Мақұлбек рысдәулет солдат жары ұлы Отан соғысы жылдарында



бет1/23
Дата02.07.2018
өлшемі5,99 Mb.
#45422
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23
Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ

СОЛДАТ ЖАРЫ

(Ұлы Отан соғысы жылдарында

жамбылдық қыз-келіншектердің тылдағы ерен еңбек ерлігі)




Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына жетпіс үш жыл өтсе де сол жылдардың салған жан жарасы жазылар емес. Оны үстіміздегі жылы майдангерлердің тізімін нақтылау және есімдерін тасқа қашап жазу кезінде көрдік. Атасы мен әкесін, бауыры мен ағайын-туысын іздегендер немесе соларды еске алғандардың жүректері толқып, жан дүниелері тебіренді, көз жасына ерік бергендер де болды. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік мәңгілік тақырып екеніне көзіміз тағы да жетті.

Сондықтан да жазушы Мақұлбек Рысдәулет бастаған облыстық мемлекеттік архивінің мұрағатшылары Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Жамбыл облысының тыныс-тіршілігі туралы бұрын шығарған бірнеше кітаптарының жалғасы іспеттес тылда жан аямай еңбек еткен солдат жарлары туралы деректер мен дәйектер жинастырып, кітап етіп шығаруы сауапты іс екендігін жете түсінді. Соның нәтижесінде осы кітап жазылды.

Кітап архив құжаттары мен жазушының жинақтаған материалдары негізінде жазылған. Қалың оқырмандарға арналған туындының тілі жатық, ойы орамды. Тарихшылар мен өлкетанушылар үшін дерек көзі болып табылады.


Отанға, Отбасына түскен ауыртпалық әрқашанда ең алдымен аналардың қабырғасын қайыстырады, жүрегін ауыртады. Ұлы Отан соғысы жылдарында майданда да, тылда да ерліктің өшпес өнегесін көрсеткен арулар туралы деректер мен дәйектер, ел арасында әңгімелер өте көп. Ұлы Отан соғысы біздің аналарымыздың қайтпас қайсарлығын тағы да паш етті. Жалпы қазақ қыз-келіншектерінің қайсарлығы туралы аңыз да, әңгіме де, тарихтан бағзы заманнан белгілі. Қанға сіңген қасиетті дарыта отырып, қазақ қыз-келіншектері майданда да, тылда да өздеріне ғана тән қылықтарымен ерекшеленді. Майданда Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанбетова сынды қазақ қыздары жауға атой салып жатса,тылдағы олардың еңбегі шын мәнінде өлшеусіз еді. Билік жеңіске жету үшін аз ұлттардың күшін сарқа пайдалану үшін қолдан келгеннің бәрін істеді. Мәселен, аз ұлттардың орыс тілін білмеуі көп қиындықтар тудырды. Сондықтан 1941 жылдың 13-қазанында ұлттық әскери жарақтар жасақтауға ерекше назар аударды. Ал тылда әйелдердің белсенділігін артыруды мақсатты жүргізу үшін 1943 жылдан бастап барлық партия ұйымдарында әйелдермен жұмыс бөлімі ашылды. Облыстық партия комитетінде бұл жұмысты үйлестіруші бөлім құрылып, оған басшылық жасау арнайы хатшыға тапсырылды. Бұл бөлім қыз-келіншектердің еңбек, саяси белсенділіктерін арттыруға ерекше назар аударды. Соғыс басталған жылдары әйелдер арасындағы жұмыс әпербақандық әдіспен, күнделікті күйбеңмен жүргізілсе енді жұмыс жүйеленді. Сонымен бірге мемлекеттік құрылыммен бірге қоғамдық ұйымдар жұмыс істей бастады. Бұл шын мәнінде әйелдердің саяси және еңбек белсенділігін арттыруға жаңа екпін әкелді. Әсіресе ауылдағы қыз-келіншектердің барлық салада белсенділігін артыруға, тіпті олардың отбасындағы рөлі мен хат тануына ерекше назар аударылды. Себебі тап сол кезде ауылдарда дамытушы күш әйелдер болып қалған еді. Олардың белсенділігінсіз, іскерлігінсіз алға жылжу, партия қойған міндетті орындау мүмкін емес болатын.


Соғыстың басталғаны туралы хабарды Жамбыл облысының жұртшылығы екі-үш күнде толық есітті. Суыт хабарды естіген жұрт алғаш есеңгіреп қалды. Бейбіт өмірдің тұщшы дәмін енді ғана тата бастаған халық «соғыс» деген қарғыс атқырдың халыққа әкелетін зұлматін жақсы білді. Оны жоймаса жақсы күннің тумайтынын білді. Сондықтан да сол күні-ақ аудан орталықтарындағы әскери комиссиариаттарға ағылды. Жер-жерде митингілер басталып, соғыс жеңіспен аяқталатынын, аз күнде Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армиясы фашистерді совет елінің жерінен тықсыра қуып, өз жерінде талқандайтынына сенді, солай деп жалындап сөз сөйледі. Көптеген жастар еріктілер қатарына қосылып, әскерге алу туралы арыздарын жазды. Тек қана ерлер емес қыз-келіншектер де майданға жіберуді өтінді. Мәселен 22 маусым күні кешкілік Шу ауданындағы «Түрксіб» колхозшылар ауыл шаруашылығы артельінің мүшелері Әблезов, Жұмабаев, Лаванов барлығы 15 адам өздерін майданға жіберуге өтініш жазды. Осы Шу станциясының бір топ паровоз жүргізушілері мен олардың көмекшілері, Жамбыл қаласындағы медициналық училищенің 30 түлегі өздерін майданға жіберуді өтінді. Сол күні екі сағатта облыстық Қызыл Крест қоғамына өздерін майданға жіберу туралы 100 арыз түсті. Соғыс басталғаннан кейін бір күн өткеннен кейін Жуалы ауданындағы «Путь Ленина» колхозының бір топ колхозшылары көтеріңкі міндеттеме алып, оны жыл соңына дейін орындағаннан кейін өздерін майданға жіберу туралы өтініш жазды. Жалпы мұндай еріктілер ақ басты Алатау мен қарт Қаратаудың қойнауы мен бөктерінде жатқан, Талас пен Шудың сағасын жайлаған, Аса мен Терістің жағасын жағалаған барлық ауылдардан табылып, Отанды қорғауда жан аямай шайқасатындарына сендірді. Сол күні Жамбыл ауданының машина-трактор станциясында жұмыс істейтін механизатор Ыбрайым Сүлейменов, Майтөбе ауылының тұрғыны Амантай Дәулетбеков, Талас ауданының түлегі Сәду Шәкіров, Қордай ауданындағы Киров атындағы колхоздың жұмысшысы Николай Белашев, Шу ауданының тұрғыны Саттар Естемесов ауылдастарымен бірге әскери комиссариаттарға келіп, өздерін Отан қорғау үшін майданға жіберу жөнінде өтініш жасады. Бұлар және өзге де жамбылдық азаматтар кейін майдан даласында өшпес ерліктің өнегесін көрсетіп, ерлігімен бүгінгі ұрпақтың есінде мәңгі қалды.

Соғыс басталған күні және оның кейінгі күндері облыс аумағында болған қауыртта , қарбалас күндерді бүгінгі күні суреттеп айтып жеткізу мүмкін емес. Оны сол күндерді басынан өткізген соғыс және тыл ардагерлері жақсы біледі. Бүгінгі ұрпаққа сол азаматтар айтып қалдырған естелік қана жетті. Әрқашанда есті естелік ұрпақты өнегелі іске, адамгершілікке, асыл қасиеттерге бастайтындығын еске алатын болсақ-алдыңғы толқын аталар мен апалардың естеліктерін тыңдап, оның мәйегін бойға сіңіре білу ұрпақтың жақсы қасиетіне айналса керек.

Абдырап қалған, бас иесін, бауыры мен әкесін майданға жіберген халықты бір мақсатқа жұмылдыру, еңбектің көрігін қыздыру қиынның қиыны болды. Ауылда қарттар мен қыз-келіншектер, бұғанасы қатпаған балалар қалды. Облыстық мемлекеттік мұрағатта сақтаулы құжаттарды ақтарғанда соғыстың басталған жылы көп жерлерде еңбек көрсеткіштері төмендеп кеткенін аңғару қиын емес. Бірақ уақыт өткен сайын тыл еңбеккерлері өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындай бастады. Мәселен облыстық партия комитетінің ұйымдастыру-нұсқау бөлімінің Қазақстан коммунистік орталық партия комитетіне жолдаған ақпарын оқысаңыз осыған көзіңіз жетеді. Мәселен 282 қордағы, 1 тізімдегі, 12-бумадағы құжатта 1941 жылы 19-тамызда жоғарыға жолдаған ақпарында облыстың өнеркәсіп орындары екпінді жұмыс істегенін, үнемдеу жақсы жолға қойылғаны айтылады. Жекелеген еңбек ұжымдарының, адамдардың екпінді еңбектері үлгі етілген. Мәселен Свердлов ауданының машина-трактор станциясының ұжымы жылдық жоспарды 7 ай 10 күннің ішінде орындап, 13000 сомның жанар-жағармайын үнемдеген. Комбайншы Муслов 400 гектар алқаптың егінін жинаса, оның әріптесі Хмелевский 575 гектардың дәнін бастырған. Сталиндік вахтаға тұрған ұжым сүдігер көтеруді мерзімінен бұрын орындауға, астық тасу жоспарын 20-тамызда аяқтауға міндеттелген.

Облыс ауыл еңбеккерлерінің көтеріңкі міндеттеме қабылдауына Семей облысы, Ұржар ауданының «Красные горные орлы» колхозының бүкіл республика еңбеккерлеріне үндеуі ықпал еткені сөзсіз. Сондықтан да бүкіл экономиканы соғыс жағдайына көшіру жаңаша еңбек етуді талап етті. Еңбекке жарамды, бойында қуаты тасыған ер азаматтардың майданға кеткеніне қарамастан облыстың жекелеген шаруашылықтары жоғары табыстарға қол жеткізді. Облыстық партия комитетінің жоғарыға жолдаған ақпарларында Меркі ауданындағы «Большевик» колхозының табыстарын ерекше сөз етеді. Бұл шаруашылық әр гектардан 450 центнерден қызылша жинады. Осы ауданның «Қызыл-кишлак» колхозының Ч.Гайтаеваның звеносы әр гектардан 620 центнерден тәтті түбір алды. Сол сияқты Луговой ауданының «Мақпал» колхозының, Талас ауданының «Октябрь» колхозының мақташылары жоғары көрсеткіштерге ие болды.

Өнеркәсіп орындарында да табыстың тай қазаны қайнап жатты. Жамбыл қаласындағы спирт заводының жұмысшылары облыста ең жоғарғы көрсеткіштерге ие болды. Олар шілде айының жоспарын 251 пайызға орындады. Осы заводтың құрамындағы арақ зауытының жоспарды орындау көрсеткіші 184 пайызға жетті. Жамбыл станциясының теміржолшылары да жоғары көрсеткішке ие болды. Еңбекшілер арасында бір күндік еңбек жалақыларын Отанды қорғау қорына аудару кең қанат жайды. Мұндай мысалдар көптеп келтіруге болады. Облыста қыз-келіншектердің жаңа мамандықтарды игеру, отанды қорғауға дайын болу саласындағы белсенділігі артты. Тек қана Жамбыл теміржол станциясының 135 қыз-келіншегі слесарь, токарь, тракторшы, комбайншы, жүргізуші мамандықтарын игере бастады. Облыс бойынша өндірістен қол үзбей 1055 әйел тракторшы мамандығын игерді.

Билік адамдардың асыл қасиеттеріне, сезіміне әсер етудің неше түрлі әдісін ойлап тапты. Жамбылдықтарға аса ауыр болғаны облыста екі атты дивизияның жасақталуы болды. Қанша ауыр, азапты күндерді өткізсе де халқымыз ата жолынан тайған жоқ. Олар Отан, Жеңіс үшін адал еңбек етіп, бойындағы бар қуатын сарқа берді.


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет