ҒҰлама ғибраты



Дата26.06.2018
өлшемі86,5 Kb.
#44221

ҒҰЛАМА ҒИБРАТЫ


18 Мамыр 2010 | Тұлға

http://www.egemen.kz/



 Загрузка ...

Манаш Қозыбаевтың “Тұл­ғалар тұғыры” атты кітабының ерекшелігі – біріншіден, тарих­шының көзімен қарап, заман, уақыт, кезең шын­дық­тарын жеке тұлғалардың іс-әрекеттерін нақты деректерге сүйе­не отырып ой тол­ғау болса, екінші­­ден, шын пуб­ли­цистке тән машық­пен оқушы зердесіне жеткізу мақсат­тарын көз­дейді. Үшіншіден, тарихшының өрнегі мен әдебиет­шінің ой-қиялы нақты мәселені баяндауға келгенде үлкен әлеумет­тік арнаға бұрылып, философиялық түйін жасайтыны Манашты ғалым ретінде ерекше­лендіретін сипатқа ие болады екен.

Әуелі жинақтың мейлінше жүйе­­лі жасалғандығын айрықша атау қажет. Тіпті өзің жазғандарды оқушыға түсінікті де ыңғайлы дең­гейде жеткізу үшін талай ойлана­сың ғой. Ал “Тұлғалар тұғырын” жүйелі де мәнді құрастырған Ілияс Қозыбаев өзінің балалық парызын ғана орындап қоймай, әкесімен бірге мектеп оқулығын жазып жүргенде алған тәжірибесі болсын, әдетте тірлікте көргені болсын ба­рынша ықтияттық көрсетіп, жақ­сы үлгі-өнегені бойына сіңіре біл­ген­ді­г­ін мықтап танытыпты. Әке­сінің мұрасын білгірлікпен жет­кізуге кім болса да талпынады ғой. Сонда да Ілияс шын мәнінде әке­сіне жаны ашитындығын ғана емес, мықты маман, шын тарихшы екендігін дәлелдепті. Оны кітапты талдау бары­сында аңғарып отыра­тын­дарыңызға кепілдік бере аламын.

Сонымен, “Тұлғалар тұғыры” не, қандай ғибраты бар? Жинақ үл­кен төрт бөлімнен тұрады. Әсі­ре­се, “Арыстары қазақтың” және “Зама­на перзенттері” атты екінші және үшінші тараулары тарихи тұрғыдан да, эстетикалық таным арнасынан да мәнді де сәнді, алымды да ажар­лы, түсінікті де тағылымды. “Ой толғау” тарауына кірісерде Ма­наш “Өлім екі түрлі. Бірі – таби­ғи өлім, екіншісі – руха­ни өлім. Біздің мақ­­са­тымыз шын мәнін­дегі тарихи тұлға­ларды рухани өлтірмеу” деген сүбелі ой­дан бас­тайды да, ғұлама­лы­ғын та­ны­ту мақсатымен емес, негізгі әңгі­мелер­ге апарар арна­ларды анық­тау үшін “Ғұмырнама жанрын зерт­теу мәселелеріне” әрі тарихшы, әрі әдебиетші ретінде назар аударады.

Мәскеудің атақты “Тамаша адам­­дардың өмірі” сериясынан қазақ қайраткерлеріне, атап айт­қанда, Сәкен, Шоқан, Қаныш жа­йын­дағы ғұмырнамаларды атай оты­рып, “болашақта мұндай кітап­тар­дың көбейгені жақсы болар еді” деген игі тілекті іші елжірей оты­рып жазады да, қазақ тіліндегі га­зет-жур­налдарда түркі тектес қай­раткер­лерге арналған жариялым­дарды түгелге жақын шолып шығады.

Манаш Қозыбаев осы еңбегін­де ғұмырнаманың талай шарт­тарын жеке-жеке мақалаға, ой-тұжы­­рымға айналдырып отырып­ты. Ғұмырна­масы жазылар кезде әуелі Азамат болуы шарт, ал оның көрікті, жар­қырар қасиетін аңғар­тар, ел тілегін орындар, кісілік кел­­­бе­тін көрсетер сәттерін тәптіш­теп баяндайды да “әрбір отбасы, мектеп, қоғам бала­лар­ды азамат етіп тәрбиелесе ғана еліміздің бола­шағы жарық. Әрбір перзенті­міз құлқынның құлы бол­май, Отан­ның ұлы болса қандай ба­қыт” деген игі тілекті айтудан жа­лық­пайды. Бұдан кейінгі “Батыр – ел қорғаны”, қазақ зиялылары хақын­­дағы толғаулар ғұмырнамасы жазы­лар қайраткерлердің сипатын айқындайтын қасиеттерді еске түсі­ріп, түсіндіріп, ұғындырып отырады.

Ал “Бізде ұлттық элита бар” деген тұжырымын қазақтың өткен-кет­кен, бүгінгі тарихымен дәлел­деу­ге ұмтылады. Әрі-беріден соң элита қатарына қосылу үшін нен­дей қайраткерлік қажет екендігін ба­жай­лап, тарамдатып айтып та бере­ді. Мәселен, “ұлт элитасы деп ұл­ты­на сенетін, оның басына түс­кен қиындыққа, өз мүддесіне же­те­тін, тығырықтан жол тауып, әлем­дегі 2000-нан астам ұлт пен ұлыстардың ішінен “қазақ” деген ұлттың өркениеттік орнын тауып қана қоймай, оны өркениеттік талдау­дың даңғыл жолына салып беруге өнерін, білімін, күш-қай­ратын, ар-намысын жегетін, керек кезде ең қымбатты – өмірін бере­тін ұлт асылдары” деген түйін­деуінде Аза­маттықтың ең биік өре­сін көре­міз. Осы теориялық ойлар­ды Манаш “Арыстары қазақтың” деген екінші тарауда нақты тұлға­лардың іс-әре­кет­­терімен дәлелдеу­ге көшеді.

“Мырза Мұхамед Хайдар Дулати дала өр­ке­ниетінің ше­жі­ре­сі” деген бі­рінші мақала­сының өзінде теория­лық баян­­дауға көбі­рек ден қоя­ды. Ең алды­мен, әлем­­­­нің бар жақ­сылығы Еуро­падан та­ра­ды де­ген жал­ған еуро­цент­ризм қағи­да­­лары­ның арам­­за сырын ашып, кейінгі ке­­мел ойларына жол ашып алып­ты. “Шын мә­нін­де Орталық Азия ха­лық­­тары өркениетінің әлем­дік өрке­ниет­­тегі мәртебелі орнын тұң­ғыш дәлел­деген Мырза Мұха­мед Хайдар Дулати” болған­ды­ғын, осы көз­қарас­тан айнымау қажет­тігін дәлелдей келіп, Тарих-и-Рашиди өткенімізді зерттеудің методология­лық негізіне айналып, Дала өрке­ниеттеріне негіз болған түркі тек­тестердің бірнеше ғасыр­лық тари­­хына үңіліп, азамат мәде­ниетіне қосқан үлестерін тарамдата баян­дайды. Және бұл ғылыми толғау­дың бір ерекшелігі, Манаш басқа тарих­шылардай деректерді көзге көлбең­дете бермей-ақ мәсе­ленің ішкі сыр-құпиясын ашуға көп көңіл бөліпті. Соның арқа­сында ел билеу­шіге қажетті он шартты баяндап, әр мұ­сылманның 17 күнә­дан ада болуы­на назар аударады, әр мемле­кеттің этно-тер­ри­ториялық болмы­сын, шарт­тарын білгірлікпен әңгімелейді.

Мұнан кейін тікелей қазақ тари­хына қатысты ойларын тарам­датып, Қазақияның мән-жайына, жаңа ұлттардың қалыптасып, мемлекет­тері шаңырақ көтергенін, 92 баулы қыпшақ болмысының моңғол текті­лерді жұта бастағанын, шын­туай­тына келгенде, Шоқан айтқан­дай, Алтын Орданың негізгі жері мен елін қазақтың Ақ Орда­сына айнал­дырып жібергенін мық­тап еске сала­ды. Олай болса, – дейді автор – “Қазақ хандығы – ата тари­хымыз­дың асқар белесі, заңды жалғасы. Мырза Мұхамед Хайдар Дулатидың “Тарих-и-Рашидиін” ата-баба тари­хының толыққанды шежіресі” дегенді нығарлай жазады да, әлі күнге дейін еуроцентризм түсінігі­мен келе жатқан әріптес­терін, та­рих­­­шыларды, зиялыларды шына­йы ғылым жолына түсуге шақырады.

Осы ойын ғана емес, бүкіл қазақ тарихының даму ерекшелік­терін аңғарту үшін ұлы тарихшы Қадырғали Қосымұлының ерен еңбегін санаға сіңдіре баяндайды. “Қадырғалидің “Шежірелер жыл­намасы” өзінің деректілік дәлел­дігі мен байлығы жөнінен сол заман­ның биік туындысы. Қазақ халқы­ның тарихы туралы ең бай, ең не­гізгі дерек көзі” деген түйін де бір жолға аздық жасамай­ды. Бірі­мізді-біріміз тыңдап, айтылған ой­ды әрі қарай жалғасты­рып әкет­сек, бұрма­ланған қазақ тарихы тез-ақ жөнге түсер еді. Өкінішке қарай, орысша оқып, еуропаша ойлап қал­ғандар әлі де кес-кестеп алды­мыздан шыға береді және білгірсіп солай ғой деп түсіндіруге бейім тұрады.

Әлі күнге дейін анықталмай келе жатқан қазақ этнонимі жа­йын­да Қадырғали айтқанды Ма­наш­тың бүгінгі біздерге түсін өзгертіп беруі де қызғылықты ғана емес, терең ойланатын мәселе. “Қадырғали қа­зақ­т­ы шежіреде “Алаш”, ал мем­ле­кеттік одағын “Алаш мыңы” деп атайды” деп, Р.Сыздықова, М.Қой­гелдиев және Ө.Қопабаев айтып жүрген пікірлерге назар аудару қажет екендігін ескертеді.

Манаштың тағы да бір құнарлы ойына, яғни “Шежірелер жинағы” қазақ әдебиеттану ғылымының да қайнар көзі іспетті дегені де елену­ге тиіс. Қадырғали жинағында халық шығармаларынан үзінділері бірқы­дыру беріледі. Мысалы, “Тоқтамыс хан туралы дастаннан” үзінділер бар. Бұл мысалдардан біз қазақ поэзиясы жазбаша түрде ХVІ ға­сыр­дан бұрын хатқа түскенін бай­қаймыз” деген ойына мен ерік­сіз іш тартамын. Себебі, Мұхтар Әуезов 1923 жылы “Шолпан” жур­налында “бұл күнге шейін қазақ­тың жазба әдебиеті жайынан сөз жазу­­шы­лардың көбі біздің жазба әде­биетіміздің басы Абайдан бас­талады деп есеп­тейді. Бұл пікір су­ретті худо­­жес­твенная лите­ратура ре­тін­де қара­ғанда дұ­рыс болса да, әде­биет тарихы реті­нен қара­сақ, үлкен адас­­­­­қан­дық” (М.Әуе­зов. Шы­­­­ғар­­ма­ла­ры­ның елу том­дық толық жи­на­ғы. “Ғы­лым”. 1998.) де­ге­нін 1924 жы­лы Сәкен Сей­фул­лин “қазақ ара­сы­на жазба әде­биет тарат­қан Түр­кі­стан­нан шық­­қан қожалар. Ол кезде қазақ ара­сына көп тара­ған Қожа Ахмет Ясауидің кітабы. Біздің қазақ ақын­дары соны еліктеп кет­кен” (“Ең­бекші қазақ”, 19.02. 1924) де­ген ойға қарсы “Ақ жол” газеті дау-дамай айтқан болатын. Комму­нис­тік идеология­ның күше­юіне және шовинистік көзқарастың өріс алуы­на байланысты “қазақта мәде­ниет түгіл тарихы жоқ надан халық” деген жалғандыққа қарсы өнімді ойды әрі қарай өрбітпей, әлі күнге дейін да­лақ­таумен келеміз. Ма­наштың осы кітабын оқып отыр­ғанда талай сүбелі ойларға бастай­тын пікірлер кездесіп жататыны осының өзіне дәлел болса керек.

Жинақты құрастырушы Ілияс Манашұлы әкесінің тарихшыл­дығы мен сөзге шеберлігін қатар­дағы оқушы болсын, зерттеуші болсын, атағы мол академик бол­сын, бәріне бірдей ұсынар ойлар­ды сатылап жет­кізгені, оқушы танымын мо­лайт­қаны өте орынды болған. Мәселен, Абылай ханмен қазақ тарихында болған басқа тұл­ғаларды тұйықтап тастаса, кейінгі тарихи шындықтарға зияны тиер еді. Абы­лай ханды айт­қаннан ке­йін оны оң жолға салып, ақылын ай­тып отыр­ған “Дала дана­сы – Бұқар жырау­ды” айтпай, жаз­бай кетсе, көп мәлімет пен шын­дық көр­­­пе ішінде қалып қояр еді. Мі­не, осы тұста Манаштың тарих­­шылығы ғана емес, әдебиет­шілдігі, көркем сөздің қадірін түсіне біле­тіндігі бірден көрініп, Бұқар жырау­дың көмекей әулие екендігі, кейінгі­лерге қалдыр­ған тағылымы өзінен өзі андыздап оқушы санасына жетеді.

Манаштың Бұқар жырауға бай­ла­ныстыра қазақ елінің халықтық гимнін (Елім-ай) жасаған Қожа­бер­ген сынды дауылпаз дарынға ай­рықша тоқтағаны жөн болған. Акаде­мияның, қазақтың талай ғалымдары бас болып ғылыми кон­ференция өткізгеннен кейін де филология ғылымдарының канди­даты Серікбай Қосанов сынды зерттеушілер Қожабергенді “аңыз­дық тұлға”, яғни қолдан жасалған мүсін дегендей қысас пікір тара­тып жүр. Осы тұрғыда ғұламаның сезімі хабар берді ме екен, Манаш Қозы­баев “Елім-ай” әдеби тұрғы­дан алғанда теңдесі жоқ туынды. Онда тек халық мұңы ғана емес, оның сыры, рухы бар. Автор егіліп те, төгіліп те жырлайды. Бірде тарихи тереңдікпен бойласа, бірде бүгінге қайғырып, болашақты ойлайды, философиялық пайымдар­мен ора­ғы­та толғайды. Ендеше, Қожабер­ген бабамызды қол бастаған батыр­дан өтіп, ғасырлар қойнауына мұра етіп келе жатқан асылымыздың авторы – Дауылпаз жырау деп атау орын­ды” деген ойын әсіресе әде­биет тарихын зерттеушілер қат­ты ескеру­ге тиіс. Түсіне алмаға­ндар кездессе, Ма­наш­тың “Дауыл­паз баба – Қожа­бер­ген” деген та­рихи-әдеби эссесінен оқып алсын. Өйт­кені, “Қожа­берген есімі Әз-Тәуке хан, Абылай хан, Әбілқайыр хан, Бұқар жырау, Төле би, Қазы­бек би, Әйтеке би сияқты ұл­ты­мыздың ұлы­ларының қатарында Отан тари­хын­да хатталады” деген шешімді ойы тарихи шын­дықпен дәлел­денген тұ­жырым.

Рухани күштің мықтылығын, ай­рықша пәр­мен­ділігін Ма­наш енді ел тірегі Қаракерей Қабан­бай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапы­раш­ты Наурызбай, Шақшақ Жәнібек, Керей Ер Жәнібек, Жәуке, Исатай-Ма­х­ам­бет, Сырым, Қа­ра­сай, Кенесары-Нау­рызбай батыр­лар­дың ел үшін, ха­лық қамы үшін бас­тарын оққа тік­кен­дерін нақты мұ­ра­ғат дерек­терімен оқу­шы­ға жеткізіп, тари­хи таным-білік­терін молайтып тастайды.

Қазақ тарихы­ның арғы белес­терін қасиетті тұлғалармен көрсете келіп, енді қазақ мәдениеті батыс, орыс мәдениеттерінің игі ниетпен не зорлық жүйесімен тоғысқанын көрсету үшін әңгімені “Шоқан шоқыларынан” бастайды.

Отаршылардың негізгі мақсаты жаулаған бодан елдердің мысын басып, қанау-тонау әрекеті болса да, объективті түрде басқа да ықпа­лы тиетінін жоққа шығармау керек. Осыны біз Ресей империя­сының ұзын қолы қазақ даласына жеткен кез­ден анық аңғарамыз. Қазақ бай­лары мен төрелері бала­ларын орысша оқытуға құмарлануының өзі нәпақадан құр қалып қоймау­дың амалы еді. Ал оқу-білімге ара­ласу, сөз жоқ, өзінің игі ықпа­лын жасамай қоймайды. Олардың ішінен Шоқан, Ыбырай, Абай сынды ағартушы-демократтармен қатар кешегі алаш қозғалысын бас­таған ата-ағалары­мыз­дың шық­қа­нын айтуымыз парыз. Игі мәдениет араласқан тұста игілікті істер болмай қоймайды. Мі­не, осыны ескерген Манаш Қозы­баев “Шоқан шоқы­ларын” даралай әңгімелеуі әбден заңды.

Ал осы ойларға қосыла отырып Шоқан көзқарасын баяндауда ескерілмей жүрген үлкен бір мәсе­леге назар аударыпты. “Шоқан­ның көзқарасына әсер еткен фактор­лардың тағы бір саласы марксизм идеяларымен таныстығы деп ойлай­мын. Шоқан Чернышев­ский­дің “Сов­ременнигін”, А.Герценнің “Колоколын” оқығанын замандас­тары сол кезде-ақ айтып кеткен еді. Ал Шоқан маркстік әдебиетті оқыды, онымен таныс еді деген дерек жоқ” дей тұра, оның әдеби мұрасына көз қырын салу керек деп бірден-бір дұрыс жолды көрсетіпті. Және адамды сендірерліктей дерек­терді келтіріпті. “Шоқанның көз­қара­сы ағартушылықтан асып, ре­волю­цио­нер-демократ аясына бе­йім­делумен танылады” де­ген қо­рыт­ынды жа­­сап­ты. Тап осын­дай ой­дың шеті “Абай жә­не оның зама­ны” деген тол­ғауында да бар. Тегінде тарих­шының көз­қа­расы әде­биет­­шілдігі жәр­демге келер сәті осыдан-ақ байқалса керек.

Ағартушы-демократтардан кейін Әлихан Бөкейхановқа арнап “Тағ­дыр: түнек пен шырақ” деген мақа­ла­сы 1995 жылы “Ақи­­қат” жур­на­лы­на ба­сыл­ған нұс­қасы­мен бері­ліпті. Онда “Әлихан Бө­кейхан есімі алаш, қазақ ұлы, қазақ мә­де­­ниеті, оның тарихы, қазақ мәде­ниеті, шығыс мәдениеті түбірлі де дүбірлі проблемалармен байланыс­ты. Кешегі казармалық социализм заманында біз оның есі­мін, тек қана “буржуа­зиялық ұлт­шыл”, “алаш­ор­дашыл”, “х­алық жауы” де­ген сияқты құбы­жық ұғым­­­дармен байла­ныс­ты­рып, қа­лың елді, оның ішінде зиялылар қауымын үркітіп келдік. Не жасы­ра­тыны бар, үркіп қана қой­май, үріп келген­дердің қа­лың ішінде біздің ұрпақ та бар” дегені Манаш­тың пара­сат­тылығын айқын танытады.

“Ахмет Байтұрсынов – ХХ ғасырдың ұлы рефор­маторы”, “Ұлт пер­зенті Сма­ғұл Садуақасов ха­қында”, “…Әмір Әбдіғапар”, “Тағ­дыр тәлкегі (Аманкелді батыр туралы ізденіс)”, “Ғасыр тауқыме­тін арқалаған арыс­тар” атты толғаулар мен мақа­лалар негізінен алаш­тың ардақтыларының тол­қылмалы тағдырларына ар­на­лып, талай соны пікір­лерді айтқан. Осы жөнінде тарихшының көзімен көр­гендерді, түйінделген ойлар­ды біздің әдебиет зерттеуші ғалымдар ойлана оқып, толғана тұжырым жасаса қазақ ғалымына едәуір олжа болар еді.

Сәкенге арналған “Ха­лық­тың еркесі, көш бастар серкесі” эссесі, Жүсіпбек Ай­мауытовтың “Қабыр­ғалы қаламгер”, Ыбырай Алтын­сариннің дәстүрін жалғас­тыр­ған “Спандияр Көбеев тағылы­мы” ұласып, Қаныш Сәтбаевтың қазақ тарихында алатын орны мен даңқына сүбелі сөздер арнапты.

“Тұлғалар тұғыры” жинағының үшінші тарауы “Замана перзент­тері” деп аталады да, қазақ та­ри­хы­ның пірәдары Әлкей Мар­ғұ­ланға арналады. Бұдан кейін Ға­бең­нің – Ғабит Мүсіреповтің адам­гершілігін, пендешілігін, май­тал­ман жазушы­лы­ғын сөз етіп, халқымыздың аяулы ұлы Ілияс Омаровтың өмір тынысына үңіледі.

Бұл үшінші тараудың екінші бөлігі естелік іспеттес ой-тұжы­рымдарын жеткізген екен. Оған өзі аралас-құралас болған қазақтың ірілері мен жайсаңдары топтасып, қазақтың ғылыми-әдеби элитасы кескін-келбетін, әдет-ғұрпын, іс-әрекетін аңғарарлықтай деңгейде баяндайды. Оның әрқайсысына мінез­деме беріп сипаттасақ, рецен­зиямыз шұбатылып кетері сөзсіз. “Халқы­ның Мәлігі” деп қазақтан шыққан Кеңес Одағының Батыры М.Ғаб­дул­лин жөнінде ұзақ тол­ғанса, “он екі мыңға жуық Ке­ңес Одағының батырлары қатары­нан Бауыржан Момышұлы орын алуға тиіс” деп шамырқанғаны 1990 жылы шамыр­қанғаны періштенің құлағына шалынды ғой.

“Димекең туралы естелік жаза­мын деп кім ойлапты” деген­нен басталатын “Өтті, кетті сол заман” толғауы 70-80 жылдардағы жағдай­ды көзге елестетеді. “Кеңес режимі­­нің дәуірлеген тобы. Бәрін өзі ше­шіп, өзі билік айтатын партияның заманы. Адам өмірі, еңбегі ойын­шыққа айналған кез” деп өз басы­нан өткен оқиғасын былай жалғас­тырады. “Белгілі антрополог О.Сма­­ғұловтың кітабы өртенді. Содан кейін кезек М.Қозыбаев, З.Голикова бірігіп жазған “Золотой фонд пар­тии. Из истории кадровой политики КПСС” деген кітапқа жетті. Бір саға­тта бірнеше жылғы еңбек күлге айналды. Бес жыл “жер ауып”, Ал­маты мал дәрігерлік инс­титутында өксік өмір өтіп жатқанда” құдай беріп, Д.Қонаев шақырып, “Қазақ энциклопедия­сы­ның” бас редак­торы етіп тағайын­дағаны өрбітер ойға тиек болыпты. Сол сияқты “Өрге баста еліңді” деген тілекті Н.Назар­баевқа достық ниет­пен айтыпты. Сондай-ақ, Шах­мар­дан Есенов, Өмірбек Жолдас­­беков, Өмірзақ Сұлтанғазин, Сақта­ған Бәйішев, Қайрат Мұхамед­жанов, Өз­бекәлі Жәнібеков, Салық За­манов, Евней Бөкетов, Батырбек Бірімжанов тағы басқа қайраткер­лер жөніндегі естеліктер мен көр­гендері оқушыға ой салатын ғибратты дүниелер.

Көзі көріп, аралас-құралас бол­ған қайраткерлердің ішінен екі пендеге, атап айтқанда, Ілияс Есен­берлин мен Ермұқан Бек­маханов жайлы толғамдарына тоқтау қажет. Өйткені, олар бір-бірімен байла­нысып жатуымен, тағдыр талқысы­мен бауырлас болуымен ғана емес, қазақ еліне сіңіріп кеткен еңбек­терімен қадірлі екені еске алынған.

“Ілияс Есенберлин есімін атағанда қазақ әдебиетінің, қазақ мәдениетінің алып тұлғаларының бірі көз алдыма келеді. Ұлы жазу­шының мен өз басым ерлігіне тән­ті­­мін. Кешегі атақты ғалым Е.Бек­мұхановтың итжеккенге айдалуы­ның басты себебі, ұлт-азаттық қоз­ғалысының ең бір жабық тақыры­бы Хан Кене бастаған қаһарман халқы­мыздың бостандық күрес тарихын зерттеуі емес пе еді?! Міне, осы бір “жабық”, басқаша айтқанда, “абақ­­ты”, “итжеккенге” айдауы мүмкін тақырыпқа оралу үшін қандай жүрек керек десеңіз­ші! Ілекең им­периялық қаһардан қорық­пады, зия­лы қауым ішінде Хан Кенедей батырлығын таныт­ты, заманнан ширек ғасыр озып, арттағы ұрпаққа өлмес мұра, Ә.Ке­кіл­баев, М.Ма­ғауин, С.Сматаев сияқты талантты тарихи романис­тер мектебін қал­дырды” деген кесек ой әділдігімен құнды. Ал өзінің ұстазы, үлгі алған ғұлама ағасы Ермұқан Бекмұханов жа­йын­дағы “Тағдыры күрделі қайсар талант”, “Ұстазым туралы бір-екі сөз” толғаулары шы­на­йы се­зім­мен, ғибратты ой­ларымен құн­ды. Ұлы тарихшы мен жазушы­ның артында қалған орасан зор мұра­ларын білуге, оқуға еріксіз жетелей­ді. Бұдан кейін әңгімелене­тін көп есімдердің атын біліп, бұл жалған­да қалған іздерін, өнегелерін аңғарып, ғибрат аламыз.



Ал тәуелсіздік келгеннен кейін жазған “Сталин және Қазақстан” немесе Голощекин, Хрущев, Бреж­нев тұсындағы Қазақстанның шындықтары барынша дәлелді де, ашық баяндалған уақытта пенделік пиғылымен қатар қазақ халқының рухын сындыру, басып-төстеу үшін ойына келгендерін істеген­дерін ішкі дүниесі қан жылай оты­рып баян­дауы да, бар ойын емеурінмен білдіруі де, әбден қысастық жеңген сәтте ашына да ащы айтатындары да осы кітаптың өн бойынан анық аңғарылады. Өтпелі осы дәуірді басынан кешірген шын мәніндегі тарихшы қай кезеңде мақала жазба­сын, жан-сырын толғанысын, өзі­нің адами позициясын аңғартып келгені үшін қадірлеуге тиістіміз. Ондайды істемей, кімнің тарысы піс­се, соның тауығы болып шыға­тын­дардың, әсіресе, қазақ зиялы­лары­ның психо­логиясынан жиі кез­десетін аярлық­ты Манашта аз еке­­нін аңғарып, шын мәнінде ғұлама тарихшы екендігіне ден қоямыз.

Тұрсынбек КӘКІШЕВ, профессор.


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет