Л. С. Динашева ОҢТҮстік қазақстандағЫ Қоныс аударушылар тарихы мәселелері: жаңа көЗҚарас


І- тарау. РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ОТАРЛЫҚ САЯСАТЫ



бет6/13
Дата26.08.2020
өлшемі0,87 Mb.
#76999
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13
Байланысты:
Monografia

І- тарау. РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ОТАРЛЫҚ САЯСАТЫ

ЖӘНЕ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖЕР МӘСЕЛЕСІ
1.1 Оңтүстік Қазақстан жерінің Ресей империясының отарына айналуы

Оңтүстік Қазақстан территориясы Ресей империясы қарамағына 1831-1865 жылдары, яғни Жетісудің солтүстігінде Аягөз приказдығы құрылған кезден бастап, орыс әскерлерінің 1864 жылы Әулиеата мен Шымкентті, 1865 жылы Ташкентті жаулап алған уақыт аралығында қаратылды. Сөйтіп, бүкіл Сібірді, Кавказды, қазақ жерін, Орта Азияны өзіне бағындырған Ресей империясы 17,4 млн. шаршы км. жері, 33,2 млн. халқы бар ұлан байтақ территорияға ие болды.

Сырдария және Жетісу облыстары әкімшілік территориялық жағынан орыс өкіметінің құрамына 1822 жылғы 22 шілдеде қабылданған “Сібір қырғыздарын басқару туралы Уставы” негізінде, Азиялық істер комитеті және оның Сібір бөлімінің ұйғарымымен 1831 жылы Аягөз округтік приказдығы ашылған соң, оның қарамағына Жетісу жерінің батыс-солтүстік, шығыс аудандарының енуі басталды /41/. 1848 жылы басқармасы Қапалда орналасқан Алатау приставтығы құрылды. Ал, 1854 жылы Семей облысы құрылып, оның құрамына Көкпекті, Аягөз округтері және қайта құрылған Қапал әскери округі енді /42/. Осылайша Ресей билігіне қараған Жетісудің бір бөлігі - сыртқы Аягөз және әскери Қапал округтері - Семей облыстары құрамына енді. Бұл аудандардың шекаралары: шығыста - Қытай, солтүстігінде Тарбағатай таулары, Балқаш көлі, батысында -Іле өзені, оңтүстігінде - Алатау қыраттары болды.

1860 жылы 1 ақпаннан Аякөз округі Сергиополь округі деп, ал Аякөздің өзі - Сергиополь деп атала бастады. 1864 жылы генерал Черняев басқарған орыс әскерлері Әулиеата мен Шымкент қалаларын жаулап алғаннан соң “Жаңа Қоқан шебі” деген атпен Қазақстанның бүкіл Оңтүстігі Батыс Сібір генерал-губернаторлығы құрамына енді. 1865 жылы Ресей империясында жаңадан жүргізілген әскери-әкімшілік аудандарға бөлу саясаты негізінде Батыс Сібір әскери округі қарамағына Жетісудың Сергиополь, Қапал, Алатау округтері бар Семей облысы қаратылды. Сол жылы патша әскерлерінің Ташкент қаласын басып алуымен Түркістан облысы құрылып, оған Сырдария облысы территориясының барлығы, Жетісу облысының бір бөлігі бағындырылды. Ал, 1865 жылы 6 - тамызда Түркістан облысын басқару туралы Уақытша Ережені патша бекітті. 1867 жылы 11 шілдеде Түркістан мен Семей облысының бір бөлігі негізінде Түркістан генерал-губернаторлығы құрылды /43/. Оның құрамына біз зерттеп отырған Жетісу және Сырдария облыстары кірді. Бұл екі облыс арасындағы шекара Қорғаты және Шу өзендері болып белгіленіп, генерал-губернаторлық әскери министрлікке бағынатын болды. Әкімшілік орталығы Ташкент қаласы болып белгіленген Түркістан генерал-губернаторлығына бұл екі облыстан бөлек Самарқан, Ферғана және Закаспий облыстары қаратылды.

Патша үкіметінің отарлау саясаты тұрғысынан Түркістан өлкесін бұлай етіп бөлуі мұнда қалыптасқан экономикалық және ұлттық қатынастарға қарама-қайшы келді. Бұл жөнінде өлкенің алғашқы генерал-губернаторы К.П.Кауфман: “Бұлай етіп бөлу өлкенің территориялық, этнографиялық және тұрмыстық жағдайларына қайшы келеді” /44/ - деп, ашық мойындады.

Біз зерттеп отырған екі облыс екі түрлі - Сырдария облысы 1886 жылғы “Түркістан генерал-губернаторлығын басқару туралы Ереже”, ал Жетісу облысы 1891 жылғы “Дала генерал-губернаторлығын басқару туралы Ереже” негізінде басқарылатын болды. Себебі, Жетісу облысы Түркістан генерал-губернаторлығы құрамында 1882 жылға дейін болып, бұдан кейін сол жылы құрылған Дала генерал-губернаторлығы қарамағына кіргізілді. Ал, 1897 жылы 26 желтоқсанда Омск және Иркутск Әскери округтері бірігіп, Сібір әскери округі қарамағына енгізілуімен Жетісу облысы Түркістан генерал-губернаторлығы құрамына қайта қаратылды.

Оңтүстік Қазақстан территориясының Ресей империясы қарамағына енгізілуі және оның әкімшілік бөлінісі туралы жоғарыда берілген мағлұматтар негізінде Оңтүстік Қазақстан тарихының Қазақстанның басқа өлкелеріне қарағанда өзіндік ерекшеліктерге ие екендігін көруге болады. Тіпті басқасын айтпағанда, Түркістан өлкесінің белгілі дәрежеде саяси және экономикалық жағынан артта қалған көшпелі және жартылай көшпелі Қазақстаннан отырықшы, ерте заманнан егін шаруашылығымен айналысатын Өзбекстанға өтетін аралықта орналасуының өзі айрықша көңіл бөлуге тұрарлық екендігі анық.

Қазақ жерлерін патша үкіметінің отарлауында көлемі ұшан теңіз табиғи байлығын игеруде, жергілікті халыққа қуатты ықпал етіп, оны орыс империясы саясатының аясына мықтап тартуда Түркістан өлкесінің маңызы ерекше болды. Бұл жөнінде Тұрар Рысқұлов: “Ресейдің “Оралдың сол бет жағалауын” отарлауда Түркістан өлкесі патша әкімшіліктері назарын айрықша аударды. Біріншіден, Түркістанның Ресей үшін әскери-стратегиялық база ретінде маңызы болды. Яғни, бұл жерді басып алып, аяғын нық тіреп алу арқылы Ресей үкіметі Шығыста Англиямен бәсекелесе алатын еді және алтын кеніне бай Үндістанды “иелену” жөніндегі Ұлы Петр дәуірінен бергі орыс патшаларының ежелгі арманын орындауға қол жеткізуге болатын. Екіншіден - Түркістан Ресей империясы үшін өзінің арзан өнеркәсіп өнімдерін өткізу рыногы және шикізат көзі ретінде, жерін отарлап, жан-жақты шексіз қанаудың көлемді объектсі еді. Өндірістік қатынас мәселесінде сол уақыттағы отарлау аймақтары дамып келе жатқан Ресей үшін Отандық капитализмнің жеңіл жолмен пайда табу көзі болса, жерін отарлау мәселесінде - Империяның өз ішінде күннен-күнге күшейіп келе жатқан шаруалар қозғалысын бәсеңдету мақсатында, аграрлық тәртпісіздіктер кең етек жайған аудандардан орыс шаруаларын қоныс аударту болды” /45/ - деп жазды. Дәл осындай ойды Түркістан өлкесінде тексеру жұмыстарын жүргізген сенатор Пален де өзінің жұмыстары жөніндегі есебінде айтқан еді. Онда ол: “Біріншіден, қаражат (финанс) тұрғысынан - мемлекеттің оңай пайда табу көзі және Ресей өнімдерін өткізу үшін жаңа рынок ретінде Түркістанның Империя үшін маңызы ерекше болды. Екіншіден өз ішіндегі басы артық тұрғындарын мұнда алып келіп орналастыруда үлкен мүмкіндік туады” - деп ашық мойындады /46/.

Жаңадан жаулап алған территорияларды орыс үстемдігін біржола бекіту, оны байланыс жолдары арқылы Орталық Ресей аудандарымен байланыстыру мақсаты патша үкіметі алдына жаулап алудан да қиынға түсетін жүйелі және мақсатты саясат жүргізу міндетін қойды /47/. Бұл міндетті орындауда патша үкіметі алғашқы кезде казак-орыс қоныстарын құру, әскери бекіністер салу арқылы отарлай келе, 60-жылдардың ортасынан бастап, өлкені біржола отарлаудағы баянды жол - мұнда орыс шаруаларын қоныс аударту саясатына көшті. Патша әкімшілігі өздерінше пайымдаған “шаруашылық және адамгершілік” жағынан қамтамассыз етілген шаруалар өлкеде орыстандыру саясатын жүргізіп, отаршылдық әскерлерді толықтырудың негізі болады деп есеп құрды /48/. Мұндай мемлекеттік шараның заңды негізін 1867 ж. 11 шілдеде шыққан “Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы уақытша ереже” берді. “Ережеде”: “қырғыздар (қазақтар - Л.Д.) орналасқан жерлер мемлекет жері деп есептеліп, қырғыздарға қоғамдық пайдалануға мерзімсіз беріледі” /49/ - делінді.

Бұл ереженің негізгі мазмұны, белгілі зерттеуші М.Қойгелдиевтің сөзімен айтқанда, осы уақытқа дейін тек қазақ қоғамына ғана тиселі және басқа жұрт соның меншігі есебінде мойындап келген қазақтардың атамекенін Ресей үкіметінің мемлекет меншігі деп жариялауы, патшалық биліктің қазақ жерін қандайда болсын келісімсіз зорлықпен тәркілеуі еді. Сөйтіп, мал шаруашылығымен айналысқан қазақ жұртын іс жүзінде Ресей крепосниктік мемлекеттің реформаға дейінгі қазыналық жерлерді пайдаланған мемлекеттік шаруалармен тегерілді /50/.

Ресей үкіметі осындай мазмұндағы заңдық актілерді шығаруда қазақ халқында жерге жеке меншіктің жоқтығын да басшылыққа алған болатын. Бұл жөнінде революцияға дейін Жетісуды зерттеуші Н.А.Аристов былай дейді: “Жерді қырғыздардың меншігі деп санаған жағдайда орыс шаруаларын орналастыру үшін қажетті жер қорын ұлғайтуға да, тіптен қырғыздардың (қазақтардың - Л.Д.) өздері мал шаруашылығын жүргізуіне де мүмкіндік болмай қалатын еді. Себебі, олардың мал отарлары әр-бір қадам басқан сайын жеке меншік жайылымдарға кездесіп, мал бағудың өзіне тыйым салынатын еді” /51/.

Біз қарастырып отырған Жетісу және Сырдария облыстарын басқаруды жергілікті әкімшілік басшылыққа алатын 1867 жылғы 11 шілдеде қабылданған ережеде негізінен әкімшілік басқару тәртібі жөніндегі баптар ғана қарастырылып, аграрлық мәселеге көп көңіл бөлінбеді. Осылайша, Сырдария облысында 1886 жылы, Жетісу облысында 1891 жылы қабылданған ереже шыққанға дейін шын мәнінде аграрлық заңдары болмады.

1867 жылғы ережені патша ағзам бекіткен жоқ еді. Ол тек қана министрлер кабинеті шешімімен ғана қабылданған болатын. Граф Игнатьев “Түркістан өлкесін басқару ережесі” жобасына жазған түсіндірме хатында: “Генерал-губернаторға аталған жобаны қарап шығуға тапсыру және “Ереже” жобасында көрсетілген негіздмелерге сүйене отырып, өзі өлке құрылысы үшін пайдалы және қажетті деп тапқан іс шараларды іске асыруы керек” деп көрсетті /52/. Нәтижесінде, Жетісуда қазақ жерлерін казак-орыстар мен орыс қара шекпенділер тонаса, Сырдария облысында К.П.Кауфманның “орыс адамдарына ” жерді сатып алуға рұқсат беруі жөніндегі циркуляры негізінде жерге жеке меншіктілік те пайда бола бастады.

Орыс әкімшілігіне жаңа заңдық негізді 1886 жылы 12 маусымда бекітілген “Түркістан генерал-губернаторлығын басқару жөніндегі ереже” және 1891 жылы 25 наурызда қабылданған “Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ереже” берді.

Түркістан өлкесіндегі жергілікті халықтардың негізгі бөлігін отырықшы-егінші және жартылай көшпелі тұрмыста өмір сүретін тұрғындар,екінші бір бөлігін - көшпелілер құрады. Сондықтан да, патша үкіметі өлкеде реформа жүргізе отырып, жер мәселесінің дұрыс шешілмеуі жаңа үкімет тағдырын қайғылы жағдайларға ұшырататынын жақсы түсініп, таразыға тартылған, ұзақ мерзімге жоспарланған аграрлық саясат жүргізуге тырысты.

1886 жылы бекітілген “Ережені” дайындау барысында өлкенің алғашқы генерал-губернаторы фон Кауфман 1873 жылы үкіметке мемлекеттің жоғарғы меншік иесі “құдіретін” сақтай отырып, отырықшы тұрғындар меншігінде болып келген жерлерге жеке меншікттік статусын беруді ұсынды /53/. Өзінің осы жобасына жазған түсіндірме хатында осы жерді қатар меншіктеу құқына мынадай қызықты негіздеме береді: “Жерге қатынас мәселесін заңдастыруда, бір жағынан, осында қалыптасқан қоғамдық дәстүрлермен санасу қажет, мұнда орталық үкімет ерте заманнан бері суармалы егін шаруашылығын жүргізуде маңызды роль атқарған болатын. Екінші жағынан - жеке меншік иелерінің шаруашылық қызметінің жоғары сапалығын дәлелдеген Еуропалық тәжірибе негізінде жасалынған саяси экономика принципіне қайшы келмеу қажет” /54/. Генерал фон Кауфманның бұл ұсынысы негізінде “Ереженің” отырықшы егіншілердің жерге қатынасы жайында айтылған 255-бабы жасалынды. Онда: “Отырықшы тұрмыстағы ауыл тұрғындары иелігіне, олардың дәстүрі негізінде, жер барлық уақытқа пайдалануға және мұралыққа қалдыруына беріледі”-делінді. Нәтижесінде сенатор Паленнің сөзімен айтқанда жерге “жартылай меншіктілік” пайда болды /55/. Крепостниктік патша үкіметінің жергілікті отырықшы тұрғындарға мұндай құқық беруіне Орта Азиядағы халықтардың толқулары белгілі дәрежеде ықпал етті. 1868-1869 жылдары Қазақстанның далалық облыстарында, 1870-1873 жылдардағы Маңғыстауда, 1873 - 1875 жылдары Ферғанада болған көтерілістер және де Қазақстан далаларында өздерінің наразылықтарын сауда керуендеріне шабуыл жасау арқылы білдіріп отырған қозғалыстар болмағанда, патша үкіметі Ресейдегідей крепостниктік құқық туралы реформасын Түркістанға да сөз жоқ енгізетін еді.

Карл Маркс Азиядағы жер қатынастары туралы былай деп жазды: “Мемлекет мұнда жердің жоғарғы меншік иесі. Егеменділік мұнда - ұлттық масштабқа үйлескен жерге жеке меншіктілік. Бірақ бұл жағдайда, жерге жеке даралық және қауымдық иелік түрі өмір сүргенімен, ешқандай да жерге жеке меншіктілік түрі жоқ” /56/. Маркстың берген анықтамасындағы жерге қатынастың осындай азиялық түрі біз зерттеп отырған Түркістан өлкесінде орын алып, жергілікті халықтың тұрмыс жағдайының нашарлауына алып келген 1886 жылғы Ереже баптары қабылданды.

Маркстың: “Жаулап алғаннан кейінгі бірінші міндет ондағы адамдарды да иелену болып табылады” /57/ дегініндей, Ресей империясы Оңтүстік Қазақстан жерін басып алумен қатар “адамдарды да меншіктеуге” тырысты, яғни мұндағы мекендеген халықтарды Ресейдің өз ішіндегі крепостник-шаруалар дәрежесінде ұстамақ болды. “Ереже” бойынша мемлекет қазынасына әр бір десятинадан алынатын жалпы табыстың оннан бірі салық ретінде түсіп отыруы тиіс болды. Жерді пайдаланғандығы үшін алынатын төлем ақысының ішіне мемлекеттік салықпен бірге жерге төленетін феодалдық рента да кіргізілді. Түркістанда егіншілерден жиналатын алым Ресейдегі шаруалардың төлейтін, құрамына мемлекеттік салықпен бірге “үлесі үшін” өтеп алу төлем ақысы да кіретін салықпен бірдей дерлік болды. Осылайша патша үкіметі бір жағынан жергілікті егіншілерге жерді жеке меншікке бергенімен, екінші жағынан, салық салу арқылы бұл құқын қысып тастап отырды.

1886 жылғы Ережеде баяндалған отырықшы-егіншілердің жерге қатынасын көшпенді қазақтардың жерді иеленуіндегі құқымен салыстырсақ, соңғысында крепостниктік принциптер айқынырақ көрінді. Ережеде Сырдария және Жетісу облыстарындағы қазақтарға байланысты 1867 жылғы Ереже баптарын қайталайды. Оның 270-бабында: “Көшпелілердің қоныстары орналасқан мемлекет жерлері, олардың дәстүрі мен осы Ереже баптары негізінде мерзімсіз уақытқа көшпелілердің қоғамдық пайдалануына беріледі”/58/. Қазақтар тек отырықшы тұрмысқа өткенде ғана 279-бапқа сәйкес “өңделген жерлерді” иелену құқын ала алатын болды. Көшпелілерге “өздері мекендеген, атам заманнан бері өмір сүріп келе жатқан жерін тек пайдалануға ғана беру арқылы империя отарлаушыларына қазақ жерін шексіз тонауға мүмкіндік берді” /59/.

Ресейдің басыбайлы шаруаларына теңгерілген қазақ шаруалары өздеріне “мерзімсіз қоғамдық пайдалануға берілген жерлері” үшін алым төлейтін болды. Қыстаулар әрбір шаңырақ иесінің пайдалануына “малының санына және шаруашылығының көлеміне” қарай берілді. Сондай-ақ көшпелілер пайдалануға берілген жерлерін болыстық және облыстық әкімшіліктің келісімі арқылы ғана 30 жылға жалға беру құқына ие болды,. Осылайша, тіпті көшпенді қазақтардың жерге шектеулі құқының өзіне көптеген шығынды қажет ететін күрделі формальдылықты сақтау арқылы ғана қол жеткізу мүмкін еді.

Ал енді, Жетісу облысын басқаруда патша шенеуніктерінің басшылыққа алатын 1891 жылы 25-наурызда қабылданған “Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ереже” негізінде жер мәселесі қалай шешілгендігіне тоқталып көрейік.

“Дала генерал-губернаторлығын басқару туралы Ереже” патша үкіметіне қазақ жерін ашық түрде, шексіз озбырлықпен тонауына мүмкіндік берді. Бұл заңның айқын мәнін Телжан Шонанұлы: “Ұрысы күшті болса, иесі өледі, ұры иесінен мықты болса, танып тұрған малын бермек түгілі, қуғыншының атын жорта өзініңкі қылып, танып аударып алады”. “Степное положениемен” қазақ жерін қазыналық деп жариялауы, сол кезгі үкіметтің күшті ұры болғаны...Қазақ еңбегін сіңіріп отырған жерді қазыналық дейді. Қазақ жері құрбанға байланған қой, “Степное положение” союға қайралған пышақ сықылды,” /60/ - деп дәл берді.

1891 жылғы Ереже 1868 жылғы “Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы уақытша Ереженің” аграрлық мәселеге қатысты баптарын сөзбе сөз қайталады. Сонымен қатар маңызды өзгерістер де енгізді. Ендігі жерде “Дала ережесі” негізінде әкімшіліктің қазақ жеріне деген билігі күшейтілді, яғни әкімшілік көшпелілердің пайдалануындағы жерлердің “артығын” кез келген уақытта тартып алып қою, сондай-ақ қазақтардың өз пайдалануына берілген жерлерін жалға беруін қадағалап отыру құқына ие болды. Ережеде былай делінді:

“... 119. Көшпелілер қонысы орналасқан жерлер, сол жерлердің бар байлығы, соның ішінде орман-тоғайы да мемлекет меншігі саналады.

120. көшпелілер қонысы орналасқан жерлер олардың дәстүрі мен осы ереже баптары негізінде көшпелілердің қоғамдық пайдалануына мерзімсіз қалдырылады” /61/.

Бұл екі бап қазақ қоғамына Ресей империясы тарапынан жасалынған үлкен зорлық болды. “Бас жоқ , көз жоқ, қазақтың пайғамбар заманнан бері терін төгіп, еңбегін сіңіріп отырған жерін қазыналық деп жариялау” /62/ жергілікті халықты қатты әбіржітті.

Бұдан кейнгі жылдары қазақ шаруашылығының күйзеліп кетуіне тікелей себебті болған бұл 120-бапқа жасалынған қосымша еді. Онда:

“1-қосымша көшпелілер үшін артық болуы мүмкін жерлер мемлекеттік мүлік министрлігінің басқаруына өтеді” /63/ - делінді.

Бұл қосымша негізінде көшпелілердің пайдалануындағы кез келген жер “артық” деп табылып, ішкі Ресейден қоныс аударушыларға арналған жер қорына берілетін болды. Қазақ даласына ешқандай да кедергісіз именбей енуді аңсаған отаршыл күштерге керегі де осы бап болатын. Мұндай қосымшаның 1886 жылғы Ережеде болмауы Сырдария облысында өмір сүретін көшпелілердің жерін тонау, белгілі дәрежеде, халқының дені көшпелі қазақтардан тұратын Жетісуға қарағанда баяу жүрді. Мысалы, Сырдария облысында 1906 жылға дейін жергілікті халқтың иелігінен 159561 десятина жер тартып алынса /64/, осы уақыт аралығында Жетісу облысында мұндай жердің көлемі 838495 десятинаға дейін жеткен /65/, яғни Сырдария облысында Жетісуға қарағанда қазақ жері 5,26 есе аз тоналған.

Сондай-ақ, 120-бапқа жасалынған қосымша негізінде Ресей буржуазиясына Қазақстанның тау-кен байлықтарын иеленуі үшін кең көлемде мүмкіндіктер жасалынды. Себебі, қазақ жерлерінің астындағы кені мен үстіндегі бар байлығы мемлекет меншігі деп жарияланып, егер ол жерлерде “жерді пайдаланушылардың” салған құрылыстары болмаса, ешқандай ақы төлеусіз-ақ кәсіпкерлердің қарамағына өте алатын болды.

1891 жылғы Ереженің 126-бабына сәйкес қазақтардың пайдалануындағы жерлерін жалға беру құқы да шектелді. Бұл бап бойынша қазақтар “өздерінің қыстаулары маңындағы жерлерін орыс нәсілдегілерге егін егуге, завод-фабрикалар, диірмендер салуға және де басқа да қажеттіліктерге 30 жылдан аспайтын уақытқа жалға бере алатын” - еді. Бұл бап негізінде “Волостной сходтағы елулік, болыс сияқты қулар қазақ еңбекшілерін сырттан сатып, жерін орысқа жалдайтын еді. Жалдап алған жерді біраздан соң орыс сіңдіріп кететін еді. Сонымен, сорлы кедей қазақтар талай жерінен айырылған еді” /66/.

Сырдария облысы басшылыққа алатын 1886 жылғы Ережедегідей 1891 жылғы Ереженің 121-бабына сәйкес мұндағы қазақтар да қарамағындағы жерлерді қалауынша қолдану құқынан айрылды.

Жалпы алғанда 1886 ж. және 1891 жылғы Ережелер негізінде патша әкімшілігі қазақ шаруаларының жерлеріне жасап отырған үстемдігін күшейтіп, қазақтардың “мемлекеттік” жерлері өздерінің қолына тигізбеудің амалын жасады.

Жоғарыда баяндалған заңдық негіздерден бөлек, Қазақстанға орыс шаруаларын орналастырып, солар арқылы өздеріне күшті тірек жасамақ болған патша үкіметі, өз мүдделеріне қайшы келмейтіндей етіп, қоныс аудару саясатын реттеп отыру мақсатында арнайы заңдар да шығарған болатын.

XІX ғасырдың 60-жылдары аяғынан бастап, өлкемізде жүргізіле бастаған Ресей үкіметінің империядағы жері тапшы аудандарынан орыс шаруаларын қоныс аударту саясатын жергілікті әкімшілік қолдай келе өз кезегінде, 1867 жылғы “Уақытша Ереже” негізінде өздеріне берілген шексіз билікті пайдалана отырып, қоныс аударушы шаруаларға түрлі жеңілдіктер жасап, артықшылықтар беріп отырды.

Мәселен, 1869 жылы Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфман бекіткен “Жетісуда шаруаларды қоныстандыру туралы уақытша ережелер” облысқа келген қоныс аударушылардың жағдайын жеңілдетуді көздеген бірсыпыра шараларды белгіледі. Олар мынаған саяды: а) әрбір қоныс аударушы ер адам басына егіншілікке қолайлы 15 десятинадан жер бөлініп, оған басы артық 15 десятина қосылады. Ал почта тракты бойындағы бекеттерге орналасқандарға 30 десятина бөлініп, оған 15 десятина басы артық жерлер қосымша берілді; ә) қоныс аударушылар 15 жыл бойы салықтан, түрлі міндеткерліктерден (соның ішінде рекурдтық) босатылды, мұқтаж отбасыларына 100 сомға дейін қарыз беру белгіленді /67/. Бұл ереже 1883 жылға дейін күшін жойған жоқ.

1883 жылы Жетісу облысының Дала генерал-губернаторлығы қарауына өтуіне байланысты жергілікті әкімшілік “Облыстың отырықшы халқын жерге орналастыру туралы ереже”- яғни, байырғы тұрғындарды, келімсектерді, сондай-ақ осы уақытта 1881 жылғы Петербург келісіміне сәйкес, Шығыс Түркістаннан қоныс аударған ұйғырлар мен дүнгендерді орналастыру туралы ереже шығарды. Жаңа құжат 1885 жылы 1-мамырда бекітілді. Ол бойынша қоныстанушыларға берілетін артықшылықтар біраз қысқартылды: ендігі жерде жер үлесі әрбір ер адамға 10 десятинадан болып белгіленді /68/. Жетісуда келімсектерге берілетін жер үлесінің қысқартылуына оларға арнап дайындалған егін шаруашылығына қолайлы жер участкелерінің тапшылығы себеп болды. Сондай-ақ бұл уақытта, ішкі Ресей губернияларынан қоныс аударуға рұқсат қағазы бар “адамгершілік қасиеттері мен материялдық қаражаттары өздерінің сенімділігіне жеткілікті дәрежеде кепілдік бола алатын” орыс шаруалары ғана емес, олармен бірге Оңтүстік Қазақстан территориясына өз еркімен арзан нан, тегін жер “іздеп келген қоныс аударушылар көптеп орналаса бастады. Сондықтан да патша үкіметі бұл қозғалысты өз мүддесіне қайшы келмейтіндей етіп, еркіне бағындырғысы келді” /69/.

Патша үкіметі 1889 жылы 13-шілдеде “Село тұрғындары мен мещандардың қазыналық жерлерге өз еркімен қоныс аударуы туралы және аталған сословиелердің осыған дейін қоныс аударған адамдарының тізімін алу тәртібі туралы” арнаулы ереже жасап бекітті /70/. Бұл заң 1904 жылға дейін күшін сақтады. Онда ішкі істер мемлекеттік мүлік министрліктері алдын ала рұқсат еткен жағдайда ғана қоныс аударуға болатындығы көзделді. Мұндай рұқсаты жоқтар үкімет орындары жарлығымен бұрын тіркелген жерлеріне қайтары-луы тиіс еді. Жергілікті үкімет қоныс аударуға өтініш жасаушылар-дың мүлік және шаруашылық жағдайы туралы мәліметтер, сондай-ақ осы жөнінде егжей-тегжейлі қорытындылар беруге міндетті болды.

1889 жылғы Ережеде келімсектер үлесіне берілетін жерлердің тиянақты нормасы белгіленбеді. Жергілікті әкімшілік оны өз қалауынша беру құқын алды.

Қоныстанушыларға қазыналық жер үнемі (мерзімсіз) пайдалануына беріліп, бұл жерлерді олардың “иелігінен алып қоюға да, салықтар арқылы салмақ салуға да” тиым салынды. Бұл баптар негізінде: 1) Түркістан өлкесіне тек қана ауыл шаруашылығы тұрғыны саналатын христиан дініндегі орыстар ғана қоныс аударуға руқсат алуға; 2) отбасындағы әрбір жұмысшы басына 10 десятинадан Генерал-губернатордың рұқсатымен жер берілуі; 3) қоныс аударушылар салықтар мен міндеткерліктерден бес жылға толық босатылып, одан кейінгі бес жыл ішінде оларды жартылай мөлшерде өтеп отыруға тиіс болды /71/.

Мұнымен бірге, ереже бойынша қоныс аударуға рұқсат алғандарға жол шығындары мен барған жерінде шаруашылықтарын жүргізу үшін қажетті құрал-сайман сатып алуға ақшалай жәрдем берілуі тиіс болды /72/.

Ресей әкімшілігінің XІX ғасырдың соңында қоныс аудару саясатында ұстанған бағытына сәйкес, өз отандарында қолдарында бар мүлкін сатқаннан кейін 125-300 сом көлемінде ғана ақшасы бар кедей шаруалардың қоныс аударуын өтінген хаттары тәртіп бойынша, қабыл алынбады.

Алайда, үкімет тарапынан рұқсаттың болмауы қоныс аударудың көпшілік маңызға ие болған қозғалысын тоқтата алмады. Профессор А.А.Кауфманның анықтауы бойынша, 90-жылдардың басында өз еркімен қоныс аударушылардың саны Оралдың сол бет жағалауына қоныс аударғандардың 60 тан 85 процентке дейінгі мөлшерін құраған /73/.

1885 жылы Сібір темір жол комитеті мәжілісінде патша ағзам Сібір өлкесін отарлауды қолдаудың қажеттілігі туралы сөз сөйлеп, онда: “...өз еркімен қоныс аударғандарды Отандарына қайтару мәселесі күн тәртібінен алып тасталсын”- деп бұйырды. Бұл мәселен 1896 жылы 15-сәуірде бекітілген Сібірге шаруалардың қоныс аударуы туралы жаңа тәртіпте баяндалды. Ішкі істер министрлігінің жанынан Ресейдегі қоныс аудару жұмыстарына жетекшілік етуге және Сібір теміржол Комитеті құрамында қызмет істейтін дайындық комиссиясының қоныс аудару мәселесін дұрыс ұйымдастырудағы жұмысын жеңілдетуге тиісті қоныс аудару басқармасы құрылды /74/.

Сібір теміржол комитеті “қазақты тал түсте тонау” жолында, әсіресе Дала облыстарында көптеген іс шаралар жасады.

Олар “теміржол салынар кезде, салынып жатқан кезде Ресейдегі мұжықты ықыласын, ынтасын аударып, іштен көшіріп, алпауыт жерін аман алып қалу үшін, қазақ пен Сібір жерін мақтап, көшіртіп, өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай қылып, сөз таратты” /75/. Шақыр-ған мұжықтарға жер тауып беру үшін, теміржол комитеті, көшпелілердің пайдалануындағы көзі түскен кез келген жерлерін ке-сіп алып беріп отырды. Бұл процесс XX ғасырдың басында кең етек жайып, жалғасын тапты.

Осылайша, патша үкіметінің XІX ғасыр соңында қазақ жерін отарлау мақсатында шығарған заңдары негізінде Оңтүстік Қазақстан территориясы Ресей меншігіне айналды. Сол заңдарды басшылыққа ала отырып және олардың белгілі бір баптарына өз мүдделерін сай өзгертулер енгізіп, Ресей әкімшілігі өлкені жаулап алған кезден кейінгі уақыттарды Түркістан өлкесін отарлаудың ең сенімді жолы - қоныс аудару саясатына көшті. Ресей билігі алғашқы кезде Оңтүстік Қазақстан жерін казак-орыстар арқылы, кейіннен орыс, украин және белорус мұжықтарын орналастырып отарлау жолына түсті.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет