Н. Дауенов ДӘСТҮрлі қазақ этнографиясы


Үй жануарларының түрлері мен тұқымдары



бет14/93
Дата15.12.2021
өлшемі1,96 Mb.
#101400
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   93
Байланысты:
574 artikhbaev j.o. sabdanbekova a.a. elemesov a.kh. dauenov e.n. dasturli khazakh etnografiyasi
9 с 4саб, 574 artikhbaev j.o. sabdanbekova a.a. elemesov a.kh. dauenov e.n. dasturli khazakh etnografiyasi, ессе Айгерім, Сыйынар ем ана деген тәңірге
Үй жануарларының түрлері мен тұқымдары. Қазақтар көбінесе қой, жылқы, сиыр, ешкі, түйе сияқты малдарды ұстаған. Маңызы жағынан бірінші орында қой болған. Қой сүті мен еті қазақтардың күнделікті қолданатын тағамы болса, жүнінен материалдық мәдениетердің көптеген туындылары жасалған. Сонымен қатар кедейлер қой терісінен киім тігіп киген. Қойлар ақша орнына жүретін, сауда қатынасының негізгі элементі болған. ХХ ғасырдың басына дейін ақша орнына сауда эквиваленті есебінде қой жүру кей аймақтарда сақталған. Қойлар Ортаазиялық қалаларда және Ресейдің қалаларында үлкен сұранысқа ие болды. Сондықтан қазақ даласында жәрмеңкелер болып (Қоянды, Таиншандық т.б.) жәрмеңкелерге жан-жақтан көпестер келіп отырғаны белгілі.

Үй қойларының ата тегі муфлон, арқар және жабайы қыр қойларына барып тіреледі де, қазіргі тұқымдары: қысқа құйрықты қой, ұзын, арық құйрықты қой, май құйрықты, яғни жалпақ құйрықты қой деген түрлеріне бөлінеді.

Бұлардың ішінде қазіргі қазақ мал шаруашылығында: қаракөл қойы /оның туған жері Бұхар мен Хиуа, жас қозыларының елтірісі дүние жүзіндегі ең жақсы, сапалыдан саналады/, Еділбай қойы /қазақ қойларының ішіндегі ірісі, үлкен құйрықты, салмақтысы, жүні қылшықты және ұяң/, биязы жүнді, меринос қойы /жүні қылшықсыз, биязы, ұзын, жіңішке келеді/ өсіріліп келеді. Сондай-ақ қой малының еті мен тұрқын ерекше бағалаған жұрттарға: гиссар қойы /Өзбекстан мен Тәжікстанда өсірілетін өте салмақты, қылшық жүнді/, жайдары қой /өте салмақты, жақсы жүнді, құйрық бітістері әр түрлі, Өзбекстанда, өзіміздің оңтүстікте жеке меншікте өсіріледі/, қалмақ қойы, қырғыз қойы, сараджин қойы /түркмендерде/ сияқты түрлері белгілі.

Қой жасына, еркек-ұрғашысына қарай: ұрғашысы қой /төлдейтін қой/, саулық қой /көбіне бес жастан асқан қой/, дөнен қой /төрт жастағы қой/, құнан қой /үш жастағы қой/, ісек қой /екі, үш жастағы піштірілген еркек қой/, тұсақ /екінші көктемге шыққан, былтырғы қозы/, тоқты /алты айға толған еркек, ұрғашы қозыларға ортақ ат/, кебе, кете қозы, көбей, көрпеш, көрпелдес, көбеген /ерте туған қозы/, бағлан, марқа, сырбаз қозы /жетілген, піскен мағынады/, қозы /туғаннан тоқты болғанға дейінгі жалпы атауы/, қошқар /қойға жіберілетін еркегі/, азбан /6,7 жасқа келген қошқарлардың тұқымсыздығына қарай піштірілгені/ деп аталады.

Қой дене бітісіне байланысты: үкі бас қой /екі шекесінің үсті ала тіктеу шыққан кішірек екі айдары бары/, тұлымды қой /мүйіз орнына тұлым сияқты бітіп, екі көзін баса келген жалбыр жүні бар/, түймелі қой /тамақ терісінің сыртын ала пайда болған жұмыр түйме тәрізді кішкентай салпыншақ безі бары/, шұнақ қой, салпаң құлақ қой, тоқал қой /мүйізі жоқ/, тегене құйрық, қалақ құйрық, таңқы құйрық, салпы құйрық қой т.б. деп жіктеледі.

Сауылуына байланысты: үріптеу /қойдың қозысы емізілмей сауылады/, жебу/ емізбей тұрып бір рет сауып, сосын көп уақыт өтпей екінші сауылуы/, астынан идіру сауу/, жанай идіріп сауу /қозыны еркін емізіп қол бермей, жанастырып барып, қой исінген кезде саууды айтады/.

Жүн бітісіне байланысты: тірі жүн /қысқы қалың ұйысқан жүннің астынан жаз шыға жаңадан шыққаны/, өлі жүн /қырқымға дйін түспеген ұйысқақ жүн, ол пайдалануға жарамсыз, бояу алмайды, морт/, жабағы жүн /терімен, шайырмен өзара кірігіп, ұйысқаны/, жабыл жүн /қойдың сирағында, жағында, құрсағында, құйрығында өсетіні/, қарын жүн /туғандағы жүні, маусым айында қозының ең алғашқы жүні қырқылады/, күзем /қыркүйектегі қырқым/ деп аталады.

Мінезіне байланысты: жанбақы қой /сауғызбайтын, жетекке жүрмейтін тырысқағы/, жердік қой /өз қозысын үнемі емгізбейтін/, қатыбас қой /қозысынан жеріп, тек телу арқылы емізетіні/, бедіреуік қой /тек қозысына ғана иіп сүт беретіні/, балажан қой /өз қозысымен бірге, басқа да қозыны жерімей, қоса емізетіні/, т.б. бөлінеді.

Қой малында: топалаң /ыстық кезде шығатын, басты шайқатып, бүйірді соғып, ыңқылдататын, іш өтіп, бір орнында мелшитіп қоятын, өте жұқпалы індет/, күл /қыздырмаға ұшыратып, терісімен кілегей қабығына бөрткі шығаратын жұқпалы ауру/, сарып /бақай арасынан ісіп шығатын ауру/, секіртпе /ұлтабар мен ащы ішектің ішкі қабығын қанталанып, зақымдайтын ауру/, сары буын /буынды ісіріп, сары су жинайтын ауру/, бөгежек /төрт аяқтан бірдей қалып жүргізбейтін ауру/, баспақ /мұрын бітіп ауруы/, қара түйнек /ішектің түйіліп ауруы/, алаң /топалаңның бір түрі/, жарғыш /өзінен-өзі іші жарылып өлуі/, қара сүйел /аузына немесе аяғына шығатын сүйел/ т.б. науқастар ұшырасады.

Қазақтар қойдың «қазақтың құйрықты қойы» деген түрін көбінесе ұстаған. Табиғи-климаттық ерекшеліктеріне байланысты Қазақстанның аймақтарында олардың бірнеше түрлері болған: Батыс Қазақстанда - адайлық, Орталық Қазақстанда – бағаналы, еділбайлық, Шығыс Қазақстанда – зайсандық, Жетісуда – жетісулық қойлар. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Солтүстік Қазақстанда қойдың сібірлік тұқымын асырай бастады, бірақ қой саны саусақпен санарлықтай болды.

Қойдан кейін қазақтарда маңызды орын алған жануар – жылқы. Жылқылар да табиғи-климаттық ерекшеліктеріне байланысты ертеде ру-тайпалар өсірген жылқы тұқымдары болған, олар Қазақстанның әр аймақтарында әр түрлі аттарға ие болды: адайлық, батысқазақстандық, орталыққазақстандық, жетісулық, наймандық және т.б. Оңтүстік Қазақстанда Орталық Азияда кең таралған «қарабайыр» деген жылқының тұқымын асыраған. Қазақстанның басқа аймақтарында климаттық төзімсіз болғандықтан олар кездеспеді.

Жылқы тұқымына, қасиетіне, күшіне, жылдамдығына қарай: арғымақ, қазанат, абы, тобышақ, текежәуміт, қазақы ат, қарабайыр, пырақ, дүлдүл т.б. деп бөлінеді. Шабыс ат: жүйрік, тұлпар, сәйгүлік, саңлақ, бәйге ат деп; салтанатқа мінетін ат: жорға ат, су жорға, төкпе жорға, айдама жорға, шайқалған жорға; жай мініс ат: аяқ ылау, жетек ат, қосақ ат, түп ат, көсем ат деп жіктеледі.

Жылқы баласын өсуіне қарай: құлын /бір жасқа дейінгі жабағысы әлі көтерілмеген/, жабағы /жылқының бір жасқа толмаған, құлын жүні түспеген/, тай /жылқының екі жасары/, құнан /үш жастағысы/, дөнен /төрт жастағысы/, бесті /бестегі жылқы/, бие /құлындайтын жылқының бес жасқа толуы/, байтал /жылқының екі жастан бес жасқа дейінгі ұрғашысы/ деп бөледі.

Биенің сауылуына қатысты түрлі атаулар бар: бас сауым /күні бойы сауылатын биенің ең бірінші сауылған мезгілі/, қосақ /күзге қарай ірі құлындарды енесінің мойнына қосақтап жіберу/, жебей сауу /биенің бір сауымнан соң, жарты сағаттан кейін қайта, яғни «жебей сауу», боз емшек /күзге қарай биенің емшегі тырсия сүтке толған кезіндегі бірінші сауылуы/. Сүтіне қарай биелер: мама бие /өте сүтті бие/, мәнерсіз бие /сүті аз бие/, ақтандыр бие /сүті жоқ, шықпайтын бие/, исіншек бие /сауар алдында құлынына жанасып, исінген сүтін ағызып жіберетін бие/, т.б. түрлерге бөлінеді. Қысырақтардың /бойдақ биелердің/ өзі де бірнеше түрге жіктеледі. Қысырақтар /құлындамаған биелерді, байталдарды ұрғашы тайларды бөлек үйірге жіберу/, тұман қулық /үш немесе төрт жасқа дейін айғырдан шықса да құлындамай жүрген бие/, көбең бие /қоңданып тойына бастаған бие/, ақжілік бие /құлынында енесі сауылмай еркін емген бие/; Қаракемік бие /енесі сауылып, жүдеу, бос боп өскен бие/, нәқұс /құтамыз/ бие /шыққан тегі нашар бие/. Құйма тұяқ бие /тұяғы көп тасырылмайтын бие/ және басқалар.

Айғырлар: жасамалы /үш-төрт жастан асқаны/, сәурік /үш-төрт жастағы, үйірге салынбағаны, /құр айғыр /өмірі құрық жүгі тимеген/, сыңар ен /тумысында бір ен боп туған/, шартық /екі енінің бірі піштірілмей қалған/, азбан /алты жасында піштірілмегенімен айғырлық әдетін қоймай, биенің мазасын алатын айғыр/ деп бөлінеді.

Саяқтың /бойдақ жылқылар/: ат /піштірілген еркек жылқы/, сақа ат /он бір, он екіге келгені/, арда емген /құнанына дейін енесін емген, ақ жілік болған/, тал тай /өз енесі мен телінген ежені бірдей еметін бір жасары/, қысыр емген /құлын тастаған биенің екі жасқа дейін емген бұрынғы төлі, шобыр /мініске, күш-көлікке өте мықты шабан ат/, сетер ат /құлыннан қартайып өлгенше жүген-құрық, ер-тоқым көрмеген ат/, пішпе /піштірілген жылқы/ т.б. түрлері бар.

Жылқы – маңқа, қара өкпе, шығу /сақау/, шойырылма, қарақаптал, киеңкі, жамандат, сары ауру, қарын ауру, арқа кету, лоққы, мандам, тымқаншық, қыршаңқы, желінқұрт сияқты ауруларға ұшырайды.

Күзеу – тай күзеу, құнан күзеу, бордақы күзеу деп бөлінеді. Тайды – құйрық түбінен құндыздық қылын қалдырып, маңдайынан кекіл жалын қалдырып күзейді, құйрығы ұшынан шыбын қағар құйрық қылын қалдырады, құнанды құйрығына тимей тек жалын күзеп, кекіл жалын, кекіл қағарын әрі шоқтығына жақын, мінерде ұстар тұсынан бір топ жалын қалдырып күзейді, ал бордақыны күзегенде тоқалдап күзейді.

Салт мінуге жорғадан жәйлі көлік жоқ. Бұған: «Жорға мінген жолдасынан айрылады, көп жасаған құрдасынан айрылады» деген мақал дәлел бола алады. Сөзге шебер, айтыста алдырмайтын кісіні де «жорға» деседі. Жүйрік – жүрісі ұшқыр, жеңіл, сидам жылқылардың таңдаулысы, ол қуса жететін, қашса құтылатын.

Жылқы да қой сияқты шаруашылықта маңызды рөл атқарды. Жылқы халықты етімен, емдік сусын – қымызбен қоректендірсе, ауылшаруашылық жұмыстарына қатысып, әрине көшпенділердің негізгі көлігі болды. Сондықтан жылқының бағасы қымбат тұрды.

Ірі қара малды халықтың нашар және орташа тұратын бөлігі асырады. Көбінесе ірі қара мал табиғи-климаттық ыңғайлы аймақтарда – Батыс және Орталық Қазақстанның солтүстік аудандары, Солтүстік, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Оңтүстік-Шығыс Қазақстан ұсталды. Ірі қара малдың тұқымдарына келетін болсақ қазақи және қалмақтың қызыл малдары асыралынды. Қоныстанушылар келгеннен кейін олардың малдарының тұқымымен аралас басталады.

Ірі қара мал көбінесе ауылшаруашылық жұмыстарда қолданылды. Сонымен қатар олардан алынатын сүт өнімдері халықты егін жинағанша асырады.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында орыс халқының көбеюіне байланысты ірі қара малға деген сұраныс та көбейеді, ол әрине мал санының өсуіне әкеп соқтырды. Кедейлердің малы байлардан алған сауын болды, яғни екі-үш мал алып, оның сүтін пайдаланғаны үшін олар шөп-тағамын дайындап, байға үй шаруашылығында көмектесуге міндетті болды. Кейбір байлап өте көп мөлшерде малды сауынға берді, мысалы, Перовск уезіндегі Біләш бай 700 сиырын сауынға берсе, Темір уезіндегі Шошабай – 1000 сиырын сауында ұстаған. Малдың көп бөлігі сатуға кетіп отырды.

Қазақ сиырды жасына қарай: бұзау /бір жасына дейінгі/, торпақ, тана, /бір жастан асқаны/, баспақ /күзге қарайғы бұзаудан кей жерде осылай атайды/, қашар, /сиырдың бір жастағы ұрғашысы/, тайынша /екі жасқа келгені/, құнажын /екі жастан асқан, төл беретін сиыр/, дөнежін, тесті сиыр, сақа сиыр дейді. Екі жастан асқан еркегі тарттырылса өгіз, тартырылмаса бұқа дейді.

Бұқалар мен өгіздер: кенже тайынша бұқа /піштірілмеген еркек бұзаудың бір жасқа жетпегені, қыста туған бұзаудың кішісі/, бұқашық /алты айдан асқан еркек бұзау/, бұқаша /бір жасқа еркін толмаған, піштірілмеген тайынша/ тайынша бұқа /бір жасар/, құнан бұқа /екі жасар/, дөнен бұқа /табынға түскеніне үш жыл болған/, бесті бұқа /аталығы әбден жетілген, бес жасқа келген/ деп бөлінеді.

Сиырлар күй-жайына қарай: мамырланған сиыр /қыстан шыққан семіздігіне жазғы семіздігі қосылып, еті өте майланып семірген сиыр/, шайлаған сиыр /әдеттен тыс қатты семіріп, аяғын зорға алып, жай басатын сиыр/, қауқа бұзау /ерте туған бұзаудың күтімсіздіктен жүдеп, сырт жүні іріп, жақ жүндері үрпиіп жүрген түрі/, ту сиыр /үш не төрт жасар сиырдың шағылысып кетсе де, бұзауламағаны, немесе екі-үш жыл бұқаға шағылыспай, семіз, күйлі жүргені/, босалаң сиыр /қысқа төзімсіз, тез арықтап жүдейтіні/, бітеу сиыр /өмірі бұзауламай, бір қалыпты семіз болатын сиыр/.

Сиыр түлігінде болатын аурулар: қарасан /ірі қараның бұлшық еттерін, шелін зақымдамайды, денесіне газды ісіктер шығарып, ыстығын көтереді/, қараталақ /талағы қарайып, ісіп кетуі/, мәлік /алаөкпе ауруы/, шұрық /сиырдың тышқақ боп ауырып, шаптан, бүйірден тесіліп, терінің ішін ала сыртына бұлтиып шығып тұратын ауру/, сарын /бақайдың арасынан ісіп шығатын ауру/, аусыл /аузына, желіні мен аяқтарына күлдіреуіктер шығарып, ыстықты көтеріп, денесін улайтын өте жұқпалы ауру/, қызылшу болу /бұзау тастау/, қаратүйнек /ішегі түйіліп, жыны тоқтап, ішектердің қарайып кетуі/, айырбақай /бақай арасына саздың кептеліп, қатып қалуынан жүргізбей тастайтын жараның аты/, мүйізгек /сиырдың қынабын қабындырып, бұқаны ауруға ұшырататын жұқпалы ауру/, ақтышқақ /жаңа туған бұзаудың ішін өткізетін, өлімге де ұшырататын жұқпалы ауру/, тентек бұзау /тайыншаның миын зақымдайтын ауру/, оқыра /бөгелектен пайда болатын ауры/, бұзаутаз - бұзаудың терісін зақымдап, қабындырып, іріндететін жұқпалы ауру екен.

Сиырдың күндізгі, кешкі мезгілде шала-шарпы жеген шөптерін жалбыршақты қарыннан аузына қайтып әкеп, қайтадан шайнап жатуын – күйсеу, әбден тойғанда от оттамай тыныстап, күйіс қайырмай жатуын – жусау дейді.

Қазақтың жылқымен қатар ұстаған малы – түйе. Түйені негізінен үш түрге бөлеміз: бір өркештісі – нар, қос өркештісі – айыр түйе. Айыр түйе мен бір өркештің будандасуынан қоспақ туады. Өркешінің алдыңғы жағы сәл «кезет» /ойықтау/ нарды «біртума» дейді. Бұл түйенің жүні де, еті де мол, сүті қою, майлы, өзі өте қарулы. Табандарының бүрі мол болғандықтан лайға, суға таймайды. Таулы, тасты, адыр-бұдыр жерлерде басқа түйелердің табаны тез зақымданды. Өркешінің ортасы «кезетті» түйені «бек – патша» деп атаймыз. Бұл көбінде «біртума» түйелерден шығады. Бұлар - өте қарулы, төзімді түйелер. Сүті қою, майлы, өркеші аласалау, жалпақ, сылыңқы түйені «жөң» жеп атайды. Сүті сұйық, маңызы онша емес. Келесі түйені «әлетүйе» деп бөлеміз. Мұның да өркеші ұзындау, дене тұрқы тазы сияқты сидам, жүні аздау, өңі жұқа, сондықтан суыққа шыдамсыз. Нардың бесінші түрі – аруана. Екі жауырының үстіңгі жағына өсік жүн шығады. Оны «дулыға» деп атайды, құйрығы жылқының құйрығындай қылышты, басқа түйелерге қарағанда ұзын. Суыққа шыдамсыз, бірақ сүтті келеді.

Түйе малы – ежелден қазақтардың көш көлігі. Жабдықтар түйенің өркешіне орай жасалған. Ең біріншісі – түйенің үстіне салынатын «терлік». Ол жұмсақ матадан арасына жабағы жүн, не мақта жұқалап салынып, сырып, не көктеп дайындалады. Оның үстіне «жазы» салынады. Ол жүннен не матадан тоқылған жұқа алашадан жасалады. Өркешке орай кесіліп дайындалған екі қабат алашаның арасына етек жағы қалың, жоғарғы жағы жұқалау етіліп қоға салынады да, шуда жіппен көктеп тігіледі. Жазының екі жағы бастары байланған жұмыр ағашпен бастырылып, айыл, тартпа осыған байланады. Бір өркешті түйелердің жазылары алға, артқа сырғып кетпес үшін құйысқан, өмілдірік пайдаланылады.

Түйені төрт жастан асқанда жүк арту үшін бас білдіріп, «мұрындық» жасайды. «Мұрындық» екі жағы кертілген, бір жағы сүйір, жаңқасыз жұмыр ағаш. Түйенің кеңсірігі тесіліп, мұрындық өткізер алдында кертпектің сүйір емес жағына тесіктер шығып кетпес үшін қалың көннен тосқауыл кигізеді. «Мұрындықбау» мұрындықтың сүйір жағына байланып, ол осалдау ширатылған шудадан істеледі. Түйе тартыншақтап жетекке жүрмесе, мұрындық кеңірсікті жыртып жібермес үшін, мұрындықбау бұдайға қарағанда босаң жіптен жасалады.

Түйенің еті де, сүті де кедейдің тамағы. Сүті қымыздай емес, тоқ, сіңімді, маңызы, қарынды ашырмайды. Бірақ ішті қатыратын қасиеті бар. Арық жылқының етінде қасиет болмайды. Ал түйе қанша арықтап өлсе де, омыртқасы ақ, сорпасы қою, маңызды.

Түйенің мойын терісі бағалы. Онымен құранды ерлерді қаптайды, керегені көктейді, таспа тіледі, сондай-ақ су тасуға пайдаланатын және құдықтан су тартатын қауға ыдыс – «көнек» істейді.

Қазақтар түйенің өкпесін жемей тұздап кептіріп, ем-домға пайдаланған. Өкпенің біршамасын кесіп алып, ыстық суға салып жібітеді де, науқасты тәуіп сонымен қағады /емдейді/...

Көлік пен шұбаты үшін қазақтар түйенің екі тұқымын асырады: бір өркешті «нарды», екі өркешті «айырды». Ерекше көңіл екі өркештілерге берілді. Олардың қалың терісі мен жүні аяз қыстарды өтуден сақтады, сондықтан олар бүкіл Қазақстанның территориясына таралды. Қысқа, суық ауа-райына төзімсіз түйелер, бірақ мықты, күшті, шыдамды болған. Олар Оңтүстік-батыс Қазақстанда асыранды. Түйе терісі киім-кишек тігуге, сатуға қолданылды. Еті тамаққа қолданылса, сүтінен «шұбат» /Батыс Қазақстан термині/ жасалды. Кейбір шаруашылықтарда түйелер жер жырту үшін де қолданылды.

Ең аз өсірілетін, маңызы аса зор емес ешкілер болды. Оларды шаруашылық жеңілдету үшін ғана ұстады. Терісін киімге, сүті мен етін тағамға қолданды.

Қазақ ешкісі – ет, сүт, түбіт өнімдерін мол беретін көптеген ешкі тұқымдарының аралас түріне жатады. Ыстық пен суыққа бейімделген, қыста өз бетімен өрісте жайыла алады. Бес ай сауылып, жылына бір-ақ рет қырқылады. Ешкі он екі жыл ғана жасайды.

Жасы мен жынысына қарай ешкі малының: лақ /алты айға дейінгі ешкінің төлі/, шыбышың /ерте туған ұрғашы лақтың бір жастан асқаны/, шыбышша /бір жастан бір-екі ай кішілігі бар, текеге шағылыспай қалған ұрғашы лақ/, лақ теке /туғанына алты ай болған лақтың тарттырылмай жіберілгені/, серкешік /еркек ешкінің бір жастан асқанда тарттырылғаны/, текешік /шала тарттырылған еркек лақтың бір жастан асқаны/, шыбыш /алты айлығында текеге шағылысып, бір жасқа толған уақытында лақтағаны/, тушашық /бір жарым жастағы лақтағаны/, теке /ешкінің жыныс қабілеті жетілген еркегі/, туша /екі жастан сәл асып барып лақтағаны/, сақа ешкі /лақтап жүрген ірі ешкі/, ту ешкі /ешкінің текеден бір-екі жыл қашпай немесе қашып кетсе де буаз болмай, қысыр қалғаны/, серке /ешкінің тартырылған еркегі, олжасына қарай кұнан серке, дөнен серке, серке деп аталады/, азбан теке /алты-жеті жастағы текенің тартырылып жіберілгені/, бас серке /ені тартырылған текенің төрт-бес жастағысы/ деген атаулары бар.

Ешкінің жүні: түбіт /өте жұмсақ, жіңішке талшығы/, түбіт жүн /қылшық арасынан шыққан мамығы/, қылшық жүн /түбітсіз шыққан немесе түбітінен ажыратылғаны / болып бөлінеді.

Ешкілер түсіне қарай: бөрте ешкі, жағал ешкі, сұр ешкі, ақ сұр ешкі, қара сұр ешкі, қара көк ешкі, бурыл ешкі, сондай-ақ қара ала, қара бас, қара мойын, ала мойын, боз ешкі, т.с.с. түстеледі.

Ешкі малы қойда болатын таполаң, күл, бөгежек, баспақ, қара түйнек, жарғыш, қызылшу сияқты аурулармен ауырады. Топалаң індеті ешкіде кебенек деп аталады.

ХІХ ғасырдың ортасынан бастап Оңтүстік Қазақстанда жегу жұмыстары мен міну үшін есектер өсіріле бастады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   93




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет