Мағжан Жұмабаев. Педагогика



бет11/11
Дата18.02.2023
өлшемі63,07 Kb.
#169236
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Байланысты:
Педагогика
Тәрбие сағаты Төл теңгеміз, Электр тогы. Тізбек бөлігіне арналған Ом заңы. Өткізгіштерді аралас жалғау , элементтер химиясы 3 бөж
Қозғалуы. Адам денесі қозғалуды тілейді. Адам неғұрым жас болса,
солғұрлы қозғалуды көп тілейді. Екі жасар дені сау бала бір минут тыныш отыра алмайды. Күні бойы шаршау білмей, ойнайды да жүгіреді. Бала жүре бастамаған күнде де тек отырмай, аяқ-қолын шолтаңдатып отырады. Бірақ бастапқы кездегі баланың қозғалуы оймен, тілеумен қозғалу емес, «рефлекс» бойынша соқыр қозғалу. 5–6 айдан былай бала маңайындағы нәрселерді ұстауға, қолына алып ойнауға өзі тілей бастайды. Міне, бала қозғалуды өзі тілей бастаған кезде ана оған түрлі жеңіл ойын көрсетіп, көмекші болу керек.
Бірақ көмекші боламын деп қозғалуға шамасы жоқ баланы зорлықпен қозғалуға үйрету дұрыс емес. Жаңа туған бала басын һәм барлық денесін билей алмайды, оның шамасының келетіні – жату. Бала төрт ай толмай басын билей алмайды, жеті-сегіз ай толмай еркін отыра алмайды. Сондықтан 4 айға толмаған баланы жатқан орнынан көп қозғай беру жарамайды. Тегінде, баланы өзінің отыруға шамасы келмейтін кезде еріксіз отырғызу қате. Бала бүкір болып калуға ықтимал.
Жас баланы көтеру де дұрыс емес. Денесіне зиян келеді, бұл – бір. Екінші, көтеріп үйрету ата-анаға бір пәле ғой. Аяғы бар, тілі бар дардай баланың «Апа, көтер, әке, көтер» деп мазаны алуы ұнамды ма?.. Жас баланы арбаға салып сүйреу – қазақтың бір қате жұмысы. Тақтай арбаның ішіне жаман көрпеге оратқызып, баланы салып алып, 6–7 жасар балалар: «Мен ағамның қара кер атынша шабамын» деп тұрып арбаны дүрілдеткенде баланың не жаны қалады? Үлбіреген жас денеге зиян келетін болған соң, аман жаннан не пайда? Баланы еңбектеуден тыюға дұрыс емес. Еңбектесін, қозғалсын, жас күшін жұмсай берсін. Бірақ бала еңбектейтін жер таза, тегіс болсын, мүмкін болғанда тегіс жерге кілем төселген болсын. Қазақтың еңбектеген баласының күні қараң ғой. Ол баланы қараушы болмайды. Бала еңбектеп от орнына барып күйіп қала ма, күл, көмір жей ме, нәжіске былғана ма, сызға, сазға отыра ма, оны бақылаушы жоқ. Үсті-басы күл, топырақ, үрпиіп ылғи сызда, сазда отырады. Баланың неше түрлі ауру болатындығы осы сыз өтуден. Сызда, былық жерде асыралса, мал баласы да оңбайды ғой. Адам баласы мал баласы емес, баланы жақсылап бағу керек. Баланы қолынан ұстап тәй-тәй қылуды дұрыс деуге болмайды. Денесінің бір жеріне зиян келтіруге мүмкін. Кейбір ата-ана баланың тәй-тәй болғанын қызық көріп, тәй-тәй болғысы келмей орнынан тұрмай отырған баланы еріксіз тұрғызып тәй-тәй қылады. Бұл істері, әрине, қате. Балаға итарба жасап беру дұрыс емес демейміз. Бірақ итарбамен зорлап жүргізбе дейміз. Жағалағысы келгенде үстелді бала өзі-ақ жағалайды ғой. Итарба да баланың жанында жай тұрсын. Жүргісі келсе бала өзі де жүреді. Шеше бірақ байқап отырып, баланы арбаға дұрыс ұстатқызып жіберсін. Тоғыз ай мен он алты ай арасында бала жүруге үйренеді. Есте болу керек, баланың мешел болуы тәй-тәй кеш болғандықтан, итарбасы болмағандықтан емес, аурулы болғандықтан. Балам мешел болмасын десең, балаңды дұрыс күт...
Серуен. Ылғи үйде, нашар ауада бала құп-қу, нашар, меңіреу болады. Сондықтан баланы күн сайын таза ауаға серуенге шығарып тұру керек. Киіз үй ашық ауамен бірдей. Киіз үйдегі баланы шығарсаң да бір, шығармасаң да бір. Ал еңді қазақтың «қысқы үй» деп аталған үңгіріндегі баланы әлсін-әлсін серуенге шығарып тұрмай болмайды. Үй саулыққа дұрыс салынған болса да, баланы серуенге шығарып тұру керек. Себебі үйдің ауасы бұзылып отырады. Алты ай толмаған баланы қыстыгүні серуенге шығару жарамайды. Баланың саулығы нашар болса, доқтырлар бір жасқа толмай қыстыгүні шығаруға қоспайды. Күзгі, жазғы 2 градустық салқында бір жылдық баланы күн сайын 15–20 минут серуенге шығаруға болады. Ал енді 2 жастан былай баланы күн сайын кем дегенде 15–20 минут серуенге шығарып отыру керек. Жаңа оянған яки шомылдырылған баланы су жаялықпен серуенге шығару дұрыс емес, серуенге шығаруға нағыз қолайлы уақыт – түстен кейінгі 2–4 сағат арасы.
Тісеу. Тісеу – баланың дене тұрмысында зор өзгеріс. Жас иекті жарып бірінші тісі 6–8 ай арасында шығады. Иекте тамыр көп болғандықтан, тісей бастағанда бала әжептәуір ауырады. Ұйқысы тынышсыз, бас-аяғы ыстық болады. Аузынан сілекей шұбырады. Бала әлсін-әлсін қолын аузына сала береді. Мұндай уақытта баланы таза ауа, серуенге жиі шығару керек. Жылы суға жиі- жиі шомылдыру керек. Балаға тісі төмендегі ретпен шығады. Тісі төрт түрге бөлінеді.
Бірінші түр – күрек тіс. Саны 8 болады. 5–12 ай арасында шығады. Екінші түр – ит азу. Саны – төрт. 12–16 ай арасында шығады. Үшінші түр – ас азу. Саны – 4, 17–20 ай арасында шығады. Төртінші түр – түпкі азу. Саны – 4, 20–24 ай арасында шығады. Міне, осымен баланың 20 сүт тісі болған болды. 7 жаста бұл сүт тісі түсе бастап, 7–11 жас арасында балаға дәйімгі тісі шығады. Яғни жаңағы айтылған – 20 тісі түсіп қайта шығып, олардың үстіне тағы азу қосылады. 12 жаста тағы төрт азу шығады. Сөйтіп, дәйімгі тістің саны 28-ге толады. 22–25 жас арасында төрт азу шығады. Мұны ақыл азуы дейді.
Баланың сүт тісі өте нәзік болады. Ыстық та, суық та жарамайды. Қатты асты шайнай алмайды һәм бұзылымпаз келеді. Сондықтан баланың тістерін таза ұстау керек. 3 жастан былай тамақ берген сайын баланың аузын жуып отыру керек. Тісті жаман бұзатын нәрсе – тәтті. Жас балаға тәтті беруге жарамайды. Біраз өскен соң беруге мүмкін, бірақ аз һәм сирек беру керек.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет