Лекция: 30 Практикалық: 15 Семинар: Лабораториялық: обсөЖ: 45



бет9/21
Дата22.06.2017
өлшемі32,31 Mb.
#19634
түріЛекция
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   21

Қаланың ежелгі аты белгісіз. Жазба деректерде кездеспейді. Жергілікті халық Ұтырлы қаласының атауын Үтірлі немесе Үтірлітөбе, Үтіртөбе деп те атайды.Үтірлі атануы «Ұтырлы» деген сөзден шығуы мүмкін. «Ұтырлы»-қазақ тілінде ұтымды, ұтқыр, қолайлы деген мағынаны білдіреді. Бұл қаланың тіршілікке жайлы, тоғыз жолдың торабында, қолайлы жерге орналасуынан шығуы мүмкін. Ал, Үтірлітөбе, Үтіртөбе атануына келсек, қазіргі кезде қаланың пішіні «үтір белгісіне» ұқсас болғандықтан жергілікті халық осылай атаған дейді.

Шынында да қаланың географиялық орналасуы қолайлы, жол торабында орналасқан. Қаладан солтүстік-шығысқа қарай жол Сырдан өтіп, Чиначкентке (Шыназ), одан әрі Орта Азияның ірі орталығы - Шашқа (Ташкент) барған. Ал, Сырдың сол жағалауымен жоғары қарай өрлеген жол Хожентке жеткен. Сырмен төмен қарай жүрген тағы бір негізгі бағыт Сүткент қаласы арқылы өтіп, Оқсызға (Весидж) барған. Одан әрі жол жан - жаққа (Яссы-Сауран-Сығанақ, Испиджаб және Орталық Қазақстан бағыттары) тармақталады. Ал,қаладан оңтүстік, оңтүстік-батысқа қарай шыққан тағы бір бағыт Мырзаның шөлін басып өтіп Жызаққа, одан әрі Самарқан , Бұхараға жол тартқан.

Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласы нақты қай уақытта өмір сүрген және ол қай елге, тайпаға тиесілі деген мәселеге келсек, алғашқы археологиялық зерттеулер бұл қаланың ҮІІІ-ХІІ ғасырларда, оғыздар дәуірінде өмір сүрген қала екенін көрсетеді. Әсілі, бұл оғыздардың қаласы болуы керек. Олай дейтін себебіміз, біріншіден, Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласының Сырдың орта ағысы бойындағы ондаған қалалармен өте ұқсастығы, олардың жобасы мен құрылыс технологиясы, тіпті табылған заттарына дейін ұқсастығы бұл қалаларды бір кезде бір халық салғандығын көрсетеді. Оғыз дәуірі кезінде Сырдың бойындағы қала мәдениеті даму сатысының жоғары деңгейінде болды. Махмұд Қашқари өзінің еңбегінде оларға сипаттама береді [4] . Екіншіден, сол дәуірдегі тайпалар мен мемлекеттердің геосаяси орналасуы да біздің бұл ойымызды қуаттай түседі. «Мауереннахр шекарасының өн бойында, - деп хабарлайды Әл-Истархи, - соғыс шайқастары болып жатады. Хорезмнен Испиджаб төңірегіне дейін оғыз-түріктермен, Испиджабтан Ферғананың ең шалғай жерлеріне дейін қарлұқ-түріктермен шайқас болып тұрады» [5]. Бұдан біз Испиджабтың оғыздар мен қарлұқтар арасындағы шекара болғанын көреміз. Сонымен бірге Келес даласында «Оғыздар қонысы» (Дех и гузз) болған. Шаш аймағында оғыздар мен қарлұқтардың исламды қабылдаған тайпалары жиылып қоныстанған [6]. Демек, Испиджаб пен Шаштың батыс аймақтары, оның ішінде Ұтырлы да оғыздардың жеріне кірген.



Үтіртөбе қаласының қазіргі жобасы шынында да үтірге ұқсап жатыр. Қаланың сыртқы көлемін су шайып кеткен. Сондықтан оның бұрынғы пішіні белгісіз. Қазіргі сақталған көлемі шығыстан батысқа қарай 388 метр, солтүстіктен оңтүстікке қарай 180 метрге созылып жатыр. Батыс жағынан ені 40 метрге дейін жіңішкеріп барып біткен (1-сурет).



Қаланың сыртын 10-30 метрге дейін су шайып, 1-2 метрге дейін жететін тік жар қабақ жасаған. Оңтүстік-шығыс жағын 1 метрге дейін су шайған. Бұл тұстан қаланың бекініс қамалы 1,5 метр биіктікке дейін жақсы байқалады. Қаланың басқа шеттеріндегі бекініс қамалдарын су шайып кеткен.

Цитадельдің оңтүстік-батыс бөлігінде ені 10 метр, тереңдігі 3метр, ұзындығы 15 метр сай орналасқан. Бұл қала қақпасы.

Солтүстік-шығыстан оңтүстік-шығысқа созылған сай қаланы екіге бөліп жатыр, оның ені 10 метр, тереңдігі 2 метр. Мұндай сайлар шығыстан батысқа да созылып, қаланы бірнеше бөліктерге бөлген. Бұл сайлар бұрынғы қала көшелерінің іздері.

Қаланың шығыс бөлігінің биіктігі 3- 3,5 метр-цитадель орналасқан, оның батыс бөлігінің биіктігі 1-1,5 метрге жетеді.

Қаланың батыс бөлігіне жалғасып көлемі 300х150 метр, солтүстіктен-оңтүстікке созылған төрткүл жатыр. Биіктігі 1,5 метр жалмен қоршалған. Бұл қаланың шаруашылық аймағы. Қаланың солтүстік және шығыс жағын орап өзен арнасы жатыр. Шілде, тамыз, қыркүйек айларында су тартылып, арнада тоспа көп пайда болады. Қазаннан-маусымға дейін Сырдың суы тасып, Үтіртөбе арал болып қалады.

Ортағасырда өзен арнасы жасанды ор қызметіне пайдаланылған болса керек.

Қаланың батысындағы төткүлдің солтүстік-батысында 300 метр қашықтықта қала зираты орналасқан.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша өткен ғасырдың 60- жылдары салынған Шардара су қоймасының суының көтерілуінен қаланы су баса бастаған. Қазіргі кезде қала үстін қамыс пен жаңғыл басып кеткен.

Су жылда қаланың мәдени қабатын 1-2 метрге дейін шайып, қаланың көлемі жылдан-жылға кішіреюде. Егер су осылай шая берсе, 10-15 жылдан кейін қала тегіс жойылады. Қала апаттық жағдайда.

Жергілікті халық арасында қаланың су басып төбе болуы туралы мынадай аңыз бар:

«Ежелгі заманда бұл қала гүлденген, мәдениетімен атағы шартарапқа жеткен, тоғыз жолдың торабында орналасқан сәулетті қала болған екен. Қалада бір атақты бай тұрыпты. Ол бір перзентке зар болыпты. Қартайғанда әйелі ұл туып, бай ұлан-асыр той жасайды. Мыңдаған қой мен ірі қара сойылып, қанын судай ағызады. Қанның көптігі сонша, ол өзен болып ағып, Сырдария өзеніне қосылып, өзеннің суы қаннан қып-қызыл болып тасып, қаланы басып қиратқан. Қала жер астына көміліп төбе болып қалған» -дейді аңызда.

Қаланы су басқаннан соң қираған ба, жоқ әлде жау шапқыншылығынан соң қираған ба белгісіз. Оны келешектегі зерттеулер анықтайды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   21




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет