ГүЛ ҚҰрылысы


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі



бет30/30
Дата07.02.2022
өлшемі0,57 Mb.
#86220
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   30
Байланысты:
botanika darister

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:



  1. Әметов Ә.Ә: Ботаника. Алматы, 2005.

  2. Әметов Ә.Ә., Мырзақұлов П.М. Жоғары сатыдағы өсімдіктер систематикасы. Алматы «Қазақ университеті», 2000.

  3. Еленевский А.Г и др. Ботаника: Систематика высших, или наземных растений. Учебник - М.: Академия, 2004.

  4. Еленевский А.Г. и др. Ботаника: систематика высших и наземных растений. Учебник. - М.: Академия, 2001.

  5. Комарницкий Н.А., Кудряшов Л.В., Уранов А.А. Ботаника. Систематика растений. - М.: Просвещение, 1975.

  6. Сергиевская Е.Г. Систематика высших растений: Практический курс: Учебник. - СПБ.: Лань, 2002.

Дәріс № 25


Сабақ тақырыбы: Ашықтұқымды өсімдіктер бөлімі. Қылқанжапырақтылар класы
Дәріс мақсаты: Ашықтұқымды өсімдіктер (Gymnospermatophyta, Pinophyta) бөлімінің құрылысы, көбеюі, жіктелуімен танысу.

Жоспар:
1. Ашықтұқымдылардың (Gymnospermatophyta, Pinophyta) жалпы сипаттамасы.


2. Ашықтұқымдылардың (Gymnospermatophyta, Pinophyta) көбеюі.
3. Ашықтұқымдылардың (Gymnospermatophyta, Pinophyta) жіктелуі.

1. Ашықтұқымдылардың (Gymnospermatophyta, Pinophyta) жалпы сипаттамасы.


Қазіргі кездегі флорада ашық тұқымдылардың 800-дей түрі бар. Көптеген түрлері жойылып кеткен. Ашық тұқымдылар барлық континенттерде таралған. Түрлерінің саны аз болмағанымен, олар климаты салқын зонада және тауларда үлкен орман түзеді.
Құрылысы. Спорофиттері негізінен ағаштар, сиректеу ағаштанған лианалар немесе бұталар. Шөптесін формалары жоқ. Бүйірінен бұтақтанады, сабағы моноподиальды өседі. Сабағы екінші рет қалыңдайды. Көптеген түрлерінің түтіктері жоқ, сүрегі тек трахеидтерден тұрады. Сүзгілі (електі) түтіктерінің серіктік клеткалары болмайды. Бір түрлерінің жапырақтары үлкен, тілімделген, папоротник тәрізділердің жапырақтарына ұқсас, ал екіншілерінде олар ұсақ, тұтас, қабыршақ тәрізді, немесе ине тәрізді (қылқан -хвоя) болып келеді. Ашық тұқымдылардың аздаған түрлерінен басқасының барлығы мәңгілік жасыл өсімдіктер. Тамыр жүйесі кіндік тамырлы. Кіндік тамырында да жанама тамырларында да микориза түзіледі. Ашық тұқымдылардың негізгі белгілерінің бірі сол, олардың тұқымбүрі (семязачатки), немесе тұқымбүршігі (семяпочки) болады.
Тұқымбүрі дегеніміздің өзі мегаспорангий, ол ерекше қорғаныш қызметін атқаратын қабықша интегументтен қапталған. Тұқымбүрлері метаспорофилдерінде ашық орналасады, олардан ұрықтанғаннан кейін, дән пайда болады.
Дәннің пайда болуы ашық тұқымдылардың споралы өсімдіктерге қарағанда көп мүмкіндікке (артықшылыққа) ие болуын және құрлықта басым болуын қамтамасыз етті.
2. Ашықтұқымдылардың (Gymnospermatophyta, Pinophyta) көбеюі.
Ашық тұқымдылардың тіршілік айналымын қарастырғанда мысал ретінде кәдімгі қарағайды алуға болады. Ол - спорофитінің биіктігі 50 м.-дей болатын 400 жылдай өмір сүретін өсімдік. Діңі жақсы жетілген, онда бүйірлік бұтақтары топтасып орналасады. Сабақтары моноподиальды бұтақтанып өседі. Ұзарған бұтақтарының сыртын қоңырлау қызғыш түсті қабыршақты жұқа жапырақтары жауып тұрады. Осы жапырақтардың қолтығында қатты қысқарған өркендер пайда болады, оларда екі-екіден ине тәрізді жапырақтар орналасады. Ине тәрізді жапырақтың немесе қылқанның пішіні жалпақтау дөңес болып келеді, оның ортасында екі өткізгіш шоғы орналасады.
Қарағай шамамен 30-40 жылдан кейін спора түзе бастайды. Спорофилдері жиналып, бір-бірінен айқын айырмасы бар бір өсімдікте болатын екі түрлі бүр түзеді. Әдетте аталық бүрлері топтасып, ал аналық бүрлері жалғыздан орналасады. Аталық бүр қабыршақтарының қолтығында қысқарған сабақтың орнында пайда болады. Оның ұзындығы 4-5 мм., ал ені 3-4 мм.-ден аспайды. Бүр - жақсы жетілген осі бар түрі өзгерген өркен. Оське микроспорофилдері спиральдың бойымен «черепица» тәрізді бірінің шетін бірі жауып қаланады. Осьтің түп жағында қорғаныш қызметін атқаратын қабыршақтары болады. Микроспорофилдің пішіні жұмыртқа тәрізді, жұқа, жалпақ, төменгі жағында екі микроспорангиясы болады. Күзге қарай микроспорангияның ішінде микроспораның көптеген аналық жасушаларының жекеленуі аяқталады. Көктемде мейоз жүреді (микроспораның аналық жасушалары мейоз жолымен бөлінеді). Нәтижесінде әрбір диплоидты аналық жасуша төрт-төрттен микроспора түзеді. Микроспора бір ядролы, оның қабығы (спородермасы) интиннен және экзиннен тұрады. Сонымен бірге қабықтарының ажырауының нәтижесінде микроспораның үстінде екі ауа қуысы (қапшығы) пайда болады. Осы жерде микроспорангияның ішінде микроспора өсіп, аталық гаметофитке (тозаңға) айналады. Тозаң микроспораның ішінде дамиды және ол әр түрлі споралы өсімдіктердің спораларына қарағанда редукцияға көп ұшыраған. Микроспораның ядросының алғашқы рет бөлінуінің нәтижесінде екі проталлиальды жасуша пайда болады, бірақ олар тез бұзылады. Бұл гаметофиттің вегетативтік жасушалары болып саналады. Осыдан кейін микроспораның ядросы екінші рет бөлінеді, одан антеридиальды және вегетативтік жасушалар пайда болады. Микроспораның қабығы тозаңның қабығы болып қалады. Тозаң пісіп жетілген кезде микроспорангилар тікесінен жарықшақтары арқылы ашылады, соның нәтижесінде одан көптеген ұсақ тозаңдар сыртқа шашылады. Ауа қапшықтары (қуыстары) олардың желмен таралуына көмектеседі. Аталық гаметофиттің одан әрі дамуы аналық бүршіктің тұқым бүрінің ішінде жүреді. Аналық бүршіктері жас бұтақтардың жоғарғы ұштарында пайда болады. Олардың құрылысы біршама күрделі және мөлшері де үлкендеу болады. Негізгі осінде жабындық деп аталатын ұсақ қабыршақтары орналасады. Олардың қолтығында үстіңгі жағында екі тұқым бүрі бар әрі үлкен, әрі қалың тұқымдық қабыршақтары орналасады. Тұқымдық қабыршақ мегаспорофилл емес, редукцияға ұшыраған бүйірлік өркен болып табылады. Жас тұқымбүрі нуцеллустан және интегументтен тұрады. Нуцеллус дегеніміз - мегаспорангий. Оның пішіні жұмыртқа тәрізді және ерекше қорғаныш қызметін атқаратын жабын интегументпен бірігіп кетеді. Тек бүршіктің оське қараған ұшына жақын жерде интегументтің тесігі болады, оны микропиле деп атайды. Осы тесік арқылы тұқымбүрінің ішіне тозаң өтеді. Алғашқы кезде нуцеллус біртектес диплоидты жасушалардан тұрады. Кейін оның ортаңғы бөлігінен бір үлкен археспоральды жасуша оқшауланып көрінеді. Ол мейоз жолымен бөлініп, төрт мегаспора түзеді. Келешегінде олардың үшеуі өліп, біреуі тірі қалады. Мегаспорангилер еш уақытта ашылмайды, сондықтан да мегаспора оның ішінде қалып отырады. Мегаспора бірнеше рет бөлінеді де, аналық гаметофит түзеді, оны эндосперм деп атайды. Эндоспермнің микропиле жағындағы екі сыртқы жасушасынан папоротниктәрізділерге қарағанда редукцияға көбірек ұшыраған екі архегония түзіледі.
Тозаң аталық бүршіктерден тұқымбүріне желмен келіп түседі. Осы нуцеллус пен интегументтің арасын толтырып тұратын қоймалжың сұйықтың тамшысы оңай түседі. Бұл тамшы микропиле арқылы сыртқа шығып тұрады. Кебе келе тамшы тозаңды тұқымбүрінің ішіндегі нуцеллуске қарай тартады. Тозаңдаған соң микропиле жабылады. Осыдан кейін аналық бүршіктің қабықшалары тығыздалып бірігеді. Аталық гаметофит әрі қарай дамуын мегаспорангидің ішінде жалғастырады. Тозаңның экзинасы жарылады да, интинмен қоршалған вегетативтік жасуша тозаң түтігін түзеді, ол нуцеллустың ұлпасына еніп, архегонияға қарай өседі. Антеридиальды жасуша бөлініп, екі жасуша береді: тірек жасушасын және сперма түзетін жасушаны. Олар тозаң түтігіне өтеді. Ал тозаң түтігі оларды өз кезегінде архегонияға жеткізеді.
Ұрықтанудың алдында сперма түзетін жасушадан талшықсыз екі спермия - аталық гаметалар пайда болады. Тозаң түтігі архегонияның мойны арқылы жұмыртқа жасушасына жетеді. Осы кезде тозаң түтігінің ішінде тургор қысымының артуына байланысты оның ұшы жарылады да, ішіндегі заттары жұмыртқа жасушасының цитоплазмасына құйылады. Вегетативтік ядро бұзылып жойылады. Аталық гаметаның (сперманың) бірі жұмыртқа жасушасының ядросымен қосылады, ал екіншісі өледі. Қарағайдың тозаңдануынан ұрықтануына дейін 13 айдай уақыт өтеді. Зиготадан ұрық пайда болады. Ұрық эндоспермдегі артық қор заттарының есебінен өседі. Толық жетілген ұрық тамыршадан, сабақшадан, бірнеше тұқым жарнағынан (5-12) және бүршіктерден тұрады. Ұрық эндосперммен қоршалған. Ол өскен кезінде эндоспермдегі қажетті заттарды өзіне қорек ретінде пайдаланады. Интегумент қатты қабық түзеді. Осылай тұқымбүрі дәнге айналады. Ол тұқым қабыршағында жатады және оның қанатша тәрізді өсіндісі болады. Қанатшаны тұқымның жел арқылы таралуына бейімделушілік деп қараған жөн. Дән тозаңданғаннан кейін екінші жылы күзге қарай пісіп жетіледі. Бүршіктердің ұзындығы бұл кезде 4-6 см.-ге жетеді. Олардың пішіні сопақтау эллипс тәрізді ұшы үшкірлеу, қабыршақтары қатайып сүректенеді, түсі көктен сұрға айналады. Келесі қыста бүршіктер төмен қарай иіліп салбырайды да, қабыршақтарының арасы ажырап ашылады, осы кезде дәндері жерге шашылады. Аналық өсімдіктен босаған дән ұзақ уақыт бойы тыныштық қалыпта бола беруі мүмкін. Тек қолайлы жағдай туған кезде олар өседі.
3. Ашықтұқымдылардың жіктелуі.
Ашық тұқымдылар немесе қарағайлар бөлімі (Gymnospermatophyta немесе Pinophyta) 6 класқа жіктеледі:
1 класс - тұқымды папоротниктер немесе лигноптеридопсидтер (Lignopteridopsida немесе Pteridospermae);
2 класс - саговниктер немесе цикадопсидтер (Cycadopsida);
3 класс - беннеттиттер немесе беннеттитопсидтер (Bennittitopsida);
4 класс - гнеталар немесе гнетопсидтер (Gnetopsida);
5 класс - гинкголар немесе гинкгопсидтер (Ginkgoopsida);
6 класс - қылқан жапырақтылар немесе пинопсидтер (Pinopsida).
Тұқымды папоротниктер (Lignopteridopsida немесе Pteridospermae) класының кең таралған туыстарына мыналар жатады: калимматотека (Calymmatotheca), медуллоза (Medullosa), кейтония (Caytonia), глоссоптерис (Glossopteris). Саговниктер (Cycadopsida) класы бір қатардан - саговниктер (Cycadales) тұрады, онда бір тұқымдас - саговниктер (Cycadaceae) бар. Саговниктер тұқымдасына (Cycadaceae) иілгіш саговник (Cycas revoluta) жатады. Беннеттиттер немесе беннеттитопсидтер (Bennittitopsida) класы бір қатардан - беннеттиттер (Bennettitales) тұрады, оған вилламсониялар (Willamsoniaceae) және беннеттиттер (Bennettitaceae) тұқымдастары жатады. Вилламсониялар тұқымдасының (Willamsoniaceae) кең таралған туыстарына вилламсония (Willamsonia) және вильямсониелла (Willamsoniela) өсімдіктерi жатады. Ал беннеттиттер тұқымдасының (Bennettitaceae) кең таралған туысына цикодеойдея (Cycodeoidea) жатады.
Гинкголар (Ginkgoopsida) бір қатардан - гинкголар (Ginkgoales) тұрады, онда қазіргі кезде флорада кездесетін бір ғана монотипті тұқымдас - гинкголар (Ginkgoaceae) бар. Гинкголар тұқымдасы (Ginkgoaceae) екі қалақшалы гинкго (Ginkgo biloba) деген жалғыз түрмен белгілі.
Қылқан жапырақтылар (Pinopsida) класы 7 қатардан тұрады:
1) вольцилар қатары (Voltziales); 2) подозамиттер қатары (Podozamitales); 3) араукариялар қатары (Araucariales); 4) қарағайлар қатары (Pinales); 5) кипаристер қатары (Cupressales); 6) подокарпустар қатары (Podocarpales); 7) тиссалар қатары (Taxales).
Қарағайлар қатары (Pinales) бір ғана қарағайлар тұқымдасынан (Pinaceae) тұрады. Бұл тұқымдаста 10 туыс, 250-дей түр бар. Аса кең тараған туыстарына мыналар жатады: май қарағай (Abies), шырша (Picea), бал қарағай (Larix), қарағай (Pinus).
Май қарағай туысына (Abies) сібір май қарағайы (Abies sibirica), ақ май қарағайы (Abies alba), кавказ май қарағайы (Abies nordmanniana) жатады.
Шырша туысына (Picea) Шренк шыршасы (Picea Schrenkiana), сібір шыршасы (Picea obovata), кәдімгі шырша (Picea abies), бұлақ шыршасы (Picea pungens) жатады.
Бал қарағай туысына (Larix) дауыр бал қарағайы (Larix dalurica), сібір бал қарағайы (Larix sibirica), батыс Еуропа бал қарағайы (Larix decidua) жатады.
Қарағай туысына (Pinus) кәдімгі қарағай (Pinus sylvestris), сібір қарағайы (Pinus sibirica), жатаған кедр (Pinus pumela), паллас қарағайы (Pinus pallasiana), пицунд қарағайы (Pinus pithynsa) және т.б. көптеген түрлері жатады.
Кипаристер қатары (Cupressales) екі тұқымдастан тұрады: таксодилер (Taxodiaceae) және кипаристер (Cupressaceae).
Кипаристер тұқымдасына арша туысы (Juniperus) жатады. Кең таралған түріне кәдімгі арша (Juniperus communis) жатады.
Гнеталар немесе гнетопсидтер (Gnetopsida) класы үш қатарға бөлінеді:
1) қылшалар (Ephedrales); 2) гнеталар (Gnetales); 3) вельвичиялар (Welwitsehiales).
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Әметов Ә.Ә: Ботаника. Алматы, 2005.
2. Әметов Ә.Ә., Мырзақұлов П.М. Жоғары сатыдағы өсімдіктер систематикасы. Алматы «Қазақ университеті», 2000.
3. Еленевский А.Г и др. Ботаника: Систематика высших, или наземных растений. Учебник - М.: Академия, 2004.
4. Еленевский А.Г. и др. Ботаника: систематика высших и наземных растений. Учебник. - М.: Академия, 2001.
5. Комарницкий Н.А., Кудряшов Л.В., Уранов А.А. Ботаника. Систематика растений. - М.: Просвещение, 1975.
6. Сергиевская Е.Г. Систематика высших растений: Практический курс: Учебник. - СПБ.: Лань, 2002.

Дәріс №26


Сабақ тақырыбы: Раушангүлділер қатары. Раушангүлділер тұқымдасы. Бұршақгүлділер қатары. Бұршақ тұқымдасы.


Дәріс мақсаты: Раушангүлділер тұқымдасы мен бұршақ тұқымдасының биологиялық ерекшеліктері, негізгі туыстары мен түрлеріне сипаттама беру.
Жоспар:
1. Раушангүлділер Rosaceae тұқымдасының биологиялық ерекшеліктері.
2. Раушангүлділер Rosaceae тұқымдасының жіктелуі, өкілдері.
3. Бұршақ Fabaceae тұқымдасының биологиялық ерекшеліктері.
4. Бұршақ Fabaceae тұқымдасының жіктелуі, өкілдері.

1. Раушангүлділер Rosaceae тұқымдасының биологиялық ерекшеліктері.


Түрлерінің саны 3 мыңдай (115 туыс), олар солтүстік ендіктің субтропикалық және қоңыржай климатты елдерінде кеңінен таралған, кейбір түрлері оңтүстік ендіктегі елдерде де өседі.
Раушангүл тұқымдастардың көпшілігі пайдалы жеміс ағаштары. Бұлар - қосжарнақтылар класына жататын ағаш, бұта, көпжылдық, кейде екі немесе біржылдық шөптесін өсімдіктер. Олардың жеміс-жидек дақылдары халық шаруашылығында кеңінен қолданылады.
Раушангүлділер тұқымдасына тән ерекшелік - гинецейі және гүлтабанының құрылысы. Гинецейі көп бөлікті апокарптан бір бөлікті ценокарпты түріне дейін өзгерген. Гүлтабаны табақша, бокал тәрізді болады да, оның жиегіне тостағаншаның түп жағы, күлтелері, аталықтары бірігіп өсіп тұрады, мұндай гүлтабанды гипантий деп атайды. Жемістері піскен кезде гүлтабаны ашық түсті болып, етті және шырынды болып келеді де жемісінің, тұқымының таралуына себепші болады.
Жапырақтары қарапайым және күрделі, жапырақ серігі бар немесе жапырақ серігі жоқ, қауырсынды және саусақ - салалы жүйкеленген болып келеді. Бір түрлерінде гүлдерінің және жемістерінің белгілерінің біршама қарапайым болып келуі, бұларды көп жемістілерге жақындатады, мысалы аналық санының көп болуы. Екінші біреулеріне гүлдің жекелеген бөліктерінің (мүшелерінің) редукцияға ұшырауы және прогрессивтік белгілерінің болуы, мысалы жатынының төмен болуы тән. Гүлдерінің мамандануы көп жағдайда жемістері мен дәндерінің таралуына негізделіп, бағытталған бейімделушіліктің пайда болуына қарай жүрген. Тұқымдастың негізгі қасиеті - оның гинецейі мен гүл табанының құрылысында. Гүлдерінің гүл табаны конус тәрізді және гинецейі көп, апокарпты немесе гүл табаны ойыс және гинецейі ценокарпты болып келеді. Осындай бір-бірінен алыс жататын екі форманың арасында көптеген аралық формалары да болады. Табақша, тостағанша немесе бокал тәрізді болып, ұлғайған гүл табанын гипантия деп атайды. Оның түзілуіне, гүл табанынан басқа, гүлдің басқа да бөліктері тостағанша жапырақшаларының, күлте жапырақшалардың, аталықтарының түп жағы, кейде тіптен тостағаншаның асты да қатысады. Көп жағдайда жемістер піскен кездерде, гүл табаны ашық түске боялып, етженді және шырынды жағдайға келеді, ол дегеніміз - жемістері мен дәндерінің жануарлар арқылы таралуына мүмкіндік туғызады.
Раушангүлділер Rosaceae тұқымдасының жіктелуі, өкілдері.
Раушангүлділер тұқымдасын гүлдерінің және жемістерінің құрылысының ерекшеліктеріне қарай төрт тұқымдас тармағына бөледі: тобылғылар, итмұрындар, алмалар, қараөріктер.
Тобылғылар тұқымдас тармағы (спирейные - Spiraeoideae).
Бұталар, көпжылдық шөптесін өсімдіктер жапырақтары кезектесіп, сиректеу қарама-қарсы орналасады. Жапырақтары жай, бөбе жапырағы болмайды. Гүлдері жалпақ немесе табақша тәрізді гүлтабанында, аналықтың астыңғы жағында немесе аналық маңында өседі. Гүлтабаны біршама жалпақ, сиректеу ойыс (батыңқы). Тостағанша жапырақшаларының саны 5, олар түп жағынан біріккен болып келеді. Күлтесі 5, бос орналасқан күлте жапырақшалардан тұрады. Андроцейі көптеген бос орналасқан аталықтардың жиынтығынан тұрады. Гинецейі апокарпты көпмүшелі, аналықтарының саны көп жағдайда 5 болады. Жатыны жоғары орналасады, кемінде екі тұқымбүрі болады.
Гүлінің формуласы:
* Са5 Со 5 А∞ G 5.
Жемісі аналықтардың бірігіп кетуінен пайда болатын таптамалардың жиынтығынан, сиректеу қауашақтан тұрады. Тұқымдас тармағының негізгі туыстары: тобылғы және түймешетен туысы.
Тобылғы туысы (таволга — Spiraea). Европада, Азияда, Солтүстік Америкада 80-дей түрі кездеседі. Бұрынғы одақтас республикалардың флорасында 22 түрі, ал Қазақстанда 10 түрі өседі. Бұталардың ішіңде табиғи жағдайда да және мәдени жағдайда да сәндік өсімдіктер ретінде өсетіндер шайқурай жапырақты тобылғы (S.hypericifolia) және дөңес жиекті жапырақты тобылғы (S.crenata), сиректеу тал жапырақты тобылғы (S.salicifolia) жатады. Бақтар мен парктерде көп жағдайда қызылгүлдерден тұратын әдемі гүлшоғыры бар жапон тобылғысын (S.japonica) өсіреді.
Итмұрындар тұқымдас тармағы (шиповниковые - Rosoideae).
Түрлерінің жалпы саны 800-дей, олар негізінен солтүстік еңдіктің қоңыржай климатты белдеулерінде кең таралған. Негізгі өмірлік формалары: мәңгі жасыл және жазда ғана жасыл болатын ағаштар, лианалар, көпжылдық шөптесін өсімдіктер. Жапырақтары күрделі, сирек жай, бөбе жапырағы болмайды. Гипантий конус және бокал тәрізді болып келеді.
Гүл табаны ойыстан тостағанша тәріздіге дейін болады, құрғақ немесе етженді, тостағанша жапырақшаларының түп жағымен бірігіп кетеді. Кейбір туыстарының тостағаншасының астында тостағанша асты жапырақшалары болады. Гинецейі көп бөлікті, апокарпты, сирек бір бөлікті, яғни апокарптыдан ценокарптыға дейін болады. Көптеген өкілдерінің гүлдерінің формуласы мынадай болады:
*Са(5) Со5 А∞ G ∞.
Бүлдірген, қазтабан туыстары: *Ca(5+5) Co(5) A∞ G∞.
Итмұрын туысы: *Ca5 C5 A∞ G∞, кейде ауытқулар болады, мысалы:
*Ca(4+4) Co4 A∞ G∞ - тік қазтабан немесе *Ca(4+4) Co0 A∞ G - манжетка туысы.
Жемістері негізінен құрамы дәндердің жиынтығынан, жаңғақшалардың жиынтығынан, құрамы таптамалардың жиынтығынан және сүйекті жидектердің жиынтығынан тұрады.
Раушангүл, немесе итмұрын туысы (Rosa). Полиморфты (өзгергіш) туыстардың бірі. Жабайы өсетін түрлерінің 5 - мүшелітүксіз қосарланған, сиректеу жартылай түкті гүлсерігі болады. Солтүстік ендікте кең таралған.
Жартылай орманды далалық шөлейтте және шөлейт жерлерде, әдетте жарық ормандарда, орманның шетіндегі ашық жерлерде, өзендердің жайылмаларында, жыралы сайларда өседі. Таулы аудандарда (Орта Азия) көптеген жерлерді алып жатады. Түрлерінің саны аралық формаларының орасан көп болуына байланысты, әлі күнге дейін толық анықталмаған. Бір деректер бойынша туыста 120-150 түр, ал екінші деректер бойынша 300-350 түр бар. Бұрынғы одақтас республикалардың флорасында 150-дей түрі бар, оның 60-ы эндемдер, яғни тек бұрынғы одақтас республикалардың территориясыңда ғана кездеседі. Ал Қазақстанда 24 түрі бар. Олардың ішінде мәңгі жасыл және жапырағы жылма-жыл түсіп отыратын формалары да бар. Кейбір түрлерінің гипантиіңде көп мөлшерде витамин С, В2, Р, К және провитамин А-мен комплексте болады. Бұл жағынан ең құндысы ақгүлді (беггера итмұрыны - R.beggeriana, іле итмұрыны - R.iliensis) және қызылгүлді түрлері (қоңыр итмұрын - R.cinnamomea, қатпарлы итмұрын - R.rigosa). Қызғылт гүлді түрлерінің гипантиясында (ит итмұрыны - R.canina, киіз итмұрын - R.tomentosa) витамин С біршама аз, ал сары гүлді түрлерінің гипантиінде де (тікенекті итмұрын - R.spinosissima, сасық итмұрын - R.foetida) олар өте аз, бірақ та таниндер мен танидтер көп.
Итмұрынды бұтадан тікенекті қоршау жасау үшін жиі қолданады. Раушангүл (итмұрын) сәңдік гүлдер өсіру шаруашылығында бұрыннан белгілі және танымал обьект болып саналады. Қазіргі кезде дүние жүзі бойынша бұлардың 12 мыңнан астам сорттары белгілі, ал Қазақстандағы сорты аудандастырылып сәндік өсімдіктер ретіңде өсіріледі. Оның ішіңде тікелей Қазақстан ғалымдары шығарған сорттар да бар.
Таңкурай (ежевика, малина - Rubus) туысы. 500-дей түрі бар үлкен полиморфты (өзгергіш) туыс; бұрынғы одақтас республикалардың флорасында 45 түрі, ал Қазақстанда 4 түрі кездеседі. Жемісі сүйекті жидектердің жиынтығынан тұрады. Кәдімгі таңқурай (малина обыкновенная - R.idaeus) бұрынғы одақтас республикалардың европалық бөлігінде, Кавказда, Сібірде және Солтүстік Американың жалпақ жапырақты және қылқан жапырақты ормандарының төменгі ярусын (қабатын) түзеді. Мәдени жағдайда көптеген сорттары өсіріледі. Қожақат таңқурайы (ежевика - R.caesius) табиғатта кең таралған, кейде мәдени жағдайда да өсіріледі. Қойбүлдірген (костяника - R.saxatilis) бұрынғы одақтас республикалардың европалық бөлігінің және сібірдің қылқанжапырақты ормандарында кең тараған өсімдік. Аласа таңқурай (морошка приземистая - R.chamaemorus) және арктика таңқурайы (R.arcticus) өмірлік формасы жағынан редукцияға көп ұшыраған түрлер. Субарктикалық райондарда өседі.
Кұлпынай туысы (земляника - Fragaria). Оның 50-дей түрі бар. Ұзынсағақты жапырақтарынан «розетка» түзілетін көпжылдық шөптесін өсімдіктер. Тостағаншасының астында тостағанша асты жапырақшалары болады. Аналығы ойыс, етженді болып келген гүлтабанына орналасады. Жемісі сүйекті жидектердің жиынтығынан тұрады. Орман құлпынайы (земляника лесная - F.vesca) және жасыл бүлдірген (клубника, полуница - F.viridis) екі үйлі өсімдіктер, олар бұрынғы одақтас республикалардың европалық бөлігінде, Сібірде, Орта Азияда, бұталардың арасыңда және шалғыңдарда, сонымен бірге Кавказдың жарық ормандарында да өседі. Ананас құлпынайы (F.ananasa) тек мәдени жағдайда ғана белгілі, оны құлпынайдың виргинская (F.virginiana) және чилийская (F.chiloensis) деп аталынатын түрлерін будандастыру арқылы алған деп шамалайды.
Ол мәдени жағдайда өсірілетін, жемісі үлкен болып келетін сортқа біріктірілген. Тұқымдас тармағының шөптесін өкілдерінің ішінде тек дәрілік шелна (кровохлебка аптечная - Sanquisorba officinalis) деп аталынатын бір ғана түрдің мал азығы ретінде үлкен маңызы бар. Оны медицинада және ветеринарияда дәрі ретінде емге қолданады. Бұл ылғалды шалғындарда өсетін өсімдік. Гүлі қоңыр-қызыл түсті, шоқпарбас болып келетін гүлшоғырына жиналған. Кейде мәдени жағдайда өсіреді.
Алмалар тұқымдас тармағы (яблоневые - Pomoideae).
Өмірлік формалары - ағаштар мен бұталар. Жапырақтары жай және күрделі, бөбе жапырағы ерте түсіп қалады. Гүлдері аналықтың үстінде орналасады, гүлтабаны ойыс. Гүлсерігі қосарланған, 5-мүшелі. Аталығының саны көп жағдайда 20-ға жетеді. Гинецейі ценокарпты, жеміс жапырақшалары әдетте 5, бірақ олар көп жағдайда редукцияға ұшырап, 2-3, кейде тіптен 1-ге дейін қысқарған. Гүл түйіні (жатыны) төменгі, ол бокал тәрізді гипантимен бірігіп кетеді.
Гүлінің формуласы:
* Са(5) Со5 A∞ G(1-5).
Жемісі жидек тәрізді - алмалар, алмұрттар, айвалар және т.б Жемісінің үстіңгі жағында тостағаншаның қалдығы болады.
Алма туысы (яблоня - Malus). Туыстың құрамында солтүстік ендіктің негізінен қоңыржай климатты елдерде өсетін 30-дай түрі бар.
Бұрынғы одақтас республикалардың территориясында ағаштар мен бұталардың 10 түрі, ал Қазақстанда 6 түрі кездеседі. Табиғи өсімдіктер қауымдастығында ең көп кездесетін түрлері мыналар: орман алмасы (яблоня лесная - M.sylvestris). Ол бұрынғы одақтас республикалардың европалық бөлігіндегі жалпақ жапырақты ормандарда; Шығыс алмасы (яблоня восточная - M.orientalis) Кавказдың жалпақ жапырақты ормандарында; Сиверси алмасы (яблоня Сиверси - M.siversi) - Орта Азия мен Қазақстанның таулы және өзен жағалық ормандарында өседі.
Недзвецкий алмасы (яблоня Недзвецкого - M.nedzwetzkyana) aca сәнді, оның сабақтары және жемістерінің жұмсақ бөлігі (етженді бөлігі) антоцианды түсімен ерекшеленеді. Алма ағашының барлық екпелі сорттарының күрделі комплексі «үй алмасы» (яблоня домашняя - M.domestica) деген атпен топтастырылады.
Алмұрт туысы (груша - Pyrus). Туыстың құрамында негізінен солтүстік ендіктің қоңыржай климатты белдеуінде өсетін 20-дай түр бар. Бүрынғы одақтас республикалардың территориясында 17 түрі белгілі, ал Қазақстанда 2 түрі өседі. Алмадан қысқарған сабақтарынан пайда болатын тікенектерінің болуымен, формасы қабақ тәрізді сопақша болып келетін жемістерімен және соңғысының жұмсақ бөлігінде (етженді бөлігінде) склереидтердің (тасты клеткалардың) болуымен ажыратылады. Кәдімгі алмұрт (груша обыкновенная - P.communis) табиғи жағдайда өзгергіш болып келеді. Көп жағдайда ол біртектес таза орман түзіп өседі (бұрынғы одақтас республикалардың европалық бөлігінің оңтүстік батысында және Кавказдың, Орта Азияның, әсіресе таулы аудандарындағы ормандар). Мәдени жағдайда өсірілетін сорттардың барлығы осы түрден шыққан. Табиғи жағдайдағы өсімдіктер қауымдастығының қалыптасуына уссурий алмұртының (груша уссурийская - P.ussuriensis) (Қиыр Шығыс, Уссурий аймағы) және Қырымда өсетін жиде жапырақты алмұрттың (груша лохолистная - P.elaeagnifolia) қатысы үлкен болады.
Шетен туысы (рябина - Sorbus). Солтүстік ендікте өсетін 80-дей түрі белгілі. Бұрынғы ССРО-ның флорасында 34-түрі, ал Қазақстанда 3 түрі кездеседі. Аса кең тараған түрі кәдімгі шетен (рябина обыкновенная - S.aucuparia), оның ақ түсті гүлдері үлкен қалқанша тәрізді гүлшоғырына жиналған. Жемістерін жинап кулинарияда пайдаланады (варенье, қақ, компот). Шетеннің осы түрінен И.В.Мичурин хош иісті тәтті жемістері бар сорттар шығарды.
Қараөріктер тұқымдас тармағы (сливовые - Prunoideae).
Ағаштар, бұталар. Жапырақтары жай, бөбе жапырағы ерте түсіп қалады. Гүлдері аналықтың астыңғы жағында өседі. Гүл табаны ойыс, бірақ ол гүл түйінімен (жатынмен) бірікпеген. Гинецейі бір ғана жеміс-жапырақшасынан тұрады, тұқым бүрі -2, оның тек біреуі ғана жетіледі.
Гүлінің формуласы:
* Са(5) Со5 A∞G1.
Жемісі - шырынды, сиректеу қүрғақ, сүйекті. Мынадай туыстары бар: қараөрік, шие, өрік, шабдалы, мойыл және т.б.
Бұл тұқымдасты анықтағанда: гүлдері мен жапырақтарының құрылыстарына көңіл аудару керек.
Шие туысы (вишня - Cerasus). Бұл туыстың 150-дей түрі белгілі, бұрынғы БОР-ның флорасында 10 түрі, ал Қазақстанда 7 түрі кездеседі. Жемісті бақтарда бақ шиесін (вишня садовая - C.vulgaris) және құс шиесін (черешня - C.avium) кеңінен отырғызады. Бақ шиесі өсімдіктердің табиғи қауымдастықтарында мүлдем кездеспейді. Құс шиесі Украинаның Карпат тауларыңда, Кавказда, Молдовада табиғи жағдайда қалың тоғай түзеді. Шие ағашының биіктігі 30 м-ге дейін жетеді.
Қараөрік туысы (слива, терн - Prunus). Бұл туыста 35 түр бар. Кәдімгі қараөрік (слива домашняя - P.domestica). Қараөрік мәдени жағдайда көптеген аудандастырылған және жергілікті сорттардың арғы тегі ретінде кең таралған өсімдік. Табиғи жағдайда белгісіз. Алша (алыча - P.divaricata) биіктігі 9-10 м болатын ағаш немесе бұта. Кавказда және Орта Азияда өседі. Осы жерлерде көп жағдайда тікенекті қараөрікті (терн - P.spinosa) отырғызады. Ол өте тікенекті бұта, көп жағдайда күн жақсы түсетін күнгей беткейлерде, орманның арасындағы ашық жерлерде, бұталы қопаларда және жыралар мен сайларда өседі (БОР-дың европалық бөліктерінің орталық және оңтүстік зоналарында, Кавказда, Батыс Сібірде).
Өрік туысы (абрикос - Аrtеmіаса). Табиғи жағдайда Шығыс Сібірде, Қиыр Шығыста, Орта Азияда, Қытайда таралған 8 түрді біріктіреді. Кәдімгі өрік (абрикос обыкновенный - A.vulgaris) өңдірістік мақсатта арнайы өсіріледі.
3. Бұршақ Fabaceae тұқымдасының биологиялық ерекшеліктері.
Бұршақ тұқымдасының 120 мыңдай түрі бар (490 туысы бар, олардың көпшілігі өзгергіш полиморфты). Түр саны бойынша жабықтұқымдылар бөлімі ішінде 3 орын, ал қосжарнақтылар класы ішінде күрделігүлделілерден кейін 2 орын алады. Бұл тұқымдастың өкілдері жер шарының барлық жерінде тараған. БОР-дың құрғақ болып келетін субтропикалық, климатты, солтүстік қоңыржай және салқын климатты аудандарында, сонымен қатар Арктикадан Антарктида аралдарына дейін тараған.
Тіршілік формалары ‒ ағаштар, бұталар, көпжылдық және біржылдық шөптесін өсімдіктер.
Бұршақтар тұқымдасының жапырақтары көп жағдайда күрделі болып келеді, олардың қосалқы жапырақтары (жапырақ серігі) бар. Жапырақтары кезектесіп, сирек жағдайда қарама-қарсы орналасады, қосалқы жапырақшалары өмір бойы сақталады. Қосалқы жапырақшалары көптеген өсімдіктерде бос, ал кейбіреулерінде тікенге айналған. Мысалы: беде (Trifolium).
Жапырақ пішінін көктеп шығу ерекшеліктеріне қарай 3 топқа бөледі:
1. Жұпқауырсынды жапырақты ‒ тұқымжарнақтары топырақ астында қалып қоятын өсімдіктер: сиыржоңышқа (Vicia), арахис (Arachis).
2. Үшқұлақты жапырақты ‒ жер бетіне көгеріп шығатын тұқымдық жапырағы бар өсімдіктер: соя (Glycine hispida)
3. Саусақты салалы жапырақты ‒ тұқымжарнағы топырақ бетіне шығатын өсімдіктер: бөрібұршақ (Piscum). Кейбір шөптесін түрлерінде үстіңгі жапырақтары мұртшаға айналған, мысалы: бұршақ (Pisum).
Гүлінің құрылысы. Тостағаншасы біріккен жапырақшалардан тұрады, 5-тісті, бұрыс немесе зигоморфты (екі ерінді). Күлтесі 5. Күлте құрылысына қарай 3 түрлі болады. Ең ірі күлтежапырақша – «желкен», күлтенің екі бүйіріндегі 2 күлтежапырақша «ескек», ал төменгі тұтасып өскен екеуі «қайықша» деп аталады. Күлтесі зигоморфты. Олардың үшеуі бос орналасқан (желкен, ескек) және жоғарғы жағынан біріккен екеуі қайықша түзеді. Кейбір туыстарында күлте жапырақшаларының бір-бірімен бірігіп кетуі тән. Мысалы, жоңышқа (Medicago) туысында, ескекшелері мен қайықшасының, кейде тіпті желкеннің бірігіп кетуі байқалады. Андроцейі 10 аталықтың жиынтығынан тұрады. Бір түрлерінде аталықтарының 10-ы бос орналасады, екінші біреулерінде аталықтары жіпшелер арқылы бірігіп (бір ағайынды андроцей) түтік түзеді, оның ішінде аналық орналасады, алайда көптеген туыстарының аталықтарының 9-ы жіпшелері арқылы түтікке бірігеді де, бір аталығы бос орналасады (екі ағайынды андроцей). Тек екі ағайынды аталығы бар гүлдер ғана шырынды заттар бөліп шығарады. Аталықтардың бірігуінен пайда болған түтіктер бір жағдайда тігінен, ал екінші жағдайда қиғаш кесілген болады.
Гинецейі бірмүшелі апокарпты, жатыны жоғары, бір ұялы болады. Көптеген түрлерінің гүлінің формуласы мынадай:
↓ Са(5) Ca3+(2) A(9)+1 G1.
Жемісі бұршаққап, ол не ішінде дәні көп екі жақтауы арқылы қақырайтын (ашылатын) немесе ішінде бір-бірден ғана дәндері болатын бөліктерге бөлінген, не бір жемісті қақырамайтын бұршаққап. Бұршаққап - бір жеміс жапырағынан пайда болған, бір ұялы, көп тұқымды, екі жағынан қақырайтын жеміс. Тұқымы эндоспермсіз. Имектеу келген ұрығы екі тұқымжарнағынан тұрады. Бұршаққаптарының пішіндері әр түрлі болып келеді (бұралған оралымды, мүшеленген, қанатты бір тұқымды, қос тұқымды). Бұршақтардың гүлшоғыры шоқпарбасқа, масаққа, шатыршагүлге жиналған.
Егін шаруашылығы практикасында бұршақтар тұқымдасының биологиялық ерекшеліктерінің маңызы аса зор. Мысалы, олар түйнек бактерияларымен симбиоз түзіп, ауадағы бос жүрген азотты бойына сіңіруге мүмкіндік алады.
Бұршақ тұқымдасының биологиялық ерекшелігі - топырақты құнарландыруда ерекше роль атқарады. Себебі, оның тамырында азот фиксациялайтын бактериялар селбесіп тіршілік етеді. Осы бактерияларды «түйнек бактериялары» деп атайды және оларды Hhizobium туысына жатқызады. Топырақ құрамында бор элементі жетіспегенде, флоэма жетілмей қалады. Нәтижесінде көмірсулар түйнектерге жетпей, бактериялар паразит формасына ауыса бастайды. Бұршақтар тұқымдасының әр түрінде әртүрлі түйнек бактериялары бар. Олардың 20 шақты түрі белгілі.
Бұршақ тұқымдасы өкілдерінің тағамдық маңызы бар. Оларға соя (Glycine), фасоль (Phaseolus), арахис (Arachis), бұршақ (Pisum Sativum) жатады. Ежелден бері адамдар осы дақылдарды қолдан өсіреді. Тағамдық құрамында крахмал, май, ақуыз көп болады. Мал азығы ретінде пайдалану үшін бірнеше түрін өсіреді. Мысалы: люпин (Lupinus), жоңышқа (Medicago), перикопсис (Pericopsis), дальбергия (Dalbergia) және тағы басқалары тығыздалған мықты, әдемі, қызғылт, қызыл, қоңыр және қара түстес құрылыс тақтай береді.
Кейбір бұршақтардың құрамында камедь болады. Африкалық акациялардың сабағынан аққан камедьтен гуммиарабик затын алады. Оны желім ретінде қолданады. Декоративтік сәндік өсімдіктерге королевтік делоникс (Delonix regia) және индиялық сарака (Saraca indica) жатады. Бояу ретінде бояғыш индигофераны (Indigofera tinctoria) қолданады, ол көк түсті береді.
Жалаң мия (Glycyrrhiza glabra) мен Орал миясы (G.Uralensis) тамырының құрамында флавоноид пен сапонин болғандықтан, медицинада пайдаланады. Жапондық ақ мия (Styphnolobium raponicum) - Р-витаминінің негізгі көзі.
Бұршақтар тұқымдасы - Fabaceae 3 тұқымдас тармағына бөлінеді. Оларға мимозалықтар - Mimosaceae, цезальпиниялықтар - Caesalpiniaceae, бұршақтар - Papilionaceae жатады.
Мимозалықтар тұқымдас тармағы (Mimosaceae). Мимозалықтар тұқымдас тармағына жататын өсімдіктер басқа бұршақ тұқымдастардан екі немесе төрт мүшелі құрылысымен, актиналар атты гүлімен ерекшеленеді; андроцейі 10 мүшелі, сирек 5 мүшелі болады.
Мимозаның гүлінің құрылысы бұл - раушангүлділермен бұршақ гүлділерді байланыстыратын өтпелі формасы екенін көрсетеді, әсіресе қарақат туысы (Hibes). Субтропикалық және тропикалық елдерде Африкада, Австралияда, Азияда және Америкада кең тараған. Өмірлік формалары: ағаштар (кейде өте үлкен), бұталар, шөптесін өсімдіктер. Бұл тұқымдас құрамына 56-туыс, 280 түр кездеседі.
Гүлдері ұсақ, гүлшоғырға жиналған. Гүлдері қосжынысты, дұрыс екі немесе жай гүлжарнағымен. Тостаған және күлте жапырақтары көбінесе 4-5 болады, кейде тостағаншасы редукцияға ұшыраған. Күлтелері бос немесе түтікке айналған. Тозаңдары көп мөлшерде, сирек жағдайда күлте жапырағының санымен бірдей болады.. Гинецейі апокарпты, бір жеміс жапырақшасы бар, бір ұялы, гүлтүйіні жоғары. Жемісі - бұршаққап. Ол ішінде дәні көп, екі жақтауы арқылы қақырайтын ішінде бір-біріне қарама – қарсы орналасқан бірнеше ұяшығы болады, Тұқым жақтауларының арасы етженді болады. Эндоспермі әдетте болмайды.
Осы тұқымдастың ішінде үлкен орынды қараған - акация (Acacia) туысы алады. Осы туыста 700-800 түрі бар, 300 түрі Австралияда өседі. Осы жерде ол ұлттық эмблема болып саналады. Қалған 400 түрі Алдыңғы Азияда және Африкада тікенекті түрлері таралған. Мимоза (Mimosa) туысы - бұл да үлкен туыс, 450-500-ге жуық түрі бар. Оңтүстік Америка тропикасында таралған. Көптеген мимозалар - шөптесін өсімдіктер. Оның ішінде тропикада, қалалар мен саябақтарда кең тараған түрі - ұялшақ мимоза (мимоза стыдливая - M. pudica).
Цезальпиниялықтар тұқымдас тармағы (Caesalpiniaceae). Ағаштар, бұталар, лианалар (сирек шөптесін). Жапырақтары қауырсынды қатарлы немесе екінші ретті қауырсынды, сирек жағдайда қосалқы жапырағы бар жай жапырақтар. Гүлдері орта мөлшерлі немесе ірі, қосжынысты, аса немесе жай зигоморфты. Тостағанша жапырағы 5, жиі бос, күлтесі 5, сирек емес редукцияланған, жиі артқы күлтесі басқалардан ірі. Тозаңдары 10 немесе одан аз, кейбіреулері стаминодийге айналған. Гинецейі апокарпты, бір жеміс жапырағы бар, үш түйіні үстіңгі, 1 - ұялы.
150 туыс және 2200 түрі тропика мен субтропикада белгілі. Бұл да тропикалық тұқымдас, өкілдері саванналарда, құрғақ саванналық ормандарда таралған., алайда, кейбір түрлері ылғалды тропикалық ормандарда кездеседі.
4. Бұршақ Fabaceae тұқымдасының жіктелуі, өкілдері.
Бұршақтар тұқымдас тармағы (Papilionaceae). Шөптесін, бұталар немесе ағаштар, лианалар. Шөптесін формалы түрлері салқын және суық климатты жерлерде, ал ағаш және бұталы формалары тропикалық және субтропикалық елдерде тараған. Прогрессив белгісі бұл - гүлдің бунақденелер арқылы айқас тозаңдануға бейімделуі өмірлік циклдің тез қарқынды болуына байланысты, вегетативті мүшелері құрылымында прогрессив белгілер байқалады.
Бұршақтардың гүлшоғыры шоқпарбасқа, масаққа, шатыршагүлге жиналған. Бұл өсімдіктерді гүлдің типіне қарап, бұршақтар тұқымдас тармағына жатқызады.
Гүлдері қосжынысты, зигоморфты; тостаған жапырақшасы ұзын біріккен, 4-5 тісті, кейде 2-ерінді. Күлтелері желкен, біріккен 2-қайықша және 2-ескектен тұрады. Бұл тұқымдасты анықтағанда, андроцейдің құрылысы ерекше роль атқарады. Кейбір туыстарында 10-аталықтары бос орналасқанда, ұзарып өспейді. (мысалы, ақмия - Sophora; тентекмия - Thermopsis). Басқаларында ол бір ағайынды - барлық он аталықтарында жіпшелері жоғары жағынан бірігіп, тозаңды түтік құрайды, ал оның ішінде аналық болады. Көптеген туыстарында ол екі ағайынды андроцей. Онда 9 аталықтары жіпшелері арқылы түтікке бірігеді де, 1-аталық бос орналасады (мысалы, бұршақ - Pisum, жоңышқа - Medicago). Гинецей апокарпты, 1-жеміс жапырақшасынан тұрады, гүлтүйіні жоғары, бір ұялы. Жемісі - бұршаққап.
Бұршақ тұқымдас тармағы түр саны бойынша 3, ал туыс бойынша 4 орынды, гүлді тұқымдас тармақтарының ішіндегі үлкен тұқымдас тармағы.
Кейбір туыстардың құрамына көптеген түр кіреді. Бұл тұқымдас тармағында таспашөп (Astragalus) туысының 1500 түрі болады. Өмірлік формалары - бұталар, жартылай бұта, негізінен шөптесін өсімдіктер. Бұлар салқын климатты жерлерде және тропикалық елдерде тараған. Түрлері: құмды таспашөп (A.arenarius), австриялық астрагал (A.austriacus).
Кекіре туысы (Oxytropis). Алдыңғы туысқа жақын, түр саны 300-ге жуық. Олардың ішінде ең маңыздысы түкті кекіре (O.pilosa) және кірлі кекіре (О.sordida).
Жаңтақ туысы (Alhagi) - жартылай бұта, шөлді және шөлейт, тұзды аудандарда тараған. Табиғи тараған жері – Орталық Азия, Кавказ, Батыс Сібір, 5 түрі ғана болады, алайда кей түрлері жақсы тараған. Өсімдік тікенекті, бірақ та механикалық өңдеуден кейін, құндылығы жоғары малазықтық тағам береді.
Сиыржоңышқа туысы (Vicia). Бұл туыста 150 түрі бар; БОР-дың флорасында 84 түрі бар, ал Қазақстанда 25 түрі кездеседі. Өмірлік формалары - біржылдық және көпжылдық шөптесін өсімдіктер. Олардың көпшілігі жемшөп ретінде аса құнды және сапасы жоғары пішен немесе дән алу мақсатында мәдени жағдайға ендірілген.
Атбұршақтар (конские бобы - V.faba). Біржылдық, тік сабақты мәдени өсімдік. Гүлінің желкенінде күлгін жолағы және ескектерінде қара дақ болады. Тұқымдары ірі, олардың құрамында 25% ақуыз болады. Жабайы түрі кездеспеген. Болжам бойынша отаны - Жерорта теңізі. Италияда жақсы өсіреді. Егістік сиыржоңышқа (V. sativa) пішен дайындау және дән алу мақсатында өсірілетін біржылдық шөптесін өсімдік. Тышқан сиыржоңышқа (V. cracca). Жапырақтары жұп қауырсынды, үстінде мұртшасы болады. Бал беретін және малазықтық тағам ретінде қолданады. Түкті сиыржоңышқа (V. villosa) біржылдық, сиректеу екі жылдық өсімдік, оны мал азығы ретінде күздік қарабидаймен бірге себеді. БОР-дың барлық жерлерінде, арамшөп ретінде түкті сиыржоңышқа (V. hirsuta), ал осы республикалардың европалық бөлігі мен Кавказда айыржапырақты сиыржоңышқа (V. angustifolia) өседі.
Асбұршақ туысы (Pisum). Түрлерінің саны әлі күнге дейін толық дәлелденбеген. БОР-дың флорасында 6-түрі келтірілген. Біржылдық және көпжылдық өсімдіктер, сабақтары жұмсақ, сондықтан олардың жапырақтары түрін өзгерткен мұртшалар, сол мұртшалары арқылы басқа өсімдіктерге жабысып көтеріліп тұрады. Негізгі екі түрі бар: егістік асбұршақ (P. sativum) және абиссиниялық асбұршақ (P.abissinicum), дала асбұршағына жақын (P. arvense).
Мия туысы (Glycyrrhiza). Түр саны 18-20. Біржылдық және көпжылдық ірі өсімдіктер, арасында үш құлақты жапырағы бар, таққауырсынды жапырақтар тән. Табиғи тараған жері – солтүстік жарты шардың салқын, субтропикалық жазықты және жартылай құрғақ климатты жерлер. Кейбір түрлерінің тұрмыста маңызы жоғары. Орал миясынан (G. uralensis) алынатын иарикалық қантты темекі өнеркәсібінде, нан өнеркәсібінде және де инсектицид ретінде қолданады. Медицинада тыныс жолдары, асқазан ауырған кезде қолданылады. Орал миясы (G. uralensis) Шығыс және Батыс Сібірде тараған.
Жалаң мия (G.alabra). Әр түрлі экологиялық аймақтарда тараған. Ираннның шөлді және шөлейт жерінде, Орталық Азияда және Сібірдің жоғарғы ендіктерінде, теңіз деңгейінен 1800 м биіктікте кездеседі. Батыс Европада малазығы ретінде қолданылады.
Жоңышқа туысы (Medicago). 100-дей түрі бар. Табиғи жағдайда жер шарының екі ендігінде тропикалық аймақтарында, Жерорта теңізі жағалауында, Европада, Кавказда, Орта Азияда кездеседі. БОР-дың флорасында 36 түрі кездеседі, олар негізінен Орта Азияда өседі, ал Қазақстанда 18 түрі бар. Көпжылдық және біржылдық шөптесін өсімдіктер, жапырақтары үшқұлақты болып келеді, сиректеу бұталар.
Сарбас жоңышқа (M.falcata). биіктігі 100-120 см болатын, күлте жапырақшасының түсі сары, құрғақшылыққа, ыстыққа және суыққа төзімді өсімдік. Кәдімгі жоңышқаңың (M.sativa) гүлі қою-күлгін түсті, бобы спираль тәрізді бұралған болып келеді.
Фасоль туысы (Phaseolus). Түрлерінің жалпы саны 200-дей. Табиғи жағдайда негізінен Азия мен Американың тропикалық аймақтарында өседі. Біржылдық шөптесін өсімдік, сабақтары тігінен жайылып, көп жағдайда тіптен шырмалып өседі. Жапырақтары үшқұлақты күрделі болып келеді. Күлте жапырақшалары сары, ақ, қызғыштау-сары, қоңыр-қызыл және сия-көк болып келеді. Барлық түрі өздігінен тозаңданады. БОР-дың территориясында 20-дай түрі белгілі. Олардың барлығы тек мәдени жағдайда көкөніс дақылы ретінде және сәндік өсімдіктер ретінде ботаникалық бақтарда, парктерде, скверлерде өсіріледі. Туысты ірі тұқымды (жаңа құрлық) және ұсақ тұқымды (ескі құрлық) деген 2 түрге бөледі. Ірі тұқымды түрінің өкілі – кәдімгі фасоль (Ph.vulqaris).. Үшкіржапырақ фасоль (Ph.acutifolius). Қазақстанның солтүстік шығысында өседі. Құрғақшылыққа төзімді. Жасыл балауыз ретінде қолданады. Жабайы түрінде солтүстік Мексикада және Аризонада кездеседі.
Ұсақ тұқымды түрінің негізгі өкілі - сары фасоль (Ph.aureus). Біржылдық өсімдік, ұзындығы 15-150 см. Гүлдері сары. Орталық Азияда, Индияда, Жапонияда, Корея елдерінде өсіріледі. Орта Азиялық елдерде тағам ретінде қолданылатын өсімдік. Тұқымында 25% ақуыз, 50% көмірсу, 1,3% май болады.
Соя туысы (Glycine). Осы уақытқа дейін туыс құрамында 40 жуық түрі бар деп есептеледі. Ф.Германның есебі бойынша бұл туыста 10 түр бар деп есептейді. Туыстың табиғи ареалы аса кең, алайда негізінен Американың, Азияның және Австралияның тропикалық аймақтарын қамтиды. БОР-дың территориясында тек бір ғана жабайы түрі өседі. Ол - Уссурий соясы (G.ussuriensis). Шаруашылықтағы маңызы жағынан ең қажеттісі түкті соя (G. hispida) деп аталынатын түр.Ол биіктігі 30-50 (80) см болатын біржылдық шөптесін өсімдік, жапырағы үшқұлақ, гүлдері жапырақтың қолтығынан шашақтанып шығып тұрады, бобтарының ішінде біреуден немесе аздан дәндері болады.Азияда кеңінен себілетіндігі сонша, оның егістік көлемі 10 млн. га асады. 1 т. дәннен 113 кг май және 725 кг майдан тазартылған ұн алынады. Дәнінің құрамында 36%-ке дейін ақуыз болады
Люпин туысы (Lupinus). Туыста 400-дей түр бар,олардың басым көпшілігі Оңтүстік Америкада (Анды) кездеседі.Бұлар негізінен дәндері ұсақ болып келетін шөптесін өсімдіктер, жартылай бұталар, ішінде тіптен бұталары да болады. Солтүстік Американың батыс аудандарында біржылдық түрлері басым болып келеді. Түрлерінің көптігі жағынан екінші орынды алатын табиғи орталық болып Жерорта теңізі жағалауы саналады. Жерорта теңізі жағалауындағы түрлердің басым көпшілігі біржылдық, биік, дәндері ірі болып келетін өсімдіктер. Бұларға үшқұлақ және саусақсалалы күрделі жапырақтар тән. Гүлдері ақ, сары, көк түсті болып келеді және үлкен шашақ тәрізді гүлшоғырына жиналады.
Люпин рекордтық деңгейге дейін жететін көк балауса береді, бірақ та өсімдіктің барлық бөлігінде көп мөлшерде улы заттар болады (люпинин және люпинидин алкалойдтары). Сидерациялық және сәндік өсімдіктер ретінде өсіріледі. Алкалойды жоқ сорттарын шығаруға байланысты люпиннің жем-шөптік маңызы арта түседі.
Түйежоңышқа туысы (Melilotus Adans). Жалпы түр саны 20. Ірі, тік тұратын, біржылдық немесе көпжылдық бал беретін өсімдіктер. Гүлі ақ немесе сары түсті, шоқпарбас гүлшоғырына жиналған. Бұршағы ұсақ, бір-, екі-, үштұқымды.
Ақ түйежоңышқа (M.albus) Екіжылдық өсімдік. Евразия материгінде (Европа, Сібір, Кавказ, Орталық Азияда) жақсы тараған. Каспий түйежоңышқасы (M.polonicus) Батыс Қазақстанда өседі. Тағамдық және малазықтық түрлері өсіріледі.
Қой ноқат (Cicer arietinum) Үндістанда, Пәкістанда өсіріледі.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


1. Әметов Ә.Ә: Ботаника. Алматы, 2005.
2. Әметов Ә.Ә., Мырзақұлов П.М. Жоғары сатыдағы өсімдіктер систематикасы. Алматы «Қазақ университеті», 2000.
3. Еленевский А.Г и др. Ботаника: Систематика высших, или наземных растений. Учебник - М.: Академия, 2004.
4. Еленевский А.Г. и др. Ботаника: систематика высших и наземных растений. Учебник. - М.: Академия, 2001.
5. Комарницкий Н.А., Кудряшов Л.В., Уранов А.А. Ботаника. Систематика растений. - М.: Просвещение, 1975.
6. Сергиевская Е.Г. Систематика высших растений: Практический курс: Учебник. - СПБ.: Лань, 2002.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   30




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет