрміз, екінші бұ дүниедегі патшамыздан ақиреттегі патшалығымыз тіпті артық болды”, – деп, әкесі айтты қылып жазған баяғы Мысқал перінің хатын көргеннен кейін қуанып, “Иншалла, біз барсақ сондай болады екенбіз”, – деген ойға кірді. Сол оймен әлгі сөздерге нанып, әлгі жерге көп қылып тағы отын жидырады. Отын жиылып болған соң, оған от салдырады. Сөйтіп, “Біз де барып, көріп қайтайық”, – деп, бала-шаға, тетелес құрбы-құрдастарымен өз-өздерін отқа аттырады. Онда бабаларын көріп, көңілдерін көтеріп қайтатын бекзаттарды жайластырып, паршалай қояды. Надандығы түптеріне жетіп, хан жоғалғаннан кейін Едіге батыр сол елге хан болады.

Сол елде неше жыл дәурен сүріп, барша мұрат басына жетіп, ақыр бір күн опат болады. Едігенің Мысқал пері деген қатынынан бір ер бала болады. Оның атын Нұралы хан қойыпты.

Нұралы хан өскен соң, сол жұртқа патша болып, бар мұрады басына жетіп, дәурен сүріпті.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет